Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 17 Шілде 2019

КӨҢІЛГЕ КІРБІҢ ТҮСІРЕТІН ЖАЙТТАР БАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
18.07.2019 11:56

«Халық» газетінің №27 (11.07.2019ж) санында аймағымызда соңғы кезде болған қоғамдық-саяси оқиға жөнінде бір топ азаматтың ой-пікірлері берілген екен. Біз де осы пікірлерге  ой  қоссақ  деп  отырмыз.

Қызылорда қаласы жылдан-жылға көркейіп келеді. Бірақ, көңілге кірбің түсіретін жағдайлар бар. Елбасының сынына ұшыраған Сырдарияның сол жақ  жағалауындағы тұрғын үй құры­лысы  ғана  емес, сондай үйлердің сапасы, сыртқы көрінісі адамды көңілсіз ойға  қалдырады.  Қаладағы  жаңа  тұрғын үйлердің бәрі жаңбырдан соңғы саңырауқұлақ­тардай, бірөңкей болып кетті. Бәрі де бірдей қызыл кірпіштен салынған­. Бұл жағынан қала енді нағыз «қызыл орда» болған сияқты.

Бәрінің архитектуралық жобалаулары бір типті. Сондай үйлердің ортасына түнде (күндіз де) түсе қалсаңыз, үйлерді шатасты­рып алу, адасу, немесе, өз үйім екен деп, біреудің үйіне кіріп кету оп-оңай. Кәдімгі, «Ирония судьбы» деген кинода сынға ұшыраған кеңестік «хрущев­калардың» нағыз өзі болған сияқт­ы. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларын айтпағанда, өзге де облыс орта­лықтарында өзіндік дизайны бар ерекше­ үйлер бірден көзге түседі. Біздің қалада неге солай емес? Қаланың шығысы,­  батысы,  солтүстігі,  оңтүстігі, әрбір ықшам ауданындағы жаңа құрылыста­р – осындай бір типті үйлерден көз сүрінеді. Бұл Қызылорданы онша көркейтіп тұрған жоқ. Ең бол­маса, сол жақ жағалау көрікті қала ауданы­ болады деп едік. Ал ондай үйлердің тарлығын, сапасын бүгін бол­маса­, ертеңгі уақыттар көрсете жатар. Біздің айтпағымыз ол туралы емес.

Екінші: Қызылорда қоғамдық көлік жолақысы жөнінен Қазақстандағы ең қымбат үш қаланың бірі екен. Бірақ соның ішіндегі көлік қызметінің сапасы жөнінен ең төмені деуге болады. Әсіресе бюджеттік көліктер қызметін айтпағанда, басқа маршруттар, әсіресе «Газель»  машиналарымен қызмет жасала­тын бағыттардың жұмысы өте нашар­. Жүргізушілердің, кассирлердің дөрекілігі, төмен мәдениетті қызметі, көліктер сапасы халыққа жақсы таныс. Демалыс, мереке күндері, қыстың суығында­, жаздың ыстығында бұл көліктерді күту, барар жеріңе жету қиынның қиыны. Халық жиі қоныс­танған шет аудандарда ең болмаса адам отыратын аялдама атымен жоқ. Біз сонда­ сонша қымбат бағаны не үшін төлеп  отырмыз?

Міне, біздің қаламызда осындай да мәселелер  бар.

 

Мадина  ҚЫСТАУБАЙҚЫЗЫ,

Гүлбике  ДАЙЫРОВА,

Қызылорда  қаласының  тұрғындары

 


СЫР ЕЛІНДЕГІ САНДАР СИПАТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
18.07.2019 11:15

Жалпы, қай жерде болмасын статистиканың орны бөлек. Статис­тика – адам сүйсініп не күйініп оқитын бірден-бір ақпарат. Яғни, ол – әрдайым оқылымды материал­. Сондықтан  болар, Ұлттық экономика министрл­ігі Статистика  комитетінің  http: //stat.gov.kz/ сайтын әлсін-әлсін шолып тұратынымыз бар. Бұл жолы біз өз облысымызға қа­тысты біршама сандық деректерге тап болдық. Оны жүйелеп, оқырман қауымға  ұсыну – тілші­лік  тіршілігіндегі   мінде­тіміз. Ендеше...

2019 жылдың 1 маусымындағы дерек бойынша, облыстағы халық саны 798,5 мың адамды құрап отыр, оның ішінде қалалықтар – 354,4 мың (44,4%), ауылдықтар – 444,1 мың (55,6%). Сандардың сипатына мән берсек, әлі де ауылдықтардың үлес салмағы басым­  екенін бай­қаймыз. Қуанатын жайт, өт­кен  жылғы дәл осы уақытпен  салыстыр­ғанда халық  саны 10,8 мың адам­ға  (1,4%)  өскен.

АХАТ органдары ұсынғ­ан азаматтық хал актілер  жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2019 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында туғандар саны – 7625 адам, бұл 2018 жылға қарағанда 0,5%-ға аз. Туудың  жал­пы­ коэффициенті 1000 адамға 23,6 туғандарды  құрады.

2019 жылғы қаңтар-мамырындағы облыс халқы­ның табиғи өсімі мұнан бір жылғы есеппен салыстырғанда  132 адам­ға (2,2%) кеміп, 5770 адамды құраған. Табиғи өсім­нің  жалпы  коэффи­циен­ті – 1000 адамға шаққанда  17,45  адам.

Осы кезеңде қайтыс болғандар саны 1855 адам бол­са,­ бұл былтыр­ғыға қарағанда 5,3%-ға көп. Өлім-жітімнің жалпы­ коэффи­циенті 1000 адам­ға 5,61 қайтыс болған­дарды құрады. Облыст­а биыл (қаңтар-мамыр) 1 жасқа дейінгі  76 нәресте өлімі тіркелген. Аталған  ста­тистиканың  өт­кен жылмен са­лыстыр­ғанда 16,9%-ға көбейгенін  байқа­ймыз. Нәрес­те өлім-жітімінің коэффициеті 1000 ту­ғандарға шаққанда 9,97%-ды  құрады.

Алдын ала алынған деректер бойынша, көші-қон алмасуы нәтижесінде жыл басынан бері (қаңтар-мамыр) Қызыл­орда облысынан 21429 адам кетіп, облысқа 19808 адам келген. Алыс және жақын шетелден – 12 адам (2018 жылы – 16 адам), республиканың басқа  облыстарынан 3881 адам келген. Былтыр 3380 адам Сыр өңірінен тұрақ  тапқан  болатын.

Облыстан 5489 адам немесе жалпы көлемінің (25,6%) көшуі көбінесе республиканың басқа облыс­тарына қоныс ау­даруына байланысты болды. (2018 жылғы қаң­тар-мамырында тиісін­ше 4728 адам не­месе 30,7% кеткен  еді).

Алыс және жақын ше­тел­ге 25 адам (2018 жылы – 23) көшті. Сырт­қы және ішкі көші-қон нәтижесінде 2019 жылдың қаңтар-мамырында 1608 адамға, 2018 жылғы қаңтар-мамы­рында 1348 адамға  кему  дере­гі  тір­ке­ліп  отыр.

Сондай-ақ, облыстың 15915 тұрғыны Қызыл­орда  аумағына  тұрғылықты  орын  ауыстыр­ған. (2018 жылғы қаңтар-мамырында – 10632 адам).

 

Халық-хабар

 


БАСПАНА КЕЗЕКСІЗ БЕРІЛЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
18.07.2019 11:10

Қызылордада құрылыстың қарқынды дамы­ғаны соңғы бесжылдық десек, асыра айтқандық емес. Алдымен тұрғындарды әлеуметтік нысандармен қамтуды басты бағыт санаған жергілікті басшылар қаладағы көпқабатты тұрғын  үйлердің де көптеп бой көтеруіне мән берді. Оған соңғы 6 жылда облыста 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгені дәлел. 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 600 мың шаршы метрден асты. Мысалы, соңғы жылдары облыс орталы­ғында 14 жаңа шағын аудан бой көтерді. Сонымен  қатар, 2017 жылы апатты тұрғын үй мәселесі толығымен  шешіліп, 309 отбасы жаңа баспанаға ие болғанының  өзі – жетістік.

Одан өзге облыстың әлеуметтік осал топ­тарына қолжетімді баспананы қамтамасыз ету мақсатында  «Орда»  тұрғын  үй  құрылысы бо­йынша Жол картасы әзірленіп, 250-ге жуық пәтер табысталғаны  тағы  бар. Аймақтағы баспаналы болу үшін жүзеге асырылып жатқан бағдарла­малардың ішінде «Өз үйім» де бар.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның бұл бағдарламасының ерекшелігі сол, ешқандай кезекс­із, конкурссыз пәтер иеленуге мүмкіндік бар. Әрине, өзіндік талаптары қойылған. Қала орталы­ғындағы  Зейнолла Шүкіров көшесінде төрт бірдей бес қабатты тұрғын үй салынуда. Соның біреуі пайдалануға берілмекші. Баспана «Өз үйім» бағдарламасы шеңберінде тұрғындарға табысталуға толығымен әзір. Нысан құрылысын «Дәнекер» құрылыс компаниясы» ЖШС салды. Негізгі  жұмысты ағымдағы жылдың наурыз айында­ бастап, 2019 жылдың шілдесінде аяқ­таған. Тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны – 160 мың теңге. Тұрғын үй нысаны үй-жайларының жалпы ауданы 2533,75 шаршы метрге тең, онда екі бөлмелі 10 пәтер және үш бөлмелі 25 пәтер орналасқан.

Өткен аптада аталмыш банктің жергілікті филиал­ мен «Дәнекер» құрылыс компаниясы» ЖШС басшылары жиналған көпшілікке баспана алудың жолы мен үй сапасы жайында мәлімет беріп, мұнан соң үйді аралап, толық мәлімет берді.

–  «Өз үйім»  бағдарламасының  шарты  бо­йынша­ алғашқы жарна – пәтер құнының 50 проценті. Ары қарай несие 7 пайызбен беріледі. Бағдар­ламамен үй алғандар алғашқы үш жылды – 7, қалған 6 жылды 5 процентпен төлейді. Яғни, ай сайын­ғы төленетін несие сомасы үш жылдан кейін төмендейді. Пәтер бағасын айтар болсақ, тұрғын үйдің шаршы метрі – 160 мың теңгеден. Енді пәтер алу жолдарына тоқталсақ, ең алдымен пәтер алушы тұрғын үйді аралап көріп, өзіне ұнаға­н пәтерін құрылыс бригадирінің журналына­ тірке­тіп кетеді. Мұнан соң құрылыс компаниясы банк­ке ресми хат жібереді. Банк тиісті құжаттарды­ қабылдап, несие мақұлданғаннан кейін қаржыны құрылыс компаниясына аударамыз, - дейді «ТҚЖБ» АҚ Қызылорда облысы бойынша фи­лиал­ директорының орынбасары Ілияс Жұрынов.

Тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатқан «Дәнекер» құрылыс компаниясы» ЖШС директоры Әбдімәжит Жансақалов да кешеннің сапасы турал­ы баяндады.

– Құрылыста барлық стандарттар сақталды. Бұл үйдің ерекшелігі, қаңқасы монолитпен тұрғызылып, қабырғасы газоблокпен өрілген. Жылу тепе-теңдігін сақтау үшін жаңа техноло­гиялар  қолданылып, үй сырты металлсайдингпен­  қапталды. Бұл үйде 3 бөлмелі пәтердің өзі екі түрлі. Бірі – 80, екіншісі – 85 шаршы метр. Екі бөлмелі пәтер – 55 шаршы метр. Барлығының едені ламинат, қабырғасы левкас, керметөбе тарты­лып, лоджиясы да қапталған. Уақыт талабына сай асүй мен қонақ бөлме студия етіп бірге жасалған. Бұл жоба тұрғындар көңілінен шығады деп ойлаймын. Сондай-ақ барлық инфрақұрылым орталықтандырылған, - деді ол.

Егер сіздің таңдауыңыз 54,92 шаршы метрді құрайтын 2 бөлмелі пәтерге түссе, оның жалпы құны – 8 млн 787 200 теңге. Бағдарлама талап­тарына сай бастапқы жарна 50%, яғни 4 млн 393 600 теңгені есепшотыңызға жинақтасаңыз болға­ны, одан кейінгі төлем ай сайын 9 жылға есептелген 51 258 теңгені құрайды. Ал «керегем кең болсын» деген ниетіңіз болса, 3 бөлмелі пәтер алуға ұмтылғаныңыз әлдеқайда жақсы. Жалпы шаршы метрі – 84,93, бағасы – 13 млн 588 800 теңге. Бұл пәтерге де дәл сондай талаппен қол жеткізе  аласыз.  Алғашқы  жарна ретінде 6 млн 794 400 теңге жинақтап, кейін болашақ баспанаңызды 9 жыл бойы 79 268 теңгеден төлеп тұрасыз. Бір ескерте кетерлігі, барлық тұрғын үйлер таза әрлеуде тапсырылады. Холл, асүй және өзге де бөлмелердің едендеріне ламинат және керамикалық плитка төселген. Сумен жабдықтау, жылыту,­ газ және электрмен жабдықтау мәселесі жоқ, барлығы орталықтандырылған. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы баспанаға қол жеткізу үшін конкурс болмайды, тек жеке есепшотыңызда пәтер құнының тең жартысы жинақталса болды, ары қарай банк «Жеңіл» бағдар­ламасы  бойынша  7%-дық несие бойынша пәтерді өз иесіне табыстайды.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


ТЕҢІЗБЕН ТҮЛЕГЕН ТІРШІЛІК PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
18.07.2019 11:00

Бүгінгі күні ауданда балық шаруашылығы саласы қарқынды дамыды деп айтуға толық негіз бар. Өйткені балық шаруашылығы өңір экономикасының дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, оларды жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Себебі Арал теңізі мен Сырдария өзенінің жағасында қоныстанған жергілікті халықтың өмірі мен тұрмысы балық шаруашылығымен тығыз байланысты. Бәрімізге белгілі, өткен ғасырдың 60-жылдары Сыр өңірі балық шаруашылығының дамуы бойынша республикада алдыңғы қатарда болды. Жылына 55-60 мың тоннаға дейін балық ауланды. Бұл – сол кездегі саланың озық көрсеткіші.

Арал теңізінің тартылуы  80-жылдардан бастап балық шаруашылығы саласын тоқырауға ұшыратты. Теңіз суының тұздылығы 30 мгр/л дейін өсіп, балық аулау мүлдем тоқтайтын деңгейге жетті. Ондаған балық өңдейтін кәсіпорын мен балық аулайтын шаруашылық жабылды. Осының салдарынан балықшылар басқа өңірге көшуге мәжбүр болды. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2000 жылы Солтүстік Арал теңізінен бар-жоғы 400 тонна балықтың бір-ақ түрі – камбала глосса балығы ауланған.


ҒАСЫР   ЖОБАСЫ

 

Арал теңізінің тартылуы мұнда нәпақа тауып отырған халықтың тұрмыс-тіршілігін ауырлатып  жіберді. Сол себеп­ті Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен ғасыр жобасы атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал  теңізінің солтүстік бөлі­гін сақтау» (САРАТС-1) жобасы қолға алынды. Жобаның бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы өз нәтижесін бере бастады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде балық шаруашылығының дамуына үлкен мүмкіндік­тер берді. Жоба шеңберінде Солтүстік Арал теңізіндегі Көкарал су тоспасы, Әйтек су құрылысы кешені және Сыр­дария өзеніндегі қорғаныс бөгеттері салынды. Теңіздегі балық қоры молайып, тұрғылықты халықтың игілігіне айналды. Нәтижесінде теңіз деңгейі Арал қаласына 17 шақы­рымға  дейін жақындады. Сырдария  өзенінен Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі көбейіп, өңірдегі көп­теген биологиялық түрлер қал­пы­на  келе  бастады.

Өз кезегінде көлемі 20-30 мың гектардан асатын ондаған ірі көлдер қалпына келіп, ба­лық  шаруашылығының дамуы­на мүмкіндік жасады. Теңізде бұрын жойылып кеткен балықтың 14 түрі қайта көрініс тапты.­ Ауданымызда балық аулау көлемі  жыл санап артуда. Мәселен, балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда  20 есеге өсіп, қазіргі таңда 400-ден 8000 тоннаға жетті. Аудан аумағында балық шаруа­шылығы маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар.

2019 жылға аудан бойынша барлығы 7067 тонна лимит болып­  бекітілген. Оның ішін­де Кіші Арал теңізіне 6678 тонна, Қамыстыбас көлдер жүйе­сіне 335 тонна, Ақшатау көлдер жүйесіне 23 тонна, Приморский көлдер жүйесіне 31 тонна тиесілі  болып  отыр.

 

ӨҢДЕУ   САЛАСЫНЫҢ  ӨРІСІ

 

Ауданда 31 балықшылар бригадасы бар. Оларда 405 адам жұмыс атқарады. Балық аулау үшін қажетті өздігінен жүретін флот, өздігінен жүр­мейтін флот, үлкен кеме, шағын кеме, құрма ау, жылым, кермеше ау бар. Орман шаруашылығы және жануарлар дүние­сінің аумақтық инспекциясы Арал инспекциясы бөлімінің мәліметіне сүйенер болсақ, 2019 жылдың шілде айына дейін ауланған балық 865 тонна болса, аудандық статисти­ка басқармасының мәліметі бойынша өңделген балық 1231 тонна деп көрсетіп отыр. Балық аулау көлемінің өсуі балық өңдеу саласының дамуына  мүмкіндіктер жасады. Аудандағы  балық аулайтын шаруа­шылықтар мен балық  өңдеу  кәсіпорындарында мыңдағ­ан адам жұмыспен қамтылды.­

Ауданда жылдық қуат­тылығы 18900   тоннадан  астам­ 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Бүгінгі күні «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала балық балықшылар өндірістік орталығы», «СДО Қарашалаң» ЖШС-ның балық өңдеу зауыттар­ы балықты терең өңдеуме­н  айналы­сатын  болса, «Ар-М-Кон», «Бөген СДО», «Қуаныш» шағын­ балық өңдеу зауыттары балықт­ы қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен айналысады. Атап өту қажет, ауданда «Арал сервистік дайынд­ау орталығы» ЖШС балық өңдеу зауыты – Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін Еврокод белгісі  бар  кәсіпорын.

 

ЭКСПОРТ  ЭКОНОМИКАНЫ  АРТТЫРДЫ

 

Жыл  басынан  бері 1446,556 тоннаға жуық балық өнімдері экспортқа  шығарылған. Оның ішінде басым бөлігі Ресей, Польша, Украина, Қытай, Нидерланд­ия, Грузия, Әзербайжан, Германия, Қырғызстан елдеріне жіберілген. Аудандағы негізгі экспорт­таушы «Арал СДО» ЖШС, «Қарашалаң СДО» ЖШС, «Қуаныш» ЖШС, «Камбала балық БӨО» ЖШС, ЖК «Ко­шек­баев Д», ЖК «Караев Ж», ЖК «Кошкарбаев С» кәсіп­орындар  болып  табы­лады.

Аудан орталығынан 120 шақырымдағы  Қосжар  ауылында орналасқан  Қамыстыбас  балық өсіру питомнигі мен оның Таст­ақ учаскесінде балық өсіруге­ арналған арнайы ин­кубациялық цехтары бар. Оның 1-еуі гуманитарлық көмек арқылы Израильден әкелініп, құралдарымен жабдықталған. Облыс көлемінде табиғи су айдындарының балық қорын көбейту мақсатында республикалық бюд­жеттен жыл сайын Кіші Арал теңізіне және Ақшатау көлдер жүйесі мен Приморский, Қамыстыбас көлдер жүйесіне осы «Қамыстыбас балық питомнигі» РМКҚ арқылы шабақтар жіберіліп өсірілуде.

Кіші Арал теңізінде бүгінгі күнге дейін 18 балық аулау учаскесі болса, олардың барлығында қазіргі кезде ұзақ мерзімге бекітіліп берілген өз иелері бар. Бұдан басқа ауданда 20 көл бар, осы 20 көлдің 16-сы та­би­ғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімге бекітіліп берілген. 4 көл резервте болғандықтан, иесі анықталмай, пайдаланылмай тұр.

 

САЛАҒА   СЕРПІН   БЕРГЕН  СЛЕТ

 

Аралда 50 жылдан кейін бірінші рет балықшылар слеті өтіп, дәстүрлі мерекеге айналды. Осы шараны жылда атап өту мақсатында облыс әкімінің қолдауымен 2015 жылдан  бастап  қолға  алы­нып­,  ауданымыздағы  Қамбаш көлінің  жағасында  Арал  өңірі балықшыларының слеті ұйымдастырылып келеді­. Кеше ғана Арал өңірі балықшыларының V слеті өз деңгейінде өткізіліп, салаға сер­пін берген, ұрпақтар са­бақ­тастығына  айнала біл­ген тағылы­мды  шара  болды.

 

Н.МАРАТҚЫЗЫ,

Арал   ауданы

 


«ЕРКЕК ЕМЕС, ЕЗ БОЛДЫМ...» PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
18.07.2019 10:50

«Рас, үйленбей тұрып әйел­ді «ашсам – алақанымда, жұм­сам – жұдырығымда ұстаймын» дегеннің бірі мен едім» деп бас­тады автобуста отырған жігіт ағасы. Өзі ащы судан аздап ұрт­тап алғанға ұқсайды. Сәлден соң салбыраған басын қисаң­дата көтеріп, көзін жартылай ашып-жұмып «менде бәрі бар еді, көлігім де, үйім де...» деп тағы налыды. Ал, әйелін айт­қандағы байғұстың жыларман түрі мен шарасыздықтан санын қос қолдап ұрған бейнесін көрсеңіз, қатты аяйсыз. Біз аяғаннан бірдеңе болсайшы. Құдай аясын дейміз де...

Шашы уда-дуда, ұстара тимегендіктен сақалы сапсиып, мұрты аузына түскен. Бірақ, киімі жаңа секілді. Әңгімесіне қарағанда әпкесінің үйін паналайтын болып тұр. Ай десе аузы, күн десе көзі бар арудан айы­рылып қалғаны жанына қатты батса­ керек. Өйткені, автоб­ус ішін­де оны қайта-қайта  айтты.

Қоғамдық көлік ішінде мұны жақтырмағандар болды. Десе де, үлкен кісілердің дені басын изеу арқылы іштей «өз-өзіңе істеген екенсің ғой» деп жатқанын да сездім. Орта жастағылар қалың ойдың жетегінде. Ал, әншейінде ешкімді де елемей, ештеңеге де мән бермейтін біздің буын бұ жолы смартфонындағы музыканы тоқтатып, құлаққабын жинап, қалтасына салып жатты. Айт­қандай, әлгінің қасындағы орын бос. Әпкесін санамағанда, отбасы түгілі, бүкіл қоғам оны қабылдамай тұрғандай...

Журналистік зерттеу мақсатында қасына отыра кеттім. Алғашқ­ы сөз менен болмады.

- Еее, мені де адам санайтындар бар екен ғой.

Менің «қоғам қабылдамай тұр» деген ішкі ойымды ол бүкіл автобустағыларға жайып салды. Қанша жерден сөздің адамы болға­ныммен, мен оған қалай жауап берерімді, жұбатарымды не жігерлендіретінімді білмедім.

- Бауырым, мен әуелде еркек едім, кейіннен ез болдым. Әйелге қол көтерген сәттен бастап-ақ мен ер-азамат деген атымнан айы­рылдым. Картада қолым жүр­мей қалды. Былыққа бата бастадым. Әкем шіріген бай еді. Не ішемін, не жеймін, не киемін деген «проблема» менде болған емес. Ал, қазір ішетінімді тиын-тебеннің басын құрастырып сатып­ аламын, - деді де, аузын бақадай ашып күлді. Әлсін-әлсін бетін қос қолымен кезек-кезек оңды-солды сүртіп қояды.

Күлкісінің  ызадан шыққанын мұндағылардың барлығы біліп тұрды. «Болары болды...» дей бергенім сол еді.

- Иә, болары болып, бояуы сіңді. Мен мектепте де, университетте де жақсы оқыдым. Әттең, өмірді артқа жылжыта алсам ғой, кейінге шегере алсам ғой...

Осы уақытта кондуктордың зілді даусы шықты. «Ей, жылап-сықтай бермеш(і)! Әйтпесе қазір түсіріп тастаймын. Онсызда әбден мазамызды алып  біттің!».

Мен білсем, ішкілікке салын­ғандар тым сыпайы болып келеді. Мүмкін, шарасыздықтан шығар. «Менің ақшам бар төлейтін. Ана кісіге беріп жіберші. Мені төлемей түсіп кетеді деп тұр-ау» деді де, қалтасынан мыж-мыжы шыққан 500 теңгелікті маған ұстата салды­. Қол жалғап жіберуін өтініп, ақшаны кондукторға бағыттаған едім. Ол кері қайтарды...

Мұнан соң мен онымен сөйлеспедім. Түсетін аялда­ма­сына келгенде бәрінен кеші­рім сұрады да, «жігіттер, әйелдеріңді ешқашан ұрмаңдар!», - деді.

Сол-ақ екен, қапталымдағы жігіт маған  қарап: «Тірі мысал иә?  Өмір  шындығы. Тағдыр...», - деді  үнсіз  қалып. Мен басымды изей бердім, изей бердім.

Көз алдымыздан киноның лентасындай өткен бейтаныс жігіттің өмірін екеуара талқылап жатқандар көп. Тағы десең, осыған ұқсас тағдырдың талайы ми қатпарымызда жатыр. Адамның бардың қадірін білмейтіні жаман. Жақсылық та, жамандық та өзімізден екенін ұмытпау керек. Бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Бүгін баймыз, ертең...

 

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

 


СҰЛУЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚҚА ҚАУІП ТӨНДІРЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
18.07.2019 10:47

Сүйріктей саусақ, сәнді тырнақ – кез келген қыз-келіншектің арманы. Тырнағын әсемдеу әйелге сенімділік сыйлайды. Өз-өзін бағалайтынын байқатады. Бүгінде гельді тырнақ бояуын қолданбайтындар сирек. Екінің бірі осы әдісті жасатады. Оның кәдімгі бояудан артықшылығы көп. Бір айға дейін жылтыр әрі тартымды түсін сақтайды. Бірақ... Сұлулыққа құштарлық денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Мамандар гельді лактың зиян екенін айтады. Оған қоса олар сән салондарының көбінде санитарлық талаптардың сақталмайтынына алаңдайды. Маникюр жасайтын құрал-саймандар дезинфекцияланбайтындықтан, зең ауруын таратуы мүмкін.

СҰЛУЛЫҚ  ҚҰРБАНДЫҚТЫ   ТАЛАП   ЕТЕ   МЕ?

 

Қазір гельді маникюр әйелдер мен қыздардың арасында сұранысқа ие. Қай салон­ға барсаңыз да, тырнағын сәндететін нә­зік жандылар көп. Мұнда келушілер қызметті өзі таңдайды. Көбісі жасанды тырнақ өсірудің екі әдісін қолданады. Бірі тырнағына пішін жасатса, бірі  типсы жапсыр­тады. Енді бірі сурет сал­ғызады. Сондай-ақ бірнеше түсті алмастырып бояу маникюрі де трендте. Шынылы әшекей (стразы), камифубуктар, геометриялы және омбр­е дизайндары да бар. Не керек, қыз-келіншектердің тырнақтарын бояп жүруі әдетке айналған. Десе де, бұл қызметтің  айтарлықтай зияны­ бар. Мұны қыз-келіншектердің шағымынан байқауға болады. Қызылордалық Назерке Ізбасарова гельді бояудан кейін тырнағының сынғыш болған­ын ай­тады. Тіпті сырт келбеті  өзгеріске ұшыра­ған.

- Алғашында тырнағымды гельді дизай­нмен бояттым. Уақыты келгенде өзім лактан тазарттым. Көп уақыт өтпей, тырнағымның түсі өзгерді. Сонан тырнақ­  шеберінің көмегіне жүгіндім. Көп уақыт өтпей, бояуға құмартып алдым. Гельді маникюрді  3-4 мәрте жасаттым. Тырнағым кленка сияқты жұқарып қалды. Кейін білдім. Үзіліссіз бояу жаққаннан ауырады екен. Мамандармен кеңесіп, 4 ай  емдеттім. «Сұлулық құрбандықты талап етеді» деген сөздің мағынасы тура болмағанымен, тірлігімнің сөз астарына келетінін ұқтым. Әдемілік үшін тырнағымды боятып жүрмін, - дейді Назерке Ізбасарова.

Ал тырнақ сәндеуші Талшын Серікбайқызы гельді маникюр зиян деген  пікірмен келіспейді. Ол өз жұмысын жақсы көреді. Түрлі дизайн түрін үйренуден жалықпайды. Оның айтуынша, маник­юрді айына бір рет істеткен дұрыс.

- Көбіне кінә тырнағын сәндетушіден болады. Шеберге қайтып келмейді. Қолды суға жиі салуға, үйде лакты кетіруге болмайды. Салонға келіп, тазалату керек. Өздігінен алынған лак тырнақты бүлдіреді. Эмалын кетіріп, табиғи­ түсі­нен айырады, - дейді Талшын  Серікбайқызы.

Ал Гүлзира Орынбаева  сұлулықты жақсы көреді. Өзінің тұрақты тырнақ сәндеушісі жоқ. Бұған дейін ол түрлі пішін­дерді жасатып көрген.

- Менің ойымша, ұзын тырнақ әдемі көрінеді. Маған ешқандай кедергісі жоқ. Тамақ та дайындаймын, кір де жуамын­, - дейді қызылордалық қыз. Ол күтім жа­сау­ды да ұмытпайды. Бір ай маникюр жасат­са, бір ай қолын тынықтырады.

Ал  венеролог мамандар салондардағы тазалық талаптарының сақтала бермей­тінін алға тартады. Өйткені түрлі құрылғылардың денсаулыққа қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бермейді. Олар зеңді жұқтырмау мамандардың шеберлігіне байланысты екенін айтып отыр.

 

ТЫРНАҚ   ЗЕҢІ   ҚАЙДАН   ЖҰҒАДЫ?

 

Дәрігер Балнұр Сағындыққызы сұлулықты жақсы көреді. Әдемілік үшін қаражатын аямайды. 50-ге келсе де өзіне күтім жасауды  ұмытпайды. Алайда  қазір тырнағын сәндемейді. Оның себебі де жоқ емес. Кезекті гельді маникюрден соң, тырнақтары кертіліп, сына бастады. Дәрігер қолындағы өзгеріске аң-таң болды.­ Ол тері-венерологиялық диспансерге барып, анализ тапсырды. Мамандар одан тырнақ зеңін анықтады. Балнұр 1,5 ай емделді. Түрлі емдік процедуралар қабылдады. Қазір сән салонына бармайды. Қолын өзі күтеді.

Қызылордалық венеролог Гүлістан Каракаева салонда күнделікті қолданатын заттардың барлығын залалсыздандырып отыруға кеңес береді.

- Біздің елімізде сұлулық индустриясы алдыңғы орында. Тырнақ сәндеушілердің арасында бәсекелестік жоғары. Әйелдерге  сәнденбеңдер деп айта алмаймын. Салонға барғанда шеберден  қалай залалсыздандырғанын, қандай құрылғымен  тазартылып, жуылғанын білу қажет, - дейді венеролог Гүлістан Тоқтанқызы.

 

ЗЕҢНІҢ   БЕЛГІЛЕРІ   ҚАНДАЙ?

 

Ауырған тырнақтың түсі өзгеріп, сарғаяды. Шетінен үгітіле бастайды. Асты көтеріліп, қалыңдайды. Ол қолдан аяқ­тағы тырнаққа жұғады. Емдемеген жағдайда тырнақтан айырылады.

Ал салон шебері Светлана Исаева  сани­тарлық талаптардың сақталатынын, жұмысты тиянақты атқаратынын алға тартады.

- Алдымен құралдарды залалсыздандырып, содан кейін арнайы шкафта ыстық градуста кептіреміз. Құралдарды арнайы  индикаторы бар крафт пакете­ріне  жинаймыз. Егер толығымен тазаланып,  өңделген болса, индикатор сұр түстен қоңырға өзгереді. Мұндай шкаф әрбір тырнақ істейтін  шеберде болуы керек. Қазіргі таңда үйде қызмет көрсететін маникюр, педикюр шеберлері  көп. Көпшілік оларды үйіне шақыртады. Немес­е жұмыс орнынан тапсырыс береді. Ал шеберлерде тазалық талаптары сақталмайды. Өйткені қолданылған құралдарды залалсыздандыратын құрылғыларды олар өздерімен бірге алып жүрмейді. Тіпті бір-екі құралмен қаншама адамның тырнағын сәндейді. Кәсіпкер ретінде тіркелмегендіктен, оларда ешкімнің жұмысы жоқ, - дейді ол.

 

ЭПИДЕМИОЛОГТАР  ЕСКЕРТЕДІ

 

Қазір мамандар тарапынан сұлулық салондарында әдемілікпен қатар сапалылығына, сондай-ақ қолданатын құралдарының дезинфекциялануы мен стерилдеуіне көп көңіл бөлінеді. Өйткені, талаптарды қадағаламағаны үшін тиісті органдар мамандарға айыппұл салуы мүмкін. Тырнақ жасатар алдында шеберді қалай таңдау қажет десеңіз, оның түр-әлпетін, бетпердесі (маска) мен бір рет­тік медициналық қолғабының болуын қадағалаңыз. Сондай-ақ барлық құрал­дарының толық өңдеуден өткізгеніне көз жеткізіңіз. Стерилизациядан қалай өткі­зетінін сұраңыз.

- Қазір Қызылордада 12 сұлулық сало­ны мен косметикалық орталық тіркелген. Атап айтқанда, «Персона», «Леди», «Он и она», «Адам и Ева», «Диадема», «Сұлу», ЖК Кадирова, ЖК Карабасов, ЖК Ка­лиева­, ЖК Байтакова санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкес жұмыс істей­ді, - дейді облыстық тауарлар мен көрсе­тілетін қызметтердің сапасы мен қауіп­сіз­дігін  бақылау­ департаменті басшысының орынбасары Ұлбосын Аханаева.

Санитарлық ержелерге сәйкес, маникюр-педикюр шеберлері міндетті түрде жылына бір рет вирустық Б және С гепатитіне тексеруден өтуі керек. Бірақ оны елеп-ескеріп жатқандары шамалы. Эпидемиологтар тері асты ауруының ұзақ емдел­етінін ескертеді. Кез келген адам татуажда да, перманентті бет әрлеуде де герпес жұқтыруы әбден мүмкін.

 

Түйін. Қолға қарап адамның барлық жай-күйін, денсаулығын, жұмысы мен күтімін аңғаруға болады. Сұлулық салонына барасыз ба, әлде үй шеберле­рін таңдайсыз ба? Таңдау өз еркіңізде! Алайда сұлулықтың денсаулыққа қауіп төндіретінін, екі есе шығындалуға тура келетіндігін де ескерген жөн.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

 


ҮМІТІМ ҮЗІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
18.07.2019 10:45

Студент кезімде бір жігітті ұнаттым. Оны көрсем есім шығатын. Ал ол мені көзіне ілмеді. Себебі Асылдың жүретін қызы болды. Кездесе қалсақ, назарын өзіме аударғым келетін. Сол үшін өз-өзімді күте бастадым.   Өзіме қарату үшін істемегенім жоқ.

Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін қатарымыз сиреді. Группалас­тарым жан-жаққа жұмысқа кетті. Асылдың сүйіктісі «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен облыстағы шалғай ауылға аттанды. Өзі қалада қалды. Менің көптен көкейімде жүрген жоспарым болатын. Соның сәті түсті. Асылды сылтауратып ауылға қайтпай қалдым. Ыңғайлы жұмыс табылмаса­ да көңілім түскен жоқ. Мен үшін жігітімнің қасында болу маңызды еді. Қыздарда қулық көп қой. Сүйгенінің алыста жүргенін өз қажетіме пайдаландым. Әрнәрсені сылтауратып, өзіме қаратып алдым. Жалғызсырағанда­ жанынан табылдым. Жұбымыз жазылмайтын күндеріміз көбейді.

Бірақ ол қызын қатты жақсы көрді. Ешуақытта Әлияны есінен шығар­мады. Ол жұмыс істейтін ауылға жиі барып тұрды. Сол кездері қызғаныштан көз жасымды көл қылып жылайтынмын. Екеуінің жолы тезірек екіге бөлінуін тілейтінмін. Қызы да Асылды қатты сүйді. Демалыс алғанда қалаға келіп жолығып тұрды. Мен сүйген жігіт ғашығын жолдастарының тойына,­ кез келген мейрамдарға ертіп баратын. Ал мен оған Әлия жоқта баратынмын. Онда да өзім іздеп тауып аламын. Өзі өмірінде қалайсың деп хабарласпайды. Жағдайымды сұрап, қоңырау шалмайды. Өзім сүйгесін Асылдың барлық қылығы мен мінезіне шыдадым. Соңынан жүгіргенімде талай­ бетіме сүймейтінін айтып тастады. Мен бәрібір үмітімді үзбедім. Сезімнің торына еріксіз шырмала бердім. Оны өзіме иелену үшін «жаныңда болуыма­ рұқсат ет» деп өтіндім. Қашанғы жүре берейін. Ақыры өзімнің діттеген мақсатымды орындау үшін іске кірістім.

Бірде Әлия Асылды іздеп қалаға келді. Мен жігітке білдірмей, қызына жолықтым. Екеуміз бір-бірімізді сырттай танитын едік.

- Асыл екеуміз бұрыннан жүреміз. Қалада болғасын жиі кездесеміз. Сен сүйгеніңді ауылдан тап. Біздің жолымызға кедергі болма!  - дедім.

Ол ақылды қыз екен. Менің сөздерімді шыбын шаққан құрлы көрген жоқ. Салқынқанды қабылдады.

- Жігітке таласпаймын. Қаласаң жүре бер. Тіпті Асылмен үйленсең де көңілім түспейді. Бірақ есіңде сақта! Мені жақсы көретінін біліп, әдейі жүрсің ғой. Осы ісіңе өмір бойы өкінесің, - деді.

Мұндай сөзді күтпеп едім. Сілейіп тұрып қалдым. Қыздың ұстамдылығына таңғалдым. Өзімнің ерсі қылығымның дұрыс еместігін түсіндім. Бірақ... Жас кезінде адам ағаттығына есеп бере ме? Менің күткенім екі ғашықтың айырылысуы ғой. Менің Әлиямен кездескенімді Асыл біліп қойды. Екеуміз бір-бірімізбен қатты ұрыстық. Ол қызының артынан біраз жүгірді. Кешірім сұрап, алдына талай барды. Әлия кекшіл екен. Кінәсіз болса да, сүйген жігітін кешірмеді. Екеуі ақыры бір-бірімен ат құйрығын кесісті. Бірақ қызының кетіп қалуы сүйген адамыма оңай болмады. Түні бойы ішіп, жол апатын­а ұшырады. Көрер жарығы бар шығар, жарақат алғаны болмаса аман қалды. Асыл қатты қиналғанда мен жанынан табылдым. Мен көкейде жүрген арманыма жеттім. Әлия оны қабылдамаған соң, екеуміз жүре бастадық. Менің қуанышымда шек болған жоқ. Көп ұзамай­ маған үйленуге ұсыныс жасады. Мен бақытты едім. Оның әдейі жасаған ұсынысынан бас тартпадым. Келісімімді бердім. Алайда оның анасы мені бірден қабылдамады. Жүретін қызын сырттай біледі екен.

-  Әлия  қайда? Мына қызды неге әкелдің? Обалына­ қалмай, апарып таста! - деді.

Асыл шешесіне мән-жайды түсіндірмеді. «Ол күйеуг­е тиіп кетті» деп қысқа қайырып құтылды.

Ұнатқан жігітпен тұрғаныма бірнеше жылдан асты. Бір баламыз бар. Бірақ күйеуіммен бір үйде тұрғаныммен, ол менен алыста. Әлі күнге Әлияны іздейді. Соңғы уақытта жиі ішіп келетін болды. «Мені сүйіктімнен айырдың­» деп кінәлайды. Қазір қатты қиналып жүрмін. Жолдасым мені жақсы көрмейді. Одан біржола кеткім келеді. Бірақ қайда барарымды білмеймін...

 

Кәмшат

 


ҚОЙШЫ БАЛАНЫҢ БАҚЫТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
18.07.2019 10:30

Хорват режиссері Павел Баленович 80-жылдардың соңында қасқырлар туралы деректі фильм түсіреді. Задар­ (Хорватия) қаласынан 40 шақырым жердегі ауылда Модричтер отбасы тұратын еді. Режиссердің кадрына Велибит тауының етегінде ешкі бағып жүрген кішкентай Лука да ілініпті.

Бірақ аяқасты соғыс өрті тұтанып, Модричтер отбасы Затон қаласына көшуге мәжбүр болады. Баленович олардан содан кейін көз жазып­  қалады. Луканың атасын­ сербтер атып кетеді. Әкесі соғыстан оралған соң, Лука жергілікті спорт ака­демиясында доп тебе бас­тайды. Жағдайының қиын екеніне қарамастан, Модрич өз жалақысының бір бөлігін баласының жақсы жаттығуы үшін үнемі бөліп отырады.

Міне, ешкі баққан сол кішкентай бала арада отыз жылға жуық уақыт өткенде «әлемнің үздік футболшысы» болып танылды. Қарға бойлы Лука өткен жылы нағыз­  футбол  қаһарманына айналды. Ол «Реал» сапында Чемпиондар лигасын төртінші рет жеңіп алды, Ресей­де өткен әлем чемпионатында әлемнің вице-чемпионы атанды, әлемдік дода­ның ең үздік футболшысы болып танылды. Енді, міне, әлемнің үздік футболшысы!

Ең бастысы, Лука Модрич – Криштиану Роналду мен Лионель Мессидің он жылға созылған дәуірлеу уақытын бұзған алғашқы аяқдопшы. 2007 жылы Кака (Бразилия) әлемнің үздік футболшысы атағына қол жеткізген соң, тек екі «сиқыршы» ғана алтын тұғырға кезек шықты да отырды. Футбол әлемі КриРо мен Мессидің  сөзсіз мойындаға­нмен, олардың «хандығынан» жалы­ға бас­таған еді. Тіпті, Франк Рибери, Хави, Андрес Иньеста, Мануэль Нойер сияқты­ таласс­ыз таланттардың да екеудің тасасында қалғанына ренжитіндер аз емес.

Дегенмен, Модричтің осы  биікке  жетуі оңай бол­ған жоқ. «Хайдук» командасы оны тым кішкентай санады. Босния және Герцеговинаның «Зриньски» (Мостар) командасына жалға беріліп, сол жерден үздік ойыншы және үздік легионер болып оралған соң ғана «Динамо» (Загреб) талантты жасты құрамына тартты. Ал 2008 жылы Модричке «Тоттенхем» (Англия­) «құда түсті». Содан бастап «кішкентай данышпанның» алтын дәуірі бас­талды. Бірақ «шпорлар» сапын­да да Луканың әр қа­да­мы бірден алтын бола қойған жоқ. Екінші жылы ғана бас бапкер Харри Реднапп оған сенім арта бастады. 2012 жыл­ғы Еуропа чемпионатынан кейін Модрич «Реалға» ауысты. Әйгілі «Марка» газеті 2013 жылы хорватиялық футболшыны «жылдың ең сәтсіз трансфері» деп атады. Сонда да бойы 172 см, салмағы 66 келі жігіт «сынған» жоқ. Корольдік клуб сапында Чемпиондар лигасын төрт рет жеңіп алып, басқа да ірілі-ұсақты жүлделерді жаппай­  жаулады.

Ал Ресейде өткен әлем чемпионатында ол өзге емес, өз жанкүйерлерінің қысы­мына ұшырады. Хорват футболын біраз ойрандаған, тіпті Модрич пен Ловреннің Англия клубтарына трансферлерінен де пайда тапқан Здравко Мамич туралы ал­ғашқы айыптау сөздерінен бас тартқаны үшін талай адам одан теріс айналды. Сотта Лука:  «Есімде  қалмапты» деп жауап берген-ді. Осы сөзі оның алдын үнемі орады да отырды. Тіпті, Хорватия құрамасының жейдесіне 10-нөмірін белгілеп, арқа­сына «Есімде қалмапты» деп жазып­ алғандар да болды. Осынша қысымға қарамастан, Модрич Ресейдегі до­даны аса жоғары деңгейде өткізді.

Модрич – футбол данышпаны. Оған мынадай пікірлер дәлел.

Рафаэль Ван дер Варт, Модричтің «Тоттенхем» командасындағы  әріптесі:

- Матч алдында бапкер Х.Реднапп өте қысқа ғана нұсқау беретін. «Алаңның қай тұсынан доп алсаңдар да, Модричке беріңдер. Лука ұятқа қалдырмайды, алдағы Ра­фаэльге қалайда пас жеткізіп береді» дейтін. Шынында да, сол жылдары «Тоттенхем» ең көңілді футбол ойнады, тіпті чемпиондыққа қатты жақындаған жылдары да сол болды.

Карло Анчелотти, «Реалдың» бұрын­ғы  бапкері:

- Мен өзім жаттықтыр­ған футболшылардан ешқашан символдық құрама жасақтап көрген емеспін. Қақпашылар­ға ғана қараңызшы – Буффон, Ван дер Сар, Касильяс, Нойер. Олардың арасынан үздікті таңдау оңай емес. Басқа шептерде де жағдай солай болар еді, дегенмен олардың ішінде Лука Модрич жүретіні еш күмән тудырмайды. Ол ға­жайып  шеберлігіне ойынды оқи білу қабілеті мен күшті көшбасшылығын қабыстыра алады. Оның үстіне, Лука – тамаша  адам.

Ешкі соңында жүргенде кішкентай Лука бір кездері әлемнің  ең  үздік  футбол­шы­сы атануы мүмкін екенін ойла­ды ма екен? Өкінішке қарай, ФИФА-ның өткен жылғы  қорытынды   жиы­ны­на екі мықты – Месси мен Криштиану Роналду бармай қалды. Бірақ, одан Модрич жетістігінің бәсі еш төмен­деген  жоқ.

 

Есей   ЖЕҢІСҰЛЫ

 


ОТАНДЫҚ ӨНІМ мен ҰЛТТЫҚ ӨНЕР АЙШЫҚТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
18.07.2019 10:10

Қызылордада «Қазақстанның үздік тауары-2019» көрмесі өтті. Өңірлік көрме-байқауын облыс әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Аймаққа белгілі кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлері өз еңбектерін келушілер назарына  ұсынды.

Жыл сайын ұйымдастырылатын көрмеге облыс аумағынан 50-ге жуық өндіруші өз өнімдерін қойды. Бұрын азық-түлік өнімдері көп қойылатын болса, қазір жағдай өзгерген. Мұндағы сөрелерден киім-кеше­к пен құрылыс заттарын, түрлі жиһаз өнімдерін көптеп көруге болады. Кондитерлік өнімдер де жетерлік. Өткен жылдармен салыстырғанда тауарла­рдың  сапасы, технологиясы мен инновациялық дамуы­  айтарлықтай  жоғары.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен 2006 жылдан баста­п өңірлік және республикалық деңгейде өткізіліп келе­ді. 2015 жылдан бастап, негізгі ұйымдастырушысы болып «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы белгіленді. Көр­ме-байқауда шеберлердің қолөне­р  бұйымдары да маңыздылығын аңғартты. Ұлттық нақы­штағы кәдесыйлар мен  киімдер көпшілік­тің назарын өзіне аудартты. Қазір мұндай ұлттық  бренд сұранысқа ие. Отандық өнімдер өнер­дің әр жанрын паш етеді. Қай-қайсысы да сапасы­мен қатар, көр­кемдігімен де ерекшеленді. Шынын  айту  керек, хас шеберлер төл туындыларды  дайын­дауда  заманауи­ мате­риалдар мен өзін­дік  техно­логияларды  тиім­ді ұштастырған. Әсіресе көр­мені тамашалаушыларды аралдық  Мырзабек  Қаныбаев­тың  ағаш, сүйек және мүйізден да­йын­да­ған  бұйым­дары  таң­ғ­алдырды. Ол бабадан қалған асыл мұрамызды қайта жандандырған. Шебердің айтуынша, қызғушылық бала кезден қалып­тасқан. Кейін  жеке бизнеске  айналған.

– Бұл кәсіпті күн­көріс тетігі ретінде ғана қарамаймын. Өйткені сан түрін дайындайтын  шеберлер көп. Мұндай төл туын­ды­лар  сауда орталықтарында, базар­лар  мен дүкендерде толып тұр. Сондықтан алдымен сапаға көңіл бөлемін. Қазақ тойшыл халық қой. Қолдан соғылған дүниелер ешқашан құнын жоймайтынын біледі. Заттары­мызды тойға, кәдесыйға көп алады. Цехымызда жеке тап­сырыстар бойынша да алуан­ түрлі  жұмыстар  атқарылады. Ал  жұмысшыларымыз – ағаштың тілін тапқан тәжірибелі ше­берлер. Бұйымдарға түрлі түсті бояу қолданыл­май­ды. Өйткені ағашты­ң  түсінен  артық  ештеңе жоқ, - дейді кәсіпкер Мырзабек Қоңыр­байұлы.

Сондай-ақ, «Қарлығаш» шеберлер орталығының  бас­қарушысы Қарлығаш Серікбайқызының, қазалылық «Нұр әлем» сауда үйінің сәнді әйел көйлектері, ЖК «Балақай» ұйымдастырушысы Жанат Серікқ­ызының сәбилерге арналған­  жөргектері мен бұйымдары да келушілерді бейжай   қалдырмады.  Қол­өнер коллекцияларының қай-қай­сы­сы  да  ұлттық нақышқа, салт-дәстүрімізге  бай.

– Кәсіпкер менеджерлікті де меңгеруі керек. Менің сауда орталықтарында арнайы орным жоқ. Алайда өткізілетін көрмелерге жиі қатысамын. Қазір қалалықтар  өнімдері­мізді  жақсы біледі. Әрі аға­йын, дос-жаран арасында кеңінен таныла бастады. Үлкен тойлар мен жиындарда біздің  кәдесыйларды беріп жатады. Біреу­ден біреу көріп, сатып алып жатқандар да бар. Қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болу кәсібіңді  алға  өрлетеді, - дейді шебер  Нұржан  Байжігіт.

Көрме-байқауда Байқоңыр қаласынан келген кәсіпкер Айгүл Өмірзаққызының жалюз­дері де тамашалаушылардың назарынан тыс қалған жоқ. Отбасылық  бизнес  ал­ғаш­қыда  өз қаржысымен жүзе­ге­  асырылған. Кейін облыстық кәсіпкерлар палатасының қолдау­ымен қайтарымсыз қаржығ­а қол жеткізді. Бүгінде тұтынушылар роликті перделер, күндізгі және түнгі, тік, ағаш, кассета жалюздерді  жақ­сы­ алады. Ал қызылордалық  Айгүл Мұханбетжанова шұлық  өндірісін жолға қойған­. Жоба «БЖК 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы жүзеге асқан­. Бүгінгі күні  цех балалар, әйелдер мен ерлер шұлықтарын шығарады. Замануи жабдық сағатына  70 жұп шұлық  да­йындайды. Орта есеппен 1 жұп шұлықтың құны – 150 теңге. Нарықтағы баға бәсекелесіне  төтеп бере алады. Отандық өнім  жергі­лікті  тұрғындар арасында сұранысқа ие. Сондай-ақ көрмеде шеберлердің киім коллекциялары келушілердің назарына ұсы­нылды. Атап айтқ­анда, жинал­ғандар Шие­лі, Қазалы аудандары мен  қызылордалық тігінші-кәсіп­керлер Тоғжан Мұсаева, Сәуле Кенжеева, Гүл­зат Бильсариева,  Динара Шаки­рова, «Жанзере» ЖШС, «АС-КА» ЖШС тіккен ұлттық, заманауи және арнаулы жұмысшы киімдері­нің  көрсе­тілімін  тамашалады.

Көрмеде 3 номинация бо­йынша 9 жеңімпаз анықталды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бо­йынша «Мәди қажы» ЖШС, «Қазақстандық Мұнай-Хи­миялық Кемикал Компаниясы» ЖШС, «Шиелі Тас» ЖШС,  «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша ЖК «Шак-ди», «Ас-Ка» ЖШС, ЖК «Бильсариева  Гүлзат», «Үздік азық-түлік тауар­лары» номинациясы бо­йынша «Браунис-Қазақстан» ЖШС, «Абай-Дәулет» ЖШС, ЖК «Әбділла» лайық деп танылд­ы. Облыстық кәсіпкер­лік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожаберге­нов пен Кәсіпкерлер палат­асының директоры Ғалымбек Жақсылықов көр­меге қатыс­қан кәсіпкерлерді алғыс хаттармен марапаттады.

 

Құттыбике   НҰРҒАБЫЛ

 


ТАБИҒАТ ТАМЫРШЫСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
18.07.2019 09:30

Жанқожа батыр ауы­лына аяқ басқаннан жайқа­лған жасыл желекке тап болдық. Желмен тербелген талдардың жапы­рағынан күн сәулесі зорға өтіп тұрғандай әсер қалдырады. Арықтардан сылдырай аққан су маңайға тіршілік жырын паш еткендей. Саябақ, мәдениет үйі, әкімдік ғимараты, мектеп, өзге де нысандар мен жекелеген үйлердің ауласы да жайқалып тұр. Көшені шолып шығып, көздеген жерімізге қарай бұрылдық.

Ауыл маңайы да жұтаң емес. «Әлсейіт» көпіріне дейінгі аралықтағы шоғырлана өскен жиде ағашы, дарағы талға бер­гісіз қалың жыңғылға сүйсінуіміз арта түсті. Тоқырау  жылдары  қатты сиреген  табиғат  байлығы қайтадан қалпына келіп­ті. Өзім тілдескен ауылдасымның: «Қазіргі таңда тұрғындардың таби­ғатқа деген жанашырлығы жоғары. Бұрынғыдай қыстық тамызық қажет деп бейберекет тал, жыңғыл шабу мүлде азайды. Бұған Ардақ Кәдір басшылық жасайтын «Қазалы орман және жануарлар дүниесін қор­ғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ ұжымы, орманшы Жайсаңбек Байсүйеудің де ықпалы бар», - деген уәжін орынды санадым.

Сапардан соң аталмыш  мекеме басшыларымен тілдесіп, біршама жайтқа  қанықтық.

- «Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты орман қоры жерінің көлемі 1 785 579 гектарды құраса, оның ішінде орман бас­қан алқабы 896267 гектарды алып жатыр. Орман қоры Қарақұм орманшылығы, Қызылқұм орманшылығы, Қасқақұлан орманшылығы болып үшке бөлінген. Мемлекеттік орман қоры 14 айналымды құрайды. Әр айналымның паспорты жасалынып, орманшыларға бекітіліп берілген. Жыл басында арнайы жасал­ған кесте бойынша  орманшылар Басықара, Қарлаң, Абай, Әлсейіт бекеттерінде көктем және күз мезгілдерінде тиісті кезекшіліктер ұйымдастыру жолға қо­йылған. Кентті көркейту, көгалдандыру мақсатында «Жасыл белдеу» жасалып, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының 7 гектарына егілген саялы ағаштардың 13058 дана тал көшеті көктеп тұр. Шығымдылығын артты­ру мақсатында күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Биотехникалық шараларға 141,0 мың теңге толық игерілді. Жабайы жыртқыш аң­дардың санын реттеу мақсатында (шибөрі, қасқыр) аулау, ату нәтижесінде 100 шибөрі, 10 қасқырдың көзі жо­йылды. Мемлекеттік орман қоры жеріне ағаш егу бағытында Қызылқұм орманшылығының №26 орамына көктемде сек­сеуіл көшеттері отыр­ғызылды. «Ояз бағына» да Сыр талы көшеті отырғ­ызылып, күзде Арал теңізінің суы қайтқан ұлтанына сексеуіл тұқымы жиналып, себіл­ді. Орман өртін болдырмау тұрақты назарға алын­ған, - дейді «Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жө­нін­дегі мемлекеттік мекемесі» КММ директоры Ардақ  Кәдір.

Жағымды жаңалықты жеткізсек. «Ояз» бағында жерсіндіру мақсатында емен, туя, мажевелник, катальпа, сумах, айлант саялы ағаштары егіліп, алдағы уақытта аудан көлеміндегі мекемелер мен ұйымдарға көшеттің шығу дәрежесін байқау мақсатында босаты­лыпты. Арал теңізінің суы қайтқан ұлтанына Оңтүстік Корея мемле­кетімен жасалған меморандумға бірқатар тех­никалар сатып алынды. «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы барысында көшет ағашы тегін босатылған.

Жыл басынан бері аудандық ішкі істер бөлімімен және облыстық аумақтық инспек­циясымен бірлескен түрде өткізілген рейдтер өз жемісін беріпті. Анықта­лған  заңбұзу­шылықтар бойынша хат­тама,­ әкім­шілік айып­п­ұл салынса, 14 азамат атып алған аң-құсы болмағандықтан  ескер­тумен  шектелген  екен.

«Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ есебі бойынша аудан көлеміндегі балық шар­уашылығы  маңызы бар 19 су айдыны тізімге алынып, табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Балық шаруашылығы су айдындарымен учаскелерінде балықтың жаппай қырылуын алдын алу мақсатында қыс мезгі­лінде мұздан ойықтар ойылып, қамыстан ауа беру шарасы жүргізіліпті.

Бұған дейін аталмыш мекеме Арал теңізінің суы қайтқан ұлтанына көктемде сексеуіл көше­тін егіп, Оңтүстік Корея мемлекетімен жасалған меморандумға сәйкес көктем айында 800 га жерге борозд (арық) тартыпты. Ал, күзде жоғарыдағы аталған елмен (Оңтүстік Корея) екі арадағы жасалған меморандумға сәйкес 800 га жерге сексеуіл тұқымы отыр­ғызылып, «Ояз» бағына          3 гектарға алма ағашын егу, сексеуіл, саялы ағаштардың түрлерінен тұ­қымбақ жасау межеде бар. Еңбек жемісті болсын!

 

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Шілде 2019 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары