Оқырманнан хат

Келіп кету есептегіші

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін2820
mod_vvisit_counterКеше2604
mod_vvisit_counterОсы аптада10101
mod_vvisit_counterӨткен аптада15900
mod_vvisit_counterОсы айда26001
mod_vvisit_counterӨткен айда70043
mod_vvisit_counterБәрі4150731


Өзекті мәселелер

  • 14.11.19

    Ішкі істер министрінің орынба­сары Алексей Калайчиди аттестациядан кейін лауазы­мы­нан  босаған полиция басшы­лары туралы айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

    – Аттестация екі кезеңнен тұрды. Біріншісі – дайындық барысы. Яғни, лауазымдағы азаматтың  кәсіби  дағдысы зерттелді. Біз бұған  дейінгі полиция басшыларын аттестаттаудың оқ ату, дене дайындығын, заңды білу деңгейін тексеру сек...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Бізде мынадай тенденция бар ғой. Әкімдер мемлекеттік мекемелерге барса,­ сондағы қызметкерлер тайлы-таяғымен иіліп төсек, жайылып жастық бола қалатын. Тіпті, бұл дәстүрге айналып кеткені қашан?! Ал әкім мекеме­ге ескертусіз келсе, жағдай қалай болар еді? Мұндай «қызықты» апта  басында  көрдік.

    ...
    Толығырақ...
  • 14.11.19

    «Отан қорғап, сарбаз сапына қосылады» деп үкілі үміт артып отырған­ бөріктілердің арасында әскери борышын өтеуден қашып жүргендер бар. «Қашқындарда­н» бөлек, республиканың түкпір-түкпіріне немесе өзге мемле­кеттерге жұмыс істеуге барып, нақты мекенжайсыз, хат-хабарсыз кететіндерге де дауа болмай отыр. Осыған­ байланысты әскерге шақырылушыларды жергілікті әскери­ басқару органдарына шақы...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Мәдениет ауылдық округі тіректі елді мекенге айналғалы бұл өңірдің тірлігі де алға басты. Ауыл әлеуетінің артуына бұрын жергілікті шаруашылықтар қолғабыс ететін. Қазір кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланған ауыл тұрғындары да табысқа кенелуде. Кейбір жандар жеке табысы артқан сайын әлі де бола берсе екен дейді. Ал  бұл  елді  мекендегі  шаруашы...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Өткен жылы мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарлама­сына қатысып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Бастау Бизнес» курсынд­а білімін жетілдірген Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылының жас кәсіпкері Қосым Жұмағалиевтің  есімі  бүгінде ауылдастарына жақсы­  таныс.

    ...
    Толығырақ...
Сәрсенбі, 03 Шілде 2019

КІШІ АРАЛҒА ҚАУІП ҚАЙДАН? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
04.07.2019 11:20

Талай тақырыпқа арқау болған Арал теңізі... Үміттерді қайта оятқан Кіші Аралға қауіп қайдан? Мамырдың 14-інде Қызылорда облысындағы сапарында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арал теңізінің Қазақстан жақ бөлігіндегі Кіші теңізді ұстап тұрған Көкарал бөгетін нығайтпасақ, Кіші Аралдан да айырылып қалуымыз мүмкін екенін айтты. Осыған орай біз мәселенің мән-жайын білмек болып, Қызылорда облысының Арал ауданына барған едік.


 

КӨКАРАЛ  БӨГЕТІ  БҰЗЫЛҒАЛЫ  ТҰР!

«Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін». Бұл жердің халқы Аралдан айырылу деген қасіреттің кермек дәмін біледі. Көлемі жөнінен әлемнің төртінші теңізінен көз алдында айырылу аралдықтарға ауыр болғанын кім білмейді. Алайда 90-жылдардан бастап Қазақстан өкіметі Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу жобасына белсене кірісті. Осылайша, Көкарал бөгеті салынып, Кіші Арал пайда болды. Енді Кіші Аралдан айырылу... Оның беті әрмен...

Қызылорда облысына са­парында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кіші Аралды қорғап тұрған Көкарал дамбасының жағдайы дабыл көтерерлік екенін айтты. Себебі теңізге құятын сыңар өзен – Сырдария табиғи түрде өз арнасы­н өзгертіп, су Көкарал су реттегішінен ауытқи бас­таған. Табиғаттың ісі. Адам қолымен жасалған, 13 шақырымдық алып инженерлік құрылғы – Көкарал бөгетін су мүжіп жатыр. Егер дария суы дәл гидроқұрылғының өткіз­гішіне келмесе, онда Кіші Аралдың суы бөгетті бұзып, миллиардтарға салынған Көк­арал көкке ұшты дей беріңіз. Ал ол дегеніңіз – жер бетіндегі миллиардтардың өміріне тұз бен шаңдақты ұшырып жатқан өлі Аралдың аумағы бұдан әрі ұлғаяды деген сөз. Сыр еліндегі сапарында президент Тоқаев былай деген еді:

«Елбасының бастамасы бойынша «Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы іске асырылуда. Осы жобаның және Көкарал бөге­тінің  арқасында Кіші Аралдағы су қалпына кел­ді. Мәселелер мұнымен шектелмейді. Көкарал бөгетінің төменгі жағын Сырдария ағыны бұзып жатыр. Дереу қолға алмасақ, Кіші Аралдан да айырылып қалуымыз мүмкін. Теңіз тартыла бас­таған  жылдары «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген ұран пайда болған. Енді «Көкарал тағ­дыры да адам тағдырына» айнала бас­тады».

Аудан орталығы Аралдан 180 шақырым жерде орналас­қан Көкарал бөге­тінің жанына келдік. Сырдарияның Кіші Аралға құяр тұсына жетіп, жергілікті балықш­ылар, Қаратерең ауылының азаматтарынан қайық сұрап мініп, сол қа­зылған арнаны көзі­мізбен көрдік.

Көргеніміз мынау (суретте): Сырдария сол жақ қапталдан екі өзек салып, жырып кеткен. Судың жарды жегені, тікелей қазылып бара жатқаны анық көрі­неді. Су өз еркімен осылай аға беретін болса, онда Көкарал дамбасының сол жағына­н жаңа жыра пайда болуы мүмкін. Ал ол дегеніңіз – Көкарал дамбасына өте үлкен қауіп төніп тұр деген сөз.

Көкарал бөгеті – Үлкен Арал мен Кіші Аралдың ортасындағы гидроқұрылғы. Ол 2005 жылы Қазақстанның идеясы­мен салынды, негізгі қаржы көзі – дүниежүзілік банк. «Сырдария арнасын реттеу­ және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасы аясында бой көтерген бөгеттің негізгі қызметі – Кіші Арал теңізін­дегі суды реттеп тұру. Бөгеттің биіктігі – 6 метр, ұзындығы – 13 шақырым. Су арнадан асса, ұлы теңізге құлатады, қалған уақытта 27 млрд текше метр суды Кіші теңіз көлеміне жинайды. Яғни өте маңызды стратегиялық нысан. Демек, облыс басшылығының байбалам салатын жөні бар. Бұл туралы білмек болып сол кездегі  облыс  әкімі Қырымбек Көшербаевқа бардық. Әкім өз сөзінде Сырдария өзінің бағытын­ жиі өзгертіп тұратын өзен екенін, сондықтан  Көкарал  дамбасына  қарай бір арна пайда болғанын, оның Көкарал  дамбасына  өте  қауіп­ті  екенін  айтты.

- Сондықтан Көкарал дамбасын нығайтуымыз керек, - деді Қырымбек Елеуұлы. – Оның деңгейін көтеруіміз қажет. Теңізді Арал қаласына дейін жеткізіп, Аралдың порттық әлеуетіне келтіруіне барлық  мүмкіндік  бар.

 

КІШІ   АРАЛ  –  ҒАСЫР   ЖОБАСЫ

Жалпы, теңізді қалпына келтіру, теңізді бөгеу – адамзат тарихында болмаған оқиға. Бұны Қазақстан жүзеге асыра алды. Ендігі мақсат – сол қазақстандық тәжірибенің көрінісі – Көкаралды, сол арқылы­ Кіші теңізді сақтап қалу. Қазір Арал теңізіне Әмудар­ия құймайды. Сон­дықтан бар үміт – тек Сырдарияның суында. Ал дариядан Көкарал дамбасына дейінгі аралықтағы ауытқыған арнаның мәселесін шұғыл шешу өте маңызды. Ақлақ гидроторабы және Солтүстік Арал теңізі тоғаны­ның жетекшісі Марат Бозғұловтың айтуынша, судың Көкаралда тұрғанына 13 жыл болған. Дамбаның жиегінен, Көкарал бөгетінің жиегінен су қазып кеткен орды бітемесе, су Көкаралдың жиегімен барып, дамбаны мүжиді. Ары қарай бұрынғы  арнасымен бармайды.  Соны  бөгеу  керек.

Тарихтан белгілі, Арал апаты­ адамзат баласына үлкен экологиялық проблемалар әкелді. Халықтың денсаулығы нашарлап, адамдар теңізді тастап­,  жан-жаққа  кетті. Теңіз суы тұзданып, Сырдарияның суы  өлі  теңізге  сыздықтап ағып жатты. Халықтың туу көр­сеткіші төмендеп, адам өлімі күрт көбейді. Ауыл шаруа­шылығын күшейтеміз деген советті­к асырасілтеушілік кесіріне­н Әмударияның арнасы Өзбекстанның егістіктеріне бұрылып, Сырдария бірнеше жерден бөгелді.

Аралды құтқаруға енді ғана егемендігін алған елдер Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Тәжік­стан, Түркіменстан және Қазақстан талпынып көрді. Алайда­ Қазақстан тарапы ғана теңізді сақтап қалу жобасына ынталылық танытып, нәти­жесінде ұлы теңіздің бір пұшпағы  Кіші  Арал  қайта  толды. Енді Қазақстан және Өзбекстан Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесіп, үлкен теңіз ұлтанына сексеуіл егу жобасы­н  бастады.

Кіші Арал аймақтың эко­логиясы мен экономикасын жақсартып отыр. Көкарал бөгеті артылған суды Үлкен Аралға жібереді, себебі теңіз­дің  құрғаған  бөлігін  де  ұмытпауымыз керек. Дегенмен теңіздің қазақстандық бөлі­гінде микроклимат жақсара бастаған. Халықаралық Аралды  құтқару  қорының  департамент директоры Әмірхан Кен­ші­мовтің сөзінше, Кіші Аралды ғана ойламай, жалпы Ұлы теңіз ұлтанын да оңалту керек.

- Көкарал плотинасының төменгі  жағын біз жасанды атырау жасайық  деп жатырмыз, су көп кездері су ағып кетеді,­ ол сулар экологиялық жағдайды түзеуге септігін тигізбей­ді, - деді ол. – Канал жасап,­ Барсакелмеске су апарып­,  жайран,  құландардың жағдайын жасағымыз кеп жатыр­. Ол жерлерде де біраз жағдай жасалды, құстар көп, жабайы шошқа бар. Жалпы жағдайы  жаман  емес  қазір,   әрі қарай да жақсартуымыз керек.­

Мамандар судың тұз­дылығы  азайып, тек камбала ғана жүзіп жүрген теңізге балықт­ың 14 түрі қайта орал­ған дейді. Ал 60-жылдары теңізд­е  балықтың  32  түрі жүзіп жүрген. Соған сай Арал маңының­ балықшылары жылына 8000 тонна балық аулап жүр. Егер 2000 жылы Кіші Аралдан бар-жоғы 400 тонна камбала балығы аулан­ғанын ескерсек, бұл – үлкен көрсет­кіш! Жалпы, облыс­ бойын­ша балық аулау көлемі соңғы алты жылда 2 есе өскен.

- Судың көлемі ұлғайған сайын бұл жерде балық шаруашылығы дами береді. Біздің Арал ауданында ол қарқынды жүріп келе жатыр. Судың көлемі  үлкейген  сайын  балықтың да көлемі ұлғаяды. Ғылыми­  зерттеу  институт­тары өзде­рінің лимиттерін беріп отыр қорына байланысты, аулана­тын балыққа жылына 7100-7200 тонна лимит береді. Су ұлғайса, Қазақстанды қамтама­сыз етіп, ауысқан балық­ты  экспо­ртқа  шығаруға мүмкіндік  алады,  -  дейді  Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев.­

Қазір Арал ауданында 7 балық зауыты  жұмыс  істейді. Арал балығы Дания, Германия, Грузия, Ресей, Қытай және Еуропа елдеріне де экспорт­тала  бастаған. Облыста балық өнімінің экспорты 9 есеге ұлғайған. Мәселен, Н.Әйім­бе­тов басқаратын балық өңдеу зауыты 20 түрлі балық өнімін өңдейді. Балықты шетелге тек шикізат күйінде шығарудан пайда жоқ. Сондықтан бұл кәсіп иелері Кіші Арал балығын қақтап, тұздап, бір балықтың өзінен бірнеше түрлі тағам түрін жасайды. Кіші Арал «Сырдария арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасының бірінші кезеңінде қалпына келтірілді. Бұл турасында Қызылорда облысының бұ­рынғы әкімі Қырымбек Көшербаев:

- Күміскеткен су қоймасы, Қараөзек көктемгі суды алып, суармалы жерлерге су жеткізу үшін. Қараөзек көлдер сис­темасы  60  шақты  көлге  қажетті суды қамтамасыз  ететін су қоры болуы керек. Осы жобалардың бәрі Солтүстік Аралдың екінші кезеңі аясына кірген. Осы жобаны­ іске асыруға Елбасы тапсырма берді, үкімет келесі жетіде осы тиісті қаулысын қабылдап, тиісті жоспарлар жасалады. 254 млрд теңге үлесі бар. Осының бәрі іске асса, Аралдың болашағына үмітпен қарауға болады, - деді.

Қалай десек те, Кіші теңіз портты қала Аралға 17 шақырымға жақындаған. Енді сол «Сырдария арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтап қалу» жобасының екінші кезеңі жүзеге асса, теңіз жағалаған жұрттың жағдайы бұдан да жақсарады деген сенім бар. Оған негіз де жоқ емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегімен жүзеге асқан Солтүстік Аралды реттеу жобасы Арал өңірінің халқына үлкен қолдау болды. Кезінде үдере көшкен халық тұрақтап, өңірдің өмірі өзгерді. Арал өңірі – Сыр бойы­ның әлеуметтік-экономикалық саласы соңғы жыл­дары еңсесін көтерді.

Аралдықтар да Аралдың бола­шағына үмітпен қарап отыр. Экологияның эпицентрінде өмір сүру, тұз бен шаң жұту, сонда да келешектен үміт күту Арал секілді алып теңізінен айырылған халықтың ғана қолынан келетін секілді. Кіші Аралдың сақтаушысы – Көк­арал­  бөгеті  өңірдің  өмірі  үшін қаншалықты  маңызға ие екенін  осыдан-ақ  біле  беріңіз. Теңдессіз жоба Кіші Аралды сақтау – өмірлерді сақтау, сенімде­рді  сақтау,  жалпы  елді сақтау...

Нұрбек  ӘМИША,

журналист,

арнайы  «Халық»  газеті  үшін,

Нұр-Сұлтан-Қызылорда-Арал.

 


БАС ДӘРІГЕР БАСЫНЫП БАРАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
04.07.2019 11:15

Қазалы ауданының әкімі М.Ергешбаевқа

аудандық мәслихаттың хатшысы К.Назымбековке

Қазалы ауданының прокуроры Б.Мырзабаевқа

аудандық мәслихаттың депутаты,

«Әлеуметтік, мәдени, құқық қорғау және жастар саясаты» жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Ғ.Әлішке

Біз, Қазалы ауданаралық аурухана қызметкерлері, 2019 жылдың наурыз айынан бері екінші рет үндеу шығаруға мәжбүр болып отырмыз. Себебі, бас дәрігер Гүлжихан Нысанованың қызметкерлермен қарым-қатынастағы этикасын сақтамауы, дәрі­герлерді өз әріптесі ретінде сыйламауы және жалпы ұжым басқару стилі.

Айта кету керек, жаңа бас дәрігердің іскерлік қабілеті, бастапқы іс-шаралары – тәртіпті бақылау, мекеменің қаржы жағдайын жақсарту, жауапкершілікті күшейтуі ұжымның  көңілінен  шықты.­ Алайда санаулы айда Г.Ны­сано­ваның жасаған істері ұжымда түсініспеу­ші­лік пен наразылық сезімін туғыза  бастады.

Кейбір әрекеттерін атап өтейік.

- Ауруханада жасырын бейнекамера орнатам деген уәдесі. Оны орнатса, біздің ізімізден заңсыз құпиялы түрде  аңду  басталады.

- Басшы болып отырған күннен бастап қызметкерлерді себепсіз орындарынан ауыстыру немесе жұмыстан босату науқаны басталды.

Жетес би емханасының бас дәрігері З.Аманды себеп­сіз  басқа  орынға  ауыстырып, орнына жас, тәжірибесі жоқ дәрігерді қойып, кейін оны да  ауыстырып  жіберді.

Бухгалтер А.Ділмағанбетті негізсіз жалақысы  төмен  жұмысқа  ауыстырып, артынан тіпті жұмыстан шығарып жіберді. Ол кісі ауырып қалып, больничныйға шықса,­ артынан адам жіберіп, больничныйды тексертті. Және ақылы бөлімге жатып емделуге тыйым  салды.

Реанимация дәрігері Аманованы қабылдау бөлімінде науқас қайтыс болғанын­ содан көріп, жалақысы төмен басқа салалы жұмысқа ауыстырып жіберді. Артынан кешіргендей болып, бір айдан кейін тағы тиісіп, қайтадан ауыстыратын болды. Тек сол дәрігердің әкесі араласқаннан кейін Аманованы қудалауды  тоқтатты.

Сондай-ақ, көп жыл жұмыс істеп жатқан дәріхана меңгерушісі Бал­қие­ваны ешқандай негізсіз басқа орынға ауыстырып, орнына өзімен дос болып жүрген завскладтың қайын сіңлісін әкеліп  қойды.

Перзентхана ұжымында өзіне ұнамай қалған, көп арыз-шағым айтатын қызметкерлердің бәрін басқа бөлім­дерге  ауыстырып  жіберді. Артынан  ол қызметкерлер  сотқа  арыз  жазып, ауыстырудың заңсыздығын дәлелдеп, орын­дарын­а  қайтып  келді.

Дәрігер Нысанқуатоваға сұраған ақысыз күнін бермей, «ауырсаң, боль­ничн­ыйға шық» деген. Артынан «больничныйды кім ашты, неге ашты?» деп айғайлап, тексеру жүр­гізген.

Жалпы, басшымыздың жұмыс тәсілі, басқару стилі дәрігер атағына лайықты емес. Аурухана әкімшілігінің коридорында Г.Нысанованың шыңғырып айғайлап жатқаны үнемі естіледі. Үлкені-кішісі, дәрігері-мейіркеші, тіпті өзінің орынбасарларына дейін неше түрлі сөз, балағаттау естіп шығады.­ Мінезі дөрекі екендігі қазір бәріне мәлім. Оны ешкім дәлелдей алмасын деп, Нысанова кірген адамдардың телефо­нын хатшыға тастап кетсін деп талап  етеді.

Қоғамдық қабылдау жасаймын деп, өзіне тағы бір кабинет құрып алды, бірақ ішінде тек жақын адамдарымен тамақ-шай ішеді.

Бас дәрігеріміз өз қызметкерлеріне, қарапайым халыққа жасанды қиындық ұйымдастыруға өте құмар. Қысты күні ауруханаға кешкі 7-ден кейін адам кір­месін деп заң шығарып, қаншама адам жұмыстан кейін ауруханаға келіп, ішке кіре  алмай сыртта тұрды. Халық ренжі­геннен кейін, кіргізетін болды. Бір кезде аурухана ауласына кірген көліктен ақша ұстатты. Заңсыздығы ашылған соң, оны да тоқтатты. Жақында барлық қызмет­керлердің көлігін сыртқа, күн­нің ыстығына шығарып жіберді. Түнгі уақытта өз көлігімен шақыруға келген дәрігерлер  өз  ауруханасына  кіре алмай,­ машиналарын сыртта қалдыруға мәж­бүр болды.

Ұжымдағы атмосфера едәуір бұзылды. Бес-алты ай ішінде бас дәрігеріміз қызметкерлерді  бір-біреуімен ауыс­тырып, ренжістіріп, қарсыластырып қойды. Кешегі ауызбіршілік, достықтың орнына ұжымда жалпы күдіктену, сенімсіздік, тіпті қорқу пайда болды.

2019 жылдың 13 наурызында аудан әкімдігінде өткен аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында ауданда денсаулық сақтау мекемелерінің халыққа сапалы медициналық көмек көрсету тақырыбы бойынша бас дәрігер Г.Нысанованың басшылық қызметтегі этикалық нормаларды сақтамағаны, қызметкерлерге дөрекілік көрсеткенін мойындағаны айтылып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығы тарапынан тәртіптік жаза қолдану туралы қаулы қабылданған болатын. Бірақ ол қаулының талабы осы уақытқа дейін орын­далған  жоқ.

Сондықтан, аурухана ұжымы атынан Г.Нысанова ұжымның сенімін ақтамаған басшы ретінде бас дәрігер қызметінен босатылсын деген талабымызды қайталап жолдаймыз. Орындалмаған жағдайда басқа шара қолданып, бір күндік қарсылық ереуіл өткізуге дейін баратынымызды ескертеміз.

 

Қазалы  аудандық  аурухана

қызметкерлері

К.Наршабаев,

хирургия  бөлімінің   меңгерушісі,

А.Медетбаева,

хирург,

Б.Аманова,

дәрігер,

Н.Алмат,

дәрігер,

З.Аман,

Ғ.Мұратбаев дәрігерлік амбулатория бөлімінің  меңгерушісі

(Хатқа  барлығы  47  адам

қол  қойған.)

 

«Халықтан»: Қоғамдағы кейбір жайттарға көңілі толмаған, мәселесіне тиісті орындардан мардымды жауап ала алмаған жандардың бір ықпалы тиер деп БАҚ-қа соңғы үмітін артып келетіні бар. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарының мақсаты мен міндеттері, онда қызмет ететін журналистердің басты қызметі – қоғам үшін маңызды ақпарат іздеу, табу, анықтау, тарату. Осы себептен де, біз жоғарыда ұжым басшысына сенімсіздік танытқан бір топ қызметкердің қолы қойылып, редакцияға жолданған хатқа бейжай қарай алмадық. Сондай-ақ, бұл ұжымдық хатпен бірге Қазалы ауданының құрметті азаматы, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Көбек Наршабаевтан «Мен неге бас дәрігеріме ренжулімін?» атты ашық хаты қоса түскенін де айта кетейік. Бірден айтайық, біздің бас дәрігерде «бес бересіміз, алты аласымыз» жоқ, тек ғана «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген тәмсілге сала отырып, көптен бері аудандық денсаулық сақтау саласында болып жатқан ахуалдың, түсініспеушіліктің нүктесін аудан басшылығы мен тиісті орындардың қойғанын жөн көрдік. Ал, қарсы тараптың уәжі болса, басылым бетінен орын беруге дайынбыз.

 


Қазағымның Арысы – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ НАМЫСЫ! PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
04.07.2019 11:00

Арыстағы  төтенше жағдай  ешкімді бейжай  қалдырмады. Жұрт  жұдырықтай жұмылып, елдігін көрсетіп  жатыр. Республика көлемінде  «Арыс, біз біргеміз»  атты  акция басталды.  Акция шеңберінде  кез келген  адам Арыс халқына  көмек көрсету үшін құрылған  штабтарға барып, көмек  ұсына алады.

Жарылыс Арыс қаласынан 200 метр жердегі әскери қойма­да болды. ҚР Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, 90 тоннаға жуық артиллериялық оқ-дәрі сақталған қоймадан өрт шыққан. Жойқын жарылыс­тың неден болғаны нақтыланған жоқ. Себеп-салдары анықталып жатыр. Біле­тініміз, адам шығыны бар. Бұл жолы қандай қателік кетті? Ата Заңымызда айтылғандай әрбір адамның өмірі қымбат. Ұзақ уақыттан бері Арыстағы жарылмаған қойма тұр­ғындарға қауіпсіз көрінген шығар. Қа­дағалау болмады ма, тазалау жұмыстары жүргізілмеді ме? Оқ-дәрі қоймасындағы өрттің неден тұтан­ғаны, әскери бөлім­нің қалай аңғармағаны белгісіз.

Арыс қаласында 45 мың халық тұрады. Жарылыс тоқтаса да, қауіп сейілген жоқ. Қорғаныс министрлігінің мамандары қаланы толық залалсыздандырды. 28  маусымнан бастап  тұрғындар  қала­ға кіргізілді. Ал апаттың экологияға, адам денсаулығына әсері бөлек зерттеуді қа­жет етеді. Қазір көп­шіліктің  бойындағы үрей басылған жоқ. Сырт еткен дыбыстан шошиды. Бейбіт күнде соғысты көр­гендей мең-зең.

 

АРЫСТАҒЫ   АЛАСАПЫРАН

Арыс тұрғыны Гүлвира Құдайбер­генова жарылыстың қатты болғаны сонша, жол бойында өлген адамдарды көргенін айтады. Алайда тиісті орындар үш адамның қайтыс  болғанын мәлім­деген  болатын.

– Сол күні сағат 9 шамасында жа­рылыс дыбысынан ояндым. Балала­рыммен  бірге  жалаң аяқ  қаштым­. Екі баламен көлік алма­ды. Шымкентке кешкілік сағат­ 5-ке таяу жеттік. Енді үйіміз жоқ. Далада қалдық. Суреттен  баспанамыздың  сау жері  қал­мағ­анын көрдік. Төбесі опырылып түсіпті, - дейді арыстық келіншек.

Жарылыста перзентханадан шығып, 40 шақырым жаяу қашқан 22 жастағы Кенжегүл де оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.

– Бұл менің есімде мәңгіге қалады. Ай-күнім жетіп, тол­ғақ  қысқан соң, енеммен Арыс қаласындағы перзентханаға келдім. Мені дәрігерлер қабылдап, ем-дом жасамақ болды. Кенет қала көк түтінге оранды. Іштегі адамдардың барлығы жан-жаққа қашты. Үрейім ұшып, қайда барарымды білмедім. Тек сыртқа қарай жүгіріп шықтым. Жер сілкінісі болып жатқан сияқты. Сыртта ешқандай көлік жоқ. Жан­сақтау бөліміндегі жаңадан босан­ған келіншектерді алып шығып жатты. Әскери адамдар «Қашыңдар!» деп бұйрық берді. Анам, акушер және мен адамдар кетіп бара жатқан бағытқ­а қарай жүгіре бердік, - дейді жас ана.

Шарасыз күйге түскен келін­шек 40 шақырым жерде орналасқан ауылға жаяу барады­. Жаны қысылған Кенжегүлді жол-жөнекей кетіп бара жатқан мұғалімдер далада қалдырмаған. Жүкті әйелді көліктеріне мінгізіп, жақын маңдағы  ауылға  жеткізген.

- Жан-жағымыз өрт пен көк түтін. Біз жолды білмедік. Адасып­ «Ақтас» деген жерге келдік. Сол ауылдағы үй иесі Гүлмираға, акушерім Бал­бөпеге шексіз алғыс айтамын. Екі кісі мені босандырып  алды, - дейді жас ана Кенжегүл Бекасыл.

Дер кезінде көмек беріп, жанынан табылған білім және ғылым министрлігінің мамандары Балбөпе Өтенова, Жанат Нұржұманова, Шайза Доскеевалар екен. Олар Түркістан облы­сына арнайы Ұлттық бірыңғай тестілеуді бақылау үшін жіберілген. Жарылыс басталғ­анда олар жақындарына хабарласып, қоштасып үлгеріпті. Ал жүкті келіншекті көргенде, оны тастап кете алма­ған. Әлеуметтік желілерде жарияланған видеолар адамның үрейін ұшырады. Жойқын жарылыс соғысты еріксіз еске түсіреді. Ата-анасынан ажырап қалған балаларды көріп, жүре­гің ауырады. Жарылыстан соң он бес адам жансақтау бөліміне жеткізілген. Оның төртеуі – бала. Тоғыз адамның халі ауыр. Барлығы 165 адам дәрігер көмегі­не жүгінген. Оның 89-ы ауруханада жатыр. Арыс қаласы мен әскери бөлім  аума­ғында 5700-ден астам әскери снарядтар мен оқ-дәрілер табыл­ған. Арыстағы барлық көше мен 11 шақырым теміржол төсемдері тексеріліп, тазарты­лған.

Жарылыс болған қару-жарақ сақтайтын база 1960 жылдан бері бар. Орасан зор қару-жарақ қоймасы қалың қазақ шоғырланған өңірге орналасыпты. Отыз жылда осы аждаһаны басқа орынға көші­руге, ескірген  арсеналды  жою­ға болатын еді. Қорғаныс министрлігі жыл сайын қару-жарақты көшіруге қаржы сұраған көрінеді. Алайда сұралған қаражат берілмепті. Неге? «Момын қазақ бәріне көнеді» деді ме? «Қырылса, қазақ қы­рылсын» деді ме?

Қорғаныс министрлігі қа­зіргі  уақытта  жағдайға  шынайы  баға  берілу  қажеттігін айтады.

– Біз «арсенал неге тұрғын үй кешеніне жақын орналас­тырылған?» деп айтпауымыз керек. Тұрғын үй кешендерінің кеңейіп, өскені соншалық, 1930 жылдардан бергі арсе­нал­ға жақындап кеткені ескерілуі тиіс, - деді Қорғаныс вице-министрі Тимур Дандыбаев Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол өз сөзінде аталмыш арсенал­ Совет одағы кезінде нақты стратегиялық маңызға ие болғанын тілге тиек етеді. «Бірақ, ол кезде Арыс шағын ғана ауыл болатын. Қандай да бір төніп тұрған қауіп жоқ еді. Уақыт өтті, өмір өзгерді. Елді мекен кеңейе келе стратегиялық нысанға жақын­дады. Біз бұл мәселе туралы бірнеше мәрте ескертіп, тиісті ұсыныстарды берген болатынбыз. Бірақ, мұның бәрі әлеуметтік мәселелерге байланысты болды.­ Яғни, халықт­ы ол жерден­ көшіріп, қауіпсіз жерге­ орналастыру белгілі бір қиындықты, әсі­ресе қаржылық-экономикалық күрделілікті тудыратын еді. Осыған байланысты комис­сия істің ақ-қарасын ажыратар. Кінәлі адамдар тиісті жазасын алады», - деді Тимур  Дандыбаев.

Алайда сананы жаулаған сауа­л көп. Халыққа түсіндіру жұмыстарын  жүргізіп, қауіптің алдын алуға болады ғой. Өкі­нішке қарай,  нақты жауабы жоқ.

 

ДЕРЕК  пен  ДӘЙЕК

Арыстағы алапат апат сал­дарынан 7600 тұрғын үйдің әйнегі сынып, 80-85% үйлер­дің шатырына зақым келген. Тұрғындар Арысқа оралғанша Шымкент қаласында эвакуа­циялық 42 пункт, аудандарда 17 пункт  жұмыс істеді. Деректерге сүйенсек, Арыс қаласы мен әскери қоймада оқ-дәрілерді тазалау және қаланы дезинфек­циялау шаралары аяқталған. Қазір тұрғын­дардың  өміріне ешқандай  қауіп  жоқ.  ҚР Экология, геология және табиғи ресурста­р министрі Мағзұм Мырзаға­лиев Арыстағы атмосфералық ауаның таза, су және топырақтың ластанб­аға­нын, радиацияның жоқтығын  айтады.

– Жылжымалы лабораториялар арқыл­ы қала аумағында және сыртында зерттеу жасалды. Радиациялық жағдай тексерілді. 518 сынама өлшемдері жүр­гізілді. Радиациялық фон қалыпты деңгейге сәйкес келді. 50 орында ауаның атмосфералы­қ  сапасы тексерілді. Нормативтен ауытқу анық­талған жоқ. Қала бойынша ауызсу құбырларының дезинфекциясы және жуып-шаю жұмыстары жүргізілді. Қоқыс жиналатын контейнерлік орында­р да толық дезинфекциядан өткізілді. Бұл жұмыстарға Түркістан облысымен  қатар  Қызылорда, Жамбыл  өңірлерінің  мамандары тартылды. Қаланың ауасы қауіпсіз. Арыста радиаци­я  қаупі  жоқ, - деді  ол.

Ал Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасы Владимир Беккер қаладағы әлеуметтік нысандар тек­серуден өткенін мәлімдесе, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минист­рі Бердібек Сапарбаев Үкімет тарапынан арыст­ықтарға жағдай жасалаты­нын, қала жедел қалпына келтіріле­тінін жеткізді. Айта кетейік, тұрғындар үйіне оралғанда бекітілген қызметкерлер фото-видеофиксация жасап, шығындарды есептеуге көмек берді. Жайғасу барысында облыстық полиция қызметкерлері мен дәрі­герлер, төтенше жағдай департаменті мен құзырлы мекемелер үздіксіз қызмет көрсетті. Сонымен қатар арыс­тықтарға  құрылыс-жөндеу  жұмыс­тарына көмек беру үшін еліміздің барлық­ өңірінен 170 арнайы бригада келд­і.  Әрбір облысқа Арыс қаласындағы бөлін­ген  секторлар бойынша жұмыс бекітіліп берілді. Айта кетейік, тұрғындарды кір­гізу үшін Арыс қаласы 17 секторға бөлінген. Бұл секторларға облыстың аудан, қала әкімдіктерінен 640 жауапты (1 аудан – 40 адам) азамат бекітілді. Әрбір 10 үйге 1 қызметкерден жауапты. Тұрғындарды жайғастыру кезінде­ осы азаматтарға қаладағы көше, аулалардың белсенділері көмек берді. Арыс қаласы мен маңындағы 8867 үйдің 6127-сі жарыл­ыстан зардап шеккен. Толықтай  қайта салынатын үйлер саны – 27. Апаттан зардап шеккен халыққа Қазақ­стан­ны­ң өзге облыстарынан қажетті 150 тонна зат жиналған.

- Мен осында болып, құрылысты күнде басында тұрып қадағалайтын боламы­н. Егер қай аудан жұмысты ұйымдас­тыра алмаса, жауапты азаматтарды қызметінен босатамын. Ал жауапты­  облыс­тар  салғырттық  танытса, Үкімет басшысына мәлімдеймін. Халықты­ң мұқтажын жедел шешуіміз керек,­ - деді өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласында бір ай бола­тынын  жеткізе  отырып.

Бір қауіптің беті қайтты. Тосын жағда­й елді біріктірді. Ынтымақ, бірлі­гін  нығайтты. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, зардап шеккен тұр­ғындарға қамқорлық көрсетті. Қаржысын, қолдауын аямады. Құрылымдық мекеме­лер бір күндік жалақыларын аударып­ жатыр. Алайда арқаны кеңге салуғ­а  болмайды. Қару-жарақ  сақтал­ған қоймадан тағы да қандай қауіптің  келері­  белгісіз.

 

ТҮЙІН. Сөзіміздің басында айт­қандай, бұл оқиға біздің ауызбір­ші­лі­гі­мізді көрсетті. Ұлт болып ұйыстық. Қара халық­тың тілеуі бір: елімізде тек тыныштық болсын, жарылған снарядтың зар­дабын көрмесе екен. Қайткен күнде де қазақ тарихындағы қасіретті беттің бірі Семейдің кебін кимесек жарады.­

Құттыбике   НҰРҒАБЫЛ

 


 

Сіз  не  дейсіз?

 

Тоқтар  ӘУБӘКІРОВ,  Халық  қаһарманы:

Арыстағы  жағдайға  әкімдік  кінәлі

Арыстағы жағдайға кінәлі – әкімшілік. Бұрыннан «қару-жарақ сақталған жерге таяу үй салуға, кісілер тұруға болмайды» деп айтылған. Ол жерде мектеп, балабақша болмауы тиіс. Ал әкімшілік сол арсеналдың қасында үлкен қала салған. Қауіпті қарудың қарапайым тұрғындардан алшақ болуын қамтамасыз ету қажет. Бізде көп­теген мемлекеттік мекемелер жұмысын дұрыс атқармайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дұрыс айтты. Иә, үкімет барлық зардап шеккен адамдарға жәрдем беру керек. 45 мың адам үй­лерін тастап панасыз отыр. Арыстағы қандастарымызға бүкіл ел болып көмектесуіміз қажет. Жарылыс болып жатқанда машинамен талай қазақ кетіп бара жатыр. Сонда көмекке мұқтаж әйел мен балаларды ешкім алып кеткен жоқ. Бар қазақ – бір қазақ емес пе?! Ертең жау шапса қайтеміз? Өз бала-шағамызды алып қашамыз ба? Қазағым,­ осы жағын ойлайық!

 

Арман  СҚАБЫЛҰЛЫ,  журналист:

Олар «соғысты» көрді

...Туысқанын паналап жатқан арыстықтардың жағдайын білуге келген біздің алдымыздан жүгіріп шыққан кішкентай бала алақтап, Арыс жақты көрсетіп, сөйлеп қоя берді.

- Аға, ана жақта соғыс болып жатыр. Танкі, бомбы... Біз енді ол жаққа бармаймыз!

- Жоқ, балақай! Біз қазір ғана сол жақтан келдік. Соғыс жоқ, ертең-ақ үйге қайтасыңдар! - дедік біз. Бала сенбеді. Басын шайқап, кері жүгіріп кетті. Әбден қорқып қалғаны түрінен көрініп тұр. Осы өңірдің тумасы Дулат ағамыздың «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты шығармасының есіме түскені. Арыстықтар бұл жолы «соғысты» көрді. Бейбіт күнде төбеден снаряд жауып, үйіңді отқа орап жатса, өзің ысылдаған оқтың арасынан әзер аман шықсаң, соғыс емей немене? ...Қаланы аралап көрдік.  Арыстың қоймалар жағындағы үйлер қираған. Орталыққа қарай көбіне шатыры тесілген, терезелері түскен үйлер көзге түседі. Қалған жағы аман секілді. Бір-екі жерде теңкиіп өліп жатқан сиырларды байқадық. Ақжол ауылындағы штабқа бас сұқтық. Тиісті мамандарда­н өзімізді мазалаған сауалдарға жауап алуға тырыстық. «Қаладағы радиация мөлшері қандай?» деген сауалымызға астанадан келген бас маман бұл іске енді ғана кірісіп жат­қандарын, нәтижесі бір-екі күнде дайын болатынын айтты. Қандай бомба, снарядтардың жарылғанын Қорғаныс министрлігі ғана біледі деді. Осындағы Ішкі істер өкілдері мародерліктің үш-төрт фактісі болғанын мойындады.  Биліктің бағына қарай қазақтың бауырмал, қонақжай болғаны пайдасын берді. Сол қазақтың көнбістігін айтсаңшы! Мұнда өткен ғасырдан бері төрт рет жарылыс болған. Егер бұл жерде басқа халық тұрса, баяғыда­ тажал қойманы көшірер еді. Ауылыны­ң шетінен салынған зауыттан шыққан жағымсыз иіске бола көшеге шығып, биліктің жағасынан алып, сол зауытты жаптырған орыстың әйелдерін талай көрдік. Мыңдаған тонна бомбаның үстінде отырып мыңқ демеген халықты көнбіс демей не дейік? Бауырмалмыз, ұйымшылм­ыз, бірлігіміз де керемет! Бірақ, бізге бір нәрсе жетіспей­ді. Ол – мінез! Ұлттық мінез! Мына трагедия соны көрсетіп берді.

 


Қу құлқын-ай... PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
04.07.2019 10:55

Асқардың басшы болғалы қаражаты көбейді. Депозитке салған ақша көле­мінің пайызы  ұлғайыпты. Табысының еселенгеніне қатты қуанды. Ол бұл қызметк­е оңай келген жоқ. Қаншама қызметтің баспалдағынан өтті. Ысылды. Тәжірибе жинады. Мемлекеттік қызметтегі 20 жылда біраз шаруаны атқард­ы. Әрине, үкіметтің емес. Қызметін жеке басына пайдаланды. Әлеуметтік  жағдайын  түзеді. Екі қабатты үй салды. Қымбат көлік мінді. Ұл-қызын  оқытты. Келін  түсірді.

Асқардың балалық шағы жоқшылықпен  өтті. Өзі тырбанып жүріп, оқуға түсті. Әйтпесе әке-шешесінің шамасы келе ме?  Таршылық етін тірілтті. Еңбек­қор  болып  өсті. Пысықтығының арқасында іні-қарындастарының білім алуына ықпал жасады. Қолынан кел­генше көмектесті. Олар да ағасына қарап  бой  түзеді. Иә, мемлекеттік қызмет­ мұның жағдайын көтерді. Таныс,­ досын арттырды. Көпшіліктің сый-сияпаты ахуалын жақсартты. Қазір тегін дүние жоқ. Екі қолға бір жұмыс таппай жүргендер көп. Солар Асқарға келеді. Қолдан келсе, қонышынан бас дегендей, бұл да  аянбайды.  Сыйақысын  алады да, жұмысқа орналастырады.­ Жоқ, сый-сияпат мұнымен бітпейді. Қызметкер жаңа қызметін жуады. Үйіне қонаққа шақырады. Қойын сойып, қазан көтереді. Дастарқанын түрлі дәмге толтырады. Қайтарында тағы да қалтасына конверт салып жіберді.  Алғашқыда Асқар тартынатын. «Мынауыңыз не? Ұят болды ғой» деп қысылатын. Кейін тосынсыйға бойы үйренді. Қағып алатын болды. Біраз уақыт бұрын жемқорлыққа қарсы заң шықты. Талап күшейтілді. Бұған бастығы­ сыйлықты абайлап алу керектіг­ін  ескертті. Сонан бері Асқар­ тегін сыйлықты сақтықпен қабылдайды. Бұрынғыдай ашық емеурін білдірмейді. Пара аламын деп басы шатылса, қайтеді? Бұрын­ғыдай кабинетте ақша ұстамайды. Бәрін жеке карточкасына аударады. Осы мекем­е Асқарға майлы жілік болды.  Үкіметтің айлығы – депозитте. Күнделікті керек­-жарақты тосынсый өтейді. Рақат­. Қалтасынан  ақша  құр­ғамайды.

Бір күні көз көрген ескі таныс­ы келді. Баласын  жұмысқа  ал деп  қолқа салды. Асқар сыйлық беру керектігін еске салды. Кенет көңілді отырған кісінің қабағы түйілді. Ескі досына­н  мұндайды  күтпесе  керек.

- Біздің достығымыз қайда? Бір нанды­ бірге бөліп жегеніміз  өтірік пе? Пара болмаса, жұмысқа  алынбайды  ма?

Асқар сыпайы сөйледі. Әнуардың аңғалдығына мырс етіп күлді. Қазір тегін жұмыстың жоқтығын жайлап ескертт­і. Ызаланған Әнуар сабасына түсті. 300 мың теңгені өз қолымен әке­ліп беретінін айтып, жылы қоштасты. Бірақ ол мұнымен тоқтамады. Қомағай қорқау досын кешірмеді.  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігіне  хабарласты. Болған жайды баян­да­ды­. Ертеңіне Әнуар 300 мың  теңгесі­мен­ Асқарға келді. Әдепкіде ол:  «Карточкаға сал. Қолма-қол алмаймын» деп көнбеді. Болмаған соң, конвертке қолын самарқау созды. Сол сәтте  қаржы полициясының қызметкерлері сау етіп жетіп келді. Асқар олардың алдында ақтала  алмады. Олар  пара алу фактісін анықтады. Айыпты қылмысынан жалтара­  алмады. Кінәсін толық мойнына  алды. Күдіктіге қатысты процессуалдық ұстау шарасы қолданылмады. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы үкімді сот шығарады.

(Кейіпкерлердің есімдері  өзгертілген)

 


ҚАЗАЛЫНЫҢ ЖУРНАЛИСТЕРІ НЕГЕ ҚАПАЛАНДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
04.07.2019 10:50

Қарымды қаламгер Шерхан Мұртазаның журналистер туралы айтқан­ «арқалағаны – алтын­, жегені – жантақ» деген сөзін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Өмірдің ащы шындығы. «Төртінші билік өкіл­дері»  деп  қаншама әс­петтегенмен, қазіргі таңда тілшілердің шекесі шылқып тұрғаны шамалы. Алайда жуырда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАҚ қызметкерлерінің мерекесін арнайы бекіткенін, бұл қадам журналист ағайындардың көңіліне үміт, ауыр да жауапкер­шілігі мол жұмыстарына құлшыныс туындатқанын  атап  кету  ләзім.

Солардың қатарында тарихы тереңнен сыр шерткен Қазалы ауданы журналистері де бар. Өткен аптада  аудан  әкім­дігінде Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқаға­новтың қатысуымен (аудан әкімі сол тұста еңбек демалысында бо­латын) БАҚ қызметкерлерінің мерекесі аталып өтті. Өзім аталмыш шараға белгілі себеппен қатыса алмадым. Дегенмен, жиыннан соң іле-шала  жүздескен  әріптес­терімнің ренішті жүз­де­рі, қынжылысқа толы пікірлерін естігенде көңі­лімді тұнжыр ой тор­лады.

«Қаз тойғанына емес, қиғанына семіреді» деген бар. Ендеше, бұл жайтты да солай қабылдаған дұрыс. Менімен ой бөліс­кен қаламгердің бірі журна­листерге арналған шаран­ың өзге салалардың кәсіби мерекесімен салыстырғанда тым қыс­қа уақытты (өзінің ай­туынша, «ғарыштық жылдамдықпен») қамтығанына таңданыс білдірді. Жарайды, мұны журналистерге арналған шараны өткізуге жүрдім-бардым қарау емес, аудандағы сан алуан тіршілікке байланысты шығар дегенбіз. Бірақ... Байырғы журналист ағамыздың өзіне сол күнге дейін облыс­ әкімі қызметін атқар­ып, мереке қарсаңында ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы лауазымына тағайын­далған Қ.Көшербаевтың (облыс әкімі ретінде) қол қойған құттықтау хатын «шараны ұйымдастырушылар көпшілік алдында тапсырмай, жиыннан соң қолыма ұстатқанын түсіне алмадым» деген қынжылысын орынды сана­дым. Шынымды айтс­ам, мен де түсін­бе­дім. Жақсы сөздің жан жадырататыны, Қы­рым­бек Елеуұлындай елі­мізге танымал тұлғаның құттықтауын иелену абырой екені тағы анық.

Мына жайтты да ор­та­ға­ сала кетсем. Сол жиын­да тұшымды туындыларымен  оқырман  жүрегіне жол тапқан жас журналист марапат иеленген еді. Мақтау-марапат адамды, әсіресе, өнер иелерінің талабын ұш­тайтыны әмбеге аян. Бұл жолы да солай болуға тиісті еді. Өкінішке қа­рай, сәл  өзгешелеу  өрбі­ді. Жігітке алғысқа қоса әйелдердің қолсағаты сыйға беріліпті. Бәлкім, «онда тұрған не бар, ең бастысы, еңбектің еленгені  емес пе?!» деген лебіз туындауы да мүмкін. Толық келісуге болар еді. Алайда өзіңіз көз алдыңызға елестетіп көріңіз­ші. Нәзік жанды қарындасымызға сыйлыққа сақал­ алатын аспап (ұс­тара) ұсынса, қандай күйде болар еді?! Әрине, әдейі  жасалмаса да, келе­шекте  ескерілсе екен.

Осы ретте «... 1964 жылы Шымкентте өткен Жамбыл, Қызылорда, Шымкент облысының ақындары қатысқан ай­тыста Қазақстан Республикасының еңбек сіңір­ген мәдениет қызметкері Надежда Лушникова ерекше өнерімен көзге түседі. Қазылар алқасының төр­ағасы, танымал ақын атамыз Надежда Андрейқызына жүлдеге тігілген ер адамдардың «Маяк» атты сағатын тапсыруға оқта­лады. Осы мезетте Бәукең, даңқты Бауыржан Момышұлы батыр атамыздың «Надя бұл сағатты алмайды!» деген қаһарлы үні залды жарып өтеді.

«Біздің тілімізде сөй­лейтін орыс, неміс, өз­бек, шешен, қырғыз толып жатыр. Бірақ сенің тіліңді өз тілінен артық білетін осы Надядан бас­қа кім бар?! Менің ана тілімде асыл сөздер ақтарып, жұрттың жүрегін тербеген мынау шүйкедей сары қыз! Дәл бүгінгі бас  бәйге  біздің  тіліміз­де бұлбұлдай сайраған осына­у кішкентай қызға беріл­уі тиіс!.. Бар жүре­гіңменен айтысып, өнер тілін білген тіліңнен айна­лайын сенің!», - деп батасын берген Бәукең айтыстан соң, әйелі екеуі Надежданы дүкенге ертіп апарып, «Лира» аталатын маркалы алтын сағатты сатып алып, зергерге сағаттың қақпағына «Надя, шеберлігің үшін. Б.Момышұлы. 25.02.1964 ж.» деген сөздерді жаздыртып, құрмет көрсетеді» деген республикалық беделді басылымға жарияланған мақаланы оқымағандар кемде-кем шығар.

Қайран, Бәукең! Тіл қадірін сізден артық кім білген?!

Ж.ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

 


МҰҒАЛІМДЕР ОҚУШЫНЫ 24 САҒАТ ОҚЫТУЫ, ТӘРБИЕЛЕУІ КЕРЕК PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
04.07.2019 10:45

Ержеңіс ӘБДИЕВ,

айтыскер ақын, ұстаз:

- Ержеңіс, авторлық кітабыңыздың сүйінші данасы шығып жатыр екен, құтты болсын! Алдымен, кітап туралы ойыңызды білсек. Қиындығы, оқырманға берері қандай дегенде­й...

- Ең біріншіден, сіздерге рақмет! Негізі, маған осы уақытқа дейінгі жазған өлеңдерімнен жинақ шығаруға, айты­старымның басын құрап кітап етуге немесе маман­дығыма сай математикалық есептер жинағын құрастыруға болар еді. Бірақ, мұның барлығы шығып та жатыр, ел ішінде көптеп кездеседі.

Біреу «қолыңнан не келеді?» десе, бір жаңалық болсын, ерекшелігі болсын деген ойме­н «Ержеңістің ерекше есептері» атты кітабымды жарыққ­а шығарып отырмын. Жалпы, қарапайым әрі логикалық есептерді өлеңге айналдыруды осыдан 10 жыл бұрын бастағанмын. Бірақ, ол уақытта әлеуметтік желінің қазіргідей ықпалы, әсері болмады. Мен мұны өз практикамда оқушыларға қолданып жүр­дім. Есімде қалғандарын кейінн­ен телефонға түртіп, әлеуметтік желідегі оқырмандардың назарына ұсындым. Шыны керек, жақсы қабыл­дағандар көп болды. Сондықтан болар, ойыма кітап шы­ғару  идеясы келді.

- Кітап атауының өзін әлеуметтік желідегі оқырмандарыңызбен кеңесіп қойған секіл­дісіз. «Келісіп пішкен тон келте  болмайдының»  кері ғой бұл.

- Айтыста жүргендіктен халықпен тығыз байланыста боламыз ғой. Кейбір сөзіңді жақсы қабылдайды, енді бірі елеусіз қалады дегендей. Барлығын бақыла­п, сараптап, санасып отырасың. Мұғалім ретінде оқушымен, ата-анамен үнемі қарым-қатынас жасаған соң жақсылы­-жаманды пікір күтеміз. Сол сауалнамада «Ержеңістің есептері» деген­ нұсқа көп болды. «Ерекше» дегенд­і қосқаны бірлі-жарым кездесті. Бірақ, мен күткен нұсқаны ешбір оқырман­  айтпады (күліп).

- Бұл  алғашқы  кітабыңыз  шығар?

- Иә, бұл – менің алғашқы кітабым. Мұның алдында айтқанымдай, сәті түссе айтыс, өлең жинақтарым да, пәндік кітабым да шығып қалар. Бай­қаймын, бұл кітапқа ел-халықтың ықыласы жоғары сияқты. Сондықтан жалғасы болады деп ойлаймын. Жылына бір кітап шығаруға шамам жетеді. Өйткені, кітапқа сыймай тұрған дүниелерім  баршылық. Енді ол – алдағы уақыттың  еншісіндегі  шаруа.

- Әрине, әзіл-шыны аралас, десе де, әдебиетте жүргендердің басым бөлігі «мұнда математикадан қашып келгенбіз» деп жатады. Сіз қайта осы екеуін достастырып, кітапта бірге бейнелеп отырсыз. Қанша дегенмен екі саланы қатар алып жүру оңай емес ғой.

- Мен мұны көп жерде айтып жүр­мін. Орайы келгенде тағы қайталап өтейін. Әдебиетке жақын болсам да, математиканы таңдағаныма қуанамын. Айтыстан шаршап келгенде есеп шығарып­, мектептен шаршап келгенде домбыра тартып ойымды бөлемін. Екеуі бір-бірін толықтырып тұрады. Ал, енді математикадан қашып келгендердің о баста іргетасы дұрыс құйылмаған. Әйтпесе, математика сіз бен біз ойлағандай соншалықты қиын емес. Әрі адамның қабілет-қарымын білесіз ғой. Тек ізденіс, еңбек керек.

- Әріптесіңіз, математика ғылым­дарының магистрі Серікболсын Дүйсембай «Мұғалімдер математиканы сүйіп оқытпайды» деген пікірді айтады. Жалпы, көпшіліктің миында «химия қиын» деген  секілді  себебі  жоқ  жаттанды түсі­нік қалыптасып  қалғандай.

- (ойланып) Серікболсынмен толық келісуге болады. Осы ортада жүріп байқағаным, кейбір мықты мамандар оқушыларға сабақты атүсті түсіндіріп жатады­. Өзінің деңгейі жоғары бол­ғандықтан, баланы да сол деңгейде көріп қалады. Ол оқушыға мүлдем түсініксіз көрініп, қиындық тудырады. Теориясы әлсіз мұғалімдер де бар. Өзі де қиындықпен түсініп тұрған соң, оқушыға қайта-қайта айтып, қызықтыруы мүмкін. Жалпы, мұғалімдерді бөліп-жарып қарауға жоқпын. Теориялық біліммен қатар, педагогикалық шеберлік те керек. Серікболсын соны меңзеген  болар.

- Дәрігерлер Гиппократқа ант береді ғой, сол секілді мұғалімдер де әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабиге ме, қазақтың тұңғыш педагогі Ыбырай Алтынсаринге ме, ант беруі керек сияқты. Бұл өз кезегінде ұстаздардың жауапкершілігін  еселей  түсетіндей...

- Бұл  мәселе  жолға  қойылса, жақсы болар еді. Бірақ, біз, ең біріншіден, Аллаға­ ант беруімі­з керек. Өз-өзімізге ант  беруіміз  қажет. Біреудің баласына сапалы білім бере алмау – қиянат жасаумен­ бірдей. Ал, қиянаттың ар­тында­  күнә  бар дегендей.

- Осыдан бірнеше ай бұрын әлеуметтік желіде «Білім, білім» деп тәрбиені ысырып тастадық» деген жазба жарияла­ға­ныңыз  есімізде. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы еді, сонда мұны еш ескермей  жүргеніміз  ғой.

- Сөзіңіз өте орынды. Бізде көбіне сұралатыны – статистикалық мәлі­меттер. Ол қатарға баланың білімі, мектеп­тің деңгейі, олимпиадалық көрсеткіші деген секілділер кіреді. Білімді бірінші орынға қойған соң, педагогт­ер 40 минутты соған жұмсауы мүмкін. Сондықтан, көбіне тәрбие тұсы кемшін қалып жатады. Осының сал­дарынан ойнап жүріп от басқан балалардың санынан жаңылып, айтып тауыс­а алмаймыз. Жалпы, өзіміз жақсы­ мұғалім ғана емес, жақсы адам ретінде оқушыға көріне білсек, сол да жеткі­лікті. «Балаңды түзегің келсе, бірінші өзіңді түзе» дейді ғой. Мұғалімдер оқушыны тек сабақ уақытында ғана оқытпауы, тәрбие­лемеуі  керек. 24 сағатқа созылуы шарт. Ол – үздіксіз жалғасуы­ қажет дүние.

- Сіздіңше, қазіргі қазақ мектептеріндегі  басты  мәселе  қандай?

- Басты мәселесі – мұғалім мәртебесінің төмендігі. Осы мәртебемен мемлекеттік жүйенің ойнауы. Бұған біздің «ерікті түрде» жұмыс істеуіміз де жатады. Өз-өзіне сенімді, жерде қалмайтын, азат ойлы ұстаздар шоғыры қалыптасса екен. Жан-жағына жал­тақтайтын, қит етсе, «жұмысымнан айыры­лып  қаламын» деп қиналатындар  кімнің, қандай болмасын жұмысын істеп кетуге бар. Сол сияқты, сөзіміздің өтімді болуы үшін өзіміз лайықты болуы­мыз  керек.

- «Еркін ойлы ұстаздар шоғыры қалыптасса екен» деп қалдыңыз. Сыр бойында ойын ешкімнен именбей айтатын ұстаздар қауымы қаншалықты көп?

- Қаншалықты көп не аз екенін білмеймін. Көбісі ойын жариялағысы келмейді. Таяқтың екі ұшы болады. Ойын ашық айтса, өзіне ғана емес, әріптестеріне де зияны тиіп кетуі мүм­кін. Мектебі жаманатты болады деген­ секілді. Мұнан бірнеше жыл бұрын «Құдығыңды тазалайын деп еңкейсең, сені құдығыңа түкіріп жатыр деп ойлайды» деген сарындағы пост жариялағанмын. Ол да осы секілді жайт ғой.

- Осы  жерде айта кетейін ер мұғалімдердің  аздығы  да  салғырт  қарайтын  мәселе  емес  секілді...

- Қателеспесем, сіздің де бітірген мамандығыңыз – мұғалім. Егер осы мәселеге жаныңыз ашитын болса, мектеп­ке барар едіңіз. Иә, қазір мектеп­ апай­ларға  толды. Бұл бала психология­сына әсер етеді. Баланың қызмінезді болып, майда іспен айналысуы көп кездес­се, сіз айтқан мәселенің ықпалы деп есептей беріңіз. Мемлекет үлкен тәуекелге бары­п, жағдай жасауы керек. Статис­тика бойынша мұғалімдік маманды­қты таңдап­, оқыған ер-азаматтардың саны аз болса, осы салада қызмет етіп жүр­гендері мүлдем аз. Әрине, ер адам – үйдің асыраушысы. Сондықтан, амалсыздан жұмысы аз, ақшасы көп салаға икемделуде. Мұның артында «Мұғалім мәртебесі» туралы заң да тұр.

- Өлең-сөзге үйір болуыңызды тікелей Тастыбай әкемізбен байланыстырсақ бола ма? Білуімізше, сіздің жазба ақындығыңыз жүрегіңіздің түкпірінде жасырынып жатқандай.

- Жалпы, бір  кітапқа  сұранып  тұрған өлеңдерім бар. Егер мен соны жарыққа шығарған болсам, ешқандай жаңалық аша алмайтын едім. Сәті түссе ол да баспа бетін көре жатар. Енді жазба­ ақындығым туралы айтатын болсам, әуелі Алла, одан соң әкем мені осы жолға­ әкелді. Ол ауданға танымал ақын еді. Сайлаубай Жұбатырұлы, Толыбай Абылаев, Қуаныш Жиенбай, т.б. секілді танымал  ақын-жазушылардың ұстазы болған. Сол кездегі әдебиетке үйірсек бірсыпыра балалардың өлеңге деген талпынысын арттырған ауыл ұстазы Тастыба­й  Әбдиев еді. Арал қаласындағы айтыстардың  бірінде әкем маған «Жетес­ би деген би болған, сол сенің түп нағашың­» деп таныстырған болатын. Соған қарағанда ақындық өнердің менің жүрегіме жан-жақтан ағылғанын байқаймын.

- Бүгінде өлеңдегі «Ғаламның сұлу­лары­ татымайды, анамның күліп тұрған бейнесіне» деген қос қатарды білмейтін адам кемде-кем шығар. Бірақ, авторы (авторы­ – Ержеңіс Әбдиев) аса таны­малдыққа жоқ көрінеді. Бұл сұрақты қоюымның басты себебі – айтыскер ақындар ел арасында аса танымал. Жалпы,­ ұстаздық қызметіңізге айтыскерліктің зияны тиген кезі болды ма? Немесе­  керісінше.

- Айтыста айтқандарым мұғалімдік қызметіме ешқандай кері әсерін тигізген­  емес. Ойымды барынша ашық жеткіземін. Десе де, шындық айтады екен­мін деп елдің бірлігіне нұқсан келтірм­еймін. Ел тыныштығы үшін кейбір жайттарды дүрліктірмей, аттандамай жеткізуге тырысамын. Сондықтан болар­, елді көтеріп жіберетін тақырыпта­рға  бара қоймаймын,  тағы да айтамын, ол  менің  қорқақтығым  емес.

Мен әр айтыс сайын мұғалім мәселесін қозғаймын. Оны тіпті Жүрсін Ерман ағамның өзі біліп алған. Әрі кез келген қарсыласымның маған осы тақырыпта арнаған шумағы болады. Жауап қайтару үшін әрдайым дайын жүремін.

- Жаңағы сұраққа тұздық болсын. Осы біздің қоғам танымалдықты неге мықтылық деп қабылдайды?

- Бұл біздің идеологияның әлсіреп тұрғанының белгісі дер едім. Теле­дидарды қоссаң, әнші мен әртістер. Әлеуметтік желілерде де ең көп оқылатын – осылар. Сондықтан, оны көрген жастар тек сол бағытқа кетіп бара жатыр. Танымалдық деген өшпейтін нәрсе. Тек оның аясын тарылтпауымыз керек. Мысалы, біз бала кезімізде ғарышкер болуды армандадық. Тоқтар Әубәкіровтен танымал адам жоқ еді. Сол секілді болсақ деп, көкірегімізде мақтаныш сезімі ұялайтын. Әр салада жетістікке жеткен, айтары бар жандар жастардың идеалы болуы керек.

- Жаңа білім саласын сұрадым. Енді айтыстағы көңіліңіз толмайтын мәселеге тоқталсаңыз.

- Көңілім толмайтыны, айтыстың кейінгі буын өкілдері «халыққа сөзім өтімді болсын, мейлінше сый-құрметке бөленейін» деп өзі білмейтін тақырыпты қозғап, сол саланың жілігін шағып­, майын ішкендей етіп айтып жатады­. Оның соңы жазықсыз адам­дарға тиіп, халықты беделді кісілерге қарсы қоюы да мүмкін. Ақын айтарын зерттеп-зерделеп, нақтылап алғаны кімге болса да жақсы.

- Уақыт  бөлгеніңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Рыскелді   ЖАХМАН

 


ТАҒДЫРҒА МЕНІҢ ӨКПЕМ ЖОҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
04.07.2019 10:35

Күлпаш  КҮНШЫҒАРОВА:

Адам  мүмкіндігі  қашанда шексіз. Құштарлықпен өмір сүру – Күлпаш Күншығарованың басты ұстанымы. Өзінің тап-таза жанын кірлеткісі келмейді, ештеңеге мұңаймайды. Ол үшін жігерді жасыту – жат қылық. Қоғамда болып жатқан құбылыстардан шет қалмайды. Мәдени іс-шараларға белсене атсалысады. Өзі секілді өнерпаз жастарды жетелеп, қолдау көрсетуден жалықпайды. Еңбекқорлығы сондай, уақытпен санаспайды. Тынбай еңбектену арқылы мұратқа жететінін жақсы біледі. Алдағы уақытта би мектебін  ашуды  армандайды.

– Күлпаш Жалғасқызы, сізді Сыр  өңірі  жақсы  біледі. Мүмкін­дігі  шектеулі  жандардың  ара­сында өнерде алдыңызға жан салмай жүрсіз. Кезекті шығармашылық кешіңіз  өткелі жатыр. Байқаймын, дайындығыңыз  қауырт. Бар ынтаңызбен­ кіріскен  сияқтысыз?

– Рақмет! Шығармашылық кешке бір айға жуық дайын­далдық. Биыл «Сыр сұлуы» ансам­бліне 50, баспасөздегі шығар­машылығыма 30 жыл толы­п отыр. Өнер мен шығар­машылығымды топтастырып, кеш өткіземін. Концертте қыз-жігіттермен бірге менің жеке реперт­уарымдағы әндер орын­далады. Айта кету керек, кеш бірсыдырғы сарында өтпейді. Өмірге құштар жандар жүректі тебірентер жыр оқып, ән салады. Ал концерттің «Арман қанатындағы аққу» деп аталуының себебі бар. Мен туралы осы тақырыпта облыстық «Сыр бойы» газетінде имидждік мақала жарық көрді. Табандылықпен еңбек еткен кезең және бастан өткерген сындарлы шақтармен тоғыстырылып, осылай аталды. Сондай-ақ баспасөз беттерінде жариялан­ған мақалаларым көрерменнің назарына ұсынылады. Сонымен қатар, арбадағы қыз-жігіттер жаңа шығармашылығын көрерменге тарту етеді. Мұнан бөлек  репертуарымда  жазылған  жаңа 14  әнім бар.

Кешімнің өтуіне қолдау көрсеткен қалалық мәслихаттың депутаты Қайрат Ерназаровқа, кәсіпкер Дәулет Сәрсенбаевқа және Павел Гарбочевке алғыс айтамын.

– Бұл – сіздің ұзақ жылдар бойы атқарған қажырлы еңбе­гіңіздің  жемісі. Соған қарағанда, өнерге әуестігіңіз бала кезден бастал­ған  ба?

– Ата-анам – музыкаға жақын кісілер. Екеуі де медицина саласында еңбек етті. Әкем – күйші, анам биші еді. Той-жиынды әнмен әрлеп, шырайын кіргі­зе­тін. Сіңлілерім  де өнерден ал­шақ  емес. Не керек, бала кездегі әуестік  хореографияға алып келді. 1979 жылы мектепті біті­ріп, Н.Гоголь (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік  университеті) институтының музыка факультетінде оқы­дым.  «Сыр сұлуы» ансамблінің әрі әншісі, әрі бишісі  атандым.

– Өзіңіз айналысатын өнер төзімділікті қажет етеді. Өмірден қажып, түңілетіндерге, түрлі сыл­тау­  табатындарға  не  айтасыз?

– Кез келген қиыншылықты жеңуге болады. Бәрі де адамның өз қолында. Сылтау айту жал­қаулықтың салдары деп есептеймін. Әсіресе дені сау  адамдар­ үшін ұят. Өзім секілді жандар мүмкіндігінің шектеулі екен­дігіне қарамастан өзінің ешкімнен кем еместігін ісімен дәлелдеп жүр. Алла барлық адамға мүмкіндік береді. Ауыр істі жүктемейді. Бойыңда қабілет болса, әрі қарай дамыту керек. Тоқтау­ға, тосырқауға болмайды.

– Оқу  орнында  оқытушылық қызмет атқарып, танымал ан­самблд­ің белді мүшесі болдыңыз. 20 жыл өмір үшін аурумен күресу де оңай емес. Арада біраз үзілістен кейін бимен шұғылдану қандай серпін  беруде?

– Дұрыс айтасыз, алғашқыда арбада отырып еңсем түсетін. Өйткені, өнер – менің маман­дығым. Оқыдым, білім алдым. «Арбадағы бишілерді дайын­дасам» деген ой қылаң берді. 20 жыл төсек тартып жатсам да, үмітімді үзбедім. Жоспарла­рымды оймен жүзеге асырдым. Тоқтап­ қалған жоқпын. Жеңілмеуге, құламауға тырыстым. Тұңғиықтан суырылып, алға шығуға ұмтылдым. Өйткені денім сау. Бұрын-соңды ауыр­маған адаммын. Бұл кесел маған кенеттен жабысты. Оң иығымнан ұстады. Көтертпей қойды. Кейін  аяғымнан  жүре  алмадым. Дерттен айығу үшін дәрігерлердің  есігін  жағаладым. Еш­қайсысы нақты диагноз қоймады. Соған қарамастан ем алдым. Бірақ шипасы бол­мады. Мені өнер құтқарды. Сосын­ діни кітаптар қуат берді. Араб тілінің маманы емеспін. Бірақ Аллаға сыйындым, иман келтірдім, намаз оқыдым, жаттығу жасадым. 2016 жылдың қыркүйе­гінде облыстық оңалту орталығының ұйымдастыруымен танымал психолог Анна Құдияровамен кездестім. Ол кісі маған: «Сіз сахнаға шығып, ән айтасыз. Неге биді қолға алмайсыз?» деген ой тастады. Қапе­лімде не айтарымды білмедім. Аурумен алысып жүріп, биді ұмытыппын ғой. Дереу­ өзімді жинап алдым.  «Алла қаласа қолға аламын» дедім. Сөзімде тұрдым. Бірде оңалту орталығында жиналыс болды. Мен басшы­лық назарына және келген басшыларға  өз ұсынысымды айттым.­ «Сыр сұлуы» ансамблінің бишісімін. Хореографпын. Теледидардан арбадағы бишілердің жетістігін  көріп  қуанамын. Бірақ Қызылордада  тым-тырыс. Маған класс немесе мектеп ашып берсеңіздер. Қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», - дедім.

Не керек, облыстық дене шынықтыру және  спорт бас­қармасының  бұрынғы  бас­шысы  Садық  Мұстафаев  кө­мектесе­тінін жеткізді. Сөйтіп «Алекс» би мектебінде  апта­сына­ 3 рет биге қатысамын. Бимен айнал­ысқаныма  бір  жылдан  асты.

– Би  қимылдарын арбада жасау­  қиын  емес  пе?

– Арбада отырсам да, би қимылы қиындық тудырмайды. Өзім шығарған «трюктерім» бар. Қоларбамен басқалар орын­дамайтын қозғалыстарды жа­саймын. Әрине қауіптілігі бар. Қазір образға кіріп билеймін.

– Қолыңыз қалт еткенде мақал­а  жазады  екенсіз...

– Иә, сіңлім, айтқаның  орынды. Жастайымнан  жазуға  құмар болдым. Қазір  де  басы­лым­дарды оқып тұрамын. Байланысты үзген емеспін. Сөздің құдіреті керемет! Мықты жазбасам да, арасында түртіп қоятыным бар.

– Сізді  шәкірт  тәрбиелеп жаты­р  деп  естідік...

– Оның рас. Жұмысымды енді жолға қойып жатырмын. Маған жастар көп келеді. Олар­ға дауыс тембрін қойып беремін. Қалағандарына би үйретемін. Арбадағы қыз-жігіттерді өзім жинадым. Шығармашылық менің көңілімді көтереді. Жаныма­ шуақ сыйлайды. Кейде ауруым­ды ұмытып кетемін. Тағдырға­ менің өкпем жоқ. Ендігі мақсат – би өнерін дамыту. Жұмыс та, жоспар да көп.

– Нені  армандайсыз?

– Жұмыс іздеп жүрмін. Тұрақты  қызметімнің болғанын қалаймын.

– Неге әлеуметтік көмекті пайдала­нбайсыз?

– Тәп-тәуір мұғалім болдым. «Неге үкіметтің көмегін пайдаланбайсыз?» дегендерге не дерімді білмеймін. Мен қалай қол жаямын? Күншығарова компьютерде тізімде тұр. 1-топ мүгедегімін. Көмек болса, алмаймын ба? Біреулер «өздері пайдаланып жүр» дейді. Рас-өтірігін кім білсін. Менің масыл болғым келмейді. Еңбегіммен жетістікке  жеткенді қалаймын.

- Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

 


Сөз, Қоғам және Ар жауапкершілігін арқалағандар PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
04.07.2019 10:30

Қалам  қуатымен  қиялына  қанат бітіріп, сөз зергерлік қасиетімен композициялық шеберлікті ұштай білетін мәртебелі мамандық иелері – журналистер. Ойының ұшқырлығы, сөзінің өткірлігі, шешендік қасие­тінің озықтығымен қар астындағы қақпанға ілікпейтін қасиеті және бар. Бұқараның басындағы түйткілді күрмеуді шешуде алдына жан салмайтын жанкешті журналистер кез келген саланың жілігін жағады. Жұртшылық көкейінде жүрген проб­ле­маларды дөп басып, түйінін тар­қатуды мақсат тұтатын тілшілерге қойылатын талап та мол.

Орамды ойы мен сүбелі сөзін қағазға түртіп жүретін ұшқыр қалам иелері – айналадағы жақсы мен жаманды, ақ пен қараны, қатқыл тұсы мен жұмсақ жерін жариялап, халыққа ұсынатын талантты жандар. Тіршіліктің тыны­сын­ түртінектеп таныса да, мақса­т-міндеттерін айқындап алатын мәр­тебелі мамандық иелері ел игілігі жолынд­а ізетті қызмет етіп келеді. Қоғамның айнасына айналған журнал­истер үшін кеше ғана мем­лекет басшысының қаулысымен ресми­ түрде 28 маусым - Ақпарат салас­ы  қызметкерлерінің күні  болып бекітілді. Осыған орай Қызыл­ор­да қаласының  әкімдігі  «Ұшқыр қалам – 2019» фестивалін ұйым­дастырды.

Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқ­ан бұл жолғы мереке өзгеше форматта ұйымдастырылды. Тол­қыны­ жағалауға тынышсыз соққан Сырдария  өзенінің  жағасындағы  «Сыр самалы» мейрамханасында Сыр қаламгерлері айтулы мерекелерін рухани кемелдену кешіне айнал­дырды.

- Қазіргі экономикалық, саяси және қоғамдық үрдістердің қар­қынды ырғағында  қалың жұртшылық тың жаңалықтар мен қажетті ақпа­рат­тарды  баспасөз  құралдары  арқыл­ы  алады. Бұл еңбектеріңізді  біз әрқашан жоғары бағалаймыз және риясыз көңілмен алғыс айтамыз! Журналистер – мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың мәнін қалың бұқараға жеткізіп, халық ішіндегі өзекті мәселелерді талдап, билік назарына ұсыну миссиясын мойнына алған құрметті де күрделі кәсіп иелері. Тұла бойларына қалам киесі мен сөз қуаты дарыған ерекше тұлғалар. Біз білетін қазақ халқының атақты жазушыларының барлығы жазуды журналистикамен ұштастырған, журналистиканың сара жолын жазушылықтың даңғылына айналдырған. Сондықтан, бүгінгі мереке қалам ұстаған, сөз құдіретін түсінген барша азаматтардың ортақ мерекесі деп білеміз. Сыр өңірінің орталығы, талай дарынды тұлғалар түлеп ұшқан, қасиетті өңір – Қызыл­орда қаласының қарқынды әлеуметтік-экономикалық  дамуын,  оның барысын жаһанға паш ететін Сіздердің елеулі үлестеріңізді ерекше  атап өтеміз.

Халық  даналығындағы «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, жасаған жұмысты  жаһанға  жар салып мақ­тану үшін  емес, елдің игілігі үшін атқарылған жұмыстарды кеңінен ақпараттандыру тұрғысында Сіздер­дің қолдау­ларыңызды біз қашанда сезініп келеміз. Халықтың көкейтесті мәселесін жеткізу, сол арқылы байыбына барып бағасын беру, ең бастысы – елдің бірлігі мен берекесін сақтап, халық пен биліктің бағыты­н бір арнада тоғыстыру секілді абыройлы міндетті арқалаған бұқаралы­қ ақпарат құралдарының еңбегіне­ халықтың берер бағасы да шынайы әрі ерекше. Сондықтан, Сөз, Қоғам және Ар жауапкершілігін арқалаған журналистер қауымы – Сіздердің бұл еңбектеріңіз әркез жоғары құрметке лайық, - деп мерекелік шара шымылдығын ашты қала әкімінің орынбасары М.Қазбекова.

Мереке мезіретіне арналған дастарқан басына жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен республикалық басылымдар мен теле­арналардың меншікті тілшілері де жинал­ды. Айта кетерлігі, сахна төріне тілшілер қауымы тек марапат алу үшін ғана шыққан жоқ, көпшілікке өз өнерлерін көрсетіп, қуаныштарымен бөлісті. Осы ретте «Қызылорда-ньюс» интернет газетінің тілшісі Фариза Омарованың үзілте салған әсем әніне журналистер жұптасып билесе, «Ұстаз мәртебесі» газетінің тілшісі Айдар Сайлауов пен «Халық» газетінің жауапты хатшысы Нұрбике­ Қазиқызының жеке шығармашылығын тыңдаған қауым поэзия әлемінің қонағы болды. Сондай-ақ, қолына қаламын қару етіп, ақпарат «соғысы» алаңында жұмыс істеп келе жатқан бірқатар журналист қала әкімі Нұр­лыбек Нәлібаевтің арнайы марапатына ие болды. Ақпарат саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан «Әлімсақ» журналының редакторы Нұрлан Көбегенұлы, республикалық «Айқын» газетінің меншікті тілшісі Миуа Байназарова, «Хабар» телеа­рнасының телеоператоры Әлхайдар Тұрлы­хановтар Қызылорда қаласының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Соны­мен қатар аймақтың бірқатар журналисі «Ұш­қыр қалам – 2019» фестивалінің арнайы номинацияларымен марапатталса, «Халық» газетінің жа­уапт­ы хатшысы Н.Құ­дай­бергеноваға «Жас қанат» номинациясы  бұйырды.

Шара  соңы  Сыр  елінің белгілі өнерпаздарының мерекелік концертіне және мерекелік сезімге толы керемет кешке ұласты.­

Тіршіліктің тіні мен тынысын тілшілік қыз­метпен ұштастырып, ұшқыр ойын желдей ескен қанатты­ қаламына ілестіріп жүрген мамандық иелерінің мәртебесі асқақ. Оны жоғарыда мемлекет басшысының байланыс және ақпарат саласы қызметкерлері күнін ресми белгілегенінен-ақ түсінуге болады. Осы ретте қалам ұстаған қауымның кәсіби мерекесін облыс әкімдігі де назардан тыс қалдырмады. Маусым айының соңғы жұмыс күніне  тұспа-тұс  келген  айтулы дата Асқар Тоқма­ғамбетов атындағы мәдениет үйінде «Қанатты қалам – 2019» фестивалі аясында тойланды.

- Бүгінде Сіздердің кәсіби деңгейлеріңізді қолдау­ мақсатында халықаралық маңызы жоғары форум, конференцияларға Сыр журналистерін қатыстыру мәселесі дәстүрге айналып келеді. Мәселен, өткен жылдың екінші жартысында Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ірі медиа эксперттер,­ ақпарат саласының майталмандарының қатысуымен өткен жиындарда тәжірибе бөліссе, Мәскеу қаласында өткен халықаралық медиа шараға қатысып, шығармашылық шабыттарын арттырса, кешегі мамыр айында Алматы қаласында өткен Еуразиялық медиа форумға да Сыр өңірінен бір топ журналист қауымы қатысты. Бұл өз кезегінде аймақтағы журналистиканың уақыт талабына сәйкес дамуын­а тың серпін берері сөзсіз, - деді шара барысын­да Қызылорда облысы әкімінің орын­басары Руслан Рүстемов.

Бүгінде аймағымызда 100-ден астам тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарында 2500-ден астам журналист жұмыс істейді. Аймақтың тыныс-тір­шілігіне, қоғамдық-саяси белсенділігіне, әлеумет­тік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан кәсіби мамандық иелері облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен, түрлі номинациялар бойынша арнайы марапаттармен және Сағитжан Бермағамбетов атындағы жас журналистер байқауының жүлдесімен марапатталды. Олардың қатарында әріптестеріміз де бар. Республ­икалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газетінде ұзақ жылдар дизайнер қызметін атқарып келе жатқан Айнұр Үмбетова Қазақстан Журналистер Одағының дипломын алып бастаған марапаты­н  облыс  әкімі Қырымбек Көшербаевтың­ Алғыс хатын иеленумен аяқтады. Сондай-ақ, басыл­ымның кенже тілшісі, сан түрлі тақырыптар­ға қалам сілтеп, спорт саласын өндіре жазып жүрген Рыскелді Жахман «Спорт жаршысы» номинациясымен  және  бағалы  сыйлықпен  марапатталды.

Одан бөлек, «Халық» газетінің бас редакторы Нұржан Әбжанұлы журналистика саласында жемісті еңбек етіп, қоғамдық тәртіп пен тыныштықты  сақтау, қылмыс пен құқықбұзушылықпен күрес тақырыбында қалам тербеп, ақпарат айды­нын­да аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы­на үлес қосып келе жатқаны үшін жергілікті полиция департаменті мен Қызылорда облыстық соты тарапынан «Алғыс хаттармен» марапатталды. Басылымға жуырда ғана қабылданған тілшіміз Құттыбике Нұрғабыл да өзінің еңбекқорлығының арқасында алға ұмтылып, Қызылорда облыстық соты мен ҚР Судьялар одағының Қызылорда облыс­ы  бойынша  филиалы  ұйымдастырған «Сот репортері» байқауынан жүлделі ІІІ орынды иелен­ді. Басылым редакторының орынбасары Қозы Көрпеш Жасаралұлы Жалағаш және Қармақшы аудандары әкімдерінің марапатына ие болды.

Сыр өңірі журналистикасының дамуы жылдан-жылға жаңа серпінге ие болып, жаңа толқынмен толығып келе жатқаны аңғарылады. Әлеумет әлеуе­тін­ің артуына,  түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға ықпал етіп келе жатқан қаламгерлер қауымын  қарусыз  майдангерлерге  де  теңейміз.

 

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА

 


«ШӨМІШБАЙ САРИЕВ «ШАЙТАН» ЕМЕС!..» (болған оқиға ізімен) PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
04.07.2019 10:20

Мұғалімдердің жағдайы әбден тұралап­,  «тұрымтай тұсына кетуге» шақ қалған кез болса да, ел тәуелсіздігінің тәттілігіне тоя алмай, бақыттан бас айнал­ып жатқан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының қақ ортасынан ауғанда, көктемнің шуақты күндерінің бірінде, құлағалы тұрған көне мекте­біміздің есігін сықырлата ашып, ішке аса маңызды шаруаның басын ұстаған кейіптегі аудан-ауылдың бір топ игі жақсылары  сау  ете  қалды.

Қанымызға  сіңген  дәстүр  бойынша  алыстан  келген  қонақтарды «ең кең» деп есептелінетін «мұғалімдер бөлмесінің» қуықтай кабинетінің төріне шығардық. Кейінге шегеруге болмайтын аса маңызды жиналыс болғандықтан, тар бөлмеге мұғалімдерді мейлінше көптеп сыйдыруға тырыстық.

Аудан тапсырмасы бойынша жиналыс барынша жедел орындалуы тиіс болатын. Оның үстіне терезелерінде желдеткіш атаулы жоқ тар бөлмеде ауа сәт сайын тарыла түсетіндіктен, бығырлаған халықпен ұзақ отыру, ешкімге де абырой алып бермесі анық-ты.

Қанша жерден асықтырсақ та, қанымызға сіңген әдет ғой, жиналыс бәрібір біраз кешігіңкіреп барып басталды.

Жиналыстың күн тәртібінде бір-ақ мәселе екен. Ол – мектебімізге мектеп­тің алғашқы түлегі, кезінде республика­лық дәрежеде қызмет атқарған Шақпақ Артықбаев атамыздың есімін беру.

Қош делік! Жиналыс бірден қыза түсті. Ауданнан келгендер де, ауыл ақ­сақалдары да белсене сөйлеп, күн тәрті­біндегі мәселе оң шешімін табуға бір­табан жақын-ақ қалған-ды. Мұндай беталы­с басқаны қайдам, мені қатты қуантқан. Өйткені, мұндай қапаста мұрынымның аллергиясы қозып, өзімді қоярға жер таппай қатты қиналатынмын. Алайда, өкінішке қарай, қуанышым  ұзаққа созылмады. Көптің ішінен біреу жайына қарап тұрмай:

- Ау, бұл мәселені жақында ғана ауыл көлемінде талқылап, халық пікірі екіге айырылып, бір мәмілеге келе алмаған едік! - деп қалды. Сол-сол-ақ, тым жақсы аяқталып келе жатқа­н жиналыс жаңа қар­қынмен өрбіп сала берді.

- Иә, рас айтасыз! Мектепке Ғани  Мұратбаевтың шә­кір­ті  Қарасай  Шоқановтың есімі  берілсін!

- Жоқ! Шақпақ Артық­баев...

Пікір тағы да екіге айы­рылу!.. Тағы да бірінің бетінен бірі алу!.. Жиналыс қызған сайын, ауа да тарыла түсті. «Қырсыққанда қымыран іриді» деген, мұндайда «жайына­ қарап тұратын» мұрын қайда? Жұрттың «ар­қасы  ұстаған»  сайын, мұрынның  да «рухы» көтеріліп, қапталдаса бастады. Шарасыз күйге түскен сорлы басым мұрнымды амалдап «қақпайлап» отырғанмын. Ауызды ашуым да мұң боп қалған. Тек іштей бір Жаратқанға жал­барынып  қоямын.

«О-о!.. Құдайым-ай, мұрынымның «арқасын ұстатып, жынын  қоздыра  көрме!»...

Алайда бүгінде мұрын түгілі, қатын-балаң айтқанды қылмай кеткен заманда не шара?! Жиналыс шарықтау шегіне жеткенде, ауылымыздың ардақты азаматы, ауданымызда ірі-ірі қызметтер атқары­п  жүрген Нұраш Ос­панов  ағамыз:

- Жоқ, бұл  мәселені кейін­ге қалдыруға болмайды. Мектеб­іміз Шақпақ Артық­баев  атындағы  мектеп  болуы тиіс! - деп сөзін салмақтай бергенде, күштеп ұстап отырған «ант ұрған» мұрыным «демо­кратиялық қоғам құрып жатқан елімізде сөз бостан­дығын шектеуге жол жоқ!» деген­дей, «қапас қамауды» бұзып өтіп, бір мәрте рақаттана «салтанатты түрде» залп беріп  жіберді.

- Ә-әт-пішу!

- Жәрекіммолла!

Жұрт теп-тегіс маған жалт қарасты. Көбісі түшкіргенімді өздерін қолдаған деп есептесе керек. Бір-біріне қарасып, көңілдене сыбырласып қалды. «Бір қауіп болса, осы «Азаттан» қауіп болар!» деп ойлап келген-ау, шамасы! Әсіресе, ауданнан келгендердің жүздері әжеп­тәуір жадырап қалды.

- Ә-ә, бәсе, ақылы бар жігіт қой!

- «Азат» болғанымен, ауылдың баласы­  емес  пе?!

Мұндай мақтау сөзге малданған мұрыным егесіне бағынбастан, тағы бір дүркін-дүркін «салют» беріп жіберді. Жұрт қуанғаннан у-шу.

- Жәрекіммолла!

- Жәрекіммолла!

Алайда мұрынымның бұл жолғы «патриоттығы»  жиналысқа  қатысушыларды  екіұдай  қып  тастады.

- Ой-бай-ау! Нұрбай да мақтауды сүйеді екен!

- Е-е, ол да пенде емес пе?!.

Жұртты «қолдасаң да, қолдамасаң да «бір атаңа нәлет!» демекші, жұрттан естіген­ім осы ғана болғандықтан, мұрныма өкпелегенім сонша - «енді қайтып дыбысын шығармайын» деп бекініп, беторамалымды алып, мұрыныммен  «алыса» жөнелдім. Жан алып, жан  беріскенім  сонша – жұрттың сөзін естуден қалдым. Тек миым ғана жұрт­тың әлгі сөздерін тынымсыз саралай бастады.

«О, несі-ай!.. «Азат» қозғалысына мүше болсам, елімнің Азаттығы үшін күрескенім шығар?! «Ақылы бар жігіт» деп астыма көпшік қойғаны несі? Ақымақ болсам, мұғалім боп, оқушыларға ұстаздық етем бе?! Соры қайнаған мұрынымның түшкірігі менің пікірім  емес  қой! Осыған  да  ақылдары жетпеген  бе?!».

Мұрыныммен  «алысам»  деп қанша уақыт  өтіп  кеткенін  қайдам?!  Бір  кезде­ жиналысты  басқарып отырған мектебіміздің директоры Байтілес Қалиев  ағай:

- Бұл даудың бітер түрі жоқ. Сөзді Нұрбай інім түйіндесін. Кезінде елдің небір марқасқалары бұғып қалғанда,  ел тәуелсіздігі үшін қолынан  келгенше күрескен еді. Соңғы сөзді сол айтсын! -  деді.

Қапелімде не айтарымды білмей, сасқалақтап  қалдым. Есесіне, Байтілес ағайдың сөзін елден бұрын мұрыным мақұлдап  жіберді.

- Әт-пішу!

- Жәрекіммолла!

Бітпес даудан  әбден шаршап кеткен­ көпшілік маған үміттене қарайды. Жан-жағыма ойлана көз тастадым. «Егер Шақпақ Артықбаевты қолдасам, Қарасай Шоқановты жақтайтындар шу шығарады­. Керісінше айтсам, Шақпақ Артықбаевты қолдайтындар өкпелей­ді... Ә-әй, бала мінезді қазақтарым-ай!..».

Аллергия мұрнымды қанша жерден қыдықтаса да, сыр берместен, аузымды аңдып отырған халыққа сөзім салмақты шығуы үшін барынша шыдамдылық танытып, парасатты боп көрінуге тырыстым.­

- Егер осы мектепке белгілі бір адамны­ң есімі берілмесе, білім сапасы нашарлап, оқу процесі тоқтап қалмайтын шығар?!.

Жұрт «бұл не айтайын деп тұр» деп құлақтарын түре тып-тыныш бола қалды. Ешқайсысы  бұл  сұраққа  жауап беруге  асығар  емес. Шамасы, екі  жақ та  келіспейді-ау!

- Олай болса, - деп алып, байқау­сызда түшкіріп қалмас үшін, әр сөзімді нақты­лап, салмақтай түстім, - егер сіздер келіспейтін болсаңыздар, қазақта «таласқан тайдікі, ортасындағы менікі» деген сөз бар. Сол сөзді басшылыққа алып, мектептің атына таласып тұрған Қарасай Шоқановқа да, Шақпақ Артықбаевқа да бермей, «ортасындағы менікі» дегендей, елге белгілі, осы мектепт­ің түлегі, ақын Шөмішбай Сариевк­е  берейік!

Бұл сөзді естігенде, жұрт араның ұясына  біреу тас лақтырып жібергендей гу ете қалды.

- Өй, Шөмішбай Сариев әлі тірі ғой!

- Тірі адамға беруге болмайды!

Жұрттың ызы-шу қым-қуытын пайдал­анып, мұрыным рақаттанып тұрып, бірнеше дүркін «залп» жасағаннан кейін, күшейе бастадым. Сонда да жұрттың шуы басылар емес. Ара-арасында:

- Әне, өзің де түшкіріп, қолдап жатырсы­ң  ғой!

- Әт-пішу!

- Ол әуелі аман-есен өліп алсын! Сосын көрерміз!

- Ә-әт-пішу!

Осылайша қолайсыз талапқа ыңғай­сыз­  қолдау білдіріліп те жатыр.

«Бұл жұрт уәж емес нәрсеге бола, жаға  жыртысуға  дейін барып тұрған­дары несі?! Оның үстіне, осы жұрт аллер­гияның не екенін, еріксіз түш­кіртетінін, шынымен де, білмей ме екен?!».

Осы ой шұғыл келді де, «әлі сөзімді аяқтағаным жоқ» дегендей, қолымды көтердім. Шуласқан жұрт «енді не айтар­  екен?» дегендей бір сәт тынши қалды.

Бұл сәтті де өте ұтымды пайдаланып үлгірген қайран мұрыным еш жаңыл­мастан және бір түшкіртіп алып, «енді еркін сөйлей бер!» дегендей, тынысымды ашып жіберді. Терең бір демалып ап:

- Уа, ағайын! Рас айтасыздар!.. Шөмішбай Сариев әлі тірі! Тірі адамға мектептің  атын беруге  болмайды! Десек­ те, қажетсіз дауды даулап, ағайын­ның арасына жік салғанша, құжатты Шөмішбай Сариевтың атына рәсімдеп қоя берейік. Шөмішбай Сариев­ шайтан емес! Ол да біз сияқты еттен-сүйектен жаралған пенде! Түбі бір өледі! Өлген соң, дайын тұрған құжатты­ пайдалана қояйық! - дедім ескі билерше­ даусымды әдейі сарнай шығарып.

Мұндай салмақты сөзден кейін, әрине, іле-шала өзімді-өзім мақұлдағандай, әдемілеп тұрып, бір түшкірдім.

Сөзімнің салмағынан ба, әлде түшкірігімнің қуаттылығынан ба, мүм­кін пікірлерін жоққа шығарғандықтан ба, әйтеуір, бір сәт шыбынның ызыңы естілердей  тынши қалды.

«Минуттік үнсіздіктен» кейін, қайта гу ете қалған жұрттың пікірі сан-саққа жүгірді. Әрқайсысының пікірін қолдап, мұрыным «демократиялық пікір еркіндігін барынша сәтті пайдала­нып, еш кедергісіз «сайрап» ол тұр!

- Өй, мынауың нағыз көк қырсық қой!

- Әт-пішу!

- «Азаттың» оңғаны бар ма?!

- Әт-пішу!

- Дегенмен, сөзінің жаны бар!

- Әт-пішу!

- Әй, мынау бәрін мақұлдай береді екен!

- Әт-пішу!

Қысқасы, мұрынымның арқасында қазақтың ұлы жазушысы Сәбит Мұқановтың рөлін сомдағандай болдым.

Ол былай өрбіпті. Ақын-жазушылар сәл нәрсеге дауласып қалып, Сәбеңе жүгінеді екен. Анау келіп, дауын­ айтса да, Сәбең: «мақұл, сенікі дұрыс» дейді. Мынау келіп, дауын айтса­ да, Сәбең: «мақұл, сенікі дұрыс» дейтін көрінеді.

Бір күні дауласқан екі жақ бірігіп, Сәбеңе келеді де: «Сіз мен айтсам да, мынау айтса да, «мақұл, сенікі дұрыс» дейсіз, сонда кімдікі дұрыс?» - десе, Сәбең: «Сенікі де дұрыс!», «Мынанікі де дұрыс!», «Менікі де дұрыс!» деген екен.

Қайран Сәбең секілді мен де анау айтс­а да,  «Әт-пішу!»,  мынау айтса да, «Әт-пішу!», өзім айтсам да, «Әт-пішу!» деп мақұлдағандай болдым. Тек айыр­машылығы: Сәбең миымен ойланып айт­са, мен мұрынымның күшімен айттым.­

Бір қызығы, осы бір нәтижесіз жиналы­стан кейін, ауылымызға бұл мәселемен енді қайтып ешкім соққан жоқ. Мектебімізге ешкім жоламады.

Алайда мәселе мұнымен бітпепті. Өздеріңізге мәлім, осы жылдың, яғни 2019 жылдың наурыз айында Елбасы Н.Назарбаев өз еркімен биліктен кеткен­ соң, президентіміз Қ.Тоқаевтың жарлығымен Астана қаласы «Нұр-Сұлтан» боп өзгергені белгілі. Осы тарихи­ оқиғадан соң, ізін суытпай, маған­ бір азамат келіп жолықты. Жай жолыққан  жоқ.

- Ана бір жылдары мектебімізге Шөмішбай  Сариевтің  атын  беру тура­лы­ ұсынысыңыз есіңізде ме? - деді.

- Иә, - дедім есіме түсіріп.

- Олай болса, сол мәселені қайта көтерейік. Тірі адамға қаланың атын беріп  жатқанда, мектептің атын беру не тұрады, тәйірі! - деді.

Шошып кеттім. Дереу жан-жағыма қарадым. Бірдеңе айтайын деп едім. Мұрыным тас боп бекіп, тілім байланып қапты. Ештеңе айта алмадым. Тек санама: «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген бар шырағым!.. Ағайынның сойылын соққанша, білім саласының сансыз реформаларынан ұрпақ әбден сауатсызданып бітті. Өмірге я оқи алмайтын, я жаза алмайтын мәңгүрт ұрпақ келді. Осының обалын­ халық боп неге көтермейсіңдер? Неге осы жолда белсенбейсіңдер?!.» деген­ ой орала кетті де, бұрылып қаша жөнелдім. Кезекті бітіспес даудан қаштым­.

Иә, бәріміз де ажалсыз шайтан емеспіз! Демек, адам екенбіз, адами істерде ғана қауышайық!

 

Нұрбай   ЖҮСІП,

Арал  ауданы

 


«ОРДАБАСЫ» ОЙНАДЫ, «ҚАЙСАР» ТОЙЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
04.07.2019 10:00

ЖОЛ  ҚАДІРІН ЖҮРГЕН  БІЛЕР...

«Футболдан ел біріншілігінің 16-туры аясындағы ойындары тартысқа толы болатын түрі бар». Бұл пікір футболсүйер қауымның арасын аралап кеткелі қашан? «Орда­ба­сымен» өтетін ойын­ға автобус беріледі екен» деген ақпарат шыққалы ойымыз алаң-елең болды. Барып­-қайтуды жөн санадық. Достардың арасында азды-көпті «жанкүйер» деген атымыз бар-ды. Рас, жергілікті клубтың жеңілісіне жанымыз күйеді, жеңісін жанымыз сүйеді. Ендеше, неге күнге күй­меске? Себебі, Қы­зыл­ордада күн райы +47 градусты көрсе­тіп  тұрды.

«Жүрген аяққа жөргем ілігеді» дегенімізбен, жол қаді­рін жүрген ғана біле­ді. Қызылорда уақы­тымен  сағат 10:00-де бір топ «Қайсардың» қолдаушысы Ғ.Мұ­ратбаев атындағы ортал­ық алаңнан Шымкент қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық­  стадионға  бет алды. Ойын Нұр-Сұлтан уақытымен 19:00-де басталады. Әуелгіде күтпеген жерден автобустан қалып қойып, таксимен қуып жеткеніміз бар. Тіпті, «Қайсар­ға» деген махаббат Шымкентке дейін автобуста тұрып баруға жететін еді. Абырой болғанда орын да табылды, абдыраған көңіл де орнына түсті.

 

«ОРДАБАСЫ»   ОҢАЙ

ҚАРСЫЛАС   ЕМЕС»

Автобуста «Ордабасының» оңай қарсылас емес екендігі айтыл­ып жатты. Әрине, бұл – бұлжымас шындық. Көршілер­дің турнирлік кестедегі орнын жақсы білеміз. Соңғы ойында «Астанадан» үш ұпай алғаны тағы бар. «Қайсар» түзде жақсы­ ойнаса, «Ордабасы» үйдегі ойын­дарда жанкүйерлерін көп қуантады. Статистика сөйлеп тұр. Маусымның ми қайнатар ыстығында жолға шыққан жанкүй­ерлердің жас арақашықтығы  да  алуан-алуан. Мұн­да жасы алпысты алқым­даған  «қасқырлардың»  ардагер жанкүйерлерімен қоса, жаңа ғана он сегізді толтырған қолдаушы­лары  кездеседі.

Әлбетте, кіл футбол көрермендері бас қосқан жерде ойын есебіне жорамалдың болмауы мүмкін емес. «Жеңеміз, жеңе­міз» деп желпіне сөйлеп отырған жігіт ағасын сөйлету үшін түрлі айла-тәсілдерге баруға тура келді. «Шыны керек, Шымкенттен бір ұпай алып қайту да – олжа» дедім қаттылау дауыспен. «Иә, иә» деген дауыстар шығып жатты. «Болмаса  ол да жоқ» деді біреу бастырмалай сөйлеп. Демек, мұндағылардың ішкі «диаг­нозын»  ешкім дөп басып айта алмайды.  Стадионға  кіріп бара жатып  іштей «қайткен күнде де жеңуіміз керек» дедім.

 

СОҢҒЫ   МИНУТТАҒЫ СЫЙ

Оңтүстік дерби саналатын бұл кездесу қашанда қызықты өтеді. Төреші Рахымбаевтың ысқырығынан соң алаң иелері сес көрсетіп, алғаш болып қауіпті шабуылды ұйымдастырды. Алаң иелері «қап!» десті, біз қуандық. Біреудің қайғысына қуана білу – футболда бар нәрсе, тіпті қалыпты жағдай. «Ордабасының» бразилиялық легионері Жоао Паулоның айып алаңында тепкен­ жойқын соққысы қақпа бағанасынан кері серпілді. Марсельдің маңдайдағы бағы шығар. Айтпақшы, негізгі қақпашымыз Григоренко жарақаты­на байланысты ойында­ командасына көмекке келе алмайтыны әлдеқашан белгілі болған. «Қасқырлардың» армениялық шабуыл­шысы Барсегян 4 сары қағазының, Байжанов жарақатының кесірінен команда құрамында бола алмады. Ойынның 37-минутында Дамир Дәуітов жоқ жерден қателесіп, Куле Мбомбоның гол соғуына мүмкіндік жасады. Есеп – 0:1. «Бірінші гол соғып, сол есепті ұстап қалсақ» деген қылаң берген бағана­ғы ойды жүзеге асыруға болатындай. Араға 3 минут салып­, алаң иелері есепті теңес­тіріп кетті. Жанкүйерлердің мазасы қашты. «Осынша уақыт ғана ұстап тұра алдық па?», «Қорғаушылар ай қарап жүр ме?», «Неге қайтып ойнамайды?». Сұрақ көп, жауап жоқ. Голды «Қайсардың» экс-ойыншысы Тоқтар Жаңғылышбай  салды. Исламқұловтан кері қайтқан допты қақпаға қайта тебе салды. Есеп – 1:1.

Кездесудің екінші бөлігінде қауіпті шабуылдар қос тараптан да жасалды. Кездесу аяқ­талар тұста бапкер Стойчо жас шабуылшы Өркен Маханға мүмкіндік беріп, алаңға шығарды. Төрешінің қосқан 6 минутының бітер тұсында Өркен бұрыштамадан Асхат (Тағы­берген - ред.) асырған допқа бірінші жетіп, командасына жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 1:2.

Жанкүйерлер алаңға жүгі­ріп шықты. Мына эмоцияны гол соғып, «Ордабасы» ойыншылары ғана тоқтата алады. Әйтпесе... Әйтпесе жоқ. Өте қуанышты жағдай! Жүрек жарыла­рдай. Қызылордадан жеткен 50-ден аса жанкүйер стадионды басына көшірді. «Қайсар» қолдаусыз қалмады. «Ордабасы» ойнады, бірақ «Қайсар» жеңісін тойлады.

 

БАПКЕРЛЕР   «БҮЙ»   ДЕДІ

«Маған екі есе қуаныш, себе­бі мен сенген жас ойын­шылар нәтиже әкелуде. Біздің болашағымыз жарқын. «Бай­қоңыр» мен қосалқы құрамда өте жақсы ойыншылар бар. Бірақ, оларға жағдай жасау керек.­ Қырымбек Көшербаев бұл жағдайды жақсы қолға алды», - деді «Қайсардың» бас бапкері Стойчо Младенов.

Ал, «Ордабасының» бас бапкері Кахабер Цхададзе клуб баспасөзіне берген сұх­батында «Футбол кейде әді­летсіз болады» деп бастап, ойын нәтижесі жайлы біраз көсіліпті.

- Футбол кейде әділетсіз бола­ды. Біз осы маусымдағы үздік ойынымызды көрсеттік, бірақ көптеген сәттерде гол соға алмадық және болмашы сәттерде гол жіберіп алдық. Тағы да қайталап айтамын, футболда осындай әділетсіз нәтижелер тіркеледі, бірақ бұған төтеп бере білу қажет. Әрине, ойын барлық жағынан алып қарасақ та, біздің басымдылығымызда  болды, біз  негізі­нен «Қайсарды» жеңе алдық және  жеңіске  лайықты  болдық. Бірақ, қай жақ көп гол соғады­ – солар ұтады, сондықтан бізге мүмкіндікті қалт жібермей, гол соғу керек еді. Маған  бір  қызығы, төреші  ойын соңында нені күтті, соңғы гол соғылған кезде матчтың уа­қыты әлдеқашан аяқталған болаты­н. Түсініксіз. Бірақ, мұн­дай нәрселерге мойымауымыз қажет, - деді ол.

 

ОЙЫНДЫ   ТАЛҚЫЛАУ

Матчтан  соң  елге  қарай  бет алдық. Қас қарайған, дауыс қарлы­ққан, түр шаршаңқы. Жол  қысқартуымыз – ойынды тал­қылау. Сан түрлі пікірлер­дің тоғысқ­аны да, бір-бірін жанып­ өткені де, маңына жуымағ­аны да бар. Бастысы, көңіл тоқ. Айт­пақшы, Шымкентке жеке көлігімен келгендер көп екен. «Жеңілсе де, жеңсе де «Қай­сарға» жан­күйермін. Ойынды көзбен көру деген бөлек ғой» дейді жанкүйерлердің бірі. Әңгіме барысында «қасқырлардың» әуелі «Шахтермен», түздегі «Қайратпен» ойыны туралы­ айтылды. «Алматыда «Қайсар» қолдаусыз қалмау керек!­» деген ой бәріміздің ойымы­зда  тұр. Не де болса, оны уақыт  көр­сетеді.

 

Рыскелді   ЖАХМАН,

Қызылорда-Шымкент-Қызылорда



 

Ойыншылардың  ойы

Өркен  МАХАН,

«Қайсар»  футбол  клубының  шабуылшысы:

 

КОМАНДАМА   ЖЕҢІС

СЫЙЛАҒАНЫМА   ҚУАНЫШТЫМЫН

- Сөз  жоқ, «Ордабасымен» ойын мен үшін тариxи кездесу­  болып  қалмақ.  Себебі,  «Қайсар»  сапында  тұң­ғыш  рет  гол соғып, командама жеңіс сыйладым. Жауап­ты­ ойында­  алаңға шығуыма мүмкіндік берген бапкерле­рге ерекше  алғысымды   айтамын!

 

Асхат ТАҒЫБЕРГЕН,

«Қайсар» футбол клубының жартылай қорғаушысы:

 

ОҢТҮСТІК  ДЕРБИДЕ  БІЗ  МЫҚТЫ  БОЛДЫҚ

- Ел біріншілігінде оңтүстік дерби саналатын кездесу қашанда қызықты өтеді. Біз осы жолғы «Ордабасыға» қарсы кездесуде жоғары дайындықпен және жеңіс үшін алаңға шықтық. Расында, біз алаңда қарсыласымыздан мықты болдық. Оны таблодағы көрсеткіш те айқындап тұр. Осал қарсылас еместігімізді 90 минут ішінде дәлелдедік. Бұл жеңісті Қырымбек Елеуұлына арнаймыз! Өйткені, Қырымбек Елеуұлының қолдауының арқасында «Қайсар» жоғары дәрежеге жетіп отыр.

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Шілде 2019 >
1 2 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары