Өзекті мәселелер

  • 22.08.19

    Елімізде дәрінің көмегімен өмір сүретін азаматтар аз емес. Олардың дәрілік препаратсыз қауқары жоқ. Антибиотикке тәуелді науқасқа кім қарайды? Ақысыз берілетін дәрі-дәрмектерді кімдер, қайдан және қалай ала алады?

    ...
    Толығырақ...
  • 22.08.19

    Халық «Елін сүйген ер болар» дейді. «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі» дейді тағы  да.

    Иә, ел намысы үшін ерлік­ке бара алар азаматтарды кебен­ек ішінде танып-білу аса маңызды.

    Кебенек – сыртқы киім. Оны көбіне-көп жорықта, аңшылықта киеді. Демек, бұл киімді кез келген адам кие алады. Олай болса, «Ерді кебене­к ішінде  таны» деген – ер жігітті киіміне қарап емес, жан дүниес...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    ТЫНДЫРЫМДЫ   ІС – НӘТИЖЕЛІ   КӨРСЕТКІШ

    Қаланың экономикалық тұрғыда дамып­, қалыптасуында стратегиялық міндет жүйелі түрде өз-өзін айқындап отырады. Шаһардың болашағына байлан­ысты әр жоспар, әр бағыт өзіндік құнымен маңызды. Осындай іргелі істерді атқару барысында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың іскерлік һәм басшылық міндеті ж...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    Өткен бейсенбіде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының қолдауымен, өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері Шиелі ауданына баспасөз турына барды. Жолай біз бағыт алған өңірдегі баратын нысандардың тізімі қолымызға тиді. Риза болғанымыз, бір-біріне ұқсамайтын бес қызмет түрін жандандырып отырған шағын кәсіп иелерімен таныстық. Оның ішінде ауқымды жерді алм...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    192   ШАҚЫРЫМ  ЖОЛ  ЖӨНДЕЛЕДІ

    Елдегі көлік саласы маңызды рөлге ие. Оған сауда-экономикалық бағыттағы тауарлардың көліктің қай түрімен болсын тасымалдануы дәлел. Одан өзге аймақтар үшін республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жол­дардың  өзектілігі  жоғары.  Өткен  жылы осындай жолдар мен көшелерді дамыту­ға республикалық бюджеттен 1...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 27 Маусым 2019

СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР КЕҢЕСІНІҢ КӨШПЕЛІ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.06.2019 16:02

Бүгін адандық мәдениет үйінде облыстық жастар кеңесінің көшпелі мәжілісі өтті.

Мәжіліске облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов, аудан әкімдері мен орынбасарлары, облыс әкімінің кеңесшісі, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, шаруашылық төрағалары, "Нұр Отан" партиясы "Жас Отан" жастар қанатының мүшелері, ардагерлер, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Көшпелі мәжілісте облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қ.Жанұзақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Б.Бурамбаева, Қармақшы ауданының әкімі С.Мақашов және Сырдария ауданының әкімі Ғ.Қазантаев баяндама жасады.

Күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланғаннан кейін облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов "Жастар жылын" өткізудің кешенді іс-шаралар жоспарының орындалу қатаң бақылдау екенін айтып, басқарма басшылары мен қала және аудан әкмдіктеріне бірқатар тапсырмалар берді.

Сонымен бірге, жастарды жұмыспен қамту, кәсіби бағыт-ағдар беру бағытында жемісті жұмыс жасап келе жатқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің "Алғыс хатымен" марапатталды.

Көшпелі мәжіліс аясында облыс әкімінің орынбасары Айдарлы және Шіркейлі ауылында құрылған "Жастар бригадасының" мүшелерімен пікірлесіп, атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Бригада мүшелеріне даңқты күрішші А.Құлбаев батасын беріп, сәттілік тіледі.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


СЫРДАРИЯ АУДАНДЫҚ "ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ" ЖАҢА ҒИМАРАТҚА КӨШТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.06.2019 15:55

"Жастар жылы" аясында Сырдария ауданында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, нақты жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімінің тікелей бастамасымен аудан жастарының ұсынысы негізінде аудандық "Жастар ресурстық орталығы" жаңа ғимаратқа көшті. Бұл аудан жастары үшін зор қуаныш және қолдау болды.

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов бастаған аудан әкімдері мен басқарма басшылары Сырдария аудандық "Жастар ресурстық орталығының" жаңа ғимаратымен танысып, жастармен пікірлесті.

Жаңа ғимараттың мәжіліс залында "Тереңөзек жастары" қорының мүшелерімен кездесу өткізіліп, кәсіпкерлікке ынталы жастарға 300 000 мың теңгенің сертификаттары берілді. Аудан жастары өз ұсыныс-пікірлерін айтып, атқарушы билік өкілдеріне ризашылықтарын білдірді.

Айта кету керек, аудандық "Жастар ресурстық орталығында" жұмыс кабинеттері, ұлттық және спорттық ойындар ойнауға арналған бөлме және 20-25 адамға арналған мәжіліс залы бар. Ғимарат жаңа заман талабына сай техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Жаңа ғимарат аудан орталығындағы А.Әлиакбаров көшесінде орналасқан.

 

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР АЛАҢЫ АШЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.06.2019 15:45

Рәміздер алаңының ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов құттықтау сөз сөйледі.

– Кез келген елдің елдігін, мемлекеттің мәртебесін айқындайтын басты құндылықтары болады. Ол – елдің шекарасы, Астанасы және Мемлекеттік Рәміздері. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Тәуелсіздік – Алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгі рәміздеріміз бар, оның біріншісі – Елтаңба, екіншісі – Әнұран, үшіншісі – Көк Байрақ, төртіншісі – Қазақ тілі» деген халық жүрегінен орын алған дана сөзі бар. Рәміздер халықтың рухы мен айбатын білдіріп қана қоймай, сол мемлекеттің әлемдік өркениет көшіндегі орны мен деңгейін де белгілейді. Бүгін, міне, аудан орталығынан Көк Байрағымызды биікке көтеріп, Мемлекеттік Рәміздер алаңы ашылуда. Алаңның ашылу салтанатымен баршаңызды құттықтаймын,- деген облыс әкімінің орынбасары Рәміздер алаңы бюджеттен тыс қаржы көздерінен, яғни демеушілік есебінен салынғанын атап өтті.

Құттықтау сөзден кейін Мемлекеттік Гимн орындалып, татулық пен бейбіт өмірдің бейнесі болған Мемлекеттік Ту көкке көтерілді.

Салтанатты шара соңы патриоттық ән мен жырға ұласып, Тәуелсіздігіміздің айбары саналатын Мемлекеттік Рәміздердің қадір-қасиеті туралы ұран сөздер айтылды.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


АРЫС АПАТЫ АЭС-ке тоқтау сала ма? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
27.06.2019 12:50

Қаймана қазақ күнделікті күйбің тірлігіне көшіп жатқан уақытта Түркістан облысынан жеткен жайсыз хабар жай таптырмады. Бейбіт күннің берекесін бұзып, бүтіндей бір қаланы тұншықтырған оқиға – аспан көкті қою қара түтінмен ластаған жарылыс. Жаңа аптаның таңын Арыс қаласының тұрғындары төтенше жағдаймен қарсы алды. Шаһардағы «Юг» аймақтық басқармасына қарасты қару-жарақ қоймасынан бастау алған жалын алапат өрт пен жойқын жарылысқа ұласқан. Жер дүмпуі сезіліп, есік-терезелер сынып, соғыс даласында естілетін снарядтар даусы­ мен жарылғыш заттардың әр тұсқа түсіп жатқанынан зәресі ұшқан жергілікті тұрғындар бас сауғалай жан-жаққа қашты. Тіпті маңызды деп саналатын құжат­тарын да алмағандар бар. Жасы бар, жасамысы бар, құндақтағы сәбилерін құшақтап, аяғын басқан періш­телерін қолынан сүйреп, қарттарын қасынан тастамай­ үдере көшкен жұрт жол талғамады. Бас амандығы үшін қауіпсіз деген мекенге қарай табан бастаған жұрт қырмен де, қыратпен де жолға шықты.

Қолында «болашағым» деп санаған ұрпағынан өзге тырнақтай зат алмағ­ан қазақ өз келешегі үшін жан алысты. Жаяу­ла­тып, ен далаға ізін ғана тастап бара жатқан әр қазақтың­ арқа жағында қызыл жалын мен будақтаған қара қою түтін, қара жердегі қылтиып ғана шығып тұрған шөптесі­ндер, етегін жасқа толтырған ана мен баласын­ бауыры­на баса қашқан әке көрінісі халық жүрегіне ауыр тиді. Бала күнімізде «Сурет» пәні сабағында сұр мен қара қарандашты қоса бояп, Семей полигонының  қою түтінін бейнелеуші едік. Одан қалды Сирия аспанының ажал қараңғылығы секілді бүркемеленіп тұрғанын көріп, азат еліміздің тыныштығына ешкімнің азуы батпаса екен деп тілеп жүрген жұрттың қатарынанбыз. Мұндай «картинаға» арыстықтар осымен төртінші мәрте куә болды. Қазақ тарихының бетіне түспесе де, халық жүрегіне жара салған бұл датаға не өкпемізді артамыз?

Осыдан тура он жыл бұрын «Қазарсенал» компаниясының аймағында орын алған жары­лыс 3 адамның өмірін қиып, 20-ға тарта­ адамның түрлі дене жарақатын алуымен аяқталған. Ол кезде оқ-дәрілерді залалсыздандыру кезінде кәсіпорын қауіпсіздікті сақтамағаны анықталып, бірнеше адам жауапқ­а тартылды. Араға бес жыл салып қайталанған оқиғадан зардап шеккендер де, мерт болғандар да бар. Соңғы рет 2015 жылдың күзінде полигон аймағында қалдықтарды жою барысында орын алған жарылыс та бір адамның ажалына себеп болған-ды. Ашқұрсақ, жалаңаяқ далаға қашқан арыстықтардың өміріне қатер төндірген қойма көненің көзі, іргесі 89 жыл бұрын қаланған. Тіпті Кеңес заманындағы Ұлы Отан және Ауған соғысы жылдарында әскерді қарумен қамтамасыз еткен бірден-бір орын – осы қойма. Он жылда төрт төтенше жағдайға тап болған Арыс қаласы мен жанындағы елді мекендерде 75 мыңнан астам халық бар. Олардың дені өз халдерінше қауіпсіз жерге көшсе, қалғаны әкімдіктен бөлінген техниканың көмегіне жүгінген. Қазір онда үдере көшкен халықтың үйлері, тұтас қала қаңырап тұр. Баспана иелері де жақын арада­ қоныстарына орала алмайды.

- Арыстағы әскери қалашықтар мен арсенал әскерилердің жіті бақылауында. Олардың бір бөлігі арнайы­ қорғалған бункерде сақтаулы, бір бөлігі тиісті қорғаныспен қамтылған. Сондықтан, олардың қауіпсіздігіне кепілдік беріледі. (...) Бұл арсенал барлық күзет құралдарымен, дабыл қаққышпен жабдықтал­ған. Қоймалардың айналасы топырақпен көмілген. Сондықтан, аталған оқиға себептерін арнайы құрылған  тергеу тобы анықтайды. Мұнда ешқандай радиак­тивті оқ-дәрі мен снарядтар сақталған жоқ. Ешқандай радиация қаупі жоқ, - деп мәлімдеді ҚР Қорғаныс  министрі Н.Ермекбаев.

Оқиғаның жай-жапсарын анықтап, салдарымен күресіп,  себебін  анықтауды  тапсырған ҚР президенті – ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қ.Тоқаевтың өзі оқиға орнына жетті. Әдетте ел басқарып отырған тұлғалардың қауіпсіздігі төмен, қауіптілігі жоғары орындарға бара бермейтінін ескерсек, жаңа президенттің халқының жанынан табылуы – жанашырлықтың ұшқыны. Апатты аймаққа 6 сағат аралығында барып­, эвакуацияланған халықпен жүздесіп, жағдайларымен танысып, мән-жайды түсіндірді. Төтенше жағдай салдарынан қираған азаматтық ғимараттар мен әлеуметтік нысандардың барлығы мемлекет тарапынан қайта қалпына келтірілетінін айтты.

ҚР Қарулы күштерінің ең жылдам әрекет ететін территориялық ұйымы саналатын «Юг» аймақтық басқар­масына тиесілі қойманың жарылу салдары мен себептері әзірге белгісіз. Ал баспаналарын тастай қашқан халық қазір әр жерлерде орналасқан арнайы пункттерде бас сауғалап отыр. «Қазағым» дегенде қасық қанын төгуге әзір халық хал-қадірінше гуманитарлық көмек көрсетуде. Бақтың ынтымаққа құмар екенін дәлелдеген қызылордалықтар да қайырым­дылық акцияларынан аянып қалған жоқ. Арыстағы ағайын үшін жанын шүберекке түйіп отырған Сыр жұртшылығы 15 тонна күріш, 10 тонна ұн, 5 тонна қарақұмық, 1,5 тонна сүт түрінде көмектерін көлікке тиеп, жолға шықты. Заттай, ақшалай көмек беру әлі де жалғасып жатыр. Бұл оқиға тек Түркістан облысының басына берілген апат емес, бүкіл қазақ даласына ортақ. Республикалық маңызы бар жол-көлік қатынастары да бір сәтке жұмысын тоқтатып, жолаушылар әрі-сәрі күйге түсті. Олар да назардан тыс қалған жоқ. Жолаушылар пойызы арқылы діттеген аялдамасына жете алмаған азаматтар үшін арнайы көлік ұйымдастырылды. Ал зардап шеккендер саны сағат сайын өзгеріп отырғандықтан нақты емес, белгілісі, 3 адам қаза тауып, 160-тан астам адам медициналық көмекке­ жүгінген, хабар-ошарсыз кеткендер бар.

Апат болған күннің ертеңінен бастап әлеуметтік желі беттерінде азаматтық журналистиканың қар­қыны күшейді. Кімнің қолында қандай ақпарат бар, халыққа жеткізіп отырды. Оған себеп те жоқ емес, ресми ор­гандар ресми мәлімдемені өте кеш әрі мардымсыз қалыпқ­а сыйғызғандығының куәсіміз. Шын мәнінде, оқиға куәгерлері зардап шеккендер мен хабарсыз кеткен­дер, жарылыс салдарынан өртенген тұрғын үйлердің көптігін алға тартады. Ақпараттың бұрма­лануы – ескерілмейтін, бірақ өте күрделі қате. Екінші­ден, жойқын жарылыс туған кәсіпорын қоймасында оқ-дәрі мен қару-жарақ түрлерінің қандай және қанша түрі сақталғанын ешкім дөп басып айтпай отыр. Есесіне­, ресейліктердің миллиардтаған көздері мен құлақтары  Қазақстанға  бұрылып  тұр.

- Бұл – Кеңес заманынан бері жиналып қалған өте көп оқ-дәрі. Ресей қаруларды Кавказ, Сириядағы соғыстар­да  қолданды. Ал Қазақстан ешкіммен соғыс­қан  жоқ.  Сондықтан  миллиондаған тонна  қару-жарақ  сақталды. Ескі  қаруларға  утилизация  жасалды.  Бірақ әлі бар. Себебі Кеңес одағы миллион әскері бар Қытаймен соғыс бола қалса деген қауіппен көп қару жинаған. Ал қазір Қазақстан бұл қаруларды утилиза­ция жасауы керек. Себебі оның мүлде керегі жоқ. Жойылмаса, жарылыстар бола береді. Бұл көп қаруды тез жойып жіберу мүмкін емес. Сондықтан сұрыптап, дұрыстап сақтау керек. Дұрыс сақталмаса, жарылады. Себебі, қару ескірген сайын қауіпті, - дейді әскери шолушы Павел Фельгенгауэр.

Қауіпті қойманың қалаға тым жақын орналасуының өзі қауіпсіздік нормаларын өрескел бұзу болып табылады. Сол себепті де ысқырған снарядтар тұр­ғындардың көз алдынан көлбеңдеп ұшып, иектің астында­ жарылған. Әлемнің әлпетін бері қаратқан жойқын жарылыс қоғамда күрделі ахуал туындап, ресейліктер­дің қазақ жеріне атом электр станциясын салуына қарсылық білдіріп тұрған тұсында орын алды. Мұндайда «Құланның қасуына – мылтықтың басуы» дейтін бе еді?!

 

Нұрбике  ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


ТАРИХТЫ ТОБЫР ЕМЕС, ТҰЛҒА ЖАСАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
27.06.2019 12:30

ҚР еңбек сіңірген қайраткері,

ҚР Президенті сыйлығының лауреаты,

«Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері,

белгілі  қаламгер  Қали  СӘРСЕНБАЙ:

Журналистік алғашқы еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен (қазіргі «Жас Алаш») бастап, «Өркен-Горизонт», «Жетісу», «Егемен Қазақстан», «Парасат» сияқты еліміздің беделді басылымдарында айшықты қолтаңбасын қалдырған, бүгінде өзі «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» деген үкі таққан «Алматы ақшамы» газетінің директор-бас редакторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының БАҚ саласындағы үздік бас редактор сыйлығының, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Алматы қаласы Мәслихатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Сендердi сағынғанда», «Өнер-өмiр», «Тұлға-тағдыр» және «Шал мен шындық» атты кітаптардың авторы, жуырда ғана алпыс жылдық мерейтойын атап өткен белгілі қаламгер Қали Қошқарұлы Сәрсенбаймен болған сұхбатымыз қазақ баспасөзінің кешегісі мен бүгіні туралы, жалпы өнер, мәдениет, руханият саласы төңірегінде өрбіді.

 

«БҮГІНГІ  БАСПАСӨЗ  НЕГЕ  БӨСПЕСӨЗГЕ  АЙНАЛДЫ»?..

– Қали аға, сұхбатымызды төл мерек­еге орай, қазіргі  журналис­тиканың  келбеті деген тақырып төңі­регінде бастасақ. Өзіңіз  айтпақшы, «бүгінгі баспасөз неге бөспесөзге айналды»?­

– Қазір журналистика күнкөріс құралына, оңай кәсіпке айналып кетті деген пікірлер бар. Бұл пікір­ден мен де қалыс қалмаймын. Шындығын айтқанда, журналистика қолбала сияқты. Иісі мұрнына бармайтын, өмірі қолына қалам ұстап, он жол хабар жазбаған адам да бүгінде журналистика жөнінде пікір айтатын болған. Ал Шерхан, Камал, Қалтай, Оралхандардың тұсындағы журналистика қандай еді?! Сұрапыл еді ғой. Олар журналистиканы өнер деңгейіне көтеріп кетті. Оның өз мектебі, дәстүрі бар еді. Ал қазіргі журналистикада сес жоқ. Кім көрін­геннің журналист болатыны содан. Сауатсыздық, жауапсыздық басым. Ғаламтор деген шықты. Сол жақсы болды, ешкімнің жаны қиналмайды, керегінің бәрін содан қарап, тауып ала қояды. Ерінбегені әлгі алғанына бір-екі сөз қосып, ал ерінгені сол күйі төпей береді. Журналистиканы күн­көріс көзі дейтіні содан шыққан.

– Менің байқап жүргенім, қазір аға буын болмаса, кейінгі толқынның басым­ көпшілігі газет оқымайды, кере­гін сайттан қарай салады. Және де олар ұзын-сонар мәтінді де оқып отырмайды. Мен осыған кәдімгідей «ренжіп» қаламын. Сіз ше? Жалпы, газет заман ағымына қалай бейімделуі керек?

– Иә, журналистиканың аса үлкен шапшаңдықпен дамуы – заңдылық. Қазір айтылған ақпаратыңның көзді ашып-жұмғанша сол мезетт­е-ақ ғаламтор, түрлі сайттар арқы­лы жаһанға тарап кетуі – үлкен қажеттілік. Ол керек. Мен бұл саладағы жаңалықтардың барлығын құшақ  жая қарсы аламын. Себебі, ол – бүгінгі уақыттың қойып отыр­ған талабы. Иә, ақпарат тасқыны, жаңалық өте көп. Бірақ соның бәрін талғаусыз жұта беруіміз керек пе? Талғам, талап қайда? Ұлттық журналистика өзінің әу бастағы болмысын сақтап қалуы тиіс. Мысалы, «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Жас Алаш» сияқты ұлттың дәстүрлі басылым­дары ділі, тіні, бағыты бөтен жат пиғыл­ды жаһандық журналистикаға жұтылып кетпесе деймін. Баспасөздегі дәстүр сабақтастығы, мінез сақталуы керек. Өкінішке қарай, қазіргі журналистика осындай айбынынан, айбарынан алыстап бара жатыр.

Қазіргі буын «заман басқа ғой» деген сөзді жиі алға тартады. Мен бір-ақ нәрсені білемін: қазақ деген ұлт бар, сол ұлтқа тән тәрбие, сол ұлттың мұңын мұңдайтын, жоғын жоқтайтын рух, сезім, қала берді мұң болуы тиіс. Ал бұл құндылықтардың заманға қандай қатысы бар? Сонда заман осындай екен деп, ұлттың сөзін сөйлемеуіңіз керек пе? Журналистика деген – ұлттың өзін-өзі жоғалтпауы жолында күресетін маман­дық.

– Бізге, редакцияға тәжірибеден өтуге келіп жүрген студенттерден байқаймын, олар газетке бірлі-жарым мақал­асын шығартып алса болды, «біз телевидениеде істейміз болашақта» деген  ойларын  жасырмай  еркін айта­ды­ әуелі. Ал қазір телеарналар шоу-бизнес өкілдеріне қатысты бағдарламалардан көрінбейді. «Неге осындай бағдарлама­лар көбейіп кетті?» дегенге, «көрерменнің сұранысы – осы» дейді. Бұл  тұрғыда  не  айтасыз?

– Телевидение – мыңның, миллионның аудиториясы. Бұрын оған кім-көрінген шықпайтын, киім киісің­нен бастап, сөз мәнерің, кес­кін-келбетің – бәрі ескерілетін. Өйткені, сен халықтың алдына шығасы­ң. Қазір кімнің қалай шығып жүргенін көріп жүрсіз. Оның бәрі ілім-білімнің таяздығынан. Адамдардың жандүниесі қазақы болмыстан алыстап бара жатыр. «Халықтың сұранысы – осы» деп айта береді. Бұл пікірді қоғамда зерттеу жүргізіп, соның нәтижесінде айтып отыр деп ойламаймын. Ресей актеры Олег Табако­в «Мен рейтинг деген пәледен қорқамын» деп еді бір сұхбатында. Сол рас сөз. Иә, өнер кейде эксперименттен тұрады. Оны халыққа ұсынады да, халық қалай қабылдайтынын, пікірін ескереді. Сондай бағытт­а болса, жарайды дейміз. Мені­ңше, ұрыс-керіске құрылған, жылауық қоғамның ғана болмысын беретін хабарлар емес, танымдық дүниелерге арналған бағдарлама жасауғ­а тырысу керек. Қазір бір Мәскеудің өзінде 380 театр бар. Рухани­ жаңғыру дегеніміз – осы. Демек,­ бізге тойхана емес, кітапхана,­ театрлар ашу керек. Атаңның күші­мен, ана сүтімен ауызданған, рухтан­ған сұлу өнер керек бізге.

ҚАЗІР  КӨРІНГЕН  ЖЕРДЕ  ЖУРФАК  БАР...

 

– Бұрын журналистика факультеті КазГУ-де және Қарағанды университетінде болған еді. Қазіргі таңда жекеменшік жоғары оқу орындарында да көптеп ашылуда. Журналистика деңгейінің төмендеп бара жатқанының бір себебі осында жатқан жоқ па, қалай ойлайсыз? Сан бар, ал сапа қандай дегенім ғой?

– Сосын жоғары партия мекте­бінде болды журналистика факультеті. Иә, қазір көшедегі дүңгіршектер тәрізді көрінген жерде журфак бар. Елдің бәрі журналист болғысы келеді. Журналистика теледидарға шығып, танымал болу үшін ғана керек­ сияқты болып көрінеді. Шындығында, шешен сөйлеу де – адамға Құдайдан берілетін өнер.

Қытайда бір облыс губернаторының қызы оқуға түсе алмай, құлап қалған көрінеді. Бізде облыс әкімі­нің қызы тұрмақ, аудан әкімінің қызы оқудан құласа да, масқара деп қабылданатыны өтірік емес. Ал әлгі губернатор үндемепті. Сөйтсе, Қытайда кез келген университетте оқудан құлап қалған балалардың көңілі түсіп, жасып қалмауы үшін дереу солардың басын қосып, олардың не нәрсеге қабілетті екенін анықтайтын арнайы мамандар бар екен. Бізде оқуға түсе алмай қалған кей балалардың өзіне қол салатыны рас қой. Ал қытайлар сондай келе­ңіздіктің алдын алу үшін әрекет етеді екен. Сөйтіп, әлгі мамандар губернатордың қызының кондитер саласында кәмпит орауға қабілетті екенін анықтаған. Әкесі мұны естігенде қатты қуаныпты. Мұны айтып отырғаным, адам мамандықты «қайтсе­м жұлдыз боламын, танымал боламын» деп емес, өз қабілетіне қарай таңдағаны абзал. Мысалы, мектепте жүргенде өлең, мақала жазуың­ыз мүмкін. Сөйтіп, қабіле­тіңіз біртіндеп шыңдалып, оқуға келе­сіз. Ал қазір ше? Оқу-тоқусыз, бір демде журналист болып шыққысы келеді. Өйткені, бұл мамандықтың қадірі кетіп қалған.

Біздің кезімізде журфак – университеттің ішіндегі университет болып саналатын. Мүйізі қарағайдай мықты-мықты редакторлар келіп дәріс оқитын. Ақын-жазушылар жатақханада жүретін, жиі-жиі рухани кештер өткізіліп тұратын. Біз 3-4-ші курстарда оқып жүргенде «Журналистік шеберлік» деген курс болатын. Сол курс сіздің журналист болатыныңызды, болмайтыныңызды айқындайтын. Ол кезде газет редак­циясындағы бөлім меңгеруші­сінің есігін ашып кіре алмайтынбыз. Бұл – сол кездегі журналистика деңгей­інің қандай болғандығының белгісі. Қазір осы саланың өзінде адам танымайтын ұрпақ өсіп келеді.

Бұрын журналистика факульте­тіндегі мұғалімдердің ең осалының өзі студентке бағыт-бағдар беруге жарайтын, кімді, нені оқу керектігін айта алатын. Ал қазіргі мұғалімдер­дің деңгейі қандай екенін білмей­мін. Бірақ бізге тәжірибеден өтуге келетін студенттердің деңгейіне қараймын да, басымды шайқаймын. Біздің «Алматы ақшамында» «Тұлғатану», «Тұлға-тағдыр», «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар», «Бұрынғының адамдары-ай!» және тағы басқа да тұрақты айдарлар бар. Ал оларды не үшін аштық дегенге келетін болсам, тұлға – бағыт-бағдар беруші, биік адам. Қазір қоғамда сондай тұлға бар ма, жоқ па? Тұлға бар, бірақ ол елге қызмет ететін тұлға ма, жоқ әлде қолдан жасалған тұлға ма? Міне, осы мәселелерді көтеріп, тұлғаға айналған адамдардың тағдырын, өмірін жазу арқылы жастарды тәрбиелеп келеміз. Қаншама тұлғалардың өмірін ақ қағазға қаттап, тағдырлары­ туралы жазылып жатыр. Меніңше, журналистика факультеттерінде студенттің келешектегі тұлғалық қасие­тін қалыптастыруды жолға қою керек. Журналист биік тұлға болуы тиіс.

– Бекзат журналистиканы қалыптастыруда не істемек керек?

– Әрине, газеттің көп болғаны, кітаптың жиі-жиі жарық көргені жақсы. Бірақ оларды таразыға тартып, електен өткізу деген бар. Менің ойымша, арнайы бір мекеме осымен айналысып, рейтинг жүргізіп отырса. Мемлекет ұлттың дәстүрлі басылымдарын сақтап қалу керек. Қалай десек те, ұлтқа, мемлекетке жаны ашитын, жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын ұлттық басылымдар ғой. Қоғамға сол басылымдарды үлгі етуіміз қажет.

 

ТОЙ  МЕН  ОЙДЫҢ  ӘНШІСІН  АЙЫРА  АЛМАЙМЫЗ...

 

– Осы тұлға тақырыбын жиі көтеріп жүрсіз. «Өскен-өнген, өрке­ниетті елдерде есік көзінде отырған вахтеріне дейін тұлғасын тап басып таниды­», - депсіз бір сұхбатыңызда. Бұл тақырыптың жаныңызға жақын болу себебімен бөліссеңіз?

– Тарихты тобыр емес, тұлға жасайд­ы. Шүкір, қазақ тұлғасыз емес. Мен қай басылымда қызмет атқарсам­ да, ең алдымен тұлғаға арнал­ған айдар ашумен айналысатынымды жасырмаймын. Бұл тақы­рыпқа деген қызығушылығым, бәлкім, даңқты­ адамдардың өміріне арналған ғұмырбаяндық кітаптарды көбірек оқитын әуесқойлық себеп болған шығар. Айтпағым, Ақселеу Сейдімбек ұстазымыз тарихты тұлға арқылы зерттеу қағидасын алғашқы болып енгізгендердің бірі және бірегейі­. Тұлғалардың өмірін  оқы­ған адам тарихты өз-өзінен біледі. Әлем тарихының өзі тұлғалардың өмірі­нен тұрады. Мысалы, Напо­леонсыз Францияны, Черчилльсіз Ұлыбританияны елестету мүмкін емес. Сол сияқты өзіміздің Алаш ардақтылары­ да том-том тарихымыздың ең маңыз­ды бөлігін жасап кетті. Бір кереме­ті, солардың бәрі оқулық жазған.­

Бәрі де салыстыру арқылы сарала­нады ғой. Қазіргі лауазымды басшылардың кейбірі анекдотпен күн көріп жүр. Өйткені, деңгей сол. Біз­дің қазіргі деңгейіміз қандай? Миллиондар көретін аудиторияға тойдың әндері шығып кетті. Теледидар тойхана іспетті. Той мен ойдың әншісін айыра алмайтын жағдайға жеттік. Мысалы, Ермек Серкебаев өмірден өтті, ал ол шырқап өткен «Япурайды» енді кім айтады? Парижг­е қашып, ақыры сонда көз жұмған ұлы композитор Сергей Рахман­инов алғаш «Япурайды» тыңдаға­нда, «Мына әнді шығарған халықты мен қайтсем де көруім керек!­» депті. Көрді ме, көрмеді ме, білмеймін, бірақ сол «Япурай» қайда қазір? Ал бүгінде кішкентай ғана даусы­ бар, керісінше кеудесі аяққаптай, шоу-бизнесті шебер меңгерген, отыздан енді асып тұрып «халқым» деп сөйлейтін той-томалақтың әншілерін әспеттейтініміз сонша, теледидар мен сайттарды ашып қалсаң, «бәленше халыққа келіншегін көрсетті!» дейді. Әлі отызға да жетпеген бір жұлдыз «өткен өмірім туралы кино түсіріп жатырмын» дейді. Өмірі енді басталған адам қандай­ өмір туралы айтып отыр?!. Міне, біздің деңгей?..

Осыдан бес-алты жыл бұрын қызық үшін бір мектептің бас­тауыш сыныбына «Шәмші Қалдаяқов кім?» деген тақырыпта әлеуметтік зерттеу жүргіздім. Қызықтың соңы «қасіретке» айналғандай болды. Біреуі «бизнесмен», біреуі «крутой», тағы бірі «шенеунік» дейді. Осы зерттеу біздің мектептерде ұлттық тәрбие, ұлттық негіз жоқ екендігін дәлелдеп берді. Ал ұлттық тәрбие көрмеген адамның ешқашан өз халқына жаны ашымайтыны айдан анық нәрсе.

Иә, қазіргі жастар өте сауатты, көп біледі, тілді меңгерген. Оған таласым жоқ. Бірақ сол білімін өз тілінде жеткізе алмайды. Орыс, ағылшын тілінде айтады да, көпке қазақша жеткізіп айта алмайды. Баяғыда шешендік өнер деген болды. Қазір сол жоғары оқу орындарында жоқ. Егер «Тұлға­тану» пәнін, шешендік өнерді қайта енгізсек, оқуға құштар жастар ойын анық жеткізе алған болар еді деп ойлаймын. Бұл пәнді барлық факультетте оқыту керек. Сосын тұлғалармен кездесу дәстүрін жандандыру қажет. Мысалы, қазірдің өзінде мықты деген тұлғаларды оқу орындарына ақы-пұл­сыз-ақ дәріс оқуға шақырсыншы, олар қуана-қуана баратынына сенімдімін.

 

ТҰЛҒА   БОЛАТЫН   ҰРПАҚ  ТӘРБИЕЛЕУІМІЗ   КЕРЕК

 

– Қазіргі жастардың көп тіл білетіндігі туралы айтып қалдыңыз, осы орайда үштұғырлы тіл мәселесіне деген көзқарасыңызды да біле кетсек?

– Үнемі шығыстағы үш ел – Жапония, Қытай, Корея туралы оқып, танысып отыруға тырысамын. Осы үш мемлекет өз дәстүрі арқылы дамуда. Тіпті, бұрынғы дәстүрін жаңғыртып, жаңаша көзқараста дамытуға кіріскен. 1995 жылдары Жапонияның 14 қаласын араладым. Бізде компью­тер деген атымен жоқ заман. Бір күні Токиода келе жатыр едік, пошымы өзгеше үйге көзім түсті. Бастаушыдан «бұл не үй?» деп сұрап едім, «кіріп-шығайық, сосын түсінесіз» деді. Әр тұста жамыр­ап жастар отыр. Қызу пікір­талас. «Бұлар соншама не деп қызыл кеңірдек болып жатыр?» - деп сұрасам, дискуссиясының төркіні «Жапонияны қайтсек алға сүйрейміз, мына дәстүр тозды, мына жаңалық ескірді, жаңасын ойлап табу керек» дегенге саяды екен. Көрдіңіз бе, өрімдей жастар елдің келешегін ойлап шырылдап жатыр. Ал біздің осы жастағы адамдар «халқым» деп сөйлеп, құр кеуде керіп жүр. Жапония – дәс­түрін берік ұстанатын ел. Бала­сына 13 жасқа дейін басқа тілді оқытпайды. Қазақ «Он үште – отау иесі» дегенді не үшін айтқан?­ Біздің қазақ мүшелге көп мән берген­. Біреулер бұл үйленіп, әмеңгерлікті ұстап қалу деп қылжақтайды. Мүлдем олай емес. Он үште тай мініп, елге сөз айтатындай жағдайға жетесің деген мағына. Он үшке дейін бала қалып­тасып бітеді. Кеше Қаз дауысты Қазыбек би 13 жасында билік айтқа­н жоқ па? Қалмақпен арада қандай сөз айтты? 13-ке дейін өз дәстүрін игеріп, бойына сіңіріп, тілін жақсы білген бала әрі қарай қанша тіл білсе де, негізін сақтап қалады. Елжандылық деген нәрсе сол 13 жасқа дейін қалыптасады. Кәдімгі даланың оқымаған қарттарының өзі қандай қазына еді?! Баяғы Демосфен, Цицерон, Талейр­андармен біздің Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би пара-пар емес пе? Солардың орнын басатын, тұлға болатын ұрпақ тәр­биелеуіміз керек.

Неге екені белгісіз, бізде тұлға туралы мерейтойы кезінде ғана айтылады, жазылады. Әсіресе, басыл­ымдар тұлғатану туралы ұдайы жазуы керек. Тұлғаны жазу арқылы ұрпақтың танымдық деңгейін тәрбиелейміз. Біз «Алматы ақшамы» газетіндегі жұмысты тұлғаларға бет бұрудан бастадық. Марқұм Әшірбек Сығай Қапан Бадыровтың күнделіктерін табыс­тады, Асанәлі Әшімовтің күнде­ліктері  жарық көрді. Бұл бетбұрыс Сәбит  Оразбаевтың  естелік-әңгі­мелеріне ұласты. Кешегі күннің әңгімесін бүгінгі тірі шежі­ре Асекең­дер, Сәбеңдер айтпаса, ертең ол әңгімені біреулер бұрмалап айтуы мүмкін ғой. Бұл кісілер Қаллеки, Шәкен, Елубай, Серкелерден бастап бәрінің көзін көрді, әңгімесінің де өзін асқақ, өзгені аласартып көрсететін пендәуи пиғылмен емес, биік пайыммен парасатты айта біледі. Сөйтіп жүріп осы «Ақшамның» ішінен-ақ «Алматы ақшамының» кітапханасы» сериясымен Асекеңнің көп­томдықтары, Сәбеңнің «Өмірдің өзі – театр», «Тазарғың келсе, театр­ға бар» деген екі кітабы жарық көрді. «Ақшамның» ел аузында жүрген айдарлары кітаптың атауына айналып шыға келді.

Әлгі айтқан Жапонияда мектепті бітірген балалары өзінің тұлғаларын біліп шығады. Былайша айтқанда, жоғары оқу орнына дайын боп барады. Олардың қыр-сырын, құпиясын, өмірін жетік білмесе де, жалпы мағлұмат алып шығады. Меніңше, бұл пәнді біз­де мектептерге енгізу қажет. Сол Жапонияға барған сапарымда мектеп оқушыларына арналған кішкентай кітапшаларды көзім шалды. Өз елінің тұлғалары туралы, Жапонияның тарихы туралы өте түсінікті тілмен жазылған. Неге осы үрдісті бізге енгізбеске?! Бұл бүгін айтылған мәселе емес. Қазір «Тұлғатану» бойынша кей­бір жоғары оқу орындарында кафед­ралар ашылды, арнайы орталықтар бар. Бірақ әлі де болса, кемшін.

– Сіздің «Тұлғатану» сериясымен жеке-жеке кітаптар шығара бас­тағандығыңыздан хабардармыз. Жуырда журналистикадағы ұста­зыңыз Шерхан Мұртаза туралы «Шер-шындық» деген, рухани ағаңыз болы­п  кеткен Асанәлі Әшімов жайын­дағы «Абыз-аңыз» кітабыңыз оқырмандар қолына тиді. Тағы қандай­ ірі тұлғалар туралы жазбақ ойыңыз  бар?

– Алдағы уақытта Өзбекәлі Жәнібеков, Амангелді Сембин, Қадыр Мырзалиев сияқты, қазақ тарихында үлкен орны бар басқа да ірі тұлғалар туралы жазсам деймін.

– Білуімізше, сіздің немерелеріңіз де тұлғалардың есімдерін иеленген. Димаш, Шерхан, Асан­әлі, Ақселеу, Имаш, Зере, Әмина деп өзіңіз қойдыңыз ба? Немере­леріңізден тұлға болу қасиеттерді байқайсыз  ба?

– Ырымшыл халықпыз ғой. Бұл да тәрбиенің бір түріне жатады деп ойлаймын. Балаға тұлғаның атын беру ол алдымен – құр­мет, ілтипат. Ал бұл атты алып жүру өз алдына, соған лайық болып­ өссе жетіп жатыр.

 

АРМАНЫМ  АКТЕР  БОЛУ  ЕДІ

 

– Бала күніңізде жазушы, не журналист болсам деп арман­да­дыңыз ба?

– Балаң арманым актер болу еді. Дегенмен, айналып келіп рухан­ияттың төңірегінен табыл­ғандықтан, еш өкініш жоқ. Өнердің адамы болмасам да, өнер адамдарының өмірін жазып келемін­. Менің әу бастағы негізгі стихиям – өнер, мәдениет. О бастан осы салаларда қалам тербедім. Президент сыйлығын да сол үшін берді. Сондықтан, руханият – жаным­ның бір бөлшегі.

– Қай кезде өнімді жазасыз, түнде, әлде күндіз бе? Жалпы, бап талғайсыз ба?

– Біреулер күн шығып, таң атып келе жатқанда немесе түнде жазамын дейді. Ал маған көңіл күйім қай сәтке сәйкес келеді, сол кезде отыра қалып жаза беремін.

– Қазір көкейіңізде жазсам деген­ қандай тақырыптар жүр?

– Жаныма эссе, эссе-элегия жанрындағы дүниелер аса жақын. Бұрынырақта жарық көрген, мықты­ тенор Амангелді Сембин­нің өміріне негізделген «Павороттидің сәлемі» деген әңгімем бар. Ол сахнада сегіз-ақ жыл өмір сүр­ген, қиын тағдырлы әнші болған. Ла-Скалада оқып жүрген кезінде Павороттимен бірнеше мәрте жолық­қан екен. Қайсыбір жыл­дары Италияға Қазақстаннан бір топ делегация барады. Сонда «Қазақстан» дегенді естіп елең ете қалған Паворотти Амангелді Сембинді сұрап, оған өз атынан сәлем айтуды өтінген екен. Ал жаңағы делегацияның ішінде Сембин тура­лы бір адам білмепті. Тіпті, елге қайтып келгеннен кейін де «Әйгілі Паворотти сұрайтындай ол кім еді сонша» деп сұрастыр­ған да бір жан болмаған. Өкінішті! Көкейімде осындай бағыттағы бірлі-жарым дүниелер жүр.

Қазір архивіммен жұмыс істеп жатырмын. Архивімде Әзілхан Нұршайықов, Зейнолла Қабдолов, Төрегелді Шарманов, Сейіт Кенжеахметов, Ақселеу Сейдімбеков, Ілия Жақанов, Рахымжан Отарбаев, Құлбек Ергөбеков сынды­ танымал тұлғалардың маған жазған рухани мазмұндағы хаттары көп. Маған онда жазылған көңіліңді елжіретер сөздер жылдар өткен сайын құндырақ бола түскендей. Бір өкінетінім, кезінде­ пәтерден-пәтерге көшіп жүргенде­ анамның хаттарын жоғалтып алдым­. Ол кісінің жазуы маржандай еді. Маған ай сайын 60 сом салатын және сонымен бірге хат келетін. Әрбір хаты көркем туындының жүгін көтеріп тұрушы еді. Таяуда мен туралы «Эстет» деген кітап жарық көрді. Сол кітапта шешемнің сол хаттарының жарық көрмегені өзегімді өртейді...

– Жабыққан сәттеріңізде не нәрсеге  жүгінесіз?

– Мұндай кездерде домбыра тартамын. Домбыраның үні ғажап қой! Шертіп отырғанда адамның бір шерін басады. Домбыраның қоңыр үні бәрін алып кетеді.

– Салиқалы да салмақты сұхбатыңыз үшін рақмет. Мерекеңізбен!

Сұхбаттасқан

Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

журналист,

арнайы  «Халық»  газеті  үшін,

Алматы  қаласы.

 


ГАЗЕТ пен ГАДЖЕТТІҢ ТЕКЕТІРЕСІ: КІМ ЖЕҢЕДІ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
27.06.2019 12:15

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист

Қазір классикалық (дәстүрлі) БАҚ пен әлеуметтік медианың арасында бәсекелестік соғыс жүріп жатқаны рас. Өйт­кені әлеуметтік медиа жаңал­ықтар таратуда классикалық БАҚ-тардан озып бара жатқанын мойындауға тиіспіз. Халықаралық медиа-сарапшылар 2020 жылдан кейін классикалық БАҚ-тар ақпарат таратудың жылдамдығы жөнінен әлеуметтік желілерден біршама артта қалады деген болжам жасауда. Олардың пайымдауынша, қолына ұялы телефон ұстайтын адамдардың барлығы жаңалық таратушы бола алады. Ондай жағ­дайда классикалық БАҚ-тар жалған ақпаратты шындықтан ажыратуды үйретуі тиіс. Яғни технологиялық төңкеріс заманында дәстүрлі БАҚ пен цифрлы медианың теке­тіресі  күшейетіні  анық.

ДӘСТҮРЛІ  БАҚ-тың  БАСЫНАН  БАҒЫ  ТАЯ  МА?

 

Қазіргі таңда әлемдегі 7 млрд халықтың  50 пайызға жуығы ақпаратты әлеуметтік желілерден (соның ішінде  40 пайызын Facebook пен YouTube-тен) оқиды екен. Медиа-сарапшылар айтқандай, қысқаша ойлау заманында кез келген адам Twitter-дегі 140 таңба мен Instagram-дағы 1 секундтық бейнематериалды көріп, ше­шім қабылдай алады. USC Digital Future Cen­ter-дің директоры Джеффр Коул: «Вебгазеттер тірі, олар беретін ақпаратты аудио-бейне жазбамен, суреттермен, үлкен мұрағаттың құнды ресурстарымен толықтыра алады. Соңғы  60  жылда  газеттер жаңа­лықтар  бизнесінде қай­та жаңғыртылды. Бірақ олар ақпаратты қағаз емес, электронды тәсіл­мен жеткізеді» дейді ол. Демек, оның пікірінше, қысқа ойлау дәуірінде ғаламтор қағаз басылымдарды жұтып қояды.

Ақиқатын айтсақ, «Қағазға басылатын газет­-журналдар жойыла ма?» деген сауал бүкіл әлемде қызу пікірталас туғызуда. Біреулер «ға­ламтор қағаз басы­лым­дарды жұтып қояды. Яғни журналистиканың келешегі – дижитал әлемнің веб-сайттары мен қолданбаларында» деген пікірде. Екінші бір топ: «Газеттер бұдан да зор қиыншылық­тарды бастан кешкен. Кезінде радио, кино, теледи­дар  пайда  бол­ған  кезде  қағаз  басылымдар өледі деген пікір болған. Бірақ газеттер жоғалмайды» дейді. 2018 жылы АҚШ-та «Los Angeles Times», «New­sweek», «Seattle Post Intelligencer» сияқты ірі басылымдар қағаз нұс­қасын жауып, онлайн нұсқасына көшті. Алайда соңғы екі-үш жылдың ішінде Еуропаның басты үш мемлекеті – Ұлы­британия, Франция және Германияда газет таралымдарының құл­дырауы тоқтап, ол, керісінше, жайлап өсуде. Тіпті өткен жылы Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй: «Газеттердің жойылуы салдарынан қоғам жал­ған ақпаратқа осалдық танытуда» деп мәлім­деп, елдің аудандарындағы жүздеген британ газет­терінің жабылуын «демократияға төнген қауіп» деп атады. Ал соңғы 5 жылда поли­графиялық қызметтер 50 пайызға  қымбаттаған Ресейде мерзімді басылымдар таралымы қатты құлдырауда. «Труд» сияқты­ азулы газеттер­дің өзі апталық формат­қа ауысып жатыр. Алайда медиақұралдар қалай өзгеріске ұшыраса да, бір ғана нәрсе өзгермейтіні анық. Ол – әр адамға  қажетті шынайы, сенімді  ақпарат.

 

САРАПШЫЛАР   НЕ   ДЕЙДІ?

 

Жоғарыда сөз болған: «Қағаз газеттер жойыла ма?», «Барлық БАҚ-тардың ғаламторға кету қаупі бар ма?», «Классикалық БАҚ-тар мен цифрлық медианың текетіре­сінде дәстүрлі БАҚ-тардың ұстанымы қандай болуы керек?» деген сауалдарды қазақстандық ірі-ірі газеттердің басшыларына, отандық  IT-маман­дарға, журналистерге тікесінен қойдық. Жауаптары төмен­дегідей.

 

1. Қағаз газет-журналдардың болашағын не күтіп тұр? Барлық БАҚ-тардың ғаламторға кету қаупі бар ма?

2. Классикалық БАҚ-тар мен цифрлық медианың текетіресінде ұтылмас үшін дәстүрлі БАҚ-тардың ұстанымы қандай болуы қажет?

 

Нұртөре  ЖҮСІП,

республикалық  «Айқын»  газетінің

бас  редакторы:

 

– 1. Келісемін. Қазақстандағы жағдайдың беталысына қарағанда, тап солай болатын түрі бар. Қағаз түріндегі газет-журналдардың күні қараң қалуға шамалы-ақ уақыт қалды. Әлемнің дәстүрлі мәдениеті бар елде­рінде қағаз басылымдар сақталады. Бәлкім, ұзақ өмір сүре беруі де мүмкін. Бізде «оқу мәде­ние­тін» бойына сіңірген ұрпақ біткен кезде, қағаз басылымдар да «Қызыл кітапқа» енген­ жан-жануарлар тәрізді саусақпен санарлық болы­п қалады.

2. Ақпарат алу мен тарату жағын­ан классикалық (дәстүрлі) БАҚ әлеуметтік желілерге өз орнын­ босатып берді. Жүргізуші­лер арасында жазылмаған бір заң бар: таудан түсіп келе жатқан көлік жоғары өрлеп келе жатқанға жол береді. Бізде де солай. Әлемде де солай. Қазір ең жедел деген теледидарыңыздың өзі әлеу­меттік желіні тұтынып отыр. ХХІ ға­сыр бұл тұрғыда ғала­мат­ өзгеріс­терге тап болды. Ақпарат құйыны әлемді шырқ үйіріп жатыр­. Дәс­түр­лі БАҚ ештеңе ұстана алмайды. Оның қолынан келе­тіні – аман қалу үшін жанталасу ғана. Надандық үстемдік құр­ғанда аман қалуының  өзі  екіталай.

 

Марат  БАШИМОВ,

«Человек  и  закон»

газетінің  бас  редакторы:

– 1. Бұл – бүкіл әлемде бар мәселе. Ең бастысы, адамдар ақпарат қалай алатынын таңдай алады: газеттен оқи ма, әлде гаджетті пайдалана ма. Шындығын айтсақ, бүгінгі қоғам жеңіл ақпарат­қа әуес. Қатардағы эстрада әншісінің біреуге күйеуге шыққанын немесе шетелде демалғаны туралы жазыл­ған сайттардың материалын талқы­лап жатады. Рейтинг деген алдамш­ы нәрсе бар. Жастар көбінесе осындай ақпаратты оқиды. Әрине, гаджет­ті көп пайдаланатындар да солар­. Үлкен адамдар, интеллигенция өкілдері газеттерді оқиды. Демек, ғаламтор, әлеуметтік желілер қағаз газет­терді «жұтып» қояды деген – негізсіз байлам. Газеттер ешқашан жоғалып­ кетпейді. Сонау Еуропа мен АҚШ-та қаншама газеттер жүздеген жылдар бойы шығып келеді. Себебі газетке­ басылатын сөздің мағынасы зор, ықпалы ерекше. Тіпті газеттегі мақала­ның астын сызып оқитындар әлі де көп. Ең бастысы, газет оқитын адамдар ондағы ақпаратқа толық сенімме­н қарайды. Ғаламтор ондай сені­мге  ие  бола  алмайды.

2. Негізінен алғанда, екі сала да пайдалы. Ғаламтордың келешегі зор. Бірақ ғаламтордағы сайттарда, әлеуметтік желілерде сараптамалық материалдар жоқтың қасы. Екіншіден, ғаламтордағы көзқарас, ұстаным тез өзгереді. Дамыған елдерде ғаламтордағы жалған ақпарат үшін қатаң жауапк­ершілікке тартады. Біз де бірте-бірте соған келеміз. Ғаламтордағы сайттар­да жұмыс істейтін журналистерді бөлек оқыту керек. Жоғары оқу орындарына жаңа курстар енгізіп, адамның және журналистің құқық­тарын, этикасын тереңірек оқытқан жөн. Менің ойымша, шетелдердегідей журналистер әр салаға бөлек маман­дануы тиіс. Классикалық БАҚ-тар таным­дық, сараптамалық форматқа көбірек көңіл бөлгенде ғана бәсекеге қабілетті  болады.

 

Сұлтан  ЫБЫРАЙ,

ақпараттық  технологи­ялар  маманы:

 

– 1. Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарында «қағазсыз газеттер» әңгіме болып, 1975 жылдары 90-жылдары қа­ғаз газеттің жойылатыны жайында сәуегейлік айтыл­ған. Әлеуметтік желі­дегі әрбір адам контент жасаушыға айналады. Онлайн замандағы интерактивтілік, жаңа «жеткізу тілі – мультимедиа», жаңа грамматика – гипертекст, идео­грамманың көптеп қолданылуы, сөй­леген сөздің аудио, видео жазбасын жіберу, бұрыннан қалыптасқан тілдік нормалардың бұзылуы­, әлеумет­тік желінің жеңіл салақ тілі, сленгтер, басқа тілдермен шұбарлану және бұлардың адамдардың бір-біріне жі­берудің оңайлануы тілге қауіп туды­рары сөзсіз және «жалқау­, сақау» сауат­сыз тіл пайда болуына  бірден-бір себепкер. Әри­не, дами келе ағылшын, орыс тілде­ріндегі сияқты дыбысты, сөз, сөй­лемді бірден мәтін­ге айнал­дыру технологиясы қазақ тіліне нәсіп болғанд­а сауатсыз жазудан да құтыламыз деп үміттенуге болады. Дегенмен мектеп бағдар­ламасындағы тәрбие, сауатты жазу талабы күшейтілу керек және белді, беделді деген газет­тердің, журналдардың тіліне мониторинг жасал­ып, сарапталып отыру керек.

2. Газеттің екі нұсқасы бірін-бірі толық­тырушы болуы керек, бірін-бірі қайталамауы керек,­ яғни қағаз нұсқа мен онлайн нұсқа екі түрлі болуы­ керек, бірақ бір газет. Онлайн жаңалық­тар тегін емес, оған да оқырман жазылаты­н болуы­ керек. Жақсы контент, жақсы­ сараптама,­ білікті профессионал журналистер сұраныс жасай­ алатындай контент жасауы керек­. Және ондай журналистер сұранысқа ие болып, олардың жалақысы да соған сәйкес өсуі шарт. Газет­тің өзінің оқырманы, яғни өзінің базары бар, оған да маркетингтік зерттеулер жүргізіп, оқырманды көп қамту мәселелерін қарастыру керек. Әрине, Қазақстан сияқты халық саны аз елде, ақпараттық кеңістікте басқа­ орыс, ағылшын тілдерінің бар болуы онсыз да тар кеңістікте қиындық тудырады. Болашақта Google translate сияқты технологияға негіз­делген «аудармашылар» кез келген тілден кез келген  тілге  аударатын  болады. Сонда ақпарат жасаушы әлемдік  алпауыттар ғана қалуы мүмкін. Жалпыға ортақ адамзаттық құнды­лықтар бар. Мысалы, бүгін бізге де ақпараттық кеңістікте саны бар, сапасы  күмәнді  теле­арна­ларға  босқа шығындалмай, Discovery, National Geographic, History сияқты телеарналарды қазақшаға  аударсақ­,  ұлттың  дамуын­а  көп  пай­да­сы тиер еді.

 

Дархан  ҚЫДЫРӘЛІ,

«Егемен  Қазақстан»  республикалық  газеті»  АҚ  басқарма  төрағасы:

 

– 1. Теледидар шыққанда да «енді газет­тің күні бітті» деп айтқан. Содан бері бұл тақырып күн тәртібінен түскен жоқ. Әлемдегі «The New York Times», «Асахи симбун» сияқты алпауыт басылымдарды да осы сауал алаңдатуда. Бастысы, олардың таралымы кеміме­се де, қиындықтар бар дейді. Ол қандай қиындықтар? Біріншіден, жаңалық сәт сайын өзгеріп жатыр. Мұндайда газет түгіл, теледидар мен ақпарат агенттіктері де ақпарат таратудан әлеуметтік желілерге ілесе алмайд­ы. Ақпараттық технологиялар (мысал­ы, «Синьхуа» робот тележүргізушілер шығаруда) да тез өзгеріп жатыр. Сондай-ақ газеттің негізгі табыс көзі – жарнама ғаламторға кетіп жатыр. Ал жарнаманың азаюы газеттің құлауына апарып соғады. Екіншіден, адамдар жаңалықты, ақпаратты ғаламтордан оқығандықтан, газетке жазылушылар саны азайды. Үшіншіден, газетті басатын қағаз, бояу сырттан келетіндіктен бағаға әсер етуде. Және ақпаратты жедел жеткізуде газет­ ғаламторға бәсекелес бола алмайды. Енді газетт­ің артықшылықтарын айтайық. Бірін­шісі – онда сенімді дерек көзінен алынған, сарапталған, статистикамен берілген, сауатты­, тексерілген материалдар бірнеше қолдан өтіп, тілдік тұрғыдан да қатесіз жазылға­н материалдар шығады. Ғаламторда­ ақпарат өте көп, қайсысы шынайы, қайсысы­ жалған екенін анықтау қиын. Екінші артықшылығы – сараптамалық материалдар бәрібір газетке деген сұранысты жоғалтпайды. Ғалымдардың зерттеуінше, оқырман ғаламтордан бір материалды 40 секундқа дейін ғана қарай алады екен. Көлемді материалды қалтафонмен оқу көзге зиян әрі оны қабылдауға адамның миы шаршайтын көрінеді. Ал газеттегі көлемді материалды 40 минутқа дейін ұстап оқуға ми дайын болады­ екен. Қазір кітаптардың, журналдардың тиражы да күрт құлдырап кетті. Демек, газет кітап пен журналдың да жүгін арқалайды. Біз де «Егемен Қазақстанның» даму стратег­иясын айқындағанда салиқалы, сарап­тамалық, сыни  материалдарды  көбі­рек жарияау қажеттігін басты ұстаным еттік. «The New York Times» газетінің даму стратегиясы да осыған ұқсас: «Болашақта газеттердің қағаздағы нұсқасы жойылып кетуі мүмкін. Көп елдерде газеттер таралымы күрт құл­дырап, орнын сайт, порталдар басуда. Бұл жердегі бір анық нәрсе, ең соңғы тұтынушысы қалғанша газет шыға береді».

2. Менің ойымша, болашақта ғаламтор мен газет бір-бірін толықтырады. Ақпаратты сайттан оқыса, сараптаманы газеттен оқиды. Яғни оқырманның талғамы, заманның талабы қалай болса, солай қарай икемделеді. Газет тек газет күйінде қалатын болса­ дамымайды. Егер заман талабына сай ғаламтордағы порталын жаңартып, оқылым үшін тиісті жаңалықтарды енгізіп отырса, жаңа оқырмандарға ие болады. Демек, екеуі текетіреске түспейді. Ғаламтор да – газеттегі ақпаратты жедел жеткізудің бір құралы, амалы. Себебі ондағы контентті жасайтын да – журналистер. Бірақ бұл жерде газет сұраныс­қа ие болуы үшін, біріншіден, сенімді дерек көзі болуы тиіс. Екіншіден, материалдары сауатты, сапалы болып, сараптамалары сұраныс­қа ие болуы керек. Сенімді дерек көзіне айналған газетке қай уақытта да сұра­ны­с болады. Демек, қазір журналис­терге көп жауапкершілік жүктеледі. Журналистік зерттеу­лерді көбірек жүргізуі тиіс деп ойлаймын. Сонда әлеуметтік желілердің, ғаламтордың барлық мүмкіншіліктері газетті өміршең етудің жаңа жолына айналады деп есептеймін. Ең бастысы, сенімге селкеу түспеуі қажет. Әлеуметтік желі қазіргі кезде ақпарат таратудың немесе өнімді жарнамалаудың бір құралына айналды. Бұл жерде де өзгеріс болады. Мысалы, бейнеконтентке деген қызығушылық көп. Телеграм, ютуб, ватсап  дамып  келеді. Алайда  ең  басты  мәселе – ол сенім. Ақпарат сенімді дерек көзінен алынса, ол қашанда құнды. Кез келген­ БАҚ осы сенімділіктен айырылып қалмауы  қажет.

 


МИНИСТРДІҢ «МИНИ» МИНУСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
27.06.2019 12:00

Білмеймін, бұл о баста кеткен қателік пе екен? Халықаралық терминдерді аудардық ғой, соны айтамын. Біреу мұны аударған жөн дейді, енді бірі «әлемдік жүйедегі сөзді өзгертудің керегі қанша?» деп таусылады. Десе де, қаншама жылдан бері естір құлаққа енжарланбай, санаға сіңісіп, айтар ауызға айқындалып қалған сөзді ауыс­тыру дұрыс емес секілді. Иә, рас терминдердің арасында өзгертуге келмейтіндері бар. Осы біздің кеш ойланатынымыз жаман дейсің осындайда. Ал, келе сала «төр менікі» дейтіндерден сақтануымыз керек-ау. Жақында­  ғана қызметіне кіріскен мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өткен аптада­ халық алдында есеп берді. Есеп берді де, есте қалды.

Оп-оңай. Өз саласындағы бірқатар мәселелер мен жетістіктерге тоқтал­ған ол өзін кезекті реформатор санаға­н сыңайлы. Жаңа ғана «жүгенге» жабысқан «мәдмин» тыңнан түрен салғыс­ы келеді, жаңа жолмен жүргісі бар. Сонымен, А.Райым­құлова халық­аралық терминдерді қазақ тіліне аудармай, түпнұс­қада қалды­ру керек, қайтару керек деп  есептейді  екен.

- Халықаралық терминдерді қазақ тіліне қайтару үшін терминологиялық қорға мониторинг жүргізілді. Өткен жылдан бастап бұрын қазақ тіліне аударылған 3300-ден астам жалпыға бірдей қабылданған термин мен ұғым қайта қаралып бекітілді. Олардың 300-ге жуығы – халықаралық терминдер. Мысалы, «мұражай» деген сөз «музей» болатын  болды. Мұрағат – архив, тағы сондай-сондай  нәрселер, - дейді министр.

Осы дүрмекпен азатжол – абзац, пайыз – процент, сынып – класс, құрсым – шина, теңгерім – баланс, әнұран – гимн, мұқаммал – инвентарь, ақау – дефект, шегендеу – демаркация, мейрамхана – ресторан, қимыл – анимация, ал «әлеует» деген сөз «потенциал» болып қайта өзгермек.

Мұндай шешімді қабылдауға «халықаралық терминдерді қазақ тіліне аударуға болмайды» деген­ түсінік түрткі болған көрінеді. Өкініштісі, біз әлемдік деңгейде қалыптасқан халықаралық термин мен орыс тілінен енген сөздердің аражігін ажырата алмай жатқан секілдіміз.

«Мұражай» демейміз, «музей» дейміз. «Пайыз»­ демейміз, «процент» дейміз. «Әнұран» демейміз, «гимн» дейміз. «Сынып» демейміз, «класс»  дейміз. Тізім осылай кете береді. Жүзден асып кетеді-ау. Жаңа министріміз Ақтоты Райым­құлова осылай талап қойды. Біз оны Ақтоты емес, Ақпопугай деп атайық» дейді ақын, әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы Мықтыбек Оразтай­ұлы. Түсіне білгенге, әрине ауыр әзіл. Бірақ, тұрпатына қарасаң «өзіме де сол керек» деп тұрғандай.

Термин сөздердің қайта бекітілуіне қатысты ойын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек те білдірді.

- Былтыр институт атынан тер­миндерді қарау, сараптау, талқылау және бекіту бойынша өзінің бір рәсімін бекіту туралы ұсыныс айтқан. Осылайша ғылыми зерттеуге үкіметтен тапсырыс беріліп, қаржыландыруы керек. Өйткені, бұл оңай жұмыс емес. Бүгін-ертең бұл 3 мыңнан аса сөз алып тастал­майды. Жалпы терминологиялық мониторинг жүргізілуі тиіс. Халық қандай сөз­дерді қабылдап жатыр, қандай сөздер енбей­ жатыр, қандай сөздер сіңіп кетті, осының барлығын зерттеу керек. Халықтан бұлайша көп сөзді алып тастау мүм­кін емес, - дейді институт дирек­торы.

Халықтың сөздік қорынан алып таста­й алмайтыны болса да түсінікті жайт. Тек қағаз жүзінде қабылданып кетсе, жұртшылық әуре-сарсаңға түседі де қалады. Жалпы айтқанда тілмен ойнау­ға да, оны қиындата беруге де болмайд­ы.

Журналист Мәди Манатбек осы мәселені шешу керектігін әлеуметтік желідегі парақшасында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың есіне салды.

«Тіл комитеті, терминком, тіл инс­титутының мамандары сіздерге ба­ғы­нышты болғандықтан үнсіз келісіп отырған­ болар. Бірақ іштей олар да наразы.­ Сондықтан тілді тұқыртып, елді түртпектей беруді қою керек. Тым болмаса елдің талқылауына салыңыздар. Жаны ашыған әр адам пікірін біл­дірсін, талқылауға қатыссын. Тіл – ұлт­тың жаны. Тіл, жер, тәуелсіздік мәселе­сінде отпен ойнауға болмайды» дейді ол.

Біз білсек, бұл – министрдің «мини» минусы. Бұған дейін осы орындықта отырған Арыстанбек Мұхамедиұлы да осындай дау-дамайдың, қызықтың қызу ортасында жүретін еді. «Өзіңнен зор шықса­, екі көзің сонда шығады» деген-ді бабалар. Экс-министрдің көзіне назар салмадық, қандай халде екенін білмей­міз. Мұны Ақтоты ханымның алғашқы «хайпы» деп қабылдаған жөн бе екен? Оны да білу қиын. Қазір атын шығару үшін тілге, дінге, елге тиісу «мода» болып­ барады ғой. Бұл да соның о жақ, бұ жағы да...

Ш.ШАТҚАЛ

 


Күнтізбе

< Маусым 2019 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары