Өзекті мәселелер

  • 22.08.19

    Елімізде дәрінің көмегімен өмір сүретін азаматтар аз емес. Олардың дәрілік препаратсыз қауқары жоқ. Антибиотикке тәуелді науқасқа кім қарайды? Ақысыз берілетін дәрі-дәрмектерді кімдер, қайдан және қалай ала алады?

    ...
    Толығырақ...
  • 22.08.19

    Халық «Елін сүйген ер болар» дейді. «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі» дейді тағы  да.

    Иә, ел намысы үшін ерлік­ке бара алар азаматтарды кебен­ек ішінде танып-білу аса маңызды.

    Кебенек – сыртқы киім. Оны көбіне-көп жорықта, аңшылықта киеді. Демек, бұл киімді кез келген адам кие алады. Олай болса, «Ерді кебене­к ішінде  таны» деген – ер жігітті киіміне қарап емес, жан дүниес...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    ТЫНДЫРЫМДЫ   ІС – НӘТИЖЕЛІ   КӨРСЕТКІШ

    Қаланың экономикалық тұрғыда дамып­, қалыптасуында стратегиялық міндет жүйелі түрде өз-өзін айқындап отырады. Шаһардың болашағына байлан­ысты әр жоспар, әр бағыт өзіндік құнымен маңызды. Осындай іргелі істерді атқару барысында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың іскерлік һәм басшылық міндеті ж...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    Өткен бейсенбіде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының қолдауымен, өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері Шиелі ауданына баспасөз турына барды. Жолай біз бағыт алған өңірдегі баратын нысандардың тізімі қолымызға тиді. Риза болғанымыз, бір-біріне ұқсамайтын бес қызмет түрін жандандырып отырған шағын кәсіп иелерімен таныстық. Оның ішінде ауқымды жерді алм...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    192   ШАҚЫРЫМ  ЖОЛ  ЖӨНДЕЛЕДІ

    Елдегі көлік саласы маңызды рөлге ие. Оған сауда-экономикалық бағыттағы тауарлардың көліктің қай түрімен болсын тасымалдануы дәлел. Одан өзге аймақтар үшін республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жол­дардың  өзектілігі  жоғары.  Өткен  жылы осындай жолдар мен көшелерді дамыту­ға республикалық бюджеттен 1...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 25 Шілде 2019

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖҰМЫСТАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.07.2019 11:20

Қызылорда облысы әкімі аппаратының Мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы лауазымына Жалғасбаев Ерқыран Ертілеуұлы тағайындалды.
Е.Жалғасбаев 1988 жылы туған. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Құқықтану», сондай-ақ «Экономика және бизнес» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2011 жылы Қызылорда қаласы әкімі аппаратының бас маманы ретінде бастаған.
2018 жылдың қаңтар айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысы әкімі аппараты Мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас инспекторы лауазымында қызмет атқарып келді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


БАХЫТ ЖАХАНОВ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.07.2019 11:11

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Жаханов Бахыт Дүйсенұлы облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

Б.Жаханов 1974 жылы туған. Ы.Жахаев атындағы Қызылорда политехникалық институтын «экономист-менеджер» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1996 жылы Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы департаментінің жетекші маманы болып бастаған.

Әр жылдары Қызылорда облысының экономика, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, сондай-ақ білім басқармаларында жауапты қызметтер атқарған.
2008-2011 жылдары – Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларын басқарған.

2011-2015 жылдары – Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазалы ауданының әкімі.

2015 жылдың маусым айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымында қызмет атқарып келді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


МАРАТ ДЕЛМҰХАНОВ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.07.2019 11:05

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Делмұханов Марат Нұрсайынұлы облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

М.Делмұханов 1979 жылы туған. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «бухгалтер-экономист» және «заңгер» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2001 жылы Батыс Қазақстан облысының экономика басқармасының бас маманы ретінде бастаған.

2002-2010 жылдары – Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты талдау-эксперттік бөлімінің бас маманы, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, «Технопарк «Алгоритм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.

2010-2013 жылдары Маңғыстау облысы әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.

2013-2017 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болған.

2017 жылдың маусым айынан бастап осы кезге дейін Кызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы лауазымында қызмет атқарып келді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ОБЛЫС ӘКІМІ ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ БИЗНЕС НЫСАНДАРЫМЕН ТАНЫСТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.07.2019 09:45

Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Қазалы ауданына жұмыс сапарымен барып, өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, аудан тұрғындарымен кездесті.

Аймақ басшысы алдымен Басықара елді мекенінде 1963 жылы салынған Ә.Тыныбаев атындағы су торабының жұмысымен танысты. Су торабы 60 га егістік алқабын және 450 га шабындықты суармалы сумен қамтамасыз етеді. Нысанда 22 адам жұмыс істейді.

Облыс әкімі Жалаңтөс баһадүр ауылындағы ауылдық клуб ғимаратында тұрғындармен кездесіп, жергілікті кәсіпкерлер өнімдерінің көрмесін аралап көрді.

Бұдан ары аймақ басшысы тәулігіне 30 тонна сүт өндіретін "РЗА" АҚ сүт-тауар кешеніне барды. Кәсіпорында "Дәмді" сауда маркасымен пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, сүзбе, сары май және ірімшік шығарылады. Болашақта йогурт, ряженка, брынза және балмұздақ өндірісін ашу жоспарлануда. Кәсіпорын өнімдері облыс аумағында, сондай-ақ Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан өңірлеріне де шығарылады.

Аймақ басшысы 2018 жылдың желтоқсан айында аудан орталығында салынған Әйтеке би ескерткішіне барды. Монументтің жалпы биіктігі – 12 м, ескерткіш авторы - Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Қазбек Сатыбалдин. Сонымен қатар, Қазалы қаласы мен аудан орталығын байланыстыратын жаңа қаланың құрылысымен танысып, аудан әкімдігінің жаңа ғимараты мен мәдениет үйінде болды.

Қазалы аудандық орталық ауруханасында облыс әкімі аудандағы денсаулық сақтау саласының дамуымен және жақында сатып алынған ангиографтың жұмысымен танысты.

Бұдан ары облыс әкімі жазғы маусымда 700-1000 бүлдіршінді қабылдайтын "Шағала" балалар сауықтыру орталығында болды. Орталық 7 ауысымда жұмыс істейді, оның аумағында  балалар демалатын 2 корпус, асхана, медпункт, бассейн және футбол алаңы бар.

Аймақ басшысы өткен ғасырдың 90-жылдары салынған "Қазалы-Теміржол жылу" МКК-де болды. Кәсіпорында ДЕ-14/16ГМ маркалы 4 бу қазандығы бар, олардың үшеуі жылыту маусымында және біреуі резервте жұмыс істейді. Кәсіпорын 102 мекеме, 46 көпқабатты үй мен 184 жеке үйді  жылумен қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, облыс әкімі "LCI-MK" ЖШС жұмысымен танысты. 2013 жылы кәсіпорын индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында "Жоғары кернеулі электр бағаналарын шығару" жобасын жүзеге асырған болатын.

Қуанышбек Досмайылұлы аудан орталығындағы көпқабатты үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. "Нұрлы жер" бағдарламасының аясында Әйтеке би кентінде 18 пәтерлік 6 жалдамалы көпабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды, олардың әрқайсысында екі бөлмелі 12 пәтер және үш бөлмелі 6 пәтер болады.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов "Қазалы Керуен" көлік, сауда-логистикалық орталығына барды. Нысанда аумағы 1080 ш.м. автовокзал, автотұрақ, техникалық қызмет көрсету орталығы, сауда алаңдары және басқа да қызмет көрсету орындары қарастырылған.

24-27 шілде аралығында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов жұмыс сапарымен Арал, Қазалы, Қармақшы және Жалағаш аудандарына барып, өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездеседі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» – ЖАҢА ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМА PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
25.07.2019 13:07

Аймақ тұрғындары үшін баспаналы болудың тағы бір мүмкіндігі ашылды. Бұған дейін «Қолжетімді тұрғын үй», «Өз үйім», «Орда» се­кілді бағдарламалардың игілі­гін көрген қызылордалықтар енді «Бақытты отбасы» жаңа әлеуметтік бағдарламасы негі­зінде баспаналы бола алады.

«Бақытты отбасы» – табысы­ төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға арналған несиелендіру бағдарламасы. Оған төрт және одан көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар (жоғарғы оқу орындарында, колледждерде және басқа оқу орындарында күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі балаларды қоса алғанда) көпбалалы­ отбасылар, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар толық емес және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар қатыса алады. Сіздің атыңызда және сізбен бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмаса, отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс 42500 теңгеден аспаса, онда жылдық заем мөлшерлемесі 2 пайызбен, 20 жылға дейін ең төменгі бастапқы 10 па­йыз жарна төлеп, өз үйіңізге қол жеткізу мүмкіндігін жіберіп алмаға­ныңыз дұрыс. Шыны керек, әкімдіктің үй кезегінде тұрған адамдардың бәрі баспанаға мұқтаж. Аталмыш жобаның артықшылығы сол, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салым­шысы жаңа салынған үйдегі жаңа пәтерді, қолданыста болған пәтерді және жеке тұрғын үйді таңдай алады.

- Бағдарлама талаптарына сәйкес, қатысушы ең алдымен, әкімдіктің үй кезегінде тұруы, атында жылжымайтын мүлік­тің тіркелмеуі керек. Соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі ең төменгі жал­ақыдан артық болмауы басты талаптардың қатарында. «Бақытты отбасы» бағдарламасына­ қатысушылар үшін тағы бір маңызды жайт – жергілікті әкімдіктен отбасы мәртебесін растайтын құжат алу. Ол құ­жатты «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» несиелік өті­німді берген сәтке дейін алу керек. Бағдарлама 3 жылға негізделген. Бастапқы жарна не­бәрі 10 пайыз ғана. Егер одан артық құйсаңыз, ай сайынғы төлем азая түседі, - деді «Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі» Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Ә.Сәуле­баев.

«Заманың қасқыр болса, түлкі боп шал» демекші, осындай бағдарламалар іске қосылғаннан бастап, ел ішіндегі алаяқ­тар жоспарларын іске асырады. Яғни, «банктен, әкім­діктен анықтама әперемін», «таңдаған үйіңді аласың, ол үшін маған мынадай көлемде ақша бер» деген секілді сан сылтауларды айтып, халықты құрығына түсіреді. Ал бұл жерде­ ескеретін жайт, БАНК КЕҢЕСШІЛЕРІ ЖАРНА ҚАБЫЛДАМАЙДЫ! Ақшаны «ТҚЖБ» АҚ-ның бөлімшелері мен серіктес ұйымдарының интернет-банкингі, төлем терминалдары немесе банктің интернет-банкингі арқылы аударуға болады. Төлем қабілетті­лігі бағалаудан өткен соң отбасыңыздың мәртебесін растайтын әкімдік құжаты, кәмелет­тік жасқа толған отбасы мүшелерінің жеке куәліктері мен балалардың туу туралы куәліктері, неке қию немесе неке бұзу туралы куәліктері, соңғы 6 ай ішіндегі табыстарды растайтын құжаттар, оның ішінде ерінің немесе әйелінің, сондай-ақ, қажет болған жағдайда қосалқы заемшының атына берілген құжаттар тиісті орынға жолданады. Осы сатылардан өткен соң бағдарлама қатысушысы тұрғын үй іздеп, кез келген бағалау ұйымы арқылы таңдалған баспананы бағалап, сатушы­дан тұрғын үйдің құқық белгілеуші құжаттарының кө­шірмелерін алу керек. Жылжымайтын мүліктің бағалау нәтижелері мен құқық белгілеуші құжаттарды төлем қабілеттілігі расталған күннен бастап үш айдан аспайтын уақыт ішінде тапсыруы шарт. Мақұлданған соң нотариуста сатушымен сатып­ алу-сату келісімшартын бекітіп, жұбайыңыздың кепілге рұқсаты алынады. Осыдан кейін ғана халыққа қызмет көрсету орталығында немесе нотариуста кепілді тіркеу жаса­лынып, заем беріледі.

Бағдарламаның артықшылығына келер болсақ, аудандық жерлерде баспана кезегінде тұрған тұрғындар да бастапқы жарна салу арқылы Қызыл­орда қаласынан баспана алуға құқы­лы. Ал өзге бағдарламаларда тұрғылықты жері бойынша ғана мүмкіндік болса, «Бақытты отбасы» бағдарламасы осындай «сый» жасап отыр. Айта кетейік, 3 жылға негізделген бағдарламаға мемлекет барлы­ғы 150 млрд теңге бөліп отыр. Әр жыл сайын 50 млрд теңге игерілуі керек. Бұл қаржыға еліміздің 6000 отбасы баспаналы болады деп күтіліп отыр. Бұйыртса, Қызылорда облысында жыл соңына дейін 400 отбасы қоныстойын тойлайды.

Бағдарлама қатысушылары үшін 2019 жылдың 22-26 шілде аралығында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылы­ғы және тұрғын үй инспекциясы коммуналдық мемлекеттік мекемесі ғимаратында жолдама беру үшін құжаттар қабылданады.

Н.ҚАЗИ

 


Сұрақ-жауап

 

- Несиесі бар отбасылар үшін мүмкіндік бар ма?

- Бүгінгінің  басты  сауалы – несие мәселесі. Кез келген­ несие заемшының төлем қабілетіне әсер етуі мүмкін. Алайда несие дер кезінде жабылып, айлық табыс­ы жетіп тұрса, еш кедергі  келтірмейді.

- Толық емес отбасының баласы 18-ден асса, оларға қатыса  ала  ма?

- Әкімдікке баспана кезегіне тұрғанда бала кәмелеттік жасқа толмаса, мін­детті түрде қатысу мүмкін­дігі  бар.

- Мүгедек баланың жәр­демақысы  табыс  көзіне  есептеле  ме?

- Мүгедек жандардың мемлекет тарапынан төле­ніп отырған жәрдемақысы табыс көзіне алынбайды. Егер анасы мүгедек бала күтімімен үйде отырып, әкесі жұмыс істесе, оны шешу­дің жолдары қарас­тырылған.

- Ажырасқан  отбасыларға мүмкіндік  бар  ма?

- Мемлекеттен бөлінген мүмкіндікті пайдалану үшін қағаз жүзінде ғана ажыра­судың көбейіп кетуіне байланысты неке куәлігін неке бұзу туралы куәлікке айырбастағандар 3 жыл уақыт өтпей, бағдарлама қатысушысы  атана  алмайды.

- Төлем есептеу жобасы қандай?

- Пәтер құны 10 млн теңге­ болған  жағдайда Тұрғын  үй құрылыс жинақ жүйесі ая­сында төлем мөлшері 8 жыл ішінде алдын ала заем бо­йынша 52600 теңгені құраса, қалған 11 жыл бойы 36000 теңгеден  төлеп  тұру керек.

 


НЕГЕ ПАРА БЕРЕМІЗ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
25.07.2019 12:45

Бос орын жоқ, мамандар толық, жұмыссыз жүруге тағы болмайды. Адамдар не істейді? Амал жоқ, басшыларға сыйақы береді­. Заңсыз сый осылай басталады. Біреу сыйлықпен қызметке орна­ласады. Енді бірі лауазымын көтереді. Қолынан­ келгені үй кезегін жылжытып, баспа­на алады. Пысығы кезексіз жер иеленеді. Жасыра­тыны жоқ, әрбір пенде қандай да болма­сын,  мәселесін  ақшамен  шешуге  бейім.

Біздің жемқорлықты айыптауға етіміз үйренген. Сырттай мәселені айтып шағымданамыз. Ал пара беруші­  болмаса, алушы бола ма? Жемқорлықтың  індетке­ айналғанын  қалай жасырамыз? Екінің бірі параның­ қылмыс екенін біледі. Сөйте тұра аяғын тарт­пайды. Кейбіреулер қылмыс үстінде ұсталады. Бірақ ісі көпке жетпейді. Іле-шала жабылғанын, айыппұл төлегенін естиміз. Лауазымды  тұлғаларды  пара  берушілер  жолдан тайдырады. Бұл ойымызбен  біреу  келісер, біреу келіспес.

Кез келген ата-ана бала бақы­ты үшін «сүйінші» беруге асығады. Бұл – әлімсақтан келе жатқан салт-дәстүр. Әсіресе, перзентханаларда «сүйінші» беру сейілмейді. Жақыны перзентханадан шықса да дәрі­гер­ге «жақсы қарағаныңыз үшін рақмет» деп сый (көбінесе ақшалай) беретіндер көп. Ауруханаға жату үшін де ақша ұсынады. Баласы оқуға түссе, оқу орнының басшысына немесе қарамағындағыларға ата-ана «соғымын» апарады. Қызметке орналасарда бастығын риза қылуға тырысатындар қаншама. Міне, парақорлық осындай «сыпайылықтан»  басталады. Осыдан бірнеше ай бұрын қызылордалық полицей пара алды деп айыпталды. Шенінен айырылып, қызметінен шетте­тілді. Бұдан былай  ол мемлекеттік қызметке және басқару органдарына бас сұға алмайды.

Орын алған заңсыздыққа назар аударсақ. Әуелі көлік жүргізушісі жол ережелерін бұзады. Телефонмен сөйлесіп келе жатып, бір бағытқа арналған көшемен жүреді. Полицей оған ескерту беріп, айыппұл салады. Бірақ әкімшілік құ­қықбұзушылық хаттаманы рәсімдемейді. Әкімшілік құ­қықбұзушылықты қайталап жасап тұрғанын және жүргізу куәлігінен айыру жазасы көзделгенін айтады. Құжатынан айырылмау үшін 30 мың теңге талап етеді. Ал жүргізуші айыппұл сомасын азайтуды сұрайды. Қалтасынан және досын­ан алып, 2 мың теңгені полицияға береді. Сонымен айыпталушы Б. өзінің банк карточкасына 7000 теңге салуды тапсырады. Ақша аудармаған жағдайда қала аумағында көлігін тоқтататынын айтып, ұялы телефон нөмірін береді. Көлік жүргізушісі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департаментіне арызданады. Жас полицей заңсыз әрекеті үшін жауапқа тартылды. Қызылорда қалалық соты оны пара ал­ғаны үшін кінәлі деп тапты. Полиция қызметкеріне 450 мың теңге айыппұл төлеу жазасы тағайын­далды. Бұл – бір ғана мысал.

Қызылордада  жем­қорлыққа қа­тыс­ты жайт мұнымен шектелмейді. Қазір медициналық анықтама да табыс көзіне айналған. Оқуға құ­жат тапсыру, жұмыс­қа орналасу, жүргізу­ші куәлігін алу үшін кезек күт­пейсің. Ебін тапсаң болды. 7500 теңгеге 083/е нысандағы медициналық анықтаманы қолға аласың. «ПрофМед» ЖШС дәрігеріне пара алды деген айып тағылды. Бұл «Жасырын сатып алушы» бақылау шарасында анықталған. Азаматтарды тиісті тексеруден өткізбей, қорытындыны куәландыру қоғамға қауіпті. Бұл жол-көлік оқиғаларына (нашақорлыққа бейім, психикалық ауытқуы бар азаматтардың көлік басқаруынан туын­дай­тын) алып келуі ықтимал. Нәтижесінде дәрігер жұмыстан  босатылған.

Ал сүтке су қосқан қызыл­ордалық лагерьлердің ісі тіптен сорақы. Олар балаларға ауызсу орнына тұрмыстық су берген. Тозған жатын төсек, қақпасы ашық, күзеті жоқ. Азық-түлік нормасы ас мәзірінен әлдеқайда аз екені анықталған. Шындығында облыстағы  балалар лагерінің қызметі сын көтермейді. Көп­балал­ы үйде өскен бала­ның «қарным ашты» деп үйіне қайтқаны  еркелік емес. Ондай баланың «ішкені алдында» еместігі әу бас­тан белгілі.  Тексеру  кезін­де 90 балаға бір келі фарш бөлінген. Тіпті жеміс-жидекті балалар ауызға алмайтын көрінеді. «Ақмешіт – адалдық алаңы» кеңесі біраз  заңсыздықтың  бетін ашты.

«Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандос Тұсмағамбетовтің мәлімдеуінше, медициналық пункт пен стоматологиялық кабинеттер  санитарлық  талап­қа сай келмейді. Бөлінген қаражат  жымқырылған. Бір балаға 10 күндік жолдаманың құны – 13 мың 600 теңге. Бір күнде лагерь басшылығы 111 мың 520 теңге үнемдеген. «Оған тамақ­тың  94  мың  300  теңге­сін қоссақ, жалпы 205 мың 820 теңге қайда?» деген сұрақ туындайды.

Кеңсе мониторингі бойынша жазғы демалыс маусымына «Жалын», «Ақтерек», «Сырдария» лагерьлері дайын болмаған. Сонда олар аз қамтылған, көпбалалы отбасыларынан шыққан балаларға жағдай жасау­ға құлықсыз болды ма? Тегін жолдамамен келгеніне мәз болсын деді ме, кім біл­сін?! Дегенмен, балалар демалысы үшін мемлекет қаражат төлейді емес пе?!

Жалпы, мұндай мысалдар аз емес. Қылмысы әшкереленбей,  сыйақы алуды тып-тыныш жалғастырып жүргендер қаншама. Балабақша басшылары парақорлықтан өзге, мемлекет қаржысын қымқырудың түрлі әдісін меңгерген. Бір бала жата­т­ын орынға екі баланы орна­ластырып, бір баланың тамағын екі балаға бөліп беретін фактілерге де ұшырасып жүр­міз. Одан қалды, заңсыз қо­сымша топтар ашып, одан түс­кен ақшадан мемлекетке салық төлемейтін меңгерушілер де бір төбе. Бұл да жазылмаған заңдардың  біріне  айналған.

Қай салада да жемқорлыққа қарсы күрес тоқтаған емес. Түрлі акциялар ұйымдас­ты­рылып, түрлі бағдарламалар дүние­ге келуде. Бірақ кеселдің  жеңілер түрі көрінбейді. Бір­неше ай бұрын мемлекет басшысы қазақстандықтарды жемқор­лыққа қарсы күреске шақырды. Президенттің ай­туын­ша, жыл сайын елімізде орта есеппен 2 мыңнан астам жемқорлық дерегі тіркеледі. Мыңнан аса адам жауапқа тартыл­ады. Қ.Тоқаев ауруды шұғыл түрде емдемесе, кеш бола­тынын  ескертіп, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтті. Сөйтіп, президент биліктің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасын атап өтті. Бұдан былай пара алған қызметкер ғана жазал­анбайды. Басшысы да жұмыстан  кетеді.

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды». Әзірге пара алуға құмартқандардың азайғаны байқалмайды. Оған статистикалық мәлімет дәлел. Деректерге сүйенсек, өткен жылы еліміз­де республикалық деңгейдегі 19, облыстық деңгей­дегі  98, қалалық және ау­дандық деңгейдегі 152 басшы қылмыстық жауапкер­шілікке тартылған. Қылмыстың денін әкімдіктер, ішкі істер  органдары мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасаған. Жемқорлықтың жоғары деңгейі білім, ауыл шаруашылығы, құрылыс және денсаулық сақтау саласында сақталып тұр. Сондай-ақ қағазбастылық та жағдайды ушықтыруда. Қағаз толтырудан қажыған жандар  не істейді?  Жұмысын бітіру үшін құжат қабылдайтындарға «сый-сияпат» береді.  Мұндай сәтте қарапайым адам қылмыс жасағанын емес, жұ­мысының аяқталуын ойлайды. Бүгінде қағазбастылық барлық салаға тән. Одан пара берушілердің, алушылардың азаймайтынын аңғару қиын емес.

- Биыл облыста сыбайлас жемқорлыққа  қарсы  іс-ша­ралар  бекітілді. Жемқорлықтың жолын  кесу мақсатында 95 ұсыныс енгізіліп, 83 іс қа­ралды. 67 тұлға тәртіптік жа­уап­кершілікке тартылды. Биыл 6 айда жемқорлыққа қатысты Қызылордада 25 тұл­ғаның ісі сотқа берілген. Өткен жылмен салыстырғанда жем­қорлық 5 пайызға өскен. 2018 жылы 77 іс болса, биыл 81 іске көбейіпті. Тіркелген қылмыстың басымы жергілікті атқа­рушы  органдары  салаларында, - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Б.Жан­дарбеков.

Біраз  уақыт  бұрын  агенттік басшысы Алик Шпекбаев көпшіліктің назарын жағымсыз құбылысқа аударды. Оның айтуынша, бұл мәселе облыстар  мен  аудандарда және ауылдарда  туып  отыр.

«Біз стандарттарына тең келеті­н ЭЫДҰ елдерінде мұндай мәселе жоқ.  Біреуді біреу қабылдамайды. Ал тек­серулер  қашықтықтан  бақылау есебінен  жүргізіледі. Әр тексерушіге  іссапар  үшін  қаражат бөлінеді. Алайда олар бөлінген қаржыны пайдаланбайды. Қонақүйдегі жақсы нөмір, мейрамханадағы түскі, кешкі ас, қымбат сыйлықтар мен аңшылық әріптестерінің қалтасынан шығады», - деген еді  агенттік басшысы.

Шпекбаевтың сөзінше, қазіргі заманғы және кәсіби мемлекеттік аппарат үшін бұл мемлекеттік қызметтің беделін түсіреді. Мұндай заңсыздықтар үшін Қазақстанда қызметкер жұмыстан босатылып, нақты­ мерзім беріледі. Сонан бері шенеуніктер  жұмыстан кете бастады. Қатаң санкция  жемісін береді ме? Оны уақыт көрсетеді.

Бұдан өзге күн сайын орын алып жатқан жемқорлық фак­тіле­рінің саны қаншама. Ендігі үміт – сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күресті күшейту­ бағытындағы 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламада. Бұл мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға қадағалауды күшейтеді. Қазір шенеуніктер  пара  алудан  қорқатын болыпты. Ұсталып  жазағ­а  тартылғандарды  көр­геннен кейін шығар. Әйтпесе,  оңай  олжаны­ кім  жек  көрсін?

Иә, жемқорлықпен күрес шегіне жеткен жоқ. Жармасқан дерттен жуық арада арылмайтын сияқтымыз. Өйткені бұл кеселмен күресетін құқық қорғау саласы мамандарының өзі жемқорлар қатарын арттырып тұр. «Балық басынан шіріп жатқанда», әділдікті қайдан іздейміз?

Құттыбике   НҰРҒАБЫЛ

 


VPN ДЕГЕН НЕМЕНЕ, ОҒАН ХАЛЫҚ СЕНЕ МЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
25.07.2019 12:35

«Германиядан сәлем», «Польшадан байланысқа шығып тұрмыз», «Франциялық ағайын бар ма екен?», «Голландиялықтар қайдасыңдар?». Өткенде желіде осындай жазбалар қаптап кетті. Сөйтсек біздің жұрт VPN деген қосымшаны  қолдану арқылы өзге елдерден  желіге  жалғанып  жатыр  екен.

Адамнан айла артылған ба? Бірер күн интернет  бұғатталып, Instagram, WhatsApp, Facebook секілді ел жиі қолданатын желі атаулы жабылып қалып еді, қолданушылар оның да жолын­ таба қойды. Қалай дейсіз ғой, App Store, Play Market сервистері арқылы VPN қосымшаларын ұялы телефон­дарына жүктеп, соның көмегімен әлеуметтік желіден қол үзген жоқ.

Сонымен, VPN деген не? Бұл сұраққа ІТ  маманы  Тимур  Бектұр  жауап­ беріп көрді: «Virtual Private Network, яғни сөзбе-сөз аударғанда «Құпия виртуал желі» дегенді білдіреді. Қолыңыздағы құрылғы сізге қажет интерне­т ресурс арасында қауіпсіз байланыс­ орнатуға септігін тигізеді. Жалпақ тілмен айтсақ, VPN қызметін қолдану арқылы интернетке қосылатын болсаңыз, онда сіз сыртқы көзден таса, бүркенген кейіпте жүргендей боласыз. Өйткені, VPN пайдаланған кезде сіздің құрылғыңыз бен интернеттегі әрекеттеріңіз құдды бір құбырдың ішімен, яғни жерасты жолымен жүргенге тең. Оның қызметінің ерекшелігі де сол, қолданушылардың құпиялығын сақтау, қолданушылардың нақты IP адресін өзгерту және шынайы географиялық мекенін ауыстыру арқылы кейбір шектеул­ерді айналып өту және қол­данушы  ақпаратын  тасада  ұстау».

VPN-ге қосылу арқылы ақпарат қауіпсіздігіне қол жеткізесіз. Бұл не деген сөз? Интернет әлемінде ақпараттарыңыз адам көп жүретін ашық дәлізде жатқанмен бірдей болады. Жеке кеңіс­тігіңіздегі ақпараттар бәріне оңай көрі­нетін жерге орналасады. Ал VPN-ге қосылу арқылы ақпаратыңызды жеке бөлмеде, сіздің рұқсатыңызсыз ешкім кіре алмайтын жерде сақтайсыз. Сіздің ақпаратыңызды ешкім ұрламайды, бұзбайды. Яғни, бөлменің кілті сервис иесі мен сізде ғана болады.

VPN-ді қандай елдерде қолданады? Әр елде әртүрлі мақсатта, әртүрлі сипат­та, әртүрлі себеппен интернет-сайттар бұғатталып жатады. Айталық, көптеген елдерде есірткі сататын сайттар­, анайы сайттар, жасөспірімдер мен жалпы халықтың психикасына нұқсан келтіретін сайттар, кейбір сектан­ың  сайттары, тағы сол сияқты  неше түрлі интернет-ресурстар  бұғатталуы  мүмкін. Сондай-ақ, әр елдің цензура деңгейіне қарай да неше түрлі қызметтер бұғаттаулы болады. Мәселен, Қытайда Facebook, WhatsApp қызметтері  бұғаттаулы  болса, Netflix сайтында АҚШ тұрғындарына арналған видеолар өзге мемлекеттер үшін жабық. Ал Tidal музыкалық қызметі Ресей­ тұрғындары үшін қол­жет­імді  емес. Сондықтан, Ресей­ жеріндегі осы желінің тыңдармандары VPN-ге қо­сылу арқылы, аталған пор­талдан бір-ақ шығады. Құлыптаулы сайтты ашқан адам, сіздің жеке құжаттарыңызды, қаржыңызды қолды қылуы әбден мүмкін. Журналист Алмат Әбдіраманның Фейсбуктағы парақшасында «VPN қосқан ағайын! Хакерлерге жем болмас үшін net banking-ке кірмеген жөн» деген­ жазбасы да ой салады екен.

Тимур  Бектұрдың ай­туынша, VPN-ге қосылу арқыл­ы  ақпарат  қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады екен­біз: «Қазіргі таңда, жалпы, өзін  интернетте  толыққанды құпия ұстағысы келген адам VPN қызметін және TOR деп аталатын браузер екеуін қосып  пайдаланады. Бұл енді жұрттың  барлығы  үшін  қажет және үнемі қолдануға ұсыныла­тын нұсқа емес. Өйткені, көпшілік адамдар бүкіл әлемнің хакерлері немес­е  қауіпсіздік қызметтері  күні-түні сарылып іздеп жүрген  маңызды  адамдардың қатарына жатпайды. Мем­лекеттік өте маңызды құжаттар  айналымымен айна­лыспайды. Біреулер  жай  ғана кино қарайды, біреулер жай ғана күнделікті хат-хабар алмасып, электронды поштамен байланысады. Енді біреулер қарапайым жаңалықтар сайтын­ оқиды дегендей. Осындай күнделікті базалық функциялар үшін интернетке VPN арқылы қосылу соншалық­ты қажет бола бермейді. Алайда өзінің интернеттегі қалған ізін құпия ұстағысы келетін, көпшілік орындарда, сауда орталықтарында, парктерд­е, әуежайларда ашық wi-fi қолдана­тын адамдар да VPN қолданса, абзалырақ болады. Сол кезде оның интерн­ет банкинг транзакциялары, алмасқ­ан хаттары, мессенджердегі сөздері құпияда қалады. Дегенмен VPN-нің де VPN-і, оның да сапалысы, сіздің ақпаратыңызды ешкімге бер­мейтін­, үнемі сіздің ізіңізді (лог файл) өшіріп отыратын түрлері бар».

Көп жағдайда VPN-ді арнайы сайттард­а  орнатылған  құлыптарды  ашу үшін қолданады. Мысалы, «VPN арқылы  интернетке кіргенде ақша аударатын қосымшаларды өшіріп тастау керек»­ деген жазбалар да желдей тарап кетті. Шынында солай ма? Ербол Азанбект­ің пікірінше пышақтың екі қыры болатыны секілді, VPN-нің де зиянды жағы бар: «Көпшілік VPN-нің қауіпті екенін біле бермейді. Тегін VPN-дер жеке деректерді жинайды. Мысалы: Opera браузеріндегі VPN-ді ұсынған компания деректерді жинайтынын  ашық  айтады. Тек  ақша аударатын  қосымшалар ғана емес, электронды  пошта, әлеуметтік  желідегі парақ­ша, басқа  қосымшалардың  логин, құпия сөз сияқты  деректерін жинап алуы мүмкін. Сондықтан  ақылы, сенімді, тексерілген VPN  қолдану керек­. Қазақстанда VPN пайдалану кезінд­е жеке деректерін ұрлатып, қаража­тынан айырылып қалу оқи­ға­лары кездескен  жоқ.  Бірақ,  тегін VPN-нен келер қауіп барын білген дұрыс. Егер оны амалсыз пайдаланып отыр­саңыз тек төлем қызметін ғана емес, басқа­ да жеке мәліметтеріңіз бар қосымша­ларды  өшіріп  тастаған  дұрыс. Жеке бас деректеріңізге қауіпті нәр­сенің бірі – қоғамдық орындардағы тегін Wi-Fi. Жеке деректеріңізге еркін қол жеткізіп қаражатыңызды, жеке мәліметтеріңізді ұрлауы әбден мүм­кін».

Біздің елде Facebook, Instagram секілді әлеуметтік желілер мен Youtube видеохостингін, сондай-ақ WhatsApp мессенджерін  бұғаттап  тастаған  кезде, халық VPN қызметіне жүгінуге мәжбүр болды. Сол арқылы интернет қолданушы мен осы әлеуметтік желілердің арасын­дағы байланыс VPN туннелі арқыл­ы  өткендіктен, ол желілерді ашып  қарауға  мүмкіндік  туады. Себебі­, VPN  қызметі  қолданушыға  өзінің     VPN сервері орнатылған елдің ІР адресі арқылы қосады да «Қазақстандық қолдану­шыны Фейсбук әлеуметтік желісі­не  кіргізбеу»  деген  геобұғаттауды айналып өтеді. Нәтижесінде, сіз физикалы­қ түрде Қазақстанда отыр­саңыз да виртуал  түрде басқа елден кіріп отырғандай  жағдайда  боласыз. Бүр­кеме - туннел деген осы.

Көп жағдайда, біздің елдің халқы VPN-нің тегін түрін қолданады. Ал ол тегін қызмет көрсеткені үшін сізден не талап етеді? Уақыт бойынша шектеулі қызмет көрсетіп, үнемі жарнама беру арқылы өзінің ақылы клиентіне айналдыруға күш салады. Кейбір жағдайда сіздің барлық интернеттегі іс-қимылыңызды өзіне жазып алуы, оны үшінші бір тарапқа сатуы, немесе VPN қызме­тінің  ішіне  malware  секілді  вирус  қосуы  да  әбден  мүкін.

Біз көбіне қажет қылған қосым­шаны еш бас ауыртпай интернеттен тегін жүктеп алуға дәнігіп алғанбыз. Сондықтан VPN қызметін тегін жүктеген­ кезде сақ болған артық етпейді.­ Судың  да  сұрауы  бар.

 

Көктем  ҚАРҚЫН

 


АЛТЫ АЙДА АЛАЯҚТЫҚ ЖАСАҒАН 154 АДАМ ҰСТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.07.2019 12:30

Бүгінде тәртіп сақшылары алаяқтықтың алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізуде.

2019 жылдың 6 айында Қызылорда облысы бойынша 483 алаяқтық қылмыстары тіркелді.

Ішкі істер органдары қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде бұл қылмыстың 92,9 пайызы (2018ж 78,9%) немесе 268-і ашылып, қылмыскерлерге қатысты тиісті шаралар қолданылды.

Бұл қылмыстардың орын алуына жәбірленушілердің әлеуметтік жағдайларын түзеп беруге, жұмысқа орналасу, мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау, жеңілдетілген пайызбен несие алып беру, кезектен тыс жер, пәтер алу жұмыстарына көмектесуге уәде еткен азаматтардың сөзіне алданып, оңай жолмен өз жұмыстарын бітіруге талпынулары себеп болып отыр.

Мысалы, тіркелген алаяқтық қылмыстарын талдасақ, қарызға ақша алып қайтармағандар - 48, несие алуға көмектесемін дегендер - 68, жұмысқа тұрғызамын деген - 63, кезектен тыс үй алуға көмектесемін дегендер - 67, интернет желісі немесе ұялы телефон арқылы сенімге кіріп, есеп шотына ақша салдырғандар саны - 98, тағы басқалары 94-ті құрап отыр.

Ағымдағы жылдың 6 айында алаяқтық жасағаны үшін 154 адам ұсталып, 84-іне қатысты қылмыстық іс айыптау қорытындысымен сотқа жолданса, 70-іне қатысты екі жақтың ымыраласуына байланысты, яғни келтірілген  шығын өндіріліп,  қылмыстық іс қысқартылған.

Осы қылмыстарды жасаған күдіктілердің 107-ы - әйел, 47-і – ер-азаматтар.

Тәртіп сақшылары  төмендегі жағдайларға назар аударуды сұрайды:

Бірінші, жәбірленушілердің кеш арыздануы.

Екіншіден, әлеуметтік желі арқылы берілген жарнамадағы затқа алдын ала төлем  жасауды немесе ұялы телефон арқылы басқа қалада жүрген баласын немесе бауырын қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін деп ақша сұрағандарға алданып, бейтаныс адамның шотына ақша аударады (Киви кошелек, ОЛХ жарнамасы және т.б.).

Үшіншіден, кәсіпкерлердің, жеке тұлғалардың арасында екі жақпен жасалған келісімшарттың негізінде сатылған заттың қаражаты уақтылы қайтарылмай, құзырлы органдарға алаяқтық жайында арызданады. Бұл жерде күдікті де, жәбірленуші де белгілі болғанымен, олардың арасындағы даулы қарым-қатынастың азаматтық дауға немесе қылмыстық әрекетке жататынын дәрежелеу мен шешім қабылдауда қиындық тудырып, ашылмаған қылмыс санын көбейтуде.

Алаяқтықтан сақтану үшін не істеу қажет:

- Белгісіз жеңілдік жағдайларында қымбат бағалы мүліктердің иесі (қозғалмайтын және қозғалмалы) болу туралы кез келген ақпаратты қайта тексеру;

- Заттық құқықтарды қандай да бір мүлікке өзгертуге қатысты барлық мәселелерді азаматтық, азаматтық-процестік заңнамалардың талаптарына және нотариалдық құқыққа сәйкес заңды түрде ресімдеу.

Мәселен, жылжымайтын мүлікке келісімшарт жасаған кезде міндетті түрде нотариалдық келісімшарт жасау. Бұл ретте нотариус иелігінен айырылатын мүліктің ауыртпалығының бар-жоғын «Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйе» БНАЖ базасы арқылы тексеруге міндетті.

Сондай-ақ алынатын мүлік ауыртпалығының бар-жоғы туралы ақпарат ұсыну үшін ХҚКО-ға тиісті өтінішпен жүгіну қажет.

-     Үлестік құрылысқа қатысардан бұрын Әкімдік сайтына кіріп, «жауапсыз салушылар» бөлігін тауып алу қажет. Онда активтерді сеніп тапсыруға болмайтын кәсіпорындар көрсетілген.

 

Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

 


«ҚОЛ ҰШЫН СОЗҒАНҒА» «ҚОЛ КӨТЕРЕТІНДЕР» КӨП PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
25.07.2019 12:15

Ақ  пен  қара

Біз баланың бағын қалай байлап жүрміз, білесіз бе? Шетелге оқуға кететін балалардың жиналысын­да бірде-бір бітіруші түлек сұрақ қоймапты. «Ата-аналары ғана шыр-пыр болып жүр» дейді көзкөргендер. Өйтпегенде ше, шетелге жіберетін де, ақшасын төлейтін де, керек  болса  мамандығын таңдап беретін де, келген соң жұмыс­қа­  тұрғызатын  да – солар. Балаға, дәлірек айтсақ, болашақ маманға­ түк те қызық емес. Әлеуметтік желі қолданушысы Сәуле Қожа өз парақшасында #өмір_юмор хештегімен бітіруші түлектерге қарата: «Дипломмен суретке түсіп болсаңдар ата-аналарыңа беріңдер, жұмыс іздесін» деп жазыпты. Сарказм! Күлеріңді не жыларыңды білмейсің! Әлбетте, қабылдауыңа да байланысты. Қалай десек те, бұл – ныса­наға­ дөп тиген диагноз. Біз бүгінгі мақаламызда карикатурадағы «лақтыру­дың» үш нұсқасына мысал келтіріп көрмекпіз. Келісіңіз немесе қарсы келіңіз. Ойланыңыз, ой қосыңыз.

Сонымен, бала оқиды, бітіреді, диплом алады. Кейбірі ол мамандықпен жұмыс істемеуі де мүмкін. Тіпті, «үйдегілер ғой оқытқан» деген нұсқаны да талай мәрте естігенбіз. Карикатурадағы алғашқы «лақтыру» – осы. «Мен бұл мамандықты сүйіп оқымадым. Сондықтан менің ол жерде­ жұмыс істегім келмейді» деген жас маман ата-анасын екінші суреттегі­дей халге жеткізеді. Өкініш жоқ, себебі туғанына жамандық ойламайтын ата-ананың таза жолды нұсқамауынан кеткен қателік осы болса керек. Статистиканың түк те қажеті жоқ. Мұны ешкім де жоққа шығара  алмайды.

Айтпақшы, бізде сапалы кадр да, сапасызы да жұмыс іздейді. Негізі, жұмыс беруші мықты маманды іздеуі керек еді ғой. Қазіргі қоғамда бәрі керісінше, шұбалаңқ­ы, бас  ауыртарлықтай.

Жұмыс тақырыбын айта бастағаннан-ақ пара туралы сөз қозғамау – күнә! «Ставкасын» беріп қойдық, енді жұмысын күтіп жүр», «қазір «ставкасыз» жұмысқа тұру мүмкін емес» деген сөйлемдерді ел арасында естімей жүрмін деңізші. Тіпті, өзіңіз қызметке мұндай жолмен тұрмағанның­ өзінде бірлі-жарым танысыңыздың осы «әдістің» арқасында  айлық алып отыр­ғанын іштей болса да мойындағаныңыз жөн шығар. Амал не, заманың түлкі болса, тазы боп шаласың, «қолыңнан келсе, қонышынан бас» деп өз-өзіңді ақтап алардайсың.

Жас маман үйде жатып алып жұмыс күтеді. «Әне болып қалады, міне болып қаладымен» бірнеше айды артқа тастайды. Содан сабырыңыз сыпсың қағып, күдіктің қайығына міне бастайсыз­. Әлсін-әлсін телефон шалғаныңызға шамданған ол «ыңғай келмей жатыр, осы апта болмаса ақшаңды қайтарамыз» деуі мүмкін. Осы уақытта мидың жұмысы мың есе қатты жұмыс істеп кетеді. Осымен бәрін бітіргіңіз келеді. Әдеттегіден де әуре-сарсаң...

Карикатураға келтірген мысалдың екіншісі – мынау. «Пәленше қызын жұмысқа тұрғызам деп берген  ақшасын зорға алыпты ғой», «Түгенше баласын жұмысқа тұрғызамын деген адамнан берген «ставкасын» ала алмай жүр екен». «Амалдар ниетке байланысты» деген есті сөздің өзі бұл жерге келіңкіремейтіндей. Сіз көмектескіңіз келмесе де, қол ұшын созған болдыңыз. Ал, ол сізге қол көтерді.

Айтыңызшы, осындай жолмен басшылыққа келген баланың пара алмауы мүмкін бе? Ол да біз алғашқы жаңажолда «мысалға келтіреміз» деген нұсқаның үшіншісі болып шықпай ма? Ашығын айтқанда, өзгені демде жұмыспен қамтып, лезде оңай олжаға қарқ болғысы келген балаңыз­ (1-сурет), екінші суреттегідей жағдайға түспесіне кім кепіл!? Бір сәт «осы мен не істеп жүрмін?» деп өз-өзіңізге сұрақ қойып көрдіңіз бе? Әділетті қоғамда өмір сүргіңіз келмей ме?

Тақырыпқа шынайы қарасақ. Рас, өмірде біреуге шын мәнінде қол ұшын созсаң, соңында саған қол көтеруге бар жандар табылады­. Хәкім Абайдың «Күшік асырап, ит еттім, Ол балтырымды қанатты» деп күйінетіні содан шығар. Мынаны ұмытпау керек, Сұлтанмахмұт Торайғыровша айтсақ, жақсылық көрсем де, жамандық көрсем де – өзімнен. Жағың  түскенше  жамандық көрмеу үшін, осы атаудан­ алыс жүру үшін тек ғана жақсылық жасау  керек. Таспен атқанды аспен  атқан  қандай  дана  халықпыз  десейші!

Рыскелді   ЖАХМАН

 


«ЖОЛАҚЫ ҚЫМБАТТАСЫН!» PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
25.07.2019 12:13

Мектеп қабырғасында білім алып жүрген шағымыз. Сабақ барысында әлем халықтарының астарлы айтылған сөздерінің мағынасына шама-шарқымыз жеткенше үңіліп жатырмыз. Сонда «Біз арзан заттарды тұтынатындай бай емеспіз» деген сөзді естіп таңғалғаным бар. «Қалай болғаны, қалтасы жұқа адамға арзан дүниелер дұрыс емес пе?» деген ой келді. Түсініксіздеу! Сол секілді, мемлекет көмегімен жолақы құнының тең жартысын ғана төлеп жүрген ақсақалдың «Жолақы қымбаттасын!» деп ұрандауы  таңдандырады.

Оқу ордасында естіген сөзіміздің «біз арзан әрі пайдалану мерзімі қысқа, сапасыз заттарды қайта-қайта алып қолданатындай бай емеспіз» деген мағынада айтыл­ғанын мұғалімнің сөзінен кейін барып­ түсіндік. Қазақтың «арзанның сорпасы­ татымайды» дейтін қолданы­сындай. Ал, атаның бұлай айтуына не себеп­ болғанын мен баяндайын. Бәрі­міз­ге  белгілі жергілікті биліктің қолдауымен­ 70 жастан асқан зейнеткерлер қоғамдық көліктегі жол жүру ақысының тең жартысын ғана төлеу құқығына ие, яғни өңірі­мізде билет құны 90 теңге болса, соның 45 теңгесін ғана төлеуге мүдделі. Ендеше­, қалтаға қолайлы бағаны не үшін қымбаттатуы қажет? Ақсақал неліктен «бұл баға біздің сорымызға қойылған» деді?

Бұл сөзін аса бір қиналыспен жеткізіп отырған – Қызылорда қаласының егде жастағы­ тұрғыны. Атаның айтуынша, бұл жағдай өз басында жиі болатын көрінеді. «Біздің беретін бес-он тиынымызды азсын­а ма білмедім, әйтеуір автобустар жиі тоқтамай кетеді» дейді ол. Осындай бір сәт атамыз №31 бағытта қатынайтын қоғамдық көлікті тоқтатады, алайда қоғамдық көлік айтқанымыздай бір өзі ғана тұрған ақсақалдың қасынан зулап өте шығады. Күйінген қарияны көрген кейіні­рек келе жатқан жеңіл көлік жүргізушісі дереу тоқтай қалып, атаны отырғызып, автобусты қуып жетіп, ескерту жасаған. Жүргізуші тоқтамай кету себеб­ін «көрмедім, байқамай қалдым» деп түсіндіріпті. «Таяқ көтеріп, көз алдында тоқтатып тұрған еңгезердей адамды көрмей қалатын не деген көрсоқырлар бұл, олар түгілі 80-ге тақап, көздің қуаты қайтқан мен байқаймын» дейді ата. Көлік  жүргізушілері  құныққан  ба? Қаламызда кейіпкеріміз секілді жеңілдікпен жүретін жандар қаншама, сол кісілердің бәрі осындай қиындықтарға тап болып жата ма? Не десек те, үлкенді сыйлау – ардың жұмысы. «Бір өзі тұр екен, қырық бес теңгеге бола тоқтаймыз ба?» деген түсініктегі қызметкерлері бар біздің қоғамымыз соншалықты сорлаған ба? Бұл мәселені шешу үшін не істемек ке­рек­? Бірде кондуктор жүргізушіге «мына 180 теңгені алып кетейік» (180 теңге­ деп аялдамада тұрған 2 адамды айтады - ред.) деп пәрмен бергенін көргенмін, сол себеп­ті адамды ақшамен атап, қаржыға құныққандар бар кезде бір ескертумен заң аясында мәселенің шешімін табу қиын секілді. Сондықтан да жолақы құны бәріне бірдей болғаны дұрыс. Тек зейнеткерлерімізге қаржылай көмек жеке қарас­тырылса, сонда апам да риза, жеңгем де риза. Бір есептен «Жанармай қымбат, қосалқы бөлшектерді сатып алуымыз қажет, олар да тегін берілмейді» деп жүрген екінші тараптың да мәселесі шешіл­ер еді. Тек бір ескеретін дүние, арна­йы зерттелу нәтижесінде зейнеткерлердің жол жүруіне берілетін көмек жет­кілікті түрде болу керек. Бұл – менің ұсы­ны­сым, барлық қоғамдық көлік қызметкерлеріне күйе жағудан аулақпын. Осы бір болған оқиғаны баяндап, үлкен кісі­лердің мәселесі шешілгенін қалаймын.

 

Шернияз   ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Шілде 2019 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 26 27 28
29 30 31        

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары