Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
Қыркүйек 2019

«ҚАЛА КҮНІ» БІР АЙ ТОЙЛАНАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.09.2019 16:30

Биылғы жылы «қала күні» ерекше әрі жоғары деңгейде атап өтілуде. Мерекелік іс-шаралар бір ай көлемінде, яғни 11 қыркүйек пен 12 қазан аралығында тойланады. «Қала күніне» арналған іс-шаралардың ашылуы ретінде 11 қыркүйек күні “Достық үйі” ғимаратының алдында республикалық «КТА» фестивалін ашық аспан аясында ұйымдастырылу жоспарланды.

Жастар жылын атап өту мақсатында өткізілетін шараға “Көңілді тапқырлар алаңы” жобасына қатысушы республикалық үздік 11 команда бақтарын сынаған болатын. Олардың ішінде Орал қаласынан «24 сағат» пен «ҚазИИТУ», “Қарағанды құрамасы”, Жамбыл облысының «Шу-Чу» мен «Тараз 2000» құрамалары, «Арыс» (Түркістан облысы), Алматылық «Ауылдар құрамасы», «Арал-Ас», «Қармақшы» құрамалары және жергілікті «Қорқыт жастары» мен «Қорқыт» командалары додаға түсті. Республиканың үздік командалары көрерменге әсем ән мен әдемі би, астарлы әзіл мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әр апта сайын теледидардан күтетін бағдарламаны қала тұрғындары ашық аспан аясында тікелей көруге көптеп жиналған.

Фестивальді «Әзіл әлемі» театрының директоры, танымал әзіл-сықақшы Тұрсынбек Қабатов жүргізді. Республикаға танымал Нұржан Керменбаев, Дастан Оразбеков пен Қанат Әлжаппаров секілді өнерпаздар қатысып, әділ қазылар алқасының құрамынан табылды. Ал фестивальдің жалпы жүлде қоры 1 млн 950 мың теңгені құрады. Шара қорытындысымен үшінші орынды (300 мың тг) Орал қаласының «ҚазИИТУ» командасы жеңіп алса, екінші орын (500 мың тг) «Тараз-2000», қала әкімінің бас кубогін 1 миллион қаржылай сыйақыны Арал қаласынан келген «Арал-АС құрамасы жеңіп алды.

Өз сүйікті құрамаларын көріп, қазақы әзіл-қалжыңға қарық болған қала тұрғындары осылайша қала күнін тойлауды бастап кетті. Әдемі фестивальмен басталған бір айлық қала күні әлі де талай іс-шаралармен жалғасады. Негізінен, қала күніне 40-тан астам мәдени көпшілік шараларды ұйымдастыру жоспарланған.

Қала күніне арналған бір айлық мерекелік шаралар барысында әр саланың үздіктерін анықтау мақсатында:

  1. 1. 14 пен 29 жас аралығындағы жастар арасында «Q-LOVE» фотобайқау
  2. 2. Қаладағы көпқабатты үйлер арасында «Үздік аула – 2019» #QBEST байқауы
  3. 3. «Мерекеңмен сүйікті қалам» атты #QVINE қаланың көрікті жерлерінен видеороликтер әзірлеуден байқау
  4. 4. Қаланың жас композиторлары арасында «Жастар жылына» орай «Үздік хит» ән байқауы
  5. 5. «Мен – қамқоршы жас» атты кәсіпкерлер арасында «Қоғамға жылулық тарту етейік» ұранымен қайырымдылық акция жарияланды.

Сонымен бірге қала күніне арналған 40-қа жуық көпшілік шараның тізбегі мәдени апталықтарға бөлінді:

11-14 қыркүйек – «Қызылорда – армандар орындалатын қала» жастар апталығы;

15-21 қыркүйек – «Жанұяммен мақтанамын» қайырымдылық шараларға және отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған апталық;

23-28 қыркүйек  –  «Туған жер – алтын бесік» атты білім апталығы.

30 қыркүйек - 12 қазан – «Мәдениет мәйегі – Қызылорда» атты мәдениет және руханият апталығы.

12 қазан күні «Алтын дән – 2019» облыстық Сыр еңбеккерлерінің фестиваль қорытындысы, қаланың әр мөлтек аудандарында ауылшаруашылық жәрмеңкелері.

«Қала күніне» арналған іс-шаралардың қорытынды гала-концерті, мерекелік отшашу, «Алтын дән – 2019» үздіктерін марапаттау және «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағын табыстау шаралары – Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда өткізіледі.

Аслан  Жайқонсұлы

 


ҚАРЫЗЫ КЕШІРІЛЕТІНДЕР КІМДЕР? PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.09.2019 16:17

Қазіргі таңда Президенттің Жарлығы бойынша қарыз жүктемесінің төмендеуі мен несиенің бір бөлігін жабу жүріп жатыр. Бұл хабар барша қазақстандықты қуантқаны рас. Алайда халық арасында бұл жеңілдікті кімдер пайдалана алады, қарызы кешірілетіндердің тізімінде болмаса не істеу керек деген сұрақтар туындауда. Сол себепті де бүгінгі таңда ХҚО адамдардың қарасы қалың.

Жарлық бойынша несиенің бір бөлігін жабу көпбалалы отбасыларға, асыраушысынан айырылған, мүгедек баласы бар отбасылар, 18 жастан үлкен бала кезінен мүгедектер, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар, 29 жасқа толмаған жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, кәмелет жасқа дейін ата-анасынан айырылғандарға арналған.

Несиелік рақымшылық – бір реттік. Ол Қазақстанның борыштық жүктемесін төмендетуге және Қазақстанның несие-қаржы жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Негізінде өз мәртебесін тексеру үшін ХҚО келудің қажеті жоқ. Оны enbek.gov.kz, egov.kz  сайтына кіріп, өз ЖСН жазып мәртебесін білуге болады. Немесе 111 біріыңғай нөмеріне хабарласу қажет. Ең соңынан басқа амал қалмаған жағдайда ғана ХҚКО бару қажет.

Алайда егер сіздің аты-жөніңіз тізімде болмаса және сіз онымен келіспесеңіз, онда сізге 111, 74-32-20, 75-01-79 және 75-01-78 нөмірлеріне хабарласу керек. Егер сізді тізімнен алып тастау себебімен келіспесеңіз, онда Сізге банкке немесе несие берген микрокредиттік ұйымға жүгіну қажет.

Қазіргі таңда осы науқан кезінде облыс бойынша ХҚО үзіліссіз қызмет көрсетуде. Осы уақытқа дейін ХҚО қарыз жүктемесін жабу мен несиенің бір бөлігін төлеу бойынша 15000-ға жуық халыққа қызмет көрсетті. Уақыттарыңызды әр қалай жұмсауға болады. Бірақ, біз әрқашан сіздер үшін оңтайлы шешім табуға тырысамыз және бос уақыттарңызды жақындарыңызға көбірек жұмсағандарыңызды қалаймыз.

«Азаматтарға арналған үкімет»мемлекеттік корпорациясы»КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі

 


ЖАС АНАЛАРҒА ПРОАКТИВТІ РӘСІМДЕУ ЖОЛДАРЫН ҮЙРЕТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.09.2019 16:10

Отбасы күні мен аналар күніне орай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиал қызметкерлері «Ана мен бала» орталығында болып, мереке қарсаңында дүние есігін ашқан нәрестелер мен олардың аналарын құттықтады.

Шара барысында мамандар жаңа босанған аналарға бала тууына байланысты мемлекеттік қызметтерді смс-тің көмегімен онлайн түрде проактивті рәсімдеу жолдарын үйретті.

Айта кетейік, Қазақстан осыдан 1,5 жыл бұрын ТМД мемлекеттерінің арасында алғашқы болып проактив әдісімен мемлекеттік қызметтер көрсете бастаған болатын. Бала тууына байланысты үш мемлекеттік қызметті бірден алуға мүмкіндік беретін проактив қызметі аясында жаңа босанған аналарға құттықтау хабарламасы жолданып, перзентханадан шықпай-ақ, баланың туу туралы куәлігіне тапсырыс, әлеуметтік жәрдемақының тағайындалуына өтініш беріп, балабақша кезегіне тұру ұсынылады.

Жыл басынан бері Қызылорда облысы бойынша проактивті қызметі арқылы 6473 мың баланың туу туралы құжаты рәсімделіп, бала тууға байланысты берілетін жәрдемақы 951 балаға смс арқылы тағайындалды, 1039 бала балабақша кезегіне қойылды.

Сонымен қатар, мемлекеттік корпорация атаулы күнге орай аналар арасында «Анаға цифрлық жәрдем» атты байқау жариялаған болатын. Байқау шарты бойынша құжаттар мен жәрдемақыны проактивті тәсілмен онлайн түрде рәсімдеген ата-аналар «Азаматтарға арналған үкіметтің» инстаграм желісіндегі gov4c.kz ресми парақшасына тіркелуі және өз тәжірибесімен бөлісіп, әлеуметтік желіде пост жазуы тиіс. Ең үздік деп танылған 3 жазба авторлары bebek.kz интернет-дүкенінен «Sweety» брендінің жөргектерін бір ай бойы алуға мүмкіндік беретін сертификатқа ие болады. Жұбаныш сыйлығы ретінде тағы бес жеңімпаз балалар азығын, ыдыс-аяғын, күтім құралдарына қосымша сертификат алады. Байқау жеңімпаздары 15 қыркүйек – Аналар күні анықталатын болады.

«Азаматтарға арналған үкімет»мемлекеттік корпорациясы»КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі

 


ҚАЗАЛЫДА «ҚАМҚОР PARK» АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
13.09.2019 16:05

«Жеңіс» саябағында игілікті іс жасалды. Бұл күні саябақ аумағында «Қамқор Park» аллеясы ашылды.

Аллеяның ашылу салтанатында сөз алған Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау, экологиялық ахуалды жақсарту бағытында жасыл желектің атқарар қызметі ерекшелігін, жайқалған жасыл ағаштардың табиғаттың ғажап сыйы екендігін, қазыналы Қазалы өңірінде жыл сайын көктемгі көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық айлығы кезінде аудан орталығының өзінде алты мыңнан астам көшеттер отырғызылып, бұрыннан бар талдар ретке келтірілгенін, туған жердің гүлденуіне тұрғындармен қатар, мекеме, кәсіпорын ұжымдары да ерекше үлес қосып жүргенін, әсіресе, ғасырдан астам тарихы бар теміржол мекемелерінің үлесі қомақтылығын, жуырда Диас Сүлейменов басқаратын «Қамқор Менеджмент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арнайы «Қамқор GREEN» бағдарламасын қабылдап, республика көлемінде ауқымды шараларды қолға алғанын, шағын қалалардың тұрғындары үшін салауатты және эстетикалық толыққанды табиғи ортаны құруға бағытталған «Қамқор Park» жобасынның ағаш отырғызу акциясы аясында «Жеңіс» саябағының ішінен арнайы аллея ашылғалы отырғанын жеткізді.

Шарада «Қамқор Менеджмент» ЖШС бас директорының орынбасары Руслан Шәкенов, еңбек ардагері, Кеңес Одағының «Құрметті теміржолшысы», Батыс Қазақстан теміржолының вагон шаруашылығында басшы қызметін атқарған Бисембай Майсутов, аудандық ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігі кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов тілек білдірді. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, өзге де ел ағалары «Қамқор Park»аллеясының лентасын салтанатты түрде қиып, талу егу рәсіміне қатысты.

Аллеяның ашылуына Талғат Әліпбаев басшылық жасайтын Қазалы вагон жөндеу депосы – «Қамқор вагон» филиалы ұйытқы болып, арнайы жүргінші жол салып, орындықтар орнатты. Бұл күні теміржолшылардың көмегімен аллеяға 500 түп көшет отырғызылды. Олардың арасында жыл бойы жасыл түсін сақтайтын шырша, қарағай сияқты ағаш түрлері бар. Осындай шаралар Қазалы ауданына қоса Аягөз, Шалқар және Шар секілді шағын қалаларда да ұйымдастырылып, 2000 түп қылқан жапырақты көшет егілгенін атап кетккен жөн.

Жұмабек  Табынбаев

 


ОБЛЫС ӘКІМІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСІН 85 ЖАС МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
12.09.2019 13:10

Бүгін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Қазақстанның құрметті журналисті, қазақ радиосының үздігі, Қорқыт ата мұраларын насихаттаушы Ахат Жанаевты қабылдап, мерейлі 85 жасымен құттықтады.

«Кеңестік кезеңнің өктем саясатына қарамастан Қорқыт мұраларын жазып алуды алдына мақсат етіп қойған Ахат ағамызға бүгінгі және келешек ұрпақтың зор алғыс айтары сөзсіз. Ахат ағамыз ұзақ жылдар қазақ радиосының облыстағы меншікті тілшісі қызметін атқара жүріп, Сыр елінің жауһар жәдігерлерін келешек ұрпаққа жеткізуді өз мақсаты етіп қойды. Қорқыт Ата, Мұзарап, Ешнияз сал, Әлшекей, Досжан, Жалмырза, сондай-ақ, Сыр сүлейлерінің  ұмыт бола бастаған шығармалары Ахат ағамыздың табанды еңбегінің арқасында өскелең ұрпаққа жетіп, қазіргі таңда ел арасында кеңінен насихатталып жүр»,-деді аймақ басшысы.

«Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілді. Бұл айтулы жетістікте де Ахат Жанаевтың зор үлесі бар.

Облыс әкімі мерейтой иесіне Сыр елінің мәдени-рухани дамуына қосқан ерекше үлесі үшін облыстың ең жоғарғы марапаты Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.

Сондай-ақ, бүгінгі шараға замандастары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова құттықтау сөз сөйледі.

Қазақ радиосының үздігі, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі», Жалағаш, Сырдария аудандарының «Құрметті азаматы» - Ахат Әбжаппарұлы 1934 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын және Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген. Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып 30 жылдай еңбек етті. 1987 жылы қалалық кеңестің депутаты болып сайланған.

Қорқыт күйлерін қайта жаңғырту арқылы халыққа танымал болды. 1975 жылы қарт қобызшы Нышан абыздан жазып алған Қорқыт Атаның 12 күйі бүгінде Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында сақтаулы тұр.

А.Жанаевтың «Арысы едің Алаштың», «Өтелген парыз», «Беркінбай әулие: аңыз бен ақиқат», «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» атты кітаптары жарық көрген.

 


МАҚСАТ – БІР, МҮДДЕ – ОРТАҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.09.2019 12:10

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт  Тоқаев  «Сындарлы  қоғамдық  диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған тұңғыш Жолдауында ел өміріндегі түйткілді мәселелердің түрлі шешімдерін нұсқаған еді. Сонымен қатар, Президент Үкіметке, салалық министрліктерге, әкімдерге және жауапты тұлғаларға ел экономикасын серпінді дамыту бойынша зор міндеттер жүктеп, нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырды. Бұл бағытта Сыр өңірінде де ауқымды жұмыстар легі толастаған емес. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов өткен жұмада облыс активін жинап, аймақта алғашқы кезекте орындалатын басты міндеттермен таныстырды. Актив отырысына ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ұлан Сарқұлов, жергілікті мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекеме басшылары, ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, саяси партиялар мен азаматтық қоғам институттарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 

ТҰРАҚТЫЛЫҚ  пен

ТАТУЛЫҚ – ЖАРҚЫН ІСТІҢ   БАСТАУЫ

Айта  кету  керек, әлеуметтік саланы кеңінен қамтыған, мәні мен маңызы айрықша бұл Жолдауды ел ерекше ықыласпен қабылдауда.

- Өз кезегінде әрбір отан­дасымыздың әл-ауқатын жақсарт­у мен елімізді әлемдік көшбасшы мемлекеттер қатарына қосу Қасым-Жомарт Кеме­лұлының басты назарындағы мәселе екендігіне тағы бір көзіміз жетті. Сондықтан сәт сайын құбылып, геосаяси жағдайдың жылдам өзгерістерге ұшырап жатқан кезінде Президенттің тапсырмалары мен бастам­аларын бұлжытпай орындап, Сыр елінің ауыз­біршілігі мен сын сағатта сыр бермейтін игі қасиетін көр­сетуіміз қажет. Бұл орайда, біздің ендігі міндет – әлеумет­тік-экономикалық жағ­дайды жақсарту арқылы тұрақтылық пен татулықты нығайту, - деді аймақ басшысы облыстық актив­  отырысында.

Президент 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 па­йызға және одан да жоғары деңгей­ге  жеткізуге  болатынын, сондай-ақ Елбасы ұсын­ған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруды тапсырды. Айта кетейік, аймақта шикізаттық емес экспорт көлемі соңғы 3 жылда 3 есеге өсті. Шетелден тікелей инвестиция тарту да – маңызды қадамдардың бірі. Аймақ бойынша инвестиция тартуды жетілдіру жөнінде іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. 2016 жылдан бастап инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес­ те жұмысын жүйелі үйлестіріп отыр. Инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, бір жерге шоғырланған 12 мекеменің 66 қызмет түр­лері «Бір терезе» қағидасы бойынша көрсетілуде. Кәсіп­керлерге қызмет көр­сету  орталығының жұмысын автоматтандыру арқылы техник­алық шарт беру уақыты 1 айдан 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Нәтиже­сінде өңірі­мізде  соңғы 2 жылда жалпы инвестиция көлемі орта есеппен 17,7 пайызға өсті. Ал өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі соңғы  3 жылда  32,6 пайыз­ға  артқан.

 

БЮДЖЕТ   ЕКІ МАҚСАТТА ЖҰМСАЛАДЫ

Президент мемлекеттік құнды құ­жаттың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» бөлімінде «Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа ба­ғытталуы  тиіс,  бірі – экономиканы да­мыту және әлеумет­тік мәселелерді ше­шу» деген болатын. Ол кезеңнің қатарына бірнеше мәселе ілікті. Бастысы, білім саласы бойынша, мамандар даярлау жүйесінің нақты еңбек нарығынан тыс қалып, еңбек ре­сурстарының  балансын  есепке  алмаудың  тиімді  әдістеме­сі қалыптаспағанын атады. Ендігі жерде оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағы­т-бағдар  беруді  міндеттеді.

- Өздеріңізге белгілі, үш жыл  қатарынан  қызылордалық  түлектердің  университеттер мен колледждерге түсу көрсеткіші 97 пайызға жетті. Қазіргі кезде облыстың эко­но­микасын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы аймақтың мамандарға деген сұранысы негізінде орналас­тырылуда. Нәтиже­сінде, 2019-2020 оқу жылында 22 жаңа мамандық ашылды. Облыстың еңбек ресурстары балансына сәйкес колледж­дерде «жаңа мамандықтар атлас­ын» зерделей отырып, өңірге қажетті жаңа мамандықтарды ашуды және бітірушілерді тұрақты жұмысқа орна­ластыру бойынша жұмыстар жүргізуді жандандыруымыз қажет, - деді  облыс  әкімі.

Жолдаудағы тапсырмалардың бірі – микро және шағын бизнеске 2020 жылдан бастап салық төлеуді 3 жылға дейін босату және оларға тексеру жүргізуге мораторий жариялау. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде алдағ­ы 3 жылға қосымша  250 млрд теңге қарастырып, бірінші кезекте көпбалалы және аз қамтылған отбасы­ларына, отбасылық бизнесті дамытуға аса назар аударуды тапсырды. Дегенмен, «мора­торий – еш қадағалау болмайды»  деген  сөз  емес. Осы кезең­де  өзара реттеушілік пен қо­ғамдық  бақылау  белсенділігін арттырғанымыз жөн. Әрбір азаматтың елдің патриоты ретін­де өзінің салық төлеу мәдениетін көтеруі өте маңызды. Президент бизнестің, әсіресе шағын және орта кәсіп­керліктің дамуына кедергі келті­ру мемлекетке қарсы қылмыс­ деп бағаланатынын және қатаң жазаланатынын ескерт­ті. 2018-2020 жылдары өңірімізде Жаппай кәсіп­кер­лікті дамытудың үшжылдығы аталып, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында жыл сайын республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар – кейбір қоғам мүше­лер­інің санасына сіңіп кеткен патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға бастайты­н бірден-бір жол. Қаржылай қолдаудың нәтижесі мен тиімділігі жаңа жұмыс орындарының ашылумен бағалануы тиіс. Уақыты келгенде жұмсалған қаржылардың сұрауы болады. Сондықтан еліміздің экономикасын  нығайту  мақсатында туризмді, оның ішінде эко және этнотуризмді дамытуға ерекше  көңіл  бөлу қажеттігі де  аймақ  әкімінің назарынан тыс  қалмайды.

 

ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ  ҚҰБЫЛЫСТАРҒА

БЕЙІМДЕЛУ  КЕРЕК

Құндылығы жоғары, маңыздылығы ерекше Жолдауда цифрландыру мәселесі де ай­қындалды. Президент осыған орай бейімделіп, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірдегі көшбасшылықты нығайту қажеттілігін атап өтті. «Үкімет заңнаманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеу қажет» деп нақты­лады. Бұл ретте «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміз эконо­миканы цифрландыру бағытын таңдады. Қызылорда облысы да осы бағытта қалыс қалмай, цифрландыруды қарқынды жүргізуде. Атап айтқанда, «Ақылды қаланың» кейбір компоненттері, яғни, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер­дің автоматтандырылуы, балабақшаға кезекке қою, оқушыларды мектепке және мұғалімдерді жұмысқа қабылдау, дәрігер қабылдауына жазылу, ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз сату секілді қызметтерді тұрғындар жиі қолданып жүр. Осы жұмыстардың жал­ғасы ретінде «Қауіпсіз қала» бағыты­нда Қызылорда қаласын және білім беру ұйым­дарын толықтай бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімі Қ.Досмайылұлы Қызылорда облысының полиция департаменті мен облыстық білім басқармасына аталған жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Соны­мен қатар мемлекеттік органдардың ашықтығын, қолжетімділігін, тұрғындармен тығыз қарым-қатынасын, онымен қоса президент Жол­дауында аталып өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалыптас­тыруға бағытталған «Жедел әрекет ету орталығы» мекемесін құруды және «109», «112»  қызметтерінің  ақпараттық жүйелерін енгізуді облыс әкімінің аппаратына тап­сырды.

 

СЫР   ЕЛІНІҢ  ӨНІМІ  17  ЕЛГЕ   ЭКСПОРТТАЛАДЫ

Суармалы егіс алаңын кезең-кезеңімен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға жеткізу мәселесі де Жолдаудың жаңа тармағынан орын алды. Бұл орайда Қызылорда облысындағы суармалы жерлердің көлемін 300 мың гектарға жеткізу басты мақсаттар қатарында. Ағымдағы жылы облыста пайдаланылмай тұрған 29 мың гектар суармалы жерді пайдаға асыру жобасының техника-экономикалық негіздемесін әзірленеді. Сөйтіп, жаңадан суармалы жерлерді игеру бо­йынша 96 мың гектар жер нақты­ланады. Суармалы жерлердің көлемін ұлғайтудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемі өсіп, қосымша жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Бұл жөнінде де аймақ басшысы атқарылуы тиіс жұ­мыстарды  саралады.

- Мемлекеттің тұрақты қолдауының арқасында агроөнеркәсіптік кешені тұрақты дамып, ел экономикасының негізгі салаларының біріне айналд­ы. Ендігі мақсат – саладағы еңбек өнімділігі мен өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын  2022 жылға қарай 2,5 есеге арттыр­у. Осы мақсатқа жету үшін  агроөнеркәсіп  кешенінің жағдайы мен мүмкіндіктері және өнімдерді өткізу на­рықтарына кешенді маркетингтік  зерттеулер жүргізіліп, облыстың «Агрокартасы» қабыл­данды. Нәтижесінде, соңғы 5 жылда облыстың жалпы­ өңірлік өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі  2,6 пайыздан 3,7 пайызға артты,­ - деді облыстың  актив  жиынында.

Тілге тиек етерлігі, аймақтың экспорттық әлеуеті жылдам артып, облыстың ауыл шаруаш­ылығы тауарын өндірушілері алыс-жақын шетел­дерге өз өнімдерін шығаруға мүмкін­діктер алды. Бүгінде Сыр елі­нің өнімдері әлемнің 17 мемлекетіне, яғни Ресей, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Украи­на, Грузия, Германия, Қытай, Нидерланды, Польша, Моңғолия, Тәжікстан, Түркі­менстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Иран, Біріккен Араб Әмірліктеріне экпортталуда. Жыл сайын өңделген ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің экспор­тын  20  пайызға  арт­ты­ра отырып, 2022 жылы 2,5 есеге­ ұлғайту немесе 73 млн АҚШ долларына жеткізу – алдағы меже.

 

МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІҢ   САПАСЫ АРТАДЫ

Жиын барысында аймақ басшысы Жолдаудан туындаған міндеттерді жүзеге асыруға байланысты тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді. Соның бірі – медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін  арттыру. Әсіресе, ана мен сәби өлімі көрсет­кіштері президенттің алаң­даушылығын біл­дірді. Келер жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Мін­детті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру сала­сына 46%-ға жуық қосымша қаржы әкеліп, мемлекет, жұмыс беруші және азамат арасында денсаулыққа деген жауап­кершілікті арттыру ар­қылы медициналық көмек­тің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуі тиіс. Жолдауда айтылғандай медициналық сақтандырудың енгізілуімен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі қыс­қартылмайды және де ол барлық тұрғындарға қолжетімді болады. Бұл мақсатта аймаққа 50 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінетінін облыс әкімінің өзі айтты.

Актив  отырысында Жол­дауда  көрсетілген барлық бағыт­тар бойынша мәселелер айқын әрі түсінікті түрде көтерілді. Ендігі міндет – берілг­ен тапсырмаларды уа­қытында орындау және жа­уапке­ршілікпен қарау. Бұл – тек мемлекеттік басқармалардың емес, жұрт болып жұмылып істейтін игі істердің қа­тарындағы өзекті жайттар.  «Саусақ  бірікпей, ине ілік­пейді»  деп бекер айтыл­маса керек.

 

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


ҚЫРАН ЕЛДІҢ ТӨРІНЕ АЙДАҺАР АУЗЫН АШЫП ТҰР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.09.2019 12:05

Достық саясат негізінде дамуды көздеген әлем елдерінің «G20» аталатын­ «Үлкен жиырмалығы» жаһанның экономикалық және қаржылық ынтымақт­астық мәселелерін талдауда бас қосады. Дәл осындай бір жиын Қытай төрінде өткенде Елбасы Н.Назарбаев «Синьхуа» агенттігіне сол елден Қазақстанға 50-ден астам кәсіпорынның көшірілетіндігі туралы мәлімдеді. Оған да төрт жылдың жүзі болды. Сол кезде де бұл мәселе халықты­ң  назарын  аударған.

Жалпы құны 26 миллиард АҚШ долларына тең алпауыт кәсіп­орындарды қазақ жеріне көшіруге нендей себеп бар? Қытай десе қаралай зәреміз ұшып, құтымыз қашатын заманда өмір сүреміз деп кім ойлаған? Бәлкім оған себеп те жоқ емес шығар?! Рас, әлем елдерінің­ біразымен алыс-беріс сауда саясатымыз, барыс-келіс көршілік қатынасымыз да бар. Жаһанды­қ экономикадағы өзіндік картасын сызған дамыған елдер қатарын­а енуге және ұмтыламыз. Бірақ қалай? Өз мемлекетіміздің қауқары жетпеу салдарынан шетелден тікелей инвестиция тартуға мәжбүрлік қадамын басаты­нымыз  анық. Бұл жолы да солай секілді.

Сол саммитте «Қазақстан-Қытай индустриалды-инвес­тициялық ынтымақтастық бағдар­ламасы» аясында салы­натын 50-ден көп зауыт туралы өрбіген әңгіме жуырда ел арасында тағы да желдей есті. Оған президент Қ.Тоқаевтың Қытай еліне іс­сапармен баруы себеп болды. Естеріңізде болса, сол кезде ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен «KAZ­NEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттiгi де Қазақстанда көрші Қытаймен 50-ден астам  кәсіпорын салынатынын­ мәлімдеген  еді.

- Бізде Қытайдың өте үлкен, көлемді нарығы пайда болады. Қытай қазір әлемде ірі инвестор елдердің біріне айналды. Мысалы, Еуропа Одағының мемлекеттері Қытай инвестициясы үшін арнайы бағдарла­малар жасап жатқандығын  білемін. Осының барлығы өз елдеріне Қытай инвестиц­ия­ларын тарту үшін жасалу­да. Қазақстанға бұл мүмкін­дікті пайдаланбау, осындай ірі ин­весторм­ен көрші тұрып, оның инвестицияларын тартпау үлкен ақымақтық болар еді, - деп ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Е.Хаиров­т­ың «көсілгені» көпке ұнай қойған  жоқ.

Біздегі қамқорлық ортақ, қабылдау ерекше, ілтипат ізетпен, құрмет құжатпен көр­се­тіледі. Дәл осы ретте шетел­дік инвесторларға жасалатын жеңілді­ктер де тақияңызға тар келмейді. Қазақстанның өркендеуі жолында қаржыны аямай салып, кәсіпті игере біл­генге де түрлі жеңілдіктер қарастырылған деседі. Мәселен, химия,­ мұнай-химия, машина жасау, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсібі салаларына 13 млн АҚШ долларын салатын болса, белгілі бір мерзімге корпоративті салық, жер салығы мен меншіктегі мүліктік салық ол ұйымнан айналып өтеді. Қытайдың инвесторлығымен құрылатын кәсіпорындардың да басым бағыты осыған сай келіп тұр. Тіпті бұл тізімнің қатары азаюы да, көбеюі де ықтимал. Өйткені екіжақты келісім аясында мүдделік қажеттіліктер орын алады. Ал сала мамандары ел аузында жүрген қауесетке «Қытайдан өндірістер көшірілмейді, керісінше, жаңа өндірістер құры­лады» деп жауап берді.

Өткен аптада ел президентінің  төрағалығымен  Тәуелсіз­дік  сарайында  Ұлттық қо­ғамдық сенім кеңесінің алғашқы­ отырысы өтті. Бұл жиынд­а  да  осы  әңгіменің тиегі  ағытылды.

- Соңғы уақытта «жер шетелдіктерге сатылады екен» немесе «көрші елдің 55 (51 - ред.) ескі зауыты көшіріледі», «мыңдаған шетелдік жұмыскерлер тартылады екен» деген секілді түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Ондай­ қауесеттер адамдардың патриоттық көңіл күйін шебер пайдаланып жүрген ниеті дұрыс еместерден таралып жатыр, - деді президент.

Сонда  «Үлкен  жиырма­лық­тың» қатарындағы қос елдің бірнеше жыл бұрынғы келісі­мінің күші қайда қалды? Бірі – жел, бірі – шөп. Жел тұрмаса...

Ал осы аптада ресми Бей­жіңге Қазақстан-Қытай іскер­лік кеңесінің 6-шы отырысына қатысқан мемлекет басшысы көршінің қазақ еліне 20 мил­лиард долларға жуық инвестиция құйғанын мәлімдеді. Бұл – тәуелсіздік жылдары ішіндегі қаржы. Сөз арасында Қытай нарығына азық-түлік тауар­ларын экспорттауға мүдделі екенін айтты. Іскерлік кездесу­дің  соңында  Қазақстан  тарапы қытайлық кәсіпкерлермен бірқатар коммерциялық келі­сімд­ерге қол қойды. Ал, ендеше...

 

Н.ЕРСЕЙТПЕНБЕТ

 


КӘРІЗ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖҰМЫСТАР БІР ІЗГЕ ТҮСПЕЙ ЖАТҚАНДАЙ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
12.09.2019 12:00

БАСЫН  АЛА  ҚАШУДЫҢ  БАСЫ

Апта басында «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша «Есенов көшесі (№17, 17а, 18, 19, 19а, 20, 20а), теміржол, Абай даңғылы (№28, 28а, 30, 32, 34, 36), №198 орта мектеп, «Бабас» ЖШС ғимараты, балабақша, Мұратбаев көшесі (№17,15,15а, 13), №14-ші кәріз- сорғы жүйелеріне реконструкциялау» жұмыстарының сапасымен танысу мақ­сатында баспасөз туры ұйымдастырылды. Құрылыс нысанындағы қыз-қыз қайнаған жұмыс барысында бір қызыққа тап болдық. Бізді онда қалалық құрылыс бөлімі мемлекеттік  мекемесі  басшысының  мін­детін атқарушы Ғалымжан Жанәділов, «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуна­лдық  кәсіпорны  өндірістік-тех­никалық бөлімінің басшысы Маржан Сырманова және т.б. бірлі-жарым кісі қарсы  алды. Бір уақытта  әріптесіміздің бірі  ақпарат алатын адам іздегені сол еді, аталған­ кісілер басын ала қашып, жауап­ беруден жалтарды. Осылайша, ойда-жоқта­  атқарылып жатқан жұмыстар туралы­  кімнен  не сұрарымызды  білмей дел-сал   күйде  қалдық.

 

БІР-БІРІН  КӨМЕККЕ ШАҚЫРДЫ

Сірә, мұндағылар нысанға БАҚ өкіл­дерінің келетінінен бейхабар сынды. Немесе тұщымды жауап беруге дым да дайын емес. Сондықтан болар, қалалық құрылыс  бөлімі  басшысының  міндетін атқарушы  Ғалымжан  Серікұлы кө­мекке­ Ғалымбек Арғынғазиевті шақыр­д­ы. «Нұрай Ақжол» ЖШС-нің өнді­рістік  инженері  өз  жұмысына  қатысты біршама мәліметтер турасында айта кетті.

- Шілде айынан бастап өздігінен ағатын кәріз құбырын жүргізу жұмыс­тары басталды. Қазір жұмыстардың  90 пайызы аяқталды, енді 315 метр құбыр жүргізу ғана қалып тұр. Жұмыс бары­сында ойламаған апатты жағ­дайлар, кедергілер туындап жата­тыны рас. Тұрғындар  тарапынан  арыз-шағым­ бар. Жақында ғана кәріз сорғылау жүйесінд­е апаттық жағдай болды. Өжіре суға толып­ қалған. Қазір оны ретке келтір­дік. Жалпы, жұмыс әлі біткен жоқ, қыркүйек­ айының соңында толығымен аяқталады. Ауланы  абаттандыру – біздің  мекеменің   құзырында, - деді ол.

 

«ЖҮР   БАРЛЫҒЫ   АРАҚ   ІШІП...»

Сол-ақ екен, кәріз жүйесіне жүр­гізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарының сапасына көңіл толмайтын тұрғындар төбе көрсете бастады.

- Осы жерді (үйілген бетон - ред.) таза­лап бер деп айтқанымызға үш күн бол­ды­. Ешқандай жұмыс істеліп жат­қан жоқ. Жүр барлығы арақ ішіп. Мына (үйіл­ген құрылыс қалдықтары - ред.) жерден өтем деп құлап, көзімді көгертіп алдым. Зардап шегіп отырған жанның бірімін. Арыз-шағымды тыңдайтын адам жоқ, - деп ашынды зейнеткер Алтынкүл Ертуарова.­

Иә, тұрғындар жаңғырту жұмыс­тарының өте жай жүргізіліп жатқанын және сапасы сын көтермейтінін айтады­. Жауапты мекеме «межелеген мерзімде толық бітіреміз» деп сендіріп отыр. Қысқасы, кәріз жүйесіндегі жұмыстар бір ізге түспей жатқандай. Ал, бізді қалалық­ құрылыс бөлімі басшысының мін­детін­ атқарушы Ғалымжан Серік­ұлының өз саласына қатысты ешқандай айтар­ы болмағаны расында таңғал­дырды.

Рыскелді   ЖАХМАН

 


ҚАРЖЫГЕРЛЕР ҚЫЗМЕТКЕ КЕЛІП ЖАТЫР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
12.09.2019 11:55

Аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақовтың облыс тізгінін ұстағанына 2 айдан асыпты. Ауыс-түйістер ақырындап жүріп жатыр. Қармақшы ауданын бас­қарған Сұлтан  Мақашовты Жаңақорған ауданы әкімі етіп тағайындады. Ал Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым  Әміреевті облыс әкімі аппаратының басшысы қыз­метіне әкелді. Сырдария ауданын аттай алты жарым­ жылдай басқарған Ғанибек Қазантаевтың орнын­а өзінің идеология жөніндегі орынбасары Рүстемов Руслан­ Рүстемұлын отырғызды. Әзірге, Арал, Қазалы,­ Жалағаш, Шиелі ауданының әкімдері өз креслола­рын сақтап отыр. Оларға кезек келе ме, келмей ме? Оны уақыт  еншісіне  қалдырдық...

Сұлтан Ысқақұлы Жаңақорғанға кеткен соң Қармақш­ы ауданы Конституция күнін әкімсіз қарсы алды. Өткен аптаның жұмасында аудан тізгіні Қалдарбе­ков Мұса  Оспанұлына сеніп тапсырылды. Аймақ басшысының өзі барып, қармақшылықтарды жаңа әкіммен таныстырып кетті. Мұса Оспанұлы еңбек жолын Кентау қаласындағы тігін фабрикасында жұмысшы болып бастаған. 1991-1997 жылдары Жаңақорға­н өндірістік комбинатының жұмысшысы, «Кереге» кіші мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары, 1997-2011 жылдары Алматы қаласының салық органдарында жауапты басшылық қызметте болған.­ 2011-2019 жылдары Батыс Қазақстан облысы бойынша салық департаменті бастығының орын­басары, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер  департаменті  басшысының орынбасары. 2019 жылдың мамыр айынан бастап осы кезге дейін Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департа­менті басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.

Басқарма басшылары да ат ауыстырып жатыр. Мәселен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болған Бақыт Жахановтың қызметі көтерілді. Енді ол облыс әкімінің орынбасары қызметін атқармақ. Апта басында аймақтың бас агро­номы қызметіне лайықты кандидаттың есім-сойы белгілі болды. Облыс әкімінің өкімімен Мүбараков Қамбарбек  Амангелдіұлы Қызылорда облысының ауыл шаруашы­лығы басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. Ол еңбек жолын Жаңақорған ауданы Өзгент ауылындағы қырманда қарапайым жұмысшы болып бастаған екен. 1997-2001 жылдары Қызылорда қаласы бойынша салық комитетінде жауапты қыз­метте болған.  2001-2009 жылдары Шиелі ауданы бойын­ша салық комитеті төрағасының орынбасары, Жаңақорған ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы­, Қызылорда облысы бойынша салық коми­теті­ төрағасының орынбасары, 2009-2011 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, 2011-2018 жылдары Қызылорда облысы бойынша тексеру комис­сиясының төрағасы қызметін атқарды.

Басшы көп тұрақтамаған саланың бірі – цифрлық технологиялар басқармасы. Жалпы, мұндағы басшылық қызметтің креслосы біраздан бері бос тұрған-ды. Дүйсенбі күні облыс әкімінің өкімімен Даужанов  Нәби  Тоқмырзаұлы Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы лауазы­мына тағайындалды. Ол еңбек жолын Жалағаш ауданы Аққұм кеңшарында құрылыс бригадасының жұмысшысы ретінде бастаған. 1995-1996 жылдары Мәскеу ғылыми-зерттеу, жобалық-конструкторлық, технологиялық бетон және темір-бетон институтының ғылыми­ қызметкері, 1996-2001 жылдары Қызылорда политехникалық институтының аға оқытушысы, ақпарат­тық-есептеу  орталығының  бастығы, 2001-2018 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері, факульт­ет деканы, проректоры, 2018-2019 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университе­тінің қауымдастырылған профессоры, 2019 жылдың тамыз айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысы­ әкімінің кеңесшісі лауазымы қызметін атқарды­.

Сонымен қатар үш жылдай Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы болған Байқадамов  Наурызбай­  Сейітқалиұлы облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал оның орнына 2019 жылдың 21 қаңтарынан бастап Қорқыт Ата атындағы Қызылорд­а  мемлекеттік  университетінің  сәулет және құрылыс өндірісі кафедрасының профессоры, 2019 жылдың 5 сәуірінен бастап Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті рек­торының ғылыми және қоғамдық байланыс жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарып келген Бисенов  Қылыш­бай­  Алдабер­генұлы сайланды.

Жергілікті билікке жаңадан келген кадрлардың биографиясына  қарасақ, салық саласының маман­дары екен. Айтпақшы, облыс әкімі Қуанышбек Ысқақо­в та – қаржы саласының маманы.

Асан  ДӘУЛЕТ

 


АЩЫ СУДЫҢ АҚЫРЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
12.09.2019 11:50

Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

Мардымсыз ақша бала-шаға­сы­ның жұмырына жұқ болмады. Мемлекеттік қызметтегі әйелі табысын­ қомсынады да тұрады. Өзінің айлығымен салыстырады. Ер адамның ақшасы көп болу  керек дейді. Әй­теуір­ әкелгенін қанағат тұтпайды. Жыл сайын Жаңылдың табысы  кө­бейіп келеді.  Сылқым ке­ліншек Үкі­метке  дән риза. Ай са­йын­ 250 мың теңге алады. Ал Қасымнан әкесін­дей іскерлікті, пысықтықты іздейді. Бірақ, күйеуі бос. Жалқаулығы басым. Аптал азаматтың шаруаға ебі жоқ. Қара жұмысқа қарай тұра жүгіреді. Елдің арқа сүйер еркектеріндей іс бастауға шорқақ. Кәсіпке келгенде жолынан жаңылып, кібіртіктей береді.

Үш жылдан бері «Камаз»  жүк көлігін тізгіндеп,­ жұмысы алға жылжыды. Бұрын­ғыдай емес, айлығы шайлығына  жететін болды. Отбасы бюджеті­нің бүйірі  бұл­тиды. Сол екен, әйелі кінәлауын тоқтатты. Қасымға­ жүргізушілікке Алматыдан сұраныс көп түс­пейді. Көбіне шетелді­к компа­ниялар жұмысқа шақырады. Бір жылдан бері Қызылордада нәпақасын тауып жүр. Бірақ тұрмысы жөндел­генімен, ащы суға үйір­лігін  қоя  алмады­. Мұнда да шиша­лас достар­ы бар. Күн сайын дәмін татпаса, шаруасынан береке қашатын­дай көрінеді. Тәуелділік дегенді қойсаңшы... Жеңсік астай ұмтылады да тұрады. Үнемі ішу денсаулығына зардабын тигізе бастады­. Бауыры, бүйрегі ауырады. Алайда Қасымның күніне таңерт­ең, кешке тартып тұрмаса, басы ауырады. Шекесі тырысады. «Мұныңды қойсайшы»  деп, Жаңыл да шар­шады. Жолдасына бұрынғыдай ұрыспайды. Табысын алақанына әкеліп салғасын, не десін?! Ішпе дегенімен  күйеуі тыңдай ма? Айғайлағ­аннан пайда жоқ. Талай алдады да, қатты да айтты. Түзе­ліп, арақты  қойған Қасым жоқ.  Қайта Жаңылдың өзі дүкенге жүгіреді. Өзі әкеліп береді қазір. Алыста жүргесін Қасым үйін жылда­п көрмейді. Басшылық тарапы­нан демалыс бермесе, көлі­гін айдап жүре береді. Ащы су – оның күнделікті сусыны. Тәуел­ділік бойына сіңіп кеткен. Ұрт­тамаса тұра алмайды. Айлығына тиіспейін деп қоймаға ұрлыққа түседі. Жасырып  жанар-жа­ғар­май алып сатады. Қосымша табыс­, сусынына жетеді әйтеуір.

Бірде «Камазбен»  көшеде келе жатты. Күндегідей  шайтансуын ұрттап алған еді. Қомағайлық  жеңіп, кабинада тағы да жарты­лықтың көбісін жол үстінде сіміріп салды. Көшеде қылғытқаны өзіне сор боларын­ қайдан білсін?! Бұл жолы арақтың уыты бойына тез тарады­. Ашқарынға түскен ішімдік масайтып тастады. Бойы жеп-жеңіл. Денесі де сергек сияқты­ еді. Көшеде келе жатып, өрімдей екі қызды... Иә, екі қызды қағып кетті. Ауыр көліктің руліндегі жүргізуші ауыр қылмыс жасады. Бейкүнә бала­лардың бірі жол жиегінде қаза тапты.­ Бірі аурухана төсегінде үзілді.  Оқиға бойынша 38 жастағы жігіттің үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің  345-бабының 4-бөлі­гі­мен, 347-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қасым  тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қатты өкінді. Періште қыздардың обалына қалғанын білгенде, өзегін өкініш өртейді. Қалай аңғармады екен? Қалай жаңылысқанын өзі білмейді. Алайда қылмыскерге кешірім жоқ. Қылмыстың өтеуі – жаза. Қолымен жасағанды мойнымен  көтереді. Басқа жолы да, себеб­і де жоқ.

(Кейіпкерлердің  есімі   өзгертіліп  алынды)

Құттыбике   САБЫРБАЙҚЫЗЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қыркүйек 2019 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары