Өзекті мәселелер

  • 22.08.19

    Елімізде дәрінің көмегімен өмір сүретін азаматтар аз емес. Олардың дәрілік препаратсыз қауқары жоқ. Антибиотикке тәуелді науқасқа кім қарайды? Ақысыз берілетін дәрі-дәрмектерді кімдер, қайдан және қалай ала алады?

    ...
    Толығырақ...
  • 22.08.19

    Халық «Елін сүйген ер болар» дейді. «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі» дейді тағы  да.

    Иә, ел намысы үшін ерлік­ке бара алар азаматтарды кебен­ек ішінде танып-білу аса маңызды.

    Кебенек – сыртқы киім. Оны көбіне-көп жорықта, аңшылықта киеді. Демек, бұл киімді кез келген адам кие алады. Олай болса, «Ерді кебене­к ішінде  таны» деген – ер жігітті киіміне қарап емес, жан дүниес...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    ТЫНДЫРЫМДЫ   ІС – НӘТИЖЕЛІ   КӨРСЕТКІШ

    Қаланың экономикалық тұрғыда дамып­, қалыптасуында стратегиялық міндет жүйелі түрде өз-өзін айқындап отырады. Шаһардың болашағына байлан­ысты әр жоспар, әр бағыт өзіндік құнымен маңызды. Осындай іргелі істерді атқару барысында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың іскерлік һәм басшылық міндеті ж...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    Өткен бейсенбіде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының қолдауымен, өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері Шиелі ауданына баспасөз турына барды. Жолай біз бағыт алған өңірдегі баратын нысандардың тізімі қолымызға тиді. Риза болғанымыз, бір-біріне ұқсамайтын бес қызмет түрін жандандырып отырған шағын кәсіп иелерімен таныстық. Оның ішінде ауқымды жерді алм...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    192   ШАҚЫРЫМ  ЖОЛ  ЖӨНДЕЛЕДІ

    Елдегі көлік саласы маңызды рөлге ие. Оған сауда-экономикалық бағыттағы тауарлардың көліктің қай түрімен болсын тасымалдануы дәлел. Одан өзге аймақтар үшін республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жол­дардың  өзектілігі  жоғары.  Өткен  жылы осындай жолдар мен көшелерді дамыту­ға республикалық бюджеттен 1...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 05 Маусым 2019

ТАУ ТӨСКЕЙІНДЕГІ ТОЙ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
06.06.2019 11:34

Таң атар-атпастан көзді тырнап ашып, тауды бетке алдық. Жол бастаушы – аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің ұжымы. Қара жолда жүйткіген «қара айғырымыз» тау төскейінің ойпаңы мен қыраңына бой бермей келеді. Бас редактор һәм «бас шопыр» Нұрлат Байгенже жол қуып, қалғандарымыз сөз қуып, кен орындарының «кереметіне» көз тігіп келеміз. Аспанмен тірескен тау шыңы кенттен шыққанда көзіміздің алдында, мұрнымыздың астында ғана тұрған секілді еді. Манаураған Қаратауға жетіп болмадық. Көш-керуен секілді бір-біріне жалғасқан тау сілемдері маған бейне бір татулықтың үлгісіндей көрінді. Баурайындағы жасыл желек адамдарды өзіне сүйсіндіріп қаратудан таңған емес. Байқаймыз, малшылар слеті өтетін жақты маңайлағандардың жүрісі қауырт, қарасы қалың.

Құдайдың құдіретіне былтыр да куә болғанбыз! Табиғаттың жаратылысын, таңғажайыбын айтамын. Әлгінде мен жазған бір-біріне жалғасқан тау сілемдері «Үсен бауына» кірер жолда сап тыйылып, белгілі бір қашықтықтан соң қайта басталады. Кәдуілгі дарбаза дерсің. Қаратаудың қатпар-қатпар тастары жаңа ғана пышақ жанығандай жалт-жұлт етеді. Орта жолда тұп-тұнық бір бұлақты лайлап кешіп өткеніміз есімде. Сай-саламен құлдилай аққан су «Үсен бауында» үлкен маңызға ие екен. Тіршілікке жан бергені күретамыр іспеттес екендігін айғақтайды. Осылайша, Жаңақорған ауданындағы дәстүрлі  V малшылар слетіне кезекті рет келіп қалдық.

Былтыр облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы осы жылы малшылар слетін республикалық деңгейде өткізуге ұсыныс білдірген еді. Сондықтан болар, малшылар мерейіне Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды және Павлодар облыстарының аграрлары қатысты. Сондай-ақ, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеевпен қатар, қаржы институттары басшылары, мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарының жетекші ғалымдары төбе көрсетті.


МАЛ  ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ  МӘСЕЛЕСІ  ҚАНДАЙ?

Слет бағдарламасы бойынша алғашқы күні малшылар тойына келген қонақтар Машбек Нәлібаев ауылына жол жүріп, ондағы «Бақытжан» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Әулиеата, ақбас және ангус тұқымды ірі қара мал өсіретін репродукт­ивті шаруашылық алаңында мал шаруашылығы саласын дамытудың өзек­ті мәселелері бойынша бейресми кездесулер ұйымдастырылып, қатысушылар өзара тәжірибе ал­масты.

Ал, түс қайта кент­тегі Мәдениет са­ра­йында «Мал шаруа­шылығын дамытудың өзекті мәселелері» туралы семин­ар ұйымдастырылды. «Ауруын жасырған өледі» дегенді­ ұстанған малшылар қауымы жиында селекциялық мал шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілет­тілігін арттыру мәселелерін талқылады.­

Семинарды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов ашып, жүргізіп отырды. Ал­ғашқы сөз кезегін «Мал шаруа­шылығын мемлекеттік қор­ғаудың қазіргі өзгерістері» атты тақырыбында баяндама жа­саған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу департаменті дирек­то­рының  орынбасары Қ.Мутаев алды. Десе де, министрліктен келген қонақтың баяндамасы залда отырғандарға ұнай қоймад­ы.

Одан соң облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Жаханов «Мал шаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыстар мен міндеттер» туралы баяндама оқыса, Жаңа­қорған ауданының әкімі Ға­лым Әміреев семинардың бағдарламасында болмаса да, ауылға елдің түкпір-түк­пі­рінен қонақтар келіп жатқан соң өз ойын айтуды жөн санапты.

«Ауданда облыстағы төрт түлік малдың барлығы өсірі­леді. Тіпті, кейбірінен 40 па­йызға дейін үлес салмағымыз бар. Мысалы, уақ малдан. Ауыл шаруашылығы саласында «Мал шаруашылығымен бизнес ретінд­е айналысуға бола ма?» деген сұраққа жауап айтып көрейін» деген аудан әкімі семина­р жұмысына білек сыбана­  кірісті.

- Біздің аудан республикада жаппай кәсіпкерлікті дамы­туда 1-орында тұр. Рейтингте 2-орынға қойған, шын мәнісінде біз 1-орындамыз. Оның ішінде қаржы алудан, азаматтарды кәсіпкерлікке тартудан алдамыз, - деген Ғ.Әміреев ауданда мал шаруашылығында атқа­ры­лып  жатқан жұмыстарға, кей­бір мәселелерге тоқталып өтті.

Төртінші болып мінбеге көтерілген «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің бас директоры, академик А.Саданов «Ауыл шаруашылығы саласына арналған отандық биологиялық препараттар» тақырыбында баяндама жасады. Академик жиналған қауымға фитобацирин, ризовит-АКС, фосфобацирин С, казбиосил, полилактовит, бентовак, лакто-АС сынды пре­параттармен таныстырды. Мұның барлығы мал шаруашылығы жұмыстарын жеңілдетуге, дамытуға арналған заттар көрінеді. Өз сөзінде А.Саданов отандық препараттардың нәтижелігіне кепіл болатынын айтты.

«Мал шаруашылығының қазіргі жағдайы мен болашағы» тақырыбында Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің мал шаруашылығы өнімдерін өн­діру технологиясы кафедра­сының меңгерушісі, академик, профессор, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері А.Омбаев біраз  мәселе көтерді.

- Есептеп қарасақ, біздің азығымыз мал басына шаққанда жетпейді. Мал азығы 58 пайыз­ға ғана қамтамасыз етеді. Мал азығын дұрыс пайдалану оның өсімділігін көбейтеді, - деді ол. Сондай-ақ, профессор «Қа­зақтың тұңғыш айналысқан ғылымы – мал шаруашылығы» деген пікірді де айтты.

Семинардың күн тәртібі бойынша «Қолдан ұрықтан­дыру арқылы  шаруашылықтағы малдардың тұқымдық қасиетін жақсарту және өнім­ділігін артты­ру» тақырбында Б.Ма­хато­в (Республикалық мал шаруаш­ылыған асылдандыру орталығы «Асыл түлік» АҚ-ның басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылым­дарының докторы, профессор), «Қара­көл қой шаруашылығының қазіргі жағдайы» тақыры­бында Х.Үкібаев (Халы­қаралық қаракөл қойын өсірушілер ассоц­иациясының презид­енті, академик), «МІҚ малының «Әулие­көл тұқымын өсіру­дің маңыздылығы және республика бойынша таралуы» тақырыбында Н.Бисекеновтер (Әулиекөл тұқымы бо­йын­ша республикалық палата директоры) баяндама жасап, тақырыптарының маңыздылығын айтып, мәселенің шешімін ұсынды.

 

ЕҢБЕКТІҢ   ЕСЕЛЕНІП, ЕЛЕНГЕН  УАҚЫТЫ

Слет аясында жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ауыл шаруашылығы өнімдері, ветеринарлық техника және жабдық­тарының көрмесі ұйымдас­тырылды.

Слеттің салтанатты ашы­луында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев соңғы жылдары мемлекеттік қолдаудың арқасында мал шаруашылығында тұрақты даму тенденциясы қалыптасып, агроөнеркәсіптік кешеніне бағытталған инвестициялар еселеп өсіп жатқанын  атап  өтті. Мәселен, соңғы 5 жылда аграрлық салаға салынғ­ан инвестиция көлемі 27 есеге ұлғайып, экспортта­латын өнім түрлері 3-тен 16-ға дейін  артқан.

- Мал шаруашылығына тұ­рақты қолдаудың арқасында облыс­та мал басы өткен ғасырдағы ең көп болған (1993 жыл) саннан асты. Соңғы 5 жылда ет өндірісі 2,8 есеге, ал сүт өндірісі 1,7 есеге артты. Елбасы «Аграрлы­қ сектор – экономиканың жаңа драйверіне айналуы» қажеттігін ерекше атап көр­сетіп, аграрлықтардың алдына еңбек өнімділігін және қайта өңделген өнімдердің экспортын 2,5 есеге арттыру туралы мақсат­ қойғанын жақсы біле­сіздер. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында біз облыстың­ ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу рыноктарына кешендік маркетингтік зерттеулер жүргізіп, нәтижесінде, облыстың агроөнеркәсіп кешенін 2022 жылға дейін дамуының «Агрока­ртасы» әзірленіп, іске асырылуда. «Агрокарта» аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемін 2021 жыл­ға қарай 5 есеге дейін ұлғайту жолдарын айқындадық, - деді аймақ басшысы.

Агрокарта аясында мал шаруа­шылығы саласында бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасымен шетелден асыл тұқымды ірі қара малы жеткізіліп, облыста 8 репродуктивтік шаруашылық ұйымдастырылды.

Сонымен бірге, аймақ халқын сапалы экологиялық таза табиғи өнімдермен қамтамасыз ету үшін облыста 1200 басқа­ арналған сүт өндіру кешенінің, мың басқа арналған 2 бордақылау алаңдарының құрылысы жүргізілуде. Ет, сүт шаруа­шылығын дамытумен қатар, облыста 5 құс шаруашылығы ұйымдастырылып, жұмыртқа өндірісі 1,6 есеге артты.

- Барлық салалық ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен осындай­ ауқымды шараға қатысқаныма қуаныштымын. Мем­лекетт­ік «Сыбаға» бағдарламасын кезінде алғашқылардың бірі боп Қызылорда облысының қолдап, жүзеге асырғанын және жақсы нәтиже көрсеткенін ерекше атап өткім келеді, - деді ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

Осылайша, облыста ет экспортын қамтамасыз етудің негізі қаланды деп айтуға болады. Өңірде жылына 25 мың бас мүйізді ірі қара малын бордақылайтын ірі және орта мал бордақылау алаңдары жұмыс істейді. Облыстың аусыл ауруынан буферлік аймақтан шығуының арқасында Иран, Біріккен Араб Әмірлігі, Монғолия, Ресей және Өзбекстан­ға тірілей қозы, ірі қара малын етке экспорттау басталды. Ет өнімдерінің экпортын ұлғайту үшін биыл жылына 5 мың тонна ет өнімдерін өндіретін халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ет комбинаты іске қосылатын болады. Келешек­те ет-сүйек ұнын өндіретін, балық жемін шығаратын­ және жүн, тері өңдейтін өндірістерді дамыту жоспарлануда.

- Биыл облыста 5-ші рет малшылар слеті өткізіліп отыр. Алты облыстан делегаттар келді. Малшылар слеті – тәжірибе алмасатын, өзекті мәселелерді талқылайтын, малшы қауымның еңбегі еленетін шара. Жыл сайын облыста мал саны да өсіп келеді, жем-шөп бағытында егістік көлемін де ұлғайтып жатырмыз. Әрине, мәселе де жоқ емес. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығында дамудың­ бар екенін байқап отырмыз, - деді облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов.

Дәстүр бойынша слет аясында аграрлық саланың ең үздік қызметкерлерін 11 номинация бойынша марапаттау рәсімі өтті. Оның ішінде асыл тұқымды мал өсіретін үздік репродуктор шаруашылық; ет бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативі; үздік сүт бағытындағы ауыл шаруашылығы коопера­тиві; үздік мал өнімдерін өңдеу кәсіпорны; үздік құс шаруашылығы; үздік бақташы; үздік шопан; үздік жылқыш­ы; үздік түйекеш; үздік ветеринар; мал шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан үздік БАҚ өкілі секілді номинациялар бар.

- Мен – жылқышымын. Қарамағымда 200 жылқы бар. Оның 80-90 пайызын аман алып қалдық. Бүгін еңбегім еленіп, марапат биігінен көрініп жатқаныма қуаныштымын. Елбасы, облыс­ әкімі және сіздер бағалап жатырсыздар. Шынын айтай­ын, қуаныштымын! - деді «үздік жылқышы» номинациясының иегері жалағаштық Нұрлан Жұбанов.

«Ең үздік БАҚ өкілі» номинациясы әріптестеріміз «Qyzylorda» телеарнасының редакторы Тәжімұрат Әлжанов пен Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Балтабай Ордабековтерге бұйырды. Іс-шара концерт­тік бағдарлама мен ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстармен жалғасын тапты.

Осылайша, Қаратау төскейіндегі малшылардың бесінші тойы да өз мәресіне жетті. «Мал-жаның аман ба?» деп амандаса­тын дана халықтың ұрпақтары атакәсібіне жан бітіріп, еңбектің еселенгенін елейтіндей деңгейге жеткені бізді  шын  қуантады.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Бағдат  Есжанов (сурет)

 


ҚОҚЫС ҚАШАН АЛТЫНҒА АЙНАЛАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
06.06.2019 11:20

Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ,

Табиғаттың оны айтуға тілі жоқ...

Қызылорда жыл сайын қарқынды дамығаны­мен, экологиялық  мәселелері  де аз емес. Әсіресе, қолқаны қабатын жа­ғымсыз иіс, тозығы жеткен кәріз жүйесі елді діңкелетіп тұр. Іске қосылмаған биологи­ялық тазарту станцияларының тағдыры да беймәлім. Қазір санитарлық тазалы­қ сын көтермейді. Төңіректегі септиктен шыққан лас су арнайы алаңға төгілмейді. Кез келген жерде ағып жатыр. Тозығы  жеткен  канализация жүйесі де жиі мазалайды. Жағымсыз иіс қала мен елді мекендерге  тарап, адамдарға қауіп төндіруде. Ал тұрмыстық қатты қалдықтар  мәселесі  тіпті  алаңдатарлық  жағдай­ға  жетті.

Қаладағы «Саяхат» мөлтек ауданынан бір жарым метрге жетпей ыза су шығады­. Үлкендердің айтуынша, бұрын мұнда көл табаны болған. Соның салдары болса керек, ыза су сыртқа теуіп­, иістеніп кеткен. Оған күндіз-түні ызыңдаған маса мен шыбын-шіркейді қосыңыз. Ойын баласына қиын-ақ. Кішкентайлар сыртқа қадым шыға алмайд­ы. Ал тұрғындар терезелерін ашып, ауа жұта алмайды. Аулаларға егіл­ген жеміс ағаштары ыза судан қурап жатыр. Өндіріс аймағынан келетін зауыт­ түтіні мен қоқыс полигонынан келетін қоқыс иісі тағы бар.

– Мұнда 6 жылдан бері тұрамын. Ыза су болғасын, үйіміздегі септик тез толады. Айына 3-4 мәрте тазалатамыз. Қызметі де қымбат. Тазалатпасаң тағы болмайды. Иісі айналамызға тарайды. Бұл мәселенің көтеріліп келе жатқанына біраз болды. Алайда мұңымызды тыңдап, құлақ асып жатқан кім бар?! Лас ауамен, мүңкіген иіспен тыныстап, өмір сүріп жатырмыз. Көршілеріміз бен балалар бронхымен ауырады, - дейді «Саяхат» мөлтек ауданының тұрғыны Майра Досова.

Қалай десек те бүгінде біз қоқысты іріктеуді игере алмай отырмыз. Мұның бірінші себебі тұрмыстық қалдықтарды өндейтін технологияның жолға қойылмауы, күнделікті шығатын күл-қоқыстардың үлкен көлемі болса, адамдардың тұрмыстық қатты қалдықтардан болатын залалдың, экологияға әкелетін қауіпті толық сезінбеуінде жатыр.

«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтуға тілі жоқ» деген. Тілі жоқ табиғатты аялауды білмесек, болашағымыз қалай болар екен?..

 

ЗАМАНАУИ  ҚОҚЫС  ПОЛИГОНЫ  ҚАШАН   АШЫЛАДЫ?

Қызылордада қалдықтарды өңдеумен айналысатын «Ибрайхан ЛТД» ЖШС директоры Ибрайхан Мұсабаев болса, Экологиялық Кодекстің тұр­мыстық­ және өндірістік қалдықтарға байланы­сты тұсы орындалмайтынын айтады.­ Ол облыс әкімі тапсырған сұрыптау қондырғыларын орнатуға қатысты атқарылған жұмысты көр­меген­. Қауіпті заттар тұрмыстық қалдықпен араласып жатыр. Жылына төгілетін 147 мың тонна қалдықтың тек 6 мыңнан астам тоннасы сұрыпталады. Қалғаны онсыз да экологиясы нашар облыста қоршаған ортаны ластап отыр.

– Қоқыс полигоны қалыпты шегінен асты. Біз сұрыптауды, қайта өңдеуді амалсыздан жүргізіп жатырмыз. Жанған қалдықтар күл астында тұтанып жата береді. Жел болғанда өртеніп, маңайға тарайды. Бұл – күнделікті жағдай. Бұл – тек Қызыл­ордада емес, еліміз бойынша түйткілді мәселе.

Қоқыс алдымен үйде, мекеме­де сұрыпталуы керек. Біз қолымыздан келгенше жоқтан бар жасап отырмыз. Полигонды сұрыптап, Ресейге өңделген пластмасса қалдықтарын жібереміз. Олар одан синтепон шығарады.

Шындығын айтқанда, қоқыс полигонының толғанына 4-5 жыл болды. Ал «Полигонды» өздеріңе алыңдар» дегенім­е үш жыл болды. Біздің күшіміз жетпей­ді. Қоқыс шамадан тыс артып бара жатыр. Оны өртемеске амалымыз жоқ. Өйткені жұмысты тоқтата алмаймыз. Тасымалдаушылар қаланың қоқы­сын әр жерге апарып тастай алмайды. Тығырықтан шығу үшін билік жұмыс істеп, экологиялық  кодекс орындалуы қажет. Қоқысты алдын ала сұрыптайтын зауыт болмаса, қалғаны бос әңгіме. Ол жүйеленбей, мәселе шешілмейді. Бізде жаңа қоқыс полигоны салынып жатыр. Жоспар бойынша биыл 1 қаңтарда қолдан­ысқа енгізу қажет еді. Бірақ әлі берілмей, жұмысы тоқтап тұр, - дейді Ибрайхан  Мұсабаев.

 

ҚАЛДЫҚ   ҚАШАН  СҰРЫПТАЛАДЫ?

Экологиялық Кодекске сәйкес,  2016 жылдан бастап Қазақстанда құрамында сынап бар шамдар мен құрыл­ғыларды, түсті және қара металдардың сынықтарын, қалдық майларды, элек­трондық қалдықтарды полигондарда көмуге тыйым салынды. 2019 жылдың  1 қаңтарынан бастап пластмасса, полиэтилен мен қағаз қалдықтарын, картон мен шыныларды да көмуге болмайды. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бұл тізімге құрылыс және тамақ қалдықтары енеді. Барлық дамыған елдерде қалдықтарды сұрыптау жүйесі енгізілген. И.Мұсабаев­ қалдықтарды материалдық ресурс ретінде­ қабылдау керектігін айтады. Нарықтың жоқтығынан кәсіпкердің жеке компаниясы полимер қалдық­тарын Ресейге өткізуге мәжбүр. Оны айтасыз­, «Қызылорда тазалығы» кәсіп­орнының жұмысшылары болса, нұс­қауларға қарамастан, қала полигонына қоқыстарды сол күйі сұрыптамай алып келеді. Қызылорда қаласында адамдардың қоныстануына жайсыз учаскелер бар. Мәселен, «Саяхат» мөлтек ауданы Оңтүстік өнеркәсіптік аймағында орна­ласқ­ан. Осыдан бірнеше жыл бұрын қала аймағында 140-тай апатты күл-қоқыс орындары болған. Шенеуніктердің айтуынша, барлығы жойыл­ған. Аудандарда  өнер­кәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды жинайтын полигондар салуғ­а 145 жер учаскесі  бөлініп, кей­бір жерлерде іске қосылған. Бірақ ешқайс­ысы экологиялық талапқа сай емес. Қалдықтар сұрыпталмайды.

Облыстық экология департаменті­нің мәліметтеріне сүйенсек, биылғы жылдың 1 тоқсанында облыста 31109 мың  тонна тұрмыстық қатты қалдықтар­ жиналды. Оның 1201,3 тоннасы өңделген. Пайыздық үлесі 3,86-ны ғана құрайды. Міне, осыған қарап-ақ жергілікті міндетті мекеменің­ жайбасарлығын аңғаруға болады­. Бұл аймақта дәл осы қоқыс қалдықтар­ына қатысты жұмысты жүйелеп, тезірек қолға алмаса, жағдай қиын.

 

ҚАЛАУЫН  ТАПҚАНҒА  –  ҚОҚЫС   ТА  ПАЙДА

Дамыған елдердің көбінде бұл қалдықтар – әжептәуір табыс көзі. Бұл, тіпті, біреудің бизнесі. Қоқысты қайта өңдеуден түскен ақша қалта мен қоршаған ортаға бірдей пайда әкеледі. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өндеу­дің негізгі бағыттары – қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, бөтелкелер, полимерлер, пластик өнімдері, ағаш және темір заттары болып тармақталады. Тіпті, борситын тамақ қалдықтарынан биогаз өндіретін мемлекеттер де бар. Мәселен, өмір сүрудің өзіне жер таппай­ отырған жапондықтар қоқысты іріктеу, реттеу жұмыстарына аса үлкен жауапкершілікпен қарайды. Токио мен ірі қалаларда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп ірік­теледі. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті пакеттері болады. Егер қоқыстарды шатастырып, әлде аралас тасталса, сол үшін «шатасқан» тұрғын қомақты айыпп­ұл төлейді. Ал Түркияда қалай? Онда қоқыс тазалаушысы беделді әрі жалақысы жоғары мамандық иесі болып саналады. Қоқыс тазалаушы орта буынды­ банк менеджеріне қарағанда жақсы табыс табады. Тазалыққа жауапты қызметкерлер үшін әлеуметтік қолдау­ жолға қойылған: медициналық сақтандыру, жоғары зейнетақы, қолжетімді баспана алуға мүмкіндіктері зор. Осыған қарап бізде ғана осыған терең мән бермей отырғанымызды айтуға­ болады. Өйткені дәл осы қоқыстарды әу бастан сұрыптап тастау жүйесі бір жолға қойылмаған. Дәл сол жерден кеткен қателік біздің бүгінгі айтып отырған бүкіл қателігіміздің бастауы болып отыр. Ал оны кәдеге жаратып, табыс тауып, алтынға айналдырып отырған елдер өте көп.

Қалай десек те сасыған иісті кетірумен, бұл жағдайға жеткізген мәселені шешумен айналысатын сала мамандарының жұмысы мардымсыз. Түптеп келгенде, тұрмыстық қатты қалдықтардың экологиялық проблемаға айналуының себебі қала әкімдігінің салғырттығынан болып отыр. Бұл салаға арнайы бюджеттен қаржы бөлініп отырған жоқ па? Істің жай-жапсарын білмек боп, қала әкімдігіне қарасты жауапты мамандарға бірнеше рет хабарластық. Сауалымыз жауапсыз қалды. Басқаларының айтуынша, жауапты қызметкерлер жаппай жұмыспен сыртта жүрген көрінеді. Ал сырттағы иістің түрі мынау, қолқаны қабады...

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

 


 

Сіз не дейсіз?

 

Азамат  Жандар, эколог:

– Зиянды қалдықтарды азайтатын «сиқырлы дәрі» жоқ. Бұл – көп жылға созылатын жұмыс. Сондықтан оны заң деңгейінде шешу керек. Жағдай неліктен мұншалықты мүшкіл? Өйткені әдетте бөлінген зиянды қалдықтар нормадан асып кетеді. Арнайы бекітілген норма жоқ. Бұл арада кәсіпорынға салынатын айыппұлдан еш нәтиже шықпаса, талаптарды қайта қарап, ондай  кәсіпорындардың жұмысын уақытша  тоқтатып қоятын шара  қолдану керек.

 


ОРАМАЛ ҚАСИЕТІН БІЛЕМІЗ БЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
06.06.2019 11:05

Орамал тағу – салт-дәстүрдің бірі. Кешегі ата-әжелеріміз ақ жаулықты құрметтеді. Әдебін сақтады. Ұлттық болмысын ұмытпады. Орамалды қыз-келіншек отбасылы адам екенін аңғартады. Ана екенін, адал ниетпен аттаған шаңырағы бар екенін білдіреді. Осыдан оның қадір-қасиетін ұғуға болады­. Алайда орамал сәннен қалған емес. Ол – өміршең аксессуар. Кез келген киіммен  үйлесімді. Сәндеп тағудың түр-түрі бар қазір. Шалма қыласыз ба, тюрбан ретінде көресіз бе, еркіңіз. Қазақ әйелі қашанда орамалсыз жүрмейді. Игі дәстүрді отбасына қалыптастырған жандар да бар. Ене мен келін арасындағы әдемі үйлесім­дікке сүйсінесің. Тәубе дейсің.

 

ОРАМАЛДЫ   КЕЛІНШЕКТЕР

Айгүл Жаңбыршиева небәрі 19  жасында келін болып түсті. Шаңы­рақтың табалдырығын атта­ғанда алдынан орта бойлы, етжеңді әйел  шықты. «Қадамың  құтты  бол­сын  қарағым!»  деп басына ақ орамал  салды. Кейін білді, енесі екен. Сонан бері Айгүл орамалын тастамайды. Енесі де үлкендігін көрсетіп, жаулығын шешкен емес. Аққұба келіншектің өңіне орамалы жараса  қояды. Қолаң шашымен  үйлесе кететінін қайтерсің. «Маған жараспайды»,  «Басымда тұрмайды», «Сусып түсе береді», «Таққым келмейді» деген келіншектер оған қызығады. Қызғанады. Ал ол ора­малды насихаттаудан жалық­пайды. Мерекелерде өмірлік аксессуарды сыйлап, құрбыларының көңілін көтеріп қоятыны бар. Орамалды күнделікті тағып жүретін сондай жандардың бірі – қала тұрғыны Аяулым Тастанбек. Екі баланың анасы. Қазір орамал тағудың  хас  шебері.  Гардеробында  түрлі-түсті  ұлттық  брендтің  сан  түрі бар.

– Орамалды жақсы көремін. Сәндеп тағуды қыз-келіншектерден үйрендім. Қазір түрлендіріп қолдану хоббиіме  айналды. Бұрынғыдай емес, орамал тағу  дамып келеді. Әлеуметтік желілерде сәнді тағуды үйрететін парақшалар мен видео­лардың көбеюі қуантады. Ежелгі шығыс, араб стилімен ұштастырып,  заманауи үлгіде тағылатын түрлері көп. Қалауыңа қарай  үлгісін аласың. Біріншіден, жалаңбас жүргенше орамалмен жинақы көрінесіз. Екіншіден,  орамал – әрбір келіншек пен әйелдің ары мен сәні. Керек десеңіз, тартып жүруге міндетті киімі. Қазір кимешекке ұқсатып тағуды ізденіп жүрмін, - дейді Аяулым.

 

ДӘСТҮРЛІ   ҰЛТТЫҚ   БРЕНД

Орамалды  тақпайтын нәзік жан­ды  жоқ. Күнделікті өмірде тартпаса да, қонаққа, асқа барғанда іздейтіні анық. Құран оқылған жерде әйел адам жалаңбас отырмайды. Несін айтасыз, базар нарығында орамал­дың түр-түрі бар. Қалтаңның шама­сына қарай сатып аласың. Десе де, ұлттық бренд кәсіпке айналды. Әнші Роза Әлқожаның орамалын қала былай тұрсын, ауыл-аймақтағы қыз-келіншектер қолдан-қолға тигіз­бейді. «Мен сыйға тартқан орамал» дүкендер желісі еліміздегі облыс орталықтарында жұмыс істейді. Сөйтіп,  орамалды  ауыл  әйелдері  ғана тағады деген ұғым санадан  көмескілене   бастады. Себебі, қала­лық нәзік жандылар да өмірлік аксессуарға біртіндеп бет бұра бастады.  Әншімен  қатар,  қызыл­ордалық жас кәсіпкер Сая Нұрға­лиева да  орамал  бизнесін  дөңгеле­тіп  отыр.

– Алғашқыда  жұмыс  бастау  оңай болған  жоқ. Келушілерді әлеуметтік желілер  арқылы тарттым. Сөйтіп алушылардың қатарын жинадым. Алайда Қызылордада орамалға қызығушылық  аздау. Жайлап дамып келеді. Көбіне сұраныс Маңғыстау, Ақтау, Орал жақтан түседі. Батыс өңірінде қазақы ұлттық нақыш жақсы сақталған. Той көйлектерінен гөрі,  камзол,  көйлекті  орамалдармен үйлестіріп алады, - дейді Сая Нұрғалиева.

Сая жасаған отандық өнімнің қай-қайсысы  да  әдемі. Өзі тігеді. Өзі  гүл өрнегін салып, түрлі ою-өрнекпен  көмкереді. Сауда орта­лы­ғындағы  дүңгіршегінде орамалдың  100-ге жуық түрі бар. Бағалары да тұтынушылардың қалтасына қол­жетімді. 3500 теңгеден бастап, 10-11 мың теңге шамасында да әдемі бас  жаулық  табасыз. Сапалы мата­дан  жасалған  ақ жаулық ақ самайлы әжелер  мен жас келіндердің басында желбіреп жүр. Орамал жараспайтын әйел бола ма? Бәлсініп тақпайтыны анық.

Иә, орамал тағудың өзіндік ұстанымы бар. Ақ түсті орамал қуанышты, жақсылықты білдірсе, қара түс қасіретті байқатқан. Ең бастысы, орамал сыйлық, жол тарту ретінде маңызды рөл атқарады. «Орамал тонға жара­маса да, жолға жарайды»,   «Орамал  тон  бол­майды,  жол  бола­ды» - деген орамды сөз  содан қалып­тасқан.

 

ӨМІРШЕҢ   АКСЕССУАР

Қазір орамал тағудың түрлі әдісі көп. Беті толықша келген  қыздарға кез  келген  орамал  жарасады. Көбіне қыздар реңіне, түсіне қарай таңдайды. Беті сопақ қыздар шаштарын түйіп немесе шашының көлемін үлкейтіп тақса болады. Сосын кекіл түсіріп, тақса да  жарасады.

– Орамал тағу жоғалды дегенге келіспей­мін. Мұндай бұйым шаш үлгісін қажет етпейді. Салонға баратын уақытты үнем­дейсіз. Кез келген киімге үйлестіріп таққан орамал сіздің ажарыңызды ашады. Тіпті өзгеден өзгеше бола­сыз. Ал, орта жастан асып, немере сүйіп отырған апаларымыз бен самайын ақ шалған әжелеріміздің жалаңбас жүргенін көргенде ыңғай­сызда­намын. Әйелдер қауымы  ортаның  ықпалымен кеткендей. Шаш бұйралап, орамалсыз жүреді. Қазір шашты жайып жүру де сән, - дейді  қала тұрғыны, стилист  Ақбаян Болатқызы.

«Әйел орамал тақпаса арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың  назары  түседі», - деген сөз  бар. Шындығында  әйел адамның  жалаңбас жүруі көзге қораш көрі­неді.  Медицина  саласы да ора­малдың әйел адамға  пайдалы екенін  айтады. Мамандардың   мәлімдеуінше, нәзік  жандылар  жерден  қуат  алады. Содан болса керек, әйел­дің шашы магнит тәрізді. Ауа­дағы  шаң-тозаңды  жи­найды.

Ал ашық-ша­шық киім ағзада гормон жүйесінің  бұзы­луына әкеліп, жыныс мү­шелерін­дегі қатерлі ісік және өзге де ауру­ларға жол ашады.

Түйін. Орамал тағу  тек қазақ әйеліне тән үрдіс емес. Түркі  тілдес халықтар да орамалды қастерлеп, пайдалана  білген. Демек,  жаулықтан үркуге, тосыр­қауға  негіз  жоқ. Ол – өміршең. Ол – қайталанбас дүние. Қай кезде де құндылығын жоғалтпайды. Қысқасы, ақ жаулық жамылған аналарымыз бен орамал  таққан  келіндеріміз  азаймасын.

Құттыбике   НҰРҒАБЫЛ

 


 

Сіз  не  дейсіз?

 

Гүлжаз  ҚАРЫБЕКҚЫЗЫ,

«Сарасөз»  журналының  бас  редакторы:

СЕЛТ  ЕТПЕЙМІЗ

– Апамды танығалы күні-түні басынан жаулығын тастаған емес.  Бала болсам да таңғалып: «Орамалыңызды ең болмаса ұйықтарда шешіп қойсаңыз қайтеді?» дейтінмін. Сондайда апам «Пайғамбарымыздың базарлығы ғой» деп  әңгімені әріден бастаушы еді. Әңгімеге ынтығып жанына жақындай түсемін... «Пайғамбарымыз жеті қат көкке көтерілгенде  9 түрлі затты базарлық етіп әкелген. Соның ішіндегі орамал – әйелдің қорғаны» деді.

- Сонда қалай, бір жапырақ шүберек ар-ұятыңызды күзетіп тұр ма? - деп қалжыңдап қоямын.

– Әрине!

– Апа, әлгі базарлықтың қалғаны не болды екен?..

Апам мүдірместен сайрай жөнелетін: құран, жастық, дастарқан, шапан, сәлде, жайнамаз, сәлемдесу, намаз.

Мен ол кезде бала емеспін бе,  бұл әңгіменің байыбына бара алмадым...

Ал қазір тоғызы туралы да майын тамызып айтып беруге дайынмын. Негізі айтайын дегенім басқа еді. Күнделікті өмір былай тұрсын, ең болмаса құранға барғанда орамал тағуды естен шығарып аламыз. Құрғыр сөмкеге бәрі сыйғанда бір жапырақ  орамал  сыймайды. Қазір де орамалын басынан тастамайтындар бар. Тақпайтындардың саны олардан да көп. Апам айтқан атын атауға болмайтындармен ешкімнің шатағы жоқ. Үйге бар «пәлекет» шашпен келеді дегенді де естігем. Бірақ біз селт етпейтін  болдық.

 


ДӘЛЕНОВ ДАЙЫН ЕКЕН PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
06.06.2019 11:00

Жыл сайын елімізде орташа есеппен 2 мыңнан астам жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркелсе, 1 мыңнан аса адам жауапқа тартылатын көрінеді. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­ жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнін­дегі жиында айтты.

Осы біздің ресми органдар «Жемқорлықпен күресіп жатырмыз. Жемқорлыққа жол жоқ!» деп жиі ұрандайды ғой. Бірақ жолын қайдам, олардың кіммен, қалай күре­сіп жатқаны қызық болып тұр. Жемқорлықтың алдын алу, болдырмау мақсатында бұған дейін біраз ұсыныстар айтылды. Әсіресе, «кез келген қызметкер жемқорлық фактісіне жол берсе, оның басшысы жұмыстан кетуі қажет» деген ұсыныс кеңінен талқыланды. Бұл ұсынысты бірі «дұрыс» деді, бірі «бұрыс» деді.

– Егер біз жемқорлықты түбегейлі жоюды міндет етіп алсақ, меніңше, мемлекеттік орган басшылары мұндай жағдай­да отставкаға кетуі керек­. Олардың отставкаға кетуі­н қабылдауды немесе қабылдамауды мемлекет басшысы шешеді. Бірақ жұмыстан босату туралы арыз жазуы­ міндетті шара болуы керек, - деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бұл мәселе Тоқаевқа дейін де талқыланған. Естеріңізде болса, бұ­рын­ғы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамыт­бековтің орынбасары Мүсілім Өміраевтің үстінен «аса ірі көлемде пара алу» фактісі  бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сол тұста министр «М.Өміраевтің кінәсі сотта дәлелденсе, отс­тавкаға кетемін» деген болатын. Біршама уақыттан кейін тергеп-тексеру жұмыстары толық тамамдалып, сот Мүсі­лім Өміраевті ҚР Қылмыстық Кодексі 311-бабының 5-бабы бойынша («Пара алу») айыпты деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ Асылжан Мамытбеков «қызметімнен кетем» деп алып, орнында қалып қойған еді. Дегенмен, кейіннен Елбас­ы Мамытбековтің жұмысы мандымай тұрғанын назарға алды. Сынады. Ақы­ры отставкаға жіберді.

Ал 2019 жылдың ақпан айында ҚР Ұлттық экономика министрі болып тағайындалған Руслан Дәленов отстав­каға кетуге тас түйін дайын екен. Себебі сол, минист­рлікте кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директ­оры қызметін атқар­ған Асланбек Жақыпов биыл сәуір айында 500 мың теңге пара алды деп айыпталған еді. Бұған қатысты Ұлттық экономика  министрі:

– Сот үкімі күшіне ен­генде, отставкаға кетуге өтініш беремін. Бұл – дұрыс прак­тика. Бұл – бірінші басшының моралдық жауапкершілігі. Оның кінәсі қаншалықты екенін жоғары тұрған бас­шылық анықтайды, - деді.

Ал Асланбек Жақыповтың ісін қараған судья:

– Жақыповқа қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат­  түріндегі  бұлтартпау шарасы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына өзгертіліп, сот залында қамауға алынсын. Жазаны өтеу мерзімі 2019 жылдың 29 мамырынан есептеледі. Жақыповтан жәбірленуші үшін  Қазақстан  заңнамасында көрсетілгендей, мемлекет пайдасына  мәжбүрлі  түрде 20 АЕК көлеміндегі төлем өндірілу қажет, - деп атап өтті.

Руслан Дәленовтің сөзі іс жүзінде қашан жүзеге асатындығын дөп басып айту қиын. Дегенмен, басшының орнынан кету практикасы жемқорлықты тамырымен жоя ала ма? Мәселе – осында...

 

Асан   Дәулет

 


БАРШЫНКЕНТТІҢ ГҮЛБАРШЫНҒА ҚАТЫСЫ ҚАНДАЙ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
06.06.2019 10:32

ҚҰМ   АСТЫНДАҒЫ  ҚАЗЫНА

Өткен аптада Қызылорда облысының мәдениет, ар­хив­тер және құжаттама бас­қармасының қолдауымен, облыстық тарихи және мәде­ни­ ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылынан шығысқа қарай  2 шақырым жерде орналас­қан ортағасырлық Қышқала қаласында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыс­тарымен таныс болдық. Баспасөз турының мақсаты – қалашық туралы кең көлемді мағлұмат беру және зерттеу жұмыстарының нәтижелері жайлы ақпараттық-насихаттық  жұмыстарды жүргізу.

Жалпы, Қышқаладағы қазба жұмыстары 2018 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қы­зылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес­тің шешімімен жүзеге асырылып келеді. Экспедиция жетекшісі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің профес­соры, белгілі археолог Мадияр­  Елеуов.

Қышқалаға  барғанда құм астында қазына бар екенін білдік, бірақ дәл мынадай болад­ы деп ойламаппыз. Былтыр зерттеу жұмысын бас­тар алдында археологтар да біз сияқты шамаласа керек­. Сырын ішіне бүккен қаланың дәл бүгінгі қалпы мен археологиялық қазба жұмыстары аяқталғанға дейінгі аралықты салыс­тырып қарау мүмкін емес. Бар білгеніміз, мұнда қазына­ жатыр, тарих жатыр...

ТАЛАЙ  ТҰЛҒАНЫҢ ТАБАНЫ  ТИГЕН

Бұл қала жөнінде алғаш рет 1242 жылы итальян саяхатшысы Плано Карпини жазып қалдырған деседі. 2018 жылы жүргізілген зерттеу  жұмыстарының  нәтижесі бойынша, шаһар жобамен XIII ғасырдың орта тұсымен мерзімделеді. Сол уақыттағы жазба деректерде «Барчин» деген атпен кездескен. Көне­нің көзіндей болған мекен 50 гектардай жерді алып жатыр­. Қала үйлерінің биік­тігі  1-1,5 метрді шамалайды. Олардың күйдірілген қыштан соғылғаны көрініп тұр. Алайда өткен ғасырдың  50-жылдарында қыштан жасал­ған  ғимараттың  басым бөлігі  бұзылыпты.

Бұл жерде 1960 жылы ғылым докторы Әуелбек Қоңыратбаев, кейіннен акаде­мик Әлкей Марғұлан болған. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың оқытушысы, археолог Тәңір­берген Мәмиев шағын кө­лемдегі қазба жұмыстарын жүргізген. Дегенмен, бұл жұмыстардың  барлығы  әуесқой зерттеу  болатын.

Осыдан 93 жыл бұрын Қызылорда қаласы еліміздің астанасы болып тұрған кезде Алаш арысы Бейімбет Майлин Сыр бойындағы Көккесене күмбезі мен Баршынкент қаласының орнын есепке алып қорғау керектігін, болашақ ұрпақ үшін архео­логиялық  зерттеулер  жүр­гізу қажеттілігін айтыпты. Оны 1926 жылдың қарашасында «Еңбекші қазақ» газетіне «Мәдениет мұралары» деген  атпен жариялайды.

 

ҒЫЛЫМНЫҢ  НЕГІЗІ – АРХЕОЛОГИЯДА

Кез келген адам үшін «Қаладан не  табылды?» деген­ заңды сұрақ туын­дайтыны рас. Былтырдан бері 4 жерге қазба жұмыс­тары жүргізілген екен. Бірін­шісі – қаланың жылын анықтау мақсатында қазылған орын. «Бұл  жер осы төбенің құрылыс кезеңінде не болғанын анықтау үшін керек» дейді археологтар. Қазіргі күннің өзінде бояулы-бояусыз түрлі-түрлі ыдыстар, жазу­ы бар жапсырма тақтай, тиын,  сыйымдылығы жоғары  хум ыдыстардың қалдық­тары, кесе, т.б. заттар да табылған. Мұнан бөлек жерлеу орын­дары, медресе, қыш күйді­ретін пештің орны секілді жерлер төбе көрсетті. Ал, қаланың негізгі аумағы 50 гектар екендігін және қазба жұмыстары биыл да, одан  кейін  де  жалғасатынын­ ескерсек, әлі талай құнды жәдігерлердің, жерлердің табылаты­ны ақиқат. Оны уақыт  көрсетеді.

- Облыс көлемінде архео­логиялық қазба және зерттеу жұмыстары ортағасырлық Қышқала, Сығанақ, Жанкент, Сортөбе және Бәбіш молда қалаларына жүргізіліп жатыр. Қышқаладағы биыл­ғы жұмыстардың бастал­ғанына 1 айдай уақыт болып қалды, - дейді облыстық тарихи­ және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Сапар­  Көзейбаев.

 

БАРШЫНКЕНТ  БАЙЛЫҚТАРЫ­

Әлгінде  айтқанымыздай, болашақты  уақыт  көрсетеді. Ал, біз  барған Баршынкенттегі екінші нысан жерлеу орны болды. «Жалпы, қай жерде болмасын қаланың зиратын табу оңай емес» дейді қазба жұмысын жүр­гізушілер. Мұнда адам жерлеудің үш түрлі кезеңі көрі­ніс тауыпты.

- Зираттан табылған адам сүйектерін Алматыға алып кетеміз. Сол жақтан жасын, жынысын, қай типке жататынын анықтаймыз. Сосын қайта орнына жерлейміз, - дейді Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері Мадияр­  Елеуов.

Көп ұзамай үшінші объектіні де бетке алдық. Көлемі 5х6, биіктігі 2 метр болатын үлкен пештің өзін­дік ерекшелігі бар. Осыған дейін әуесқой зерттеушілер мұндағы қыштың құрамы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіндегі қышпен бірдей деген пікірді айтқан көрінеді. Бір қызығы, пештің қасында құм сақтайтын бөлмесі болған. Дәл біз аялдаған уақытта архео­логтар сол жерді аршып жатты. Зерттеушілер мұнда қышты қолданудың кең тарағаны­н ескеріп, әлі де пештердің табылатынына сенімді. Төбесі күмбезделген жердің арнайы есік орны анық көрініп тұр. Балқыған ерінділері әлі мыңдаған, миллиондаған жылды оңай еңсеретіндей. Тұрғындар барлық шикізатты осы жерден пайдаланған. Жергілікті ағаш сексеуілдің бір кәдеге жарағаны анық. Ұсталар алды­мен пешті салған, құрылысшылар сосын барып қаланың­  іргетасын  қалаған­ға  ұқсайды.

 

СЕГІЗ   ҚЫРЛЫ  МЕДРЕСЕНІҢ

СЫРЫ ҚАНДАЙ?

«Осы жерді қазамыз деп шешіп едік, қателеспеппіз» деген археолог бізді төртінші объектіге алып келді.

«Мына маңдағы ғимарат медресе болған деген жорамал бар. Бұған дейін нақты бір тоқтамға келе алмай жүр­ген едік. Қараңыз, сегіз­бұрышты белгі әрбір бөлмеде­ кездеседі. «Сегіз санының сыры неде?» деген ой келеді. Аналогиясын аша алмадық. Күллі Орта Азияда мұндай белгі шықпаған. Ресей, Өзбекстан секілді елдердегі ғалымдармен байланыстамыз, олардан да сұрастырдым, кездестірмепті. Медресенің екі есігі бар. Бірі – үлкен көшеге, бірі екінші жаққа  шығып  кетеді», - дейді экспедиция жетекшісі.

Бұл аумақтан арабша жазуы­ бар боялған қыш табыл­ды. Қаланың тіреуіштерінің орны байқалады. Су сіңіп кететін септикке ұқсас тесік те бар көрінеді. Айт­қан­дай, медресе болған деуге­ негіз бар. ХІІІ ғасырдың орта шенінде  әйгілі  Жамал  Қар­ши Баршынкент туралы «...Үлкен ауыл бар екен. Нағыз­ білгір, ғұламадан сабақ алдым­» деп жазады. Мұны академик  Әбсаттар  Дербіс­әлі кітабында  келтіреді.

Қаланың уақытында ірі сауда әрі қолөнер орталығы болғандығы туралы айтылады. Сауда керуенінің жолы болуы ғажап емес. Зерттеудің нәтижесін көп жағдайда сол маңнан табылған тиын мен жерлеу мәдениеті нақтылай түседі. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қала Қышқала аталғанымен, аты кейіннен ұмыт қалғандай.

 

ҚАЛА  ТУРИСТІК  АЙМАҚҚА

СҰРАНЫП  ТҰР

Қаланы қалыпқа келтіріп, туристік нысан етуіміз керек. Иә, археолог М.Елеуов осы жайтты жақсылап  жариялауды  тапсырғандай.

- Егер облыстан қаржы бөлінсе, көп болса 2 айда қаланы қалыпқа келтіреміз. Мысалы, мұндағы медресе­ Сығанақта да жоқ, ол қазақтың астанасы болған жер ғой. Қайта-қайта бұзылып салынған соң солай шығар. Ал, бұл құлаған күйінде сақталған. Мен ойлап отырмын­ осыны еденін төсеп, бағандарын дұрыстап, 10 кесекке көтерсек. Мұның төрт мұнарасы бар. Пешті қалыпқа келтірсек, шырақшының бөлмесін реттесек дейміз. Меніңше, 20 мың  кесек  кетеді.

Бұл жерді туристік аймаққа айналдыруды ұсынып отырғаным, мұндай нәрсе, мұндай ауқымды медресе­ тіпті астана болған Сығанақта да табылмаған. Енді маңызын ойлай беріңіз. Сосын кез келген туристі, қонақты мұнда ұялмай-қызармай әкеле аламыз,­ - дейді ол.

- Қышқалаға өткен жылы ғана қаржы бөлінді, еңбектің нәтижесін көрдік. Екі жыл ғылымға түк емес, мынадай қаланы ашу қиын. Отыз-қырық жыл қазылып жатқан қалалар бар. Тарихқа талай жаңалықтар енеді деп ойлаймын. Әсіресе, мына медресенің маңызы жоғары. Жай халыққа қызық болмас, бірақ біз мәдениетіміздің  800 жыл бұрын осындай болғанын көрсеткіміз келді. Алдағы уақытта қаланы туристік аймаққа айналдыру үшін жұмыс істелетін болады, - деді облыстық тарихи және мәдени ескерт­кіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Сапар Көзейбаев.

 

БАТЫРДЫҢ   ЖАРЫ   ГҮЛБАРШЫННЫҢ ҚАЛАҒА  ҚАНДАЙ  ҚАТЫСЫ  БАР?

Профессор Әуелбек Қоңыратбаев ел аузындағы аңызға сүйеніп, бұл қала Алпамыс батырдың жары Гүлбаршынды қалдырып кеткен шаһар екендігін еске салған. Өйткені, кейбір деректерде қала Баршын­ (Барчин), Баршынкент, (Барчинлыгкент, Барджинлигент), Қызқала деп те аталады.

Баршынкент  қаласының  тағы  қызық  бір  тарихы – Гүлбаршын сұлуға арнап салынғандығы. Ал, тағы бір нұсқада «оғыз ақсүйектерінің өкілі Баршын сұлу Сырдарияның төменгі бойындағы қаланы өз есімімен атайды» делінген. Осыдан соң «Қызқала» атауы шыққан деседі. Аңыз бойынша, Сырдарияның оңтүстік жағасындағы Көккесене де Баршын сұлудың құрметіне салынған. Бұл әйелдің атымен аталған, түркі тектес халықтар мекендеген жердегі бірден-бір қала болған.

 

ТАМЫРСЫЗ  ТАСЫНДА  ДА  ТАРИХ  БАР

Қышқала жайлы XV ғасырдан кейін кездеспеуі Сыр арнасы өзгергеннен кейін халықтың өзге жаққа қоныс аударуымен байланысты сияқты. Әйтсе де, үлкен ауқымды жерді алып жатқан көне шаһар бізге қазақтың қилы тарихының бір тармағындай сезіледі. Монғол шапқыншылығы кезеңінде қала ең ірі сауда-саттық орталығы болған.

- Осы уақытқа дейін бекінісі бар, қаласы бар, елді мекені бар, тағысын тағы 300-дей нысанның қазба жұмыстарына қатысыппын. Жасым жетпістен асты. Десе де, соңғы 2 жылда ғана туған топырақтың құнды дүниелерін аршуға, табуға атсалысып жүрмін. Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы өтінішімді екі етпей қабылдап, мүмкіндік беріп отыр, - деді жерлесіміз, археолог Мадияр Елеуов.

 

Қышқаладағы архитектураны көргенде күллі әлем біздегі сәулет өнерін көшіріп алғандай көрінді. Руби деген ғалым «Гректер, римдіктер кесектен күмбез салуды Сыр бойынан үйренген» депті өз еңбегінде. Барлық өркениеттің ошағы бізде жатыр. Қышқала секілді қалалар біздің халықта сол кезде-ақ қалалық өркениеттің дамуы өте мықты болғанын дәлелдей түседі.

 

Рыскелді   ЖАХМАН,

Ердос Беркінбаев (сурет)

 


ҰСТАЗДАР ДА АНТ БЕРСЕ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
06.06.2019 10:30

Мұғалім заман талабымен жаңашыл мето­дика мен ағылшын тілін меңгере отырып ұстаздық қызметін атқарады. Ата-аналардан қорқады, баладан­ именеді. Отқа салса, жанбайды, суға салса­, батпайды. Әлемдік білім беру стандартын игереміз деп жүгіріп жүрген жайы бар. Заман­ көшімен ілгері жүріп келеміз. Атқарыл­ған еңбектердің рақымы – Елбасы саясатымен білікті маманн­ың білімі бағаланып, жоғары жалақы­ға жетуі. Елбасы саясатына, еңбектерінің еленгенін­е ұстаздар қауымы дән риза. Ұстаз баланы­ ғана емес, ұлтты тәрбиелейтінін ескерсек, ұлылардың пікі­рінен ғибрат алайық.

Әлемнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы әл-Фараби бабамыз мұ­хиттың арғы жағындағы елдер жапырақ жастанып жүргенде жетпіс тілді меңгергенін қалай мо­йындамаймыз?

Әл-Фараби: «Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуы тиіс: ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзіне қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздың қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен оның ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталық пен табандылық қажет. Өйткені, ұстаз тамшымен тас тесетін су тәрізді» деген.

Менің ұсынысым: Дәрігерлер Гиппократқа ант берсе, ұстаздардың әл-Фарабиге не Ы.Алтын­саринге ант бергені қажет сияқты. Бұл ұстаз­дардың  жауапкершілігін  мың  есе арттырады деп  ойлаймын.­

Өзгенің методикасын таңсық қылмай, өзіміздің менталитетімізге сай, Алтынсарин методик­асын неге жаңғыртпасқа? «Мұғалім балаға­ «2» қойса, балаға ұрыспасын, оқыта алмаған­ өзіне ұрыссын. Өйткені, бұл – мұғалім­нің өзінің өткен сабағының бағасы, егер ол сабақт­ы қызықты өтсе, бала жақсы дайындал­ып келер еді» деген Алтынсарин мүлдем әріп танымайтын қазақтың баласына 3 айдың ішінде орыс тілін үйреткені баршаға мәлім. Олай болса, Алтынса­рин методикасымен қазақ тілін үйретсек, мүлдем қателеспей­тін шығармыз.

Ахмет Байтұрсынов: «Бала тәрбиесін, оқытуын­ жақсы білейін деген адам әуелі бала­ларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек, екінші, баланың табиғатын, көңіл-сарайын таниты­н  адам  болуы  керек»  дейді.

Қазақ елі қазақ қалпымен қалу керек. Ұлттық болмыс, тіл, дәстүр, діл мен дін бірінші орында тұруы қажет деп ұрандаған ұлыларымыздың бірі «Мен жастарға сенемін!» деген Мағжан Жұмабаев­ жастарды тәрбиелейтін ата-ана, мектеп және орта екенін жақсы білген. Жастардың болашағы үшін талмай қызмет жасаған ақынның «Педагогика» оқулығында,  педагогика  ғылымын алғаш  ғылыми­ жүйелеп, «Тәрбиенің 4 түрі: дене тәр­биесі, жан тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі, құлық тәрбиесі» деп саралап түсіндіреді. «Жапония елінде бала 11 жасына дейін барлық білімді жапон­ тілінде алатын болған. 11 жасқа толған соң, өзге тілді игеретін. Өйткені, бала ана тілінде ойлап-сөйлеу  қажет» деген тұжырым жасаған.

Тақырыпты «Ұстаздар да ант берсе...» дедік. Әрине, өз арының, елінің, болашақтың алдындағы жауапкершілігі күшейе түссе деген ой ғана. Сіздің алып-қосарыңыз бар ма?

 

Анар  ҚАРАЖАНОВА

 


«МАМАНДЫҚҚА ДЕГЕН МАХАББАТ КЕРЕК» PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
06.06.2019 10:17

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», - деп ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин айтпақшы, дүниедегі барлық мамандық атаулының бастауы – ұстаздық. Барша мамандық иелерін тәрбиелейтін, оларды шыңға жетелейтін абзал ұстаздардың біздің қоғамымызда орны ерекше. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» дегендей, ұстаз алдынан өтпейтін жан жоқ шығар, сірә!? Ғалым да, дәрігер де, әнші де, тіпті ел қорғаған батырдың өзі ұстаздан үлгі алады.

Француз ойшылы Жан Жак Руссо «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» дегенді айтады. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ұстаз болу үшін ең алдымен адамның жүрегі мейірімге, жан дүниесі адамгершілікке толы болуы қажет. Сондай жандардың бірі – білікті де білімді, ардақты да аяулы ұстаз, менің атам Ералы Жұмаділов. Атам еңбек жолын М.Ломоносов (қазіргі М.Шоқай) атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. Аяулы ұстаздың мұғалімдік жолын таңдауына білім берген ұстаздары, олардың сабақ берудегі жан-жақты әрекеттері түрткі болған. Сол кісілердің жолын қусам деген арманы атамды ұстаздық қызметке жетелеген. Солайша арманын шындыққа айналдыру үшін алдына мақсат қойып, 1966 жылдан бастап 2010 жылға дейін қызмет атқарған. 44 жылғы ұстаздық өмірінің 30 жылын мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 8 жылын мектеп психологы, 6 жылын ұстаздыққа арнаған. Сөйтіп, еш жаққа табан тіреместен, сол мектептен зейнет жасына шыққан. Бүгінде еңбегінің жемісін көріп отырған зейнеткер.

Бірде атамнан: «Ұстаз болу қиын емес пе?» деп сұрадым. Сонда атам: «Егер таңдаған мамандығыңа шынайы сүйіспеншілік танытсаң, оған қоса басқалардың саған деген ілтипаты жоғары болса, қиын түгі де жоқ. Ең бастысы, адамда мамандыққа деген махаббат, сый-құрмет болуы қажет. Сонда ғана биік белестерді бағындырары сөзсіз» деп жауап қатты. Бұл да – атамның өз мамандығына деген махаббатының белгісі. Бала күнімде мұғалім болу менің де арманым болғандықтан ба, атама өз мамандығы жөнінде жиі сұрақ қоямын. Бір күні атам: «Қызметке орналасқаннан кейін тілдер үйірмесін аштым. Оған мүшелікке мектеп оқушыларын қабылдап, олардың тек ғана қазақ тілінде сөйлеуіне және тіл мәдениетін асқақтату жолында қызмет еткім келді. Сөйтіп, ақындар мүшәйрасын өткізуді қолға алдым. Солайша жиі іс-шаралар өткізіп тұрдым. Оқушыларымның тілге, білімге, поэзияға деген сүйіспеншілігін осындай кештерден көріп, қуанып қалатынмын», - деп ұстаздық жолындағы басынан өткізген қызық оқиғаларымен бөлісті. Атамның әңгімелерін тыңдап болғаннан кейін ойланып қаламын. Ешбір мамандықтың оңайы болмайды екен. Әрқайсысының өзіндік қиындықтары бар. Соған мойымай, талмай еңбектенген адам ғана өмірден өз орнын табады. Атамның да ұстаздық жолында көрген қиындықтарына қасқайып қарсы тұрғанына үйдің әр бұрышында ілініп тұрған мақтау қағаздары, төсбелгілері куә.

Мінеки, атам – бүгінде 3 ұл, 11 немере тәрбиелеп отырған ардақты жан. Атамның айтқан әрбір ақылы, өсиеті ұрпақтарына өмірлік азық. 44 жылдық ұстаздық өмірінде қаншама шәкіртке жол көрсетіп, алтын ұя мектебінен түлеткен. Соның арқасында  ҚР білім беру ісінің үздігі, М.Шоқай және Ы.Жақаевтың 125 жылдық мерекелік медальдарымен, сонымен қатар «Ұлт ұстазы» төсбелгісімен, Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекелік медалімен және де «Нұр Отан» партиясының алғыс хаттарымен марапатталған. Бір басына жететін «Шиелі ауданының құрметті азаматы» деген атағы да бар.

Атамыздың жүріп өткен жолы балалары мен немерелеріне әрқашан үлгі. Сондықтан болар, осы мамандықты таңдап, әке ізін жалғап, ата жолын қуғандар баршылық. Өйткені, біз бұл қызметтің ұлылығын, биіктігін, тазалығын жақсы білеміз. Ауыл халқының өзі ардагер ұстазын ардақ тұтады. Мектебі мақтанады. «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген ақын Мағжан Жұмабаевтың сөзі біз үшін айна-қатесіз рас. Атамның ұстаздық жолындағы қадамы қарымды, беделі биік. Орнықты орны үйде де, түзде де – төр.

Аружан  ЕРАЛЫ,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  2-курс  студенті

 


БҰЙЫРМАҒАН БАҚЫТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
06.06.2019 10:15

Шырт ұйқыда жатқан Шырын шошып оянды. Әдеттегідей теле­фоны екен. Бейтаныс нөмір. Күнде осылай хабарласады. Танымайтын адаммен сөйлесуге құлқы жоқ. «Кімсің?» деп те сұрамайды. Іштей үнсіз қалады. Бейтаныс та қызық. Мазасын алдым демейді. Түнде қоңырау шалады. Шырын теле­фонын басып жібереді. Артынша өшіріп тастайды. Күнде осы. Тыным таппайды. Дамылсыз.

Жас келген сайын көңілшек болып­ барады. Бұрынғы тәкаппар мінез жоқ. Кісі көңіліне қарайды. Қас-қабағын бағады. Отыздан асқанд­а жалғыздығы жанына батады.­ Қатарластары  болса отбасылы. Үбірлі-шүбірлі.   Құрбыларын көргенде көңілі түсіп кетеді. Өзін бақытсыз  сезінеді. Жігіт кездеспеді демейді. Небір жігіттің сұлтаны жолықт­ы. Тәкаппар, менмен көңіл оларды ұнатпады. Қазір сол сөз салған­ жігіттер Шырыннан бақытты. Тәп-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Бұл сияқты қос тізесін құшақтап  жал­ғызсырамайды.

Бірде Шырын базарға барды. Азық-түлік қатарына өтті. Кенет... көзіне таныс бейне оттай басылды. Асылбек... Қатты өзгеріпті. Еңселі бойлы жігіт  өзі келіп амандасты. Таңырқа­й бетіне қарап қалыпты. Студент­тік жылдардағы дос жігітті көріп, жүрегі елжіреді. Бойын бей­мәлім сезім  баурап алды.  Сөйтсе, көңілі суымапты.  Қыз әлі жақсы көреді екен. Асылбек  ірі қызметте көрінеді.  Бұрынғыдан ашылған. Сөзшең. Өткен-кеткенді айтып, сөзге қонақ берер емес.

- Әскери жігітті іздеген досым-ау! Жігіт таптың ба?-деп әзілдеді. Бұл сөз Шырынға ауыр тиді. Жай ғана күлімсіреді. Досы ағынан жарылды. Қалжыңы да таусылмайды.

- Сені  көрмеген жігіттің көзі соқыр­. Мынадай қызды  елемеу  күнә! Маған күйеуге тигенде, бес балалы­ жан болар едің, - деп тағы да қағытты. Не керек, екі дос әңгіме айтып, шай ішті. Шырынның көңілі серпіліп қалды. Досы демалыста екен. Оны-мұны алуға базарға келіпті. «Әйелі  қандай  бақытты!»  деп  қы­зықты іштей. «Соны мен бағалаған жоқпын­. Ақымақпын-ау!»  деп өзін жазғырды.­

Шырынның өмірі қараңғы қапас сияқты. Жұмыстан  кейін үйінен шықпайды. Бұрынғыдай сыртта серуен­деп, бой жазбайды. Бір өзі ой қоршауында қалады. Алдағы өмірін ойлайд­ы. Осылай  жалғыз  қаламын ба деп тұнжырайды. Ата-ана, туыс­тары алыста. Сонау алыс  ауданның бір түкпірінде. Жылына ат арытып бір барады. Үйдің табалдырығын аттаға­ннан анасы әңгіме бастайды. Жалғыздықтың жақсы емес екенін, серік табу  қажеттігін айтады. Қайт­қанша анасының әңгімесі – осы. Қайдағы жоқты  еске салып, тығырыққа тірейді. Қыздың ана сөзінен жаны ауырады. Ескі жарасының орнын шұқи бергеннен не өзгереді? Дені дұрыс адам болса кәнеки! Көзін жұмып, етегінен ұстамай ма? Әттең... Сол  21-22 жаста болса. Бәрін қайтадан бастайтын еді. Мүмкін Асылбек жолдасы болар ма еді кім білсін...

Не керек, екеуі шай ішіп, ұзақ сырласты. Соңында бір-бірімен  телефон алмасып, қимай қоштасты. Бірнеше күннен соң досы хабарласты. Бір-бірін тосырқамады. Екеуінің әңгі­месі жараса кетті. Шырынға жақсы болды. Бұрынғыдай үйдің төрт қабырғасына  қамалмайды. Досымен жолығады. Сырттан кафеде бірге тамақ­танады. Екеуінің жолығуы, кездесуі жиіледі. Мұның соңы жақсылыққа  апармайтынын  Шырын да біліп  жүрді.

Бірде кешке телефоны әндете жөнелді. Нөмір Асылбектікі. Бірақ тұтқаны көтергенде әйелдің  ащы дауысы­  шықты.

-Ұятсыз екенсің! Біреу­дің күйеуінде нең бар? Еркек құрып қалды ма? Енді Асылбектен аулақ жүр! - деп айғайламасы бар ма? Шырынның жүрегі аузына тығылды. Бәсе, өзі біліп еді. Осындай айғайдың болары­н. Тұтқаны  үнсіз  қоя салды. Сонан баст­ап  досы екеуінің арасы алшақ­тады. Телефонмен сөйлесу, кездесу сап тыйылды. Асылбекпен қарым-қатынасын үзгеніне біраз болды. Алайда Шырынға бейтаныс нөмірмен звандайтын біреу пайда болды. Беті қайтып қалған қыз  қоңырауға жауап бермейді. Ар жағына­н Асылбектің әйелі шапылдайтындай көреді. Жұмбақ нөмір де әдетінен жаңылмайды. Түн ортасы­ ауғанда мазалайды. Қазір Шырынның оған еті үйренді. Ашуланып­, күйгелектікке салынбайды. Солай болуы тиіс дегендей үндемейді. Ал бейтаныс нөмір... Асылбектікі ме, әлде әйелінікі ме... Ойлауға да, білуге­  де  қорқады.

 

Құттыбике   САБЫРБАЙҚЫЗЫ

 


АЙДАНАНЫҢ АСҚАҚ АРМАНЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
06.06.2019 10:00

Ауылда көпба­лалы отбасында туып-өстік. Көзімізді ашқаннан бар тірші­лігіміз төрт түлікке байланысты болғанд­ықтан шаруа жайына да бөтен емеспіз. Кеңес өкіметі кезінде қой мен түйе жүнінің бағасы шарықтап тұрды. Әр үйден қолдан басқан киіз бен түрлі қолөнер бұйымдары­н кездестіру қалыпты жағдайға айналғ­ан еді. Қазіргі таңда мұндай заттарды сирек­ көресіз. Тіпті, ұлтарақ жасайтын киізді де табу  мұң.

Біршама уақыт бұрын базар ішінде кісі қарасы­ мол шоғырланғанын көріп, бұрылдым. Кезекте тұрғандар қой жүнінен жасалған, сырғытпа салынғ­ан аяқкиім (замокты боти) саудасын қыздыры­п жатыр екен. Қарапайым тәсілмен дайын­далған  осынау  аяқкиімдер қас қағымда өтіп кетті. Сатушылардың Ақтөбеден келгенін білгенде­ біз жақта қаншама қой жүнінің текке рәсуа  болып  жатқаны  ойға  оралды.

Көбек бекетінің тұрғыны Айдана Дүйсен­баева есімді қарындасымыздың қолға алған кәсібі бұл ренішімізді аздап болса да жуып-шайғандай әсер қалдырды. Мамандығы бойынша дизайнер Айдана­ Әділбайқызының толымды тірлігі көпке үлгі  болғандай. «Жас келсе – іске». Саусақтарынан  өнері  саулаған  қарындасымыз  түйе жүнінен көрпе, қой жүнінен ою-өрнегі келіскен киіз, текеме­т басып, тоқыма, жүн шұлық, белдемше тағы басқа бұйымдар тоқуды терең меңгерген. Соңғы кезде автокөлік салонына арнап қой жүнінен дайындалған, әсем шағын төсеніштер жасауды бастап кетті. Шұға, фетр материалда­рынан жеңсіз, кәдесый, сөмке, әмиян, балалар аяқкиімін тігіп, ат әбзелдерін әзірлейді. Өнім­деріне сұраныс та баршылық. Айдана – мемлекет қолдауын сезініп отырған жеке кәсіпкердің бірі. Мұнан екі жыл бұрын жарты миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грантты иеленген қарындасымыз сол қаржысына екі тігін маши­насын сатып алған еді. Тиімді жұмсағанның арқасын­да  пайдасыз  емес. Бағындырған белесі де  қомақты.

Жанқожа  бабамыздың  дүниеге  келгеніне 240 жыл толуына арналған мерейтойдағы гүлдер мерекесінде, «Қолөнер – сырлы өнер» республикалық қолөнер шеберлерінің көрме жәрмеңке­сінде, «Экология – жасыл әлем» байқауында, қазіргі Нұр-Сұлтан, сол кездегі Астана қаласында­ өткен «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мерекелік­ шарасында Айдана Дүйсенбаева дайынд­аған қолөнер бұйымдары көпшіліктің таңдайын  қақтырып,  жүлде  иеленді.

Қой жүнінен жасалған бұйымдардың адам ағзасына тигізер пайдасы зор екені анық дәлелденген. Ғалымдардың пайымдауынша, жүннен дайындалған аяқкиім, жеңсіздер қан айналымын жақсартады. Киіз жас баланы шыжыңнан құт­қарып, зоб, бел, буын ауруларының, өзге де көп­теген сырқаттың алдын алады. Оған қоса, киіз микробты бойына сіңіріп, түрлі кеселдің тарамауына  септігін  тигізеді.

Айдана қолөнерді әжесі Мариядан үйреніпті. Есін білгеннен әжесінің киіз басып, алаша тоқыған­ын көріп өскен тұлымшағы желбіреген кішкентай қыз жылдар өте кәнігі шеберге айналды. Қазіргі таңда оған анасы Шахар Тұрғанбаева көмегін көрсетуден тартынған емес.

Айдананың анасы Шахар Бекбауыл елді мекені­нде дүниеге келді. Нағашы атасы Әбдірзақ айналасына аса сыйлы адам болатын. Ұзақ жыл теміржол саласында еңбек еткен Әбекең бос уақытында бау-бақша егуді жаны сүйіпті. Бас­тауыш сыныпта оқып жүргенде үйлерінің өртенгені қорқынышты түстей Шахардың есінде жазу­лы­ тұр. «От пен су – тілсіз жау» деген рас екен. Аяқ астынан лап еткен от ортасында Әбдіразақтың қарт  анасы  мен жас  баласы  қалады. Басын­ туралап­ келген ажалға тіккен Әбекең алау­лаған жалын­ ішінен алдымен анасы Айжанды арқалап сыртқа  алып шығады. Екінші мәрте отқа ұмтылғанда  бөлменің төбесі опырылып ортасына­  түсті. Жалған дүние! Өкінішке қарай, бейкүнә сәби тілсіз жаудың құрбанына айналады. Қайғы өзегін өртеген ұлын жұбатарға сөз таппаған кейуан­а «Мен үшін басыңды қатерге тіктің. Бауыр етіңнен­ жаралған перзентіңнен бұрын мені ажалдан алып қалдың. Өсіп-өн, рулы елге айнал!» деп қос жанары­нан жасы сорғалап, Аллаға жалбарыныпты. Ананың тілегі қабыл болып, Әбдіразақ келесі жылы ұл сүйіпті. Тылсым дегеніміз осы шығар.

Айдана – теміржолшылар әулетінің перзенті. Әкесі Әділбай жуырда өмірден озды. Қайғы қаншама жанына батқанымен жасымады. Анасы Шахар мен қос бауыры Ерлан мен Төлегеннің амандығын тілеп, бастаған ісін аяқсыз қалдырмауға бекінді. Ал, қайсар жаннан кез келген қиындық сескенері белгілі. Арманың алдамасын, Айдана!

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНДА БАСПАНАҒА МҰҚТАЖ ОТБАСЫ ҮЙЛІ БОЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
06.06.2019 09:30

Кеше, 5 маусымда аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев Жалағаш кентінің тұрғыны, мектеп жасындағы 4 баласы бар жалғызбасты ана Гүлмира Ақылбаеваға демеушілердің есебінен 2 бөлмелі үйдің кілтін табыстады.

- Жалпы, аудан кәсіпкерлері қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, әр мерекеде тұрмысы төмен отбасыларына көмек көрсетіп келеді. Соның бір дәлелі ретінде айтатын болсақ, ауданымыздағы бірқатар кәсіпкерлерге аудан әкімдігі тарапынан бір тұрмысы төмен отбасына тұрғын үй алып беруге ұсыныс айтылды. Кәсіпкерлер бұл ұсынысты қолдап, бүгінгі Айт мерекесі қарсаңында пәтер кілтін табыстағалы отырмыз, - деді аудан басшысы өз сөзінде.

Айт кету керек, қазіргі таңда аудан бойынша 4 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған аналар саны – 842, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлері – 1077.

Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап енгізілген өзгерістерге сәйкес 738 отбасы тұрмысы төмен отбасы ретінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алады.

Ағымдағы жылдың сәуір айында 53,0 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек төленсе, мамыр айында 78,3 млн теңге көмек төленген.

Жыл басынан бері Жалағаш ауданы бойынша бірқатар қайырымдылық акциялары өткізіліп,  аз қамтылған 306 отбасыға азық-түліктей көмектер көрсетілді.

 

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Маусым 2019 >
          1 2
3 4 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары