Өзекті мәселелер

  • 21.11.19

     

    Ерлан  ЕСТЕК,

    қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері:

    Толығырақ...

  • 21.11.19

    «Заманның  қожасы  да,  тұтқасы  да – жастар!». 1921 жылы «Жас Алаш» газетінің алғашқы нөмірі осы ұранмен жарыққа шықты. Тарих бетінде «Жас Алаш» көтерген үндеу алтын әріппен жазылды. Ел жастарының жанында жатталып қалды. Осы басылымда Ғани Мұратбаев тұңғыш редакт­орлық қызмет атқарған еді. Жалпы, Ғани туралы айтылатын, жазыла­тын дүние көп. Тым қысқа ғұмырында тындырымды тірлік жасап­  кеткені...

    Толығырақ...
  • 21.11.19

    «Шыдамның да шегі бар». «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК мен «Су жүйесі» МКК басшылығы осылай дейді. Сұрауы бар су мен қытымыр қыста жан сақтайтын жылудың ақысына келгенде тұрғындар таршылық танытатын­ көрінеді. Олар ай сайын емес, жыл сайын қордаланға­н қарыздарын жеке тұрғындар мен меке­мелерге ескертуден шаршаған. Жылдың басында жылуға­ қарыз көлемі 200 миллион теңгеге жеткен. Ал...

    Толығырақ...
  • 21.11.19

    Аграрлық өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар бүгінде өз жемісін беруде. Кеше ғана ауыл шаруашылығы саласында көштің басында тұрған Жалағаш ауданымен қалай мақтансақ та жарасады. Аллаға шүкір, ауыл еңбеккерлері Жер-Ананың берген ырзық-несібесін ысырап қылмай, Сырдың басты дақылынан тау тұрғызуда белсенділік танытуда.

    ...
    Толығырақ...
  • 21.11.19

    Қазақстандық медицина  саласын  жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жобалардың  бірі – «Денсаулық» бағдарламасы. Үш жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бұл бағдарламаның да мәреге жетуіне аз қалды. Қызылорда облысында аталмыш бағдарлама аясында ауқымды жұмыстар атқарылды.

    ...
    Толығырақ...
Сәрсенбі, 21 Тамыз 2019

САПАРБАЕВҚА СЕНІМ АРТТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
22.08.2019 11:25

Ақорданың баспасөз қызметі 20 тамызда Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі өкілет­тілігін 2020 жылға дейін ұзартқан Бердібек Сапарбаевтың үкімет басшысының орынбасары қызметіне тағайындалғанын хабарлады. Енді ол үкіметте әлеуметтік салаға жетекшілік жасайды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен тағайындалған Б.Машбекұлына бұл қызмет таңсық емес. Бұған дейін де бұ шаруаның басы-қасында болған. Қыр-сырына қанық.

2016 жылы зейнетке шыққан 66 жастағы Б.Сапарбаев ақпан айында еліміздің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды. Ол аталған министрлікке көпбалалы­ аналардың наразылығы күшейген кезде Ақтөбе облысы әкімі лауазымынан келіп, қызметке кірісті. Ел алдында абыройы мен саясатта әжептәуір салмағы бар Сапарбаев атышулы экс-министр Мәдина Әбілқасымованың ор­нына келді. Жасыратыны жоқ, биліктің бұл қадамын көпші­лік көңілге медеу тұтты. Өйт­кені, Машбекұлын бұқара халық­шыл әкім һәм министр ретінде  таниды, біледі. 7 айға жуық министрлікте тер төк­кен ол енді Үкімет үйінде әлеу­меттің  әлеуетін  арттыруға күш  салмақ.

Айтпақшы, бұрын бұл қызметті Гүлшара Әбдіхалықова ат­қар­ған еді. Енді ол мәжіліс депутаты­на айналды. Ал Б.Сапарбаевтың ор­нына сол күні-ақ Біржан Нұрымбетов елдің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минист­рі боп тағайындалды. Жалпы­, Біржан  Бидайбекұлы туралы  БАҚ беттерінд­е ақпарат онша көп емес. Бірақ қызметтік карьер­асы тәп-тәуір. Бұған дейін Кәсіп­одақтар федерациясы жетек­шісі­нің бірінші орынбасары, еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрінің орынбасары, премьер-министр кеңсесі басшысы­ның орынбасары, Жамбыл облысы­ әкімдігінде жауапт­ы қызметтерде болған екен. 51 жастағы Біржан Нұрым­бетов Сапарбаев шеше алмаған кейбір түйткілдердің  түйінін  тарқата­ ала  ма? Оны уақыт  таразысы  өзі  анықтай  жатыр.

Халық-хабар


 

 

Аптаның  айтары

 

Нұрсұлтан  НАЗАРБАЕВ:

БАРЛЫҚ   САЙЛАУ   КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ

МЕРЗІМДЕ   ӨТЕТІН   БОЛАДЫ

«Келесі мәслихаттағы сайлау мәжілістегідей пар­тиялық тізім бойынша өтеді... Барлық сайлау консти­туциялық мерзімде өтетін болады...

Қазір үкімет пен атқарушы билік жаңа сайланған президент­ Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үшін қол ұшын созуы керек. Біздің партиямыздың мақсат­ы  осы  болуы  керек».

 

(Елбасының кешегі «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген

отырысында сөйлеген сөзінен)

 


КАДР ТАСИТЫН ӘДЕТІМ ЖОҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
22.08.2019 11:15

Мұрат  ЕРГЕШБАЕВ,

Қазалы  ауданының  әкімі:


ҚАЗАЛЫНЫҢ    ЖЕРАСТЫ  ТАБИҒИ   БАЙЛЫҒЫ   ЖОҚ

– Мұрат Нәлқожаұлы, тарихы терең­де жатқан Қазалы топырағы талай­ талантты тудырған қасиетті мекен­ ғой. Осындай өңірге басшылық ету қандай жауапкершілік жүктейді? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ.­..

– Қазалы ауданы – Қызылорда облысындағы ең іргелі өңірдің бірі. Өзіндік бай тарихы бар. Жалаңтөс баһадүр мен Жанқожадай батыр, қазақ жастарының көшбасшысы бол­ған Ғани Мұратбаевтай талант дүниеге келген жер. Ел мұраты жолында тер төккен ерлердің осы жерде­ дүниеге келуі тегін емес деп ойлаймын.

Ашығын айтайын, қызметтің қай түрі болса да, халық үшін жұмыс істеген соң жауапкершіліктің болатыны сөзсіз. Мен осы қызметке Қырымбек­ Елеуұлының тұсында, депутаттардың мақұлдауымен тағайындалдым.

Жалпы, Қазалы ауданы облыста даму динамикасы қарқынды өңір саналады. Жасыратыны жоқ, өзге өңір­лермен салыстырғанда қай салада болмасын ілгерілеу бар. Неге? Мен бұл сауалға ұзақ ойландым. Мәселен, өзге аудандардың табиғи шикізаты мол. Өкінішке қарай, Қазалының жерасты табиғи байлығы жоқ. Есесіне, сауда-саттық кең етек жай­ған. Бұлай болуына себеп бар. Өзде­ріңіз білесіздер, аймақ жұрты Қаза­лын­ы «екінші Түркістан» деп атай­ды­. Аралда 80 мың, Байқоңырда  50 мың, Қармақшыда 45 мыңға тарта­ халық тұрады. Көршіліс өңірдің тұр­ғындары күнделікті осында келіп, сауда-саттық жасайды, керек-жарағын­ алады. Енді есептей беріңіз. Бұл – бұрыннан қалыптасқан дәс­түр. Сондықтан Қазалыда сауда нүктелері, дүкендер көптеп ашылып жатыр­. Меніңше, ең басты байлық – адами капитал. Қазалылық жұртшылық кәсіпке, сауда-саттыққа, еңбекке бейімделген. Күні кеше ғана ауылдарды аралап қайттым. Егістік ба­сына  бардық. Ауыл ақсақалдарымен жүздестім. Жылы қабылдады. Тұр­ғындар әйгілі күләбі қауынын егіп, Байқоңырға, Аралға сатып жатыр. Біраз жылдан бері «РЗА» акционер­лік қоғамы дәмі тіл үйірген пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, құрт өнімдерін өндіруде. Қызыл­орда облысында 3000 бас мал бордақылау алаңы салынған екі-ақ аудан бар. Оның бірі – Қазалыда орналасқан «Сыр Маржаны» ЖШС. Бұдан да басқа ірілі-ұсақты шаруашылық­тарымыз жетерлік. Ел ақсақалдарының, аудан азаматтарының, көпші­ліктің арқасында жұмыс істеп жат­қан жайымыз бар. Мен осындай топы­рақта қызмет еткенім үшін өзімді бақытты адам санаймын.

– Сөз арасында Қырымбек Көшербаевты айтып қалдыңыз. Бұрынғы облыс­ы әкімінің ҚР Президенті Әкім­шілігінің басшысы қызметіне та­ға­йын­далуын қалай қабылдадыңыз?

– Мұндай лауазымды қызметке Сыр елінің тумасы, тәжірибелі басшының тағайындалғанына өте қуа­ныштымын.

– Ал облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовта­н қандай жаңашылдық күтесіз?

– Ең біріншіден тоқталатын жайт, Қуанышбек Досмайылұлы – қызметтің барлық сатысынан өткен азамат. Соңғы 4 жылда Қырымбек Елеуұлының орынбасары болды. Облыс­тың экономикалық жағдайынан толыққанды хабардар. Қандай проблемалар бар? Қай бағытты дамы­туымыз қажет? Бұл сауалдардың жауа­бын білетіні сөзсіз. Ең бастысы – Арал мен Жаңақорғанға дейінгі аралықтағы мәселелердің бәрінен хабары бар. Сонымен қатар, ол қаржының қалай келетінін, оның қадірін, тиімді пайдалануды және ең маңызды салаға жұмсауды біледі. Себебі, өзі  де – қаржы саласының маманы. Өте білімді, іскер азамат. Аймақ басшы­сы Қырымбек Елеуұлының тұсында басталған бірқатар жоба­ларды жалғас­тырады деп сенемін. Оны өзі де айтты ғой. Облыс әкімі де – Сыр елінің перзенті. Сондықтан ол аймақтың алға жылжуына сүбелі еңбек сіңіреді  деп ойлаймын.

 

АДАМ   БАР   ЖЕРДЕ  МӘСЕЛЕ   ДЕ   БАР

– Аудан  тұрғындарын  қазіргі  таңда­ нендей  мәселе  толғандырады?

– Мен аудан тұрғындарын аптасына 2 рет қабылдаймын. Одан бөлек, жұмыстан жаяу қайтамын. Кейбірі көшеде кездесіп, мәселесін айтып жатады. Егер дереу шешуге мүмк­індік болса, тиісті бөлімнің басшыларына тапсырма беремін. Рас, адам бар жерде проблема да бар. Солай­ болуы да – заңдылық. Бүгінгі таңда ең өзекті мәселе – жұмыспен қамту, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсету сынды мәселелердің барын жасырмаймын. Барлық әлемде қалыптасқан жайт. Аталған түйткілдердің түйінін тар­қату мақсатында қолдан келгенше шаруалар атқарып жатырмыз. Айталық, көмекке зәру отбасыларға былтыр 18 млн теңгеге қайырымдылық акциясын жасадық. Ел азаматтары көмекке мұқтаж жандарға қыстыгүні көмір түсіріп берді. Биыл «Мектепке­ жол» акциясы аясында 600-дей бала­ны оқуға қажетті құрал-жабдықтармен, қысқы киім-кешекпен қамту жоспарда бар. Тұрмысы төмен, баспанаға мұқтаж азаматтарды қолдау мақсатында ескі аурухананы күрделі жөндеуден өткізіп, жатақхана есе­бін­де 40 отбасыны сонда орна­ластырдық. Су, жарық, газ бәрі бар. Тек тәртіп керек. Кенттегі ескі мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 35 отбасы­ға бермекпіз.

– Ал Сізді қандай мәселе алаң­да­тады?

– Қазір жұмыс сұрап келушілердің қателеспесем, 95 пайызы – бастауыш мектептің мұғалімі мамандығын бітіргендер. Жастардың өзде­рі сұрап келсе, бір сәрі, егде тарт­қан аға-апаларымыз келеді. «Мен баламды оқыттым. Жұмыс тауып­ бер» дейді. Қазір бізге орыс тілі, ағылшын тілі, информатика, физика-математика пәндерінің мұғалімдері жетіспейді. Алаңдататын жайт мынау: жыл сайын мыңдаған ЖОО-нан мұғалім, заңгер, теміржол, т.б. саланың мамандары бітіріп жатыр. Оның бәріне қызмет табыла бермейді ғой. Ал жоғары білімі жоқ, аяқ-қолы балғадай жігіт­тер күзетшінің жұмысын сұрайды. Кезінде кеңес үкіметінің тұсында күзетшілердің дені үлкен кісілер бола­тын. Ол кездің жас­тары мұндай жұмысты істеуге арланатын. Қараңыз, «РЗА» акционерлік қоғамы өткенде сауыншы, 20-ға жуық механизатор керек деп бізге сұраныс жіберді. «Сыр Маржаны» ЖШС бақта­шы, мал дәрігері қажет дейді. Осында жұмыс сұрап келген жігіттің бірі «Мен бір күн жұмыс істеп, екі күн дем алуым керек» дейді. Айтыңызшы, біз қайда бара жатырмыз?

Бүгінде мемлекет тарапынан қайта оқыту, бизнес бастау, небір гранттар бөлініп жатыр. Аталған бағдарламалардың көмегімен бизнесін бастап жатқан жас қыз-жігіттеріміз де баршылық. Естіген боларсыз, Абай ауылының тұрғыны Оңдашбай Өтеміс он саусақсыз-ақ кәсіп ашып отыр. Ынта бар, мақсат бар. Мен жерлестерімді осы азаматтан үлгі алуға шақырамын.

Кезінде үштілділік мәселесі көтерілді. Шынымды айтайын, әу бас­та бұл шараның болашағына сенбед­ім. Қазір қарап отырсаңыз, ғылымның, ақпараттардың дені ағылшын тілінде жүріп жатыр. Одан қазақ жастары да құр қалмауы тиіс. Заман талабы – осы. Қырымбек Елеу­ұлының тұсында аймақ жастары Ресейде білім алуға мүмкіндік алды. 2017 жылы Мәскеуде білім алып жатқа­н жастармен мен де кездестім. Таңғалдым! Қызылордалық жастардың өзін-өзі ұстау мәнері, сөзі, ойын емін-еркін айта алатындығына риза болдым. Ол жастар бүгін емес, болашақта зор пайда әкеледі деген сенім­демін. Менің жастарға айтарым: адам ізденуден жалықпауы керек.

– Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласын­ың  арасын қосу жұмыстары қалай   жүргізілуде?

– Бүгінгі таңда екі аралықтағы құрылыс жұмыстары қарқын алды. Биыл бұл бағыттағы жұмысты жалғас­тыруға 2,5 млрд теңге көлемінде қар­жы қаралды. Бұйырса, жыл аяғына дейін екі аралықтан 1500 адамға тұрғын үй салу үшін жер учаскесін табысталады. Бірнеше әлеуметтік нысандар салу да бас жоспарға енгі­зілді. Атап айтқанда, балабақша мен бірнеше мекеменің әкімшілік ғимараттарын салу үшін жер телімі белгіленіп, жобалары әзірлену үстінде. Болашақта Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентін қосып, 50 мың халық тұратын үлкен қалаға айналдырсақ деген ойымыз бар. Сондай-ақ, 2 қабатты 12 тұрғын үй құрылысын салу үшін құжаттарын әзірлеп, қаржыландыруға республикалық бюджетке ұсындық. Сонымен қатар «МФК-Тұран» ЖШС, «Нұрай-Ақжол» ЖШС, «Мелиоратор» ЖШС, «Промстройсервис Е» ЖШС, «Аман Құрылыс» ЖШС, «Бер-Нұр-Тараз» ЖШС ауданымыздағы 5 екі қабатты тұрғын үйдің әрқайсысына 2,5-3 млн теңге қаржы шығарып, демеуш­ілікпен күрделі жөндеу жұмыстарын  жүргізуде.

Айта кетейін, Қазалы ауданында ауыларалық жолдардың сапасы өте нашар. Біз бұл мәселені облыс басшылығына жеткіздік. Былтыр 7 жоба, биыл 6 жоба іске асырылып жатыр. Ең шеткі ауылымыз Кәукейге­ дейін жол салынбақ. Әрине, мұның барлы­ғы қаражатқа келіп тіреледі. Біз бюджетке өтінім жібердік. Бұлардың барлығ­ы кезең-кезеңімен шешіледі.

 

АДАМ   АЛДАМАУЫ   КЕРЕК

– Басшылық қызметтегі адамға кадрдың орны ерекше. Сіз кадрды қалай   жасақтайсыз?

– Біріншіден, мен өзіммен бірге кадр тасып жүретін адам емеспін. Бір ғана орынбасарым Қызылорда қаласынан келді. Өз саласының қыр-сырын­ білетін болған соң ұсынысымызды айттық. Қабыл алды. Облыс орталығында еңбек етіп жүрген қаза­лыл­ық жігіттерге хабарластық. Деген­мен, әр адамның өз арманы, мақсаты бар ғой. Келмеген азаматтарға ешқандай өкпе-ренішіміз жоқ. Ал қалған кадрлар – осы топырақтың  тума­лары.  Жалпы, кадр  жоқ деп  айту­ға  болмайды. 80 мың халық­тың ішінде білікті мамандардың бол­мауы­ мүмкін емес. Рас, кейде маман­да­р сөз жүзінде мықты, ал іс жүзінде ақсап жатуы ықтимал. Мемлекеттік қызметте басты қасиет  ұйымдас­тырушылық  қабілет  болуы тиіс.

Екіншіден, адалдық пен таза­лықты жақсы көремін. Адам алдамауы керек. Мәселе шешілмейтін болса, шешілмейтіндігін айтсын. Ал бір алдаған адамды сенімнен шықты дей беріңіз. Сондықтан да оларға жауапты­ жұмыстарды тапсырғым келмейді. Әріптестеріме «Қазалыдағы 80 мың халықтың ішінен әкімдікте жұмыс істеп, ел үшін тер төгудің өзі –  үлкен мәртебе. Осыншама халықтың ішінен Сіздерден білімді адам жоқ дейсіздер ме? Сондықт­ан Алла берген бақты, қызметт­еріңізді бағалай біліңіздер» деп жиі айтамын.

– Осындағы ақжағалылардың ауызбіршілігі қандай? Сұрап отырған себебім: жақында Әйтеке би кентінің әкімі Жарасхан Мұратбаевтың ісі облыс­тық Әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Сонда ол «Менің ізімде күзден бері біржақты қудалау жүріп жатыр» деп еді...

– Бұл – кент әкімінің жеке мәселесі. Қудалау дегеніміз не? Менің одан жұмыс талап етуім бе? Жұмысқа­ таңертең жаяу келемін, жаяу қайтамын. Тұрғындар кент орталығындағы қоқысты, жарық бағаналарындағы ақауды, т.б. мәселелердің барлығын сұрайды. Оған неге мен жауап беруім керек? Ол кенттің әкімі емес пе? Өз бюджеті бар. Орындасын! Сенбесең, қазір кенттегі қоқыстарды аралап көрсетейін. Мен неге сол үшін сөз естіп, таяқ жеуім керек? Мүмкін біздің жұмысты талап еткенімізді қудалау деп түсініп жүрген шығар. Бері­лген тапсырманы орындаған жоқ. Тәртіптік шара көрілді. Ол мойын­дамады. Мемлекеттің мүлігі жекеге өтіп кетсе, ертең менен де сұрайды ғой. «М.Ергешбаев мырза, мына мәселе орын алғанда қайда қарадың?» дейді. Осылай-осылай бұл мәселе жоғарыға жетті. Мен бұл мәселе­ жөнінде онымен жеке де сөйлестім.

– Аудан әкімі мен кент әкімінің байланыс­ы  қандай?

– Тек жұмыс барысында ғана. Менің жеке компаниям болса, біраз адамды қызметтен босатуға болар еді. Дегенмен, оның орнына кадр қайда?

– Фейсбук  әлеуметтік  желісіндегі парақшаңызды кім жүргізеді? Сіздің посттарыңызда тым ресми емес, сәл еркіндік  бар...

– Қараңыз, мақұл, менің атымнан­ баспасөз хатшысы пост жазды делік. Ертең оған ол емес, мен жауап бере­мін ғой. Жасыратыны жоқ, менің шешенді­к өнерім жоқ. Өзім пост жария­лар алдында стилистикасын, үтір-нүктелерін баспасөз хатшы­сына бір көрсетіп аламын. Мен әлеуметтік желіге тіркелген бөлім басшыларына құр сандардан гөрі, халық­қа түсінікті етіп пост, пікір жазуд­ы тапсырамын. Сонда ғана ел жылы қабылдайды. Атқарылып жатқан­  жұмыстарды көреді.

– Ашық  әңгімеңізге  рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


КӨК ТҮТІНІ КӨКТІ ОРАҒАН ПОЛИГОН PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
22.08.2019 11:00

Суреттер  Қызылорда  облыстық қоғамдық  кеңесінің  «Facebook»  парақшасынан  алынды

 

Бүрсігүні облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырыс­ы  өтті. Күн  тәртібінде  қозғалған маңыздылығы  жоғары  тақырыптардың  қатарында  аймақтың экологиял­ық мәселесі де сөз болды. Әсіресе, халықтың­  наразылығын жиі тудырып жүрген Белкөл кенті аймағындағы қоқыс полигонының жай-күйі қызу талқыға түсті. Қызылорда қала­сындағы экологиялық проблемалардың туын­дауына бірден-бір себеп болып тұрғаны – тұрмыстық қалдықтарды шығаратын поли­гонның қала маңына жақын орналасуы және стандартқа сай келмеуі. Мезгіл мәселесіне айналып тұрған  қоқыс  полигонының  бүгінгі көрінісі түсірілген фото-видеолар жиналғандар  назарына  ұсынылды.

- Экология – өте күрделі мәселе. оның ішінде бүгінгі қоғамды толғандырып отыр­ған, шешімін табуға тиіс негізгі бағыт – тұрмыстық қалдық­тарды қайта өңдеу, тасымалдау. Қаладағы тұрмыстық қалдықтарға байланысты жайт ауқымды. Бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жасалып жатқан инвестициялық жобалар жеткілікті. Олардың қатарында «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС және «Қы­зылорда тазалығы» мекемесі мен әкімдік үшжақты әріп­тестік аясында қала маңынан  1 млрд 300 млн теңгенің көлемінде жаңа қоқыс полигоны жобасын жүргізуді  қолға  алуда­. Құрылыс ағымдағы жылдың­ қарашасына дейін аяқ­талады деп жоспарланып отыр. Бұл қалаға байланысты ғана, ал облысты қосар болсақ, ақпа­ратымыз өзгереді. Қазіргі күні аймақ бойынша тек 3 елді мекен­де ғана қоқыс полигоны бар. Ал тұрмыстық қалдық­тарды қайта өңдеу өткен жылы 3% болса, биыл ол 12%-дан асып отыр, - деді қоғамдық кеңес­  мүшесі  Абай Шайнуров.

Көк түтіні көкті орап, кешкі мезгілде қала төбесін басып қалатын полигон отқа оранған кезде оны сөндіру қиынға соғатын  көрінеді. Өйткені  оның маңына ешқандай техника жақын­дай алмайды. Тіпті «Қызылорда тазалығы» мекемесінің бір көлігі өртеніп кетіпті-міс. Ал адам өміріне тіпті қауіпті. Не істемек керек? Онсыз да эколо­гиялық аймақ деген атымызға жамау жап­сы­рып жүрген жа­йым­ыз – осы.

Бұл мәселелерге қатысты экология департаменті тарапынан тиісті  шара жүргізі­ліп, қоқыс полигонына жауапты «Ыбырайхан және К ЛТД» ЖШС-гін бірнеше мәрте сотқа берген. Сот шешімімен айып­пұл салынған. Қоқыс түтініне лабораториялық тексеріс жа­салып, зияндылығы анықталып, атмосферадағы улы заттар нормадан асқан. «Қазгидромет» мекемесі тек орташа көр­сеткішін ғана жаза алады. Экология департаменті жүргізген зерттеулерде ауаның ластану деңгейі тұрақты қалыптан бірнеше рет асқан. Тіпті жекелеген тұрғын үйлер де ауласында, есік алдында тұрған қоқыс жәшіктерін өртеуге құмар. Ал оларға заң жүзінде ескертіп, шара қолданатын арнайы заңдық норма жоқ. Одан өзге қаланың атмосферасын жағымсыз жағына өзгертіп тұрған Тасбөгет, Титов, Белкөл, Талсуат елді мекендеріндегі кәрізсу стан­салары бар. Осы кәрізсу полигондарын өңдеу керек. Әйтпесе, ауаның ластануы, жағымсыз иістің денсаулыққа кері әсері жалғаса  беретін  болады.

- Белкөл кенті маңындағы қоқыс полигонының өрт құшағында жатқаны бүгін ғана емес. Осыған дейін де «Саяхат», «Сәулет», «Тасбөгет» секілді елді мекен тұрғындарын қо­лайсыз иісі бар көк түтінімен тұншықтырып келеді. Осы өртті сөндіруге облыстың төтенше жағдайлар департаменті қауқарсыз болып отыр. Бұл мәселе облыс халқының, балаларымыздың денсаулы­ғына қатысты болғаннан кейін тиісті шешім қабылдау керек. Облыс көлемінде полигон өртін сөндіруге  кім  жауапты?- деп төте сауал қойды кеңес мүшесі  Болат  Нұрқожаев.

Айта кетейік, қалдықтарды жинауға арналған қазіргі полигон 20 жылға жуық уақыт пайдал­анылып  келеді. Жинал­ғ­андардың арасынан суырылып  шыққан «Ыбырайхан және К ЛТД»  ЖШС дирек­торы Ы.Мұсабаев бұл қоқыс полигонынан бас тартып келе жатқанына 4 жылдан астам уақыт  болғанын  жеткізді.

- Біріншіден, бұл – полигон емес, ұйымдастырылған қоқыс тастайтын алаң. Мұның ешқандай құжаттары жоқ. Керек­ кезінде Қазақстанда алғаш­қылардың бірі болып қағаз қалдықтарын қайта өңдеуді ендірудің арқасында «полигон» деген статус алдық. Ол жердегі өртті сөндіре алмайды деп төтеншеліктерді кінә­лауға болмайды. Өйткені ол жерге ешқандай көлік жақындай алмайды. Екіншіден, біз қоқыстың 15 пайызын үлгер­генімізше алып жатырмыз. Өртенгені бізге де тиімсіз. Жаңа полигон салғанмен, үш айдан кейін-ақ осы жағдайды қайталауы мүмкін. Мен үш жыл бұрын 50 млн теңгеге ұзындығы 100 метр, тереңдігі 10 метр, ені 10 метр арнайы орын жасап берсе, 3-4 жылға дейін  түтін  шығармаймын деп ұсыныс бердім, - деді ол.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды залалсыздандыру жұ­мыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 2019 жылы 14 млн 664 мың теңге қаржы бөлінген. Бірақ ол қаржы жеткіліксіз көрінеді. Барлығы өз мақсатына сай жұмсалады.

- Қоқыс полигонында 2016 жылдан бері тіркелген  5 мәрте жану оқиғасының 3-еуі 2019 жылы болды. Көлік тоқтайтын орыннан 50 шақты метрден кейін ол жерге кіру мүмкін емес. Күл-қоқыстың асты бықсып жатыр­. Мен ол жерге жеке құрамды апарып, өртті  сөн­ді­ріңдер  деп айта алмаймын. Мәселен, 24 наурыз күні таң­ер­тең хабар түсті. Көлемі 2000 шаршы метрді құрайтын жа­лынд­ы сөндіруге екі өрт сөндіру көлігі жіберілді. Екін­шісі тура бір айдан соң қайталанды, 24  сәуір­де. Бұл жолы  6000 шаршы метр қоқыс өртенген. 27 мамыр күні болған оқиғада 70х150 шаршы метр қоқыс өртке оранған. Оның астын қопарып, өртті сөндіру үшін арнайы техника керек, - деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығ­ы  Омар  Бержанов.

Қала халқын полигон түті­нінен қорғаудың бір амалы ретін­де қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау бойынша кешен құрылысын алға тартып келеміз. Бірақ, «таз таранғанша той тарқайды» демекші бұл мәселенің нақты қашан шешілетіні де аталмыш кеңесте белгісіз күйде қалды. Әзірге көңілге медет тұтып отырғанымыз, облыстың елді мекенде­рінде өнеркәсіптік және тұр­мыстық қалдықтарды жинау үшін полигондар салуға 145 жер учаскесі бөлінді. Қазалы және Қармақшы аудандарында 2013-2015 жылдары салынған полигондар бар, ал Арал және Сырдария аудандарында полигон құрылысының жобалары дайын. Заңға сәйкес, ағымдағы жылдан бастап отқа қауіпті қалдықтарды, пластмасса мен полиэтилен қалдықтарын, құрамында сынап бар шамдар мен басқа да заттарды, түсті және қара металдардың әйнегі мен сынықтары секілді қоқысты тұр­мыстық қалдықтармен бірге көмуге  тыйым  салынды. Осыған байланысты жыл соңына­ дейін қауіпті қалдықтарды бөлек жинау және кәдеге жарату­ үшін сұрыптау кеше­нінің  құрылысы  жоспарлан­ған. Үміт – осыда.

Н.ҚАЗИ

 


БАҒА, ҚАЙДА БАРАСЫҢ? немесе баланы мектепке дайындаудың машақаты PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
22.08.2019 10:52

Тамыз айы туысымен әр отбасында қарбалас бас­талады. Ата-аналар балаларды мектепке дайындайды. Қалам, дәптерінен бастап, киім-кешегін түгендейді. Маусы­мдық науқан қай сауда­ орталығына бас сұқ­саңыз да қызып тұр. Базар біткен анасының етегін тартқ­ылап,  әкесінің  жете­гіне көнбеген кішкентай бүлдіршіндер. Мектеп формасын  алып, оқу  құралдарын саудалаған жұрттың санын­да  шек  жоқ. Тапқанын баласына жұмсайтын ата-ананың  аянбасы  белгілі. Шамасы жеткеннің бәрін сатып­  алып  жатыр.

 

БАЗАРДАҒЫ  БАҒА  ҚҰБЫЛЫП  ТҰР

Мектеп формасының бағасы жер-жерде жүз құбылып тұр. Пысықтар қып-қызыл бизнес көзіне айналдырған. Көпбалалы отбасының жыл сайын жаңа форма әперуге қалтасы көтермейді. Қара­пайым халық үшін базар бағасы­ қолжетімді. Көпшілік жиі бараты­н «Жайна» базарының нарқын бағамдадық. Мұнда халықтың қарасы қалың. Базаршылардың бірі киім өлшеп көрсе, екіншісі оқушы сөмкесінің бағасын сұрайды. Енді бірі оқу құралдарын саудаласып тұр. Қы­зыл­ордалық Жаннұр Тоқтамұратқызының 4 баласы бар. Бәрі де сабаққа барады. Бүгін баста­уыш сыныпта оқитын ұлы мен қызын базарға ертіп әкеліпті.

– Осы кішкентайларды киіндірейін деп алып келдім. 100 мың теңге екеуіне жетпе­ді. 20 мың теңгеден астам оқу құралдарына жұмсалды. Әзір­ге шалбар мен белдемше, сосын­ кеудеше алдым. Оған 40 мың теңге кетті. Әлі спорттық костюмдер алған жоқпын. Балаларымды қатарынан қалдырғым келмейді. Айт­қанын алып бересің. Ал екі үлкеніме бұдан да көп ақша керек, - дейді ол.

Жаннұрдың айтуынша, базардағы баға былтырғыдан қымбат. Бір жыл бұрын 100 мың теңгеге екі баласын бастан-аяқ киіндіріпті. Ал биыл осы сомаға тек мектеп фор­масын  сатып  алған.

Базардағы мектеп киімдерінің көбісі Қытай мен Қырғызстаннан әке­лінг­ен. 10 жас шамасындағы ер балаға арналып Қырғызстанда тігілген көйлектер 2 мың теңгеден болса, Пекинде өндірілген дәл осындай көйлектер 6 мың теңгеден сатылып жатыр. Сатушылар «түркиялық матадан Өзбек­стан­да  тігілген» деп ұсынған көйлектің бағасы­ – 8 мың  теңге. Қыз балаларға арнал­ған ақ жейделер – 3500-4000 теңге.­ Мектеп формасының қытайлық үлгісі 11 мың теңгеден басталады. Ал спорт костюмі – 5 мыңнан  жоғары. Олар да сапасына қарай қымбаттай береді­. Сондай-ақ базарларда аяқкиімдердің ең арзаны – 4000 теңге. Арқаға асынатын рюкзактардың бағасы 5 мың теңгеден жоғары тұрады. Сапалысын іздесеңіз, әрине, қалтаңыз қалыңдау болуы тиіс.

Мектеп формасы ғана емес, оқу құралдарының да бағасы өскен. Сатушы­ Әділбек Мұратов кеңсе заттарына сұраныст­ың көп екенін жасырған жоқ. Соным­ен, базар нарығында дәптер бағасы­ 12 теңгеден қойылыпты. Түрлі-түсті қаламдар әртүрлі, арзаны да бар, ал көңілге қонымдысы 200 теңгеден баста­лады. Сурет салатын альбом – 100-350 теңгеден жоғары. Қалың дәптерлер жұқа, қалыңына байланысты­ 65 теңгеден басталып, 200, 300 теңгеге дейінгі аралықта. Қалам салатын пенал 250-2000 теңгеге дейін жетеді. Өшіргіш, қайшы, ермексаз, фломастер, бояу, қалам ұштағыш, желім секілді заттар да осы тізімнің қатарынан орын алып тұр. Сөмкелердің ең арзаны –2000 мың теңге­ден 5000-ға дейін екен. Сапасы бұдан да жақсысын алам десеңіз, 10 мың теңгеден  асатындары бар.

Ата-аналар базардағы ең төменгі баға қолжетімді болғанымен, сапасы сын көтермейтінін айтады. Ал орташа сападағы керек-жараққа кез келгеннің қолы жете бермейді. Биыл да базар нарқы­ шарықтап тұр.

 

100  МЫҢ  ТЕҢГЕ  ЖЕТПЕЙДІ

Қай ата-ана болсын, барын баласынан аямайды. Бірақ бәріне жаңа зат алып беруге нарық мүмкіндік бере ме? Қызылорда қаласы бойынша 11167 көп­балалы отбасы бар. Яғни үш-төрт, бәл­кім бес-алты бала мектепке барады. Оның үстіне қазіргі  балалар жоқты түсінбейді. Жаңасы болмаса, ескісін кимейтіні анық. Жеке ойы, өзіндік мақсаты бар жеткіншек өзгенің ескісін қайтсін? Былтырғы затыңды ұста дегенге құлақ асатын бала аз. Ал табысы үйдің тамағынан артылмайтын жандар не істейді? Бір үйде әкенің немесе ананың табысына қарап отырған жандар көп. Ал мектеп формасы неге қымбат?

- Жыл сайын баға бетбақтырмай бара  жатыр. Көпшілік амалсыздан қара базардағы қытай мен қырғыздың өнімін алуға мәжбүр. Себебі, отандық тігін фабрикаларының өнімдерінің бағасы­ жоғары. Баланың денсаулығына қолайлы, денесін терлетпейтін, кеуде­сін қыспайтын өз өнімдерімізді алып бергіміз келеді. Бірақ қалтамыз көтермейді, - дейді қызылордалық көпбалалы ана Меруерт Бақытжанқызы.

 

ҚАНАТҚАҚТЫ   ЖОБА

Өңірімізде облыс әкімінің бастамасымен биыл «Далатекс» тігін компания­сы мектеп формасын тігуді бастады. Қызылордадағы 33 мектептен 4 мыңға жуық тапсырыс түскен. Компанияның атқарушы директоры Нұргүл Кусаеваның айтуынша, 2 мыңнан астам мектеп формасы сатылымға шығарылған. Мұнда бастауыш сынып оқушыларына арнап тігілген костюм-шалбардың  құны – 10 мың теңге. Қыз балаларға да осы бағада. Костюмі, кеудешесі, белдемшесі бар. Отандық өнімнің сапасы көңілге қонымды. Былай қарағанда түсі де, тігісі де Түркия елінен әкелінген  тауарлардан кем түспейді.

- Қанатқақты жоба бойынша қала мектептерінде бірыңғай мектеп формасы енгізілді. Жаңа оқу жылында 33 мектепте 1-сыныпқа баратын оқушылардың мектеп формасы таңдалды. Жыл бойы қалған мектептерге ата-аналармен түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Қанатқақты жоба кезең-кезеңмен жүзеге асады, - дейді Қызылорда қаласы білім бөлімінің бас маманы Гауһар Құдайбергенова.

Бірыңғай мектеп формасының ерекшелігі де бар. Түнгі уақытта балалардың қауіпсіздігін сақтау үшін киімде жарықшағылыстырғыш жолақ сызығы тігіл­ген.

Оқу жылына дайындық ата-ана үшін көп жұмыс. Бұл мектепке барғанға дейінгі қаражат ғана. Оған маусымдық киімдерді қоссаңыз, баға тіптен шарықтай түседі.

Сонымен, бір баланы мектепке дайын­дауға қанша қаржы жұмсайтынымызды саралап көрейік. Киім-кешек пен сөмкенің өзіне 50-70 мың теңге шығындайды екенбіз. Оған күнделікті және денешынықтыру пәнінде киетін спорттық үлгідегі аяқкиімдерді қосыңыз. Оқуға қажетті құрал-жабдықтарға 10 мың теңгедей қаржы кетеді.

Бір отбасында екі-үш бала мектепте оқитын болса, қанша қаржы қажет екенін өзіңіз есептей беріңіз...

Құттыбике   НҰРҒАБЫЛ

 

P.S. Қалай десек те, баланы мектепке дайындау – ата-ананың міндеті. Соңғы тиынын жұмсаса да, баланың көңілін табуға ұмтылады. Ашығын айтқанда, мәселе – киімде емес, баланың ой-өрісін кеңейтетін мектеп пен мұғалімнің сапалы білімінде. Санаулы күннен соң, барлық білім ордаларында алғашқы қоңырау соғылады. Қызылорда қалалық білім бөлімінің мәліметінше, жаңа оқу жылында облыс орталығында 58620 бала білім алады. 9 500-ге жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Ендеше, оқушылардың сапалы білім алуына ешқандай кедергі болмауы тиіс.

 


СЕГІЗ ЖЫЛ САҚТАЛҒАН СУРЕТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
22.08.2019 10:50

Мұны  аяқтан  шалу  демеске  шара  жоқ. Нақтысы солай-ау, сірә?! Әңгіменің әлқиссасы әлеумет­тік желід­ен басталған. 2019 жылғы 22 шілде күні «Фейсбук» желісінде Ұ.Гаджиев есімді қолданушы «Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов және Шиелі ауданының  әкімі  Әшім Оразбек­ұлы әділетті шешім қабылдайды деген­ үміттемін» деп пост жария­лаған. Онда Шиелі ауданы әкімінің аппарат басшысы Ғалымжан Күлікбаевтың әрекеті­не қатысты қызметтік тергеп­-тексеру жүргізуді сұраған. Тіпті, пост авторы білдей аппарат басшысын мұғалімдер мен директорларды қорқытып, ақша жинайды деген көрінеді. Сондай-ақ, оның жағажайда ішімдік ішіп отырған фотосуретін де жария­лапты.

Сөйтіп, осы іс ҚР  Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облы­сындағы Әдеп жөніндегі кеңеске келіп түскен. Содан тергеп-тексеру жұ­мыс­тары басталған. Зерделеу ба­ры­сында фотосурет 2011 жылы түсі­рілгені  анықталған. Оның үстіне сол уақытта Ғ.Күлікбаев кезект­і  еңбек  демалысында бол­ған екен. Және сол жылы аудан әкімі аппара­тының бас инспек­торы қызметін атқарыпты. Он  жылға­  жуық  уақыттан  соң таспа­ға тартылған суреттің әлеуметтік желід­е «жарқ» ете қалуын қалай түсінуге болады? Бұл аяқтан шалу емес пе? Жалпы, осы тектес сауал көп. Оның ақ-қарасын  суретті  желі­ге  жүктеген  адам  ғана  білер.

Әдеп жөніндегі кеңесте қарал­ған  бұл мәселе тіпті кеңес мүшелерінің күлкісін келтірді. Тіпті, таң­ғалдырды. «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» Заңының  45-бабы, 1-бөлігінде тәртіптік жаза теріс қылық анық­талған күннен бастап бір айдан кешік­тірілмей қолданылады және оны теріс қылық жасалған күннен бастап­ алты айдан кешіктіріп қол­дану­ға болмайды делінген. Әдеп жөніндегі кеңес қызметтік тергеп-тексерудің материалдарын қарап, Ғ.Күлікбаевтың  түсінігін  тыңдап, әрекетін құқықтық жағынан бағалай­ отырып, істі тоқтату туралы­ бір­ауыздан шешім қабылдады. Айта кетейік­, Шиелі ауданы әкімінің  аппара­т басшысы Ғалымжан Қыдияр­ұлының мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі – 14 жыл 1 ай. 2019  жылдың  15  нау­рызында  «сөгіс» түріндегі тәртіп­тік  жаза  қолда­нылған.

Бұдан кейін Байқоңыр қаласы, Абай даңғылы №3 үй, 39-пәтер тұрғыны Н.Девяткиннің өтініші негізінд­е агенттікпен ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамта­масыз  ету  басқармасы  басшы­сының орынбасары М.Демесиновтің үстінен тәртіптік іс қозғалып, қызметтік тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілген. Әдеп жөніндегі кеңес­тің 2019 жылғы 21 ақпандағы №4 шешімі негі­зінде ҚР мемлекет­тік  қызметшілердің  әдеп  кодексі­нің 5-тарма­ғы 2-тармақшасында көзделген талап­тарды сақтамай, тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін М.Демесиновке «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданыл­ған. Кеңес­ке келген басқарма бас­шысының орынбасары болған жайтқа­ өкінетінін айтты. Маусым айында басқарма басшысы Әдеп жөніндегі кеңестің қарауына орынбас­арының  тәртіптік  жазасын мерзімін­ен бұрын алу туралы ұсыныс­  тастаған. Кеңес мүшелері М.Демеси­новтің «сөгіс» түріндегі тәртіптік жазасын мерзімінен бұрын алып тастауға келісім берді.

Кеңесте Әйтеке би кентінің әкімі Жарасхан Мұратбаевтың тәртіптік ісі де қаралуы керек еді. Алайда ол сотқа шағымдануына байланысты тәртіптік ісі кейінге қалдырылды.

Сонымен қатар, отырыста бір­қатар облыстық мекемелердегі тәртіптік комиссия жұмысының есебі тыңдалды.

 

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ТЕГІН ДӘРІНІ КІМДЕР АЛАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
22.08.2019 10:48

Елімізде дәрінің көмегімен өмір сүретін азаматтар аз емес. Олардың дәрілік препаратсыз қауқары жоқ. Антибиотикке тәуелді науқасқа кім қарайды? Ақысыз берілетін дәрі-дәрмектерді кімдер, қайдан және қалай ала алады?

Қазақстанда тегін және жеңілдікпен берілетін дәрілермен қамтамасыз ету жүйесі осыдан 14 жыл бұрын енгізілді. Бүгінде байыпты бағдарлама  жергілікті және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Негізінен тегін дәрі созылмалы сырқаттарға арналған. Атап айтқанда, қант диабеті, артериялық гипер­тензия, онкологиялық  аурулар. 2020 жылдан баста­п балаларға дәрілер міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру (МӘМС) аясында тегін таратылады. Денсау­лық сақтау министрі Елжан­ Бір­тановтың мәлімдеуінше, тегін дәрімен қамту сала-сала бойынша жүргізіледі. Болаш­ақта қоғамның әлеуметтік әлжуаз топтарының тізімі кеңейтіледі. Медициналық сақтандыру аясында дәрілерді тағайы­ндау – әлемде бар тәжірибе. Оған қоса  Елжан  Біртанов  рецептуралық  дәрі-дәрмек нарығы 300 млрд теңгеге жуықта­йтынын мәлім­деген болатын.  Балал­ар ауруы, онколо­гия, туберкулез, психиатрия секілді негізгі бағыттар бойынш­а мемлекет тегін дәрімен қамтамасыз  етеді.

– Біз осыған жету үшін ұзақ уақыт еңбектендік. Жылдан-жылға қаржыландыруды арттырдық. Енді міне, медициналық сақтандыру шарты бойынша мәселені түпкілікті шештік, - дейді еліміздің бас  дәрігері.

Деректерге сүйенсек, 2017 жылдың  1 шілдесінен 2019 жылдың 30 маусымына дейінгі аралықта медициналық сақтандыру қорына 186,2 млрд теңге түскен. Аударымдар жүйе іске қосыл­ған алғашқы жарты жылда өзі үшін жарна төлеуге мін­деттелген жеке кәсіп­керлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт (АҚК) негізінде еңбек ететін тұлғаларға, сондай-ақ жұмыс берушілерге тиесілі.  Яғни жинақталған қаражаттың 95,3% немесе 177,4 млрд теңгесін жұмыс берушілер, қалған 4,7% немес­е 8,8 млрд теңгені жеке кәсіпкерлер мен АҚК негізінде еңбек ететін санат аударған. Облыстық ден­саулық  сақтау  басқармасы  басшысының емдеу, алдын алу жөніндегі  орынбасары  Олжас Искаковтың айтуынша, келесі жылға қажетті дәрілерге тапсырыс әзірленіп жатыр. Мұны әрбір медицина ұйымы жеке дайындайды.  Тіркелген науқас­тарға қажетті дәрі-дәрмектің тізімін жасайды. Ал берілетін дәрілер «СК» фармация» ЖШС арқылы облысқа жеткізіледі. Олжас Искаковтың мәлім­деуінше, 3 жылда тегін дәріге берілетін қаржының көлемі артқан. Қызылорда облысы­  бойынша 5 млрд теңге көле­мінде тапсыр­ыс  берілген.

Алайда Денсаулық министрлігіне арызданатындар азаяр емес. Емхана табалды­рығын тоздырып, тегін дәрі үшін тартысудан жалыққандар  кепілді көмекті күтпейді. Өз қаражатына сатып алатыны аян.

Бір қызығы, жыл сайын тегін дәрі-дәрмек тізімі жаңарып тұрады. Сол тізімге енетін препараттар сұранымы жазда құрылады. Қоңыр күзде жаңа мәліметтер негізінде бекітіледі. Әйткенмен, мемлекет тарапынан көмекке мұқтаж адамдар саны жыл соңында тіптен көбейеді. Яғни қанша адамға қанша дәрі қажет екенін дәл есептеу  мүмкін емес десе де болады. Оның үстіне ауру түрі көп. Соған сәйкес, ішетін дәрілердің де түр-түрі бар. Ал жергілікті бюджеттің тегін дәрімен қамтамасыз етуге қауқары жетпейді. Елімізде дәрілердің 80 пайызы  өзге мемлекеттерден алынады. Оларға қаражат шетел валютасымен төленеді. Тағы бір мәселе, қажетті дәрінің берілмеуі. Науқастар арасында «мына дәріні ішетін едім, неге басқасын бересіңдер?» деген наразылық жиі айтылады. Денсаулық сақтау басқармасы дәріге тапсырысты­ халықаралық атаумен  жібереді.  Ары қарай, тендерді алған мекеме жауапты.

Облыстық денсаулық сақтау басқар­масы басшысының емдеу, алдын алу жөніндегі орынбасары  Олжас Иска­ковтың мәліметінше, облыста  созыл­малы сырқаттар бойынша 46836 бала, 127449 ересек диспансерлік есепте тұр. Алайда науқас азаматтар мемлекет ұсынған­ тегін көмектен қалыс қалған жоқ. Бүгінге дейін қажетті дәрі-дәрмегін алған.­ Ал дәрі алмаған жағдайда 1439 желісін­е қоңырау шалып, сұрауға болады.

- Халқымыз «Отбасына ауру кірді дегенше­, әлек кірді десеңші» деген ғой. Бұл даналықты кеңірек түсінсек, халықтың денсаулығы мықты болса, мемлекет те экономикалық-әлеуметтік жағынан күшейеді. Түрлі аурулар көбейіп, халық денсаулығы нашарласа, мемлекет тара­пынан  оған бөлінетін шығындар да шаш етектен болмақ. Елбасы тапсырмасымен жаңа жүйе 2017 жылдан бастап жүзеге асырылды. Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс берушілердің төлемдері, мемлекет пен жұмыскерлердің қорға төлейтін жарна­лары  есебінен құралады. Міндетті әлеумет­тік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы адамдардың амбулаторлық ем қабылдауға, алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуға қолжетімділігі артады. Бұл халық ден­саулы­ғының жақсаруын­а ықпал етеді, - дейді  Олжас  Ермекұлы.­

Облыстық көпбейінді балалар ауру­ханасының бас дәрігері Зоя Кушенова да жаңа жүйенің халыққа тиімді екенін айтады­. Оның пікірінше, науқас дәріні көз жұмып іше бермей, өмір салтын да өзгертеді. Ең бастысы, ем мен дәріні уақытылы пайдаланса, дәрігер мен өзіне тиімді болмақ. Бұл маманға сырқаттың  препарат дозасын анықтауға қиындық тудырма­йды. Себебі мөлшерін дұрыс тағайын­дау арқылы пациенттің өмірі ұзарады­,  жақсарады.

- Жалпы алғанда, науқас өз өміріне белсенді түрде атсалысады. Медициналық қызметтің қандай түрін тегін алуға болатынын  біледі. Ал емдеуді ерте бастау­ үшін халық жиі медициналық тексерулерден өтіп отырады. Осының нәтижесінде елдегі түрлі аурулардың асқынып кетуінің алдын алып, мүгедектердің санын азайтуға мүмкіндік бар. Міне, Қазақстанда денсаулық сақтау саласында осы қадамға баруды көздеп отыр. Жаңа жүйе кез келген­ тұрғынды медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Оның басты маңыздылығы да сонда, - деп түсіндірді бас дәрігер Зоя Рахатқызы.

Иә, мемлекетіміздің қолдауымен денсаулық сақтау саласын заманауи озық технологиялармен қаруланған, жоғары өркениет талаптарына сай сапалы қызмет көрсететін деңгейге көтеру үшін барлық мүмкіндік жасалуда. Қабылданған жаңа реформалар өз жемісін беруде. Облыста медициналық нысандар саны артты. Емханалар заманауи құрал-жабдықтармен қамтылды. Дәрігер мамандардың білік­тілігі арттырылды. Науқастарды тексеруден өткізіп, жоспарлы түрде ем жүргізу жолға қойылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы соңғы 3 жылда жоспарлы жұмыстар жүргізді. Жыл басынан бері Қызылорда облысының 795 мың тұр­ғынына 23 стационарлық,  5 жеке  және 20 амбулаториялық емханалар медициналық көмек көрсетуде. Соңғы бес жылда­ елді мекендердегі бастапқы  медициналық санитарлық  көмек көрсететін ұйымдар­дың 63 пайызы жаңартылды. Өткен жылы Арал, Қазалы  аудандық орталық­ ауруханалары   пайдалануға берілді. Бұл өз кезегінде аудандарда  медици­наның бейінді саласын дамытуға мүмкіндік беруде.

Әлбетте, ақысы қалтасынан шықпайтын дүниеге бәрінің де таласы бар. Ол талас­ дәрінің жетпей қалатынынан  көрініп тұр. «Тегін ғой, алып қалайын» деп ұмтылмаңыз.  Дәрі-дәрмекті деніңіз­дің саулығы үшін қабылдаңыз!

Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

 


ЕРДІ КЕБЕНЕК ІШІНДЕ ТАНЫ (Болған оқиға ізімен) PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
22.08.2019 10:45

Халық «Елін сүйген ер болар» дейді. «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі» дейді тағы  да.

Иә, ел намысы үшін ерлік­ке бара алар азаматтарды кебен­ек ішінде танып-білу аса маңызды.

Кебенек – сыртқы киім. Оны көбіне-көп жорықта, аңшылықта киеді. Демек, бұл киімді кез келген адам кие алады. Олай болса, «Ерді кебене­к ішінде  таны» деген – ер жігітті киіміне қарап емес, жан дүниесіне, іс-әрекетіне байланысты бағалау, сынау орынды  болып  шығады.

Ер ел басына күн туғанда сыналса, сондай сынақтың бірі – өткен ғасырдың соңына­ таман кеңестік дәуірдің аяқталар шағында тарих сахнасында дүниеге келді. Ол сынақ – 1991 жылдың тамыз айының 17-18-і күндері «Тамыз­  бүлігі» деген атпен тарихқ­а  енді.

Сол бір сұрапыл күндері Кеңес үкіметі үшін тағы бір мемлекеттік төңкеріс, яғни революция тым жақын қал­ған-ды. Халық сенделіп кетті. Кімнің кім екені, ескі сана мен  жаңаның  жақтаушылары­ жіктеле  бастады.

Осындай ел басына күн туған­ шақта бар үмітіміз тек бүгінгі Елбасы Н.Назарбаевта­ болатын. Біз үміт күттік. Ел үміт күтті.

«Ереуіл атқа ер салған» «Азат» қоз­ғалысы мүшелері үміттеніп қана қойған­ жоқ. Елбасы саясатын қолдап төңіре­гіне топталды. Мемлекетіміз үшін идеоло­гиялық  майданға  шықты.

«Азат» қозғалысы Қызылорда об­лыстық үйлестіру кеңесінің шұғыл жиыны­ өтіп (сол кезде мен облыстық үйлестіру кеңесінің мүшесімін - Н.Ж.), халыққа: «Еліміз үшін осы  бір  тағ­дырлы­ кезеңде  азаматтарды  заңды  сайлан­ған халық өкіметі институт­тарын қолдап, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың төңірегіне топтасуға, республика­мыздың Конституциясы мен мемлекет­тің Егемендігі туралы Декларациясына адалдық сақтауға шақырамыз!..­

Диктатураға – жол жоқ!

Заңды сайланған Үкіметті қолдаймыз!

Қызылорда облыстық «Азат» қоз­ғалысы», - деп жер-жерден еріктілерді Алматыға жинауды ұйымдастырға­нымызды бүгінде екінің бірі біле бермес!­

Кешкілік шұғыл жиыннан бір бума «Азат» газетін құшақтап, қоғамдық көлік – автобустың алдыңғы жағынан мініп, газетті халыққа таратпақшы боп: «Ағайындар, бауырлар! Төңкеріске жол жоқ! Егемендігімізді, елдігімізді сақтап қалу жолында топтасайық! Газетті алыңыз­дар, оқыңыздар!», - деп айғай салайын  кеп.

Қызық болғанда, менің айғайымды естіген, жұмыстан қайтқан халық артқа қарай  ығыссын! Қарасам, жанымда  тек бір қарт кісі ғана қалыпты. Байғұс қария: «Балам, абайлашы! Абайлашы!...»  -  дей  берді ақырын.

Бұл көрініс алғашында көңілімді пәс етіп, әл-дәрменнен айырылып қалардай аяқ-қолымды қалтыратқанымен, кенет есіме әлдене түсіп, қайта қайраттанып  кеттім.

Иә, бұл сәт елдікті, ұлт мәселесін көтеруде аса қатерлі болғанымен, намыс отының шарпыған кезі еді. Қатерлісі – Кеңес Үкіметі ұлт мәселесіне тым үрке қарап, сақтанатын. «Намыс отының шарпуы» – Желтоқсан оқиғасынан кейін басылып-шаншылып қалған қазақ халқынан басқа ұлттар «ұлттық майдандарын» құрып, әлемге Азаттық сүйгіш, рухы биік ел екендіктерін паш ете бастаған-ды. Сол сәтте бүткіл дүниег­е қазақтың да үні естілуі тиіс болатын.­

Сірә, осы есіме түсіп, қайраттанып кеттім-ау!

Газетімді келесі аялдамадан түсіп бара жатқан әлгі қариядан басқасы алмады­. Шын мәнінде, қорықты!..

Көңілім құлазып, бір досымның үйіне келсем, біраз жігіттердің басы құралып, теледидар алдында отыр екен. Бірсыпырасының жүзі жабырқаулы. Теледидардан симфониялық оркестр бір азалы әуенді орындап жатыр.

Мені көргенде, кейбірінің жүзі қатуланып шыға келді. Арасынан бүгінде көрші ауылдың бірінде әкім болып істейтін ұзын бойлы сары жігіт:

- Ә-ә, «Азат» келдің бе?! Сенің дәуірің, демократтардың дәуірі өтті де кетті!  Енді біздің, яғни коммунистердің дәуірі қайта оралды! Бәріңді құртамыз!  - деді  тістене.

Күні бүгінге дейін сыйлас боп келген  жерлесімнің табан асты күрт өзгеріп шыға келгеніне қатты таңғалдым.

«Ау, біз туыс емеспіз бе?! Табан асты не  болып қалды?!» - дегендей, басымды­ бір шайқап, сыртқа шыға жөнелдім. Бейне отызыншы жылдардағы жен­дет­терді  көргендей  болдым.

Қаным  басыма  шапты. Біразға дейін  өзіме-өзім келе алмадым. «Жыртық үйдің  де  Құдайы бар» деген, көп ұзамай «Тамыз бүлігін» ұйымдастыр­ған «ГКЧП»-нің де аяғы аспаннан келді. Алайда әлгі жігіттің қылығы ойымнан кетпей-ақ қойды.

Осылайша, әрі-сәрі боп жүрген сәтімнің  бірінде ауылдасым, ізіме ерген­ күрескер інімнің бірі Аманқос Базар үйге  келіп:

- Нұреке, мен Ленинск (ол кезде Байқоңыр қаласы осылай аталатын – Н.Ж.) қаласынан мықты жігіттерді жолықт­ырдым. «Азат» қозғалысы туралы­ білгісі келеді. Халыққа кеңінен түсіндіру үшін жергілікті телевидениеге шақырып жатыр. Сіз жөнінде жақсы таныстырдым, - деді.

Межелі уақытта, яғни күзде Ленинск қаласына жеттік. Біз үшеуміз. Мен, Аманқос Базар және қазалылық бір қыз (өкінішке қарай, қыздың аты-жөнін ұмытыппын. - Н.Ж.)

Бізді бір жігіт қарсы алды. Таныстық. Аты-жөні – Шәкизада Әбді­кәрі­мов. Телевидениеде қызмет атқарады екен.  Әрі  ақын көрінеді. Тікелей эфир­ге­ шықтық. Хабарды жүргізуші журналист жігіт арнайы сенсациялық сұрақтарға дайындалған екен. Сауалы ұлт­аралық, дінаралық шиеленіске әкеп соқты­ратын қитұрқы сұрақтарға толы. Өкінішке қарай, Аманқостың құлағы ауыр еститін. Қыз баланың да терең білімі жоқтығы әп дегеннен-ақ белгілі болып қалды. Амал нешік, ауыртпалықтың көпшілігін өзім көтеруіме тура келді. Өйткені, сәл нәрседен қателессең-ақ, шовинисттердің шамына тиіп кетерің сөзсіз-тұғын.

Бар білім-парасатымды пайдаландым. Небір қитұрқы сұрақтарға «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», яғни өзімізді де, өзгені де ренжітпей, ұлттық мүдде тұрғысынан байыпты жауап­ бердім. Сұхбат өте сәтті шықты. «Азат» қозғалысының барлық мұрат-мүддесін  бүкпесіз  баяндадым.

Сұхбат аяқталған соң, Шәкизада өте риза кейіпте қолымды қысты. Жігіттер шығарып салып тұрғанда Шәкизада:

- Нұреке, екі-үш айдан соң, Ленинскі­де «Азат» қозғалысы жергілікті ұйымының құрылтай жиналысын өткіземіз. Міндетті түрде келіңіздер, - деді қолымды қайта-қайта сілкілеп.

- Шақырсаңыздар, келеміз, - дедік, ризашылығымызды білдіре таксиге мініп  жатып.

Таксимен  теміржол вокзалына қарай жүйткіп келеміз. Байқаймын, көлік жүргізушісі кавказдық, не түрік жігіті көліктің алдында отырған маған біртүрлі ойлана қарағыштай беретін секілді. Мен мұны аңғарсам да, үнсізбін. Бір  кезде  шыдамады-ау деймін:

- Сіздерді жаңа ғана теледидардан көрдік. Тікелей эфирден, - деді.

- Солай ма?! - дедім, мен де қазақша тап-таза сөйлеп тұрған жігітке таңдана қарап.

- Сіздерді, «Азат» қозғалысының мүшелері, сұхбат береді деген хабар әп-сәтте қалаға тарап кетті. Біз «Азат» қозғалы­сы дегенде, көруге құмарттық. Таксопарктегі теледидардың алдына, әсіресе, орыстар көптеп шоғырланып алып, бір сөздеріңізді де қалдырмай аудартып отырды. Бірақ, артынан сіздерге қатты риза болды. Тіпті, бір орыстың «Бұларды КГБ жіті бақылап отыр» дегенін де естіп қалдым, - деді таксист  күрсіне.

«Апыр-ай, бір сөзден жаңылғанда, өте абыройсыздыққа душар болып, ұлтымызға үлкен зиян жасап алады екенбіз-ау!» - деп іштей қатты қобалжып кеттім.

Осылай ойланып отырғанда, вок­залға да келіп қалыппыз. Түсерде таксист  жігіт:

- Қазақстан жеке мемлекет болып кетсе, біздің халық та қауіпсіз өмір сүрер еді!.. - деп, тағы да бір күрсініп қалды. Бойында үрей де бар сықылды.

- Айтқаның келсін, - дедім арқасынан  қағып.

Ол еріксіз басын изеп, жүріп кетті. Іштей: «Депортацияға ұшыраған халықтың­   өкілі-ау!»  - деген ой келді.

Үшеуміздің  де арқамыздан үлкен жүк түскендей, қуана вокзалға кірдік. Мұндағылардың көпшілігі бізге қарайтындай. Сірә, жаңағы бір сәтте баршас­ы бізді теледидардан көрген секілді. Әлде бізге солай көрінді ме екен?!

Вокзалдағыларға асықпай көз жүгірте бастағанымда, «Мәс-саған! Құдайдың құдіретіне шек бар ма?!», баяғы «Тамыз бүлігінде» мені құртпақшы болған ұзынтұра сары жерлесім көзіме  оттай  басылды. Мені көріп, түрі бұзылып кетті. Түк болмағандай  жалма­-жан  амандасып  жатыр.

- Ассалаумағалайкүм!

- Уағалайкүмассалам!

- Жаңа ғана теледидардан сұхба­тыңды  көрдім. Өте  тамаша!..

Мен жерлесімнің жүзіне үңіле қарадым. Бірдеңеге ыңғайсызданатын секілді. Бойында үрей де бар ма қалай?!..

«Не деген екіжүзділік! Не деген аярлық!»­

Менің ештеңе дегім келмеді. Тек:

- Рақмет! - деуге ғана аузым барды. Бұрылып жүре бердім.

Көп ұзамай, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан өзінің Тәуел­сіздігін  жариялады.

Ұлы Далаға келген мұндай бақыт нұрын кебенек кигендердің ішінде шын көңілімен де, немқұрайды да қарсы алған­дары жетіп артылды. Тек кебенек кигендердің арасынан нағыз ерлерді тани білген абзал.

Күндердің  бір  күнінде Ленинскіден де хабар келді. «Азат» қозғалысы ұйымын­ құрмақшы екен. Бардық. Ұйым  құрылды.

Осы бір тарихи сәтте мені өзіне қатты тәнті еткен кебенек киген ер жігіт Шәкизаданың  іс-әрекеті  болды.

Ленинскінің ең маңдайалды теа­трында Ресейден келген делегаттардың өте маңызды жиналысы өтуі тиіс болатын­. Сол жиналысты басқа жерге аудартып, орнына «Азат» қозғалысының жиналысын өткізудегі өткірлігін, шешендігін, ақыл-парасатын көріп, қатты таңғалдым. Жиын соңын қазақша концертпен аяқтатуы бір ауыз қазақша сөз айтылмайтын қала үшін өз алдын­а бір төбе рухани сілкініс болды.

Иә, бүгінде білгіш те көп, айтқыш та көп. Солардың басым көпшілігі кезінд­е жағдайға қарап қимылдап, не болмаса «ГКЧП»-ның кезінде орыс шовиниз­мінің көркін қыздырмақшы болған, өз халқына қарсы жалын күжірейтіп  шыға  келген  ұзынтұра  сары сықылдылар  екені  жасырын  емес.

Бүгінгі күні қоғамымызды жайлап алған, мемлекеттігімізге үлкен қауіп әкеліп отырған жемқорлық дертінің негізі де кебенек ішіндегі ер жігіттердің азайып кетуінен-ау!

Қалай десек те, «Ерді кебенек ішін­де таны» демекші, Шәкизада Әбді­кәрімов сынды азаматтарды танып, елдігіміз үшін жіті пайдалана алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Нұрбай   ЖҮСІП,

Арал   ауданы

 


ОРАЙЛЫ ІС пен ОҢ ҮРДІС PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
22.08.2019 10:30

ТЫНДЫРЫМДЫ   ІС – НӘТИЖЕЛІ   КӨРСЕТКІШ

Қаланың экономикалық тұрғыда дамып­, қалыптасуында стратегиялық міндет жүйелі түрде өз-өзін айқындап отырады. Шаһардың болашағына байлан­ысты әр жоспар, әр бағыт өзіндік құнымен маңызды. Осындай іргелі істерді атқару барысында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың іскерлік һәм басшылық міндеті жеңіл  емес. Бүгінде өңір экономикасы­ның даму динамикасы нәтижелі көр­сеткіштерге қол жеткізді. Соңғы жылдары қаланың көлемі бірнеше есеге ұлғайып, халық саны артты, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер, демалыс орындары, саябақтар, жаңа мөлтек аудандар, жаңа көшелер пайда болып, қала тұрғындарының өмір сүру сапасының­  артуына мүмкіндік мо­лайды. Жыл басында қала бюджеті 43 млрд теңге көлемінде бекітіліп, алғашқы­ жыртыжылдық қорытынды­сымен 70 млрд теңгеде­н асқан. Бұл – бюджет көлемінің жыл басынан бері 62,5 пайыз­ға ұлғайған көлемі.

Тұрақты өсім, лайықты көрсеткіш көрсетіп келе жатқан саланың бірі – өңдеу өнеркәсібі. Басым бағыт мұнай өндіруге берілгенімен, қазіргі ахуал өзгерген. Оған себепті үнемі айтып келеміз, яғни  мұнай өндіру көлемі жыл санап кемуд­е. Жекелеген мұнай скважиналарының сулан­уы салдарынан экономиканың біраз күретамыры байлану алдында­. Сондықтан аймақ  бойынша да, қала негі­зінд­е де өнеркәсіпке бет бұру бас­талды. Есепті кезең ішін­де  өнеркәсіп кәсіпорын­да­рымен 372 млрд теңгенің, өңдеу өнеркәсібі саласында 18 млрд теңгенің өнімі өнді­рілген. Кез келген саланы дамытуд­ың оңтайлы тетігі бар, ол – инвестиция тарту. Сол арқылы экономиканы әртараптандырып, саланың бойына қан жүгіртуге әбден болады. Бұл бағыттағы жұ­мыс­тар да оңтайлы шешім тауып­ тұрған секілді. Өйткені қала көлеміндегі негізгі капи­тал­ға салынған инвестиция өткен  жылмен  салыстыр­ғанда 50,5 пайызға артып, нәтижесінде  қалаға  58,7 млрд теңге  инвестиция  тартыл­ған. Тілге тиек етерлігі, облысқа салынған инвестицияның 32,5 па­йызы  Қызылорда  қаласының  үлесінде.

8   ЖОБА   ЖҮЗЕГЕ   АСУДА

Нарықтық экономикада кәсіпкерлікті дамыту мәсе­лелер­іне назар аударылады. Бұл дамушы елдердің басым көп­шілігіне тән. Қызылорда облысында да 2018 жылдан баста­п кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы шеңберінде қаланың бизнес климаты жақсарып­, шағын кәсіпкер­лікті дамытуда айтарлықтай оң өзге­рістер  қалыптасуда. Оған дәлел ретінде облыс бо­йынша нақты жұмыс істеп тұр­ған  кәсіпкерлік  субъекті­лері­нің 50,8 пайызы Қызыл­орда қаласына тиесіл­і  екен­дігі.

- «2015-2019 жылдарға арналған индуст­риялық-инновациялық дамы­ту­дың» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда қаласы бойынша өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізіл­ген 67,8 млрд теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылуда. Жобалар толық іске қосылғанда 1 мың 190 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. «Жаппай кәсіп­керлікті дамытудың өңірлік Жол картасы»  аясында  ағымдағы жылы құны 2,6 млрд теңгені құрайтын 249 жоба іске  қосылып, 278 жаңа жұмыс орындары ашылған, - деді қала әкімі Н.Нәлі­баев қалалық мәслихат депутаттары алдын­да  алты айлық қорытынды есеп беру  барысында.

Әлеуметтік-экономикалық жағ­дайды өзгертуге бірден-бір септігін тигізет­ін сала ретінде ауыл шаруашылығын айтуға болады. Сыр өңірінің баса мән беретін екі бағыты бар, бірі – егін, екіншісі – мал шаруашылығы. Алғаш­қысының  өнімділік сапасын жақсар­туда­ мүмкіншілік көп. Осының өзінде Сыр маржаны саналатын ақ күрішке орақ түсуін күтіп отырған қаншама шаруаш­ылық бар. Мал шаруашылы­ғында да шаруа шаш етектен. Сонда да бұл салаларды аяқтан тұрғызып, кедергі­сіз дамуына барынша жағдай жасалы­п келеді. Оған нақты дәлел ретін­де   алғашқы  жартыжылдықта  ауыл шаруашылығы  өнім  көлемінің 1,3 млрд теңгені  құрағанын  айтуға  болады.

 

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ   ИГІЛІГІ

Қызылорда қаласының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту бағытында оңтайлы істер атқарыл­ып келеді. Әсіресе бесжылдық бедерін­де бұл мәселенің күрмеуі шешіліп, түйіні тарқап келе жатқаны анық байқалу­да. 2014 жылдан бері қарай облыс орталығының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын қалыпқа келтіріп, жаңартуға республикалық, облыстық, қалалық бюджеттерден 27 млрд теңге қаражат бөлінген. Жол жөндеу жұмыстары ең ауқымды жобалардың біріне айналып, ағымдағы жылы қала көлемінде жалпы ұзындығы 75,4 шақырымды құрайтын 176 көше күрделі, орташа, қайта жаңғыртудан өтуде. Қалаға қарасты елді мекендердің жолдары да ретке келтірілуде. Сондай-ақ, қала орталығындағы жаңа көпірден бастап «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолына дейінгі аралықты жалғайтын және Сырдария өзенін жағалай орна­ласатын 2 магистралды көшенің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы,­ соңғы жылдары Қызылорда қаласының жол құрылысын дамытуға 25 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалып, 600 шақырымнан астам жолдар орташа, күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтті. Қаланы «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жұмыстары да жоғары қарқынмен жүргізілуде. Магистральды жылу желілерінің 60 пайыздан астамы  қайта жаңартылған. Мәселен, қалаға қарасты 2 кент, 7 ауылдық округ болса, 2015 жылы Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округі, 2016 жылы Талсуат­ ауылдық округі, 2017 жылы Белкөл кенті газға қол жеткізген. Биылғ­ы  жылы Қарауылтөбе ауылдық округінде­ газдан­дыру жұмыстары басталды. Осылай­ша қалаға қарасты елді мекендерді газдандыру мақсатындағы ауқымды жобалар кезең-кезеңімен ат­қа­рылу­да. Бүгінгі күні қаланың газдандыру көрсеткіші  95  пайызға  жеткен.­

 

ҚАЛАНЫҢ   БАС   ЖОСПАРЫ   ӨЗГЕРДІ

Өңірде атқарылып жатқан игілікті істердің ең маңыздыларының бірі – халық­ты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Расында, тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, басқа өңірлермен салыстырғанда халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселене түсуде. Бес-алты жыл ішінде шаһар келбеті ондаған жаңа шағын  аудандармен  толығып, 7 мыңнан астам қызылордалық  баспаналы болды. Биыл  да бұл  жұмыстар легі өз қарқынын­ жоғалтқан жоқ. Атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 22 млрд 375,5 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,3 есеге артты. Облыста жүзеге асқан құрылыс жұмыстарының 40 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде.­

Құрылыс  саласындағы  жұмыстардың ең ауқымдысы – Сырдария өзені­нің сол жағалауындағы жаңа қалада. Респуб­ликалық, облыстық бюджеттерден 820 пәтерлік 16 көпқабатты аренда­лық тұрғын үй мен 830 пәтерлік 17 көп­қабатты кредиттік тұрғын үйлердің құрылыстары жүргізілуде. Тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында Қызыл­орда қаласы басқа аймақтарға үлгі боларлықтай ауқымды, тың бастама­ мен өміршең бағдарламалармен ерекшеленіп отыр. Нақты айтқанда, басқа өңірлерде теңдесі жоқ «Баламекен» жобасы­ аясында Болат Өтемұратовтың жеке қорының демеушілік қолдауымен 100 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Сонымен бірге, 50 пәтерлік 25 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сүйінші­лей айтатын жаңалықтардың қатары мұнымен таусылмақ емес. Қызылорда қаласында демографиялық өсім қалыптасып, жыл сайын халқының саны артуда.­ Сәйкесінше қаланың көлемі ұлғайып, шекарасы кеңейген. Қала аумағының көлемі бұған дейін 11 мың гектарды құраса, бас жоспарға сәйкес бүгінде жер көлемі 20 мың 600 гектарға ұлғайтылды. Бас жоспардағы өзгеріс­тердің  ең маңыздысы, қала маңындағы «Сабалақ», «Эдельвейс», «Болашақ», «Орбита» саяжайлары қала аумағына енгізілді. Бұған дейін осы елді мекен тұрғындарының жол, ауызсу және жарық туралы көтерген мәселелерін шешу қолданыстағы заң талаптарына сәйкес мүмкін болмаған еді. Ендігі ретте­, аталған саяжайлар облыс орталы­ғы құрамына енгізу арқылы тиісті қаржы бөлініп, инженерлік инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік туады. Бас жос­парға түзетулер енгізу жобасында қала аумағы 14 тұрғын ауданға бөлінді.

 

ОҢ   ҮРДІС   ЖАЛҒАСАДЫ

Қала көлеміндегі атқарылған жұмыс­тардың қатары білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, жұмыспен қамту секілді салалардың жетістіктерімен толығуда. Мәселен, жыл сайын қала бюджетінің 60 пайызы білім саласына бағытталып келеді. Қызылорда қаласы облыс бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен соңғы екі жылда­ қатарынан бірінші орынды иеленіп келеді. 2018-2019 оқу жылының қорытындысымен 1 мың 724 мектеп бітіруші түлектің ішінен 121 түлек «Алтын­ белгі», 101 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Ал 2014 жылдан бастап­ Қызылорда облысының түлек­теріне Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарында білім алуға жасалған мүмкіндікті пайдаланған Қызылорда қаласы түлектерінің 370-і – бүгінде Ресей­ Федерациясының беделді оқу орындарының студенті. Білім беру нысанд­арының саны да жыл сайын артуда.­

- Халық пен билік арасындағы байланысты дамыту, заман талабына сай жұмыс істеу біздің басты мақсатымыз болып қала бермек, - деді қала әкімі Н.Нәлібаев халық  қалаулыларының  алдын­да  оқыған баяндамасының  соңында­.

Жалпы  алғанда, облыс орталығының қарқынды дамуы мен әлеуметтік-эко­номикалық жағдайының тұрақ­тылығын сақтауға әр тұрғын өзінше үлес тигізуі – парыз. Ал жаңа жобалар мен жарқын бастамалардың оң үрдісі жалғасын­  таба  бермек.

 

Н.ҚАЗИ

 


ШИЕЛІДЕ ШАҒЫН КӘСІП ШАТҚАЯҚТАМАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
22.08.2019 10:15

Өткен бейсенбіде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының қолдауымен, өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері Шиелі ауданына баспасөз турына барды. Жолай біз бағыт алған өңірдегі баратын нысандардың тізімі қолымызға тиді. Риза болғанымыз, бір-біріне ұқсамайтын бес қызмет түрін жандандырып отырған шағын кәсіп иелерімен таныстық. Оның ішінде ауқымды жерді алма бағына айналдырғаны, жағажай қызметін жандандырғаны, қыш өндіруді қолға алғаны, мал шаруашылығын дамытқаны және тігіншілікті кәсіп қылғаны бар. Айтпақшы, бұл шағын кәсіп иелері ауданның әр ауылында жұмысын жолға қойған екен.

АТАДАН  МАЛ ДА  ҚАЛСЫН, ТАЛ ДА  ҚАЛСЫН

Шиелі ауданына ұйымдас­тырылған баспасөз туры Тар­тоғай ауылдық округіндегі кәсіпкер Сейтқазы Әлібаевтың «Алыба­ев» шаруа қожалығынан басталды. Ол – 10 гектар жерді құрайтын аумаққа алма ағаш­тарын отырғызып, өнім алуға ниеттенген батыл кәсіпкер.

- 2016 жылы жалға алған жеріміздің арамшөбін отап, қалың сексеуіл мен жыңғылдан тазартып, бақ жасауға тырыстық. Сарыағаштан 20 мың түп алма ағашын әкеліп, отырғыздық. Осы уақытта аумақты 6 бөлікке бөліп қойғанбыз, соларды  тамшылату әдісімен кезек-кезегімен суара­мыз. Қазіргі күні 70 пайызы шығып­ тұр деп айта аламын. Әрине, жаман­ емес. Бұл кәсіпті отба­сымызбен  бірге  жандандырып  келеміз,­ - дейді  кәсіпкер.

Кәсіпкер 2017 жылы «Өңір­лік инвестициялық орталығы» арқылы 6,5 млн теңге несие алып,  ісін  бастаған. Алма бақта алманың «Голден делишес», «Ренет симиренко» сорттары өсіріледі. Сейтқазы Әлібаев алма бақ келесі жылы жемісін береді деп жоспарлап отыр. Келешекте кәсіпкер бақша ісімен қатар, мал шаруашылығымен айналысуды алдына мақсат етіп қойыпты. Бұл оның «атадан мал да қалсын, тал да қалсын» дегені шығар.

Қайтар уақыт таяп қалғанда «Бізде бір ғана мәселе бар» деп қалды шаруа қожалығының қызметкері. «Ол қандай мәселе?» дедік жалма-жан. Айтуынша, жалға алған жерін жекеменшікке өткізуді қалайды екен. Біз бұл мәселені тиісті органға жеткізіп, қа­жетті мәліметті алып береті­німізді ескерттік.

- «Жер заң­на­масының кей­бір нормаларын қол­дану­ға мораторий енгіз­у  ту­ра­лы»  ҚР Президентінің 2016 жыл­ғы 6 мамырындағы №248 Жарлығымен 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер телімдеріне жекеменшік құқығын беруге мораторий жария­ланған. Аталмыш алма бағы үшін 10 жылға жалға берілген жер телімі мораторийдің болуына орай 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін жекеменшікке өткізуге мүмкіндік жоқ. Алайда жалға алу мерзімі аяқталуға үш күн қалған­да келіп өтініш жазып, мерзімін ұзартуға болады, - деді Шиелі аудандық жер қатынастары бөлімі мекемесінің басшысы Ерлан Меңлібеков.

БӘЙГЕҚҰМ – ТАПТЫРМАС ТУРИСТІК   АЙМАҚ

Жалпы, Қызылорда облысында туристік нысандар аз емес. Соның бірі – Бәйгеқұм ауылындағы Ханқожа көлі. Біз аялдаған екінші нысан осы көл болды. Мұнда жанға жайлы жағаж­ай қызметі бар. Рас, соңғы жылдары Бәйгеқұмның көліне келушілердің қатары көбеюде. Ауылдық округте 2397 тұрғын болса, 58-ге жуық кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді екен. Ал, демалыс аймағына айналған ауылда 10-ға жуық жағажай халық­қа қызмет көрсетеді. Турис­тер үшін қолайлы демалыс орнын­ ашқан жергі­лікті  кәсіпкер Ералы Кари­неев шағын несие алып, ісін бастаған. Бүгінде көл маңынан демалыс орнын ашқан кәсіпкердің қызметін алыс-жақы­н аймақтардан  келген  меймандар  пайдаланады.

- Аумағы 17 сотық жерді құрайтын  жерге екі бірдей жабық сәкі жасадық. Мұнда бір мезетте 40-қа жуық тұрғын келіп демала алады. Сырттан келу­шілер суға түсіп, қайыққа мініп, көңіл көтереді. Демалу­шыларға ойын-сауық, спорттық іс-шаралар ұйымдастырамыз, - дейді  кәсіпкер.

Туристерге  қызмет көрсете­тін жағажай ашқан кәсіпкер алғашы­нда «Бизнес бастау» курсы­нан өтіп, 1 млн теңге көлемінде несие алған. Демалыс аймағына келушілер үшін ол катер мен қайық алып, жұмысын жандандыруда.

Кәсіпкер демалыс орнын қыстыгүні де жалғастыруды көздей­ді. «Мұз ойып, балық аулау­ды жолға қойсам» деген арманы бар. Әрине, бізге адамдардың қауіпсіздігін де назардан тыс қалдырмайтынын, бұл ойын әлі де дамыта түсетінін жеткізді.

 

КЕСЕКТЕН   БАСТАЛҒАН   КӘСІП

Жуантөбе ауылдық округіне қарай жортып келеміз. Мұнда жеке кәсіпкер Марат Палжанов 2012 жылдан бері қыш өндіру ісімен айналысатын өндірісін өрлетіп отыр. Қазір құрылыс уақытының қызған шағы. Демек, баспана салуға қажетті кірпіштің саудасына сұраныс жоғары.

- Кірпішті қыздыру процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Бұл – өте ауыр жұмыс. Шикі кірпішті 920-дан 980 градусқа дейін бір­тіндеп қызуын бақылаймыз. Қам кесектің құны – 16 теңге, күйдірілген қыш кірпіш –  30 теңге, - дейді  кә­сіпкер.

Ол «Даму» қоры арқы­лы 9 млн теңге мөл­шерінде субсидия алып, қыш өндіру ісін бастаған. 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің өніміне  сұраныс  көп.  Марат 7 ай ішінде 450 мың қам кесек өндірген. Қазір кәсіпкер Түркіс­тан облысына қам кесек жеткізу бағытында келісімге келген.

2015 жылы Марат Палжанов қыш кірпіш шығару үшін өз қаражатына газ жеткізіп, ісін жолға қойған. Оның айтуынша, кірпіш өндіру ісінде сапа мәселесі аса маңызды.

 

ЕҢБЕК   БӘРІНІҢ  АТЫН   ШЫҒАРАДЫ

Көп кешікпей Бидайкөл ауылына аттандық. Мұнда «Қызылорда» Өңірлік инвес­тициялық орталығы» арқылы  4 млн теңге көлемінде шағын несие­  алған ауыл тұрғыны Қарлы­ғаш Айымбетова тұрады. Бүгінгі күні жеке кәсіпкер 16 бас ірі қара малын асырайды. Шаруа­шылықтың  негізгі  бағыты – мал басын көбейту. Болашақта кәсіпкер шаруашылығын кеңейтіп, фазенда салуды  жоспарлап  отыр.

- Несие алмай тұрып мал бордақылаумен ай­налысып жүрген едік. Бірақ, кәсіпті кеңейтуді көздедік. 2018 жылы несие алдым. Мұнда малды бордақылап, сойып сатамыз. Әрқайсысы жасына қарай әртүрлі салмақ­та ет береді, - дейді жеке кәсіпкер.

Баршаға белгілі, соңғы жылдары елімізде мемлекет қолдауы­мен мал шаруашылығы саласы дамып келеді. Қазақта «Ердің атын еңбек шығарады» деген ұлағатт­ы сөз бар. Десе де, «бала-шағамның несібесі» деп білген Қарлығаш еңбек бәрінің атын шығаратынын біздің есімізге салған­дай. Расында.

 

ІСМЕРДІҢ   ІСІ   КӨПКЕ  ҮЛГІ

Ал, Ақмая ауылында тігін ісін бизнес көзіне айналдырған кәсіпкер тұрады. Бұл – баспасөз туры аясында біз барған соңғы нысан.  «Бизнестің  жол  картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 450 мың теңге қайтарымсыз грант алған ақмаялық Камила Бисариева бұл кәсіппен ерте кезден айналысады.

- Тігін тігу, қолөнермен айналысу  ісіне бала кезден қызығатынмын.  22  жасымнан  бас­тал­ған  бұл  кәсіп  қазірге  дейін  жал­ғас­ып келед­і. Алғашында ісімді жүргізу үшін 4 тігін машинасын алдым. Әзірге екі қызметкерді жұмыспен қамтып отырмын, - дейді ол.

Ісмер Камила Алматқызы түрлі пішіндегі көрпешелерді, қыз жасауын және мектеп форма­ларын тігеді. Кәсіпкер тігінге қажетті маталар мен жабдық­тарды  аудан  орталығынан алдыртады. Қызметіне алатын қар­жы­сы да қалтаны қақ­пайды. Сондықтан да, кәсіп­кердің ісіне қызығатындар  көп  екен.

 

АУДАНДА   КӘСІПКЕРЛЕР  КӨБЕЙІП   КЕЛЕДІ

Кәсіпкерліктің дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүм­кіндік береді. Бүгінде мемлекеттік  бағдарламаның  тиімділігі арқылы өз бизнесін ашып, табыс көзін еселеп отырған кәсіп­кер­лер көп. Шиелі ауданы бұл бағыт­та  оң  нәтиже көрсетіп отырғанына  көзіміз  жеткендей.

- Ауданда бүгінде 4500-ге жуық кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 91 пайызы, яғни 4107-сі тұрақты ісін жүргізуде. Ауданда мемлекеттік бағдарлама шеңберінде несие алып, кәсібін бастағандар да аз емес. Биылғы жылдың 7 айында «Еңбек» бағдарламасы  бойынша  жобалық  құны  147 млн  теңгені құрайтын 42 жоба қаржыландырылған, - дейді Шиелі аудандық кәсіп­керлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі­нің басшысы Азамат Есімов.­

Мұнан өзге, Ауыл шаруа­шылығын қолдау қоры мен «Қызылорда»  Өңірлік инвестициялық  орталығы» арқылы құны 178,4 млн теңгені құрайтын  55 жоба қолдау тап­қан. Қайтарымсыз грант алып, іс бастаған кәсіпкерлер де өз бизнесі­н жүр­гізуде. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы бойынш­а 59 жобаға 14,8 млн теңгег­е қайтарымсыз грант қаражаты­ берілген. Бұл үшін 53 жас оқу курсынан өтіп, бизнес  ашудың  жолдарына кіріс­кен. Жалпы алғанда, аудандағы кәсіпкерлік жұмысы ширап келеді­. Өз бизнесін дөңгелеткен кәсіпкерлер тиімді несие алып, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашуда.

 

 

Рыскелді   СӘРСЕНҰЛЫ

 


КӨЛІК САЛАСЫНЫҢ КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
22.08.2019 10:10

192   ШАҚЫРЫМ  ЖОЛ  ЖӨНДЕЛЕДІ

Елдегі көлік саласы маңызды рөлге ие. Оған сауда-экономикалық бағыттағы тауарлардың көліктің қай түрімен болсын тасымалдануы дәлел. Одан өзге аймақтар үшін республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жол­дардың  өзектілігі  жоғары.  Өткен  жылы осындай жолдар мен көшелерді дамыту­ға республикалық бюджеттен 12,9 млрд теңге бөлінген. Бүгінде Қызыл­орда облысы аумағында жергі­лікті маңызға ие 3451,139 шақырым автом­обиль жолы бар. Бұл мәліметтер өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жолаушылар көлігі және автом­обиль жолдары басқармасы өткізген брифинг барысында айтылды.

- Өткен жыл қорытындысымен «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 17  жоба  жүзеге  асырылды. Биыл 5098,8 млн теңге қаржыға 30 жобаны жүзеге асырып, 100 шақырым жол желісін жөндеу жоспарланып отыр. Облыс­ орталығынан Нұр-Сұлтан, Алматы­, Шымкент, Жезқазған, Түркіс­тан, Сарыағаш, Ақ­тө­бе­ және басқа да қалаларға 12 маршрут бар, - деді  облысты­қ  жолаушылар көлігі және  автомо­биль  жолдары  басқармасы­ басшы­сының орынбасары Мұрат Тлеумбетов.­

Ағымдағы жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен­ көшелерін жөндеуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға 12 млрд теңге бөлініп, 192 шақырым жолдар мен көшелер, көпірлерді жөндеуден өткізу жоспарланған.

 

ЖОЛАУШЫ   ТАСЫМАЛЫ  ЖОЛҒА  ҚОЙЫЛҒАН

Бүгінгі таңда облыс аумағында 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 211 автобус маршруты ұйымдастырыл­ған, оның ішінде 71-і – ау­дан­аралық (қалааралық), 109-ы – аудандық (кент­ішілік), 31-і – қалаішілік және қала маңындағы маршруттар. Облыс орталығ­ынан өзге облыс, қалаларға қатынайтын көлік­терді тағы қосыңыз. Осы облыс­тық маршруттарда барлығы 30-дан астам заңды және жеке тұлғалар әртүрлі сыйымдылықтағы 1468 дана автобуспен (116-сы – облыс­аралық, 283-і – аудан­аралық, 334-і – ауданішілік, 735-і – қала және қала маңы) жолаушы тасымалдау қызметін көрсетуде. Жыл басынан бергі мәлімет бойынша 180,2 млн жолаушы тасымалданып, 2018 жылдың осы кезең­імен  салыстырғанда 1,5 пайызға артып отыр.

- Қала  ішінде  жолаушыларға қызмет көрсететін 680 автобус 32 бағыт бойынша  жұмыс  істеп жүр. Осыған дейін 120  қоғамдық  көлік  сатып алынды. Жыл соңына дейін тағы да 100 автобус сатып алынуы тиіс еді, алайда қазақстандық көлік шығару зауыт­тарының  мүмкін­дігіне  байланысты  әзірге 50 автобус аламыз­  деп ойлап отырмыз­. Қалай бол­ғанда да халықтың тасымалдануына ыңғайлы, жағдайы жақсы болғанын біз де қалаймыз, - деді  басқарма  өкілі.

Әлеуметтік мәні бар ауданаралық 11 маршрут бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында 8,1 млн теңге демеу қаржы игерілді. Сондай-ақ, 2018 жылдың шілде айынан бастап халық­аралық «Қызылорда – Ташкент – Қызыл­орда» тұрақты маршруты іске қосылды. 2018-2019 жылдар аралы­ғында жаңа тұрақты қалааралық, облыс­аралық «Қызылорда – Арал – Ақтөбе», «Әйтеке би – Ақтөбе», «Арал – Әйтеке би – Түркістан» және «Арал – Әйтеке би – Алматы» қатынасындағы көліктер аймақ тұрғындарына тұрақты әрі сапалы қызмет көрсетуде. Айта кетерлігі, ҚР  Индустрия және инфрақұрылымдық  даму министрлігіне тұрақты қала­аралық, облысаралық «Қызылорда – Тараз»­ маршруттарын ұйымдастыру бойынша ұсыныстар жолданды. Ал Қызылорда облысының автовокзал, автоста­нциялар және жолаушыларға қызмет көрсету пункттері тізіміне Қызылорда  қаласы  мен  аудан орталық­тарындағы 4 автовокзал және 9 автостанса  енгізілді.

Бірнеше жылдан бері мәселесі тоқ­та­усыз көтеріліп келе жатқан «Қы­зыл­орда - Жезқазған»  тасжолының ахуалы әлі де сын көтермейді. Жо­лаушы­лардың жетер­ жеріне барамын деген­ше ақ шаңға көміліп, балшыққа батып  қалатын  жайттар­ы  жиі  кездесе­ді. Дегенмен бұл мәселенің  түйіні  тарқағалы  тұр.

- «Қызылорда – Жезқазған» тас­жолының 30 шақырымына ғана жол төселіп, жұмыс тоқтап тұр. Мәселенің күрделілігі Үкімет алдында көтеріліп, шешу  жолдары  қарастырылуда. Жоспар бойынша жол жөндеу жұмыстары 2020 жылы басталса, 2021-22 жылдары пайдалануға беріледі деп күтілуде. Енді бұл нақты шешім емес, өйткені бюджеттік  мүмкіндіктер тағы бар. Егер бұл  тасжол  жөнделіп, іске қосылса, онда Оңтүстік беттегі Шымкент қаласы, Түркістан облысынан  қатынайтын сауда­  транзиттері біздің облыс аймағынан  өтеді. Тасжол бойында кәсіп­керлер кәсібін ашса, облыс экономика­сына да едәуір септігі тиер еді, - деді басқа­рма басшысының орынбасары М.Жолкелдіұлы.

Басты жаңалық – Қазалы ауданындағы «Әлсейіт», Қызылорда қаласындағы «Шіркейлі» көпірлері де осы жылы пайдалануға берілетіндігі.

 

ӘУЕЖАЙ   ТЕРМИНАЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ   ЖАНДАНАДЫ

Бес жылдан бері «Қорқыт ата әуе­жайы» АҚ халықаралық ұшуларды қамтама­сыз етіп келеді. Бүгінгі күні әуежай арқылы аптасына барлығы 34, оның ішінде Мәскеуге – 4, Нұр-Сұлтан қаласына – 13, Алматыға – 14, Қарағандыға – 2 рейс және Анталияға 1 тұрақты рейс орындалуда. Жыл басынан бергі жеті айдың ішінде 62,7 мың жолаушы жөнелтілді, бұл 2018 жылдың осы кезеңі­мен  салыстырғанда  10,7 пайыз­ға артып  отыр. Ал «Мәскеу – Қызыл­орда – Мәскеу»  әуе  маршруты бойын­ша­ 121 рейс орындалып, 13,3 мың жолаушы жөнелтілді. Алдағы уақытта Қызылорда облысының әкімдігімен «Аэрофлот» ҚАҚ-на Мәскеу мен Қызыл­орда қалалары арасындағы әуе қатынасының жиілігін арттыру жос­парлануда. Ал әуежай терминалының құрылысы  турасында:

- Осыдан  бірнеше  жыл  бұрын құрылысы  басталып, компаниялар тарапынан  орын  алған  кедергілерге байланысты  жұмыс тоқтап тұрған еді. Бүгінде «Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар тер­миналы құрылысы» жобасы мемлекет­тік-жекешелік әріптестік механизмі шеңберінде «BI-Group» компаниясымен жүзеге асырылуда. Құрылыс  жұмыс­тары қараша-желтоқсан  айларында  басталады  деп  күтілуде, - деді  ол.

 

ТЕМІРЖОЛ    САЛАСЫ

ҚАРҚЫНДЫ   ДАМУДА

Қызылорда облысынан өтетін магис­тральдық теміржол желісінің жалпы­ ұзындығы 1055 шақырымды құрайды және 8 вокзал (Қызылорда, Шиелі,  Жаңақорған, Сексеуіл, Арал, Қазалы, Жосалы, Төретам) бар. Қазіргі күні облыс орталығынан 6 жұп пойыз ұйымдастырылған. Жыл басталғалы әлеуметтік маңызы бар «Қызылорда – Бесарық – Түркістан»  пойызымен 19,8  мың  жолаушы  тасымалданып, 2019 жылдың қаңтар-шілде айларына 89,7 млн теңге (56,2 %) демеуқаржы игерілді.  Сондай-ақ, ағымдағы  жылдың 16 шілдесінен «Марал-Нұр» ЖШС «Қызылорда–Жезқазған – Нұр-Сұл­тан» пойызына өз қаржысымен мүм­кін­дігі шектеулі жандарға арналған 4 вагон сатып алып, жолаушы тасы­мал­дауда.

Одан өзге «Жобалық басқару» жобасы­ шеңберіндегі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізінде Қызылорда қаласындағы «Салтанат» ЖШС автовокзалына «НАС» автоматтандырылған басқару жүйесі  енгізілді.

«Қызылорда  қаласындағы  қоғамдық көліктерге электрондық билеттік жүйесін  орнату» («ALEMPAY» ЖШС-мен келісімшарт  жасалуда) және «Аудан­аралық  (қалааралық  облысішілік) тұрақты  тасымалдау  маршруттарындағы автоб­устардың жүргізушілерін бірың­ғай киім үлгісімен қамту» жоба­лары­н  іске   асыру   жоспарлануда.

Жарты жылда атқарған жұмыстары туралы баяндаған басқарманың брифингі осындай мәліметтермен толықты. Жұмыс әлі де жалғасын табады.

 

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Тамыз 2019 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары