Өзекті мәселелер

  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Арнайы  бетіміздің  тұрақты айдарындағы кезекті қонағымызбен  сұхбаттасудың  сәті түсті. Бұған дейін есепшілер мен ұстаздар әулеті туралы жазған болатынбыз. Жасыратын түгі жоқ, бұл жолы кейіпкер таңдау оңайға соқпады. Нәти­жесі­нде таңдау арманы – бір, мақсаты – ортақ, бол­мысы – егіз, бірге оқып, медицина саласында бірге қызмет етіп, бір шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған дәріг...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялады. Жыл аяғы жақын. Күні бүгінге дейін елімізде жастар мәселесі бойынша озық істер орындалып, межелі мақсаттарға қол жеткізілді. Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында: «Менің ойымш­а, біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға орт...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 22 Мамыр 2019

ИНДИКАТОР немесе «САҒАТ АДАМДАР» PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
23.05.2019 11:40

Ағылшын әдебиеті тарихында роман жанрының негізін қалаушылардың бірі, тұңғыш романист жазушы, публицист, көрнекті прозаик Даниэль Дефоның «Робинзон Крузо» атты атақты шығармасын бес жастағы баладан бастап, белі бүгілген қартқа дейін білетіні анық. Тіпті, автордың атынан гөрі Робинзон Крузоның есімі әлемге әйгілі болған көркем образ екендігі де даусыз. Бұл – әрине, автордың шынайы шедевр, өлмес өнер тудырған құдірет.

Мен осы мақаламда УАҚЫТ туралы және сол уақыттың нақты КӨРСЕТКІШІ туралы сөз қозғамақпын. Ал, енді не үшін «Робинзон Крузоны» айтты десеңіздер, оны мақала барысында түсіндіріп өтетін боламын...

ХХI ғасыр – адамзаттың түлеу ғасыры болды. Екі бірдей жаһандық соғысты басынан өткерген, үздіксіз революциялар мен аштықтың, зұлмат пен қантөгістің дәмін татқ­ан адамзат енді бей­біт күннің, ымыраластықтың, толеранттылықтың, ең бастысы әрбір адам баласының қадірін білді. Өткен ғасырда әлем картасының астан-кестенін шы­ғарған, дү­ниені әлденеше бө­лікке бөл­ген биік дуалдар мен алып қор­ғандар құ­лаған сәтте, адамдар санасынан да темір шымылдық түріліп, ендігі ынта дамуға, өрке­ниетке, цивилизацияға, шын мәнінде өмір сүруге ла­йықты бейбіт қоғамға, жаңа идеяларға талпынды. Сөй­тіп, ХХI ға­сыр – адамзаттың алтын­ ға­сыры атанды да, адамдар қолданысында ендігі уақыт «жаңадан өл­шенді».

Уақыт дедік қой. Мектеп қабырғасында физика пәні­нен аз-кем бі­летінімдей, уа­қыт тұрақты емес айнымалы шама болғандықтан, уақыттың өзгеруіне байланысты барлық шамалар да өзге­ріп отырады. Уақыт – шамаларды өзгертуші, ауқымырақ алсақ қоғамды, саналарды өзгертуші, адамзаттың бар тарихын формацияларға бөліп таста­ушы шама. Мен ақпараттық сылтау етіп алған жазушы Д.Дефоның «Робинзон Крузо» атты шығармасының ең негізігі сюжетінде тағдырдың тауқыметіне тү­сіп, аласұрған алып мұхит ортасында кемесі апатқа ұшырап, жалғыз тақтайды қарманған Робин­зонды алып тол­қындар белгісіз аралға атып ұрады. Сонда жан аяғы баспаған оқшау аралда жападан-жалғыз қалған Робинзон күндер­дің кү­нінде жабайы, тағы тайпалармен бетпе-бет келіп қалады да, дәл осындай заманда да (сол кездің өзінде Еуропа әлемді бөліске салып жатқ­ан метрополитен еді) дамымай қалған, жа­бай­ы күй­де, жапырақ жамылып жүрген  адамдар бар екен ғой деп қат­ты таңғалады. Дәл осы таңдану қазіргі таңдағы менде де бар екенін­е қайран қалмаңыз, құрмет­тім!

Есіңізде болса, біз осыдан ширек ғасыр бұрын кеңестік кезеңнен кеңістік кезеңге аяқ бастық дегенімізбен, бос вакумд­е қалып қойғандай көңіл күйде болдық. Ел-жұрт әрі-сәрі күйде не істерін білмей дағдарып қалғанда, өз сағатымызды «Кремльдің сағатынан» бөлек енді қай Биг Беннің уақыт тілімен қозғалтамыз?» деп жүріп сол уақытты біраз оздырып  алдық. Содан болар, біздің санамыздағы «сағат­ пен уақыттың» дәлдігіне менің әлі де күмәнім бар. Мен мақалама әдейі импрессионист ағымының ұлы сурет­шісі Сальвадор Далид­ің «Уақыт» картинасын таңдап алдым. Бірде Дали: «Жұрттың бәрі менің осы сағатымда нақты уақыт жоқ деп сынап жатады, ал негі­зінде, менің осы туындымдағы сағат уақытты дәл көрсетеді» деген еді. Бәл­кім, ұлы суретшінің осы өнері уақыттың тұрақсыздығына дәлел шығар...

Индикатор – сандар немесе шамалар көрсет­кіші деп жеңілірек анықтама берсек болады. Тағы да жеңілдетсек, біздің қолданыстағы календарымыз, сағаттарымыз, теледидар, компьютер, ұялы телефон, смартфондарымыздағы уақыт көр­сеткішіне қарап қай уа­қытты көрсетіп тұрғанын анықтай аламыз. Әйтсе де, мен уақыт көрсеткіші индикаторларда емес, шынайы уақыт көрсет­кіші адамдар тұрмысынан, қоғам тіршілігінен білінеді дегім келеді. АҚШ-тағы демократиялы, мәдениетті, сауатты америкалықтар мен Үндістандағы сиырға табынған, кедейшілікте күн кешіп жатқан үнді­лер де, Африкадағы бір жұтым суға зар болған ұлттар мен комфортта күн кешіп жатқан ағылшындар да біз сөз етіп жатқан XXI ғасырда өмір сүріп жатыр. Осы ретте, алға тартқан аргумент­терге қарап, дүниенің төрт құбыласындағы индик­аторларда көрсе­тіп тұрған ғасыр, жыл, ай, күн бірдей болса да, шынайы «уақыт» әркімде әр басқа екендігіне сіз де келісе­тін шығарсыз.

Біз рухани елміз, мәдениетті елміз дейміз ғой. «Ұлы Дала ұрпағымыз» дегенді шығардық және солай мақтанғанды сүйеміз. Әрі-беріден соң руханият, мәдениет – қызыл сөзді көпіру мен пәлсапа соғу емес. Дамыған өркениетті елдерде руханият дегеніміз – сенің жұмыстан кешікпеуің, еңбегіңді адал атқаруың, соған сәйкес еңбекақыңды алу, үйің­нен шыққан қоқысты жәшікке салу, аулаңды, көшеңді таза ұстау. Бізде ше? «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деп, көзіміз жасаурап диуаналық кешу секілді. Рас, таза, саф руханиятқа кенде­ ел емеспіз, шүкір. Десе де, «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?!» демекші, шын мәніндегі мещандық бақуатты тұр­мысқа іліге алмай жатып, Ұлы Дала дегенде, бабамыз ат үстінде шірене тұрып, ат тұяғы басқан жерді иеленген дегенде күретамырымызды ады­рай­тып кете жаздаймыз. (Осы жерде Абайдың екінші қара сөзін еске түсіріңіз). Біздің мақтан­ға, біздің кеудемсоқтық­қа шек жоқ қой шіркін, тіпті, әлдеқашан сүйегі қурап қалған ата-бабамызды айтып мақтан­ғанда... Құрдымға кетуге бет алған қоғам болмаса, ешбір жөні дұрыс қоғамға мен пәленнің ұрпағымын деп өзіңізді ұсына алмайсыз. Кешіріңіз, сіздің тіпті Шыңғыс­ханның  ұрпағы  екеніңіз­дің де ешкімге қажеті жоқ. Сіздің біліміңіз, иман дәрежеңіз, адамгершілік тәрбиеңіз ғана өрке­ниетті қоғамға по­тен­циял болмақ. Ал, бізде...

Хош, бірде университет қабырғасында жүр­генімде облыстық дебаттың бірінде сөзден-сөз туып: «Кейбір адамдар сағат секілді екіге бөлі­не­ді: тұрып қалған немесе озып кеткен» дегенім есім­де. Уақыттан озып кету мыңнан не мил­лионнан бір адамға бұйырар бақ шығар, әйтсе де, уақытқа ілесе алмай қайыр­лап қалған кемедей шөл далада шөгіп қалу, міне, бұл – үлкен қайғы. Индикаторларда көрсетіп тұрған уақыт сізді алдамасын, сіздің санаңыз, тұрмысыңыз қай уақытты көрсетіп тұр, қай уақытты соғып тұр, мәселе  осында!

Сөз соңында мен әй­гілі  ағылшын  жазушысы Редьярд Киплингтің атақты бестселлері «Джунгли кітабы» ро­маны­нан үзінді келтір­мек­пін. Себебі, осы бір жолдар маған өте қатты әсер еткен-тұғын әрі менің манадан айтып жатқа­н ойыма сол жолдар керемет тұздық бо­латын  се­кілді  көрінеді де  тұрады:

«Орман (шынайы өмір) заңдарын Мауглиге үйретіп жатқан Балу бірде былай деді: «Джунглидің заңдары – Джунглиді мекендейтін халықтардың бәріне ортақ. Оны мойынсынбайтын бандерлогтар (маймылдар тайпасы) ғана. Олардың салты бөлек. Олардың жады жоқ. Олар тек көкіп сөйлеп, біз ұлы халықпыз деп мақтанғанды ғана біледі. Алайда ағаштан бір жаңғақ құлап түссінші, бәрін ұмытып тырқылдап күле бастайды...».

Дархан   АМАНЖОЛҰЛЫ,

Арал  қаласы

 


РИЗЫҒЫНА РИЗА АДАМ ТЫНЫШТЫҚТА ӨМІР СҮРЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
23.05.2019 11:30

Қазақ елі діни татулықт­ың үлгісі екені жаһанға мәлім. Бірлігінің бекемдігі де көп ұлттың басын біріктіріп тұрған шаңыр­ағының тыныштығынан көрі­ніп тұр. Елбасының сарабдал саясаты мен мемлекет үшін құндылығы  жоғары, саяси маңызы зор стратегияларының нәтижесінде біз осындай мәртебеге иеміз.

 

ӨМІР  мен ӨЛІМ   АРАСЫ

Алғашқы «Жусан­» операциясының аясында Си­ри­ядан 47 адам, ал кейінгі операциядан 231 адам елге оралды. Қарап отырсам, шағын бір ауылдың халқы. Демек «Жусан» операциясы бір ауыл халқын елге аман-есен қауыштырды. Қазақстан азаматтарының қай жерде болса да, олардың тағдырына деген­ алаңдатушылығын көрсетті. Әлі де елден жырақта жүрген қандастарымыз қаншама? Сирия­да тағдыры сергелдеңге түскен отандастарымызды елге қайтару ісі қолға алынғанда қаншама жанның кө­зінде үміт оты жанды. Күрмеуі қиын істің жібі тарқатылды. Сириядағы соғыс аймағынан қазақстандықтарды елге қай­тару операциясы сәтті орындалды. Әрине өмір мен өлімнің арасында жүргендерді құтқару оңайға соқпаға­ны да анық. Шетін көзқараспен шектен шығып, шетел асып, аңдаусызда адасып қалғандардың елге орал­ғаны айып емес. Өйткені олар өмірдің түзу даңғылынан бұралаң жолына ойда жоқта түсті. Қанды қырғын арасынан береке таппаған олар бейбіт өмір мен тыныштық деген бақыт­қа зар болды. Байыппен қарасақ, Сирияға бары­п  өмірі  сергелдеңге түскен қазақтардың қарасы аз емес. Олардың көбісі – желідегі жалға­н ақпараттарға иланып, ақиқаттан адасқандар. Бұл ретте­ ойға келетіні, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі. Жастардың интернет бетінде қандай ақпаратпен сусындап отыр­ғанын ата-ана бақылауына­ ұстауы керек. Ал бақылаусыз жалғаса берсе, ертеңгі ұрпақтың толыққанды діни сауаты ашылмай жатып, рухани арнасын араны  ашық адастырушылар өз толқынына алып ұру ықтималдығы  зор. Сондай-ақ, шетін  көзқарастағылар азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, діни сеніміне нұқсан келтіретін, отбасының бұзы­луына, т.б. бүлдіргіш әрекеттерге себеп болған нақты жағдайлар  айқындалғанда бұған өз құзыреттері шегінде құқық­тық органдар да араласып, тиісті шаралар  қолданатыны  белгілі.

АДАСҚАННЫҢ   АЛДЫ – ЖӨН,  АРТЫ – СОҚПАҚ

«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ, Оларға жөн арамның сөзін ұқпақ». Бұл – Абайдың сонау 1886 жылы жаз­ған өлеңі. Ақын өлеңінің осы екі қатар үзіндісі қазіргі қоғамдағы шетін көзқарастың жетегіне кеткен, адасқан азаматтардың жөн сөзді ұқпайтынын, олар тек өздерінің жалған шейх­терінің сөзінен аса алмайтынын дөп басып айт­қандай. Ал бүгінде ресми органдардың өкілдері Сирия­ мен басқа да қақтығыс  аймақтарына кеткендердің көпші­лігі интернет арқылы шетелдік жалған «шейхтердің» арбауына түсіп қалғандығын айтад­ы. Сириядан оралған   азаматтардың өмірі – өзгелерге  өмірлік  сабақ. Мүмкін ел ішінде әлі де Сирияны армандап жүргендер болуы мүм­кін. Сирияны аңсамаса да елдің тыныштығын бағала­й  алмай  жүргендері қаншама. Адасқандарына қарамай, менікі жөн деп, қоғамға зардабын тигізіп жүргендер үшін «Жусан» операци­ясы арқылы елге оралғанд­ардың өмірі үлкен сабақ болуы тиіс. Қазіргі таңда әр өңірде деструктивті діни ағымның жетегінде жүрген азаматта­рды оңалту жұмыс­тары жүргізілуде. Нәтижесіне қарап көңіліміз толмайтыны тағы  бар. Қоғамға қайта бейім­делген азаматтардың қарасы да тым аз көрінеді. Кейде өз-өзімізді «Адас­қанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тап­қан  соң» деп жұбатып жататынымыз тағы бар. Әрине, «Адасқанның айыбы жоқ… егер қателігін түсініп, тура жолға түссе». Бірақ түзу жолды көрсетіп жүрген мамандардың сөзіне құлақ түріп жүр­ген олар жоқ. Олар дегенім – «менікі дұрыс» деген кейіпте шолақ шалбар киіп, қалай болса солай сақалын өсіріп, бас­қалардан ерекшеленіп тұратындар. Тіпті, кейбіреулері қулыққа басып сақал-мұртын күзеп, шалбарының балағын да түзеп, екінші  бір кейпіне түсіп­ті. Осылардың  осыншама­ өзгеруі­не кім әсер етті екен деп ата-аналары мен жақындары түсін­бей дал болып жүр. Берісі әлеу­меттік желілер арқылы жалға­н уағызшылардың теріс ұстанымдарын  жарнамалап  жауап­кершілікке  тартылса, арысына қылмыстық іс қозғалып, біразы­ бірнеше жылға сотта­лып та кетті. Кейбіреулері сотталғандарына да шүкір етіп жүр. Бәлкім, сотталмасақ Сирияғ­а кетіп, жоқ болар ма едік  деп  аман  қалғанына  тәубе­ еткендері де бар.

«ДІН   ҰСТАНУЫМ ӨЗІМ   ҮШІН»

Бұл – радикалды көз­қара­сынан қайтқан семейлік Данияр­ есімді азаматтың сөзі. «Дінді ұстансам, өзім үшін ұстанамын. Алланың алдындағы бес парызымды орындап, теріс ағымдардың ықпалына енді түспеймін, енді ешкімге тіліммен де, қолыммен де  зиян келтірмеймін» дейді ол. Ең басты­сы, ол өз ортасына­ оралғанына қуанышты. «Бағалай білгенге бақ келеді, қадірлей білгенге құт қонады» деген сөздің астарын енді түсінгендей. Бақ деген – бүгінге ғана емес, келешектің де үлесіне тиесілі құндылық. Әу бастағы қазақ мұсылманшылығына күмәнмен қараған азамат бүгінде  қазақтың  да «әлмисақтан»  бері мұсылманмын деген сеніміне  табан  тіреген.

 

ҮЛГІЛІ   МҰСЫЛМАН МЕМЛЕКЕТ   ЗАҢДАРЫН СЫЙЛАЙДЫ

Исламның бір ойшыл ғұламасы әл-Фудайл бин Ияд бірде: «Егер маған Алла анық қабыл ететін бір дұға жасауға мұрсат берсе, онда мен біздің сұлтанымызға игілік тілеп, дұға жасар едім» деген екен. Сонда маңындағылар оның себебін сұрағанда: «Мен өзім үшін дұға етсем, дұғам өзімнен өзге еш­кімге пайда әкелмес. Ал сұлтанымыз­ға дұға етіп, оған Алланың мейі­рімі түссе, онда көп­теген ұлт­тар, ұлыстар мейірімге бөленер еді», - деп жауап қайырыпты. Демек, елдің келешегі жүктелген азаматтарға дұға жасап, олар­ға  Алладан  игілік тілейді.

Ислам – қоғам ішінде бей­біт өмір мен тәртіп сақтауға шақыратын дін. Бұл әрбір адамның Алланың алдындағы, өзгелердің міндетіндегі мұсылман талаптарын толық орындауына мүмкіндік береді. Олай болса, үлгілі мұсылман өз мемлекетіндегі заңдарды сыйлайды, онда қоғамдық-саяси тұрақтылық пен тыныштық болуын қалайды, оның экономикалық жағынан өрістеуіне де қажыр-қайрат жұмсайды. Сол себептен Тәңірдің тарту еткен, ата-бабаларымыздың күш-жігерімен қорғалған елімізде бейбіт тірлік етіп, бірлігімізді мызғымастай бекітуіміз керек. Осы ынтымағымыз ұйып, ырысымыз артып, берекеміз тасып отырған елде біздің басты боры­шымыз – тыныштықты сақтау. Бұл сөзімізге Хазіреті Әлидің (р.ғ.) «Ризығына риза адам  тыныштықта  өмір сүреді» дегені дәлел.

 

ИСЛАМ  БЕС  НӘРСЕНІ ҚОРҒАУДЫ  МІНДЕТТЕЙДІ

Исламда бес нәрсені: Отанды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қор­ғау міндеттеледі. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс­ болғандар шейіттер қатарынан саналады. Отанды қорғау жолында, ұлтымыздың жарқын болашағы үшін басын бәйгеге тіккендерді шейіттер қатарына қосып, Жаратушы Иемізден жәннаттан жай бұйыртуын тілейміз. Осы рет­те­, бейкүнә жандарды бомбамен жарып, шаһид атанғысы келгендер ше? Олар жәннатқа кіре ме? Жоқ! Қасиетті Құранда: «Жазықсыз бір адамды өлті­ру бүкіл адамзатты өлтірумен тең» («Маида» сүресі, 32-аят) делінген. Сондықтан мұсылмандар дәйім бейбіт өмірді, тату-тәтті тірлікті жақтайды.

Татулықтың  тамыры  тереңге жайылған қазақ еліндегі азама­ттардың бір-бірімен жарас­а өмір сүруі – теңдессіз бақыт­. Сондықтан жылдар бойы  аспан­нан «ажал бұрша­ғы» жауған елді аңсағанша, таба­нын­ың  астындағы қара жері де несібе­сін молайтып тұр­ған туған­ елде, бейбіт мемлекетте өмір сүріп, ұрпақ жалғастырған әлдеқайда дұрыс. Отанды сүю – өз халқын, өмір сүріп жатқан жерін, бұлармен сабақтасып жатқан барлық құндылықтарды сүю деген сөз. Иә, мұсылманға туған жерін таңдау еркі берілмеген, алайда ол өз туған­ жері үшін жауапты. Ол өз тағдырын туған жерімен, Отанымен біте қайнастыра сезініп, олардың өркендеуіне, рухани гүлденуіне жауапкер санауы тиіс.

Тұрар   ӘБУОВ,

Дінтанушы

 


 

 

Сіз не дейсіз?

Мұхан ИСАХАН, дінтанушы, PhD доктор:

- Реаблитациялық жұмыспен шұғылданғанымызға біраз жыл өтті. Түзету колониясында Сирияға барып келген қаншама азаматтармен кездесіп, оңалту жұмысын жүргіздім. Әрине, олардың «жиһад» деп желігуіне көптеген факторлар әсер еткен. Соның ең бастысы – діни сауатсыздық, діни құндылықтарды теріс түсіну және рационалды ойлауды жоғалтып алуы еді. Әлбетте, жас балалар мен әйелдерге кінә арта алмаймыз. Ақпарат көздерінде «Жусан-2» операциясының видеосы жарияланды. «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» демекші, Қазақстан Сириядағы өз азаматтарының тағдырына бейжай қарамай, қиын шақта оларға қол ұшын созып, елге әкеліп жатыр. Аллаға мың да бір шүкір дейміз, панасына алып, қамқорлық көрсететін осындай тәуелсіз мемлекетіміздің барына.

Кеңшілік ТЫШХАН, дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты:

- Кішкентай балалар елге келгенде ұшақтан түскен кезде шешелерінен «Мына жерге бомба түспей ме?» деп сұраған екен. Балалардың от пен оқтан үрейленгені соншалықты болмысындағы үнді осылайша жеткізген. Сирияда сүреңсіз өмір сүріп жатқан, елге әлі де қайтарылуға тиісті азаматтар саны аз емес. Демек бір емес, біздің жүздеген үмітімізге бұрқыраған оқтың астында қалу қаупі бар. Балалар әр күнін бомба түспей ме деген үреймен өткізіп жатқаны өкінішті! Қателік жасайтын ата-ана, бірақ зияны жас балаларға тиіп жатыр. Олардың бейкүнә жүректері еш уайымсыз соғып, балалықтың бал дәуренін алаңсыз өткізуге тиісті шақта «жараланды».

 


ШЕБЕР ЕКЕНІМДІ ДӘЛЕЛДЕЙ АЛАМЫН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
23.05.2019 11:15

Несібелі   МУСЛИМОВА:

Тағдыр – жазмыш. Жазмышты жолынан жаңылдырып, пешенесін­  өзі  жазған пенде жоқ. Бір сәт күліп отырып көңіл босату,­ жылап отырып  жігерлі  кейіпке ену, шарасыздықтан  шаршап  немесе­ амалдың   жоқтығынан  жанар­ын  солдыру – бір  тағдыр иесіне­  ауырлық­. Сынақ  өзінің жеңім­пазын  таңдайды. Және сол жолда­ күресу үшін  кейіпкеріне  күш-жігер  сыйлайды. Басылымның  «Тағдыр»­  бетін­е «Құштарлық»  айдарын  таққанымызға  көп  бола қойған жоқ.

Десек  те  Жарат­қаннан жеткен сынаққа мойымай, керісінше бүкіл мүм­кін­дігін пайдалану арқылы өмірге құлшынысын арт­тырған жан­дармен жолығуды бастадық. Бүгінгі кейіпкеріміз – суретш­і, тігінші, биші. Сынаққа «сын сағат­ы» деп баға беріп, сол ар­қылы   тәжірибе  молайтып  жүр­ген  жандардың   бірегейі – Несібел­і Муслимова.

- Несібелі Жеңісбекқызы, әңгіменің әлқиссасы­н  өзіңізден  бастасақ...

- Мен 1969 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Есімімді әжем қойған. Алайда бойжеткен шағымда атым өзіме  ұнамай, бұл ойымды әже­ме жеткізген­де ол кісі «қызым, сенің есіміңнің түбі­рінде үлкен мән жатыр. Бұл ныспы­ң әлі саған­ көп көмектеседі» деді. Қазақ халқ­ы балаға есім таңдар кезде де аса мән берген­. Тағдыр несі­бемді ор­тайтқан емес. Осыдан  4-5 жыл бұрын денсаулығыма байла­нысты  арбаға  таңылғанымда  бұл жағда­йға көндігу оңай соқпады­. Әрине, екі аяғымен шапқылап, бүкіл мүмкіндігін пайдаланып отырған адамның бір сәтте мұқтаждыққа ілігуі жеңіл емес. Десек те, «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген ақын Абайдың өлеңіне сүйеніп, жанымд­а қалған екі балам­ның несібесі  үшін  жан-жақты  ізде­ніс  жасадым.

- Сіздің шеберлігіңізбен жа­салған­ қолөнер бұйымда­рыңызды көрмелерден көріп жүрміз. Тіпті қыз жасауы, бесік жасауы­на да тапсырыс қабылдайтыныңызды  көпшілік  біледі...

- Иә, қолөнер туындыларын істегенді жастайымнан ұнатамын. Әртүрлі заттардан тұр­мысқа қажетті дүние­лер жасаймын. Негі­зінде сол 16 жасымнан бастап­ ою ойып, тігіншілікпен айналыстым. Тігін фабрикасында мастер қызметін істедім. Одан кейін жеке ательелерде киім тіктім. Кейін денсаулық  жағ­да­йы­ма байланысты  бұл істен қол үзіп қалдым. Осы жағдайға ду­шар­  болғаннан кейін 2016 жылы Талсуаттағы оңалту орталығында ем қабылдаған кезімде­ «Еңбек терапиясында» өзім секілді жандардың әртүрлі нәрселерді жасап жатқанын көріп, «мен де ісімді бастаймын» деген  ой  кел­ді. Сөйтіп, «Жұмыспен қамту  орталығының» жанынан ашыл­ған тігіншілік курсын оқыдым. Қазақта «білгенім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз­» деген­  сөз  бар  емес пе, сол секіл­ді қанша жыл тігіншілік еңбек етсем де, шиқұрақ құрауды біл­мейтін едім. Оқу курсында осы түрін мықтап игердім. Өзің айт­пақ­шы, қыз жасауы, бесік жа­сауы­на тапсырыс қабылдаймын. Қазіргі күні тағы да ден­сау­лығым сыр беріп, уақытша дема­лып­ отырмын. Қолдарым енді ғана икемге келіп, қал­пы­на  түсуде.

- Мүмкіндігі  шектеулі жан­дарға көрсетілетін көмектердің шара­паты  тиіп  жатыр  ма?

- Өткен жылы осы «Жұмыспен қамту орталығының» өткіз­ген конкурсында 240 мың теңге грант ұттым, тігін машинасын алып, жеке кәсіпкер ретінде тір­келдім. Бүгінде әртүрлі тапсырыстар түсіп жатыр, алайда оған кірісуге қаржылай қиындықтар кедергі келтіріп тұр. Біз секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан тұрақты көмек, жеңілдіктер жоқ. Әзірге тек мүгедектік жәрдем­ақымен ғана күнелтіп отырмыз. Көптеген тапсырыс түседі, оған қажетті құрал-жабдықтар мен маталарды алу үшін қаржы жетіспе­йді. Бұл жұмыстарыммен тоқтамай, 1 млн теңге грантты жеңіп алу үшін  талпыныс  жасаудамын. Ол үшін бизнес-жос­парым  да да­йын.­ Жеңе­ті­німе  сенімдімін. Өйткені мен кез келген нәрседен тамаша  туын­ды  істей алатын шебер екенімді  дәлелдей  аламын.

- Қолөнер бұйымдарыңызды жасау үшін көбіне қандай мате­риалдар  қолданасыз?

- Құрақ көрпеше құрап, киім тігумен қатар сурет саламын. Мысалы,  балалардың  ойнайтын пластилинінен  (ермексаз – ред.) сурет салып, оны көркемдеп қойдым. Табиғи  және  пластикалық  заттар, фетр мата, пластилин, моншақ, жалпы кез келген  заттың  өңін  айналдырамын. Фетр матадан қолсөмке тіктім. Ата-аналар мектеп оқушылары мен  балабақша  қыздар­ына сатып­ алды. Содан соң Рамазан  айында­ қолымнан келгенше қайырым­дылық  жасап, «Қарттар үйіне»  фетр  матадан  әмиян тігіп апарып, таратып   бердім. Тапсырыс  берушілер  алдымен  істеген заттар­ымның үлгісін көрсетуді сұрайды. Оны кез келген адамның талап­ етуі заңдылық ғой. Алайда менің қолөнер дү­ние­ле­рімді дайындап қою үшін қар­жы жетіспеу­шілігі қол байлап отыр.

- Уақыт бөл­геніңізге алғыс айтам­ыз! Дені­ңіз­ге  саулық­, кә­сі­біңізге  береке  тілейміз!

Әңгімелескен  Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


КЕШ КЕЛГЕН БАҚЫТ (Болған оқиға ізімен) PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
23.05.2019 10:50

(Соңы. Басы газеттің 14 наурыздағы  №10, 18 сәуірдегі №15 сандарында)

Менде тек ғана жұмыс тауып, жан бағатын тіршілік жасаудан басқа жол қалмады. Ал бала ше? Уақытша балалар үйіне өткізсем бе деген ой келді. Бірақ мен қайтып аламын дегенше, біреу асырап алса қайтемін деген күдік тағы бар. Осындай ой шырмауында жүргенімде ұялы телефонымның шырылы ойымды бұзды. Тұтқаны көтерсем анам екен, бейтаныс нөмірмен хабарласқан. Менің жағдайымды білген соң, «қызым, бізді ел-жұрттың алдында қарабет қылдың, әкеңді білесің қаншалықты қатал екенін, осылай қашанғы жүресің? Балаңды балалар үйіне өткізгің келмесе, Ажар тәтеңе басыбайлы бер.

Балалары жоқ» деді. Арада үш күн, үш түн оймен арпалыстым. Қызымды ешкімге де бергім келмеді, бірақ оны қалай өсіріп бағамын, сүйенер ешкімім де жоқ, не басымда баспанам да жоқ. Ақырғы амалым таусылып, өз қолыммен еңіреп жүріп қызымды тәтемнің қолына ұстаттым. Емшегім иіп, қабырғам қайысып, қимай-қимай артыма қарап, қалаға қайта келдім. Сыздаған төсімді сауып тастап, тас қылып орап алып, жұмысқа шықтым. Өмірімнің мәнісі кетіп бара жатқандай. Жылай-жылай көз жасым да сарқылды. Өмір мені аямай жылатқаны аздай, енді баласыз атқан әрбір таңым, батқан түнім мен үшін өте ауыр болды. Бұл күндерге де үйрене бастадым. Жанымды жеген мұң күн сайын ұлғаймаса, ортаймады. Арада сырғып бірнеше жылдар өтті. Осылай­ жүрген бір күндері алыс ағайындас біреулер мені айттырып келді. Әке-шешемнің «ойлан» деген сөзі мені қатты ойландырып тастады. Шешем сорлы «осылай қашанғы жалғыз жүрмексің, сенің де отбас­ы құрып, үй болуың керек» деген соң жігітпен жақын араласып көруге тырыстым. Жүрегімнің қалауы болмаса да, онша оғаш қылығын байқамаған соң ол тарапты көп күттірмей, келісімімді бер­дім. Мүмкін Алла менің бұл сынағыма қуаныш сыйлағалы тұрған шығар, мүмкін қызымды ұмытатын шығармын деген ой болды. Қазақы дәстүрге сай қолдан алып, тойымыз да болды. Беташар тойдан­ соң, бар ауыртпалық өзіме түскеніне көзім жетті. Өзі де, шешесі де – жұмыссыз. Көп ұзамай «екі қолға – бір күрек» деп жұмысқа шығып кеттім. Күйеуім арасында жалданбалы жұмыс істеп, пәтер­ақыны төлеуге қарасып тұрды. Таң ата үйден шыққаннан кешке бір-ақ келем. Келе-келе күйеуім ішіп келіп, жөн-жосықсыз таяқтай жөнелетін болды. Балам үшін деп сүйегімнен өткен сөзге де, таяққа да көндім. Бақытқа белшемнен батпасам да, ұлым үшін деп жүрген амалсыз сүргін күндерім сырғуда. Бір жексенбіде таң ата базарға азық-түлік алуға кететін болып, ұлымды күйеуіме тастап, азық-түлі­гімді арқалап үйге жеткенімде алдымнан ұлым шықты.

- Әкең қайда? Сен неге жалғызсың? - дегенімде:

- Әкем бөлмесінде, қасында бір тәте бар, - деп былдырлап, қолын түпкі бөлмеге қарап сермеді. Ойымда ештеңе жоқ, қайын­сіңлілерімнің бірі екен деп есікті ашып қалғанымда өз көзіме өзім сенбедім.

Бұл кезде менің екінші сәбиге аяғым ауыр еді. Жатын бөлменің есігін ашқанда біреу төбеме мұздай су құйып жібергендей, өз көзіме сенбей, мелшиіп қаттым да қалдым. Әйел затына бұдан асқан қорлық, бұдан асқан­ азап бар ма? Опасыздықты тал түсте өз үйімде, өз төсегімде, өз періштесінің көз алдында жасайды деп кім ойлаған? Маған жасаған қиянаты, екіқабат­ кезіме де қарамай ұрғаны, есірткі шегіп мені қинағанынан да, бәрінен бұрын менің ақ жаймамда көзіме шөп салып, бір қатынмен әуес болғаны жаным­а қатты батты. Есімді қалай жоғалтсам, солай­ тез жиып, әлгі қатынды тырдай жалаңаш күйінде шашын жұлып, сүйреп, жұлқып-жұлқып күйеуіммен бірге үйден қуып шықтым. Бөлмеме кірдім де аңыраған күйі отыра қалып жыладым.

- Не жаздым саған, Құдай-ау?! Енді көрсетпегің осы ма еді? - деп қанша жылағаным есімде жоқ, өзіме қосыла жылаған ұлымды көріп, есімді жидым. Әйел шегіне жетсе мықты болатынына сол кезде көзім жетті. Әйтпесе жаңағы әйелді сүйреп шығатындай күш қайдан пайда болды маған. Ұлыммен қосылып жылап жүріп, бір-бірімізді жұбатып, мен шифонерді ашып, киім-кешегімді жинап, кеткелі жатқанымда күйеуім келіп, өлердегі сөзін айтып, кешірім сұрады.

- Екіқабат күйіңде баламен қайда барасың? Кешірші мені, - дегенде балаларымды жетім еткім келмей, тағдырым қанша жерден сынаса да, өзін жек көріп тұрсам да, балаларым үшін өзімді құрбандыққа шалдым. Бұл үйден кеткенде де мені күтіп тұрған ешкім жоқ еді. Осылай менің өмірім қайғы мен азапқа толып өтіп жатты. Осындай сүреңсіз бір күні ауылдан «анаң төсек тартып, ауруханаға түсті» деген хабар келді. Әкем хабарласып, «мүмкіндігің болса, шешеңнің қасына келе аласың­ ба?» деді. Енем де қарсылық таныт­қан жоқ. Енем:

- Бақдәулетті өзім алып қаламын. Өзіңнің аяғың ауыр әрі баламен тірлік жасап, береке тап­пайсың. Уайымдамай барып қайт, - десе де іштей қобалжып, жолға шықтым. Жеті күндік емнен соң анамның беті бері қарап, мен үйіме қайтуға асықтым. Өйткені жүрегім жеті күн бойы тағат таппады­. Енемнің де, күйеуімнің де телефоны сөндірулі, бір нәрсені сезгендей жүрегім сыздай берді.

Алып ұшып, тағатсызданып үйіме келсем, үйдің есігі құлыптаулы. Қанша ұрсам да ешкім ашпады. Содан соң көрші пәтердің есігін қақтым. Үйдегілерді сұрағанымда «олар көшіп кетті» дегенде жүрегім тоқтап қала жаздады. «Құдайдың бұл тағы қай сынағы? Қайда көшті, қайда кетті, неге кетті?» деген ой миыма сыймай көршілерден, көрген-біл­гендерден сұрап, әбден есім шығып, салым суға кетті. Бар  ойым баламда, олар  балама бірдеңе істеп қойды ма деген ой мені жатпай-тұрмай мазалады­. «Баламды әкесі ұрлап кетті» деп дабыл қағып полиция­ға арыз бергенмен де ешқандай нәтиже болма­ды. Ішімнен қайғының қанын жұтып, қызымды өз қолыммен асырауға берсем, ұлымнан тірідей көз жазып қалғаныма қайғырып, күнім өтіп жатты. Қарным шермиіп жүріп, ұзамай ай-күнім жетіп, дүниеге ұл бала әкелдім. Перзент­ханаға  күйеуімнің  жамағайын туысының келіншегі де түскен екен. Содан ұлымның аман-есен жүргенін естіп қуанып қалдым. Олар мені баланы алып кетіп, ажырасып кетеді деп ойласа керек. Мен шешемді­ қарауға кеткеннен бастап Астанаға баланы­  алып  қашыпты.

Осылай баламен алысып жүріп, арада уақыт зырғып өтті. Ұлымды ақылы балабақшаға беріп, жұмысқа кірістім. Аталас болып келетін бір сіңліммен бірге пәтер жалдап тұрдық. Бір бөлмеде тұрған атымыз болмаса, бір-бірімізді сирек көреміз. Мен күндіз шаршап жұмыстан келсем, ол кешкі ауысымға кететін. Осындай бір шаршаңқы күннің бірінде үйге келсем, Айдана жылап отыр. Баламды жайғап, мән-жайды сұрасам, тіл қатпайды. Қанша отырғаны белгісіз, «енді мен не істеймін, әке-шешемнің бетіне қалай қараймын?» деумен болды­. Сөйтсем байғұс қыз баяғы мен секілді алданып қалыпты. Сонымен не керек, баланы алдыруға болмайды, жүктілік мерзімі алты айдан асып кеткен, жігіт болса басын алып қашқан. Туыстары бұл жайттан бейхабар. Өз қайғым, өз баламның бейнеті аздай, оған Айдана қосылды. Осылай бір мұңлыққа бір мұңлы қосылып, Айдананың айы-күні жетіп, перзентханадан бір-ақ шықтық. Ұлымды қарап, шешем қалды. Айдананың босануы өте қиын болды. Мен босану залына серіктес  болып кірдім.

Ең өкініштісі, Айдана босанған соң өз перзентін бауырына баса алмады­. Толғақ үстінде көз жұмды. Шақалақтың шырылдап ана құшағын аңсап жылағаны мені қатты есеңгіретіп  жіберді. Оның үстіне босану кезін­де  ана өлімі дәрігерге де ауыр жүк еді. Көз алдыма тұңғышым, үлкен ұлым елестеп, сөзсіз өзімді тәуекелге буып, дәрігерге кіріп, баланы өз атыма­ жаздырып, өзім босанғандай болып шықтым. Менің мына тірлігіме шешем байғұс күйіп-пісті. Мынандай заманда өз балаңды асырап алсаң да кісінің баласында нең бар деп өзіме дүрсе қоя берді. «Кісінің баласын асырап алсам, жастық шақпен орны толмас жасаған қателігімнің орнын осы баламен толтырайын, мама, әлі күнге дейін сол қызымды бергеніме өкінемін, өзімді де кешірмеймін» деп еңкілдеп жылай бердім. Оны жетімдер үйінде басынан кім сипайды дейсің,күтіп отырған кімі бар? Осылай екі баламмен өлместің күйін кешіп, өмірім өтіп жатты. Ескі жараның орны жазылмаса да ұмытыла бастады­. Тірі адам тіршілігін жасайды  екен. Пәтерден-пәтерге көшіп, не ішер асқа, не киер киімге жарымай күндерім өтіп жатты. Басыңда баспанаң болмағасын да өмірден азарды көреді екенсің. Бірде аш, бірде тоқ өмірде балаларым үшін деп тырмысып жүргенімде Алла да мені жұбат­қысы келді ме, менің өміріме құт­қарушысын жіберді. Өзім пәтерде азып-тозып жүріп, бар тапқан-таян­ғанымды  балаларым  үшін  деп  өмірім өтіп  жатты.

Құрылыста жұмыс жасап жүрген кезімде Сабырмен таныстым. Ол да бірінші некесінде дәм-тұзы жараспаған менің тағдырласым екен. Араға жыл салып, біз шаңырақ көтердік. Алланың барына, көп қиындықтың артында  жақсы күндер келетінін сол кезде ұқтым. Бар ауыртпалықтың жүгін өзім ғана көтеріп, әйелге тән нәзіктікті ұмытып та қалыппын. Осылай­ жүріп, бірінің артынан бірін босанып, екі ұлды дүниеге әкелдім. Соңғы ұлымды босанар алдында құжаттарымды реттеп жүргенде Ерланн­ың  бір танысын көріп қалдым. Амандық-саулықтан соң Ерланның қос бірдей ұлының да бір себептермен қайтыс болғанын, араға уақыт салып, некелі жарымен ажырасып кетке­нін де айтты. Көз алдымнан оның маған жасаған қиянаты, қызыммен далада қаңғып жүріп, пәтер жалдап­ жүрген кездерім, таңға дейін жылаған сәттерім, жеңгеме берген бейкүнә қызымның көз жасы бәрі көз алдыма елестеп, кино лентасындай сырғып өтті. Менің көз жасымның бәрінен де әке-шешесіз басқа жандардың жанында жүріп, өз әке-шешесінен мейірім көрмеген қызымның көз жасының текке жібермегенін сол кезде­  ұқтым.

- Неге мені тастап кеттіңдер? Менің  әкем кім? Мені неге керек етпеді­ңдер? - деп еңіреп жылаған қызымның бейнесі көз алдымнан кетер­ емес. Мен қызымның алдында қалай ақталайын, онсыз да ар азабынан арыла алмай жүрсем де қызыма барлық жағдайды түсіндірдім. Ол да түсінгендей болды. Ішім өртеніп барад­ы. Қазір мен бір қыздың тырнағына зәрумін, ал Ерлан бар байлығынан айырылды. Кейде қызымның сөзінің жаны бар-ау деген ойға қаламын. Қазір әлі отау құрмай жүрсе де қызының барын біле тұра, іздемейді де. Менің ойымды бір сұрақ мазалайды. Осы күні ол – қала танитын атпал азамат. Қаншама жанның көз жасы мен обалы мазаламай ма екен? Тым болмаса, қызын іздеп, әкелік қамқор танытса, бәлкім қызымның жүрегіндегі жара жазылар, - деді терез­еге телмірген құрбым.

Иә, әркімнің тағдыр соқпағ­ы әртүрлі. Біреу тойып­ секіреді, біреу тоңып секіреді. Басынан қиын қыстау кезең өтсе де, мойы­май сыртқа кеткен баласының орнын толтырам деп, аналық  махаббатпен  біреу­дің баласын асырап алу мына заманда мүмкін емес. Перзенттерін қанатының астына алып, аштық пен тоқтықта да қатар өмір сүріп келе жатса да кейіпкеріміздің жаны жаралы, күрсінген күйі терезеге ұзақ ойланып қарап тұрды. Бұл ананың қызына деген ешкімг­е айта алмаған са­ғынышы еді. Мен оның көзінен сондай шарасыздық күйді ұқтым. Ал кейіпкерім Ерлан туралы сіздің ойыңыз қандай? Ол неге қызын іздеп, жасаған күнә­сінен арылғысы келмейді? Соған менің ойым жетпеді. Осы сұрақ көкейімде сайрап тұр. Көріп қалсам бір күндері сол сұрақты қоя алар ма екенмін? Сіз қалай ойлайсыз?

Қазіргі кейіпкеріміз Айгүл қалаға қарасты бір ауылда төрт перзентімен, Сабыр атты күйеуімен бақытты өмір сүруде. Пәтерден-пәтерге көшіп, қиыншылық көрсе де қазіргі таңда баспанасының іші баланың шаттығына толы. Ал Айгүлдің көз алдына үнемі қызының тағдыры, қызының өмірі көлбеңдеп келе береді. Кейіпкеріме жан жарасы жазылар  күн тусын деп тілеймін.

(Кейіпкерлердің  есімдері  өзгертілген.)

Гүлмира  МОЛДАХОЖАЕВА

 


ЖАНҒА ЖАЙЛЫ ДЕМАЛЫС ҚАЙДА БАР? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
23.05.2019 10:40

Санаулы  күндерден  соң  мектеп  түлектері  алтын  ұясымен  қоштасып, жаңа  өмірге  жол  ашады. Ал,  1-10-сынып оқушылары ала жаздай тынығып, қыдырып, сарыала күзде сағына мектепке қайта қадам басады­.  Әрине, оқушылардың жазғы демалысты қалай өткізетіні, қайда өткізетіні – маңызды мәселе. Өйткені, демалыс жанға жайлы болуы шарт. Балақайлардың «алақай» деуі үшін тиісті мекемелер тырысып­-ақ жатқандай. Жыл өткен сайын жаңашылдық байқалады. «Биыл қанша оқушы тынығады? Облыста қанша жазғы тынығу лагерьле­рі жұмыс істейді? Олардың ақысы қанша?», т.б. секілді сауалда­рға  жауап  іздеп  көрген  едік.

Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, осы жылы облыс бойынша 1-10-сынып аралығындағы 147 750 баланың 144 795-і жазғы тынығумен қамтылады деп күтілуде. Бұл барлық оқушылардың 98 пайызын құрайды. Аймақта жазғы демалыс қала, аудан сыртындағы 9 лагерьде 7 ауысыммен ұйымдастырылады.

Аталған жазғы лагерьлер мен мектеп жанындағы лагерьлер де өз қызметін ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастайды. Биылғы жылға облыс көлемінде балаларды дамыту, сауық­тыру, білім беру, психотерапевтік, коммуникативтік қызмет көрсететін 550 мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істейді деп жоспарлануда.

Облыс  аумағында  орналас­қан лагерьлер туралы мәліметтерді назарларыңызға ұсынамыз.

Арал  ауданы. «Қамбаш» балалар­ды сауықтыру және қосымша білім беру орталы­ғына жалпы қамтылатын бала саны – 1195. Бір балаға жол­дама құны – 32000 теңге. Ондағы ауысым саны – 7, ауысым ұзақ­тығ­ы 10 күнге созылады. Әр ауы­сымда 150 бала еркін тыныға алады­.

Қазалы ауданы. «Шағала» лагер­іне жаз мезгілінде жалпы қамтылатын бала саны – 875, әр ауысымда – 125 баладан, 10 күн­нен 7 ауысымға ауыстырылады. Жолдама құны 15000 теңгені құрайды.

Сырдария ауданы. «Жалын» тынығу лагерінде жалпы қамтылатын бала саны – 910. 7 ауысымнан тұратын лагерьдің бір ауысымында 130 бала емін-еркін демала алады. Жолдама құны 16000 теңгені құрайды.

Жалағаш ауданы. Аудандағы «Ақтерек» демалыс лагерінде жалпы қамтылатын бала саны – 402, онда 80 бала 5 ауысыммен демала алады. 10 күнге жолдама құны – 15000 теңге.

Шиелі  ауданы. «Сыр ұланы» лагерінде жалпы қамтылған бала саны – 700, 100 бала бір ауысымда еркін тыныға алады. 10 күнге жолдама құны – 17500 теңге.

Жаңақорған ауданы. Мұндағы «Тау  самалы»  лагерінің  ауысым ұзақтығы 10 күнді құрайды. 150 бала бір ауысымда тынықса, барлығы 1050 бала демалады деп жоспарлануда. Жолдама құны – 15000 теңге.

Қызылорда. Білім басқармасына қарасты «Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында» әр ауысымда 300 баладан, барлығы 2100 бала қамтылады деп жоспарланған. Жолдама құны 25000 теңгені құрайды.

Қызылорда қаласындағы «Сырдария» лагері. Жалпы, жаз бойы қамтылатын бала саны – 1050, бір ауысымда 150 бала қамтыла алады. 10 күнге жолдама құны – 15000 теңге.

Облыс орталығындағы «Арай-Санрайз» лагерінде «ПетроҚазақстан «Құмкөл Рес­орсиз» АҚ-ның демеуші­лігімен 7 ауысымда, 180 баладан, 1260 баланы демалдыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектеп туризмін жандан­дыру бойынша 20 000 балаға (2018 жылы – 15 500 бала) облысы­мыздағы киелі тарихи, мәдени орындарға саяхаттар ұйымдастырылады.

Әлбетте, біз лагерьлердің жұмысымен, қызмет сапасымен жіті танысқан жоқпыз. Біздің мақсат – керекті мәліметті ата-аналарға ұсынып, оқушыларды құлақтандыру.

 


ӘБІЛҚАЙЫР ХАННЫҢ «КӨПБАҒЫТТЫ» САЯСАТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
23.05.2019 10:20

Кеңес заманының тұсында қазақтардың Ресейге ресми түрде қосылуы 1731 жылдан басталады деп айтып та, жазып та әбден құлағымызға сіңдірген жағдайымыз бар. Тарихи тұрғыдан алғанда бұл пікірдің дұрыс еместігін енді ғана түсініп жатсақ керек. Қазақтың Ресейге қосылуы, зорлап қосылуы бір жыл емес, жарты ғасырға (1731-1824 жылдар) жуық созылғанын енді айтып жатырмыз. Бұл процесс күрделі саяси, тарихи құбылыс емес пе, сондықтан да қазақтың Ресейге қосылуына ерекше жауапкершілікпен қарау керек болар.

Атүсті, жеңіл, ұшқары пікірлер жарамасы анық. Осы орайда 18-ғасырдағы қазақ хандарының ең беделді, ең ықпалды ханы болған Әбілқайыр жайлы осы кезге дейін ақтаңдақ болып келген үш тарихи оқиға төңірегінде пікірлерімді ортаға салсам. Олар, біріншісі – Әбілқайыр ханның Сыр бойында қала салмақшы болғаны, екіншісі – Әбілқайыр ханның Хиуаның аз уақыт ханы болып сайланып, Персияның шахы Нәдіршахпен қақтығысы, үшіншісі – Әбілқайыр ханның жоңғардың қонтайшысы Қалдан-Серенді алдап соғуы.

Әр кезде қазақ руларының арасында жауластық, өшпенділік, таусылмайтын барымта үш жүздің басын біріктіруге ешқандай мүмкіндік бермеген. Оның үстіне он сегізінші ғасырдың басындағы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» еңіреген қазақтар әбден қалжыраған еді. Оған қоса, қазақ хандарының арасында да ауызбіршілік болмады. Міне, сол кезде қазақты солтүстіктен – башқұрттар, сібірлік казактар, батыстан – Волга қалмақтары, шығыстан – Қалдан-Серен бастаған жоңғарлар, оңтүстіктен – Бұқар мен Хиуа хандықтары анталап берекесін кетірді. Әбілқайыр ханның жан-жақты көпбағытты саясат жасау кезеңдері осы уақытқа сай келеді. Әбілқайыр билікке өте құмар болған, ол бүкіл қазақты өзі басқару үшін орыстың қаруын пайдаланбақ болды, сол үшін 1730 жылы Ресейге елші жіберді дейді кейбір тарихшылар.

Әбілқайыр хан орыс патшасына төрт ретке дейін ант берген көрінеді. Бірақ, бір қызығы, Әбілқайыр хан Ресейге ант беруге қанша тез асықса, арасын суытпай артынша әр нәрсені сылтау етіп тез жауласып кетіп отырған. Сонда бұл қалай? Бұл қазақ ханының сол кезге лайық көпбағытты саясат жүргізген сырық бойламас қулығы ма, әлде өз халқының алдындағы жауапкершілігін түсінгендігі ме? Бұл сұраққа 1881 жылы қазақ елінің саяси-экономикалық қатынастарына арналған түрлі материалдар жазып жүрген И.Крафт өзінің «Қырғыздардың Ресей қол астында болуы» деген мақаласында Әбілқайырдың атынан өз аузымен былай деп жазады: «Ертең мені артымда қалған ұрпағым бірнеше жылдан соң еске алар. Сондықтан, адам артында өзіне сай естелік қалдыруы шарт. Мені ұрпағым қалай бағалайды? Оның алдында кешірілмес күнәға ұшырағаным масқара емес пе? Мен олардың алдында ауыр күнә жасадым деп өзімді-өзім қажай беремін» (140).

Бұл жерде орыс патшалығының Әбілқайыр ханды әртүрлі алдап-арбау қулықтармен тамаша пайдаланып келгенін, қолшоқпар қылғанын айтқан жөн болар. Әуелі орыстар Әбілқайырға «мен саған қала салып беремін» деп Орынборды салып, оны алдап кетті. 1737 жылы башқұрттар Ресейге қарсы көтеріліске шыққан кезде орыстар Әбілқайырды башқұрттарға айдап салып, қазақ ханы башқұрттардың көтерілісін аяусыз басып, олардың мал-мүлкін талан-таражға салған. 1738 жылы башқұрттар Әбілқайырды хан етіп сайлайды, башқұрт қызына үйленеді. Міне, осы кезде Әбілқайырдың мінезінде өзгеріс пайда болып, орыстарға қырғиқабақ таныта бастайды. Башқұрттың батыры Шонаны ұстап бер деген орыстардың талабын орындамайды. Ор өзенінде орыстар салған Орынбор бекінісін «маған арнап салынған, қаланы қайтарып беріңдер» деп талап қояды. Орыстар қазақтардан айырылып қаламыз деп қорқып, ханның жан-жағын орағытып, онымен татулық іздеп, көңілін тауып, хан екінші рет ант береді. Осы кездерде Әбілқайыр біресе қалмақтармен соғысып, арасында бітімге барып, орыс губернаторы Неплюевке «аманатқа барген балам Ахметті қайтар» деген сияқты талаптарды қойып біресе араздасып, үшінші, төртінші рет ант беріп жүруі Әбілқайыр ханның қандай саясат жүргізген деген сұрақтарына бүгінгі ұрпақ жауап таба алмай жүр. Әбілқайыр ханның орыс патшайымына «маған Сыр бойына қала салып бер» деп қайта-қайта қолқа салуы, дәл осы арада Хиуа хандығына барып оның ханы болғаны жайлы құжаттар – әлі күнге дейін толық ашылмаған, зерттелмеген  оқиғалар.

ӘБІЛҚАЙЫР  ХАННЫҢ

СЫР  БОЙЫНДА  ҚАЛА  САЛМАҚШЫ  БОЛҒАНЫ  ЖАЙЛЫ

Әбілқайыр ханның «Сыр бойынан маған қала салып беріңдер» деп қайта-қайта орыс патшайымына қолқа салуында қандай ой жатыр?­ Тек қана өз қамын ойлап бүкіл қазақты өзі билеу жоспары ма әлде уақыт ұтып, қазақтың болашағын ойлап күшін жинау, біріктіру ме? Әлде орыстың күш-қуатын пайдал­анып, елдің жан-жағын қымтап, сосын жалт беріп, басқа одақтас тауып кету ме? Бұл мәселе жайлы орыс ғалымы Я.Ханыков былай жазады.

«1739 жылы Қазақ елінің Кіші жүзінің ханы Әбілқайыр, ол осының алдында ғана Ресей­ патшалығына кіруге ант берген болатын, Сырдария өзенінің Арал теңізіне құяр сағасына таман жерден маған қала салып беріңдер деген бұрын айтқан өтінішін тағы да қайталап, орыс патшасына қолқа салды. Орыс патшасы сол жылдың 20 тамызында Ханға мына мазмұнда жауап беріңдер деп жарлық берді: «Қаланы салмастан бұрын болашақ қаланың орнын көрмек керек. Бұл мақсатта бұл істің жөн-жосығын білетін адамдар арнайы сол жаққа жұмсалсын, олар бүкіл жүрген жолын картаға түсірсін, геодезиялық жұмыстарды бірге орындасын». Бұл жұмысты атқару мына кісілерге, Орынбор драгун полкының поручигі, татар тілін жақсы білетін Дмитрий Гладышевке, геодезист Муравинге, инженер надзирателі Назимов пен тілмәш Осман Арыслановқа жүктеледі. Қастарына бірнеше казактарды қосып береді. Әбілқайыр ханның көшіп-қонып жүрген аймағына жетуге 100 шақырымдай қалған кезде қазақтардың Шекті руының жігіттері оларға шабуыл жасап, заттарын тартып алып, деньщик надзиратель Назимо­вты, оралдық казак Федоровты өздері­мен бірге алып кетеді де қалған үшеуін сапарларын жалғастыруға рұқсат беріп жібереді. Сапарла­рының 33-ші күні, яғни 1741 жылдың 7 қазанында Гладышев екі жолдасымен бірге Қуаңдарияға жақын жерде Адам-Ата өзенінде орналасқан Ханның ордасына жетеді. Бірақ Ханды кездестіре алмайды, тек Бопай ханша ғана бар екен, Әбілқайыр хан өзіне қарасты Арал аймағына кетіп қалыпты. Орыс офицерлері Ханға адам жұмсап, оның рұқсатымен Әбілқайыр ханға жол тартады, оларға Ханның баласы Нұралы мен Әбілқайыр ханның інісі Нияз еріп жүреді. Ханның ордасынан 15 қазанда шығып, 2 қараша күні Арал аймағындағы Шахтемір қалашығына жетеді».

Бір қызығы, Гладышев пен Муравинді тонаған жігіттер өздерінің Әбілқайыр ханға бағынбайтындығын сол жерде ашық айтқан: «Біз Ресейд­ің азаматы емеспіз, орыстарға Әбіл­қайыр хан ғана бағынады, ол сол үшін баласын Ресейге­ аманатқа берді, сол үшін сыйлықтар алып тұрады. Біз Ресейдің боданы емеспіз».

 

Геодезист  Муравиннің  жазбалары

Геодезист Муравин сапар нәтижесі бойынша­ ежелгі Жанкент қаласы туралы егжей­-тегжейл­і зерттеулерін басшылыққа тапсырады. Онда былай депті: Әбілқайыр хан қала салып бер деген жерді барып көрдік, бұл жерде Ноғай татарлары салған Жанкент деген қала болған, ұзындығы шамамен 100 шақырымдай, ені екі шақырым шамасында. Балшықтан салын­ған қаланың қазіргі ескі орны аралшық болып қалған. Аралшықтың бір жағынан Арал теңізі, екінші жағынан Сырдария өзені өтеді, үшінші жағынан Сырдарияның Қарасар деген саласы Арал теңізіне құяды. Бұл сала балшықты жерде болғандықтан [34] бойында қамыс өседі, Қарасарға жақын жерде ащы көл бар. Бұл жер жазық, жері шөкпін лайдан пайда болғанды­қтан құнарлы. Қарақалпақтар осы жерде көшіп-қонып егіншілікпен айналысады, суды егістікке каналмен жеткізеді, бидай жақсы өседі, бірақ көбінесе олар тары егеді. Арал тоғайға толы, бірақ қала құрылысына жарамд­ы емес, қайнатпа жасауға жемістері жеткілікті. Қамыстан басқа ештеңе жоқ, құрылысқа жарайтын заттар жоқ. Аралда Сырдария­ өзенінің шығанағы бар, ол Арал теңізімен байланысып жатыр. Шығанақ пен Орынбордың арасы – 1064 шақырым. Шөп қажет болғанда жас қамыс құрақты оруға болады. Сырдария өзенінің оң жағынан жоғары қарай теңізге дейін 6 шақырым. Жоғарыда айтып өткен ескі қала қажет суды Сырдария өзенінен тартыл­ған каналмен алып тұрған».

Жоғарыда айтылған жағдайлар – қалаға жақын­ жерде құрылысқа жарамды ағаштардың жоқтығы, тұщы су Сырдариядан канал арқылы­ ғана жетеді, жем-шөбі аз, қамыстан басқа ештеңе­ жоқ, тағы басқа себептер ескеріліп, бұл жерге қала салу тиімсіз деген қорытынды шығарғ­ан болса керек. Әбілқайыр хан бұл мәселені бұдан кейін көтермеген.

Бұл құжаттардың ерекшелігі – ең алғашқы рет Арал теңізінің жағалауы мен бұл аймақта тұратын халықтар жайлы нақты географиялық анықтамалар берілген, сонымен бірге Амудария өзенінің төменгі ағысында өмір сүріп жатқан­ тұрғындардың хал-жағдайлары қамтылған.­

Сыр бойына қатысы болғандықтан Муравинн­ің жазбаларынан Арал аймағында тұратын рулар жөніндегі деректерін беріп отырмыз.

Арал аймағының билігінде төрт топ, 32 ру бар, бұл рулар екі қалада тұрады, өздерінің бектері­ мен старшиналары бар.

1. Маңғұт рулары, Шахтемір қаласы; ондағы­ старшиналар: Бердәлі-Бек, Артық-Бек, Сеитәлі-Бек, Коразғали-Бек; төрт ағайын­дылар, бәрі де осы жердің Старшиналары мен Бектері. Старшиналар мен Бектер өзара, сосын басқалармен ақылдасып, Мургали­  сұлтанды  хандыққа  белгіледі.

2. Қоңырат руында басқа қала; Старшиналары: Бердәлі-Бек, Бекназар-Би, Балта-Аталық­, Рахманқұл-Би, Ауез-Инақ.

3. Қыпшақ руы, оның Старшиналары: Ораз-Әли-Құшбек, Перім-Аталық.

4. Хожа-Илин рулары, Старшиналары: Хатыб­-Хаджа, Мырза-Би.

Басқа майда рулар көрсетілген төрт топпен байланысады, барлық халқының саны қырық мың адам атқа қона алады.

 

Әбілқайыр  ханның  аз  күн  Хиуа  хандығының ханы  болып  сайлануы  және  Персия  шахы Нәдіршахпен  қақтығысы

Бұл оқиғаның мән-жайы былай. 1740 жылы Персияның шахы Нәдіршах Орта Азияға жорық жасап бірнеше қалаларды жаулап алады­. Хиуа хандығының бірнеше қаласын, атап айтқанда, Ханка қаласын алып, Хиуаның өзіне 53 шақырым жақындап, соғыссыз бері­ліңдер деп хабар жібереді. Қорыққан хиуалықтар қалаларды тастап қашады, Әбілқайыр ханға­ адам жіберіп тез жет, бізге хан бол дейді. Сол жылы қарашаның 5-і күні қолына император патшайым берген грамотасы бар, үш мың адаммен Әбілқайыр хан Хиуаға жол тартады. 6-сы күні Хиуаға жетіп, 7-сі күні Әбілқайыр хан таққа отырады. 7 қараша күні Хиуаға Гладышев пен Муравин де жетеді. Әбілқайыр хан келесі күні Гладышев пен геодезист Муравинге өтініш айтып, қастарына бірнеше елшілерді қосып, Ханка қаласының жанында орналасқан персиялықтардың ханына­ жұмсайды. Олар персиялықтардың басшысына «Енді бұдан былай біздің ханымыз орыс патшасының өкілі Әбілқайыр хан, сондықтан бізге шабуыл жасамауыңызды сұраймыз» деген хабарды жеткізеді. Нәдіршах 9 қараша күні Муравинді қабылдайды. Нәдіршах елшілерді жылы шыраймен қабылдап, «Әбілқайыр ханның өтінішін орын­дай­мыз, тек өтінішім бар, маған Әбілқайыр ханның өзі келсін» дейді. Осы жауаппен елшілер 10 қараша күні кері қайтып, 11 қарашада Хиуаға оралады. 11 қараша күні Әбілқайыр персиялықтардың лагеріне бармақ болып жолға­ жиналады. Бірақ күтпеген жағдайда персия­лықтардан жолданған бір хатты қол­дарына түсіреді. Нәдіршахтың атынан жазыл­ған бұл хатта (хаттың түп нұсқасы орыс мұрағатында сақтаулы) хиуалықтарға (оның қожалар­ы мен сарттарына) «Әбілқайыр ханды мен келгенше Хиуадан шығармаңдар» деп жазылыпты. Олар халықты көтеріп хан тұрған сарайдың алдына ханды шығармауға жиналған. Қаланың үлкен қақпасын сырты мен ішінен топырақ­пен жауып қояды. Сол күні Персияның шахына өзі баруға бет алған,­ хиуалықтардың опасыздығына ашуланған Әбілқайыр хан Нәдіршахқа жол жүремін деп ойлаған жоспарынан қайтып, қақпаны алдап ашқызады (мен Персияның шахына барамын деп) да, еліне қарай шаба жөнеледі. Мұны көрген хиуалықтар олардың артынан мылтықпен, зеңбірекпен оқ атады, олары­  ешкімге  тимейді.

Орыс мұрағатында Әбілқайыр ханны­ң Персияның шахына және Пер­сия­  шахының Әбілқайыр ханға жазған хаты  сақталған екен:

Әбілқайыр ханның Персияның шахына­  жазған  хаты.

Құдіреті күшті Алла тағаланың барлық мұсылмандарды жарылқауымен Әбілқайыр хан, Мұхаммед Ғази Бақа­дүр Хан және әмірші.

Бүкіл Персияның билеушісі осы хабары­мды  Сізге  жеткіземін:

Ең биік құлама жартасты өзендердің де ыңғайлы өткелдері бар, ең қатал аяусыз соғыстардың да жап-жақсы бейбіт келісімдері бар. Ежелгі заманда  Наширван деген иманды патша Хатынтай деген алпауытты қас батырмен аяусыз аса қаталдықпен соғыс майданын жүргізіпті. Бірақ кейін өзара бейбіт келісімге келіпті. Мен болсам, осы хабарым­ды жеткізе отырып сұрайтыным: Маған айтарыңыз болса, оны кідіртпей айтыңыз, мен өз тарапымнан тиісті жауапты кідіртпеймін, әйтпесе біздің Мұсылман халқымыз бен сіздің Персиялық халқыңыздың арасында кездейсоқ қантөгістік күнәға батпағанымыз жөн болар еді [25]. Сіз ұлы Ресейд­ің император патшайымымен тұрақты үзілмес байланыста болып келген­ қатынасыңызды бұзып соғыс ашар болсаңыз, онда бізбен де қатынасыңыз жалғасын таппайтын болады. Егер сіздің бізді өз заңыңызға бағындыру ойыңыз болса, оны қаламайтын болғандықтан біз Мұсылмандар, Құдіреті күшті Аллаға сиынып, ең соңғы  адамымыз  қалғанша, өлгенімізше  бағынбайтын  боламыз.

Мұсылманша 1153 жылы жазылған.

Орысша 1740 жылы. Бұл хатты тіл­мәш Арыслан Бекметов аударды.

Персия шахының Әбілқайыр ханға жауабы.

Бір Құдайдың атымен бастаймын.

(Астына Шахтың мөрі басылған).

Мәртебелі және Әмірші Әбілқайыр ханға.

Құдіреті күшті, сансыз рет дәріп­теуші Құдайдың рақымының арқасында: Осы күні, Қырғыз-Қайсақ халқының атынан өз пікірі және мұқтажы жол­данған хабар табалдырығымызға келіп жетті. Бұл хабар сізден Құдай-Шүкір мен Мырза Ақбазар және Ғабдыш-Шүкір арқылы бізге жеткізіліп [26], хатың­ыз Ашық күнді нұрландырып, көңілімізді мейірімге толтырды.

Келген хатты алған соң оны жет­кізген адамдар арқылы Сіздің Құрме­ті­ңізге қадірлеушілік танытып, атақты адам­дарымыз Ораз Аталық пен Мұқаммет Мирапты Сізге Құрмет танытуға жіберіп отырмыз, олардың  аузымен  сіз­ді сенім­ді адамдарыңызбен бізге келуі­ңі­зді сұрайтынымызд­ы  айтатын  болады.

Егер, Құдай қаласа, Сіздің Құрметті Хандығыңыз бізге келетін болса жекедара отырып халыққа тиер пайдасын ойлас­тырып, бұл  елдің қалалары жайлы­, Құдайдың оларды кімге бұйыртып, кімді бақытты етпек ойы барын, олардың қашан және кімге қажеттілігін айқындап, өзара ұсынысымыз арқылы қанағаттандыратын  боламыз.  {3}

Хаттың түпнұсқасында жазылған: Мұсылманша 1153 жыл, шұқбан айының 28-і.

Орысша..... 1740 жылдың 18 қарашасы [27].

Бұл хаттың келесі бетінде шахтың бекіткен белгісі бар, онда араб тілімен: «билік берушінің әмірімен барлық таным­ал кісілер танысты». Келесі бетін­де екі кішкентай мөр басылған.

Парсы тілінен татар тіліне аударған Ахун Ибрагим Тляков. Татаршадан аудар­ған тілмәш Арыслан Бекметов.

Осы хаттың біздің заманымызда аударылған жаңа нұсқасы мынадай:

«Жарылқаушы да қайырымды Құдайдың  атымен!

Билік пен қожалықтың панасы, ержү­рек әмірші Әбілқайыр хан!

Бір Құдайдың шексіз жарылқаушылығы сенің атағыңды жайып көкке көтерсін!

Бізге аса сезімталдықпен ақжүректі шынайы хатыңда ұсынған бүкіл қазақ халқының алдындағы арқалаған істеріңді біздің көз алдымызға сенің елшілерің Құдайшүкір, Ақбазар Мырза­ және Әбдішүкір жеткізіп, патшалық ізгі ықыласқа ие болды. Осы елшілерің арқыл­ы саған біздің құрметті шенді адамдарымызды Ораз-Аталықты және Мұхаммед-Мұрапты толық түсінік беру үшін, өзіңнің жақын адамдарыңмен біздің патшалықтың жайына келсін деп хабарлау үшін жіберіп отырмын. Құдай қаласа, біздің сый-құрметімізге ие боласы­ң, үкіметке қатысты және халықтың игілігіне қатысты істерің де шешіледі. 1153 жылдың шабан айы, 28-і күні. (Жаңаша 1740 жылы, қараша айы 18 күн ауд.)

 

Әбілқайырдың  сол  кездегі  жоңғар қонтайшысы  Қалдан-Серенмен жүргізген  саясаты  немесе  оны  алдап түсіруі  жайлы

1742 жыл қазақтар үшін қиын жыл болады. Жоңғарлар тағы да қазақтарға қарсы шабуылға шығады, Абылай хан қолға түседі, Әбілмәмбет жоңғарлардан тізе бүгіп баласын аманатқа беріп, өзі Түркістанға көшіп кетеді. Жоңғардың әміршісі Қалдан-Серен енді Әбілқайыр­ ханға қауіп төндіре бастайды. Осыны байқаған Әбілқайыр оған хабар жіберіп «мен бағынуға дайынмын» деген сыңай танытады. Қалдан-Серен Әбілқайырдың сөзінің растығына көз жеткізбек болып, «бағынатыны рас болса, аманат­қа адамын берсін» деп арнайы адам­дарын жібереді. Бірақ қулығы мол Әбілқайыр  келген  қонтайшының  адамдарын өзімен бірге Орскіге жүруге көндіреді. Орскіде Хан жоңғарларды сол кездегі Орынбордың бастығы Неплюе­впен кездесуге алып барады. Неплюев қонтайшының бұл қоқан-лоқыс­ының заңсыздығын, Ресейдің қол астындағы қазақтың жеріне тиісуге болмайтынын жақсылап түсіндіреді. Мәселені дұрыстап түсіндірсін деп келген жоңғар елшілерінің қасына майор Миллерді Қалданға жазған хатымен ертіп жібереді. Бірақ Миллерді қонтайшы қабылдамай [85], шекарадан жергілікті Бастықтан Неплюевке хат жазып беріп қайтарып жібереді. 1743 жылы Абылай хан тұтқыннан босайды, осы кездері қазақтар босаңсып орыстарға бағынбай кетеді. Бірақ көп ұзамай Барақ сұлтан Әбілқайырды өлтіргеннен кейін, оның өлімін тексеру аяқсыз қалған соң Ресей патшалығы қазақтың ауызбіршілігіне әртүрлі сына қағып, қалмақты қазаққа айдап салып, қазақтың руларын бірте-бірте ант қабылдатып, өзіне кіргізе берді.

ХVIII ғасырдағы қазақтың Әбіл­қайыр ханының жүргізген көпбағытты саясатының бар болғаны үш көрінісі осындай.

 

Сағат  ЖҮСІП

 


«АЛТЫН ДӘРІГЕРЛЕР» ӘБІГЕРІ (Болған оқиға ізімен) PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
23.05.2019 10:10

«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы...» - дейді хакім Абай «Он тоғызыншы  сөзінде».

Арды, адамгершілікті ақ­ша­ға айырбастаған мына бір рухсыз кезеңде, үлкендер түгілі, ана сүті аузынан кеппеген перішт­е балаларға дейін «іңгә­лап» емес, «теңгелеп» жылап, қоғамның берекесін ала бас­таған сәтте, ауылдың бір білдей қызметкерінің байғұс баласы ақша туралы небір «ғажап» әңгімелерді естіп, жүз теңгелік темір ақшаны қолына ұстап көріп, ақшаның дүниедегі жақсы,­ жаман қасиеттерін танып­  білу  үшін  аузына салып, татып  жатып, абайсызда жұ­тып  жіберді.

Сол-сол-ақ, атақ пен ақша бірлесіп, армен арбаса жөнелді.

Баланың  тамағына  кепте­ліп қалған жүз теңгелікті алып тастау «құрметі», ең алдымен, ауыл дәрігеріне бұйырды.

- Мұндай ұсақ-түйекке бола қатты қапалануыңа жол болсын! Мен үшін бұл түк те емес! Өйткені, мен «Алтын дәрі­гер­мін»! Ал, «Алтын дәрігер» деген­  атақты не үшін беретінін білесің  бе?!.

Баласының  қатты қиналғанына жаны шыдай алмай тұрған шарасыз әке ауылдың «Алтын дәрі­герінің» «пәлсапасына» терең бойлай алмас­а да, «тезірек іске кіріссін» де­гендей басын изей берді.

- Білмесең, біліп жүр! - деді «Алтын дәрігер» даусын салмақтай түсіп. Сөйтті де, онсыз да шыбын жанын шүберекке түйіп тұрған байғұс әкеге «Алтын дәрі­гер» атағының не үшін берілетінін баян­дай бастады. – Бұл  атақ  денсаулық сақтау саласына қосқан зор үлесі мен ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін беріледі. Енді түсінген шы­ғарсың?!

«Алтын дәрігер» мүсәпір  әкенің  жауа­бын күтіп тұрғанда, бала қиналғаннан қырылдай бастады. Мұны көргенде, тым асығыс  әкенің ашын­ғаннан  шыққан  ащы даусы көкірегін жа­ры­п жібергендей болды.

- Әй, «Алтын дәрі­гер»! Еміңді тезірек жасасайшы. Бала қатты қиналып кетті ғой!..

Көздер еріксіз түйісе кетті. Мақтау күтіп тұрған маңғаз дәрігер көзінен ұш­қын ата бастаған әкенің сұсынан сескенейін деді. Ерік­сіз басын шайқап, ар­басып қалған кө­зін тайдырып  әкет­ті.

- Иә-ә, сендер «Алтын дәрігердің» қадірін қайдан түсі­несіңдер!

Осыны айтып, бір күрсініп алды да, қысқашын бейшара баланың көмейіне бағыттады. Алайда «атаңа нәлет!» жүз теңгелі­к өңешке қарысып қалған­ күйі, әрі тартса да, бері тартса да «Алтын дәрігердің» ырқына көнбей, әбден әбігерін шығарды. Ақ тер, көк тер болған­ байғұс «Алтын дәрігер» қапелімде болдырды да қалды.

Мұны көргенде, қайғыдан қан жұта бастаған қайран әкенің есіне қай-қайдағы жайтта­р түсіп, қайраттана бастады. Алдымен  бір кездері жап-жақсы футболшы екені еске түсті. Талай қақпаны қақырата гол соққаны санасын шарпып өтті. Неге екені бел­гі­сіз, дәл  осы жерде жанын қинап жіберген­ «Алтын дәрі­гердің» қоңды жерінің дәл ортасы­ көз алдына  алынбас «қақпа»  болып  елестеп өтті.

Алынбас қақпаны «бұзып өтуге» «алтын» аяғы да дап-дайын тұр екен. Енді ыңғай­лана бергенінде «тар жерде зәр қинағандай» қалта телефонының дамылсыз зар қақсап қоя бергені.

Амал нешік, жан қысылғанда «суға кеткен тал қармайды» дегендей, «бір жақсылық хабар естіп қалармын-ау!» деп ойлап үлгірген қайран әке көңіл күйі қатты толқып, даусы да өзгеріп, жанталаса заржақ қалта телефонын тұла бойынан әрең іздеп тауып, құлағына тоса мыңқ  ете  қалды.

- Ал-ло!  Бұл кім?!.

Ар жақта тұрған да нағыз көк қырсықтың өзі боп шықты.

- Әй, өзің кімсің?!. Көттің астынан күңкілдеген?!. Ақшаға қақалған баланың әкесі Бәкең қайда?!.

- Ме-мен ғой, Бәкең!..

- Сен немене мыңқылдап!.. Сенің де мұрныңа ақша кептеліп қалған ба?!. Бала қайда?! Не болды?! Дәрігер не дейді?!

Аудан орталығындағы баланың­ нағашысының жанайқайын жазбай таныған байғұс әке сасқанынан күйіне:

- Өй, шешесін... Баланың өңешіндегі жүз теңгелікпен алысам деп, ауыл дәрігері «барынан­ айырылып», бұтын былғап  тынды.

- Алды ма, әйтеуір?!

- Қайдан алсын! Бұлар өңештегіні емес, қолыңдағыны қақшып үйренген қулар ғой, түге!

- Олай болса, уақытты ұттырмай, аудан орталығына тез жет! Мен мұндағы айтулы бір «Алтын дәрігермен» келісіп қойдым. Айтуынша, өңештегі ақшаны ғана емес, жеті қат жердің астындағы ақшаны да суырып алудың хас шебері екен!

Мұны естігенде, жеке көлігімен жедел жетуді ойлаған қамқор әке баланы бауырына қысқан күйі есікке ұмтылды. Жай ұмтылған жоқ, жүз теңгелікпен «алысам» деп, борша-боршасы шығып, есеңгіреп тұрған ауылдың еңселі «Алтын дәрігерінің» қоңды жерінің қақ ортасына қалың бәтеңкесінің сүйір ұшымен «ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, гол соғып әбден машықтанған әдетіне­н еш жаңылмай  қақы­рата «гол соғып» өтті. «Гол соққанда» да, аямай соққан қайран әке «Ойбай!» деуге ғана шамасы кеп, екі бүктетіле құл­ған «Алтын дәрігерге» қарауға да мұршасы келместен, аудан орталығына суыт аттанды.

Мұндағы «Алтын дәрігер» айтса, айтқандай-ақ екен! Билік партиясы тарапынан әлденеше рет мақтау-мадақ­тауларға ие болыпты. Оның үстіне медицина саласының «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен де марапатталған нағыз «гүжбанның»  өзі  екен!

- Қаршадай баланың жұтып қойған жүз теңгелігін құстыра алмау деген не сұмдық! Не деген­ масқара!.. Мен бала түгілі, ақша жұтқан талай жемқорларды құстыруға белсене атсалысқан комиссияның белсенді мүшесімін! Оның үстіне, бес мәрте аудандық мәслихат депутаты боп сайланғанмын!

Осылайша «өз талантына өзі таңғалып», көңілі босаған аудандық «Алтын дәрігер» байғұс баланың дертіне еш қатысы жоқ ұранды сөздерін аяқтар-аяқтамастан, қолына қысқашты алып балаға жа­қындады.

Алайда, өкінішке қарай, «атағынан ат үркетін» бұл аудандық «Алтын дәрігердің» де «жер жарған даңқы» теңге жұтқан балаға еш жәрдемі болмады.­

Қаны басына шапқан қам­қор әке уақытты текке жіберген аудандық «Алтын дәрігер­дің» де «жанды» жерінен дәл көздеп, қақырата «гол соғуға» оқтала  бергенінде, абырой боп, қалта телефонының қысылтаяңда тағы да тынбай безілдей жөнелгені... Әйтпегенде бар ғой!..

- А-ал-ло, бұл кім?!

Ар жақтан жанұшырған дауы­с  естілді.

- Бәке, бұл мен ғой! Баланың халі қалай?!

Мұңын кімге шағарын білмей әбден абдырап тұрған қайран әке көрші аудандағы досының даусын естіп, жылап жібере жаздады.

- Ауданнан да қайыр бол­мады!.. Баланың жағдайы тым нашарлап барады. Не істерімді білмей тұрмын!..

Осыны айтты да, неге екені белгісіз, әлде көңілі бұзылды ма, алдында «жынынан айы­рылған бақсы құсап» мүләйім­си қалған ауданның атақты «Алтын­ дәрігерінің» қоңды жерін­е қарағыштай берді. Қанша дегенмен дәрігер емес пе, мұны дер кезінде байқап үлгірген ол, «сақтықта қорлық жоқ» дегендей, артын қорғаштап, шегіншектей берді.

Осы бір «айтулы тарихи» сәтте, Құдай оңдап, телефонның ар жағындағы досының жан даусы қайран әкенің санасын селт еткізіп, ұйқыдан оятып жібергендей болды.

- Тез жет! «Алтын дәрігер» таптым!..

«Алтын дәрігер» дегенді естіген­де, алғашында қаны басын­а шауып, еріксіз мырс етті де, артынша басылып қалды. Қанша жерден көңілі қалып, жүрегі шайлықса да, барар жері, басар тауы қалмаған сорлы әке шарасыздықтан, әрі досының көңілін қимастан, «Үмітсіз – шайтан!» дегендей, көрші ауданға көлігін құстай ұшырды.

Көрші аудандағы «Алтын дәрігер» де осал жан болмай шықты. Медицина саласына сіңірген ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық медициналық ассоциа­циясының «Алтын дәрігер» медалінің иегерлігінен басқа, дырдай «Қазақстанның құр­метті  журналисі» деген атағы да жер  жарғандай! Мұнымен қоса, кеудесінде «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен қатар, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісі де мен мұндалайды.

Мұнымен шектелмей, медицина саласына қатысты бір монография, үш ұсыныс, методикалық екі жолдама, бір нұсқау жазып тастап, талантымен талайды тамсандырыпты.

Егер жуық арада тосын жағдай орын алмаса, ешкім бөгет жасай қоймаса, әлі де медицина саласына қажетті талай тың дүниелер жазып, соны сүрлеу жасай бермек ойы бар екен.

Мұны естігенде, қайран әке:

- О-о, Құдай тағала бар екенсің ғой?!. Иә, іске сәт!.. Атаңа нәлет жүз теңгелік! Қолыма түсер кезің келді! Төске салып, әбден балғалап жапырып тастамасам ба?!. Батыр­хан атым құрысын! - деп еріксіз айғайлап, есінен адаса жаздады.

Әкесінің мұндай көңіл күйі ауыр халде жатқан баласына да оң әсер берді-ау! Ол да бағанағыдай емес, бойына қайта күш-қуат енгендей, күшене тыныстап, басын көтеріп алды.

Оның үстіне, көрші ауданның атағынан жарақты жау жаяу қашқандай «Алтын дәрі­герінің»:

- Дәрігерлік – жауапты маманд­ық. Мұнда адам тағ­дыры тұрғандықтан еш қате­лесуге болмайды. Бұл ретте дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып­, өз саласында ем жүр­гізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс! - деген жалынды сөзін естігенде, аяулы әкеде ес қалмады. Қуанғанынан:

- О-о, Жасаған ием өзің жар бола гөр! - деп бақырып кеп жібергенде, талайдың талағы артына кетіп қала жаздады.

Алайда әке қуанышы ұзаққа созылмады. Қанша жерден тырашта­нса да, атынан ат үркетін көрші ауданның «Алтын­ дәрігерінің» қолынан да ештеңе келмеді. Баланың әлсірегені сонша – ауық-ауық есінен тана бастады.

Мұны көргенде, байғұс әке қапелімде есінен адаса жаздап, қоңды жердің «қақпасына» «гол соққыш» қасиетінен жаңыл­ды да қалды. Аса бір асып бара жатқан тәжірибесі бол­маса да, «қылқындыру тәсілін» пайдаланбақшы боп, «Алтын дәрігердің» алқымына қос қолдап ұмтылғанымен, бұл әрекеті өте сәтсіз аяқталды. Жолай мес қарынға соқтығып, уайымнан ағзасы әбден әлсіреген сорлы әке шалқасынан түсті. Мұндай қорлыққа шыдатпаған намысы мен балаға деген махаббаты қайран әкені жатқан жерінен қайта қарғытып тұрғызды.

«Енді ісім сенімен болсын!» дегендей, «Алтын дәрігердің» мес қарнын нысанаға алып, аруағын шақырып, ендігі жерде­ қақпаны былай қойып қоңды жердің «қақпасын» қақырата қақ айырғын «тәжі­рибелі» аяғын енді көтерем деген­де, әлгі заржақ қалта телеф­оны тағы да күтпеген жерден безілдеп қоя бергені!.. Әйтпегенде бар ғой, бір сұмдық оқиға болары сөзсіз еді!

- Ал-л-ө-ө! - деді ыза-кектің «кәйпін» бұзып жіберген телефонға жындана айқайлап.

Ар жақтан:

- Байқоңырға тез жет! - деді туысы бар жағдайдан хабардар екенін білдіре қысқа қайырып.

«Алтын дәрігерлерден» әбден зәрезап болған байғұс әкенің де сұрағы тым келте болды.

- Тағы да «Алтын дәрігер» ме?!

- Жоқ! Келген соң көрерсің!

«Жазған құлда шаршау бар ма?». Әке байғұс «ғарыштық» жылдамдықпен, соңғы үміті үзілер-үзілместен «жұл­дызды» қалашыққа «жұлдыздай ағып» жетіп келді.

Түрі өте сұсты дәрігер баланы көріп, әлдекімдерді орысшалап сыбап алды да, дереу іске кірісті. Уақыт жоғалтай қысқашын алып, көз ілеспес жылдамдықпен баланың тамағындағы жүз теңге­лікті ары қарай итеріп кеп жіберді.

Сол-сол-ақ, қимылсыз қалған бала «уһ!» деп екі-үш рет терең дем алды да, қалың ұйқыға еніп кетті.

Мұны көріп, басын қатты шайқаған қимылы шалт сұсты дәрігер әлдекімдерді орысшалап тағы да сыбай бастады. Байғұс әке сұсты дәрігердің өрт сөндіргендей түтіккен репетінен қаймы­ғып, тілі байланған күйі, алғысын да айта алмады. Есесіне, ештеңені елең қылмаған сұсты дәрігер гүр ете қалды.

- Шетінен «түйені түгімен жұтқан» бейшаралар қарапайым логиканы да білмегені ғой!..  Әйтпесе, не проблема!.. Бері  тартқанға  қасарысқанды ары қарай итеріп жібер! Кетсін! Өмірдің асыл заңы – осы!... Науқасқа «атақты» дәрігер емес, дертіне дауа табар қажетті дәрігер керек!.. Білгішсініп, атақ-даңқ іздегенше, дертке дауа табар жол іздемей ме екен!.. Осындайлардың кесірінен талай адал дәрігерлер зардап шегіп жүр-ау!

Тіпті, бар ғой, айта берсе, сөз көп!... Мына қарыштап дамыған заманда медиц­инаның да беделін айрандай төгіп, халықты қараңғылыққа итермелеп, бақсы-балгерлерге жүгінуге мәжбүр етіп жүргендері – анау!... Тағы да қарап жүрмей шіренетіндерін қайтерсің?!

Ашуға булығып тұрып, осыны айтты да, баланың әкесіне қарап:

- Енді ұйқысы әбден қанғанша оятпаңдар! Бала тұншығып, қалжырап қалыпты... Екі-үш күн ұйықтауы да мүм­кін!.. - деді екпінін баса алмай. Сөйтті де тағы: - Әлгі жүз теңгелігі бар болғырды да күтіп алуды ұмытпаңдар! Жуып-шайып жоғарыға іліп қойыңдар! Баланың болашағы әлі алда ғой. Дүниедегі жақсы, жаманды айырып жүруіне, танып­-білуіне жәрдемдесер! - деп сөзін саптады. Осылайша демін бір басып алып, «Енді баланы алып кете беріңдер» дегендей, қолын бір сілтеді де, шорт  бұрылып, басқа палатада жатқан науқастарға  бет  бұрды.

Бұл ғажап мінез баланың әкесіне қатты әсер етті. Әншейінде сәті түсіп, бір шапағаты тиіп кеткен дәрігерлер науқастан, не болмаса, науқастың жақын­дарынан өзін баспасөз беттеріне мадақтап шығаруды өтініп, тіпті ақша дәметкенді де артық көрмей, «етектері­не жамау сұрап» тұрар еді. Ал, мына сұсты дәрігер болса, «науқасқа ем-дом жасау – парызым» дейтіндей тым жайбар­ақат!..

Сұсты дәрігердің бұл қылығы өткен ғасырдың бас кезіндегі «Алаш» партиясының көсемі Әлихан Бөкейхановтың: «Ұлтқа қызмет ету – мінезден, білімнен емес!» дейтін ұлағатты сөзін растай түскендей!

Мінезді дәрігердің шерепеті тиіп, ажал тырнағынан әрең аман қалған баланы­ң бақытқа бөленген әкесі әлгі тамаққ­а кептелген жүз теңгелікті салтанатты түрде «күтіп» алып, сұсты дәрі­гердің: «Тамаққа кептелген жүз теңгелік дүниедегі жақсы-жаманды айырып жүруіне, танып-білуіне жәрдемдесер. Жоғарыға іліп қойыңдар!» - деген аталы­ сөзін жерге тастамай, жуып-шайып, «арулап» ақ шүберекке түйіп, жоғарыға іліп қойды.

Бір таңғаларлығы, мінезді дәрігер­дің сөзі хакім Абайдың «он тоғызыншы сөзіндегі» «...көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөз­дерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады­. Әрбір естілік жеке өзі іске жара­майды. Сол естілерден естіп білген жақсы­ нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда­ адам десе болады» - деген ұлағатымен ұштасуында еді.

Мұны дер кезінде аңғарған бақытты әке баласына: «Ұлы Абайдың ғибрат­тарын көңіліңе мықтап тоқы. Атақ­құмарлықтан ада бол! Атақ-даңқты қума, атақ-даңқ сені қусын! Ол үшін кәсібіңе, нәсібіңе, табынар Тәңіріңе адал бол! Атақ-даңқыңмен мақтанба, атақ-даңқыңды  адамдар   мақтан   етсін!» - деген сынды өмірден ой түйген адамгершілікті ғибратын айтудан әсте жалығар емес!

Өйткені, «Алтын дәрігерлер» әбігері санасына мықтап ұялап, жүрегіне өшпестей­  жара салып кеткен-ді.

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы

 


МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
23.05.2019 10:03

Кеше А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық кезеңінің қорытындысы бойынша марапаттау салтанаты ұйымдастырылды.

«Мерейлі отбасы» ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, ұлтымыздың ұлы қасиеттерін әйгілейтін, адамгершілік, отбасы ішіндегі руханилықты дамытатын аса жоғары деңгейдегі байқауға айналып үлгерді.
Ұлттық конкурстың жыл өткен сайын ролінің артуы оларға қатысушы отбасылар санының қала деңгейінен байқалады. Биылдың өзінде аталмыш байқауға 13 отбасы үміткер ретінде құжат тапсырса, олардың ішінен арнайы құрылған комиссияның шешімімен 5 отбасы іріктеліп алынды.

Нәтижесінде 3 отбасы жүлделі орынды иемденіп, 2 отбасы номинация иегерлері атанды.
І дәрежелі дипломмен Достыбаевтар отбасы;
ІІ дәрежелі дипломмен Беркімбаевтар отбасы;
ІІІ дәрежелі дипломмен Жаназаровтар отбасы;
«Қамқор отбасы» номинациясымен Малбағаровтар отбасы;
«Өнегелі отбасы» номинациясымен Айтбаевтар отбасы марапатталды.

 

Қалалық ішкі саясат бөлімі

 


КЕЛІН ҚАЙЫН ЕНЕНІҢ ТОПЫРАҒЫНАН... PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
23.05.2019 10:00

«Жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келсап» демекші, бүгінгі келіндердің арасында да өзгеге үлгі етерлік, бұрынғы аналарымыздың жолын жалғап келе жатқандары да баршылық. Өзінен үлкенге құр­мет, кішісіне ізет көрсетуден жаңылмаған жандар­дың бірі – менің келіндерім. Аллаға шүкір, інім Дөңестің жұбайы Анар – Талсуат ауылының ибалы келіні. Анамыз Жаңылдың жолын жалғап, өз міндеті мен парызын орындаудан жалтармаған жаннан қазіргі жас қыз-келіншектер өнеге алса екен деймін.

Олай дейтінім, бүгінгі жас буынның мінез-құлықтары ерекше, адамның көңіліне қарап сөйлеу, сыйлау, құрметтеу дегендердің орнына «шап» етіп  беттен алып, сөздің ретін келтірмей, қисынын қиюластырмай, қалай болса солай тілдерін безеуге бейім. Одан салғыласу деген өте жаман әдетті желкелеріне мінгізіп алған. Үлкен кісілер көңіліне алып қалады-ау, ренжиді-ау деген ой бастарына да келмейді. Содан­ ашуланып тәрбиесіне, тегіне қатысты өкпелі сөздер айтылады. Кім кінәлі? Әрине, өзінің қандай ортада өскендігін байқамай білдіртіп қоятын адамның өзі кінәлі. Заман өзгерді, ғасыр алмасты дегеннің өзінде қазақтың қанына сіңген, қалпына құйылған тәрбие қазығы сол қалпында. Тек оны ұға білетін адам бар да, санасына тоқи алмайтын адам бар. Бұл, әсіресе, жас келіндерге қатысты мәселе. Әрбір қыз баласы төрінен ұзатылып бара жатқанда ата-анасы «қызым, барған жеріңе бақытты боламы­н деп емес, бақытты етемін деп бар» деген өсиет айтып шығарып салса, ол жауапкершілік жүгін сезінер еді. Өйткені ол да болаш­ақта ана, әже болады. Қазақтың «атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген тәмсілі бар емес пе?! Тура әрі нақты, өткір және жүйелі айтылған.

Өзімнің Айдос інімнің келіншегі Қарлығаш та, Дөңес інімнің жары Анар да, Жандос інімнің  жанынан  табылып  жүретін  Ақерке де – енелерінің тәрбиесін алған, сол дара да сара жолды өшірмей, өсіріп келе жатқан әулеттің мақтаныштары. Кісі алдынан кесе-көлденең өтпейді, елпілдеп, қай істі болмасын тек қолдарымен емес жүрегімен істейтін берекесі берік, несібесі мол жандар. Мен осы өз келіндерімді жұртқа мақтаныш, үлгі етіп көрсетуден жалықпаймын. Олардың бұл қасиетін­е қарап «келін қайын ененің топы­рағынан жаралған» деген сөзге иланамын.

 

Күлпаш  КҮНШЫҒАРОВА,

Қызылорда қаласы,

Талсуат ауылы

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ШЕТЕЛДІК УНИВЕРСИТЕТТЕРГЕ ТҮСУГЕ ДАЙЫНДАЙТЫН ОРТАЛЫҚ АШЫЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
22.05.2019 17:05

Биыл Қызылордада Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында әлемнің үздік жоғары оқу орындарына түсуге дайындайтын орталық ашу жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімі Қ.Көшербаев дарынды түлектермен кездесу барысында мәлімдеді.

Кездесуге республикалық және халықаралық байқаулардың, олимпиадалардың 55 қатысушысы  шақырылды, олар биыл 58 жүлделі орынға ие болды - 15 алтын, 13 күміс және 30 қола медаль.

Бүгін аймақ басшысы Қ.Көшербаев өңірдің дарынды оқушылармен  кездесті. Талапты жастармен  аймақтың дамуы туралы сұхбаттасып, балалардың сұрақтарына жауап берді.

"Екінші жыл қатарынан біздің мектеп түлектерінің 97%-і жоғары оқу орындары мен колледждерге түседі. Енді біз кем дегенде облыстық мектеп бітірушілерінің 50%-і жоғары оқу орындарына, оның ішінде Қазақстандағы оқу орындары ғана емес, шетелдік университеттерге де оқуға түсуін көздеп отырмыз. Біздің ендігі мақсатымыз – аймақ жастарының Гарвард, Йель және Массачусетс университеттерінде білім алуына жағдай жасау. Сондай-ақ, талантты жастарға кәсіпкерлік, дизайн, коммуникация сияқты салаларда жаңа технологияларды енгізетін және қолданатын Ресейдің «Кванториум», «Сириус» секілді ірі орталықтардың тәжірибесін меңгерту»,-деді аймақ басшысы.

Осы мақсатта қызылордалық оқушыларды "Болашақ" бағдарламасының түлектері құрған елордалық "Astana Garden School" жекеменшік мектебінде оқытуды ұйымдастыру және Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында оқушыларды шет мемлекеттегі іргелі университеттерге түсуге дайындайтын арнайы орталық ашу жоспарлануда. Бұл тәжірибе 2016 жылдан бастап Елордада жүзеге асырылуда.

Түрлі бағыттағы жетістіктері үшін дарынды түлектерге "Сыр дарыны" медальдары, облыс әкімінің алғыс хаттары мен сыйлықтар табысталды.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдан бастап Ресейдің жетекші инженерлік ЖОО-на РФ үкіметінің гранты есебінен сырбойылық 500-ге жуық түлек оқуға қабылданды. Алғашқы 32 түлек оқуын аяқтап, 2018 жылы елге оралды. Олар қазіргі таңда аймақ кәсіпорындарында жұмыс істеп жатыр. Ал 42 түлек оқуын магистратурада жалғастырды. Биыл тағы 123 түлек оқуын тәмамдайды деп күтілуде. 2018 жылы Мәскеу және Санкт-Петербургтің жоғары оқу орындарына 58 қызылордалық жас оқуға түсті.

Биыл 5754 түлектің 4143 ҰБТ тапсырады. Оның ішінде 412 түлек - "Алтын белгіге", 270 оқушы - ерекше аттестатқа үміткер.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Мамыр 2019 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары