Өзекті мәселелер

  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Арнайы  бетіміздің  тұрақты айдарындағы кезекті қонағымызбен  сұхбаттасудың  сәті түсті. Бұған дейін есепшілер мен ұстаздар әулеті туралы жазған болатынбыз. Жасыратын түгі жоқ, бұл жолы кейіпкер таңдау оңайға соқпады. Нәти­жесі­нде таңдау арманы – бір, мақсаты – ортақ, бол­мысы – егіз, бірге оқып, медицина саласында бірге қызмет етіп, бір шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған дәріг...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялады. Жыл аяғы жақын. Күні бүгінге дейін елімізде жастар мәселесі бойынша озық істер орындалып, межелі мақсаттарға қол жеткізілді. Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында: «Менің ойымш­а, біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға орт...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 15 Мамыр 2019

ҚАЛАМГЕР ТОЛҒАУЫ – ДӘУІР ШЫНДЫҒЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
16.05.2019 11:00

І.  ТАҒДЫР  ТУРАЛЫ  ТОЛҒАУ

Жазушы Айжарық Сәдібековтің көптомдық шығармалар жинағының үшінші томына деректі әңгімелер, эсселер, очерктер енгізілген екен. Кітаппен таныса келе қаламгердің өз замандастары туралы ақтарыла жаз­ған туындыларындағы уақыт, кезең шындығын дәл беруге тырысқанына риза болдық. «Жұмыр жерде біз бармыз» атты жинақтың кіріспесінде автор­дың өзі: «...Мына кітабымдағы кейіпкерлерім өмірде болған кісілер.

Ортамызда жүрген көзі тірілері өзіммен бірдей қайту базарының жолын­да келеді... Кейіпкерлерімнің кісілік жаратылысы мен еңбек мерейі­н қысқа жанр ыңғайымен көркемдеп суреттегенім болмаса, жазған­ымның жалғаны жоқ...», - деп көрсеткеніндей өмір мен қоғам тоғысын­дағы адам тіршілігі туралы туындылардың негізгі жүлгесі – шындық екені де хақ.

Жинақты оқығанда арабтың әйгілі ақын, жазушысы Әбдірахман әл-Хамисидің: ...Тракторлар тіліп, жыртып тастайтын

Емеспін жер қырысы.

Мен алаулап бастайтын

Жұмыр жердің қожасы Ер кісі, - деген шумақтары ойға оралады екен.

Ықылым замандардан бері көр­кем әдебиеттің өмірдің, адам баласының нақты тіршілігі мен қоршаған ортаның шындығын көркем бейнелеп қана қоймай, адамзат дамуының сырларына барлау жасап, оның табиғат­ын, қоғамның болмысын өзгертуге, жақсартуға үлес қосатыны, адамзат баласының өмірді түсінуіне ат салысатыны белгілі. Жинақтағы шығармалар осы талаптарға толық жауап береді. Оның «Даланың жұпар гүлдері», «Көктемін күткен ару», «Айдың-күннің аманында» атты әңгімелері дәрігерлер өмірін суреттеуге арналса, «Ректор» атты әңгімеде Абай атындағы ҚазПИ ректоры, Кеңес Одағының Батыры М.Ғабдуллин мен Қызылорда пединститутының ректоры Әділ Ермековтің азамат­тығы, қарапайымдылығы, жастар­ға деген ықылас-пейілі, қам­қорлығы студент көзімен баяндалса, «Жер бетінің шамшырақтары» атты әңгімеде тұрмыс тауқыметін тартқан, ауруға шалдыққан студенттің Қазақстан басшысы Шаяхметовтің қабылдауында болуы, оның жас жігітке әкесінде­й қамқорлық жасауы шынайы суреттеледі. Әңгімелердің айтпағы – «Ұлық болсаң – кішік бол» деген­ тағылымды тәмсіл.

«Жылқышының қызы еді», «Қараша үйдің келіні» атты әңгімелер қазақ әйелінің қайраттылығын, жан сұлулығы молдығын, ұрпақ тәрбиелеудегі рөлін, туыс-бауырға деген қамқорлығын, қазақ ұлттық қол­өнерін кейінгі ұрпаққа жеткізушілік қалпын суреттесе, «Қала ұйықтап жатқанда» атты әңгіме – тәртіп сақ­шы­сы – милиция қызметкерінің қылмыскермен күресін баян еткен туынды. «Елсізде кездескен екеу» атты әңгіменің де негізгі тақырыбы – адамдық, азаматтық. Қаламгер әңгімелерінің бір шоғыры өз әріптестерінің тағдыры туралы сыр шертеді. Мәселен, «Терістүбектен бастал­ған жол» атты әңгіме белгілі журналист Шәкізат Дәрмағанбетов туралы ой толқытса, «Қайран сабаз домбырамен бір туған» атты әңгіме ғажап фотожурналист, күйші Арзым­бе­к Мәдединов жайлы, «Сурет өнері­нің суреткері» атты әңгіме сырбойылық фототілші Болат Омарәлиев туралы­ көңіл толқынын тербетеді.

Жинақтағы әңгімелер қаламгер­дің халық өнеріне, ән мен күйге, өнерпазға айрықша талғаммен қарайтынын аңғартады. Оның «Сыр бұл­бұлдары сайраған түн» атты әңгіме­сінде сырбойылық күйші, сазгер Сламбек Ысқақұлының орындау­шылық,  сазгерлік  шеберлігі «Нышан абыз» атанған атақты қобызшы, Қорқыт­ күйлерін жеткізуші Смайыл Шәменов бейнелерімен бірлікте, отбас­ы жылуы және ұрпақ, өнер жалғас­тығымен  тұтастықта  ашылады. «Шалқар шабыт» атты әңгіме белгілі композитор, күйші Мұрат Сыдықовтың өнердегі өсу жолын көркем кестелеген. Қаламгер «Қайран сабаз домбырамен бір туған», «Сурет өнерінің суреткері», «Сыр бұлбұлдары сайраған түн», «Шалқар шабыт» атты әңгімелерінде детальдарды шебер пайдаланады. Бәлкім, өзінің де өнерге жақындығы бар ма, кім білген, кәнігі сейістей өнерпаздар  тағдырындағы иірімдерді дөп басады. Дөп басады да кейіпкерінің бейнесін жарқырата ашады. Қиын да, қасиетті өнер жолының иірімдеріне еркін барлау жасап, оқырманын ойға жетелейді. Жинақтағы тағы бір шоғыр­  әңгіме еңбектің жасампаздығын суреттеуга арналған. Олардың қатарында «Керегесін кең жайған», «Алтын айдарлы ұландар» және т.с.с. әңгімелерді атаймыз. Алғашқысында қаламгер адамдар мен қоғам қарым-қатынасы, еңбектің жасампаздығын халықтар, ұлттар достығы тақырыб­ымен бірлікте суреттесе, «Алтын айдарлы ұландар» атты триптихта еңбек адамдары тұрмысын оның болмысы­, ішкі әлемі, психоло­гия­сымен бірлікте ашады.

Деректі әңгімелер жазушы А.Сәді­бек­овтің бұл жанрдың талабын толық сақтағанын көрсетеді. Шығармалар желісі – шынайы өмірдің көркем кестеле­нуінің көрінісі. Бұл тұста қаламгердің көп жылғы журналистік қызметінің де әсері байқалады. Себебі,­ автор қаламына тән: нақтылық, дәлдік, ойды аз сөзбен жеткізу, көпсөзділіктен, суреттеушілікке салын­удан қашу осыны аңғартады. Жинақтың екінші бөліміне қаламгердің очерктері топтастырылған. Жалпы айтар болсақ, бұл туындылар А.Сәдібековтің өзіндік қолтаңбаға ие очеркист екенін көрсетеді. Очерктері оқырманды жалықтыратын қарадүрсінділіктен, көпсөзділіктен ада, қай кейіпкерін, қай оқиға желісін алмаңыз мейлі, көркем кестеге тізілген ой дәлдігін көресіз. Мәселен, «Қайран біздің қара шалдар» дейтін циклмен берілген төрт очерк кейіпкерлері – кешегі кеңес дәуірінің қиын тұстарын, аштықты, жалаңаштықты, соғыс­ты, қызыл империяның қуда­лауын, қайсы бірі патша заман­ының кесапатын көрген жандар. Автор шығармаларында адам мен қоғам, өмір мен тұрмыс арасындағы байланыстың қым-қуыт құпияларын ашуда, адамның өз қалпын, адам­дығын сақтап қалудағы әрекетін сурет­теуде ұтымды тәсіл табады. Ол тәсіл барлық оқиғаның кейіпкерлер арқылы берілуі болатын. Бір қызығы, автор айтпақ ойын да осы кейіпкерлер  аузына салады, авторлық байлам, шығарманың идеясы да осы тұстан мен мұндалайды.

А.Сәдібеков очерктеріне тән ерекшеліктердің бірі – шығармадағы өзектілік. Мәселен, «Ұландар ұрандатқан заман» атты циклмен бе­рілген очерктер топтамасындағы «Есімде,­ елуінші жылдар еді», «Өртеніп өткен ғұмыр» атты очерктерде әңгіме желісін тарқатушы қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері Ыдырыс Қалиев Шығыс жастарының көш­басшысы Ғани Мұратбаев туралы, сонау жылдары оның ұмытылып, тасада­ қалғаны, оны қайта елге қауыштыруда елуінші жылдары қандай­ тірліктер  атқарылғаны жайлы баян етеді. Осы бір көкейтес­тілікті қаламгер ұрандап, дабылдатпай-ақ кейіпкерін сөйлете отырып қылаусыз ашады, шебер жеткізеді.

Қаламгер очерктерінен байқалатыны – оның шығарма ырғағын тамыр­шыдай дәл басып, өзін толқыт­қан оқиғалар мен деректерді көркем очерк қалыбына салып, оқырманын да толқытуы. Толқыта отырып ойландыруы. Мәселен, оның «Сағыну да бір бақыт», «Махаббат тарихы», «Кімсің сен, Александр Матросов?!» атты очерктерін оқыған жанның сан тарау ойға түсері хақ. Шығарма желісінде автор ойы, сезімі, толғанысы мөлдірей көрініп қалатын тұстар да бар, бұл әсіресе, белгілі қаламгер Ұзақ Бағаев туралы баян етілер «Сағыну да бір бақыт» атты туындыдан айқын аңғарылады. Ол очерктерінде кейіпкерлерін сөйлете отырып, тек ел басына­ түскен ауыртпалық пен жақсы­лық-жамандықты, қоғамдық қайшылықтарды ақиқат шындыққа негіздеп баян етіп қана қоймайды, осының қабатында адами қалып, тектілік, махаббат, адамзатқа құрмет мәселелерін де көтереді. Бұл – қаламгер очерктерін біріктіріп, топтама жасауға негіз болуда, яғни жоғарыда аталған жайттар бөлім құрылымын да, туындылар табиғатын да тұтас­тырушы екені анық. Очерктерден біз қаламгердің өз кейіпкерін, өзін ойлан­дырған, толқытқан жайтты мейлінше терең зерттейтінін, тұжырымға талдау арқылы келетінін аңғарамыз. Шығармалар тілі – көркем, бейнелі әрі дәл. Бұл – қаламгердің жазу өнеріндегі өзіндік ұстанымы, көзқарасы, стилі қалыптас­қанын көрсетіп қана қоймайды, оның дүниетанымын, өмірлік тәжі­рибесін, азаматтық позициясын да танытады. Жалпы, екі бөлімнен тұратын­ жинақтың тағылымдық, тәлімдік рөлі зор, бұл жинақ – адам туралы, тағдыр туралы толғау деген тұжырым  жасаймыз.

 

ІІ.  ПАРАСАТ  МАЙДАНЫНДАҒЫ  ПАРАСАТ

Жазушы Айжарық Сәдібеков шығарм­алары көптомдығының төр­тінші томы «Парасат майданы» деп аталады. Бұл «Жұмыр жерде біз бармыз» атты жинақпен тығыз байла­ныста, ішкі бірлікте, бірін екіншісі дамытып, бірінде көтерілген мәселелерді екіншісі жалғастыра жөнеледі. Олай болуының басты себебі – мұн­дағы шығармалардың тақырып, жанр жағынан өте жақындығы деп білеміз. Бұдан бұрын да мақалаларымызда жазып жүргеніміздей, ұлттық әдебиет,­ ұлттық сөз өнері жойылса сол ұлттың да өлетіні, тілі жойылатыны, «өзге ұлтқа» айналатыны, оны ешбір экономикалық үдеріс және т.с.с. сақтап қала алмайтыны бесенеден белгілі. Бұл – жөнсіз сарыуайым­ға салыну емес, мұны ұлт тағдырына, ел келешегіне алаңдау деп түсінген жөн. Міне, осындай жауапты кезеңде А.Сәдібеков жинағының өмірге келуі – әлгі келешек үшін күрес деп отырған шаруаға қосылған үлес деп қабылдау керек. Олай дейтініміз – жинақта түсіне алған жанға түпқазық болар түйінді ойлар, адами қарым-қатынаста соқпақ таппай сабылған жанға тығырықтан шығар жолдар, көрсетілер  үлгі,  жеткізілер тәлім мол-ақ.

Айжарық Сәдібеков – өзіндік қолтаңбаға ие қаламгер. Оның өзін толқытқан, ойландырған тақырып­тарға келгенде, әсіресе, өнер адам­дары тақырыбына келгенде ойды толқыт­а жеткізетіні, кей тұста кіш­кентай детальдың өзін ойната отырып, жағаға бірін-бірі қуып келіп, қайта толқып, ерекше сұлу сурет салар­ толқындардай баяндау тәсілі тәнті етеді. Тағы бір қызығы – бұл жай судыратып оқып шыққанда байқала қомайды, тек үңіле қарап, ой жібере оқысаңыз тып-тымық сәттегі теңіз түбіндегі әлемдей мөлдіреп көз алдың­а келе қалады. Бұл – қаламгердің әу бастан-ақ өнерге құштар, халық өнеріне іңкәр қалпын аңғартады.

Жинаққа жазушының көсемсөздері мен толғаулары, яғни қаламгердің қара сөздегі ой толғаулары енген. Жинақтың бірінші бөлімі «Тәуел­сіздік толғауы» деп аталады. Бөлімге топтастырылған «Қош бол, коммунизм елесі», «Тәуелсіздігімізге – бір жыл», «Аңсап күткен арманымыз еді» және т.с.с. туындылар бірінің екіншісі жалғасы сынды дүниеле­р. Алғашқысында кеңестер одағының тарар алдындағы жағдайы жекелеген оқиғаларды қысқа ғана сурет­теу арқылы берілсе, «Тәуелсіз­дігімізге – бір жыл» атты шығар­масында: «Жер сілкініп, теңіз тулаған жоқ; тау қопарылып, құйын құтырған жоқ; дауыл соғып, орман қираған жоқ. Алайда елдің ыңғыршағын айнал­дырып, есінен тандырған алапат апат 2,5 миллион қазақ халқын жалмап кетті... Пәтуасыз солақай саясат жайбарақат халқымызды екі рет ашаршылық апатына киліктірді. Мәскеуден соққан мылтықсыз майданның ызғырығы астында табиғат-анамыздың тал бесігі 2,5 миллион перзентінен айы­рылып тербетусіз қалды. Атыраудан Алатау­ға, Аралдан Алтайға дейін керіліп жатқан ұлы Даланың көз жасы көлге айналып, көкірегі шерге толды. Айтушылар 1922 және 1932 жылғы ашаршылықты Қазақтың арғы-бергі тарихында көз көріп, құлақ естімеген зұлмат болды деседі...», - деп зұлматты күн­дер­дің, зобалаңды жылдардың зардабын айта келіп: «Жасыратын несі бар, тап кешегі күндері келешегіміздің қалай болатынына сене алмай үмітіміз үзіле де жаздаған...

Бірақ қалай дегенде де, мына жұмыр Жердің үстінде ме, әлде сонау жеті қат Көктің қиырында ма, иә, қалай болған­да да бұл Ғаламда құдіретті бір ӘДІЛДІК бар екен. Бар екен, әділдік! «Қазақ» деген­ қасиетті атынан айрылып, мың-мың жылдықтарда қалыптасқан ата салтынан және жеріп, тілі сақауланып, шұбарланып, құбылмалы заманның жалған интернационализмін жамылған қойыртпақ тобырына біржола сіңіп кете жаздаған момақан жұртымыздың тілегі қабыл екен. Екі ғасырға созылған жаттың жабайы бұғауын ең нәзік жерінен үзіп, ноқтасын сыпырып, қол-аяғын жазып, бойын тіктеді-ау әйтеуір. Бойын­ тіктеп қана қойған жоқ: «Мен бармын! Мен – Қазақ деген халық боламы­н! Қазақстан деген мемлекет боламын­!» - деп бүкіл әлемге бар дауысымен жар салды. Бұл кәдімгі атамыз Қазақтың сабырлы да салтанатты үні еді. Иә, бұл күнге де жеттік-ау!...», - деп көсілтеді. Кеудесін шаттық кернеген қазақтың жайын осылайша шабыттана жазған А.Сәдібеков бұдан кейінгі туындылар­ында қазақ елінің әр басқан қадамы­на, жеткен әр жетістігіне марқая­, көңілі тола баға береді. Оның шығармаларынан қазақ елінің БҰҰ мүше болған тұсын, қазақ елінің патша заманында орыс қоныстанушыларынан қорлық көргенін, тіпті жер-су атауларының да сол жерге лашық тұрғызған келімсе­к орыстар есімімен аталғанын, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерді, жалпы 1991 жылдан бергі тұстағы барлық өмір шындығын көреміз. Және барлық шығармалар нақты дерек­термен, фактілермен, құжаттармен әдіптеліп, көзі тірі куәгерлер сөзімен көмкерілетінін қайтерсің. Ел табысын, әлемдік саясаттағы жетістіктерін шаттана жаза отырып, ол өткен күндер қиындығын да естен шығармау қажет­тігін ескертеді. «...халқымыз тұщысынан ащысы басым тарихында бұл күнге оңайлықпен жеткен жоқ. Қисапсыз шығынмен жетті. Ежелгі дұшпандардың ен даламыздың қыруар қазынасын өтеусіз тегін сорып келгенін айтпағанда... малдан бұрын жан шығынын қалай ұмытармыз?

Өсірді, өркендетті деген жиырмасыншы ғасырдың да ауыртпалығы аз болған жоқ. Азамат соғысы кезінде  1,5 миллион, атышулы коллективтен­діру мен ашаршылықта 2,5 миллион, одан кейінге жаппай жазалау жылдарында 700 мыңнан аса, екінші дүние­жүзілік соғыста жарты миллионнан ары отандастарымыздың қырылғанына айдай­ әлем куә...», - дей келе ол кеңес әскерилері әрекетінің Сыр бойына, қазақ даласына тигізген залал-зардабын нақты деректермен ашып көрсетеді. Оның Мұстафа Шоқай туралы жазған бірнеше туындысы құжаттарға негіз­делуімен және пікір сонылығымен құнды және бұлардың баспасөз бетінде жарық көруі әлі шоқайтану жұмысы бастал­а қоймаған, ол туралы пікірлер қайшылығы мол тұс болатын.

Біз бұл бөлімнен де А.Сәдібековке тән жазу ерекшелігін байқаймыз. Ол деректі әңгімелері мен көркем очерктерінде байқалар қажетті тұста айтпақ ойды кейіпкер сөзімен жеткізу тәсілін мұнда да шебер қолданады. Жинақтың екінші бөлімі «Дарияның тұмасынан жыр боратқан» деп аталады. Бұл бөлімге жазушының Ә.Нұрпейісов, Ә.Тәжі­баев, Ф.Оңғарсынова, М.Мақатаев, З.Шүкіров, Қ.Нұрмаханов, А.Сүлей­менов, Б.Сарбалаев, М.Құттықов, Ә.Нарым­бетов, С.Майқанова, Ә.Жұмабаев, Т.Нұрмағанбетов, О.Бөкей, О.Сәрсен­баев, Ә.Рахымбекұлы және т.б. туралы толғаныстары, пікір-ойлары­ топтастырылған. Бұл бөлімде де біздің қаламгердің «Жұмыр жерде біз бармыз» атты жинағынан аңғарған ерекшеліктеріміз ерек иіріммен көрінеді. Жалпы, сол жинаққа қатысты айтқан «... Жинақтағы әңгімелер қаламгердің халық өнеріне, ән мен күйге, өнерпазға айрықша талғаммен қарайтынын аңғартады... әңгімелерінде детальдарды шебер пайдаланады. Бәлкім, өзінің де өнерге жақынд­ығы бар ма, кім білген, кәнігі сейістей өнерпаздар тағдырындағы иірімд­ерді дөп басады. Дөп басады да кейіпкерінің бейнесін жарқырата ашады. Қиын да, қасиетті өнер жолының иірім­деріне еркін барлау жасап, оқырманын ойға жетелейді...» деген пікірі­мізді қайталауға мәжбүрміз. Сонымен қатар қай өнер адамы туралы жазбасын негізгі желіні тамыршыдай дәл басып, айтпақ ойды ашар кілтті дәл табады.

Қаламгердің «Қан мен тер» экранға қалай шықты?» атты туындысы Ә.Нұр­пейісовтің «Қан мен тер» романы бойын­ша түсірілген көркемсуретті фильмге қатысты ой тербеп, киноның олқы тұстарын ашып көрсетеді.

«...Әттең, фильмді трилогияда автор суреттеген соғыс картинасымен байытып жасағанда ғой, ажарлана түсер еді, әсерлі болар еді. Фильм жасаушылар Қара қатын мен Судыр Ахметке келгенде де сарандық жасаған. Кезінде кейбір сыншылар Судырды «дед Шукарьдың көшірмесі» деп бұра тартқан-ды. Олар әрбір халықтың ұлттық мінезі мен салт-санасына тән қалыптасқан өз Щукары, өз Судырағы, өз Момыны (Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» повесіндегі) болатынын ескермегенсіді. Судыр Ахмет – кинода персонаж кейпінде жүр. Тіпті, олай болмауы керек еді. Бұл әділіне келсек, жазушының қазақ прозасына қосқан жаңалығы, тың бейне емес пе еді? Судыр Ахмет – тұла бойы тұнған паразиттік тип. Оның бойында жақсылықтан бұрын жамандықтың жиынтығы басым. Оның іс-әрекетін, мінез-құлқын экранда кеңірек беру арқылы сол кездегі «қоғам мен адам рухының» талай сырларын ашып көрсетуге болар еді.

Сценаристер – басқа тіл мен басқа ділдің адамдары ғой. Содан болар, диалог­терде жазушының суреткерлік талғамына кереғар «прости», «люблю» деген сөздер жиілеп кетіпті. Осының өзінен-ақ автордың фильм түсірушілер ісіне араласпағаны сезіліп тұр. Сол дәуір­дегі қандастарымыздың құлағына түрпідей тиетін әлгі сөздерді фильм редакторы Төлен Әбдіктің  ескеруі керек­ еді. Ал, енді, бәрінен де біздің күткеніміз – жер, су, қайда? «Қан мен тердің» «Жазушы» баспасы 1976 жылы шығарған басылымында: «…трилогияның әрбір парағынан жусан иісі мен Арал даласының аптабы, теңіз Сарыны есіп тұрады», – деп өте ұтымды айтқан алғы сөзі бар еді. Біз фильмнен соны аңсадық. Бірақ, басқа жердің аты – бас­қа (Қапшағай маңы), тіпті тұщы судың түсіне дейін дараланып тұрады екен. Естеріңізде ме, генерал Черновтың армиясы Арал теңізін алғаш көргенде, жат жұрттықтардың «қандай мөлдір, қандай көгілдір» деп таңданғаны…». Ал, осы пікірге қосыласыз ба? Әрине, қосыласыз, өйткені ақиқаты осы емес пе?!

Бұл бөлімді жинақтағандағы тағы бір ерекшелік – кітаптың соңына қарай ұлы тұлғалардың әдебиетке, өнерге, рухан­иятқа қатысты ой-пікірлері топтастырылыпты және соларды негізге ала отырып өзі де ой қорытады, тұжырым жасайды, тағы бір қызығы – қысқа-қыс­қа үзінділер болғанмен олардың осы кітаптың түйіні сынды қызмет атқаратынын байқадық. Қаламгер шеберлігі, шығармалардағы пайым, тұжырым уәжділігі, мазмұн байлығы және ішкі байланыстар беріктігі арқылы құнды еңбекке айналған жинақтың тағылымдық, тәлімдік жағы – өз алдына бір бөлек әңгіме желісі. Қаламгердің журналист болып ұзақ жылдар қызмет атқарға­ндығынан болар, шығармалардан екі саланың, прозашылық пен публицистіктің тұтасып кеткен тұстарын аңғару қиын емес. Бұл, тіпті қаламгерге олжа да салған сияқты, оның очерктерінің әңгімеге бергісіз болып шығуы да осыдан болса керек. Туындылар А.Сәді­бековтің парасат майданындағы парасатты қаламгер екенін көрсетеді.

Алдажар  ӘБІЛОВ,

филология  ғылымдарының  кандидаты,

ҚР  Журналистер  одағының  мүшесі,

Халықаралық  ақпараттандыру

академиясының  академигі


 

СЕКСЕННІҢ  СЕҢГІРІНДЕ

 

Биыл  жазушы, журналист, Арал ауданының Құрметті азаматы Айжарық Сәдібекұлы 80 жылдығын атап өтуде. Апта басында замандастары мен әріптестер­і оны мерейтойымен құт­тықтады.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев мерейтой иесін құттықтап, аймақ журналистикасының дамуына қосқан үлесін атап өтті.

- Талантты туындыларымен таныл­ған,­ қаламы қарымды, ойы алымды, журналистика саласында өзіндік қолтаңбасы, өшпестей ізі бар Айжарық Сәдібекұлы ағамыз биыл мерейлі 80 жасқа келіп отыр. Еңбек жолын облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінен бастаған Айжарық Сәдібекұлы саналы ғұмырын журналистикаға арнады. Республикалық «Сұхбат» және халықаралық «Түркістан» саяси газеттерінің Ақтөбе, Қызылорда облыстары бойынша меншікті тілшісі қызметтерін абыроймен­ атқарды. Сіздің тәжірибеңіз, ақыл-кеңесіңіз қазіргі жастар үшін аса қымбат, - деді аймақ басшысы.

Сыр елінің мәдени-рухани дамуына қосқан ерекше үлесі үшін А.Сәдібек­ұлына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Мерейтой иесін әріптестері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының  лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі Өтеген Жаппарханов және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Қызылорда облыстық ардагерл­ер кеңесінің Алқа мүшесі Махмұтбай Әміреев құттықтады.

Кездесу соңында А.Сәдібекұлы өзіне көрсетілген құрмет үшін алғысын­ білдірді.

Айта кетейік, А.Сәдібекұлы – «Дария жыры», «Көктемін күткен ару», «Аққұмның ақ түндері», «Бал айы», «Ашық мұхитқа шыққан алып» кітаптарының авторы. Былтыр екі томдық «Парасат майданы», «Жұмыр жерде біз  бармыз»  атты кітап­тары жарық көрді.

Сондай-ақ, көп жылғы шығармашылық еңбегі үшін бірқатар ұйым­дардың Құрмет грамоталарымен, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президен­тінің  Алғыс  хатымен  марапатталған, облыс  әкімінің 2003 және 2009  жылдардағы  стипендиаты.

 

Халық-хабар

 


Сен, құрметте оны! PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
16.05.2019 10:45

Әбу Сәрсенбаев ағамыздың осынау жыр жолдарын естігенде кім-кімнің де жүрегі дір ете қалары сөзсіз. Ал, менің көз алдыма қос балдаққа сүйенген соғыс мүгедегі әкемнің бейнесі оралғанда еңіреп жіберуге сәл-ақ қаламын. Небір өрендерді қыршынынан қиған, жалындаған жастарды ғұмыр бойы мүгедек атандырған қанды қасаптың ендігі жерде ешқашан қайталанбауын тілейсің.

Дәтке қуаты, бұл күнде саусақпен санарлықтай қалған көзі тірі соғыс ардагерлерін дәріптеу, Жеңіс күні өмірден өткен кешегі батыр солдаттарға құран оқыту, өзге де шаралар өткізу кеңінен қолға алынуда. Мұндай игі қадамдар біздің Қазалы ауданында да жолға қойылған. Күні кеше аудан орталығындағы Жеңіс бағында атаулы күнді жоғары деңгейде атап өткенін көзіміз көрді. Өзгесін айтпағанда, соғыс ардагері атамызға Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғын үйдің кілтін тапсырғанда бөркімізді аспанға ата қуандық.

Алайда Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Рамазан Нұрымның әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған жазбасын оқығанда төбемнен біреу мұздай су құйғандай болды. Оқырмандарға түсінікті болуы үшін аталмыш жазбаны қысқаша түрде ұсынуды жөн санадым.

«Кешегі Жеңіс күнін «Тағзым ету» күні қылып белгілеу деп жатқандарға қосыламын. Осы кездері ауылда ешқандай соғыс ардагері қалмады. Олардың көзі тірісінде әртүрлі іс-шаралар, онан қалды олардың ерліктерін дәріптейтін түрлі жиындар болатын еді. Ауылымыздың аты айтып тұрғандай Жанқожа батыр деп батырлардың шыққан жері екенін білдіріп тұр. Қазалы ауданынан 5 Кеңес одағының батыры шыққанын білеміз, соның біреуі Мақаш Балмағанбетов біздің ауылдың төл тумасы болып саналады. Ауылда қаншама соғысқа қатысқан, соғысқа барып, қайтпай қалған аталарымыз болды. Осы аталарымызға ең болмаса ауылымызда діңкиіп тұрған «Тағзым» алаңына барып құран бағышталатын шығар деп ойлағанмын. Ешқандай қозғалыс байқамадым. Мен естімей қалған шығармын деп, ауыл әкімдігінің фейсбук парақшасын ақтарып шықтым. Тым-тырыс. Мұндай шараға ауыл әкімдігі мұрындық болуға тиісті еді. Әкім болса әкімді кінәлар едік, енді кімге артамыз  кінәні?» (Рамазан Нұрымның  фейсбуктегі парақшасынан алынды.)

Мұның мәнісін, рас-өтірігін егер қажет деп тапса, тиісті орындар мен құзыретті басшылар анықтай жатар. Айтпағым ол емес. Мен – Жанқожа батыр ауылының төл перзентімін. Соңғы отыз жыл көлемінде аудан орталығында тұрғаныммен ауылмен үзбей хабарласып тұрамын. Рамазан жазғандай ауыл әкімінің орны уақытша бос тұрғанымен, жақын күндері конкурс өткізілетіні жайлы көпшілік құлағдар. Аманшылық болса, бұл мәселе де шешімін табары анық.

Мектеп кітапханашысы, білікті де байырғы маман Айжан Сәндібековадан алған мәліметке сүйенсек, ауылдан ҰОС-на 180-ге тарта азамат аттанып, елге жаралысы, сауы бар 63 адам ғана оралғанға ұқсайды. Төбе құйқаңды шымырлататын дерек. Бұл құр сандар ғана емес, жазықсыз қыршынынан қиылған сандаған өмір, селдей аққан боздақтардың қаны, қанды қасапта көмусіз қалған асыл мүрдесі, мезгілсіз үзілген үкілі үміт, ата-ана, бауыр, сүйген жардың көл болып төгілген көз жасы, асқар тауы әкесін зарыға тосқан балалардың сағынышы, түбіт мұрты жаңа тебіндеген бозбала жастың соғыс мүгедегі атанып өмірінің соңына дейін тартқан жан азабы...

Бірде ауылдық мәдениет үйінің ауласындағы ҰОС құрбандарына арналған ескерткіш тақтаның алдында ауылдағы соғыс ардагері бір көкемнің (қазір ол ата да марқұм болды) жас балаша солқылдап жылағанын көріп, қосыла егілген едік. Тақтаға көз салсаңыз жаныңыз шошиды. Тізімнің ішіндегі бір шаңырақтан аттанған ағайынды бірнеше азаматтың есімін көргенде жүрегің қысылады. Біздің әкеміз соғыс мүгедегі еді. Жауынды-шашынды, бұлтты күні қатты қиналатын. Мақаланы жазып отырып, жарақаты жанына батқан марқұм әкемнің қиналып жатқаны, әжемнің жалғыз ұлының амандығын тілеп Аллаға үздіксіз жалбарынатыны, көзінен жасы сорғалаған анамның әкемнің қол-аяғын уқалап отырғаны есіме түскенде кеудеме өксік құйылды. Соғысты тілегеннің де, отын тұтатқандардың да атасына нәлет!

Жеңіс күні бауырларымызбен бірге әкемнен қалған қарашаңырақта, әрқайсысымыздың отбасымызда өзгелер сияқты асқар тауымызға құран оқытамыз. Бұл – бұлжымас қағида. Кім не десе де өзінің еркі. Бірақ, соғыс ардагерлерінің ұрпақтары – бізге  ҰОС – қасиетті соғыс, әрбір қатысушы – батыр!

 

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

 


ШАШТАРАЗДЫҢ МАХАББАТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
16.05.2019 10:30

Сәуле ДОСЖАНОВА

Жаны гүлдей нәзік әйелдің жанары теңіздей тұңғиықтанып, көзінің алды қарайып, қабағында үнемі бір мұң тұратын­ы осыдан екен ғой деп ойлады іштей еркек. Ерқанат Гүлсинаның тағдыры­ қызғаншақтығы мен сезім­сіздігінен еркек атаулыға кір келтірген, жігіт емес - мігіт жанға бола тоз-тоз, көңілі қала-қала шыққан жандай болғаным­ен әйелдік әлсіздікке беріліп, жаман әдеттерге салынып кетпей арын таза ұстап жүргеніне риза болды.

Арамза­, алдамшы біреудің жетегіне ерме­й, бойындағы сезімталдық пен ізгілікті жоғалтып алмай қандай жағдайд­а да абыройын ардақ тұтқанын айтсайшы! Ерқанат осы демалыстан Гүлсинаға деген өзі түсінбейтін аяу­шылық сезіммен және әйелге деген үлкен құрметпен оралды. Он күннің ішінде бірде-бір рет еркекке тән құмарлығын көрсетпеді. Жаны жайдары, жүрегі жұмсақ, көркем келіншекке еркек­ болып қол жүгіртуді – әйелді қорлау­ деп түсінді. Оны сол тап-таза қалпында жанына ертіп жүрудің өзін бақыт  санады. Ақ қалпында ертіп кетіп, сол  қалпында  кішкентай құжырасына әкеліп  салды.

Ертесіне жағдайын білейін деп Гүлсинаға қоңырау соғып еді теле­фонын көтермеді. Қоңырауы барып тұр, қайта хабарласпады да. Кешке қарай да сол. Түн ішінде де сол. «Көңі­лін қалдырып қойдым ба, не болды?!, «Отбасында бір мәселе шығып қалды ма?»  деп алаңдап түнімен көзі ілінбеді. Жанында болған әр күннің әр сәтін кино көргендей қайталап есіне алып, парақтап шықты десе де болғандай. Есін­е  ертең жұмысқа шығатыны түсті. Түске дейін өзін-өзі әрең ұстап, түскі үзілісі болады-ау деген сәтке туралап шаштаразға келді. Есіктен кіріп келе жатқанда келіншек өзі алдынан шықты­. Қабағы ісіңкі, жанары тұнжыр. Амандықтан соң, Ерқанат бірден:

- Бірге тамақтанайық, жүр,- деді батыл.­

- Сіз бара беріңіз, мен қазір келем, - деп ішке еніп кетті.

Қайда екенін, екеуі де біледі.

«Достарда» адам жоқ екен. Терезеге таяу, шеткі үстелге келіп жайғасты да, әйнектен келіншектің жолына қарап отырды. Көп күттірмей Гүл­сина да көрінді. Даяшыны шақырып, ас мәзірін таңдады.

Гүлсина біраз ашыла алмай, тығылып отырғандай болды. Оның жан дүниесін алай-түлей етіп отырған бір жағдай барын Ерқанат анық сезді. Ар жағынан, бер жағынан шығып, сөзбен орап ақыры қызды сөйлетті-ау:

-Аға, осы маған қуаныш бұйырмаған! - деп көзі боталап қоя берді.

- Қой олай деп алдыңды кеспе. Одан да не болғанын ашық  айтшы.

- Мен сізбен бірге аса бақытты болып, он күн демалып келсем, он кері шаруа алдымнан шығып тұр ғой. Әрдайым солай, кішкене серпілсем не қуансам болды, артынан бір қырсық келе жатады. Неге, аға?!

- Сен өз өміріңді өзің солай­ ойлай берген соң, әрқашан солай үйлесіп тұрады. Жақсы ойласаң – жақсылық шақырады. Не болғанын айтшы?­

- Ең негізгісін айтайын, басқас­ы соған байланысты ғой, - деп келіншек терең бір күрсініп алып ақтарылды.

Айтуынша, ол демалыстан келгенше жатақханадан шы­ғаруға комендант үкім шығарып қойыпты. Ескерту қаға­зын ұлының қолына ұстатып кетіпті. Гүлсина келгенде балас­ы мен бірге тұратын немер­е сіңлісі есі шығып, енді қайда барар екенбіз деп күтіп отырыпты. Гүлсина келе жатақ­хана комендантына барад­ы. «Бізге тексеру келіп, тек осы саланың адамдарын ғана қалдырасыңдар, әйтпесе мемлекеттік мекемеден қо­сымша пайда тауып отыр­ғандарың үшін істі боласыңдар деп жатыр­. Сондықтан екі жеті уақыт бердік. Бөлмені  босатыңдар!» дейді. Енді қайда барарларын білмей отырыпты.

- Мен барып басшыларымен сөй­лессем­ қайтеді? - деді Ерқанат өзінің осы бір қорғансыз әйелдің алдында ешкімнің нұсқауынсыз, ешбір қақысыз жауапты екендігін сезінгендей.

- Ой, аға, болмайды. Сіз кіммін деп барасыз? - деп шошып кетті.

- Ағасымын деймін.

- Ол бір көкайыл әйел, ешкімді тыңдамайды.­

- Онда  пәтерге  шықсаңдар   қайте­ді? - деді  шарасыз  ағасы.

- Шығар едік, мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкіне қаржы құйып жүр едім, пәтер алып қалам ба деп. Екі жақты­ қаржы төлеуге табысым жетпейді ғой, - деп мұңайып, төмен қарады.

Ерқанаттың есінен сол күннен бастап­ Гүлсинаның «Маған қуаныш бұйырмаған!» деп көзі боталап, жанын тебірентіп жібергені шықпады. «Бір әйелдей-ақ  бақытты  болатын келіншек, өзі айтқандай неге ылғи жолы қырсығып­ тұрады екен? Енді баласы мен сіңлісін жетектеп қайда паналамақ?» дегенді жүз қайтара ойлаған шығар.­ «Не көмек жасасам екен?» деп шарқ ұрды. Санадағы сұрақпен сан­сырап, өзіне-өзі мәселе тауып алып жүрді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкін­е қаржы жинап жүрмін дегені есіне­  түсіп, Гүлсинадан анығын сұрап, банктің басшысына барып, қалған жарнасы­н  өзі төлеп, екі бөлмелі пәтер алып  беретін  болды.

- Сіз менің кімім едіңіз маған пәтер алып беретіндей, мені олай бейшара көрмеңіз. Ел естісе мені арын сатып жүр дейді ғой. Енді аз шыдасам, өзім-ақ аламы­н сол пәтерді, - деп атыраулық намысқо­й қыз ер-тоқымын ала тулады.

- Міне, міне, осы намысты ту ететі­нің, арыңды жоғары қоятының үшін саған көмектесемін. Егер сенен титтей де ар сатқындығын көрсем, баяғыда-ақ безіп кетер едім. Екі жылдан бері аға-қарындас, айрылмас дос болып келеміз. Тіпті сенесің бе, сенбейсің бе – сені көргелі менің шығармашылығыма қанат бітті. Маған Муза болдың! Қандай­ тақырыпты бастасам да, сенің бейнең мені жетелеп, қалай аяқтағанымды білмей қаламын. Әйтеуір екі-үш аптада бір рет сені көріп, сырласып тұрсам болғаны. Сен осынша жан тазалығы­ңмен, адалдығыңмен, әділеттілігіңмен  мені  демеп  келесің. Жаңаша­ жазуға, жаңаша ойлауға шақырдың. Соның  бәрі сенің көрінбейтін еңбегің. Еңбек еткен жан жемісін көруі керек, жеңісін тойлауы керек. Міне, енді соның уақыты келді, - деп жатып көндірді-ау асау  қарындасты.

Гүлсинаға Астананың оңтүстік шығысы­нан жаңа басталған «Достар» шағын ауданынан пәтер тиді. «Аға маған­  «Достар» деген сөз жағады. Сізбен де «Достарда» танысып, тамақтанатынбыз. Үй де сол ауданнан  бұйырды. Сіз де маған адал доссыз. Екеуміз де «Достармыз», - деп балаша қуанады. Жаны тұп-тұнық, әр нәрседен жақсылық  іздеп жүреді.

Қыстың алғашқы жапалақ қарымен жарысып Гүлсина көшті. Ұлының қуанышында  шек  жоқ. Азамат анасына­ қолғанат болып қалғанын көрсеткісі келіп түйіншектердің ауырын көтереді. Достарын ертіп келді көмекке. «Кедей болсаң – көшіп көр» деген шын екен. Ұлы екеуінің кітаптары мен киім-кешек­тері, көрпе-жастығы, ыдыс-аяғы, ортасында тоңазытқышы бар бір маши­нан­ың қорабын толтырды. Құмырсқадай жабылып жүріп, жүктерін түсіріп, төртінші қабатқа тасып алды. Жеделсатысы әлі қосылмаған болатын. Бұл көші-қонға Ерқанат араласпады. «Аға, сізге онсыз да рақмет, күллі қазақ тани­ды,­ біреу көрсе ұят шығар» деп жолатпады келіншек. Бас-аяғы жиналған соң Ерқанатты қонаққа шақырды, ол қоныстой­ына  бергісіз  болды.

 

3

«Пешенеңе не жазылса – соны көресің» дейтін апасы. Сен тіршілік етіп жүресің, ал сенің өміріңе саған көрінбейтін бір Құдірет билік етеді. Сол Құдіреттің билігімен өтіп жатқан әрбір күнің сенің тағдырың екен. Үлкендердің айтуынша, сол Тағдыр деген­ сен өмірге келмей тұрып сенің маңдайыңа жазылып қоятын көрінеді, содан ба оны жазмыш дейді. Не жазылса – соны тіршілігіңде көресің. «Көре­шігіңді көрмей – көрге кірмейсің» деген­  осыдан шықса керек. Гүлсинаның­ маңдайына жазылғаны неге осынша қиын болғанын кім білген, өзі айтпақшы  «енді бір жақсылыққа қолы жетсе – бірдеңеге ұшырайды. Апасы ондайда «аузы аққа тигенде – мұрны қанапты» деп отыратын. Өзі ес білгелі көргені – бір қуаныш, бір қайғы, кезектесіп келеді­ де тұрады. Әкесінен де ерте айырылды. Жастайынан жеті баламен жесір қалған анасына қаршадайынан серік болды. Құрбылары ойнап-күліп, қыдырып­ жүргенде мектептің еденін жуатын анасына қас қарайғанша көмектесетін. Мұздай сумен жасынан еден жуғаннан тапқан ревматизм деген аурумен  өмір бойы алысып келеді. Қатарлары мектеп бітіре Алматыға үлкен оқуға аттанғанда бұл жалғыз өзі ауылда қалды. Жақсы-ақ оқып еді, барғызбасың барғызбас дегендей қаражат жағы қинап, көзі жәудіреп егіншілермен қырман басында жұмысқа шықты. Екі-үш жылдан кейін барып ағасы әскерден оралған соң педагогикалық институтқа ілінді. Бір жыл оқымай жатып буын­да­ры ісініп, академиялық демалыс алып, соңынан сырттай аяқтады оқуын. Жастайынан қосылған жары опасыз болып, баласын құшақтап қаңғып қалды.

Құдайға қараған бір жақсы азамат кездесіп, қол ұшын бере бастап өз басын­а баспаналы болғаны сол еді, тағы бір қайғы алдынан шықты. Кешке қарай асханада қысқа әзірлік қамымен тосап қайнатып жатқан. Залда теледидар көріп отырған ұлының «Апа!» деген ащы үнінен шошығаны сондай, қолындағы шөміші жерге түсіп кетті. «Апа!» деп жүгірген баласы есікке жетіп келіпті, бірдеңе болып  қалды ма деп бұл да солай­ ұмтылған еді, бастары соғысып қала  сақтады.

- Апа, Ерқанат ағамды өліп қалды деп жатыр ғой телевизорда! - деп баласы­ шырылдап құшақтай алды.

- Не дейді? Қайда? - деп босағаға ұлын құшақтаған күйі отыра қалды. Теле­визордан диктордың даусы саң­қылдап, қаралы хабарды жеткізіп тұр. Мезгілсіз қаза болды дейді. Оның суреттері экраннан өтіп жатыр. Ұлын бауырынан босатпаған қалпы «Аға-а-а-а, асыл ағатайым-ай!» деп дауыс салып аңырай берді. Баласы да «Апа, оған не болды екен?» деп жылап жатыр.

Үш күн бұрын ғана іссапарға кетер алдында «Тұлпар» ат спорты кешеніне барып бірге серуендеп қайтқан бола­тын­. Ерқанаттың  әкесі  жылқы  баққан – шабондоз, көкпаршы болған екен. Ол да жылқы десе ішкен асын жерге қояды. Бос уақытында «Тұлпарға» барып ат мініп серуен құратын. Кейде жанына Гүлсинаны ертіп алатыны бар. Сол күні екеуі серуеннен кейін мейрамханадан тамақтанып үйге кештеу қайтқан. Соңғы рет көріп тұрғанын кім білген. Жүрегі құрғыр да ештеңе сездірмеді. Тіпті ол кісінің ауырдым дегенін естіген емес. Қашан көрсең – сабырлы, жылы жымиып қана жүреді. Бір адам сабырл­ылықтан жүз жасаса, осы Ерқа­на­т  жасайтын  еді  ғой.

Сол күні түнімен Ерқанат Ерғазы­ұлы туралы барлық арналардан хабарлап, суреттері мен бейнетаспаларын көрсетіп жатты. Төбеңді шымырлатып қобыз  үні  ойнап тұрды.

Ертесіне театрдан шығаратын болды дегенді «Хабардан» естіп, ұлын алып сонда барды. Адамның көптігі сондай, мүрдесін қойған залға кіре алмады. Көзінің жасы тоқтар емес, бұлдырап маңайын көрсетпейді. Танитын, танымайтыннан кім барын да ұға алмады. Ұлы екеуі қол ұстасып алып қанша ұмтылса да ішке ене алмады. Бір кезде есік  алдында қаралы  митинг  басталды.­ Елге танымал басшылар мен небір жақсы­ мен жайсаң Ерқанаттың шығармашылығы, адамгершілігі, елге еткен еңбегі жайында төгілдіріп сөйлеп жатты.­ Бір кезде халық қақ айрылып жол ашты. Төрт жігіт иыққа салып Ерқанат­тың мүрдесін алып өтті. Әлемдегі  ең асылы, ең қымбаттысы көк кілемге оралып тура жанынан өтіп бара жатты... Ең болмаса оралған кілемнің бұрышын ұстайын деп ұмтылып-ақ еді, лықсып тұрған халық кері итеріп, жақын­дай да алмады. Қоштасқан қобыз үнімен жарысып туысқан әйелдерінің жоқтау айтқан ащы үні шықты. Асыл ағасын көлікке көтеріп апарып салғанда даусын шығара жылап жіберді. Ұлы да анасының бауырына кіріп еңіреп тұр. Ол да анасы екеуінің жалғыз қамқорының мәңгілік сапарға кетіп бара жат­қанына күйініп  тұрса керек.

Көз ұшына  дейін көліктер тізілген қаралы көш қала сыртына бет алды. Жиналған халық тарап жатты. Баласын  құшақтаған қалпы  жол  ортасында­ ұлы адамның шаштаразы аңырап тұрды...

(Соңы. Басы өткен санда.)

 


Даналықтың дара шыңы PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
16.05.2019 10:10

«Кітапхана – білім кені». Қазақстанның Халық жазушысы, қазақ поэзиясының аса көрнекті шебері, ірі драматург, белгілі әдебиет зерттеушісі Әбділда Тәжібаевтың 110 жылдығына орай Қазалы аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен жобалық басқару шеңберінде «Жыр – Жауһар» жас ақын-жазушылардың әдеби клубы аясында, «Бір ел – бір кітап» акцясы барысында шығармаларын насихаттауға арналған әдеби марафоннан осындай ой түйдік. Ақын шығармаларын кеңінен насихаттау, кітап оқуға шақыру, әдеби ортамен байланысын нығайту, өскелең ұрпақты отаншылдық сезімде, патриоттық рухта дағдыландыру және эстетикалық тәлім-тәрбие беруді көздеген шара аса тартымды түрде мәреге жетті. Бұл сайысқа Қызылорда облыстық тілдерді дамыту орталығы КММ-нің Қазалы ауданы бойынша оқытушысы Жұбатқан Таңжанов, №266 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сағыныш Утеулиева, өзге де тіл жанашырлары қазылық жасады.

Аталмыш шараны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев ашып, қатысушы талапкерлерге сәттілік тіледі. Кент пен Қазалы қаласындағы 10 мектептен оқырмандар қатысқан әдеби марафонда шын мәнісінде, білім мен ізденімпаздық, көркем сөз оқу шеберлігі, тіл қолданысы сарапқа салынғандай әсер қалдырды. Әрбір қатысушының сөйлеу мәнері, тыңғылықты әзірлігі «қазіргі жастар газет, кітап оқымайды» деген ұғымның мүлде ағат екенін көпшілікке жете ұғындырғандай.

Қорытындысында №216 Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің 7 «в» сынып оқушысы Гүлім Айтбай бас жүлдені иемденді. Кешті аудандық орталық кітапхана директоры Индира Әбілқасымқызы қорытындылап, барша қатысушыларға алғысын жеткізді. Байқауда бақ сынаған жас оқырмандарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Айта кетерлігі, әдеби марафонның ең жасы кіші қатысушысы №226 гимназияның 7-сынып оқушысы Ғазиза Айдарбекова (жетекшісі Мейрамкүл Жолекеш) өзінің аға-әпкелерінен қалыс қалмай, жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

 


«ҚАСҚЫРЛАРДЫ» КІМ ТОҚТАТАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
16.05.2019 10:00

Футболдан ҚР Премьер-лигасының 10-тур ойындары да қорытындыланды. Бұл жолы өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» қабылдаған жерлестеріміз сенсациялық ойын көрсетті. Осыған дейін «Қайсар» – жақсы команда. Бірақ, гол соғуға шорқақ» деген пікірді футбол мамандары ғана емес, кім көрінген айтып жүр еді. Соңғы тур ойындары бұ пікірді айтушылардың аузына құм құйған сыңайлы. 9-турда «Ақтөбеге» қонаққа бар­ған сырбойылық футболшылар 1:3 есебін тіркесе, «Тобылға» қарсы ойында табло­ 5:1 есебін көрсетті.

«Бүгін біз маңызды ойында жеңіске жеттік. Алаңға шыққан барлық әріптестерім сауатты ойнай білген­діктен, қарсыласымызды қапы қалдырдық. Оның үстіне қолдауын аямаған­ жанкүйерлердің жылы лебізін естіп, қуат алдық. Қазір бізде тығыз график болғандықтан, бұл матчтың қорытындысын ұмытып, келер матчқа дайындықты пысықтайтын боламыз. Бастысы бізді қолдаудан шаршамаңыздар!» деді команда капитаны Мақсат­  Байжанов.

Ал, өз кезегінде «Тобылдың» бас бапкері Владимир Газзаев: «Қайсарды» жеңісімен құттықтаймын! Біздің ойынымызға келер болсақ, бұл – сәтсіздік. «Қайсар» керемет ойнады және жеңіске лайықты жетті. Біз ойын­ның бүкіл практикалық компоненттері бойынша жеңілдік. Бір жағынан біршама объективті жағдайлар: бізде ойыншылардан үлкен шығын бар, оған біздің жарақат алған басты қақпашымыз Эмиль Балаев қосылды. «Қайсардың» бүкіл соққылары біздің қақпаға соғылды. Бірінші тайм толықтай «Қайсардың» бақылауында болды. Екінші таймда біз өз артықшылығымызды қайтарғандай болдық, әсіресе екінші таймның бірінші жартысында гол салдық. Менің ойымша, негізгі сәтте, есеп 3-1 болғанда Гордечук қақпаны дұрыс көздей алмады. Барлығын дұрыстаймыз, осылай қалып қоймаймыз. Бізде сырт алаңда өте қиын ойындар болды» деді. Бапкердің сөзі түсінікті. Мойындай отырып, мұнымен тоқтап қалмайтынын айтыпты. Жөн-ақ.

Әлгінде гол соғу турасында ой қозғадық емес пе? 10-турдың үздік ойыншысы атанған Асхат Тағыберген соңғы үш тур бойына гол соғып келеді. Әрі «қызылордалық Лемпард» қостанайлықтарға салынған 3 голға нәтижелі пас берді. Қарсыластар қақпаға 3 дәл соққы жасаса, «қасқырлар» 8 дәл соққы бағыттаған. «Тобыл» допқа 54% иелік етіпті. Айтпақшы, бұл ойында армениялық легионер Тигран Барсегян дубль жасады. Ол бұған дейін «Ақтөбе» қақпасына ҚПЛ-дегі алғашқы голын енгізген болатын. Жанкүйерлер ел біріншілігі басталған тұста «бомба» болады деп баға берген Мбомбо да өз шеберлігін енді ғана көрсетуге кіріскен сыңайлы. Алғашқы матчтарда ойыны жүрмей, «Қайсардан» қолдаушы таппаған қарамаржан ойынның 39-минутында бұрыштамадан әуелеген допқа бірінші жетіп, қақпа торын тулатты. Осылайша, Куле сенімге бірте-бірте кіре бастағандай. Ал, ойынның нүктесін «Байқоңыр» футбол клубының түлегі Шоқан Абзалов қойды. Ойынғ­а кіре салысымен гол соққан жерлесіміздің шеберлігі көпті таңғалдырғаны  рас.

Тақырыпты «Қасқырларды» кім тоқтатады?» деп қойдық. Келесі ойын 18 мамыр күні «Оқжетпеске» қарсы өтеді. Көкшетаулық команда соңғы  5 ойын бойына жеңілмей келді. Мұның ішінде «Таразды» 6:2 есебімен талқандағаны тағы бар. Ендеше біз «Қайсарды» кім тоқтататынын алдағы уақытта білетін боламыз.

 

«Қайсар» – «Тобыл» 5-1

Голдар: Барсегян 8', 84', Мбомбо 39, Тағыберген 44', Абзалов 90+4' – Квеквескири 47'

 


ЖАЛАҒАШТА АУДАНДЫҚ АУРУХАНА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.05.2019 15:40

Жалағаш ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Таң LTD» ЖШС-нің мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылған спорт кешенінің жұмысымен танысып, бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралап көрді және аудандық аурухананың іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Аймақ басшысы алдымен Таң ауылдық округіндегі «Таң LTD» ЖШС-нің мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылған спорт кешенінің жұмысымен танысты. 100 адамға арналған спорт кешенінде дзюдо және таэквандо үйірмелері жұмыс істейді. Мұнда 2 спортзал, киім ауыстыратын бөлме, санузел, тренер және медбике кабинеттері қарастырылған. Жаңа нысанда 11 адам жұмыспен қамтылған.

Сондай-ақ, облыс әкімі тәулігіне 1000 дана консервіленген ет өнімдерін шығаратын "Таң ЛТД" ЖШС ет цехын аралап көрді. Кәсіпорында 14 адам жұмыспен қамтылған. Цех құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталып, 2019 жылдың 1 мамырында аяқталды. Цех ғимаратында ірі қара малды сою бөлмесі, мұздатқыш, ет кесу және бумалау бөлмесі бар. Сондай-ақ, мұнда ветеринар, технолог және 2 зертханашы жұмыс істейді.

Аймақ басшысы Жалағаш кентінде ағымдағы жылдың 1 мамырында жұмысын бастаған "Jibek" қонақүй кешенінің жұмысымен танысты. Екі қабатты ғимаратта 4 кеңсе, 50 адамға арналған асхана, 3 люкс және 4 эконом санатындағы бөлмесі бар. Қонақүйде 5 адам жұмыс істейді.

Сонымен қатар, Жалағаш кентінде 100 орындық аудандық аурухана құрылысы басталды.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев Жалағаш ауданының тұрғындарын қасиетті Рамазан айымен және жаңа аурухана құрылысының басталуымен құттықтады.

- Кеше өңірімізде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жұмыс сапарымен болды. Мемлекет басшысы Сыр бойы елдің әл-ауқатын еселеп, халқымыздың бақ-берекесін арттырған өңір екенін айтып, біздегі кәсіпкерлік, индустрияландыру, құрылыс жұмыстарына оң бағасын берді. Бұл бағалауда Сіздердің баршаңыздың туған жерімізді дамытуға қосқан өлшеусіз үлестеріңіз бар екенін атап өткім келеді. Бүгін міне, Жалағаш ауданында да сол игілікті істі жалғастырып, халыққа сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында 100 орындық жаңа аурухана құрылысын салуды бастағалы отырмыз. Ауданда жаңа типтегі, заманауи құралдармен жабдықталған аурухана салу өзекті мәселелердің бірі болатын. Бұрынғы орталық аурухана 1997 жылы асар әдісімен салынған. Дені сау адамның қашан да қоғам байлығы екені белгілі. Сондықтан, біздің міндетіміз - халықты сапалы және қолжетімді медициналық қызметтермен қамтамасыз ете отырып, заманауи аурухана, емханаларда ем алуына  жағдай жасау»,-деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, аурухана құрылысын аяқтау келер жылға жоспарланып отыр. Жалпы, Сыр өңірінің елді мекендерінде тек соңғы 2 жылда 24  денсаулық сақтау нысаны салынды. Бұл нысандардың дені – ауылдық емханалар мен дәрігерлік амбулаториялар. Олардың барлығы заманауи жабдықталған, сондай-ақ, дәрігерлік амбулаториялардың жанынан күндізгі стационарлар ашылуда.

Аудан тұрғындарының өзекті мәселесінің шешім тапқаны үшін денсаулық сақтау саласының ардагері Сахи Қалыбаев облыс әкіміне алғысын білдірді.

Өңір басшысының жұмыс сапары 2017 жылы ашылған "Өркен Әлем" ЖШС арнайы киім тігу цехында қорытындыланды. Аталмыш цех бронды кеудеше мен арнайы киімдер тігеді. Цехтың жылдық қуаты –7000 данаға дейін бронды кеудеше тігеді, нысанда 24 адам жұмыс істейді.

Айта кетейік, 2018 жылы Қызылорда облысы әкімдігі, мәслихат, "Нұр Отан" партиясы филиалы, қоғамдық кеңес және кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімімен 2018-2020 жж. өңірде «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы» ретінде жарияланған.

Биыл облыста шағын және орта бизнесті дамытуда несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау үшін 900 млн.теңге, сондай-ақ, шағын және орта бизнестің несиелерін ішінара кепілдендіру үшін 100 млн. теңге қарастырылған. Өңірлік инвестициялық орталыққа ағымдағы жылы шағын және орта  бизнес жобаларын қаржыландыруға 1 млрд.теңге бөлінді. Бұдан басқа, "Даму" Қорымен шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 800 млн. теңге қарастырылған жаңа бағдарлама жүзеге асырылуда. Онда кәсіпкерлер үшін ақтық мөлшерлеме жылына 8% болады. Қаражат Өңірлік инвестициялық орталық арқылы 5 жылға 10-нан 20 млн. теңгеге дейін беріледі.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Мамыр 2019 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары