Өзекті мәселелер

  • 16.10.19

    Тәуелсіздік күні қарсаңында «Шіркейлі» арнасындағы көпірдің ашылу салтанаты өтеді... «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға беріледі... Жыл басынан бері сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 16 млн 822 мың теңге айыппұл салынған... 2019-2021 жылдары газдандыру жұмыстарына 22 млрд теңге қаржы бөлінеді...

    ...
    Толығырақ...
  • 16.10.19

    «Алтын дән – 2019» мерекесі қалалы­қ ипподромда ат бәйгесімен жалғасын тапты. Мұнда шабан­доздар тай, құнан, тоқ, аламан­ бәйге сынды 4 түрінен сынға түсті. Бәйгенің ең ұзағы (аламан) 25 шақырым болса, тай бәйгеде шабан­доздар 4 шақырымға шапты.­

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов шараға қатысып, диқандардың жеткен жетістігіне тоқталып, облыс­тағы ат спортына бөлінген көңіл турасын­да  айтты...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Мұны бәріміз де көп күттік. Жиырма жыл. Аз уақыт емес. Сөз жоқ, бұл жеңістің өзі оңайлықпен келген жоқ. Жасыл алаңда жан беріп, жан алысқан сәтті теледидардан телміре тамашалап, күйініш пен сүйінішті көрудің өзі бір ғанибет­  екен. Бұл күнге дейін не айтыл­мады, мақтау да, даттау да айтылды, бірақ біздің жігіттер жарады. Біздің айтып­ отырғанымыз – жексенбі күні елорда төріндегі «Астана Арена» ...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінд­е ұсынған «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік саясаты қоғамның барлық саласын қамтиды. Әсіресе, президент көпбалалы отбасыларға қол­дауды арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды. Өйткені, елімі­здегі баспанаға мұқтаж азаматтар саны азаймай тұр. Сандарды сөйлетсек, елдегі үй кезегінде тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың жалпы­  саны 28 мыңнан...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Қызылорда облысында экономика саласын дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетік­тері тиімді пайдаланылып келеді­. 2017 жылдан бастап мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, жалпы өндірістік өнім көрсеткіші бойынша оң өзгеріс байқалады. Бүгінде өңір экономикасының барлық салас­ында тұрақты өсім қамтамасыз етілуде. Тек өнеркәсіп өндірі­сінде мұнай ұңғымаларының сулану­ы ...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 02 Мамыр 2019

ҚЫЗЫЛОРДАДА БОКСТАН ЕРЕСЕКТЕР АРАСЫНДА V ЖАЗҒЫ СПАРТАКИАДА БАСТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
03.05.2019 09:12

Жарыс 2-7 мамыр аралығында Қазақстанның барлық өңірлерінен келген спортшылардың қатысуымен өтеді.

"Мұз айдынында" өткен спартакиаданың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысушыларға сәттілік тілеп, бүгінгі таңда өңірде бокстың өз тарихы қалыптасқанын атап өтті.

"Қазіргі таңда Қызылорда облысында бокс спортымен жалпы 4000-ға жуық спортшы шұғылданады. Оның ішінде балалар-жасөспірімдердің 18 спорт мектебінде 2552 бала шеберлігін шындауда. Бүгінгі боксшыларымызға үлгі болған спорт шебері, Универсиада жеңімпазы Нақышбек Көбеков, спорт шебері, спартакиада жеңімпазы Ибрайхан Мұсабаев, халықаралық дәрежедегі төреші Роман Пен, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова өңірімізде осы спорт түрінің дамуына зор үлес қосты. Олардың бүгінгі ізбасарларының алдында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, Ислам ойындарының жеңімпазы Тұрсынбай Құлахмет бар. Жақында ғана Таиландтың Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатында еліміздің спортшылары 7 медаль алды»,-деді Руслан Рүстемұлы.

Сондай-ақ, спартакиадаға қатысушыларды Мәдениет және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев құттықтады.

Айта кетейік, спартакиадаға Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан және республиканың барлық облыстарынан 10 салмақ дәрежесінде боксшылар қатысады.

7 мамыр күні ақтық кездесулер мен жарыстың қорытындысы шығарылады.

Айта кетейік, спорттың 40 түрінен V жазғы спартакиада республика бойынша ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап өткізіліп келеді. Соның ішінде Қызылорда облысында гандбол мен бокстан спартакиада өткізу жоспарланған.

Қазіргі таңда қызылордалық спортшылар еркін күрестен жалпыкомандалық есепте 3-орын және гандболдан 1-орын алды. Спартакиада тамыз айында аяқталады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


МӘЖІЛІСМЕНДЕР СЫРДАРИЯ АУДАНЫНЫҢ ДАМУЫНА ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.05.2019 18:20

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Б.Смағұл, Н.Әлтаев, Б.Кесебаева, Н.Жұмаділдаева Сырдария ауданында болып, әлеуметтік-мәдени нысандардың жұмысымен танысты.

Халық қалаулылары аудан әкімі Ғ.Қазантаевпен және аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікеновпен бірге ең алдымен «Еңбек даңқы» музейінде болды.

Аудан тарихынан сыр шертетін бірегей орталықтың жұмысымен танысқан депутаттар «Еңбек даңқы» музейінде жинақталған құнды жәдігерлердің сапалы сақталып, жинақталғанына жоғары баға берді.

Аудандық музейдің қызметкерлері Кеңес Одағы тұсындағы және Тәуелсіздік жылдарындағы Сырдария ауданының даму деңгейі, жүзеге асырған жасампаз жұмыстары мен жетістіктері жөнінде кеңінен таныстырды.

Аудан әкімі Ғ.Қазантаев аталған музейдің Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылғанын атап өтті.

Жұмыс сапары аясында мәжілісмендер аудандық мекемелер үйінің, оның ішінде аудандық жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысып, көпбалалы аналармен кездесті. Атаулы әлеуметтік көмекке құжат қабылдау жұмыстарының жүргізілу барысын көрді.

Сонымен қатар, «Ақжарма және К» серіктестігінің күріш ақтау цехында болып, ұжым қызметкерлерімен пікір алмасты және спорттық сауықтыру кешенін аралады.

Мәжілісмендер Сырдария ауданының даму қарқынына жоғары баға беріп, жергілікті атқаушы биліктің жұмыстарына жеміс тіледі.

Ақтөре  Ибрагимұлы,
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ СОҒЫС АРДАГЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.05.2019 18:10

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов Ұлы Отан соғысының ардагері Бөрібай Құлмановты алдағы Жеңіс күнімен құттықтады.

Қуанышбек Ысқақов ардагермен сұхбаттасып, оған зор денсаулық, ұзақ өмір тіледі. Өз кезегінде Бөрібай аға алғыс айтып, қазақстандықтарға бейбітшілік пен амандық тіледі.

Бөрібай Құлманұлы 1920 жылы 6 маусымда Қызылорда облысы Сырдария ауданында дүниеге келген. Ржевск пен Приволжьені азат етуге қатысып, «Қызыл жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту» және "Құрмет" ордендерімен марапатталған.

Игі дәстүр бойынша Ұлы Жеңіс күні қарсаңында мемлекеттік орган басшылары аймақ ардагерлерін мерекемен құттықтайды. Сондай-ақ, мереке қарсаңында облыс әкімінің қатысуымен ардагерлерді дәстүрлі қабылдау өтеді деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Қызылорда облысында 25 Ұлы Отан соғысының ардагері және 4809 тыл еңбеккері тұрады. Осы жылы соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне материалдық және әлеуметтік көмек көрсетуге 404,4 млн теңге бөлінді. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне - 202 мың теңге, соғыс жылдарындағы ерен еңбегі үшін ордендермен және медальдармен марапатталғандарға - 126 мың теңге, ҰОС кезінде 6 айдан астам жұмыс істегендерге 75 мың теңгеден көмек берілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ЕСКЕРТКІШТІ МЕМЛЕКЕТ НЕ МЕКЕМЕ ҒАНА ҚОРҒАМАУЫ КЕРЕК PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
02.05.2019 12:55

Сапар КӨЗЕЙБАЕВ,

«Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ-ның басшысы:

- Сапар Әлиас­қарұлы, ең бірінші мекеме­нің  атқаратын қызметіне тоқталып өтсеңіз...

- Мекеме Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану ту­ралы»  Заңына  сәй­кес қызметтерді жү­зеге асырады. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министр­лігі тарапынан қа­былданған қағида, ережелеріміз бар. Соны да назарға алып  жұмыс істей­міз. Біздің негізгі жұ­мысымыз – ескерт­кіштерді қорғау, насихаттау, пайдалану.

Қазіргі таңда тізім бойынша мемлекет қорғауында 552 ескерткіш бар. Бұл сан тұрақты емес. Олардың саны ұлғайып не кеміп отырады. Көбеюі түсінікті шығар, азаюы туралы ай­тайын. Заңдық ережелері бойынша, яғни табиғи әсерден ескерткіштің 70-80 пайызы құлап, өзінің тарихи-мәдени маңызын жоғалтса, сарапт­ама арқылы тізімнен алынып тасталады. Жалпы, ескерт­кіштердің де түр-түрі бар. Архитектуралық, археологиялық деген секілді. Айта кету керек, жергілікті маңызы бар ескерткіштер, республикалық маңызы бар ескерткіштер, алды­н ала тізімге  енген  ескерт­кіштер болып та бөлінеді. Бүгінде 256 жергілікті маңызы бар ескерткішіміз бар, оның 30-ы – республикалық. Және 266 ескерткіш алдын ала тізімге еніп отыр.

- Негізгі жұмысымыз қорғау деп қалдыңыз. Мекеме атауына байланысты ескерткіштерді қаншалық­ты қорғай алады, қауқары  жете  ме?

- Негізі, тарихи-мәдени мұраға, ескерткіштерге әрбір азаматтың жаны ашуы керек. Бұл – ең маңыздысы. Өйткені,  мемлекеттің не мекеменің ғана қорғағаны аздық етеді. Біз ата-бабамыздан қалған тарихты, құндылықты келер ұрпаққа бұзбай, бүлдірмей табыстауға тиіспіз. Рас, мұнан бірнеше жыл бұрын үлкен қалаларды қазып, төбелерді түрткіліп жүрген «қара археологтар» бол­ды­. Бірақ, біз жергілікті әкім­шілік пен құқық қорғау орындарымен бірлесіп дер кезінд­е жұмыс істедік. Халық­қа түсін­діру, насихаттау жұ­мыстары жүйелі жүргізілді. БАҚ беттеріне де барынша хабарл­ан­дырулар бердік. Жүр­ген жерімізде де мемлекет қорғауындағы ескерткішті бүлдіру – заңбұз­ушылық екенін ескертумен болдық. Түсіндірме жұ­мыс­тарының нәтижесі болар, қазір  мұндай  мәселе  жоқ.

- Сіздің  қаншалықты  таныс екеніңізді қайдам, «Халық» газетіні­ң №3 (958) санында «Мемлекет қорғауында» деген­нің  маңыздылығы  қанша?» деген­  мақала  жазылған еді. Онда Тереңөзектегі вокзал ғимара­тының  мүшкіл халі бей­нелен­ген  болатын.

- Көтерген тақырыптарыңыз өте орынды. Мен бұл жайт­пен, мақаламен таныспын. Расында, вокзал ғимараты мемлекет қорғауына алын­ған. Ал, қорғауға алынғаннан кейін біз осы бағытта жұмыс істеуге тиіспіз. Осы күні тұр­ғындар мен вокзалдың бай­ланысы жоқ. Яғни, жаңа вокзалдың пайдалануға берілге­ніне  байланысты, ескі вокзал тұрғындар үшін қызмет көр­сетпейді. Бұл мәселе облыстық комиссияда да қаралды, хат та берілді. Облыстық мәслихат депутаттарымен өткен сес­сияда айтылды. Вокзалды пайда­лануға 1 жыл уақыт кете­ді. Себебі, вокзалды жергілікті әкімшілік өз теңгеріміне алуы керек. Ол үшін сотқа береді, мүлік иесіз деп танылады да, заң аясында жергілікті әкім­шілікке беріледі. Қазір ол жер тазаланды. Алдағы уақытта пайдаланылатын  болады.

- Әлеуметтік  желіде  өзіңіз де, мекеме парақшасы да белсенді  жұмыс  істейді. Айтпақшы, kyzylorda-pamyatniki.kz атты  сайт жұмысы да жақсы қолға алын­ғанға  ұқсайды. Бірақ, сайт атауын­  қазақша  етуге  болмады ма?

- Жалпы, әлеуметтік желі пікір алмасуға, жұртшылықпен байланыс жасауға таптырмас орта ғой. Сондықтан, өзім де мекемеге қатысты ақпараттармен бөлісіп, жазып отырамын. Мекеме парақшасы да халықпен тығыз байланыста. Сын-пікірге жауап беріп, қызықты, тың ақпараттарды жариялайды. Сайт та солай. Әрине, сұрағыңыз орынды. Мұны алдағы уақытта қалыпқа келтіруге тырысамыз.­

- 18 сәуір – халықаралық ескертк­іштер  мен  тарихи  орындарды қорғау күні. Меніңше, жергілікті билік үшін бұ күннің маңызы   жоқ  секілді...

- Біз өз мерекемізді өзі­міз­ше тойлаймыз. «Біздің басты міндеттеріміздің бірі – ескерт­кіштерді насихаттау» деп жо­ғарыда айтып қалдым ғой, сондықтан осы атаулы күнге орай іс-шаралар мен баспасөз тур­ларын өткіземіз. Әртүрлі жобалар 3-4 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Оқушыларды, студенттерді Жетіасар мәдениетіне, Сауысқандық шатқалына да алып барған­ымыз бар. Ескерткіштерді  кім  насихаттап, түсінікті тілде таныстыра алады? Әрине, саяхатшылар, журналистер, блогерлер.

Негізі, бұл – халықаралық деңгейде тойланатын жалғыз ғана мереке. Елеп-ескеру жағы мүлдем жоқ дей алмаймын. Қазіргі күні қала әкімдігі тарапынан көп көңіл бөлінуде, қолдау бар. Осыдан бір ай бұрын ғана «Туған өлке» атты байқау ұйымдастырдық. Мектеп оқушылары арасында өткен байқауға барлық аудандардан, қаладан оқушылар қатысты. Ескерткіштерді насихаттау мақсатындағы іс-шара осы мереке қарсаңында өтті. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада да іс-шара ұйымдастырылды.

- Тарихи-мәдени мұраны қорғау саласын сандық фор­матқа  көшіру  кезек  күттірмей­тін әрі өте қажетті  іс  болып тұр. Осы  мақсатта  қандай жұмыстар  атқарыл­ып   жатыр?

- Өткен жылы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ласынан туындайтын «Қазақстанның киелі жерлерінің геогра­фиясы» жобасы аясында тарихи-мәдени мұраны қорғау саласын сандық форматқа көшіру мақсатында облыстық жобалық кеңсе бойынша 2  жоба қолға алынды. Оның бірі – облыс көлеміндегі тарихи­ және мәдени ескерткіштерге QR-код орнату жобасы. Жоба аясында 150 ескерткішке QR-код орнатылғаны елеулі жаңалық дер едім.

Жалпы, «QR-код орнату» «Quick Response – Шұғыл жауап­» деген мағынаны білді­реді. Бұл – мобильді телефонның камерасы арқылы жылдам тану үшін ақпарат беретін екі өлшемді штрих-код. QR-кодтың көмегімен «Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөнін­дегі» КММ-нің kyzylorda-pamyatniki.kz сайтында орналасқан ақпаратпен таныса алады.­ Интернет желісін қолдану мүмкіндігі бар жерлерде (мобильді байланыс тартатын, интернет қолданылатын орындар) ескерткіштер туралы кез келген ақпаратты алуға болады. Тарихи орындармен танысу барысында QR-кодты қол­дану – өте қызықты және ыңғайлы интерфейс. Тарихи мәліметтерді алумен қатар, турис­тер сол орында еркін бағдар­лап жүре алады. Бүгінгі күні QR-коды бар тақтайшалар облыс орталығы мен аудан­дардағы мобильді байланысы бар жерлердегі ескерткіштерге орнатылды.

Қорыта айтқанда, бұл жо­балар өлкеміздің тарихымен қызығатын кез келген азаматтарының, оның ішінде жас­тардың ізденіс жұмыстарын жүргізуге үлкен көмегін тигізеді. Әрбір жас өз жері мен оның тарихын танып-білуі үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруге бейімделудің жолдарын үйренуі тиіс. Осы орайда, аталған жобалар тарихи-мәдени мұраларымыз туралы кең көлемді ақпарат алу және насихаттау жұмыстарында таптырмас құрал  болып табылады.

Сондай-ақ, біз ескерткіштерді таныстыруды адамдар көп шоғырланатын жерлерден, қоғамдық орындардан бас­тауды жоспарлап отырмыз. Алдағ­ы уақытта аялдамаларға суретін қойып, насихаттауды жалғастыра  түсеміз.

- Жөн екен. Қателеспесем, бүгінде облыстың тарихи-мәдени­  мұраларын  қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми әдістемелік  Кеңес  жұмыс істей­ді. Аталған Кеңес жұмысы өз нәтижесін беріп жатыр деуге болаты­н   шығар.

- Нәтижесін берді деп ойлаймын. Әлі де береді. Облыс әкімі Қырымбек Елеу­ұлы басшылыққа келген соң бірден ғылыми-әдістемелік Кеңесті қолға алып, жұмысын жолға  қойды. Құрамында мемлекет және қоғам қайраткерлері, елімізге танымал тарихшыларымыз бен археолог-ғалымдарымыз бар. Ұсыныс-пікір айтады. Бастама көтереміз, лайықты болса, Кеңес мүшелері қолдайды. Соның арқасында көптеген мәселелер өз шешімін тауып­  жатыр.

- Жыл басталғанда Сыға­нақ­тағы жерасты  жолының 500  метр­ге  созылатынын  жоққа шығардыңыздар. Әрі  үңгірдің  қолмен жасалмағаны белгілі болған­дай.  Оқырманға  түсінікті болуы үшін  бәрін  басынан  бастасақ.­..

- Қарт Қаратаудың қойна­уында мұндай табиғи үңгірлер көп болуы мүмкін. «Қала мен қаланы  байланыстыратын қол­дан­  жасалған жерасты жолы  бар» деген ақпаратты ешқан­дай тарихшы дәлелдеп айтып бермеді. Әрине, қаладан шығып кететін жерасты жолы болғаны рас. Ал, телеарнадан көрсетіліп, айтылғандай «журналист оның ішінде 500 метр жүрді» дегенге сену қиындау. Өйткені, ол жерге газ жиналады әрі қауіпті. Меніңше, мұны халыққа көрсете беруге де болмайды. Табиғи әсерден пайда болған үңгірлерге саяхаттауға болар еді. Ал, бұл басқаша...

- Шетелдіктердің тарихи орындарға  деген қызығушылығы жоғары. Жалпы, тарихи орындарды туризм орталық­тарына  айналдыруға  мүмкіндік бар   ма?

- Бар. Бізде мұндай жерлер көп. Бір ғана Жетіасар мәде­ниетін алып қарайықшы. Онда қаншама тарих, қаншама сыр жатыр? Бүкіл мәдениетіміз сонда. Бұл арқылы біз ішкі туризм­ді дамытамыз, өңірдегі тарихи орындарды жарнамалаймыз. Сол арқылы шетелдік­терді тарта аламыз. Бірақ, ол үшін  жағдай  жасалуы қажет.

Мысалы, Сығанақ  қаласына жол барды. Археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала қайта қалпына келтірілуде. Сол секілді, Са­уыс­қандық  шатқалы  арқылы да шетелдіктердің қызығушылығын оятуға әбден болады. Қала аумағында да ұялмай көрсететін ескерткіш, тарихи орындар  жетерлік.

- Облыс  аумағында  тарихтан  сыр  шертетін  ескерткіштер,­ тари­хи орындар өте көп. Кейбіреулерінің тарихын жер­гілікті тұрғындар ғана жақсы біледі. Жұртшылыққа жаппай таныстыру мүмкін емес, десе де ол жерлерге  оқушыларды, студенттер­ді, БАҚ өкілдерін жиі-жиі алып барып, таныстырып, ақ­па­рат­тандыру  керек  секілді.

- Мұндай экспедициялардың бірнеше мәрте ұйымдастырылғанын жоғарыда айтып кеттім ғой. Иә, осы тақырыпқа қызығатын, жазатын шығармашылық топты өз басым баспа­сөз турына алып барғым келеді. Бірнеше күн тарихи және мәдени орынға сапар шегіп, жете танысып, жариялап, ақпараттандыру керек. Бардым, келдім емес, тарихи-танымдық материалдар жазылса деген ойым бар. Бұл біз бен сіздің жұмысымыздың нақты нәтижесі болмақ.

- Уақыт  бөлгеніңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Рыскелді   ЖАХМАН

 


БІРЛІК – ХАЛЫҚ ЖАРАСТЫҒЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
02.05.2019 12:35

Бір шаңырақ астында түрлі ұлт өкілдерінің ынтымағын жарастырып, ырысын тасытып, татулығын арттырып отырған Ұлы даланың құшағы кең. Бақ-берекесімен жарасымын тауып тұрған бірлігі де мығым. Көк­жиекке керіле орналас­қан кең керегелі қазақ елінің мызғымас бауырластығына 100-ден аса ұлт пен ұлыстың ұйып отырған тіршілігі куә. Біріккен саусақ секілді бірлігіміз елдігімізді еселеп, татулық тұрақтылығын сақтап тұрған жайы бар. Ынтымақтың ірге­тасы қаланған Қазақстанның бүгінгі кескін-келбеті мен болмысы да ұлт­тық татулықтың тірегіне айналған бірліктің бекемдігін айқындауда. Заманның аумалы-төкпелі тұсында жер ауып келген әр ұлтты тіліне, дініне, жүзіне де қарамастан бауырына басты.

Қазақ жерінде өздерінің салт-дәстүрлерін жаңғыртып, Қазақстанды «Отаным» деп бағалайтын түрлі ұлт өкілдері ұлтаралық татулық діңгегі аясында тілектесімізге айналғаны рас. Бүгінде ынтымағы ұйысып, жасампаздығы жаңарған Сыр елінде 35-ке тарта түрлі этнос өкілдері өмір сүріп келеді. «Жүзі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір» деп сипаттайтын ұлт пен ұлысты бүгінде олай деу қиын. Өйткені олар қазақ жерінің топырағына аунап өсіп, тілін де, ділін де, дәстүрін де толықтай меңгеріп үлгерген және дәріптей алады. Сондықтан қазақ  халқының тұр­мыс-тіршілігіне икемделген бұл халықты атажұртпен жарастырып тұрған темірқазық – бірлік.

Татулық тірегінің тамыры тереңге жайылған қазақ елінің тыныштықта берекесі бүлініп, бірлігі ажырап, тұтастығы тарқаған емес. Жалпақ жұрттың байтақ елде бір қауызда ашылған гүл секілді ажырамай өмір сүруі – жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Бейбітшілік бесігі тербелг­ен мемлекетке көзінің қырын салып, қызығушылық танытатындар да жоқ емес. Өйткені дәл қазақ даласы секілді панасызға баспана болып, жетімнің басына­н сипап, жесірдің дауын шешкен данагөй, бауыры­ ыстық, құшағы кең ел кемде-кем. Түрлі ұлт пен ұлыстың ұйытқысы болғанның өзі – зор мәртебе. Мемлекеттің жүргізіп отырған сарабдал саясаты 130-дан астам­ ұлттың болмыс-бітімін сақтауға жасалған мүмкіндік деп те айтуға болады. Табиғатына тартып туаты­н қазақтың тарпаң мінезі және бар. Еліміздегі ұлттар татулығы мен тұтастығын сақтап отырған қазақ халқы мен түрлі этнос өкілдері қаншама зұлмат пен нәубетті бастан өткерсе де бір-бірінің салт-дәстүрін, ғұрпын, мәдениетін жатсынған емес. Бұл апта басында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ сессиясында да айқын көрініс тапты.

Бейбітшілік және келісім сарайында «Бей­бітшілік пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғырту» тақырыбымен өткен ша­рағ­а ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаев төр­ағалық етті. Сессияның ашылуымен құт­тықтаған  Елбасы:

- Ассамблея  құрыл­ған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы,­ сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Көп­этносты­ еліміздің басын біріктіретін, әрқайсысының пікірін тыңдайтын үлкен мінбер болып отыр. Бүгінде құрылым – еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты  кепілі, - деп Ассамблея сессиясын ашты.

Еліміздің Тұңғыш президенті Қазақстан халқы Ассамб­леясының ХХVІІ сессиясында тек қазақ елін ғана емес, күллі әлемнің тыныштығы үшін алаңдады.

- Қазақстан әлемде тиімді бітімгер ретінде белгілі. Бізге алыс-жақын көршілеріміз сенеді. Барлық тарихи оқиғалар бізде өтеді. ...Біз Ресей мен Украина арасындағы шиеленістің бейбіт шешілгенін қалаймыз. Әрдайым мәселелерді шешуге қосыламын. Барлық­ соғыс пен шиеленіс бейбітшілікпен бітеді. Бұл да бір күні  аяқталады, - деді ол.

Сондай-ақ, Қазақстандағы ұлт пен ұлыстың біртұтас бірлігін «Біз – мықты әрі жауапкершілігі мол біртұтас халықпыз. Дәл осылай­ ой мен мінез-құлық бейнесін өзгерту керек. Тәуелсізді­гімізге 27 жыл болды. Біз Қазақстанды бірге тұрғызып келеміз. Жеткен жетістігіміздің бәрі – біздің ортақ ісіміздің нәтижесі» деп дәріптеді.

Жаһандық әлемдегі түрлі өзгерістер толқыны өзге елдерді басып­  өтпесе де, себеп-салдары әсер етуі ықтимал. Алайда біздің елдегі  төзімділік қағидатының төтеп берер қасиеті ерекше екенін ескерсек, әлемнің тұрақты құндылығы саналатын қоғам бірлігі мен  ұлтаралық келісімді мызғымас қалыппен ұстап отырған жайымыз­  бар. Бұл – бүтін бір елдің бәсекеге қабілеттілігін анықтай­тын  күш.

Н.ҚАЗИ

 


 

 

Қазақ  елі  бәйтерек  секілді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық санамызды дамыту ел болып тұтасуды көздейді. Демек­, бұл мақала арқылы елді ұлттық рухани жаңғыруға бастай­тын нақты қадамдарды белгілеп беріп отыр. Біздің осы бағыттағы басты мақсатымыз еліміз қазақ ұлты ретінде тәуел­сіз қазақ мемлекетінің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуындағы стратегиялық даму бағыттарын айқындап, онда білім, ғылым, мәдениет, қазақ тілін латын әліп­биіне  көшіру арқылы қоғамдық санаға жаңаша рухани өз­герістер енгізу болатын.

Қазірде еліміз алып бәйтерек секілді өсіп-өркендеп, кеңей­іп келеді. Қазақстанда бүгінде 100-ден аса ұлт өкілі татулы­қта, рухани келісімде, бейбітшілік пен тұрақтылықта өмір сүруде. Елбасы Н.Назарбаев 1995 жылы Қазақстан халқы­  Ассамблеясы  қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайтып, аз ғана уақыт ішінде бейбіт қоғамның символына айналып үлгерді. Міне, осы уақыт аралығында Ассамблея өзара сенімділік пен түсіністік пен Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту­, этносаралық  саладағы өңірлік саясатты жүргізу, этносаралық және конфессия­аралық келісімді жүзеге асыратын іс-шараларды әзірлеу мәселелерін жүргізіп келеді.

Қазақстан хал­қының бірлік мерекесі жыл сайын 1 мамыр күні аталып өті­леді. Бұл мереке – еліміздің ұлтаралық және этносаралық татулы­ғы, ұлттар досты­ғы, қоғамдық келісім сақталған халық­тар достығы, елімі­здегі өзге ұлт өкілдерінің өзара түсіністігі, ауызбір­шілігі, қоғамдық-саяси тұрақтылығының айқын көрінісі. Әсіресе, Сыр елінде этнос­ара­лық және конфессияаралық келісім сақталған. 2015 жылы облыс әкімдігі жанынан «Достық үйі» құрылды. Оның бір дәлелі – өзге ұлт өкілдерінен тұратын  диаспоралар  жұмысы­. Олардың өз ана тілін, мәдение­ті мен ұлттық дәстүрін сақтауға және дамытуға бағытталған кешен­ді іс-шаралар кешені қолға алынып келеді. Облыс бойынша республикаға танымал 12 өзге этнос өкілдері мекен­дейтін ІІІ Интернационал ауылы барлығына белгілі. Бұл ауылда әсіресе түрік өкіл­дері басым. Олардың өз тілі, діні, салт-дәстүрі сақталған. Ауылда Цай Ден Хак ескерт­кіші  орнатылған. Тарихи музей­ жұмыс  істеп тұр. Әрине осыған қарап, бұл ауылдың жарасымды татулығын байқауға бо­лад­ы. Ауылда ұлтаралық және этносаралық татулығын, ұлттар достығы, қоғамдық келісім сақталған, өзге этнос өкілдерінің өзара түсіністігін, ауызбірші­лігін, қоғамдық-саяси­  тұрақтылығын көрсете­ді. Ауыл тұрғындары білім, денсаулық, мәдениет, ауыл шаруа­шылы­ғы, спорт салаларының дамуына атсалысып келеді.­

Барша халықты 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен  құттықтаймын. Қазақ  елі – дарқан, қонақжай, елдің бірлігін  ойлайтын ел. Отанымыз – Қазақстан. Барлығымыз – еліміздің патриотымыз. Әсіресе, мемлекеттік тұтастығын сақтауды алға қойып келеді. Сіздер еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келесіздер. Әрбір  шаңыраққа  бейбіт­ші­лік, тұрақтылық, ынтымақ тілей­мін.

Милияр  АРИФОВ,

«Достық  жер МК»

ЖШС  төрағасы,

Қармақшы  ауданы


 

 

Кемшілік емес, кеңшілік көріп келеміз

Менің ұлтым – неміс. Ресейде дүниеге келгеніммен, менің барша саналы өмірім Қазақстанда өтуде. Сондықтан Қазақстан – менің Отаным, өз үйім. Жиырма­ жылдан астам уақыттан бері Қазақстан халқы­ Ассамблеясының мүшесімін. Қазіргі таңда Қызыл­орда облыстық «Жаңару» неміс этномәдени бірлестігіне жетек­шілік етемін. Сыр өңірінде небәрі 160 неміс өмір сүруде. Бізді ешкім ешқашан алалаған емес, қысым да көрмеппіз. Кемшілік емес, бірыңғай кеңшілік көріп келеміз.

Қазақ, өзбек, корей, неміс, татар және өзге де этнос­ өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ортақ шаңырағымыздың тұтастығы мен бірлігінің берік нығаюына, бейбітшілік пен келісімнің салтанат құруына өз үлестерін қосып келеді. Мен өзімді бақытты сезінем­ін. Себебі, достық пен ынтымақта ғұмыр кешіп жатқан, әртүрлі дәстүр мен мәдениетке, оның  өкілдеріне  және  бір-біріне  құрмет  қалыптасқан  ел – Қазақстанда тұрамын. Осыдан-ақ, адамдардың қандай жағдайда бақытты болатынын терең түйсінесің.  Яғни, Отанның тыныштығы, халық татулығы­ның  саясында  ғана  әрбір  азамат  келешегін­е сеніммен  қарайды.

Жалпы, жыл сайын Ассамблеяның сессиясы, Қазақстан бірлігі күні қарсаңында жүректегі қуаныш  сезімі  еселене  түседі. Бұл жолы да солай­ болатынына шүбә жоқ. Өздеріңіз білесіздер, биыл – Жастар жылы. Жастар елдің бірлігін сақтау­дағы шаралардың байыбына бару керек. Елбасы үміт артқан жастар туған жерінің, құтты қонысының көркеюіне атсалысуы тиіс.

Ирина  ШЕК,

Қызылорда  облыстық  «Wiedergeburt»

неміс  этномәдени  бірлестігінің  төрайымы

 


АТАДАН АЛТАУ, ЖЕТЕУ ТУҒАНМЕНЕН... PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
02.05.2019 12:30

Бұл – Тәуелсіздік алғалы 6-шы рет өткізілгелі тұрған президенттік сайлау. «Кезектен тыс» статусы осымен төртіншісіне телінді. Апта басында ҚР Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президенттік сайлауына кандидаттарды ұсыну кезеңінің қорытынды отырысын өткізді. Сындарлы жылдар мен ғасырлар тоғысынан аттап өткен тың өзгеріске күллі әлем бет бұрып, назар аударып отырғаны мәлім. Билік транзитінің мәселесін түбегейлі шешіп, елдің даму бағыты мен болашағын айқындайтын науқанның үгіт-насихаты 11 мамырдан басталады. Үйіліп-төгілген уәделер мен елдің еңсесін көтеретін жұмыстар тізімі де сол кезден бастап айтылады деген сөз.

Ал әзірге тіркелген кан­дидаттар «президенттік процестің» «иегіне» жету үшін әр өңірден қол жинауға кіріседі. «Оң қолым, сол қолым, екеуі де өз қолым» деген халық өз таңдау­ына талғаммен қарайтын тезге түсері айтпаса да түсінікті. Сонымен, президент сайлауына кандидат атан­ғандар  кімдер?

Көтеш ақынның «Атадан алтау, жетеу туғанменен, Со­ның ішінде біреуі-ақ сүтін ақтар» деген өлеңіне сүйеніп, біреуі ғана жеңімпаз болатын кандидаттарды тізіп көрелік. «Ұлы дала қырандары» ҚБ ұсынғ­ан Түгел Сәді-Бек, «Nur Otan» партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «ҚР Кәсіп­одақтар Федерациясы» бір­лестігінен Амангелді Таспихов, «Ақ жол» «Қазақстанның демог­рафиялық партиясы» ҚБ-нен Дания Еспаева, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігінен Төлеутай Рақымбеков, «Қазақстан Коммунистік Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсын­ған Жамбыл Ахметбеков, «Ұлт тағдыры» «Біріккен ұлттық-патриоттық қозғалысы» қо­ғамдық бірлестігінен Әміржан Қосанов және «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен Жұматай Әлиев. Тіркелгендер ішінен «Қазақстан құрылысшылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Талға­т Ерғалиев кандидаттықтан өз еркімен бас тартты. Үміткерлер ішінде 2011 жылғы сайлауда 1,36 пайыз дауыс жинағ­ан Ж.Ахметбеков бар. Бұл жолғы «несібесі» қаншалықты толығатынын уақыт еншісі дәлелдейді. Бастысы, президенттікке үміткерлерді ұсыну мерзімі аяқталды.

Естеріңізде болса, Үкімет сағатында сөз сөйлеген ҚР Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов:

- Бюджетте барлық жоспарланған шараларға қаражат қа­растырылған. Биыл сайлау өткізу жоспарланбағандықтан, қаражат қарастырылмады. Алайда шұғыл шығыстар қаржыландырылатын Үкімет қоры бар. Қажет болған жағдайда біз қаржыландырамыз, - деген еді.

Сайлауалды дайындық жұмыстарын ұйымдастыру үшін Орталық сайлау комис­сиясы Үкіметтен 12 млрд теңге сұраған. Сол кезде бас қаржыгер  бұл қаржының аздап қыс­қаруы мүмкін екенін ескертті. Өйткені 2015 жылғы сайлау жұмысына 5,5 млрд теңге жұмсалған. Айтқанындай, сайлау комиссиясының жұмысын қамтамасыз ету үшін үкімет резервінен 9,4 млрд теңге қарасты­рылды. Саяси науқан кезінде елімізде 10 мыңға жуық сайлау учаскесі ұйымдас­тырылатынын ескерсек, қаржының басым бөлігі жұмыс істеген 70 мыңға жуық адамға тиесілі.

Орталық сайлау комис­сиясының  мәліметінше, сәйкес­тігі  анықталған  кандидаттар 12 облыста, республи­калық маңыз­ы бар қалаларда, аста­нада кемінде 118 140 қол жинауы қажет. Жиналған қол саны  аз  болса, онда жарты жолдан  «табанын жалтыратуға» тура келеді. Одан өзге кезек­тен тыс президенттік сайлауғ­а кандидаттар «жарна­пұл» төлейді. Ол – 2 млн 125 мың теңге.

- Сайлау жарнасы ең тө­менгі 50 жалақы мөлшерін  құрайды. Соған  сәйкес  сайлау жарнасы­ның сомасы – 2 млн 125 мың теңге. Сайлау жарнасы кандидатқа ол лауазымға тағайын­далған жағдайда немесе жалпы сайлауда 5 пайыздан астам дауыс­  жинағанда қайтары­лады, - деді Орталық сайлау комис­сиясы төрағасының орынбасары  К.Петров.

«Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деп айтуға ұят секілді. Себебі үміткерлер тағдыры халықтың қолдауымен ғана шешіледі. Әзірге әліптің артын баққаннан  басқа  әрекет  жоқ.

Н.ҚАЗИ

 


 

Бет  қатталып  жатқанда:

Қызылордалық сайлаушылар үшін   «400-200»  Call-орталығы мен saylau.orda.gov.kz  сайтында «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» толық мәліметтік сервисі іске қосылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің басшысы Ғалымжан Рахметов айтты.

- Қазіргі таңда облыс аумағында барлығы  366 сайлау учаскесі құрылды. Жаңадан құрылған Call-орталық облыс әкімдігі ғимаратының 3-қабатында орналасқан және күнделікті үзіліссіз таңертеңгі 9.00-ден кешкі 19.00-ге дейін жұмыс істейді. Орталық қызметкерлері азаматтардың сайлаушылар тізіміне қатысты сұрақтарына жауап береді және тиісті ақпараттар ұсынады, - деді ол.


 

 

Кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына орай «Халық» газеті бетінде хабарландыру мен сайлауалды үгіт-насихат материалдарын орналастыру бойынша өз қызмет құнын ұсынады.

 

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР-ның Конституциялық Заңының 28-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына орай хабарландыру мен сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін “Халық” газетінен (таралу тілі – қазақша­, орысша) орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді  жариялаймыз.

Республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газеті 2000 жылдың 21 шілдесінен шығады. Газет форматы А3. Бірінші, сегізінші, тоғызыншы және соңғы беттер түрлі түсті. Шығарылымы аптасына бір рет: бейсенбі күні.

Таралымы – 4320 дана.

Газетке жарияланымның 1 (бір) шаршы сантиметрінің құны ҚҚС қоса есептегенде:­

Бірінші түрлі түсті бетте орналастыру – 300 теңге;

Ішкі беттерде орналастыру – 200 теңге;

Сегізінші, тоғызыншы және соңғы түрлі түсті беттерде орналастыру –250 теңге.

 

Мекенжайымыз: Қызылорда қаласы, Скатков көшесі, 96-үй. Байланыс телефондар­ы:  23-01-86,  23-06-68,  40-84-64,  e-mail:  Бұл e-mail спам-боттардан қорғалған, оны көру үшін сізде Javascript қосулы болу керек , Бұл e-mail спам-боттардан қорғалған, оны көру үшін сізде Javascript қосулы болу керек

 


КӘСІПКЕРГЕ КЕДЕРГІ ЖАСАП ЖҮРГЕН КІМДЕР? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
02.05.2019 12:20

Жақында сонау теңіз төскейіндегі Қаратерең ауылының халқы әлеуметтік желі арқылы Арал ауданының әкімі Мұхтар Әуесұлына:

– Біздің учаскелік полиция инспекторы Ғалымжан Жомартұлын Жақсықылыш кентіне еріксіз ауыстырып жіберді. Қаратерең халқы оның өзіміздің ауылда қызмет атқарғанын қалаймыз. Ол халық арасында сыйлы, беделді. Қызметіне адал! Біздің өтінішіміз, учаскелік полиция инспекторы Ғалымжан Жомартұлын тез арада ауылымызға қайтаруыңызға ықпал жасауыңызды сұраймыз. Одан басқа тәртіп сақшысы керек емес, - деп хат жазыпты.

Жарықтық, ауыл жұрты аңқылдақ ғой. Олар аудандық полиция бөлімінде орын алған ауыс-түйіске осылайша пікір білдіріп, бұрынғы учаскелік полиция инспекторын қайтаруды өтінген. Кімнің, қалай қызмет атқарғанын сондағы ағайыннан артық ешкім білмес. Қызметіңе адал болсаң, елің бағалайды, еткен еңбегің еленеді...

ШЕКТЕН   ШЫҚҚАН   ШЕНДІ

Ал, Қармақшы ауданы, ІІІ Интернационал ауылының тұрғындары керісінш­е, учаскелік полиция инспекторы Қайрат Байменовтен зәбір көріп жүргенін жеткізді. Кеше ғана білдей сол ауылдық ардагерлер кеңесі­нің төрағасы мен шаруашылық басшысы оны басқа жаққа ауыс­тыруды өтінді. Құзырлы орган өкілі­не иықтағы шені шектен шықсын деп берілмейді. Одан қалды, тәртіп сақшылары елдің тыныштығын күзетуге тиісті емес пе? Ал сол тәртіп сақшысының өзі тәртіп бұзса, қайтпек керек­? «Сенген қойым сен болсаң» дейміз бе? Өткен бейсенбіде Қызыл­орда облысының кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңес­  отырысы  өтті. Онда екі мәселе­  қаралды.

Қармақшы ауданы, ІІІ Интернационал ауылындағы «Достық-Жер МК» ЖШС басшысы Миляр Арифов аталмыш елді мекенге бекітілген учаскелік полиция инспекторы Қайрат­ Байменовтің іс-әрекетіне қатысты ұжымдық арыз түсірген. Оның айтуынша, «даудың басы Дайраб­айдың көк сиыры» емес, көк шөптен  тұтанған.

«Ауылға 20 жылдан бері ештеңе істеген жоқпыз. Перзенттік парызымызды өтейік деп, «Абай-Дәулет» серік­тестігімен бірге елді мекенді дамыту­ды қолға алдық» дейді ол. Сөйтіп, сырттан 10 өзбек азаматын алдырады. Олардың бау-бақша өсіруге  епті, бұл жұмыстардың қыр-сырына қанық екені мәлім ғой. Осылайша, ІІІ Интернационалды түлетудің тірлігіне кіріскен. Алғашында бәрі де ойдағыдай болған. Бірақ...

– Бір күні учаскелік полиция инспект­оры Қайрат Байменов та­мақтанып  отырған 10 өзбек азаматын­  алып кетеді. Біз бұдан бейхабар едік,- деді ол.

Серіктестік басшысы: «Бұл шаруа барлығы заң жүзінде орындалса, ешқан­дай өкпе арта алмаймыз. Ал ауылы аралас, қойы қоралас ағайын адамбыз ғой. Бір ауыз ескерту жа­саса, қайтер еді» деп налиды. М.Арифов учаскелік полиция инспекторының көрсеткен қыры бұл ғана емес дейді. Осыдан екі жыл бұрын көктемде тәртіп сақшысы серіктестік басшысына «Маған шөп әкеліп бересің. Әйтпесе, техникаларыңды мұнда жүргізбеймін»,- деп қысым көрсеткен  екен. Тіпті, бір-екі рет серіктестікке тиесілі техникаларды жол жиегін­е тоқтатып, тізіп қойған да көрі­неді. «Көктемнің бір күні – жылға­ азық». Дән себу уақытында техникалардың тұрып қалуы шаруалар үшін шығыны шаш етектен екені белгілі  дүние. Содан М.Арифов ауыл әкімін, ардагерлер кеңесінің төр­ағасын  шақыртады.

– Миляр ініміз шақырған соң алып-ұшып бардық. Техникалардың бәрін Қ.Байменов тоқтатып тұр екен. Шынын айтқанда, оның ар­қасынан қағып, өлердегі сөзімізді айтып­, өтініш жасап, техникаларды жіберттік. Мақұл, ол шаруашылық басшысына ренжіген шығар. Бірақ, онда  жұмыс  істейтін  қаншама  адамды­  нәпақасыз  қалдырайын деп отыр ғой, - деді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлау Мұхтаров ашынып.

«Ой түбінде жатқан сөз – шер толқы­са шығады» дегендей, шаруашылық басшысы бұған дейін болған мән-жайды түгел баяндап берді. Тәртіп сақшысына ол әу баста көмек ретінде бірнеше рет шөп пен техникасын тегін берген де екен. Әйтсе де, полицейге тұрақты түрде көмек көрсетуге ешкім де міндетті емес. Шамасы, көрсетілген көмекті инспектор басқаша түсінген секілді. Қысқасы, М.Арифов мырзаның сөзінен түйгеніміз, инспектор «қолдан келсе, қонышыңнан бас» деген тәмсілге салса керек. Айтпақшы, Кәсіпкерлер палатасының өкілі Жасұла­н  Серік:

– Ауыл азаматтарының сөзіне сенсек, Қайрат Байменовтің анасының атында шаруашылық бар екен. «Достық-Жер МК» ЖШС-нен алынғ­ан  шөпті  сонда апарып берген. Механизатор мен мен ауыл азаматт­ары бұған куә, - деп атап өтті.

Жиын барысында М.Арифов ауылда мал ұрлығы мен қылмыстың өршіп тұрғанын және олардың ашылмай жатқанын алға тартты. Сондай-ақ, «ауыл ақсақалын, ауыл әкімін тыңдамаған учаскелік полиция инспекторының іс-әрекеттері біздің жұмыс істеуімізге мүмкіндік бермей тұр» деп ашық айтты. Кеңес отырысында облыстық полиция департам­енті бастығының орын­­басары Алтынбек Ахметов:

– ІІІ Интернационал ауылы тұрғындары мен кәсіпкерлерден түскен ұжымдық арызға сәйкес учаскелік полицей Қайрат Байменовтің үстінен қылмыстық  іс қозғалды. Қазір Департаменттегі  Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен тексеру амалдары жүргізілуде. Нәтижесі бойынша тиісті шара қабылданатын болады, - деп атап өтті.

Облыста жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы деп жар салсақ та, жергілікті жердегі осындай заңсыз әрекеттер бизнес өкілдерінің берекесін алған секілді. Кәсіпкерлер палат­асы өкілінің сөзіне сенсек, кәсіпкерлер тарапынан арыз-шағымдар жиілеген. Ал учаскелік полиция инспекторы Қайрат Байменовтің бұл ісі алдағы уақытта майшаммен қаралып, қорытындысы шығады.

 

«ЖЕР   АСТЫНЫН  ЖІК   ШЫҚТЫ»

Кеңес отырысында талқыланған келесі мәселе тіпті «қызық».

Ерлі-зайыпты Нұржан Бакеев пен Айнұр Қожагелдиева әу баста «Универсам» ықшам ауданынан (Абай даңғыл­ы  бойы) жер алып, кәсібін одан әрі дөңгелетуді ойластырған. Содан өздеріне тиесілі жер телімін қоршап алудың қамына кіріседі. Оған жұмысшылар жалдап, келісімге келеді­. Гәп  осы  арада  басталады.

– Түнгі сағат 23:04 шамасында өзін қалалық сәулет және қала құры­лы­сы бөлімінің басшысымын деп таныст­ырған азамат жер телімінің басына келуді сұрады. Түнделетіп бардық. Маған  әкімдік  қызметкерлері бұл жерден құрылыс сала алмайтындығымды айтты. Сондықтан қор­шауды бүгін алып тастауды тап­сырды. Оны орындамаған жағдайда айыппұл­ салынатынын ескертті,- деді Айнұр Қожагелдиева.

Дегенмен, кәсіпкер қоршауды сол сәтте алмаған. Таңертең келсе, тып-типыл қылып тастаған екен. Ең қызығы, қоршауды алуға байланысты ешқандай да құжат кәсіпкерге берілм­еген. Барлығы да ауызба-ауыз айтылған. Осыдан соң жоспары быт-шыт боп, құжаттың әуресі басталады. Кәсіпкер іле-шала қала әкімінің орынбасары Берік Сәрменбаевқа барады­. Ол аталған жер телімінің бәрі де заңды екендігін растап, тиісті органдарға  тапсырма  беріпті.

Келесі күні аталған аумаққа тексеріс жүргізіледі. Нәтижесінде, су мен жарық желілерінің жүргізілмегендігі анықталады. Бірақ газ желі­сінің тартылғандығы белгілі болған. Бұдан кейін кәсіпкер қалалық сәулет­ және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жақсылық Ержановқа жолығады.

– Сіз сатып алған аумақта газ жүр­гіз­ілген. Сондықтан құрылыс жүр­гізуге болмайды, - дейді бөлім басшысы.

Таңғаларлығы, осы уақыт ішінде жергілікті әкімдік тарапынан кәсіп­керге бірде-бір құжат беріл­меген.

– Бұл мәселеде кәсіпкердің еш­қандай кінәсі жоқ. Ол аумақтан өтіп жатқан газ жеке тұлғаға тиесілі. Сондықтан бұл жайт сот арқылы шешілу тиіс, - деді Кәсіпкерлер палатасының өкілі.

Айнұр Қожагелдиева осы дау баста­лғалы бері сырқаттанып қал­ғанын жеткізді. Жиында тиісті орган өкілдері кінә кімнен екенін нақтылай алмады. Бөлім басшысы «газ жүргізілген жерден құрылыс салуға рұқсат бере алмайтынын» айтса, «ҚазТрансАймақ» АҚ Қызылорда облыстық филиалының өкілі бұған жауапты емес екендігін және оған жоба жасаған адамдар жауапты екендігін алға тартты. Ал Кеңес мүшесі  Наталья Мишукова:

– Облыста жарияланған кәсіп­керлікті қолдаудың үш жылдығында кәсіпкерге қолдау көрсетудің орнына, әкімдік қызметкерлерімен осындай кедергілердің келтірілуін қалай түсінеміз? Қысымға алып, негіз­сіз қаржылық шығынға ұшыратудағы мақсаттарыңыз не? Және осындай жайттар соңғы уақытта неліктік қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан орын алуда. Мұндай қадамдармен бізде қалай кәсіпкерлік дамымақ? - деп атап өтті.

Кеңес отырысының қорытын­дысы  бойынша  көтерілген  екі  мә­селе  тиісті органның назарына ұсыны­лып, алдағы уақытта қайта қаралатын  болады.

Түйін. Не керек, «әкімшілік кедерг­ілерді жою» деп, қанша ұран­датсақ та бұдан нақты нәтиже болмай тұр. Ел ішінде айтылып жүрген «әкім­дікте танысың болмаса, маңдайың мандымайды» деген сөз рас-ау, сірә?!

 

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


РАМАЗАН – САУАБЫ МОЛ АЙ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
02.05.2019 12:10

Құдiретi күштi Алла қасиетті Рамазан айы келгенде ай бойы ораза ұстауды құлдарына бұйырады. Құран былай бұйырады: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы ай... Сендерден кiм Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Кiмде-кiм науқас болып, әйтпесе, жолсапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесiн. Алла сендерге жеңiлдiк болуын қалайды, ауырлық түсiргiсi келмейдi», - дейдi («Бақара» сүресi, 185-аят).

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, Жаратқанның мұсылман жұртына жасаған ұлы тартуы. Ақ пен қараны ажыратып, тура жол нұсқаушы Құран түскен ай. Рамазан – шын ықыласпен тәубе ететін сәт әрі жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдардың сауабын еселеп жазатын берекелі ай. Рамазан айы – Құран, құлшылық пен тәубе, кешiрiмнiң айы.

Ораза ұстаушы бiр ай бойы iшiп-жеуден­ ғана емес, өтiрiк-өсек айтудан, бiреудi сыртынан ғайбаттаудан, бейәдеп­ сөздер мен адамгершілiк қағидаларына жат әдеттерден аулақ болуы­  керек. Ораза  біткеннен  кейін де осы  қалыпты  сақтауы қажет. Ораза ұстаған­ адамда Алладан қорқу сезiмi пайда  болады.

Ораза нәпсiнi жамандықтан тiз­гiндеп, жүректi күнә атаулыдан тазартады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы­  сеніммен, сауабын бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған  күнәлары  түгелдей кешіріледі», - деген. Демек, ораза ұстаған кісінің жүрегінде Алла тағалаға деген сүйiспеншiлiктен басқаға орын қал­майды. Аштықты басынан өткiзген адам ғана кедейлер мен кембағал жандар­ға жақсылық iстеу керектiгiн жүрегiмен  сезiнiп, терең  түсiнедi.

Оразаның негізгі шарттары – мұсылман  болу, балиғат  жасына тол­ған  әрі ақыл-есі түзу болу, ораза ұстауға күші  жету  және  жергілікті  тұрғын болу. Ораза  ұстаған  адамға  мына  нәрселерді жасау жақсы іс болып табылады. Бір жұтым су да болса сәресіде тұрып, ішіп-жеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл тұрғыда былай дейді: «Сәресіге тұрыңдар. Өйткені, сәренің тамағында берекет бар». Ал басқа бір хадисінде: «Сәресі тамағы­ – берекет. Бір жұтым су да болса,­ оны тастамаңдар. Өйткені, Алла сәресіде тамақтанғандарға рақымдылық етіп, періштелері де олар үшін кешірім тілейді», - деп айтқан. Ауызды құрма немесе сумен ашу – пайғамбар сүннеті.

Оразаны бұзатын амалдар: таң атқанн­ан күн батқанға дейінгі аралықта жеу, ішу, жыныстық қатынаста болу (ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды); дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау және темекі тарту; әдейі құсу, әрі ауыз толы құсықты жұту оразаны бұзады.

Мына амалдар оразаны бұзбайды: ұмытып ішіп-жеу; қан алдыру; ауыз, мұрынды шаю; шомылу, төбеден су құйынып жуыну; бой дәретсіз таң аттыр­у; еріксіз құсу; көзге сүрме жағу; еріксіз тамағына түтін, тозаң, шыбын кіру; түкірік жұту; тістің  арасындағы  бұршақтан кішкене  нәрсені  жұту.

Рамазан айына тән құл­шылықтың бірі әрі сауапты амал – тарауих намазы. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім Рамазан айында тарауих намазын иманмен, ықыласпен оқыса, оның өткен күнәлары  кешіріледі», - деген.­ Демек, Рамазан  айында ораза­ ұстаумен қатар нәпіл құлшылықтарға, сауапты істерге де көбірек көңіл бөлу қажет. Мәселен, аузы берік жандарға ауызашар беру және жоқ-жітіктер мен кедейлерге қол ұшын беру сауап амал болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген ораза­ ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан  да  еш  нәрсе  кемімейді».

Ораза адам жақсы сөздер сөйлеп, бос сөз бен орынсыз іс-қимылдардан бойын аулақ ұстап, байсалдылық танытқа­ны жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс­ көтеріп, айғай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін», - деп айтқан. Яғни, ораза ұстаушы­ қандай жағдайда болмасын, оразасын  былапыт сөздермен, ұрыс-керіспе­н ластамай, сабырлылық таны­тып­, ғибада­тын мүлтіксіз түрде орындауы керек. Сонда ғана ғибадаты кәміл, әрі қабыл  болады. Өйткені,  ораза­  тек  қана ішіп-жемнен  тыйылу  емес. Пай­ғамбар (с.ғ.с.): «Ораза – сабыр­дың  жартысы», - деп айтқан. Сондай-ақ, жаман әдеттерден, дөрекі сөздерден, теріс мінез-құлықтардан арылуы керек. Және де аузы берік адам бос уақыттарын нәпіл ғибадаттармен, білім алумен, Құран оқумен, Алланы ұлықтаумен, салауат айтумен өткізу керек.­

Рамазан айы берілген нығметті есіміз­ге түсіріп, оған әрдайым шүкір ете білу керектігін де үйретеді. Пайғам­барымыздың (с.ғ.с.) өзі шүкір етуде үмбетіне үлкен үлгі болды. Ол (с.ғ.с.) түні бойы Раббысына құлшылық қылып, аяқтары ісініп кеткенше намаз оқитын. Сонда жұбайларының бірі: «Уа, Алланың Елшісі! Неге олай етесіз? Бұрынғы да, кейінгі де күнәларыңыз кешіріл­ген жоқ па?» - дегенде, Ол (с.ғ.с.): «Олай болса, шүкір етуші пенде болуым керек емес пе?!» - деп жауап берген­. Алла сыйлаған өмірге, бала-шағаға, денсаулыққа, материалдық һәм рухани  байлықтарға алғыс білдіріп, лайықты түрде шүкір ету – мұсылманның қасиеті. Хадисте былай делінеді: «Мүміннің  ісі неткен ғажап?! Шындығында, оның барлық ісі қайырлы. Бұл мүміннен басқаға жазылмаған. Егер оның басында қуаныш болса, Аллаға шүкір етеді де, сонысына сауап-сый алады.­ Егер оған бір жамандық төнсе, оған сабыр етеді де, онысына да сауап  алады».

Рамазан айында тек ауыз бекітіп ғана емес, сонымен қатар қасиетті Құранды оқуға ден қою керек. Себебі, қиямет күні әрбір мұсылманға тұтқан оразасы мен оқыған Құраны шапағатшы болады екен. Бұл жөнінде Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Қияметтің күні Раббының алдында ораза  мен Құран пендеге арашашы болады­. Ораза: «Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жемнен  тыйған едім. Енді мен оған  арашашы  болайын», - дейді. Құран болса:­ «Мен оны түнде ұйқысынан айырып­ едім, сол үшін оған арашашы болай­ын», - дейді. Сөйтіп, екеуінің де шапағаты  қабыл  етіледі».

Рамазан айы қадір түнімен ерек­шеленеді. Қадір түнi – мың айдан қайырлы, артықшылығы мол, қасиетi басым түн. Қадір түні Алла тағалаға құлшылық етiп, тiлек тiлеуден жалықпау тиiс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, ғибадат, құлшылықпен өткізсе, өткен-кеткен күнәлары  кешіріледі», - деген.

Рамазан айы – жылына бір келетін қасиетті ай. Мұсылманға осынау құтты айдағы сауап істерден қапы қалуға болмайд­ы. Бұл айда әдеттегі айлардан да көбірек сауап істер жасап қалуы керек­. Мәселен, тарауих және тәһәжүд намаздарын оқу. Құран үйрену, оқу. Жоқ-жітікке садақа беру. Ауызашар жасау. Қадір  түнін құлшылықпен өткізу. Ұдайы дәретпен жүру. Алла тағалан­ы көп  зікір  етіп, әрдайым  күнә-қате­ліктерге  тәубе  жасау. Адамдардың арасын жарастырып, туыстық  қаты­насты  үзбеу.

Міне, рақымы мол Рамазан айы осындай қадір-қасиеттерімен ерекше. Тіпті, бұл айда ораза ұстаушының жасаға­н дұғасы қабыл болады. Бұл жайын­да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шындығында ораза ұстаушының ауызашарда  жасаған  дұғасы қайтарылмайды», - деген­. Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтады: «Адам  баласының әрбір іс-амалы­ оннан жеті жүз есеге дейін көбейтіледі. Алла былай дейді: «Тек оразан­ың жөні бөлек. Оның сауабын Өзім беремін. Өйткені ол Мен үшін қызықтардан, ішіп-жемнен  бас  тартқан». Олай болса, санаулы ораза күн­дерімізді сауапты әрі игі істермен өткізіп, дұға-тілектеріміз бен құлшылық- амалдарымыздың  қабыл  болуын бір Аллад­ан сұрайық. Ораза қабыл болсын,­  ұстаған  жан!

Қайырбек  ОТЫЗБАЕВ,

Қызылорда  қалалық  «Сұлтан»  мешітінің  бас  имамы

 


Күнтізбе

< Мамыр 2019 >
    1 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары