Өзекті мәселелер

  • 22.08.19

    Елімізде дәрінің көмегімен өмір сүретін азаматтар аз емес. Олардың дәрілік препаратсыз қауқары жоқ. Антибиотикке тәуелді науқасқа кім қарайды? Ақысыз берілетін дәрі-дәрмектерді кімдер, қайдан және қалай ала алады?

    ...
    Толығырақ...
  • 22.08.19

    Халық «Елін сүйген ер болар» дейді. «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі» дейді тағы  да.

    Иә, ел намысы үшін ерлік­ке бара алар азаматтарды кебен­ек ішінде танып-білу аса маңызды.

    Кебенек – сыртқы киім. Оны көбіне-көп жорықта, аңшылықта киеді. Демек, бұл киімді кез келген адам кие алады. Олай болса, «Ерді кебене­к ішінде  таны» деген – ер жігітті киіміне қарап емес, жан дүниес...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    ТЫНДЫРЫМДЫ   ІС – НӘТИЖЕЛІ   КӨРСЕТКІШ

    Қаланың экономикалық тұрғыда дамып­, қалыптасуында стратегиялық міндет жүйелі түрде өз-өзін айқындап отырады. Шаһардың болашағына байлан­ысты әр жоспар, әр бағыт өзіндік құнымен маңызды. Осындай іргелі істерді атқару барысында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың іскерлік һәм басшылық міндеті ж...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    Өткен бейсенбіде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының қолдауымен, өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері Шиелі ауданына баспасөз турына барды. Жолай біз бағыт алған өңірдегі баратын нысандардың тізімі қолымызға тиді. Риза болғанымыз, бір-біріне ұқсамайтын бес қызмет түрін жандандырып отырған шағын кәсіп иелерімен таныстық. Оның ішінде ауқымды жерді алм...

    Толығырақ...
  • 22.08.19

    192   ШАҚЫРЫМ  ЖОЛ  ЖӨНДЕЛЕДІ

    Елдегі көлік саласы маңызды рөлге ие. Оған сауда-экономикалық бағыттағы тауарлардың көліктің қай түрімен болсын тасымалдануы дәлел. Одан өзге аймақтар үшін республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жол­дардың  өзектілігі  жоғары.  Өткен  жылы осындай жолдар мен көшелерді дамыту­ға республикалық бюджеттен 1...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 08 Тамыз 2019

ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.08.2019 11:05

Қармақшы аудандық сотында «Гендерлік теңдік» тақырыбында семинар сабағы өткізілді.

Іс-шараға аудандық соттың төрағасы міндетін атқарушы Л.Алибекова және сот қызметкерлері қатысты.

Шара барысында аудандық соттың бас маманы С.Жалғасбаева өз сөзінде казіргі кезеңдегі гендерлік теңдіктің маңыздылығын айтып, өмірдің барлық салаларында әйелдер мен ерлердің теңескендігін атап өтті. Әйелдердің мәртебесін халықаралық құқықтық реттеудің негізгі принциптерін белгілеп, әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы Конвенцияда көрсетілген әйелдердің ерлермен тең құқығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жағдайлар қарастырылғаны туралы және Қазақстан Республикасы Конституциясымен кепілдірілген гендерлік саясаттың негізгі принциптерін әңгімелеп берді.

Шараның соңында қатысушылармен әйелдердің қоғамдағы рөлі және маңыздылығы, қоғамдық-саясат құрылымдарына қатысуы, Қазақстан Республикасы дамуы кезінде гендерлік теңділігінің түйінді мәселелері талқыланды.

 

Қармақшы аудандық сотының баспасөз қызметі

 


АУЫЛ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕГІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.08.2019 11:00

«Ауыл – алтын бесік». Қазақ халқының түп-тамыры ауылдан басталатыны белгілі. Қайда жүрсе де маңғаз даласына арналған сағыныш сезімі жүрегінің бір түкпірінде жататыны сонан да шығар. Ал мұндай әсер өскелең буынның көңілінде тұрса, нұр үстіне нұр.

Жандос Тойбазар – Мәскеу қаласындағы ұлттық зерттеу технологиялық университетінің түлегі. Ресей Федерациясы үкіметінің бюджеті есебінен білім алған қазалылық өреннің тіршілігі қызықты алып шаһарда тұрақтап қалатын мүмкіндігі де болды. Алайда туған жерге деген сүйіспеншілік Жандос Қыдырбергенұлын елге қарай жетеледі.

Жоғары оқу ордасын ойдағыдай аяқтаған жігерлі жас «Сыр маржаны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне механизатор мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Жандос осылайша туған жерінің өркендеуіне өз үлесін қосатын болады.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

 


ҚАЗАЛЫДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.08.2019 10:50

Кәсіби  мереке  қарсаңында

Соңғы жылдары Қазалы ауданында бірқатар құрылыс нысандары ел игілігіне берілді. Аудан орталығы Әйтеке би кентінің аумағы ұлғайып, көркі де айшықтала бастағаны көзге анық байқалады. Бұрын шетаймақ есептелетін бөліктер қазіргі таңда ел жиі қоныстанған көшелерге айналған. Әсіресе, қала мен кент аралығына салынған түрлі әлеуметтік нысандар, еңселі ғимараттар мен жекелеген тұрғын үйлер көңіліңе жылы әсер етеді.

Өткен жылы аудан бойынша 25 нысанның құрылысын салуға аудандық, облыстық, республикалық бюджеттен қаржы қаралған. Олардың қатарында Әйтеке би кентіндегі 300 орындық мектеп, салынатын тұрғын үйлерді газ, электрмен жабдықтап, жолдар салу, осы кенттегі жаңадан бой көтеретін тұрғын үйлерді ауы су, электрмен (инфрақұрылым) қамтамасыз ету, «Қарлан» учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауызсу желісін жүргізу, Əйтеке бидің ескерткішінің тұғыры құрылысы, 56 гектар жер учаскесінде салынатын тұрғын үйлерді ауызсумен, газбен жабдықтау, Қазалы қаласында салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету (электрмен қамту, газбен жабдықтау), кенттегі 18 пәтерлік 6 жалдамалы көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылым жұмыстары бар.

Осы ретте ел игілігіне берілген Жанқожа батыр ауылындағы спорт кешені туралы айта кетсек. Ауыл орталығындағы еңселі спорт кешені тұрғындардың көз қуанышына айналып үлгерді. Сапалы да көркем салынған нысанда баба ұрпақтары спорттың бірнеше түрімен шұғылданады. Спорт жарыстары жиі ұйымдастырылып тұратындықтан, кешеннен адам қарасы үзілген емес. Ауласына жасыл желек егіліп, мұқият қоршалған мұндай спорт кешені тәрізді ғимаратты кейбір аудан орталығынан кездестірмейсіз десем, артық емес.

Қолымыздағы деректе биылғы жылға 11 нысанның құрылысын жүргізуге республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен қаралған 3698,6 млн теңгеге тиісті құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылып жатқаны жазылыпты. Бұл жұмыстардың ішінде аудандық әкімшілік ғимараты, кент пен Қазалы қаласынан салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету (электрмен қамту, газбен жабдықтау, жолдар салу) құрылысын жалғастыру, Қазалы қаласынан салынатын тұрғын үйлерді ауызсумен жабдықтау, жолдар салу, Ғ.Мұратбаев, Көларық ауылдық округінде типтік жобадағы мал қорымдарының (биотермиялық шұңқыр) құрылысы, кенттегі 18 пәтерлік 6 жалдамалы көпқабатты тұрғын үй құрылысы бар.

«Жақсының жақсылығын айт...». Осы ретте «МФК-Туран», «Нұрай-Ақжол», «Мелиоратор», «Промстройсервис Е», «Аман Құрылыс», «Бер-Нұр-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері екі қабатты 5 тұрғын үйдің әрқайсысына 2,5-3 млн теңге қаржы жұмсап, демеушілікпен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізе кетейік. Енді кәсіби мереке қарсаңында толымды істерімен көпшіліктің көңілінен шығып жүрген «Нұрас и Компания» ЖШС-гі туралы аз-кем тоқталсақ. Бұрынғы Қазалы өндірістік жол пайдалану учаскесі негізінен құрылған (серіктестіктің құрылтайшысы Ермекхан Әміреев, директоры Орақ Оразалиев) бұл мекеменің басты қызметі жол жөндеу және жол құрылысы бойынша мемлекеттік тапсырыстар орындау, басқа да заңды және жеке тұлғаларға жол жөндеу техникаларын жалға беру болып табылады.

Алғаш құрылған сәттен бастап серіктестік аудан көлеміндегі республикалық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары, кент пен Қазалы қаласы, ауылдық округтері орталықтарының көше жолдарын мемлекет тапсырысы бойынша ағымдағы, орташа жөндеу, жаңадан жол құрылысы жұмыстарымен айналысып келеді. Біршама уақыт бұрын Қазалы қаласының автомобиль жолдарына жөндеу жүргізсе, 2009 жылы КОФ РГП «Казахавтодор» мекемесіне қосымша мердігер ретінде «Самара – Шымкент – Шиелі – Жеміс-жидек», «Шиелі – Қарғалы – Байкенже – Жаңақорған» автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын атқарған еді. Арада жыл өте «Қазалы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары» ММ тапсырысымен «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» аудандық маңыздағы автомобиль жолының белгіленген аралығын, «Әйтеке би-Басықара» учаскелеріне орташа жөндеу, аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу, кенттегі №4 участогінің қөшелері құрылысын, өзге де бірқатар жұмыстарды жүргізген.

Серіктестіктің өндірістік базасында әкімшілік ғимараты, қоймалар, жол құрылыс техникаларын жөндеу шеберханалары, гараждары бар. Мекеме жол жөндеу техникаларын жаңарту мақсатында Қытай Халық Республикасында шығарылған қуатты (жүк көліктері, жүк тиегіш, автогрейдер) техникаларын, Германиядан жол жөндеу жұмыстары барысында асфальт қабатын жаятын асфальт төсегіш сатып алыпты. Байырғы механизаторлар, еңбек тәжірибесі мол жұмысшылардан жасақталған «Нұрас и Компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алар асуы алда.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БОЙЫНША ПАРТИЯЛЫҚ ТЫҢДАУ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.08.2019 10:25

Партиялық тыңдауда мемлекеттік органдардың басшылары білім беру және денсаулық сақтау салаларында қойылған міндеттерді іске асыру барысы туралы баяндады.

«Nur Otan»  партиясының Қызылорда облыстық филиалында партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» Сайлауалды бағдарламасының «Денсаулық» және «Білім» бағыттары мен ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының Қызылорда облысында жүзеге асырылуы бойынша партиялық тыңдау өтті.

Облыс әкімі, «Nur Otan»  партиясы облыстық филиалының төрағасы Қуанышбек Ысқақов аталмыш бағыттар  Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасының негізгі салалары мен «Nur Otan»  партиясы жұмысының басым бағыттарын құрайтынын   атап өтті.

«Өздеріңізге белгілі, партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасында партияның  қамқорлық жасайтын айрықша салалары болып  денсаулық сақтау мен білім саласы бекітілген.  Осы ретте, облыстық партия филиалы жанынан сайлауалды бағдарламаның «Денсаулық», «Білім» бағыттары бойынша аймақтық комиссиялар жұмыс атқарып келеді. Жақында аталмыш комиссиялар құрамына қазіргі талаптарға сәйкес өзгерістер енгізіліп, жаңартылды», - деді аймақ басшысы.

Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова білім беру саласында қойылған міндеттерді жүзеге асыру туралы баяндады. М.Мелдебекованың айтуынша, соңғы 6 жылда облыста 69 мектеп салынған, оның ішінде Жаңақорған және Жалағаш аудандарында апатты жағдайдағы 2 мектептің құрылысы жүргізілуде.

«Биылғы жылдан бастап мектептерде ыстық тамақ ұсыну, лагерьге жолдама беру, 1 класқа қабылдау механизмдері автоматтандырылды. Сонымен қатар, осы жылғы наурыздан  бастап республикада алғашқылардың бірі болып облыста мұғалімдерді жұмысқа қабылдау процесі электронды түрде жүргізіле бастады. Аз қамтылған отбасы балаларын қолдау мақсатында биыл бірінші рет 6800 оқушы Қызылорда қаласында қоғамдық көлікте тегін жүрумен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні жаңартылған білім беру мазмұны бойынша  20 мың мұғалімнің 80% еңбекақысына 30-50% үстемақы төленуде. Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап,  қызметкерлердің жалақасы 30%-ға көбейді. Білім саласы қызметкерлері үшін ең маңызды жаңалықтардың бірі – «Педагог мәртебесі» туралы арнайы заңның қабылданатындығы. Заң педагогтардың құқықтық және әлеуметтік қорғалуына кепілдік беретіні анық. Біздің облыстан да бұл заң жобасына тиісті ұсыныстар жолданды", - деп атап өтті облыстық білім басқармасының басшысы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов медицина саласындағы міндеттердің орындалуы туралы айтты.

«ҚР 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 193-IV «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 7-бабының 86-тармағына сәйкес, денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі негізінде ағымдағы жылы «Қызылорда облысының 2019-2026 жылдарға арналған өңірлік перспективалық жоспары» бекітілді. Денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту жоспары негізінде бюджет және жеке инвестицияларды тарту есебінен 2026 жылға дейін 107 денсаулық сақтау нысанын салу және жөндеу, оның ішінде 87 нысан салу, 19 күрделі жөндеу және 1 нысанды қайта жаңғырту жоспарлануда", - деді Ж.Абдусаметов.

Жыл соңына дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Қызылорда қаласында 400 келушіге арналған емхана, 6 дәрігерлік амбулатория және 1 фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, отырыста салалық департаменттер мен мекемелердің басшылары сөз сөйледі.

Тыңдаудың қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қуанышбек Ысқақов білім және денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАНАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
09.08.2019 10:10

Брифинг

Сыр еліндегі құрылыстың қарқынын әлеуметтік нысандардың, тұрғын үй кешендерінің, инфрақұрылымның дамуынан-ақ бағамдауға болады. Бұл саланың табысы өткен жылы да айтарлықтай көрсеткішке ие екенін айта кеткен жөн. Былтыр облыс аумағында 284 нысанның құрылысы басталып, жоспар толығымен орындалған. Бүгінде облыс аумағында жүріп жатқан 18 әлеуметтік нысанның 12-сі – өткен жылдың еншісіндегі құрылыс. Олардың ішінде мектеп, мектепке қосымша құрылыс, лагерь, аурухана, мәдениет үйі, клуб, теміржол тұйығы, спорт нысаны, жастарға қызмет көрсету орталығы, полигон құрылысы, теннис орталығы бар. Ал биылғы жылы облыс аумағында 167 нысанның құрылысын салу жоспарланған. Оның 61-і – Қызылорда қаласына, 106-сы аудандарға тиесілі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды.

- Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында басқармаға мемлекеттік бюджет және жеке инвестициялар есебінен салынатын нысандарға құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы 167 хабарлама түсті. Оның 74-і бюджет, 93-і жеке қаражат есебінен салынуда. Аталмыш нысандарда құрылыс жұмыстарының сапасына бақылау күшейтіліп, есепті мерзімде ұйымдастырылған 102 тексерудің нәтижесімен анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде 37 нұсқама беріліп, 33-інің орындалуы қамтамасыз етілсе, 4-еуі орындалу сатысында. Одан өзге құрылыс нысандарына бару арқылы профилактикалық сипатта тексерілетін 16 кәсіпкерлік субъектісі жоспарға енгізіліп, анықталған заңбұзушылықтар бойынша 7 нұсқама беріліп, 5 құрылыс нысаны пайдалануға беріліп кетуі себебімен тексерілген жоқ. Ал ІІ жартыжылдыққа тексерілетін 68 нысанның тізімі жасақталды, - деді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Мырзабеков.

Құрылыс қаншалықты жылдам дамыса, соншалықты деңгейде заңбұзушылықтың орын алатыны белгілі. Өйткені жобадан ауытқу мәселесі көп тіркеледі. Осындай олқылықтардың жыл басынан бері 57-сі анықталып, 8 млн 882956 теңге айыппұл салынған. Оның 5 млн 850 431 теңгесі нақты өндіріліп, қалған айыппұл мөлшерлерін мәжбүрлеп өндіру үшін сот актілерін орындаушы орындарына жолданған және өндіріс сатысында тұр. Сондай-ақ, заңнама талаптарын өрескел бұзған мердігер мекемелерді лицензиясынан айыру жазасын қолдану жүзеге асуда. Бұл салада айта кетерлік жағымды жаңалықтар да жоқ емес. Мәселен, «Жобалық кеңсе» бағдарламасы аясында техникалық қадағалау сарапшыларының айлық есептерін электронды форматқа көшіру мақсатында «TexStroi-Smart» жобасы алғашқы тоқсанда іске қосылған.

- Бүгінде цифрландыру процесі қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта облыс тұрғындары қай салада болса да, электронды түрде қызмет алуға қол жеткізді. Бұл жаңалық құрылыс саласына да жетті. «TexStroi-Smart» жобасы облыс көлеміндегі техникалық қадағалау сарапшыларына оңтайлы болып отыр. Біріншіден, жоба қадағалау сарапшыларына Қызылорда қаласына келмей-ақ, ай сайынғы есептерін басқармаға кез келген жерден электронды түрде жолдауына мүмкіндік жасалса, екіншіден, басқарма қызметкерлерінің кәсіпкерлік субъектілерімен тікелей қарым-қатынаста болу түріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелі жойылды, - деді ол.

Құрылыс саласына енген тағы бір жоба – «Halyq Monitoring». Мамандардың айтуынша, жоба мемлекет тапсырысы бойынша салынып жатқан құрылыс нысандары туралы барлық арнайы сайтта орналастыру арқылы оған халықтың қолжетімділігін, ашықтығын қамтамасыз ету, құрылыстың сапасына қатысты тұрғындармен кері байланыс орнату жолымен орын алған бұзушылықтарды дер кезінде жоюға жағдай жасауды көздейді. Бұл өз кезегінде бақылау шараларының тиімділігін арттыруға, құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуына жол ашады.

Аталмыш басқармамен көрсетілетін 5 түрлі мемлекеттік қызметтің 4-еуі «Е-лицензия» электронды жүйесі порталына көшіріліп, тұрғындарға 299 қызмет көрсетілген. Оның 125-і сарапшылық қызметке аттестаттауға, 174-і лицензиялауға бағытталған. Одан бөлек, облыс әкімінің қолдауымен облыстық бюджеттен бөлінген 30 млн 322 мың теңге қаржыға лаборатория автокөлігі, заманауи бақылау-өлшеу құралдары, нарықтағы аккредиттелген құрылыс компанияларымен көрсетілетін зертханалық қызметтер сатып алынып, мамандар арнайы киіммен, жеке қорғану құралдарымен жабдықталған.

Н.ҚАЗИ

 


ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
08.08.2019 12:55

 

 

 

 

 

2019 жылдың 11 тамызы – Құрбан айттың бірінші күні!


Серікбай қажы ОРАЗ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы,

Бас мүфти

 

 

 

ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

 

Құрметті қауым!

Баршаңызды қасиетті Құрбан айттың келуімен құттықтаймын. Айт қабыл болсын! Отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс пен ынтымақ, Алланың амандығын тілеймін!

Құрбан айт – исі мұсылманның ұлық мейрамы. Айт күндері ағайын-жұрт бір-біріне: «Айт қабыл болсын!» айтып, ізгі тілектерін жеткізіп, алғыстарын жаудырады. Осы ретте сіздерге ізгі ниетпен Жаратқанның жақсылығын тілеймін.

Туыс пен бауырға, көрші мен дос-жаранға айттап бару, қадірлі қонаққа айттық беріп, үлкеннің алғысы мен батасын алу – сонау заманнан жалғасып келе жатқан мұсылмандық дәстүріміз. Осы игі дәстүрді қоғамда қайта жаңғыртып, жастарға үлгі-өнеге көрсетуге шақырамын!

«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылман баласы айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін паш етеді. Өйткені, Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп адал ниеттің маңыздылығын атап өткен.

Ардақты ағайын!

Құрбан айтта орындалатын ең қайырлы амал – құрбан шалу. Айт күні жағдайы бар кісілер құрбан шалып, оны қараусыз қалған қариялар мен жетімдерге, көпбалалы отбасыларға таратып, сауап алуға тырысады. Алайда, айт күндері мал бағасы қымбаттап кететін жағдай жиі орын алады. Осы ретте отандастарымды мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндеймін. Өйткені, Құрбан айт – қанағат пен қайырымдылықтың мерекесі.

Ұлық мейрамда жасайтын барша сауапты амалдарыңыз, қайырымдылық істеріңіз қабыл болғай! Қасиетті Мекке қаласында қажылығын өтеп, еліміздің игілігі үшін дұға жасап жатқан ата-апаларымыздың, бауырларымыздың тілегі қабыл болғай!

Алла Тағала баршамызды айттан айтқа аман-есен жеткізіп, ізгі істер мен қуанышты сәттерде басқосуымызды нәсіп еткей! Әмин!

 


10%+5% = ЖАҢА ӨЗГЕРІСТЕН НЕ ҰТАМЫЗ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
08.08.2019 12:40

Соңғы жылдары зейнетақы жүйесін жиі реформалауға әлеуметтік-экономикал­ық тұрақсыздық жайттары себеп болып отыр. Мысалы, Германияд­а қаржы тәуекелдерін тәуелсіз қадағалауды және басқаруды күшейту туралы Заң қабылданып, Норвегияда жекеше зейнетақы қорларыны­ң қаржылық орнықтылығын айқындау жүйесі қатаңдатылды. Ал бізде...

...зейнетақы аударымдарының жаңа ережелері жасалды. Жаңа шешімге сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс беруші тарап қызметкерінің зейнетақы төлем жүйесі шотына 5 пайыз мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын енгізеді. Яғни, бұған дейін жұмысшының айлық табысынан алынатын 10 пайыздық жинақ сол күйінде сақталады да, оған әлгі өзгеріс қосылып, 15 пайызды құрайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, бұл жаңалық барлық жұмыс істейтін азаматтарға, оның ішінде жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдарға қолданылады. Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасы азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде жұмыс және қызмет көрсететін адамдарға, зейнеткерлік жастағы жеке тұлғаларға, әскери қызметшілер мен күштік құрылымдардың қызметкерлеріне, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушыларға, өмір бойы ай сайынғы төлеммен қамтылатын отставкадағы судьяларға қолданылмайды. Жұмыс берушілерден келіп түскен зейнетақы жарналары жеке тұлғалардың меншігі болып саналмайды және мұраға қалдырылмайды.

ҚР зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында «Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу зейнетақымен қамсыздандырудың барабарлығын сақтау үшін 2018 жылдан бастап зейнетақы жүйесінің жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышын енгізу ұсынылады. Жаңа шартты-жинақтаушы құрамдауышында зейнетақымен қамсыздандырудың жинақтау, сол сияқты тарату қағидаттары да бар. Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен қызметкер табысының мөлшерінен есептелетін 5% міндетті зейнетақы жарналарын аударатын қызметкерлер шартты-жинақтаушы құрамдауышына қатысушы болып табылады. Шартты міндеттемелерді есепке алу БЖЗҚ-да ашылған жеке шоттарда жүргізіледі. Жинақтар шартты болып табылады, мұраға қалдырылмайды және жүйеге қатысушының меншігі болып табылмайды. ...Міндетті зейнетақы жарналарының сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдіктерді төлеу тәртібін азаматтар зейнеткерлік жасқа жеткенде ғана оны алу құқығын иелену жолымен оңтайландыру ұсынылады. Бұл ретте мемлекеттік кепілдіктер бойынша айырманы төлеу сомалары жеке зейнетақы шоттарына есепке жатқызылуға тиіс» делінген.

Халықтың ұлардай шулап, мазасызданып кеткен себебін түсінген шығарсыз. Өмір бойы тірнектеп жиған зейнетақы жинағындағы қаржысы зейнет жасына жетсе, өзіне беріледі, ал жетпей қалса, ұрпағына ата-анасының еңбекпен жиған табысы бұйырмайды. Бұған дейін зейнет жасына жетпей, өмірден өткендердің қордағы жинақтаған қаржысын ресми өкілдері алатын еді. Бұдан былай иесіз қалған қаражат автоматты түрде мемлекеттің «бүйірін» толтырады. Осыған байланысты «БЖЗҚ» АҚ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хат жолдаған. Аталмыш ведомствоның вице-министрі А.Сарбасов:

- Мүгедектердің орталық мәліметтер базасындағы жеке мәліметтер туралы ақпарат және барлық мәліметтер сенімді және өзекті. Осыған байланысты аталған адамдардың (І, ІІ топтағы мүгедек адамдардың - ред.) жеке мәліметтерін қосымша растау мен тексерулерді жүргізуге қажеттілігі жоқ. «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 31-бабына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адамдардың мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, І және  ІІ топтардағы мүгедектердің міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар. Осыған байланысты мүгедек топтардың өзгеруі (І, ІІ топтан  ІІІ-топқа) және/немесе кезекті қайта қарау мерзімінің белгілеуі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері жүзеге асырылмайды, - деп мәлімдеген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде елімізде 2,2 миллион зейнеткер бар. Ал 2019 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 85697 теңге орташа зейнетақы мөлшерінің 26978 теңгесі – базалық, 58719 теңгесі – ортақ зейнетақы. Ал «БЖЗҚ» АҚ мәліметі бойынша елімізде салымшылардың жеке  зейнетақы шоттарының саны 10 485 377-ге жеткен. Оның  9 938 745-і міндетті, 495 059-ы міндетті кәсіптік және 51 573-і ерікті зейнетақы жарналарына тиесілі.

Көз  жүгіртпеске  болмайтын мәлімет те «көлбеңдеп» алдымызға шыға келді. Ағымдағы жылдың шілдесіндегі ақпарат негізінде ҚР  Ұлттық  Банкінің  сенімгерлік басқаруындағы  БЖЗҚ  зейнетақы активтері 9,99 трлн теңгені құрап отыр. Салымшылар мен алушылардың зейнетақы активтерінің табыстылығы өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен салыстырғанда 9,4 пайызға жетті. Дәл осы кезеңде инфляция деңгейі 5,4 пайызды көрсеткен еді. Жыл басынан бері есептелген инвестициялық табыстың жалпы сомасы 285,2 млрд теңгеден асып тұр.

Жаңа жарияланған жаңалыққа сәйкес, жұрттың пікірі алуан түрлі, ойы сан-саққа «жүгіруде». Сол себепті «БЖЗҚ» АҚ да үнсіз қалған жоқ.

- «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  ҚР 2015 жылдың 2 тамызында қабылданған №342-V Заңына сәйкес зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру мақсатында Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені ескере отырып, зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртуға бағытталған қосымша шартты-жинақтаушы құрамдауышты енгізу көзделіп отыр. ...Зейнетақы жасына жеткен азаматтар, сондай-ақ, жиынтығында кемінде 60 күнтізбелік ай жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары аударылған  I және II топ мүгедектігі барлар (мүгедектігі мерзімсіз белгіленген жағдайда) жаңа құрамдауыштан зейнетақы төлеу құқығына ие болады. Бұл ретте шартты-жинақтаушы құрамдауыштан төленетін зейнетақы төлемінің ең жоғары мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. Шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі шеңберінде зейнетақы жарналары жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүргізілетіндіктен, оларға қызметкерлердің меншік құқығы және мұрагерлік құқығы қолданылмайды, - деп жаңа өзгерістер туралы жиі келіп түсетін сұрақтарға жауап берді.

Әлемдік тәжірибеде әлеуетті құрылымдардың қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру негізінен ортақ негізде жүзеге асырылады. Таратушы және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің өз кемшіліктері мен артықшылықтары бар екенін әлемдік тәжірибе де айқындап отыр. Ағымдағы қаржыландыруға негізделген таратушы зейнетақы жүйесінің артықшылығы зейнетақы мөлшерінің қаржы нарықтары жұмыс істеуінің және зейнетақы қорлары қызметінің нәтижелерінің тәуелсіздігіне мүдделі. Мұндай тәсілмен қаржыландырылатын зейнетақылар жалақысы жоғары емес адамдар үшін неғұрлым сенімді қорғауды қажет етеді. Әдетте нарықтық бағалау жүйесінде зейнетақы активтерінің портфеліндегі қаржы құралының бірі табысқа бастаса, екіншісі шығын әкелетіні анықталған. Бұл – жалпыәлемдік құбылыс. Біздің елдегі зейнетақыны бірыңғай жинақтаушы қор құрылғаннан бері инвестициялық табыс оң сипатқа ие. Айта кетерлігі, ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттердің дені ең төменгі кепілдіктерді қамтамасыз ете отырып, көпдеңгейлі зейнетақы жүйелерін енгізуді, зейнеткерлік жасты 65-67 жасқа дейін көтеруді, белсенді еңбек ету мерзімін ұзарту әрі зейнетке мерзімінен бұрын шығу шарттарын қатаңдату секілді өзгерістерді көздеп отыр. Алайда оған халықтың әлеуметтік потенциалы мен экономикалық белсенділігі жарай ма? Қалай болғанда да өзгеріс «өгізді де  өлтірмеуі, арбаны да сындырмауы» керек.

 

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


«БАЛАМЕКЕНГЕ» БАРҒАНДА... PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
08.08.2019 12:30

Абай өзінің «Сегіз аяғында» «Қайнайды қаның, ашиды жаның» дейтіні бар. Шамасы, бас ақынның бұлайша таусылуына  түрткі болған тірлік көп болса керек. Бір ғасырды артқа тастап, жаңа заманға қадам бассақ та, болмысымыз сол баяғы. Өзгеріс жоқ. Жағымпаздық. Құр мақтан. Бәлкім, өзгермейтін де шығармыз...

Біршама жыл бұрын қазақылықтың қаймағы бұзыл­маған Қызылорда облысындағы жетімдер үйі жабылып, бөркімізді аспанға аттық. Оның орнына «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылы ашылды. Ата-анасының  қарауынсыз  қалған  жеткіншектер сонда орна­ласты. Әкімшілік ғимараттан бөлек, сегіз үй салынған. Ондағ­ы балалар ел қатарлы сабаққа барады. Арнайы авто­бус бөлінген. Қысқасы, мұндағы аура да, берілетін тәрбие де  бөлек.

Қазір атқарған жұмысты ақпараттандыру деген дүние бар. Нақтырақ айтқанда, қолға алынған шаруаны ел назарына ұсынып, бұқарамен  бөлісу  ғой. Бұған әрине, қарсылық  жоқ.  Бірақ, «ар­тық қыламыз деп, тыртық қылып» алмасақ игі. Бұлай деуімізге де себеп бар. Аталған балалар ауылы ашылған жылы жергілікті билік қит етсе  сонда жиналатын болды. Онда өткен іс-шараларды  дүркін-дүркін жариялап, қайырымдылық акциясын жарнамалай жөнелетін. Тіпті, сырттан сыйлы мейман келсе, сонда сүйрейтінді шығарды. Онсызда көңілі күпті көгенкөздерді неліктен көпке көрсете беретінін сол күйі түсінбей-ақ кеттік. Айтпақшы, отандық әншілер де мұнда оқта-текте соғып тұрады­ екен. Айтарымыз, «оң қолың бергенді, сол қолың көрмесін» дейтін Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадисін  ұмытпайық.

Көптен бері көпбалалы аналардың жай-күйі мезгіл мәселесіне айналды. Бұл тақыры­п таразыға тартылып, талқыланды. Жоғары жақтан жәрдем жасалатындығы ай­тыл­ды. Бірлі-жарым шаруа­лар іс жүзінде жүзеге асты. Ал Қызылорда облысында бел­гілі кәсіпкер Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қоры арқылы «Баламекен» бағ­дарламасы  аясында  тұрмысы  төмен 150 отбасыға баспана  кілті  табысталды. Қадір түнінің  қарсаңында  рекордтық  мерзімде  салынған үйдің алғашқы легі өз иеле­рін  тапты. Мұндай қолдауға ие  болған  көпбалалы аналардың қуанышында шек жоқ.  Дұрыс.

Ең қызығы, ылдым-жылдым салынған сол үйлерді құрт-құмырсқа қаптап, баспанаға әзер дегенде қолы жеткен­ көпбалалы аналар біраз абдырап қалған-ды. Мұны  мердігер мекеме лезде­ қалыпқа  келтіруге  уәде  берді.

Бәрін айт та, бірін айт, баспана берілді. Көп ұзамай мәртебелі мәжіліс депутаттарын «Баламекенге» апарып, ондағы көпбалалы отбасылардың бүгінгі тұрмысымен таныстырып қайтқаны бар.

Әйтсе де, айына миллион теңгеге жуық жалақы алатын сыйлы меймандар 21 мың теңгемен күн көріп жүрген жандардың жанында қандай сезімде болды екен? Осы сауал­  ойландырады...

Асан   ДӘУЛЕТ

 


ҚҰРБАН АЙТ – АЛЛАНЫҢ МЕЙІРІМІНЕ БӨЛЕНЕТІН КҮН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
08.08.2019 12:20

Серікбай  қажы  ОРАЗ,

Қазақстан  мұсылмандары  діни басқармасының

төрағасы,  Бас  мүфти

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың­  атымен  бастаймын!

Исі мұсылман баласының ең ұлық мерекесі – құрбан айтқа айдан аман, жылдан есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын.­

Құрбандық – үлкен тарих, ұлық ғибадат­. Ол сонау Ибраһим (ғ.с.) пай­ғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы саналған Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Мұхаммед үмбетіне де құрбандық мұра болып жетті. Себебі, Адам (ғ.с.) атадан бастап, Алла елшісі Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дейін барлық пайғамбарлар діні ханиф, яғни бір Аллаға құлшылық ететін діні болды.

Зүлхиджә айының 9-ы – Арапа. Бұл күнді қажылар арапа жазығында күн батқанша құлшылық етумен және дұға-тілек жасаумен өткізеді. Ал, қажылыққа бармаған мұсылмандарға арапа күні ораза тұту – сүннет. Қасиетті хадис-шарифте: «Арапа күнінің оразасы өткен және келер жылдардың күнәларына кәфәрат (кешірім) болады», - делінген.

Бұл хадистен арапа оразасы өткен жыл жасалған қате-кем­шіліктердің кешірілуіне себепші болатынын айқын аңға­рамыз. Сонымен қа­тар, ауыз бекіткен пенде мен оның келер жылғы қате-кемшіліктері арасында тосқауыл болады дегенді білдіреді.

Алла Елшісі: «Бұл күні біз ең әуелі намаз оқудан бастаймыз. Сосын (үйге) қайтып, құрбандық шаламыз. Кімде-кім осылай етсе, біздің сүннеті­мізге сай амал еткені. Ал, кімде-кім (намаздан) алдын құрбандық шалса, ол бала-шағасына  арнап  сойған мал еті болып, құл­шылыққа (құрбандыққа) жатпайды», - деген.

Демек, құрбан айтты, яғни мереке күнін ең әуелі айт нама­зын оқумен бастаймыз. Пай­ғамбар Мәдинаға келгенде қала тұрғындарының ойын-сауық құратын екі күні болатын. Алла Елшісі: «Бұл қандай күндер?» - деп сұрағанда, мәдиналықтар: «Біз жаһилиет (надандық) дәуірінде бұл күндері ойын-сауық құратынбыз», - деп жауап береді. Бұған пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расын­да Алла осы екі күнді, бұлардан да қайыр­лы (жақсы) құрбан  және ораза (айт) күн­дері­мен  ауыс­тырды», - деген.

Құрбан айт күні толық жуы­нып (ғұсыл алып), ең жақсы иіссуды себініп, айт намазына бару – сүннет амал. Бұл амал күллі мұсылманды айт күндері жан мен тән тазалығының үйлесімді болуына үндейді. Өйткені, бұл – мереке. Мейрамның нышаны сезіліп тұруы тиіс.

Мұсылман баласы өзі ниет еткен құрбандықты өз қолымен бауыздағаны абзал. Өйткені, бұл – құлшылық амал. Сондықтан құрбандық ғибадатын кісі өзі орындағаны жақсы.

Жабир (оған Алла разы болсын) мынадай риуаят жеткізген: «Мен құрбан айт күні пайғамбармен бірге болдым. Ол кісі  құрбан айт құтпасын айтып болған соң мінберден түсті. Оның алдына бір қошқар­ әкелінді. Пайғамбар малды өз қолымен бауыздап: «Бисмиллаһи, Аллаһу Акбар! Бұл менің және менің үмбетімнен құр­бандық шала алмағандардың атынан», - деп құрбан шалды».

Мал бауыздай алмаған жағдайда қасапшының жанында тұрып, өз көзімен көргені дұрыс. Себебі, пайғамбарымыз қызы Фатимаға: «Құрбанды­ғыңа куә бол. Өйткені, құрбандықтың ең алғаш тамған қанымен барлық қате-кемшілік кешір­іледі», - деген  екен.

Құрбандыққа түйе, сиыр және қой (ешкі де) шалынады. Бұдан басқа мал түрлері құр­бандыққа жарайтындығы жайлы­ пайғамбарымыздан және сахабалардан жеткен хабар­ жоқ. Алла Елшісі: «Төрт нәрсе құрбандыққа жарамайды: соқырлығы анық мәлім соқыр мал, ауру екені анық көрініп тұрған мал, ақсақ-тоқсақ мал және жілік майы тым аз арық мал», - деген екен.

Айт күндері мұсылман баласы жұртпен бірге құрбандық шалып, сауап алуға ниет етеді. Қазан асып, мерекелік дастарқан жайып, айттық бергісі келеді­. Алайда мал базарда құрбандыққа шалынатын мал бағасы қымбаттап кететін жағ­дай­  жиі кездеседі.

Осы ретте қасиетті құрбан айт мерекесі қарсаңында отандастарымды игі амалдар мен сауапты шараларға атсалысуға шақыра отырып, құтты мейрамның құтын қашырмай, мал бағасын шарықтатып, пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндей­мін.

Құрбандық – мал сою нау­қандық шарасы емес. Бұл – халық­тың ынтымағын нығайтып, елдің ауызбіршілігін күшейте түсетін айтулы мейрам. Бұл – Алла  тағаланың біз­ге  тарту еткен мерекесі.

Мұсылман баласының құлшылық амалдары жама­ғатпен және ауызбіршілікпен атқарылады. Құрбан айт соның үлкен айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның бірлігі мен берекес­ін тағы да паш ете түседі. Біз «әһли сүнна уал жамағат»­, яғни пайғамбарымыздың және сахабал­ардың (көпшіліктің) жолын ұстанушы үмбетпіз. Қажылық, құр­бандық,  жамағатпен  оқылатын намаздар, т.б. игі амалдар мұсылмандарды бірлікке тәр­биелейді.

Хазіреті Омар (оған Алла разы болсын) хұтпа оқып тұрып, сөзінің арасында пай­ғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«...Жамағатпен  болыңдар! Бөлінуден  сақтаныңдар...», - деген­ сөзін мінберде айт­қан.

Құрбан айт – ағайын арасын жақындата түсетін, көршілерді аралап, науқас адамдардың көңілін сұрап, кешірімшіл, кеңпейіл болуға шақыратын, бірлік пен берекеге бастайтын мүбәрак мереке. Айт – отбасылық мереке. Мейрам күні ата-анамызға, балаларға сыйлық үлестіріп, ағайын-көрші, туыс, бауырларды қонаққа шақырып, айрықша көңіл бөлу де – сауапт­ы іс.

Құрбан айт – мұсылман қауымын имандылыққа ұйытып, барша  адамды  қанағат  пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Айт күні адамдар құр­бан шалумен ғана емес, сауап­ты, ізгі, қайырлы амалдарымен Раббысының разылығына, рақы­мына жақындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі «құр­бан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды біл­діреді.

Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан  Аллаға  жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), - деп баяндалған.

Құрметті бауырлар! Келе жатқан құрбан айт мүбәрак болсын!

Алла тағала халқымызды айттан  айтқа құлшылық-ғибадатпен, молшылық-берекетте жете беруге жазсын! Еліміздің егемендігі баянды болғай! Әмин!

 


Күнтізбе

< Тамыз 2019 >
      1 2 3 4
5 6 7 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары