Өзекті мәселелер

  • 18.07.19

    Жалпы, қай жерде болмасын статистиканың орны бөлек. Статис­тика – адам сүйсініп не күйініп оқитын бірден-бір ақпарат. Яғни, ол – әрдайым оқылымды материал­. Сондықтан  болар, Ұлттық экономика министрл­ігі Статистика  комитетінің  http: //stat.gov.kz/ сайтын әлсін-әлсін шолып тұратынымыз бар. Бұл жолы біз өз облысымызға қа­тысты біршама сандық деректерге тап болдық. Оны жүйелеп, оқырман ...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Қызылордада құрылыстың қарқынды дамы­ғаны соңғы бесжылдық десек, асыра айтқандық емес. Алдымен тұрғындарды әлеуметтік нысандармен қамтуды басты бағыт санаған жергілікті басшылар қаладағы көпқабатты тұрғын  үйлердің де көптеп бой көтеруіне мән берді. Оған соңғы 6 жылда облыста 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгені дәлел. 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, 2018 жы...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Бүгінгі күні ауданда балық шаруашылығы саласы қарқынды дамыды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені балық шаруашылығы өңір экономикасының дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, оларды жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Себебі Арал теңізі мен Сырдария өзенінің жағасында қоныстанған жергілікті халықтың өмірі мен тұрмысы балық шаруашылығымен тығыз б...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    «Рас, үйленбей тұрып әйел­ді «ашсам – алақанымда, жұм­сам – жұдырығымда ұстаймын» дегеннің бірі мен едім» деп бас­тады автобуста отырған жігіт ағасы. Өзі ащы судан аздап ұрт­тап алғанға ұқсайды. Сәлден соң салбыраған басын қисаң­дата көтеріп, көзін жартылай ашып-жұмып «менде бәрі бар еді, көлігім де, үйім де...» деп тағы налыды. Ал, әйелін айт­қандағы байғұстың жыларман түрі мен шарасыздықтан с...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Сүйріктей саусақ, сәнді тырнақ – кез келген қыз-келіншектің арманы. Тырнағын әсемдеу әйелге сенімділік сыйлайды. Өз-өзін бағалайтынын байқатады. Бүгінде гельді тырнақ бояуын қолданбайтындар сирек. Екінің бірі осы әдісті жасатады. Оның кәдімгі бояудан артықшылығы көп. Бір айға дейін жылтыр әрі тартымды түсін сақтайды. Бірақ... Сұлулыққа құштарлық денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Ма...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 04 Шілде 2019

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ КӘСІПКЕРДІҢ БИЗНЕСІНЕ ЗИЯНЫН ТИГІЗУДЕ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
05.07.2019 11:15

Жақында әлеуметтік желілерде «қызылордалық «Байдала» серіктестігінің күріші сапасыз» деген сарында бейнеролик тарады. Осы хабардан кейін «Байдаланың» басшысы көмек сұрап, Кәсіпкерлер палатасына өтініш түсірген болатын. Мәселені зерттеген Палата қызметкерлері сала мамандарының басын қосып, баспасөз мәслихатын өткізді.

Баспасөз мәслихатында Кәсіпкерлер палатасы директорының агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов: «Бүгінгі баспасөз мәслихатын өткізуге себеп болып отырған жағдай – жақында ғана әлеуметтік желіде «Байдала» мекемесінің күрішіне қатысты жарияланған жалған бейнеролик. Нақты зерделеу жұмыстары жүргізілмей таратылған ақпараттың салдарынан кәсіпкер шығынға ұшырап отыр. Кәсіпкер Палатаға келіп бізден көмек сұрады. Қазір заңгерлеріміз құқықтық қолдау көрсетуде», - деді.

«Байдала» ЖШС директорының орынбасары Азамат Байдалиев компанияның бүгінде облысқа қарасты Шиелі, Сырдария, Жалағаш аудандарында күріш егіп, оны өз зауыттарында ақтайтындықтарын жеткізді. Бүгінде «Байдаланың» зауытында тұрақты 80 адам жұмыс жасаса, егіндіктерде маусымдық жұмыстарға 2000-ға жуық адам тартылған. Өнімдерін Тәжікстан, Украина, Россия, Өзбекстан, Қырғызстан және өзге де елдерге экспортқа шығаруда.

«Әлеуметтік желіде таралған жалған ақпарат біздің компания беделіне нұқсан келтіріп тұр. Мұндай бейнематериалды тарату кімге тиімді екендігін білмеймін. Қазір таратушыны анықтау жөнінде ішкі істер органдарына шағымымызды қалдырдық. Жалған ақпарат таратушы анықталған жағдайда әрі қарай сотқа беретін боламыз», - деді.

Қызылорда облысынан өндірілетін күріштің сапасына қатысты «Қазақстан аграрлық сараптамасы» АҚ Қызылорда филиалының басшысы Мейрамбек Серікбай да пікірін білдірді.

«Біздің облыста зауытта өндірілетін және экспортқа шығарылатын күріштер үш тексеруден өтеді. Олар – сәйкестік сертификаты, карантиндік сертификаты және сапа сертификаты. Сапа сертификатынан өту үшін зауыттан шыққан күріш өнімдерінің сынамасы алынып, тексеруден өткізіледі. Қаптың мойнындағы түпнұсқасында шыққан ауысымы, мерзімі жазылып тұрады. Бейнероликті түсірген азаматтар күріштің сапасыз екендігін шын мәнінде дәлелдегісі келсе күріш қабын көрсетуі қажет еді. Халыққа айтарым, қалтадан келген, тарелкадағы шығу тегі белгісіз күріштерге сенбеңіздер. Облыс диқандары республикадағы күріштің 80 пайызын өндіреді. Біздің аймақта өндірілетін күріштердің бұрын 20-30 пайызы ғана шығатын болса, қазір 70 пайызы экспортқа шығарылады. Сондықтан да біздің өңірдің күріші туралы жалған ақпарат тарату – қисынсыз тірлік. «Байдаланың» күріші сапалы, халық тұтынып жоғары бағасын алып жүрген, экспортта сұранысқа ие өнім», - деді.

Баспасөз мәслихатының қорытындысымен Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов Палата тарапынан кәсіпкерге жан-жақты қолдау, көмек көрсетілетіндігін жеткізді.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


ҚУАНЫШБЕК ЫСҚАҚОВ ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ НЫСАНДАРЫН АРАЛАП КӨРДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
05.07.2019 09:40

Қызылорда облысының жаңа әкімі Қуанышбек Ысқақов Қызылорда қаласы нысандарының жұмысымен танысып, қалалық автобус паркін, Ғ. Мұратбаев атындағы орталық стадионды және Қызылорда ЖЭО аралады.

Жоспарланған нысандардан бөлек облыс басшысы жоспардан тыс, алдын ала ескертусіз тұрғындар тарапынан әлеуметтік желі арқылы келіп түскен мәселелер бойынша №11бағыттағы автобуспен Тасбөгет кентіне барып, қоғамдық көліктердің жұмысымен танысты. Автобус салонында Қуанышбек Ысқақов жолаушылармен сөйлесіп, олардың ұсыныстары мен тілектерін тыңдады,сондай-ақ облыс тұрғындарымен тікелей байланыс үшін өзінің Твиттер-аккаунты арқылы өңірді дамытуға қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп бірге жұмыс істеуге шақырды.

Сондай-ақ, өңір басшысы "Сәулет" шағын ауданында болып, тұрғындардың осындағы көлшіктің жанында заңсыз қоқыс тастау орны пайда болғаны туралы шағымдарын тыңдады. Аймақ басшысы қала әкімінің міндетін атқарушы Бектас Нұриддиновке осы мәселені бір ай көлемінде шешуді тапсырды.

Аймақ басшысы 758 автокөлік жұмыс істейтін 26 қалаішілік және 6 қала маңындағы маршруттардан тұратын автобус паркіне барды. Оның ішінде сыйымдылығы үлкен 112, сыйымдылығы орташа 293, аз сыйымдылықтағы 343 автобус.

Сыйымдылығы үлкен жаңа үлгідегі 112 автобус бейнекамералармен, мүгедектерді отырғызуға арналған құрал-жабдықтармен (аппарельдермен) жабдықталған. Сонымен қатар, № 2 қалалық маршрутта қатынайтын 2018 жылы "ПАЗ 32054" маркалы 10 автобус сатып алынды. "Қызылорда" автобус паркі " ЖШС-не 450 адам жұмыс істейді.

Сондай-ақ, Қуанышбек Ысқақов 1969 жылы салынған Ғ. Мұратбаев атындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Айта кетерлік жайт, 2001 жылы стадионды толық қайта құру жұмыстары жүргізіліп, келесі жылдары оның конструкциялары ішінара ауыстырылып, жөндеуден өтті. Қазір стадионның сыйымдылығы 7000 орынды құрайды, нысанның жалпы ауданы-16700 ш. м.

2018 жылдың тамыз айында стадионды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Мердігер мекеме "Интегрострой" ЖШС футбол алаңында жасанды газонды және трибунадағы орындықтарды ауыстыруды орындайды, сайдингпен қапталған металл қалқа орнатады, сондай-ақ жылыту, дренаждық, кәріздік және су құбыры жүйелерін ауыстыруды және бетон және темір бетон конструкцияларын орнатуды жүргізеді.

Облыс әкімі "Қайсар"футбол клубының ойыншыларымен кездесті.

"Қырымбек Елеуұлының сіздерге ыстық сәлемін жеткізгім келеді. Алда "Шахтермен" өтетін ойында сәттілік тілеймін. Біз өз тарапымыздан сіздерге тиісті қолдау көрсетеміз. Ал сіздер жанкүйерлеріңізді жеңістеріңіздермен қуантыңыздар", - деді аймақ басшысы.

Өз кезегінде, қайсарлықтар да толық жаңғыртудан өткен заманауи талапқа сай стадион үшін алғыстарын айтты.

Одан бөлек, Қуанышбек Ысқақов "Қызылорда ЖЭО" МКК 2019-2020 жж. жылыту маусымына дайындық барысымен танысты. "ҚТЭО" МКК директоры Руслан Нұрмағамбетов хабарлағандай, дайындық кестеге сәйкес жүргізілуде, қондырғыларды ағымдағы жөндеуге арналған қаражаттың бір бөлігі, резервті мазут отынының қалдықтары кәсіпорын филиалдарының нормативтік-пайдалану қорында сақталуда.

"Сонымен қатар, 2019 жылдың 1 шілдесіне кәсіпорын алдында 388,7 млн. теңге дебиторлық қарыздары бар, оның ішінде көпқабатты үйлер тұрғындарының қарызы 328,4 млн. теңгені, жеке сектор тұрғындары – 54,4 млн. теңгені, шағын және орта бизнес нысандары – 54,4 млн. теңгені және бюджеттік мекемелер – 1,96 млн. теңгені құрайды. Электр қуатын пайдаланушылардың дебиторлық берешегі 132,0 млн. теңгені құрайды, оның ішінде: "Энергосервис" ЖШС - 70,0 млн.теңге, "Қызылорда СуЖүйесі" МКК - 62,0 млн. теңге", - деді Руслан Нұрмағамбетов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ Б.САЙЛЫБАЕВ: «ХАЛЫҚТЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІН БИЛІККЕ ЖЕДЕЛ ЖЕТКІЗЕТІН БОЛАМЫЗ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
04.07.2019 17:40

Бүгін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов облыстың қоғамдық кеңесінің төрағасы Бақытжан Сайлыбаевпен кездесті. Кездесуде аймақ тұрғындарының өзекті мәселелері талқыланып, кеңестің жартыжылдық жұмыс қорытындысы бойынша қысқаша есеп берілді.

«Аймақ басшысына облыстық қоғамдық кеңесінің жұмысы туралы қысқаша баяндап, облыс халқының өзекті мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстар айттым. Қазір халықты алаңдататын мәселелер: аяқ сумен қамту, газдандыру және табиғи газ тарифтері, көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қамту мәселелері бойынша көпшілікті алаңдатып отырған сұрақтар. Облыс әкімі Қоғамдық кеңестің басты мақсат-міндеті – тұрғындарды алаңдататын өзекті проблемаларын билікке жедел түрде жеткізу, яғни, жергілікті билік органдарының жауапкершілігін арттыруға ықпал етуі қажет екенін айтты», - деді Бақытжан Әбдіхалықұлы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ЕЛГЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН АРДАГЕРЛЕР «ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АРДАГЕРІ» МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛАТЫН БОЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
04.07.2019 17:25

Бүгін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов облыстың ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевпен кездесті. Аймақ басшысы ардагерлер кеңесінің жартыжылдық жұмыс қорытындысы бойынша қысқаша есебін тыңдады.

«Облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлының қабылдауында болып, Сыр өңірі ардагерлер кеңесінің жұмысы туралы қысқаша мәлімет бердім. Аймақ басшысы бірқатар тапсырма жүктеді. Сондай-ақ, қала, аудандарды аралау барысында жергілікті ардагерлермен кездесу туралы ұсыныс айттым. Әрі қарай да бірлесіп жұмыс істейтін боламыз», - деді Серік Әбішұлы.

Жалпы, Қызылорда облысының ардагерлері өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Мерекелік іс-шаралар мен күнделікті жұмыс барысында ақыл-кеңестерін беріп, жастарға патриоттық тәрбие беруден жалыққан емес.

«Осы жылдың 6 айдың өзінде біраз жұмыс атқарылды. Мәселен, сәуір айындағы ҚР Президентінің сайлауалды науқанында Сыр ардагерлерінің қосқан үлесі ерекше. Халықпен кездесіп, ақпараттық және үгіт-насихат жұмыстарына белсене араласты. Ардагерлеріміздің аймақ дамуына қосқан үлестері үшін алғысымыздың белгісі ретінде «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» медалін әзірледік. Сыр өңірінде үлкен абыройға ие, белсенді жұмыс істейтін ардагерлерді осы медальмен марапаттайтын боламыз», - деді Серік Дүйсенбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ӘЛЕМ КАРТАСЫНДА – ӘЙГІЛІ ЕСІМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
04.07.2019 12:12

Қазақстан астанасының атауы Нұр-Сұлтан деп өзгерді. Бас қаланың атауын бұлай өзгертуге шешім қабылдау бір күннің ғана әңгімесі емес еді. Мемлекет астанасының атауын тұңғыш президент атына ауыстыру жөнінде мұның алдында да бірнеше рет ұсыныс айтылған болатын. 2016 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған декларацияны талқылау кезінде парламент мүшелері Президент Назарбаевтың есімін мемлекет астанасына беру жайлы ұсыныс айтқан. 2017 жылы депутаттар бұл мәселені тағы да қозғады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысқа нүкте қойды.

Әңгімені бүгінгі астанамыздың бұрынғы тарихынан бастасақ. Тарихтан там-тұмдасақ, кеңес заманында Тың өлкесінің астанасы деген желеумен байыр­ғы Ақмола қаласының атауы өзгертіліп кетеді. Ал ол – Арқадағы игі жақсылар көп шыққан жер. Бұл өңір – бағзы замандарда ұлы даланың төсінде бағы жанған байтақ өлке. Тәуелсіз­ді­гі­міздің елең-алаңында көптеген қалалардың, елді мекендердің бұрынғы атаула­рын қайтарып беру науқаны қолға алына бастайды. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келген кезі еді. Ол өзінің бар пәрменімен Ақмола атауын қайтарып алады. «Үй салғанды, зауыт, фабрика салған­ды көрдік. Бірақ қала салғанды, оның ішінде астана салғанды көрген жоқ  едік, Құдай оны өзімізге де көрсет­ті»  деген  белгілі қоғам қайраткері Мырза­тай Жолдасбеков: «Нұрсұлтан Назарбаевтың керемет бір қасиеті – бұл кісі тұнып тұрған идеялардың бұлағы. Бір күні табан астында «Астананы көшіруіміз керек» деді. «Қайда?». «Арқаға». Ел тұттай жалаңаш, жалаң аяқ, жалаң бас. Үш-төрт айдан жалақы алмаған, зейнетақы алмаған. Қаланы қайдан саласың? Қалай саласың? Жасырат­ыны жоқ, «Алатаудың бау­райында отырмыз ғой. Алатаудай сұлу тау жоқ. Ата-бабамыздың жері ғой мынау­. Астымыздан су шыққан жоқ. Жұмақтай жерден неге кетеміз?» деп ойладым. Нұрекеңнің тағы бір керемет қасиеті, өз пікірін айтады, оны сен қолда­масаң, әңгімені сол жерде тыяды. Сосын ұмыттырып, сәл бірнеше күннен кейін қайтадан қояды. Өзі жақын жүрген кісілермен сөйлеседі. Пікір жинайд­ы. Сол кезде ол бұл пікірдің піс­пегенін білді. Бірақ бәрібір осы мәселені бейресми жағдайларда күн тәрті­біне қоя берді, қоя берді. Астананы көшіру жайлауға киіз үйді жинап апарып, қоныс аудару емес қой. Көп ойланып жүрді. Ылғи ой үстінде жүретін. Осы Ақмолаға талай келіп кетті. Бір­неше қалаға да барды. Сосын бір күні кезекті іссапардан келді де: «Ақмолаға барғанда, Қараөткел көпірінің үстінде тұрып ұзақ ойландым. Дүниежүзіндегі астаналардың дені, негізінен, өзен жаға­сына салынған. Ақмола өзеннің жағасында тұр. Бұл – бір. Екіншіден, бұл – Қазақстанның қақ ортасы. Түбінде осы қолайлы болады. Жол қатынасына да дұрыс болады. Шығыс пен Батыстың да ортас­ында тұрмыз» дейді. Сөйтіп, астанамыз Ақмолаға көшті» деген еді бізге берген сұхбатында.

1994 жылдың 6 шілдесінде Нұрсұлтан Назарбаев ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы алғаш идея­ны Парламент депутаттарының алдында айтты. Аста­наны солтүстікке қарай мың шақырымнан да қашықтықта жатқан Сарыарқаның сайын даласына көшіру ту­ралы батыл шешім осы кезде қабылданды. Иә, Алматыға сыймай кетіп емес, қимай кетіп, қоштасқан үркердей топ елдің болашағы үшін Сарыарқаның сайын даласына қоныс аударады. Тұңғыш Президент өз сөзінде астананы ауыстырудың төрт басты себебіне тоқталған еді. Оның алғашқысы, Қазақстанды геосаяси жағынан күшейтудің қажеттігі басым. Қала төрт тарапқа: Оңтүстікке, Солтүстікке, Батысқа, Шығысқа бірдей ашық. Екіншіден, қауіпсіздік мәселесі назарға алынған. Тәуелсіз мемлекеттің астанасы, мүмкін­дігінше, сыртқы шекараларынан жырақ­та және елдің ортасында орна­ласуы керек. Үшінші себебі, астананың орнын ауыстыру Қазақстанның экономикасын сауықтыру қажеттігінен де туынд­ады. Төртіншіден, астананы аймаққ­а қарай көшіре отырып, құрамы жағынан көпұлтты, тұрақты полиэтнос­тық мемлекетті құру, Қазақстанды мекен­деп отырған халықтардың арасындағы достықты сақтау және нығайту бағыты дәлелденді. Айтқандай-ақ, 1996 жылы Президент жарлығымен Ақмолада еркін экономикалық аймақ құрылды. Еркін экономикалық аймақ қала құрылысының қарқынды жүруі үшін қаржы тартуда және сол жағалауды игеруде қуатты катализатор болды. Табысты жұмыс нәтижесінде аймақ жұмысынан түскен табыстың 60 пайызын алып отырды. 1997 жылдың 20 қазанында Нұрсұлтан Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау» туралы Жарлыққа қол қойды. Ал 8 қарашада ел­ордаға еліміздің көк Туы, Елтаңбасы және Президент байрағы жеткізілді. 1996 жылдан бастап мұнда ең алғаш құрылыс жұмыстары қарқынды жүр­гізіле бастады. Елдің жаңа астанасында мемлекеттік қызметкерлерге арнап қызметтік пәтер көптеп салынды. Еліміз­де жаңа басқарушылардың легін дайындау қажеттігі мықтап қолға алынды. Осы ретте Президент өзі бас болып, жаңа қалада жаңаша ойлайтын мамандардың  жаңа  шоғырын  қалыптастыру­ға білек  сыбана кірісті. Ел астанасының ең алғашқы марапаты 1999 жылы ЮНЕСКО­ шешімімен «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары атаққа ие болып, арнайы медальмен марапатталды. Бұл абырой әлеуметтік-экономикалық, саяси­ және мәдени дамуда тұрақтылыққа қол жеткізген, ұлтаралық татулықты сақтаған, әлем мәдениетіне елеу­лі үлес қосқан жас қалаларға беріледі.

Қазақ елі жаңа ғасырдың табал­дырығын жаңа астанамен аттады. 2000 жылы Астана «Халықаралық астаналар мен ірі қалалардың ассамблеясына» мүше болды. 2001 жылы Астананы дамытудың бас жоспары қабылданды. Ашық конкурсқа әлемнің айтулы сәулет­керлерінен 50-ден астам жоба ұсынылғаны белгілі. Нәтижесінде, жапон­дық Кисе Курокаваның жобасы қабылданып, бас жоспарға өзгертулер енгізілді. Көп ұзамай Астана айтулы оқиғалардың үлкен алаңына айналды. Мәселе­н, 2001 жылы Астанаға Рим папасы ІІ Иоанн Павелдің келуі бүкіл әлем үшін жаңалық­тың жаршысы болды. Өйткені бұл Рим католик  шіркеуі  басшысының Орталық Азияға алғаш рет табан тіреуі еді. 2002 жылдың 30 тамызында бас қаланың бойтұмары­ «Астана-Бәйтеректің» тұсауы кесілді. Елбас­ы идеясымен салын­ған жобаны­ң жетекшісі – Ақ­мыр­за Рүстембеков. Тамыры­н тереңге жайған «Бәйтерек» бүгінде өткен мен болашақтың белгісі іспеттес. 2003 жылы Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті. Дүниежүзінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған шараға Еуропа, Азия, Африка мен Таяу Шығыстың 13 елінен мәртебелі меймандар келді. 2004 жылдың желтоқсанында жаңа резиден­ция – Ақорда ресми түрде ашылды.­ 2006 жылы бірегей ғимарат Бейбітшілік және келісім сарайы пайдалануға берілді.

2008 жылдан бастап 6 шілде мемлекеттік мереке болып жарияланды. Бұл күні барша қазақстандықтар Астана күнін тойлайды. 2009 жылы Астанада республика бойынша тұңғыш зияткерлік мектеп ашылды. Физика­-математика бағытында тереңдетіп оқытатын мектепте еліміздің барлық аймағынан келген­ дарынды балалар қабылданады. Осы жылы Тәуелсіздік алаңында «Қазақ елі монументі» бой көтерді. Ал 2010 жылы арадағы он жылдық­ үзілісті жалғаған ЕҚЫҰ-ға мүше 38 елдің мемлекет және үкімет басшыларын, халықаралық және өңірлік ұйымдардың басын­ қосқан Астана саммиті өтті. 2011-2018 жылдар аралығында бас қаламыздың жеткен жетістіктері көз қуантады. Күллі әлемді таң қылған жас қала жаһанның жанары­н өзіне байлай алды. Тәуелсіздікке­ қанат қаққан 1991 жылы болашақ Сарыарқаның төсінде жатқан шағын қалада небәрі 300 мыңға жуық халық бар еді. Шүкір, қазіргі уақытта елордамыз алты алаштың басын қосқан миллион тұр­ғыны бар шаһарға айналды. Кезіндегі Ақмолада 9 пайыздың маңа­йында ғана қазақ болды. Дәл осы жерге аста­наны көшірудің тарихи да, стратегиялық та маңызы бар. Сөйтіп, ең қазағы аз, тіпті, жоққа тән қала бүгінде қазағы ең көп қа­лаға  айналды. Енді, міне 21-дегі астанамыз Нұр-Сұлтанға айналды. Төрт­күл дүние төрінде тоғыстырған бас қала жаңа атауға ие болды. Абыройы Ала­таудай асқақтаған астана жаңа атауымен жаңғырады. Қазақты әлемге танытудың бірегей  жолы  жал­ғаса  бермек.

 

Гүлжан   РАХМАН,

журналист,

Нұр-Сұлтан  қаласы

 


КӨШЕРБАЕВТЫҢ КӨШІН ЫСҚАҚОВ ЖАЛҒАСТЫРАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
04.07.2019 12:07

Өткен  жұмада  ҚР Премьер-министрі  Асқар  Мамин облыс активіне  өңірдің  жаңа  басшысы Қуанышбек  Ысқақовты таныстырды. Ал алты жарым жыл  Сыр  өңірін  басқарған Қырымбек  Көшербаев  ҚР  Президенті  Әкімшілігінің басшысы  қызметіне тағайындалды.


СЕНІМ  мен  СЕРПІН

Ашығын айтайық, елімізде саясат сахнасындағы  азаматтардың ат ауыстыруы әлсін-әлсін болып  тұратын жайт. Бұған да көз үйреніп кетті. Дегенмен, күні кешеге дейін облыс әкімі қызметін атқарған Қырымбек Көшербаев Ақмешітіңізді аттай алты жарым жыл басқарыпты. Аз ба, көп пе, білмейміз? Білетініміз, Елеуұлының тұсында қарамағындағылар қалғып-мүлгіп жүруді ұмытты-ау, сірә?! Ол 2013 жылы Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындалғанда «Мен өзім де тыныш отырмаймын, сіздерге де жайбарақат жүруге мұрша бермеймін» дегені есімізде. Сонда шенді-шекпендінің кейбірі Қырымбек Көшербаевты «құр сөзден құйын ойнатып отырған шығар» деп топшылапты. Мұны жергілікті биліктің маңайында жүргендерден естідік.

Алайда көп уақыт өтпей облыстағы 25 мектептің директорын бір күнде жұмыстан босатты. Жайдан-жай емес. Жұмысқа салғырттық танытқан соң, әрине. Шыны керек, Көшербаевтың айналасында бұған ұқсас аңызға бергісіз әңгімелер көп. Сенбейін десең, ел естіп, көзбен көргендер бар. Сенейін десең, оның барлығы жалған секілді.

2013 жыл. Сыр өңірі қай салада да қалыс қалып, аутсайдер аймақ тізімінде тұр. Бүгінде экономикалық көрсет­кіштер бойынша Қызылорда облысы даму динамикасы қарқынды үздік бес өңірдің біріне айналды. Аймақ экономикасына шамамен 1,7 трлн теңге тікелей инвестиция тартылған. Мәселен, былтырдың өзінде инвестиция көлемі 25,5%, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі инвестициясы 37,6%-ға ұлғайған. Инвест­ициялардың өсуі кәсіпорын­дардың меншікті қаражаты салымының 22,4%-ға артуы есебінен қамтамасыз етілге­н. Доллар доқ көрсетіп, теңге тәлтіректеп тұрған тұста алақандай өңірге триллиондар тарту оңай шаруа емес екендігі айтпаса да түсінікті ғой.

Рас, Қызылорда облысының басты табыс көзі – агросала мен мұнай өндірісі. 2013 жылға дейін аталған екі салаға иек артыппыз. Шынын айтайық, Көшербаев ауыл шаруашылығы мен «қара алтынға» тәуелділіктен арылуға мықтап кірісті. Шағын және орта бизнесті дамытуға күш салды. Шаруалардың ширай түсуіне, атакәсіптің өріс­теуіне мұрындық болды. Мәселен, тоқса­ныншы жылдарға дейін тойланып, кейіннен тоқтаған малшылар мен балық­шылар слеті бертінде жалғасын тапты. Жер-жерден төрт түліктің жайын­ білетін, балық шаруашылығының қыр-сырына қаныққан ғалымдар Жаңа­қорған­ мен Аралда білген-түйгенімен бөлісіп,  шаруашылықтардың өріс­теуіне­ сеп болды.

Ал облыста соңғы алты жылда 71 жаңа өнеркәсіптік өндіріс іске қо­сылған. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бо­йынша іске асқан 24 жобаның 19-ы, 2018 жылдың қорытындысымен «жоспар­лы қуатты» 50-ден 100%-ға дейін игерілді. Аталмыш кәсіпорындар шығарған­ өнімнің көлемі соңғы жылдар­ы  32%-ға  өсті.  (2017   жылы – 18,4 млрд теңге, 2018 жылы – 24,3 млрд теңге).

Сыр экономикасына сер­пін әкелген негізгі бастаманың бірі – 2018-2021 жылдары­ Қызылорда облысында жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы ретінде жария­лануы десек, қателеспейміз. Осы ретте айта кетейік, былтыр­ Қызылорда облысы «Бизнес  жүргізу үшін қолай­лы­ жағдай жасаған ең үздік аймақ» номинациясы бойынша «Алтын сапа» марапатына ие болған еді. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес­ субъектілерінің саны 13,1% және ағымдағы жылдың 5 айында 9,1%-ға артқан. Бұл бағытта сырбойылықтар рес­пуб­лика  бойынша  көш бас­тап­  тұр.

Ауыл шаруашылығы са­ласында да оң нәтиже бар. 2017 жылы облыста 500 мың тоннадан астам күріштің рекор­дтық көлемі қамбаға құйылды. Ал былтыр судың аз болуы, көктемнің кеш түскеніне қарамастан, күріштен мол өнім жиналды. Қазіргі күні Сыр өңірі алыс-жақын шетелдерге негізгі дақылды экспорттауда. 2016 жылдан бастап жергілікті бақша өнімдері Ресей нарығына жол тартты. Ауыл шаруашылығы саласында ерекше тоқталатын жайт мынау: 2013 жылы облыс ауыл шаруашылығы өнім­дерінің небәрі 3 түрін (балық, күріш, кебек) экспорттаса, 2018 жылға қарай экспорттық өнім саны 15 түрге көбейді. Атап  айтқанда, мақсары майы, тірі қозы, МІҚ, түйе, күнбағыс және рапс тұқым­дары, картоп, қызанақ, бақша өнімдері (қарбыз, қауын), өсімдік және жемдік дақыл (жоңышқа) шырындары  шекара  асты.

Қызылорда облысы – еліміздегі апатты үйлер мәселесі толық шешілген бірден-бір өңір. Көшербаев басшылық жасаған тұста облыста 3,1 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Ал Сырдың бас қаласында 2013-2018 жылдары 15 жаңа шағын аудан бой көтерді. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2,6 есеге өсті. Аймақта соңғы алты жылда­ 200-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілген. Әсіресе, облыс мектептерінде 3 ауысымда оқыту жойылды­.  Аймақта  апатты  жағдайдағы  мектептер мәселесі шешіліп, олардың орнына 37 жаңа мектеп тұрғызылды. Мерзімінен бұрын, 2015 жылы «Бала­пан­»  бағдар­ламасы  іске  асырылды 3  пен   6  жасқа  дейінгі  балалар  мектеп­ке дейінгі тәр­биемен және біліммен  100%  қамтылды.

Білім саласында да атқарылған шарала­р шаш етектен. Қырымбек Елеу­ұлының өзі айтпақшы, табаны құмға, маңдайы күнге күйген 500-ден аса ауыл баласы Ресейдің маңдайалды ЖОО-да білім  алуда. Сондай-ақ, 2017 және 2018 жылдардағы түлектерінің 97% жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсті. Осы ретте айта кетейік, 2013 жылдан бастап облыста қажетті мамандықтар бойынша аз қамтылған және көп­балалы отбасылардан шыққан, әсіресе ауылдық жерлердегі  балаларды оқытуға әкім гранты тағайындалған еді. Бүгінде мұндай грантқа 900-ге жуық сырбойы­лық  жас  ие  болған.

Инфрақұрылымның экономиканы дамыту­дың негізгі тетігі екені белгілі. Қазір Қызылорда қаласы және облыстың 7 аудан орталығының 4-еуі газдандырылды. 2017 жылы Байқоңыр қаласына газ берілді. Нәтижесінде халықтың 63%-ы табиғи газды тұтынуға мүм­кіндік алды. 2018 жылы қалған 3 аудан орталығы – Жосалы, Тереңөзек және Жалағашқа көгілдір отын тартылды, 2019 жылы ауданішілік газ желілері жүргізіледі. Осылайша, жыл соңына дейін 70% халықтың табиғи газға қосылу­ мүмкіндігі туады. Облыс халықты­ң 95%-ын орталықтанды­рылған ауызсумен қамта­масыз ету бойынш­а республикада ең жоғары көрсет­кіштердің  біріне  қол жеткізді.

Жақында облыс әкімдігі Үкіметпен бірлесіп өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын әзірледі. Құжат 2019 жылғы 28 мамырда бекітілді. Онда 12 бағыт бойынша құны 219,7 млрд теңге болатын 119 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Атап айтқанда, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, кәсіпкерлікті дамыту, көлік инфра­құрылымы, тұрғын үй-коммуналдық кешен­і, экология және табиғатты пайдалану, халықты әлеуметтік қорғау, ден­сау­лық  сақтау, спорт, су тасқынына қарсы   іс-шаралар, тұрғын үй құрылысы және инжене­рлік-коммуникациялық инфра­құрылымды дамыту мәселелері қаралған.

Қырымбек Елеуұлының алты жарым жылдың ішінде атқарған жұмысының бір парасы ғана – бұл. Қаперімізге ілінбегені  қаншама?

 

ҚҰРМЕТ  пен  ҚОШЕМЕТ

Облыс әкімдігінің баспасөз  қызметі тілшілерді ауыс-түйіс кешкі сағат 17:30-да басталады деп шақырған. Айтылғ­ан уақытта бардық. Мәжіліс залына­. Ақжағалылар тайлы-таяғымен түгел жиналыпты. Жасыратыны жоқ, жергілікті шенеуніктер әңгімесіне құлағымызды түре отырдық. Олардың да соңғы сәтке дейін облыс әкімі қызмет­іне кімнің тағайындалатынын білмегенін байқадық. Сол уақытта әлеуметт­ік  желіде түрлі ақпараттардың  қаптап кеткенін айта кеткен жөн. Тіпті, Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевты, Шымкент қаласын­ың әкімі Ғабидолла Әбдірахымовты, есім-сойы бұрын-соңды елге белгісіз бірқатар азаматтарды көпшілік бос орынға «тағайындап» тастаған болатын­. Әсіресе, олардың қатарында Нұрлыбек Машбекұлы мен ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі Мақсат­ Сқақовтың аты-жөні жиі аталды­. Осылайша, әркім әрқалай долбар­ жасап отырғанда сағат тілі кешкі 19:00-ге тірелді. Әкімдік қызметкерлерінен Үкімет басшысы келгендігін және ол жергілікті мәслихат депутаттарының келісімін алуға жиын өткізіп жатқанын естідік. Мәжіліс залын­ың мінберіне елең-алаң боп ауық-ауық мойын созып отырғанымыз сол еді, Асқар Мамин бастаған топ та бой көрсетті.

– Қырымбек Елеуұлы – тәжірибелі ұйымдастырушы, облыс әкімі қызметін атқарған шақта зор жетістіктерге қол жеткізді. Ол Қызылорда облысын алты жыл бойы басқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты. Осы уақыт ішінде ірі инфрақ­ұрылымдық  және  өнеркәсіптік жобалар іске асырылды. Әлеуметтік саланы­ дамыту бойынша тиімді шаралар­ қабылданды. Сізге жаңа қызметте табыс тілеймін, - деген Асқар Мамин:

– Қырымбек Елеуұлы Көшербаев  ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақста­н Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып та­ғайындалды, - деді.

Осыдан соң залға жиналған жергі­лікті атқамінерлер тік тұрып, ұзақ ­қол соқты. Шамасы, Қырымбек Елеуұлын қимаса керек. Үкімет бас­шысынан кейін сөз алған ҚР Президенті Әкім­шілігінің  су  жаңа  басшысы:

– Мен облыс әкімі қызметіне  6,5 жыл бұрын тағайындалдым. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өңірді артта қалған аймақт­ар қатарынан шығаруды тап­сырды­ және біздің облысты әрдайым қолдап отырды. Бұл үшін қызылордалықтар әрқашан Тұңғыш Президентке риза, - деді.

Бұдан кейін ол өзінің орынбасары болған, Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындалған Қуанышбек Ысқақовқа жаңа қызметте табыс тіледі. Ал Сыр өңірінің тізгіні сеніп тапсы­рылған  Қ.Досмайылұлы:

– Бұл лауазымға тағайындалу – мен үшін зор жауапкершілік. Қырымбек Елеуұлы  өңірді  дамытуда  біраз  жұмыс­тар­ атқарды, сіздің атыңызға дақ түсірмеуге және сіздің ісіңізді жалғастыруға барлық күш-жігерімді жұмсауға уәде беремін,- деді де, салтанатты түрде ант берді.

Сонымен қатар Қырымбек Елеу­ұлының әріптестері оның жаңа қыз­метін­е сәттілік тілеп, Қуанышбек Ысқақов­қа  сенім  білдірді.

– Алдымен осы сәтті пайдалана отырып, Елбасына тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қосқан үлесі үшін алғысымды жеткіземін. Сондай-ақ, өңірді дамытып, әсіресе, тұрғын үй салу және аз қамтылған көпбалалы отба­сыларды әлеуметтік қолдау мәселеле­рінің шешімін тапқан Қырымбек Елеуұлы­на ыстық ықыласымды біл­діремін. «Батырдан батыр туады» демекш­і өз кезінде Елеу Көшербаев та туған өлкеміз Қармақшы ауданын көркейтті, оның ұлы Қырымбек Елеуұлы­ облыс үшін де дәл солай қызмет­ етті. Қай жерде жүрсең де, алдағы­ уақытта толағай табыс пен сәттілік тілеймін, - деді Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұма­бекова.

– Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Сіз Елбасының сенімді серігісіз және әрқашан әлеуметтік реформа­лардың алдыңғы қатарында жүрдіңіз. Сіздің арқаңызда аймағымыз гүлденіп, құлпыра түсті. Барша Сыр жұртшылығының атынан еліңіз үшін жасаған ерен еңбегіңізге  риясыз алғыс айтқым келеді­, - деді қоғам қайраткері Бақберген  Досманб­етов.

Қызылорда облысы әкімі қызметіне кіріскен Қуанышбек Ысқақов «Twitter» әлеуметтік желісіне тіркеліп үлгер­ді. Ол «Қадірлі жерлестер! Өзде­ріңізбен үнемі тікелей байланыста болу мақсатында «Twitter» әлеуметтік желі­сінде жеке парақ­шамды ашуды жөн санад­ым. Мен әрқашан­ Cіздермен конструк­тивті  диалогқ­а  дайынмын» деп жазба қал­дырған  екен. Ал  қызыл­ордалықтар алты жарым жыл облысты басқарған Қырымбек­ Көшербаевты әуежайдан ән-жырмен шығарып  салды.­

Айтпақшы, 28 маусым күні еліміздің мәдени астанасы Алматы қаласында да ауыс-түйіс болды. Бұған дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласының әкімі қызметіне тағайы­ндалса, Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары  қызметіне  келді.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


 

ҚЫЗЫЛОРДА  ОБЛЫСЫНЫҢ  ӘКІМІ  ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Ысқақов Қуанышбек Дос­майылұлы  1968  жылы Қызыл­орда қаласында дүниеге келген. Ы.Жақае­в атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын – инженер-құрылыс­шы, Қызылорда поли­техникалық институтын – бухгалтер-экономист, Қазақстандық инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін заңгер мамандығы бойынша тамамдаған.

1986-1988 жылдары Ауғанстанда Кеңес жауынгерлерінің шектеулі құрамында әскери борышын­  өтеген. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен  марапатталған.

Еңбек жолын 1985 жылы Қы­зылорда жиһаз фабрикасында бірінші разрядты станокшы ретін­де бастаған. 1993-2003 жылдары Қызылорда облысы бойынша салық комитетінде маман, инспек­тор, сектор меңгерушісі, төраға орынбасары қызметтерін атқарған. 2003-2011 жылдары Батыс­ Қазақстан облысы бо­йынша салық комитеті төраға­сының орынбасары, төрағасы, Қызыл­орда облысы бойынша салық департ­аментінің бастығы, 2011-2015 жылдары Қызылорда облысы әкімінің бірінші орын­басары, Қызылорда облысының қаржы басқармасының бастығы, Маңғыстау облысы бойынша салық департаментінің басшысы, Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқарма­сының басшысы қызметтерін атқарған.­

2015 жылдың шілде айынан желтоқсан айына дейін Қызыл­ор­да  облысы  бойынша  қаржылық бақылау инспекциясының бас­шы­сы лауазымында болды. 2015 жылдың желтоқсан айынан бастап Қызылорда облысы әкі­мі­нің орынбасары қызметін атқарды.

 


Күнтізбе

< Шілде 2019 >
1 2 3 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары