Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 12 Қыркүйек 2019

ОБЛЫС ӘКІМІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСІН 85 ЖАС МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
12.09.2019 13:10

Бүгін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Қазақстанның құрметті журналисті, қазақ радиосының үздігі, Қорқыт ата мұраларын насихаттаушы Ахат Жанаевты қабылдап, мерейлі 85 жасымен құттықтады.

«Кеңестік кезеңнің өктем саясатына қарамастан Қорқыт мұраларын жазып алуды алдына мақсат етіп қойған Ахат ағамызға бүгінгі және келешек ұрпақтың зор алғыс айтары сөзсіз. Ахат ағамыз ұзақ жылдар қазақ радиосының облыстағы меншікті тілшісі қызметін атқара жүріп, Сыр елінің жауһар жәдігерлерін келешек ұрпаққа жеткізуді өз мақсаты етіп қойды. Қорқыт Ата, Мұзарап, Ешнияз сал, Әлшекей, Досжан, Жалмырза, сондай-ақ, Сыр сүлейлерінің  ұмыт бола бастаған шығармалары Ахат ағамыздың табанды еңбегінің арқасында өскелең ұрпаққа жетіп, қазіргі таңда ел арасында кеңінен насихатталып жүр»,-деді аймақ басшысы.

«Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілді. Бұл айтулы жетістікте де Ахат Жанаевтың зор үлесі бар.

Облыс әкімі мерейтой иесіне Сыр елінің мәдени-рухани дамуына қосқан ерекше үлесі үшін облыстың ең жоғарғы марапаты Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.

Сондай-ақ, бүгінгі шараға замандастары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова құттықтау сөз сөйледі.

Қазақ радиосының үздігі, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі», Жалағаш, Сырдария аудандарының «Құрметті азаматы» - Ахат Әбжаппарұлы 1934 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын және Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген. Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып 30 жылдай еңбек етті. 1987 жылы қалалық кеңестің депутаты болып сайланған.

Қорқыт күйлерін қайта жаңғырту арқылы халыққа танымал болды. 1975 жылы қарт қобызшы Нышан абыздан жазып алған Қорқыт Атаның 12 күйі бүгінде Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында сақтаулы тұр.

А.Жанаевтың «Арысы едің Алаштың», «Өтелген парыз», «Беркінбай әулие: аңыз бен ақиқат», «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» атты кітаптары жарық көрген.

 


МАҚСАТ – БІР, МҮДДЕ – ОРТАҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.09.2019 12:10

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт  Тоқаев  «Сындарлы  қоғамдық  диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған тұңғыш Жолдауында ел өміріндегі түйткілді мәселелердің түрлі шешімдерін нұсқаған еді. Сонымен қатар, Президент Үкіметке, салалық министрліктерге, әкімдерге және жауапты тұлғаларға ел экономикасын серпінді дамыту бойынша зор міндеттер жүктеп, нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырды. Бұл бағытта Сыр өңірінде де ауқымды жұмыстар легі толастаған емес. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов өткен жұмада облыс активін жинап, аймақта алғашқы кезекте орындалатын басты міндеттермен таныстырды. Актив отырысына ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ұлан Сарқұлов, жергілікті мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекеме басшылары, ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, саяси партиялар мен азаматтық қоғам институттарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 

ТҰРАҚТЫЛЫҚ  пен

ТАТУЛЫҚ – ЖАРҚЫН ІСТІҢ   БАСТАУЫ

Айта  кету  керек, әлеуметтік саланы кеңінен қамтыған, мәні мен маңызы айрықша бұл Жолдауды ел ерекше ықыласпен қабылдауда.

- Өз кезегінде әрбір отан­дасымыздың әл-ауқатын жақсарт­у мен елімізді әлемдік көшбасшы мемлекеттер қатарына қосу Қасым-Жомарт Кеме­лұлының басты назарындағы мәселе екендігіне тағы бір көзіміз жетті. Сондықтан сәт сайын құбылып, геосаяси жағдайдың жылдам өзгерістерге ұшырап жатқан кезінде Президенттің тапсырмалары мен бастам­аларын бұлжытпай орындап, Сыр елінің ауыз­біршілігі мен сын сағатта сыр бермейтін игі қасиетін көр­сетуіміз қажет. Бұл орайда, біздің ендігі міндет – әлеумет­тік-экономикалық жағ­дайды жақсарту арқылы тұрақтылық пен татулықты нығайту, - деді аймақ басшысы облыстық актив­  отырысында.

Президент 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 па­йызға және одан да жоғары деңгей­ге  жеткізуге  болатынын, сондай-ақ Елбасы ұсын­ған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруды тапсырды. Айта кетейік, аймақта шикізаттық емес экспорт көлемі соңғы 3 жылда 3 есеге өсті. Шетелден тікелей инвестиция тарту да – маңызды қадамдардың бірі. Аймақ бойынша инвестиция тартуды жетілдіру жөнінде іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. 2016 жылдан бастап инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес­ те жұмысын жүйелі үйлестіріп отыр. Инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, бір жерге шоғырланған 12 мекеменің 66 қызмет түр­лері «Бір терезе» қағидасы бойынша көрсетілуде. Кәсіп­керлерге қызмет көр­сету  орталығының жұмысын автоматтандыру арқылы техник­алық шарт беру уақыты 1 айдан 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Нәтиже­сінде өңірі­мізде  соңғы 2 жылда жалпы инвестиция көлемі орта есеппен 17,7 пайызға өсті. Ал өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі соңғы  3 жылда  32,6 пайыз­ға  артқан.

 

БЮДЖЕТ   ЕКІ МАҚСАТТА ЖҰМСАЛАДЫ

Президент мемлекеттік құнды құ­жаттың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» бөлімінде «Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа ба­ғытталуы  тиіс,  бірі – экономиканы да­мыту және әлеумет­тік мәселелерді ше­шу» деген болатын. Ол кезеңнің қатарына бірнеше мәселе ілікті. Бастысы, білім саласы бойынша, мамандар даярлау жүйесінің нақты еңбек нарығынан тыс қалып, еңбек ре­сурстарының  балансын  есепке  алмаудың  тиімді  әдістеме­сі қалыптаспағанын атады. Ендігі жерде оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағы­т-бағдар  беруді  міндеттеді.

- Өздеріңізге белгілі, үш жыл  қатарынан  қызылордалық  түлектердің  университеттер мен колледждерге түсу көрсеткіші 97 пайызға жетті. Қазіргі кезде облыстың эко­но­микасын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы аймақтың мамандарға деген сұранысы негізінде орналас­тырылуда. Нәтиже­сінде, 2019-2020 оқу жылында 22 жаңа мамандық ашылды. Облыстың еңбек ресурстары балансына сәйкес колледж­дерде «жаңа мамандықтар атлас­ын» зерделей отырып, өңірге қажетті жаңа мамандықтарды ашуды және бітірушілерді тұрақты жұмысқа орна­ластыру бойынша жұмыстар жүргізуді жандандыруымыз қажет, - деді  облыс  әкімі.

Жолдаудағы тапсырмалардың бірі – микро және шағын бизнеске 2020 жылдан бастап салық төлеуді 3 жылға дейін босату және оларға тексеру жүргізуге мораторий жариялау. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде алдағ­ы 3 жылға қосымша  250 млрд теңге қарастырып, бірінші кезекте көпбалалы және аз қамтылған отбасы­ларына, отбасылық бизнесті дамытуға аса назар аударуды тапсырды. Дегенмен, «мора­торий – еш қадағалау болмайды»  деген  сөз  емес. Осы кезең­де  өзара реттеушілік пен қо­ғамдық  бақылау  белсенділігін арттырғанымыз жөн. Әрбір азаматтың елдің патриоты ретін­де өзінің салық төлеу мәдениетін көтеруі өте маңызды. Президент бизнестің, әсіресе шағын және орта кәсіп­керліктің дамуына кедергі келті­ру мемлекетке қарсы қылмыс­ деп бағаланатынын және қатаң жазаланатынын ескерт­ті. 2018-2020 жылдары өңірімізде Жаппай кәсіп­кер­лікті дамытудың үшжылдығы аталып, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында жыл сайын республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар – кейбір қоғам мүше­лер­інің санасына сіңіп кеткен патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға бастайты­н бірден-бір жол. Қаржылай қолдаудың нәтижесі мен тиімділігі жаңа жұмыс орындарының ашылумен бағалануы тиіс. Уақыты келгенде жұмсалған қаржылардың сұрауы болады. Сондықтан еліміздің экономикасын  нығайту  мақсатында туризмді, оның ішінде эко және этнотуризмді дамытуға ерекше  көңіл  бөлу қажеттігі де  аймақ  әкімінің назарынан тыс  қалмайды.

 

ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ  ҚҰБЫЛЫСТАРҒА

БЕЙІМДЕЛУ  КЕРЕК

Құндылығы жоғары, маңыздылығы ерекше Жолдауда цифрландыру мәселесі де ай­қындалды. Президент осыған орай бейімделіп, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірдегі көшбасшылықты нығайту қажеттілігін атап өтті. «Үкімет заңнаманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеу қажет» деп нақты­лады. Бұл ретте «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміз эконо­миканы цифрландыру бағытын таңдады. Қызылорда облысы да осы бағытта қалыс қалмай, цифрландыруды қарқынды жүргізуде. Атап айтқанда, «Ақылды қаланың» кейбір компоненттері, яғни, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер­дің автоматтандырылуы, балабақшаға кезекке қою, оқушыларды мектепке және мұғалімдерді жұмысқа қабылдау, дәрігер қабылдауына жазылу, ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз сату секілді қызметтерді тұрғындар жиі қолданып жүр. Осы жұмыстардың жал­ғасы ретінде «Қауіпсіз қала» бағыты­нда Қызылорда қаласын және білім беру ұйым­дарын толықтай бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімі Қ.Досмайылұлы Қызылорда облысының полиция департаменті мен облыстық білім басқармасына аталған жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Соны­мен қатар мемлекеттік органдардың ашықтығын, қолжетімділігін, тұрғындармен тығыз қарым-қатынасын, онымен қоса президент Жол­дауында аталып өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалыптас­тыруға бағытталған «Жедел әрекет ету орталығы» мекемесін құруды және «109», «112»  қызметтерінің  ақпараттық жүйелерін енгізуді облыс әкімінің аппаратына тап­сырды.

 

СЫР   ЕЛІНІҢ  ӨНІМІ  17  ЕЛГЕ   ЭКСПОРТТАЛАДЫ

Суармалы егіс алаңын кезең-кезеңімен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға жеткізу мәселесі де Жолдаудың жаңа тармағынан орын алды. Бұл орайда Қызылорда облысындағы суармалы жерлердің көлемін 300 мың гектарға жеткізу басты мақсаттар қатарында. Ағымдағы жылы облыста пайдаланылмай тұрған 29 мың гектар суармалы жерді пайдаға асыру жобасының техника-экономикалық негіздемесін әзірленеді. Сөйтіп, жаңадан суармалы жерлерді игеру бо­йынша 96 мың гектар жер нақты­ланады. Суармалы жерлердің көлемін ұлғайтудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемі өсіп, қосымша жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Бұл жөнінде де аймақ басшысы атқарылуы тиіс жұ­мыстарды  саралады.

- Мемлекеттің тұрақты қолдауының арқасында агроөнеркәсіптік кешені тұрақты дамып, ел экономикасының негізгі салаларының біріне айналд­ы. Ендігі мақсат – саладағы еңбек өнімділігі мен өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын  2022 жылға қарай 2,5 есеге арттыр­у. Осы мақсатқа жету үшін  агроөнеркәсіп  кешенінің жағдайы мен мүмкіндіктері және өнімдерді өткізу на­рықтарына кешенді маркетингтік  зерттеулер жүргізіліп, облыстың «Агрокартасы» қабыл­данды. Нәтижесінде, соңғы 5 жылда облыстың жалпы­ өңірлік өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі  2,6 пайыздан 3,7 пайызға артты,­ - деді облыстың  актив  жиынында.

Тілге тиек етерлігі, аймақтың экспорттық әлеуеті жылдам артып, облыстың ауыл шаруаш­ылығы тауарын өндірушілері алыс-жақын шетел­дерге өз өнімдерін шығаруға мүмкін­діктер алды. Бүгінде Сыр елі­нің өнімдері әлемнің 17 мемлекетіне, яғни Ресей, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Украи­на, Грузия, Германия, Қытай, Нидерланды, Польша, Моңғолия, Тәжікстан, Түркі­менстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Иран, Біріккен Араб Әмірліктеріне экпортталуда. Жыл сайын өңделген ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің экспор­тын  20  пайызға  арт­ты­ра отырып, 2022 жылы 2,5 есеге­ ұлғайту немесе 73 млн АҚШ долларына жеткізу – алдағы меже.

 

МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІҢ   САПАСЫ АРТАДЫ

Жиын барысында аймақ басшысы Жолдаудан туындаған міндеттерді жүзеге асыруға байланысты тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді. Соның бірі – медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін  арттыру. Әсіресе, ана мен сәби өлімі көрсет­кіштері президенттің алаң­даушылығын біл­дірді. Келер жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Мін­детті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру сала­сына 46%-ға жуық қосымша қаржы әкеліп, мемлекет, жұмыс беруші және азамат арасында денсаулыққа деген жауап­кершілікті арттыру ар­қылы медициналық көмек­тің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс. Жолдауда айтылғандай медициналық сақтандырудың енгізілуімен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі қыс­қартылмайды және де ол барлық тұрғындарға қолжетімді болады. Бұл мақсатта аймаққа 50 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінетінін облыс әкімінің өзі айтты.

Актив  отырысында Жол­дауда  көрсетілген барлық бағыт­тар бойынша мәселелер айқын әрі түсінікті түрде көтерілді. Ендігі міндет – берілг­ен тапсырмаларды уа­қытында орындау және жа­уапке­ршілікпен қарау. Бұл – тек мемлекеттік басқармалардың емес, жұрт болып жұмылып істейтін игі істердің қа­тарындағы өзекті жайттар.  «Саусақ  бірікпей, ине ілік­пейді»  деп бекер айтыл­маса керек.

 

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


ҚЫРАН ЕЛДІҢ ТӨРІНЕ АЙДАҺАР АУЗЫН АШЫП ТҰР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.09.2019 12:05

Достық саясат негізінде дамуды көздеген әлем елдерінің «G20» аталатын­ «Үлкен жиырмалығы» жаһанның экономикалық және қаржылық ынтымақт­астық мәселелерін талдауда бас қосады. Дәл осындай бір жиын Қытай төрінде өткенде Елбасы Н.Назарбаев «Синьхуа» агенттігіне сол елден Қазақстанға 50-ден астам кәсіпорынның көшірілетіндігі туралы мәлімдеді. Оған да төрт жылдың жүзі болды. Сол кезде де бұл мәселе халықты­ң  назарын  аударған.

Жалпы құны 26 миллиард АҚШ долларына тең алпауыт кәсіп­орындарды қазақ жеріне көшіруге нендей себеп бар? Қытай десе қаралай зәреміз ұшып, құтымыз қашатын заманда өмір сүреміз деп кім ойлаған? Бәлкім оған себеп те жоқ емес шығар?! Рас, әлем елдерінің­ біразымен алыс-беріс сауда саясатымыз, барыс-келіс көршілік қатынасымыз да бар. Жаһанды­қ экономикадағы өзіндік картасын сызған дамыған елдер қатарын­а енуге және ұмтыламыз. Бірақ қалай? Өз мемлекетіміздің қауқары жетпеу салдарынан шетелден тікелей инвестиция тартуға мәжбүрлік қадамын басаты­нымыз  анық. Бұл жолы да солай секілді.

Сол саммитте «Қазақстан-Қытай индустриалды-инвес­тициялық ынтымақтастық бағдар­ламасы» аясында салы­натын 50-ден көп зауыт туралы өрбіген әңгіме жуырда ел арасында тағы да желдей есті. Оған президент Қ.Тоқаевтың Қытай еліне іс­сапармен баруы себеп болды. Естеріңізде болса, сол кезде ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен «KAZ­NEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттiгi де Қазақстанда көрші Қытаймен 50-ден астам  кәсіпорын салынатынын­ мәлімдеген  еді.

- Бізде Қытайдың өте үлкен, көлемді нарығы пайда болады. Қытай қазір әлемде ірі инвестор елдердің біріне айналды. Мысалы, Еуропа Одағының мемлекеттері Қытай инвестициясы үшін арнайы бағдарла­малар жасап жатқандығын  білемін. Осының барлығы өз елдеріне Қытай инвестиц­ия­ларын тарту үшін жасалу­да. Қазақстанға бұл мүмкін­дікті пайдаланбау, осындай ірі ин­весторм­ен көрші тұрып, оның инвестицияларын тартпау үлкен ақымақтық болар еді, - деп ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Е.Хаиров­т­ың «көсілгені» көпке ұнай қойған  жоқ.

Біздегі қамқорлық ортақ, қабылдау ерекше, ілтипат ізетпен, құрмет құжатпен көр­се­тіледі. Дәл осы ретте шетел­дік инвесторларға жасалатын жеңілді­ктер де тақияңызға тар келмейді. Қазақстанның өркендеуі жолында қаржыны аямай салып, кәсіпті игере біл­генге де түрлі жеңілдіктер қарастырылған деседі. Мәселен, химия,­ мұнай-химия, машина жасау, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсібі салаларына 13 млн АҚШ долларын салатын болса, белгілі бір мерзімге корпоративті салық, жер салығы мен меншіктегі мүліктік салық ол ұйымнан айналып өтеді. Қытайдың инвесторлығымен құрылатын кәсіпорындардың да басым бағыты осыған сай келіп тұр. Тіпті бұл тізімнің қатары азаюы да, көбеюі де ықтимал. Өйткені екіжақты келісім аясында мүдделік қажеттіліктер орын алады. Ал сала мамандары ел аузында жүрген қауесетке «Қытайдан өндірістер көшірілмейді, керісінше, жаңа өндірістер құры­лады» деп жауап берді.

Өткен аптада ел президентінің  төрағалығымен  Тәуелсіз­дік  сарайында  Ұлттық қо­ғамдық сенім кеңесінің алғашқы­ отырысы өтті. Бұл жиынд­а  да  осы  әңгіменің тиегі  ағытылды.

- Соңғы уақытта «жер шетелдіктерге сатылады екен» немесе «көрші елдің 55 (51 - ред.) ескі зауыты көшіріледі», «мыңдаған шетелдік жұмыскерлер тартылады екен» деген секілді түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Ондай­ қауесеттер адамдардың патриоттық көңіл күйін шебер пайдаланып жүрген ниеті дұрыс еместерден таралып жатыр, - деді президент.

Сонда  «Үлкен  жиырма­лық­тың» қатарындағы қос елдің бірнеше жыл бұрынғы келісі­мінің күші қайда қалды? Бірі – жел, бірі – шөп. Жел тұрмаса...

Ал осы аптада ресми Бей­жіңге Қазақстан-Қытай іскер­лік кеңесінің 6-шы отырысына қатысқан мемлекет басшысы көршінің қазақ еліне 20 мил­лиард долларға жуық инвестиция құйғанын мәлімдеді. Бұл – тәуелсіздік жылдары ішіндегі қаржы. Сөз арасында Қытай нарығына азық-түлік тауар­ларын экспорттауға мүдделі екенін айтты. Іскерлік кездесу­дің  соңында  Қазақстан  тарапы қытайлық кәсіпкерлермен бірқатар коммерциялық келі­сімд­ерге қол қойды. Ал, ендеше...

 

Н.ЕРСЕЙТПЕНБЕТ

 


КӘРІЗ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖҰМЫСТАР БІР ІЗГЕ ТҮСПЕЙ ЖАТҚАНДАЙ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
12.09.2019 12:00

БАСЫН  АЛА  ҚАШУДЫҢ  БАСЫ

Апта басында «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша «Есенов көшесі (№17, 17а, 18, 19, 19а, 20, 20а), теміржол, Абай даңғылы (№28, 28а, 30, 32, 34, 36), №198 орта мектеп, «Бабас» ЖШС ғимараты, балабақша, Мұратбаев көшесі (№17,15,15а, 13), №14-ші кәріз- сорғы жүйелеріне реконструкциялау» жұмыстарының сапасымен танысу мақ­сатында баспасөз туры ұйымдастырылды. Құрылыс нысанындағы қыз-қыз қайнаған жұмыс барысында бір қызыққа тап болдық. Бізді онда қалалық құрылыс бөлімі мемлекеттік  мекемесі  басшысының  мін­детін атқарушы Ғалымжан Жанәділов, «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуна­лдық  кәсіпорны  өндірістік-тех­никалық бөлімінің басшысы Маржан Сырманова және т.б. бірлі-жарым кісі қарсы  алды. Бір уақытта  әріптесіміздің бірі  ақпарат алатын адам іздегені сол еді, аталған­ кісілер басын ала қашып, жауап­ беруден жалтарды. Осылайша, ойда-жоқта­  атқарылып жатқан жұмыстар туралы­  кімнен  не сұрарымызды  білмей дел-сал   күйде  қалдық.

 

БІР-БІРІН  КӨМЕККЕ ШАҚЫРДЫ

Сірә, мұндағылар нысанға БАҚ өкіл­дерінің келетінінен бейхабар сынды. Немесе тұщымды жауап беруге дым да дайын емес. Сондықтан болар, қалалық құрылыс  бөлімі  басшысының  міндетін атқарушы  Ғалымжан  Серікұлы кө­мекке­ Ғалымбек Арғынғазиевті шақыр­д­ы. «Нұрай Ақжол» ЖШС-нің өнді­рістік  инженері  өз  жұмысына  қатысты біршама мәліметтер турасында айта кетті.

- Шілде айынан бастап өздігінен ағатын кәріз құбырын жүргізу жұмыс­тары басталды. Қазір жұмыстардың  90 пайызы аяқталды, енді 315 метр құбыр жүргізу ғана қалып тұр. Жұмыс бары­сында ойламаған апатты жағ­дайлар, кедергілер туындап жата­тыны рас. Тұрғындар  тарапынан  арыз-шағым­ бар. Жақында ғана кәріз сорғылау жүйесінд­е апаттық жағдай болды. Өжіре суға толып­ қалған. Қазір оны ретке келтір­дік. Жалпы, жұмыс әлі біткен жоқ, қыркүйек­ айының соңында толығымен аяқталады. Ауланы  абаттандыру – біздің  мекеменің   құзырында, - деді ол.

 

«ЖҮР   БАРЛЫҒЫ   АРАҚ   ІШІП...»

Сол-ақ екен, кәріз жүйесіне жүр­гізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарының сапасына көңіл толмайтын тұрғындар төбе көрсете бастады.

- Осы жерді (үйілген бетон - ред.) таза­лап бер деп айтқанымызға үш күн бол­ды­. Ешқандай жұмыс істеліп жат­қан жоқ. Жүр барлығы арақ ішіп. Мына (үйіл­ген құрылыс қалдықтары - ред.) жерден өтем деп құлап, көзімді көгертіп алдым. Зардап шегіп отырған жанның бірімін. Арыз-шағымды тыңдайтын адам жоқ, - деп ашынды зейнеткер Алтынкүл Ертуарова.­

Иә, тұрғындар жаңғырту жұмыс­тарының өте жай жүргізіліп жатқанын және сапасы сын көтермейтінін айтады­. Жауапты мекеме «межелеген мерзімде толық бітіреміз» деп сендіріп отыр. Қысқасы, кәріз жүйесіндегі жұмыстар бір ізге түспей жатқандай. Ал, бізді қалалық­ құрылыс бөлімі басшысының мін­детін­ атқарушы Ғалымжан Серік­ұлының өз саласына қатысты ешқандай айтар­ы болмағаны расында таңғал­дырды.

Рыскелді   ЖАХМАН

 


Күнтізбе

< Қыркүйек 2019 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары