Өзекті мәселелер

  • 21.11.19

     

    Ерлан  ЕСТЕК,

    қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері:

    Толығырақ...

  • 21.11.19

    «Заманның  қожасы  да,  тұтқасы  да – жастар!». 1921 жылы «Жас Алаш» газетінің алғашқы нөмірі осы ұранмен жарыққа шықты. Тарих бетінде «Жас Алаш» көтерген үндеу алтын әріппен жазылды. Ел жастарының жанында жатталып қалды. Осы басылымда Ғани Мұратбаев тұңғыш редакт­орлық қызмет атқарған еді. Жалпы, Ғани туралы айтылатын, жазыла­тын дүние көп. Тым қысқа ғұмырында тындырымды тірлік жасап­  кеткені...

    Толығырақ...
  • 21.11.19

    «Шыдамның да шегі бар». «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК мен «Су жүйесі» МКК басшылығы осылай дейді. Сұрауы бар су мен қытымыр қыста жан сақтайтын жылудың ақысына келгенде тұрғындар таршылық танытатын­ көрінеді. Олар ай сайын емес, жыл сайын қордаланға­н қарыздарын жеке тұрғындар мен меке­мелерге ескертуден шаршаған. Жылдың басында жылуға­ қарыз көлемі 200 миллион теңгеге жеткен. Ал...

    Толығырақ...
  • 21.11.19

    Аграрлық өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар бүгінде өз жемісін беруде. Кеше ғана ауыл шаруашылығы саласында көштің басында тұрған Жалағаш ауданымен қалай мақтансақ та жарасады. Аллаға шүкір, ауыл еңбеккерлері Жер-Ананың берген ырзық-несібесін ысырап қылмай, Сырдың басты дақылынан тау тұрғызуда белсенділік танытуда.

    ...
    Толығырақ...
  • 21.11.19

    Қазақстандық медицина  саласын  жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жобалардың  бірі – «Денсаулық» бағдарламасы. Үш жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бұл бағдарламаның да мәреге жетуіне аз қалды. Қызылорда облысында аталмыш бағдарлама аясында ауқымды жұмыстар атқарылды.

    ...
    Толығырақ...
Бейсенбі, 15 Тамыз 2019

ҚАЛАМЫНА ҚАНАТ БІТКЕН... PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.08.2019 17:00

Ұзаса да ай-жылдар... көш-көліктер,

Ұзамайтын жандарды ескеріп көр!

Мәңгіліктің өзімен тілдестірер,

Ол туралы жазылған естеліктер!

Өткен ғасырдың аяғында қазақ журналистикасының дамуына елеулі үлес қосып, ел құрметіне бөленген сөз зергерлерінің бірі Шәкизада Құттаяқовтың есімі қазақ жұртының аға және орта буын өкілдерінің әлі де есінде.

Баспасөз айдынындағы алғашқы қадамын Қармақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінде бастаған ол жылдар бедерінде аталмыш басылымда бірге еңбек еткен шығармашыл аға әріптестерінен алған тәжірибесімен шыңдалып, шырқай өсіп, ұлттық баспасөз тарихында да ойып орын алды. Еліміздің бас жоғарығы оқу орны атанған қара шаңырақ әл Фараби атындағы Ұлттық университетті тамамдаған соң «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» және басқа да басылымдарда тілшілік қызметті атқарып жүріп, елімізде журналистка саласының дамуына айтарлықтай үлес қосты.

ҚР Президенті мен  Жоғарғы Соттың баспасөз қызметтерінде істеген жылдарда да қарымды қаламгер ел мүддесі үшін көптеген игі істерімен ерекшеленді.

Тумасынан үшкір қаламды өміріне серік еткен Шәкизада Ізтілеуұлы қазақ журналистикасының сан-салалы жанрларына тартқан қаламының негізгі бағыты – еңбек адамы мен қоғамның тыныс-тіршілігі болды.

Алайда «өмір - өзен» дегендей, қазақ журналистикасының жанкештісі атанған жерлесіміз Шәкизада Құттаяқов 1999 жылы ер жасы елуінде өмірден озды.

Міне, әріптестері арасында ақмылтық журналист атанған ақын, публицист Шәкизада Құттаяқовтың туғанына биыл70 жыл, ал бақилық болғанына 20 жыл толды.

Осы ретте, өткен бейсенбі күні қармақшылықтар аудан әкімдігінің қолдауымен атпал азаматтың рухын ұлықтау мақсатында аудандық Шәмшат Төлепова атындағы мәдениет үйінде «Қаламына қанат біткен...» атты әдеби-сазды кешті тамашалады.

Ақын, журналист Шәкизада Құттаяқовтың өмірі жайлы көрініспен ашылған шарада аудан әкімі Сұлтан Мақашов мерейтой иесінің өнегелі өмірі және еңбек жолына жасаған шолуынан кейін сахна төрінде студенттік кезден бастап бар саналы өмірін бірге өткізген достары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері Сауытбек Әбдірахманов, Қазақстан журналистикасында өзіндік орны бар, сала майталмандары Заманбек Әбдешов, Ақайдар Ысымұлы, Сәулебек Жәмкенұлы және Тілеуқабыл Мынжасар мен туысы Зал Шәймерденұлы тумысы бөлек нар тұлғаның өнегелі өмірінен естеліктер айтып, осындай тағылымды шараны ұйымдастырушыларға ағалық алғыстарын айтып, ыстық ықыластарын жеткізді.

Сөз кезегінде облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ақын  Шәкизада Әбдікәрімов шараның өткізілу мақсатына тоқталып, ұстазы Шәкизада Құттаяқов жайлы естелік айтты.

Шара одан әрі  Шәкизада Құттаяқовтың өмірдегі жақын достары Сауытбек Әбдірахманов, Заманбек Әбдешов, Ақайдар Ысымұлы, Сәулебек Жәмкенұлы және Тілеуқабыл Мынжасарлардың қатысуымен көзі тірісінде жарық көрген шығармалары мен әлі жарияланбаған  «Ұятты кісілер» пьесасы және достарының естеліктері мен очерк, мақалалар, сараптамалық зерттеулері топтастырылған «Сәлиманың көктемі» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Шара барысында Сыр еліне танымал Амандық Бүрлібаев, Ақнұр Көшене, Айкерім Ешбаева сынды жыршылар Сыр шайырларының шығармаларынан шашу шашты.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,

Қармақшы ауданы

 


ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӨНЕР КҮНДЕРІ ӨТУДЕ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.08.2019 16:50

Өзбекстан Республикасындағы Қызылорда облысының күндері аясында Ташкент қаласындағы Өзбек Ұлттық академиялық драма театрында Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектаклі өнер сүйер қауымның назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, «Орта Азия мен Қазақстанның білімі мен мәдениетін дамытудағы Темірбек Жүргеновтың жасампаздық жолы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Сондай-ақ, Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында Қызылорда облысы қылқалам шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Сыр елінің қылқалам шеберлерінің туған жер табиғаты мен салт-дәртүрі, қазақ елінің құндылықтары мен ұлы тұлғалары тақырыбында салынған суреттері қойылды.

Өлкеміздің өркениеті мен тарихын насихаттайтын туындылар көрмесіне қатысушылар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақ елінің құндылықтары мен тағылымды тарихының келешек ұрпаққа үлгі болатынын айтып, ұйымдастырушыларға өз ризашылықтары мен таңданыстарын білдірді.

Аталмыш шара аясында Өзбекстан Республикасы, Новои қаласында «Сырдария – достық арнасы» атты Қызылорда облысының өнер шеберлерінің концерті өтті.

Мемлекетаралық достықты нығайту, қазақ жұртының мәдени мұрасын, ұлттық өнерін насихаттау мақсатында өткізілген концертке Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі қатысып, халықаралық, республикалық конкурстардың жеңімпаздары, Сыр елі жыраулық өнерінің өкілдері мен «Томирис» би ансамблі өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама барысында Қорқыт, Түркеш, Құрманғазы, Әлшекей сынды дала композиторлары мен кәсіби композиторларымыздың туындылары, әлемдік классикалық шығармалар мен қазақ және өзбек халықтарының би қойылымдары тарту етілді.

Жиналған қауым қазақ өнерінің ұлы қасиетіне тәнті болып, ұйымдастырушыларға зор алғыстарын білдіріп, концерттен керемет әсер алғандарын жеткізді.

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БІРІНШІ КӨШПЕЛІ СЕМИНАРЫ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.08.2019 15:10

Республикалық есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованың Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында есеп комитеті мен өңірлердің тексеру комиссиялары қызметкерлерінің қатысуымен "Тексеру комиссияларының қызметін жетілдірудің негізгі мәселелері" атты бірінші көшпелі семинар өтті.

Семинарды ашқан облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Қызылорда облысында өткізілген іс-шара үшін Наталья Годуноваға алғыс білдірді.

"Өздеріңізге белгілі, Қызылорда облысы аграрлық аймақ болып табылады. Бүгінгі таңда біз өңірді аграрлық аймақтан индустриялық-аграрлық аймаққа айналдыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ағымдағы жылдың мамыр айында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген "2019-2020 жылдарға арналған Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары" қабылданды. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемі 2 трлн 62 млрд теңгеге дейін ұлғайтылатын болады. Сонымен бірге, алдымызда Мемлекет басшысының айқындап берген ел қажетіне бағытталған, ел мүддесіне қызмет ететін 10 тармақтан тұратын межелі міндет бар", - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы, облыс әкімдігі бюджет қаражатын мақсатты және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстарды жүргізетінін айтып, семинар ұйымдастырушылары мен қатысушыларының жұмысына сәттілік тіледі.

Республикалық есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова комитет пен тексеру комиссияларының жұмысындағы заңды күшіне енген және алдағы өзгерістер туралы айтып берді.

"Егер бұрын біз тек бюджет игерілуін тексеретін болсақ, қазір Есеп комитетінің қарауына мемлекеттік бағдарламалардың аудиті, жекелеген салалар аудиті, мемлекеттік мүлік пен активтерді пайдалану аудиті сияқты өкілеттіктер берілді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау мен пайдаланушыларды жауапкершілікке тартуды күшейтуді тапсырды", - деді Наталья Годунова.

Сондай-ақ, Республикалық есеп комитетінің төрайымы Қызылорда облысының тексеру комиссиясы еліміздегі ең мықтылардың бірі екенін айтып, өткен 2 жыл ішіндегі өңірдің даму нәтижелерін таңқаларлық деп бағалады.

Семинар барысында есеп комитетінің қызметкерлері стратегиялық мақсаттар мен негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу құралы ретіндегі тиімділік аудиті, мемлекеттік аудитті құқықтық сүйемелдеу6 сапаны бақылауды жүргізу тәртібін жетілдіру туралы айтып берді. Сондай-ақ іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу тәжірибесімен және тиімділік аудитінің әдіснамалық құжаттарын қолданумен таныстырып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

14-15 тамызда республикалық есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова бастаған делегация Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болып, аймақтың тексеру комиссиясының ұжымымен кездесіп, тексеру комиссияларының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша кіші комитеттің отырысын және республикалық көшпелі семинар өткізді, сондай-ақ Шиелі кентіндегі орталық аудандық аурухананың жұмысымен және Сырдарияның сол жақ жағалауындағы құрылыс барысымен танысты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ТАЛ ТҮСТЕ КӨШЕДЕ ҚАРУ ҰСТАП ЖҮРІПТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.08.2019 15:05

12 тамызда полицияға облыс орталығы Журба көшесінің бойында белгісіз азаматтың қару алып жүргендігі жөнінде хабарлама түседі.

Хабарламаға сәйкес жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қала тұрғыны, 38 жастағы азамат ұсталып, тексеру барысында шолақ мылтық алынды.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 287-бабының 3-бөлігімен (Қаруды заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, ұсталған күдікті уақытша ұстау қамаққа алынды.

Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, сот шешімімен оған бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жаза тағайындалуы мүмкін.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

 


Көші-қон заңнамасын бұзғандар жауапқа тартылды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.08.2019 15:04

Көші-қон заңнамасын бұзғандар жауапқа тартылды

Шиелі аудандық прокуратурасымен шетел азаматтарының заң талаптарын орындауы қатаң бақылауға алынған.

Жыл басынан 700 еңбек мигранты тіркеліп, аталған тұлғаларды медициналық тексеруден өткізу барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталған.

Тек бір мысал, талдаумен анықталған аурухана қызметкерлерімен заңсыз медициналық анықтамалар әзірлеу дерегі бойынша жинақталған құжаттар аудандық прокуратурамен қылмыс ретінде тіркеліп, тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізу үшін аудандық полиция бөліміне жолданған.

Сонымен қатар ағымдағы жылдың екінші жарты жылдығында шетел азаматтарымен Қазақстан Республикасының заң талаптарының сақталуына жүргізілген талдау нәтижесінде 7 Өзбекстан азаматы әкімшілік жауапқа тартылған.

Жалпы, аудан аумағында шетел азаматтарына қатысты жұмыстар жүргізілуде және үнемі аудандық прокуратураның бақылауында.

Шиелі аудандық прокуратурасы

 


ЖАЛҒА БЕРІЛГЕН ПӘТЕРЛЕР КЕРІ ҚАЙТАРЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.08.2019 15:02

Сырдария аудандық прокуратурасымен коммуналдық меншіктегі объектілерді (тұрғын үйлер) тексеру нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Жалға берілген нысандар бойынша тиісті төлемдер бюджетке уақытылы және толық түспеген.

Тереңөзек кенті бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорындағы 48 тұрғын үй азаматтарға тұрғын үйді жалдау шарты негізінде жалға берілген.

Бүгінгі күнге 36 азаматқа жалға берілген тұрғын үйлерді пайдаланудан барлығы 2 990 625 теңге қарыздың қалыптасқаны анықталды.

Жалға беруші «Тереңөзек кенті әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі мен жалға алушылар арасында жалдау шарттары бар. Оған сәйкес төлем мерзімдері сақталмаған жағдайда мерзімі өткен әрбір күнге төлем сомасының 0,1%-ы мөлшерінде өсімпұл есептелетіні айқындалған.

Сонымен қатар шарттың 7-тармағының талаптарына сәйкес, бір айдан артық ақы төленбеген жағдайда жалға беруші соттың шығындарының орнын толтыра отырып жалға алушыдан төлемді мәжбүрлеп өндіріп алу туралы сотқа жүгінуге құқылы.

Дегенмен жоғарыда аталған 49 жалға алушының 5-еуі мемлекеттік мүлікті пайдаланғаны үшін шарт құрылған күннен бері төлемеген.

Осы кезекте Сырдария аудандық прокуратурасымен Тереңөзек кенті әкімдігіне ұсыну жолдау нәтижесінде, бүгінгі күнге, 3 пәтер пайдаланушыдан 315,0 мың теңге көлемінде қарыз кент әкімі аппаратының есепшотына аударылса, 16 пәтер пайдаланушыға қатысты құжат жеке нотариус арқылы сотқа жолданды.

Сонымен қатар мүлдем төлемақы жүргізбеген және пәтерлерін басқа, яғни үшінші тұлғаға уақытша пайдалануға берген азматтардан пәтерлерді кері қайтару жөнінде аудандық тұрғын үй комиссиясының қарауына ұсынылып, нәтижесінде аталмыш комиссия тарапынан 5 пәтерді кері қайтару жөнінде шешім қабылданды.

 


ТҮЗЕУ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ӨТКІЗІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
15.08.2019 15:00

Бүгінгі күні Қызылорда облысында қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемесінде 863 тұлға ұсталуда (қауіпсіздігі жоғары, қауіпсіздігі аралас, қауіпсіздігі барынша төмен).

Жаза өтеушілердің құқықтарының қорғалуымен құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыс прокуроры Нұрлан Бижанов төрағалығымен түзеу мекемелерінде 14 тамызда ашық есік күні өткізілді.

Оған облыс әкімінің орынбасары М.Делмұханов, Ұлттың алдын алу тетігінің облыстағы жетекшісі С.Теңізбаев, «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы А.Әлназарова, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Өткізілген шара барысында барлығы 100-ден астам сотталған адамдар жекелеген сұрақтары бойынша қабылдауда болып, қойған сауалдарына  жауаптар берілді.

Бүгінгі күні түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың 82%-і жұмыспен қамтылып, құқықбұзушылық 92-ден 43-ке, өз-өзіне дене жарақаттарын салу 8-ден 4-ке, яғни екі есеге төмендеген.

Сонымен қатар ЗК-169/1, ЗК-169/5 мемлекеттік мекемелеріне 4G форматындағы радиосигналдарды басатын заманауи құрылғылар орнатылып, құқықбұзушылықтардың алдын алуға септігін тигізіп, ұялы телефон құралдарын мекемелерге заңсыз кіргізу деректері тоқтатылған.

Қызылорда облысының прокуратурасы

 


СЕНАТ: СЕНІМ мен САПА PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
15.08.2019 14:50

Қазақстанда көктемде болған «ноу-хау» жаңалыққа әлемнің кейбір елдері сенбепті. Тіпті ақпарат агенттіктері жаңалықты жария­лауға жүрексінген. «Отыз жыл ел билігі­нде отырған президент өкілеттігін тоқтатты» деген ақпаратқа өздері сенбей, көздері нақты жетпей тұрып, оқырманға ұсыну, ұсынбау туралы шешім қабылдау қиынға түсіпті-міс. Шындық. Табанға кір­ген шөңгені аларлықтай уақыт ішінде билік басында аумалы-төкпелі ауыс-түйіс болады деген ой ешкімнің басына келе қоймаған еді. Бұл оқиға елдегі соңғы әлеуметтік ахуал,­ азаматтық пікірлер, ішінара қауесеттерге нүкте қойған еді. Ел тағдырын ресми түрде қабылдап алған Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев туралы әңгіме де желдей есті.

Әлдекімдер өзінің орнына жайғасқан спикер Назарбаеваны жолдан «ығыстырып» тастайтынын айтса, енді бірі оқиғаның керісін­ше өрбитін нұсқаларын айтып, елді шатастырды. Қаңқу сөздің қармағын қаппаған халық апта басында тосын жаңалық естіді. Жаңа құрам, жаңа команда... Президент жарлығымен Сенат Төрағасы Дариға Нұрсұлтанқызы мен Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед өз қызметтеріне қайта тағайындалды.

Құрамында 47 «қалқаны» бар Сенаттың 15-і Президент жарлығымен «жасақталады». Бұл жолы сол он бестің қатары 6-ға азайтылып, қайтадан теңестірілді. Ішінде сыртта жүрген қызылордалық екі журналист бар. Сенат депутат­тары Бірғаным Әйтімова мен Асқар­ Бейсенбаевтың өкілеттіктерінің тоқтауы олардың орнын­а  жаңа депутаттардың жайғасатынын хабар­лаған әрекет еді. Президенттің жарлығының орын­далуы да көп кешікк­ен жоқ. Ақорданың баспасөз қызмет­і «Айқын­» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп пен Асқар Шәкіровтің Парламенттің жоғары палатасына бар­ғанын хабарлады. Дәл сондай жарлықпен «Qazaqstan» ұлттық арнасының журналисі Дана Нұржігіт, еліміздің бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин,­ Қазақстан орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен, ҚР  энергетика және минералд­ық ресурстар министрлігінің жауапты хатшыс­ы  қызметін көктемге дейін атқарған Қанатбек­ Сафинов та Сенат депутаттығы мандатына ие болды. Бұл, бір жағынан, оларға сенім арта отырып, сапаға баса назар аудару секілді көрінеді.

Шыны керек, мандатына «малынып», шатпағына «шалынып» құлағандар бұл ортада болмады емес деп айта алмаймыз. Артылған жүк, жүктелген міндет, міндеттелген тапсырма, тапсырылған жұмыс, жұмыс­тың­ жүйелілігі – абыройына нұқсан келтіруді қала­май­тын  адамның  бұлжытпастан  орындайтын  парызы.­ Еліміздің заң шығару билігiн жүзеге асыратын ең жоғары өкiлдi органның жоғары палатасына жаңадан барғандар да осыны ескереді деген үміт бар. Бірін лайықт­ы, бірін лайықсыз санап отырған халық көзқарасы тағы бар. Өйткені олар көзден таса тастың арасында емес, халықтың ортасы мен алдында жұмыс істейді. Президент сайланғаннан кейін елдегі бір­қатар сала мен министрлік басшыларының да «қол бұл­ғайтыны» дәстүрлі үрдіске айналған. Бұл жолғы «науқан­» да осы «қағидаға» жақын. Тоқаев өз тұғыр­намасын орындайтын команда жасақтады. Оған да көңілі толмай, шаңсорғышпен шаң сорғандай етіп тазала­уды қалайтын сенімсіздер әлі де бар. Мұндай жағдай тек Қазақстанда ғана емес, өзге де елдерде болып­ жатыр. Мәселен, алпауыт Американың президенті сайланғанда «АҚШ-ты ақша билейді» деп ұшындық­, Украинаға әзілкеш Зеленский мемлекет басшысы болып сайланғанда «Владимир елді театрға айналдырады» деп «мысқылдадық». Ал қазақ еліндегі өзгеріске қатысты халықтың пікірі мен көзқарасы тұрақтана қойған жоқ. Пәрменділік процесінің билік пен қоғам арасындағы орнықпаған жайттың түйінін тарқататын кезі. Ол үшін кеше ғана емес, депутаттық төрінде бұрыннан отырғандар да бар беделін салса, игі. Ал сенатор атанған қос журналист БАҚ мәселесін көтеруде белсенділік танытады деген ой жетелейді. Ал  жаңа алтылық алты жыл бойы елмен етене байланыс  орнатуы  тиіс.

 

Н.ЕРСЕЙТПЕНБЕТ

 


ҚУЫРШАҚ ҒАЛЫМДАР ОЙЫНШЫҚ ҒЫЛЫМНЫҢ ІРГЕТАСЫН ҚАЛАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
15.08.2019 14:10

Кез келген қазақты «Бізде ғылым қайтсе дамиды?» деген­ сұрақ  мазалайтын  болса, бұл  саладағы  тасымыз әлде­қашан өрге домалар ма еді?! Жо-жоқ, бұл «қазір тым төменге құлдилап­  кетті» деген сөз емес. Жол үстінде келе жатып­, ой құшағына оранып, ғылым жолы туралы тебіренгенім кеше ғана. (Бұған дейін басыма бірде-бір рет кіріп-шықпаған­ы үшін кімнен ұялатынымды білмедім!?) Жалпы, қазақ ғылымындағы түйткілді тақырыптарды тізбектеп жазуды жөн санағанмын.

Таңдайыма келген тәтті өлеңдей ми қыртысымды мың айналған «Қуыршақ ғалымдар ойыншық ғылымның іргетасын қалайды» деген сөйлем менің қозғағым келген тақырып  аясын тарылтып жібергендей көрінді. Семіз сөйлеп, арық шықпау керек. Десе де, қалтасы қалың немесе атақты адамдардың «ғалым» деген дардай атқа ие болып жат­қанын естіп жүрміз. Ел ішінде де сан түрлі пікір бар. Арзандап кетті деп аттандауымыз содан шығар. «Сіз не дейсіз?» деген  айдар­  арқыл­ы қос ғалымның  пікірін білгеніміз де сол. Біздікі  ғылым  жайлы айтылған һәм жазылға­н  әр  пікір  ғылым үшін  қызмет етсе, пайдасын тигізсе­ деген  ой  ғана.

«Менің екінші сыныпта оқитын немерем ғылыми жобам­ен айналысып, диплом жеңіп алды» дегенді естігенде шалқамнан құлай жаздадым. Өзі екінші сынып! Ғылыми жоба! О, тоба! Айналайындар-ау, екінші сыныпта қайдағы ғылыми жоба? Ғылыми жұмыс болғанның өзінде де адам иланатын шаруа ма осы?! Қазақстандағы ғылыми-зерттеу институттарының «огородына» түсіп, «қауын-қарбыз қабығының» адам организміне пайдасы мен зияны» деген тақырыпты зерттеп отырған «балақай ғалым» менің осы постыма миығынан күліп отырған шығар?! Күле берсін! Бұл – оның Құдай берген құқығы. Дей тұра, мен мұрнының  боғын томармен қаға алмай­ жүріп, ғылыми жобамен айналысып отырған балақайды көз алдыма елестете алмадым. Таза формализм. Жо-жоқ, таза маразм!» деп жазған болатын фейсбук парақ­шасында белгілі жур­на­лист Шархан Қазығұл мұнан сәл ертеректе. «Ғалым Балақаев  биігінен «балақай ға­лым» синдромына дейін» атты жазбасын ол «ғылыми жобамен есі кіресілі-шыға­сылы кезінен айналысып үйренген  формалист  өсе  келе маразм  диссертация  қорғауға дайын тұратынына бәс тіге аламын» деп өз сөзін қорытындылайды.

Иә, мәселе қайда жатыр? Әйтеуір студент атанып, артынша оқу бітіргеннің көбі­нің  аузынан «магистратураны бітіріп алу керек еді» деген­ сөзді естисің. Сол-ақ екен, сөзінен нақтылықты тағы байқамайсың, оқу керек пе, оқу керек. Болды! Бітті! Әлбетте, оқыған жөн, бірақ олардың ғылым жолына деген сапары қаншалықты ұзақ болады? Белгісіз әрі бұлыңғыр секілді...

Жақында ғана «Жас қазақ» газетіне берген сұхбатында ғалым Мекемтас Мырзахметов былай деп таусылыпты. «...Мен ғылым докторымын. Біреуге ғылыми жетекші болайын десем, бірде-бір мақалам шетелдің журналында жарық көрмепті. Сондықтан жетекші бола алмайды екенмін. Бір жағынан шетелд­ің журналына мақала шығару деген қып-қызыл ақша. Қысқасы, жасанд­ы ғылым мен жағымпаз ғалымды топырлатып жатырмыз. Қазіргі PhD докторлар бұрынғы кандидаттардың қолына су құйып бере алмайды. Деңгейлерінің арасы – көк пен жердей».

«Осы арада тағы бір қызықты ай­тайын. Білім саласы осы жүйеге (қазіргі жүйені айтады – Р.Ж.) ауысқалы қал­тасы қалың әкім-қара, шенеуніктер мен әнші-әртістер жаппай магистратура мен докторантураны оқуға көшті. Қауашағында білім жоқ, бірақ қалтасында PhD доктор деген таудай атағы бар. Бұл да – бүгінгі білім жүйесіндегі былықтың бір көрінісі» дейді ғалым.

Ғылым – өте қиын жол. Әрдайым ізденісті қажет етеді. «Оқу инемен құдық қазғандай» деген тәмсілмен өстік, жетілдік. Шынтуайтына келгенде, оқу – ғылымның ең бергі сатысы, алғашқы баспалдағы. Әрі қарай өзді­гіңізше елестете беріңіз. Осы орайда, «ғылымға бөлініп жатқан көңіл мен қаржы қандай?» деген сауалды ортаға тастай салуға болады. Мәз емес! Ғалымға­ төлеп жатқан ақшамыз оның ғылыммен айналысуына толыққанды жете ме, қажетін өтей ала ма? Ғылымда қандай мәселе бар? Оны шешу жол­дары қандай? Сөз басында жазғанымыздай, ғылымдағы түйткілді және аражігін ажыратып алатын мәселелер төңіре­гінде мамандардың өздері сөйлегені дұрыс деп таптық. Біздің білгеніміз, қуыршақ ғалымдар көбейсе, олар тек ойыншық  ғылымның  іргетасын  қалаумен  ғана  айналысады...

Рыскелді   ЖАХМАН

 


 

Нұрбол  АППАЗОВ,

химия ғылымдарының кандидаты, профессор, Қорқыт ата атындағы ҚМУ Химиялық зерттеулер және технологиялар институтының директоры:

- Біздің халықта ғылым жайлы қалыптасқан теріс ұғым бар, университетте жұмыс атқарса болды ғалым деген.­ Университеттің негізгі міндеті – білім беру, яғни, онда қызмет атқаратындардың дені – ұстаздар. Сол университет жанында ғылыми­-зерттеу институ­ттары, ғылыми-зерттеу орта­лық­тары, ғылыми-зерттеу зертхана­лары қызмет атқарады. Міне, сонда­ ғылым іске асады. Бірінші осыны ескеру­ керек.

Сосын профессор-оқытушы және про­фес­сор-ғалым деген ұғым бар, бірін­шісі тек студенттерге білім берумен айнал­ысады. Екіншісі студенттерге білім берумен қатар, ғылыммен айналысады. Ғылым құр идеямен іске аса алмайды, оған міндетті түрде қаржы қажет. Қазіргі таңда мемлекеттен конкурс негізінде­ гранттық қаржыландыру, бағдар­лама­лы-нысаналы қаржыландыру және т.б. түрлері бар, бірақ, бір өкініш­тісі  бөлінетін  қаржы  өте аз.

Сондай-ақ, ғылыми дәреже және ғылыми­ атақ деген ұғым бар. Ғылыми дәреже алуда коррупциялық жағдайлар болып тұратын, бірақ, қазір өте қуантатын  жағдай  мұның  тамырына  балта шабылды десе де болады, енді ғылым­ға тек талабы бар жастар келед­і. Ал, ғылыми атаққа келетін болсақ, оны ешқан­дай ақшамен сатып алу мүмкін емес, ол – нағыз еңбекпен келетін дүние. 2011 жылы жаңа Ғылым туралы заң қабылданды, содан бері біздің универ­си­тетте бірде-бір ғалым атақ ала алмай­ жүрген, мен алғаш рет 2018 жылдың қыркүйе­к айында  жаңа  талапқа  сәйкес профессор  атандым.

Меніңше, ғылым жақсы табыс әкел­мегендіктен,  бай-бағландардың бала­лары  ғылыми  дәреже  мен  атаққа қызыға қоймай­ды. Олар бизнеске, банк саласы, саясат және т.б. салаларға кетеді. Ғылым­ға келетіндері шынайы ғылымға қызығатындары деп ойлаймын. Жалпы, ЖОО орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына барсаңыз, бай-бағландардың балаларын өте сирек кездес­тіресіз, бұл салаға көбінесе қарапайым отбасы­нан  шыққандар  келеді.

Өз басым, мектептегі балаларға ғылыми жұмыс бергенге қарсымын, олар көбіне білім додаларына қатысуы керек, мысалы, пәндік олимпиадаға. Ал, мектепте ғылым рефератпен­ шектелсе де болады,  яғни ғалымдардың  соңғы  жетіс­тіктерімен  танысу  мақсатында.

Жастарға күнкөріс керек, өсіп-өну, отбасын құру және т.б. Ал ғылыммен шынайы айналысатын болсаң, көп уақытты сарп етіп, төменгі табыспен ондаған жыл еңбек етуге тура келеді, содан кейін ғана ғылым жемісін беріп жатады.­ Ғалым ғылым жолында еңбек етуі үшін оған ғылыми инфрақұрылым (зертхана, ол зертханада қажетті құрал-жабдықтар, реактивтер, ыдыстар, зертханалық жиһаз және т.б.), еңбек ететін мамандар (әсіресе, жастар) және міндетті түрде қаржыландыру қажет. Бұлардың бірі болмаса, ғылымнан нәтиже көру бос әуре. Осыдан 10 жыл бұрын Елбасының қолдауымен өңірлерде ғылымды дамыту мақсатында­ ұжымдық қолданудағы зертхана­лар мен инжене­рлік бейіндегі зертханалар ашылған болатын. бұл өңірлерде ғылымды дамытуға айтар­лықтай  өз үлесін қосқаны анық. Алысқ­а бармай-ақ, өзіміздің Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универ­сите­тіндегі инженерлік бейіндегі зертхананың ашылуы өңірімізде химия, химия­лық технология ғылымдарын дамытуға лайықты пайдасын тигізіп, бірқатар жас ғалымдарға жол ашты. Жоғарыда айтқанымдай, 2011 жылы Ғылым туралы заң қабылданып, ол ғылымды қаржыландыруға жаңа серпін алып келді. Зерт­хана алғашында мемлекеттен базалық қаржыландыру алып, оның материалдық базасы­н жақсартуға бірқатар жақсы көмек  болды, одан  бөлек  жас  мамандар­ды­ жұмысқа  тартып ғалым болып қалыптасуына дейін жалақы жағын шешуге мүмкіндік берді. Конкурстық негізде грант­тық  қаржыландыру арқылы ғалымдарымыздың ғылыми еңбектерін дамыту­ға  көмектесті. Осы зерт­ханада жүр­гізілген  ғылыми-зерттеу нәтижелері алғаш­  рет  өңірімізде коммерциялан­дыру жобасын ұтып алуға да қол жет­кізілді. Істелген жұмыс аз емес, бірақ, жеткен жетістікте тоқтап қалмай ары қарай да жылжу қажет. Бірақ, кез келген нәрсенің де әттеген-айы болары рас, соңғы жылдары ғылымды  қаржы­ландыру  мемлекет есебінен  ұдайы  төмендеп  келед­і.


Бекарыс  НҰРИМАН,

PhD  доктор:

- Бірінші кезекте біз «ғылым қоғамға не үшін керек?» деген мәселені түсініп алсақ. Ғылымның мақсаты – қоғамдағы қордаланған, шешімі табылмай жүрген мәселенің түйінін тарқатып беру немесе шешудің оңтайлы жолын ұсыну. Мәселен, бір аймақта­ күн райы +40 градустан да жоғары болса,­ келесі аймақта +10 градустан аспайды делік. Екі аймақта жол салу үшін әуелі екі жақтың ауа райы ескеріліп, асфальт құрамының қандай болу керектігі зерттеледі. +10 градустан әрі ысымайтын аймаққа есептелген асфальтт­ы +40 градус ыстығы бар Қызыл­ор­даға салсаңыз, жазда асфалтыңыз еріп, балқып кетеді емес пе?! Яғни, біз қажетті нәрсеге ғылыми зерттеу арқылы қол жет­кіземіз  деген сөз. Демек, ғылымның мақсаты – адамның өмір сүруін жеңілдетіп, туында­ған мәселелерін шешу. Осы тұста, гуманита­рлық салада «ғылым қандай мәселені шешіп беруі мүмкін?» деген ой туады. Ең бастысы, халықтың әдеби, мәдени, тарихи жалпы рухани мұраларын көне дәуірден қазірг­е дейінгісін зерттей отырып, бірінші­ден, отарлық санадан арылу үшін, екіншіден, жаһандануға жұтылып кетпеу үшін «ұлт ретінд­е, халық ретінде рухани болмысымызды қалай сақтап қаламыз?» деген мәселені талқылып, осыған бір шешім тауып беруі керек деп есептеймін.

Әлемге қарайтын болсақ, бір ғана BBC-дің өзінде эфирден қандай бағдарлама көрсетілетіні 1-2 жыл бұрын алдын ала зерттеледі. «Алда әлемдік кризис келе жатыр, сол кезде  қандай  тақырып  өзекті  болады?» деген­ секілді мәселелер  жан-жақты талқыланады. Зерттеу нәтижесі бойынша жаңа бағдарламалар  халыққа  жол тартады. Бізде  ше? Әсіресе, Орта Азия елдері ғылыми зертте­удің нәтижесін өндіріске қолдану, өмірде қолданудан гөрі кез келген шешімді саяс­и тұрғыда қабылдайды. Сөйтеміз де қабылданған шешімнің дұрыстығын ғылыми зерттеу арқылы дәлелдеп жататынымыз жасырын емес.

Патшалық Ресей қазақ халқын отарлау үшін ә дегеннен әскермен шауып кірген жоқ. Бірінші қазақтың болмысын, салт-дәстүрін, күнделікті тұрмыс-тіршілігін зерттеді. Қазақ қандай халық, қандай сөз айтқанда күледі, қандай сөз айтса жұбанады, өмір сүру салты қандай, бұлардың рухани тұрғыда көңілін тыныштандырып ұстап отырған қандай құндылық? Сөйтіп, біздің тарихымыздың, әдебиетіміздің, тіліміздің, мәдение­тіміздің бәрін-бәрін зерттеп, соның нәтижесінде шешім қабылдап барып отарлауға көшті. Соның бір дәлелі ретінде Тевкелевтің зерттеуін айтуға болады. Ол: «Қазақтың 12 жақсы қасиеті, 6 жаман қасиеті бар екен. Қазақты отарлау үшін әлгі 12 жақсы қасие­тін  жойып,  6 жаман қасиетін дамыту керек­» дейді. Бірінші, «бұлар екі тізгін, бір шылбыр, бар билігін төренің қолына береді. Енді хандық билікті жойып, билікті қараның қолына беру керек. сосын қараның арасынд­а билікке талас басталады» деп бағамдады­. Мұны жасады ма, жасады. Екінші, ақсақалға бағыну. Қазақта арқыраған батыр болса да, таяққа сүйенген қарияға бағына­ды, оның айтқанынан шықпайды. «Ақсақал, сіздің заманыңыз басқа, ол дәуір өтті, қазір жаңа заман» деген ұғымды енгізді. Зерттеу нәтижесінде қабылданған шешім  бойынша жастарды үлкендерге айдап­  салу  процесі жүрді. Осылайша, үлкенді сыйлау­ секілді  біздің ірі болмысымыз жойылды. Жоғары­дағы  сөзімді қайталап айтамын, біз бүгінгі  күні отарлық санадан арылу үшін және жаһандануға жұтылып кетпеу үшін «ұлт ретінде,­ халық ретінде рухани бол­мысы­мызды қалай сақтап қаламыз?» деген мәселені  талқылып, осыған  бір  шешім  тауып­ беруі  керек деп есептеймін. Мінеки, біз  «бүгінгі  қазақ  ғылымының  алдағы мін­деті қандай?»  дегенде осыған мән беруіміз қажет  еді.

Бүгінде ғылыммен кім айналысып жүр? Маңайға көз тастап көрейікші. Бізде ғылыммен айналысу үшін магистрлік, докторлық диссертация қорғайды. Маңайымда мен көріп жүрген қаншама мықты жастар бар, оларды мақтан тұтам. Дегенмен, әдебиеттану болсын, басқа салада болсын бір ауыз ағылшынша сәлемдесуді білмесе де, магистратура­ мен докторантураға оқуға түсіп жатқандар да бар. Бұлар – ғылымды ақшаға сатып алуға болады деген көзқарастағы адамдар. Осылар ғылымның тамырына балта шауып жатыр. Бұл жалған ғалымдардың ғылымға тигізер қандай зияны бар? Біріншіден, қоғамда ғылымның ешқандай қадірі қалмайды. Яғни, ғылым ақшасы бардың айналысатын шаруасы сияқты. «Мен – доктормын, мен – пәленмін» деп айту үшін ғана секілді болып қалады. Екіншіден, осы уақытта шынайы зерттеп жүрген ғалымдардың еңбектері бағалан­байды. Міне, осындай жалған ғалымдардың көзқарасы ғылымға кері әсерін тигізеді.­ Бұл ретте біз биылғы магистратураға тапсырушылардың ағылшын тілінен тестке­ кірген жағдаяттарын жария етіп айтуымызға болады. Министрліктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланып жатыр. Тестте телефонмен немесе шпормен ұсталып жатқандар бар. Бұлар – осыған дейін ғылым туралы теріс пікір туғызғандардың жемісі. Енді біз мұны қалай тоқтата аламыз? Бір-ақ жолы бар, бақылау мен талап күшеюі керек. Аға буын ғалымдар: «қазір ғылым қартайып бара жатыр­»  дегенді жиі айтады. Егер біз ғылымды дамытамыз десек, онда жастардың ғылымға бет бұруына және дамытуына мүмкіндік жасауымыз керек. Себебі, «Қазақстанда ғылымға бет бұрдым» деген сөз «қайырш­ылыққа өз еркіммен келдім» деген түсінікті қалыптастырған. «Ғылымда ақша жоқ, жағдай қарастырылмаған, әйтеуір ілініп-салынып өмір сүресің» деген секілді. Осыны жою үшін мемлекет тарапынан ғылымғ­а көп қаржы бөлінуі керек. Мәселен, өзім қазақстандық докторант ретінде шетелді­к грантты жеңіп алдым. Ол жерде берілетін ай сайынғы стипендия өте жоғары­ болды. Осы тұста, елдегі гранттан гөрі шетелді­к грантпен айналысқан дұрыс деген ой туады. Біздегі ғылыми потенциалы бар жастардың шетелге кетуінің бір себебі осы екені  жасырын емес.

Әрине, елде ешқандай мүмкіндік жасалмай жатыр дей алмаймыз. 2018-2020 жылдарға арналған 3 жылдық ғылыми жобалардың конкурсы болды. Сол жобаға қатысушылардың, қателеспесем, «30 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар болсын» деген талап қойылды. Бұл – бір. Екіншісі – жақында ғана жарияла­нған 40 жасқа дейінгі жас ғалымдарға арналған ғылыми жобалар гранты. Демек, бізде аз да болса, жастарға көңіл бөлініп жатыр. Онан бөлек, әр өңірде облыстық бюджеттің қаржыландырылуымен ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатады. Осы жобаларда әр өңір жастардың жұмыс істеуіне, жаңа көзқараспен зерт­теуге басымдық беру керек деп есептеймін. Өйткені, кейбір облыстардағы ғылыми жобалар­ды қарасам, ескі көзқарас, бұрын жазылған ғылыми зерттеулердің нәтижелері әлі жарияланып келеді. Ғылыми гранттар бөлінгенімен, жаңашылдық жоқ. Ескі ізбен кете берсек, бізде ғылым дамымайды.

 


ӘЛЖУАЗ ТОПТАҒЫ АЗАМАТТАРДЫ ҚОЛДАУ МА, ҚОРЛАУ МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
15.08.2019 12:20

Арамдықты іске асыру оңай, ал адамдықтан аттау мүмкін бе? Мүм­кін. Бұ заманда мүмкін емес нәрсе жоқ. Себебі: адам жанынан басқасының бәрі – саудада. Ар да, мал да, мүлік те. Шамасы, біз «обал» деген ұғымды  ұмыттық.

Қоғам әртүрлі таптан тұрады. Он екі мүшесі сау адамнан, жарымжан жандардан, бай мен кедейден, әлді мен әлсізден құралған.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүддесін мемлекет қорғайды. Үкімет олардың жәрдемақысын, дәрі-дәрмегін, ем-домын, тасымалдауын ұйымдастырады. Бұл заңмен бекітілген. Ал аталған заңдардың жергілікті жерлерде орындалу барысы қандай? Мәселенің  мәнісі  осында.

Жақында Жаңақорған ауданында біраз былықтың беті ашылды. Онда да аудандық прокуратураның араласуымен. Бүгінгі таңда Жаңақорғанда инватак­си қызметін тұтынатын 160-қа тарта адам бар. Оларға небәрі 1 ғана «Opel Vectra» автокөлігі (суретте) қызмет көрсетеді екен. Ескі-құсқы. Онсызда көңілі күпті  жандарды бұлайша басынуға бола ма? «Автомобиль көлiгiмен мүгедек­тердi тасымалдау жөнiнде қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы» заңнамада мүгедектерге такси қыз­меттерін ұйымдастыру және көрсету үшін «Инватакси қызметтерін көрсету үшін отырғызуға және түсіруге арнал­ған арнайы гидравликалық немесе жылжы­малы (ашылатын) құрылғымен және кресло-арбаларды бекітуге арналған құралдармен жарақтандырылған автокөлік пайдаланылады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Десе де, Жаңақорғандағы қызметтің бұл түрі талапқа сай емес. Мұны біз өз көзі­мізбен  көрдік. Көлік жүргізу­шісі  шақырылған  мекенжайға барып, мүмкіндігі шектеулі азаматты арбадан көте­ріп машинаға отырғызып болға­н  соң, қоларбаны бұзып, көліктің жүк салғышына қоя салады... Қандай қиямет-қайым десеңізші...

– Қажетті ем-домға бару үшін инватакси қызметін шақыр­амыз. Бір күн бұрын тапсырыс беріп қоюымыз қажет. Әйтпесе, бос бола бермейді. Тасымалдау көлігі қолайсыз. Мініп-түсуіміз мұң. Жүргізуші жігіт көтеріп мінгізеді. Осы мәселе қиындық  туғызып  тұр. Қоларбамен мініп-түсуге қолайлы замана­уи үлгідегі инватакси болса, - дейді І топ мүгедегі Сәлима  Әбдірахманова.

Аталған дерек бойынша аудандық прокуратура әкім­дікке кезек күттірмейтін тәртіптік шара көруді ұсын­ғанын  хабарлады.

– Шарттың қосымшасы мен техникалық ерекшелікте мүгедектерді тасымалдауға, отырғызуға және түсіруге арналға­н арнайы гидравли­калық немесе жылжымалы (ашылатын) құрылғымен немес­е кресло-арбаларды бекіту­ге арналған құрал­дармен жабдықталған авто­көлік пен диспетчерлік ұйым болуы  тиіс екендігі көзделген, - дейді Жаңақорған ау­данын­ың прокуроры Нұр­болат Дүйсенбаев.

Жаңақорғанда жарымжан жан­­дардың проблемасы мұнымен де біт­пейді. Аудандық прокуратура ересектерге арналған гигиеналық заттардың (жөргектердің) техникалық ерекшеліктерге сәйкес келмейтіндігін, мүгедек балаларға инклюзивті білім беруге жағдай­ жасалмағандығын, мүгедек балала­рды үйде оқытуға жұмсалған шығын­дардың толық төленбегенін анықтаған.

– Жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдар­ламалар және азаматтық хал актілері­н тіркеу бөлімі келісімшарт бойынша техник­алық ерекшелікке сәйкес келмейт­ін мүгедектерге арнал­ған гигиеналық заттарды қабылдап алған.­ Бұл жерде­ де прокуратураның қадағалау актісіне­н кейін ғана техникалық ерекшеліктерге сәйкес келетін жөргектер алынды, - деп атап өтті Нұрболат  Серікұлы.

Сондай-ақ, аудандағы 42 мектептің 3-еуі ғана логопед мамандарымен қамтылса, дефектолог мамандары мүлдем болмаған көрінеді. Тек прокурорлық қадағалау актісінен соң 5 дефектолог мамандарының штатына жергілікті бюджеттен 3 млн теңге, ал кабинеттерін жабдықтауға 25 млн  теңге қаржы қаралыпты.

Ол ол ма? Аудан бойынша үйден оқытылатын 115 кемтар  баланың заңды өкілдеріне үйде оқытуға жұм­салған шығындары 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленуі тиіс болған­ымен, барлығына бұл сома ай сайын кем төленіп келген. Мұндай келеңсіздікке тиісті бөлімдердің қалайша жол бергені түсініксіз.

– Менің қызым туабітті сал ауруымен ауырады. Үкіметтен берілетін жәрдемақыны уақытылы алып келдік. Жылда  бала  күтіміне байланысты құжат дайындаймыз. Алайда оған төле­нет­ін жәрдемақының өскенінен хаба­ры­мыз болған жоқ. Кешегі шілде айына­ дейін бұрынғыдай 70 мың теңгені алып кел­дім. Аудандық прокуратура араласқаннан соң 80 мың теңгенің үстінде көмек алатын болдым, - дейді жалғызбасты ана Қаламқас Жиенбаева.

Бүгінгі таңда анықталған заңбұзушылықтар жойылып, тиесілі сома қайта есептеліп, толық төленуі қамтамасыз етіліпті.

Аудан прокуроры Нұрболат Дүй­сенбаев жоғарыда анықталған мәселелерді шешуге әкімдікке ұсыныс берілгендігін жеткізді. Ал егер талаптар орындал­майтын болса, заңда көрсе­тілген  шаралар  қолданылатынын  атап өтті.

Біз сөз басында «обал» сөзін текке түртіп өткеніміз жоқ. Онсызда тағ­дыр­дың тауқыметін тартқан жандардың жәрдемақысын жеп, жүріп-тұруына жағдай­ жасамау – обал. Ал, адамдық қайда  қалды?

 

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Тамыз 2019 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары