Өзекті мәселелер

  • 18.07.19

    Жалпы, қай жерде болмасын статистиканың орны бөлек. Статис­тика – адам сүйсініп не күйініп оқитын бірден-бір ақпарат. Яғни, ол – әрдайым оқылымды материал­. Сондықтан  болар, Ұлттық экономика министрл­ігі Статистика  комитетінің  http: //stat.gov.kz/ сайтын әлсін-әлсін шолып тұратынымыз бар. Бұл жолы біз өз облысымызға қа­тысты біршама сандық деректерге тап болдық. Оны жүйелеп, оқырман ...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Қызылордада құрылыстың қарқынды дамы­ғаны соңғы бесжылдық десек, асыра айтқандық емес. Алдымен тұрғындарды әлеуметтік нысандармен қамтуды басты бағыт санаған жергілікті басшылар қаладағы көпқабатты тұрғын  үйлердің де көптеп бой көтеруіне мән берді. Оған соңғы 6 жылда облыста 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгені дәлел. 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, 2018 жы...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Бүгінгі күні ауданда балық шаруашылығы саласы қарқынды дамыды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені балық шаруашылығы өңір экономикасының дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, оларды жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Себебі Арал теңізі мен Сырдария өзенінің жағасында қоныстанған жергілікті халықтың өмірі мен тұрмысы балық шаруашылығымен тығыз б...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    «Рас, үйленбей тұрып әйел­ді «ашсам – алақанымда, жұм­сам – жұдырығымда ұстаймын» дегеннің бірі мен едім» деп бас­тады автобуста отырған жігіт ағасы. Өзі ащы судан аздап ұрт­тап алғанға ұқсайды. Сәлден соң салбыраған басын қисаң­дата көтеріп, көзін жартылай ашып-жұмып «менде бәрі бар еді, көлігім де, үйім де...» деп тағы налыды. Ал, әйелін айт­қандағы байғұстың жыларман түрі мен шарасыздықтан с...

    Толығырақ...
  • 18.07.19

    Сүйріктей саусақ, сәнді тырнақ – кез келген қыз-келіншектің арманы. Тырнағын әсемдеу әйелге сенімділік сыйлайды. Өз-өзін бағалайтынын байқатады. Бүгінде гельді тырнақ бояуын қолданбайтындар сирек. Екінің бірі осы әдісті жасатады. Оның кәдімгі бояудан артықшылығы көп. Бір айға дейін жылтыр әрі тартымды түсін сақтайды. Бірақ... Сұлулыққа құштарлық денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Ма...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 10 Шілде 2019

«СҰҢҒЫЛА» БАСШЫНЫҢ «ҰТЫМДЫ» ҚАДАМЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
11.07.2019 11:30

Орайы келген істің ұрымтал тұсын тауып, оңтайлы әдіс қолдана білу – екінің біріне дари бермейтін өнер. Әгәрәки, осындай өнер ел басқаратын, ұлт тұтқасын ұстайтын азаматтың бойынан көрініс тапса, халықтық һәм мемлекеттік мүдденің тонның ішкі бауындай қабысып, бір арнаға тоғысқаны.

Түркістан облысына қарасты Арыс қаласының маңында орналасқан әскери бөлімнің қару-жарақ сақтайтын қоймасындағы ескі снарядтар жарылып, елдің дегбірін алғанын білеміз. Сол оқиғадан кейін іле-шала Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күллі қазақтың құлағына майдай жағатын жарлығын жария етті.

 

НЕСИЕ  –  ҚАЗАҚТЫҢ   БУЫНСЫЗ   ТҰСЫ

 

Пайызды пайда тұтып, кредитпен күн көретін, несиемен байып, несиемен жарлы болатын қарға тамырлы­ қазақпыз. Бірі үй салу үшін, бірі бұт артар көлік алу үшін, әйтеуір түрлі мақсатта несие алу үшін банк табалдырығын аттамаған қазақ жоқ шығар, сірә?!

Дүрлігіп, етегіне сүрінген, оған әр аймақтан үн қосқан халықтың екпінін басу керек болды. Ел көрген, мұхит асқан президент осы тұста бір оқпен екі қоянды­ атып үлгерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев 26 маусым күні 500 мың қазақстандықтың несиесін төлеуге көмектесу туралы жарлыққа қол қойды. Ереже бойынша 250 мың әлеуметтік көмек алатын қазақстандықтың (мүгедектер, көпбалалы аналар, жағдайы төмен отбасылар) несиесі­ толық өтелмек. Ал қалған бөлігінің негізгі сома үстіндегі пайыздық үстемесі өшірілмек. Пайыздық үстеме мөлшері 300 мың теңгеден аспауы тиіс.

«Аталған қаулы екінші деңгейлі банктер мен шағын­ қаржылық ұйымдардың есебінен жүзеге асады», - делін­ген арнайы мәлімдемеде. Кімге оңтайлы, кім не ұтады?

Біріншіден, осы жылы ғана Ұлттық банктің қарамағына кірген екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржыл­ық ұйымдардың бұл жобадан бас тартар қауқары жоқ. Екіншіден, мемлекет аталған қаржылық мекемелерді бюджет есебінен қаржыландырмақ. Тоқаев­тың әкімшілігі мемлекеттік бюджет есебінен қаржы институттарына 150 миллиард теңге аударған. Демек, «құда да, құдағи да тыныш», «арба сынбаған, өгіз  өлмеген».

 

ЖЫЛДАМДЫҚ  –  ЖАҢАЛЫҚ   ҮШІН

ҚАЖЕТ   ҚАСИЕТ

 

Атаулы әлеуметтік көмек беру науқаны біршама уақыт бұрын жарияланып, қоғамдық талқыға түскенін, кей пысықайлардың сасық есептері жүзеге асып, мемлекет­ мойынына масыл болғанын да білеміз.

«Несиемді үкімет жауып береді» деген ой қиялының бір бұрышында ескіре бастаған елге бұл жаңалық тосыннан тиді. Атаулы әлеуметтік көмекте құжаттың тонын теріс айналдырып, мұрты майланғандар бұл жолы белшеден басайын десе, аталған жарғының байыбына бара алмай дал.

Ал мемлекет басшысы бұл бұйрықты ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап жүзеге­ асыру керектігін ескертіп, жауапты басшыларға міндеттеп үлгерген.

Белгілі экономист Қасымхан Қаппаров Тоқаевтың несиеге байланысты жарғысына төмендегідей пікір білдірді.

- Жарғы  жарылқағалы отырған азаматтар – тұрақты кірісі жоқ, күнкөрістің ең төменгі деңгейіндегі адамдар. Олардың білімі, кәсіп жасап, табыс табуға қабілеті де жоқ. Тоқаев оларға қажет нәрсені беріп отырған жоқ. Оның орынына халықты қолдаған кейіп танытып, елдің алдағы онжылдық межесіндегі экономикалық ахуалын арттыру үшін мемлекеттік бюджет есебінен екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржылық ұйымдарға қолдау көрсетіп отыр, - дейді ол.

Апта сайын көшеде табан тоздырып шеру жасаған, мүдделеріне сай талап қойған халық­тың бір жыртығын жамаса, бұл да – көмек. Әрине, осылай жылы жауып қоюдан аулақпыз. Құр сүлдерін сүйретіп, нарық көшіне ерген көтерем аттай халде келе жатқан­ екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржылық ұйымдар үшін бюджеттен қарастырылатын қаржының зор көмегі болары сөзсіз. Ал шегерілетін сомалардың егесі – жоғарыда айтқандай, әлеуметтік ахуалы төмен отбасылар. Оларды табанға салып таптасаң да, сығарға биті, несие төлеуге соқыр­ тиыны, кепілге алар мүлкі жоқ.

Осылайша, мемлекет басшысы өзінің сұңғыла қасиетін паш етіп, ел алдында беделд­і, халыққа сүйкімді болып шыға келді. Халық қуанса, береке артар. Біреу үшін жасалған «әрекеттің» бір пұшпағы амалсыздан болса да, ел игілігіне жұмсалса, ол да – қуаныш.

Әділет   МӘДЕНИЕТ,

Әл-Фараби  атындағы  ҚазҰУ,

Журналистика  факультетінің

3-курс  студенті

 


ЕЛ ЫСҚАҚОВТАН НЕ КҮТЕДІ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
11.07.2019 11:15

Аймақты алты жарым жыл басқарған Қырымбек Көшербаевтың қызметі көтеріліп кетті. Енді ол айтулы «АП»-ның жұмысын алға сүйремек. Ал оның орнына орынбасары Қуанышбек Ысқақов отырды.­ Ол Сырға сырттан келген жоқ. Осы топырақтың тумасы. Елуді еңсерген азамат. Еңбек жолын сонау 1985 жылы жиһаз фабрикас­ында бірінші разрядты станокшы ретінде бастаған екен.

Одан кейін облыс бойынша салық комитетінің маманы, инспек­торы, сектор меңгерушісі, төраға орынбасары қызметін атқарған. 2003-2011 жылдары Батыс Қазақстан облысы бойынша салық комите­ті төрағасының орынбасары, Қызылорда облысы бойынша салық департаментінің бастығы болған. Ал 2011-2015 жылдары Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары, Қызылорда облыс­тық қаржы басқармасының басшысы, т.б. қызметтерді атқарған­. Біршама жыл Маңғыстау өңірінде де жұмыс істеген. Естеріңізге­ сала кетейік, Қырымбек Көшербаев 2000-2003 жыл­дары Батыс Қазақстан облысында, 2006-2011 жылдары Маңғыстау өңірінде әкімі болған еді. Жалпы, Досмайылұлы Елеуұлымен қанаттас­ қызмет еткен. Нақтырақ айтқанда, Көшербаев коман­дасының  өкілі.

Кешегі ауыс-түйістен кейін көпшілік  Қуанышбек Досмайыл­ұлы туралы дерек пен дәйек іздестіріп жатқаны жасырын емес. Соларды­ң дені жаңа басшыға жақсы баға беріп отыр. Тіпті, әлеуметтік желіде жазып жатқандары да жетерлік. Айтуларынша, Ысқақовт­ың қулық-сұмдыққа қатысы жоқ. «Саяси карьерасы таза адам» дейді жұрт. Жалпы, ел Ысқақовтан не күтеді?

 

Қазыбай  ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

экономика  ғылымының  кандидаты,

профессор:

 

– Ең біріншіден, облыс әкіміне айтарым­, Қырымбек Көшербаев тұсында басталған жұмыстарды тиянақты түрде тамам­даса деймін. Атап айтқанда, Елеуұлы­ қолға алған Сырдарияның сол жағалауы­н игеру, Қызылорда қаласының іргесінде­  салынғалы  жатқан  ет  комбинатың құрылысын аяқтау сынды бірқатар жобалар­ бар. Екіншіден, «тендер» деген бәле бар. Тендер – жемқорлықтың жасырын­ түрі сияқты. Мұны жақсылап бақылау­ға алса екен. Үшіншіден, Қызыл­ор­да облысында демографиялық ахуал бұрынғыға қарағанда, әлдеқайда жақ­сарды. Облыс  әкімі жас отбасыларды баспанамен қамту мәселесіне көңіл бөлгені жөн. Мұның арғы жағында бірқатар проблемалардың жатқаны анық. Бұл – өте маңызды.

Біз  республикалық, облыстық, аудандық бюджет дейміз. Қазір іргелі ауылдардың да өз бюджеті бар. Солардың орындалуын қадағалауы қажет. Олар ақша алуын алады да, орындауға келгенде, салғырттыққа салынады. Жауапкершіліктің жоқтығынан. Бұл да – түйткілдің бірі. Сондай-ақ, жасыратыны жоқ, бүгінде көпсөзділік көбейіп кетті. Одан да құр сөзден гөрі нақты іспен айналысқаны абзал.

Билікте жүрген кез келген министр, яки әкім өзінің алдында қызмет еткен азаматтың жұмысын жоққа шығарғысы келетін психология бар. Бұл – бұрыннан бар «әдет». Мұндай дүниеден аулақ болғаны жөн. Жалпы­, Қуанышбек Ысқақов – менің студентім. Бірнеше мамандықты терең меңгерген. Әлеуеті  мықты  жігіт.

 

Серік   ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер

кеңесінің  төрағасы:­

 

– Жақында ғана облыс әкімі Қуанышбек Досмайыл­ұлының  қабылдауында  болып, облыстық ардагерлер кеңес­інің атқарып жатқан жұмысы жөнінде есеп бердім. Жыл басынан бері ардагерлер кеңесі барлық аудан ардагер­лерімен бірлесіп бірқатар шара­ларды атқарды. Жалпы, ардагерлер ұйымының басты мақсаты – елдің ішіндегі халық­ты бірлікке шақыру. Жастар­ға жөн сілтеу, ақыл-кеңесін айту. Соныме­н қатар зейнет жасына жеткен азамат­тарды ұйымға тіркеп, оларды облыста ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардың  басы-қасында жүруге­ ықпал жасау. Бүгінгі таңда өңірде 75 мыңға тарта ардагер бар. Олар 748 бастауыш ұйымға­ біріккен. Қызылор­да қаласы мен барлық аудан­дардағы кеңестің төрағаларына тапсырма бердік. Зейнетке шыққан ардагерл­ердің есебін алып, бастауыш ұйымдарға тіркеу қолға алынды. Неліктен? Өйткені, кейде ардагер­лер тарапынан «біз ескерусіз қалдық»  дегендей  пікірлер  айтылы­п  қа­лады. Ардагер дегеніміз – жұмыста­ да, өмірде де мол тәжірибе  жинап, білген-түйгенімен  бөлісу.

Кешегі қабылдауда облыс әкімі де осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, елдің ішінде  ауызбіршілігін сақтау­ға, елдің жағдайын  жақсартуға үлес  қосуға шақырды.

Қырымбек Елеуұлының тұсында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары жасалған. Аталған құжатта облыс­қа ең қажетті жобалар қамтылған. Атап айтқанда, Сырдарияның  сол жағалауын игеру, қазіргі таңда апатты жағдай­да тұрған Қызылорда су торабының, т.б. мәселелері бар. Жалпы, Қуанышбек Досмай­ылұлы Қырымбек Елеуұлыны­ң қасында біраз жыл бірге болды. Осы жобалардың  басталуына қатысты. Көп дүниеден хабары бар азамат. Қырымбек Көшербаев Қауіпсіздік Кеңесінде бір­қатар мәселелерді айтты. Одан кейін бекітілге­н бюджеттен бөлек, қосымша қаража­т бөлінді ғой. Жаңа тағайындалған облыс  басшысы  аталған қаржын­ы толықтай  өз мақсатында  игерілуге­ бақылау­  жасауы­ қажет. Бұл  жұмыс  Қ.Ысқақовтың  қолынан келеді. Мамандығы – қаржыгер. Келешекте­  біраз  үміт күтеміз. Оның бәрі әлі  алда.

 

Бақберген   ДОСМАНБЕТОВ,

экономика  ғылымының  докторы,

профессор:

 

– Қуанышбек  Ысқақов – қаржы саласының маманы. Бірнеше облыст­а жұмыс істеді. Лауазы­мды қызметте болған соң «тек қаржы саласы­мен ғана айналысамын» деп айта алмайды. Барлық мәселе бақыла­уында болады ғой. Қуанышбек Досмайылұлы Қырымбек Көшербаевпен біраз жыл қызметтес болды. Соның қасында  жүріп қай салаға басымдық беру керек­тігін үйренгені анық. Өңір басшысының мемлекеттік қызметте тәжірибесі  мол. Екіншіден, қаржы саласы – кез келген мәселені дамытуд­ың негізгі тетігі. Мәселен, мектептер мен колледждердің, оларды техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін алдымен қаржы мәселесін шешу қажет емес пе? Сондықтан ол білім саласын қаржыландыруын назарға алады­ деп ойлаймын. Қызылорда облысы білім саласы (Ұлттық бірың­ғай тестіле­у) бойынша алдыңғы қа­тарда келеді. Дегенмен, жақында тағайын­далған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «ҰБТ арқылы мектептердің рейтингін анықтау дұрыс емес» деп мәлімдеді. Сыр өңірі осы үдеден шығады деп сенемін.

Қуанышбек Ысқақов  президент Жарлығымен облыс әкімі қызметіне тағайындалып отыр. Бұл – бекер тағайындалған кандидат  емес. Сол себепті ол өңірдің әр саласына да жауапты. Тағы бір тоқталатын жайт, облыс әкімі барлық аудан басшыларын бұрыннан біледі, қызметтес болды. Бұған да назар аударған жөн.

Қ.Досмайылұлымен бұған дейін де аралас-құралас боп жүрміз. Байқағаным, мінезі бір­қалыпты. Эмоциясын басқара алады­. Басшыға ең керекті нәрсе – эмоциясын  игере  білуі.

 

Сайлаубай   ЖҰБАТЫРҰЛЫ,

эколог-жазушы,

«Парасат»  орденінің  иегері:

 

– Жалпы, республикалық немесе аймақтық деңгейдегі басшылықтың ауысып тұруы қажетті үдеріс деп ойлай­мын. Себебі, басшылықтың ауысуымен қоғамда жаңа леп, жаң­ғыру­  үрдісі жанданады. Қоғам орны­ғ­ып қалған  көзқарастардан  сілкінеді, арылады. Бұл – дамушы қоғам үшін, демократиялы қоғам үшін қажетті құбылыс. Бұл – бір.

Ал біздің облыстағы басшылықтың ауысуы – ел саясатының ішкі құбылысының бір көрінісі. Бұрынғы облыс әкімі Қырымбек Көшер­баев­тың атқарған қызметіне рақмет айтамыз.­ Енді Қуанышбек Ысқақовтан күтетініміз көп. Бұрынғы бас­шылықтың ел мойындап, үміт еткен оң  бастамаларын ары қарай дамы­тады­  деп  сенеміз. Жасыратыны жоқ, кешег­і басшылық халықтың ұзақ жылдар­дан бері күтіп отырған Кіші Арал мәселе­сін жүзеге асыра алмады. Ол басы ашық анық нәрсе. Ол ол ма, қолымызда бар «Көкаралдан» айырылып қала жаздадық. Соның өзін ұстап қалуға зорға қол жеткізген сияқ­тымыз. Тағы бір өкінішті жайт, бұл мәселеде жариялылық жоқ. Ел-халық ештеңе біл­мейді. Жатқа­н бір құпия. Тек ұзын­құлақтан естіг­еніміз, Үкімет деңгейінде мына «Көкаралды» сақтап қалу қарас­тырылып, қаражаты бөлінген секілді. Оған да шү­кір! Ал бірақ «Көк­арал» мен «Кіші  Аралдың» 2-ші ке­зеңіне қа­тысты 14 жылдан бері (2005 жылдан) айтып, күтіп отырған халықтың сол үміті орындал­мады. Халық орындалмайтын дүниен­і сұрап отырған жоқ. Елдің 30 жыл бойы табанд­ы түрде сұрауының арқасында 2000 жылдың орта шенінд­е САРАТС жобасы өмірге келген­. Жобаны­ң бірінші кезеңі жүзеге­ асты. Бұның екінші негізгі кезеңі неге жалғаспады?­ Бұл да халықтың кө­ке­йінд­е  үлкен сұрақ боп қалды.

САРАТС-2 жобасы басталды дейміз ғой. Мәселен, Қазалы ауданында көпір салынып жатыр. Бірлі-жарым жұмыстар жүргізілуде. «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, аталған жобаның негізгі бөлігі – Солтүстік Арал теңізін бір деңгейлі тірілту еді. Қалғаны (көпір салу, жаға бекіту) шаруашылық нәміндегі мәсе­лелер ғой. Қуанышбек Ысқақо­втан күтетінміз – халық сұрап отырған осы мәселені жүзеге асыруы тиіс. Мүм­кін, Қырымбек Көшер­баев бұл жобаны тамамд­ай алмағ­ан шығар. Олай болса, мұны жаңадан тағайындалған облыс әкімі жалғастыруы қажет.

Екіншіден, Қазақстан мен Ресей арасында мемлекеттік деңгейде келі­сімшарт болса да, «Бай­қоңыр» мәселесінде жер­гі­лікті халықты­ң мүд­десі ойдағыдай еске­рілмей  отыр. Ең басты мақсат – біз­дің қауіпсіз өмір сүруіміз. Жеріміз уланбауы, бала-шағамыз таза ауамен тыныстауы тиіс. Мен эколог, елдің азаматы ретінде Қуанышбек Ысқақовтан  «Байқоңырдың»  іс-әреке­тінде Қазақстанның қауіпсіздік мүддесі әбден ескерілуін, қаланы шын  мәнін­дегі Қазақстан қаласы етуді, қазақ мектептерін көбейту мен біздің заңды­лық­тарды  орнықты  орнатуды сұрар  едім.

Әрине, бұдан да басқа мәселелер жетерлік. Дегенмен, осы екі проблемаға мән беріп отырмын.

 

Шаһизада   ӘБДІКӘРІМОВ,

ақын, Қызылорда  қаласының

«Құрметті  азаматы»:

 

– Жалпы, Сыр өлкесі – руханиятқа сұранып тұрған өңір. Бізде қазақылықтың қаймағы, салт-дәстүріміздің бәрі де сақталған. Мәдениет, өнер саласына келсек,­ облыс әкімі «Ұлы дала сазы» халықа­ралық фестивалін өткізуді жал­ғастыруы  қажет. Жыраулық өнерді дәріп­тегені жөн. Мәселен, «Сүлейлер салған­  ізбенен...» деген секілді. Өзде­ріңіз  білесіздер, Қызылорда облысында Қырымбек Көшербаев басқарған тұста «Парасатты поэзия» кеші өткізіліп тұрды. Бұл жобаға қатысуға ынталы ақын­дар­ жетерлік. Біз осы жобаны жал­ғас­тыруымыз  керек. Бұл – ел руханиятына ең қажетті дүниенің бірі. Мүмкін болса, мұның аясын кеңейткен дұрыс. Поэзия кешін жыл сайын өткізуді дәстүрге айналды­ру  маңызды, меніңше.

Тағы бір мәселе, өнер адамына қатыс­ты. Шығармашылықпен айналысатын адамдарға қолдау көрсеткен абзал. Айталық, халықаралық конкурстарға баруға ниетті жастарға жәрдем жасаған жөн.

Ел арасында ұмытылып бара жатқан ұлы тұлғаларды еске алуға арналған шарала­рды ұйымдастыру керек. Мұның барлығы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтыл­ған. Қысқасы, Қуанышбек Ысқақов аты аталған бағдарламаны назарға алып, сонымен жұмысын жалғастырса, жаман  болмайтыны  анық.

 

Жандос   БАЗАРТАЙ,

облыстық  «Азаматтық  Альянсы»

қауымдастығының  төрағасы:

 

– Қуанышбек Ысқақов – өңірдің стратеги­ялық дамуына септігін тигізген тұлға. Мен аймақ басшысының нәтижелі жұмыс істейтініне сенемін. Себебі ол Қырымбек Елеуұлының тұсында облыс әкімінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары болды. Сыр өңірін­де қай саланың даму қарқыны жоғары, қай сала кенжелеп келе жатыр? Мұның барлығын Қ.Досмайылұлы жақсы біледі. Бір қуанарлық жайт, облыс әкімі қыз­метіне кірісе сала ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңес төрағаларымен кездес­ті. Өңір басшысы қоғамдық ұйымдарды дамыту және олармен нәтижелі жұмыс істеуді одан ары жалғастырады деп ойлаймын. Сондай-ақ, ол Қызылорда облысындағы проблемалық мәселелер­дің барлығынан хабардар. Ал біз аталға­н мәселелердің шешілуіне көмек көрсетуге тиіспіз. Кейбір жобалардың жүзеге  асуына  қоғам  боп ықпал ету қажет.

Менің ұсынысым: облыс әкімінің әлеумет­тік желілермен жұмыс істеуге арнал­ған арнайы штабы болса деймін. Штаб онда көтерілген мәселелерге зерттеу­ жасап, ең өзекті деген пробле­малардың шешілуіне аймақ басшысы Жол картасы­н  әзірлесе  екен.

 

Пікірлерді   топтастарған

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


СЕРТ пен СЕНІМ қоғам дамуының негізгі локомотиві PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
11.07.2019 11:05

Мнажадин  ӨТЕЕВ,

«Сыр  Маржаны»  ЖШС  директоры,

облыстық  мәслихат  депутаты

 

Қазақстан Президентін ресми  ұлықтау рәсімі еліміз­дің тәуелсіздік тарихындағы жаңа бір формациялық даму жолын көрсетіп берді. Президент онда ел дамуының ал­дына 10 міндет қойып, айшықты қадамдарды белгіледі. Мақ­саттың түп-қазығы страте­гиялық  маңызы  бар,  елдің бет-бейнесі, айнасы болатын және даму мен болашағы­мызды айқынд­айтын құжат болып  отыр.

Қазірдің өзінде билік пен қоғамдық сананың транзиті басталып кетті. Бізге қоғам мен билік арасындағы пәтуа, келісім мен үйлесім, сенім мен сыйластық керек. Әр адам өз орнын білгені шарт. Бұл туралы  Конфуций:  «Әр адам өз ісін  атқара білсін. Билеуші ел билес­ін, жұмысшы еңбек етсін, әке – әке, бала – бала орнында  болсын. Тұрмыстың осы қарапайым қағидасы бұзылса, мемлекет іштен іриді. Өмірдің сиқы қашады, сый­ластық жойылады, ел ішін алауыз­дық пен өтірік-өсек жайлайды. Үлкен өрт кішкене шақпақ тастан шыққан ұш­қыннан басталады...», - дейді. Рас  емес  пе?

Ел адамзаттың өркениеттік дамуының бірден-бір сара жолы – демократиялық саяси жүйеге бағыт ұстанды. Мұның өзі осыған дейін әлеуметке қызмет­ атқарып келген саяси, эконо­микалық,  рухани салалардағы түбегейлі өзгерістерді қажет етіп отыр. Оны халық қазірдің өзінде сезініп отыр.

Адамдардың азаматтық қоғамды қалыптастырудағы негізгі мақсаты өз меншіктерін бейбіт әрі қауіпсіз пайдалануға ұмтылуынан тұрады. Оның негізгі  құралы – сол қоғамдағы қолданыстағы  заңның пәрменділігі. Заңға заң шығарушы билік пен құқық қорғау органдарының бағынуы қоғамның әрбір мүшесін сақтау мен оларды игілікті істерге бастайтыны анық. Халықты­ң өмірі мен қазынасына байланысты деспоттық билік емес, достық рәуіштегі қатынас керек. Бүгінгі күні ешкім өзге адамға өзінің меншігінен айыруға артық билікті бере алмайды және өзге біреудің үстінен абсолютті билік жүргізуге жол бермейді. Сондай-ақ өз өмірін немесе басқа адамның өмірі мен мүлкін айыру құқығына ие бола алмайд­ы. Осындай болғанда ғана қоғам сақталады және ілгері дамиды. Мұндай жағдайда қоғамның сенімі бойынша жұмыс атқарып отырған атқарушы билікке­ қоғамның кез келген мүшесі бағынады­.

Тәуелсіз Қазақстан үшін өркениетті елдер қатарына өту жолында экономикалық реформалармен қатар, көптеген саяси, әлеуметтік және рухани мәселелерді шешу қажеттігі туындауда. Дәйекті демократия мен ашық қоғам қалыптаспаған жағдайда өркениетті нарыққ­а  өту де мүмкін емес. Бірақ бұл жердегі басты қағида адамдардың еңбекке қатынасы болу керек. Әр адамның өзі үшін өзі-ақ жасай алатын және жасауға міндетті шаруаларын үнемі мемлекеттің атқарып бергендігі оларға көмек болмайды. Әрине, бұл – жан-жақты­  ескеретін  тұсымыз.

Кезінде бүкіл әлемді аузына қаратқан Маргарет Тэтчер: «Мен ел басқаруға мынадай нақты бағыт ұстанып кірістім, яғни ағылшындар қоғамындағы әрбір адам басқа біреуге қарап алақан жайып отырмайтын, өзінің ертеңгі күніне деген­ сенімі зор кәсіпкер болуы тиіс; «маған ананы бер, мынаны бер» деген сұрамсақтықты тастап­, «бәрін де өзім жасап аламын» дейтін іскерге ай­налуы тиіс; қалғып-мүлгіп отыратын әдетін тастап, өзіне-өзі «тұр да ілгері жүр» дейтін деңгейге жетуі тиіс» деп жазған еді. Біздің Президент те өз халқын осындай деңгейде  көргісі  келеді.

Адам құқықтары – ең  жо­ғары­ мәдени құндылықтардың бірі. Себебі ол барлық қоғамдық даму үрдістерінің ортасына тұлғаны қояды.

Президент Қасым-Жомарт­  Тоқаев ұлықтау рәсі­мінде айрықша тоқталған мәселелерінің бірі – әділет­тілік тақырыбы болды. Қоғамда орын алып отырған келеңс­іздік – сыбайлас жемқорлық, байлар мен кедейлердің табыстарының ал­шақтығы, ұлттық байлықтың теңдей және әділ бөлінбеуі, азаматтар құқықтарының толық қорғалмауы, заңның өз шеңберінде орындалмауы дамуым­ызды кейінге ысырып барады. Президент: «Оны жоғал­тып  алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін-өзі жо­ғалтып алумен бірдей. Әді­леттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Осы себепті әділетсіздікке қарсы мемлекет, қоғам, әр адам күн сайын бірігіп күресуіміз керек... Менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз етіп, азаматтардың саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарамай әр азаматтың мүддесін қорғау», - деді. Қоғамға сенім мен келісім керек дегенде біз осыны айтсақ керек.

Президент бұл бағытта елдің қазынасына бөгденің қол сұқпауын қатаң талап етіп отыр. Мемлекеттің қазынасы – халықтың табанақы маңдай тері. Әмірші қазына кілтін ұстаған адамға аса сақтықпен қарағаны абзал. Алтын мен күміс бар жерде ұрлық жүрмей қоймайды. «Ұрыны ұстасаң, дереу әшкере ет. Бүгіп қалсаң, өзің де ұрысың» деген Махмұт Қашқаридың сөзімен сабақтас келеді.

Қазақстан Президенті елімізде Қоғамдық сенім ұлттық кеңесі құрылатынын айтып, оның алғашқы отырысы тамыз айында өтетінін мәлім етті. Жалпы,­ Қоғамдық сенім ұлттық кеңесі­нің мақсат-мұраты не? Ол туралы әлі жарытымды ештеңе білмейміз. Бірақ бұл жөнінде кесімді Ереже дайындалып жатқан  болар.

Соңғы сайлаудан кейін ел ішінде дүмпу көбейді. Аттандаған ұраннан құлақ тұнады. Өкпе көбейіп, тіл табысу мүмкіндігі шекарасынан асып әрең басылд­ы. Оған сырттан дем берушілер бар дестік. Данышпан Лао Цзы: «Егер кімде-кім елге күшпен иелік еткісі келсе­, ол ешқашан мақсатына жете алмай­ды», - депті. Осы тұста бір айта кетет­ін мәселе – Батыс бізге тек  мәдениеттің ғана емес, сонымен бірге саясатт­ың сурогаттарын да таңғысы келет­інін естен шығармағанымыз абзал. Солардың бірі – жоғарыдағы демократия. Сайып келгенде, Ұлыбритания, Америка, Гонконг, Сингапур олар әу бастан меритократия жүйесіне ауысып кеткен. Меритократияның негізгі мәні интеллектуалдардың билігі дегенді білдіреді. Біздің елімізде де осындай жүйе қалыптасқан, біздің ұлттық мүддеміз үшін осы жүйені ары қарай дамыта беру қажет. Ал миссияның бастама­шысы ретінде «Nur Otan» партия­сын тану керек сияқты. Партия оны онсыз да түбегейлі атқарып келеді. Партия бұрыннан азаматтық қоғамның визиткасы ретінде танымалдыққа ие.

Рас, ақиқат айтыстан туады. Жоғарыдағы Кеңес осы жоқтың орнын толтыратынына сенеміз. Мысыр елінің белгілі ғалымы Абу Хуейни: «Шеру – ешқандай шешімге әсер етпейтін шара» депті. Бүгінде көпшіліктің «туннельдік ойлау» жүйесі басымдық сипат алып отыр. Жоқты іздеуге, шағып сөйлеуге әуестігіміз бар. Бірақ эмоция ешуақытта тиімді шешім қабылдау мен кадр ауыстырудың одақтасы бола алмаған. Әйтсе де демократия және азаматтық қоғам қалыптастыру мәселелеріне байланысты бұған дейін елімізде Тұрақты Кеңес жұмыс істегенін білеміз. Бірақ ол кезінде өз жұмысын тиімді атқара алмад­ы. Оның негізгі міндеті – саяси диалог пен медиация алаңы болу керек еді. Саяси  философияда диалогтың төрт түрлі  анықтамасы бар. Алғашқы диалог – ақиқатқа  жетудің жолы. Екіншісі – өз әріптестерін мүмкін­ді­гінше өзінің ығына көндіруге тыры­сатын диалог. Үшіншісі – тек жеңіске жетуді көздейтін диалог. Төртіншісі – елімізде демократия бар, пікірталастар жүріп жатыр деумен шектелетін диалог.

Құрылуынан тарқатылуы тез жоғарыдағы Тұрақты Кеңес сол тұста сындарлы диалогқа айналуы тиіс еді. Ол «елімізде демократия бар, пікір алаңы ашық» деумен ғана шектелді. Осы көзқарас шылауында диалог – диалог үшін жүргізулермен тынды. Екінші жағына­н Кеңес Үкімет жанындағы қатардағы бір комиссия болып шықты. Сонымен оның биік мәртебесі төмендеді. Осылайша демократияны қолдайды деген Кеңес, демократияны сыйламайтын кеңеске айналып шыға келді. Бұл өркениетке ұмтылған демократиялық елге тән құбылыс емес еді. Қазір бізге саяси демократиядан гөрі әлеуметтік демократияны көбірек қолдауға назар аудару керек болып тұр. Президент осыны көздеп отыр. Жұрттың бәріне бірдей жағатын заң жоқ, бірақ оған бағыну керек. Азаматтардың шынайы­ теңдігі  заңдарға  олардың бәрі­нің  бірдей  бағынуында  жатыр.

Әлеуметтік демократияның көтерер жүгі ауыр. Адамдарды жақсы сөзбен, мақтау-марапаттаумен бір сәт көңілін көтеруге болады. Алайда басында баспанасы, тұрақты жұмысы болмаса, ол түбі бір мазасыз күйге түсетіні анық. Әлеуметтік демократияның басты принципі – адамның өзі қалаған ортасында еңбек етуі. Өзінің алған кәсіби біліміне, өзінің интеллигенттік деңгейіне сай жұмыс істеу, еңбек ету, табыс табу – бұл демократияның басты принципі. Демек­, әлеуметтік демократия саяси демокра­тиядан биік тұру қажет. Ол үшін тағы да ұзақ уақыт саяси катак­лизмдерді бастан өткерудің қажеті жоқ.

Ой, ұсыныс дұрыс болса, оған үркіп қарамаған  жөн. Елімізде саяси плюрализм бар. Тек мәселе ашық, қоғамға пайдасы тиетіндей болу керек. Мәселе үндемегеннен өліп жатыр. Бізде қалай? Президенттің алдында жақсы жақтарын айтып, есебін сәтті беруге бойымыз  үйреніп  алған.

Бізге, ең біріншіден, жергілікті жерлердің өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыру керек. Ол әзірге қоғамдағы өте әлжуаз буын болып тұр. Қоғамдағы әлеу­меттік, гуманитарлық ахуал да осы орта­да нақты орнықпаған. Ұзақ уақыттар бойы тапжылмай тұралап қалған осы салаға Президент басымдық беріп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің қағидамыз баршаға мәлім: Қуатты­  аймақтар – қуатты Қазақстан. Азаматтарымызды  толғандырған  нақты­ мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі бас­қару жүйесін  нығайтамыз. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады», - деп нақтыл­ап  айтып  берді.

Қоғамдық мақұлдауды алмаған заңдар заң болып табылмайды. Қазақстан Президенті қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтармен байланыс орнататын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруда осыны меңзеп отыр. Бұл бастама – азаматтық қоғам  мен  билік  арасындағы  диалогты­ күшейтетін нақты қадам. Сондықтан оған халық арасындағы қабілетті, саналы,­ парасатты азаматтарды мем­лекет мүддесіне тарту керек.

Қоғамдық кеңеске енетін адам­дарды таңдап, іріктей білу де – аса маңыз­ды шешім. Оған халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетін, әділ, беделді, көпшілікті тыңдай да, тыңдата да алатын­, сындарлы, елдің сыйлы азаматтары мен жастардың өкілдері енгені абзал­. Сонда ғана халықтың билікке деген­ сенімі артып, елдегі тұрақтылық пен бірлік нығая түседі. Президент өз сөзінде Кеңеске саяси партиялардың жетекшілері мен азаматтық сектор өкілдерінің қамтылу қажеттігін айтуы көңілге сенім ұялатады. Ең әуелі қоғамға сенім мен келісім сыйластығы керек. Сыйластық жағдайында билік пен қоғам арасындағы диалог берік орнайты­н  болады.

Еліміз тәуелсіздік алып, әлемдік деңгейде таныла бастады. Іргелі елдер­дің қатарына қосылу – тек экономиканы түзеудің жемісі болмасы анық. Рухани­ өмірі жұтаң ел өркениеттің көшіне ілесе алары күмәнді. Адамзат басынан кешіріп отырған жаһандану процесіне әртүрлі көзқарас бар. Оны бірі қолдаса, енді бірі қарсы. Алайда мойындауға тиісті ақиқат – кез келген мәдениеттің томаға-тұйық шеңбер аясында шарықтап дамуы неғайбыл. Демек  өркениет табысына ортақтасусыз алға жылжу мүмкін емес. Бұл – әлемдік тәжірибе. Әлем үлгі алатын жапон елі де осы жолдан өткен. Бірақ жапон халқы осы жолда бір құндылықты естен шығармады. Басқару трак­татын бір формула – жауапкершілік жүйесімен жүргізді. Қоғамға қызмет ету азаматтардың басты ісі болудан қалған кезде және олар оған жеке өзі емес, әмиян­дары арқылы қызмет етуді қаласа – мемлекеттің құлайтынын естен шығармады. Отанға деген сүйіспен­шіліктің суынуы, жеке мүдделердің үздіксіз әрекетінен болатынын білді. Ал оған жол беруге болмайтын еді.

Мемлекет көбіне билік басындағы азаматтарына қарап бой түзейді. Мәселен, жапондар өзінің дәстүрлі мәдение­тінен сабақ үзбей, үлкен Жапонияны құрды. Бұл Жапониядағы саяси элитаның мықтылығын көрсетті. Басқару функциясында әрбір жапон азаматы өзінің ұлттық дәстүрі мен салтына құр­метпен қарап, ұлттық мәдениетін сақтай білді. Жапондар «Еуропа білімі, жапон рухы!» деген бір ғана формула шеңберінде дамыды. Күншығыс елі техни­калық дамуға ден қойса да, ділін, тілін, рухын сақтап қалды.

Біз осының бәріне шамадан тыс еркіндік сыйладық. Жаһандану, нарықтық экономика кейде шектен тыс либерали­змге бағытталған үгіт-насихат технологиялары екенін ескермедік. Екінші жағынан ұлттық сана-сезім мен жалпы дәстүрлі діни дүниетаным құндылықтарын парша-паршасын шығаруғ­а  жетелейтінін  ескермедік.

Мемлекеттік қызметші атану – адамның кәсіби білімді, жауапкершілігі мол әрі білікті маман болуын талап етеді. Президент жастар жылы аясында мемлекеттік қызметтің барлық деңгейі­не  жас басқарушыларды ілгерілету үшін «Президенттің кадрлық резервін» қалыптастыру туралы тапсырма берді. Бұл өте құптарлық саясат болып отыр.

Идеологиямыздың негізгі мақсат-мұраты – қоғамды ыдыратпай бірік­тіруге, әлеуметтік жікшілдікке, ұлттың, мемлекеттің бірлігіне сына қағушылар­ға қарсы күрестен тұрады. Алайда бұл істе идеологияға иек артпау қоғамның әлсіздігін ғана көрсетеді. Демек, бұл мақсат аясында бізге мықты ұлттық идеоло­гия керек. Ал ол ұлттық идеологияны ана тіліміз төңірегінде қалып­тастыруымыз  тиіс. Өйткені тіл – қатынас құралы ғана емес, басқару өнері.

Бүгінгі таңда Қазақстанның гуманитарлық картасы мүлдем өзгерген. Қазақ халқы негізгі динамикалық күшке айналы­п отыр. Өзге ұлттар мен ұлыстар­ өздерінің дамуына мүдделі болса, бұл ретте біріншіден, қазақ ұлтының маңына­ топтасу қажет деген ұғымды қалыптастыра беруіміз керек. Осы үрдісте мемлекетті қалыптастырып отырған ұлт негізгі локомотив ретінде бәсі  биік  тұруы  тиіс.

Реформалар жасау қашанда қиын болған­. Бүгінгі таңда «Nur Otan» пар­тиясының басына реформаторлардың тың жаңа буыны келіп отыр. Сондықтан даму бағытының шырағын осы жаққа бұруымыз таптырмас құралға айнал­мақ. Осының бәрін әкімшілік ресурсқ­а ысырып­ тастамай-ақ, алып саяси­ күшке айналдыруға мүмкіндігі бар ұйым – «Nur Otan» партиясы. Дәл бүгін партия бастауы