Өзекті мәселелер

  • 17.10.19

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық­ диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жариялаған­ы баршамызға белгілі. Сарапшылардың басым­  бөлігі бұл Жолдауға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев айқындап берген саясаттың жалғасы деп баға беруде. Мұны еліміздің негізгі саяси бағыты с...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    Әнуар Дәуленбаев – 2016 жылдың наурыз айынан бастап №8 Төретам сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаты. Өзінің сайлауалды бағдарламасында Байқоңыр қаласы мен Қармақшы ауданындағы кәсіптік білім беретін оқу орындарының базасын нығайтуға күш салатындығы туралы­  айтқан еді. Айтылған уәде бойынша мектепті жаңадан бітірген, тәжірибесі жоқ және жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарды...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    Таңмен таласып, жұртпен жағаласып, кезекті күнімізді қарбаласпен бастап жатырмы­з. Бәрі де бір мақсатты күйттеп, бағыт алып барады. Біреуі жеке көлігімен, енді біреуі қоғамдық көлікпен кетпекші. Қолсағатыма қарасам, сабақтың басталуына­ небәрі 10-15 минутқа­ жетер-жетпес уақыт бар екен. Таксимен жеделд­етіп жетпек ниет­пен, тұрақта тұрған көліктің артқы есігін ашып, отыра кеттім. Тәуелсіздік да...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    «Сыбырлағанды да Құдай есітпей ме?» деген. Несіне жасырамыз, осыдан бірнеше жыл бұрынғы Қармақшының халін дүйім жұрт біледі. Экономикасы баяу, кәсіптің көзі жоқ, алға жылжиын десе халықта ынта болмаған еді. Мұндайда елдің есін жинайтын көреген басшы керек. Жұрттың да тілегені табылғандай, әуелі Жаратқанның, содан соң білікті басшылардың арқасында Қармақшы ауданында динамикалық өсу қарқы...

    Толығырақ...
  • 16.10.19

    Тәуелсіздік күні қарсаңында «Шіркейлі» арнасындағы көпірдің ашылу салтанаты өтеді... «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға беріледі... Жыл басынан бері сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 16 млн 822 мың теңге айыппұл салынған... 2019-2021 жылдары газдандыру жұмыстарына 22 млрд теңге қаржы бөлінеді...

    ...
    Толығырақ...
Сәрсенбі, 07 Тамыз 2019

ӘЛЕУМЕТТІК ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ӘЛЕУЕТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
08.08.2019 11:45

Журналистиканың әлеуметтік өмірдегі маңыздылығы сәт сайын артып келеді. Құндылығы жоғары тақырыптарды қаузайтын саланың қызметіне жүгінушілер де, қызығушылар да жетерлік. Бұл ретте әлеуметтік журналистиканың қараша халықтың қамына қалам тербейтінін бәріміз білгенімізбен, астарына үңіліп жатқандар некен-саяқ. Яғни, мезгіліне қарай жауған қардың астында көміліп қалған қара жердің сипатына теңесек, ол тек бетін ұлпа қардың жапқанынан ғана хабардар болуы мүмкін. Не түймек керек, нені түйіндемек керек?

«Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен және «Chevron» Мұнайгаз ИНК» компаниясының қаржылай қолдауымен «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбымен Алматы қаласында өткен екі күндік семинар барысында осы сауалдарға тереңдетілген  жауап  нұсқалары  ұсынылды.


ОҚЫРМАНДЫ   СЕНІМНЕН

АЙЫРАТЫН   ӘРЕКЕТ

Семинардың алғашқы күнінде еуропалық бұқаралық ақпарат құралдарында­ әлеуметтік тақырыптағы ақпараттардың ресми құжаттарға сәйкес болуы, қыл­мыстық және азаматтық жауапкершілік төңірегінде Ұлыбританиядағы «Avrupa Media Group», «Avrupa» газеті, «Avrupa ajansi» ақпараттық агенттігі, «Avrupa» радиоарнасы секілді ақпарат құрал­дарының құрылтайшысы әрі бас редакторы Ватан Өз журналистерге дәріс оқыды. Ол өзінің 20 жылдан асқан тәжі­рибесімен бөлісіп, әлеуметтік және онлайн­ желіде жалған ақпарат тарату турас­ында әңгіме өрбітті. Жалған ақпараттың салдарынан қоғамда түрлі жайт­тар қозғалысқа ұшырауы мүмкін. Мәселен, Италияда тұрақты түрде жалған ақпарат таратқан 3 млн қолданушының «Facebook» парақшасын бұғаттап тас­таған.­ Сондай-ақ, жеке сайт ашатын маман­ желіге жүктеген ақпаратын қайта өшірмеуді, рейтинг қуалаймын деп жалға­н ақпарат таратпауды есте ұстауы керек­. Өйткені, ұлыбританиялық медиа­-тренердің айтуынша, «Google» желісінде көзге көрінбейтін «роботтар» жұмыс істейді. Олар әр ай сайын, тіпті, 3, 5, 10 күн сайын әр пайдаланушының парақшасына шолу жасап, рейтинг жасап отырады. Сол кезде бұрын салған ақпаратыңыз мұрағаттан табылмаса, онда сіздің рейтингіңіз бір сатыға төмен түсті дей беріңіз. Сол үшін де онлайн және интерн­ет-журналистикада әрбір салған ақпаратыңыз өз құндылығын жоймай, сіздің рейтингіңізді ілгерілетуге жұмыс істеуі шарт. Ал жалған ақпарат таратуды мысалмен жеткізді.

- Бірде қой бағатын шопан ауылына жүгіріп келіп, «менің қойларымды қасқыр жеп жатыр­, көмектесіңдер» деп жар салады. Ағайындар жүгі­ріп барса, қойлар өрісте жайы­лып жүр екен. Бір айдан кейін 25 шақырымнан жүгіріп келген шопан тағы да «қойларымды қасқыр жеп жатыр» деп дау­рықтыра көмек сұрайды. Ағайындары жандары ашып, жұмыстарын тастап, жайлауға қарай жүгіреді. Барса, барлы­ғы тыныш, қойлар да жайылып  жүр  екен. Туыстары өзде­рін алдағаны үшін оған өкпелеп қалады. Бір күні өрістегі малдарына­ шынымен қасқыр шауып, жау тигендей қыра бастайды. Ауылдастары киімі жыртылып, алыстан айғайлап, әбігерленіп жеткен қойшыға сенбей, «сен бұған дейін де алдағансың, саған сенбейміз, қалжыңдап келдің тағы да» деп ешкім бармайды. Бұл жолы расымен қойларын қасқыр жеп жатқан еді. Алайда­ оған ешкім сенбеді. Бұл – мысал­. Жалған ақпарат та солай. Шындыққа жанаспайтын ақпаратты бір саласы­з, өтірік екен деп алып тастайсыз, екінші мәрте орналастырасыз, тағы да басқаша өрбіген оқиға ретінде желіден «жұлып» тастайсыз, үшінші мәрте жүктегенде сіздің оқырмандарыңыз сізге сенбейтін халге жетеді. Олардың ойында да «ол үнемі жалған ақпарат салады­, ізінше өшіріп тастайды» деген кері түсінік пайда болып, сіздің рейтин­гіңіз құлдырайды. Яғни, желіге жүктеген­ әр мәліметіңізді белгілі және белгісіз себептермен алып тастай берсеңіз, «Google» де сіздің парақшаңызға сенім­сіздікпен қарайды. Сізге ешнәрсе болмаса да, сіздің ақпаратыңыз зардап шегеді­, - дейді медиа-тренер Ватан Өз.

 

«FACT-CHECKING»  ДЕГЕН  НЕ?

Деректерді тексеру (fact-checking) мен сақтауға міндетті этикалық қағидалар турасына тоқталсақ. Мәселен, естіген хабардың растығы мен жалғандығы анықталмай, оны кез келген құрал арқы­лы (газет, сайт, блок, әлеуметтік желі, т.с.с.) елге жария етуге болмайды. Ас ішіп, оны қорытудың жолдары секілді ақпараттың да нақтылығын анықтайтын дереккөздер бар. Ең бірінші жүгінетін ресми орган жауапты кеш береді. Қандай әдіс қолданған дұрыс? Сол оқиға орын алған жердегі таныс-тамырларға, тікелей қатысы бар тұлғаларға хабарласу­ арқылы білмекке талпынамын деп жүр­генде уақыт өтіп кетеді. Ол хабарды басқа­ сайт немесе агенттік аражігін ажыратып жазып үлгерсе, одан кейін сізді оқитын оқырман қалмайды. Сондықтан барынша жылдам қимылдаған жөн. Ең бастысы, біздің қазақ журналистикасымен жиі бетпе-бет ұшырасатын жайттар туралы айтылды. Біз өзі «өлімнен ұят күшті» деген тіркесті алға тартатын жалпақ тілді халықпыз ғой. Мұнымыз өзі­мізге соққы болып тиетіні анық. Бұлай айтуыма себеп, жария етілген мақаланың не посттың әлеуметтік желіден алынып тасталуын сұрайтын, талап ететін тараптар жеткілікті. Біз не істейміз? «Қазақпыз ғой, ұятты» дейміз де, батырманың көмегімен өзгенің тілегін орындауға көшеміз. Ал Ватан Өз өзі басқаратын медиа құралдарының қай-қайсысында болмасын, оны алып тастау үшін бір ай уақыт ішінде алынып тасталатынын хабарлайды да, мәтінді бастан-аяқ шолып, тексеріп шығады. Егер ол ешкімнің ар-ожданына, азаматтық намысына тимейтін болса, онда бұл ұсыныстан  бас тартады. Өйткені, бұл – рейтинг. Егер қажет деп тапса, талап етуші тараптың  жоғары органға шағым­дануына құқы бар.

Еліміздің әр аймағынан әлеуметтік журналистиканың жай-күйі туралы терең­інен үйренуге келген әріптестер демеушілік жасап отырған «Chevron» компаниясының әлеуметтік жобалар бойынша серіктестерімен шеберлік сабағ­ын өткізді. Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің әкімшілік және қолданбалы қызмет жөніндегі проректоры Медет Тұрғам­баев, «Аяла» қайырымдылық қорының медиадиректоры Әсел Маратова, «Ерекше таңдау – Шелек» қорының жоба жетекшісі Зазира Бегалиева мен «Әлеуметтік аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасы балаларына қолдау көр­сету» мақсатында ашылған өнер курсын ұйымдастырушы Камила Дәулетованың жобалары тыңдалды.

 

ӘЛЕУМЕТТІК  МӘСЕЛЕ

ҚАЛАЙ  КӨТЕРІЛЕДІ?

Семинардың екінші күнінде әлеуметтанушы-журналист Дина Имамбаева әлеуметтік мәселелердің БАҚ-тағы жазылу жолдарын, әлеуметтік зерттеу әдістері мен инфографика жасау жолдарын түсіндірді. Одан соң 40-қа тарта журналист әлеуметтік жобалар бойынша топтық жұмыс орындады. Яғни, әлеу­меттік мәселенің көтерілу деңгейі, талдануы, зерттелуі және мәселенің шешіл­у жолдары қарастырылған тәжі­рибелік жұмыс барысында семинарға қатысушылар сандық және сапалық зерттеу әдістеріне жүгінді. Ал «Qazaq­stan» ұлттық арнасындағы «Qareket» бағдарламасының продюсері, медиа-тренер­ Самал Мейрамның қазақстандық телеарналардағы әлеуметтік мәселелердің қаузалуын, оны талдау, резонанс тудыру мен журналистің ықпалын жетер жеріне жеткізіп түсіндірді. Сондай-ақ, хабар дайындау барысында журна­листиканың этикалық норма­ларын сақтау маңызды, кейіпкердің тағды­ры заңдық сауатты, тығырықтан шыға білетін журналистің жұмысына тікелей байланысты. Сондықтан әр қадамды оңтайлы және сауатты басуды естен шығармау керек.

 

КӘСІБИ  МАМАНҒА

ҚАЖЕТТІ  ҚОСЫМШАЛАР

Заманауи технология туралы жазып келе жатқанымызға да біраз уақыт болды. Жаңа үлгідегі мүмкіндіктерді пайдалана білу де – ұтқырлық. Мұндай бағдарламаның қазір түр-түрі бар. Сондай бағдарламаларды тиімді пайдалануды ІТ маман, медиа-тренер Ернұр Зейнуллаев түсіндірді. Әлбетте қосымша­лардың құндылығын түсініп, игілігіне жара­тып жүрген журналистер бол­ғанымен, көпшілігі бейхабар болуы мүмкін. Мәселен, журналистер тіл біліктілігі жөнінен көп жерде «сүрініп» жатады. Осындай сәтте еш қысылмай, ұялы теле­фон көмегіне жүгінгеніңіз тиімді. Яғни, смартфоныңызға «Speechy» қосымшасын жүктеп алып, кез келген тілде сұхбат ала берсеңіз болады­. Өйт­кені бағдарлама 40 тілде «сөйлейді». Сізге қажетті тілге оп-оңай аударып беру­ге тырысады. Яғни, сіздің аудармашы-көмекшіңіз – смартфон. Ал «Cogi»  мобильді қосымшасының кәсі­би журналист үшін атқарар қызметі ерекше. Мұнда сұхбатты жазу кезінде белгі жасауға, дыбыс жолының өзіңізге қажетті бөлігін таңдау үшін саусақпен басу жет­кілікті. Ал үшінші қосымша қолында қойындәптер мен қаламсап, мойнында­ фотоаппарат, диктофон асынға­н жур­налисті көз алдыңызға әкелмейді. Барлығы бір ғана смартфонның ішінде. Жоғар­ыда айтылған екі мобильд­і қосымшамен бірге «IMOVIE» бағдарламасының болғаны дұрыс. Бұл бұрыннан қолданып жүрген қосымша болған соң құлаққа оғаш, көзге бейтаныс деп айтпаймыз. Техниканың дамыған­ кезеңін­де кез келген ақпаратты фото және бейнеконтентсіз беру тұзсыз ас ішкенмен тең. Сондықтан кез келген журналист фотоны өңдеп, видеон­ы құрастыра білуі маңызды. Оның үстіне елімізде цифрландыру процесі жүруде.

Екі күнге созылған семинар барысында медиа-тренерлер де, «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы да ақпарат айдынында жүрген әріптестеріне журналистика саласындағы әлеу­меттік мәселелердің айтылу әдісін, жазылу нұсқасын, жариялау заңдылығын үйретіп, түйгенін көрсетуге тырысты. Ал демеушілік жасап отырған «Chevron» компаниясы өкілдерінің қазақ журналистикасының дамуына, журналис­тердің кәсіби және заманауи шыңдалуына үлес қосып, жанашырлық танытқа­нына көзіміз жетті. Семинардан алған әсер де, жиған білім мен ілім де, үйренген әдіс-тәсіл, жиған құндылық, миға тоқыған мәлімет жеткілікті дәрежеде. Бұл қалам қуатынан рухтанып жүрген әр журналист үшін шыңдалу­ды талап етіп, өрлеуді мақсат етіп қоя білуге арналған семинар болды. Оған себеп  қатысқан  журналистердің  барлығына  сертификат  табысталды.

 

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН,

Қызылорда – Алматы – Қызылорда

 


КӨРШІ ТАТУ БОЛСА – ҚҰТ, ҚАҢҚУ БОЛСА... PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
08.08.2019 11:40

Қазақ үшін көршінің орны бөлек. Құрметі де ерекше­. Көршісімен қоян-қолтық араласпайтын, амандық-саулық сұраспайтын жан жоқ. Алайда көрші хақысының қадірі қашып, өзімшілдігіміз артып бара жатқандай. Қызылордада тату  тұрғындардың сыйлас­тығына сызат түсті. Лас суды баспайтын қазақ емеспіз бе? Келіннің төккен кір суы олардың араларына жік түсірді. Тату  жандар бір-бірінің бетін  көрместей  болып­ жүз шайысты. Әрине, әп-әдемі келіншектің аяқ астына төккен кір суына  үндемеу де әбестік. Сөйтіп бір ауыз ескертудің соңы үлкен жанжалға ұласты­. Түймедей іс  түйедей  болды. Бір леген су дауы ұзаққа созылды. Амалы қалмаған  көршілер сотқа жүгінді.

Бағдат көптен бері көлік  жөндейді. Есік алдынан арнайы орны бар. Бірде көлік жөндеп жатқанда, көр­шісінің келіні есік алдына шығып, кір суын көшеге­ төгеді. Сол екен, кір су ағып, Бағдаттың цехына жетті. Ол жас келінге жайлап,  суды  көшеге төкпеуін ескертті­.  Бірақ келіншек кінәсін  білмеді. Кешірім де сұрамады.  Ескертуге пысқырған да жоқ. Көршісіне «демалшы» деп дүңк  етіп, жауап қайтарды.­ Арада бірнеше күн өткенде Бибайша тағы да су төкті. Іштей кектенген келіншек көршісін күйеуіне жамандады. Жігіттерді бір-біріне айдап салды. Досым терісін­е сыймай қатты ашуланды. Әйелінің шағымын  аяқсыз қалдырмады. Кешкі уақытта адам аяғы сирегенд­е Бағдатқа келді. Ашудың жетегіндегі жігіт  көршісін  аямай  соққыға  жықты. Соққыға  жығыл­ғанын  көрген  бауыры  арашаға  ұмтылды. Ашу  жете­гіндегі  Досым көршісінің  інісіне  пышақ  сұғып  алады.­ Оқыстан  тиген  жарақат ауыр болады. Жәбір­ленушінің  асқазаны  қатты  зақымданады.

Қазақ болғасын көршіден жақын жан бар ма? Мұндай араздыққа жол бермей, дауды тиісті орын­дарға жеткізіп, шешуге болатын еді. Алайда... Денсау­лығына қасақана зиян келтіргені үшін  көршісі Қылмы­стық Кодекстің 106-бабының 1-бөлігімен  жауапқа­ тартылды. Сот үкімімен оған 3 жылға бас бос­тан­дығынан шектеу үкімі тағайындалды. Пробациялық бақылау белгіленіп, жергілікті атқарушы органдар айқындайтын  орындарда 100 сағатқа мәж­бүрлеп еңбекке тарту  міндеті жүктелді. Ал сотталушы­ның ағасына күш көрсеткен көршінің  құқықбұзушылық әрекетіне қатысты облыстық полиция департаментіне­ жекеше қаулы жолданды. Осылай тату көр­шілердің сыйластығын көшеге төгілген лас су лайлады.

(Кейіпкерлердің   есімдері  өзгертілген)

 


ШАРУАСЫ ШИРАҚ, ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
08.08.2019 11:10

Шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан облыс әкімі Қуанышбек  Ысқақов алғашқы ресми жұмыс сапарын солтүстік аудандардан (Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш) бастады. Көптен бері көңілді күпті еткен «Көкарал» бөгетін көзбен көрді. Ондағы түйткілдерді таразыға тартып, саралап, салмақтап қайтты. Өткен бейсенбіде аймақ басшысы Шиелі өңіріне ат басын бұр­ды. Сапар барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық жағ­дайын біліп, бірқатар елді мекендер мен өнеркәсіп нысанда­рының жұмысымен танысты.­

Жалпы, Шиелі топырағы – «таяқ тастасаң, тал  болатын» құтты мекен. Ақ күріш­тің атасы атанған Ыбырай Жақаевтай Еңбек Ері, 10 ғасыр адамының 5-еуі шыққан қасиетті қоныс. Ауданның агросаласында алымды тірлік бар. Өнеркәсіп өндірісі өркендеп тұр.

Сыр өңірінің жазы ыстық, қысы жылы. Тірлікке қолайлы. Рабай­да бір дүлей дауыл­ тұратыны бар. Алайда 365 күннің 320-сы ашық десек, қателеспейміз. Бұл – баламалы энергия көзін өндіруге таптыр­мас мүмкіндік. Шиелі ауданы,­ Сұлутөбе ауылының маңынд­а күн электр станциясының іргетасы қаланды. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі:

– Мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асырылып жатқан жобаға біз де көмек беріп, ары қарай ауқымын кеңейтуге, дамытуға дайынбыз. Алдағы уақытта әлеуметтік көмек есебінде күн электр станциясы жақын орналасқан елді мекен тұрғындарына жеңілдіктер көрсетілу жағын қарас­тырған  жөн,  - деп атап өтті.

Мамандардың айтуынша, күніне 50 мВт қуат көзін өндіре­тін станция көмірқышқыл газын 75 мың тоннаға азайтпақ. Сол арқылы өңірдің экологиялық ахуалы жақсара түспек. Бас мердігері – «Байқоңыр Солар» ЖШС. Бұл жобаны «Қазына Капитал менедж­мент» АҚ және «Юнайтед Грин Британдық холдингі» қаржыландырады. Іске қосылғаннан кейін 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Айта кетейік, жақында­ ғана Жалағаш ауданында да күн электр станциясының құрылысы басталған болатын. Қазір Шиелі­дегі ірілі-ұсақты бірқатар кәсіп­орындар мен шаруашылықтар күн сәулесінің көмегімен өз қажет­тілігін  өтеп отыр.

– «Уранэнерго» мекемесі – 250 кВт,  «Семізбай У»  ЖШС – 90 кВт, «6-кен  басқармасы»  – 200 кВт, «Сейітжанов» ШҚ 35 кВт электр энергиясын өндіріп жатыр­. Аудан көлемінде 112 жа­йы­лымдық жердегі шопандар 2 мВт күн сәулесінен алатын электр   энергиясын   пайдала­нуда, - дейді Шиелі ауданының әкімі  Әшім  Оразбекұлы.

Бұдан ары өңір басшысы Тартоғай ауылында 2016 жылы тамызд­а пайдалануға берілген жеке кәсіпкер Н.Серікбайдың наубайха­насында болды. «Мем­лек­еттік қолдау аясында жобамды­ жүзеге асырдым. 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз», - дейді жас кәсіп­кер. Шағын нау­байхана күніне 250-300 бөлке нан, 150 тоқаш, 100 самса және 100 шелпек  пісіріп, Тартоғай, Майлытоғай, Ботабай елді мекендерін және  ЗК-169/4 мекемесін нан өнім­дерімен  қамтамасыз  етеді.

Одан кейін облыс әкімі атал­ған ауылдағы клубтың жұмысымен танысты. 150 орындық клуб үйінде ән, би, сурет, тоғызқұмалақ және шахмат үйірмелері жұмыс істейді. Аймақ басшысы ауыл ардагерлермен жүздесіп, пікір  алмасты.

Балаби ауылы – Шиелі ауданындағы іргелі елді мекеннің бірі. Ел тұрғындарының дені мал шаруашылығы және егін саласымен айналысады. Қуанышбек Ысқақо­в ауылдағы №50 орта мектеп­ке барып, ауданның жаңа оқу жылына дайындығын пысықтады. Сондай-ақ, білімге құштар ауыл балаларына оқуға қажетті құрал-жабдықтар табыс етті.

– Ауылдың  әл-ауқаты  бұрын­ғыға  қарағанда  әлдеқайда жақсы.­ 3 балабақша, мәдениет үйі, 900 орындық мектеп, 12 дүкен бар. 300 гектар жерге күріш егіп, диқандар күзгі салымға дайын­да­лып  жатыр. Елдің ауызбірші­лігі жоғары, - деді Балаби ауылдық ардагер­лер кеңесінің төрағасы Сейітмағанбет  Жұманазаров.

Сонымен қатар, Қуанышбек Досмайылұлы Жөлек елді мекеніндег­і мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салын­­ған дәрігерлік-амбулаториялық емхананың ашылу салтанатына қатысты.

– Өздеріңіз білесіздер, мемлекет тарапынан әлеуметтік саланы қолдау үшін көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Облыстық бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалуда. Өткен жылы облыста 5 аурухана, 9 меди­циналық амбулатория салынған. Биылдың өзінде елді мекендерде 9 емдеу мекемесі бой көтерген. Осының барлығы мемлекет тарапынан еліміздің ең басты байлығы адам және оның денсаулығына жасалған жағдай деп білеміз. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлердің айлығы 1 маусымнан бастап 30 пайызға көбейді. Облыс­ әкімдігі тарапынан да ары қарай  тиісті  қолдау  көрсетілетін болады , - деді  аймақ басшысы.

Айта кетейік, емдеу мекеме­сінде күндізгі стационар, акушерка, химазатор, ине шаншу, егу бөлмелері  бар.

– Бүгін, міне қызымды тексеруге әкеліп отырмын. Осындай кең, ауасы таза емхана ашыл­ға­нына қуаныштымыз, - деді ауыл тұрғыны  Дидар  Уәлиханқызы.

Осыдан соң өңір басшысы Бәйгеқұм ауылына барды. Көл жағасына қоныстанған ауылға келушілер көп. Ішкі туризмді дамытуғ­а  қолайлы  мекен. Сондай-ақ, Бәйгеқұмда шаштараз, дүкен, халыққа қызмет көрсету орталығы, пошта байланысы, мүгедектерді қолдау орталығы, тігін цехы сынды әлеуметтік қызметтердің барлығы бір ғимаратта орналасқан. Ауыл әкімі мұның бәрі ел игілігі үшін қолға алын­ған шара екендігін алға тартты. Кездесуде аймақ басшысы ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешуді  тапсырды.

Қ.Досмайылұлы одан соң Шиелі ауданының орталығында салынған  «Думан – Шиелі»  ЖШС-нің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мекемесінде болды. Аталған орталықта жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ егде адамдарға және тірек-қимыл аппар­аты бұзылған мүгедек балаларға ем жасайды. Онда 54 қызметкер жұмыс істейді. Аудан ақсақалдарымен жүздескен өңір басшысы алдағы жоспарлар жөнінде қысқаша баяндап, елдің ұйыт­қысы бола білген ардагерлерге амандық  тіледі.

Шиелі ауданы ауыл шаруашылығы саласымен қатар өнеркәсіп өндірісінде де толайым табысқа ие. Облыс әкімі кенттегі құбыр зауытының жұмысымен танысты. Нысанның жалпы алаңы – 30 га. Қуаттылығы жылына 1 млн 600 мың құбырға тең. Кәсіп­орында 104 адам жұмыспен қамтылған. Төмен қысымдағы полиэтилен (ПНД) құбырлары, поливенилхлорит (ПВХ) құбырлары, газ құбырлары, технологиялық құбырлар және т.б. өнімдері Қазақстанның ішкі нарығына шығарылады.

Ары қарай облыс басшысы «Бастау» сауықтыру кешеніне, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ға қарасты №6 кен басқармасына (мұнда 402 адам жұмыспен қамтылған), жеке кәсіпкер Б.Әшір­бековтің күріш ақтау және құрама жем зауытына барды. Күріш ақтау зауытының жалпы алаңы – 4 га, өндірістік қуаты – тәулігіне 86 тонна күрішті ақтайды және 28 тонна күріш жармасын  шығарады.

Шиелідегі айтулы жобаның бірі – «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС. Цемент зауыты жылына 1 млн тонна цемент өндіреді. Сыртқы нарыққа – 30%, ішкі нарық­қа 70% өнім шығарылмақ. Заманауи үлгіде жабдықталған зауытта жергілікті жастар жұмыс істеуде. Естеріңізге сала кетейік, кәсіпорынға индустриялық аймақт­ан 52 га жер учаскесі берілге­н. 2017 жылы 22 желтоқсанда ҚР Индустриялық-инно­вациялық даму министрлігінен преференция алуға инвести­циялық келісімшартқа, әктас шығаруғ­а келісімшартқа қол қойылған.­

Содан соң Қ.Ысқақов «Ару Ана» түйе сүтін өңдеу цехының жұмысымен танысты. Бұл цех күніне 400 литр шұбат өндіреді. Өнім көрші аудандарға, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда қалаларына тасымалданады.

Облыс әкімінің сапары барысында Н.Бекежанов атындағы ауылда дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсімі өтті. Дәрі­герлік-амбулаториялық емхана 18 бөлмеден, күндізгі стационар бөлімі 5 орындық, балаларға арнал­ған, акушерка, химазатор, ине шаншу, егу бөлмелерінен тұрады.

Аймақ басшысы барған тағы бір нысан – «Асылхан» шаруа қожалығының сүт және сүт өнім­дерін өндіру цехы. Нысанның жалпы алаңы – 3,8 га, өндірістік қуаттылығы тәулігіне 1 тоннаға тең  келеді.

Облыс басшысы Шиелі ауданына жасаған сапарында жергі­лікті әкімдерге өңірдегі жұмыссыздық мәселесін шешуді қатаң тапсырды. Сондай-ақ, мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жоғары деңгейде орындауға шақыр­ды.

 

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ЖАҚСЫ ІСТЕР ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
08.08.2019 10:50

Солтүстік аудандарды рет-ретімен аралаған облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың сапары оңтүстік аудандарға ойысты. Шиелі ауданынан соң, аймақ басшысы Жаңақорғанды бетке алды. Мұндағы күн райының қолайсыздығына қарамастан, күнұзын аттан түспей жиырмаға жуық нысанның басы-қасында болды. Оның ішінде бірнеше ауылдық округте ашылған әлеуметтік нысандар, аудандағы ірі кәсіпорындармен қатар, оқушылардың жазғы тынығу лагері мен апаттық жағдайдағы көпір, «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобының жұмысы және тарихи-мәдени Сығанақ қалашығы секілді киелі жерлер бар.

Алдымен аймақ басшысы «Батыс Қытай – Батыс Европа» автожолының бойында салынып жатқан қызмет көр­сету кешенінің құ­ры­лысымен танысты. Нысанда 300 орындық мейрамхана,  150 орындық қо­ғам­дық тамақтану орны, мотель, кемпинг, сау­да, ойын-сауық аймағы, медициналық жәр­дем орны, автокөлік­терге техникалық қызмет көрсету станциясы, жанар-жағармай құю бекеті, бөл­шек сауда және авто­көлік жуу орны қа­рас­тырылған.

Содан соң  «СКЗ-U» ЖШС-нің күкірт қышқылын шығару зауытына барып, жұмысшыларымен кездесті. 2013 жылы қуаттылығы 420 кВт/сағат күн электр станциясы іске қосылып, зауытты электр қуатымен толықтай қамтамасыз етуде. Кәсіпорында жылына 500 мың тонна, күніне 1,5 мың тонна өнім шығарылады, мұнда 285 адам жұмыспен қамтыл­ған.

- Аграрлы өңірде химиялық зауыттың жұмыс істеуі – айтуға тұрарлық же­тістік. Мұнда қызметкерлерге барлық жағдай жасалып отыр. Осы жердегі қызметкерлердің тең жартысы – жергі­лікті тұрғындар. Қай қырынан алсақ та, еңбек ел игілігі үшін. Біз осы маңдағы Кейден ауылына су жеткізу үшін жылына 4 млн теңгенің электр энергия­сын жұмсаймыз. Нәтижесінде тұрғындар егінін егіп, өнімін жинауда. Әсіресе, кейдендіктер жүгері егуге машықта­нған,- дейді кәсіп­орынның бас директоры Мадихан Бекжанов.

Біз аялдаған үшінші нысан – Жаңақорған кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені. Кешенде күрестің бірнеше түрі, таэквондо, ауыр атлетика, шахмат тағы басқа 7 секцияға 300 жуық бала қатысуда. Балалармен 7 жаттық­тырушы жұмыс істейді. «Чемпиондар шыға берсін!» деген тілегін айтқан аймақ басшысы жұмысты ары қарай жүйелі түрде жалғастыра беруді тапсырды.

Қуанышбек Досмайылұлы жұмыс сапары аясында табиғи уранды жерасты ұңғылап шаю әдісі арқылы жылына 1000 тонна өнім өндіретін, 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Байкен-U» ЖШС кәсіпорнын аралап көрді. Сондай-ақ, Өзгент елді мекеніндегі мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында салынған дәрі­герлік амбулаторияның салтанатты ашылу рәсіміне де қа­тысты. Нысан дәрігерлік қа­былдау бөлімі, лаборатория, егу бөлмесі, әйелдерге кеңес беру, ерлерді қарау бөлмесі қызметтерімен қамтылған.

- Қандай да бір елді мекенде­ әлеуметтік нысанның ашылуы – тұрғындар үшін мереке. Мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік арқылы салынған бұл  нысан – мемлекеттің басты құндылығы  халық денсаулығын жақсартуға жасалған қамқорлық. Бірінші­ден, дәрігерлік амбулатория сіздердің игіліктеріңізге қызмет етеді. Екіншіден, жергілік­ті халықтың белгілі бір бөлігін жұмыспен қамтиды, сондай-ақ, экономикалық ахуалға әсер етеді. Енді алдағы уақытта Жаңақ­орған ауданы бойынша  6 амбулаториялық орталық салы­нады деп жоспарланып отыр, - деді аймақ басшысы.

Дәл осы күні Ақүйік елді мекені­нде де мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік бойынша бой көтерген дәрігерлік амбулат­орияның ашылуы рәсі­мі  өтті.

«Облыстық бюджеттің 54 па­йызы әлеуметтік салаға бағытталған. Оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, халықты­ әлеуметтік қолдау бар. Денсау­лық сақтау саласы бойынша көптеген нысандар пайдалануға берілді. Жұртшылық олардың игілігін көруде. Заман дамыған сайын құрал-жабдық та, маман деңгейі де жоғарылайды. Сапалы қызмет көрсететін емдеу мекемелеріңіз құтты болсын» деген облыс әкімінің сөзін мұндағы жұрт жылышыраймен қабылдады.

Қуанышбек Ысқақов Жаңақорған ауданына жұмыс сапары­ аясында мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алушы, көп­балалы ана Жанат Мұзафарованың үйіне барып, отбасының тыныс-тіршілігімен танысты.

«Балаларыңыз үлкен азамат болсын! Бұл өмірде баланың күлкісіне жететін ештеңе жоқ. Балалар – біздің болашағымыз. Қазір мемлекет көпбалалы аналарға барлық жағдайды жасап отыр. Осы жерде аудан әкімі, бірқатар жауапты басшылар тұр, ешқайсысы аянып қалмайтын болады» деген ай­мақ басшысының сөзіне көп­балалы ана зор ризашылығын жеткізді.

Жалпы, Жаңақорған ауданы бойынша 2987 отбасы, 17176 адамға ақшалай көмек түрін­дегі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар, аудан бойынша 268 отбасыға азық-түліктей көмек берілген.

Бұған дейін Қуанышбек Досмайылұлы «Жаңарған Жаңақ­орған жастары» еріктілер тобының бастамасымен көпбалалы отбасына арналған жеке тұрғын үйдің іргетасын қалау рәсіміне қатысқан болатын.

Айта кетейік, еріктілер тобы қоғамдағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және тұр­мысы төмен отбасылардың еңсесін тіктеп, баспаналы болуына жағдай жасап жүр. Олар асар әдісі арқылы дәстүрді дәріптей отырып, жоқ-жітікке пана болып келеді. Атап айтсақ, өткен жылы аудан тұрғыны А.Исаметоваға 4 бөлмелі баспана салып берген, биыл 2019 жылдың 5 маусым күні жал­ғызбасты ана А.Беласароваға 4 бөлмелі тұрғын үй тұрғызып берді.

- Бұл – өте жақсы бастама. Осы үйде тұрған адам кейін осы істі басқаға жақсылық жасау арқылы жалғастырады деп ойлаймын. Және мұны барлық ау­дан­ға енгізу керек, оларға да үлгі болсын! - деді облыс әкімі.

Ал, тұрғын үйдің іргетасын қалау барысында Қуанышбек Ысқақов қолына күрек ұстады. Бетон құйып жатып: «Құтты болсын! Берекелі шаңырақ болсын!» деген ізгі тілегін айтты.­

Еріктілер тобы Елбасы бе­кіткен «Жастар жылы» аясында­ 2019 жылдың 20 наурызында Жаңақорған ауданында орталық мешіт, «Қум сахаба», «Хисами­ддин Сығанақи» ме­шіті жанынан құрылған. Ерікті жас­тар «Мемлекет маған не бере­ді?» деген масылдық психологиядан арылып, «Мен елім үшін не жасай аламын?» деген ұстаныммен ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосуды көз­дейді.

Мұнан кейін аймақ басшысы «Жаңарық-Келінтөбе» бағытындағы автожолдың жай-күйімен танысты. Айта кете­йік, Жаңақорған ауданындағы облыстық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жаңақорған-Түгіскен-Келінтөбе» автомобиль жолының 8,7 шақырымында, Жаңарық ауылдық окру­гінің тұсында орналасқан апаттық жағдайдағы көпірді күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған еді.

- Бұл көпір сонау 1976-1977 жылдары салынған. Содан бері жөндеу көрмеген. Апатты деп танылып, 205 млн теңгеге жобалау-сметалық құжаттары әзірленді. Канал Түгіскен массивіне жатады. Жаңарық елді мекеніне су апарады. Он бір мыңға жуық халыққа қызмет көрсететін нысан мәселесі шешіледі деп ойлаймын, - дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылығы, жолаушылар та­сымалы және авто­мобиль жолдары бөлімінің басшысы Ес­дәулет Сейілов.

Бұдан ары облыс әкімі облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында болды. Қазіргі таңда мұнда Арыс қаласынан келген 150 бала тегін демалып жатыр. Мұнда балалар үшін барлық жағдай жасалған, арнайы психологиялық тренингтер, тауға, қалашықтарға экскурсиялар, түрлі үйірмелер, концерттер ұйымдастырылуда.

- Арыстан келгенімізге бір­неше күн ғана болды. Демалысымыз жақсы өтіп жатыр. Көне қалаларға саяхаттап, тарихты таныдық. Әр күні бір-біріне ұқсамайтын түрлі шаралар өтеді. Концерттік бағдарламаларда белсенділік танытып жүрміз. Осында Қармақшы ауданынан келген балалар да бар. Жаңа достар таптық. Қызылорда облысына келгеніме қуаныштымын, - дейді Арыс қаласынан келген оқушы Нұр­дәулет Арапбек.

Облыс әкімі «Шалқия-Цинк ЛТД» АҚ кәсіпорнының да жұмысымен танысты. Мұн­да 450-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Кен байыту комбинатының өнімдерін гидрометаллургиялық әдіспен өңдеп, мырыш пен құрамында қорғасын, мыс, күміс және басқа да сирек кездесетін металдары бар қорғасын кенін алу жоспарлануда. Ол үшін кен байыту­ комбинатының жанынан металлургиялық зауыт салынатын болады.

Қуанышбек Досмайылұлы Жайылма елді мекенінде №195 мектеп-лицейіне барып, онда ауданның жаңа оқу жылына және жылу беру маусымына дайындығы мәселелері қаралды. Аймақ басшысы жауапты мамандарға дайындық жұмыстарына мән беріп, дер кезінде тиісті шараларды атқаруды тапсырды.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Сығанақ тарихи қалашығын реставрациялау жұмыстарымен танысып, тамашалаумен қорытындыланды. Естеріңізге салайық, қалашыққа Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік универ­ситетінің ғалымдары 2003 жылдан бастап архе­ологиялық ғы­лыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы археологиялық қаз­ба жұмыс­тары нәтижесінде қаланың шығыс қақпасының алдынан ғалым, Ислам дінінің көрнекті өкілі Хиссамидин (XIV ғ) сал­ғызған мешіт-медресесі табылып, топырақтан тазар­тылып, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

Осылайша, Қуанышбек Досмайылұлы Жаңақорған ауданына жасаған сапарын тамамдады. Мұндағы халықтың жағдайымен, жай-күйімен танысты. Барған жерлерінде экс-әкім Қырымбек Елеуұлының сәлемін жеткізіп, ел ақсақалдарының батасын алумен болды. Сонымен қатар, сөз сөйлегенде бірде-бір рет қағазға қарап оқығанын байқамадық. Санасында сандардың ізі сайрап жатқанына риза болыстық. Қай жерде болмасын, жақсы істердің, жұмыстардың жалғасын табатынын айта жүрді.

Рыскелді   СӘРСЕНҰЛЫ

 


«ӨЗГЕР-ІС» ЖАЛПЫҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ БІРІНШІ ҚҰРЫЛТАЙЫ ӨТЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
08.08.2019 10:35

Қазақ еліне «өзгеріс» керек­. Турасын айтқанда, істің өзгергені керек. Өзге­рісті жастардың жасағаны абзал­. Сол үшін бұл жиынды  1917 жылы өткен бірінші, екінші жалпықазақ съезінің дәстүрімен «Өзгер-іс» жалпықазақ жас­та­рының бірінші құрылтайы» деп атауды­  жөн  көрдік.

Құрылтай не үшін керек болды?

Жаңа Президент кезеңі бас­талды. 30 жыл қордаланған мәселелер халықты «Алаңға» шығарды. Мызғымастай болған жүйенің мың проблемасы тез арада шешілмесе, Тәуелсіздікке қатер төнетін жағдайға жетті. Қатып қалған билеу тәсілі тек жастардың қолымен жаңалан­баса басқа жол жоқ екені айдан анық болды. Ақорда тара­пының да Алаш жұртымен диалогқа дайын екені айтылды. Енді тек Іс керек. Сөз емес!!! Ең бастысы – ел іргесін шайқалтпай, түбегейлі «өзгеріс»  жасау  керек. Ол қандай өзгеріс?  Жалпылама  сипаттайық. Жіңішкелеп  жіктеу  өткелі  отыр­ған­ Құрылтайдың  еншісінде  қалсын.­

Құрылтай  мазмұны: Бірінші, ұлттық ғылым-білім. Қазақ баласының санасын сансыратпайтын, қазақ ұстазының қадірін арттыратын ұлттық оқу-ағарту жүйесін құру! Қазақстандық дарындылардың шетел аспауы үшін ұлттық қордың арнайы бөлігін ғылымның дамуына бөліп, шын таланттылардың  ғылымды дамытуына барлық жағдайды жасау қажет. Екінші, ұлт қазынасы. Ата-бабадан қалған жер, кен байлығын қазақтың ашық бақылауына қол жеткізу, келесі ұрпақтың да еншісін қазір есепке енгізу. Үшінші, ұлттық парламент, ұлт әскері, ұлт полициясы, ұлттық сот қалыптасуын қамтамасыз етіп, күштік құрылымдар мен құқық  қорғау органдарын билікті қорғауға емес халықты қорғауға жұмылдыратын жаңа заң, тың реформа жасау­. Саяси тұтқындарды абақтыдан   босату, «сайлау туралы», «бейбіт шеру» туралы, «БАҚ» туралы заң­дарға  өзгерістер  енгізіп, азаматтардың саяси ұстанымы үшін құқығы шектелуін болдырмау. Төртінші, ұлттық экономика. Ел экономикасын тәуелсізден­діру, отандық өндірісті 3 жылға дейін салықтан босату. Ауыл­шаруашылық өнімдерін шетелге экспорттауға бар жағдайды жасау. Ұлан-байтақ қазақ жерін әлемдік азық-түлік  орталығына айнал­дыру. Бесінші, ұлттық идеология. Тілдегі шұбарлық, діндегі алауыздық, ділдегі  берекесіздікті жоятын біртұтас  ұлттық жаңалану проце­сін тез қарқынмен жүзеге асыру. Алтыншы, аймақтық қауіпсіздік. Ресей, Қытай сынды алпауыт көршілермен, ежелден тілі, діні бір туысқан мемлекеттермен бұрын­ғы жасалған келісімшарт­тарға өзгерістер енгізу және жетілдіру арқылы аймақтық қауіпсіз­дікті  сақтауда «теңдік» принципін ұстанатын жаңаша ынтымақтастықты қалыптастыру. Жетінші, ұлттық тарих. Қазақ тарихшыларын жеткілікті деңгейде қолдау мен жаңа толқын тарихшыларды біріктіру арқылы «Қазақстан тарихы­н» қайта жазып шығу. Сегізінші, ұлттық  өсім. Көпбалалы­ аналар мен жас отбасыларды қол­дау­ және шетелдегі қазақтардың ұлттық болмысын сақтау мен олардың Отанына оралуына бар мүм­кіндікті жасау жолдарын ұсыну. Тоғызыншы, Түркі бірлігі. Түркі мемлекеттері арасында ортақ экономикалық кеңістік құру, ортақ білім жүйесін жетілдіру, ортақ әскери бірлік қалыптастыру. Онын­шы­, қазақ арманы. Алаш топыр­а­ғын мекендейтін әртүрлі ұлттар «Қазақ бірлігінің» айна­ласына топтасып тең өмір сүретін, түркі мемлекеттерінің түп қазы­ғына айналған, Орта Азияның саяси­  орта­лығы – Дамыған Қазақ елі  болу!

Құрылтайдың  өзгешелігі: Қазақ тыныш болса­, Қазақстан тыныш! Қазақстан тыныш болса, қазақ жерін мекендейтін кез келген адам бейбіт, берекелі қоғамда өмір сүре­ді. Ең алдымен «өзге нәсілдің» қамын ойлап келген билікке де, соған  көніп  келген қазаққа да қазір  бір анық нәрсе – осы! Осыған дейін «Жетімнің» күйін кешіп келген Алаш жұрты енді «өлгені тіріліп, өшкені жанса да», баяғы қонақжайлығы мен бауырмал­дығынан айнымайды.  Ол – ақиқат!  Ақиқат – ең алдымен қазақтың жоғы түгенделіп, өз елінен тиісті еншісін алуы!

Құрылтай  мақсаты: Тәуелсіздік жылдарының алды-артында дүниег­е келген, өзіндік ой-пікірі қалыптасқан жастардың басын қосу. Сол арқылы «дағдарыстағы билікке» бағыт-бағдар ұсыну және қордаланған мәселелерді шешуге атсалысу. Өздерінің қандай мемлекетте өмір сүргісі келетінін билік назарына, халық таразысына салу!

Құрылтайға қатысу шарттары: Спикерлер (баяндама жасау): 35 жасқа дейінгі азаматтар. Қонақтар (пікір алмасу): 45 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары және Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейден БАҚ өкіл­дері.

Қамту аймағы: 14 облыс, 3 қала, шетелден оралған қандастар, туыс­қ­ан елдердің БАҚ өкілдері. Әр өңірден 5 адамнан жиыны 85 спикер (саясаткер-саясаттанушы, журналист-блогер, кәсіпкер-экономист, IT маманы-программист, білім саласының маманы-оқытушы, егінші-малшы, т.б. мамандық иелері) қатыса алады. Сондай-ақ, Моңғолия, Қытай, Ресей, Түркия, т.б. шетелдерден оралған қандастарымыздан 15 адам қатысады. Өз еркімен қонақ ретінде қатысушыларға шектеу жоқ. Ресми қатысушылардың және шетелден келетін БАҚ өкілдерінің жолақысы, жатын орны, тамақтану шығындары «Қамшы» ақпарат агенттігі тарапынан төленеді. Қатысушылардың өз арасында іріктеу арқылы немесе дауыс беру арқылы «Өзгер-Іс» туралы ең үздік баяндама жасау­шыға Әлихан Бөкейханов атындағы 1 миллион теңге арнайы сыйлық беріледі. Үміткерлер «Құрылтай мазмұнында» айтыл­ған мәселелер бойынша ой-пікірін жазбаша түрде немесе видеомен Бұл e-mail спам-боттардан қорғалған, оны көру үшін сізде Javascript қосулы болу керек электронды мекенжайына жібере алады және ол ұсыныстар «Қамшы» портал­ында жария­ланады. Қатысушылар «ұсыныстарының» өзектілігі мен өткір­лігіне қарай іріктеледі. «Ұсыныстарды» ірік­теуде әртүрлі мамандардан жасақтал­ған арнайы топтың және «Қамшы» оқырмандары мен әлеуметтік желі қолданушыларының  пікірі  есепке  алынады.

Қатысушыларға  құлаққағыс: Егер  іріктеуден  өтіп, Құрылтайға қатысу мүмкіндігіне ие болып­  жатсаңыз, Алашорда көсемдерінің киім үлгі­сімен  келуді құп көреміз. Әрине бұл біздің ұсыныс ғана. Шешім әр азамат­тың өз таңдауына­ беріледі. Өтетін орыны: Алматы қаласы, Өтетін  уақыты: 26, 27 қазан.

Құрылтайды  ұйымдастырушы:

«Қамшы»  ақпарат  агенттігі

 


«ҚАЙРАТҚА» ҚИЯНАТ ЖАСАЛДЫ МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
08.08.2019 10:30

Еуропа лигасының 3-ші іріктеу кезеңін­де «Қайрат» Израильдің «Хапоэль»­ командасымен 1:1 есебімен тең түсіп, жарыстан шығып қалды. Алматы­да өткен қарымта кездесуден соң «Қайраттың» бас бапкері пікір білдірді.

– Қазақстанның командаларын Еуропа футбол одағы аса қатты ұната бермейтін секілді. Кейде төрешілік, кейде өзге адамдардың кесірі тиіп жатад­ы. Бүгін бірінші болып гол салып, қарсыласты әбден тықсырдық. Екінші таймның басында бірден басымдықты алып едік, қарсылас бір орында тұрды да қалды. Екінші, үшінші тіпті төртінші голды саламыз деп ойладым. Оған сенімді болдым. Ірі денелі Эппельдің баспен голды керемет салатынын біліп, шабуылшылар  шаршағанда шығарамын деп отырдым. Алайда 10 адаммен қалып, жоспарлағанымызды жүзеге асыра­  алмадық,  -  дейді «Қайрат» футбол­  клубының  бас  бапкері Алексей  Шпилевский.

– Төрешілердің біраз қателігі болды.­ Осыдан бірнеше жыл бұрын «Астана» - «ХИК» матчында да Израиль елінің төрешісі біздің командаға қарсы жұмыс істеді. Израиль командалары бұрыннан бері төрешілермен жақсы «жұмыс істейтінін» білеміз. Сосын УЕФА-дағылар Қазақстан алыс деп, біздің елдің командаларын топтық кезеңге шығармауға тырысады. Оның үстіне теле­визиялық көрсетілімнің де сапасы біздің елде нашар болады. Олар негізгі табысты содан алады, - деді ардагер-қақпашы  Құралбек  Ордабаев.

Айта кетейік, «Қайрат» футбол клубы­  алғашқы  матчта қарсылас коман­дадан  2:0  есебімен  ұтылған  еді.

 

Ермұхамед  Мәулен

 


КӨЗ МҮГЕДЕКТЕРІНЕ КӨМЕКТЕСЕТІН КІТАПХАНА PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
08.08.2019 10:00

Облыс орталығында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана жұмыс істейді. Аталмыш мекеменың қызметі мен базасы туралы оқырманға кеңінен таныстыру көптен бері ойда жүрген-ді. Жалпы, мұндағы ұжым көз мүгедектерінің қатысуымен көптеген іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып та тұрады. Рухани-мәдени бағытта өрбитін бірнеше жиынына куә болғанымыз да бар.

Арнаулы кітапхана Мәдениет министрлігінің 1969 жылы 12 ақпанындағы №29 Бұйрығымен облыс көлеміндегі көз мүгедектеріне кітапханалық қызметті жақсарт­у мақсатында ашылған болатын. Бүгінде аталмыш ұжым бұл үдеден шығып жүр деуге болатын шығар. 28621 дана кітапты құрайтын қоры бар кітапханадағы бедерлі-нүктелі, яғни саусақ сезімімен оқитын кітаптар саны – 2777, кассеталы кітаптар – 12438, СД дискалы кітаптар – 1861, жайпақ баспа әдебиеттер 11545 дана кітапты құрайды. Облыс бойынша 1199 көз мүгедегі есепте тұрса, оның 982-сі – көз мүгедегі, яғни 82%-ы кітапхана қызметі­мен  қамтылған.

Сондай-ақ, кітапханада аудан көле­міндегі оқырмандардың сұранысын қанағат­тандыратын, оларды кітаппен қамтиты­н  жылжымалы  кітапхана  бар.

- Әр ауданда кураторлар бөлінген, сол қызметкерлер арқылы сұраныстарын қабылдап,­ ай сайын кітапханашылар іссапар­мен аудандарға барып, дыбыстан­дырылған және брайль жүйесімен жазыл­ған кітаптарды таратып отырады. Сонымен қатар, кітапхана қаламыздағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйіне, №5 көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернат және №7 арнайы түзету­ мектеп-интернат оқушыларын әдебиеттермен қамтамасыз етеді. Қала төңірегін­де шоғырланған оқырмандарға күніне екі рет кітап тасымалданып отырады, - дейді «Қызылорда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасы» КММ-ның басшысы Ерғазы­ Алданазаров.

Кітапхана жанынан 2017 жылдан бастап дыбыс жазу студиясы жұмыс істеп келеді­. Мақсаты – жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын оқырмандарға насихаттау, оқырмандардың қажетті сұраныстарын дер кезінде жазып беру. Кітапхана заман талабына сай мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өздігімен жұмыс істеу үшін озық технологиялармен қамтамасыз етілген. Кітап қоры арнаулы әдебиеттерге бай кітапхана көз мүгедектері үшін рухани­ азық алатын бірден-бір орынға айналғалы қашан?

Бүгінде арнаулы кітапхана «Орда Зағип»­ қоғамдық бірлестігімен келісімшартқа отырып, олармен бірлесіп, мүм­кіндігі шектеулі азаматтарды қатыстыра отырып мәдени шаралар өткізеді. Сонымен қатар, тоғызқұмалақ үйірмесі де жұмыс істейді. Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының «мүгедектерге арналған спорт клубымен» келісімшарт негізінде түрлі жарыстарға дайындық жұмыстарын жүргізу үшін кітапхананың 1-қабаты мүмкіндігі шек­теулі азаматтарға ақысыз берілген. Бұқаралық ақпарат құралдары беттеріне шыққан мақалалардан күнделікті кітапхананың «Дауыстап оқу» үйірмесі арқылы хабар­дар болып отырады. Көз мүгедектерінің қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау мақсатында көз мүгедектерін қалалық жұмыспен қамту орталығы қоғамдық жұмыспен қамтып отыр. 2017 жылы – 7, 2018 жылы – 2, 2019 жылы 1 көз мүгедегінің қоғамдық жұмыспен қамтыл­уы  сөзімізге  дәлел  бола  алады.

Бүгінде кітапханада штат бойынша 19 қызметкер жұмыс істейді. Олардың  4-еуі – мүмкіндігі  шектеулі  азамат. Кітапхананың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 2019 жылдың І жартыжылдығына бюджеттен қосымша 2865,0 мың теңге бөлінген. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша 1233,0 мың теңге үнемделген. Үнемделген қаржы бюджетке қайтарылатын болады. 2019 жылы 95 мәдени шара жоспарланып, 6 айдың есебі бойынша 51 мәдени шара өткен. Осыған орай, бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде 5 мақала жария­ланған.

50 жылдық тарихы бар кітапхана – көз мүгедектері үшін рухани орталық, уақытын тиімді әрі пайдалы өткізу мақ­сатында осы кітапханадан түрлі ақпараттарды  өздігімен  алуына  жағдай жасал­ған. Санитарлық бөлмелер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайластырылған, «Кедергісіз кеңістік» бағдарламасының талапт­арына  сай  қызметке  бейім  тұр.

- Кітапхана көз мүгедектеріне арнал­ған тифломагнитофон, нашар көретін оқырмандарға өздігімен жұмыс істеуге ыңғайландырылған ұлғайтқыш «ОНИКС» құралы, тифлокешен, портативті компьютермен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі азамат­тардың кітапхана ішінде еркін жүріп-тұру  мақсатында  шынжыртабанды пандус алынып, қазіргі уақытта қол­данысқа  беріл­ген, - дейді кітапханашы Айна  Бекенова.

«Кедергісіз кеңістік» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2018 жылдың І тоқсанында арнайы лазерлі принтер, арнайы­ компьютер, оқу машинасы, жазу машинасы, брайль жүйесін өздігімен үйренушілерге арналған дыбыстанды­рылған  құрылғы,  өздігімен  қозғала алмайтын азаматтарға арба алыныпты. Мұның өзі кітапхана қызметіне зәру оқырмандар  үшін  көлдей  көмек.

Кітапхана ауласы талапқа сай бетон­далып, еденге тактильді пиктограммалар салынған. Қабырғаларға арнайы нұсқау тақталары ілініп, құлағы естімейтін оқыр­ман­дарға жүгіртпелі жолдармен кітап­хананың қызметі туралы ақпарат беріп тұратын  арнайы  құрылғы орнатыл­ған. Көз мүгедегінің  жолына бағыт-бағдар береті­н үздіксіз жұмыс істеп тұратын арнай­ы дыбысб­ергіш құрылғысы орна­тылған. Былай қарасақ, кітапхана жұмысы­ көңіл  қуантады. Ал, мұндағы іс-шара­лардың өту деңгейі жоғары. Әйтпесе, оны ұйымдастыру, өткізу оңай шаруа емес. Бұл бір жағынан кітапхана оқырмандарының еншісіндегі мәселе дер едік. Өйткені, біз­дің байқағанымыз, кітапханада өткен үлкенді-кішілі қандай іс-шара болмасын, оқырмандардың белсенділігімен қыза түседі.

 

Рыскелді   ЖАХМАН

 


ТӘРТІПСІЗ БАСШЫЛАР АЗАЯ МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.08.2019 17:40

Мемлекеттік қызметкерлердің арасында Әдеп Кодексінің нормаларын  сақтамайтын­дардың қатары азаймай тұр. Заңбұзушы­лықтар­дың көбісі кәсіби міндетін асыра пай­далан­атын көрінеді. Бұл жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бо­йын­ша департаменті басшысының орынбасары Берікбол­  Байхожаев  брифингте  мәлімдеді.

Жыл басынан бері Әдеп кеңесінің 7 отырысы өтіп, 35 мәселе қаралған. Тәртібі таразыға тартыл­ған мемлекеттік қызметкерлердің 19-ы Әдеп Кодексі нормаларын бұзған. Ал 14 қызметкер түрлі тәртіптік жазаға тартылды. Олардың­ 8-іне кодек­с талаптарын бұзғаны, 6-ауына мем­лекеттік қызметке кір келтір­гені үшін тәртіптік жаза  қолданылды. Сондай-ақ,  Берікбо­л Байхожа­ев  қызметтік автокөлік­терді  жұмыс  бабынан­ тыс пайдалану фактілеріне куә бол­ғандарға «WhatsApp»  желісі арқылы құзырлы органға хабарлауға  бола­ты­нын  ескертті.

Департамент қызметтік автокөліктердің мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізу үшін «WhatsApp» мессенджерінде аккаунт (+77057872626) ашқан. Қырағы тұрғындар шенеун­іктердің тәртіпке қайшы қылығын сурет­ке, видеоға түсіріп, департаментке жол­дауына  болады.

Департамент өкілінің айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда Әдеп Кодексі нормаларын бұзғандардың саны 38 пайызға азайған.

- Әдеп кеңесінің мүшелерімен 332 іс-шара ұйымдастырдық. Шараларда қызметтік қарым-қатынаста, жұмыстан тыс уақытта қандай мінез-құлық таныту қажеттігі, әлеуметтік желіні пайдалану­, БАҚ-та сөз сөйлеу кезінде өзін қалай ұстау керектігі туралы мәселелер қамтыл­ған. Бұл заңбұзушылықтардың санының азаюына­  ықпал  етуде, - деді ол.

Мемлекеттік қызметкер ісімен үлгі болуы тиіс. Олар қызметтік тәртіпті бұлжытпай орындауғ­а міндетті. Алайда жұмыс уақыты аяқталып, қызметтен шыққан бойда тәртіп атаулы­ны ұмытатындардың бары рас. Олардың өзге мемлекеттік қызметкерлердің беделіне нұқсан келтіріп жүргені жасырын емес. Айта кету керек, жыл басынан бері қызметтік автокөлікті қызметтік мақсаттан тыс пайдаланған 2 мемлекеттік органның басшысына Әдеп жөніндегі кеңе­с шешімімен  тәртіптік  жаза  қолданылған.

 


ӨНЕГЕЛІ ІСТІҢ ӨРІСІ КЕҢ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.08.2019 17:35

Қызылорда облыстық полиция департаментінің басшылық қызметіне мамыр­ айында кіріскен полиция пол­ковнигі Арыстанғани Заппаров жуырда Қазақстан Республикасы Ішкі істер минис­трінің бұйрығымен министрдің орынбасары қызметіне тағайындалған болатын. Шілде айының соңғы күн­дерінің бірінде Президент әкімшілігінің келісімімен полиция полковнигі Сұлтан Бектөре Жеңісбайұлы облыстық Полиция  департаментінің  бастығы  қыз­метіне келді. Жаңа басшыны ҚР Ішкі істер министрі­нің орынбасары Алексей Калайч­иди  мен облыс  әкімі  Қуанышбек  Ысқақов  жеке  құрамға  таныстыр­ған еді.

«Үлкенді сыйлау – имандылықтың белгісі» деген атам қазақ. Департамент бастығы Бектөре Жеңісбайұлы қызметіне кіріскен күні ертеңіне­ саланың Ардагерлер кеңесіне келіп, қызмет­імен танысып, көптің батасын алды. Бұл дегеніңі­з, азаматтың адалдығы мен адамгер­шілігін, көрегенділігі мен көргенділігін, ибалығы мен иманды­лығын  білдірсе  керек.

Сондай-ақ, Бектөре Сұлтан саланың Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Тұңғышбай мен Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сағидулла Ерланмен бірге Тереңөзек кентінде тұратын 95 жастағы сала және ҰОС-ның ардагері, полковник  Махамбет  Бер­жанов  ақсақалдың отбасында арнайы болып, абыз ағаның хал-жағдайын білді. Лайықты сый-құрмет көрсетіп, ағаның ақ батасын алды. Абыз ақсақал азаматтарға ағынан жарылып, аталық алғысын білдірді, ақ жол тіледі. Иә, «батамен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген дана халқымыз. Абыз атаның айтқаны келсін делік.

Кезінде  қылмыскер қолынан қаза тапқан Талғат­ Қозыбаевтың отбасына да басшылар ат басын­ тіреді. Марқұмның әкесі Есентай аға мен анасы Шынар апа сақшы сардарларын шынайы ілтипатпен қарсы алып, өмірден ерте өткен өрімдей ұлының батырлығы мен  батылдығы  жайлы­ тебірене еске алды... Сүйікті немересі Алмат­ Талғатұлының болашағына алаңдаушылығын жасыр­мады.  Алмат бүгінде Қарағанды қаласындағы жоғары сала мектебінде оқиды. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, қоғамдағы тәртіп пен халықтың құқығын қорғау мақсатында сақшылықтың сара жолын таңдаған  Алматқа тек сәттілік тілейміз. Сала  басшылары мен Ардагерлер кеңесі Талғаттың ата-анасына сый-құрмет көрсетті. Олар да өз кезегінд­е ризашылығын білдіріп, батасын берді.

Қыр-сыры көп қиын қызметте жүрсе де уақыт тауып, мың айдың жүзін көрген, жасы жүзге жуықтаған абыз ақсақалдың алдын кесе өтпей, қызмет бабында қыршын кеткен азаматтың рухына бас июі Бектөре Жеңісбайұлы секілді білімді де білікті азаматт­ардың  ғана  қолынан келсе керек. Департамент  бастығына  біз де  іштей  ризашылығы­мызды  білдірдік. Өнегелі істің өрісі кең екені, бабалар­ салты бұзылмай, болашақта одан ары жалғас­а  беретіні­  осындай  имандылық пен  ізгілік  істерден-ақ  белгілі.

Қазыбек   ӘШІРБЕКҰЛЫ,

ардагер-журналист

 


Алаяқтық қоғам дертіне айналып барады PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.08.2019 12:20

Соңғы кездері елімізде алаяқтық сарындағы оқиғалар тым жиілеп барады. Оның ішінде алаяқтықты жасаушылардың көбі – әйелдер.

Алғашқыда бір-екі рет жолы болып, өтірік уәде беріп, өзге біреулердің ақ адал қаржысын иемденіп кетеді. «Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, олар мұны кәсіп етіп, үлкен қомақты ақша табуды ойластырады.

Тіпті, алаяқтар психологиялық тұрғыда адамдарды өте шебер пайдаланып, ол адамдарды жақсы зерттеп алады, оның қажеттігін алдын ала біліп, олардың сеніміне кіріп, өздері іздеп келетіндей етіп дайындайды.

Жеңіл жолмен пәтер, не жер теліміне қол жеткізгісі келгендер алаяққа жем болып қана қоймай, өзі де заң бұзып отырғанын білуі міндетті.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2019 жылдың 6 айында алаяқтық қылмысы бойынша сотпен барлығы 92 адамға қатысты 87 қылмыстық іс қаралып аяқталса, оның ішінде 51 адамға қатысты 48 қылмыстық іс бойынша айыптау үкімдері қабылданған, ал 41 адамға қатысты 39 қылмыстық іс ақталмайтын негізбен өндірістен тоқтатылып, қаулы түріндегі сот актілері қабылданған.

Жоғарыда атап өткеніміздей, алаяқтық қылмыстардың басым бөлігі әйел адамдармен жасалған.

Соның бір мысалы, Қызылорда қалалық №2 сотында «Ш» есімді азаматша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігімен алаяқтық қылмысы бойынша кінәлі деп танылып, түпкілікті 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді.

Сотталушы жәбірленушілерге жергілікті банктерден ірі көлемде жеделдетіп төменгі пайызбен несие алып беретіні және баласын жұмысқа тұрғызып бере алатыны жайлы сеніміне кіріп, түрлі сомада ақша қаражаттарын алып, алаяқтық жасаған.

Алаяқтардың жәбірленушілерді алдау тәсілдері негізінен олардың ең мұқтаж қажеттіліктеріне бағытталады. Қазіргі кезде адамдарға ең қажет нәрсе жер телімдерін алу, жеңілдікпен пәтер алу, банктерден кедергісіз жедел несие алу, жұмысқа орналасу сияқты мәселелер жатады. Алаяқтар осы мұқтаждықтарды өз пайдасына шебер пайдаланады.

Осы орайда жәбірленушілердің де іс-әрекеттеріне тоқталмасқа болмайды. Нақтылай келгенде, жәбірленушілер де заңсыз жолмен ойлаған мақсаттарына жетуге ұмтылады. Мұндайда жәбірленуші тек алданып қана қоймай, өзінің пайдакүнемдігімен мұратына жеңіл жету жолдарын қарастырады.

Мысалы, қаралған қылмыстық істер бойынша кей жәбірленушілер мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер алу үшін өзінің бұрынғы пәтерін сатып, не оны басқа біреудің атына рәсімдеп, тағы да пайда көру үшін кезектен тыс пәтер алмақ болған әрекеттер бар. Сөйте тұра, сол қылмысын жасырып алаяқтарға берген ақшасын «қарызға бердім» деп, заңсыз жолмен делдал арқылы пәтер алуға әрекет жасағанын мойындамайды. Көп жағдайларда жәбірленушілер өздерінің заңға қайшы әрекеттерін жасырып, тіпті құқық қорғау органдарына да хабарламайды. Соның салдарынан алаяқтық қылмыстар дер кезінде ашылмай, қылмыстың алдын алуға кедергі келтіреді.

Жәбірленуші мемлекет қарамағындағы жер телімдерінің қандай тәртіппен, қай мекеме арқылы берілетінін біле тұра, оны шешудің заңсыз жолдарын қарастырып, ақырында алаяқтарға жем болады. Олар өздерінің алдауға түскенін, жер телімін де, берген ақшаларын да қайтарып ала алмайтынына көзі жетіп, әбден әуре-сарсаңға түскеннен кейін ғана құқық қорғау органдарына жүгінеді.

Алаяқтықтың негізгі принципі – өзі құрбан етіп отырған адамды алдау, сол арқылы өзіне ақша, мүлік, басқадай нәрселердің құқын ерікті түрде бергізу болып табылады.

Мұндай қылмысты дәлелдеу қиыншылығы тағы бар, себебі алдау фактілері объективті түрде дәлелдеуді қажет етеді. Алаяқтарға алданатын аңқаулар бір емес, бірнеше рет істі болғандарға жем болып жататын оқиғалар да жиі кездеседі. Сондықтан пара беріп үй аламыз, жер аламыз деместен бұрын жақсылап ойлану қажет.

 

А. Абдуманов,

Қызылорда облыстық прокуратурасының басқарма аға прокуроры

 


Күнтізбе

< Тамыз 2019 >
      1 2 3 4
5 6 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары