Өзекті мәселелер

  • 07.11.19

    Бақытжан  НИЯЗОВ,

    ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

     

    – Бақытжан Мақсұтұлы,  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысы ауқымды және ең маңызд­ы  саланың бірі екені даусыз. Білуімізше, агенттік тарапына...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    - Райкүл Мәнсүрқызы, депутатты­қ қызмет Сізге таңсық­ емес. Бұл жолы қандай мақсат  қойдыңыз?

    - Депутат – халық пен билік арасындағы көпір. Шыны керек, қазіргі күні шешіл­мей жатқан мәселелердің дені – биліктің құлағына жетпегендер. Жылына төрт сессия өтеді, сол кезде әр округтен сайланған депутаттар өздерінің ұсыныс, пікірлерін айтып, мәселесін көтеру керек. Аймақта же...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Дидарынан шуақ шашып тұрған күннің райы демде өзгеріп салды. Әдетте қыстың ызғары қарашаның соңында сезілуші еді, бұл жолы айдың басында-ақ суық леп шөптің басына қырау қондырып, қар ұшқындатты. Бұл – қыстың қарбалас тіршілігі басталды деген сөз. Күн райының күрт өзгеруі, жауын-шашынның түсуі салдарынан түрлі төтенше жағдайлар болатыны белгілі. Онсыз да жылу беру маусымында қала іші...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімі  қыркүйек  айын­да­ «Көше Fest» сайысын өткізді. Бұл шараның негізгі мақсаты – көше тұрғындарының ауызбіршілігін арттыру, өскелең ұрпаққа ақса­қалдарды қадірлеуге шақыру, жастардың бойында иба-ізет, намыс, ар-ождан, қадір-қасиет сынды биік адамгершілік қасиеттерді қалыптас­тыру  және де  қаланың бір бөлшегі саналатын  көшенің тазалығын  сақтауға  ша...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Сырдың бас қаласында сонадайдан мен­мұндалап тұратын көпқабатты тұрғын үйлер жетерлік­. Қайбір жылы Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай солардың бірсыпырасы күрделі жөндеуден өтті. Сыртын сырлаған соң кәдімгідей түрленіп, қалаға өзгеше рең беріп, шаһардың шырайы кіріп қалды. Бұл жұмыс­тарды жүргізуге Сырдың меценат жігіттері атсалысы­пты. Енді сол шаралар легі жалғасын тапса дейміз. Өйткені ...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 29 Мамыр 2019

«АШЫҚҚАННАН ҚҰНЫҚҚАН ЖАМАН» PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
30.05.2019 11:53

«Арамза  болмай, атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?» депті қайран Абай. Өз заманындағы әділетсіздіктерге  әбден күйінген  соң  айтса  керек. Осы сөз бүгінгі  күні де өзек­ті­лі­гін жоймай тұр, әсіресе, елдегі кейбір мемлекеттік шенеуніктердің ар, иман, адалдық деген ұғымдарды аяқ астында таптап, қазына қаржысын жымқырып, бір жерде­н жұлып жегісі, жұлымырлықпен өмір сүргісі  келетінін  көр­генде, дананың дөп сөзі еріксіз ойға оралады. Жасыратыны жоқ, біздің елде сыбайлас жемқорлық, парақорлықтың пәті  қатты, түрлі тұт­қын­даулар  болып, қарсы күрестер жүргізіліп, тіпті үкімет басшысынан бастап­ түрменің дәмін татып жатса да, арам ақшаның иісі мұрынын жаратындар әлі де то­ластамай тұр.

Оның сыртында  бюджет қаржысын қымқырып, шетел асқандар қаншама! Иә, жемқорлықпен күрес күшіне мініп тұрғанда «әзірге  науқан бітсін, сәл қоя тұрайын» демейді. «Ашыққаннан құныққан  жаман»  деуші еді үлкен кісілер. Сол айтқандай, шенеунік біткен  шетінен  құнығып алған. Еліміздің әр өңірінде тіркеліп жат­қан, интернет арқылы дүйім жұрт құлағдар болып­  отырған деректердің өзі соны  айғақтайды.

Фактілерді  сөйлетейік. Мектеп бітіруші түлектердің мемлекеттік сынағынан да пайда көргісі келе­тіндер бар екен. Анау-мынау емес, білдей Ұлттық тестілеу орталығының бас директоры. Елордалық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен аптада ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты  аталған орталықтың бас директоры Р.Әлімқұлов пара алды деген күдікпен екі айға қамауға алы­нып­ты. Бұл туралы Zakon.kz сайты­ ақпарат таратты. Қызығы сол, бұл лауазым иесі параны ақшалай емес, көлік түрінде алған дейді. Сужаңа «Тойота Камри» авто­көлігінің бағасы 9 млн теңгеге бағала­нып отыр. Айтпақшы, бұл шулы мәселеге байланысты аталмыш министрлік те пікір біл­ді­ріпті. «Аталмыш факті биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу үрдісіне еш әсер етпейді. Қазіргі уақытта Ұлттық тестілеу орталығы штатты режимде жұмыс істеп жатыр»­, - депті ведомствоның баспасө­з  қызметі.

Бұл бір ғана мысал. Елді елең еткізген тағы бір «жегі құрттың» теріс әрекеті Елордада әшкереленді. Бұл жолы Нұр-Сұлтан әуе­жайының бас есепшісі Ұлттық бюро  қызметкерлерінің құрығына ілінген. Ол Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлеріне 16 миллион теңге пара берді және 1 миллиардтан астам теңгені жымқыр­ды деген күдікке ілінді. Бұл қаржыны бас есепші жалған келісімшарттардың көмегімен фирмалардың есепшоттарына аударып отырған көрінеді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амал­дарды  жүргізілуде. Күдікті  қамау­ға  алынды.

Ал, апта басында Атырауда да бір шенеунік шатылды. Нақты айтқанда­, Атырау облыстық ауылшаруашылық басқармасы бас­шысының міндетін атқарушы «Агроби­знес-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде суб­сидиялауды беру бойынша оң шешім үшін шаруа қожалық­та­рының басшыларынан жүйелі негізде­ пара алып келген. Бұл турал­ы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұқарамен  байланыс  департаментінің директоры Арман Бердалин хабарлады. Оның айтуынша, басқарма басшысының міндетін атқарушы делдал  арқылы  жалпы  сомасы        200 мыңнан астам теңге пара алуда­ күдікті деп танылған. «Кінәсін толық мойындауына байланысты процестік ұстау қолданылған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр», - деді департ­амент директоры. Әрине, мойындау да – ерлік, бірақ бұған қарап отырып елімізде кез келген мемлекеттік  бағдарламаға  бөлін­ген қаржының шын иелерін таппайтынын бағамдауға болатын сияқт­ы. Әйтпесе, А.Бердалин айтқан­дай, жалпы ауыл шаруашылығы саласы бойынша 2018 жылы және 2019 жылдың 4 айының өзінде 199 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, 63 тұлға сот­талмас  еді  ғой.

Мұндай «қылық» Қызылордада да қылт етті. Апта басында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында бір бейне­жазба  мен  ақпарат салынды. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда  облысы бойынша департаментімен  облыстық Әділет департаментінің персоналмен жұмыс жасау және ішкі қауіп­сіздік саласы үшін жауапты лауазымды тұлға ұсталды делінген. Аталған ақпаратқа сенсек, өз қызметтік борышы бойынша мемлекеттік мекемеде сыбайлас жем­қорлық көріністерінің жолын кесуг­е міндетті болған тұлға об­лыстық әділет департаментінің бөлім бастығын оған қатысты қылмы­стық істі тоқтату үшін Қызылорда облысы бойынша СЖҚІҰБ-ның лауазымды тұлға­ларына 5 млн теңге сомадағы пара беруге алаяқтық және айдап салушылықта күдікті деп танылуда. Кінәсін толық мойындауына бай­лан­ысты сот санкциясы бойынша күдіктіге қатысты «үйқамаққа алу» түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданған, тергеу жалғасуда. Бұдан пара алғанның да, бергеннің де арты – қорлық екенін бағамдап отырмыз. Өткенде Қазақстан пре­зиде­нті Қ.Тоқаев «Егер қол астындағы жұмысшысы парамен ұсталса, мемлекеттік органдардың басшылары жұмыстан кетуге өтініш жазуы тиіс», - деп еді. Бізді қай басшының өз еркімен қызметінен кеткені қызықтырып-ақ отыр.

Айтпақшы, қайбір күні дәл осы фейсбукте желі қолданушыларының бірі Қызылорда қаласының орталық көшелерінің бірінде бір топ адамның көлікті тоқтатып, полицей формасындағы бір шендінің қолын қайырып, ұстап жатқаны көрініс тапқан видеоны салып еді. Бірақ бұл туралы­ ешқандай құзырлы орган ақпарат таратпады, бірақ бейресми мәліметтер бір тергеушінің парамен ұсталғанын «жайып салғаны» бар.

«...Қолға кісен салынып, қамалып жатқа­нына пысқырып та қарамайды. Өйткені, отырған орын мәңгілік емес екенін жақсы біледі. Бүгін болмаса, күні ертең орнына­н алып тастайды. Соны біліп, сезіп отырған соң мемлекет­тік қызметке келгендердің бәрі мемлекеттің қаржысын қарпып қалуға ұмтылады. Не болмаса атқарып­ отырған қызметін бұлдап, парақорлық жолына түседі. Осы тұрғыдан алғанда, елімізді жайлаған жемқорлық тамырын тым терең­ге жіберген тәрізді. Ендігі таңда күрес жемқорлармен емес, жемқорлар елмен күресетін жағдайға жететін де шығармыз. Ұят-аят болмаған жерде қанағат деген ұғым тұра ма? Құныққан үстіне құныға түсетін адамдар қатары қазір сағат сайын толығуда. Мемлекет қаржысы көлеңкелі экономикада салтанат құрып тұр. Осының­ бәрін ел-жұрт көріп те отыр...». Бұл – қарымды қаламгер Нұртөре Жүсіптің «Пара – қор­лық» атты мақаласынан үзінді. Таныма­л журналистің сөзінің де жаны  бар.

Енді қайтпек керек? Бізде заң солқылдақ па, әлде Қытайдағыдай жемқорлық жасаған адамның саусағы­н кесетіндей тәртіп керек пе? Ол кезде біздің елде саусақсыз қалатындар көбейіп кете ме деп тағы алаңдаймыз. Бәлкім, жоғарыда тілге тиек еткен хәкім Абайдың «Арамза болмай, атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?» деген­ сөзін елдегі мемлекеттік шенеунік­тердің үстелі үстінде жататын ұран сөз ғып қоярмыз. Әй, қайдам?!.

Н.АҚПАН

 


БІЗДЕ КАРТИНАНЫ ТҮСІНЕ БЕРМЕЙДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
30.05.2019 11:33

Қуанышбай  ЕМБЕРГЕНОВ,

суретші:

С.Айтбаев атындағы Көркемсурет галереясында Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, білім беру ісінің үздігі Қуанышбай Ембергеновтің «Кенеп бетіндегі Сыр табиғаты» атты жеке шығармашылық көрмесі өтіп жатыр.

Қуанышбай Ембергенов Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылында 1948 жылы дүниеге келген. 1976 жылы Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітірген. 1977 жылдан 2015 жылға дейін М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжінде сурет және сызу пәнінен дәріс берді. 1985 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің графика факультетін бітірді. 2006 жылдан бастап Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі. Қызылорда қаласы әкімінің алғыс хатымен (1996 ж.) және «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен (1997 ж.) марапатталған. «Харрикейн Құмкөл-мұнай» компаниясы ұйымдастырған суретшілер көрмесінің мадақтау сыйлығының иегері.

Қ.Ембергеновтің пейзаждық туындыларындағы авторлық идея бар тіршілік болмыстың тұтас үйлесімдігі мен табиғаттың қарапайым және күй талғамайтын ішкі әдемілігін көре білгендігімен маңызды. Бұл туындыларда композициялық құрылым мен нәзік түстердің шешімі бірқалыпты тұнық және пайымды үйлесім тапқан. 17 мамырда басталған көрме тура бір айды қамтиды. Кенеп бетіне Сыр табиғатын асқан шеберлікпен жаза білген суретшімен сәрсенбілік сыр-сұхбат құрудың сәті түскен еді.

- Аға, әңгімемізді «Кенеп  бетіндегі Сыр табиғаты» атты жеке көрмеңізден бастасақ деп отырмын.

- Көрмеге 30 гуашпен, 21 майлы бояу­мен салған жұ­мы­сымды ұсынып отырмын. Алдағы уақытта майлы бояу­ға бір­жола көшсем деймін. Сосын картинаның көлемін үл­кейтсем деген ойым да бар. Көрме туралы тағы не айтуға бо­лады? Азды-көпті еңбе­гі­мізді осылай елеп-ескеріп жатқан жандарға алғысым шек­сіз. Өлмес өнер­дің бойына қан жү­гір­ту­дің өзі бір ғанибет болар.

- Мына заманда көрме өткізу де оңай емес шығар...

- Көрме өткізу деген оңай нәрсе емес, өзің де, өзге адамдар да шаршайды. Бәрі дайын бола қалмайды ғой. Жазған жұмыстарыңды жобалайсың, дайындайсың. Олай-бұлай алып барасың, ілесің. Одан қалды ақпараттандырасың, хабарла­ндырулар бересің дегендей. Ішкі ұйымдастыру жұмыстарын Көркемсурет галерея­сы атқарып жатыр. Онысына мың да бір рақмет! Жалпы, бір басына жететін қиындығы  бар  енді.

- Осыдан 2 жыл бұрын «Халің қалай, суретші?» деп мақала жазған­  едік. Шыныңызды айтыңызшы, суретшілердің қазіргі жағдайы  қалай?

- Шынымды айтсам, сен айтқан мақаланы мен оқымаппын. Суретшілердің жағдайы қалай болсын? Әрқайсысы өз жұмысымен, бұйырған жерден дәм татып жүр. Бірі – жақсы, екіншісінің жағдайы жаман деп айта алмаймын.

- Қазір елімізде, тіпті қаламызда болып жатқан заңбұзушылықтардың санынан жаңы­ламыз ғой. «Осылардың ара­сында  картина ұрлау  фактісі неге жоқ?» деген сұрақтың жауабы­н  білгім  келеді.

- Бізде картинаны түсіне бермейді ғой. Әйтпесе, ұрлауы да мүмкін. Біздің картинаны түсінбегеніміз соншалық, ұрламақ түгілі, барлық жағынан жақсы салынған, қымбат шығарманың бетіне бір қарап, жүріп кете беруіміз ықтимал. Саған бір қызық айтайын. Суре­т өнерінің болашағы бар. Коллекционерлер Қазақстанда көп шығар, Қызылордада аз, тіпті жоқтың қасы. Егер осы бастан картиналарды сатып алып, жинай берсең, алдағы уақытта өкінбейсің. Өнер өз құнын жоймайды ғой, бұл жерде­ оның маңызы мен мәнін ешкім түсінбесе, түсінетін жерге алып бар. Олар қызыға қарап, сүйсініп сатып алады.

- «Суретшінің бәрі тығылып өлең жазады» деген пікір бар. Мұның себебі, өз ойын картинада шығара алмай жүрген соң, өлеңге жүгіріп, жүгініп кетеді екен. Сіз шабытыңызды қалай шақырасыз?

- Иә, көбісінің өлеңге жүгі­ріп кететіні рас. Бұл енді әркімде әртүрлі болатын құбылыс. Мысалы, мен Дәулет­керейдің, Құрманғазының, Қазан­ғаптың күйлерін тыңдаймын. Күй деп неге айтып тұр? Күй деген адамның, автор­дың көңіл күйі ғой. Көз алдыңа небір көріністерді алып келеді. Сол арқылы шабыт алуға болады. Мен жақсы күйші болсам, сурет салатын жерге домбырамды ала баратын едім. Күйді жап-жақсы-ақ тартамыз. Бірақ, тым жоғары деңгейде емес.

- Сіз туған атыраптың, сіз туған­  топырақтың талай-талай суретшілердің  кіндік қаны там­ған­ жер екенін білемін. Мұның біз білмейтін қандай тылсым күші  бар?

- Бір ғана ауылдан 8 Суретшілер Одағының мүшесі шықты. Борис, Ораз Қалназаровтар, Мұратбай, Асқар, Бейбіт Үмбетовтер, Аманкелді Кененбаев және Әлия Кененбаева, сосын мен бар. Меніңше, бұл расында біз туған топырақтың киелі екендігін растай түседі. Сосын олардың әке жолын, ағалар  жолын жалғастыруы ғой. Не нәрсеге де бірдеңе негіз болад­ы. Мысалы, біздің әкеміз ұста еді. Өнерден өнер туады емес пе? Ол қан арқылы беріледі.

- ҚР Суретшілер Одағының мүшесісіз. Одақтың жұмысына көңіліңіз  тола  ма?

- Өз басым одақ туралы ештеңе айта алмаймын. Оның өз басшысы бар, өз жұмысы бар дегендей. Басшысы Өмірбек Жұбаниязов деген біздің жерлесіміз. Ол осымен екінші рет сайланып отыр. Егер жұмысын жүргізе алмаса, тағы сайланбас еді ғой. Қазір суретшілерде бір-бірден бөлме бар. Бізге тимей­ қалғаны, мен 38 жыл М.Мәметова атындағы педа­гогикалық колледжде сабақ бердім. 2015 жылы ғана зейнетке шықтым. Оған дейін білім мен өнерді қатар алып жүруге тырыстым.

- Сөзіңізді бөлейін. Ұстаздық жолыңыз турасында да сұрақ­тарым  бар  еді. Шәкірт тәрбиелеу де оңай емес ғой.

- Иә, баламен жұмыс істеу оңай емес. Ата-аналармен де байланыс орнатуың керек. Жан-жақтылық керек. Осы 38 жылдың ішінде көптеген шәкірттерге бағыт-бағдар беріп, жол нұсқап жібердік. 6-7 шәкіртім Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында, Өркен Қалымбетов деген шәкіртім Н.Бекежанов атындағы драма театрында бас сурет­ші, өзім сабақ берген колледжде жолымды жалғап жүргендері де бар. Қысқасы, шәкірттерім көп, олар еліміздің түкпір-түкпірінде беделді қызмет атқары­п  жүр.

- Шәкірттерге  шырайыңызды төге жүріп, шығармашылығыңыздан сәл алыстап қалған жоқсыз  ба?

- Ол болса да солай ғой. Бізде шығармашылық күні деген­ болады. Ол күні студенттер де, өзім де бос боламын. Сосын оларға «Мен картина жазып жатырмын, келіңдер, өздеріңе ұнаған түсті бір-бір жазып кетіңдер» деймін. Содан әркім әртүрлі түсті жағып-жағып кетеді. Не болғанын өзім де білмей қаламын. Соны дамыта отырып, жаймен-жаймен ретке келтіріп, ертеңіне өздеріне көрсетемін. «Мынаны біз жаздық па?» деп таңғалады ғой сонда. Сөйтсем, жас суретшілер үйлесімділікті білмейді екен, есесіне батылдық бар. Бізде керісінше. Бұл оларға шабыт береді.

- Қандай жерді немесе қандай тұлғаны картинаңызға бейнелегіңіз келеді?

- Алысқа бармай-ақ, қылқаламға іліктірердей жерлер жетеді. Кейде қол қысқа болып, қол байлайтын жайттар кезде­сіп қала береді. Қазан, қараша айларында Жезқазған жаққа  90 шақырым шыға қалсаң, қап-қара, қып-қызыл, жап-жасыл, сап-сары сондай бір керемет жерлер бар. Сонда барсаң, табиғаттың таңғажайыбын картина етіп жазсаң, ғажап болар еді! Ұлытауды бір көрдім де, табиғатына ғашық болып қалдым. Шымкент жақта да көздің жауын алатындай орындар көп.

- Сыр бойындағы жас суретшілердің аяқ алысы қалай? Аға буынмен байланысы дегендей...

- Жақсы деп айтуға болады. 94 жастағы жапонның сурет­шісі «егер мен мұнан да көп өмір сүрсем, картинаны мұнан да жақсы жазар едім» деп айтыпты ғой. Сол секілді, әрқашан ізденіс, даму керек. Жастар енді-енді қалыптасып келе жатыр. Қателігі, кем-кетігі қайткен күнде де болады ғой.

- Ал, жолыңызды жалғаған балаларыңыз, немерелеріңіз бар ма?

- Кәсіби суретші ретінде маманданған балам бар. Бірақ, қазір шығармашылық жұмыстармен айналысып жүрген жоқ.

- Әңгімеңізге  рақмет! Шы­ғар­машылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан

Рыскелді   ЖАХМАН,

Н.Нұржаубай (сурет)

 


АШУЫМ АУҒАНСТАНДАҒЫДАЙ БОЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
30.05.2019 11:28

Мұхтар  ШЕРІМ:

Мұхтар Шерім – қазақ сатирасындағы танымал тұлғалардың бірі. Оқырман оның әдемі әзіл, уытты әжуа, өткір қалжыңға бай шығармаларын іздеп жүріп оқиды. Көңілді күлкімен көмкеретін сатира снайперінің тілі семсер. Қаламы қуатты. Қай кезде де сатираның сағын сындырмайды. Нысанаға алғаны дөп тиеді. Интермедиялары әзілдің әрін, сахнаның сәнін келтіріп жүрген сықақшымен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Мұхтар аға, фейсбук парақшаңызда «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының жетекшісі, артисі Нұржан Төлендиевтің авторлық құқыңызға қол салғанына наразы болған жазбаңыз жария­ланды. Ыстық ықыласыңызды су сепкендей басқан ініңіз ватсаптан ғана ұрлығын мойындап, кешірім сұрапты. Сатираңызды ұрлаған серіні енді  қайтесіз? Сотқа  бересіз  бе?

– Сатира жазу кiм көрiнгеннiң қолынан  келмейдi. «Әу» дегеннiң бәрi ақын ғой қазiр. Бiрақ сатираның жүгiн сүйреу, оны арқалау, діттеген жерiне жеткiзу – қиынның қиыны. Бұл – талан­т арқылы ғана келетiн нәрсе. Жазған дүниеңді  белгісіз адам пайдаланса, әрине, көңілің құлазиды. Жаның жабыр­қайды. Өйткені ол – сенің «бір балаң». Бүгінде идеяңды ұрлағанымен қоймай, интермедияға өзінің атын қоятындар көп. Қазақ қалжыңын қанжығасына  байлап жүрген артист, «Алдарас­пан» әзіл-сықақ театрының жетекшісі Нұржан Төлендиевті жұрт­тың бәрі жақсы көреді. Мен де құрметтеймін. Өнерін, талантын бағалаймын. Тек «Алдараспанның» кезекті  қойылымын көргенімде, шошып кеттім.  Әлдекім бүйірімнен  ыңқ еткізіп тепкендей,  сілейдім де қалдым. Інім деп сыйласып жүрген жанның ұрлығын көріп,  көзім алақандай, көңілім жорғалап бара жатқа­н тарақандай болды. Ойпырмай, бұлар да таусылады екен ғой. Таусылған­ соң ұрлыққа барады екен ғой. Иә, ол менің дүниемді ұрлаған жоқ, ол менің шығармамды, сатирамды ұрлап кетті ғой! Тал түсте! Алғашқыда ашуландым. Ашуым Ауғаныстандағыдай болды. Іле-шала өзіне телефон соқтым. «Ойбай, сіздікі ме? Маған ватсаппен келді... Кешіріңіз... Телеарнаға айтып, фамилияңызды қойдыртамын» деп ақталды. Айыбын мойындады. Бірақ мен ашудың айғырына міндім. Фейсбукте Нұржан  туралы­ сын мақала жарияладым. Онда моральдік шығын өтейді деген жолдар да бар. Мұның бәрі эмоцияның әсері ғой. Осы күнге дейін біреуді  сотқа  сүйремеппін. Сүйремеймін де.

- Сонда Нұржаннан моральдік шығын­ды  талап  етпейсіз  бе?

– Нұржан сатирамды рұқсатсыз алды. Театрының қажетіне жаратты. Бірақ соңынан ойландым. Өзі үлкен­дігімді сыйлап, кешірім сұрады.  Кезінде­ «Сирияға кеттім» атты сатиралық дүнием­ фейсбукте, «Қазақ әдебиеті», «Айқын»  және тағы басқа басылымдарда жарияланды. Дегенмен, ән болсын, сатира­ болсын  өзгенің бақшасына түсуді қою керек. Егер Нұржан «Сирияға кеттім» атты сатираны орындағанда  авторы Мұхтар Шерім деп жазса, пәлен демес едім. Қайта қуанбаймын ба? Мұндай оқиға негізі бірінші рет орын алған жоқ. Өкінішке қарай, көптеген театрлар,­ өнер иелері менің дүниелерімді ұрлайды. Ту-талақайын шығарады. Анекдоттарын  алып, ет, бұрышын қосып, өзі жазғандай түрлендіреді. Керегі­не жаратып, авторлық құқық алып, сахнаға шығарады. Мұның бәрі уақытша нәрсе ғой. Бұл, бiр жағынан, ақша шығындамаудың оңай жолы. Нұржанға сын айтып, ескертуімнің себеб­і  бар. Ол оның бұл әрекеті өзгелерге де сабақ болсын  деген ниетімнен  туындады.

– Жақында Ақтөбе жақта жүр едіңіз...  Жай  жүрсіз  бе?

– Жұрт Америкаға барып келіп жатқанда, менікі мынау тұрған Ақтөбе ғой, қалқам-ау. Күні кеше «Айтқыштар Ақтөбед­е» атты әзіл-сықақ  театрларының  фестиваліне қатысып қайттым.  Театрымды­ алып бардым.  «Төтенше махаббат» атты қойылымымды көрермен  жылы қабылдады. Қазылар алқасы еңбегімді  еледі. «Үздік автор» номинациясын  жеңіп  алдым.

– Айтқандай, театр  аштыңыз, құтты болсын! Идея  неден  туындады?

– Ойымда театр ашу болған жоқ. Ақтөб­е қаласындағы «Екі езу» сатира театры­ның жетекшісі, сатирик Нұрлыбек Жұбатқанмен шығармашылық байла­ныстамын. Бірде ол: «Аға, сатираңызды театрла­р жиі орындайды. Мәселен, «Шаншар» Үбәнді  алып шықты.  «Алдарас­пан» «Евро моланы» бұрқы­ратты.  Неге өзіңіз театр ашпайсыз?» деді. Ойланы­п қалдым. Нұрлыбек менің шабыты­мды қамшылады. Шынында интермедиялар  іздемеймін. Біреуге жазшы­ деп жалынбаймын. Мұның бәрі қиялымдағы  қызықты  жобалар  ғой. Күн сайын сатиралық  әңгімені бұрқыратамын. Сонан­ идеяның июін қандырып, театр аштым. Алғашқыда атауы «Сүзеген сөз» еді. Кейін «Мистер Мұх­тар» деп өзгерт­тім. Тәйірі, атта тұрған  не  бар?

–  Қазір  «Мистер Мұхтар»  қалай жұмыс  істеп  жатыр?

–Жаңа театрымыз қарқын алып келеді­. Барлық қойылымдардың авторы­ өзіммін. Бүгінгі қоғамда болып жатқан әлеуметтік мәселелер мен халықтың қыжылын қозғаймыз. Түркістан облысының Мақтарал, Шәуілдір, Арыс сынды­ бірқатар аудандарында болып қайттық. Ауыл-аймақты күлкіге қарқ қылдық. Қазақ қалжыңды қатты жақсы көретін халық  ғой. Елдің ықыласы жаман емес. «Мистер Мұхтар» театры Қазақстанның  барлық өңірін аралайды. Жұрт бара бермейтін ауыл-аймаққа аялдайды. Жол түссе, Қызылордаға да барамыз.  Көш жүре түзеледі. «Мистер Мұхтарды» төрт аяғын тең басқан театр деп айта алмаймын. Әлі балапан. Алдағы уақытта­  қанатын қағып, көк жүзіне самғайды деге­н сенімдемін.

– Саяси сатира жазып жүрсіз. Қорықпайсыз  ба?

– Неден қорқам? Біздің жазып жүргеніміз нақты фактілерге құрылған­ памфлет немесе фельетон емес.

– Сатирик ретінде қоғамның дамуын­а қаншалықты қозғау салдым деп ойлайсыз? «Әттеген-айыңыз» не?

– Сатираның ащы келемежден тұратынын ескерсек, арасында ішкі толғанысыңды, мұң-шеріңді айта алсаң, одан келіп-кетер зиян жоқ деп білемін. Менің сатиралық шығармаларымның бәрінде дерлік халықтың мұңы мен шері астасып жатады. Өмірде «әттеген-айлар­» көп. Онсыз өмір өмір ме, бықсып­ жанған көмір ме?

– Сізді қазақстандықтар жақсы біледі. Республикалық басылымдар сатираңызды қолдан-қолға тигізбей басады. Бірақ өзіңіз тұратын өңірдің жергілікті  газет-журналдарынан сіз­дің дүниелеріңізді, сұхбатыңызды көре  бермейміз. Осы шымқалалықтар сізді  неге  тосырқайды?

– Оның рас. Павлодар, Жезқазған, Қызылорда облыстық газеттері сықақтарымды сұрап, басып жатады. Сұрамай-ақ жариялап жатқандары қаншама? Авторлық құқымды бұзбаса, мейлі. Қайта қуанамын. Күні кеше Ұлттық арна­дан  журналист Еркін Сиезұлы кел­ді. «Бүгінгі сатира неге әлсіз, неге дөрекі?» тақырыбында сыр-сұхбат өрбіттік. Ал, жергілікті газеттердегі әріптестерім «Өзіміздің Мұхаң ғой!» деп жүрсе керек, үндемейді. Олар үндемеген  соң, мен де үндемеймін.

– Саяси науқан жөнінде не айтасыз? Кімге дауыс бересіз?

– Алладан жасырмағанды адамнан жасырмаймын. Саяси науқанға келгенде тыс қалмаймын. Менің таңдауым – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Тоқае­вқа  дауыс  беремін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан   Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

 


САУАТСЫЗ ПЕНДЕНІҢ СИҚЫ Мысал PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
30.05.2019 11:25

Сол сауатсыз пенде,

Құмар болып шенге...

Өсектеп жүріп өзгені,

Өсіп кетті демде...

 

Бастықтың қабағын «бақты»,

Жағымпазданып жақты...

Беретінін беріп,

Өзгені сыртынан «сатты...».

Өсекшіл, озбыр, өсудің,

Осылай амалын тапты.

 

Бүгінде өзі болғандай,

Төрт жағы түгел толғандай.

Кеудесін керіп көсемсіп,

Сөйлейді сол сормаңдай...

Айқынқазы  АҚИҚАТТЕГІ

 


 

Алыс-беріс, барыс-келіс

 

Барыс-келіс,

Әдет-ғұрып десек те,

Алыс-беріс,

Енген қазір «есепке...».

 

Сана  мен  шама

 

Саяздау болса санасы,

Шешімге келмес шамасы.

 

Үлкендік

 

Жасы ұлғайған үлкендік –

Жауапты және үлкен жүк...

 

Кісілік

 

Қуыс кеуде кісілік –

Көгермес кетсе ІСІНІП.

 

Кішілік

 

Сыйламайтын үлкенді,

Сабауға да «икемді...».

Жүгенсіз кеткен кішілік –

Жұқартады жүйкеңді...

 

Қазыбек  ӘШІРБЕКҰЛЫ

 


ҚАЗАЛЫДА КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ Ү.ТҮКТІБАЕВ АТЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
30.05.2019 11:21

Қазалы ауданында Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаевқа арналған грек-рим күресінен 2004-2005 жылдары туылған жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті. Турнирге Алматы, Қызылорда, Ақтөбе қалалары мен Шалқар, Арал, Қазалы аудандарынан 150 жас балуан қатысты.

Республикалық турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Мұрат Ергешбаев: «Тәуелсіздік жолында құрбан болған бабалар есімін жаңғыртып, олардың өнегелі өмірлерін бүгінгі буын санасына сіңіру елімізде тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Соның бірі Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир бүгін ауданымызда өткелі отыр. «Өткенін білмей, болашақ болмас» дейді халқымыз. Бүгінгідей ел үшін елеулі күні біз тәуелсіздік жолында күрескен ата-бабаларымыз бен боздақтарымызды құрметтеп, рухына бас иеміз», - дейді өз құттықтауында. Бабалар есімін жаңғыртып, олардың өнегелі өмірін бүгінгі буын санасына сіңіруде мұндай жарыстардың маңыздылығын атап өткен аудан басшысы жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Әйтеке би кентіндегі №17 Қазалы аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде өткен байрақты бәсекеде балуандар 14 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасты. Турнир үздіктері мен жеңімпаздары арнайы дипломмен марапатталып, ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтарға ие болды.

23 кг

1-орын: Жалғасбай Айдос (Әйтеке би кенті)

2-орын: Молдахан Алпамыс (Әйтеке би кенті)

3-орын: Ализақ Нұрболат (Әйтеке би кенті)

3-орын: Жалғасбай Нұрхан (Әйтеке би кенті)

26 кг

1-орын: Орынбай Асылхан (Әйтеке би кенті)

2-орын: Айнадин Даулет (Ақтөбе қаласы)

3-орын: Үржанов Еркебұлан (Әйтеке би кенті)

3-орын: Бекназар Ғазиз (Шалқар ауданы)

29 кг

1-орын: Жаңаберген Бақыт (Әйтеке би кенті)

2-орын: Халық Сұлтан (Әйтеке би кенті)

3-орын: Толыбай Әли (Алматы қаласы)

3-орын: Сейтмұрат Бекзат (Әйтеке би кенті)

32 кг

1-орын: Кенжебай Ғани (Әйтеке би кенті)

2-орын: Орынбай Шыңғысхан (Әйтеке би кенті)

3-орын: Аманжол Арман (Әйтеке би кенті)

3-орын: Асылбек Дінислам (Әйтеке би кенті)

35 кг

1-орын: Сұлтан Бейбарыс (Әйтеке би кенті)

2-орын: Әбдіреймов Әлихан (Әйтеке би кенті)

3-орын: Сырлыбай Нұргелді (Ақтөбе қаласы)

3-орын: Нағашыбай Біржан (Әйтеке би кенті)

38 кг

1-орын: Күзембай Ерасыл (Әйтеке би кенті)

2-орын: Жалғасбай Жандос (Алматы қаласы)

3-орын: Жаңабай Нариман (Әйтеке би кенті)

3-орын: Өмірзақ Айтжан (Әйтеке би кенті)

41 кг

1-орын: Досқали Ислам (Әйтеке би кенті)

2-орын: Темірғали Данияр (Әйтеке би кенті)

3-орын: Тасмағанбет Ақтілек (Әйтеке би кенті)

3-орын: Серік Ернар (Алматы қаласы)

44 кг

1-орын: Алматұлы Әділет (Қызылорда қаласы)

2-орын: Қуанышбек Сейілбек (Әйтеке би кенті)

3-орын: Раманқұл Бауыржан (Әйтеке би кенті)

3-орын: Құрманбаев Жанибек (Арал ауданы)

48 кг

1-орын: Сидоренко Руслан (Әйтеке би кенті)

2-орын: Зиядин Бексұлтан (Алматы қаласы)

3-орын: Абдулла Ермұхаммед (Әйтеке би кенті)

3-орын: Болатбай Бағдаулет (Әйтеке би кенті)

52 кг

1-орын: Асанбеков Нұрдаулет (Қызылорда қаласы)

2-орын: Айдос Саят (Әйтеке би кенті)

3-орын: Мейірімжан Мейірман (Әйтеке би кенті)

3-орын: Әскербай Данияр (Әйтеке би кенті)

57 кг

1-орын: Садуакас Ахмет (Әйтеке би кенті)

2-орын: Ермекқали Ердос (Әйтеке би кенті)

3-орын: Жауынбай Әли (Әйтеке би кенті)

3-орын: Оразғали Нұрдаулет (Әйтеке би кенті)

62 кг

1-орын: Қодамұрат Дінахмет (Әйтеке би кенті)

2-орын: Мырзағазиев Данияр (Арал ауданы)

3-орын: Әскербеков Асылзат (Қызылорда қаласы)

3-орын: Мұратбеков Қасымжомарт (Арал ауданы)

68 кг

1-орын: Ермекқали Олжас (Әйтеке би кенті)

2-орын: Темир Рамазан (Әйтеке би кенті)

3-орын: Даржан Бексултан (Әйтеке би кенті)

3-орын: Донес Нурдаулет (Әйтеке би кенті)

+68 кг

1-орын: Жалғасбай Айдос (Әйтеке би кенті)

2-орын: Китапбай Нұржан (Алматы қаласы)

3-орын: Қожамұрат Нұрсұлтан (Әйтеке би кенті)

3-орын: Аманбай Нурдаулет (Әйтеке би кенті)

 


БАЛАЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС МАУСЫМЫ АШЫЛУЫНЫҢ I ОБЛЫСТЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
30.05.2019 11:15

«Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында балалардың жазғы демалыс маусымы ашылуының I облыстық фестивалі өтті.

«Бақытты балалық шақ» атты фестивальдің ашылуына ҚР білім министрлігінің республикалық оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі Бақыт Әлібаева және облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова қатысып, балалардың лагерьде көтеріңкі көңіл күймен демалуларына өз тілектестіктерін білдірді. Одан соң аудан әкімінің орынбасары Мерей Мейірбеков сөз алып, оқушыларды жазғы демалыс маусымының ашылуымен құттықтап,  сәттілік тіледі.

Шараға қатысушылар оқушылардың қолөнер бұйымдарының және робототехника көрмесін тамашалады.

Фестиваль мерекелік концертке ұласып, бүлдіршіндер шарларға ақ тілектерін жазып, көкке ұшырды.

Биылғы жылы «Қамбаш» тынығу лагерінде 1100 оқушының жазғы демалысын ұйымдастыру жоспарланған. Қазіргі таңда бірінші ауысымда 130 бала қабылданып, тынығуда. Сондай-ақ, лагерьде футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, робототехника үйірмелері және «Темірші» дебат клубы мен «Жас қыран» әскери-патриоттық клубтары жұмыс істейді.

 

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


АУДАН ӘКІМІ «АДАЛ ҰРПАҚ» ЕРІКТІЛЕР КЛУБЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
30.05.2019 11:08

«Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубының лагерьде тынығушы белсенді мүшелері арасында «Біз жемқорлыққа қарсымыз!» атты кезекті іс-шарасы өткізілді.

Оқушылар арасында дебат түрінде өткізілген шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысты.

- Балаларды парасатты, отансүйгіш, саналы азамат етіп тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз. Сіздер сыпайы, кішіпейіл, рухани қазынаға бай, қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сыйлайтын еліміздің нағыз азаматтары болуға тиіссіздер. Осы орайда, бүгінгі іс-шараның жас ұрпақтың бойына берер үлгісі мен өнегесі мол деп ойлаймын. Сіздерді бүгінгі өтіп жатқан салтанатты шарасымен тағы да құттықтай отырып, лагерьде жақсы тынығып, көңілді демалыс өткізулеріңізге тілектеспін, - деп лебізін білдірді.

Жиынға қатысқан «Адал ұрпақ» клубының мүшелері аудан әкімімен еркін түрде пікір алмасып, сауалдарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.

Рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбиелеу контексінде мектеп ортасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ауданның 44 орта мектебінде «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары құрылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Қазіргі таңда ауданда 2400 клуб мүшесі бар.

«Адал ұрпақ» еріктілер клубтары оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеуде, олардың бойында жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруда маңызды рөл атқаруда.

 

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


«ӨЛКЕНІҢ ГҮЛ ЖАЙНАҒАН БАЛҒЫНДАРЫ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
30.05.2019 11:06

Кеше осы тақырыппен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Нұрлы болашақ» республикалық акциясының шеңберінде мерекелік кеш ұйымдастырылды.

Ғажайып ертегі кейіпкерлерімен, жарқын әсем безендірілген кітапхананың аванзалында «Alif» атындағы көпсалалы оқу орталығының, №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектептың және «Балауса» балабақшасының дарынды, сүймкімді, кішкентай жұлдыздары өз өнерлерімен барлығын тәнті етті. Бұл мерекеде баланың жайдарлы күлкісі, қызықты билер, қөңілді әндер мен театрлық қойылымдар ешкімді бейжай қалдырмады. Мереке тартымды да қызықты өтіп, балаларға көңіл күй сыйлады.

Мерекелік шараны қала мектептерінің жазғы лагерлерінде тынығушы балалар, кітапхананың белсенді оқырмандары, ата-аналар, ұстаздар тамашалады.

Шара соңында қатысушылар «Бақытты  балалар - бейбіт  елдің тірегі» атты кітап көрмесімен  танысты.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми

кітапханасының баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА «ПАРАСАТТЫ ПОЭЗИЯ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
30.05.2019 11:00

Фестивальге Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Татарстан Республикасы (РФ) және Қазақстанның 11 өңірінен қатысушылар жиналды. Сонымен қатар, шараға Фариза Оңғарсынова мен Жарасқан Әбдрашевтің туыстары қатысты.

Қызылорда облысында 27-29 мамыр аралығында ақын, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына және ақын, әдеби сыншы, аудармашы Жарасқан Әбдрашевтің шығармашылығына арналған «Парасатты поэзия» атты екінші халықаралық фестиваль өтті.

Фестивальге Түркия және Әзірбайжан Жазушылар Одағының мүшесі Мехмед Нури Пармаксыз, Әзірбайжан Жазушылар одағының мүшесі, баспасөз хатшысы Хаял Рза, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Ғалым Жайлыбай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Байбота Қошым-Ноғай, Қалқаман Сарин және т.б. қатысты.Сондай-ақ, шараның құрметті қонақтары Фариза Оңғарсынованың сіңлісі Алмагүл мен ұлы Алмас Оңғарсыновтар, Жарасқан Әбдірашевтің ұлы Рүстем Әбдірашев пен немересі Әбілхайыр Әбдірашев арнайы келді.

Фестиваль аясында шараға қатысушылар облыстың барлық 7 ауданында болып, кездесулер мен поэзия кештері ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Қызылорда қаласының көрікті жерлерін аралап көрді.

Кеше Н. Бекежанов атындағы театрда өткен шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр өңірі талайды таңдай қақтырған,  Сыр сүлейлері деген атауды ұлттық мәдениет төрінде берік орнықтырған жыршы-жыраулардың, дарабоз ақындар мен шайырлардың мекені екенін атап өтті.

«Ұлы даладағы халықтық дәстүрде шығармашылық адамына деген риясыз ықылас ежелден қалыптасқан. Оларға деген алғаусыз көңілі мен құрметінің шеті де, шегі де жоқ екені баршаға аян. Бір ғана мысал айтайын. Қазір аймағымызда Нартай, Әбділда, Манап, Асқар, Қалтай, Тұрмағамбет, Қарасақал Ерімбет есімдерімен аталатын елдімекендер, білім ордалары бар. Бұл өнерге деген елдің шексіз ықыласының бір көрінісі емес пе? Жалпы, ойлы сөз саптай білу, сөз қадірін түсіну, құдіретін сезіну, кестелі сөзбен өрнектеу - біздің халыққа берілген үлкен сый», - деді аймақ басшысы.

Поэзия кешінде республикаға белгілі ақындар Қалқаман Сарин, Ақберен Елгезек, Ғалым Жайлыбай, сондай-ақ сырбойылық сөз шеберлері Елубай Әуезов, Ғазиза Әбілда, Назгүл Бердіқожа, Биболат Сәтжан, Ақжол Түменбай, Асылзат Арыстанбек өнер көрсетті.

Шарада өткен жылғы "Ұлы дала үні" фестивалі қатысушыларының шығармалар жинағы мен Жарасқан Әбдірашұлының «Дала, сенің ұлыңмын» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Айта кетейік, кеше аймақ басшысы Қ.Көшербаев "Парасатты поэзия" фестивалінің қатысушыларымен кездесіп, өнер саласын қолдаубойынша өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы әңгімелесіп, ойларын ортаға салған болатын.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


Қызылорда облысында жемқорлыққа қарсы Жастар қозғалысы құрылды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
30.05.2019 10:45

Қызылорда облысында қоғамның дертіне айналған сыбайлас жемқорлықпен арнайы құрылған Жастар қозғалысы күреске шықты.

Бұл туралы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша І облыстық жастар слеті» барысында айтылды.

Аймақта алғаш рет ұйымдастырылып отырған слеттің өтуіне ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйытқы болды.

«Слеттің басты мақсаты – қоғамда адалдық, шыншылдық, игілік сынды құндылықтарды қалыптастыруға, қоғамдық сананы тәрбиелеуге жастарды кеңінен тарту. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары адамзаттың осындай ізгі құндылықтарын дәріптеуге, насихаттауға бағытталуы тиіс. Біз, бұл бағыттағы жұмыстарға жастардың әлеуетін пайдалануымыз керек», - деді департамент басшысы Абзал Мұхимов.

Облыстың барлық аудандары мен шалғай ауылдарынан да делегаттар қатысқан слеттің салтанатты жиынында Агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаменті жанынан «Жемқорлықты жоямыз» ұранымен «Жастар қозғалысы» жастар қанаты құрылды.

«Жастар қозғалысы» жастар қанатының мақсаты - тұрмыстық жемқорлықты жоюға атсалысу, кез келген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне төзбеушілік қағидатын қалыптастыру. Алғашқы кезекте, белсенді жастар қатарынан спикерлер тобын құрып, ЖОО мен колледж студенттері арасында түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз және жемқорлықты бірлесіп жеңу үшін замандастарымызды қатарымызға тартамыз», - дейді «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілес.

Слет қорытындысымен сырбойылық жастар «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобасына қолдау білдіре отырып ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа ашықхат жолдады.

Алдағы уақытта қызылордалық жастар елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына барып, Агенттік төрағасымен кездесіп, аймақ жастарының ұсыныс-пікірлерін жеткізуді жоспарлап отыр.

Слет аясында мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар көрмесі өткізіліп, кәсіби бағдарлану бойынша мамандар кеңестер берді. Сондай-ақ, жастар мен жастар қоғамдық бірлестіктеріне мемлекеттік сатып алу бойынша тегін семинар ұйымдастырылды.

Б.Әбдіқадыров

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Мамыр 2019 >
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 30 31    

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары