Өзекті мәселелер

  • 22.08.19

    Елімізде дәрінің көмегімен өмір сүретін азаматтар аз емес. Олардың дәрілік препаратсыз қауқары жоқ. Антибиотикке тәуелді науқасқа кім қарайды? Ақысыз берілетін дәрі-дәрмектерді кімдер, қайдан және қалай ала алады?

    ...
    Толығырақ...
  • 22.08.19

    Халық «Елін сүйген ер болар» дейді. «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі» дейді тағы  да.

    Иә, ел намысы үшін ерлік­ке бара алар азаматтарды кебен­ек ішінде танып-білу аса маңызды.

    Кебенек – сыртқы киім. Оны көбіне-көп жорықта, аңшылықта киеді. Демек, бұл киімді кез келген адам кие алады. Олай болса, «Ерді кебене­к ішінде  таны» деген – ер жігітті киіміне қарап емес, жан дүниес...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    ТЫНДЫРЫМДЫ   ІС – НӘТИЖЕЛІ   КӨРСЕТКІШ

    Қаланың экономикалық тұрғыда дамып­, қалыптасуында стратегиялық міндет жүйелі түрде өз-өзін айқындап отырады. Шаһардың болашағына байлан­ысты әр жоспар, әр бағыт өзіндік құнымен маңызды. Осындай іргелі істерді атқару барысында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың іскерлік һәм басшылық міндеті ж...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    Өткен бейсенбіде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының қолдауымен, өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері Шиелі ауданына баспасөз турына барды. Жолай біз бағыт алған өңірдегі баратын нысандардың тізімі қолымызға тиді. Риза болғанымыз, бір-біріне ұқсамайтын бес қызмет түрін жандандырып отырған шағын кәсіп иелерімен таныстық. Оның ішінде ауқымды жерді алм...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    192   ШАҚЫРЫМ  ЖОЛ  ЖӨНДЕЛЕДІ

    Елдегі көлік саласы маңызды рөлге ие. Оған сауда-экономикалық бағыттағы тауарлардың көліктің қай түрімен болсын тасымалдануы дәлел. Одан өзге аймақтар үшін республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жол­дардың  өзектілігі  жоғары.  Өткен  жылы осындай жолдар мен көшелерді дамыту­ға республикалық бюджеттен 1...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 24 Шілде 2019

ҚАРЫШТАП ДАМЫҒАН АЙШЫҚТЫ АЙМАҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
25.07.2019 11:45

Тарихы кенен, тамыры терең, ажары айшықты Сыр елінің қарышты қадамы – нәтижелі істің көрінісі. Соңғы жылдардағы аймақтың келбеті бұрынғыға қарағанда оң өзгерістерге толы. Сыр халқына соны серпін сыйлаған бағыты айқын, жүйелі жұмыстың   куәсі – халық.

 

«МИЛЛИОНДЫҚ»  АЙМАҚТАРДЫҢ   АЛДЫН  ОРАДЫҚ

Даму қарқыны жылдам, әлеумет­тік-экономикалық жағдайы қалыпты, индустрия-инновациялық бағытта жаңарып келе жатқан Қызылорда облысы­ның даму деңгейіне жоғары баға қоюға болады. Табысты экономикалық даму мен қоғамдық игілікті қамтамасыз етудің арасындағы ұтымды­ тепе-теңдікті таба білудің облыс үшін маңызы зор. Қазіргі әлемдег­і бұл түбірлі мәселе әлеуметтік-экономикалық жаңғырту екенін  әлдеқашан  мойындағанымыз рас. Осыдан бірнеше жыл бұрын аймақ­тың  экономикалық, әлеуметтік  және  мәдени дамуы, халықтың  тұрмыс кешуі мен кәсіпкерлікті дамыту үшін тең жағдайлар жасау басты­ міндеттер мен талаптардың қатарында тұрды. Заманауи бағыттағы жаңа техникалық және техно­логиялық негізде құрылымдық қайта құрулар жүргізілуге бетбұрыс та осы кезеңнен басталды. Өйткені өңірдегі өндіретін өнімнің бәсекеге қабілет­тілігін арттыру арқылы экономика негізі  нығаяды.

Өңірлік  дамудың  басқа  да маңыз­ды  бағыттарының  экономикалық өсу үшін үлкен әлеуеті бар. Еңбек ресурстары­ның ұтымдылығын арт­тыру­ азаматтар­дың экономикалық әлеуетін көтеруді көздейді. Аймағымызда «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының жүзеге асыры­луы құрылыс саласының қар­қынды дамуы үшін ғана емес, жұмыссыздық деңгейін бірқалыпты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Осы жылдары экономикалық қиындық­тарға қарамастан, кәсіпорындардағы жұмысшылардың  жаппай  қыс­қаруын  болдырмауға ғана емес, соңғы 5-6 жылда 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға қол жет­кіздік. Бес жыл ішінде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2 есеге арт­қан. Тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша біз Қарағанды, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары сияқты «миллиондық» аймақтардың алдын орадық. Нәтижесінде, облыс орталығының өзінде ғана соңғы жылдары 14 жаңа шағын аудан пайда болды­. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жоспарланған 2,8 млрд теңге­ толығымен игерілді. Ал «Нұрлы жер»  бағдарламасы негізінде 4,6 млрд теңгенің 4,5 млрд теңгесі тиісті бағытта­рға жұмсалды. Игерілмегені – 83,2 млн теңге (Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік сатып алудан үнемделген қаржы):

- Қызылорда қаласының жеке тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту және жайластыру, Қызыло­рда қаласы Жезқазған тас жолын­ың бойындағы 150 га жерге инжене­рлік желілер құрылысы және сыртқы электрмен жабдықтау желі­лерінен 27,8 млн теңге;

- Қызылорда қаласы, инженерлік-коммуникациялық инфрақұры­лымды дамыту және орналастыру ЖТС (ИЖС) бойынша «Саяхат» мөл­тек ауданы электр қуатымен жабдықта­у  желілері  мен  Қорқыт  ата көшесін  электр  қуатымен  жабдықтау­  желісін­ен 21,8 млн теңге;

- Қызылорда қаласы, Сырдария өзенінің сол жақ жағалауы №4 учаскедегі №2 тұрғын үй кварталының инженерлік инфрақұрылымын жобалау негізіндегі электр қуатымен жабдықтау жүйелерінен 10 млн теңге;

- Қызылорда қаласы, Сырдария өзенінің сол жақ жағалауы №4 учаскедегі №2 тұрғын үй кварталының инженерлік инфрақұрылымын жоба­лау­ бойынша сыртқы газбен жаб­дықтау жүйелерінен 23,6 млн теңге үнемделген.

ИГЕРІЛМЕГЕН  ҚАРЖЫ  –  ҮНЕМ

«Өңірлерді дамытудың 2020 жылғ­а дейінгі  бағдарламасы»  аясында соңғы  5 жылда қала бойынша 3 млрд 200 млн теңгеге 123 көпқабатты тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өткізілген. Бұл – өткен жылғы мәлі­мет. Ал  ағымдағы  жыл  басынан  бері бұл бағыт аясында игерілуі тиіс 4,2 млрд теңгенің тек 13,9 млн теңгес­і артылған. Аудандар мен Қызылорда қаласы бюджеттері бойынша қар­жының игерілуіне келсек, Сырдария ауданы бойынша 100%, Қармақшы және Жалағаш 99,9%, Қазалы 99,8%, Арал және Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласы 99,7%, Шиелі ауданы бойынша 99,4%-ды құрап отыр. Субъективті себептермен ең төменгі қаржының игерілуіне жол берген аудандар қатарында Шиелі  (38 млн теңге), Арал (21,7 млн теңге)­, Қазалы (13,2 млн теңге) бар. Ең қомақты 83,2 млн теңге көлемінде үнемделген қаржы республикалық бюджет қаражаттары есебінен инженерл­ік  желілердің  құрылы­сына Қызылорда қаласына қаралған қар­жыд­ан  қалыптасқан.

Айта кетейік, Елбасы осыдан бірнеше жыл бұрын жергілікті өзін-өзі  басқаруды  дамыту тұжырым­дамасын әзірлеу міндетін қойды. Жергілікті маңызды мәселелерді шешу жөніндегі өкілеттікті толық көлемде жүзеге асыру үшін қаржылық-экономикалық  жағдайды көтеру­ басым міндетке айналып отыр. Өкілеттік тізбесін одан әрі кеңейту жергілікті  өзін-өзі басқарудың барлық  жүйесін дамытумен, қаржылық-экономикалық дербестікті арттырумен, қалалық және ауылдық елді мекен­дердің  жергілікті өзін-өзі басқару  тәжірибесінің  өсуімен  сабақтас жүруге тиіс. Аймаққа қарасты Шиелі ауданы бойынша қаражаттар 99,4%-ға игерілген, 59,5 млн теңге жараты­лмаған. Оның ішінде үнемделген қаржы – 21,5 млн теңге, республикалық бюджеттен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке қаралған қаржыдан 35,5 млн теңге үнемделген. Арал ауданында қаражаттың 31,5 млн теңгесі игерілмеген. Оның ішінде үнемделген қаржы 9,8 млн теңге, мүгедектерді қолдау бағдарламасы аясында гигиеналық құралдардың жет­кізілмеуінен 2,7 млн теңге, жылу­энергетикалық жүйені дамыту бо­йын­ша жұмыстардың орындалмауынан 17,7 млн теңге үнемделген қаражат есебіне түсті. Ал бөлінген қаржының 17,3 млн теңгесінің мұртын бұз­баған Қазалы ауданы 4,1 млн теңге үнемдеді. Республикалық қаражат есебінен Түктібаев елді мекеніндегі тұтынушылар  учаскелерінің шекара­сына ауызсу құбырын жеткізу желілерінің құрылысы бойынша мердігер мекеменің жұмыстарды орындамауынан 13,1 млн теңге аудан бюджетінде қалды. «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында 3,2 млн теңге, мектепті жөндеу жұмыстарының сметалы­қ құжаттарының дұрыс ұсыныл­мауынан 4,5 млн теңге, абаттандыру бойынша жұмыстардың орындалмауынан 0,4 млн теңге және өзге бағыттардан 15,5 млн теңге үнемдеп, жалпы 23,6 млн теңге қаржыны игермеген  аудан – Жаңақорған.

 

ӨНЕРКӘСІП  ӨНІМІ  ӨНІМДІ

Қазақстанның тұңғыш президен­ті, Елбасымыз 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жол­дауында «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» деп айқын міндет қойды. Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын ұлғайту үшін қажырлы қызмет етіп жатқан және  еңбек  өнімділігін  ұлғайтуға әзір жергілікті  өнім  өндірушілерге мұның  өзі  қанат  бітіреді. Қазақстанда «ақылды технологиялардың» көмегі­мен агроөнеркәсіпті қарқынды дамы­тудың барлық мүмкіндігі бар. Қазір  ауыл  шаруашылығын дамытуға, өнеркәсіп өнімдерін өндіруге, ауылды  жерлердегі өмір сүру сапасын арттыр­уға,  халыққа жан-жақты жағдай жасауға  баса мән беріліп отыр.

2019 жылдың қаңтар-маусым айлар­ында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 443,6 млрд теңге­нің өнімі өндірілген. Бұл – нақты индекс­  көлемінің 91 пайызы. Аймақтағы өнеркәсіп өндірісі көлемінің төмендеуін жиі тілге тиек етіп жүрге­німіз рас. Оның себебі мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне қатысты. Соныме­н  қатар,  химия  өнеркәсібі       7%-ға, мұнай өңдеу өнімдері өндірі­сінің 22,1%-ға, өзге де металл емес минер­алдық өнімдерді өндіру 13,7%-ға, негізгі бағалы және түсті металдарды өндіру 27,6%-ға төмендеуі есебінен өңдеу өнеркәсібі өндірісі 8,2 пайызға азайып отыр. Бүгінде бұл бағытта республ­ика көлемінде атқарылып жатқан­  жұмыстардың  тиімділігін  арт­тыру  мәселесі  жетілдірілуде.

 

ИНДУСТРИЯ   ИГІЛІГІ  –   ХАЛЫҚҚА

Экономиканың болашағына төніп тұрған жаһандық дағдарысқа біздің жауабы­мыз  дайын. Еліміздің ішкі сұраныс­ты және экономиканың өсу қарқынын  қамтамасыз  етуге, он мың­да­ған  жұмыс орындарын ашуға мүмкін­дік беретін алып құрылыс алаңына айна­луға жол ашық. Мәселен, аймақтағы шикізат ресурстарымызды әр­тараптандыру бағытында жаңа ауқымды жобалардың басталуы да игі іс. Осы ретте ағымдағы жыл басынан бері ин­дуст­рияландыру бағдарламасы аясында жалпы құны 42,6 млрд теңгені құрайтын, 431 жұмыс орындары құрылатын  4 жобаны іске асыру жоспарлануда. Олар:

1. «Табақша шыны шығару және өңдеу  зауыты  құрылысы»  жобасы («Orda  Glas»  ЖШС)

Жоба құны – 42,0 млрд теңге;

Қуаттылығы – жылына 197,1 мың тонна;

Жүзеге асу орны – Қызылорда қаласы;­

Жұмыс орны – 226 адам;

Жобаның іске қосылу уақыты – 2019 жылдың желтоқсан айы.

2. «Күйдірілген кірпіш өндірісі зауыты» («АКТАЛ» ЖК)

Жоба құны – 30,8 млн теңге;

Қуаттылығы – жылына 4 млн дана кірпіш;

Жүзеге асырылу орны – Қызылорда қаласы;

Жұмыс орны – 45 адам;

Жобаның  іске  қосылу  уақыты – 2019  жылдың  1-жартыжылдығы.

3. «Балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық жасау цехын  салу» («Қазақстан Аквакультура ЛТД»  ЖШС)

Жоба құны – 160 млн теңге;

Қуаттылығы – жылына 4 мың тонна балық;

Жүзеге асу орны – Арал ауданы;

Жұмыс орны – 100 адам;

Жобаның  іске  қосылу  уақыты – 2019  жылдың  2-жартыжылдығы.

4. «Күрішті өңдеу және құрама жем өндірісін ұйымдастыру» («Таң LTD» ЖШС)

Жоба құны – 397 млн теңге;

Қуаттылығы – жылына 3 мың тонна құрама жем;

Жұмыс орны – 60 адам;

Жүзеге асырылу орны – Шиелі ауданы;­

Жобаның 1-кезеңін іске қосу  2019 жылдың 3-тоқсанында жоспарлануда.

Айта кетейік, облыстың инвести­циялық тартымдылық потенциалы да жылдан-жылға артып келеді. Түрлі индуст­риалды   жобаларды  жүзеге  асыру­  үшін  соңғы  бес жылдықта тартылға­н 1,7 трлн теңгеге жуық тікелей­  инвес­тицияның 25,5 пайызы 2018  жылдың  енші­сіне  тиесілі. Ал алты айлық есепті мерзім мәліметіне сүйенсек,­ негізгі капита­лға  салынған  инвестиция  көлемі 180,2 млрд  теңге­ні  құрап отыр.

 

ҚҰРЫЛЫС   ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ

Сыр өңірінің құрылыс саласындағы жетістіктері де өзге аймақтарға қарағанда көш ілгері. Сән-салтанаты келіскен, әр көшенің бойына әр беріп тұрған қызыл кірпіштерден салынып жатқан зәулім ғимараттар мен тұрғын үй кешендерінің құрылысы жыл санап артып келеді­. Қазіргі кезде тұрғын үй құрылысын мемлекеттік қолдаудың 3 негізгі бағыт­тары айқындалған. Олар: жергі­лікті атқарушы органдардың арзан баспаналар құрылысын салуы, ол тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесін пайдалану арқылы сатылады, екіншісі – құрылысты және ипотекалық несиелеуді қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерге жүгіну және соңғысы – инженерлік коммуникациялар құрылысы. Облыс орталығы мен қаланың сол жағалауындағы тұрғын үй кешендерінің біраз бөлігі ел игілігіне берілуде. Есепті мер­зім ішінде 59,3 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілген. Баспаналы болу­ды армандап, қаржысын жинап жүрген тұрғындар үшін 277,3 мың шаршы­ метр тұрғын үй халық игілігіне жарап  тұр.

 

ИННОВАЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІМІЗ МОЛ

Осыдан тура үш жыл бұрын, 2016 жылы аймақтың ауыл шаруашылығы өнімдерін нарыққа өткізу мақсатында кешенді маркетингтік зерттеулер жүр­гізіліп, арнайы «Агрокарта» әзір­ленді. Сондай-ақ, Елбасының агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнім­ділігі мен қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін 5 жылда 2,5 есеге арттыру жөніндегі тапсыр­масына сәйкес өткен жылы «Облыс­тың агроөнер­кәсіптік кешенін дамытудың 2018-2022 жылдарға арналған егжей-тегжейлі іс-шаралар жос­пары» да әзір­ленгенінен көпшілік хабар­дар. Құнды құжаттың негізгі екі бағыты бар, бірін­шісі – АӨК экспорттық  әлеуетін арттыру мен өткізу на­рықтарын кеңей­ту, екіншісі – жылдам дамыт­уды қажет ететін салаларда өнді­рісті  ұлғайту. Осы ретте Қызылорда облы­сы­ның тиісті сала мамандары да барынша еңбек етіп келеді. Жыл басынан бері жалпы көлемі 21,3 млрд теңге­нің ауыл шаруашылығы өнімдері өнді­рілген. Оның ішінде 16,2 мың тонна тірілей салмақтағы мал және құс еті, 39,3 мың тонна  сиыр  еті, 3,9 млн дана жұмырт­қа өнімдері бар. Аймақтың аграрл­ық секторының экспортқа тауар шығаруға мүмкіндіктері көп және инно­вация­ларды енгізу әлеуеті мол.

 

КӨЛІК   КӨШІ   ДЕ   ЖАҢАРДЫ

Бұрынғыға қарағанда қала көшеле­ріндегі және облыстың аудандарына қатынайтын көліктің барлығы жаңа­ланған. Сыйымдылығы жоғары және орташа деңгейдегі көліктер де тұрғындарға тынымсыз қызмет көрсетіп келеді. 2019 жылдың қаңтар-маусым айларында жүк тасымалдау көлемі 42,9 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстыр­ғанда 101,3 пайызды көрсетті. Жүк айнал­ым көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,3 пайызға артып, 6 420,5 млн тонна шақырымды­ еңсерген. Облыс әкімдігінің мәліметінше, автокөлік кәсіпорындарымен 180,2 млн жолаушы тасымалданған.

 

ӘЛЕУМЕТТІК    САЛАДАҒЫ  ҚАЛЫПТЫ    КӨРСЕТКІШТЕР

Әлеуметтік саладағы басты мәселе­ де, талап та жұмыссыздықты жоюға бағытталған. Бүгінгі күні облыстағы жұмыссыздық деңгейі – 4,8 пайыз. Жұмыспен қамтылған 11910 адамның 5071-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Жергілікті бюджет есебінен төленетін қоғамдық жұмыстарға 4 229 адам, жаста­р тәжірбиесімен 1674 адам, әлеу­меттік жұмыстарға 936 адам жіберілді. 2019 жылдың қаңтар-наурыз айларында бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 134 129 теңгені құрады, яғни 2018 жылдың тиісті кезеңі­не 109,9 пайыз. Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрі жергілікті атқарушы органдар өкіл­деріне тек қазіргі атаулы әлеу­меттік көмек алушылармен ғана емес, сонымен қатар әлеует­ті адамдармен жүйелі жұмыс істеу қажеттігіне назар аудару керектігін айтқан еді. Ол әлеуметтік көмек көрсету критерийіне жатпайтын, бірақ мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж адамдар да мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуға тиіс деген тапсырма жүктеді. Еңбекке жарамды, экономикалық белсенді халықтың бәрін жұмыспен қамту міндеті тағы бар. Ал аймақтың қаржылық ахуалына келсек, есепті мерзім ішінде мемлекеттік бюджетке 76,3 млрд теңге салық­тар және басқа да міндетті төлемдерден түсім түскен. Оның 51 млрд теңгесі республикалық, 25,3 млрд теңгесі жергілікті бюджетке тиесілі.

Қызылорда облысы әкім­дігінің мәліметінше, алғаш­қы жартыжылдық даму тенденциясы қалыпты көрсет­кішке ие. Есепті кезеңге бюджет түсімдері 102,2 па­йызға, бюджеттің өз кірістері 112,8 пайызға орындалған. Ал облыстың қаржы қазан­дығына 3,1 млрд теңге артық түсім түскен. Республикалық бюджет трансферттері мен кредиттерінен есепті кезеңде­ 116,2 млрд теңге толығымен алынған. Жыл басынан бері игерілуі тиіс қаржының орындалуы 99,1 пайызды құраса, 1,1 млрд теңгені игеріп  үлгермеген.

 

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


КӨПБАЛАЛЫ БОЛУДЫ АРМАНДАЙМЫЗ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.07.2019 11:25

Бір  үйдегі  қос...

Басылымның  ойлы  оқырмандарға арналған танымдық, тәлім-тәрбиелік  бірқатар  беттерінің қатарында «Отбасы» арнайы беті бар. Бұл бетте көбіне шағын мемлекет аясына қатысты мәселелер, ақыл-кеңестер, мән-мағынасы терең әңгімелер, отбасылық мөлтек сырлар, ғибратты әңгімелер, тағысын тағы көптеген қажетті, құнды дүниелерді оқырман қауымға тарту етіп келеміз. Газеттің бүгінгі санынан бастап арнайы «Отбасы» беті үшін бірдей мамандық игерген және сол салада жұмыс істеп жүрген ерлі-зайыптыларға арналған «Бір үйдегі қос...» айдарын салмақтап  отыруды ұйғардық. Тың жобамыздың алғашқы кейіпкерлері – жас есепшілер  отбасы Ғабит Рабаев пен Айжан  Әбілқасымова.

- Сіздерге бірдей мамандықты игерген жас отбасы, жас  маман ретінде  қызығушылықпен қарайтыны рас. Өздеріңіз туралы­  толығырақ  айтып  өтсеңіздер.

Ғабит: - Оныңыз рас, жаңа таныс­тарымыз, достарымыздың өзі кейде таңғалы­п жатады. Мұндай дәрежені өмірдің сыйы, бұйрығы деп қабыл­даймыз. Өзім қаладағы №212 қазақ орта мектебінде білім алдым. Қызылорда гуман­итарлық-экономикалық кол­леджінде қаржыгер мамандығын алып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­лек­еттік университетін қаржыгер бакалавры және «Болашақ» университетін экономика ғылымдарының магистрі мамандығы бойынша тамамдадым.

Отбасымызда әкем, ағаларым да есепке үлгерімі өте жақсы болды.  есепке­  құштарлығым  әкемнен дарыған.  Мектеп қабырғасында жүргенде бір­неше рет қалалық, облыстық олимпиадаларға қатысып жүлделі орындарға ие болдым. Бала күнімде қаржыгер, есеп-қисап саласының қызметкері болсам­ деп армандайтынмын. Аллаға шүкір, қалаған  мамандығым бойынша қазір  қызмет  істеп  жүрмін. Осы уақыт­қа дейін бірнеше қызметте болдым. 2017 жылдың қаңтар айынан бері облысты­қ жастар ресурстық орталы­ғында  бас  есепшімін.

Айжан: - Мен де осы Қызылорда қаласының тумасымын. Облыс орталығындағы №6 орта мектебін бітіріп, Алмат­ы  қаласында М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникация академиясында қаржыгер мамандығы бойынша білім алдым. Отағасы екеуміз­дің бірдей мамандықты игеруіміз танысып-біліспей тұрғанда әркімнің өз таңдауы болатын. Отбасымызда әжем Жаңақ­орған ауданында бас есепші қызметі­н атқарған. Әпкелерім де қаржы саласының үздіктері, басшылық қызметте болған. Бүгінде еңбегінің зейне­тін көріп отыр. Менің де мамандық таңдаудағы қызығушылығым осы кісілерге қарап оянды. Сол кісілерге қарап қаржы саласының үздігі болсам деген арман болды. Оқу бітірген соң қаржы саласында қызмет жасадым. Қазір облыстық балалар­ ауруханасында есепші қызме­тіндемін. Уақытша бала күтіміндегі демалы­ста  отырмын.

- Қалай таныстыңыздар? Отбасын құрғандарыңызға қанша уақыт болды? Шағын мемлекетіңіз және бала тәрбие­сіндегі қағидаңыз туралы бірер ауыз сөз қозғасақ...­

Ғабит: - Екеуміздің Алматы қаласында білім алатын ортақ досымыз бар-тын. Қызылордаға демалысқа келген сайын бас қосып, жиналатынбыз. Сол кезде таныстық. Таныстығымыз достыққа, достығымыз махаббатқа ұласып, Аллаға шүкір, 2017 жылы шілде айының 29-жұлдызында­ отбасын құрып, қазір Адиана есімді тәп-тәтті,  қылықты  қызғалдағымыз  бар. Бала тәрбиесіне келетін болсақ, әзірге қызымыз­  кішкентай, бірақ  өсе  келе  әке-шешем­іздің бізге берген тәрбиесі негі­зінде мейірімділікті, адамгершілікті, адалдықты,  тазалықты, еңбектенуді және осы секілді жақсы қасиеттердің  барлығын бойына сіңіру үшін жігерімізді жұмсаймыз.

- Сіздердің бір салада жұмыс істеп  жүріп, бас қосқандарыңыз сәйкестік пе, әлде өздеріңіз  солай  жоспарладыңыздар  ма?

Ғабит: - Жоғарыда айтып өткендей, біздің мамандық игеруіміз тек ғана сәй­кестікке негізделеді. Өмірде мамандық және жар таңдаудан қателеспеу керек болса, мен өз таңдауымда Аллаға шүкір, қателескен жоқпын.

Айжан: - Отбасын құрғанда мамандық басты мәселе деп ойламаймын. Ең бастысы, екеуміздің бір-бірімізге деген сыйластығымыз. Аллаға шүкір, бақыттымыз.

- Екеуіңіздің  мамандықтарыңыз  бірдей болғанмен, қызметтеріңіз  әртүрлі. Бір  үйдегі екі бухгалтердің есеп жөнінен келіспей қалатын немесе көмектесетін кездеріңіз бола  ма?

Ғабит: - Үйдегі есепке келетін болсақ, келіспей қалатын кездер болған емес. Әр нәрсені ақылдасып бірігіп жасаймыз. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар қазақта. Егер екеуміздің ойымыз­ға тағы да ой жетпей тұрса, бауырларым мен ата-анамыздан кеңес сұрайтынымыз рас. Өйткені өмірлік тәжірибеміздің жетпей­  жататын тұстары болып тұрады.

- Қаржылық  жағынан  екеуіңіз  де  сауат­ты мамансыздар. Отбасылық бюджетті қалай   бақылайсыздар?

Ғабит: - Отбасылық бюджетті бақы­лауды, тапқан табыстың шығысы, кірісі, тұрмыстық қажеттіліктер, шағын мем­лекет  болған  соң  барлығын бірігіп бақылаймыз.  «Аққу, шортан һәм шаян» секілді жан-жақтан жұлмалап жатсақ, отбасы­ның  берекесін  келтіре  алмасымыз­  анық.

- Болашақта балаларыңыздың  қандай мамандық  иесі  болғанын  қалайсыз?

Айжан: - Шыны керек, қазіргі күні ата-аналар баласының арманын емес, өзде­рінің арманын жүзеге асыру мақсатында баласының құлқы жоқ салаға құжат тапсыруына сеп болып жүр. Ондай адамнан келешек білікті маманның шығуы да екітала­й. Менің ойымша, бала өзі қандай­ саланы таңдайды, сол бағытқа барып, болаша­ғын өзі айқындауы керек. Осындай жайттарды ескере отырып, балаларымның қандай мамандық иесі болса да, елімізге адал еңбек етіп, өздерінің сүйікті ісімен шұғылданса деп ойлаймын.

- Жалпы, ерлі-зайыптылардың бір салада­  еңбек етуі көп жағдайда қай жағына­н  қолайлы?

Ғабит: - Бір салада еңбек еткеннің қолайлылығы көп. Мысалы, жұмыстың барысын бірге ақылдасамыз, бір-бірімізді түсіну қиынға соқпайды. Шешімін таппай жатқан мәселені айтқанд­а да бірден түсіне қояды. Тіпті, есеп-қисап терминдерімен әзілдесетін кездеріміз де бар.

- Жас отбасылардың басты мәселесі қандай?

Ғабит: - Жас отбасылардың бүгінгі таңдағы ең басты мәселесі баспана және жұмыс деп ойлаймын. Елбасымыз биыл жастар жылын жариялады, мемлекеттен жастарды қолдау бағдарламалары да жетерл­ік, ары қарай да жастарды қолдау­ өз жалғасын табады деген ойдамын. Сол бағдарламаларды жастарымыз тиісті мамандардан кеңес алып, тиімді пайдаланса  деймін.

- Бала санына келгенде есепке әлде қазақы менталитетке жүгінесіздер ме?

Айжан: - Алланың бергеніне қия­нат жасамауға ты­рысамыз. Жолдасым да, мен де көпбалалы болуды армандаймыз. Алла  қаласа, сол арманға жетуді бұйыртсын деп тілей­міз.

 

Сұхбаттасқан  Нұрбике ҚАЗИ

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА! PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.07.2019 11:20

«Қазгидромет» РМК 2018 жылғы 15 қаңтарда Қазақстанда ауа сапасын бақылайтын мобильдік қосымшасын іске қосты.

Атмосфералық ауа сапасын бақылауға арналған мобильді қосымша «Air KZ» деп аталады. «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы Қызылорда қаласы және облыс аумағында атмосфералық ауа қабатына 4 автоматты СКАТ және 1 стационарлы бекеттері арқылы үздіксіз мониторинг жүргізіп отырады.

Облыс тұрғындары атмосфера қабатындағы ластаушы заттардың мөлшері туралы ақпаратты бұдан былай «AIR KZ» мобильді қосымшасы арқылы өздері бақылауға мүмкіндік алды. Аталмыш қосымшаны App Store немесе Play Market онлайн-қосымшасынан жүктеп алуға болады. Пайдаланушы қажетті хабарламаларды қолмен таңдай алады немесе қосымша геолокация деректеріне сәйкес ең жақын орынды автоматты түрде анықтайды.

Қосымша (конфигурациясына байланысты) ауадағы ластаушы заттардың таңдалған орнында негізгі концентрациясын көрсетеді:

1) Азот диоксиді (NO2);

2) Азот оксиді (NO);

3) PM10 бөлшектерінің таразы;

4) Тоқыма бөлшектері PM2.5;

5) Шаң;

6) Күкірт диоксиді (SO2);

7) Сутегі сульфиді (H2S);

8) Көміртегі тотығы (СО).

Әрбір затта концентрацияның жоғарылау деңгейін 1-5; 5-10 – жоғары деңгейдегі (0-1 MPC төмен деңгейі: түсті шкала – әрбір зат мг/м3 және шекті рұқсат етілген концентрациясы бойынша (ШРК-5 бұдан әрі) қатысты шоғырлану деңгейін көру мүмкін 10-нан астам ШРК – ВЗ – өте жоғары).

Сондай-ақ, соңғы 24 сағат ішінде концентрациядағы өзгерістер динамикасы қолжетімді болады. Кескіндеме ШРК шегі асып кеткен кезде, кескіндеме масштабқа сәйкес келетін түске боялады.

«Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы

 


БӘРІ БАСҚА PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.07.2019 11:00

Көзіқарақты оқырман Қазыбек Әшірбекұлының есімін жатқа біледі деп ойлаймыз. Бұрынғы сақшы, бүгінгі сатирик, мінезі ақжарқын жарқыраған, кеудесі жұлдызға жарқыраған Қазекеңнің «Сатира, менімен егіз бе едің?» деп, жемқорлар мен парақорларды, басшылар мен қосшыларды, жалқаулар мен тоғышарларды, т.б. уытты тілімен түйреп, әзіл-оспақтың көшін алға сүйреп келе жатқанына 35 жыл болыпты.

Алғашқы сатиралық туындысы 1984 жылы бүгінгі «Сыр бойы» газетінің «Шөңге» бетінде жарық көрген Қ.Әшірбекұлының сын-сықақтары республикалық, облыстық талай басылымдарда жарияланып жүр, екі-үш кітапқа жүк болды. Көңілі қаламағандарды дәл суреттегідей тұмсығы ащы арадай «шағатын» Қазекең – «Халық» газетінің де белсенді авторы. Біз бүгінгі «Ойпырмай» бетін сатириктің шығармашылығының 35 жылдығына арнадық, бір топ «шимай-шатпағын» оқыңыздар, ой түйіп, жат әдеттен арылыңыздар!


 

Өмірдің  өзінен

 

Бәрі басқа

 

Адам басқа,

Бағаң басқа.

Қалқам, қисық

Қадам баспа.

 

Кәрі, жас та,

Қазіргі ас та.

Байқа, балам,

Бәрі басқа.

 

Сау мен мас та,

Тоқ пен аш та.

Дос пен қас та,

Бәрі басқа.

 

Кеңес

Орнымен үлкен – кішілік,

Кісіге керек кісілік.

Кеудені кейін тым керіп,

Кетпеген жөн-ау ІСІНІП.

 

Соңғы  шара

Жемқорлар мен ұрыны,

Қазынаға қойсаң,

Құрыды...

Оларға керек болып тұр,

Құдайдың ғана құрығы.

 

Қыран,  шымшық  және  қарақұс

Шымшық – шіркін, бала құс,

Қыран деген – дара құс.

Қомданса да қияға,

Қыран болмас қарақұс.

 

Тіл  мен тірлік

Тірлік басқа,

Тіл басқа...

Сайрауға мәстір,

Тіл қасқа...

 

Жемқорлыққа  қарсы  жеті  қадамды  жақтаймыз!

АРМАН-АЙ

Жемқорлар жасап бетбұрыс,

Жалмамай, адал жеп дұрыс,

Имансыз болмай икемге,

Болар еді келсе тек дұрыс.

Әй, арман-ай!

***

Жемқор-ау, сені «ставка»,

Жеткізбес жедел пұшпаққа!

«Аламын» деп жұмысқа,

Алмасай жұртты «қыспаққа»!

***

Арамнан жиған миллионың,

Апармас тәуір күйге оның.

Еденге тықсаң ескіріп,

Шірітіп тынар линолеум.

***

Банк пен бюджет, қордағы,

Халықтың олар қаржысы.

«Же!» деп кім сені зорлады?!

Абайла!

Кемтардың жаман қарғысы.

***

Жеуге мәстір жамағат,

Жемқор деген – жаман ат.

Шегінен шыққан сендерде,

Болады қашан қанағат?!

 

«Д» – есеп

Мәселе есеп,

Жай есеп,

Демеңіз «Д»-ны қай есеп.

Таңғалатын түгі жоқ,

Заманға бұл да сай есеп.

Сонымен,

Жүріс-тұрысың,

Шығыс-кірісің...

Артық-кемің,

Жеген жемің...

Егін-тегінің,

Ертеңгі кебінің...

Мінген көлігің,

Өлшеулі өмірің...

Қорадағы бақшаң,

Қалтадағы ақшаң...

Мал-жаның,

Қанша саның...

Алатын айлығың,

Бар байлығың...

Қысқасы, шайлығың...

Назардан тыс қалмайды...

Әділдік те бар екен,

Жоқты есепке алмайды!

Оған да шүкір.

 

Лепірген  мен  кекіргенге!

Жазықсызды жәбірлеп,

Жамандықты әзірлеп,

Арына тиіп, жекірген...

Хал-жайын да білмей,

Қаперіне де ілмей,

Тойынып тым секірген...

Халықты қанап,

Пайдасын санап,

Кеудесін ұрып, лепірген...

Арам ас ішіп,

Армансыз «ІСІП»,

Көкірегін керіп, кекірген...

Қомағай жан-ау,

Қияметте анау,

Өтесің қалай көпірден?!

Ойлансай!

 

Шақырғанға  барудың

шырғалаңы

Ас пен тойға бару төңірегінде

Шақырмаған жерге барма,

Шақырған жерден қалма.

***

Шақырған жерге ерте бар,

Болмаса, ертең бар.

Халық даналығы

 

Жайбасарлық  жалғасуда...

Шақырған жерге жай басып,

Баратын әдет қалмады-ау.

Уақытылы барып жайғасып,

Қазекең орын алмады-ау.

 

Сұрай қалсаң себебін,

Сауалыңа «сылтау» көп...

Бұны жалған демегін,

Қалатын жоқ «мылқау» боп.

 

Түрлі күйбің тірлікті

Алдыңа «тарту» етеді...

Бұзарсың қалай бірлікті,

Көңілің босап кетеді.

 

Жұмбақ  шөп

Қаулап кетті арамшөп,

Сабағы ұзын тарам  шөп...

Пайдасы жоқ пендеге,

Зияны мол сараң шөп.

(Жемқорлық)

 

Көп  ішсең  қалай  көктейсің?

«Ішімдік  маған  көп!»  - дейсің,

Көп  ішсең,  қалай  көктейсің?

Мезгілсіз  ерте солатын,

Сол  жерге  шыққан шөптейсің,

Көп  ішсең,  қалай  көктейсің?

 

Парақорға   құлаққағыс

Аулақ болсаң парадан,

Алмасаң ақша қарадан,

Бір Алла сені сақтайды,

Шырмалатын шарадан.

 

Екі  жүзді  ПАРАҚОР

Парақор параны қалыпты алады...

Ақырында анығы анықталады.

Құзырлы органның құрығына ілінсе,

Әп-сәтте «есінен танып қалады»...

 

Дөрекі  ДӨКЕЙ

Менменсіп тұрып мінбеден,

Үркітер жұртты үнменен...

Қайдан келген Құдай-ау,

Кездестік дерсің кімменен?!

 

Уәдешіл  УӘКІЛ

Әр кезде сөзі сыпайы,

Әдеті сондай ұдайы...

Бос уәде, сылдыр сөз –

Солармен түгел ұпайы...

 

БАЙ адамның  болмысы

Кең болғанмен хансарайы,

Тым тар болар жан сарайы.

Қазыбек   ӘШІРБЕКҰЛЫ

 


АРАЛ АУДАНЫНДА АУЫЛДЫҚ КЛУБ ПЕН БИЗНЕС-НЫСАНДАР АШЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.07.2019 10:52

Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Арал ауданына жұмыс сапарымен барып, өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, аудан тұрғындарымен кездесті.

Аймақ басшысы аудан орталығы Арал қаласындағы Арал балық өңдеу зауытына барды, жергілікті табиғат пайдаланушылармен кездесті. Кәсіпорын балық өнімдерін (мұздатылған және кептірілген балық, балық филесі мен стейк, балық фаршы және т.б.) өндірумен, қайта өңдеумен және сатумен айналысады. Өнімдері Ресей, Польша, Голландия, Германия және Австрияға экспортталады. Аталмыш кәсіпорында 40 жұмыс орны құрылған, маусымдық кезеңде  100 адамға дейін жұмыспен қамтиды. Зауыт Оңтүстік Кореялық технология бойынша салынған, жылына 6 мың тонна өнім өндіреді.

Сондай-ақ, облыс әкімі 6 баланы тәрбиелеп отырған көп балалы ана Диана Шүйіншалиеваның үйіне барды. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Диана ай сайын 154 739 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алуда. Ол көп балалы отбасыларға қолдау көрсеткені үшін мемлекет және облыс басшылығына алғысын білдірді.

Бұдан әрі облыс әкімі невропатология, психология, дефектология және массаж терапиясы бойынша қызмет көрсететін "Қуаныш" жеке медициналық орталығының ашылу салтанатына қатысты. Орталықта мүмкіндігі шектеулі балаларды қайырымдылық негізде тегін емдеу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Шижаға елдімекенінде 100 орындық клуб ашылды, оның құрылысы 2018 жылдың қараша айында басталған еді. Аймақ басшысы  тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ауыл ақсақалдарымен сұхбаттасты.

«Осыдан бірер жыл бұрын осы ауылдың тұрғыны, халық жанашыры, қоғамдық кеңес төрағасы Нұралы Алманов ағамыз сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына тұрғындар өтінішін жеткізген еді. Міне, бүгін соның нәтижесі - ел игілігіне жаңа ғимарат берілмек. Заманауи мәдениет үйі баршамызға құтты болсын! Бұл жерде талай өнерлі жас тәрбиеленіп, Сыр өңірінің сырлы сазын әлемге таныта береді деген ойдамын», - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын елдімекеннің қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұралы Алманов құттықтады.

Одан әрі Қуанышбек Досмайылұлы Сексеуіл кентінде "Алтын" сауда үйінің ашылу рәсіміне қатысты. Нысан кәсіпкердің несиеге алған қаржысы мен жеке қаражатына салынған, мұнда 9 адам жұмысқа тартылған.

Содан соң аймақ басшысы Сексеуіл кентіндегі "Қамқор" Локомотив жөндеу депосында және "Алма-Рай" балабақшасында болды. "Қамқор" депосында 2 жөндеу цехы, 1 шаруашылық пен 15 қосалқы цех жұмыс істейді, олар жолаушылар, жүк және маневрлік тепловоздарға техникалық қызмет көрсетеді.

2016 жылы салынған "Алма-Рай" жекеменшік балабақшасының ғимаратында 22 жатын бөлме, ойын бөлмелері, медпункт, асхана және конференц-зал бар, мұнда 38 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Облыс басшысы Жақсықылыш кентінде жылына 450 мың тонна азық-түлік және техникалық тұз өндіретін "Аралтұз" АҚ жұмысымен танысты. Кәсіпорында озық испандық технология бойынша жұмыс істейтін 2 цех, барлығы 1200 адам қызмет атқарады. Зауыт өнімдері жергілікті нарықта сатылады және жақын-алыс шет елдерге экспортталуда.

Қаратерең ауылдық округінде облыс әкімі "Zhalgasbai" ЖШС балық қабылдау және мұздату цехының ашылу рәсіміне қатысты. Нысанның жылдық қуаттылығы 1000 тонна балық өнімін құрайды, кәсіпорында 10 адам жұмыс істеуде, маусымдық кезеңде 25 адамға дейін жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

24-27 маусым аралығында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов жұмыс сапарымен Арал, Қазалы, Қармақшы және Жалағаш аудандарында болып, өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездеседі.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


АЙМАҚ БАСШЫСЫ АРАЛ АУДАНЫНДАҒЫ АҚЛАҚ ЖӘНЕ КӨКАРАЛ СУ ТОСПАЛАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.07.2019 10:50

Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Арал ауданына жұмыс сапары барысында Ақлақ және Көкарал су тоспаларының жұмысымен танысып, балық өңдеу кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесті.

Ақлақ су тоспасы 2006 жылы пайдалануға берілген болатын, Қазіргі таңда су тоспасы Сырдария өзенінен келіп жатқан суды Ақлақ су тоспасына дейінгі орналасқан көлдерге, шабындықтарға, каналдар арқылы жіберу үшін пайдалануда.

Көкарал су тоспасы 2005 жылдың қараша айында пайдалануға берілді. Су тоспасын салу нәтижесінде теңіздің құрғаған ұлтанының ауданы 870 шаршы метрді құрайтын сумен жабылды, теңіздегі судың көлемі 11,5 текше метрге ұлғайды, ал судың минералдылығы 23-тен 17 г/л дейін азайды;

Бүгінгі таңда теңізде 24 балық түрі кездеседі, оның ішінде 13 балық түрі жақын және алыс шетелдерге экспортталуда.

Өткен жылдың соңында аталмыш өнім түрлері Қытайға экспорттала бастады.

Сонымен қатар, өңірде жылдық қуаты 11 мың тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты тұрақты жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 2 зауыт еврокодқа ие болды. Бүгін пайдалануға берілген "Жалғасбай" ЖШС зауыты - аймақтағы  9-балық өңдейтін кәсіпорын. Айта кету керек, соңғы бес жылда өңірдегі балық экспортының көлемі 9 есеге артты. Облыс балық өндіру және өңдеу көлемі бойынша 3-орын алады.

Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарында экология және табиғатты пайдалану саласындағы бірқатар жобаларды жүзеге асыру, соның ішінде Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің арнасын қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар да қарастырылған.

Сондай-ақ, кешенді жоспар аясында Қызылорда су торабын жөндеу көзделген. Соның нәтижесінде оның апаттылық проблемасы шешіледі. Аталмыш жоспар аясында "Күміскеткен" мен "Қараөзек" су қоймаларының да құрылысы жүргізілетін болады.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ #BIRGE #TAZA QAZAQSTAN АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.07.2019 10:45

Кеше Қызылорда облысы Арал ауданында республика бойынша өтіп жатқан #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы басталды. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов акцияға қатысып, қызылордалықтарды шараны өткізуде белсенділік танытуға шақырды.

Акцияға ауданның 150-ге жуық табиғат пайдаланушысы, табиғатты қорғау ұйымдарының қызметкерлері, жергілікті тұрғындар және жастар қатысты.

"Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Сыр өңірінің дамуына ерекше көңіл бөлді. Бұған дәлел - "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" (САРАТС) жобасы. "Ғасыр жобасының" бірінші кезеңі аясында " Ақлақ" және "Көкарал" су тоспалары салынған болатын. Соның нәтижесінде аймағымызда балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Баршаңызды қоршаған ортаны қорғауға және туған өлкеміздің тазалығын сақтауға белсенді қатысуға шақырамын!",- деді аймақ басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада #Birge #TazaQazaqstan республикалық экологиялық акциясын ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бастаған болатын.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі және оның орынбасарлары, министрлер мен депутаттар мен қала тұрғындары қатысты.  1200-ден астам тұрғын Қоянды су қоймасының аумағын тазалап, бірнеше сағат ішінде 10 тоннаға жуық қоқыс жиналды.  Әрі қарай эстафета аймақтарға жолданған еді.

Алғашқылардың бірі болып Қызылорда облысы акцияға қолдау білдірді. Кеше Қызылорда облысының Арал ауданында Көкарал бөгетінің жанындағы аумақ тазартылып, #Birge #TazaQazaqstan акциясы жалғасын табуда. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов эстафетаны аймақтың барлық аудандары мен елді мекендеріне жолдады.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


СИМПОЗИУМДА ҚАНДАЙ СУРЕТТЕР САЛЫНДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.07.2019 10:10

Маусым айының 13-і мен 25-і аралығында Сыр елінде «Аға ұрпақ өнері – жастарға аманат» атты халықаралық суретшілер симпозиумы өтті. Иә, рас, уақытында симпозиум туралы барлық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері айтты, жазды. Олардың ішінде аудандық газеттер мен сайттар, облыстық басылымдармен қатар, республикалық ақпарат құралдары болды. Жалпы, бұл облыс басшылығының қолдауымен өткен алғашқы симпозиум емес. Демек, өнерге өң берген өлкеміздің дәстүрлі һәм кезекті іс-шарасы іспетті. Олай деуімізге де толық негіз бар. Өйткені, Қызылорда – ізгі істі жалғаушы, игі істі тірілтуші өңір. Мұны қай салада болмасын, бас көтеріп, еңсе тіктеп айта аламыз.

Керегі бар, керексізі бар ақпараттар қарша бораған мына заманда «өтті, кетті» деген мәліметке барынша қанықпыз. Сондықтан, бізді «Қызылорда халқын қылқалам құдіретімен қауыштыруды көздеп, жан-жақтан ағылған суретшілер симпозиумда қандай суреттер салды екен?» деген сұрақ қатты қызықтырды. Жауабын білмек болып, Көркемсурет галереясының есігін аштық...

Бір ескерер жайт, осы симпозиум аясында Көркемсурет галереясына жерлесіміз, елімізге бел­гілі қазақ өнерінің майталманы, кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Салихитдин Айтбаевтың есімі берілді. Бұл – мәдени іс-шараның алғашқы жаңалығы. Екіншісі, үшін­шісі және тағысын тағысы да бар.

Жалпы, халықаралық симпозиумның мақсаты – талантты жас­тарға қолдау көрсету, бейнелеу өнері саласындағы еңбек сіңір­ген қайраткерлер мен талантты жас қылқалам шеберлерінің басын қосып, көркемсурет саласы бойынша пікірлесу, өзара тәжі­рибе алмасуды жүзеге асыру. Сондай-ақ, Қызылорда облысы аумағының өзіндік табиғи, географиялық ерекшеліктерін және Қызылорда қаласының көрікті орындарын бейнелейтін өнер шығармаларын жасауды, бейнелеу өнерінде жаңаша көркем, пластикалық шешімдер мен формаларды іздестіруді көздейді.

Биылғы симпозиумға Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдері және  республикамыздың  барлық өңірінен 21 қылқалам шебері қа­тысты. Солардың бірі – өзбекстандық суретші Дилорам  Мамедова.

- Менің бұл шарадан алған әсерім өте зор. Ерекше елді мекендер­ге, жерлерге бардық. Сурет­шінің тілімен айтқанда, Қызылорданың түсі ерекше екен. Бізде де күн ыстық, екі жақтың ауа райында ұқсастық бар. Бірақ, мұндағы түстер тым бөлек, бір­неше түстің жиынтығы кездесе­ді. Сәтін салса, галереяда менің де картиналарым ілініп тұрады. Кейінгі ұрпақ көкірегін қуаныш керней жүріп, көрмені аралайтын шығар, - деді ол.

Галереяда ұйымдастырылған көрмеге ҚР Суретшілер одағынан 18 сурет әкелінген. Бұл бастаманың  басы-қасында одақтың жауап­ты хатшысы  Жамбыл Нәт­баев  жүрді.

Араншы  Шаржанов, «Мұрап»

Бақытбек  Айтбаев,  «Жағалаудағы  планер»

Төлеуғазы  Байғалиев,  «Жұмбақ  шар»

 

Дәуренбек  Бекназаров, «Ғарыш   кемесі»

 

- Симпозиум өте жоғары деңгейде өтті. Сурет өнері десе, ең әуелі Қызылорда ойға оралуы керек­. Өйткені, қазақтың алғаш­қы суретшісі Ләтипа Қожықова осы өңірден шыққан. Бұйыртса, мына көркемсурет галереясын өнер  музейіне айналдыруға еңбек етіп жатырмыз. Салихитдин Айтба­ев – ғасырда бір туатын тұлға. Мені облыс басшылығының өнерге жанашырлық танытып отырғаны қатты қуантады, - деді суретші.

 

Дилорам  Мамедова,
«Алтын  қала»

 

Шынын айту керек, соңғы жылдары облыс, қала әкімдігі, мәдениет басқармасы, галерея ұжымы еліміздегі талантты суретшілердің басын қосып, республикалық және халықаралық іс-шараларды жиі өткізіп жүр. Биыл еліміздің әр түкпірінен, көршілес елдерден қонаққа келген қылқалам шеберлері облыстың ең таңдаулы көрікті жерлеріне, тарихи-мәдени нысандарға барып, түрлі тақырыпта суреттер салды.

Айталық, бұған дейін 500-ге тарта  картинасы  бар галерея қорына  симпозиумнан  соң 200-ге тарта жұмыс қосылыпты. Бұл – көрермен тамашалар сапалы дүниелердің көбейгені мен қолжетімдігін көрсететін статистика. Алдағы уақытта басылым бетінен «Қылқалам құдіретімен қауышсақ...» атты айдар ашып, галерея қорындағы картин­аларға және оның тарихына орын берсек деген ойымыз бар. Әзірге сыры мол сурет­ өнерінің Сырдағы туған туындыларына көз сала отырайық.

Рыскелді   ЖАХМАН

 


ҚЫЛҚОБЫЗ – БОЛМЫСЫМДЫ АЙҚЫНДАЙТЫН СЕРІГІМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
25.07.2019 10:00

Айнуза  БЕГІМСАЛОВА:

Бабадан балаға аманат болып, елдің мәдениетін түзеуге септігін тигізетін таусылмас азық – өнер. Содан болар, қазақ «Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын» деп баға берген. Ел ішінің өнер кенішіне тұнып тұрғанының өзі – сарқылмас байлық. Өнердің де түр-түрі бар, ал аспапта ойнау – өнердің қасиетті тұнбасы. Осы тұнбадан тынық, мөлдір сыр шертіп жүрген қылқобызшы Айнуза Берікболқызын аз-кем әңгімеге тартқан едік.

- Әңгіменің әлқиссасын таныс­тықтан  бастасақ...

- Өзім осы Қызылорда облысы, Жалағаш­ ауданында 1986 жылы дүниеге келгенмін. Туған жерімнің топырағымен ойнап өстім. Аудандағы №201 мектепте білім алдым. Қаладағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжге оқуға түсіп, одан ары қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына арман қуып аттанып, сондағы Ұлттық Өнер универси­тетінде оқуымды жалғастырдым. Бүгінде сол өзім білім алып бас­таған Қазанғап атындағы музыкалық колледжде оқытушымын. Және Қызылорда облысты­қ  филармониясының  «Тұрмағамбет»  халық  аспаптар  оркестрінде  жұмыс  істеп  жүрмін.

- Өнер  саласына  қадам  басуыңызға кім немесе қандай жағдай себепші болды?­

- Негізі отбасымызбен өнерлі адамдарбыз. Атам – ұста, ағаш шебері, сурет­ші, тігінші. Ал менің бойымдағы талант нағашы жақтан дарыса керек. Өйткені нағашы атам әртүрлі аспаптарда ойнай­ беретін. Атам тартқан домбыраның құлағын тістеп, қызықтап жүретін едім. Содан қызығушылық басталды. Ал әкем темірден түйін түйетін шебер­  болатын. «Қолы алтын» деген­ халық берген атағы бар. Анам перзентханада мейірбике болып жұмыс істеген. Бірақ мен ата-әжемнің қолында өстім. Ол кісілер сондай қарапайым, кісіге артық ауыз сөзі жоқ, момын адамдар еді. Бала тәрбиесінде де «тәйт» деген­ сөз естірткен жоқ. Балаға жанын берер мейірімді жандар болды. Адами қа­сиеттерін, қам­қорлығын, балаға­ деген махаббатын сезініп, ерке болып өссем де алған тәрбием тек іспен көрінетін. «Мынауың дұрыс емес» деген сөз естіген жоқпын. Негізінде ойлай­мын, тәрбие деген адамның тегінен, тектілікпен келетін қасиет деп. Ата-әжелер­ім  мәңгілік  сапарға  аттанып кетсе­ де, орнын басатын әке-шешемнің бар  екеніне  шүкіршілік  етемін.

- «Өнер жолы – қиын жол» дегенді жиі естиміз. Бұл тұрғыда сізге қиындық туғызған  кездер болды ма? Жолдасыңыздың  өнерге  деген  көзқарасы  қандай?

- «Қиын» деп те айтуға болмайды. Әр нәрсенің өзінің салмағы мен жеңілдігі бар. Таңдаған салаң үшін отқа да, суға да түсуге әзір болу керек деп есептеймін. Қиындығы болғанмен соны көтеріп келемін­. Өйткені, бұл – менің таңдауым. Басқа салада өзімді елестете де алмаймын. Төзім, шыдамдылық, сабырды серік ету – басты ұстанымым. Ал жолдасыма келер­  болсақ, ол кісіні маған Алланың өзі жіберген. Түсінігі мол, өнерге көз­қарасы алабөтен емес. Тіпті кейде концерттерге өзі апарып, алып қайтады. Бұл біздің отбасылық жарасымдылығымыз, сыйластығымыз, жанашырлығымыз деп білемін.

- Қолыңызға қобыз ұстағанда болмысыңыздан бөлек, көңіл күйіңіз қалай өзгереді? Қандай сезімге енесіз?

- Әрине,  қылқобыз менің  болмысым­ды­ айқындайтын серігіме айналды. Бұл аспап­тың көңілді өзгертуде атқаратын қызметі ерекше. Іштегі шеріңді, өкпеңді де тыңдата аласың және қобыз тыңдаудан  жалықпайды. Сіз жеке басыңыздағы жайтты біреуге айтсаңыз, ол өсекке айналып­  кетеді. Ал қобызды тарту арқылы ондай мәселенің тамырын жоюға болады­. Әрине, бұл – менің жеке тәжірибемдегі  сезім. Одан кейін әр күйдің, шығарма­ның шығу тарихы бар. Тартып отырған туындыңның тарихын білген соң оны халыққа сол қалпында, шынайы, таза сезіммен, ерекше иіріммен жеткізіп, орындай білу – басты міндет және маңызы­ ерекше. Шынымды айтсам, тілмен айтып  жеткізу  қиынға  соғып  отыр.

- Тойға жиі шақырту аласыз ба?

- Жиі шақырту алмайтыным рас. Өйткені мен үшін тәлім берудің өзі – үлкен жауапкершілік, үлкен өнер. Бір шәкіртімнің мені тыңдағаны бүкіл тойшыл қауымның қошеметінен артық. Одан қалды, қазіргі жаста­р ғана емес, үлкен кісілер де эстрадалық бағытқа әуес, тарсыл-күрсіл, даңғыр-дұңғыр музыкаға бейімделіп барады. Ондай ортаға барып, қобызды тыңдату қиын. Дегенмен, біздің өз тыңдармандарымыз бар. Қазақтың халық әндері, Шәмші атамыздың әнде­рінің өмірі мәңгі екенін кез келген қазақ мойындайды. Міне, біз – осы тұрғыда өміршең туынды орындаушылар қата­ры­нанбыз.

- Шәкірт тәрбиесі жөнінде айтып қалдыңы­з.  Жетістіктеріңіз  бар  ма?

- Өнер игерген шәкірттің ешқайсысы да далада қалмайды. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық өнер университетінде оқыған шәкіртім Айдана Рүстембек бүгінде өзіммен бірге жұмыс істеп жүр. Тоғжан  Шәкиева есімді шәкіртім жақын­да­ ғана Болгария мемлекетінде өткен байқаудан І орын иеленіп, Америкаға жолдама алды. Мұның өзі – мен үшін үлкен жетістік. Одан өзгелері де өз салалары бойынша еліміздің түкпір-түкпі­рінде жұмыс істеуде.

Өзіме келер болсақ, менің басты жетістігім – шәкірттерімнің қанат қағып, биіктен көрінуі. Дегенмен жұмыс барысымен Орынбор, Түркия, Әзербайжан, Еуропа елдері мен Венгрия, Хорватия, тағы басқа шет мемлекеттерде өнер көр­сетіп жүрмін. 2018 жылы Сыр өңірінде  «Қорқыт-Қобыз» атты қыл қобызшылар мен қобызбен жыр айтушылардың республи­калық байқауы өтті. «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында алғаш рет өткізілген байқауға  республиканың  Астана, Алматы­,  Ақтөбе, Қарағанды, Орал, Қостанай,  Жамбыл, Түркістан және Қызыл­орда облыстарынан келген қобызшылар қатысты­. Осы байқауда жүлделі І орын бұйырды.

- Аймағымыздың өнер саласында қыл қобызшы, музыка саласының дамуы­на өзіндік үлес қосып жүрген ұстаз екеніңізді халық жақсы біледі. Отбасың­ызда қандай келін, қандай анасыз­?

- Аллаға шүкір, берекелі шаңырақта ата-енеммен тату-тәтті жарастығымыз бар. Менің қолдаушыларым да – осы кісі­лер. Жоғарыда айттым, жолдасым да – өнерді ұғына білетін, сыйлай білетін, түсінігі бар азамат. Болашағымызды жалғай­тын балаларымыз бар. Бұйыртса, кестелі орамал тігетін перзентімізді күтудеміз.­

- Сынаптай сырғыған уақытыңызды бөлгеніңіз үшін алғыс білдіремін!

 

Сұхбаттасқан   Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ

 


МҚІА мемлекеттік органдарда қызметшілердің еңбегі бойынша жылжуын қатаң қадағалайтын болады PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
24.07.2019 18:43

Өткен жылдың статистикасы жоғары тұрған лауазымдарға орналасуға арналған ішкі конкурстарда мемлекеттік қызметшілердің белсенділігінің төмендігін көрсетеді.

МҚІА төрағасы Анар Жаилғанова Агенттіктің кеңейтілген кеңесінде сөз сөйлеу барысында аталған жағдайдың себебінің бірі - адамдардың осы байқаулардағы іріктеудің әділдігіне сенімсіздігінен туындап отырғандығын атап өтті.

«Жеткілікті құқықтық реттемелеуге қарамастан, меритократия қағидаттары іс жүзінде толық көлемде сақталмауда. Жергілікті жерлердегі ахуалға егжей-тегжейлі талдау жасауды және аталған тәжірибені жою бойынша пәрменді қабылдауды сұраймын. Қазақстандықтар меритократия қағидаттарының шын мәнінде жұмыс жасайтындығын көруі керек», - деді ол.

Осы мәселені шешу ретінде «E-kyzmet» жүйесі арқылы кадрлық тағайындауларға мониторинг жүргізу ұсынылды. Бұл үшін осы жүйені мемлекеттік органдарда ықпалдастыруды аяқтау және оны жетілдіру қажет, бұл кадрлық тағайындауларға толық мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Яғни, жүйе тағайындаудың барлық процестерін «қадағалауға» және заңсыз кадрлық шешімдер қабылдауы, біліктілік талаптары, командалық жылжулармен манипуляциялар жүргізуге мүмкіндік бермеуі тиіс.

Анар Жаилғанова барлық жеке құрамға меритократия қағидатын сақтау, кадрлық ауысулардың ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ету Агенттіктің негізгі міндеттерінің бірі екендігін еске салды.

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Шілде 2019 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 25 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары