Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 194 |
![]() | Кеше | 2502 |
![]() | Осы аптада | 2696 |
![]() | Өткен аптада | 18980 |
![]() | Осы айда | 61007 |
![]() | Өткен айда | 78079 |
![]() | Бәрі | 5153544 |
«ТОЛҒАҚТЫ» ТОҒЫЗ МӘСЕЛЕ һәм ТОҚАЕВТЫҢ «ТОҚПАҒЫ» |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
18.07.2019 12:30 |
Жаһандық экономика дәлізіндегі іргелі өзгерістер мен пайымды процестерге қарап, «даму деңгейіміз тұрақты» деп тоқмейілсігеніміз жөн болмас. Буыны бекіп, қабырғасы қатып тұрған елдердің өзіне экономикалық кедергілер бағытталып, сауда санкциясы салынуда. Бұл жайттар «сай-сүйегі сырқырап» тұрған ел экономикасы үшін жаңа мақсаттарға мойын бұрып, тың жобаларға жетуге ұмтылдыруы тиіс. Өйткені 2050 жылға қарай озық дамыған 30 елдің тізімінде тұру – айқындалған мақсат. Ал біз ол көрсеткішке жету үшін небәрі шетелден тікелей инвестиция тартып, халық болып көтерген келелі мәселелердің бетін жылы жауып, жыл сайын сандық көрсеткіштерді «сайратумен» келеміз. Одан бөлек бағытын білсеңіз, мархабат! Рас, қазіргі күні әлі сауығып үлгермеген экономикамыздың буынында бағыт жоқ. Сәт сайын өзгеріске ұшырап, жыл қорытындысында «желкесі тартылып» қалады. Бұл тіпті қалыпты жағдайға айналып барады. Оған одақтас, еншілес, көршілес елдердің сауда нарығындағы қақтығыстар мен келіспеушіліктердің ушығуын қосыңыз. «Қазаны бөлектің қайғысы бөлек» деп айтуға да болар еді, алайда қазан қақпағы ортақ болғаннан кейін сыртқы факторлар шекара айналып өтпейтіні тағы бар. Апта басында мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың алғаш рет өткізген Үкіметтің кеңейтілген отырысында индустрияландыру, агроөнеркәсіп кешенін, кәсіпкерлікті дамыту, тұрақты макроэкономикалық дағдарыс мәселесін шешу, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, өмір сапасын арттыру, білім мен денсаулықты қорғау жүйесін жетілдіру, территориялық даму мәселесі және мемлекеттік басқарудың сапасы мен тиімділігін арттыру секілді «толғақты» тоғыз мәселені көтеріп, көпшіліктің тынысын кеңейткендей болды. - Қаңтар-маусым аралығында жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік деп айтуға болады. Атап айтсақ, экономикалық өсім 4,1 пайызды құрады. Инфляцияның жылдық көрсеткіші 5,4 пайыз болды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 11,7 пайызға өсті. Әрине, аталған экономикалық көрсеткіштердің барлығы халықтың тұрмысына оң ықпал етуі тиіс, - деді елдің жартыжылдық әлеуметтік-экономикалық қорытындысымен жиынның шымылдығын ашқан мемлекет басшысы.
ӘКІМДЕРГЕ АЙТҚАНЫ...
Жаңа басшының мемлекет үшін қандай мүдделерді айқындайтыны бүкіл елдің қызығушылығын тудырғаны рас. Алдымен индустрияландыру бағытында атқарылып жатқан шаруаларға және «қарапайым заттар экономикасын» дамытудың маңыздылығына тоқталды. Біз осы мәселеге келгенде аяқ тартып, жалқаулық жар бермей тұр. Жиһаз, тамақ, тоқыма, құрылыс салаларының мүмкіндіктері әлі толық іске асқан жоқ. Тіпті бұл бағытта Елбасы 600 млрд теңге қарастырды, бүгінде екінші деңгейлі банктермен жалпы сомасы 41 млрд теңге болатын 92 жоба ғана жұртқа қызмет етуде. – Инвестиция тарту керек. Әкімдерге айтарым, сіздер инвестиция тартумен айналысуларыңыз керек. Кейде мен теледидардан сіздердің кәсіпкерлер мен инвесторлар делегациясын қалай қабылдайтындарыңызды көремін. Бұл жарамайды. Өздеріңізді бір князьдік басшы секілді сезініп, үстелдің басында 3-4 метр алшақ отырып аласыздар. Инвестиция тартуға сіз емес, олар мүдделі секілді. Сіздер өздеріңізді үлкен бір бастық етіп көрсетпей, жұмыс істеулеріңіз керек. ... Менің үкіметке тапсырмам – үшінші бесжылдықта индустриализациялауға баса мән беру. Әрбір іске прагматистік көзқараспен қарау шарт. Қиялдан зәулім сарай тұрғызуды доғарыңдар! - деді президент Тоқаев министрлер мен әкімдерге мін тағып.
ЖИНАЛҒАНДАР НЕГЕ «ЖИЫРЫЛЫП» ҚАЛДЫ?
Кәсіпкерлік саласын дамытуға да ерекше назар бөліп отырған Тоқаев бұл жолы тым қатты айтты не тым қатты қорқытып жібергендей көрінді. Кәсібін дөңгелетушілердің алдынан ешқандай «жартас» көргісі келмейтін ол кәсіпкерлерге кедергі келтіргенді түрмеге тоғытатынын айтты. Бұл оның әзірге тәсілі ме, принципі ме, әйтеуір жиналғандар бұл сөзге кірпідей «жиырылып» қалды. Айтпақшы, осындай тексерулер мен заңсыздықтан қорғалған қазақстандық кәсіпкерлердің өзі инвестор болуға жарап тұр. Бірақ... – Біздің экспорт жолымыз қиын, санкциялық соғыстардың салқыны бар, оның үстіне Иран арқылы шығатын транзиттік жол да өзінің кері әсерін тигізуде. Каспий теңізі арқылы жүретін транзиттік жолдың бағасы өсті. Қазір бізде бұдан да бөлек мәселелер баршылық. Мына нәрсеге баса назар аударғым келеді: бірнеше жыл бойы Қазақстанның капиталы сыртқа кетіп жатыр. Өзіміз қолдаған кәсіпкерлердің қазір көптеген жаңа бастамаларға инвестор бола алатын шамасы бар. Бірақ олар барлығын шетелге тасиды. Неге? Міне, осындай ішкі мәселелерді реттейтін заң қажет, - деп президентке назын жеткізді ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов.
«ЖЕР ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ САТЫЛМАЙДЫ»
Басты бағыт, жүйелі жоспар негізіндегі мәселелердің шешімі нақты қабылданатыны белгілі. Бабаларымыздың ерлігінің көрінісі, аманатының «сарқыты» – жер мәселесі бүгінде өзектілігін жойған жоқ. Халықтың бойында «шетелдіктерге сатып жібереді» деген үрей әлі де бар. Кемелұлының өткізген келелі жиынында бұл даулы мәселенің де мәні табылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді рациональды қолдануды бастады. 2021 жылы «Жер Кодексі» бойынша мораторийдің аяқталуына байланысты ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беруге тыйым салынады. Ал халық көкейіндегі сұраққа қатысты ел президенті «жер шетелдіктерге сатылмайды» деп кесіп айтты. Тағы бір өзектілігін жоймайтын мәселенің бірі – министр ауысқан сайын өзгеріске ұшырайтын білім бағдарламасы. Премьер-министр Асқар Маминнің мәлімдеуінше, жыл соңына дейін «2025 жылға дейінгі білім мен ғылымды дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама» бекітілмек. «Барлығы 500 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның ішінде өздігінен қаржыландыру есебінен 100-ден астам жекеменшік мектеп, бұдан бөлек мемлекеттік-жекешелік кәсіпкерлік механизмі бойынша 3 мыңға жуық жаңа балабақша ашылады» деп сүйіншілеген Маминнің айтуынша, алдағы үшжылдықта мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының барлығы жаңа білім бағдарламасына сәйкес білім алуға көшеді.
АРЫСТАҒЫ ӘСКЕРИ ҚОЙМА КӨШІРІЛЕДІ
Ел басшысын елдегі соңғы ахуалдар мен толқынды үн қатулар алаңдатса керек, барлық мәселенің жанынан жонып ғана өткен жоқ, астарына үңіліп, себебі мен салдарын анықтауға тырысты. Әсіресе Түркістан облысындағы Арыс қаласының мән-жайын жіті өзі қадағалайтынын айтты. Ондағы күрделі ахуал жақын арада қалыпқа түседі. Десек те, арыстықтардың қорқынышы басым. Он жылдың ішінде төрт рет жарылған қойманың халық қоныстанған жерден алысқа көшіруін сұраған еді. Бұл талап та көп ұзамай орындалатын түрі бар. – Әскери қоймада болған жарылыс салдарын түпкілікті жою – ең өзекті мәселе. Менің тапсырмам бойынша Үкімет тиісті қаражатты бөлді. Уақыт өте тығыз. Премьер-министрге және әкімдерге осы мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын. Қорғаныс министрлігі әскери қойманы көшіру жұмыстарын ұзаққа созбай, қысқа мерзім ішінде аяқтау қажет, - деп Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевке қатаң тапсырма берді президент. Айта кетейік, мемлекет басшысы – ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысы. Ел тағдырына қауіп төндіріп, жердің «талқанын» аспанға ұшырған Арыстағы әскери қоймадағы жарылысқа қатысты таяқтың бір ұшы өзіне де бағытталады. Сол себепті ол Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев басқарып отырған ведомство жұмысына қанағаттанбайтынын ескертіп, қатаң сөгіс жариялады. Бұл – жаңа президенттің ел алдына шығып өткізіп тұрған алғашқы кеңейтілген отырысы. Бұған дейін Елбасының өзі өткізген жиын барысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелері мен болашағы айқындалған жоспарлар бекітілсе, бұл жолы түйінді мәселелер тарқатылды. Мүдде – ортақ, мақсат – біреу – халықтың өмір сүру және тұрмыс сапасын арттыру. Келелі кездесуден кейін мемлекет басшысы республикалық маңызы бар облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерімен кеңес өткізді. Онда ол әкімдердің барлығына өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шұғыл шешу үшін олардың алдына бірқатар міндеттер қойып, халықтың талап-тілектерін жүйелеуді тапсырды.
Н.ҚАЗИ |
ТЕҢІЗ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ТОЙ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
18.07.2019 12:20 |
«Тойдың болғанынан, боладысы қызық». Шілденің қапырық аптабы көл жағасында саябыр тартқандай. Қайда қарасаңыз да, шаттыққа толы жадыраған жүздерді көресіз. Шара барысында «Арал – тектіліктің тұраны, тұңғиық теңіз тұрағы» тақырыбында жағалау мен айдын бетінде көпшілік назарына ұсынылған тағдырлары теңізбен ұштасқан жандардың өмірінен сыр шертетін қойылым, аудан өнерпаздары дайындаған мерекелік концерттік бағдарлама той ажарын аша түсті. Балықшылар қауымының V слетіне облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Намаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, балық шаруашылығы саласындағы республикалық және халықаралық ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері мен аймақтағы балық шаруашылығының ардагерлері, Түркістан мен Ақтөбе облысынан келген меймандардың қатысуы «қуаныш бөліссе көбейеді» дегеннің рас екенін аңғартқандай.
Слеттің келесі күні көпшілік балық өнімдері мен «Тіршіліктің нәрін бөліскен!» айдарымен балықшылардың өмірі мен тыныс-тіршілігін баяндайтын көрме, аймақтың балық шаруашылығының даму тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен танысып, саланың үздіктері мен ардагерлерін марапаттау рәсімін тамашалады. V балықшылар слетінің ашылу салтанатындағы құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Намаев облыстағы балық шаруашылығының дамуы туралы айта келе, Кеңес заманында Арал өңірінен бірқатар Кеңес Одағының батыры, Социалистік еңбек ерлері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары шыққанын, сол игі дәстүрдің қазіргі таңда да жалғасып келе жатқанын, ел ықыласына бөленіп жүрген Нұрбек Әйімбетов, Аманбай Ерхатов, Төребек Игіліков, Батырхан Пірекеев, Табын Аленов, Шүкірбай Абдуалиев, Ақылбек Байқошқаров, Сәрсенбай Қошқарбаев, өзге де кәсіпкер азаматтардың еңбегі қандай мақтауға да лайықты екендігіне тоқталды. Мұнан соң ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов, балық шаруашылығының бұрынғы министрі, қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов өздерінің ақжарма тілектерін білдіріп, сала үздіктері мен ардагерлері түрлі марапаттармен мадақталды. Нақты кезеңде Арал өңірінде 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала балық», «СДО Қарашалаң» ЖШС-нің балық өңдеу зауыты балықты терең өңдеумен айналысса, «Бөген СДО», «Қуаныш», «Ар-М-Кон» шағын балық өңдеу зауыты балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен шұғылданады. Балық өңдеу саласындағы 31 балықшылар бригадасында 405 адам еңбек етеді. Балықшылар бригадасы көптеген өздігінен жүретін, өздігінен жүрмейтін флот, үлкен және шағын кемелер, құрма, кермеше ау, жылыммен қамтамасыз етілген. Слет барысында кемелердің шеруін тамашалаған жандар керемет көріністің куәсі болып, ерекше сезімге бөленді. Осылайша балықшылар тойы дүркіреп өтті. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді». Өңір жұртшылығының ортақ іске жұдырықтай жұмылуы, ағайын арасындағы береке-бірліктің арқасында Арал өңірі уақыт өткен сайын кемелдене түсуде. Теңіздің жандануымен мұндағы қабырғалы қауымның тұрмыс-тіршілігі оңалып, балық шаруашылығы аймақ экономикасының салмақты бөлігіне айналды. Заманауи технологиямен жабдықталған балық өңдеу зауыттарында ауданда ауланып, өңделген балық түрлері Еуропа мемлекеттеріне экспортталып жатыр.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ, Арал ауданы |
КӨП... КӨРГЕН «КРЕСЛО» |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
18.07.2019 12:10 |
Көтеріп қойған қыздың тойы тез жасалады ғой. Біздегі президент сайлауын айтамын. Ел арасындағы «той той болмады, бала-шаға жеп кетті» дегеннің кері болып тұр. «Жеп» кеткенін емес, кетпей тұрып «деп» кеткенін айтамыз. «Украинада президенттікке үміткер әртіс – президент, Қазақстанда президенттікке үміткер саясаткер әртіс болды» деген «қызықты» һәм «күлкілі» пікір де уақытында әр-әр жерде жазылды. Шынында, адамнан сөз артылмайтындай. Сайлау науқанының қорытындысын айтпағанда, 30 жыл ел басқарған «үлкен кісі» саяси аренадағы мықтылығын дәлелдеп кеткендей. Қалай болғанда да, өз еркімен кеткені анық. Сұрақ бар. Қалай кетті? Бастысы «көтергізді». Оппозиция мен өзін оппозиция санайтындар қанша жерден сыртынан «түсік жасатқысы», «іш тастатқызғысы» келгенімен, мұнан ештеңе шықпады. (Тіпті, ырымға жаман екен, түге!) Әрі жүйені жүйелеу мүмкін емес. Сондықтан, «көтеріп қойған» қыздың тойы әп-сәтте көңілдегідей өте шықты. Кәдуілгі тойдан бір ерекшелігі, бұл – қойылымды той. Айтпақшы, «ит байласа тұрғысыз» деген тұрақты тіркесті естуіңіз бар ма? Кейбір «креслолар» сондай болады. Білетіндер мемлекеттік қызмет туралы қоқыс жәшігінің айналасындағы пікірді айтады. Жалпы, жұртшылықтың басшыларға деген сенімі азайып кеткен. Мүмкін оған себеп те бар шығар. Бірақ, тағына жайғасқан кейбір «хандарға» дат айтқандардың шаруасын «уәзірлер-ақ» шешіп тастап отырады. Сондайы жаман. Ал, «жіпсіз байланды» дегенді ше, мұнан да хабарыңыз бар ма? «Үш күннен соң тозаққа да...» дейді ғой. Әрине, үйренесің, жіпсіз байланасың. Қаққан қазықты айналшықтайсың. Жүресің, отырасың, жүгіресің. Сондықтан, ұзақ қызмет етесің. Айтқандай, басшылыққа келе сала өзіңнен бұрынғы басшыны түк істемегендей етіп көрсете бастап, тыңнан түрен салып, сызып берген шеңберден шығып кетіп жатсаң, біттім дей бер. Ол кімге ұнасын? Қызылордадағы бір бөлімге басшы тұрақтамағанын осымен байланыстыратындар бар. Құлағынан құрық өткізбей, бас білінбей, ер салғызбай да күнелтуге болады. Бірақ, басшылық қызметте емес. Жүйе солай. Біз анық-қанығын білмейміз. Иә, бірінен соң бірі келетін адамдар, бірінікінен соң бірінікі көретін «креслолар» бізде жетерлік. «Бетеге кетіп, бел қалар, бектер кетіп, ел қалар» деуші еді бұрынғылар. Қайран, «кресло!», сен не көрмедің!? Көп... көрдің ғой, көпті!
Ш.ШАТҚАЛ |
ҚОҢЫРАУДАН ҚАШҚАН ҚАЗАҚТАР... |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы |
18.07.2019 12:00 |
Коллаж “Айқын” газетінен алынды Бүгінде өмірімізді мобилді байланыссыз елестете алмаймыз. Бір күн телефонсыз жүрсек, құдды бір бүкіл шаруамыз шешілмей қалатындай. Баламыз да телефонға әуес. Атамыздың да құлағында – телефон. Сүйіншіні телефонмен сұраймыз. Көңілді телефонмен айтамыз. Ұнамағанды «қара тізімге» жібереміз. Ең өкініштісі, осы адамдардың дені – банктің «қара тізімінде» тұрғандар. «Қарызды қашан қайтарасыз?» деген сауалмен хабарласқан қоңыраудан қашқан қазақтардың қарасы өте көп, өте...
Қалай десек те, қарыздың салмағы ауыр. Қайтарымы қиын. Ілкіде қазақ қарызға қалай қарады? Қазақта қарыз алысу, берісу бұрыннан болған әдет. Әу баста ауылы аралас, қойы қоралас адамдар мал берісіп, алысуды бір-біріне қарыз санамаған. Ал нарық заманында бұл қарыз банктегі несиемен, мемлекетке төлейтін салықпен өлшене бастады. Бұрында да ақшалай қарыз алу аз болған. Қазіргі кездегі тауарлық несие сияқты, мал-мүлікпен саудаласып, сонымен есептескен. Қыздың қалыңмалы да малмен өтелген. Қандай малды қарызға алса, дәл сол жастағы малды қайтарған. Ал қарыз беру ауызша рәсімделіп, ант су ішумен бекітілген. «Уәде – Құдайдың бір аты» дейтін қазақ, берген сертін жұтпаған. Егер кешіксе, үстеме ақысына қой мен сиыр, қозылы саулық, бұзаулы сиыр берген. Қарыз жағы шариғатта қалай? Ол мұсылман үшін рұқсат етілген игі іс. Мұсылмандардың бір-бірінен қарыз сұрауына болады. Бірақ қарыз беруші қарыз алушының ол ақшаны теріс істерге жұмсайтынын біле тұра, қарыз берсе – харам. Сондықтан қарызды мұқтаж жандарға, отбасын асырауға, жақсы істерге беру керек. Ал үстіне өсім қосып, пайызымен қарыз беруге де, алуға да тыйым салынған. Егер адамның қарызды қайтаруға жағдайы жоқ болса, шамасы келмесе, ол қарызды кешкен жөн. Себебі қарыз беру – сауапты іс болып саналады. Алайда қазір ауыл-ауылдың өзінде «процентке ақша беруді» кәсіп етіп алғандар көп. Сол қарызды деніміз кейде саналы түрде, кейде амалсыз жағдайда алып жүрміз. Аз уақыт бұрын ғана Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы екінші деңгейлі банктерде жеке тұлғаларға тиесілі қарыздың жалпы сомасы 6 триллион теңгеге жуықтағанын айтқан еді. Несие алған 2 миллион адам қарызын қайтара алмай отыр. Соның нәтижесінде, қайтарылмаған несиелердің сомасы 3 триллион теңгеге жеткен. Ал бас банкир Досаевтың сөзіне сенсек, қазір елімізде 670 000 адам несиесін төлей алмай жүр. Жеке тұлғалардың жалпы қарызы – 6 триллион емес, 4 триллион 100 миллиард теңге. Бұл – ресми статистиканың мәліметі. «Оның ішінде біздің ипотекамыз, кепілсіз несиелер мен автонесиелер бар. 2017-2018 жылдардың ішінде банктер берген осындай несиелердің сомасы 47 пайызға көтерілді. Бірақ бүгінде несиені төлемеген адамдардың саны 2 миллион емес, 670 000 адам біздің кредиттік бюромызда тұр», - деді Е.Досаев Сенат отырысында. Еліміздегі еңбекке жарамды 8,5 миллион азаматтың 2 миллионға жуығы қарызын қайтара алмай жүр. Бұл – бармақ шайнататын жайт. Жалпы, 5 миллионнан астам адамның банкке берешегі бар. Демек, несие алушылардың қарасы көп деген сөз. Бұрын несиенің үстеме пайызы жоғары болатын. Сондықтан несие алушылардың да қатары сирек еді. Ал қазір банктердің несиелік жүйесі өзгерді. Жеңілдетілген түрлі бағыт бойынша халықтың қызығушылығын тудырып отыр. Бірақ банк бәрібір өз ұпайын арттыруға жұмыс істейтінін қарапайым халықтың бірі білсе, бірі біле бермейді. Осы арада несие қандай мақсатта жұмсалады деген сұрақтың қойылуы заңды. Расында да, ел кепілмен, кепілсіз алған қарызын қайда жұмсайды? Бір басында бірнеше кредиті барлар ше? Олар жан бағу үшін қарыз алды ма? Әлде қосымша керек-жарағына жеткізе алмай отыр ма? Оның да жауабы дайын. Зерттеулердің нәтижесі бойынша алынған қарыздың 85 пайызы мақсатсыз жұмсалады екен. Яғни, қымбат көлік, той-думан мен өлім-жітім, қымбат тондарға жұмсалады. Төрт жыл бұрын әйгілі украиндық «Орел и Решка» бағдарламасы Алматыға арнайы түсіріліммен келді. Сондағы жүргізушінің «Қазақтар сән-салтанатты ұнатады. Бір қызығы, бұл қаланың тұрғындары басында үйі жоқ, пәтерді жалдап тұрса да, несиеге қымбат көлік мінгенді ұнатады» деген кекесін сипаттамасы әлі күнге дейін есімізде. Бірақ қазір намысты ойламаймыз. Өзіміз айтқандай «қарызды күлдіріп келтіріп, жылатып қайтарып жүрген» жайымыз бар...
ТҮЙІН. Қоңыраудан қашу дегеннен шығады, қарыздың кесірінен таныс емес нөмірді көтермейтін күйге жеттік. Мүмкін бұл – сіздің өміріңізді жаңа арнаға бұратын жағымды жаңалығы бар қоңырау шығар. Мүмкін дәл сол сәтте сіздің көмегіңіз өте жақын адамыңызға керек болған болар. Мүмкін... Қоңыраудан қашанғы қашамыз?
Гүлжан РАХМАН, журналист, Нұр-Сұлтан қаласы |