Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 26 Маусым 2019

«ДОЗА» ДӘРМЕНСІЗДІГІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
27.06.2019 11:40

Қай дәріханаға барсаңыз да,  үйіндегі біреудің ауырып  жатқанын, оған қандай дәрі беруге болатынын сұрап тұрған пациентті  көресіз. Фармацевт те адамгершілікке салынып, «мынадай дәрі бар, оны былай  бересіз» деп науқастың жасы мен ауруына байланысты ақпараттарды назарға ала отырып түсіндіреді. Шыны керек, бәріміз де шекеміз қысып, денеміз ысыса, дәріге ұмтыламыз. Таза ауада серуендеп, бір сәт тынығып алу деген жоқ. Мұндай сәтте өмірімізді сол дәрі-дәрмекке сеніп тапсырамыз. Ал біз ішіп жүрген дәрілердің ішу дозасы мөлшерден асса, онда басымызды бөрік ішіне, қолымызды жең ішіне тығып қоюға мәжбүрміз.

 

«СПИРТ»  СҰРАЙТЫНДАР  КӨП

- Қазақпыз  ғой, мұсылманбыз,  үйге қайтуға  жолақым  болмай  тұр. Жүз  теңге­  берші...

- ...

Дәл осы диалогты өрбітуге себепкер адамдардың қатары күн санап артып келеді. Тіпті бір көшенің бойынан бірнешеуін кезіктіріп жүрміз. Киімі бүтін, дені сау азаматтардың осындай тіленшілікке салынуына не себеп екені өздеріне аян. Белгілісі, ащы судың иісі анадайдан мүңкіп тұрады. Бұрын тек аялдама маңында алақан жайып жүруші еді, қазір кез келген қоғамдық ортаны торуылдап, әр кісіден «проезд» сұрайтын болған. Уақыт пен адам талғамастан, жаяу жүргіншілердің жүйкесіне тиіп,  қайырға қара бақыр сұрап жүр­генін баласы білсе, «менің әкем» деп айтуғ­а ұялар еді, жары білсе, «отағасы сөзінен садаға кет!», ал әке-шешесі  «Е, Құдайым, бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деп қарғанатыны  анық.

«Универсам» деп аталатын мөлтек ауданында күн көзі жылынғалы тізе бүгіп, қол жайып отыратындар көбейді. Не керек, таң атқаннан алькоголді сусынн­ың иісін аңқытып алатындар қала ішіндегі дәріханаларға жақын жерде­ жүреді. Құлақ естігенді көз де көреді. Дертіне шипа іздеушілердің дәрі-дәрмегін сатады деген орынның кей заттарын әркім өз керегіне жара­тады  екен. Өткенде соның куәсі болдым. Жасы егде тартқан кісі алдымен жейде­сінің түймелерін ағытты. Фар­мацевтке алатын затының атын сыбырлап­ ғана «...бар ма?» деді. Ол да «нешеу?» деп қарсы сұрақ қойды. Шыны ыдыста тұраты­н медициналық спирттің жеті данасын алды да, ішкі қалтасына «сүңгі­тіп» жіберді. Таңыр­қаған  күйі:

- Мынаның бәрін не істейді екен? - деп  әңгіме  өрбіткім  келді.

- Айта беріңіз, не керек? Ол өзі біледі, «тұрақты» клиент­тер ғой, - деп қысқа қайырды.

«Тұрақты»  сауда жасайтын  бұл кісі ғана емес, аңғарғаным, бұдан кейін де мұндай көріністің куәсі болып жүр­дім. Бұрын аса мән бермей­тінмін. Дәрі-дәрмектердің сатылу дерегіне байланысты Қызылорда облысының тауарл­ар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау де­партаментіне хабарластық. Аталға­н департамент мәлі­метіне сүйенсек, бүгінде Қызылорда облысында дәрі­лік заттарды бөлшек саудада өткізуге 302 объект тіркеліп, жұмыс істеуде. Оның ішінде 263-і – дәріхана, 35-і – дәрі­ханалық пункт, 4-еуі – дәрі­ханалық  киоск.

 

БАС   АУЫРЫП, БАЛТЫР   СЫЗДАСА...

...24  сағат  жұмыс  істейтін дәріханалар бар. Бірақ, «ауырсам  болды, ала бере­мін» деген ой болмасын. Өйткені дәріханалар қазіргі таңда дәрі-дәрмекті «Халық денсаулығы және денсаул­ық сақтау жүйесі туралы» Кодексін­ің 69-бабының 5-тармағына сәйкес тек дәрігердің рецептімен ғана босатуда. Дәрігердің рецепті бойынша босатуға арналған дәрілік заттарды рецепті­сіз өткізу фактісі үшін ҚР «Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы» Кодек­сінің 426-бабы, 1-бөлігімен жеке тұлғаларға – 70, лауазымды адамдарға – 100, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 130, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне    1000 АЕК мөлшерінде айып­пұл көз­делген. Сондай-ақ, дәріхана жоғарыдағы бұзушылықты әкімші­лік жаза қол­даныл­ғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған жағдайда, фармацевтикалық қызметке арналған лицензияның қолданысы алты айға дейінгі мерзімге тоқ­та­тылады.

Соңғы  уақытта осы рецептпен босату­ мәселесіне орай түрлі пікірлер айтылып жүр. Жақтайтындары да, даттай­тындары да бар. Жақтаушылардың дені халықтың өз еркімен анти­биотик қабылдап, түрлі ауруларын қоздырып жатқандығын алға тартса, дат­таушылар  бас  ауырып, балтыр  сыздағанда уақытша ауырсынуды басатын дәрілерді алу қиындап кеткенін алға тартып  отыр.

 

ЕСІРТКІ   ТЕКТЕС   ДӘРІЛЕР   ЕРКІН   САТЫЛА   МА?

Рецептісіз дәрі босатылмайтынының да бірнеше себебі болуы мүмкін. Өйткені кейбір антибиотиктердің шамад­ан тыс мөлшері психотроптық заттардың орнын ауыстырады деген мәселенің де айтылып жүргені кеше, бүгін емес. Өткен жылдың аяқ шенінде қазіргі Сенат спикері Дариға Назар­баева еліміздің бас дәрігері Е.Бір­та­нов­қа «дәріханаларда есірткі тектес дәрілер еркін сатылып жатыр» деп осы мәселені бір қаузаған. Біртановтың да «елдегі дәріханалардың 40 пайызы рецептсіз сауда жүргізеді» дегені тағы бар. Міне, сол орындар абайламай дозасы күшті дәріні тұтынушыға беруі әбден ықтимал жағдай.

- Трамадол  препаратын  көбіне   14-18 жастағы жастар сатып алады. Нарко­лог-дәрігерлердің пікі­рінше, трамодол морфин деген­ есірткіге ұқсас. Бұл препаратты үлкен көлемде қабылдау адамды масайтады. Кейіннен трамад­ол тәуелділікке әке­ліп, ағзаны қинап, миды өзгеріст­ерге ұшыратып, бауырды­ бұзады. Бұл дәрілік зат рецепт бойынш­а  сатылатындар қатарына қосылғанымен, тәжірибе  жүзін­де дәріханалар оларды еркін сата  береді, - деген еді сол жолы Сенат депутаты  Д.Назарбаева.

Мәселе маңдайға тіреліп-ақ тұр. Тек оны сезіп, көре білу қажет. Бүгінде республикада жүйке жүйесіне әсер ететін және психотропты дәрілік заттардың 920 аталымы тіркелген, оның 757-сі дәрігердің тағайындауымен ғана дәрі­хана сөресінен босатылады. Құрамында психотропты заттары бар дәрілік заттар­ дәрігердің қатаң бақылауында болады. Облыс орталығындағы 24/7 сағат­  үздіксіз жұмыс істейтін тәуліктік дәріханаға  бардым.

- Сәлеметсіз  бе?

- Сәлеметсіз? Айта беріңіз...

- Кетанов немесе кетонал беріңіз­ші...

- Бізде тек рецептімен сатылады.

- Мүлде бере алмайсыз ба? Тым болмаса біреу беріңізші...

- Жоқ. Болмайды. Дәрігер рецепт береді, ол қағаз  бізде қалу керек.

Әрі сөйлестім, бері сөйлестім, не керек, ақыры ала алмадым. Дәріханашыға бір жағынан риза болдым. Бас министрлік­тің бұйрығын басынан бастап­ түсіндіріп берді. Сабырлы қалыппен...

 

ЭТИЛ   СПИРТІНЕ  ДЕ ШЕКТЕУ  КЕРЕК   ПЕ?

Жоғарыда баян еткен этил спиртін де көп мөлшерде сатып алып, су аралас­тырып арақтың орнына ішіп жүрген маскүнемдер де аз емес. Осы мәселенің анық-қанығын білмекке Қызылорда облысыны­ң тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысына «Этил спирті дәрігер рұқсатынсыз дәріханалардан босатыла бере ме? Қанша данаға дейін алуға болады?» деген­ сауалды көлденең тастадық.

- Медициналық мақсатта пайдаланылатын этил спирті дәріханалардан дәрігердің рецептсіз босатылады. Алайда­ фармацевт этил спиртін бір жолғы­ босату нормасы мөлшерінде (таза этил спиртінің біржолғы босатылуы­ 100 грамнан аспайды) босатуы­ тиіс. Бұл норма ҚР ДСМ Фармаци­я, фармацевтика және медицина өнер­кәсібі комитеті төрағасының 2004 жыл­ға 11 ақпандағы «Дәрілік заттарды­ң, меди­циналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйым­дардың бөлшек саудасының ережелерін бекіту туралы» №20 бұйрығымен бекітілген­, алайда қазіргі таңда атал­ған бұйрық күшін жойған. Бір айта кетерліг­і, дәрі­ханалық ұйымдар дәрі­лік затты рецептімен­ және рецептсіз ғана босатады­. Уақыт шеңберіне қатыс­ты босату бойынша еш шектеу­ жоқ, - деп жауап берді аталмыш департамент басшыс­ы  Ғ.Байменова.

Тұла бойын ауру меңдеп тұрмаса да, қуаты күшті дәріге құмарлығы бар пацие­нт қиылып тұрып сатып алса, оқиғаның аяғы немен аяқталары бел­гісіз. Өйткені қазір синтетикалық есірткі мен психотроптық дәрі­лерге құмарт­қан жастар кө­беюде. Елімізде осындай есірткі түріне құмартып, есепке алынған жасөсп­ірімдер саны 130-ға жуық­та­ған. Мұ­рын­ға, көзге себетін кейбір тамшылар мен дәрілік препараттарды  мөл­шерден  тыс қолдану арқыл­ы  «аспан  әлеміне» саяхаттайтын жастарды­ң болашағы бізді алаңдатпай қоймай­ды. Әрбір дәріні тек дәрігердің тағайындауымен ғана қабылдағанның осындайда пайдасы тиеді. Әйтпесе уытты­  затты уысқа түсіру тым жеңілдеп кеткендей  еді.

Әңгіме желісіне айналып соққанда әлгі жерден мен де сабыр сақтап өз жөніммен кете бардым. Бірақ дәріге деген қажеттілік шынымен бар еді. Министр­ліктің дерегі бойынша, еліміз­де 7 747 дәрі-дәрмек тіркелген екен. Оның ішінде 5998-і рецепт бойынша, ал 1 749 аталымы дәрігердің рұқсатын қажет етпейді. Шілдеде күшіне енетін заң кез келген дәріні сатып алу үшін дәрігерден рұқсат алу керек деп тұрған жоқ. Бірақ, 90 процент жағдайда заңдыл­ыққа  сүйенеді.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ



 

 

Гүлшат  ОРАЗБЕКҚЫЗЫ, қала тұрғыны:

- Бұрын басымыз, тісіміз ауырғанда дәріханадан кетанов, балалар ауырғанда бұрын беріп жүрген дәрілерді ала беретін едік. Мамыр айынан бастап бұл дәрілердің барлығы дәрігер рұқсатымен ғана тағайындалып жатыр. Бұл әдістің пайдалы тұсы да бар, зиянды жақтары да бар. Мәселен, кішкентай бала ауырғанда емхананың  демалыс күндеріне сәйкес келсе, бала үшін ауруға шыдау мүмкін емес. Үлкен адамдар да уақытша тыныштандыратын дәрі қолдана алмаған соң жедел жәрдем қызметіне жиі жүгінеді деп ойлаймын.

 

Айгүл  ДАБЫЛОВА,  дәрігер:

- Меніңше, дәрілік препараттарды тек дәрігер рұқсатымен пайдаланған жөн. Неге десеңіз, халықтың басым бөлігі емханаға уақыт бөліп келгісі келмегендіктен, кез келген дәріханадан өз ойларына келген антибиотикті алып, өзін немесе балаларын емдеп алуға құмар. Мұндай жағдайда ол дәрі адам ағзасына қандай реакция берері белгісіз. Кейбір науқастарға ол дәрінің құрамындағы препараттар кері әсер беруі мүмкін. Мұндай жайттар кездесіп тұрады. Кейбіріне қарапайым таблеткалардың өзі жақпайды. Өздігінен емделуге ұмтылған науқастың ауруы белгілі және белгісіз себептермен өршіп, жағдайы қиындай түссе, науқасқа да, дәрігерге де оңай емес. Әсіресе, балаларға ем-домды үй жағдайында жасай беруге болмайды. Аурудың алдын алу үшін тек дәрігермен кеңесу қажет екенін айтқым келеді.

 


МЕНІҢ БАРЛЫҚ ЖҰМЫСЫМ – ФУТБОЛ ОЙНАУ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
27.06.2019 11:20

Ілияс  ӘМІРСЕЙТОВ,

«Қайсар» футбол клубының

жартылай қорғаушысы:

«Қайсар» футбол клубының жартылай қорғаушысы Ілияс Әмірсейтовтің ұялы телефонына хабарласып, сұхбаттасуға келісімін алдым. Келісілген уақытта, межелеген жерге келе қалдық. «Жалпы, журналистерге бірінші рет сұхбат беріп отырмын. Сұхбатқа мүлдем жоқ едім. Білмеймін, осы жолы құлшынысым қатты болды» деді ол. Екеуара әңгімеде ойыншының қарапайымдылығы ерекше байқалды.

- Ілияс, жеңіс құтты болсын!  Енді бір аттасақ, кубокты­ иеленеміз. Жалпы, «Қайсардың» кубоктағы ойындарына тоқталып  өтсек.

- Біріншіден, сіздерге рақмет! Араға 20 жыл салып жанкүйерлерді қуантамыз деп ойлаймын. Тек ғана кубоктік ойында ғана емес, ел бірін­шілігінде де жақсы нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көрінуге ниеттіміз. Кубок­қа әр команда ерекше дайындалады. Өйткені, мұн­дағы әр турда клубтың тағ­дыры шешіледі. «Қайсар» үшін кубоктағы қай ойынды алып қарасақ та, оңай болды деп айта алмаймыз. Мысалы, кеше ғана «Тобылға» қарсы өткен кездесуде соңғы минутта гол соғып, жеңісті жұлып әкеттік. «Оңтүстік Академия», «Ертіс» секілді клубтар да лайықты­  қарсылас  бола  білді.

- «Атырау» 3-ші мәрте ҚР кубогының финалына шығып отыр ғой. Олар да оңай шағылатын жаңғақ емес шығар...

- «Атырау» – кубоктік команда. Тек финалда жолы болмай жүр. Дегенмен, «Қайсар» да араға 20 жыл салып кубоктік ойындардың финалына жолдама алды. Кубок бізге де ауадай қажет. Сол үшін жұмыс істейтін боламыз. Оған дейін ел біріншілігіндегі ойынымызды, турнир­лік кестедегі жағдайымызды дұрыстап алуымыз  керек.

- Қалай ойлайсыз, өткен жылы да кубок­ты алуға мүмкіндік болды емес пе? Оның үстіне клубтың 50 жылдық мерейтойына ең қымбат сыйлық саналар еді.

- «Өткен жылы бізге «кубок жеңім­пазы немесе жүлдегері» деген атақ керек­ емес болды» деп айта алмаймын. Команда барын салды. Ол кезде де, биыл да клуб ойындарының тығыздығына байла­нысты қосалқы құрам ойыншы­лары командаға көмекке келді. Меніңше, бұл – футболдағы қалыпты жағдай.

- Бала Ілияс қандай болды? Жалпы, футболға қалай келдіңіз?

- Бала кезімнен футболшы болуды армандадым. Ауылда футбол секция­лары, мектептері жоқ. Әуелі Шымкент қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектебіне әкемнің жетек­шілігімен келдім. Сол жерде бапкерлер қабылдап алды, содан менің футболдағы өмірім басталды. Одан соң Алматыдағы спорт колледжінде оқыдым. Менің осы дәрежеге жетуіме спорт мектеб­і мен колледждің ықпалы зор болды­. Ондағы тәлім-тәрбие, бағыт-бағдар берген бапкерлеріме алғысым шексіз. Футболдағы кәсіби мансабымды бірінші лигадағы «Сұңқар» командасында бастадым. Одан соң «Қайратта­» шамалы уақыт доп тептім, «Қыранда» да өнер көрсеттім. Премьер-лигадағы алғашқы  клубым «Спартак» болды. 2015 жылы «Жетісуға» барып, онда  2 жыл тер төктім. 2017 жылдан бері «Қайсар»  сапындамын.

- Сыр елінің командасы сіз  үшін  несі­мен  ыстық?

- Өзім Шымкенттің баласы болғандықтан, оңтүстікті жақын қабылдаймын. Туған жерге барып-келуге де жақсы (күлді). Қысқасы, мұнда келгенде өз ортама түскендей болдым. Бұл жақта жан­күйерлердің де қолдауы керемет.

- Облыс  басшылығының «Қайсарға» деген  көзқарасы  көңіліңізден  шыға  ма?

- Бұл сұраққа жауап беру өте оңай деп ойлаймын. Өйткені, оны футболды­ түсінетіндер жақсы біледі. Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы «Қайсардың» №1 жанкүйері ғой. Тіпті, премьер-лига­дағы алғашқы жеңілген екі ойында да стадионға келіп, бізді қолдады. «Сендерге сенемін. Тек ғана алға!» деген сөзімен бізді жігерлендірді. Сондай-ақ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Азатұл­ы да «Қайсарды» қолдауын бір тоқтатқан емес. Жалпы айтқанда басшылық  бізге  сеніп  отыр.

- Былтыр – Курьор, биыл – Барсегян... Бұл қатарды толықтырғанымыз, әрине жақсы. Бірақ, футболсүйер қауым «Тигран да Матиас секілді «Қайсармен» қош айтыспаса екен» деп алаңдайды. Мұны сұрап отырған себебім, көбісі команда­ның  ішкі  ахуалына  байланысты ғой. Бізден кеткен Тоқтар Жаңғылышбай да «Ордабасы» сапында жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүр. Тіпті, ұлттық құрама  сапында  да  доп  теуіп  қайтты.

- Мен мұнда келгелі командадан бөлініп жүрген адамды көрмедім. Бөліп-жару болмайды, біз – бір ұжымбыз, бір командамыз. Қазір клубтағы ішкі ахуал өте жақсы дей аламыз. Ал, Тоқтарға келетін болсақ, кейде ойыншылардың өзге командада өзін жақсы көрсетуі футболда бар жағдай ғой.

- Командада қаншалықты қазақша сөйлесесіздер?

- Негізі, «Қайсар» – ел біріншілігін­дегі ең қазақи команда. Өздеріңіз де білесіздер, мұнда жергілікті түлектер көп. Олар да осы қазақы ортада өсті. Сондықтан, біз көбіне қазақша сөйлесеміз. Командада әртүрлі ұлттың өкілі бар болған соң, түсінісу мақсатында өзге тілде сөйлейтін кездер де кездеседі.

- Командадан кімдерді ұлттық құрама сапында доп тебуге лайық деп ойлайсыз?

- Ешкімді бөліп-жармайтынымыз анық. Әр ойыншының өз позициясы, бапкердің тапсырмасы болады дегендей. Асхат Тағыберген мен Александр Марочкиннің ұлттық құрама сапы­нда доп тепкенін жақсы білесіздер. Бұған дейін Марсель Исламқұлов пен Думан Нәрзілдаев та шақырылған еді. Жастар құрамасының оқу-жаттығу жиынын­да Өркен Махан төбе көрсетті. Бұл, әрине, біз үшін қуаныш. Біздің құрамадағы кез келген ойыншы өзін көрсете білсе, ұлттық құрамадан орын болар еді деп ойлаймын.

- Өзіңіз  ше?

- Әрине, «генерал болуды арман­дамайтын солдат, солдат емес» деген бар. Сондықтан, мен де ұлттық құраманың жейдесін киіп, өз елімнің әнұранын  шырқап, намысын қорғағым келеді­. Ұлттық құрама сапында өзімді бар қырымнан көрсетуге дайынмын. Сол сәтті сезінсем деймін.

- Ойын жейдеңіздегі сан 13 болмағанда, басқа қай сан жазылып тұрар еді?

- Шынымды айтсам, білмедім. Жас кезімде 2-ші, 17-ші нөмірлермен шыққанмын, мүмкін соның бірі болатын шығар. 13-ші нөмірде өнер көрсеткен италиялық сүйікті ойыншым бар еді. Бірінші себебі – осы.

- Екінші себебі ше?

- Алматыға барғанда бос нөмір осы болды ғой (жымиып).

- Үшінші себебі жоқ па?

- (күліп) Мен ол нөмірді таңдағанда олай бөліну жоқ болатын. (Шымкенттік көлік нөмірін айтады - ред.) Мен 2007 жылдан бастап осы нөмірмен өнер көрсетіп  келемін.

- Айтпақшы, футболшылар стильге қатты мән береді. Менің білуімше, сіз шаш үлгісіне жете мән бере қоймайсыз. Командада жарасымды сақалыңызбен ерек­шеленесіз. Стиль өзгерту ойда бар ма?

- Стильге қатты мән бере бермейді екенмін. Сақалды футболдағы стилім деу де қате шығар. Сондықтан, ол тура­лы­  ойланбаппын.

- «Қазақ футболы неге дамымай жүр?» деп біраз журналист ізденіп көрді. Осы сұраққа лайықты өз жауабыңыз бар ма?

- (ойланып) Ең біріншіден, жағдай жасау керек. Футбол мектептерін көп­теп  ашып, инфрақұрылымын  дұрыстау­ қажет. Футбол ойнаймын деген адамға ештеңе де, ешкім де кедергі болмаса деймін...

- Жанкүйердің арманы – ойыны ұнайтын, өзі жақсы көретін футболшының жейдесін алу. Әрі «жейдесін бермейді» деп ренішін білдіретін қолдаушылардың да қатары көп екені байқалады.

- Иә, ойын жейдесін сұрайтын жанкүйерлердің қатары өте көп. Олардың барлығына бірдей үлестіріп беру мүмкін  емес. Оның үстіне бізге беріле­тін  жейде  санаулы  ғана.

- Коробкиннің ойын жейдесін шешіп лақтырғаны, Жаңғылышбай мен Курьордың биі секілді шоулар футболға керек-ақ. Жанкүйерлерге есте қаларлықтай қызықты сәт сыйлауға асықпайсыз ба?

- Шынымды айтсам, мен шоуға еш қызықпаймын. Сол себепті, олай жасай да алмайды екенмін. Менің барлық жұмысым – футбол ойнау. Осы арқылы жан­күйерлерге қызық та, қуаныш та сыйлаймын. Бірақ, ондай шоу істеп жатқан­ адамдар­ға қарсы пікір айтпаймын.

- Дәстүрлі әрі қызықты сауалдарым бар еді, соған кезек берсек. Кім мықты: «Барсело­на» ма, «Реал» ма?

- Мен «Барселонаның» жанкүйе­рімін. Сондықтан, мен үшін «Барселона» мықты (күліп).

- Екеуміз Александр Григоренкоға 3  рет  пенальти тепсек, сіз жеңесіз бе, мен  бе?

- (ойланып) Бұл енді Григоренкоға да байланысты ғой. Кімдікін көп қайтарады дегендей...

- Футболға доп керек пе, көрермен керек пе?

- Екеуі де керек. Допсыз футбол болмай­ды. Ал, көрерменсіз тіпті жетім ғой.

- Кім жеңеді: «Қайсар» әлде «Атырау»?

- Әрине, «Қайсар!»

- Құдай  қаласа! Уақыт  бөліп, әңгімелескеніңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан  Рыскелді   ЖАХМАН

 


БҰЙЫРМАҒАН БАСПАНА PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
27.06.2019 11:10

Кәмпит апаның мақсаты көп. Ол облыс орталығына көшуді армандайды. Көршілері Қазбек пен Байұзақтың Қызылордаға қоныстанғанына жылдан асты. Оларға бір-екі рет қонақ болып қайтты. Таныстарының қалалық өміріне қатты қызықты. Келіні мен баласы­ мектепте жұмыс істейді. Өзі зейне­тақы алады. Сүп-сүйкімді үш неме­ресінің өміріне алаңдайды. Сырттан келген қонақ балаларды көріп аузы ашылады. Шетінен өнерлі, дарынды. Орысша дейсің бе, ағылшын тілі ме, сайрап тұр. Кәмпит апа да немерелері­нің асфальтта өскен балалардай болғанын қалайды. Көптен ойында жүргенін келіні мен баласына жеткізді. Олар алғашқ­ыда анасының сөзіне тосылып қалды.

- Апау, ауыл жаман ба? Ішкенің алдың­да, ішпегенің артыңда. Қартай­ғанда қара шаңырақты тастап қайда барасыз­? - деді баласы Мұхит. Келіні де назын білдіріп еді, кейуана оларды тыңдаған жоқ. Қойдың жасындай қалған­ ғұмырында Қызылордада тұр­ғысы  келетінін  айтты.

«Қалада үй бағасы қымбат. Сатып алуға қаражат жетпейді». Бірақ Мұхиттың бұл сөзі анасын тоқтата алмады. Жинаға­н ақшасының барын айтып, ойын мақұлдатты. Сонан бері Кәмпит апа үйде  отырмайды. Баспана іздеп қалаға жиі  барады.

Көршілері қолдан келген көмегін аямады. Небір үйді көрсетті. Пәтер иелеріне жолықтырды. Десе де, кейуан­а арзан үйді таппады. Баласы  айтқандай пәтер бағасы қымбат. Бірақ көпбалалы ананың тауы шағылмады. Табатынына сенімді болды.

Бірде тағы да облыс орталы­ғы­на барды. Жарнама бойынша  3-4 пәтерді көр­ді. Бірі ұнаса, бірі ұнамады. Көңілге қонған баспананың бағасы тым қымбат. Әйтпесе бөлмелері кең, жанға жайлы. Ал келісілген нарқы қалта көтермейді. Ондай ақша тыл ардагерінде қайдан болсын. Қаладағы пәтер кезегіне тіркеліп қойған. Қай уақытта алатынын өзі де білмейді. 10 мыңыншы­ кезек келемін дегенше, о дүниеге кетіп қала ма? Көзі тірісінде баласы мен келі­ніне  үй сыйлап, қуантқысы келеді. Жаңа  үйге қолы жетсе, Аллаға арманы жоқ. Бағаға ұнжырғасы түсіп, есік алдына­  шықты. Көшеде әрі-бері жүріп, көршінің үйіне бет алды. Артынан әлдекім:

- Апа, тоқтаңызшы! - деді. Дауысқа­ елең етіп, артына қарады. Елулердег­і  әйел.

- Сәлеметсіз бе? Халыңыз қалай? - деді  ол. Өзінің  аузы-аузына  жұқпайды­. Ашық-жарқын мінезімен баурай сөйледі.

- Бақытты  бол,  қарағым!

Екеуі  ауладағы  орындыққа  отырды. Әйел  есімін  Аида деп таныстырды­. Үш бөлмелі пәтерін  сатады екен. Бағасы да қолжетімді көрінеді. 1 миллион  200 мыңға  алуға  болады. Мына ұсы­нысты­  естігенде Кәмпит апа қуанып кетті. Алдымен үйін көрсетуді сұрады. Пәтер иесі жақын маңда тұратын болып шықты­. Екінші қабаттағы сұр есікті ашып, ішке  кіргізді.

Зейнеткерге Аиданың пәтері ұнады. Бөлмелері кең әрі жарық. Іздегені алдын­ан шыққанына қарт  ана біраз толқы­ды. Аида қонақжай екен. Әжей­дің  керек емес, әуре болма дегенін тыңдаған жоқ. Газ плитасына шай қойды. Шын пейілімен дастарқан жайды.­ Не керек, екеуі шүйіркелесіп шай ішті. Пәтер иесіне кейуана қатты риза болды. Бірнеше күннен соң келіп, баспананы сатып алатын болды. Қайта­тын уақытта Аида әжейдің бетінен сүйіп, аулаға дейін шығарып салды.

Кәмпит апа қаладан көңілді оралды.­ Үй тапқанын айтқанда баласы мен келіні сенбеді. Миллион екі жүз мыңға үш бөлмелі пәтер түсе ме? Екеуі анасының бетіне күмәндана қарады. Тыл арда­гері қуанышын ағайын-туыспен бөлісті. Бірнеше күннен соң, келінімен Қызылордаға келді. Әдеттегідей пәтер иесі алдарынан шығып күтіп алды. Өткендегідей есікті ашып, пәтерді көрсетті. Ашық-жарқын әйел келіні Балнұрға да ұнады. Келіншектің қуаныштан кәдімгідей есі шықты. 1 миллион  200 мың теңгені санап алған­ Аида үш айдан  соң  үйдің атына аударған­ құжатын  беретінін  айтты. Ауыл  адамдарының  ойында  күмән болған­ жоқ. Бір апта өткенде зейнеткер қара шаңы­рақты тастап, қалаға көшті. Баласы мен келініне де жұмыс табылды. Ал арманының орындал­ғанына кейуана мәз. Ағайын-туысты жинап, қоныстойын  тойлады.

Арада үш ай да өтті. Аида сол күйі хабарсыз кетті. Бұлар қоңырау шалса, телефоны өшірулі. Үй иесін зейнеткер «аман жүр ме» деп уайымдады. Кәм­пит апаның қуанышы көп уақыт өтпей, су  сепкендей  басылды.

Бір күні есікті біреулер келіп қақты. Сот орындаушылары мен пәтердің шын иесі екен. Аяқ астынан айғай-шу басталды да кетті. Аида пәтер иесінен баспананы ұзақ мерзімге жалға алыпты. Сөйтіп алаяқтық жолмен, зейнеткердің ақшасын алып кетіпті. Кейуана қала қуына алдан­ғанына қатты өкінді. Жинаға­н ақшасы әлдекімнің қолында кеткеніне,  балаларына  бұйырмағанына іші  ашыды. Сатып­  алған  пәтерінің  тағы бір иесі бар екенін қайдан білсін. Алайда­ заң шектен­ шыққанды кешірмейді. Жасы үлкен, тыл ардагері деп қарамайды. Ақыры кейуана отбасымен далада қалды. Сот орындаушылары олардың «пәтерде тұра тұрайықшы» деген­  сөзін  тыңдаған  жоқ. Заттарымен сыртқа  шығарып­   тастады.

«Үйімнің ауласынан кетпеймін» деген­ әжей әкімдіктен баспана мәселесін шешіп беруді сұрады. Ал пәтер сатушы Аида кейуанадан басқа 58 адамды  алдап, қаражатын қалтаға басыпты. Көпбалалы ана, еңбек ардагері осылай алаяққа арандап қалды. Сонан бері 1,5 жыл өтті. Қызылорда қалалық соты пәтерді алаяқтық жолмен сатқан әйелді 4 жарым жылға бас бостандығынан айырған­.

 

(Кейіпкерлердің  есімдері  өзгертілген).

 


МОНШАҚТАЙ ӘҢГІМЕЛЕР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
27.06.2019 11:00

Ерғали  Абдулла

ӘЙЕЛ

Еркекке ең жақын да – әйел, ең қашық та – әйел. Еркектің  ажары да – әйел, еркектің тажалы да – әйел. Еркектің күні де – әйел, еркектің түні де – әйел. Еркектің қимайтыны да – әйел, еркекті қинайтын да – әйел.

 

НЕТКЕН  ҚОРҚЫНЫШ?

Қараған көзден қорқамыз. Тараған сөзден қорқамыз. Жиналған топтан қорқамыз. Ақылы жоқтан қорқамыз. Ішкен арақтан қорқамыз. Қысқа  балақтан  қорқамыз... Ең аяғы ештеңе жазылмаған аппақ парақт­ан қорқамыз...

 

ЖАҢА   ҚАРҚЫН

Бұл жолы жан-жағындағылардың жағымпазданған тегеуріні өте күшті, сұмдық қатты болды: аудан әкімі әп-сәтте, қас пен көздің арасында өзін облыс әкімі боп қалғандай сезініп, көпке дейін өзіне-өзі келе алмай, екіұдай, есалаң күй кешіп отырды...

 

«ДАРЫН»

Ел ішінде арадай гуілдеген көп өсектің ішінен өз өсегін айнытпай танитын қатын...

 

ОТЫР

Қоғамдық келелі кеңестерде қоғамға жаны ашымайтын біреулер жылдар бойы томсырайып, том­пиып, тоңмойынданып отыр...

 

УАҚЫТ   ТАПШЫЛЫҒЫ

Ойлануға уақыт таппаған адам өмірде өз жолын табуға уақыты жетпей­  өтеді.

 

ЛЫПЫЛДАҚ

Лапылдап жанып тұрған жігіт деп қаласың. Жүре-келе қарасаң, лапылдап емес, оның лыпылдап жүргенін білесің. Қолды-аяққа тұрмай лып-лып етеді... Лапылдап жанбаса да, осы лыпылымен-ақ біраз жерге барат­ынын ішің сезеді...

 

МӘСЕЛЕНІҢ   МӘНІСІ

Көпшіліктің көкейіндегі күп­сін­ген күлбілте мәселелерді әлеумет­танушыларымыз емес, әлеуметтік желілеріміз дөп басып жатыр...

 

ТІРШІЛІК   АЖАРЫ

Ойларың ит тұмсығы батпайтын ну ормандай қаншама көп болса да, ара-арасында әзіл айтып ойнауға да, әніңді айтып тойлауға да уақыт таба жүр.

 

АДАМ  мен  ҚОҒАМ

Алданбайтын адам жоқ. Алданбайтын қоғам жоқ. Арланбайтын адам бар. Арланбайтын қоғам бар.

 

ЖАС  ӨСКІН

Маңдай тердің шүмектеп аққан суымен емес, әке қалтасындағы ақшаның  гүмпілдеген буымен өске­ні көрініп тұр.

 

АЙТПАСА  ДА  ТҮСІНІКТІ

Жан досыма ешқашан мен сенің досыңмын деп айтып көрмеппін.

 

ЕЛ  ҮШІН

Елдің реңіндегі дерті – ердің жүрегіндегі серті.

 

ЖОЛЫН  ТАППАҒАН

Кей сөз құлаққа сіңгенмен де, жүрекке сіңбей далада қалып жатады.

 

МАҒАН  НЕ  БОЛҒАН?

Айналамдағы көп адамның көңілі – атақ пен ақшада. Ал менің көңілім басқада...

 

ПАРТФОЛИО

Өмір бойғы бастықтарыма дән ризамын. Бірін-бірі аңдып, бірімен-бірі жағаласып, алысып-жұлысып, өздері қол жетер жердегі атақтарды қылдай бөлісіп алған соң, көңілдері көншіген, маңдайлары жібіп тер­шіген сәттерінде мені де ұмытпай, естері­не түсіріп, бір-екі парақ қағаздарме­н марапаттауды ұмыт­папты.

 

АКЦИЯ

«Жемқорлыққа жол жоқ» деп өңіріміздің ең белсенді жастары ортал­ық алаңда тамаша акция өткізіп жатыр. Бірақ бұлардың ен қаланың ішінен етектей жер таппай, аудан әкімшілігінің қарсы алдында жігерлене, қайраттана, құшырлана айғайлап, айналаны жаңғыртып тұрғандарына жол болсын.

 

МҮЖІК  МАРЖА  ҚҰСАП

Біздің нәзік жандыларымыз кеми­ек кемпір болған кезінде, қазақтың бес биенің сабасындай бағлан­ бәйбішесіне емес, орыстың қатып-семген қазды аяқ, мүжік маржасы­на  ұқсауға тырысатыны несі  екен?!

 

САЙРАҒАНДАР

Біреу сала-құлаш тілімен ертелі-кеш жағы жабылмай сайрап жүр. Енді біреу құр сампылдап сайрап қана қоймай, қалтарыс-бұлтарыстарда бірді-бірге қызыл тілмен «қайрап» жүр.

 

АТЫНА  ЗАТЫ  САЙ

Атышулы, үлкен-үлкен қорлардың жылдар бойы жиналған көп қаржыс­ы текшеленіп, пәттеленіп, қорланып тұрады да, ақыр аяғында жоқ пен барға, күл мен қоқысқа оңды-солды жұмсалып, қиқым-сиқы­м жұмыстарға босқа кетіп қор болады.

 

МІН

Мүләйімсігеннің міні жоқ деме. Мүттәйсіп, майысып мүләйімси беруді­ң өзі – мін.

 

ОСЫНДАЙ   ҚЫЗҒАНЫШ

Басыма келіп, қаламыма орал­ған, әлі ешкім айтпаған ғажап ойлар туған кезде, соны бауырыма басып жүріп, көпке дейін ешкімге айтқым келмей, біршама уақыт жасырын ұстап, жүрегімде әлдилеп ұстап жүретінім бар.

 

ҚЫЛЫҚ  пен  БЫЛЫҚ

Әйел қылығымен, жігіт «былығымен»... қызықты...

 

«ҚУЫРШАҚ»

Қуыршақтар өздерінің қуыршақ екендігіне ұялмайтын, қызармайтын, қысылмайтын қалың бет, қимаң құйрық заманға да жетіппіз.

 

АУЫРЛЫҚ

Ауылдағы тепеңдеген, теке көз төрт-бес шалдың аузын қалай майлап, тамағын қалай жібітіп, тырысқан қабағын қалай жазамын деп, қарекеттеп жүр­ген ауыл әкімінің күні де күн болмай барады.

 

КӘРІ   МАЛАЙ

Шені үлкеннің алдында құлдыраң қаққан келтекбастардың талай-талайын көргенбіз. Енді, міне, ата сақалы аузына түссе де, үйінде жатпай, бұты қиса­йып, белі айналып, «бала» бастықтардың алдында дәудіреңдеген ірің көзді, қара сақал кәрі «малайды» да көріп отырмыз...

 

МАСКАЛЫ   АДАМ

Қырық жыл киген маскасы бетіне жабысып қалған...

 

Арал  қаласы

 


ҚАСҚЫРДЫҢ КЕГІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
27.06.2019 10:57

Күн бесінге тая­ған шақ. Аспан айналып жерге түскендей ыстық. Үп еткен жел жоқ. Үлкен төбенің астын­дағы апанда екі сұлба қараяды. Бірі – арлан, екіншісі – ана қасқыр. Жаңа туған бөлтіріктер енесінің бауыры­нда жатыр. Бұл маңайды екі қасқыр мекендейді. Түз тағысының тектілігі шығар. Арлан ауылдың малы­на тиіспейді. Қорқаулық, қомағайлық  танытпайды. Қорек­тік азықты алыстан әкеледі. Ауыл тұрғындары да апанның маңына жуымайды. Ескі таныстай, екі қасқырға көздері үйренген.

Биыл қыстақтың малы күйлі шықты. Жылдағыдай емес, шығыны аз. Сәлімге табысты жыл болды. Қора-қопсы төрт түлікке толды. Малы ие бермегесін ұсақ-түйегін базарға апарып сатты. Қой-ешкісінің азын-аулағын  ірі  қараға ауыстырды.  Құралған  қаражатқа  жаңа көлікті  тізгіндеді. Үйіне жөн­деу жұмыстарын жүр­гізіп,  жиһаздарын жаңалады. Мұның бәрі адал еңбек­тің  арқасы.

Мал қайырып жүрген Сәлімнің көңіл күйі көте­ріңкі. Көптен бері әу демеп еді. Бір мезет ән салды. Бірінен соң бірі көмейінен саз лықсып төгіледі. Ән айту бала кезден әдеті. Өзінің  әжептәуір дауысы бар. Әртіс боламын деп еді. Әкесі мен шешесі  қарсы  болды.

-Оқуды тауысқан талай­ адамды көрдік. Шекесінің шылқығаны  шамалы.  Тұрмысы бізден асқан ешкім жоқ. Бір айлықпен қалай өмір сүресің? Шайлығыңа да жетпейді ғой. Ата­кә­сіп­тің тұтқасын ұста. Мал бақ, еңбет ет,-деді.

Сәлім әке-шешесін тыңдады. Мектеп бітірген соң, оқуға барған жоқ. Жеке шаруа қожалығын құрды. Төрт тү­лік­тің басын көбейт­ті. Қазір екі жүзден  астам­ жылқы, түйе, сиыры бар. Қой-ешкісі 2 отарға жуықтады. Келе жатып, төбе басында қарауытқан сұлбаны көрді. Шоқиып отырысы итке ұқсайды. Айтақ, айтақ деп айқайлап еді. Жануар ештеңеден ыққан жоқ. Қапелімде аузына сөз түспей қалды. Бойын үрей билеп өтті. Зер сала тағы қарады. Қасқыр екен. Сәлім еліріп айтаққа басты. Арлан ащы дауысқа ызалана қарады. Сенде жұмысым жоқ дегендей, орнынан түргелді. Ал Сәлімді түлен түртті. Аяқ астынан бойында батылдық пайда болды. Астындағы атын қамшылап, шауып барды. Қасқыр алдында баяу жортып барады. Қызынып алған жігіт  қамшымен қасқырды салып қалды. Арлан кілт тоқтады. Сәлім  тағы да ұмтыла берді. Бұл жолы түз тағысы қолындағы қамшысын арс етіп қапты. Күштілігі сондай белінен шарт сындырды. Есік пен төрдей ірі қасқыр еркелі­гін қайтсін. Жігіт арланның ашуынан ықты. Енді тиіссе аямай­тынын білді. «Менімен ойнама! Шамаң­а қара!»  дегенді ұқтырған түз тағысы  алыстай  берді.

Кешкі тамақ үстінде баласы әке­сіне қасқырды айтты. Сәлімге әкесі қатты  ренжіді.

- Қырыққа келсең де, ақылың жоқ. Айдаладағы арланда нең бар? Артынан­ қуып, қамшы сілтегенің не? Жазым қылса қайтесің? - деді  Саят.

Жазым деген сөз баласының шымбай­ына батты. Кеудесін намыс кернеді.

- Сонда қасқырдан қорқуым керек пе?

- Байбалам салатын ретің жоқ. Түз тағысы өздігінен тисіпейді. Оның жақын арада апаны бар. Малға шаппайды. Азығын алыстан тасиды. Маңайдағ­ы ел-жұртқа залалы жоқ. Енді көрсең, тиіспе!

Мұнан кейін Сәлім арланды бірнеше рет көрді. Әкесінің ескертуінен соң, жолаған жоқ. Аптап ыстықтан шөл қысып, дорбасына қол салды­. Салқын айраннан рақаттана сімірді. Құрғаған таңдайы жібіп, терең тыныс алды. Апшысын қуырған ыстықтан мал иіріліп, бұта түбінде жусап жатыр. Сәлім жыңғылдың көлеңкесіне аяқ суытты. Көз жетер тұста тағы да қас­қырды байқады. Өткендегі арлан батыс­ты бетке алып кетіп барады. Жүрісі ширақ. Қайда барады екен? Түз тағысының  соңынан  айран-асыр болып қала берді.

Бірде Сәлімнің құрдасы Төкен баласын сүндетке отырғызды. Ел-жұртты жиып, той жасады. Жолдастарымен басы қосылып, ішімдіктен біраз сілтепті.  Үйіне қалай келгені есінде жоқ. Таңертең әйелінің ай­ғайынан оянды. Басы зілмауыр тартып, ауырып жатыр. Орнынан әрең тұрды. Өзінен басқа малға қарайтын адам жоқ. Ата-анасы ауылда. Бұлар қожалықтың жұмысымен ауылдан біраз шақырым жерде тұрады. Қол­қанат болатын балалары жас. Әйелі үй жұмысынан артылмайды. Амал жоқ, мастығы тарамастан таңғы асын ішті. Аяғы шыққан баладай атына әрең отырды. Түскі асқа дейін Сәлім ұйқылы-ояу жүрді. Ат үстінде ұйқы қысып, қалғи берді. Түскі асты ішіп, жайланған соң, сергігендей болған. Бірақ арақ уыты бойында. Өзін-өзі басқара алмайды. Кенет қырдағы шоқыға көзі түсті. Өткендегі арлан шоқиып отыр. Сәлім атына қамшы басып, айтақтады. Иттер үргенімен, қасқырдың мысынан қорықты. Қыңсылап  жанына  жуымады. Сәлім­нің бойын ашу буды.  Артынша әке сөзі есіне түсіп, кілт тоқтады. Сойыл сілтесе, қасқырдың  аямайтынын білді.

Күндер өтіп жатты. Сәлім мал жайылымындағы жұмыстан ауыс­пайды. Таң атқаннан  кеш қарай­ғанша өрісте жүреді. Соңғы кезде әкесіне­ «екі адам алайық» деп ұсыны­с тастады. Бір кісіге қарау қиын. Жылқы, түйелері қиындық тудырмағанымен, ұсақ мал шаршатады. Кешке дейін діңкесі құриды. Аяқ басуға жарамай қалады. Үйіне келгенде ішусіз қалатын кешкі ас көбейді.

Бірде мал бағып жүріп, Сәлім апанды көрді. Қызықтап жанына келді. Қасқырдың бауырын көтерген үш бөлтірігі жүр. Енесі көрінбейді. Сол екен, бөлтіріктерге бүркіттей шүйлікті. Бірін тірі қалдырмады. «Бұлар көбейсе, малдың жауы» деді үлкен іс тындырғандай. Жазықсыз бөлтіріктер  адам  қолынан  өлді.

Үш күннен соң, қожалықтағы малға­ қасқыр шапты. Бір қызығы, тамақт­ан орғанымен, етін жемепті. Баласының ағаттығына әкесі қатты күйінді. Сонша малды қалай қарауыл­дасын? Арлан ашуға шындап мінді.  Апта ішінде мал басының саны азайды. Түскен тістей сиреді. Үш бөл­тіріктің құнын даулағандай, түз тағысы­ мұнымен тоқтаған жоқ. Адамд­а кеткен ақысын жібермеді. Сәлімнің үйіне шабуылдады. Арлан тысқа шыққан үй иесіне тұра атылды. Есік алдында сарт-сұрт шайқас басталды. Өмір мен өлім текетіреске түсті. Көмекке келетін адам жоқ. Сәлім  ауыр жарақат алды. Ызалы тағы қабырғасы мен санын аямай қапты. Үй иесінен қан саулап ағып жатыр. Сірескен қолдар арланның алқым­ында қатып қалыпты. Көршісі Иса болмағанда демі үзіліп кете ме, кім біледі? Есік алдындағы апыр- топыр­ды көріп жүгіріпті. Келе сала көрші  қора сыртындағы айырды алып, қасқырға сілтей берді. Жауығып алған­ арлан қайтқан жоқ. Ызалы жанардан от шашады. Артынша ойбайы­н салып­, әйелі шықты. Шырылда­ған бала-шаға шулады. Адамдардың тобыр­ын көріп, қасқыр бүлкекке салып ұзай берді.

Сәлім төсек тартып біраз жатты. Жарасы жазылғанша малға шықпады. Алайда үй иесінің іші удай ашыды. Ісіне қатты өкінді. Қасқырға тимегенде  мұндай жағдайға түспес еді. Мұнан кейін арлан жоғалып кетті. Адамның озбырлығынан жайлы мекен іздеді ме екен...  Қайда кеткені белгісіз.

 


ҚАРА СИҚЫР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
27.06.2019 10:54

Соңғы уақытта Маржан жайсыз түс көріп жүр. Түнде бастырылып шошып оянады. Таңға дейін көз ілмейді. Белгісіз түсі суық біреулер мұны қоршап алады. Қорқынышты дауыс әбігерге салды. Мазасын кетірді. Күні бойы денесі дел-сал. Жүйкесі де сыр бере бастады. Не болғанын өзі де түсінбейді. Қызметкерінің бойындағы өзгерісті көріп, басшысы ұзақ ойланды. Бұл келіншекке не болды? Жұмысына тиянақты еді. Соңғы кезде  тапсырманың бірі орындалса, бірі атқарылмай қалады. Артық сөзі жоқ, қызметіне ұқыпты оны басшысы Айгүл жақсы көреді. Үнемі ұжымға мақтап отырады. Адам аяғы  азайғанда басшысы Маржанды шақырды. Неге  көңілсіз жүргенін, жұмысқа салғырттығының себебін сұрады.

Келіншек жылап отырып, басынан өткенді айтып берді. Айгүлдің қабағы түйілді. Бетіне ашудың табы шықты. Бір уақытта өзі де осындай  беймәлім жайды басынан өткізді. Қанша қиындыққа тап келді. Ақыры қара сиқырдан әрең құтылды. Яғни Маржанға да біреу жамандық істеген. Әйтпесе дені сау адамның  дел-сал болуы мүмкін емес.

-Айналайын, ертерек қам жасау керек. Бұлай арқаны кеңге салып жүруге болмайды. Мұны басымнан кешкесін білдім. Бойыңда қара сиқыр бар. Тез құтылғаның жөн. Әйтпесе өзіңе қиын болады. Ерте ме, кеш пе денсаулығыңнан айырыласың,-деді Айгүл Болатқызы.

Басшысының сезімталдығына Маржан қатты таңғалды. Ойын ішінен түсінетін көрегенділігіне риза. Сондай сезімтал. Жаны жайсаң жан. Қай қызметкері болмасын бөліп-жармайды. Көмек қолын созады.

Берілген мекенжай бойынша Маржан тәуіпке келді. Бұрын мұндайға сенбеуші еді. Амалсыздан есік табалдырығын жасқана аттады.  Алтыншы адамнан соң алдына кірді. Іштей Жаратқаннан кешірім сұрады. Тілін кәлимаға келтірді.

Елуді еңсерген ақсары әйел психолог сияқты. Не болғанын сұрамай өзі айтып берді. Маржанға қызметтегі әйелдің бірі  қара сиқыр жасаған. Тамаққа қосып, дуа беріпті. Бұдан былай берілетін тағам мен сыйлыққа мұқият болуды ескертті. Ақ параққа жазып, бойды тазалайтын қажетті заттарды әкелуді тапсырды. Маржан тапсырмасын мұқият орындады. Үш күн тәуіпке оқытылып, заттарды  өзенге ағызды. Еңсесін басқан зілмауыр салмақтан арылды. Жүзі жадырап сала берді. Ұйқысы да тынышталды. Қасынан қалмайтын Ұмытшақпен қарым-қатынасы сиреді. Ол да бұрынғыдай емес. Бұйығы. Бар-жоғы білінбейді. Әріптесін іші тар, қызғаншақ деп ойламапты. Маржан – көрікті келіншек. Төрт баласы болса да, мүсіні сымбатты. Өзін жақсы күтеді. Ал Ұмытшақ  өзінен бәрін аяйды. Киімге, қажетті керек-жараққа ақшасын қимайды. Жасына қарамастан, егде көрінеді. Сырт көзге тұлғасы да сүйкімсіз.Бұл жағдайдан кейін  Маржан әріптесімен сирек араласады. Қара сиқырдан қорғану үшін, құран аяттарын оқып жүреді.

 


ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚАТЫНЫ БОЛАМЫН! PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
27.06.2019 10:45

Мұхтар  ШЕРІМ

Әйелім әй-шәй жоқ, фильмдердің атауларын араластырып, таң атпай сұңқылдап берсін!

– Әй, суға батқан «Титаниктей» сүмірейіп, неғып отырсың? Әлде, басыңнан «Қараш-қараш оқиғасы» өтті ме?

– Қойшы, «Бандыны қуған Хамит» деймісің мені?

– Әлде, «Атаманның ақыры» келді ме? Жұрттың бәрі президент­ болғысы келіп, сайлауға «Балконнан» қарап, жанта­ласып жатыр!

– Е, олар біздің заманның «Алдар көселері» ғой...

– Немене, сен «Соңғы аялдамада» тұр ма едің? «Тақиялы періштед­ей» бола қоймашы! Сен де сайлауға қатыс! Билікте бес жыл қызмет еткенің бар, ауыл әкімдігінен қуылып кеткенің бар, ішіп алып, көршіңді тепкенің бар, «Жоңышқа егемін» деп есік алдына бірдеңе сепкенің бар дегендей, менің де президенттің қатыны  болғым  келеді!

Әйелімнің әзірейілдей әңгімесін естігім келмей, далаға шығып­ кетіп, дәретханаға тығылдым. Әншейін отырғанмын, біреу сұңқылдай жөнелді.

– Президенттің қатыны болғым келеді! - деп әйелім жер тепкілеп­ тұр екен.

– Гүлсары, тыңдашы мені. Кезінде «Сталинге сыйлық» бергенде­рдің де меселі қайтқан. Жұрт мені тыңдап, қызығатындай, «Бриллиантовая рука» да емеспін. Ел басқара алмаймын!

– Сайлау сайын санын шапаттап, шапқылай жөнелетін Жынды­бас Кеңкелесовтен кемсің бе? «Менің атым Қожа» деп, сайлау комиссиясына жетіп бар.

– Ал, барайын, «Қыз Жібек» сияқты жылап қаласың!

– Немене, ол жақта сені «Транссібір экспресі» таптап, «Көксерек» үстіңнен аттап кетеді деймісің? Жоқ әлде, «Фантомассың» ба?

Әйелімнің әзірейілдей әңгімесінен қашып, бақшамыздағы алма ағашының бір бұтағына шығып алдым. «А зори здесь тихие» болып. Ол алма ағашын сілкілей бастады. Тура «Бақсы» құсап тұр. «Үйге кіріп, «Служебный роман» болайықшы?» десем де, көнер емес. Кенет ол қатты сілкіді ғой деймін, мен отырған бұтақ сынып­ кетіп, «Хош бол, Гүлсары!» - дедім де, құлап түстім. Арғы жағы есімде жоқ. «Москва слезам не верить» демекші, сайлау көз жасқа қарамайды...

 


ЗАМАН ЖҰМБАҚТАРЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
27.06.2019 10:43

Жерді де дайын жұтуға...
Ерді де дайын жұтуға...
Көрді де дайын жұтуға...
Құрықтың сезсе қимылын,
Шетелге дайын зытуға...
(Жемқор)


Жылдан-жылға өседі...
Қолдан-қолға көшеді...
Болатын істі болдырмай,
Болдырғанмен оңдырмай,
Сол сұмырай шешеді...
(Пара)


Берген кісі жағады,
Бермесе түсер қабағы.
Тындырмай айтқан ісіңді,
Түрлі сылтау табады...
(Парақор)


Өзіне дұрыс бұнысы,
«Пайданың көзі» – бұл ісі...
«Клиент» іздеп кісіге,
Күн-түні қауырт жұмысы...
(Жеңгетай)


Көңілі сұйылады,
Құлқынға құйылады...
Тәбеті тыным бермей,
Теңге үшін «ұйығады»...
(Жезөкше)


Оң қолында – бес қармақ,
Сол қолында – бес қармақ.
Ойына алған «олжаны»,
Қалған емес кеш қармап.
(Ұры)


Аңқауды алдап,
Аларын алмақ...
Жымысқып жүргені,
Жан-жағын жалмап...
(Алаяқ)


Ешқандай жоқ еңбегі,
Ертелі-кеш ермегі –
Құлы болып құлқынның,
Елден сұрау теңгені...
(Алқаш)


Біріне-бірі ор қазады,
Құлату үшін зор қазады...
(Бақталастық пен
тақталастық)

 

ҚАЗЫБЕК

 


БАЛА АРҚЫЛЫ «БАЙЛАНЫС» PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
27.06.2019 10:38

Назбике терезеден көршісі Бозымның бес жастағы баласын өңгеріп өзінің үйіне қарап отырғанын ұнатпай, оның үстіне өткендегі өктемдігі есіне түсіп, бұл да бестен асқан баласын білегінен сүйреп сыртқа­  шықты. Тиісерге сылтау  таппады. Көз жетерлік, сөз жетерл­ік жерде отыр. Адам бойынан асатын арадағы ағаш шарбақтың болғанына екеуі де шүкірлік етеді. Әйтпесе, сөз еттен өтіп сүйекке жеткенде неше мәрте бір-біріне тарпа ұмтылған. Құдайға шүкір, ала шарбақтың арқасында әзірше екеуі  де дін аман.

Ана жақтан әрекет болмаған соң, Назбике өзімен-өзі ойнап отырған баласының қолындағы қола темірді жұлып алды.

– Әй, пәле, пәлекеттің пә­лесінде нең бар! Не, ойнасаң өзіміздің темір-терсек таусылып қалып па? - деді де, онысын  құлаштай  сермеп ала шарбақтан  асыра  лақтырып  жібер­ді.

Бозым да белін буып мығым отыр екен, алдына алған баласына зеки жөнелді.

– Ал, ей, анауыңды! Әне лақтырды. Ойыны осылып, керег­і болмағанда сөйтеді олар.

Сол сол-ақ екен, ар жағы мен бер жағындағы кезекпе-кезек­ «айтыс» басталды да  кетті.

– Ендігәрі солардың бір бұйымын қолыңнан көрейін!..

– Жетпегір, нең бар беріп. Әне, сен оған мынаумен ойнай қой дегендей дікеңдеп жатыр. Қашанғы айтамын, бұған жолама деп! Көрдің бе, қарап тұрып сөз естідік.

– Бұйымы тұрмақ өзіне жолама­. Ойнасаң басқа бала құрып қалып па? Ойының осылы­п бара жатса, ана Әді­гейдің шарбағына бар. Балала­ры қандай, әке-шешеден өнеге көрген...

– Өнегешілін! Ей, ендігәрі сен де мынаның маңынан жүрме. Әдігей дейді ғой, қайдағы бір қаңғыбасты үлгі ете қапты. Одан  үйренсе, үлгі алса жетісер. Әлгі, көрсеқызар, іштарлықты бұлар қайдан үйренді десем, е, бәсе, былығының басы сонда жатыр екен ғой. Сен бұған да, анау айтқан Әдігейге де жолама. Өзіміздің үлкен қайнағаның балалары­-ақ жетеді ойнауыңа.

– Әй, Әдігейден садаға кет! Ең алдымен, соның істеген тірлігін істеп алшы. Мыжырай­ған мына тамда қашанғы отырмақшы екен-ай.

«Жыртық тесікке күліпті» демек­ші, атам айтып отырушы еді: «Көршінің үйі атам заманғы, менің ес білгенімде бар бо­ла­тын» деп...

– Атаңның сандырағына болайын­. Е, ол кісі көзі тірісінде көсем кісі еді ғой. Ел айтады, келіні болмады... кемпірі кеткен соң күйі келмеді. Келінге күйік болғанша кемпіріме кетейін деп, көп  тұрмапты ғой жарықтық.

– Күлегешін мұның. Жақсы болса әке-шешесі кенжесінің қолында тұрар еді ғой. Тұрмақ түгіл бас сұға ма екен бұның үйіне. Естігенбіз, енесін ожаумен ұрғанын...

– Ей, байқап сөйле! Басыңды жарамын!

– Жарғызып жария етпейтін енең емеспін...

– Қарай гөр-ей, мынаны! Күшейген екенсің! Семірген екенсің. Бәрі ана байыңның базаршылығының­ арқасы.

– Сені де білеміз. Мына балық­тай былқи семіргенің бір байыңның табысы емес екенін. Бір біз ғана біледі деймісің. Құдай бар болса, арты ашылсын, жазар жазасын алсын. Сонда көрер едім көсемсігенді.

Жағыңа жылан жұмырт­қалағырдың  қорлығын-ай, ә!   Әй, шешек, затына ие бола алмай­ жүрісін мұның. Ал ана темірді. Көрмегенің оның жүгермегі болсын!­

– Әй, жүгермек, жүр үйге, мына заржақты құдай жеңбесе, біз жеңе алмаспыз.

– Жап есікті, ана айғайшының айғайынан құлағым тұнды.

* * *

... Ертесінде кешегі ұрысқа «делдәл» болған екі ерке көшеде бетпе-бет келді.

– Сенің мамаң жаман.

– Өйтпей-ақ сенің мамаң.

– Ойыншықты бізге қарай лақтырған сенің мамаң ғой.

– Сенің мамаң көп сөйледі.

– Сенің мамаң менің мамама жаман сөз айтты.

– Сенің мамаң менің папамд­ы базаршы деді ғой.

– Не, базаршы екені өтірік пе?..

– Сенің папаң байлықшы дейді ғой. Басқаның байлығын бермей қояды екен де, үйлеріңе әкеп жинай береді екенсіңдер ғой. Ана машинаны сонымен алыпсыңдар...

– Жап аузыңды. Өйтпей-ақ, папам оны сатып алған.

– Жапсаң жап! Сенің мамаң көп сөйлейді...

– Өтпей-ақ сенің мамаң көп сөйлейді.

– Мә ендеше...

... Апыр-топыр алысып Бозым­ мен Назбикенің екі кенжеле­рі көшенің қақ ортасында белдесе кетті...

Бұл уақытта Бозым мен Назбике кешегі көршімен бол­ған­ кикілжіңді майын тамыза­, жібін жатқыза күйеу­леріне айтып, күрең шайларын құйып беріп отырған...

Берік  САДЫР,

Нұр-Сұлтан

 


ОТ БАСУ КҮНІ ЕМЕС, ҚОШТАСУ КҮНІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
27.06.2019 10:36

Кеше ғана мектеп табалдырығын именіп аттаған жас жеткіншектер бүгінде үлкен өмірге қадам басқалы тұр. Соң­ғы қоңырауын соғып, мектеппен қоштасу валь­сін билеп, жаңа өмірге жол бастайтын алғашқы сынақтан ойдағыдай өтті. Ендігі кезектегісі – мектеп біті­ру кеші. Мектепте өткіз­ген талай қызықты уа­қытты, достармен өткіз­ген керемет шақтарды қорытындылау сәті. Бұл күнді оқушылар асыға күткенімен, жақындаған сайын ата-аналардың алаңдайтыны анық. Себе­бі, қазіргі мектеп бітіру кешінің ең басты мәселе­сі – қаржы. Оны бірінің қалтасы көтереді, енді бірі әуре-сарсаңға түседі. Тіпті, бұл кезде несие алатын ата-аналар да бар. «Өмірінде бір-ақ рет келетін кештен балам құр қалмасын, достарымен көңіл көтерсін» деп қаржыны қайдан болса да тауып  береді.

Аз ғана уақыт Білім және ғылым министрі  болған Күләш Шәмшидинова Үкімет отырысында мектеп бітіру кешін өткізу туралы өз пікірін білдір­ген болатын. Айтуынша, бұл мәселе жыл сайын көтеріледі. «Бұрын бітіру кеші қалып­тасқан дәстүр бо­йынша мектеп қабырғасында өткізіле­тін. Өкінішке қа­рай, қазіргі кештер жа­рысқа  айнал­ды. Сонымен қа­тар, мектеп біті­ру кештері бұрынғы форматта, яғни мектеп қа­быр­ғасында өтуі керек, себебі мұндай кештер шын мәнінде мектеппен қоштасу және болашаққа жоспар құру кезеңімен сәйкес келеді. Сондай-ақ, ата-аналар мен мұғалімдер оқушылардың қауіпсіздігіне мән беруі қажет. Кез келген іс-шара бірінші кезекте осы мәселеге сай жүргізілуі тиіс. Сол себепті біз мұндай шараларды мектеп аумағында, еш артықшылықсыз өткізуді ұсынамыз. Артық басқосулар, қымбат киімдер, аста-төк дас­тарқан ешкімге қажет емес. Бітіру кеші жарысу үшін емес, оқушылар мен ата-аналардың, мұғалімдердің еркін қарым-қатынас орнату нәтижесінде ұйымдастырылуы  керек», - деген-ді ол.

Иә, қазіргі таңда қоштасу кешін өте ауқымды деңгейде өткіземіз деп ата-аналар шығынға батып­ жатады. Әрине, басқалардан ұят болмасын дейді ғой, бірақ бұл дұрыс емес. Ал жағдайы төмен отбасыда өскен бала қоштасу кешіне бармай жатады. Салдарынан сыныптастарымен араласпай қалады. Мұндай жағдайда баланың өзіне деген сенімі азайып, болашаққа қадам басуға, нәтижелерге ұмтылуға қорқынышы күшеюі әбден мүмкін. Үлкен шығынсыз-ақ болашаққа қадам басуға болады. Соны­мен бірге оқушылардың қауіпсіздігін де естен шығармау қажет. Кейбір бітіру кешінің соңы қайғылы жағдайға ұласатыны бәрімізге аян. Соның барлығы қауіп­сіздік шараларын ескермегендіктен. Балалар «енді оқушы емеспіз, өз еркіміз өзімізде» деген ойдың жетегінде кетіп, неше түрлі істерге барып жатады. Сондықтан да осы мәселені де естен шығармай, керісінше алды­н алу шараларын жүр­гізу  маңызды.

Қазіргі кезде психологтардың пікірінше, мұндай қымбат кештер баланың санасында «өмірде барлығы керемет, әдемі, дайын күйде болу керек» деген ойды қалыптастырады дейді. Осылай ойлаудың нәтижесінде бала тығырыққа тірелген кезінде өз бетін­ше шешім қабылдай алмауы мүмкін. Сондықтан бала жауапкершілікті сезінуг­е дағдылануы тиіс. Ең бірінші кезекте материалдық емес, рухани, адами қасиеттерге ұм­тылуымыз керек. Ал, қар­жы жағынан қиналып, қоштасу кешіне бара алмай қалғандарға өкінудің қажеті жоқ. Бастысы, мықты маман екенін дәлелдесе болғаны. Армандарға қол жеткізу «қымбат дүниелерге шығындалу керек» деген сөз емес. Оларсыз-ақ көздеген мақсаттарды орындауға болады. Тек арманнан адасып қалмау маңызды. Біле жүрейік, мектеп бітіру кеші – от басу күні емес, қоштасу күні.

Аружан  ЕРАЛЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Маусым 2019 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 27 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары