Өзекті мәселелер

  • 16.10.19

    Тәуелсіздік күні қарсаңында «Шіркейлі» арнасындағы көпірдің ашылу салтанаты өтеді... «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға беріледі... Жыл басынан бері сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 16 млн 822 мың теңге айыппұл салынған... 2019-2021 жылдары газдандыру жұмыстарына 22 млрд теңге қаржы бөлінеді...

    ...
    Толығырақ...
  • 16.10.19

    «Алтын дән – 2019» мерекесі қалалы­қ ипподромда ат бәйгесімен жалғасын тапты. Мұнда шабан­доздар тай, құнан, тоқ, аламан­ бәйге сынды 4 түрінен сынға түсті. Бәйгенің ең ұзағы (аламан) 25 шақырым болса, тай бәйгеде шабан­доздар 4 шақырымға шапты.­

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов шараға қатысып, диқандардың жеткен жетістігіне тоқталып, облыс­тағы ат спортына бөлінген көңіл турасын­да  айтты...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Мұны бәріміз де көп күттік. Жиырма жыл. Аз уақыт емес. Сөз жоқ, бұл жеңістің өзі оңайлықпен келген жоқ. Жасыл алаңда жан беріп, жан алысқан сәтті теледидардан телміре тамашалап, күйініш пен сүйінішті көрудің өзі бір ғанибет­  екен. Бұл күнге дейін не айтыл­мады, мақтау да, даттау да айтылды, бірақ біздің жігіттер жарады. Біздің айтып­ отырғанымыз – жексенбі күні елорда төріндегі «Астана Арена» ...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінд­е ұсынған «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік саясаты қоғамның барлық саласын қамтиды. Әсіресе, президент көпбалалы отбасыларға қол­дауды арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды. Өйткені, елімі­здегі баспанаға мұқтаж азаматтар саны азаймай тұр. Сандарды сөйлетсек, елдегі үй кезегінде тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың жалпы­  саны 28 мыңнан...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Қызылорда облысында экономика саласын дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетік­тері тиімді пайдаланылып келеді­. 2017 жылдан бастап мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, жалпы өндірістік өнім көрсеткіші бойынша оң өзгеріс байқалады. Бүгінде өңір экономикасының барлық салас­ында тұрақты өсім қамтамасыз етілуде. Тек өнеркәсіп өндірі­сінде мұнай ұңғымаларының сулану­ы ...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 23 Мамыр 2019

ЖАСТАР «БОЛАШАҚПЕН» ОҚЫҒАН ЖУРНАЛИСТПЕН КЕЗДЕСТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.05.2019 09:40

Кеше Арал аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, "LECTORIUM" кездесулер сериясы аясында қаладағы Ә.Нұрпейісовтің әдебиет үйінде белсенді жастардың журналист Нұрбек Әмишамен кездесуі өтті.

Нұрбек Шынтемірұлы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қаратерең ауылында дүниеге келген. Журналист, әр жылдары облыстық «Халық», «Сыр бойы» және республикалық «Айқын» басылымдарында қызмет еткен. Сонымен бірге, «Қазақстан – Қызылорда» және «Хабар» телеарналарында жұмыс істеп, бүгінгі күні «Хабар» арнасының бас редакторы қызметін атқаруда.

Сонымен бірге, 2016-2018 жылдары аралығында «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда білім алған.

Кездесуге қатысқан жастар сұрақтарын қойып, пікірлерін ортаға салды. Жиын барысында мамандық таңдау, журналистика, «Болашақ» бағдарламасы бойынша пікірлер ортаға салынды.

Кездесу соңында Нұрбек Шынтемірұлына аудан жастары атынан кездесуден естелік ретінде Орта Азия жастарының көшбасшысы, шығыстың жарық жұлдызы атанған Ғани Мұратбаев атамыздың кітабы табысталды.

 

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


Жайылымдық жер тапшы PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.05.2019 09:20

Сыр диқандары биыл су тапшылығына ұшырамайды. Өйткені «Көксарай», «Шардара» су қоймаларындағы су мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд текше метрге артық. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз брифингінде Қызылорда облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Сейілбек Нұрымбетов хабарлады.

Бұрындары Қызылорда облысын аграрлы аймақ ретінде танушы еді, экономика тірегінің қарқынды дамуына байланысты бірте-бірте индустриалды бағытқа бет алды. Дегенмен ата кәсіптен айналып өтіп, оны дамытуға назар салмай отырған ел емеспіз. Заман ағымына байланысты аграрлы-индустриалды облыс ретінде шаруасы шалқып-ақ келеді. Арагідік су тапшылығы, аптап ыстық секілді табиғи кедергілердің мәселе тудыратыны болмаса, макроэкономикалық көрсеткіштер өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 1,4 пайызға артқан. Нақты айтар болсақ, қаңтар-сәуір айларында 13,2 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

- Қазіргі таңда облыста егін егу жұмыстары жүруде. Егін және мал шаруашылығын дамытуға қатысты инновациялық жобалар да жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі есепті кезеңде 723,3 млн теңгені құрады. Аграрлық секторға көрсетілген мемлекеттік қолдауға ағымдағы жылы 13,2 млрд теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 28 пайызға артып отыр. Биыл облыс бойынша 178,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыруды межеледік. Табиғи себептерге байланысты жоғарыдан келетін су мөлшері ұлғайып, Қызылорда облысын суармалы сумен қамтамасыз ететін «Көксарай», «Шардара» су қоймаларында бізге қажетті су мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд текше метрге артық болып тұр. Сондықтан биылғы егістікке суармалы су толықтай жетеді деген болжам бар, - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары С.Серғазыұлы.

Айта кетейік, биылғы егін маусымында дәнді дақылдарды 93,5 мың, майлы дақылдарды 7,2 мың, малазықтық дақылдарды 60,7 мың, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын 17,2 мың, күріш дақылын 86 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Бүгінде күріштің 68,2 мың гектары толықтай суға бастырылды. Бүгінгі күні шаруашылықтарда дайындалған күріш тұқымдары тазаланып, толықтай себу дәрежесіне жетіп, егіске пайдаланылуда. Мезгілдің мәселесіз болмайтынын ескерсек, жыл сайынғы егін егу және егін жинау маусымында жанар-жағармай тапшылығы мен қымбатшылығы сезіліп, дала еңбеккерлерін әбігерге салушы еді. Сала мамандарының сөзіне сенсек, биыл дизель отынын «Нефть-Транс Қызылорда» және «РК-Мұнай» серіктестіктері ауыл шаруашылығы құрылымдарына әр литрін 174 теңгеден жеткізіп беруде.

Сондай-ақ, базар нарығындағы ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының қымбаттауы жөнінде де сөз қозғалды.

- Ет бағасының қымбаттауына ауыл шаруашылығы құрылымдары тарапынан ешқандай себеп жоқ. Тек маусымдық мәселелер болуы мүмкін. Мәселен, қазір – төл басының көбейетін уақыты, - деп қысқа қайырды ол.

Ал аймақ көлеміндегі кейбір аудандарда мал жайылымдық жерлерінің тапшылығы барын да растады. Бұл мәселе мал шаруашылығын дамытуға бағытталған инновациялық жобалар аясында шешімін табады деген үміт бар.

Айтпақшы, жылдағы дәстүр бойынша Жаңақорған баурайының Үсен бауында өтетін «Малшылар слеті» 1-2 маусымға жоспарланып отыр. Өткен жылы республиканың 7 аймағынан өкілдер қатысса, биыл барлық облыс қатысады деп күтілуде.

Н.ҚАЗИ

 


БИЫЛ 117 ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ТҮЛЕК РЕСЕЙЛІК ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ ДИПЛОМЫН АЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
23.05.2019 15:10

Биыл РФ Үкіметінің гранты есебінен білім алған Мәскеу мен Санкт-Петербургтің жетекші жоғары оқу орындарының 117 жас маманы оқуын тәмамдайды деп күтілуде.

Облыс әкімінің, мемлекеттік орган басшыларының, өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындары мен ұйымдары өкілдерінің қатысуымен өткен мәжілісте жас мамандарды жұмысқа орналастыру мәселесі талқыланды.

Мәжілісті ашқан аймақ басшысы Қ.Көшербаев 2014 жылдан бастап өңір мектептерінің 500-ден астам түлегі РФ Үкіметінің гранттарына ие болғанын атап өтті.

"Өздеріңіз білесіздер, Біз 2014 жылдан бастап мектеп түлектерін мақсатты түрде үздік отандық және ресейлік жоғары оқу орындары мен колледждерге жіберіп келеміз. Былтыр алғашқы 74 жас маман дипломдарын алып, елге оралды, қызметтерін бастады. Биыл тағы 177 жас маман оқуын бітіреді. Қажетті мамандықтарды, атап айтқанда металлург, технолог, химик, энергетик, жер қатынастары және т.б. мамандықтарды игерген бұл инженер мамандар алдағы уақытта еліміздің, өңірдің одан әрі өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосатын болады. Сондықтан, жыл сайын бітіруші жас мамандардың жұмыспен қамтылуы баршамызға аса маңызды әрі жауапты іс", - деді аймақ басшысы.

Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Қуаныш Жанұзақовтың айтуынша, биыл 117 студент «МБжҚИ» ұлттық зерттеу технологиялық университетін (53 түлек),  К.А.Тимирязев атындағы  Ресей мемлекеттік аграрлық университетін (41 түлек), Технология және энергетика жоғары мектебін (Санкт-Петербург қ., 23 түлек) тәмамдайды деп күтілуде. Олар "Нанотехнология және микросистемалық техника", "Металлургия", "Технологиялық машиналар мен жабдықтар", "Электр энергетикасы және электротехника", "Агроинженерия" және т. б. 22 мамандық бойынша оқуын бітіреді. Олардың 50-і магистратурада оқуын жалғастыруды жоспарлап отыр, ал 67 түлек елге оралады.

"Биыл өңірде агроөнеркәсіп кешені саласында 76 жоба іске асырылуда. Аймақта іске қосылуы жоспарланған 4 жоба бойынша 400-ден аса адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Жас мамандар осы жобалар және басқа да ірі кәсіпорындар мен мекемелерге жұмыспен қамтылуы тиіс»,-деді аймақ басшысы.

Мәжіліс қорытындысы бойынша облыс әкімі орынбасарларына әрбір түлектің жұмысқа орналасуына жеке жауапты екенін атап өтті.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ЖАҢА ІСКЕРЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ ЖҮГІ АУЫР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
23.05.2019 12:25

Даму көкжиегіндегі көрініс мемлекеттің айнас­ы іспетті. Ел келешегінің қарыштауына қолайлы сала деп сенім артып отырған бағыт­тардың жаңаша сипатқа еніп, заманауи тетіктерге лайықтануы да заңдылық. Басты  бағдардың да экономикаға қарата айтыл­атыны сондықтан. Жаһандық деңгейдегі экономика  өркениет кө­шіне ілесуге мүмкіндік беруі тиіс. Бірақ қалай? Жалпы ішкі өнім көле­мінің артуына қандай жұмыстар ықпал етеді? Болашақта экономиканың рөлі қай шеңберге тоғысады?  Бұл мәселелер «Шабыттандырушы өсім: адамдар, қалалар және экономикалар» тақыр­ыбымен Нұр-Сұл­тан қаласында өткен  ХІІ Астана экономикалық форумында қозғалды.

Тұтас әлемнің тұғырға қонуы жолында алпауыт державалардың тиімсіз әрі ретсіз санкциялар ре­жим­інен гөрі ойды ортаға салып, тікелей диалогқа көшкені әлдеқайда маңызды. Бұл ретте АҚШ, Ресей, Қытай, Еуроодақ өкілдері арасында қалыптасқан геосаяси дағда­рысты айтуға болады. Жаһандық экономикаға төнген жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келген уақытта сенімді қадам аттау­ да үлкен стратегиялық жоспарды қажет етеді. Өйткені соңғы уақытта геосаяси дағдарыс пен жетекші державалардың санкциялық саясаты әлемдік экономиканы қалпына келтіруде қосымша кедергілерге ұшыратуда. Мәселенің бастысы, оны жеңе білуде емес, түйінін тарқатуда. Ымыраластық пен ынтымақтастық  қанатын жая отырып, төрткүл дүниенің табанын тіреп тұрған экономика саласының жандануына үлес қосу дәл қазіргі сындарлы уақытта әр мемлекет үшін үлкен сын. Ал бізге керегі – сыртқы тәуекелдерді есепке ала отырып, іскерлік белсенділікті артты­ру арқылы жаңа бастам­аларға  бет  бұру.

Қазақстан президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаев, Қытай Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хань Чжэн, Армения президенті Армен Саркисян, Грузия премьер-министрі Мамука Бахтазде және 60-тан астам елден бес мыңға жуық делегаты қатысқан  форумның  пленарлық отырысында сөз сөйлеген Қазақстанның Тұңғыш президенті  Н.Назарбаев:

– Экономикалық жоспар­лаудың көкжиегі тарылып келе жатқа­нын білесіздер. Күрделі жағдайлардан шығу жолдарын Біріккен Ұлттар ұйымы, G-20, Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты­ халықаралық ұйымдар мен форумдар аясында табуға болады­. Бірлесе талқылау мен басқар­уға көшетін кез келді. Таяуд­а Бейжіңде өткен «Бір белдеу­, бір жол» ІІ форумында мен «3Д» жаңа геосаяси ахуалы негізінд­е тұрақты жаһандық архитек­тураны қалыптастыруды ұсындым. Бұл дегеніміз – үш деңгейде диалог орнату. Осы жерде­ айтылған идеялар әлемдік саясат пен экономиканың ең күрделі және өзекті мәселелеріне қатысты шешімдер табуға септігін тигізетініне сенімдімін, - деді.

Сондай-ақ, әлем­дік экономиканы да­мыту­, цифрландыру, білім беру үдерістері­нің трансформациясы, адам капиталына қойылатын талап­тардың күшеюі және өркениет перспективаларына кеңінен тоқталд­ы. Оған себеп, соңғы кезде сандық технологияға көшу, жаһандық  экономика тараптарына құндылықтармен бірге аяқ басу мәселелері жиі айтылып жүр. Негізгі қағидаға сүйенер болсақ, еңбек өнімділігі – экономиканың    басты драйвері. Соңғы 50 жылда дамыған елдер­дің жалпы ішкі өнімі­нің жыл сайынғы өсімінің тек үштен бірі ғана халықтың табиғи­ өсімі есебінен, қалғаны еңбек өнім­ділігі есебінен алынып  отыр. Әлемдік сарап­шылар осы ба­ғытқа ден қойған елдер алдағы жүз жылдықта бәсекеге қабілетті болады деген сенімд­е. Алдағы он жылдықтан бастап еңбек өнімділігінің өсімі жылына кем дегенде 2 пайызды құ­райды. Оның шамамен 60 пайызы цифрлық технологиялар арқыл­ы қамтамасыз етілмек. Естеріңізде болса, 2014 жылы Елбас­ы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында «Таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды.  Бұл  шептен тек мық­ты­ мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады. Қазақстан әлемдік эконом­иканың бір бөлшегі және геосаяси қысымның эпицентріне тікелей жақын орналасқан ел ретінде барлық осы үдерістердің теріс ықпалына тап келеді. Нәтижесінде не болып жатқанын біз көріп отырмыз, әлемдік нарықтарда баға құлдырауда, тұтастай алғанда, экономикалық өсім баяулауда» деген болатын. Міне, осы айтылған болжамдар бүгін тап алдымыздан шыққандай. Уақыт жылжыған сайын адами­ капиталға талап күшейіп, білім беру процесі жаңарып келеді.­ Осы процестер мемлекеттер арасындағы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім деңгейінің 10-30 пайызға дейінгі айырмашылығын жасауда.

– Технологиялардың қолжетімділігі  нәтижесінде әлемдік экономикадағы жұмыс уақытының тең жартысы автоматтандырылды. Осыған байланысты 2030 жылға қарай әлем бойынша 370 млн адам қайта оқытудан өтіп, мамандығын ауыстыруға мәжбүр болады. Бұл көрсеткіш жаһандық жұмыс күшінің 14 па­йы­зын құрайды. Табыс деңгейі төмен және орташа елдердің өзінде  көптеген  адамдар 30 жыл бұрын біз естіп-білмеген жаңа мамандықтар бойынша жұмыс істеп  жүр, - деді Елбасы форум барысында.

Айта кетер жайт, биыл әлем­дік  экономиканың  даму  қар­қыны бұған дейін жасалған болжам­нан, яғни 3,9 пайыздан 3,6 пайызға дейін төмендеп отыр. Ал Халықаралық валюта қоры экономиканың даму қар­қыны одан ары, 3,3 пайызға дейін төмендейді деп болжам жасауда. Ал бұл түйткілді шешу­дің бір ғана жолы бар. Оны жоғары­да атап өттік, ол – сырт­қы тәуекелдерді есепке ала отырып­, іскерлік белсенділікті арттыру арқылы жаңа бастама­ларға бет бұру. Елордада өткен ХІІ Астана экономикалық фору­мы­ аясында түйін тарқату процесі басталып, Түркі елде­рінің сауда-өнеркәсіп палатасын құру туралы құжат қабылданды. Саяси­ және мемлекет үшін маңызы жоғары, құнды құжатқа Түркі тілдес елдердің Іскерлік кеңесіне мүше елдердің сауда-өнер­кәсіп палаталарының басшылары қол қойды. Маңыздысы сол, Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан – ортақ палатаның негізгі құрушылары.

– Бүгінгі ортақ палата өңір­лік және жалпы даму мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұсынылған болатын. Қазақстан Үкіметі бұл бастаманы қуана қолдайды және оны дамытуда, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты арттыруда барынша жәрдемдеседі. Аталған шаралар Түркі елдеріндегі жеке сектор үшін де өте тиімді, енді бұл ынтымақ­тастықтан нақты нәтижелер күтеміз, - деді қол қою рәсіміне қатысқан ҚР Премьер-Ми­нистр­і  Асқар  Мамин.

Айтпақшы, форум бары­сында Елбасы мен президенттің қатар жүруі шетелдіктерді таңыр­қатпай қоймады. Пленарлық сессия барысында Тұңғыш презид­ент «Қазақстанды екі президент басқарады» деген пікірге қатысты ойын жеткізуді ұмытқан жоқ. Оған пленарлық сессия модераторы Ш.Гробенің Елбасы Н.Назарбаевтан сай­лаудан кейінгі елдің саяси ахуалын сұрағаны түрткі болды.

– ...Тәуелсіздік алғаннан бері бес сайлауға қатыстым. Соның бәрінде 85%-дан төмен дауыс жинаған емеспін. Халықпен осында­й түсіністіктің арқа­сында  жоғары нәтижелерге қол жеткіздік. Мен  өз кандидатурамды ұсынып, сайлауда жеңіске жететініме 100% сенімдімін. Бірақ жаңа буын, жаңа команда билікке келу керек. Мен сіздерге ыңғайсыздық тудырып жатқанымды  білемін, алдымен, «тұңғыш президент» сосын «президент» деп хабарлайсыздар. Алайда Қазақстанда мұндай екі президенттік басқару жоқ. Бір ғана президент бар және ол – ең бастысы, - деді Н.Әбішұлы.

Бауырлас елдермен бірлесе табыс табудың тиімді жолын таңдаған ел басшылары енді қабырғасы сөгілмес ортақ палатан­ың ортақ мүдделері үшін маңызды, тиімді, ұтымды әрі табыс­ты келісім­дер жасауы тиіс. Мұны мемлекет басшысы форумға­ қатысушы шетелдік сарапш­ы­лармен кездесуінде нақтылады.­

– Қазақстан биік мақсат­тары мен стратегиялық жос­парлары бар  жаһандық  трендтер  айқындалатын жаңа дәуірге қадам  басты. Олардың табысты жүзеге асырылуы еліміздің дамуы­н­а маңызды үлес қосуы тиіс. Біз бүгінде барлық көршілерімізбен, стратегиялық  әріптестерімізбен ынтымақтастық орнатуға ашықпыз. Қазақстан алдағы уақытта да өзінің даму жоспарын жүзеге асыру үшін үздік халық­аралық тәжірибелерді ескерет­ін  болады. Біз үшін халықтың әл-ауқатын арттыру, білім және денсаулық салаларын дамыту басым бағыт саналады, - деді ел президенті Қ.Тоқаев.

Жаһандық үрдістерді зерттеу және ел дамуының тәжірибелік саясатын жинақтау үшін эко­номикалық саясат пен ғылым саласы­нда тәжірибе алмасу алаңын­ құру – форумның басты мақсаты. Бүгінде Түркі мемлекеттерінің нарығы 1 трлн дол­лардан асып тұр. Ал бауырлас елдер 250 млн доллардың өнімін экспорттайды. Жаңа іскерлік орталық­ өнім көрсет­кіштерін арт­тырып, мемлекеттер арасындағы  экономикалық  байла­нысты  нығайт­у  арқылы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ішкі туризм­, кеден­, көлік сынды өзара тиімді салаларды дамытуға серпін береді­ деген үміт бар.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


САЯСИ АРЕНАҒА ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДАРЫ КЕЛЕТІНІНЕ СЕНІМДІМІН PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
23.05.2019 12:20

Дос КӨШІМ,

саясаткер:

– Дос аға, Сыр еліне қош келдіңіз!

– Қош көрдік!

– Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдай уақыт өтті. Біз осы уақыт ішінде азаматтық-демократиялық қоғам құра алдық па?

– Жоқ. Ондай қоғам қалыптас­тыра алмадық. Өйткені, билік демократияны декорацияға пайдаланып жатыр. Былайынша айтқанда, жасанды көппартиялы жүйе орнатты, демокр­атия институттарын өзгертті. Азаматтық-демократиялық қоғам қалыптастыру  үшін демократиялық институттар жұмыс істеуі қажет. Өкінішке қарай, біз мұндай институттарды құра алмадық. Бұған биліктің  ынтасы  болмады.

– Ал, қоғам тарапынан ынта болды ма?

– Ең бірінші, демократияның не екенін  түсіндіру шаралары, халықтың көзін ашу, сауатын ашу толық жүргізілген  жоқ.

– Еліміздің әр өңірінде көпбалалы аналар билікке қарсы наразылық білдіріп жатыр. Бұл азаматтық-демократиялық қоғамның қалыптасып келе жатқандығын  көрсетпей  ме?

– Бұл – әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлап кеткен­дігінің белгісі. Адамның барар жері, басар тауы қалмаған уақытта қандай қоғам болсын көшеге шығады. Оны демократияның көрсеткіші деп атай алмаймын.

– Дос аға, сайлау тақырыбына оралсақ.­ Өзіңіз халық арасында көп жүресіз. Еліміздегі президент сайлауының дүбірі сезіле ме?

– Мен араласатын ортада сайлау дүбірінің басталғаны байқалады. Біраз адамның бойында қызығушылық бар. Бұлай болуының басты себебі­ – өзім араласатын азаматтардың басымы бөлігі қоғамдық-саяси өмірге жақындығынан шығар. Бірақ, аталған саяси додаға қызықпайтын да, керек десеңіз, кандидаттардың кім екенін білмейтіндер де кездеседі. Бұл – біздің қоғамның бейсаясатшылығы, «биліктің өзі шешеді ғой» деп халықтың ынта танытпауы.

– Айтыңызшы, бұған дейін болған түрлі  сайлаулар  қаншалықты әділ өтті? Дауыстар  бұрмалана ма?

– 1999-2005 жылдары Республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесін басқардым. Біз өз есебімізде Қазақстанда сайлау әділетсіз өткендігін, заңбұзушылықтардың орын алғандығын айттық. «Дауыс бұрмаланды» деп айту үшін соттың шешімі болуы тиіс. Бізде ешқандай прокуратура немесе сот ондай деңгейге жеткізбейді.

– Онда сайлау учаскелерінде бақылаушы­лардың  қажеті  қанша?

– Бақылаушылар шамасы келгенше заңсыздықтардың алдын алу, тоқтату, заңбұзушылықтар орын алып, оған күмән келетін болса, сол сайлау учаскесіндегі дауыстың бәрін жарамсыз деп табумен айналысады. Нақтырақ айтқанда, ҚР Сайлау туралы заңыны­ң  қолданысын  бақылайды.

– «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, биылғы президент сайлауының басты ерекшелігін атап бе­ріңізші...

– Біріншіден, Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен кетуін атаған жөн. Демек, ол бұл саяси додаға қатыспайды. Екінішіден, билікке өзінің сөзін, пікірін айтып жүрген азаматтың үміткер болып тіркелуі. Үшіншіден, 2016 жылғы жер дауынан кейін халықты­ң  азаматтық  белсенділігінің оянуы. Әсіресе, қазақ ұлтының белсен­ділігі басым. Төртіншіден, өздерін «оппозиция» деп санайтын күш­тердің осы додада билік жағында «ойнауы­».  Меніңше, осы төрт фактор биылғы  президент  сайлауының басты­ ерекшелігі деп атаған жөн.

– Президенттікке түсіп жатқан кандида­ттар туралы ойыңыз қандай? Қазіргі мемлекет басшысы, президенттікке басты үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевқа негізгі қарсылас кім?

– Халықтың барлығы Тоқаевқа қарсылас ретінде «Ұлт тағдыры» қозғалысы» ұлттық-патриоттық бірлес­тік» қоғамдық бірлестігі ұсынған Әміржан Қосановты атап жатыр. Дегенм­ен, әңгіме Тоқаевта емес, ол – биліктің өкілі. Ал, Қосанов – сол билікк­е қарсы өзінің пікірін айта алатын адам. Өкінішке қарай, өзге кандидаттарды дұрыс танымаймын. Оларды бұрын-соңды қоғамдық-саяси­ өмірде көрген жоқпын. Бірақ, оларға алғыс айтамын. Неге? Партия­лардың президент сайлауын­а үміткер ұсынуының өзі биліктің бүгінде жүргізіп отырған саясат­ына қарсы екендігін көрсетіп отыр.

Саясаткер, әрі Әміржан Қосановты ұсынған «Ұлт тағдыры» қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің басшысы ретінде айтарым: қазақ ұлттық бағыттағы топтың саяси бәсекеге тікелей араласу мүмкіндігі барын көрсетті. Бұл – өзгерістің басы. Сондай-ақ, саяси аренаға қазақ ұлтшыларды келетін­іне толық сенімдімін. Сондықтан шығар, өздерін оппозициямын дейтін адамдардың жандары шығып  жатқандығы.

– ЖСДП партиясы және саясатта жүрген мүйізі қарағайдай кейбір аза­маттар­  президент сайлауына бойкот жариялады. Көзқарасыңыз  қандай?

– Мен – демократпын. Мен олардың шешімін сыйлаймын. Бірақ, негізгі әңгіме – бойкот тиімді бола ма, болмай ма? Көптеген елдердің сайлау туралы заңында «электораттың жартысынан азы келсе, дауыс жарамсыз» деп танылады. Өкінішке қарай, мұндай заң бізде жоқ. Ал бізде сайлауға үш адам барса да, заңды болып­ есептеледі. Сондықтан бұл жерде бойкоттың тиімділігі шамалы. Екінші мәселе, халықтың 15-20 па­йы­зы қатысуы елдің сайлауға деген сенімсіздігін көрсетеді. Бойкот жария­лаған партиялар мен оппо­зи­циялық көңіл күйдегі азаматтар «Сайлау­ – биліктің ойыны. Біз биліктің ойынына араласпаймыз» деуі мүмкін. Бірақ, осыған дейін олардың біразы президенттік сайлауға да, парламент сайлауына да қатысты. Ең қызығы, ұлттық бағыттағы топ додаға түссе, бойкот жариялаған партиялар мен оппозициялық көңіл күйдегі азамат­тар «сайлауға қатыспаңдар» дейді. Осы ретте айта кетейін, Желтоқсан оқиғасында да, Тәуелсіздік үшін күресте де ұлтшылдар алда болды. Шыны керек, қоғамдық-саяси өмірге, саяси аренаға ұлттық бағыттағы топтың келуі билікті де, оппозицияны да ойландырып отыр. Тағы бір айта кететін жайт, бойкот жариялаған азаматтар бізді, ал сайлауға қатысып жатқан азаматтар оларды жамандамауы  қажет.

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділ сайлау өткізуге кепілдік беремін» дегені­н  қалай  қабылдадыңыз?

– Әр адам «кепілдік беремін» деген­ сәтте менің «Сіз кепілдік бере алмайсыз» деп айтуға құқығым жоқ. Бірақ... Бірақ, егер ол сайлау жүйесін өзгертпесе, сайлау заңдарын өзгертпесе – бәрі бекер. Мысалы, өмірі бойы оң қолымен жазып келген адам «бір күнде сол қолыммен жазып беремін» десе, мүлде сенбес едім. Мәселен, президентікке  үміткерге қойылатын талаптың ішінде ең әділетсіз шарт «5 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеу» дейтін тұсы. Мұны енгізуд­ің өзі – ұят. Өйткені, президенттікке келесі келген адам жүйені өзгертем деп келеді. Жасқа байла­нысты шектеуге де келісе алмаймын.

– Сіздер  құрған «Жаңа  Қазақстан» форумын  кейбір  азаматтар  «биліктің жобасы» деп атайды. Бұған не айтасыз?

– Біріншіден, «Жаңа Қазақстан» форумы – жиналыс. Бұл қоғамды өзгертейік деген саясаткерлердің, саясат­танушылардың, журналистердің тобы. Шынын айту қажет, біз осы уақытқа дейін ешнәрсе істеген жоқпыз, бұдан кейін де бір нәрсе істей алатын түріміз жоқ. Себебі біз тір­келе алмадық. Өз тобымызда белгілі бір деңгейде ашықтық бар. Десе де, алға қойған мақсатымыз біреу ғана. Ол – қоғамды, саяси жүйені өзгерту. Ең бірінші кезекте қоғамды өзгерту қажет. Ал, бұдан кейін саяси жүйені өзгерту аса қиын шаруа емес. Әңгіме – қоғамның азуында. Айталық, елде жағымпаздық, жемқорлық жайлап бара жатыр. Мәселен, ауылдағы сайла­у учаскесіндегі мектептің директоры арамдық жасауы мүмкін. Бұл да қоғамның іріп-шіруінің белгісі. Осының бәрін тазарту қажет. Егер қоғам өзгерсе, сайлау жүйесін де, саяси жүйесін де, тіпті, президентін де алмас­тыра алады. Кейбір азаматтар жүйені өзгертудің жолы «халықты алаңға шығару» дейді. Мен келісе алмай­мын. Өйткені, халықтың көзін ашып барып ғана алаңға жиналғаны дұрыс. Халық билікке өз талаптарын қоя алуы тиіс. «Жаңа Қазақстан» форумы­нда елдегі маңызды мәселе­нің барлығы талқыланады. Сол арқылы­ елді саяси сауаттандырып, көзін ашсақ дейміз.

– Тәуелсіз ел атансақ та, ана тілі­міз­дің  жағдайы әлі де мәз емес. Бұған не  себеп?

– Бұған екі себеп бар. Біріншіден, билік кінәлі. Билік заңды жолменен мемлекеттік тілге қажеттілік жасау керек­ еді. Екіншіден, халықтың да кінәсі бар. Өкінішке қарай, біз қазақ­тілді орта жасай алмадық. Біздегі қазақтардың бәрі де ана тілін біледі. Бірақ, банкке барғанда, құжат тол­тырғанда «онда тұрған не бар?» дейді. Дегенмен, әрбір әріп, әрбір сөз үшін күресуді білмейміз. Бұл жалпақ­шешейлік пе, әлде орыс мәдениеті­нің әбден өтіп кеткендігінің көрінісі ме, түсінбей-ақ қойдым. Ыбырай Алтын­сариннің «Екі соқа» деген әңгімесі бар. «Бір зауыттан екі соқа қатар жасалып шықты. Біреуі егін­шінің қолына түсті. Ол онымен жер жырта бастады. Екінші соқа еш қимылсыз аулада жатты. Арада бір­неше уақыт өткен соң, екі соқа кездесіп қалды. Жұмыс істеген соқа күмістей аппақ болып жарқырап тұр. Ал қимылсыз жатқан соқа тот басып қарайып кеткен­» дейтін. Тіл – тірі дүние. Егер оны да екінші соқа секілді қолданбайтын болса, тот басады. Егер кез келген қазақ қазақша сөйлеп, қазақша талап етсе, үш айдың ішінде Қазақстанда қазақ тілінің мәселесі шешілер еді.

– Бейресми дерекке сүйенсек, Қытайда жемқорлық жасаған адамның саусағын кесіп тастайды екен. Осы жүйе бізде орнаса, қанша адам саусақсыз  қалуы мүмкін?

– Біраз адамның саусақсыз қалуы мүмкін. Бірақ бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын. Билікте де адал, таза адамдар кездеседі. Дей тұрғанмен, жемқорлық жайлаған елде өзі алмаса да, алып жатқан адамға қарсы тұрмайтын жаман «ауру» бар. Білсе де, айтпайды. Айтса, одан кейінгі жағдайды біледі. «Одан да тып-тыныш жүрейін» дейді. Дегенмен, осы позицияны ұстанған адамдар бір жағына шығуы қажет. Осы кезге дейін «мен мына жүйеде жұмыс істей алмаймын» деп қызметінен кеткен бір­қатар лауазымды тұлғаларды білемін.

Мемлекеттік жүйенің өзі жем­қорлықты дамытатын қалып жасап қояды. Мысалы, билікке жақындамасаң, байлық жасай алмайсың. Қысқа­сы, билік пен байлық бірікті. Бұл – ең қауіпті мәселе. Билік бар жерде байлық болса, онда ол – коррупция. Біздегі миллиардерлерді алып қараңыз. Егін егіп, қой бағып, миллиардер болғандар бар ма? Қайсысы жаңа технология ойлап тауыпты? Сонда олар байлыққа қалай қол жеткізді? Жауап: билікте адамы болуы немесе өзі сонда баруы қажет. Сол кезде ғана ақшаның астында қалады. Шетелде бірде-бір миллиардер қаланың әкімі боламын демейді.

– Биліктің қазақ қоғамына ба­ғыт­талған қандай жарқын жобаларын айтуғ­а  болады?

– Бірнеше айтулы жобалар бар ғой. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақала, латын­ графикасына көшу болсын, мұның бәрі қазақтілді қоғамды тыныш­тандыру үшін жасалған саяси тәсіл секілді. Мен мұның нақты нәти­жес­ін көргім келеді. Мәселен, неге  төлқұжаттағы «-ов», «-евті» алып таста­у  туралы  заң шығармасқа? Сонда­ ғана айтуға, мақтауға болар еді.

Жиын өткізіп, профессор екі ауыз сөз сөйлеп, «рухани жаңғыру» деп ұрандатқаннан өзгеріс болмайды. Латын графикасына көшу бағыты дұрыс. Кешегі соңғы жасалған әліпби біраз адамның көңілінен шыққан жоқ. Мұның да бір қайнауы ішінде. Бұған да білікті мамандар емес, билік тікелей араласты. Биліктің ұлттық бағыттағ­ы жасап жатқан жұмыс­тарының  басым  бөлігі нақты нәтиже бермейтін идеологиялық ұрандық деңгейде қалып отыр.

– Бүгінгі  зиялылар  туралы ойыңызды  білсек...

– Зиялы қауым десек, жазушылар, ақындар, артистер еске түседі. Олар жағымпаздықтың ең жаман қасиет екендігін айтуы қажет. Бірақ, зиялылардың өзі сол жағымпаздық деңгейге­ түсіп кетті. Кешегі Махамбеттің, Ақан серінің өмірдерегін қараңыз... Ешкімге бағынышты болмады, жағымп­азданбады, шындықты тіке айтты. Сол үшін қазақ халқы талант­қа табынамыз. Бірақ жүйе өзгергеннен кейін, бір адамның бойында екі қасиет пайда болды. Талант бар, азаматтық қасиет жоқ. Қазір қазақ шатасып қалды. Талантты құрметтейін десек, істеп жүрген тірлігі тым ұят. Зиялы қауым қоғамдағы өз рөлін атқара­  алмай  жүр. Өкінішті!..

– Дос  аға, ашық әңгімеңізге рақмет!­

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ШАРУА НЕГЕ ШАЛҚЫМАЙ ТҰР? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
23.05.2019 12:15

Бақшадағы дақылдың өркені жайылмай, түйнек салмайды. Яғни ауызға түсу үшін де оның нәтижесін күтуіміз керек. Экономика да дәл сондай, бойына қан жүгіртетін салалар жанданбайынша ілгері жылжу процесінен үміт жоқ. Күнделікті «қарқынымыз қатты, бәсекеге қабілеттіміз» деген ұран сөздеріміз қаңбақ шалдың құлағына ілініп, ұшып кеткен тәрізді. Өйткені әлі де болса кей аймақтардың даму қарқыны тым баяу көрінеді. Бұл туралы бүрсігүні Үкімет сағатында кеңінен талқыланды.

Шаруасы «шолақтанып» тұрған арнайы экономикалық аймақтардың жоспарға сәйкес жұмыс істемеуіне не кедергі? Болжам бойынша, әлемдік нарықтағы баға құлдырауы салдарының да салқыны жоқ емес. Бұл алдымен мұнай нарығы алпауыттарының көзіне шыққан сүйелдей болса, бірте-бірте тамырына дендеген «экономикалық кеселге» айналды. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ж.Қасымбектің айтуынша, бюджеттің 1 теңгесіне орташа есеппен 2,1 теңге инвестиция тартылған. Орташа көрсеткіш – осы. Төменгі сатыдағылар да бар. Инвестицияның қарқынды тартылуына қарамастан жұмыс деңгейінің бәсең болуына түрткі фактор қандай?

- Аймақтардың көбінде басқарушы компаниялардың жұмысы дұрыс ұйымдастырылмаған. Олардың өз шығындарын төлеуге шамасы жетпейді. Тек облыстық бюджетке қарап отыр. Бұл дұрыс емес. Сол себепті тиімді басқарушы компанияларды тарту керек. Ол – әкімдіктің міндеті. Жалпы, қазіргі уақытта жаңа заң көп мәселені шешіп отыр, – деді вице-премьер Ж.Қасымбек.

Республика бойынша үздік дамып келе жатқан аймақтардың қатарына енген Қызылорда облысында да проблема бар. Оны облыс әкімі Қ.Көшербаевтың өзі: «Жер астынан игерілген мұнайдың 95 пайызы – су, 5 пайызы ғана таза мұнай. Бұлардың барлығы да өңір экономикасына әсер етпей қойған жоқ. Салықтық базаның төмендеуіне, құрылыс нысандарына да өз ықпалын тигізді», - деп арагідік айтып жүр. Ал Үкіметбасы А.Маминнің айтуынша, өңірлерге арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға халықаралық тәжірибесі бар кәсіби басқарушы компанияларды тарту керек. Бұл – шетелдік компаниялардың шекесі «шылқиды» деген сөз.

Ресми ақпарат көздеріне сүйенсек, Шымкент пен Нұр-Сұлтан қалаларында, Павлодар мен Алматы облыстарында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды басқару дұрыс жолға қойылған. Мысалы, «Оңтүстік» экономикалық аймағында бюджеттің 1 теңгесіне 15,5 теңге, ал Павлодарда 12,3 теңге жеке инвестиция тартылған. Бұл – өте жоғары көрсеткіштер. Бүгінде индустриялық аймақтар бойынша Шымкент қаласының «Оңтүстік» аймағында жалпы сомасы 38 млрд теңгені құрайтын 55 жоба, Қызылорда облысында жалпы сомасы 65 млрд теңгені құрайтын 16 жоба іске қосылған. Ал Қарағанды облысының «Қарағанды» арнайы аймағы, Жамбыл облысындағы «Тараз» химия паркі секілді бірқатар аймақтардың даму әлеуеті толығымен жүзеге асырылмаған. Инвестициялардың көлемі мен жобалардың саны аз.

Жобаларды қадағалап, жүзеге асырып отырғанның өзінде жыл басынан бері сала тамырының жайылуына ықпал жасай алмай отырған өңірлер де бар. Атап айтар болсақ, қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіші қатты төмендеп кеткен өңір қатарында Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстары бар. Соңғы екі өңірдің көрсеткіші жыл басынан бері 1,9% және 1,4%-ға төмендеген.

Айта кетейік, бүгінде ел аумағында 12 арнайы экономикалық және 24 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақтарда 183 жоба, ал индустриялық аймақтарда 168 жоба іске асырылған. 1 трлн теңгеге жуық жеке инвестиция тартылған. Оның 27 пайызы – шетелдік компаниялардың капиталы. 2021 жылға дейін осы аймақтарда 2,5 трлн теңгеден астам соманы құрайтын 318 жоба іске қосылып, 11,5 мың адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

 

Н.ҚАЗИ

 


ЖҰРТТЫҢ «ЫБЫРАЙЫ»... PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
23.05.2019 12:10

«Қайбір жылы тауға шыққанмын. Ой, БИІК дегенді қойсаңшы. Төбеге шыққан соң, төмендегі майда-шүйдеге бас ауыртқың келмейді екен, онда қарағаныңмен көзің талады, көзің жетпейді. Сосын үйренбегендікі ме, құлағың бітеледі» деді жолдас жігіт өзінің бірнеше жылғы таңданысын білдіріп.

Сол-ақ екен, ойыма досымдыкіне параллелизм болатын мынадай бір сөйлем орала кетті. Іле-шала «мен де қайбір жылы түсіндім. Бұл БИЛІК дегенді қойсаңшы.

Көтерілген соң, өзіңмен шендес, өзіңмен теңдес адамдармен араласасың. Төменге назар салмайсың да. Орынбасарларың, яки қызметкерлерің жағыну үшін тек жақсы, жайлы хабарды ғана жеткізумен болады. «Бай – саңырау, бек – соқыр» деген осыдан қалған ғой» дедім күліп. Ол тағы да таңданысын жасыра алмай, «шынында солай, шынында солай» деді басын оңды-солды шайқап.

Расында, басшылыққа келгендегі әркімнің  іс-әрекеті әртүрлі болады. Көбісі «осы саланың бойына қан жүгіртеді-ау» деп, кадр ауыстырып, жергілікті жерден сайлап жатады. Енді бірі сенімді серіктерін бір елі тастамай, артына «жегіп» алып жүреді. Пысықайлары ел алдында беделі бар тұлғаларды жанына жинаудан бастайды. Қысқасы, қолынан келгенін қонышынан басудың алғашқы баспалдағын бағындырып, биікке барынша тырысады. Әрине, сенімге кіру оңай болмаса керек-ті. Оның үстіне мұның түрі де сан алуан.

Билікке отырған басшының әр басқан қадамын қалт жібермейтіндер де, әр айтқан сөзін таспаға түсіріп, баспаға басатындар да көп. «Барлығы бақылауда» деп келетін басшылардың өз сөзін өзіне қолданар болсақ, алғашқы уақытта ел-жұрт ақжағалыны сынап та, сүйсініп те назарынан тыс қалдырмауға тырысады. Келе сала ол үйіп-төгіп уәде берсе, кейіннен халықтың күйіп-пісіп жүргені бар. Орынтағына отыра сала маңызды шешім қабылдау да – маңызды. Енді оның ел көкейіндегі жайт па, ел көңілінен шығатын нәрсе ме, оны қоғамдық пікір айқындап беруде.

Әлгінде айтқанымыздай, жаңадан келген басшы тыңнан түрен салғысы келеді. Алғашқы сөзі не  іс-әрекетімен халқының жүрегінен жол тауып, елді елең еткізуге қамданады. Бірі – қала салады, екіншісі – қаланың атын өзгертеді, үшіншісі – ...

Айтпақшы, кеше ғана сайланған Украина президентінің алғашқы қадамы алты құрлықты аралап кетті. Сахнадан саясатқа «секірген» экс-әзілкештің сөздері бірінен соң бірі «хит» болуда. «Құрметті халқым! Мен өмір бойы украиндықтардың күліп жүруіне, көңілдерін аулауға барымды салдым. Бұл менің жолым еді. Ендігі бес жыл өмірімді украиналықтарды жылатпауға жұмсаймын» деген сөзіне сүйсінбеген украин қалмады.

Ал, Владимир Зеленскийдің «Шенеуніктердің кабинеттерінде менің суретім ілініп тұрғанын қаламаймын. Менің суретімді ілмеңіздер. Президент – икона емес, табынатын пұт емес. Қабырғаға өз балаларыңыздың суретін іліңіздер. Қандай да бір шешім қабылдамас бұрын солардың көзіне қараңыздар» деген сөзін саясаттағылар сынай да алмауда. Әлбетте, оған «аз сөйле де, көп жұмыс істе» деп ескертіп жатқандар бар. Сонда да сыртынан сүйсінесің, жұрттың Ыбырайы...

Ш.ШАТҚАЛ

 


КЕЛЕСІ КІМ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
23.05.2019 12:05

Мамыражай мамырда да қала әкімдігінде тағы да кадрлық ауыс-түйістер болды. Бүгінде бірқатар салаларды тізгіндеуге бірі келіп, екіншісі кетіп жатқан соң, кімнің қай қызметте қанша уақыт тұрақтайтынын білуден қалдық. Тағайындалғанына таңдай қағып, енді нәтижесін күтуге кіріссек, көп ұзамай қызметін ауыстырғанын бір-ақ естиміз. Қысқасы, тұрақсыздық байқалады. Атап айтқанда, қала әкімі аппаратында, білім, мәдениет және тілдерді дамыту, кәсіпкерлік және туризм бөлімдеріне кім келіп, кім кетпеді десеңізші?

Апта басында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кадрлық «жүріс» жасады. Шаһа­р басшысы сонау Астанадан (Нұр-Сұлтан) аттай қалап алдырған идеология жөніндегі орынбасары Шахмардан Баймановты жаңа қызметке шығары­п салды. Ел арасында «Ш.Асқарұлы Астанадан келіп, Нұр-Сұлтанға кетті»  деген әзіл әңгі­ме жүр. Расында да солай. Ол қала әкі­мінің орынбасары қызметіне 2017 жылы 27 қаңтарда тағайындалған болат­ын. Бүгінге дейін Сырдың бас қаласында еңбек етті. Жиі-жиі жастар  арасында «Жайдарман»  ойындарын өткізуімен  есте қал­ды. Айтпақшы, өзі де бұрын «Жайдарманда» ойнаған екен. Онымен қоса, облыста алғаш халықпен тығыз байланыс орнату мақсатында әлеуметтік желіде «Open Qyzylorda» жобасының жүзеге асырылуына тікелей бастамашы болды. Мұны өткенде облыс­ әкімі Қырымбек Елеуұлының өзі де жетістікке балады. Міне, 2 жылдан кейін қала әкімінің орынбасары өз қызметінен кетті. Жұмыссыз қалған жоқ, әрине. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары лауазым­ына тағайындалып үлгерді.

Шахмардан Баймановтың креслосы иесіз қалмады. Сірә, қала әкімі «керек кадрды алыстан алдырудың қажеті шамал­ы» деп шешкен-ау! Өйткені, бұл лауазымға  бұған  дейін  қала әкімі аппа­ратының  басшысы  қызметінін атқар­ған­ Мира Қазбекова тағайындалды. М.Жомар­тқызы жайлы біраз жазуға да, айтуға да болады. Ол қызметтің бірқатар сатысынан өткен. Облыс, қала әкімінің баспасөз хатшылығынан бастап, басқарма мен бөлімдерде  қызмет етті. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін біршама уақыт басқарды. Сосын­ биылғы ақпан айында қала әкімінің аппаратына ауысты. Басшы боп. Мұнда көп тұрақтамады. Енді қала әкімінің идеология жөніндегі орын­басары қызметіне келді. М.Қазбекова Қызылорда қаласындағы қоғамдық-саяс­и ахуалға қаншалықты бақылау жасай­ алады? Естеріңізге сала кетейік, су жаңа шаһар басшысының орын­басары Қызылорда қаласы бойынша 2018 жылдың қорытындысымен «Үздік мемлекеттік қызметші» номинация­сына ие болған.

Бас шаһардың білім бөліміне басшы тұрақтамай тұрғандығын бұған дейін де жаздық. Онда барған біраз адам әрі кетсе­ екі жылдан кейін қызметтен кетіп жатыр. Соңғы тағайындау тіпті қызық болды. Облыстық білім басқармасы басшысы­ның орынбасары Ақзира Қасымоваға қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аталған бөлімді тіз­гіндеуді сеніп тап­сырған еді. Шынын айту қажет, А.Бақтыбайқызынан біраз адам көп үміт күтті. Алайда ол бір айдан кейін өз өтініші бо­йынша қызметтен кетті. Нелік­тен мұн­дай қа­дам­ға барғаны белгі­сіз. Бір айға жуық бос тұрған бұл орынға апта басында Әбді­қалықова Меруерт Наушақызы тағайындалды. Ол еңбек жолын 1992 жылы Қызылорда қаласында орналасқан №23 мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәні­нің мұғалімі ретінде бастаған. Содан­ бері ұстаздық жолда келеді. 2014 жылдан бері қаламызда білімнің қарашаңырағы болып саналатын №3 мектеп-лицейінің директоры болып еңбек еткен.

 

Түйін. Мақтаулы Мира Жомарт­қызы жаңа қызметке кірісті, ал оның орнына­ кім келеді? Қала әкімі аппара­тының басшысына лайықты тұлға бар ма? Бұл сауал Нұрлыбек Машбекұлын да  толғандыры­п  жүргені  анық...

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ҰРЫЛАР ҰЗАМАЙ-АҚ ҰСТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
23.05.2019 12:00

Ерсіннің жұмыссыз жүргеніне  біраз уақыт болды. Қырықтың қыр­қасына шыққан жігіттің  қызметінен кеткеніне үш жыл. Сонан бері үш балан­ың тамағы, киім-кешегі, жұмыссыз күйеудің бабын табу Алуаға оңай емес. Мектепте жұмыс ауыр. Күні бойы тыным көрмейді. Ерінің үйде бос жатысы мұғалім келіншектің жүйкесіне  тиеді.

- Тым болмаса есік алдынағы бау-бақшаға қара. Малға жем-шөп беріп, өріске шығар. Жата бермей, шаруаға қолғабыс бермейсің бе? - дейді Алуа шыдамай. Еркін жүріп, аяғын алшаң  басқан жігітке бұл сөз ауыр. Іштен тынуға намыс жібермейді. Жолдасына тілін безеп сөйлейді.

- Жұмыста болғанымда ақшадан тарықтырмадым. Не керектің бәрін алдың. Енді  келіп, мені жазғырасың. Жұмыс істеуді білмей отырған жоқпын. Көзі табылмай тұр. Әйтпесе сенің айлығыңа қарап нем бар, - деп күйеуі де сөзден қалыспайды.

Сабаудай еркектің үйде бос отырғанынан азап жоқ. Алуа күйеуін жақтамайды. Кезінде табыс тапты. Үй-ішін тарықтырған жоқ. Шашауын шығармай, ақшасын қолына әкеліп салатын. Тәп-тәуір  қызметінен өзі кетті. Сонан­  бері  Ерсін үйінде.

Бірде үйіне Бәкір келді. Екеуі  құшақ жая амандасты. Өткен-кеткенді  айтып, сөз қозғады. Танысы да жұмыссыз. Маусымда кәсіп істеп, азын-аулақ ақша табады. Екеуі әлденеге келісіп, кешке жұмысқа шығатын болды.

Қарақшылық – Бәкірдің бұрыннан кәсібі. Иесіз үйді торуылдайды. Ыңғайы келсе иесіз малға да жиендік­ жасайды. Ерсін әйелінің сөзінен шаршады. Қолына ақша берсем, құлағым­  тынышталар  деп  ойлады.

Олар түн жамылып, ауыл шетіндегі үйге ұрлыққа түсті. Үй иесі біраздан бері ауылда жоқ. Жоспар бойынша, терезеден кіріп, үйдегі бағалы заттарды  жымқырды. Олжаларын жеңіл көлікке тоғытты. Алайда қарақшылардың адымы алысқа ұзаған жоқ. Бой тасалап кете алмады. Полиция құрығына ілікті.

Аталмыш  істі  қараған Қызыл­орда облысының Қылмыстық істер жөнін­дегі мамандандырылған ауданара­лық соты үкім шығарды. Екі қылмыскер 6-8 жыл аралығында жазаға  тартылды.

 


Күнтізбе

< Мамыр 2019 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 24 25 26
27 28 29 30 31    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары