Өзекті мәселелер

  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Арнайы  бетіміздің  тұрақты айдарындағы кезекті қонағымызбен  сұхбаттасудың  сәті түсті. Бұған дейін есепшілер мен ұстаздар әулеті туралы жазған болатынбыз. Жасыратын түгі жоқ, бұл жолы кейіпкер таңдау оңайға соқпады. Нәти­жесі­нде таңдау арманы – бір, мақсаты – ортақ, бол­мысы – егіз, бірге оқып, медицина саласында бірге қызмет етіп, бір шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған дәріг...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялады. Жыл аяғы жақын. Күні бүгінге дейін елімізде жастар мәселесі бойынша озық істер орындалып, межелі мақсаттарға қол жеткізілді. Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында: «Менің ойымш­а, біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға орт...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 09 Мамыр 2019

«АЙТАРЫМ БАР» PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.05.2019 15:25

Сыр бойының арғы-бергі тарихынан әңгіме қозғайтын, қазақы ақсақалдық қасиеттерді бойына мол сіңірген қарттарымыз көп емес. Солардың бірі Сәпен Аңсат ақсақалдың жақында кезекті «Айтарым бар» кітабы (Алматы, «Арыс» баспасы, 280 б.) жарыққа шықты. Кітап публицистикалық жанрда танымдық бағытта жазылған. Сәкеңнің ой марқайтатын шығармаларға талдау жасаған, қоғамдық-саяси үдерістер төңірегіндегі ой байламдары мен Сыр тарихындағы аттары ел аузында қалған танымал кісілер жайлы мақалалары қамтылған.

Қазір кейбіреулер «кітап жазу оңай болып кетті, басылымдарда жариялаған мақалаларыңды жина да кітап шығара бер» дейді. Ия, рас. Ондай кітаптар баршылық. «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», т.б. газеттерде жарық көрген мақалаларын, той-жиында айтқан арнаулары мен құттықтауларын жинап кітап шығарып жатқандар аз емес. Бірақ сондай кітаптардың ішінен Сәпен ақсақал айтқан: «Қазақстандық қоғам екіге жарылды. Біріншісі – биліктің айналасына топтасқан араны ашылғандар. Екіншісі – бірінші топтағыларға жиіркеніш сезіммен қарайтын ашынғандар, яғни қарапайым халық» деген немесе «Қазақстан – өзін-өзі мақтайтын, өзгелерге мақтататын ел» деген тіркестердің табылмасы анық. Сәкең кітабының алғашқы екі тарауында «Рухани жаңғыру өнегесі», «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген тақырыппен оқырмандарына өз ұстанымдарын ұсынса, үшінші тарауда «Ар, ұят, намысты» ұстанған ата-бабалардың терең ойлы қағидаттарын ұсыныпты.

Бір сөзбен айтқанда, есті де, ескі рухани азық алғысы келетін, дәмді, қазақылығы мол ғибратты әңгімелерді іздеп жүрген оқырманға осы кітапты оқуға кеңес берер едім.

С.Есмаханұлы

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА СОҒЫС АРДАГЕРЛЕРІНЕ МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ БІРЖОЛҒЫ КӨМЕК 500 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН ҰЛҒАЙТЫЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.05.2019 15:25

Мамыр айында облыс ардагерлері тағы 303 мың теңгеден алады. Аймақ басшылығы мереке қарсаңында осындай шешім қабылдады.

Ұлы Жеңіс күніне орай Қызылорда облысында соғыс ардагерлеріне біржолғы ақшалай көмек көлемін арттыру туралы шешім қабылданды. Естеріңізге сала кетейік, сәуір айында ардагерлерге 202 мың теңгеден берілген еді.

«Облыс әкімінің бастамасымен қосымша облыстық бюджеттен 303 000 теңгеден материалдық көмек төленетін болды. Осылайша Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жалпы 505 мың теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Қосымша әлеуметтік көмек мамыр айында ардагерлердің жеке шотына толығымен аударылады. Ардагерлер қатары жылдан-жылға азайып келеді, оларға қуаныш сыйлап, бүгінгі бейбіт өміріміз үшін алғыс айтқымыз келеді", - деді Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Алтынкүл Есқараева.

Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шара қаланың орталық көшелерінен  "Жасампаз жасақ" дәстүрлі шеруінен басталды. Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысында қаза тапқандарды, сондай-ақ елге оралғаннан кейін өмірден өткендерді еске алуға арналған шеруге қатысушылар ардагерлердің фото суреттерін алып шықты.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев және басқа да митинг қатысушылары "Мәңгілік алау" мемориалына гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Аймақ басшысы қызылордалықтарды мерекемен құттықтап, жауынгерлердің ерлігі ұрпақтарының жүрегінде мәңгі сақталатынын атап өтті.

«Майданның барлық қиындығы мен қасіретін қайыспай көтерген, сол замандарда қайсарлық, ержүректік пен батылдық танытқан ата-бабаларымызға шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Олардың ерліктері біз үшін шынайы патриотизмнің, жоғары азаматтықтың, Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен адалдықтың үлгісі болып табылады", - деді аймақ басшысы.

Мамыр айының бірінші онкүндігі өңірде Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған: облыс бойынша көрмелер, концерттер, ардагерлермен кездесулер өтуде. 7 мамыр күні облыс орталығында Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік шара және ардагерлерді салтанатты қабылдау ұйымдастырылған болатын.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНДА ЖАҢА АУДАН ОРТАЛЫҒЫ ҚҰРЫЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.05.2019 15:20

Қызылорда облысында Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласын бір елді мекенге шоғырландыру жоспарлануда. Осыған байланысты аталмыш елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Әйтеке би кентінде екі қабатты 12 тұрғын үй құрылысы, 250 орындық аудандық аурухана, 600 орындық мәдениет үйі мен басқа да әлеуметтік нысандар салынады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, бұл аумақта алдағы уақытта 24 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, автомобиль жолы қайта жаңартылады. Қазірдің өзінде көпқабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Қазір Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде жалпы құны 889,7 млн теңге болатын Мекемелер үйінің құрылысы жүргізілуде. Аталмыш жобаны іске асыру бір ғимаратта әкімдік пен аудандық бөлімдерді шоғырландыруға мүмкіндік береді. Олар қазіргі уақытта елді мекеннің әр аумағында (мекемелердің бір бөлігі - кент әкімдігінде, бір бөлігі – ескі аурухана ғимаратында) орналасқан.

«Қазір аудандық әкімдік пен бөлімдер бөлек ғимараттарда орналасқан, бұл әсіресе тұрғындар үшін өте қолайсыз. Оның үстіне, қазіргі аудан әкімдігі ғимаратының іргетасы 1963 жылы қаланған. Елу жылдан астам уақыт болған нысан бүгінде ескірген. Жаңа аудан орталығының жоспарына сәйкес, облыстық мекемелер үйінің, халыққа қызмет көрсету орталығының, мектептер мен ауруханалардың, сондай-ақ, сот пен мәдениет үйлерінің ғимараттары халыққа ыңғайлы болу үшін бір-біріне жақын орналастырылады. Ауданда соңғы 2 жылда инфрақұрылымдық және басқа да нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Себебі Қазалы ауданы инфрақұрылыммен аз қамтылған аудандардың бірі болып табылады", - деді құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков.

Сондай-ақ, аталмыш басқарма басшысы тұрғындарға ыңғайлы болу үшін екі елді мекенді бір орталыққа шоғырландырып, әлеуметтік маңызы бар нысандарды аудан орталығына орналастыру қажеттігін атап өтті.

"Осыған байланысты заманауи талаптарға сай келетін "Open Space" форматындағы заманауи ғимарат құрылысы жоспарлануда", - деді М.Әлсеріков.

Ауданда жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына басымдық берілген. Себебі бұл Қазалы ауданындағы ең өзекті мәселелердің бірі саналады.

"Мәселен, Қазалы ауданындағы жолдардың техникалық жағдайы нашар. Аудандағы жолдардың 31%-ы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Шиелі ауданында бұл көрсеткіш 15,8%, ал облыс орталығында 22,1%-ға тең", - деп атап өтті облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов.

Осыған байланысты 2019 жылға Қазалы ауданында жол салу және жөндеу жұмыстары бойынша 16 жоба жоспарлануда.

Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметі бойынша, 2013-2018 жылдары 200-ден астам әлеуметтік нысан салынды. Айта кету керек, жан басына шаққанда әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындар бойынша аймақ соңғы 6 жылда республикада алдыңғы қатарда тұр.

"2013 жылдан бастап 200-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет нысандары бар. Мәселен, апатты жағдайдағы 57 денсаулық сақтау нысанының орнына жаңадан 49 ғимарат бой көтерді, қалғаны 2019 жылы салынатын болады. Мұнан басқа, 2018 жылы Қызылорда облысы үшін рекордтық көрсеткіш 700 мың м2 тұрғын үй пайдалануға берілді", - деді М.Әлсеріков.

Сонымен қатар, өңірде үш ауысымды оқыту мәселесі мен "Балапан" бағдарламасы мерзімінен бұрын шешіліп, 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбие және біліммен 100% қамтылды. 2017 жылы облыста апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешімін тапты. 2013 жылы жарамсыз деп танылған 37 білім ұясы болған еді. 2013 жылдан бері апатты үйде тұрып келген 645 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Қазіргі таңда облыс аумағында 1747 пәтерлік 69 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Айта кету керек, 2013-2016 жылдары Қызылорда облысында 2008 жылдан бері аяқталмай, құрылысы ұзаққа созылып келген 34 нысанның мәселесі шешілді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ЖЕТЕУДІҢ ЖАРЫСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
09.05.2019 15:05

Саясатта салмақ жоқ. Қаңбақ секілді ойда да, қырда да жатуы мүмкін, қададай қақшиып, сынадай қыстырылып қалуына да ешкім кепілдік бермейді. Сайлауда да сондай. Үміткерлердің бәрі ел қолдауына ие болады деп айтудың қисыны жоқ. Әу баста тоғыз төбе көрініп еді, оның біреуі өз еркімен бас тартып, екіншісі мемлекеттік тіл емтиханында сөзден сүрініп, тілден жаңылды. Жеңдерін түре кіріскен жетеу өңірлерден қол жинап, президенттікке үміткер ретіндегі куәлік үшін жанталасты. Саяси доданың қызу тартысқа толы өтетіндігі енді осы «жетіліктің жоспарына» ғана байланып тұр.

Халық арасындағы белсенділер де өз жақтасының тамырына қан жүгіртіп, шылбырын­  ұзартып, жинауға тиісті қол санына жәрдемдесті. Ағылшын жазушысы У.Гладс­тон «кіруінен шығуы қиын шытырман» деп баға берген саясат аренасындағы символ – жақтастардың қолы. Өйткені кандид­аттарға 12 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардан, астанадан ең кемі 118140 қол жинау міндетті талабы бар. Осы ақпарат таралысымен әлеуметтік желі қолданушылары екі-үшке тарамдалмады, тұрақты көзқарасы жоқ, кімге қай тұрғыдан жақтасарын білмей дал болды. Арагідік өз таңдауын жасағандар бірнеше жүз халықты соңынан ерте алды, ал қарапайым тұрғындар «ешкімге дауыс та бермеймін» деген ұстаныммен  үйінен де шыққан жоқ. Бірақ, бүкіл жұрттың  таңдауы жеті кандидатқа да жетіп артылыпты.

Көш соңындағы А.Таспихов Алматы және Шымкент қалаларынан бөлек, 15 өңір­ден 119 мыңнан астам, С.Түгел мен Т.Рақым­беков 120 мыңнан астам қолдаушыға ие. Саясат сатысының төртінші басқышын­да тұрған Ә.Қосанов 130 мыңға жуық қол жинап тұр. Ал үздік үштікке енген­ Ж.Ахметбековты 135 мыңнан астам,  Д.Еспае­ваны 140 мыңға жуық халық қолдаса­, «Nur Otan» партиясының атынан ұсыныл­ған қазіргі президент көш бастап тұр. Қ.Тоқаевты қолдаушылар саны 313  мыңнан  асқан. Осылайша жетеуіне де кандидат  куәлігі  табысталды.

Тіркеу кезеңі сәтті әрі уақытынан бұрын аяқталды. Енді 11 мамыр күні кешке үгіт-насихат жұмыстары басталады. Үгіт жұмыс­та­ры БАҚ арқылы, сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларды, сондай-ақ кандидаттардың және олардың сенім білдірген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулерін өткізу және баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату негізінде жүзеге асырылады. Республикалық бюджеттен кандидаттардың сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларды өткізуге, үгіт материалдарын шыға­руға,­ Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мөлшерде көлік шығыстары өтеледі. Орталық сайлау комис­сиясының «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында республикалық бюджет қаражатынан өтелетін ҚР президенттігіне кандидат шығыстарының мөл­шерін белгілеу туралы» қаулысы қабылданды. Қаулыда кандидат шығыстарының мөлшері 7 331 200 (жеті миллион  үш жүз  отыз бір мың екі жүз) теңге­  көлемінде  белгіленд­і.

Президенттікке кандидаттың сайлау қоры кандидаттың өз қаражаты және оны ұсынған республикалық қоғамдық бірлестік кандидатқа бөлінген қаражаттың жалпы сомасы заңнамада белгіленген ең төменгі жалақының он екі мың есе мөлшерінен аспайды, бұл 510 000 000 (бес жүз он мил­лион) теңгені құрайды. Сайлау қорының қаражатына билік ету құқығы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарға ғана тиесілі. Кандидат өз кандидатурасын алған немесе кандидатты тіркеу туралы­ шешімнің күші жойылған жағдайда сайлау қорына түскен ақша оларды енгізген азаматтар мен ұйымдарға қайтарылады. Бұл ретте көрсетілген қаражатты қайтаруға байлан­ысты шығыстар оларды енгізген азаматтар мен ұйымдардың есебінен өтеледі.

Тәуелсіздік алғалы ел тізгінін ұстап отырған Н.Назарбаев үлкен өзгеріс жасап, елімізде сайлау өтетіндігі туралы мәлімдеген еді. Сол кездің өзінде пікір қайшылығы екіге жарылған жұрт абдырап қалды. Ал француз сарапшысы Раду Магдин Қазақстанның қазіргі экономикалық дамуын елдегі­ тұрақтылықпен байланыстырады. «Қазақстан сияқты үлкен мемлекетті басқару­да Президентті заңды түрде сайлау аса маңызды. Бұл сайлау тұрақтылық пен Нұрсұлтан Назарбаев негізін салып кеткен тарихи жетістіктерді жалғастыруға жол ашады­. Дәл қазір Қазақстан үшін саяси тұрақтылығын сақтай отырып, экономика тұрғысынан сенімді әріптес ретінде қалуы маңызды» деп баға берді.

Ертегілерде айдаһармен алысу жайындағы эпизод естеріңізде болар?! Шайқас басталмас бұрын бүтін елді жайпап жатқан әлгі аждаһа ешкімге дес бермейді. Одан қорыққан жұрт арасынан әйтеуір бір батыр пайда болып, жалғыз өзі жайратып салып, мықты атанады. Бұл жолғы кезектен тыс өтетін саяси маңызға ие сайлау да тура осы секілді тартысқа толы болатын сияқты. «Жетеудің жарысынан» біреу ғана бәрінен оза шауып, жеңімпазға айналады. Әзірге ол кейіпкердің есімі белгісіз. Ал қол жинауда Тоқаев «төрге» шықты.

Н.ҚАЗИ

 


ОТТЫ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
09.05.2019 15:00

Тарихтың тарамдалған тармағына таңба болып басылған ХІХ-ХХ ғасырлар қойнауындағы уақыт қазақ халқына қасі­рет төндіріп, ерлерін етігімен су кешуге­ мәжбүр етті. Шежіресі төгіліп, тарихы сайрап жатқан сайын даласын сырттан келгендерге «сарқыт» етпес үшін жан пида еткен ержүрек ерлеріміздің ғұмы­ры ерлікке толы. Отбасын асырау мін­детін ел қорғап, жер сақтауға, халықтың тыныш өмірінің қорғаны қызметіне айырбастаған сарбаздар баласын мін­гізген иығына қару асынды. «Ер мойнында қыл арқан шірімес» деген тәмсіл жүгінің ауырлығы сол заманда өмір сүрген ер-азаматтар үшін анық сезілді.

Себебі олардың кейбірі Отан қорғау үшін майдан шебіне аттанарда боса­ғасын соңғы рет көріп, анасының «аман бол!» деген сөзін естімейтінін, баласын қайталап иіскемейтінін, жарының жылуы­ енді қайтып сезілмейтінін сезген жоқ. Аңызы – халық жүрегінде, ақиқаты – өшпес ерлік жасағанында. Осындай ерен ерлігі тарих дастанына айналған  азаматтардың еңбегі мен есімі де ұмытылмайды. Егемен ел болып,­ еңсемізді тіктегеніміз де ерлік­тің  арқасы.­

7 мамыр – еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелд­енгенін білдіретін күн. 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл Жарлық  бойынша, Қазақстан  аумағына орналас­қан Қарулы Күштер өзде­рінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Елбасынан басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник С.Нұрмағанбетов таға­йындалды. Бұл күн Қа­зақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құ­рылған күні болғандықтан «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» деп жа­рияланды. Ал іле-шала сайын далада жүріп сүйінші­леткен  «9 мамыр – Жеңіс күні».

Тарихи деректерге сүйенсек, зар заман мен нәубет жылдарының қа­сіре­т-азабынан енді ғана бой көтерген қазақ баласының ашық шайқасқа аттандауы да ерлік. Қандай қиындық болмасын, еңсесін түсірмей ел болу­ға ұмтылғанын осындай қасиетімізден көреміз. Сол 1941-1945 жылдар аралығында Қазақстаннан  1 млн 366 мың сарбаз­ маздаған майдан орта­сына аттанды. Дала төс­кейінде жаумен шайқасып жатқан әр жауынгердің отбасы мүшелері жағымды да, жағымсыз да хабар алып тұрды. Күн сайынғы  жаңарып  тұрған «соғыс статистикасы» үшін әр сарбаздан айрылу үлкен қауіп төндірді. Сұм  ажалдың тырнағына  сол соғыстың сардала­сында ілінгендер үшін қарыздармыз. Ал «аттандап» барып, ақжолтай хаба­р жеткізген жаужүрек майдангерлерге ізет те, ілтипат та жоғары. Хал­қын қорғап, елі мен жері­не өзгенің табанын тигіз­бес үшін жеткен жеңіс оңайға түскен жоқ. Ұрыс даласында әр 6 секунд сайын бір жүректің соғысы тоқтаған. Әлем халықтарының 80%-ы қатыс­қан майдан даласына 61 мемлекет тартылып, 40 елдің жерін соғыс өрті шарпып, 110 миллион адам қолына қару алған. Елестете беріңіз...

КСРО жағынан 6,8 миллион әскери қызметкер оққа ұшты, жарақат салдарынан, ауыр нау­қастан, бақытсыз оқиға­ларға тап болудан қаза тапты, трибуналдардың үкімдері бойынша атылды. Ал, 4,4 миллион адам хабар-ошарсыз, оралмаған. Сол кездегі Кеңес Одағы халықтарының тұтасқан бірлігі мен мызғ­ымас достығы, ха­лық пен әскердің жаппай ерлігі Жеңісіміздің бір­ден-бір  кепілі  болды.

190 дивизия, 5 мыңдай самолет, 3700-дей танк, 50 мыңнан астам қару мен миномет – гитлершілдердің соғыстың бас кезінде шабуылға шығарған «құндылығы». Ал Кеңес жеріне жанталаса енген жау әскерлерінің саны бес жарым миллионнан асқан. Қол­дың да, қарудың да көп екеніне қарамастан қазақ елінің сарбаздары анталап келген қарсыласты арқадан лақтырып отырды. Айбары мықты, айбыны асқақ халықтың рухани жігерінен жасығаны туралы да аңыз-әңгімелер бар. Бойында текті­лік, қанында қайсарлық қайнап тұрған жауынгерлердің мысын басу майдан шебінде миномет атып жүргендерге оңай болған жоқ. Жеңіс тұғыры көтерілмей тұрып, кескілескен майдан тө­сінде жан тапсырып, ең­бек армиясында көз жұм­ғандарды қоса есептегенде  бұл соғыста КСРО 26,6 миллион адамынан айырылып, демографиялық шығынға ұшыраған. Ал соғыстың ошағы болған Германия 6 миллион 500 мың адамынан көз жазған.

Биыл сол жеңісті байрағымыздың көкке көтерілгеніне 74-інші көк­тем. Өр кеудесін оққа тосып, табанын отқа төсеп, рухын жанытпаған, намысын таптатпаған майдангерлердің алды 100 жасқа жақындады. Айта кете­йік, бүгінде Қызылорда облысында 25 Ұлы Отан соғысының ардагері және  4809 тыл еңбеккері тұрады. Осы жылы соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне мате­риалдық  және әлеуметтік көмек көрсетуге 404,4 млн теңге бөлінді. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерле­ріне – 202 мың теңге, соғыс жылдарындағы ерен еңбегі үшін ордендермен және медальдармен ма­рапатталғандарға –  126 мың теңге, ҰОС ке­зінде 6 айдан астам жұ­мыс іс­тегендерге 75 мың теңгеден көмек берілді.

«Неменеңе жетістің бала батыр, Қариялар азайып бара жатыр. Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр» деп тебіренген мұзбалақ ақын Мұқағалиша мұңаюымыз да – жазмыш. Қасірет шегіп, қан кешкен отты жылдардың куәсі болған азаматтардың тобығы үзеңгісінен әлі тайған жоқ. Еліне жеңіс әкелді, өмір сыйлады, бейбітшілік заман­ды тарту етті, келешек ұрпаққа тыныш күн әперді. Қарт жауынгерлеріміздің бүгінгі тілегі де, арманы да – ұрпағының аман, елінің бейбіт өмір сүргені.

 

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


ЖҰМСАҚ АҒАШ ҚҰРТҚА ЖЕМ, ЖҰМСАҚ АДАМ ЖҰРТҚА ЖЕМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
09.05.2019 14:45

«АРЗАН»  КІТАП

 

*Таным көкжиегіңізді кеңейткіңіз келе ме?

*Өзіңізді қоршап тұрған кедергілерді бұзуды қалайсыз ба?

*Уайым-қайғы, жаныңызды жегідей жеген қиыншылықтан құтылудың жолдары қандай?

*Бай болуды армандайсыз ба?

*Миыңызды шырмап-матап тұрған сан алуан проблеманы қалай жеңуге болады?

Әрине, біліміңізді толықтыру арқылы. Бұл ретте сізге психологиялық кітаптар көмекке келеді.­

Кәмшат Бекжігітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт», Луиза Хейдің «Көгілдір кітап», Аманжол Рысмендиевтің «Табыстарға  жетудің 7 құпиясы», Қуаныш Шонбайдың «Екінші болма»­, Мақпал Қаратайқызының ­«Мақпалдың мекені» кітаптары – бүгінгі оқырманның сұранысы­на ие дүниелер. Кітап бағасы Сіздің өміріңізді, денсаулығың­ызды, болашағыңызды лайлап жатқан проблемалард­ың шешімінен де арзан. Небәрі 3500 теңге!

Көп уақыт бола қойған жоқ, ақылы түрде ақыл айтып, кеңес беретін психолог-тренерлер қаптап­ кетті. Тіпті ел аралап, ақылы мен кітабын сатып, семинар-тренинг өткізушілерді қыз-келіншектер­ қауымы асыға күтеді. Бұған не себеп? Неліктен әлеуметтік мәселелер мен тұрмыстық кедергілерді өздігімізден шешу қасиетімізден айырылып қалдық?

 

«БҰЛ  МҮМКІН  ЕМЕС»  деді  СЫЛТАУ...

Бұрындары ата-бабамыз қандай да бір мәселені үлкендердің алдына барып шешуші еді. Қазіргі үлкен кісілер ақылға «сараң» ба, әлде білмей тұрып білгеннің тілін алмау жолына түсіп алғанб­ыз ба, әйтеуір өзгенің жан-жақты қолдауына зәрулік басым. Рас, психологияның ғылым ретінде қалыптас­қан, қалыптаспағаны әлі күнге сұраулы мәселе болып отыр. Соның өзінде адамның өзін-өзі бағалауы, өмірде жиі кездесетін қиындықтарды жеңе білу, болашаққа қадам басу, жоспарлар құру деген­ секілді қарапайым шарттардың өзін өздігімізден орындамайтын халге жеткенімізге осындай ақылы кеңес беруші­лердің жұмысы куә. Шыны керек, бүгін­де Омар Жәлел, Айнұр Тұрсынбаева, Қуаныш Шонбай, Кәмшат Бекжігітова­, Мақпал Қаратай, Құралай ханымның ақылы семинар-тренингіне бетпе-бет те, онлайн түрінде де қатысушылардың дені – әйелдер қауымы. Сабақтың өту барысы да әртүрлі және ауқымды. Мен өзім де М.Қаратайдың екі сабағына ақы төлеп қатыстым. Ондағы ұққаным – адамның өзін-өзі жеңе білуі. Омар Хайям­ айтпақшы, «Бұл мүмкін емес» деді Сылтау, «Бұл – ақылсыздық» деді Тәжірибе, «Бұл – пайдасыз» деді Менмендік, «Байқап көр» деді Арман...

Арманымның айтқанымен жүріп, байқап көрдім. Психологиялық кітаптарда жазылған пәлсапаларды ашып түсіндіргенде аң-таң болып отырған жалғ­ыз мен емес. Әлеуметтік желіде он­лайн түрде өткен сабақтан әркім өзіне керегін алады, қажетсізін қорытпайды. Адамның өзін-өзі тәрбиелеуде өзінің атқаратын қызметі ерекше екенін сол сәтте ұғындым. Оған дейін білме­дім деп айтуға болмайды. Білдім, бірақ мойындамадым, әрекет етпедім. Қар­жы  бөліп қатысқан соң мұқияттылық танытып, зердеге тоқуға ықылас танытқаным рас.

«Сөз – кілт секілді. Ретін тауып, кез келген жүректің құлпын ашуға, кез келген ауызды жабуға болады» демекші тренинг өткізушілердің бәрі де – сөзге ше­бер, тілге жатық, ойға жүйрік мамандар.

 

«ЖАНТАНУ»   МА,  «РУХАНИЯТ»   ПА?

Анықтамалық деректерге сүйенсек, негізі психологиялық ғылыми білімдердің та­рихы екі кезеңге бөлінеді. Оның  біріншісі шамамен 2500 жылға созылған, көш­басы Аристотельден басталатын жан дүниесі жайлы түрлі ой-пікірлердің ілкі тарихы. Осы кезең ішінде психология басқа ғылымдармен, әсіресе, философиямен қосақтала дамып­ келеді. «Психология» терминінің бірінші қолдануы 1590 жылы Неміс схоластик пәлсапасышы Рудольф Гокельге беріледі. Алайда одан алты ғасыр бұрын Хорват гумани­сті Марко Маурулиц бұл терминді өзінің кейіннен жоғалған еңбегінің есімі ретін­де қолданған. Бұл әрине терминнің ең бірінші қолда­нылуы болмауы мүмкін, бірақ бұл бүгінгі күндегі терминнің ең алғашқы құжатталған қолданылуы болып есептеледі. «Уикипедия» ашық желісінде «Психология ғылым емес» деп келтіріл­ген деректерде «Грек, латынның кейбір сөздері өз ана тіліне айналып кеткен Батыс елдері (ағылшын, неміс, француз, итальян, испан, грек) үшін «психо­логия»  сөзі – «руханият» деген мағынада ұғылады. Мысалы, қазақ үшін арабтың «рух» сөзі қазақтың өз сөзі сияқты ұғылады емес пе?! Дәл сол сияқты «псюхе»­ сөзі батыста «рух» деп түсін­діріледі. Батыс елдері «Ағылшын рухани­яты», «Француз руханияты», «Грек руханияты» дегендей етіп өздері­нің ұлттық рухания­тын зерттеуге ден қойған. Яғни батыстағы «руханият жайлы­ ғылым» дегені­ң ақылға қонымды, пайдалы ғылым бола алады. Ал Кеңест­ік шекпеннен шыққан елдер үшін, оның ішінде Қазақстан үшін «психо­логия» дегеннің не мағына беретіні­ де бұлыңғыр. Бізде «псюхе» сөзін «рух» деп санамайды, «жан» дейді, ал «психология» дегенді «руханият» деу орнына «жантану» деп қателеседі. Батыс­ елдері «рухани даму», «рухани азық», «рухани кесел» дегендей мәселелерді қарастырып жатса, біздікі­лер олардың атауын ғана алып, «психикалық  даму», «психикалық азық», «психи­калық кесел» деп, ішкі мәнін дұрыс ұқпай, шала түсінікті сөздерге айнал­дырады. Сосын оның түпкі мәнін жеткізе алмай сандырақтап кетеді. Осы сияқ­ты кемшіліктер дәлірек айтқанда, «былықтар» бізде толып жатыр. Сондықтан да Қазақстандағы «психология» ғылымы – ғылым емес. Әлбетте, оның ашқан жаңалығы да атымен жоқ. Мәселен, шетелдерде жасалып жатқандай кісітануға қажетті сын-сұрақтамалардың бірін де біздің «психологтар» жасай­ алған жоқ. Біздегілер Батыс елдеріндегі рухани жарамсыз, қоқысқа саналған ескі тесттерін аударумен, көшірумен ғана айналысады. Мысалға, Батыс елдеріндегі ғалымдар төрт темперамент түрін анықтау  тесті түгілі, сол темперамент­тің төрт түрі бар дегеннің өзін қате деп жоққа шығарған. Ал біздікілер «Ай­зенк­тің темперамент түрін анықтау тестін» енді аударып, студенттерге оқытуға  кіріскен»  делінген.

Сонда біздегі рухани жігер сыйлап, жылағанға жұбаныш, сүрінгенге демеу, жығылғанға сүйеніш болып жүрген психолог мамандар халыққа қандай сабақ үйретіп жүр? Рас, олардың салған пос­тының астына қаншама мыңдаған пікірлер жазылады. Бірі мақтайды, келес­ісі даттайды. «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты. Мінез бен ақыл жарасса, адамгершілік ұтады» деп Әбу Насыр Әл-Фараби айтқан. Сөзге шебер тренерлердің де айтатыны – осы бағыттағы ойлар.

 

ЖАНАШЫРЛЫҚ   пен   АҚША  ТАБУ

Психолог-тренерлердің жұмысын ақша табудың көзі деп қарастырсақ, әрқайсысымыз сол қадамға бара алар едік. Алайда оған жігер, білім, батылдық­ жетіспейді. Демек біз әлі өз-өзімізді толық­тай танымай жүргеніміз шындық. Кейбіреулер оларды «халыққа ақыл айтқыш­тар»  деп  қабылдайды. Соңғы екі жылдың көлемінде бұл арнаға бет бұрғандар біршама артқан. Қоғамдағы бар және көзге анық көрінетін мәсе­лелердің шешімін табуға ат салысып жүрген психологтар расымен де әр адамның рухани кемелденуін қалай ма екен? Солай деген күннің өзінде әртүрлі тақыр­ыпты желеу етіп, әлеуметтік желіде­ тіпті интимдік қарым-қатынас туралы­ сабақ оқитындар пайда болды. Алайда әр отбасындағы қасаң қағида, берік ұстаным ретінде айтылмайтын тақыры­п ауқымын жария ету, ақыл-кеңес­ айту ақша табудың құралына айналғ­анын айқындап тұр. Мейлі, тапсын! Бір сөзбен айтқанда, бұл да – бизнес­! Өзіміз біліп тұрып, сол ережені бұзатын, өз ойлағанынан гөрі біреудің айтқанымен жүретін қасиеттен арылуға талпынғанымыз жөн шығар! Сол кезде аңқау ел де, арамза молда да болмас еді.

 


 

 

Сіз не дейсіз?

Ләйла  САДЫҚОВА, жас  ана:

- Психолог-тренерлердің  сабағына  тұрақты болмағанымен, арасында қатысып тұрамын. Барлығының  айтатыны  бір  бағыттағы  әңгіме: өзің талпын, өзіңді сыйла, жақсы ойла, ешкімге  жамандық  тілеме, Алладан тіле, т.с.с. дәл  қазіргі қоғамда олардың жүргізіп отырған сабақтарының пайдасы да бар. Екінші жағынан, ақша табудың көзі. Ол да дұрыс, олар өз білімдерін халыққа сату арқылы күн көріп отыр. Мен кітаптарын да оқыдым, ақылы, ақысыз сабақтарына да қатыстым. Олар да қарапайым адамдар, тек шешен сөйлей біледі. Бүгінгі қоғам сол ақыл-кеңеске мұқтаж болмаса да, зәру қыз-келіншектер жеткілікті. Мұны тренинг-семинарларға қатысқан кезде аңғардым. Өз-өзін тұңғиыққа тастап жіберген, өмірден қажыған, тек тірі болғаны үшін, балалары үшін ғана қара басын қалқитып жүрген әйелдер қауымының бар екеніне көз жеткіздім. Міне, сондай топтарға рухани жігер беретін адам жетпейді. Психологтар солардың орнын толтырып, өмірге деген құштарлығын оятып жүр деуге болады. Тағы бір пайдалы тұсы, әйелдердің аузын тыюға әсері бар. Яғни, екеуара отырып өздерінен басқаның бәрін «жаман кейіпкерге» айналдыратын әйелдерге уақыт өткізу және рухани даму үшін өте қажетті деп ойлаймын.

 

Тұрар  ӘБУОВ, дінтанушы:

- «Аңқау елге арамза молда» деген. Ешқайсысы  жаңадан дүние айтып жүрген жоқ. Кейде тыңдаймын, барлығы да оқыған кітаптарымен сайрап жүр. Тіпті, аят айтып, хадисті де өзінше түсіндіріп жүргендер де бар. Ақылы дәріскерлердің белең алуы қоғамда бұқара халықтың кітап оқымайтынын аңғартып тұр. Соны пайдаланған дәріскерлер аяқ астынан ақылы түрде ақыл айтып, данышпан болып шыға келді. Әсіресе, Абай мен Шәкәрімді айтушылардың дәріс құны тіпті қымбат. Мұндайда қазақтың «пәлен жерде әулие бар, барсам алдымнан  шайтан шықты» деген сөзі еске түседі.

 

Жансая   ЖҮНІСОВА,  көпбалалы  ана:

- Бұрын университетте оқып жүргенде «Өзін-өзі тану» деген сабақ болатын (Қазір ол 1-сыныптан басталады). Сол сабақтың түпкі мәнісін түсінбесек те бәріміз жақсы көретінбіз. Арнайы кабинетте өтетін сабақты бір-бірімізге  айтылатын  жылы  сөздер  үшін  ұнатады  екенбіз ғой. Айтайын дегенім, осы сабақтың мәнін енді ұққандаймын. Өзімді енді-енді танып келемін. Бұған бірден-бір себеп, психологиялық оқулықтар оқып, тренингтерге қатысуым. Соның арқасында қазір өзімде көп өзгеріс бар. Мұны жанымда жүрген достарым да аңғарған. Негатив­ті  ойлаудан  арылып, түбегейлі  позитивті ойлау­дан бөлек, аузымнан шығатын сөздерді де електен өткізіп айтатын болдым. Тек өзім ғана емес, балаларымның да әңгімелерін қадағалап, лексикондарында мағынасы нашар, ауыр сөздердің кетіп қалмауын қадаға­лаймын. Себебі, айтылған сөз – атылған оқ. Әрі бір сөзді көп айта берсең, оның түбінде орындалатыны да шындық­. Сондықтан сөзге қатты мән бере бастадым. Ой да дәл солай. Не ойласаң, сол болады дейді ғой. Бүгінгі өмірің – кешегі ойларыңның жемісі. Яғни, бүгінгі таңда қаншалықты  керемет  өмір сүріп жатырсыз, демек кезінде­  соншалықты  ойлағансыз. Сол ой бүгін жемісін беріп отыр. «Енді не істей аламыз?» деген заңды сауал туады. Өткенді, бүгінді  өзгерте  алмасымыз  анық. Бірақ, болашағымызды өзгертуге  уақыт та, мүмкіндік те бар. Мұнан  бөлек  «бейшаралық  психологиясынан»  арылып келемін. Әсіресе, ана ретінде өзіме келгенде үнемдеуді­ доғардым. Қандай да бір затты қаласам, мүмкіндігім жеткенше  сол  затты  алуға тырысамын. Себебі, адам өзін сүймей, өзін құрметтемей, өзгелерді сыйлауы  екіталай.­

Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ

 


ШАРАНА ТАСТАҒАН ШАЛА АНА PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
09.05.2019 14:45

Әр адамның тағдыры әрқилы. Кедей бай болсам дейді, бай Құдай болсам деп армандайды. Екеуі де секірді дегенімізбен, тоңып пен тойып секіргеннің түпкі мақсаты бірдей емес шығар. Біреу үшін қол жетпес байлық екіншісінің қол созым жерінде тұрады. Ал, баз біреулер үшін бұл әлдеқашан ашса алақанындағы, жұмса жұдырығындағы нәрсе болуы мүмкін. Мұндайда «қолда барда алтынның...» деп келетін мақал еріксіз еске түседі. Барды ұқсата алмау бар да, жоқ деп қарау тағы жоқ. Жазғанымыз алғашқы жаңажолдан түсініксіз басталса, мұның да лайықты себебі болғаны деп ұғыныңыз. Мұны ешкім түсінген емес, түсінбейді де...

Мамырдың мамыражай күніне аяқ басқан шақта өмірге Рамазан­ есімді шекесі торсықтай ұл бала дүниеге келді. «Атқа­мінерім менің, қамшыұстарым аман болсын» дейтін бір адам болсай­шы. Шақалақтың есімі қандай тамаша еді!? Есімін «Алдымы­зда айлардың сұлтаны Рамазан келе жатыр ғой» деген оймен барлық жақсылықты тілей отырып, ырымдап қойғаны анық. Бірақ, атын қойған адамның  Рамазан батырға еш туыстығы­ да, қатысы да жоқ. Ол  бар  болғаны  перзентханадағы  дәрігер ғана. Оның  ешкімі жоқ, ештеңесі  жоқ. Өйткені, шарананы анасы­ көшеге­ тастап кеткен екен...

Оқиға Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде болған. Кент тұрғыны­ көшеде келе жатып жылаған нәрестенің дауысын естиді. Сол-ақ екен, бүлкілдеген пакетті жабайы мысықтардың қоршалап, айналшықтап жүргенін көреді. Тіпті, тырналап та тастапты. Елден  естісе де, көзбен көрмеген сұмдықты байқаған тұрғындар дереу  жедел  жәрдем  көлігін шақырып, тәртіп сақшыларына хабар­  береді. Пакет ішіндегі кіндігі де кесіліп үлгермеген бейкүнә періште аудандық аурухананың перзентханасына жеткізіледі. Қазалы аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бақытгүл­ Алишеваның айтуынша, нәрестенің денсаулығы қалыпты­  екен. Салмағы – 2 келі  700 грамм.

Негізі, сәбидің бәрі бақытты болуы үшін ғана жаралуы тиіс. Сондықтан, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Сәби болғым келеді,­ сәби болғым, Мына өмірден хабарсыз, жаңа туған» деп жырлады. Егер ол әкенің жүрегі – мұз, ананың бауыры – тас екенін білгенде бұлай демес пе еді?! Ана өз баласынан безсе, қайғының да ең ауыры  осы  шығар.

«Аталмыш оқиғаға байланысты полиция қызметкерлері кешенд­і жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдікті әйел ұсталды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік Кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейін­гі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етуге жатпайды», - дейді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Иә, құқық қорғау саласының мамандары дұрыс айтады, ана дегеннен гөрі, күдікті әйел деген атау оған жарасатындай. Аталған­ факті  бойынша  ҚР Қылмыстық Кодексінің 119-бабы 1-бөлігімен (сәбиді қауіпті жағдайда қалдыру) қылмыстық іс қозғалған болатын.­

«Бүр жаруға бірер ай қалған шарана істік ине ұшында сұйылып­  кетті...» деп жазған еді ақын-ұстаз Дархан Аманжолұлы өзінің қысқа әңгімесінде. «Бүр жарғанына» бір ғана күн болған бейкүнә шақалақтың өмірдегі өзіне беймәлім алғашқы күндері осылай басталды. Бұл – қасірет. Бұл – қылмыс. Бұл – ...

Шарананың құжаттары реттелген соң, облыс орталығында орналасқан сәбилер үйіне беріледі деген ақпарат бар. Өз үйі жоқ нәрестенің сәбилер үйін мекендеуі заңдылық ғой. Тастанды баланың­  тасжүрек болып өсетіні де дәлелдеуді қажет етпейді. Әлде әйгілі әндегі «Бір иіскесем анамды, болмас еді арманым» деп өсер ме екен? «Бозторғайдағыдай» ботадай боздаса «Мүмкін емес болмауы, мені туған ананың» деп те тебіренуі мүмкін. Ол кезде анасының қайда және қалай өмір сүріп жататыны бізге белгісіз, бір Аллаға ғана аян! Шаранасын тастаған жанға «шала анасың!» деуге болатын шығар. Оны мұндай халге жеткізгеннің де оңып тұрғаны шамалы.

Күндердің күні болғанда, Рамазан есін біліп, есімін өзгертіп алуы мүмкін. Тегінің де тегіннен-тегін телінбегені түсінікті ғой...

Рыскелді  ЖАХМАН

 


ҚҰРМЕТ пен ҚАТЕЛІК: батырдың тегі неге бұрмаланды? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
09.05.2019 14:42

Былтыр дәл осы уақытта біз басылым бетінде «ТАҒЗЫМ АЛАҢЫ»: ҚҰРМЕТ пен ҚАТЕЛІК» (http://halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_con­tent­&view=article&id=8999:l-r-&catid=6:2011-11-18-09-03-06&Itemid=6) деп мақала бастық­. Қылшығы қисайған кісіні байқамадық. Сондықтан қайта қозғауға мәжбүрміз. Ашығын айтайық, нәтиже болмайынша, біз бұл мәселені жазудан жалықпаймыз.

Бүгінде жеңісті жақындатқан жандардың саны азайып бара жатыр­. Дөңгеленген дүние керуені бір орнында тұрмайтыны түсінікті. Дегенмен, қарттардың қатары­ сиремесе екен деп тілейміз. Көзі тірі соғыс­ ардагерлеріне жергілікті биліктің көңілі түзу. Ат үстінде жүрген азаматтар олардың хал-жайын біліп, жылда сый-сияпатын аяған емес. Айтпақшы, биыл Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев ерледі. ҰОС ардагері Лепес Әуесбаевқа жаңа баспананың кілтін табыстады.

Ал енді ұрыс даласында оқ пен оттың ортасында жүріп ерлік көрсеткен батырлардың рухын­а құрмет қандай? Тарихи деректерге сүйенсек­, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына Қызылорда облысынан 150 мыңға жуық азамат аттанған екен. Олардың 30 мыңнан астамы елге оралмаған. Біз айтып отырған  «Тағзым  алаңы»  ҰОС мен Ауған соғы­сы­, Семей  атом  полигоны, Чернобыль апатының  құрбандарының рухына арнап салынған­. Әйтсе де, онда орнатылған ескерткіш тақталарда қате  қаптап  жүр.

Мысалға, орнатылған мемориалдық тақталарда жауынгерлердің атақ-даңқын айшық­тайтын кескін дұрыс салынбаған. Кейбірінде «Қызыл жұлдыз» ордені ғана бейнеленген екен. Атап айтқанда, Геннадий Шляпинге жаужүрек батырлығына орай «Ерлігі үшін», «Сталинградты­ қорғағаны үшін», «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілген. Бірақ оның аты-жөні жазылған тақтада неліктен «Қызыл жұлдыз» ордені тұр­ғанын ұқпадық. Мемориалдық тақталардың құрылысы жүрдім-бардым жасалған тәрізді. Өйткені, Кеңес Одағының Батыры атанған майдангерге берілетін төсбелгінің сипаты: енсіз жұқа тақтайшаға ілінген бес жұлдыз болуы қажет. Ал «Даңқ» орденінің үш дәрежесімен марапаттал­ғандар Кеңес Одағының Батыры  атағына теңес­тірілген. Олай деуімізге де себеп бар. Айталық, Иван Журба, Яков Михайлюк, Ерденбек Ниетқалиев, Жақыпбек Маханбетов, Тәйімбет Көмекбаевқа арналған мемориалдық тақталардың сапасы тым төмен. Айқыш-ұйқыш.

Ол, ол ма? Отан үшін от кешкен қызылордалық Николай Самороковтың тегі қате жазылыпты. Дәлірек айтқанда, «Тағзым алаңында» оның құрметіне қойылған мемориалдық тақтада тегі «Чамороков» деп көрсетілген. Бұл кісі туралы іздеген адамға ақпарат өте көп. Ол 1910 жылы Перовск (Қызылорда) қаласында дүниеге келген. 1940 жылы Чкалов қалалық әскери комиссариатына  шақырылып, әскери-авиациялық училищеге оқуға жіберіледі. Николай  Самороков жүзден астам  жауынгерлік ұшу жасаған. Ол екі жүзден астам неміс солдаттары мен офицерлерін, паровоздарды, вагондарды, төрт зенит зеңбірегін, көптеген соғыс техникаларын жойып­ жіберген. Ұрыс даласында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 24 қазандағы Жарлығымен ұшқыш-штурмовик, гвардия аға лейтенанты Николай Николаевич Самороковке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соғыстан кейін Орынбор қаласында тұрып, 1974 жылы дүниеден өткен.

Осы ретте естеріңізге сала кетсек, КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1939 жылғы Жарлығымен Батыр атағын алғандарға кеудеге тағатын «Алтын медаль» қоса берілген екен. Оның авторы – архитек­тор Мирон Мержанов. Бұл атақты ең бірінші болып 11 ұшқыш иеленіпті. Қызылорда облысынан 20 Кеңес Одағының батыры, 1 «Даңқ» орденінің толық кавалері шыққан.

Бұл мәселенің былтыр да жазылғандығын жоғарыда  айттық.  Айтпақшы, облыстың тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми әдістемелік Кеңес жұмыс істейді. Кеңес мүшелері жылына 4-5 мәрте жиын өткізеді. Құрамында есімі елге белгілі бірқатар азаматтар бар екен. Бірақ бұлардың бірде-біреуі бұл өрескел қателіктерді байқамағаны өкінішті.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


БАРЫМТАШЫЛАР ОРАЗАНЫҢ БАСТАЛУЫН КҮТКЕН БЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
09.05.2019 14:40

«Ораза айы – күнәдан тазару айы» дейміз ғой. Айлардың сұлтаны ораза басталғанда  барымташылар  «кәсібі­не» кіріскен  тәрізді. Редакциямызға сейсен­бі күні Қармақшы ауданы, Ақтөб­е ауылының тұрғындары ха­бар­ласты. Мамырдың 6-сынан (ораз­а басталғ­ан күн. – Қ.Ж.) 7-сіне қараған түні  қорадағы қойы қолды болған.

Олардың айтуынша, ауылдағы Ыбырай Сейтенов атындағы көшенің 3 үйінен 15-ке жуық уақ мал ұрланған.

– Ораза айында ата-бабамыздың рухына­ құран бағыштап, ауызашар жасаса­қ деген ниетіміз болған. Соған арнайылап бір қошқарды байлап, бағып отыр едік. Таңертең қораға келсем, семіз қошқар жоқ. Ауылда мал ұстай алмайтын халге жеттік. Қылмыстың ашылуы  қиын,- дейді 8 бас қойы ұрлан­ған­  Анар  Байзақова.

Ауыл тұрғындарының сөзіне сенсек, Ақтөбе ауылының учаскелік полици­я инспекторы жақында та­ға­йын­далған. Қас қылғанда, тәртіп сақшысы сырқаттанып қалған көрі­неді. Ал оның орнына іргелес Ақжар ауылдық округінің учаскелік инспекторы  келіпті. «Біздің ауылға жаңадан тағайында­лған инспектордың келгенін естідік, бірақ бет-жүзін көрген емеспіз»  дейді  тұрғындар.

«Мал ашуы – жан ашуы». Барымташылардың бұл ісінен қажыған ағайын­ кімге шағымданарын білмей дал. Себебі, бұған дейін де бұл елді мекен­де мал ұрлығы болған. Дегенмен, кейбірі «жабулы қазан» күйінде қалса, енді бірі «өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» ағайынгершілікке салып, ұры­ларға кешірім берген екен. Ал Ақтөбе ауылдық округінің әкімі қызметіне енді ғана кіріскен Данияр Ахметов:

– Мамырдың 7-сі күні таңертең ішкі істер бөлімінің мамандарын шақырттық. Тұрғындардың арызын қабылдап алды. АІІБ мамандарының айтуынша, барымташылар мен машинаның ізі бар екен. Олар тиісті жұмыстарды бас­тады.­ Былтыр дәл ораза айы бастал­ғанда да  мал ұрлығы болған көрінеді. Осы ауылдың барлық мәселесіне жауапты болған соң, қылмыстың тезірек ашылғанын­  қалаймыз, - деді ол.

Қасиетті ай басталғанда барымташылардың бұл әрекетін қалай бағалауға болатыны түсініксіз. Шамасы, әккі ұрылар рамазан айында төрт түліктің өтімді боларын білсе керек.

Ауылда барымташылықтың бұлайша белең алуына не түрткі болды? Бұл жұмыссыздықтың салдары емес пе? Сананы сансыратқан сауал өте көп...

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


«ҚҰДАЙСЫЗДАР ОДАҒЫНЫҢ» ҚҰРЫҒЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
09.05.2019 14:30

Әлеуметтік желіні аударып-төңкеріп отырып көптеген­ жаңалықтарға көзіміз түсіп жатады. «Жұртшылықтың  білгені  дұрыс-ау» деген мәліметтерді жөнге келтіріп, жүйелеп, ойлы оқырманға ұсынуда­н шаршаған емеспіз. Біз жариялап отырған ақпараттың  екі  ерекшелігі  бар.

Бірінші, ақ пен қараны ажыратып, тура жолды нұсқайтын қасиетті Рамазан айы да басталды. Кеңес заманында қазақтарды тілінен, ділінен, дінінен аластау, ажырату, ұлттық болмыс-бітімінен айыру үшін көптеген құзырлы мекемелердің, белгілі бір топтардың  аянбай жұмыс істегенін білетін шығарсыз. Қазір дәл ол жайт артта қалды. «Ораза ұстама» деп екіленіп жатқан ешкім жоқ. Яғни, темірдің өзін қызғанда соғу керек емес пе? Мақала бүгінгі күннің бейнесіне сай болғандықтан, өтімділігі де жоғары деп ойлаймыз.

Екіншіден, әлгі айтқан ұлтқа қарсы идеология өз жұмысын Сыр елінде жүзеге асырыпты. Осыдан тура 89 жыл бұрын. Бұл басы ма, соңы ма, белгісіз...

(Редакциядан)

 

Мына кітап (суретте – ред.) халықты діннен аластау­ бағытында жұмыс істеген «Құдайсыздар одағы» деп аталатын мекеменің 1930 жылы Қызыл­ордадан басып, 3000 данамен таратқан «Оразаға қарсы»  деген  оқулығы  екен.

Басқы беті мен соңғы бетін кирилге қотарып қойдым.­ Сол ұрандар мен ескертпелер арқылы кітаптың толық мазмұнын түсіне аласыздар деп ойлаймын.­

Кітаптың  басқы  бетінде  былай  жазылған:

– Жержүзінің пролетарияты бірігіңдер!;

– Оразаға қарсы;

– Мақала, әңгімелер жинағы;

– Сборник статей рассказов Против Уразы.

Бастырушы: Округтік партия комитеті қасындағы­ «Құдайсыздар одағы» мен «комсомол секциясы».

Қызылорда, 1930 жыл.

Ал, соңғы бетінде былай деп жазылған:

Бағасы: 20 тиын

Әрбір сана-сезімі мол, оқыған азамат өзін оразаға­ қарсы тұрумен бірге, басқаларға ақыл айтып, кеңес беріп, оразаның зиянды екенін түсіндіру – оның ұлы міндеті!

Дін – апиын.

Ораза – у.

Ораза – еріккеннің  ермегі.

Ораза – диқандардың  басын  ауыртатын  шіріген жұмыртқа.

 

Мырза  АБАЙ,

(Суреттерді  де  автор  ұсынды)

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Мамыр 2019 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары