Өзекті мәселелер

  • 22.08.19

    Елімізде дәрінің көмегімен өмір сүретін азаматтар аз емес. Олардың дәрілік препаратсыз қауқары жоқ. Антибиотикке тәуелді науқасқа кім қарайды? Ақысыз берілетін дәрі-дәрмектерді кімдер, қайдан және қалай ала алады?

    ...
    Толығырақ...
  • 22.08.19

    Халық «Елін сүйген ер болар» дейді. «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі» дейді тағы  да.

    Иә, ел намысы үшін ерлік­ке бара алар азаматтарды кебен­ек ішінде танып-білу аса маңызды.

    Кебенек – сыртқы киім. Оны көбіне-көп жорықта, аңшылықта киеді. Демек, бұл киімді кез келген адам кие алады. Олай болса, «Ерді кебене­к ішінде  таны» деген – ер жігітті киіміне қарап емес, жан дүниес...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    ТЫНДЫРЫМДЫ   ІС – НӘТИЖЕЛІ   КӨРСЕТКІШ

    Қаланың экономикалық тұрғыда дамып­, қалыптасуында стратегиялық міндет жүйелі түрде өз-өзін айқындап отырады. Шаһардың болашағына байлан­ысты әр жоспар, әр бағыт өзіндік құнымен маңызды. Осындай іргелі істерді атқару барысында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың іскерлік һәм басшылық міндеті ж...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    Өткен бейсенбіде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының қолдауымен, өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері Шиелі ауданына баспасөз турына барды. Жолай біз бағыт алған өңірдегі баратын нысандардың тізімі қолымызға тиді. Риза болғанымыз, бір-біріне ұқсамайтын бес қызмет түрін жандандырып отырған шағын кәсіп иелерімен таныстық. Оның ішінде ауқымды жерді алм...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    192   ШАҚЫРЫМ  ЖОЛ  ЖӨНДЕЛЕДІ

    Елдегі көлік саласы маңызды рөлге ие. Оған сауда-экономикалық бағыттағы тауарлардың көліктің қай түрімен болсын тасымалдануы дәлел. Одан өзге аймақтар үшін республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жол­дардың  өзектілігі  жоғары.  Өткен  жылы осындай жолдар мен көшелерді дамыту­ға республикалық бюджеттен 1...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 01 Тамыз 2019

ЖОСАЛЫДА ІРІ ЖОЛ АПАТЫ БОЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.08.2019 15:37

Бүгін таңертең Қармақшы ауданының Жосалы кентіндегі «Оазис» кешенінің тұсында ірі жол апаты болды. Кешеннен шыққан «Мersedes» маркалы ауыр жүк көлігі «Тоyота» автокөлігіне жол бермеген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, дейді Kyzylorda-news.kz.

Апат салдарынан 4 адам оқиға орнында көз жұмды. Ал тағы төрт азамат Қармақшы аудандық ауруханасының жан сақтау бөліміне жеткізілді.

– Қазір Қылмыстық Кодекстің 345-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу-тексеру амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалады. «Мersedes» ауыр жүк көлігінің жүргізушісі 5-тен 10 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деді облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы С.Өтегенов.

Оқиға орнына облыстық жедел жәрдем стансасының 3 шақыру тобы дереу барып, жұмыс істеген. Бұл күнде Қармақшы аудандық ауруханасына қажетті мамандар да жөнелтілген.

– Төрт азамат жан сақтау бөлімінде жатыр. Облыстық көпбейінді ауруханасынан реанимотолог, нейрохирург, травмотолог тәрізді мамандарды жібердік. Қажетті медициналық көмектер жасалады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Е.Искаков.

Айта кетейік, жол апатынан көз жұмған жүргізуші мен жансақтау бөліміндегі төрт адам Қырғызстан азаматы екені анықталды.

 


МЫЛТЫҚ ҰРЛАП ҰСТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.08.2019 15:30

Шілденің 29-ы күні Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығындағы үйлердің бірінде ұрлық болғандығы жайында хабарлама келіп түсті.

Белгісіз адам үйдің кіреберіс бөлмесіндегі пластик терезесін күштеп ашып, жатын бөлмеде тұрған 1 дана аңшы мылтығын, 14 дана оқтарын, шкаф ішінде тұрған күміс бұйымдары мен әшекейлерді, киім-кешектерін жасырын түрде жымқырып, оқиға орнынан бой тасалаған.

Полицейлердің тез арада жүргізген жедел әрекеттері нәтижесінде ізін суытпай бірнеше сағат ішінде күдікті азамат ұсталып, ұрланған заттар айғақ ретінде алынды.

Оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 291-бабының 1-бөлігімен (Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Қолға түске 25 жастағы күдікті Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.

 

Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

 


Досмайылұлы Дүйсенұлы мен Делмұхановты таңдады PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
01.08.2019 14:40

Бұған дейін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың аймақты алты жылдан аса басқарған Қырымбек Елеуұлымен талай­ жыл қызметтес болғанын жазған едік. Нақтырақ айтқанда, Көшербаев командасының өкілі. Табаны күректей төрт жыл облыс басшысының бірінші орынбасары болған ол мемлекет басшысының Жарлығымен жаңа қызметке тағайын­далды. Ал Қырымбек Көшербаев «АП»-ға ауысты. Енді жергілікті билікте қандай ауыс-түйіс орын алмақ? Кететін кімдер, келетін кімдер?  Аудан әкімдері қызметімен қоштаса ма? Басқарма басшылары қайда барады? Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, билікке жаңа әрі жас кадрлар келе ме? Қысқасы, Қуанышбек Досмайылұлының кадр таңдауда қарым-қабілеті сыналатын күнге  де жеттік.

Кадр бәрін шешеді. Жұмыс алға жылжымаса, «сұрап алған аурудың емі жоқ» дейміз. Аттай қалап алдырған кадр қадіріңді кетірсе, ең алдымен басшыға – сын. Сондықтан сақадай мамандарды іріктеу – аймақ басшысының алдында тұрған басты міндет.

Облыс әкімі өткен аптадан бері аудандарды аралап­ жүр. Енді ол аудан әкімдерінің жұмысын саралап, салмақ­тап, елеп-екшеп, қызметін қарық қылмай отырған­дарды орынынан алатыны анық. Оның облыс­ты­ң тізгінін ұстағанына бір айдан асып барады. Әзірге анау айтқандай ауыс-түйістер жасауға бара қойған жоқ. Бұған дейінгі әкімдер келе сала уақыт өткізбей, алды­мен­ қала әкімін «қағып» тастаудан бастайтын еді. Байқағанымыз, Ысқақов қажет кезінде қарамағын­дағыларды «ысқыртып» алатын сияқты. Мұны қала әкімінің орынбасары Бектас Нұриддиновты көптің көзінше «сойып» салғанда көрдік. Айтпақшы, кадр тағайындаудың алдында «АП»-ның, яғни Көшербаев жетекшілік ететін ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі болуы тиіс екенін ескерте кетейік.

Досмайылұлы өзгерісті өзіне жақын адамдардан бастағанды жөн санаса керек. Кешегі аптаның соңында  ауыс-түйістің алғашқы легі де басталды. Төрт жыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы­  болған Жаханов Бахыт Дүйсенұлы Қазақстан  Респуб­ликасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің орынбасары қызметіне  тағайындалды. Бұрын бұл орында Қуанышбек Досмайылұлының  өзі  отырған еді.

Бүгінгі таңда облыстық ауыл шаруашылығы басқармас­ы басшысының «креслосы» бос тұр. Ол орынтаққа лайықты кім? Бахыт Жаханов басшылық жасаған­ жылдары аймақтың агросаласында бірқатар жобалар жүзеге асты. Дегенмен, Дүйсенұлының тұсында ет бағасы­ қымбаттап кетті. Есесіне, төрт түлікті тірілей шетелге экспорттап жатырмыз. Ең қызығы, статистикаға сүйенсек, облыста тіркелген мал басы өткен ғасырдағы ең көп болған уақыты 1993 жылмен салыстырғанда әлдеқайда артқан көрінеді. Бұған қарамаста­н  ет  бағасы  шарықтап тұр. Мұны басқарманың экс-басшысы «жем-шөптің қымбаттауынан» деп түсіндіріп еді, жарықтық. Келесі кресло иесінен ел «ет  бағасын  тұрақтандырса»  деп  сұрайды. Күріштің бағасы­ да көңіл көншітпейді. Бұл да жауапсыз  сауалдың­  бірі...

Сондай-ақ, қырықтың қырқасына шыққан, екі жылдан бері облыс әкімі аппаратының басшысы болға­н Делмұханов Марат Нұрсайынұлы облыс­ әкімінің орынбасары қызметіне кірісті. Бейресми деректерге сүйенсек, М.Делмұханов Ким Евгений Германовичтің орнына барған. Ал Кимнің қайда кеткені беймәлім. Марат Нұрсайынұлының авто­биографиясы Көшербаевпен тікелей байланысты. Мәселен, 2000-2003 жылдары Қырымбек Елеу­ұлы Батыс Қазақстан об­лысының әкімі болды.­ Ал М.Делмұханов 2001-2010 жылдары аталған өңірде экономика басқармасының бас маманы, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты талдау-эксперттік бөлімінің бас маманы, ұйымдас­тыру-бақылау бөлімі­нің бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, облыс­ әкімі аппараты басшысының орынбасары, «Технопарк «Алгори­тм» ЖШС-нің директоры қыз­меттерін атқарған. 2006-2011 жылдары Көшербаев Маңғыстау облысына басшылық жасаған тұста Делмұханов (2010-2013 жылдары) Маңғыстау облысы әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбас­ары болған. Елеуұлы 2013 жылы Қызыл­орда облысының әкімі қызметіне тағайы­ндалған соң Нұрсайынұлын біздің өңірге алдырыпты. Алдымен облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, сосын басқарма басшысы болды. Дәл осыдан екі жылдай бұрын облыс әкімі аппаратының басшысы қызметіне келген еді.

Ашығын  айтайық, қызметтік карьерасы Көшербаевпен байланысты болған Марат Нұрсайынұлының аталған лауазымды қалай алып жүретіні алдағы уақытта белгілі болмақ. Ал, оның орнына кімнің келетіні де кейбіреулердің көңілін күпті етіп тұр.

«Ат ауыстыру» әлі де жалғасатыны хақ. Әсіресе бірқатар аудан әкімдерінің, бас­қарма басшыларының «жылжитын» кезі жетті-ау! Көпшілігі «ал кеттім!» деген көңіл күйде жүрген де шығар, бәлкім?! Осы ретте айта кетейік, аудан әкімдері арасында «креслос­ын» ең ұзақ сақтап отырғаны – Сырдария  ауданының  әкімі  Ғанибек  Қазан­таев. Ол 2013 жылы лауазымды қызметке­ кіріскен  екен.

Не  болса, о болсын, қызықтың көкесі әлі алда...

 

Асан  ДӘУЛЕТ

 


СЕНІМНІҢ ШЫНДЫҒЫ мен «СҰМДЫҒЫ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
01.08.2019 14:30

Бүгінде намаз оқымасаң – кәпірсің, жеті күлше пісірсең – күнәһарсың, теледидар қарасаң да, есті әуендерді тыңдасаң да, жақсы фильмдерді көрсең де – харам іс қылған  боласың.  Туған  күн  тойласаң да, Наурыз  мейрамын атап өтсең де, ата-баба аруағына  Құран  оқып, бағыштасаң  да,  алақан жайып  бет  сипасаң   да – Алланың ақ жолынан адасқан болып шыға келесің! Тіпті сырқаттанып ауырған балаларды емдеуге және емдетуге болмайды, Құдай оларды қорғайды…

Міне, бүгінгі деструктивті діни ағым өкілдерінің санасы да, сыртқы сиқы да осындай екендігі көпке мәлім. Мұны сенімнің «сұмдығы» демеске лажың жоқ.

Дәл осындай сенімде жүрген адамдардың балаларында да балалық шақ болмайды. Бесіктен белі шықпай жатып, қыздарының басына қара орамалды орайды, балалары барлығынан қағылған, құрбыларымен  ойнап-күлмейді.  Мектепке баруын  баратын  шығар, бірақ  ән  айтпайды, сурет   салмайды.  Бұлар – радикалды көзқарастың  нақ  өзі. Қысқасы, олар  өздерін қоршаған  ортадан оқшаулайды.

 

ПСИХОЛОГ   ПІКІРІ

Қоғам қысқа балақты, қауға сақалды,­ қара киімді адамдардан қорқа бастады­. Олардың жанында жүрмек түгілі, жүзіне қараудың өзі үрейлі. Бұл соқыр сенімнің нәтижесі секілді. Олар өздерінің соқыр сенімде екенін білмейді немесе мойындағысы  келмейді.

Психолог Лимана Қойшиева «деструктивті діни ұйымдар адам санасына кәдімгі  психологиялық әсер ету тәсіл­дерін  қолданады»  дейді.

- Біріншіден, қиын жағдайда жүрген адамға ыңғайлы әрі жағымды орта керек.­ Бұл ұйымда оны бірден ұйымдастырылып (тегін тамақ, жататын орын, сіздің келге­ніңізге қуанышты болатын «жаңа отбасы»), барлығы сізге жымиып, бір-бірінің амандығын сұрайды. Бұның барлығы кез келген адамға жағымды болып көрінеді және қайтадан сол жерге келіп, көбінесе көп уақытқа қалуға ынтасын тудырады.

Екіншіден, жаңадан келген адамды өзін топпен ассоциациялауға, яғни оны жақсы көретін осы «керемет адамдардың» мүшесі ретінде сезінуге итермелеу керек. Әртүрлі ұйымдарда түрлі амалдар бар (тренингтер, бірігіп ән салу, топтық құлшылық ету, өздерінің мейрамдары, өздерінің ерекше тілі және т.б.), жаңадан  келген адамның миына идеологиялық ақпаратты құйып, сол ақпаратты ешқанд­ай сұрақсыз және критикалық ескерту­лерсіз жаттауын қатаң қадағалап отырады. Яғни, адамның критикалық ойлауы мен ерік қалдықтарын түгелімен жоюға тырысады. Адамды топ оны «өз мүшесі» етіп қабылдауға ынтал­андырады.

Үшіншіден, жатталған материал практикада сәтті қолданғанда адамды мадақтау  және «жоғары деңгейдегі» топ  мүшелеріне жақындату арқылы қолдайд­ы.  Адамға оның  іс-әрекетін  басқа­ біреулердің қолдауы өзін керемет сезінуін туғызады, сонымен қатар осы сезімде­р үшін ол өзінің «ұстаздарына» алғысы­н білдіреді, - дейді психолог Лиман­а  Қойшие­ва.

Соқыр сенімнің жетегіне ерген кез келген адам жамағаттан, қоғамнан, отбасы­нан оқшауланып, өзінікін ғана дұрыс, қалғандарының көзқарастары бұрыс деген қасаң қағиданы ұстанады. Бір отбасында немесе бір мешітте болған­ жамағаттың бір сенімде бол­ғанына  не  жетсін?!

 

СЕНІМ   ҮМІТТЕН   БАСТАЛАДЫ

Көбіміз кейде мән бере қоймайтын сенім деген қасиет құлаққа жай ғана естіле­ салатын әрі «менмұндалап» ай­ғайлап тұратын жарнама емес. Сенім – адамға жігер беретін, болашаққа ұмтылдыратын үміттен басталатын құбылыс. Адамның алдына қойған мақсатының айқын болуы, дүниетанымының өмір­мен байланыстылығы берік сенімнен туады. Бұл адамның нақты іс-әрекеті мен тәжірибесіне байланысты. Адам баласына жақсылық та, жамандық та әкелетін, бақыт пен қайғы-қасірет те беретін, бізді адамшылыққа, не қаныпезерлікке жетелейтін де сенім екен­дігін білуіміз керек. Ол – адам алғаш жаратылғаннан осы бүгінге дейін бар болмысымызды билеп алған ұғым. Оның дұрысы мен терісі, шындығы мен ақылға сыйымсызы бар. Бұл арада күнбе-күнгі өз арамызда бола беретін, тіршіліктегі бір-біріне сену, илану деген­ де бар. Біз сөз етіп отырған мәселе­ адамдардың діни сеніміне және діни санасына байланысты болмақ.

Біздің елімізде діни сенім бостандығы  қамтамасыз  етілген, яғни Құдайға сенуге  немесе  сенбеуге де азамат­тардың құқығы бар. Біле білсек, ол құқық – адал жолмен жүру немесе ешкімге діни көз­қарасына байланысты қоғамға, от­басына және өзгелерге кедергі келтірмеу деген сөз. Демек, кез келген азамат діни көзқарасына байланысты ойына келгенін жасауға құқы жоқ. Өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген бол­май­ды. Ол дегеніміз – хаос.

 

ДІНИ  САНАСЫ  ДҰРЫС

ҚАЛЫПТАСҚАН  АДАМ…

Дін ғалымдары үнемі дәстүрлі дін­нің құндылықтарымен қатар, әлемді алаңдатып отырған радикализм сынды мәселенің және жалған діни ағымдардың қоғам үшін кері әсерін үнемі айтып­ келеді. Осы ретте сананың діни тұрғыдан радикалдану қаупі азаматтың өзіне де, өзгелерге де зиянды екені белгілі.

Дұрыс діни сана қалыптастыру – қоғам дамуының негізгі көрсеткіштерінен, яғни қоғамдық ізгілікті жоғары қою.

Діни санасы дұрыс қалыптасқан тұлға отанды сүюді, өмір сүріп отырған ортаңды қастерлеуді, мемлекет заңдарын ұстануды, үлкенді құрметтеуді, кішіге ізетті болуды біледі. Тіпті мұндай тұлға ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген кемел азамат болары да сөзсіз. Бүгінде кейбір азаматтарымыз деструктивті көзқарастарын өзгелерге тықпалап, келіспеген жағдайда кінәлап, айып­ты  санайды. Бұл оның діни санасының дұрыс қалыптаспағанын білдіреді. Егер адамның діни санасы дұрыс қалыптасса – онда ол өзге адамдардың да діни сеніміне  құрметпен қарайды және олардың  еркіндігін бағалай да біледі.

 

ДЕМОКРАТИЯ  –  ШЕКСІЗ   ЕРКІНДІК   ЕМЕС

Қазақстан Республикасы – демок­ратиялық, құқықтық мемлекет. Бұл – Қазақстан қоғамы үшін құндылық. Себеб­і, демократия – шексіз еркіндік емес, өзге адамдардың да құқығын құрметтеуде  жатыр. Демек, дұрыс  діни сана  осыдан  бастау  алса  керек.

Сенімі дұрыс қалыптасқан азаматтың діни санасы да дұрыс қалыптасады. Ал сенімі жалған немесе теріс бағытта­ болса, онда сөзсіз сананың радикал­дануы немесе фанатизмге бой алдыра  бастайды.

Фанатизм – ойлаған нәрсесінің ақ-қарасын ажыратпай, тек өзінің таным деңгейінің жеткені мен көңіліне жаққанын діннің өлшемдеріне салмай, құлай сеніп, «айтқаным айтқан» деп белгілі бір көзқараста қатып қалуды фанатизм дейді  мамандар­.

Шынымен де фанатизм ашулану мен түрлі сезімдерге негізделген. Өзінікі негізсіз болса да айтқанынан қайтпау, өз қалауынан шықпау деген мағынаны да береді.

Фанаттық көзқарасқа  бой  алдыр­ған­ адам ақыл мен зердеден алыс, сарапт­ау мен қорытудан мақұрым қалады.­ Сондық­тан да фанатиктер ақыл  мен  ойдан  аулақ  болғаны секіл­ді, адамгер­шілік қасиеттерден де жұрдай  келеді.

Ал радикализм – қоғамда дәстүрлі қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгертуге  бағытталған саяси-әлеуметтік идеялар мен әрекеттер болып табы­латын идеология деп топшылайды  мамандар.­

Радикалды ұстанымдарға негізделген ағымдардың өкілдері қалыптасқан жағдай олардың ұстанымына сай келмеген жағдайда «оны өзгерту керек» деп шешім айтады. Демек, бұл – радикалдық  көзқарас.

Айтылған мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын табу үшін мемлекет пен азаматтар дәстүрлі рухани құндылықтарды, мәдениетті, салт-дәстүрді, ұлттық дүниетанымды жаңғырт­а отырып­, радикализмнің кез келген түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құру – уақыттың талабы.

Қай уақытта болмасын ұлттық құндылықтарымызға қайшы келетін, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімге, мемлекеттің тұтастығына кері әсер ететін, елдігіміздің шырқын бұзатын діни радикализмнен сақ болу – әрбіріміздің  борышымыз.

Тұрар  ТҮГЕЛҰЛЫ,

дінтанушы

 


«КӘНЕКИ, ФОТОҒА ТҮСІРШІ, ҚОҚЫС ТЕРГЕН СӘТІМДІ МЕНІҢ...» PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
01.08.2019 14:25

«Қиярдың өзін пиарсыз жемейтін» заманғ­а жеттік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын­ан кейін әкімқаралардың әлеуметтік желімен жұмысы күрт күшейіп кетті. Атқарған­ жұмысын алқалаған ағайынға көрсетіп, есеп беріп отыр­ғанға алғыстан басқа­  айтарымыз жоқ. Дегенмен, басшы­лар­дың жазбаларын тым ресми жазып­, желіге жүктей­тіні қызық. Бәлкім, парақшасы­н баспасөз хатшыс­ы жүргізіп отырған шығар.­ Ақ-қарасын  анық  білмедік.

Жақында #BIRGE #TAZA QAZAQSTAN экологиялық акциясы бастау алды. Биліктегілер ен далада жапа-тармағай кәдімгідей қоқыс теріп кетті. Бұл акция шен-шекпендінің ел арасында оң имиджін қалып­тастырып алуға ұтымды болды. Дүркін-дүркін ақпараттар  жариялап, сәт сайын Сырдария өзені­нің, көлдердің жағасында қоқыс жинап жүр­ген басшылардың  суреті желі­де  қаптады. Қолдарына қап ұстап, 40 градус ыстықта  акцияға ілесеміз деп, шенеуніктер­дің шекесінен шыл­қып тері шыққан шығар. Әлде, акци­яның басы-қасында 10-15 минут жүріп, суретке түсіп қайтт­ы ма екен? Бұл жөнінде әкімдік қыз­меткерлерінен суырт­пақтап  сұрағанбыз. Анығын­ айтпады. Бәрі­нен де кейбір лауазымды азаматтардың қоқыс жинауғ­а ақ көйлек, қара шалбар, қара туфлимен барғаны қызық болды.

Табиғатты таза ұстау азаматтық борышымыз ғой. Аталмыш акцияның өтуіне қарсылығымыз жоқ. Дей тұрғанмен, да­ла­дан бұрын, қаланың қақ ортасының қоқысын тазал­ап алған жөн болар. Қазір қай шағын аудан орталығына барсаңыз да, қоқыстан көз ашпайсыз. Шын іске кірісемін дейтіндер болса, алдымен тұрғындар қоныстанған аумақты қоқыстан тазартса екен. Ұранға үн қо­сып, апыр-топыр желіге сурет жүктегеннен гөрі бұл шаруа­ нәтижелі болар ма еді, кім білсін? Әкімдік те әбден әккі боп алған. Қит етсе, қоқысты тастайтын халықтың өзі деп шыға келеді. Айталық, Қызыл­орда қаласындағы «Шұғыла» ық­шам ауданында 8 көп­пәтерлі тұрғын үйге (шамамен, 500-ге тарта от­ба­сы) небәрі 4-5 контейнер (суретте) тиесілі. Күн астын­да қоқыс тергеннен гөрі шіліңгір шілдеде иісі әлемді алып жатқан ық­шам аудан­дардағы контейнерлерді көбейткен тиімді-ау! Әйтпесе, ақжағалылардың акцияда бір-екі сағат тер төккенінен нәтиже болмасы  анық.

Ел ішінде жағымды образ қалыптастыруда әлеуметтік желінің  әжептәуір салмағы бар. Десе де, шенеуніктер «жағымды образ» деп жүріп, жұмыстың жүйесін қолдан шығарып алмаса игі...

Сөз соңында әнші Нұрболат Абдуллиннің орындауындағы «Вальс» әнінің «Кәнеки, фотоға түсірші, бақытты сәтімді менің» деген иірімін осылайша құбылтқанды құп көрдік.

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


МАЛ БАЗАРЫ НЕГЕ КӨШІРІЛМЕЙДІ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
01.08.2019 14:10

Ерсұлтан  ӘПЕТОВ,

облыстық  ветеринария басқармасының  басшысы:

- Қызылорда қаласындағы мал базары жөнінде қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлына 2 жыл қатарынан сауал қойылды. Бұл жұмыстар төңірегінде тиісті шаралар қабылданып, салаға байланысты атқарылды да. Екі  рет сотқа берілді және екеуінде­ де жеке кәсіпкер жеңді. Ал, ветеринария басқар­масына байланысты мал базарындағы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Сәйкес емес жерін сәйкестендіру, айыппұл салу деген секілді...

Мал базарының көшірілуіне байланысты айтар болсақ, Белкөл  кентінен  жер  берілді.  Мал базарын  көшіру не көшірмеу қала әкімдігінің  құзырындағы  жұмыстар дер едім.

Біз дәл осы тақырыпты газеттің өткен жылғы соңғы нөмірінде қозғаған едік. «Әкімнің сөзі әркімнің сөзі ме?» деген мақаламыз жауаптыларға тікелей бағытталды. Шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қалалық ветеринария және ветеринариялық бақылау бөлімінің басшысы Шыңғыс Жұмаділлаевтың баяндамасынан соң: «Осымен екі жыл болды (қаз-қалпында алып отырмыз - ред.), мал базарын қаланың сырт жағына көшіру айтылып келе жатыр. Алайда нәтиже жоқ. Базарға барсаң, жүру мүмкін емес. Кәсіпкердің алдынан өтіңдер, қаланың сырт жағына көшірсін! Оның бұл кәсібін ешкім тартып алайын деп жатқан жоқ. Ал, егер ол талапқа көнбей ме, ендеше басқа кәсіпкер табыңдар. Әрине, кәсіппен айналысқан дұрыс. Бірақ ол ақша тапсын деп қарапайым халық қиналуы керек емес ғой» деген-ді қала әкімі.

Осы мәселе бойынша біз брифинг барысында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Е.Әпетовтен сұраған едік.

- Қызылорда қаласындағы мал базары жөнінде қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлына 2 жыл қатарынан сауал қойылды. Бұл жұмыстар төңірегінде тиісті шаралар қабылданып, салаға байланысты атқарылды да. Екі  рет сотқа берілді және екеуінде де жеке кәсіпкер жеңді. Ал, ветеринария басқармасына байланысты мал базарындағы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Сәйкес емес жерін сәйкестендіру, айыппұл салу деген секілді...

Мал базарының көшірілуіне байланысты айтар болсақ, Белкөл кенті жақтан жер берілді. Мал базарын көшіру не көшірмеу қала әкімдігінің құзырындағы жұмыстар дер едім, - деді ол.

Рас, мал базарының Белкөл кентіне көшірілуі не көшірілмеуі облыстық ветеринария басқармасының немесе қалалық ветеринария және ветеринариялық бақылау бөлімінің құзырындағы нәрсе емес. Дей тұрғанымен, ондағы санитарлық талаптардың да сын көтермейтінін тұрғындар сан мәрте айтып та, жазып та жүр. Осы арада тағы бір мәселе төбе көрсетеді. Естігеніміз бойынша, жеке кәсіпкер «ондағы жылы орнын суытқ­ысы келмей жүр» дей де алмай­мыз. Себебі, мал базарды пайдаланушылар осы мекенжайды құп көретін сыңайлы. Таныс аймақ, таныс маң дегендей...

Естеріңізде болса, қалаға солтүстік аудандардан қатынайтын жолаушыларға жаңа сапаржай салынғанымен, олар үйреншікті жерінен аттап шыға алмай жүргені бар еді. Мәселе осыған келіп тірелетіндей. Десе де, басшылықтың сөзі оңды-солды жерде қала бере­тін болса, салынған жаңа ғимарат пен нысандар керексіз халде тоза беретін болса, әкімнің сөзі не, әркімнің сөзі не бірдей емес пе? Меніңше, бұл – бір орынбасардың шындап кіріссе аяқтап тастайтындай-ақ жұмысы. Есесіне, өзінің де, басшысының да еңсесі тіктеліп қалар еді.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

 


«ҚАЙСАР»: КЕЛГЕН-КЕТКЕН КІМ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
01.08.2019 13:08

25 шілде күні футболдан Қазақстан Премьер-лигасында трансферлік терезе жабылды. Айтпақшы, дәл осы футбол терминін «трансферлік терезе» емес, «трансферлік есік» деп аударуды ұсынғандар болды. Көңілге қонымды, санаға сіңімді болғандықтан, біз мұны өз лексиконымызға жатсынбай кіргізіп, қолдануды жөн көрдік.

Сонымен, жазғы трансферлік есікте ел клубтары өзіне қажет емес ойыншыларды команда сапынан шығарып тастап, жаңа ойыншылар алуға барынша тырысып-ақ жатты. Әрине, клубтағы әлсіз позицияны күшейтуге күш жұмсағаны анық.

«Қайсар» басшылығының да бір ойлағаны бар болар. Жалпы, «қасқырлар» сапына қосылған сапалы легионерлер баршылық. Тиісінше, бапкерлер алқасының «бұл ойыншыны неге алдық?» деп кейіннен өздері де таңғалатын кезі болмайды емес. «Қайсардан» кім кетті, кімдер келді? Қаншалықты сәтті трансфер жасалды? Осы сұрақтарға аз-кем жауап іздеп көрген едік.

ҚОШТАСТЫ

Ақпан айын­да ресми түр­де команда құрамын толықтыр­ған Мигель де Оливейра Тавар­ес (1-суретте) коман­да сапынан кетті. Шынын айтсақ, бұл ойын­шы­ның кеткеніне  «Қайсардың» қол­дау­шылары дән риза. Тіпті, «мұн­дай футболшыны  қаладағы кез келген ойын футбол­ алаңынан тауып алуға болар еді» деген­ пікірді айтатындар  жоқ  емес. «Қас­қырлар» сапында небәрі 5-ақ ойын өткізген Карлитостың мансабын енді қай клубта жалғас­тыратыны белгісіз. Қалай десек те, португалдық жартылай қорға­ушы биылғы жылдың ең сәтсіз трансферінің бірі болып­ қалмақ. «Қайсар» футбол­ клубының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, клуб ұжы­мы Кар­литосқа алғыс біл­діріп, алдағы ман­сабына сәттілік тілеп шығарып салғ­ан. Осылайша, наурыздың 10-ы күні ҚПЛ-дегі дебюттық матчын өткізген Карлитос 12 шілдеде командамен­  қоштасты.

 

ҚҰШАҚ   АШТЫ

«Кім келеді екен?» деп көп күткеніміз, жан-жағымызға жиі-жиі елеңдегеніміз рас. Бас бапкер Стойчо Младенов «Қайсар» сапына қара мар­жандарды жинап жүргені жасырын емес. Шынын айту керек,­ өткен маусымдағы Фрак Джа Джедже, Джон Камара­ секілді ойыншылары ортаңқол болып шықты. Ал, келе сала «Қазақстандағы ең жүйрік футболшы боламын» деген Пол Веренің ойыны жанкүй­ерлерге  түк  те ұнамады.  Сондай-ақ,  алпамса  тұл­ғалы  Йоанн  Аркиннің не үшін келіп, не үшін кеткенін түсін­бей қалдық. Бұлардың барлығын жанкүйерлер қуана-қуана шығарып салды. Әрине, кеткеніне, клубқа көмектесуге енді деңгейлері жетпейтінін білген соң ғана қуанды. Қара маржандардың  ішінде  бір ғана сәтті трансфер болды деуге болатын­ шығар. Ол – Матиас Курьор. Бұл ойыншыны ко­мандадан  әлі де  көргіміз кел­ді, ойыны­ ұнады, жақсы көрдік. Амал  жоқ, оның таңдауы бас­қа  чемпионат еді.

Сонымен, конголық Андре Буркиа (2-суретте) жазғы трансферде «Қайсар»  сапын  толықтырды. 24 жастағы  Андре­  осы  уақытқа дейін португал­дық «Брага», «Боавишта» сынды бірнеше клубта  доп  тепкен. «Қайсарға» дейін Португалия біріншілі­гіндегі  «Арока»  командасының  намысын  қорғаған. Өткен мау­сым­да «Арока» сапынд­а 31 ойын өткізіп, 5 мәрте мергендігімен көзге түскен. Жаңа фут­болшы  сырбойылық  клубта 77-нө­мір­лі жейдемен өнер көр­сетті.

Көрсетті  деуіміз­дің де себебі бар.     1995 жылы Конго Демок­ратиялық Республикасында дүниеге келген футболшы ел бірінш­ілі­гіндегі ал­ғашқы (дебюттық) ойы­нын да өткізіп үлгерді.

Тіпті, жеңілісі үшін кеші­рім де сұ­рай  алды.

- Бүгін көп­тен күткен кездесуге, яғни Қазақстандағы дебюттық ойынғ­а шықтым. Бірақ, ойынның сәтсіз басталғаны өкініш­ті. Бұл үшін «Қайсар» жан­күйерлерінен кешірім сұраймыз. Бізден теріс айналмаңыздар. Ал­дағы ойындарда ойынымыз жақсаратынына сенімдімін. Нәтижені ұмытып, жақсылыққа ұмтылуымыз керек, - деді ол.

Буркианың алғашқы ойынын көрген жанкүйерлердің көбі әлеуметтік желіде оның жылдам ойыншы екенін алға тартуда. Соққысы да жақсы секілді. «Младенов бұл жолы жаңылыспаған болар» деген үмітпен, «Қайсарға» келіп қосылған екінші ойыншы туралы­  мәлімет бере кетейік.

Кларенс Битанг Жуниор (Clarence Junior Bitang) (3-суретте)

Алаңдағы орны: Жартылай қорғаушы

Соңғы ойнаған клубы: «Вардар­»  Скопье

Азаматтығы: Камерун

Туған  күні:  02.09.1992

Жасы: 26

Бой биіктігі: 168 см

Камерундық жартылай қорғаушы Кларенс Битанг «Қайсар» футбол клубының жейдесін киді. Клубтың баспа­сөз қызметінің жазуынша, ойыншы жаңа командасында  85-нөмір­мен өнер көрсете­ді.

26 жаста­ғы футболшы өткен маусымда Солтүстік Ма­ке­донияның «Вардар» клубында доп тепкен. Аталған елдің чем­пио­натында 42 матчқа қатысып, 3  нәтижелі пас шығарған.­

Қос қара маржанның қаншалықты ойын өрнегін көр­сететінін алдағы уақытта білерміз. Егер де екеуі де алдындағ­ылар секілді босқа келіп, босқа кетсе, Стойчо мырза  үшін  үлкен  сын болмақ!  Күтелік!

 

Рыскелді   ЖАХМАН

 


КІНӘЛІ КІМ: бүлдіршіндер ме, әлде... PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
01.08.2019 13:05

Биылғы мамыр айында қалаға қарас­ты Белкөл кенті, Әбдіқадыров көшесі бойындағы қайғылы оқиғаның ісі нақтыл­анды. Айта кету керек, кентте «Камаз» жүк көлігінің жүргізушісі  4 және 5 жастағы екі қыз баланы қағып кеткен еді. Оқиға орнында екі бала да қайтыс болған. Жедел іздеу шаралары кезінде көлік иесі табылып, Алматы облысын­ың 37 жастағы азаматы қамауға алынған еді. Ол Қызылорда қаласындағы жеке мекемеде келісімшартпен қызмет  атқарған.

Істің  себеп-салдарын  және жүргі­зілу барысын облыс прокурорының мін­детін атқарушы Талғат Әлібаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Жүргізушіге 347-бап бойынша тергеу­-тексеру жұмыстары жүргізілген. Талға­т Айтбайұлының айтуынша, сарап­тамалар өткізіліп, іс №2 қалалық сотқа жол­данды. Десе де, тергеу ісі екі айға созыла­ды. Оны Қызылорда облысы Полици­я департаментінің Тергеу басқар­ма­сы бастығының міндетін атқаруш­ы Әміржан Сермаханұлы түсіндірді.

- Белгіленген сараптамаларды тағайын­дау, сот медициналық сарап­тамасының қорытындысын алғаннан кейін белгіленген баптар бойынша ҚР Қылмыстық-процестік  Кодексінің 300-бабы бойынша зерделеуін қада­ғалауын жолдаймыз, - дейді полиция полковнигі.

Ал Қызылорда қаласы әкімінің міндетін  атқарушы  Бектас  Балғабай­ұлы Белкөлдегі жол белгілеріне тоқ­талды. Оның айтуынша, қазір мұнда жол белгілер­і қойылып, айналма жолдар тегіст­елген. Тасжолды  жөндеу жұмыстарына бюждеттен 60 миллион теңге бөлінген. Ал ойын алаңын салуға 17 миллион теңге қарастырылған. Балалар­ ойын алаңы жақын арада пайдала­нуға  беріледі.

Әйтсе де, қоғамда жол-көлік апаты күрделі. Облыстық полиция департаменті  жол-көлік іс-шарасы бойынша 486 рет тексеру жұмыстарын жүргізіп, 868 нұсқама хабар таратқан. Жол ережес­ін бұзғандардан 180 миллион теңге өндірілген. 6 мың жүргізуші жылдам­дық асырса, 2 мың адам көлік тізгінінде телефонмен сөйлескен. Өткен  жылмен  салыстырғанда облыста жол-көлік апатының саны көбейген. Ал 4 мың адам жаяу жүргіншілер жолағын­да  жол  ережесін бұзған.

Құттыбике   САБЫРБАЙҚЫЗЫ

 


АЛИМЕНТТЕН ЖАЛТАРҒАНДАР ЖАЗАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
01.08.2019 12:00

Ата Заңымыз – Конс­титуцияға сәйкес соттардың  шешімдері, үкім­дері мен өзге қаулылары барлық мемлекеттік ор­гандармен, жеке және заңды тұлғалармен мін­детті түрде орындалуы тиіс. Шығарылған сот шешімі жүзеге аспайынша жеке тұлғалардың немесе­ заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен бостан­дықтары  қалпына келтіріл­ді  деуге  болмайды.

Қилы-қилы себеппен мәңгілік жар болуға келіскен қаншама жас шаңырақтың ажырасуы қоғамды толғандырады. Борышкерлердің  қатары да жыл сайын артып келеді.  Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, алимент өндіруге шыққан әрбір төртінші сот шешімі орындалмайды. Безбүйрек әкелердің балаларын «тірі жетім» атандырып, ұрпағына қатыгездік жасауы қынжылтады. Тіл табыс­паған жастардың аңдаусыз қадамы жазығы жоқ сәбилерге тиіп жатыр. Баланы қатарынан кем қылмай, саналы азамат етіп тәрбиелеу – ананың ғана емес, әкенің де парызы.  Демек, әкелік міндет алиментпен шектелмейді. Алайда заң бойын­ша борыштан қашатындар  көбейді. Бұл әкенің бойындағы кісіліктің, адамгершіліктің азай­ғанын, «балам – бауыр етім» дейтін сезімге селкеу түсірген тасбауырлықтың көбейгенін   көрсетеді. Мыңдаған аналар алимент алмай, сот орындаушылардың есігін жағалап­ жүр. Құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырып, амалы таусылғандар қаншама? Өз баласына ақшаны төлемеу үшін қашқын әкелер түрлі айла қолданады. Жұмыс орындарын жасырады. Бухгалтерия арқылы жалақысын бірнеше есеге төмендетеді. Мал-мүлкін жақындарына таратады. Туған баласының несі­бесі­н аузынан жырып, қара басы­ны­ң қамын күйттеген мұндай адамдар ар алдында да, заң алдында жауапты екенін ұқпай жүр.

Иә, борышкерлердің арасында күнкөрісі төмен, жұмыссыз, үйсіз-күйсіз, ішімдіктің соңына кет­кен­дері де жоқ емес. Мұндайда сот орындаушылар олардың баспа­насы мен көлігін, дүние-мүлкін тәркілейді. Аукционға қойып сатуғ­а мәжбүр болады. Түскен қаражат  алименттің аз да  болса ана мен  баланың  қажетіне жұм­салады. Қазіргі таңда сот шешімін орындамағандарға (балаларына алимент төлемейтін қашқын әкелерг­е) әкімшілік және қыл­мыстық жауапкершілік күшей­тілді.

ҚР Әкімшілік кұқықбұзу­шылықтар  туралы  кодексінің  665, 667, 669-баптары бойынша сот орындаушыларының шақыр­ту­ларына келмей, жұмыс орны мен еңбекақысы  жөнінде нақты мәлі­мет бермей, атқарушылық  құжатты орындамаса ендігіде іс басқа. Ондай борышкерлерге 670, 671, 672-баптарымен атқарушылық құжат бойынша төлемдерді жүр­гiзетiн лауазым­ды тұлғаның борыш­кердің жұмыстан босатылғаны жөнінде хабарламауы, сот орын­даушысының  қаулыларын орын­дамауы, атқарушылық құжатты жоғалту бо­йынша лауазымды тұлғаларға қатысты әкімшілік жауапты­лық  көзделген.

Ал Қылмыстық Кодекстің 139-бабына сәйкес, алимент төлемдерін төлеу жөніндегі мін­деттерін үш айдан астам орын­дамауы екі жылға бас бостандығын шектеуге және бас бостандығынан айыруға  әкеледі.

Елімізде әлемдік тәжірибелерді ескеріп, жалтарған борышкерлерге ҚР аумағынан уақытша шығуға шектеу қойылды. Авто­көлік жүргізу не банктік төлемдерді төлеу құқықтарынан айыру, барлық мүліктеріне сүргі салып, алып қою тәжірибесі қалыптасты.

Сондықтан алимент төлеу мемлекеттік маңызы бар мәселе екенін естен шығармаған жөн. Келеше­к отағасы болар ұлдарымыздың ертеңгі күні борышкер болмауы үшін алдын алғанымыз  дұрыс.

Жалпы, әрбір азамат ұрпағының алдындағы жауапкершілігі мен міндетін ұмытпаса дейміз.

 

А.БАЯНБАЙҰЛЫ,

Қызылорда облысы

прокурорының аға көмекшісі

 


Күнтізбе

< Тамыз 2019 >
      2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары