Өзекті мәселелер

  • 17.10.19

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық­ диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жариялаған­ы баршамызға белгілі. Сарапшылардың басым­  бөлігі бұл Жолдауға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев айқындап берген саясаттың жалғасы деп баға беруде. Мұны еліміздің негізгі саяси бағыты с...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    Әнуар Дәуленбаев – 2016 жылдың наурыз айынан бастап №8 Төретам сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаты. Өзінің сайлауалды бағдарламасында Байқоңыр қаласы мен Қармақшы ауданындағы кәсіптік білім беретін оқу орындарының базасын нығайтуға күш салатындығы туралы­  айтқан еді. Айтылған уәде бойынша мектепті жаңадан бітірген, тәжірибесі жоқ және жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарды...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    Таңмен таласып, жұртпен жағаласып, кезекті күнімізді қарбаласпен бастап жатырмы­з. Бәрі де бір мақсатты күйттеп, бағыт алып барады. Біреуі жеке көлігімен, енді біреуі қоғамдық көлікпен кетпекші. Қолсағатыма қарасам, сабақтың басталуына­ небәрі 10-15 минутқа­ жетер-жетпес уақыт бар екен. Таксимен жеделд­етіп жетпек ниет­пен, тұрақта тұрған көліктің артқы есігін ашып, отыра кеттім. Тәуелсіздік да...

    Толығырақ...
  • 17.10.19

    «Сыбырлағанды да Құдай есітпей ме?» деген. Несіне жасырамыз, осыдан бірнеше жыл бұрынғы Қармақшының халін дүйім жұрт біледі. Экономикасы баяу, кәсіптің көзі жоқ, алға жылжиын десе халықта ынта болмаған еді. Мұндайда елдің есін жинайтын көреген басшы керек. Жұрттың да тілегені табылғандай, әуелі Жаратқанның, содан соң білікті басшылардың арқасында Қармақшы ауданында динамикалық өсу қарқы...

    Толығырақ...
  • 16.10.19

    Тәуелсіздік күні қарсаңында «Шіркейлі» арнасындағы көпірдің ашылу салтанаты өтеді... «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға беріледі... Жыл басынан бері сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 16 млн 822 мың теңге айыппұл салынған... 2019-2021 жылдары газдандыру жұмыстарына 22 млрд теңге қаржы бөлінеді...

    ...
    Толығырақ...
Тамыз 2019

ҚОСЫЛҒЫШТАРДЫҢ ОРНЫ АУЫСҚАНЫМЕН... PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
29.08.2019 12:20

Облысқа қарасты кей аудан әкімдерінің креслосы кезекті «кейіп­керін» күтіп алады деген әңгіменің шыққанына көп бола қойған жоқ. Конституция күнін жаңа орында қарсы алсын деген ой, әлде басқалай жоспар болды ма, ол жағы бізге беймәлім. Әйтеуір, «балапан санағы» басталды. Белгілісі сол, бүрсігүні болған «түйіндемелік» өзгеріс­терге байланысты көзқарас та алуан, пікір де сан түрлі. Сонымен кім келді, кім кетті?

Еңбек жолын Сырдария ауданында ұстаздық етуден баста­ған Наурызбай Байқадамовтың білім саласындағы еңбегі өз алдына бөлек әңгіме. Аймақтың бас білім ордасында да ұзақ жылдар қызмет етті. Қарапайым оқытушылықтан кафедра меңгерушісі лауазымына дейін көтерілген ол кейіннен Қорқыт ата атындағы ҚМУ жанындағы колледж директорлығы мен университет­ проректорлығынан кейін облыстық білім басқармасын басқарды. Одан кейін «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасарлығына жайғасқан еді. Білікті кадрдың қабілеті­ шыңдалып, 2016 жылдан бері облыстық мәслихаттың хатшысы қызметін атқарған уақытта да тұмсығы тасқа тиген жоқ. Енді міне, облыс әкімінің өкімі және ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен облыс әкімінің орынбасары лауазымы Н.Сейітқалиұлына сеніп тапсырылды. Ал бұған дейін осы міндетті мойнына жүктеп келген  Р.Рүстемов Сыр­дария ауданының әкімі болып тағайын­далды. Жасырат­ыны жоқ, қоғамдық-саяси қызметте жүрген азаматтардың арасында сүйкімі бары болады ғой, сондай жандардың бірі осы Р.Рүс­темұлы екенін көпшілік  жиі  айтады. Өзі де 1997 жылдан  бастап  саясаттың «қазанында» қайнап келеді. Түрлі басқармада басшының  орынбасары да, басшы да, әкімнің де орынбасары болды, Жаңа­қорған  ауданын да басқарды. Міне, жоғарғы­ билік тағы бір мәрте ауданның тізгінін  сеніп  тапсырып  отыр.

Ал бір айдан бері ешкімнің белі бүгілмеген облыс әкімі аппаратының басшылығы орынтағына осы кезге дейін Жаңақорған ауданын басқарып келген Ғалым Әміреев жайғасты. Әрине, облыс әкімінің өкімі және ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен. Білімі мен біліктілігі жөнінен қабілетіне қылау түсірмейтін Ғ.Махмұтбайұлы 2001 жылдан 2011 жылға дейін ҚР Экономика және сауда, Индустрия және сауда, Индустрия және жаңа технологиялар минист­рліктерінде түрлі жауапты басшылық қызметтерін атқарған. «Самұрық-Қазына» АҚ инновациялық саясат департаметіндегі директорлық лауазымы­нан Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметіне ауысып келген­де де үміт күткендер бар. Сырдың топырағынан түлеген, ауыл-аймақтың жалпы­ халінен­ хабардар маман ретінде аймақ халқының сеніміне селкеу түсірмей, үмітін ақтады. Үш жылдан бері Жаңақорған ауданының әкімі қызметін атқарған­ оған аудан тұрғындары алғыс айтпаса, қисық сөзін қия қоймас.

Өндірісі мен өрісі кеңейген Жаңақорған ауданының әкімі лауазымына Сұлтан Мақашов тағайындалды. Еңбек жолын Қазалы ауданында бастаған ол әр жылдары түрлі лауазымды қызмет істеді. 2015 жылдан бері Қармақшы ауданы­  әкімі  қызметін  абыроймен  атқарды.

Айтқандай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы­ лауа­зымына Нұрман Талқанбаев тағайындалды. Еңбек жолын Қазалы аудандық  тұтыну­  одағының  жұмысшысы  ретінде бастаған Н.Бақбергенұлы 1995-2007 жылдары Қазалы ауданы әкімінің орынбасары, Қызылорда облысының  мемлекеттік  сатып  алу  және  сауда  басқармасының  басшысы, Жалағаш  және  Қазалы  аудандарының  әкімі  болған. 2010-2012  жылдары  «Казаэро­сервис» акционерлік­ қоғамының директоры, Қызылорда облысы статистика департаментін­ің бас маман­ы қызметтерінен соң осы кезге дейін Қызылорда облысы­  статистик­а  депар­таменті  басшысының  орынбасары  лауазымын  атқарды.­

Облыс әкімінің жаңа командасындағы бұл кадрлар көпшілікке таныс. Мемқызмет­тің  методикасын  тәуір меңгерген. Әрине, бұл тағайындаулар ауыс-түйіс­тің басы да, соңы  да  емес.  Әйтсе  де, «қосылғыштардың  орны  ауысқанымен, қосынды­  өзгермейді»  демекші, мұның өзі  «қосалқы  құрамда»  тың «ойын­шылардың»  жоқтығын  байқататын  тәрізді...

Халық-хабар

 


ШЫНЫ ҮЙДЕГІ ТІРШІЛІК PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
29.08.2019 12:15

ХХІ ғасыр ғаламдық иә халықаралық болсын, жекелеген мемлекеттердің болсын саясатына бұрын-соңды болмаған өзгеріс әкелді. Бұл құбылыстың атауы – интернет.

Кез келген саясат ақпаратпен тығыз, тіпті бір-бірінсіз өмір сүре алмайтындай байланыста болады. Саясат – билік­ке жетудің жолы болса, ақпарат – сол билікті ұстап тұрудың негізгі құралы. «Ақпарат кімнің қолында болса­, үстемдік те соның қолында» деген­  сөз  бекер  айтылмаған.

Күні кешеге дейін үлкен саясат атаулы­ көбіне жекелеген саяси элиталардың құзыры ретінде бағаланып келгені­ мәлім. Тиісінше, Еуропа, Азия не  Африка бола ма, билік басындағы бір адам немесе бір топ тұтастай халықтардың тағдырын анықтап келген болатын. Қоғамның қалған бөлігіне әдетте үгіт-насихат пен күштеу арқылы жоғарыдағылардың нұсқаған жолымен жүруден басқа амалы болмады. Қалыптасқан­ жағдай биліктің кенеттен ақпараттық монополиядан айырылған кезінде және оның былықтары қоғамға әшкереленгенде  ғана  күрт өзгеріп отырды.

Кезінде Ресейдегі Қазан төңкерісі осылайша жүзеге асты. Одан кейінгі мызғымастай көрінген Кеңес Одағы цензурадан бас тартып еді, оның да шаруасы көп ұзамай бітті. Бірақ бірінші мысалда қоғамның сана-сезімін большевиктердің тегеуріні жаулап алса, екінші мысалда Горбачев жария­лы­лық деген науқанды өзі ұсынып, өзі сол дүлей күштің құрбанына айналд­ы. Басқаша айтқанда, ақпараттық үстемдіктен қол үзуге жекелеген­ субъективті алғышарттар себепші болды.

ХХІ ғасырдың басынан бері Интернет революциясы бұрынғы ара-салмақ­ты жоққа шығарды. Бір жағынан алып қарағанда бұл жаңалық адамзатқ­а керемет мүмкіндіктер сыйлады. Атап айтқанда, ақпаратпен алмасу, сандық технологиялар, телекоммуникация секілді салалардың қарқынды дамуы экономикалық өсім мен уақыттың үнемделуіне әкелді. Екінші жағынан мобилді байланыс, әлеуметтік желілер, банкте есеп айырыс­у сынды заманауи талаптар әрбір азаматты жеке басының ақпаратын­ сақтау мүмкіндігінен шектеді. Баламалап айтқанда адам баласы­ сырт көзден оқшау тас үйден шыны үйге көшкендей. Бәлкім, бұл интернет берген жеңілдіктердің өтемі болар.

Аталған үрдіс сөз болып отырған үлкен саясатқа да ықпалын тигізуде. Мәселен, ақпаратты жасыру, құпия келісімдерді жасасу тетіктері жылда­н-жылға әлсіреп барады. Жөні дұрыс болса, елдің, қарапайым азаматтардың үдесінен шығатын шешімдер болса, оларды жабық есік жағдайында қабылдаудың еш қисыны жоқ. Сәйкесінше, әлемдік жұртшылық дәл сол интернеттің ықпалымен билеушілердің қылмыстарынан хабардар болуға,­ айыбын бетіне басу қабілетіне ие болды. Бірер жыл бұрын жалғыз ғана WikiLeaks ұйымының деректері АҚШ сияқты алпауытқа ауыр соққы жасап,­ Еуропаның бірқатар белді саясаткерлерін мансабынан кетуге мәжбүр етті.

Әлемдік үрдістерден кеш қалғанымен Қазақстанда да интернеттің саяси маңызы жыл санап артып келеді. Лауазым иелері үшін өкініштісі сол – жоғарыда аталған тас қорғанның артында жасырынған саясаттың күні өтіп барады. Бұны елемеуге лаж жоқ. Рас, уақыт өткен сайын біресе Facebook пен Youtube жөн-жосықсыз бұғаттау, біресе блогерлерді баспасөзбен теңестіру, әрбір ұялы телефонға қауіпсіздік сертификатын орнату­ сияқты ерсі әрекеттер әлі де жалғасуда. Бұның өзі шешім қабылдаушы орындардың кешенді әрекеттерден гөрі  абдырауын, жөн сілтеудің орнына­ көшке ілесе алмай келе жатқанын байқатады. Қоршаған әлеммен­ керіскен­ Ресеймен бірге оқшауланып, дербес интернетсымақты құрамыз­ деген мәлімдемелер де жоқ емес.

Осындай әрекеттерден дым да шықпайтыны талай рет дәлелденді. Бұны кешегі «Араб көктемі» оқиғалары, интернет тұрмақ Telegram секілді майда мессенджердің өзін тоқтата алмай жүріп, Мәскеудің күллі әлем алдында масқара болғаны, Twitter-ді ауыздамақ болып, Түркияның басы дауға қалғаны, басқа да толып жатқан мысалдар көрсетті. Тіпті ақпарат пен ішкі саясатты жұдырығында ұстаған Қытайдың өзі интернет­ке төтеп бере алмай отырғанын Шынжаң мен Гонконгтағы оқиғаларға қатысты Бейжің саясатының құбылуынан байқаймыз.

Осыдан екі-үш ай бұрын «Шындықтан қаша алмайсың» акция­сы Алматыда, еліміздің басқа қалаларында жастардың зор қолдауына ие болды. Оны тоқтатапақ болған полицияның әбігерге түсіп, әлгі жастарды қудалауы әлеуметтік желілерде келемежге айналды. Бертін келе президенттік сайлаулардың басы-қасында жүргендер асқан белсенділік танытты, мыңдаған­ бақылаушы әп-сәтте маңызды саяси факторға айналды. Осы да басқа оқиғалар қоғамда шындық пен әділдікке деген сұраныстың артқанын меңзейді. Ал енді саяси ойдың қайнап тұрған алаңы – интернет деп танысақ, Google мен Youtube-тан қаша алмайсың деген ұран көтерген әбден негізді.

Бүгінде қолында смартфоны бар кез келген адам – өз алдына­ оператор да, тілші де бола алады. Сондықтан ертеректегі шенділер құсап Чернобыль қасіретіндей жылы жауып қоя алмайды.­ Бұны Арыста болған апат дәлелдеді. Бұрынғыдай елі мен жерін қорғап шыққан намысты жастарды алқаш, нашақор, бұзақы етіп көрсететін насихатқа ешкімді сендіре алмайсың. Басқаша айтқанда шенділердің ақты қара, ал қараны ақ етіп көрсету мүмкіндіктері шектелген. Ерте ме, кеш пе, солақай шешімдері, жымқырған байлықтары әшкере болатыны да күмәнсіз.

Айтылып отырған әңгіме митингке шыққандарды жасы мен қариясына қарамастан, төмпештеген күштік құрылымдардың өкілдеріне де қатысы бар. Заң біздің жағымызда деп қаншама дандайсыса да, беттерін бүркемелеп жүргені олардың нағыз шындық пен әділдіктің кімнің жағында екенін түсінгендігінің белгісі, ертеңгі жауапкерішіліктен жалтарудың амалы ғана.

Не істемек керек? Әлбетте, әкімқаралардың интернетті игере­ бастағаны құптарлық іс. Тіпті ондай қадамға көпшілігі өз ықтиярымен емес, жоғарыдағы бастықтың бұйрығымен бар­ған күннің өзінде. Осылайша жүре-бара қарапайым халық пен шенділердің арасында байланыс пайда болады, оның арты, кім біледі, соңғылардың жауапкершілікті сезінуіне, елдің сеніміне­ лайық болуына әкелуі бек мүмкін.

Рас, Конституция бойынша «қожайыны» – халықпен баспа­сөз хатшысы арқылы тілдесу дағдысы әлдебір жылыжайда отырғанд­ай ыңғайлы көрінетін шығар. Рас, елдің алдына ашық шыққанда абыройыңды сақтап қалу да оңай емес, өткендегі Шымкент әкімінің жолын қумай. Ол үшін жеткілікті білікке азаматтық ұстаным, өмірлік тәжірибе қажет. Бірақ маңызы зор жұмысқа тұрған екенсің, бүгінгі заманның, оның ішінде интерне­т дәуірінің талаптарына сай болу керек. Интернеттің өзі – бұл тұрғыда мейірімсіз көрінгенімен түптеп келгенде әділ сыншы.

Әлдекімге ұнасын-ұнамасын, интернет әкелген жаңашылдықты ешкім жоққа шығара алмайды. Оған ешкім төтеп те тұра алмайды. Қоғам, ал онымен бірге билік осы шындықпен тек санасқанда ғана шама-шарқынша оны пайдасына жарата алады.­ Шыны үйдің ақиқаты осыда.

Расул  ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

 


ЖАҒДАЙЫ ЖОҚ ЕЛ ЖАНЫМЕН АЛЫСА МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
29.08.2019 11:55

Душанбеде өз-өзіне қол жұмсауды бақылаған ғалымдардың қатысуымен арнайы дәріс өткізіліпті. 30 жылдық бақылау нәтижелері бойынша Орталық Азиядағы суицидтер саны бойынша Қазақстанның бірінші орынды иеленгені белгілі болды. Деніміз ислам дінін ұстансақ та, тізімнің басынан орын алғанымыз қабырғамызды қайыстырды.

Ең өкініштісі, өз-өзіне қол жұмсаудың 76 пайызы халқының табысы төмен және орта елдерде орын алады екен.

Демек, бұл жерде ақын Иранғайып айтқандай, «өмірді сүрмей, өмірге сүріліп жатқан» қазақтың бес батпан мұңы да тұр. Соғыссыз, табиғи апатсыз осынша жұрттың жаппай қырылуына не себеп? Осы сауалды алдымызға көлденең тартып көрдік.

Суицид ұғымы XVII ғасырда пайда болғанымен, адамзаттың өмірін жалмаған бүгін­гідей жағдайға енді жетіп отыр. Қазіргі қоғамда өзін-өзі өлтіруге итермелейтін жайт көбейіп кетті. Ресми мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша әр  25 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсаса, дәл осы суици­дтің кесірінен жылына 1,5 миллион жан өмірімен қоштасады.

Өз-өзіне қол жұмсаудан Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің арасында бірінші орында болса, әлем бойынша алғашқы бестікте тұр. Орталық Азия елдерінде өзіне-өзі қол жұмсау оқиғаларының саны бойынша Қазақстан көш бастап келеді (48,1), одан кейін Түркіменстан (15,8), сосын Өзбекстан (13,6) және Қыр­ғызстан (13,4). Тәжікстанда бұл көрсеткіш басқа елдерге қарағанда төмен болса да (7,2), ол елде де өсу үрдісі бар екен.

Жалпы, суицидті бір ғана себеппен байланыстыру қате. Әлеуметтік жағдай, отбасылық жанжал, жалғыздық, бәрі де оған түрткі болуы мүмкін. Мамандар өзін өлімге қия­тындардың 19 пайызы – жаза­лау алдындағы қорқыныштан, 18 пайызы – рухани дерттен, 18 пайызы – отбасылық уа­йым-қайғыдан, 6 пайызы – қорқыныштан, 3 пайызы – қаржылық мәселелерден, 1,5 пайызы – өмірден жалығу­дан, 1,2 пайызы ауруға шалдығудан баратынын айтады. Ал 41 пайыз өлімнің себебі белгісіз күйінде қалып отыр.

Әлеуметтанушы Нұрсәуле Көмекбаева қандай қауіпке болмасын алғашқы болып ұрынуға бейім, оң-солын толық танып үлгермеген жас­тар­ жағы екенін айтады. «Мәселен, былтыр елімізде  15-29 жас аралығындағы жастар өзіне қол жұмсаудан әлемде 4-орын алды. Ең өкініштісі, бізде жастар арасындағы суицидке қарсы насихат шаралары жүйелі түрде жүргізілмейді. Шыны керек, мамандар өзіне-өзі қол жұмсаудың негізгі себептерін анықтап береді. Енді онымен күресу керек ғой. Осы арқылы бұл мәселені түбегейлі шешпегенімізбен, салдарын азайтуға әбден болады. Ол үшін психоло­гтар, дін өкілдері, әлеуметтік қызметкерлер, саламатты өмір салтын насихаттаушылар, ұстаздар, ата-аналар, жалпы айтқанда, біртұтас қоғам болып күресуіміз керек. Арнайы  бағдарлама  керек. Өйт­кені мына статистика – жаға ұстатарлық, дабыл қағарлықтай  жағдай. Өзіне қол жұмсап тірі қалғандардың дені өмірмен шын қоштасқысы келмегенін, тек өздеріне қоғамның назарын аударуға тырысқанын айтқан. Сондықтан түрлі мәселеге тап болып, депрессияда жүргендермен, жүйкелеп жүр­ген жұртпен жұмыс жүйелі болса дейміз» дейді ол.

Қоғамның назарын аударту дегеннен шығады, соңғы кезде елдегі бүгінгі ахуалға көңілі толмайтын адамдардың қарасы көбейді. Психолог маман­дар суицидке итермелейтін тағы бір себепті өмір сүрудің ауыртпалығы, қаражаттың жетіспеушілігі мен қысқаштай қысқан қарызбен байланыстырып отыр. Ол да мүмкін. Өмірдің қиындығына төтеп бере алмай, қайраты мүжіліп, жігері құм болған адамдардың мәселенің шеші­мін тек өлімнен іздейтіні жасырын емес. Мұны құтылуға емес, тұтылуға бейім қоғамның қотыры деуге де болады. «Сорлыға сойыл бірінші тиеді» дегендей, банктен алған қарызы­ бір бүйірінен қысып, басындағы баспанасынан айырылып немесе­ өзі біраз жасты еңсерсе де әлеуметтік жағдайын реттей алмай, бала-шағасына жеткізе алмай, тұрмыстың тапшылығын көргендер аз емес. Бірақ бұл суицидтің қосалқы ғана себебі. Бұл, негізінен, рухани дертке жатады. Адамның әлсіздігі, қажыр-қайратының кемдігі, қиындыққа берілгіш шарасыздығы тұр бұл жерде. Рухы күшті адамдар ғана өз-өзін өлімге итермелемейді. Бұл дерттің ең басында психикалық ауытқу тұр. Ал психикалық ауытқу депрес­сиядан, яғни күйзелістен басталады. Өкінішке қарай, қазақ бұған аса көп мән бере бермейді. Күйзеліске түссе психологқа, психотерапевтке дер кезінде баруды білмейді. Тек мүлдем түсінбейтіндей халге жеткен кезде барып мән беруі мүмкін. Ол кезде бәрі кеш бо­лады» дейді Психологиялық сауықт­ыру орталығының маман­ы Ерлан Бошай.

Қалай болған күнде де «өз-өзіне қол жұмсау – ең ауыр күнә» екенін білетін халқы бар мұсылман елі үшін бұл жақсы құбылыс емес. Америкалық Хьюстон-Даунтаун университетінің мұғалімі Шахназ Са­вани де «Бұл аймақта халық көбінесе ислам дінін ұстанады. Соған қарамастан, өз-өзін өлтіру әрекеттері азаймай отыр» депті. Иә, енді осы мәселеге діни көзқараспен қара­йықшы. Өз-өзіне қол жұмсау, фәни дүниені айтпағанда, мәңгілік өмірде пенденің алдынан зиян болып шығары анық. Себебі, біздің жанымыз – Алланы­ң аманаты. Оған қия­нат жасау – ауыр күнә. «Алла тағала Құранда: «Күмәнсіз, Алла сендерге аманатты өз иелеріне табыс етуді және адамдардың арасында билік қылатын болсаңдар, әділдікпен билік қылу­ларыңды әмір етті» дейді. Сондық­тан жаратушының әміріне бойұсынып, өзі берген жанын қайтарып алғанша мына өмірдің сынағына сабырлылықпен қарағанымыз абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйікті үмметтерін өз-өзіне қол салудың ауыр азабынан сақтандырып кеткен. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Өзін-өзі тұншықтырып өлтірген адам, тозақ отында тұншықтырылады. Өзіне пышақ салып өлген адам, тозақта пышақ­талады. Өзін жардан тастап өлген адам, тозақ отына лақтырылады», - деген. Демек, суици­дке бару, адамды екі дүние­де де орны толмас өкінішке ұрындырады. Басқа түскен уақытша қиындыққа мойымай, оны жеңіп шығу, қайсарлық таныт­у – біздің нақты ұстанымымыз болуы керек» дейді теоло­г Елдос Қырықбай.

Тағы бар айта кетерлігі, өз-өзіне қол салу жергілікті жерлерде, ауылдарда жиі болады екен. Осы қадамға барғандар, әрекеті орындалмай қалғаннан кейін «Ел естісе ұят болады» деген желеумен көбіне жабулы қазан жабулы күйінде қалып жатады. Ал олар дереу тиісті мамандардың көмегіне жүгіну керек. «Жұмыс бабымен, дәл осы мәселемен Ақтөбе, Қызылорда облыстарында үш айдай уақыт жүрдім. Сонда аңғарғаным, мұндай жағдай орын алған отбасылар өздерін жабық ұстап, жасыруға тырысады. Яғни, мұны ұят санайды, қылмыс көреді. Суицидтік әреке­ті соңына дейін жетпеген адамдарға өте үлкен көмек керек­. Ол орын алған отбасыға да дәл сондай көмек қажет. Жария­ла­маймыз деп, жарасын асқын­дырып алады. Біздің халық бұл қиын жағдайға тап болғанымен, мамандардан психо­ло­гиялық көмек алуға асық­пайды. Біздің ең осал жеріміз – осы. Сондықтан бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып, қоғам болып дабыл қағып жат­сақ­ та оң нәтиже бермей отыр» дейді психолог Ерлан Бошай.

СӨЗ  СОҢЫ

Рас, мамандардың сөзіне илануға болады. Өйткені елімізде­ өзіне қол жұмсау факторы осыдан оншақты жыл бұрын да өте өзекті мәселе еді. Қазір де дәл солай. Өзгеріс кері жағына қарай өршіп, мәселенің түйіні тарқатылар түрі жоқ. Суицидпен өмірден өтетіндердің қарасы көп. Денсаулық сақтау министрл­ігі мен барлық құзыретті мекемелер дертпен күресудің ерекше тәсілін ойлап таппаса, осы кезге дейінгі жұмыстың  еш нәтижесі жоқтығын статистика дәлелдеп отыр. Бұған енді Үкімет араласып, мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды жүйелемесе, Орталық Азиядан асып, әлемнің бірінші орынына­ қонжимасымызға кім кепіл?! Мұның сыртында мемлекеттің басты байлығы саналатын адам мәселесі де тұр емес пе?

Онсыз да көп емеспіз.

Гүлжан   РАХМАН,

журналист,

Нұр-Сұлтан  қаласы

 


МҮГЕДЕКТЕРДІҢ МҰҢЫ КӨП PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
29.08.2019 11:45

Адам тағдыры тоқылған өрнектей. Кейде сан құбылады. Жаратушының пендесін қиындықтармен сынаққа салып жататыны тағы бар. Бірі жазатайым оқиғадан, бірі туабітті кемістік салдарынан мүгедек болады. Ал адам – пенде. Тағдырдың сынына шыдап, тауқыметін көтереді.

Олар өзінің қабілетіне қарай өмір сүреді. Мүмкіндігі жоғы үкіметтің көмегіне арқа сүйейді. Қазір қоғам мүмкін­дігі шектеулі азаматтарды барынша мұңайтпауға тырысады. Олардың өзгелермен тең болуына, қоршаған ортада кедергісіз тіршілік етуіне жағдай жасап жатыр. Бірақ қазіргі әлеуметтік көмек­тің жер мен көктей айыр­машылығы бар. Сырттай қарағанда мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы шешімін тауып жатқан­дай. Дегенмен, олардың мәселесі 100 пайыз орындалып отырған жоқ. Әлі де жан ауыртатын, жүрек жабыр­қататын жайттар аз емес. Фактілерді сөйлетейік.

Арал аудандық прокуратурасы мүгедектердің құқығы бұзылғанын анықтады. Орын алған заңсыздықтарды шектеді. Атап айтқанда, мүгедек балалардың аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабин­еті (инклюзивті білім беру кабинеті) талап­қа сай келмеген. Аудандағы 135 мүгедекке 100 жеке көмекшінің көрсететін қызмет уақыты 2 сағаттан аспаған. Тіпті 900 мүгедек науқасқа берілетін тегін дәрі-дәрмек мүлде жазылмаған. Жүріп-тұруы қиын, арбада отыратын жандарға  арнал­ған инватакси қызметі де көңілді көншіт­пейді. Ол ол ма, аудан көлеміндегі инклю­зивті білім беру кабинетінде бұрын-соңды болмаған былықтар ашылды. Онда бүгінге дейін 3 маман жұмыс істепті. Заң талабына сәйкес, олигофренопедагог, сурдопедагог, әлеу­меттік педагог, емдік дене тәрбиесі нұс­қаушысы, музыкалық ырғақ бойынша педагог, әдіскер, тәрбиеші, медбик­е-массажист және тіркеуші мамандарымен мүлде  қамтылмаған. Тіпті кабинет Арал қаласының №262 мектеп ғимаратының 1-қабатының 2 бөлмесінде орнал­асыпты. Сынып бөлмелерінің жетіс­пеушілігінен бірнеше маманның бір бөлмеде (мекеме есепшісі де) жұмыс істеуіне жол берілген. Сондай-ақ ком­пьютер­лі-логопедиялық-тренажер мүлдем  қарастырылмаған.

Аудандық прокуратураның арала­суынан кейін жағдай біршама өзгерді.  Мүмкіндігі шектеулі балалардың кіріп-шығуына  бөлек  есік,  санитарлық  бөл­мелер  қарастырылды. Жергілікті бюджеттен 300 мың теңге қаржы бөлініп, дидак­тикалық материалдар алынды. Инклюзивті білім беру кабинетіне 3 штат бірлігі, сурдопедогог, емдік дене тәрбие нұсқаушысы және массажист ма­ман­дарына бюджеттен 3 млн 678 мың   теңге  қаржы  бөлінді. Түзету­ кабинетін қала орталығындағы мүм­кіндігі шектеу­лі балаларға қолайлы ғимаратқа көшіру мүмкіндігі  де жоспарланып отыр.  Соны­мен қатар, 135 мүгедекке 100 жеке көмекші қызметі тағайындалды. Олардың жұмыс уақытын 4 сағатқа көтерді. Оған жергілікті бюджеттен 8 млн теңге бөлінді. Бұдан былай әлеуметтік көмекшілер мүгедектердің жанынан табылады. Мұңын бөлісіп, көмек көрсетеді. Мейірімге толы жүрегі мен жылы пейі­лін ұсынады.

Айтпақшы, 900 мүгедек азамат тегін дәріге қол жеткізді. Ал  қант­ диабетімен ауыратын науқасқа берілетін «Виктоза» дәрісі (бір қорабы – 45 мың теңге)­ мүлдем таратылмаған болып­ шықты. Себебін анықтағанда емхана дәрігері­нің 35 қорабын өзіне алғаны белгілі болды. Ал бір науқасқа жылы­на аталған препараттың 18 қорабын қолдануға рұқсат берілген. Кінәлілер жазасыз­ қалған жоқ. Олар тәртіптік жауапкершілік­ке тартылды. Жалпы құны 450 мың  теңге  тұратын  препарат  5  нау­қасқа таратылды. Ашығын айтқанда, жүріп-тұруы қиын, арбаға таңылған мүгедектер­ге арналған инватаксидің де қызметі сын көтермейді. Тасымалдауға, отырғызып түсіруге арналған автокөлік ауданда жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандар арнайы құралдармен жабдықталмаған қолайсыз «Газельмен» жүруге мәжбүр.

Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеул­і жандарға көрсетілетін көмек көп. Бірақ тиісті көмек тағдыры талайл­ы жандарға жетпейтін көрі­неді. Сорақысы, тегін дүниеден пайда тапқысы келетіндер көбейіпті. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылда­майды» деген сөзге сүйенсек, мүге­дектердің мұңы мұнымен де бітпейтін  сияқты.

Қ.САБЫРБАЙҚЫЗЫ

 


СОТ ЖҮЙЕСІНЕ САН ЕМЕС, САПА КЕРЕК PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
29.08.2019 11:35

 

Шолпан  МАЛИКОВА,

облыстық  соттың  судьясы:

 

Елді ортақ мақсат-мүддеге жұмылдыруда қазақ жерінде Дала парламенті жұмыс істеді. Онда ақсақалдардың байламына тоқтап, дауласқан тараптар мәмілеге келіп отырды. Дала даналарының тамаша дәстүрі бүгінге дейін құндылығын жоғалтқан жоқ.

Кешегi биiңiз – бүгiнгi судья. Ол мыңдаған жанның тағдыры мен дауын шешеді. Құқығы мен бостандығын қорғайды. Десе де, бүгінгі судья қандай болуы керек? Сот процесінде не маңызды? Оған облыстық сот судьясы Шолпан Маликовамен болған сұхбаттан қаныға  аласыздар.

– Шолпан Маратқызы, 30 тамыз – Конституция күні. Ата Заңымыздың қабылдан­ғанына 24 жыл. Мерейлі ме­реке  құтты  болсын!

- Рақмет! Ата Заң қабыл­данған 24 жыл ішінде еліміз­дің әлеуметтік, экономикалық және өндірістік дамуында тың серпіліс болды. Еңбек өнімділігі артты. Жұмыс­сыздық деңгейі төмендеді. Құқықтық қоғамдық пікір қалыптасты, яғни Конституция тәуелсіз елдің қоғамдық қағидасын бекітті. Демократия дамуына импульс берді. Елдегі ұлт пен ұлыстың бір­лігін нығайтты. Мұның бәрі бас құжатымыздың аясындағы игі істер. Қазақстандықтарды Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын!

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті қызметіне ресми­  кірісу  рәсімінде сөйлеген сөзінде «Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау» туралы айтқан болатын. Осы тапсырмасынан Жоғарғы сот төрағасы 2019 жылды «Сот төрелігін жүзеге асыру бойынша  сапа жылы» деп жариялады­. Мұның  маңыздылығы  неде?

– Судьяларды  аттестаттау тәртібі күшейтілді. Арнайы құрылған комиссия әрбір судьян­ың шешімі мен үкіміне мұқият зерттеу жүргізіп жатыр­. Әсіресе, бұзылған актілер­ді қарау талабы қатаңдатылды. Биыл аттестациядан 418 судья өтеді. Бірақ сот жүйесіне сан емес, сапа керек. Сол себепті Жоғары сот кеңесі­мен іріктеу тәртібі күшейтілді. Бұрын іріктеуден әрбір 4-ші кандидат оңай өтсе, қазір әрбір 25-ші кандидат үлкен еңбекпен  өтеді.

– «Сырт көз – сыншы» дейді. Бұған өзге  елдердің  бағасы  қандай?

– Халықаралық ұйымдардың пікі­рінше, бүгінде соттарымыз қолжетімді бола түсті. Кез келген сотқа көп шығынсыз жүгінуге болады. Сотта істер тез қаралады. IT-сервис енгізілді. Арыз­дардың басым көпшілігі интернет арқылы­ беріледі. Еліміздегі кадрларды іріктеудің жаңа әдістері енгізілді. Судья­лық  қызметке  «кездейсоқ» адам­дар­дың келуіне тосқауыл қойылып жатқа­нын  шетелдік  сарапшылар айтып­ отыр. Судьялыққа белгілі ғалым-құқықтанушылар мен білікті заңгерлерді алуға жол ашылды. Мұндай жаңа тәсіл салық, кеден, инвестициялар, зият­керлік меншік бойынша, бәсекелестік пен монополияға қарсы қызмет, сондай-ақ өзге салалардағы күрделі істерді шешу сапасын жаңа деңгейге көтереді.

– Судьялыққа үміткерге қойылатын талап жылдан-жылға күшейіп келеді. Сы­нақтары да жеңіл емес. Соған қарамастан оларға қатысты сын азаймай отыр. Неге?

– Әр судья өзінің білімімен, шына­йылығымен істен қорытынды шығарады. Тарап жағы риза болмаса... Білі­мін жетілдіру керек. Заңда көзделген талаппен жұмыс істегені жөн. Судьяның мейрамханаға барып, көңіл кө­теруіне, ішімдік ішуіне уақыты жоқ. Судьян­ың жеке өміріне көп шектеу қойылған.

– Былайғы жұртқа судьялар қатаң, мейірімсіз  болып  көрінетіні  рас. «Бір адамның тағдыры шешілетін тұста түк болмағандай  жүреді» деп өкпесін айтатындар  да  бар. Расымен, солай  ма?

– Бәрін  бірдей мейірімсіз, тасжүрек­ деуге  болмайды. Судья да ет пен сүйектен  жаралған. Олар процесте шаршайды. Жүйкесі жұмыспен  жұқарады. Жаны күйзеледі. Бірде жәбірлену­шінің, бірде айыпталушының орнына өзін қояды. Мұның бәрі денсаулығына ауыр. Бірақ сыртқа сыр білдір­мей­ді. 80-90  жасқа  келген  судьялар  аз.

– Жұрттың  наразы  болатынындай  да бар сияқты. Мас күйде көлік басқарғаны бар, қала берді, көлік жүргізу құқығынан небәрі  2-ақ жылға айырылған шенеуіктер  өз қызметінде қалады. Оның жанында­ ұсақ-түйек ұрлық жасап, ұялы телефон алғандар 3-4 жылға кесіліп жатыр. Мейлі, біздегі рақымшылықтың талабы солай шығар. Бірақ осы жағдайға судья емес, қарапайым адам ретінде қарап көріңізші...

– Пікіріңізбен келіспеймін. Әлеуметтік желіде адамдар көбіне осылай пікір білдіріп жатады. Кейіпкер өзін жұртқа жақсы етіп көрсеткісі келеді. Соттағы істің тұжырымдамасын жа­зады. «Мынадай болған еді. Ақыры осындай­ жағдаймен аяқталды. Дұрыс па, бұрыс па?» дейді. Ал жазылған істің не басы, не аяғы жоқ. Біреудің ісін әділ бағалау оңай емес. Бұл – негізсіз факт.

Әр істің мән-жайы бөлек. Ол қандай­ жағдайда жасады? Субъектісі қандай адам? Бұрын-соңды жауаптылыққа тартыл­ған ба? Мүліктік зияны өндірілді ме? Мұның бәрі сотта ескеріледі. Жауапты­лықты жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар бар. Содан кейін  шешім  шығарылады.

– Ақтау үкімдерінің көбеюі ненің белгісі?

– Ақтау үкімін шығару өте  қиын. Бұл теңіз астынан  маржан тергенмен бірдей  деп  айтылып жүр. Бір қарағанда­ көзге адамның кінәсі бадырайып тұрады.­ Ал ішін  қарап, әрбір фактіні зерделегенде шындық шығады. Бұл сотқа­ көптің сенімін  нығайтады. Сотқа­  көзқарасын  жақсартады.

– Конституциядағы өзгеріс саны жүз­ден  асып  кетті. Ал Америкада 350 жылда 27-ақ  өзгертіліпті...

– Мемлекетіміз жас. Мұндай пікір­лер көп айтылады. Елімізді шетелмен  салыстырады. Бірақ Америкадағыдай қайдан болсын! Алдымен Ата  Заңымызды құрметтеуіміз керек. Өкінішке қарай, кейбір адамның заңнан хабары жоқ. Конституцияны сыйламайды. Ішімдік ішіп көлік  жүргізеді. Заң талабын  бұзады. Өз әрекетінің дұрыс еместігіне көз  жеткізіп, айыбын түсінбейді. Бәрі керісінше қайталанады. Айыпкер арыз-шағым түсіреді. Тамыр-танысын іздейді немесе телефонымен жақынынан көмек сұрайды. Дөкей туысына арқа  сүйейді. Соған сенім артады.  Мен заңға көз жұмып қарай алмаймын. Інім, мейлі  балам болса да аямаймын. Алайда­ бізде заңда көрсетілген талап жиі бұр­маланады. Шетелдіктер заңға бағынады. Конституциясын сыйлап, құр­меттейді. Ал бізде керісінше... Мұның бәрі  заңды  сыйламаудан  туын­дап отыр. Мәселен, пара алу бар. Ал пара беру ше? Заңсыз  сыйлық  ұсынылмаса, қызметкер  оны  қайдан  алады?

– Сіз дарындылар туған өлкеде дүниеге­  келіпсіз. Әдетте оңтүстік өңірде танымал  әнші, сазгер, суретші  көп шығады­. Ел  аузында «Шаянға  барсаң, әнші­мін  деме» деген  тәмсіл  бар.

– Иә, туған жерім Оңтүстіктің Қаратау баурайы. Бәйдібек пен Түлкібастың шекарасындағы ауылда өстім. Атамекенім  жаратылысынан  ерекше. Келбеті көркем жер. Қаратау сілемдерінен күркіреп өзен ағады. Сызылып аққан Сарбұлақ Арысқа құяды. Зеңгір көкке таласқан таулары қолмен қашап салған мүсіндей. Он сегіз мың ғаламның төл туындысына таңырқайсың. 10 жыл­дықты  Ақбастау ауылында аяқтадым. Мектепті «Алтын белгімен» бітірдім. Арман қуып, Алматыға оқуға аттандым. 1982 жылы КазГу-дың заң факультеті­нің кешкі бөліміне оқуға түстім. Екі жылдан  кейін  күндізгіге  ауыстым.

– Неге таңдауыңыз заң бөліміне түсті?

– Өмірде ақиқаттың туын биік ұстау­ды армандадым. Кітап оқуды  кіш­кентайымнан жақсы көремін. Кемел­ Тоқаевтың шығармаларын бір  деммен оқыдым. Әсіресе «Көмескі із» кітабы қатты ұнады. Оқиға желісінде мына адамдар шындықты қалай ашады?  Әккі қылмыскерлердің жолын қалай кеседі? Шытырман оқиғаның ортасына еніп кетемін. Мал ұрлығы ауылда бұрыннан бар. Іске қатысты клубта  көшпелі сот отырысы жиі өтетін. Іс құжатын қарауға аудандық соттан судья келді. Судья ер, полиция әйел адам болды. Баламыз ғой. Әр сөзіне таңырқай қараймыз. Сол сәтте киген киімі, шаш үлгісі есімнен кетпеді. Әкем: «Ауылдың қыздары екі мамандықты  таңдайды. Мединститут­қа  немесе пединститутқа барады. Шолпан­ сен жақсы оқисың. Заң қызметкері болуың керек», - деді. Сөйтіп заң факультетін бітірдім. Еңбек жолымды­ Павлодар облысы Шарбақты ауданында атқару комитетінде заңгерліктен бастадым.  Бірде  Алматыда біліктілікті арттыру курсы өтті. Сонда  бір  жігітпен таныстым. Ә дегеннен заңгермен­  әңгімеміз  жарасты. Бір жылдан соң, қазалылық жігітке тұр­мысқа  шықтым.

–  Сөйтіп, Қызылордаға  келдіңіз  бе?

– Иә, Қызылорданы жатсынған жоқпын.­ Алдымен бұрынғы Ленинск (қазіргі Байқоңыр)  қаласының әділет бөлімінде бас маман болып жұмыс істедім.  Кейін юстиция  жабылды. Мен Тілектес Сеитов, Жақсылық Аяпбергенов  ағайлардан тағылымдамадан  өттім. Сөйтіп  1995 жылы адвокаттық қызметпен айналысуға патент алдым. Жұмысымды  қазіргі Түркістан облысында әрі адвокат әрі мұғалім болып  жалғас­тырдым. Тура қырық жасымда судья болдым. Сотқа кеш келдім деп айта алмай­мын. Ал  Қызылордаға 2016 жылы 20 жылдан  кейін  оралдым.

– Сотта  қандай  іс  жиі  қаралады?

– Жеке тұлғалар арасындағы мәмілелер жиі қаралады. Қарыздар  жөнінде дау-дамай көп. Себебіне тоқталсам... Бір-бірінен  мұқтаждықпен қарыз алады.­  Берушіге кепілдік ретінде үй құжатын қалдырады. Біраз уақыттан соң арадағы келісім күрделенеді. Қарызын қайтармағасын беруші үйді атына аударып­ алғысы келеді. Мұндай фактілер жиі орын алады қазір. Сонымен қатар, еңбек заңы жиі бұзылады. Көлік саласында да заңсыздықтар ушығып тұр. Жол-көлік  оқиғалары  көбейіп барады­.

– Өзіңізге қатысты бір-екі сауал,  алғаш танысқан адамыңыздың мінезін  қалай  пайымдайсыз?

–  Көзінен, қимылынан  қандай екенін  пайымдаймын. Өзін  ұстауынан көп  нәрсені  аңғаруға  болады.

– Адам бойындағы мінездерінің қайсыс­ын   ұнатпайсыз?

– Өтірік айтқанды ұнатпаймын. Жалған  сөйлегенді жақтырмаймын. Сот процесінде негізсіз ақталатындар көп. Одан  түк  шықпайды  ғой. Тұрмыс­тағы өтірікті де  қабылдамаймын. Оның адамға  әкелетін зияны, салдары  бол­маса да. Өйткені  өтіріктің  құйрығы  бір-ақ  тұтам.

– Қызметтен, ортадан, жалпы өмірден не түйдіңіз?

– Мен үшін абырой маңызды. Еш­уақытта ар-ұятты  есімнен шығармаймын. Отбасыма да, қызметіме де үлгер­дім. Мұның бәрі жолдасымның арқасы. Ол мені қолдайды. Қолынан келсе көмектеседі.  Бірақ қызметпен ғана уақыт өткізуге болмайды ғой. Қазір карье­раны ойлайтын қыз-келіншектер көбейген. Олар тұрмыс құрудан қор­қады. Жұмысымды әрі қарай жалғас­тыра алмаймын деп  қобалжиды. Қызмет­пен бірге отбасын қатар алып жүруге жүрексінеді. Жұмыстың болғаны­ жақсы. Бірақ уақыт өткінші. Елуден кейін бала сүюге мүмкіндік бола ма?

– Сот саласына келмегенде кім болар едіңіз?

– Жақсы заңгер, адвокат болатын едім.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан  Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

 


«ЖАСТАР ЖЫЛЫНДА» ЖАСТАРДЫҢ ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕСІ БАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
29.08.2019 11:25

Арал ауданында жастар арасы­нда қылмыс өршіп тұр. Былтырғы жылдың осы кезеңі­мен  салыстырғанда  әлдеқайда өсім бар екен. «Жастар жылы» деп мың жерден жарияға жар салсақ та, болашақ иелерінің арасындағы топтық төбелестің тыйылатын түрі жоқ. Бұл жөнінде Қамбаш көлінің жағасында облыстың бүгінгі буын өкілдерімен кездес­кен аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақовтың өзі айтты.

– Арал  ауданында 2018 жылдың 7 айында жастармен жа­сал­ған  қылмыстардың  саны   28-ді құраса, 2019 жылы 41-ді құраған. Бұл жастар арасындағы қылмыстың алдын алу жұмыстарының  аудан  деңгейін­де мардымсыз жүргізіліп жатқандығын  көрсетеді, - деді.

Сондай-ақ, ол аудан жас­тары арасында кәсіби бағдар беру мен мемлекеттік бағ­дарламалар барысы туралы жүргі­зілген сауалнамада атал­ған­­ шара­лардың өз деңгейінде түсіндірілмегенін жеткізг­ен. Бұдан бөлек, ау­данда жүргі­зілген зерттеу нәтижесінде аймақ ерекше­лігіне сәйкес жаста­рдың маусымдық  жұ­мысқа  ден  қойғаны  байқалған.

Ал Арал ауданына қоңсы қонған Қазалы ауданындағы түйткіл өте күрделі. Ауданда уахабизм ағымын ұстанатын жастардың қатары  артқан. Мұны облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов жүргі­зілген зерттеу жұмыс­тарына сүйене отырып мәлім­деді. Арал мен Қазалы аудандарында мемлекеттік жаста­р саясатын жүргізу бо­йын­ша облыс әкімі М.Ораз­баев  пен  М.Ергешбаевқа  тиісті  тапсырмалар  жүктеді.

Сонымен қатар, Қ.Дос­ма­йыл­ұлы тепсе темір үзетін жігіттердің әскерге бармай, қашқақтап жүргеніне қынжылатынын  жеткізді. Осы орайда тиісті сала өкілдеріне жігіттердің жігерін жанып, әскери-патриоттық сезімін ояту мақсатында нәтижелі жұмыс  істеуге  шақырды. Бұдан бөлек, Қармақшы ауданы мен Байқоңыр  қаласында маргинал  жастардың  қатары  көбейген. Салдарынан жастар арасындағы құқықбұзушылық көрсеткіші  өсіп  отыр.

– Бұрын жастардың дені «әскерге мені алып кет» деп жүгіретін. Қазір қашады барлығы. Әскер деген Отанын сүю, ата-анасын сыйлауға бағыттайтын үлкен мектеп ғой. Жастарға­ әскери-патриоттық  тәрбие  беру  бағытындағы жұмыстары күшейтуді тап­сырамын, - деді  облыс  әкімі.

Бұдан әрі өңір басшысы жиылған жастардың сауал­дарына жауап берді. Сондай-ақ, кездесуде 10 белсенді жасқа республикалық  лагерьге жол­дама­  берілді.

– Кеңес бейресми еркін форматта өтті. Мұнда қатысқан әрбір жас аймақ басшысымен тікелей диалог құру мүмкіндігіне ие болды. Мамандық таңдау, жастар кәсіпкерлігі тақырыптарында сауал қойды. Тұшымды жауап алды. Қатысушыларды қызықтырған сауалдың бірі – жастарға арналған сыйлық. Облыс әкімі әсіресе, әскери-патриоттық сезімді қалып­тастыру, жастарды әскерге баруға үндеу керегін айтты. Бізге бірқатар тапсырмалар берді. Тиісті басқармалармен бірле­сіп, жұмысшы тобын құрып, осы бағытта айқын мақса­т белгілейміз. Әскери-патриоттық сезімді қалып­тастыру мектептегі алғашқы әскери дайындық пәнінен бастау алуы тиіс. Бұл орайда білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын жарақтандыру мүмкіндігі қаралмақ, - дейді облыстық жастар саясаты­ мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов.

Айта кетейік, облыс жас­тары 2014 жылдан бастап Ресей Федерациясының Үкіметімен келісім негізінде Мәскеу мен Санкт-Петербургтің үздік тех­ник­алық жоғары оқу орын­дарында білім алуда, ал оқуды аяқтағаннан кейін жергілікті кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар оларды жұмысқа орналастыру мәселесін шешеді.

Кездесу соңында алау жағылып, жастар ән шырқады.

 

Қ.ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


КЕҢЕСКЕННІҢ БЕРЕРІ КӨП PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
29.08.2019 11:20

Инемен құдық қазғандай қиындығы бар білім саласында болып жатқан соңғы жаңалықтар мен жаңашылдықтар  көпшілікті қуантуда деген ойдамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Елорда төрінде өткен «БІЛІМ және ҒЫЛЫМ» атты тамыз конференциясы соның бір дәлелі шығар. Айтпақшы, Президенттің аталған жиында төбе көрсетуінің өзін ұстаздарға, білім саласына деген құрметі деп түсінеміз. Естіп-білгеніміздей, мұнда көптеген мәселелер айтылды, талқыланды. Ел астанасынан бастау алған тамыз кеңесі ізінше әр облыста  ұйымдастырылды.

Сыр  еліндегі  шараға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, Парламент депутаттары, білім бөлімдерінің басшылары, әдіскерлер, білім беру ұйым­дарының басшылары мен педагог­тері, қамқоршылық кеңес,­ үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері, ардагер-ұстаздар қатысты. 600-ге жуық сала маманы бас қосқан жиынның бірқатар өзгешелігі болды. Оның ең біріншісі – жаңа­шылдық.

Конференцияның басты спикерлері «Promethean» ком­пан­иясының бас консультанты Инна Стивенс «Интерактивные технологии для цифрового поколения», «BTS Digital» білім беру орталығының басшысы Саясат Нұрбек «Жаңа мамандықтар Атласы жобасы: еңбек нарығы мен дағдылар сұранысы қалай өзгеруде?» тақыры­бында баяндама оқы­ды. Шыны керек, қос маманның да ойы, пікірі, ауди­торияға сөзін өткізе білуі көпшілікті таңғалдырды. Десе де, бұл әдісті қабылдау бізге уақыт өткен сайын түсінікті, сіңісті болатын секілді.

Сондай-ақ, «Баланы тұлға етіп тәрбиелеудегі ата-ананың рөлі» тақырыбында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабе­т Тұрсын­баеваның әкесі Байтақ Тұрсынбаев, «Жас  маманға – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында Сырдария ауданы, №35 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Айдана Жакие­ва сөз сөйледі. Ең бірін­шіден, Элизабеттің тұлға ретінд­е қалыптасу жолында ата-анасының рөлі жоғары екені айтпаса да түсінікті жайт. Сондықтан, мұндай ауқымды жиында өзін іс жүзінде дәлелдеген тұлғаның құтты қонақ ретінд­е шақырылып, төрден табылуы мысалдардың үлкені саналғандай. Әрі ұйымдас­тырушылардың қатып қалған бірізділікті бұзуға шындап кіріскені байқалады. Ресми баян­дамадан гөрі, ауызекі сөйлеу стилі, баяндау әдісі көбірек көрініс тапты. Бұл да болса,  жасандылықтан  арылу­ға жасалған алғашқы қадам секілді.

Мінберге баяндама жасауға көтерілген сенатор Мұрат Бақтия­рұлының білім сала­сына келгенде айтары бар азамат екенін біраздан бері білеміз. Әрі әлеуметтік желідегі  осы салаға қатысты ойлары­ көптен бері қоғамның талқысында  жүр.

- «...Білімі қираған мемлекет – мемлекет болмайды» деген­ сөз бар. Сондықтан да, дамығ­ан елдерде реформаны асықпай жасайды. Одан кейін оны 5-6 жыл сынақтан  өткі­зеді. Көптеген мемлекеттерде білімге асқан жауапкерші­лікпен қарайды. Олар рефор­маны бір күн жасамайды. Рас, білім саласында жүйесіздік болды­. Ол – үкіметтің кінәсі! - деп атап өткен сенатор Сыр елінің білім саласындағы жетістігі  шын  қуантатынын  да жеткізді.

Жалпы, соңғы 29 жылдың ішінде еліміздегі әрбір бесінші мектеп (яғни 1600), 14 жылдың ішінде әрбір төртінші бала­бақша (2500) жаңадан салын­ған. Мұндай жетістік Совет Одағының құрамында өмір сүрген бірде-бір мемлекетте болмаған  көрінеді. Тек Қазақстанда ғана жүзеге асқан. Ұғына білгенге бұл – үлкен қолдау. Тек жұмысты жүргізуде, нәтижеге қол жеткізуде жауапты орындар жауапсыздық танытпаса игі.

Конференция барысында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов білім беру саласындағы негізгі міндеттерді саралап берді.

Аймақ басшысы атап өткендей, білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасында көзделген негізгі көрсеткіштер орындалды. Дегенм­ен, одан бөлек шешімін табуы тиіс бірқатар маңызды мәселелер де бар.

- Біріншіден, облыста 3-6 жастағы балалар бекітілген мерзімінен  бұрын  балабақшамен 100  пайыз  қамтылды. Дегенмен,  3 жасқа дейінгі балалардың бөбекжаймен қамтылу көрсеткіші әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Екіншіден, соңғы 6 жылда облыста 69 мектеп салынды, аймақ мектептерінің 60 пайызы жаңа модификациялық пәндік кабинеттермен қамтамас­ыз етілсе, компьютерлер 100 пайызға жаңартылды. Енді біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәй­кес, алыс орналасқан ауылдық елді мекендердегі мектеп оқушы­ларына  қалалық   мектептермен теңдей дәрежеде сапалы білім алуға жағдай жасауымыз керек­, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Сонымен қатар, Қуанышбек Досмайылұлы бәсекеге қабілетті мамандарды оқыту, қазіргі қоғамда педагог мәртебесін арттыру, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларды қолдау, нарық талабына сәйкес тех­никалық мамандық қызметкерлерін даярлау және дәс­түрлі құндылықтарға сәйкес ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу мәселел­еріне  тоқталды.

Тамыз кеңесіне қатысу­шылар мен қонақтар «Цифрландыру – білім саласын дамытуды­ң стратегиялық бағыты»­ тақырыбындағы таным­дық көрмені тамашалады. Сондай-ақ, аймақтың үздік педагогтері «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбел­гісіне ие болды, «Ыбырай Алтын­сарин» медалімен, сонда­й-ақ облыс әкімінің Құрмет грамоталары және алғыс­ хат­тарымен марапат­талды. Ал Байқоңыр  қаласындағы №277 орта мектебіне «Үздік орта білім ұйымы» номина­циясы бойынша  17 миллион теңгенің серти­фикаты  табысталды.

Жалпы, облыс бойынша алдағы­ жаңа 2019-2020 оқу жылын­да  293  мектепте 164 500 оқушы білім алмақ. Оның ішінде, 1-сыныпқа 22 мыңнан оқушы барады деп жоспарла­нуда. Қазіргі таңда Қызыл­орда қаласында 600 орындық орта мектеп пен 1450 орындық 3 жекеменшік мектеп салынуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қармақшы ауданындағы №27, 30 және Жалағаш ауданындағы №201 мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, №288 мектепті ағымдағы жөндеуге қаражат бөлін­ген.

Осылайша, бірқатар жаңашылдықпен жаңа оқу жылын бастамақпыз. Тамыз кеңесі – білім саласында ойы бір жерден шығатын жандардың жиыны­ емес, кеңесіп, пікірлесетін кездесу алаңы. Әуелден солай болуы тиіс. Дана халық «келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді. Ендеше, «кеңескеннің берері көп» деп көп сөзді түйіндеген  абзал  шығар.

Рыскелді   ЖАХМАН

 


 

Майра  МЕЛДЕБЕКОВА,

облыстық  білім басқармасының  басшысы:

ЖАҢА ЗАМАН ДИРЕКТОРЫ КӨШБАСШЫ

БОЛУЫ ҚАЖЕТ

- 2020 жылдан бастап Министрліктің жоспарына сәйкес мектептер жан басына қаржыландыру механизміне көшеді. Онда қаржыландыру мақсаты енді мектеп емес, әрбір оқушы болып табылады.

Қаржы саясатын жүргізуде мектептің стратегиялық даму бағыттарына сәйкес белгілі жағдайда дербестік беріледі. Нәтижесінде, мектептер арасында шынайы бәсекелестік орта қалыптасады. Ол өз кезегінде, оқу сапасы көрсеткіштерін жақсартуға негіз болады.

Бұл мақсатта, мектептің сапалы және тиімді қызмет жасауы үшін жаңа заман директоры – новатор, әдіскер, ұстаз, стратег, экономист, менеджер, бір сөзбен айтқанда, өзгерістерді басқара алатын көшбасшы-лидер болуы қажет.

 


 

Саясат НҰРБЕК,

«BTS Digital» білім беру орталы­ғының басшысы:

­

ЖҰМЫССЫЗ  ҚАЛМАУҒА ӘРЕКЕТТЕНУІМІЗ КЕРЕК

- Білім беру саласы мен еңбек нарығының арасындағы байланыстың жоқтығы бүгінде мамандық таңдауда мәселе туындатып отыр. Осы себепті де біз «Жаңа мамандықтар атласы» жобасын жасадық. Бұл келешекте еңбек нарығында қандай мамандықтың керек екендігін, қандай мамандықтың «зейнеткер», өзгермелі екендігін анықтап береді. Бүгінде бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін біз әрбір жоғары оқу орнына осы мамандықтар бойынша білім алуға мүмкіндік жасаймыз.

Қазіргі білім саласы онлайн білім алуға көшкен уақытта мамандық ауыс­тырудың жолы тым тез дамуда. Бұрын бір саланың маманы 20-30 жыл болса, қазір мамандықты өзгертудің жолы 5-8 жылға қысқарып кетті. Демек, біз жаңа мамандықтар таңдау арқылы болашақта жұмыссыз қалмауға әрекеттенуіміз керек.

 


 

Байтақ ТҰРСЫНБАЕВ,

мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпио­натының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаеваның  әкесі:

БАЛАҢЫЗДЫҢ  ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ  ЕТУІНЕ ЫҚПАЛ  ЖАСАҢЫЗ

- Қай ата-ана болмасын, баласының дарынды, қабілетті болғанын қалайды. Белгілі бір жетістікке жеткенін армандайды. Дарынды, қабілетті баланы айналасындағы адамдар қабылдап, бағалауы тиіс. Мен бұл тұрғыда мақтана аламын. Ең бастысы, ата-ана тарапынан Элизабет­ке үлкен қолдау көрсеттік.

Қазіргі ғылым тілімен айтсақ, біздің қоғамда «Z» ұрпақтар сабақ­тастығы қалыптасып келе жатыр. «Х, Ү» дәуірі ұрпақтарының өз ерекшелігі болса, «Z» терминінің ерекшелігін «Цифрлы адам» баламасымен қарастыруға болады. Біздің балаларымыз цифрландырылған, ақпараттандырылған дәуірде өмір сүруде. Олар үшін барлығы жеткілікті.

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы:  «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» деген болатын. Өз балаңыздың  бойынан  қандай  да бір ұшқынды  байқасаңыз, оның  қоғамға, елге  қызмет етуіне ықпал етіңіз.

 


 

Инна СТИВЕНС,

«Promethean» компаниясының

бас  консультанты:

ЦИФРЛЫҚ КОНТЕНТТЕР БАЛАЛАРДЫҢ БІЛІМ АЛУЫН ЖЕҢІЛДЕТЕДІ

- Сыр еліне алғаш рет келуіміз. Қызылордадағы  №140  мектепке  демеушілік есебінде химия, физика кабинеттеріне интерактивті панель орнаттық. Электронды журнал, дәптерлер, смарт сағаттар баланың алаңсыз білім алуына жағдай жасайды. Бұл ата-аналар үшін де тиімді.

Бүгінде цифрлық білім беру саласы дамып келеді. Әрбір цифрлық контенттер біздің балалардың білім алуын жеңілдету үшін жасалып отыр. Интерактивті панель арқылы оқушылар электронды кітапхананы, сабақты жүргізудің  әдіс-тәсілдерін онлайн  бағытта  көре алады.

 


ТАМЫЗ КЕҢЕСІ – ІЗГІ ОЙЛАРДЫҢ ТАМЫЗЫҒЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
29.08.2019 11:10

А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруші ұстаздар қауымымен алда тұрған басты міндеттерді айқындайтын және саралайтын, негізгі мәселелер жөнінде ой түйіндеуге, пікір алысуға мүмкіндік беретін «БІЛІМ және ҒЫЛЫМ» тақырыбындағы дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.

Аталмыш шараны қала әкімі Нұрлыбек Нәлі­баев ашып, жүргізіп отырды. Сонымен қатар, білім жүйесінің оң өзгерістері мен түйткілді тақы­рыптары туралы сенатор М.Бақтиярұлы мен  Назар­баев Университеті Жоғары білім беру мектебі қосымша білім беру департаментінің директоры Ж.Жонтаева, «Ақпараттық талдау орталы­ғы» АҚ вице-президенті М.Аманғазы өз баяндамасын оқып, тәжірибелерімен бөлісіп, ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтады.

Өз кезегінде, қалалық білім бөлімінің бас­шысы Меруерт  Әбдіқалықова білім саласындағы  жұмыстарымен  таныстырды.

Жалпы, қалада білім саласына деген қолдау басым. Жыл сайын шаһар  бюджетінің  40 пайы­зы­ осы  салаға  бағытталып  келеді. Мысалы, 2018 жылы 20,6 млрд теңге қаралса, биылғы жылы бұл сома 25 млрд теңгені құрады. Әрине, ауқымы қанша жерден кеңейіп келеді дегеніміз­бен, 5 млрд деген аз ақша емес. Мұны қолдау, білімге  жан бітіру мақсатындағы жанашырлық  деп  түсінген  жөн.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнаулы орта білімі бар 183 тәрбиешінің айлық жалақысы 15%-ға, 243 тәрбиеші көмекшісінің айлық жалақысы­ 28%-ға және 571 техникалық қызметкердің еңбекақысы 26%-ға көтерілген.

- Бүгінде Қызылорда қаласының білім жүйесі 85 мыңға жуық баланы қамтиды. Олар мектепке дейінгі 240 балабақшада және 54 жалпы орта білім беру ұйымында оқып, тәрбиеленуде. Елбасының тапсырмасына сәйкес, қала бойынша 3-6 жас аралығ­ындағы  барлығы 20336 бала мектепке дейінгі  мекемемен  қамтылды.

Жыл санап мектепке дейінгі білім беру нысандарының  саны да еселеп артып келеді. 2018 жылы Тасбөгет  кентінен 140 орынды  жаңа балабақша пайдалануға берілсе, биылғы жылы Сырдария өзенінің сол жағалауынан 320 орындық балабақ­ша  өз  жұмысын  бастады.

Сонымен бірге, Ақсуат ауылдық округінде орнала­сқан 120 орынды балабақшаға күрделі жөндеу  жұмыстары  жүргізіліп, қыркүйек айында­  пайдалануға  берілетін  болады, - деді қаланың  бас педагогі  өз  баяндамасында.

Бүгінгі күні мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 4К моделі бойынша білім беру жұмыстары қолға алынуда. Яғни, балаға креативт­ілікті, коммуникативтілікті  және командада­ бірге жұмыс істеуді үйрету – басты назарда. Бұған қоса «Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламасын іске асыру бағытында балаларды­ң тарихқа, табиғатқа, мәдениетке және туған өлкенің бай мұрасына деген сүйіспеншілігін  арттыру­да  бірқатар жұмыстар жалғасын тауып келеді. Биылғы оқу жылынан бастап 1-сыныпқа баратын балаларды үйден шықпай-ақ, mektep.sitcen.kz электронды порталы­  арқылы  тіркеуге қол жеткізілді. Бұл өз кезегінде ашықтықт­ы, жариялықты, қолжетімділікті  қамтамасыз  етуде.

Сондай-ақ, биылғы жылы 4, 9, 10-сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшірілуіне орай аталған сыныптардың оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері толығыме­н жаңартылған.

- Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев өз Жолдауында «Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек, бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты» деген болатын. Осы бағытта, бұған дейін қаламызда 15 инновациялық мектеп жұмыс істесе, 2019 жылдың маусым айынан баста­п 5 мектепке (№4, 12, 187, 217, 278) ақпараттық технология мектеп-лицейі (IT) статусы беріліп, инновациялық мектептер саны 20-ға (37%) жетті. 2018-2019 оқу жылында шаһардағы мектептерде 6387 мұғалім жұмыс атқарды. Олардың 5910-ы – жоғары білімді, 477-сі – орта арнаулы білімді. Санаты бойынша педагог кадрлардың сандық көрсеткіші де (1253-і – жоғарғы санатты, 1662-сі – бірінші, 1525-і – екінші санатты) жақсы.­ Бүгінгі күні қала бойынша жоғары және І санатты мұғалімдердің үлесі 58%-ды құрап отыр. Сонымен бірге, жылдан-жылға ұстаздар арасында магис­трлер көбейіп, бүгінгі күні 115 магистр қызмет атқаруда, - деді қала әкімі Н.Нәлібаев.

2014 жылдан бастап қала түлектеріне Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарында  білім алуға мүмкіндік жасалып, бүгіннің өзінде 350 қызылордалық студент атанып отыр. Осы игілікті бастаманың жалғасы ретінде, биылғы жылы да 4 түлек Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің, 9 түлек Мәскеу Энергетика университетінің және  29 түлек Санкт-Петербург  қаласындағы универ­ситеттердің, 5 түлек Мәскеу  ұлттық технологиялық  университетінің  грантын  жеңіп алды.

Талантты, дарынды шәкірттердің қабілетін шыңдап, оны қолдауға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Қаланың олимпиадалық командасы жыл бойы облыс көлемінде «Ең үздік команда­» ретінде көш басында келеді. Оқушылар халықаралық, республикалық олимпиадаларда жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Республикалық пәндік олимпиадаға қала мектептерінен 19 оқушы қатысып, соның ішінен 5 оқушы жүлдегер атанды. Сонымен бірге, 2018-2019 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойын­ша республикалық ғылыми жоба қонкурсының қорытынды кезеңіне 11 оқушы жолдама  алып, 7 оқушы жүлделі орынға ие болса, халықаралық ғылыми жоба байқауларынан 10 оқушы жүлдемен  оралды.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде тұрмысы төмен, аз қамтамасыз етілген отбасыларынан шыққан 6000-нан аса баланы ыстық тамақпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Облыс әкімімен бекітілген­ көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қосымша қолдау көрсетуге арналған «Қызылорда­ облысының 2019-2021 жылдарға арналған әлеуметтік жол картасын» іске асыру мақсатында бір мезгіл тамақтану рационының сапасын күшейтуге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар ұйымдастырылған. Қалада мектебі жоқ елді мекендерден мектеп оқушыларын арнайы бекітілген автобус­тармен тасымалдау жүйелі жолға қойылып­, 2018-2019 оқу жылында 715 бала тасымалданған.­

Сондай-ақ, жаңа оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарында 6872 баланы қоғамдық көліктерде тегін жүруді қамтамасыз ету ұйымдастырылатын болады. Жыл аяғына дейін Жаппас­бай батыр көшесінің бойынан 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын шешу мақсатында №198 орта мектебі жанынан 200 орындық және №261 орта мектеп жанынан қосымша 150 орындық ғимараттар салынуда.

Тамыз кеңесінің күн тәртібінде көтерілген мәселелерді саралай келе, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қалалық білім бөлімі мен оған қарасты білім беру ұйымдарының басшыларына бір­қатар мәселені шегелеп тапсырды. Олардың ішінде мектеп пен балабақшалардағы білім сапасын және кадрлық біліктілік талаптарын көтеру үшін кешенді жоспар әзірлеу, әрбір білім беру ұйымдарында «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын іске асыру мақсатында отбасылық тәрбие институтын ашу, кәсіпкерлік бойынша сапалы курстар жүргізу үшін «Атамекен» палатасымен бірлесіп, салааралық жоспарды дайындау, мектептердің жобалық қуаты, орын тапшылығы, кешенді жөндеу жұмыстарына талдаулар жүргізіліп, нақты­ ұсыныстар дайындау секілді тапсырмалар бар. Сондай-ақ, шаһар басшысы білім беру ұйымдарында тұрмысы төмен, қолдауды қажет ететін отбасы балалары үшін барлық жағдай жасау­ мен әрбір білім беру ұйымының жеке әлеу­меттік желідегі парақшаларын ашуды және жұмысын жандандыруды назарға алу керектігін ескертті.

Шара соңында қаладағы №6 орта мектеп директоры Асылбек Сейілханов пен №218 орта мектеп директоры Жаухар Азнабаева Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының «Алғыс хатына» ие болса, өзінің саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ардагер ұстаз Иса Амангелді Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» атанды. Сонымен қатар, «Жастар жылы» аясында педагог мәртебесін көтеру мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы қаламыздағы С.Әлжіков атындағы №144 мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Бибігүл Садықова мен №235 мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Ахан Сыдықов  3  бөлмелі пәтер иегері атанды. Бұдан бөлек, өзінің еңбегімен, шығармашылығымен ерекшеленген 10 ұстазға қала әкімінің 150000 теңгелік сертификаты табысталды.

Иә, санаулы күннен соң сөмкесін асынған оқушылар мектепті бетке алады. Үш ай бойы демалып, алаңсыз асыр салғандар бір уақ білімге баса назар аударатын болады. Білім саласын бақылауда ұстау жыл бойы жалғасатынын олар білмеуі мүмкін. Жарқын  болашақ үшін, сауатты ұрпақ үшін  жауапты  мамандар  әр  уақытта  өз жұмысын жалғас­тыра  беруге  даяр.

Тамыз кеңесі – жаңа оқу жылына деген дайындықт­ы  бір  пысықтап  алу  жиыны.

Тамыз кеңесі – педагог қауымға сенім білдіретін, еңбегін бағалайтын дәстүрлі іс-шара.

Тамыз кеңесі – ізгі ойлардың тамызығы.

Бұл қатарды жалғастыра беруге болатынына әбден көз жеткізгендейміз.

Рыскелді   СӘРСЕНҰЛЫ

 


ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНДУСТРИЯ – АЙМАҚ ИГІЛІГІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
29.08.2019 11:08

Жаңа технологиялық әдіспен өндіріс орындарын іске қосу мақсатында аймағымызда индустриаландырудың екінші бесжылдығы қабылданған болатын. Бүгінде біз зор әлеуеті бар облыс ғана емес, бағдарлама бағытымен нақты жоспарды жүзеге асырып отырған индустриалды аймаққа айналдық. Қай ортада болмасын, бәсекеге қабілеттілігін көрсететін басты көрсеткіш – экономика. Қабілеттілігі жоғары экономика құру, шикізаттық емес секторды дамыту, инновациялық процестерге бет бұру және инвестициялық ахуал мәселесі облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының жартыжылдықты қорытындылаған жиынында айтылды.

 

БЕС   ЖЫЛДА   28   ЖОБА  ҚОЛДАУ  ТАПТЫ

Бүгінде отандық өндірісті дамыту, бәсекеге қабілетті өнімдерді алуға бағдарланған жаңа технологиялардың әлеуетін сақтаудың маңыздылығы жоғары. Бұл ретте Қызылорда облысында ҚР индустрияландырудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында құны  567,7 млрд теңгені құрайтын 28 жоба іске қосылып, 6 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде  оның  7-еуі  іске  қосылды.

- Былтырғы жылы іске қосылған цемент және әк шығару зауыттары тұрақты түрде өнім шығаруда. Ал Шиелі ауданындағы тампонажды цемент­ зауыты бүгінде 5 түрлі өнім шығарып, 100 мың тоннадан астам цементті Түркістан, Ақтөбе, Алматы облыстарына жөнелтуде. Одан өзге 7,5 мың тонна өнім экспортталды. Биылғы жылы кәсіпорын 350 мың тонна цемент өнімін өндіруді жоспарға енгізген. Жаңақорған ауданындағы  әк  зауыты  бүгінгі күнге 4,5 мың тонна әк өндіріп, жылдың соңына дейін тағы 5 мың тонна шығаруды жоспарлауда. Зауыттың өнімі еліміздің басқа өңірлеріне де жет­кізілуде. Аталған бағдарлама аясында  биылғы  жылы құны 42,6 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылады деп күтілуде. Олардың қатарында құрылысы  жалғасып жатқан шыны  зауыты мен Арал ауданындағы  балық зауытының балық сүбесін өңдеу цехы да бар. Сондай-ақ, құны  30,8 млн  теңгені құрайтын, жылына  4 млн дана кірпіш өндіруге қауқары  жететін кірпіш зауыт­ы  мен бір жылда 3 мың тонна жем өндіреді деп жоспарланған Шиелі ауданындағы «Таң ЛТД» ЖШС-нің құрама жем зауытының да құрылысы аяқталуға жақын. Кәсіпорын биыл жобаның І кезеңі – құрама жем өндірісін іске қосатын болады. Өнер­кәсіптік базасы мен техникасы дайын, ендігі кезекте ҚХР-ден қажетті жабдықтарды алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен индустрияландырудың екінші бесжылдығы аяқталады, - деді облыстық индустриалдық-иннова­циялық  даму  басқармасының  бас­шысы Ринат Сұлтангереев алғашқы жартыжылдықты қорытындылаған брифингте.

ОТАНДЫҚ   ТАУАРЛАРҒА  СҰРАНЫС   АРТАДЫ

Облыс экономикасын әртарап­тандыру мақсатында өңірде металлургия кешенін құру жұмыстары өз жалғасы­н табуда. Бұйыртса, бұл бағытта­ екі жобаның тұсауы кесіледі. Бірі – «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орны, екіншісі – «Баласауысқандық» ванадий кен орны. Жаңақорған ауданындағы «Шалқия» тау-кен байыту комбинатының құрылысына 687 адам жұмысқа тартылған. Құрылыс Европалық Қайта құру және Даму банкімен қаржыландырылған. Жоба бастамашылары 2021 жылдан бастап кен өндіруді жоспарлап отыр. Комбинаттың іске қосылуы 1500 жаңа жұмыс орнын­ың  ашылуына  мүмкіндік  бере­ді. Бұл – кенттегі жұмыссыздар қатары азаяды деген сөз. Ал британдық инвесто­рлармен бірлесе жүзеге асып жатқан «Баласауысқандық» ванадий кен орнынан 2016 жылдан бастап аммон­ий метаванадаты өндіріліп, экспор­тталып келеді. Кәсіпорын ағымдағ­ы  жылдың  7 айында 126,5 тонна өнім экспорттап  үлгерді. Сонымен қатар, ішкі нарықты  импортты алмастыратын  отандық  тауарлармен толықтыру  мақсатында  өңірде  кальцийлендірілген сода өндіру зауыты бой тіктейді. Жоба-сметалық құжаттамалары мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алып, қазіргі таңда инженерлік-инфрақұрылым тетіктерін жеткізу жұмыстары жалғасуда. Айта кету керек, зауыт еліміздің каль­ци­йлендірілген сода сұранысының 75%-ын қамтамасыз етпекші. Өзге де инвестициялық жобаларға келер болсақ,­ өңірімізде ет комбинатының құрылысы басталды. Жылына 5 мың тонна ет өңдейтін комбинаттың өнімдері экспортқа бағытталған, өнімі вакуумды қаптамада шығарылатын болады­.  Ал «Аралтұз» акционерлік қоғамы өнімге сұраныстың жоғары болуына­ байланысты 3-ші испан цехын­ салу мәселесін қарастыруда. Кәсіпорын өндіріс көлемін былтырғы жылмен салыстырғанда 25%-ға арт­тырған. Ресейлік инвесторлармен бірлесіп тағы бір зауыттың жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы алғанда, бағдарламаның бірінші және екінші бесжылдығы аясында барлығы 24 жоба іске қосылды. Жыл басынан бері 18 кәсіпорын 16 млрд теңгенің өнімін өндірді. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен  салыстырғанда  бұл көр­сет­кіш 17%-ға артық.

 

ИНВЕСТИЦИЯ  ЕКІ  ЕСЕ  КӨП ТАРТЫЛДЫ

Қолайлы инвестициялық жағдай қалыптастыру мақсатында аймақта қажетті инфрақұрылымдық жүйелер жұмыс істеуде. Бұл ретте  инвестор­ларға ыңғайлы әрі тиімді болу үшін барлық­ қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік беретін кәсіпкерлерге қызмет­ көрсету орталығы базасында 2018 жылы фронт-офис құрылды. Ерекшелігі сол, келушілер бір жерге шоғырланған 12 мекеменің қызметін бір  жерден пайдалана алады. Орталық «бір терезе» қағидасы бойынша жер, сәулет, құрылыс, мемлекеттік кірістер, инженерлік коммуникацияларға қосылу­ мәселелері бойынша барлығы 70-ке  жуық қызмет  түрлерін көрсетеді. Орталық жұмысын автоматтан­дыру  арқыл­ы  техникалық  шарт беру уақыты  1 айдан  3  жұмыс  күніне  дейін қыс­қартылды. Сонымен қатар,  Қызыл­орда облысына инвес­тиция тарту тетігін жетілдіру және Қызыл­орда облысына инвестиция тартудың 2019 жылға арналған 2 іс-шара  жос­пары  жүзеге  асырылуда.

- Қазіргі таңда Қызылорда облысында шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы құны 276,1 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге­ асырылуда. Есепті кезеңде аталғ­ан 7 жобаны іске қосу нәтиже­сінде 35,2 млрд теңге сыртқы инвестиция тартылды. Ал жыл басынан бері тартылған инвестиция өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда екі есеге көп. Тілге тиек етерлігі, даму динам­икасы бойынша Қызылорда облыс­ы аймақтар қатарында алғашқы орындарда, - деді  брифинг  барыс­ында  Р.Қалдыбекұлы.

 

ИНДУСТРИАЛДЫ  6  АЙМАҚ  БАР

Аграрлы аймақпен қатар индус­триалды аймақ мәртебесін қатар алып жүргенімізді жиі айтып келеміз. Осы ретте облыс бойынша 6 индус­трия­лық аймақ құру үшін жалпы көлемі 909,9 гектар жер телімі бөлінген. Бүгінде  бұл  аймақтарда  жалпы   құны 193,27 млрд теңгені құрайтын 46 жоба іске асырылуда. Бес жыл ішінде  оның 20-сы іске қосылып, 403 жұмыс жаңа орны ашылды. Жыл басынан бері 5 жоба іске қосылды. Атап айтар болсақ, Жалағаш  ауданындағы  «Химиялық тазалау  орталығ­ы», «Жер  Ана»  шаруа­  қожалығы­ның «50 бас мүйізді ірі қараның сүт фермасы», жеке кәсіпкер Г.Исаханованың «Күріш өндіру»  цехы, Қазалы  ауданындағы «Жылыжай­  кешені»  мен  Шиелідегі «Әк  өңдеу  зауыты». Ал жыл  соңына дейін жалпы­ құны 50 млн  теңгені құрайтын  Қазалыдағы «Көкөніс өнімдерін  сақтайтын  қойма»  жобасы­  ел  игілі­гіне  беріледі деген  үміт  бар.

- Жалпы айтқанда, аймақтарда іске қосылған жобалар жыл басынан бастап 1,5 млрд теңгенің өнімін өндірді. Өнеркәсіптің өңдеу өнер­кәсібі саласында жыл басынан бері 70,5 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Жыл аяғына дейін өнеркәсіптік өндіріс көлемін 92%, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемін 102,0% деңгейінде қамтамасыз ету жоспарда тұр. Қазірдің өзінде облыста­  өңдеу  өнеркәсібі  саласында құны 289 млн теңгені құрайтын 5 кәсіпорын іске қосылып, 53 жұмыс орны құрылды. Өздеріңізге белгілі, 2025 жылға дейін республика бо­йынша қарапайым заттар импортын 37%-ға азайтуды көздейтін «Қарапайым заттар экономикасы» бағ­дарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаны нәтижелі жүзеге асыру мақсатында ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданып, өнеркәсіп өнімін шығар­атын кәсіпорындарға жеңіл­детілген шарттармен 600 млрд теңге бөлініп, қаржыландыру басталды. Бүгінгі күнге облыста бағдарлама аясында жалпы құны 8,2 млрд теңген­і құрайтын 75 жобамен тиісті жұмыстар жүргізілуде, - деді аталмыш  басқарма  басшысы.

Республика  бойынша  аймағымыз өнеркәсіп өнімдерімен жергі­лікті қамту үлесі бойынша Ақтөбе облысы­нан кейінгі екінші орынға тұрақтап тұр. Бұл – айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібіндегі жаңадан іске қосылған кәсіпорындар цифрлан­дыру технологиясын  қолдану арқылы­  жұмыс  істеуде.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА

 


ЖАЛАҒАШТА ЖАҚСЫ ІСТЕР ЖЕТЕРЛІК PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
29.08.2019 10:55

Қазір дамуы кенжелеп, экономикасы тұралап қалған, болашағы бұлыңғыр аудан жоқ. Барлығы да аймақ экономикасының дамуымен қабаттасып, аудан және оған қарасты ауылдық елді мекендердің тұрмыс-тіршілігіне оң әсер етуде. Осы ретте Жалағаш ауданының тынысын атап өтуге болады. Мұнда жаңадан жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар ел игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік бағдарламалар аудан көлемінде сәтті жүзеге асып, әсіресе ауыл шаруашылығы саласының дамуында игі бастамалардың көптігі құптарлық іске айналды.

 

БАР   ЖЕТІСТІК – КӘСІПТЕ

Қазіргі уақытта аудан зама­н талабына сай ауыл­шаруашылық  саласында  егін мен мал өнімін өндірумен айналысуда. Сыр өңірінің ақмаржаны жыл сайын еселеп өнім беруде. Биыл да 21800 га Сыр салысы себіліп, мол өнім күтіп отыр. Мал шаруашылығы саласында да өсім бар. Сондай-ақ, мемлекет басшысының талабына сай кәсіпкерлікпен айна­лысуға  халықтың талпынысы зор. 2017 жылы 174 жоба 1,4 млрд теңгеге қаржыландырылса, 2018 жылы ол 2 есеге өсіп, 294 жобаға 3,1 млрд теңге бөлінді. Биылғы жылдың 6 айында 167 кәсіпкер 1,5 млрд теңгеге жуық несие алып отыр. Мақсат – кәсіп­керлікті дамыту арқылы жұмыссыздықты  жою, үкімет асырайды деген масылдық көзқарастан арылу. Еңбекпен аты шыққан жалағаштықтардың бұл бағытта мол жетістіктерге жететініне сенім мол.

Статистикалық дерек­терге сүйенсек, аудан бойынша ағымдағы жылдың 1 шіл­десіне тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2340-қа жеткен. Өткен жылдың қорытын­дысы  бойынша 2300 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандар саны 1914 субъектіні құраған болатын. Яғни жыл басымен салыстырғанда тіркелгендердің саны 40 бір­лікке, ал жұмыс істеп тұр­ғандардың саны 170 бірлікке ұлғайып, тоқтап тұрған кәсіп саны едәуір азайған. Бұл кәсіпкерлік субъектілерінде 9000-нан астам адам жұмыс істейді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жұмыс істейтін адамдар саны 492-ге өскен. Жалпы, жыл басынан бері жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 83,2 пайыздан 89,1 па­йыз­ға артқан. Аудандағы  35 315 халықтың 6,6 пайызы немесе 2340 бірлігі кәсіпкерлікке тартылған. Бұл көрсет­кіш көрші аудандармен салыстырғанда алдыңғы қа­тарда. Аудандағы тіркелген 2340 шағын және орта кәсіп­керлік субъектісінің экономикалық қызмет түрлерінің басым бөлігі мал шаруашылығы, бөлшек және көтерме сауда, жолаушылар және жүк тасымалдау секілді қызмет­теріне бағытталған. Сонымен бірге, ауданда шаштараз, монша, қоғамдық тамақтану, тігін шеберханасы, техникалық жөндеу орталығы, нау­байхана халық қажеттілігін қанағаттандырып  тұр.

Алғашқы  жартыжылдықта ауданда мемлекеттік, үкі­меттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немес­е дамыту бағытында 167 кәсіпкер 1311,4 млн теңгеге қаржыландырылды. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарла­масы аясында екінші деңгейлі банктердің облыстық филиал­дары арқылы 4 жоба 195,0 млн теңгеге қаржыландырылып, пайыздық ставкасы бағдарламаның шартына сәйкес субсидияланды. Оның  ішінен 2 жоба 47,4 млн теңгеге ішінара кепілденді­рілді. Сонымен қатар, атал­ған бағдарламаның мем­лекеттік  гранттар  беру  бағыты  бойынша  7 жоба  2,4 млн теңге қайтарымсыз грантқа  ие  болды.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың» 2017-2020 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы ая­сында жыл басынан 61 жоба 240,0 млн теңгеге қаржы­ландырылды. Аталған бағдарламаның мемлекеттік гранттар беру бағыты бо­йынша 45 жұмыссыз азамат 11,7 млн теңге қайтарымсыз негізде қаржылай қолдауға ие болды. Одан өзге «Қызыл­орда» өңірлік инвестициялық орталығының «Микробизнес – Қызылорда» бағ­дарламасы аясында 30 жоба 100,4 млн теңгеге қаржыландырылды. Сондай-ақ, кәсіп­керлікті  қолдау  бағытындағы басқа да мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында 761,8 млн теңгеге 20 жоба  қаржыландырылады деп  күтілуде.

Аудан бойынша қаржыландырылған 167 жобаның 80-і – мал, 6-ауы егін шаруашылығына бағытталып, 24 жоба жолаушылар және жүк тасымалы қызметіне  ыңғайланса, қалғаны – өз-өздерін жұмыспен қамтитын жобалар. Жалпы, ауданда­ 2019 жылдың 6 айында негізгі капиталға салынған инвес­тицияның көлемі 6 994,9 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе артық орындалып отыр. Сондай-ақ, меншікті қаражат есебінен тартылған инвестициялар көлемі жалпы ауданға тартылған инвестицияның 81 пайызына теңесті. Негізі­нен ауданда жеке қаражат есебінен 2019 жылдың  6 айын­да құны 549,0 млн теңген­і құрайтын 10 кәсіп­керлік нысандары іске қо­сылды. Атап айтар болсақ:

- жеке кәсіпкер Г.Исахановтың қара күрішті ақтау және жем өндіру цехы, жоба құны – 100 млн теңге;

- жеке кәсіпкер М.Көпті­леуовтың химиялық тазалау орталығы, жоба құны – 6 млн теңге;

- «Жер Ана» ШҚ-ның 50 бас мүйізді ірі қара малына­ арналған сүт фермасы, жоба құны – 20 млн теңге;

- «АгроЛидерТаң»  ЖШС-нің  мал  сою  және ет бумалау­ цехы, жоба құны – 305,9 млн теңге;

- жеке кәсіпкер М.Ертуғанованың 50 адамдық қоғамдық моншасы, жоба құны – 30 млн  теңге;

- жеке кәсіпкер Б.Мырзағалиевтың техникалық қызмет көрсету орталығы, жоба құны – 20 млн теңге;

- жеке кәсіпкер Ж.Қазыбайұлының қонақүй және та­мақ­тану кешені, жоба құны – 30 млн теңге;

- жеке кәсіпкер Н.Ера­лиевтың балықты алғашқы өңдеу  цехы,  жоба  құны – 11,5  млн  теңге;

- жеке кәсіпкер С.Халықтың құрылыс заттар дүкені, жоба құны – 30 млн теңге;

- жеке кәсіпкер Д.Алпысовтың жылыжай кешені, жоба  құны – 3 млн теңге.

Осы атқарылған жұмыстардың негізінде 2019 жылдың 6 айында аудан бойынша кәсіпкерлік субъектілері арқылы 62,9 млн  теңге  са­лық түсіп, жаңадан тұрақты 372  жұмыс  орны  ашылған.

 

ӨМІРШЕҢ    ЖОБА, ЖАҢАШЫЛ   БАҒЫТ

«Өңірлерді дамыту – 2020» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында Аққыр, Жаңа­дария және Мақпалкөл елді мекендеріндегі ауызсу жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Бұл жұмыстар жыл аяғына дейін толық аяқталады деп күтілуде. Осы секілді Қаракеткен ауылдық округіне қарасты Далдабай және Таң ауылдық округіне қарасты Жаңақоныс елді мекен­дерінде де осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл екі нысан­ келер жылы пайдалануға  берілмек. Осы бес ауызсу нысанына мемлекет тарапынан 1 млрд 603 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар Жалаға­ш кентіндегі әкім­шілік ғимараты, 100 төсек орынға арналған аудандық аурухана құрылысы, М.Шә­менов ауылындағы №34 орта мектеп құрылысы, қуаттылығы 30 МВт «Күн электр станциясының» құрылыс­тары да қарқын алуда. Бұл нысандардың барлығы келісімшартқа сәйкес өз мер­зімінде пайдалануға беріледі.

Республикалық маңызы бар «М-32» – «Самара – Шымкент» автожолынан бастау­ алатын «Еңбек – Жаңа­дария» бағытындағы 8 шақырым жол жөнделіп, Жаңаталап пен Аққыр елді мекендері аралығындағы құлау қаупінде тұрған «Оң­түстік коллектор» көпірі 249,6 млн теңгеге қайта са­лынуда. Кент ішінде де бір­шама жұмыстар жүріп жатыр. Нақты айтар болсақ, жалпы сомасы 479,1 млн теңгеге Абай, Бұқарбай батыр көшелерін қайта жөндеу жұмыс­тары жүргізілуде. Алдағы уақытта кенттің Ы.Алтын­сарин, Т.Жүргенов, Конституция, І.Қабылов, С.Қалы­баев және Н.Мырзалиев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. Соңғы жылдары аудан көлемінде жаңадан салынған тұрғын үй саны артып келеді. Ағымдағы  жылдың  6 айында аудан бойынша жалпы кө­ле­мі  5 885  шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, былтырғы жылдың осы кезеңімен  салыстырғанда  8 пайыз­ға  артты.

2017 жылы  Жалағаш  ау­данына «Ирригация және дренаж­ жүйелерін жетілдіру жобасының  2-кезеңі» жобасы бойынша су шаруашылығы нысандарын  құжат­тандыруға облыстық  бюджеттен 43,561 млн теңге қаржы бөлінді. Ирригация және дренаж жүйелерінің су шаруашылығы нысандарының құжаттары республикалық меншік­ке ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Су ресурст­ары комитетінің шаруаш­ылық жүргізу құқы­ғындағы «Қазсушар» РМК Қызылорда фи­лиалы тең­ге­ріміне табысталды. Ағымдағы жылдың маусым айында жобаны іске асыру­ үшін мемлекеттік сатып­ алу конкурсы жария­ланып, «Мелиоратор» ЖШС жеңімпаз атанды. Жобаның жалпы  құны 12,5 млрд теңгені  құрайды. Жобаға  сәйкес «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілд­іру»  жобасын­ың 2-кезеңінде (ИДЖЖЖ-2) бір­шама  жұ­мыстар  атқарылады деген жоспар бар. Мәселен, механикалық тазаланатын каналдардың жалпы ұзындығы 829,7 шақырым, бас су және су тоспа­ құрылыстары, труб пере­ездер, чектік имараттар салу, коммерциялық гидробекеттер, барлық кезектегі қашыртқыларды меха­никалық тазалау, қашыртқылар мен карталық су тастау шеткі құрылыстарын, канал астындағы құбырларды салу және жөндеу, чектік имараттар мен дрендік чектік имараттар салу, бақылау скважиналарын бұрғылау, су тоспа құрылысы мен көпір жөндеу және насос станциясы құрылыс­тары салынады. Ағымдағы жылдың мамыр айында «Мелиор­атор» ЖШС-нің тиісті мамандары ауданның су шаруашылығы мамандарымен бірлесіп «Иррига­ция және дренаж жүйелерін же­тіл­діру» жобасының 2-ке­зеңі­нің жұмыс­тарын баста­у үшін 4433 га жерлер анық­талды. Қазіргі таңда 26 дана инженерлік техникалар мен 10 адам жұмыс  істеуде.

 

КҮН   ЭНЕРГИЯСЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ   ЖОҒАРЫ

Біздің елімізде күн энергиясын дамыту перспективалары өте қолайлы. Республика бойынша елдің оңтүстігін­де күн энергиясының әлеуеті әсіресе жоғары. Жақын арада «Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесі» бойынша қуаттылығы 0,2 МВт-тан 100 МВт дейін 27 күн электр станциясын салу жоспарлануда. Солард­ың  қатарында  Жалағаштағы 30 МВт күн электр станциясының құрылысы да бар. Жобаның құны – 19 млрд теңге. Қазіргі таңда жоба сараптамадан өткізілуде, инвесторлар есебінен салынады. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін Жалағаш ауданы аумағынан 164 гектар жер аумағы бөлінген.

- Бұл жоба Сыр өңірінің экономикалық  дамуына сер­пін береді деген үміттеміз. Нәтижесінде өзге  аймақтарға тәуелділіктен арылып, тариф бағамын реттеуге оң әсерін тигізе­ді. Қазір экологиялық және экономикалық тиім­ділігіне сарап­тама жүргізілді. Осы мақсатта тұрғындар арасында қоғамдық тыңдау ұйымдасты­рылды. Тұрғындар қолдау жасап отыр, - деді Жалағаш­ ау­дандық  кәсіп­кер­лік, өнер­кәсіп және туризм  бөлімінің бас­шысы  Жасұлан  Еспенбет.

Мамандардың айтуынша, жоба 2020 жылы аяқталады деп күтілуде. Аталмыш станциядан 20 вольттық ток шығару ойластырылған. Жоба жүзеге асқаннан кейін 15 адам тұрақты еңбек көзімен қамтылады деген­ жоспар бар. Бүгінде «Nomad Solar» ЖШС күн электр станциясының құры­лысын бастады. Жоғары кер­неу­лік алаңында инверторлық қосалқы стансалардың ірге­тасы құйылуда, күн панельдер тіректерінің 30 пайызы орна­ты­лды.

 

«СЕРПІН»  АЙМАҒЫНДАҒЫ  СЕРПІЛІС

Аудан экономикасының дамып­, жандануына сеп болып тұрған – «Серпін» аграрлы- инду­стриалды аймағы. Кент­тің батыс бөлігінен 22 гектар жер телімі белгіленіп, аталмыш аймақ құрылған. Аграрлы-индустриалды аймақ инженерлік  инфрақұрылымдармен, яғни  автожол, телефон, ауызсу және электр желілерімен толық жабдықталған. Қазіргі таңда  22 гектар  жер  телімінің 5 гектары ин­женерлік инфрақұрылым жүйесіне тиесілі болса, 12,7 гектары­ кәсіпкерлерге табысталған. «Серпін» аграрлы-индустриалды аймағының 3 гектар жерінде­ жалпы құны 191 млн теңгені құрайтын 5 өн­діріс орындары іске қосылып, 66 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, 9,6 гектар жеріне жалпы құны 457 млн теңге­ні құрайтын 11 жобаны іске асыру жоспарлануда. Солардың бірі – «Өр­кен Әлем» ЖШС-нің арнайы киім тігу цехы, жоба құны – 38,2 млн теңге.­ Кәсіпорын ғимараты  қажетті  құралдармен толық  жабдықталған. Мамандарды даярлау жұмыстары толық аяқ­талған. «СТ-KZ» сертификаты алынып, бүгінгі күнге тігін цехы толық іске қосылған. 40 адамды  жұмыспен   қамтып  отыр.

 

«СЫБАҒАДАН»  БҰЙЫРҒАН  СЫБАҒА   МОЛ

Аса жауапкершілікті, сақтықты, тиянақтылықты талап ететін саланың бірі – ауыл шаруа­шылығы. Бұл саланың жауапкершілігі сол, халықты азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізат өнімдерімен қамтитын қауқары бар. Ал биыл Жалаға­ш ауданында 2019 жылы орналастырылатын ауыл шаруа­шылығы дақылдарының бекітілген сызбасына сәйкес, 36 665 га егiс егілді. Оның ішінде негізгі дақыл саналатын күріш, жаздық бидай, арпа, мақсары, жаңа жоңышқа, ескі жоңышқа, картоп, көкөнiс, бақша дақылдары бар. Ал мал шаруашылығына келер болсақ, аудан көлемінде барлығы 37294 бас мүйізді ірі қара, 67655 бас уақ мал, 14332 жыл­қы, 534 бас түйе, 290 бас шош­қа, 7858 бас құс өсірілуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мал басы өсімінде мүйізді ірі қара 105,5%, жылқы 115,6%, түйе 101,3%, қой 96,4%, ешкі 95,5%, құс 101,1%-ға орындалды. Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға ар­налғ­ан  бағдарламасы бойынша индикативтік көрсеткіштерге сәйкес, шетелден 200 бас мүйізді ірі қара малын сатып алу жоспары белгіленді. Бүгін­гі күнге Ақсу ауылдық округінен «Қиясов Е» ЖК Ресей Феде­рациясынан 100 бас асыл тұқымды қалмақ сиырын сатып алды. «АгроЛидер Таң» ЖШС Чехия мемлекетінен 100 бас асыл тұқымды сиырын биылғы жылдың қыркүйек айында әкелмекші. «АШҚҚҚ» АҚ-нан «Ержанов Д» ЖК 100 млн теңге­ несие алып, оған 200 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара әкелуді  жоспарлап  отыр. «Қайып­назарова» ШҚ  Ресейден 100 бас асыл тұқымды қалмақ сиырын қыркүйек-қазан айларында әкелуді жоспарлауда. Жоспар бүгінгі күнге 50% орындалды. Жыл аяғына дейін 2,5 есеге орындалады деген­ болжам жоқ емес. Бұл бағыт­та өзге де ауылдардың үлесі бар. Аудан бойынша «Сыбағ­а» бағдарламасымен айнал­ысушы 9 шаруашылық бүгінгі күнге дейін тұқымдық түрлендіруге 524 басқа субсидия алды. Орындалуы 8,2%-ды еңсеріп тұр. Жұмыс жалғасуда. 2019 жылы ауданға 1535 бас бұқашықты бордақылау алыңына өткізу жоспары бекітілген болатын. «Сыбаға» бағдарламасымен айналысушы шаруашылық басшыларымен бұқашықтарды бордақылау алаңына өткізу бағытында жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында тікелей кездесіп, түсіндірме жұмыстары жүр­гізілді.

 

ЖАСТАР   АУЫЛДЫ   ТҮЛЕТЕДІ

Шыны керек, ауылдық жастар­дың дені «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының игілігін көруді қалайды. Бір жағынан, бір реттік әлеуметтік төлемақы беріліп, екінші жағынан­ өз ауылдарының салалық­ тұрғыдан дамығанына үлес қосуды мақсат тұтады. 2009 жылдан бері тұрғын үй сатып алу және көтерме жәр­демақы түріндегі әлеуметтік көмектер денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарына ұсынылып келеді. 2009-2018 жыл аралығында «Мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі шарал­арды іске асыру» бағ­дарламасы бойынша көтерме жәрдемақы түріндегі әлеумет­тік көмек 532 маманға берілді. Оның ішінде білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіп кешен мамандары бар. Ал 2010-2018 жыл аралығында тұрғын үй сатып алу түріндегі әлеуметтік көмек  646 маманға ұсынылды. Биыл­ғы жылы республикалық бюджет­тен тұрғын үй сатып алуға және салуға 118 маманға 446 924,9 мың теңге қаржы бөлініп, аудан бойынша 62 маманға 230 912,0 мың теңге тұрғын үй несиесі түріндегі әлеуметтік қолдау шарасы көр­сетілді. Бүгінде мамандардың құжаттары жинақталып, жұ­мыс  жүргізілуде.

 

ЖОЛ   ЖӨНДЕЛСЕ,  ЖОЛАУШЫ  СҮРІНБЕЙДІ

Аудандық маңыздағы 112,7 шақырым автомобиль жолының қазіргі таңда 24,3 шақырымы қанағаттанарлық жағ­дайда  емес. Осыған орай ау­дандық маңызы бар Еңбек ауылы бағытындағы авто­мобиль  жолының  0-8,0 шақырым  аралығын  орташа жөндеу жұмыстарына  жоба-сметалық құжаттар әзірленген. Жоба құны – 172,7 млн теңге. 2018 жылы  республикалық  бюд­жеттен 90,8 млн теңге бөлі­ніп, 4 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2019 жылы осы жұмыстарды аяқтау мақсатында облыстық бюд­жеттен 81 878,0 мың теңге қаржы бөлініп, мердігер мекеме «Қызылорда Жолдары» ЖШС-мен жөндеу жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, аудандық бюджеттен бөлінген 1,9 млн теңгеге «Самара – Шымкент – Мәдениет – Жүргенов – Жаңа­талап – Аққыр» автомобиль жолының 0-9,4 шақырым аралығын орташа­ жөндеу жұмыстарына және «Самара – Шымкент – Еңбек – Есет батыр – Жаңадария» автомо­биль жо­лының 8,0-20,3 шақырым аралығын орташа жөндеу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, ведомстводан тыс кешенді сарап­тамадан өткізілді. Атал­ған жобаларды 2019 жылы республикалық бюджеттен қаржыландыру мақсатында өтінім берілді. Аудандық маңыздағы Қара­кеткен, Ақсу, Таң, Бұқарбай батыр ауылдарының кіреберіс автомобиль жолдарын орташа жөндеуге ЖСҚ әзірлеу үшін 11831,7 мың теңгеге бюджеттік өтінім аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне тапсырылды. Соның ішінде Таң, Қаракеткен ауылдарының кіреберіс автожолын орташа жөндеуге ЖСҚ әзір­леуге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу қортындысы бойынша жеңімпаз белгіленді. Бұл атқарылған жұмыстардың бір  парасы  ғана.

 

ЖҮЙЕЛІ   ЖҰМЫС   ЖАЛҒАСАДЫ

Ауданда көптеген әлеумет­тік мәдени нысандар тозған, жаңадан салуды қажет ететін­дігі жасырын емес. Мысалы, аудан тарихын көрсететін мұражай, оқушылар үйі мен өнер мектебі апаттық жағдайдағы ғимараттарға жатады. Ал «Ақтерек»  балалардың  тынығу лагері кеңестік заманда асар әдісімен  салынған.

- Жалағаш – қанша әлемге, Азияға белгілі спортшылар шығаруға  қабілетті  болғанымен  аудан  орталығында  типтік спорт кешені жоқ бірден-бір аудан. Биылға  шешімін  тап­қан­ құны 4,0 млрд теңгелік аудандық  аурухана құрылысы мен аудан орталығына газ кіргізу жобасын қаржылан­дырудың шешілуі аудан хал­қын зор қуанышқа бөледі. Соныме­н қатар, апаттық жағдай­да тұрған М.Шәменов  ауылындағы   №34 мектеп құрылысы да бастал­ды. Аудан орталығындағы Абай, Бұқарбай, Нысанбай жырау көше­леріне биыл 522 млн теңге бөлінді, 1-2 айда жұмыстар аяқталады деп күтілуде. Аққыр, Мақпалкөл, Жаңа­дария, Жаңақоныс, Далда­бай елді мекендерінде  1,2 млрд теңгеге ауызсу жүйе­сінің құрылыс­ы жүруде, оның 3-еуі биыл, 2-еуі келесі жылы аяқ­талады. Бір сөзбен айтқанда, елде мемлекеттің қамқорлығын сезініп отырған халық бар. Осы жұмыстарға іспен жауап­ береміз деген ықылас ниет те бар, - деді аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев жылдың алғашқы­ жартыжылдығын қорытындылау  жиынын­да.

Білім, мәдениет, спорт сала­сындағы жетістіктер – аудан халқының қалыптасқан қалпының, талпынысының, ізденісінің нәтижесі. Білім салас­ы өткен жылы ҰБТ қорытындысымен 85,7 балл алып, аудандар арасында бірінші орынды иеленді. Биылғы жылы тестілеуге қатысқан  226 оқу­шының 188-і, яғни 91,3 пайызы­ грант иегері атанды. Спорт сала­сы бойынша соңғы 2 жылда 1 Әлем чемпионы, 5 Азия чемпионы, республикалық, халық­аралық жарыстарда 74 жүлдегер топ жар­ды­. Мәдениет саласы бойынша аудан өнерпаздары халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардан жүл­делі орындарды иеленіп, жоғарғы нәтижеге қол жеткізуде.

Аймақтың іргелі аудандарының бірі саналатын Жалағаш ауданының тыныс-тіршілігі қысқаша айтқанда, осындай. Аудан экономика­сының барлық саласында серпіліс бар, өзгеріс жетерлік, же­тістік артуда. Жүйелі жұмыс жал­ғасын таба береді. Бастысы, «бірлік бар жерде тірлік  бар».

 

Н.ҚАЗИ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Тамыз 2019 >
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары