Өзекті мәселелер

  • 14.11.19

    Ішкі істер министрінің орынба­сары Алексей Калайчиди аттестациядан кейін лауазы­мы­нан  босаған полиция басшы­лары туралы айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

    – Аттестация екі кезеңнен тұрды. Біріншісі – дайындық барысы. Яғни, лауазымдағы азаматтың  кәсіби  дағдысы зерттелді. Біз бұған  дейінгі полиция басшыларын аттестаттаудың оқ ату, дене дайындығын, заңды білу деңгейін тексеру сек...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Бізде мынадай тенденция бар ғой. Әкімдер мемлекеттік мекемелерге барса,­ сондағы қызметкерлер тайлы-таяғымен иіліп төсек, жайылып жастық бола қалатын. Тіпті, бұл дәстүрге айналып кеткені қашан?! Ал әкім мекеме­ге ескертусіз келсе, жағдай қалай болар еді? Мұндай «қызықты» апта  басында  көрдік.

    ...
    Толығырақ...
  • 14.11.19

    «Отан қорғап, сарбаз сапына қосылады» деп үкілі үміт артып отырған­ бөріктілердің арасында әскери борышын өтеуден қашып жүргендер бар. «Қашқындарда­н» бөлек, республиканың түкпір-түкпіріне немесе өзге мемле­кеттерге жұмыс істеуге барып, нақты мекенжайсыз, хат-хабарсыз кететіндерге де дауа болмай отыр. Осыған­ байланысты әскерге шақырылушыларды жергілікті әскери­ басқару органдарына шақы...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Мәдениет ауылдық округі тіректі елді мекенге айналғалы бұл өңірдің тірлігі де алға басты. Ауыл әлеуетінің артуына бұрын жергілікті шаруашылықтар қолғабыс ететін. Қазір кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланған ауыл тұрғындары да табысқа кенелуде. Кейбір жандар жеке табысы артқан сайын әлі де бола берсе екен дейді. Ал  бұл  елді  мекендегі  шаруашы...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Өткен жылы мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарлама­сына қатысып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Бастау Бизнес» курсынд­а білімін жетілдірген Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылының жас кәсіпкері Қосым Жұмағалиевтің  есімі  бүгінде ауылдастарына жақсы­  таныс.

    ...
    Толығырақ...
Сәрсенбі, 11 Қыркүйек 2019

ҚАРЖЫГЕРЛЕР ҚЫЗМЕТКЕ КЕЛІП ЖАТЫР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.09.2019 11:55

Аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақовтың облыс тізгінін ұстағанына 2 айдан асыпты. Ауыс-түйістер ақырындап жүріп жатыр. Қармақшы ауданын бас­қарған Сұлтан  Мақашовты Жаңақорған ауданы әкімі етіп тағайындады. Ал Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым  Әміреевті облыс әкімі аппаратының басшысы қыз­метіне әкелді. Сырдария ауданын аттай алты жарым­ жылдай басқарған Ғанибек Қазантаевтың орнын­а өзінің идеология жөніндегі орынбасары Рүстемов Руслан­ Рүстемұлын отырғызды. Әзірге, Арал, Қазалы,­ Жалағаш, Шиелі ауданының әкімдері өз креслола­рын сақтап отыр. Оларға кезек келе ме, келмей ме? Оны уақыт  еншісіне  қалдырдық...

Сұлтан Ысқақұлы Жаңақорғанға кеткен соң Қармақш­ы ауданы Конституция күнін әкімсіз қарсы алды. Өткен аптаның жұмасында аудан тізгіні Қалдарбе­ков Мұса  Оспанұлына сеніп тапсырылды. Аймақ басшысының өзі барып, қармақшылықтарды жаңа әкіммен таныстырып кетті. Мұса Оспанұлы еңбек жолын Кентау қаласындағы тігін фабрикасында жұмысшы болып бастаған. 1991-1997 жылдары Жаңақорға­н өндірістік комбинатының жұмысшысы, «Кереге» кіші мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары, 1997-2011 жылдары Алматы қаласының салық органдарында жауапты басшылық қызметте болған.­ 2011-2019 жылдары Батыс Қазақстан облысы бойынша салық департаменті бастығының орын­басары, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер  департаменті  басшысының орынбасары. 2019 жылдың мамыр айынан бастап осы кезге дейін Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департа­менті басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.

Басқарма басшылары да ат ауыстырып жатыр. Мәселен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болған Бақыт Жахановтың қызметі көтерілді. Енді ол облыс әкімінің орынбасары қызметін атқармақ. Апта басында аймақтың бас агро­номы қызметіне лайықты кандидаттың есім-сойы белгілі болды. Облыс әкімінің өкімімен Мүбараков Қамбарбек  Амангелдіұлы Қызылорда облысының ауыл шаруашы­лығы басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. Ол еңбек жолын Жаңақорған ауданы Өзгент ауылындағы қырманда қарапайым жұмысшы болып бастаған екен. 1997-2001 жылдары Қызылорда қаласы бойынша салық комитетінде жауапты қыз­метте болған.  2001-2009 жылдары Шиелі ауданы бойын­ша салық комитеті төрағасының орынбасары, Жаңақорған ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы­, Қызылорда облысы бойынша салық коми­теті­ төрағасының орынбасары, 2009-2011 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, 2011-2018 жылдары Қызылорда облысы бойынша тексеру комис­сиясының төрағасы қызметін атқарды.

Басшы көп тұрақтамаған саланың бірі – цифрлық технологиялар басқармасы. Жалпы, мұндағы басшылық қызметтің креслосы біраздан бері бос тұрған-ды. Дүйсенбі күні облыс әкімінің өкімімен Даужанов  Нәби  Тоқмырзаұлы Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы лауазы­мына тағайындалды. Ол еңбек жолын Жалағаш ауданы Аққұм кеңшарында құрылыс бригадасының жұмысшысы ретінде бастаған. 1995-1996 жылдары Мәскеу ғылыми-зерттеу, жобалық-конструкторлық, технологиялық бетон және темір-бетон институтының ғылыми­ қызметкері, 1996-2001 жылдары Қызылорда политехникалық институтының аға оқытушысы, ақпарат­тық-есептеу  орталығының  бастығы, 2001-2018 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері, факульт­ет деканы, проректоры, 2018-2019 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университе­тінің қауымдастырылған профессоры, 2019 жылдың тамыз айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысы­ әкімінің кеңесшісі лауазымы қызметін атқарды­.

Сонымен қатар үш жылдай Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы болған Байқадамов  Наурызбай­  Сейітқалиұлы облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал оның орнына 2019 жылдың 21 қаңтарынан бастап Қорқыт Ата атындағы Қызылорд­а  мемлекеттік  университетінің  сәулет және құрылыс өндірісі кафедрасының профессоры, 2019 жылдың 5 сәуірінен бастап Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті рек­торының ғылыми және қоғамдық байланыс жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарып келген Бисенов  Қылыш­бай­  Алдабер­генұлы сайланды.

Жергілікті билікке жаңадан келген кадрлардың биографиясына  қарасақ, салық саласының маман­дары екен. Айтпақшы, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақо­в та – қаржы саласының маманы.

Асан  ДӘУЛЕТ

 


АЩЫ СУДЫҢ АҚЫРЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
12.09.2019 11:50

Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

Мардымсыз ақша бала-шаға­сы­ның жұмырына жұқ болмады. Мемлекеттік қызметтегі әйелі табысын­ қомсынады да тұрады. Өзінің айлығымен салыстырады. Ер адамның ақшасы көп болу  керек дейді. Әй­теуір­ әкелгенін қанағат тұтпайды. Жыл сайын Жаңылдың табысы  кө­бейіп келеді.  Сылқым ке­ліншек Үкі­метке  дән риза. Ай са­йын­ 250 мың теңге алады. Ал Қасымнан әкесін­дей іскерлікті, пысықтықты іздейді. Бірақ, күйеуі бос. Жалқаулығы басым. Аптал азаматтың шаруаға ебі жоқ. Қара жұмысқа қарай тұра жүгіреді. Елдің арқа сүйер еркектеріндей іс бастауға шорқақ. Кәсіпке келгенде жолынан жаңылып, кібіртіктей береді.

Үш жылдан бері «Камаз»  жүк көлігін тізгіндеп,­ жұмысы алға жылжыды. Бұрын­ғыдай емес, айлығы шайлығына  жететін болды. Отбасы бюджеті­нің бүйірі  бұл­тиды. Сол екен, әйелі кінәлауын тоқтатты. Қасымға­ жүргізушілікке Алматыдан сұраныс көп түс­пейді. Көбіне шетелді­к компа­ниялар жұмысқа шақырады. Бір жылдан бері Қызылордада нәпақасын тауып жүр. Бірақ тұрмысы жөндел­генімен, ащы суға үйір­лігін  қоя  алмады­. Мұнда да шиша­лас достар­ы бар. Күн сайын дәмін татпаса, шаруасынан береке қашатын­дай көрінеді. Тәуелділік дегенді қойсаңшы... Жеңсік астай ұмтылады да тұрады. Үнемі ішу денсаулығына зардабын тигізе бастады­. Бауыры, бүйрегі ауырады. Алайда Қасымның күніне таңерт­ең, кешке тартып тұрмаса, басы ауырады. Шекесі тырысады. «Мұныңды қойсайшы»  деп, Жаңыл да шар­шады. Жолдасына бұрынғыдай ұрыспайды. Табысын алақанына әкеліп салғасын, не десін?! Ішпе дегенімен  күйеуі тыңдай ма? Айғайлағ­аннан пайда жоқ. Талай алдады да, қатты да айтты. Түзе­ліп, арақты  қойған Қасым жоқ.  Қайта Жаңылдың өзі дүкенге жүгіреді. Өзі әкеліп береді қазір. Алыста жүргесін Қасым үйін жылда­п көрмейді. Басшылық тарапы­нан демалыс бермесе, көлі­гін айдап жүре береді. Ащы су – оның күнделікті сусыны. Тәуел­ділік бойына сіңіп кеткен. Ұрт­тамаса тұра алмайды. Айлығына тиіспейін деп қоймаға ұрлыққа түседі. Жасырып  жанар-жа­ғар­май алып сатады. Қосымша табыс­, сусынына жетеді әйтеуір.

Бірде «Камазбен»  көшеде келе жатты. Күндегідей  шайтансуын ұрттап алған еді. Қомағайлық  жеңіп, кабинада тағы да жарты­лықтың көбісін жол үстінде сіміріп салды. Көшеде қылғытқаны өзіне сор боларын­ қайдан білсін?! Бұл жолы арақтың уыты бойына тез тарады­. Ашқарынға түскен ішімдік масайтып тастады. Бойы жеп-жеңіл. Денесі де сергек сияқты­ еді. Көшеде келе жатып, өрімдей екі қызды... Иә, екі қызды қағып кетті. Ауыр көліктің руліндегі жүргізуші ауыр қылмыс жасады. Бейкүнә бала­лардың бірі жол жиегінде қаза тапты.­ Бірі аурухана төсегінде үзілді.  Оқиға бойынша 38 жастағы жігіттің үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің  345-бабының 4-бөлі­гі­мен, 347-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қасым  тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қатты өкінді. Періште қыздардың обалына қалғанын білгенде, өзегін өкініш өртейді. Қалай аңғармады екен? Қалай жаңылысқанын өзі білмейді. Алайда қылмыскерге кешірім жоқ. Қылмыстың өтеуі – жаза. Қолымен жасағанды мойнымен  көтереді. Басқа жолы да, себеб­і де жоқ.

(Кейіпкерлердің  есімі   өзгертіліп  алынды)

Құттыбике   САБЫРБАЙҚЫЗЫ

 


ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР – ЖИЫННЫҢ БАСТЫ ТАҚЫРЫБЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.09.2019 11:45

Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

Бес тараудан тұратын мін­деттер, еліміздің бұған дейінгі жетістіктері мен табыстарын еселейтін, қажеттіліктер мен негізгі сұраныстарды қанағаттандыратын негізгі бағдарламалық құжат болып табылады.

Идеологиялық актив жиында шаһар басшысы Нұрлыбек Машбекұлы қаланың қарқынды дамуы және қолдауды қажет ететін салалар туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық мәслихатындағы депутаттық фракция жетекшісі, мемлекет және қоғам қайраткері, Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызыл­орда агро-техникалық жоғарғы колледжінің директоры, философия ғылымдарының кандидаты Ибадулла Құттықожаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Кеңес Одағы қар­жы саласының үздігі, «Парасат» орденінің иегері Қалқазбек Әжібеков, республикалық, халықаралық айтыстардың бір­неше мәрте жүлдегері, екі дүр­кін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, қалалық мәс­лихат депутаты, №23 мектеп-лицейінің директоры Ләйлә Қожаниязова, «Самғау» жастар сыйлығының иегері, «Бизнес старт» инновациялық жобаларды жүзеге асыру орталығының басшысы Жандос Оразмаханов сөз алып, өз ойларын ортаға салды.

Жалпы, Елбасының бастамасымен өмірге келген жаңа бағдарламалар мен тың идеялардың ық­палымен, облыс басшылығының қолдауының ар­қасында Сыр елінің орталығы Қызыл­орда қаласында маңызды мәселелер шешімін тауып келеді. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Әрине, атқарылар іс әлі де бар. Өйткені, қала аумағы кеңейіп, тұрғындар саны артты. Қозғалысы бар аймақтың қордаланған мәселесі бітпек емес, бітпейді де, бітуге тиіс те емес.

- Биылғы жылдың осы күнге дейінгі есептік көрсеткіштері бойынша қаламызда көптеген жұмыстар жоғары нәтижемен орындалуда. Жыл басында қаламыздың бюджеті 43 млрд теңге көлемінде бекітіліп, 6 айдың қорытындысымен 70 млрд теңге­ден асты. Бұл бюджет көлемі­нің жыл басынан бері 62,5 па­йызға (27 млрд теңге) ұлғайғанын көрсетеді. Қала бюджеті­нің 2019 жылдың 8 айына кіріс­тер болжамы 30,8 млрд теңгеге жоспарланса, нақты түсім 31 млрд теңгені құрап, 101 па­йызға орындалды. Оның ішінде өз кірістеріміз болжанған 7,9 млрд теңгеден, 8,1 млрд теңгеге неме­се 102 пайызға орындалды, - деді шаһар басшысы.

Бүгінде облыс бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 60 пайызға жуығы қаланың үлесінде. Жыл басынан бері жаңадан тіркелген 1,5 мыңнан астам кәсіп­керлік субъектісінде 1 мың  600 жаңа жұмыс орны ашыл­ған. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­кер­лікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекет­тік  бағдарламасы»  аясында  727 млн теңгені құрайтын 121 жоба қолдау тапқан, оның ішінде 469 млн теңгені құрайтын 70 жоба қаржыланды­рылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда 14 пайызға артып­  отыр.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғ­ы тұрақты өсімін 5 па­йызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болатынын, Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруды, оның ішінде шикізатқа бай­ланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруды тапсырған болатын.

Біздің аймақта өнеркәсіп өндірісінің негізгі бөлігі мұнай өндіруге тиесілі екені рас. Соңғы жылдары жекелеген мұнай құбырларының сулануы салдарынан өңірімізде мұнай өндіру көлемі қысқарды. Бұл өз кезегінде экономиканың барлық салаларына айтарлықтай әсер етуде. Дегенмен, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін өткен жылмен салыстырғанда 50,5 па­йызға арттыруға қол жеткізіліп, нәтижесінде қалаға 58,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Айта кету керек, облысқа са­лын­ған инвестицияның 32,5 па­йы­зы қаланың үлесінде.

Жолдаудағы басымдық беріл­ген келесі сала – дамыған агроөнеркәсіп кешені.

- Қаламызда ағымдағы жылдың 6 айында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1,3 млрд теңгені, өнімнің нақты көлемі­нің индексі өткен жылмен салысты­рғанда 103,2 пайызды құрады. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкер­лікті дамыту» бағдарламасы аясында 82 жоба мақұлданып, 536 млн теңге несие алынды. Қала бойынша 390 шаруа қожалығының бірігуімен 27 ауыл шаруа­шылығы өндіріс кооперативі құрылды. Егіс көлемдерін әртараптандыру мақсатында, барлығы  8 мың  583  гектар  жерге ауыл шаруашылығы дақыл­дары, оның ішінде 4 мың 11 гектарына күріш орналас­тырылды, - деді қала әкімі өз баян­дамасында.

Мемлекет басшысы басымдық бергендей, біздің елімізде ең басты және негізгі страте­гиялық ұстанымдарының бірі – білім саласын дамыту. Жалпы, жыл сайын қала бюджетінің  40 пайыздан астамы білім сала­сына бағытталып келеді. Бұл – осы саланы қолдаудың айқын көрінісі. Мысалы, 2018 жылы 20,6 млрд теңге қаралса, биыл­ғы жылы бұл сома 25 млрд теңгені құрап отыр. Мемлекеттік цифрландыру бағдарламасымен қала мектептерінің компьютермен жабдықталуы, интернет желісіне қолжетімділігі, электронды күнделік жүйесіне қо­сылу көрсеткіші 100 пайызға жетті. Білім беру нысандарының саны жыл сайын артуда.

Өңірде білім, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік нысандардың саны артып, материалдық-техникалық базасы дамып келеді. Елбасының және мемлекет басшысының негізгі басымдықтарына ие бол­ған мәселе – халықты тұр­ғын үймен қамтамасыз ету. Қалада тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселене түсуде. Соңғы жыл­дары қалада жаңа шағын аудандар бой көтеріп, 7 мыңнан астам қызылордалық баспаналы болды. Бұл жұмыстар осы жылы да қарқынды жүргізіліп, атқарылған құрылыс жұмыс­тарының көлемі 22 млрд 375,5 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда 2,3 есеге артып отыр. Облыста жүзеге асқан құрылыс жұмыстарының 40 па­йызы Қызылорда қаласының үлесінде екен.

Қала әкімі Жолдауда жүк­телген міндеттерді негізге ала отырып, қаладағы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Сондай-ақ, сала бойынша кей­бір мәселелерді бақылауда ұс­тауды орынбасарларына жеке-жеке тапсырса, салаға тікелей қатысы бар бөлім басшыларына соны жүктеді.

Рыскелді  ЖАХМАН

 


ЖЕРДІ КӘДЕГЕ ЖАРАТУ – МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.09.2019 11:40

Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зыл­орда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төр­ағалығымен өткен аппарат  отырысында  айтылды.

Аталған салаға жауапты қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Б.Ниеталиев жергілікті бюджетке түскен түсімнің негізгі үлесін салықтық түсімдер құрайтынын атап өтті. Басқарма тарапынан жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту, қосымша кіріс көздерін табу мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, талдау және камералдық бақылау жұмыстары жүргі­зілген. Нәтижесінде қазынаға қо­сымша 1640,7 млн теңге өндірілген. Бұдан бөлек, жауапты басқарма соңғы 5 жылда 26352,2 млн теңге субсид­ия және несие алған субъек­тілерге камералдық талдау жұмыс­тарын  жасаған.

– Жүргізілген талдау нәтижесінде кәсібін дамытуға қаржы алған 62 азамат кәсіпкер ретінде тіркел­мегендігі, 90 адам кәсіпкерлік қызметін толық тоқтатқаны (ликвидация), 42 субъекті кәсіпкерлігін уақытша тоқтатқаны анықталды. Жүргізілген түсіндірме жұмыстарымен 84 дара кәсіпкер 936,9 млн теңгег­е табыстарын көрсетіп, бюджетке 15,8 млн теңге, 31 заңды тұлға 16580,3 млн теңгеге табыстарын көрсетіп, бюджетке 136,8 млн теңге кіріс кірді, - деді Б.Ниеталиев.

Сала басшысы мемлекеттік сатып алу аясында мемлекеттен қаржы алған­ салық төлеушілердің салық төлеуден жалтару тыйылмай тұрғандығын жеткізді. Оның сөзінше, былтырғы жылы кәсіпкерлерге бюджеттен шамамен 82969,8 млн теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде 357 са­лық төлеуші табысым аз деп мәлімет берген.

– Қала төңірегінде орналасқан 42 тойхана мен 120 кафеге талдау жасалы­п, табыстарын төмендетіп және  жалдамалы жұмысшылар санын­ азайтып көрсеткен салық төлеушілерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында 548,4 млн теңгеге табыстарына қосымша есептілік тапсырып, бюджетке 16,4 млн теңге өндірілді, - деді қалалық мемлекеттік кірістер бас­қармасының  басшысы.

Өз кезегінде шаһар басшысы салық түсімін арттыру бойынша әлі де жұмысты күшейту керектігін айтты.­

Бұдан кейін Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы М.Сейілов асыраушы салада атқарылып жатқан жұмыстар барысына тоқталды. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы­ өнімінің көлемі 2019 жылдың қаңтар-шілде айларында 1 млрд 712 мың теңгені құраған. Төрт түлік саны да артып келеді. Бүгінде 20918 бас мүйізді ірі қара, 25838 бас қой мен ешкі, 7386 бас жылқы, 2207 бас түйе, 24528 құс өсірілуде. «Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік  бағдарламасының  орын­далу барысы да ойдағыдай.

– Қала аумағында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін биыл «Сыбаға» бағдарламасымен  275 бас шет елден аналық бас сиыр сатып алу межеленіп, қазіргі таңда 2 ауыл шаруашылығы құрылымы 175 бас мүйізді ірі қараның аналығын сатып алды. Белгіленген жоспар 64 пайызға орындалып отыр. Осы бағдарлама аясында қой малының аналығын сатып алу межесі (Қызыл­орда қаласына) 5400 бас аналық болып­ белгіленген. Қаладағы 8 ауыл шаруашылығы құрылымы 4538 бас қой малының аналығын сатып алды. Меже 84 пайызға орындалды. Бұл бағытт­ағы жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады. Бүгінгі күнге қаржы инситуттарынан қаржыландыруды күтіп отырған 6 ауыл шаруашылығы құрылымы бар. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруа­шылығы өнімінің өнімділігін және өсім сапасын арттыруды субсидиялауға 56 ауыл шаруашылығына құрылымына биыл мемлекеттік бюджетт­ен 41,2 млн теңге субсидия төленді. Субсидиялар төлеу жұ­мыстары жыл соңына дейін жүр­гі­зіледі, - деді бөлім басшысы.

Биыл қаладағы қызылордалық диқандар барлығы 8421 га егін еккен. Күріштің көлемі – 4011 гектар. Қазіргі таңда 4011 гектар күріштің суы толық байланып, 850 гектары орылған, 150 га бастырылды. Күріш ору жұмыстары жалғасуда. Бекітілген кестеге сәйкес күріш жинау жұмыстары ағымдағы жылдың қазан айынд­а тамамдалмақ. Бұдан бөлек, картоп, көкөніс және бақша дақылдарын жинау жұмыстары басталды. Бүгінде 800 гектар картоптың 550 гектары, 992 гектар көкөністің 750 гектары, 769 гектар бақша дақылының 720 гектары жиналған. Сала басшысы барлық ауылшаруашылық құрылымдарына жанар-жағармай уақытылы таратылып жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, М.Сейілов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағы­тында атқарылған шаралар барысына тоқталды.

Жиында қала әкімі ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі­нің басшысына қарата:

– Мемлекет басшысы кешегі Жолдауда пайдаланылмай жатқан жерлерді кәдеге асыру туралы тиісті тапсырмалар жүктеді. Осы бағыттағы жұмыстарды назарға алып, жұмыс жүргізу қажет, - деп ескертті.

Сонымен қатар шаһар  басшысы­  жауапты сала басшыларына қала күніне орай өткізілетін мәдени көпшілік жиындарды пысықтап, дайындық шара­ларын жүргізуді тапсырды.

Халық-хабар

 


ТҮТІНІ – ТҮЗУ, ТІРЛІГІ – ҚЫЗУ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.09.2019 11:30

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

Жақында ғана аталған ауданға басшылық еткен Ғанибек Қонысбекұлы өз еркімен қызметінен кетіп, орнына Руслан Рүстемов барды. Бұрынғы аудан әкімі Сырдарияны аттай алты жарым жылдай басқарды. Содан бері талай ауыс-түйістер өтті ғой. Дегенмен, ол өзгелерге қарағанда, креслосын ұзақ сақтаған әкім ретінде есте қалды. Ал бүгінгі аудан әкімі бұған дейін облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары болған. 28 тамызда ғана жаңа қызметіне кіріскен Р.Рүстемұлы аудандағы мәселелермен толық танысып үлгермегені хақ. Сондықтан аудандағы кейбір түйткілді мәселелерді Ғ.Қазантаевтан қалған «сарқыт» деп түсінсек, қателеспейміз.

Алдымен аймақ басшысы ауданға қарасты Ақжарма ауылдық округіне барды. Мұнда ол «Ақжарма и К» шару­ашылығының жұмысымен танысып, ардагерлермен кездесті. Дәл қазір 3 мыңға тарта  тұрғыны  бар  елді мекен­нің түтіні түзу ұшып отыр. Ауылда 2013 жылы құрылған «Ақжарма и К» серіктес­тігі елдегі 132 адамды жұмыспен қамтыған. Ауыл шаруа­шылығы саласымен айналы­сатын қожалық биыл күріш­тен мол өнім жинауға ниетті. Осыдан 6 жыл бұрын шаруашылық  667 гектар жерге­ Сыр салысын отыр­ғызса, қазір 1200 гектар жерге дән сеуіпті. Сондай-ақ, бидай, мақсары, жүгері, бау-бақша­ өнімін өсірумен де шұғылдануда.

– Ауыл шаруашылығы саласын­ әр­тараптандыру бағытында бірқатар жұмыстарды қолға алдық. Бүгінгі таңда мал шаруашылығын дамытуды көздеп отырмыз. Қазір шаруа­шылықтағы мүйіз­ді ірі қара саны 500-ден асады. Ресейден 132 бас сиырдың «қал­мақ» тұқымын сатып­ алдық. Шаруашылықтың экономикалық әл-ауқаты жоғары деңгейге жетті. 2014 жылы 62 млн теңгеге күріш ақтау цехын іске қостық. Күріш ақтау цехының қуаттылығы тәулігі­не 40 тонна күріш ақтайды. Мұнда 15 адам жұмыс істейді, - дейді «Ақжарма и К» фермер қожалығының директоры Қайрат Нұрсейтов.

Бұдан бөлек, шаруашылық ауыл ішінен монша, әлеуметтік дүкен, мешіт құрылысын жүргізуге мұрындық бол­ған. Сондай-ақ, орталық алаңды абаттандырумен айналысуда. Қайрат Болат­ұлы 2013 жылдан бері ауыл жастарын елді мекенде тұрақтандыру мақсатында­ 8 тұрғын үй салынса, биыл 5 үйдің іргетасы қаланғанын жеткізді.

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов сапар барысында 2018 жылы облыстық бюджет есебінен 192 млн теңгеге тұр­ғызылған  спорт кешенінің жұмысымен танысты. Мұнда 14 адам тұрақты жұмыс істесе, 312 бала спорттың футбол,­ волей­бол, қазақша күрес, дзюдо,­ белбеу­ күресі түрлерімен шұғыл­данады.

Одан әрі өңір басшысы Шаған ауылдық округіндегі «Балбөбек» бөбекжай балабақшасының және «Шаған-жер» ЖШС-нің 3 мың бас малға арналған бордақылау алаңына барды. Бүгінгі таңда­ мұнда 405 бас мүйізді ірі қара мал семіртілуде. Ағымдағы жылы бордақыланған 104 бас мүйізді ірі қара малын сойып, 18,4 тонна сиыр етін өндірді. Мал бордақылау алаңы 480 тонна жоңыш­қа шөбімен қамтамасыз етілген. Қазіргі күні жем-шөп дайындау жұмыс­тары қарқынды жалғасуда.

Облыс әкімі аялдаған келесі нысан – Тереңөзек кентінде салынған жаңа ықшам аудан. Өткен жылы мұндағы А.Иманов, Н.Ергешбаев көшелерінің қиылысынан жаңа ықшам ауданға инжен­ерлік-коммуникациялық инфра­құры­лым жүргізу мақсатында тиісті қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілген. Бүгінде жер теліміне ауызсу, кәріз жүйе­сі, жылу қазандығы, газ және асфальт жолдар толығымен тартылған. №3 және №4 үйдегі жалпы ауданы 2461,44 шаршы­ метр болатын 42 пәтер пайдалануға берілген. Айта кетейік, ауданда пәтер алуға кезектілікте тұрған адамдар саны – 376. Оның ішінде көпбалалы отбас­ы – 239, мүгедек балалары бар отбасы­лар – 17, I-II топ мүгедектері – 45, зейнеткерлер – 9, оралмандар – 3, со­зылмалы аурумен ауыратын адамдар – 6.

Сондай-ақ, Қуанышбек Досмайылұлы Тереңөзек кентін газдандыру жұ­мыстарының барысын көзбен көрді. Кентті табиғи газға қосу 2019-2020 жылдарға жоспарланып, мердігердің техникалары мен материалдары жеткізілген. Ұзындығы 11,5 шақырым болатын жоғар­ғы  қысымдағы газ құбыры мен орта қысымдағы №2, №3, №6 газ тарату­ пункттерінің құрылысы ағымдағы  жылы жүргізілетін болады. Ал 2020 жылы №1, №4, №5 газ тарату пункттері­нің құрылысы басталады. Қазіргі күні жоғары қысымдағы 3 шақырым газ құбыры үшін траншея қазылып, құбыр орнату жұмыстары қолға алынды. Жоба құны – 2442,057 млн теңге. Сонымен қатар, кентте газ құбырын жүргізу жұмыс­тарына бақылау жасау мақса­тында аудан әкімінің өкімімен арнайы жұмысшы  топ  құрылып, тұрақты бақы­лауда  ұстап  отыр.

Қуанышбек Досмайылұлы өз кезе­гінде сала басшыларына кентті газдандыру бағытындағы жұмыстарды қар­қынды жүргізуді тапсырды.

Ассамблея  жылы аясында Сыр­дария ауданда «Достық үйі» ашылған болатын.  Облыс  әкімі  сапарында­  атал­ған орталыққа барып, көпшілікпен жүздесті. Мұнда аудандық ардагерлер, әйелдер, мүгедектер ұйымы, «Қазақ тілі» қоғамы мен өзге де ұйымдар орналасқан. Сондай-ақ, 15 000-ға жуық кітап қоры бар кітапхана қатар жұмыс істейді. Аймақ басшысы «Достық үйінен» кейін Жастар ресурстық орталығын аралап көрді. Сырдария аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталы­ғы» КММ 2017 жылы қаңтар айында құрылған. Ғимаратта жастардың демалыс орны, конференция залы, кеңес беру  орталығы  бар.

Мұнан әрі өңір басшысының сапары­ ауданға қарасты Н.Ілиясов ауылында жалғасты. Ауыл тұрғындарымен кезде­сіп, алдағы жоспарларымен қысқаша бөлісті. 1966 жылы №1 күріш совхозы болып құрылып, 1992 жылдан бері Нағи Ілиясов аталған бұл ауыл – облыстағы ғана емес республикадағы ең көрікті елді мекендердің бірі. Жер көлемі – 17549 гектар, оның ішінде ауылшаруашылық жер көлемі 13129 гектарды құрайды. Ауылда әкімшілік үйі, Т.Айтбаев атындағы 640 орындық орта мектеп, 90 орындық балабақша, емхана,  375 орындық мәдениет үйі, кітапхана, 1000 орындық стадион және спорт кеше­ні, сонымен қатар, «Қазпошта» бөлімшесі халыққа қызмет көрсетеді. Облыс әкімі бірқатар нысандардың жұмысымен танысып, ауыл ардагер­лерімен кездесті.

Айта кетейік, Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев басқарып отырған  «Абзал­ и К» компаниясы ауылды абат­тан­дырып, халыққа қажетті нысандарды салуға­  атсалысқан.

Бұдан кейін Қуанышбек Ысқақов Шіркейлі ауылдық округіндегі №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейінде болды. Іргетасы өткен ғасырдың 30-жылдары қаланған білім ұясының орнына 2015 жылдың 1 қыркүйегінде 600 орындық, екі қабатты типтік жобадағы жаңа мектеп ғимараты салынған. Мектепте информатика, робототехника, мультимедиа, лингафон, тігін және шеберхана кабинеттері, спорт зал, АКТ зал, кітапхана, мектеп асханасы, пән кабинеттері бар. Мектеп жанынан құрылған 60 орындық шағын орталық тұрғындар игілігіне жұмыс істеп тұр. Оқушылармен кездескен өңір басшысы:

– Біздің бала кезімізде білім алуға анау айтқандай мүмкіндік болған жоқ. Қазір компьютер, интернет әр ауылда бар. Ізденіңіздер, білім алыңыздар! Еліміздің болашағы Сіздер! - деп ақжарма­ тілегін білдірді.

Осыдан соң ауылдағы «Қалтай Мұхамеджан­ов атындағы ауылдық мәдениет үйінде» ардагерлермен жүз­десіп, «Мади Қажы» ЖШС-нің жанынан құрылған жастар бригадасымен кездесті.­

– Серіктестік жанынан 2 жастар бригадасы құрылған. 1-бригада құрылыс саласымен айналысса, 2-бригадаға егін егу жұмыстары жүктелген. Құры­лыс­қа қажетті өндіріс цехында 5 түрлі өнім (ішкі жұмыстарға 2/1, кафель желімі, құймалы еден, жаңбырлы сылақ және ронд­бонт) өндіріледі. Сондай-ақ, қара қағаз және эмульсия өндірісін одан әрі жандандыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда 20 жергілікті жас жұмыс істеп жатыр, - дейді «Мади Қажы» ЖШС-нің жанынан құрылған жастар  бригадасының жетекшісі Досхан  Орынбеков.

Шіркейлі ауылынан кейін облыс әкімі Қоғалыкөлге ат басын бұрды. Қазіргі таңда ауылда «Қызылорда-Әуежай-Қоғалыкөл-Шіркейлі» бағытындағы автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі Шіркейлі мен Қоғалыкөлді байлан­ыстыратын жолдың сапасына мән беру керектігін айтты.

Аймақ басшысының іссапары Бес­арық ауылдық округінде тамамдалды. Мұнда №147 орта мектеп пен ауылдық мәдениет үйінде болды.

Жергілікті кәсіпкер «Абай-Дәулет» ЖШС басқаратын азаматтар да Бес­арықты аймақтағы іргелі ауыл қатарына­ қосу үшін еңбек етіп, елге игі істер атқару­да. Аймақ басшысы аудандағы барлық кәсіпкерлерге ел үшін жасап жатқа­н қызметтеріне ризашылығын жеткізді.

– Облыстың барлық аудандарын аралап­ шықтым. Тереңөзекке биыл газ келеді. Аудандағы кәсіпкер, меценат азаматтарға алғыс айтамыз. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, туған жерлерін көркейтуде. Сонымен қатар, аудан орталығындағы әлеуметтік дүкеннің жұмысы көңілден шықты. Осы жобаны барлық аудандарда жүргізу қажет, - деді облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы.

Аймақ басшысы Сырдария ауданының бүгінгі бет-бейнесін көзбен көріп, тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Жауапты сала басшыларына халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, ауданның экономикалық дамуына қатысты тапсырмалар жүктеді.

Қозы  Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ,

Бағдат  Есжанов  (сурет)

 


ТЕҢІЗ ТАҒДЫРЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
12.09.2019 11:25

Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсіздігіміздің көгілдір туын желбіретіп аттайт­ынымыз болмаса /көңілге медеу тұтарымыз тек осы ғана/, жетіскеніміз ша­малы.

Алдыңғы толқын – көш бастаушыларымыздың бұл ғасырдан кеткен үміттері ақталғ­ан жоқ. Армандары іштерінде кетті. Олардың баста­ған ісін жабық қоғамда жалғастырып тірлік кешкен біздер жаңа ғасырға эколо­гиялық ауыртпалығымызбен итініп-соғынып, азып-тозып, әрең дегенде жеткелі тұрмыз. Табиғат-анамыздың шашын жұлып, бетін тырнап, қойынын ашып, шалқар төсін қопарып, «қос анарынан» ақ бұлақтың орнына ыбылыстың әбден ластанып ылайланған зәр-заһар сарқындысын ағызып оны бір қойдық. Бұл қисынға сенбесеңіздер, облыс көлеміндегі кез келген сан­эпидстансаның лабораториясына барыңыздар да, көріңіз­дер. Сырдария суының құрамынан іздегендеріңізді қи­налмай-ақ табасыздар.

Енді осыған жер-жердегі топырақтың, кеңістіктегі ауаның ластануын қосыңыз. Сонда, Сыр бойын жайлаған апаттың түрлері де түрленіп көбейе береді. Мына, бір бүйіріміздегі Байқоңырдың  ұшыру  алаңдарының өзі-ақ талайымыздың тылсым көрімізді білдірмей қазып жатыр. Ғарыштың зымыра­н кемелері әр ұшқан сайын ауаға тарайтын гептил деген удың зәрі адамзаттың тұқым-тұқымына кететін көрі­неді. Демек, олай болса, есіңнен таңбаған нең қалды? Кейде кісәпір ой кимелейді: осы біздің облыста жүз процент дені сау адам бар ма екен... - деп үрейленесің.

Есімізден танғанымыз емей немене, Үкіметіңіз де, ұлтымыз да аналары мен балаларының денсаулығын қорғай алмай­ отырса? Есімізден танғанымыз емей немене, арамызда кәрі-жасымызды талғамай жалмап жатқан «аты жоқ» аурулар асқынып тұрса. Осындай қасіретті құбылыстардың алдында ғылым да, ғалым да дәрменсіз күй кешуде.

Енді Арал теңізінің сарқындысын «сақтап қаламыз» деп, «Кіші Арал жасай­мыз» деп жанталасып жатырмыз. Дұрысы, жанталасқан болып жатырмыз. Осындай ниетпен шала бүлініп қарбаласқанымызбен мандытқанымыз шамалы болып тұр. Істен сөз көп. Сөздің көп болатыны – бар мәселе қаржыға тірелген кезде, діңкеміз құрып, омалып отырып­ қаламыз. Егер қыруар қаржы тапсақ, баяғы Арал теңізін орнына келтіре­  алар ма едік?

Жоқ, енді кеш. Біз жиырма бірінші ғасырдың табалдырығынан «құрқол» аттаймыз. Бізде енді баяғы Арал теңізі болмайды, тек оның жартылай бір бөлігі ғана болады. Біз бүгінгі таңда баста­н кешіп отырған экологиялық дағдар­ыс бүкіл әлемдік қауымдастықтың көзін осыған анық-қанық жеткізді. Өйткені, осы күні Арал дағдарысына байланысты оқиғаларды барлап, бағ­дарлап отырсаңыз, теңізді құтқару турал­ы сөз саябырсыған. Тек Арал аймағы­ тұрғындарының денсаулығы мен тұрмысын күйттеу орайында ғана қам-қарекет басталды. Апатты аймаққа әзірше Өзбекстанның Қарақалпақ­станы мен Хорезм облысы, Түркіменстанның Ташауыз облысы мен біздің Сыр бойы кіреді. Апатты дағдарыстың ең қауіпті соққысы әсіресе осы өлкелерді  күйзелтуде.

Сөйтіп, ендігі тірлік – теңізді құт­қару емес, әуелі халықты тұрмыстық және экологиялық дағдарыстан қорғап қалу қарекетіне ойысқан. Бұл өзі келешекте қандай нәтиже бермек? Үміттің шырағы сөніп қалмай ма? Амалсыз не қилы ойға берілеміз. Арал аймағының тұрғындары күндердің күнінде ұрпа­ғының келешегі үшін жан-жаққа бытырап­, босып кетпес пе екен дегендей де күдік кимелейді. Себебі, осы күні бастан кешіп жатқан әр күніміз бір мінез шығаратын болды. Баяғыда «қарашаның  қары» деген болатын еді. Биылғы­ қарашада қардың иісін де сезгеніміз  жоқ. Өткен екі қыс қатарынан қарсыз  өтті. Жыл  он  екі ай шаң жұта­тын­ күйге жеттік. Осы өткен аптада күні бойы қатты дауыл тұрды. Сонда Қызыл­орданың орталық алаңына құм жауды. Бұл бізді қоршаған төңірегіміздің жалаңа­штанып жұтағанының тура мысал­ы емес пе? Осыдан жиырма бес жыл  бұрын қаланың орталық кіндігіне топырақ  жауғанды кім көріпті.

Осындай күдікпен бірге алаң-жарлы көңілде үміт те жоқ емес. Міне, бес-алты жыл болды, дербестік туын тіккен елімізге «өркениетті» дейтін елдерден «гуманитардық көмек» дейтіндердің үздік-создық болса да келіп жатқанына. Осы «көмектерден» алғашқыда бетіміздің оты шығып, жерге қараған кезіміз де болды. Мұхиттың арғы жағындағылар мен еуропалықтар бізді әбден сорлап қалған ел екен деп ойлаған­ болса керек, иі түскен кертақта киім­дерін, пәлен жыл тұрып қалған консервілерін және де өздері пайдаланбайтын дәрі-дәрмектерін үйіп-төкті. Кейін бұл тасқын бірте-бірте саябырсып, ақылға келе  бастадық.

Соның айқын мысалы: экологиялық дағдарыстан сақтанудың ғылыми негізде­ ойластырылған нақты іс-қимыл Бағдарламасының негізгі бағыттары жүйеленіп, белгіленбек. Бұл бағыт халықа­ралық деңгейде сарапталған. Айталық­, дағдарысқа ұшыраған Арал аймағы­н сауықтыруда Еуропалық Одаққа енген елдердің /ЕС/ халық­аралық ұйымдары бұл күнде өз қызметін бірнеше бағытта жалғастыруда. Біріншіден, дүниежүзілік қайта құру және даму Банкі су қорларын реттес­тіріп басқарудың аймақтық-стратегиялық жоспарын жүзеге асыруға қаржымен көмектеспек. Бұл жұмысқа 19 жоба енгізілген. Бұл жұмыстың бірінші кезеңі жүзеге асырылуда, яғни дайындық  қарекеті  жүруде. Содан  соң  екінші кезеңі – жобалау және оны орындау жалғасады. Соңғы үшіншісінде аймақтық-стратегиялық Бағдарлама толық орындалатын  болады.

Бүкіл дүниежүзілік Банк теңізді құтқарудың халықаралық қорымен /МФСА/ бірігіп, биыл аймақ тұрғындарының денсаулық, әлеуметтік қор­ғану және ауызсумен қамтамасыз ету проблемаларын шешу мақсатында 2 миллион  АҚШ  долларын бөлді.

Екінші бағыт – ПРООН жоспары. Бұған үш мемлекеттің – Қазақстан-ның, Өзбекстанның және Түрікменстанның үш ұлттық бағдарламасы (онда әр елдің негізгі ерекшеліктері мен жағдайы  ескерілген) енгізілген. Оны орындау­ үшін алдын ала көмек беру 1994 жылы басталды. Енді 4 жылға созылад­ы.

Үшінші бағыт – Еуропалық Одақ ВАРМАП-тың  «Су қорларын  және  ауыл шаруашылығы  өндірісін  басқару»­  жобасын жүзеге асыруға 6,5 миллион АҚШ долларын бөлді. Бұл бағдарламаның бірінші кезеңі 8 бағыттан тұрады, оған 21 жоба еніпті. Енді ВАРМАП Бағдарл­амасының 7 жобасын жүзеге асыру жұмыстары жүзеге асырыла бастады.­

Төртінші бағыт бойынша ЮНИСЕФ­ 1995 жылдың маусым айынан­ бастап АСПЕРА Бағдарламасын қаржыландыру. Бұл Бағдарлама денсаулықты сауықтыру және халыққа білім беру мәселелері бойынша Арал аймағының қазақстандық бөлігін қамтиды. Мұнда бірінші кезекте – аналар мен балаларды жұғымды тағамдармен қамтамасыз  ету  мәселесі  тұр.

Жоғарыда жеке-жеке аталған бағ­дарламалар Орталық Азиядағы республикалар мен Қазақстанның мемлекет­аралық  аймақтық  ұйымдарының өзара ынтымақтасқан  және  тығыз  байла­ныста бірлескен қызметтері арқылы орындалуы тиіс. Оған негіз де қалан­ған. Айталық, бұл бес елдің  басшылары  1993  жылдың қаңтарында Ташкентте, одан кейін сол жылы наурызда Қызыл­орда қаласында, содан соң 1994 жылы қаңтарда Нүкісте бас қосқан келісім­дерінде Арал аймағы мен Арал теңізі проблемаларын шешу жөніндегі концепциясының негізгі ережелерін мақұл­да­п, бекіткен болатын. Онда негізінен­ аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы қамтылған. Сонымен бірге Қазақстан мен Орталық Азия респуб­ликалары ғалымдарының Арал бассей­нін экологиялық тұрғыдан сауықтыру орайын­да бірлесіп жасаған Бағдарламасы Нүкіс конферециясында мақұлданған еді. Бағдарлама үш және бес жылда атқарылатын жұмыстарды қамтиды. Көршіміз және теңіздің тартылуына тікелей кінәлі Ресей аймақ тап болып отырған дағдарысты шешуге аталған республикалардағы тұрақты өкілдері арқылы  көмектеседі, - деген үміт бар.

Міне, жоғарыда айтылған осындай іс-қимылдың басында бірден-бір елдің айдыны айрықша жарқырап тұр. Ол – кәдімгі АҚШ. Бұл елді бізге баяғыда, мектепте «ата жауымыз» деп оқытып еді. Содан бері бұл елге деген көзқарасы­мыз қисық болатын. Енді бүгінде бұл елдің бізге көрсетіп жатқан көмегіне кейде «осының арғы жағында нендей құпия бар» деп те ойлаймыз. Онысын, яғни ішіне бүккендері болса, оны соңы­ра уақыт көрсете жатар. Ал дәл бүгінгі таңда бізге әлемдік қоғамдастықтың қол ұшын созғаны керегірек болып тұр ғой.

АҚШ-тың әлемдік қоғамдастық пен ықпалдастықтың басты ұйымдастырушысы екені айдай әлемге аян. Горбачевтің бұл елге барған бір сапарында, Ақ Үйдің алдында өткен митингіде Р.Рейганның: «АҚШ – бүкіл әлем» деп айтқаны сірә тегін болмады. Бұл елдің «АҚШ Үкіметінің Арал теңізі аймағындағы қызметі» деп аталатын арнайы жұмыс жоспары бар. Бұл Бағдарлама әр жылға жеке-жеке арналған. Айталық, Арал аймағының қазақстандық бөлігіне арналған іс-қимыл жоспарының өзі өткен 1995 жыл бойынш 5 бағыттан тұр­са, биылғысы 7 бағытқа орайласқан.

Оның бәрін жіктеп айтатын болсақ, әңгіме ұзарып кетеді. Сондықтан, АҚШ Үкіметінің көптеген «ұсақ-түйек» көмектерін ежіктеп жатпай-ақ бір ғана мысалмен шектелсек те болар. АҚШ Аралдың әбден ескіріп тозған Сарыбұлақ ауызсу құбырын қайтадан жөндеп жаңалауға ЮСАИД фирмасының мамандарын жіберді. Олар Қосамандағы №1, №11, №28 скважиналарды­ жаңартып, құбыр бойына хлоратор қондырғыларын қондырып берді. Және қажетті қосалқы бөлшектермен қарық қылды. Істерінің бәрі мүлтіксіз, тап-тұйнақтай. Біздегідей бүгін істеген ісінен ертеңіне ши шығып жатпайды. Анау Қосжардағы алпыс үй осы күні ауызсудан қақсып отыр. Оған Қосаманның суы Сарыбұлақ құбыры арқылы жеткізілмекші  еді. Су жинайтын қойма баяғыда салынып дайын тұрған. Құбырды қоймаға жалғап кеп қалғанда... сарқыраған балдай тәтті таза су ай далаға ақты да кетті. Қоймаға су тұрмайды – дұрыс бетондалмаған. Міне, біздің жете­сіз құрылысшылардың ісі! Кімнен көресіз? Тек бармақ тістеу... Ал, бұл кезде­  америкалықтар  Аралдан  кетіп те  қалған  еді.

Сонымен жоғарыда айтылған бағдарламалар бойынша «көзге көрін­бей­тін» жұмыстар баяу болса да, үздік-соз­дық дегендей, жүріп жатыр. Өкінішке қарай, жоспарланған жұмыстың біразы қағаздағы қалпында тұр. Мысалы, АСПЕР­А  Бағдарламасында көрсетілген көмек көлемінің жеткіліксіз екені енді  білінуде. Біздің Қазақстан тарапы­нан да шалалық пен ағаттық жетіп артылы­п жатыр. Оның қайсыбірін айтып­ тауысармыз. Қызылордаға шетелдіктердің ағылып келуінің кемі жоқ. Әр делегация келген сайын солардан көмек дәметіп жүрекжарды сөзін тол­ғағанда, облыс басшысы Бердібек Машбекұлының өзі де қып-қызыл болып толқып отырады. Мына жақта, біздер де (журналистер) қобалжып отырамыз. Қайтейік, жағдайымыз құлпырып тұр­са, жат жұртқа сауын айтар ма едік...

Иә, Арал аймағы әлемнің жанарында тұр. Теңізді адам алақанына сидыр­ған плакатты да көп жерлерден көріп жүрміз. Сол алақан әттең бүкіл әлемде­гі адамзат  алақаны  болар ма еді.

(Басы өткен санда. Жалғасы бар.)

 


СУЫНҒАН ЖҮРЕК PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
12.09.2019 11:20

Әйелдер арасында жұмыс істеу де қиын. Олардың жүрген жері – әңгіме. Кімнің басы бос, кімнің күйеуі бар, кім ажырас­қан, әріптестердің арасындағы осындай пыш-пыш әңгімеден бәрін білуге болады. Десе де, ұжымда Сайраның болмысы бөлек. Бәрінің көңілін табуға тырысады. Жақсы қарым-қатынаста болғанды қалайды. Өзінің мінезі ашық. Қашан көрсең де жайдары жүреді. Оны уайым-қайғысы жоқ жан деп ойлайтын едім. Сөйтсем, қателесіппін...

Бірде ұжымда мерекелік басқосу болды. Кеш өте қызықты өтті. Қыздар да, жігіттер де әдемі әзілімен көңілімізді көтеріп тастад­ы. Отырыс біткен соң, Сайрамен бірге үйге қайттым. Ол жолда келе жатып, менімен сырласты. Ішінде айтылмай жүрген шерін тарқатты.

- Жастайымнан биді жақсы көрдім. Мектепте де, жоғары оқу орнында да би алаңының ортасын бермедім. Әсіресе, үнді биін қатты ұнаттым. Жан-тәніммен дайындалатынмын. Біз университетте оқып жүргенде ауылдың шаруа­шылығына көмектестік. Күріш алқабына жиі баратынбыз. Бірде асарға барғанда ауылдың жігіті алып қашты. Өзі керім екен. Ұзын бойлы, келбеті келіс­ті-ақ. Бірақ қалада болғым келе­тін. Менің ауылда қалатыным жаныма  қатты батты. Ал күйеуім­ жаман адам емес. Қолынан бәрі келеді. Мені өзінің шынайы сезімі­мен баурап алды.

Бірінен соң бірі төрт ұлды дүниеге әкелдім. Ата-енем де мені жақсы көрді. Аяғы құтты келін деп төбелеріне көтерді. Мен бақытты едім. Ұлдарым өсті. Оқуларын бітірді. Екі келін түсірдім. Ал ата-енем мәңгілік мекендеріне  аттанды. Қырықтан асып, керімсал шаққа да жеттік. Уақыт шіркін өз ағысымен өтсе, өмірге өкпелеймін бе? Тату-тәтті отбасымыздың шыр­қы  аяқ астынан бұзылды. Алақандай ауылда күйеуімнің жесір келіншекпен әуейі болып жүр­генін естідім. Төрт баланың әкесіне сезімімді суытқан әйел атағы әйгілі келіншек болатын. Талай мәрте қайынағалары келіп, таяқ­қа жыққан көрінеді. Бірақ ол  ерсі қылығын тыймады. Күйеуімді құрығына түсіргенде ішімді жалын шарпыды. Адуындылығыма салып, ерімнің жағасына жармасатын болдым. Бізді балаларымыз арашалап алатын. Ал келіндерім күйеуім екеумізге тосыр­қап қарайтын. Абыройы жоқ  арсызға  атын аяқ асты еткеніне  қаным қарайды. Ауыл адамдары  бір-біріне туыс. Күйеуім ол әйелге қайнаға болып келеді. Сорымды қайнатқан көңілдес күйеуімді тартып алды. Күнде ұрыс-керіс. Ақыры ажырастық. Махаббат хикаясының кейіпкері болған күйеуім мен көңілдесі ауылдан көшіп кетті. Жасқа тұншығып мен қала бердім. Одан артық арқасүйер адам таппадым. Елден именіп, көшеге шықпайтын болдым. Күйігімді арақпен бастым. Бірте-бірте арақсыз тұра алмайтын халге жеттім. Ішетін құрбылар да табыла кетті. Күнде думан, күнде той болып жылдарым  жылжып  жатты. Мен арақтың шырмауына оратылып бара жаттым. Осылай жалғаса берер ме еді? Үлкен әпкем келіп  есімді жидым.

«Күйеуі тастаған жалғыз сен бе? Бай керек қылмаса, балаларыңа қажетсің. Ұлдарыңды аямайсың ба? Әйелдерінен ұялып, жерге кіріп жүр. Өзіңе кел!» - деп әбден ақылын айтты. Ол ауылда жүріп арақтан ажырамайтынымды ұқтым. Әпкем үйді сатып, қалаға көшіріп алды. Мені емдетіп, адам қатарына қосты. Жұмысқа орналастырды. Біртіндеп тұрмысымыз түзелді. Ұлдарым ақша таба бастады. Үшінші балам үйленді. Әкемізді шақырайық деп айтатын шығар ойладым. Бірақ балаларымның әкелерінен  көңілі қалса керек, ол туралы жақ ашпады. Келіндерім тәрбиелі, көргенді жандар болып жолықты. «Байдан бағымды  ашпаса да, бақты балаларымнан берді» деп тәубеме келдім. Бір күні күйеуімнің ғашығы қайтыс болғанын естідім. Инсульттен кеткен көрінеді. Жүрегім селт етпеді. Мені жылатқан жанның жазасын тартқанына да қуанбадым. Күйеуіме жаным ашыған да жоқ. Арада жыл өткенде жолдасым келді. Аяғыма жығылып, кешірім сұрады. Артынан ағайын-туыс келді. Бір қауым ел менің кешірімімді күтті. Үлкендердің қолқасынан аса алмай, амалсыз қабылдадым.

Бірақ суынған жүрек жылынбады. Оған жылы сөйлей алмадым. Қартайғанда түк болмағандай жүрген жолдасыма ұрысуға келіндерімнен ұяламын. Қайтып келген еркектің қадірі қалмайды екен. Жүрегіме қатқан мұз ақыры жібімеді. Балаларым   мен келіндерімнен ұялғанымнан оған үндемеймін. Қайтып қуып шығуға туыстарымнан бата алмаймын, - деп Сайра әңгімесін аяқтады.

Әр әйелдің бір сыры бар. Жасырған құпиясы қаншама?! Қайтып келген күйеуін кешіріп, бірақ өкпесі жазылмаған әріп­тесіме тек сабыр тіледім.

ҚАМАЖАЙ

 


ЖЕЛІ “ЖЕҢГЕМІЗГЕ” АЙНАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
12.09.2019 11:15

Қазақтың туыс­тық қарым-қатынасы ішінде жеңге мен қайын іні, қайын сіңлі арасындағы өзара сыйлас­тықтың, бір-біріне деген қамқорлық пен құрметтің орны ерекше. Жеңге мен қайын інінің қарым-қатынасы әпке мен інінің жақын­дығындай болса, шаңырақтың бойжет­кен қыздары үшін жеңгенің қадірі тіпті бөлек. Өткенге көз жіберер болсақ, жаңа отаудың босағасын аттаған күннен бастап­, келіндер күйеуінің іні-қарындас­тарын атымен атамайтын болған. Мысалы, ер балаларды «Мырза жігіт», «Төре бала», «Кенжетай» десе, қыз балаларды «Еркем», «Бикеш», «Тәтті қыз» деп еркелеткен. Қыз балалар анасына немесе әпкесіне айта алмағ­ан сырын жеңгесіне айтып ашық-жарқы­н  әңгімелескен.

Халқымыздың ерте заманнан құнын жоймай келе жатқан салт-дәстүр, жөн-жоралғ­ыларында да жеңгеге артылар жауап­керш­ілік көп. Мысалы, қызға ұрын барған кезде жігіттер қыздың жеңгесінен көмек сұрап, оларға сәлем-сауқат жолдап, білезік, сырға, қолорамалдар сыйлағанын көркем әдебиеттен оқып жүрміз. Ертеде жігіттер қызға жеңгесі арқылы сөз салатын болған деседі. Оңаша кездесуге алып шығу немесе сөйлестіру үшін олардың арасында жең­ге­лері­  жүрген.

«Қалмады баста бөрік, белде белбеу,

Жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай» деген өлең жолдары тегін айтылмаса керек. Себебі, жеңгенің көңілін табу ол кезде­ оңай болмаған. Сондай-ақ, бұрынырақта қызға таласатын жігіттерді араздастырмау мақсатында «қыз қашар» дейтін дәстүр ұйымдастырылатын болған. Ауыл жастары күнұзаққа ән салып, күй тартып, күрес, бәйге, қызқуу ойындарын өткізеді. Күйеу жігіт қыздың жеңгесіне «қызқашарға» деп бір жорға немесе­ бағалы киімдер тарту етеді. Ал, жеңгелер болса қызды кілемге отырғызып, әкесінің оңаша бір үйіне алып барады. Сол кезде ретін тауып, «күйеу шақырар» кәдесін алады. Шымыл­дық ашқан жеңгесіне «шымыл­дық ашар», төсек сал­ған жеңгесіне «төсек салар», сондай-ақ «қол ұстатар», «шаш сипатар» сияқты жөн-жорал­ғыларды  өткізген.

Ұзатылатын қызды туған үйінен шығарып салып, құтты орынға қондыру қазақтың салтында аса қуанышты, ерекше игілікті іс болып саналады. Қызды аттандырарда екі жеңгесі жаяул­атып алып шығады. Бойжеткенді шығар­ып салар алдында жеңгелері оңаша бір үйге апарып, қалаған-сұрағаны болса беріп, өкпе-реніші, арман-тілегі болса­ айтқызып, ел-жұртты ұмытпай келіп тұруын­, сондай-ақ барған жаңа ел-жұртында тату-тәтті өмір сүруін үгіттеп, көңілін орнық­тырып аттандыратын болған. Келінге­ арнап беташар жыры айтылғанда және рәсім орындалар кезде күйеуінің екі жеңгесі қолтығы­нан демеп тұрады. Түрлі жөн-жоралғы­, ырым-тыйым, жиын-тойдың барлығ­ы да болашақ жас жұбайларды адамгер­шілікке,  ата-баба  дәстүріне  құрмет көр­сетуге, ар-ұят пен адалдықты сақтауға, ұстамдылыққа, сезімдерін  ақылға  жеңдіру­ге  баулитыны  сөзсіз.

«Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді келеді» деген сөзді естігенде көркем әдебиеттегі Тоғжанның Қарашаштай, Ботагөздің Айбаладай асыл жеңгелері еске түседі. Ақтоқтыны үйіне әкетуге асығатын, Бал­қадишаны кірпік қақпай күзететін жеңгелердің батылдығы ойға оралады. Қайын сіңлісімен емен-жарқын сырласып, бірін-бірі ұнатқан қос жүректі табыстыруға құмартып тұратын қазақтың үлгілі келіндерін өткен шақта айтатынымыз өкінішті. Бүгінгі таңда қайын інісі мен қайын сіңлісіне ат қойып, еркелететін, кешегі көпті көрген жеңгелердің жолы не себепті жалғаусыз қалды? Отбасының береке-бірлігін арттырып ғана қоймай, бір ауылға немесе тұтас ұлтқа үлгі-өнеге болып жүрген жеңгелер қайда? Иә, мұндай сауалдарға жауап беру қиын. Себебі, қазіргі таңда қазақтың келін­дері ат қойып, ат тергейтін жақсы дәстүр, игі үрдісінен жаңылып қалды. Үлкеннің алдын­ан кесіп өтпей, иіліп сәлемін салып тұратын инабатты, ізетті келіндер де сау­сақпен санарлықтай. Қазіргі келіндердің келген шаңырағында өздерін салқын ұстап, балама ат қоюды тіпті ойларына да алмайтынына кім кінәлі? Меніңше, бүгінде көрегенді жеңгелердің орнын көрсоқыр желі басып­ кеткен. Желігіп жүріп желіге «желінетіндер» жеңгенің айтқанынан қандай жақсы қорытынды шығара алады!? Желіні күзетіп жүргендер жеңгенің қадір-қасиетін жоғалтып алғандай. Мінеки, соның сал­дарынан қазір төркіні келсе­ қуанып, қайын жұрты келсе қабақтары ашылмайтын келіндердің саны артып барады­. Қайын сіңлі­сімен сыр бөлі­сетін жібек мінезді жеңгелеріміз тек көркем әдебиетте ғана қалып қойған секілді. Иә, қазіргі ғаламтордың шырмауына түскен жастар жеңге түгілі өзінің туған ата-анасын сый­лауд­ан қалып бара жатқандай. Әрине, барлығ­ы бірдей демейм­ін, бірақ сондай жастарды­ң іс-әрекеттері көңілді қынжылтады. Бұл мәселеге біржақты көз­қараспен қарамай, керісінше алдын алсақ сыйластық пен құрметті, салт-дәстүр мен жөн-жорал­ғыларды сақтап қалары­мыз  анық.

Әлеуметтік желіні де мүлдем керек емес деуге болмайды. Оның да қажет тұстары бар. Мысалы, қазіргі ХХІ ғасырда алысты жақындатып, ағайын-туыстың арасын ажыратпай сақтап қалуға, тіпті шетелмен тілдесуге мүмкіндік туды. Бірақ, бүгінгінің жастары әлеуметтік желі арқылы жақынды алыс­татып алғандай. Себебі, қазіргі таңда әлеуметтік желінің кесірінен «мәміле» дейтін ұғым құнын жоюда. Қазір ешкімде бетпе-бет жолығып­, әңгіме-дүкен құрып, шүйіркеле­сіп отырмайды. Қандай мәселені болсын әлеуметтік желі арқылы шешетін деңгейге жеттік. Егер де дәл осы қалпымызда қалар болсақ, бұл мәселе ешқашан шешімін таппас­а, онда адамгершілік қасиетімізден біржола айырылатынымыз анық. Сондықтан қай дүниені болса да, орнымен пайдалана білген дұрыс деп ойлаймын. Виртуалды­  әлемнің әлегіне айналмай, өзара қарым-қатынасты  сақтаған  абзал.

Қорыта келе, Елбасымыз Н.Назар­баев­тың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласында қазақ халқының ерте заман­нан құнын жоймай келе жатқан салт-дәстүр, жөн-жоралғыларын ұмытпай, жолын жалғасақ­ бұл мәселе де өз шешімін табады. Бұрынғы жеңгелеріміз­дің асыл қасиеттерін қайтарсақ, отбасылық мәмілені қолға алар болсақ, халқымыздың мәдениеті қайта жанданы­п, даму­дың жаңа жолына түседі. Сол үшін адамдық қасиеттерімізден арылмай,­ әлеуметтік желінің қажет жақ­тарын ғана пайдалансақ, отбасылық сыйласты­қты, біртұтастықты қорғап қалатынымы­зға  толықтай  сенемін.

Аружан  ЕРАЛЫ,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚМУ-дың  3-курс  студенті

 


«КОНВЕРТТЕГІ ЖАЛАҚЫНЫҢ» ДӘУІРІ БІТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.09.2019 11:10

Аймақта бейресми жұмыспен қамтылғандар саны азаяр емес. Соның салдарынан жұмыссыздық деңгейі кемімей, салық түсімдерінің жетіспеушілігі мен еңбек даулары туындау­да. Осы мәселеге сәйкес өңірде Жол картасы әзірленіп, арнайы жұмысшы топ құрылған. Олар кәсіпкерлер мен еңбек азаматтарына түсіндірме жұмыстарын жүргізбек.

Өткен жұмада «Нұр Отан» пар­тиясы облыстық филиалында тиісті сала басшыларының қатысуымен Қызылода облысында бейресми жұмыспен қамтылғандарды заңдастыру және сапалы жұмыс орын­дарын құру бойынша 2019-2021 жылдарға арналған іс-шаралардың жүзеге­ асырылу барысы талқыланды.

Өңірде жыл сайын 10 мыңнан астам­ жаңа жұмыс орындары ашылса­ да, жинақтаушы зейнетақы жүйесімен жұмысшылар толық қамтылмай отыр. Бұл халық арасында бейресми еңбек етушілер мен салық төлеуден жалтарып жүрген жұмыс берушілер бар екенін аңғартады.

– Статистикалық мәліметтер бойынша Қызылорда облысында жұмыспен қамтылған жандар саны 331,4 мың адам болса, соның ішінде жалдамалы жұмыскерлер саны 217,6 мың адамды, өз бетімен жұмыспен қамтылғандар саны 113,8 мың адамды құрап отыр. Шын мәнінде қолма-қол ақша алушы жұмыскерлер өз болашағын ойластырмауда. Қазіргі таңда зейнетақы жүйесі толықтай еңбек өтіліне байланысты. Сәйкесінше, ресми жұмыс көп істеген адам зейнетақыны көп алатын болады. Осыған орай, барша қазақстандықтар ресми түрде жұмыс істеуге зор мән беруі қажет. Осы мәселелерді шешу  үшін құрылған Жол картасының басты мақсаты – жұмыс беру­шілер мен бейресми жұмыспен қамтылған азаматтарға өздерінің жарқын­  болашағына әлеуметтік және салықтық төлемдердің тиім­ділігін және құқықтарын түсіндіру, - деді Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Расымен, қазір тек бүгінгі күнмен өмір сүріп, болашаққа алаңдамай жүрген жандар жетерлік. Қарапайым халықтың кейбірі зейнетақыға еш сенім артпай, қолма-қол жалақы береті­н жұмыс орындарында табыс тауып­  жүр. Дегенмен, қазір «кон­верттегі жалақының» дәуірі өтті. Сала мамандары солай дейді. Егер жұмыс барысында шу шығып, еңбек келісімшарты жоқ жұмысшы сотқа жүгінген жағдайда, жеңіліс табуы мүмкін. Облыс бойынша Enbek.kz порталында 3000 жұмыс беруші мен 15000-ға  жуық  бос жұмыс орын­дары бар екен. Бұл жұмыс орындарында бәрі де ресми, заңға сәйкес ұйым­дасты­рылған.

Брифингте  сала мамандары тексеру жұмыстары  барысында бір­қатар заңбұзушылықтарды анық­та­ғанын айтты.

– Мемлекеттік кірістер орган­дарының негізі мақсаты – қоғамда салық төлеу мәдениетін қалыптастыру. Елімізде шағын және орта кәсіпорындары мемлекеттен үлкен қолдау көрсетілсе де, жұмыс берушілер ішінен қолма-қол ақша беретіндері, жұмысшы санын азайтып немесе­ мүлде көрсетпейтіндер жиі кездесуде. Жұмысшыларына ең төмен жал­ақы төлеу арқылы салықтан жалтарып, ал жұмысшылардың жеке зей­нет­ақы қорына  төлемдері аударылмай  келеді. Отандастарымыздың ертеңг­і зейнетке шығуы үлкен сұрақ тудыруда. Өз кезегінде салықтық бақыл­ау органдары салықтық-құқық­тық  заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында бақылау жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі таңда атқарылған жұмыстар нәтижесінде салық төлеу­ден жалтарған 269 кәсіпкер анықталған, - деді облыстық кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан  Орынов.

Сонымен қатар облыстық кәсіп­одақтар орталығының төрағасы Серік Сермағамбетов Жол картасы аясында әр аудан, елді мекендерде­ штаб құрылып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатқандығын және кәсіподақтар үйінде арнайы жәшік­тер орналастыру арқылы халыққа заңбұзушы кәсіпорындар үстінен шағымдануға мүмкіндіктер жасал­ғанын айтты. Облыстағы 7200 кәсіп­орынның тек 6005-інде ғана ұжымдық шарт жасалған. Оның ішінде тек 1005 кәсіподақ ғана тіркеліп, әр салала­рды біріктіріп жұмыс істеуде.

Бұл бағыттағы шаралар облыста тек бір ай көлемінде жүргізіліп, әрі қарай ресми органдар тексеру жұмыс­тарын жүргізеді. Ал бейресми жұмыспен қамтылғандарды анықтап, заңдастыру мен қатар ресми жұмыспен қамтылған жағдайда қолдан­а алатын мемлекеттік кепілдіктерді түсіндіру жұмыстарымен «Нұр Отан» партиясы айналысады. Жетекші партия жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Аида  Әбибуллаева:

– Осындай үгіт-насихат жұмыстарының көмегімен бейресми еңбек орындарының санын азайтып, өз құқығын  біле­тін жұмысшылар санын арттыр­уға  болады, - деп  атап өтті.

Жауапты сала басшылары әзір­ленген Жол картасы аясында бейресми жұмыспен қамтылғандарды заңдастыру бойынша тиісті шаралардың одан әрі жалғасатынын жеткізді.

Аслан   ЖАЙҚОНСҰЛЫ

 


«ТІЛ – ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ» PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
12.09.2019 11:05

Облыс орталығындағы Асқар Тоқмағам­бетов атындағы мәдениет үйінде қазақ тілі оқулығының негізін салушы, ағартушы ғалым Ахмет Байтұр­сынұлының туған күніне орай «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық фестиваль өтті.

Алдымен шара қонақтары кітап көрмесін тамашалап, латын әліп­биінде басылған құнды мұралармен танысты. Одан әрі Ахмет Байтұр­сын­ұлы мен Абай Құнанбаевтың арасындағы байланысты бейнелеген «Ұлылар үндестігі» қойылымы сахналанды. Облыс әкімінің орынбасары Наурыз­бай Байқадамов:

– Елімізде жыл сайын атап өтілетін бұл мереке – достық пен бірліктің, түсіністік пен жарасым­дылықтың үлгісі. Бұл мереке өткен жылдан бері қазақ тілі білімінің негізін салушы, ұлт ұстазы А.Бай­тұрсынұлының туған күніне орайлас­тырып  атап өтілуінің де өзіндік себебі­ бар. Қазақ елі ешкімді ұлтына, діні мен тіліне және дәстүр ұстанымына  қарамастан құрметтеу арқылы­ бүкіл әлемге достық пен бірліктің нағыз­ үлгісін көрсетіп келед­і. Оған өңірі­міздегі әрбір ұлттың салт-дәс­түрлерінің, мәдение­тінің дамуына, этносаралық қарым-қатынастардың жарасымдылығына аймақтағы 11 этно-мәдени бірлес­тіктер де өз үлесін қосуда. Біздің өңір 2001 жылы еліміз бойынша ең бірін­ші  болып іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүр­гізуге көшкен еді. Қазақ тілінің қол­дан­ылу аясы жыл өткен сайын кеңейт­іліп, киелі Сыр елінде мемлекеттік тіл мәртебесі өзгелерге үлгі боларлықтай дами беруі тиіс. Қызыл­орда облысының тілдерді оқыту орталығында тіл үйренгісі келген­ жандар­ға, сондай-ақ, «Достық үйі» жанында этно-мәдени бірлестік өкілдеріне мемлекеттік және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылып, олардың мемлекеттік тілі мен ана тілдерін дамытуға мүм­кіндіктер жасалғ­ан, - деді ол.

Бұдан әрі облыс әкімінің орынбасары «тіл мәртебесін – ел мәртебесі» деп білетін бірқатар азамат­тарды марапаттады. Олардың қатарында Тілдерді оқыту орталығының әдіскері Гаухар Айдарова да бар.

– Бүгінгі таңда латын әріпі негізіндегі жаңа қазақ әліпбиін мем­лекеттік қызметкерлер мен қала тұрғындарына оқыту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда 500-ден аса тұрғындарды оқытып шықтық. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады, - дейді жас маман.

Аталған орталықтың жетекшісі Нұрсәуле Мұсаева жаңа латын әліпбиін оқыту мақсатында арнайы бағдарлама алынғандығын жеткізді.

Фестиваль аясында аймақтағы этном­әдени бірлестік өкілдері өз өнерлерін ортаға салса, жас ақындар жүрекжарды жырларын оқыды. Ал жергілікті өнерпаздар туған тілге деген­ құрметін әуезді әндерімен жеткізді.

Аслан  НҰРАЗҒАЛИЕВ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қыркүйек 2019 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары