Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
Қыркүйек 2019

ЖАСАМПАЗДЫҚ пен ӨРЛЕУДІҢ КЕПІЛІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
06.09.2019 11:30

Келісім мен татулық кілті, жасампаздық пен өрлеудің кепілі, тұтастық пен тұрақтылық тұғыры бар мемлекеттің келешек бағдарын айқындайтын тағы бір саяси құжат қатталды. Ол – ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбындағы Жолдауы. Бұл – Қ.Кемелұлының мемлекетке басшылық еткелі халыққа арнаған тұңғыш бағдарламасы. Тәуелсіздік алғаннан бергі тарихи уақыттың өзін тұтас дәуірге теңеуге болады. Өйткені қазақ елінде осы жылдар ішінде тамыры терең, қазығы мықты, өміршеңдігімен құнды реформалар мен стратегиялар қабылданды. Олардың барлығы да ел егемендігінің нығаюына септігін тигізіп, маңызды қадамдарға ұмтылуына жол ашты десек, қателеспейміз. Оған бүгінгі күніміз куә. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жаһандық ұйымдар мен өркениет көшіне ілесу барысында әлемдік тенденциялардан қалыс қалып жатқанымыз жоқ. Бұл жолғы саяси құжатта құнтталған мәселелердің құндылығы қандай? Бағыт-бағдардың негізгі өлшем сәйкестілігі қай деңгейде? Жүгі жеңіл емес Жолдауда айтылған мәселелерді ақыл таразысына салып, пайым елегінен өткізіп, парасат сүзгісімен сараптап көрелік.

 

«...ПРЕЗИДЕНТ – ...ПАРЛАМЕНТ – ...ҮКІМЕТ»

Алдымен Парламент палатасындағы жаңа маусымның ашылуына сәттілік тілеген президент халыққа Жолдау бағыттауға кірісті. Соңғы кездері елдегі қоғамдық-саяси­ ахуалдың шелек тұтқасындай иілуі кім-кімді де алаңдатқаны рас. Тыныштық пен татулық берекесіне үйреніп қалған қоғам үшін дауыл алдындағы тыныштықтың өзі үрей туғызғанын тағы да жасыра алмаймыз. Міне, осы ретте ресми ақ­ордалықтардың ақылмен саралаған жоспар­лары халыққа ауадай қажет. Ол – саяси жаңғыру үдерісі. Бұл мәселе ел азамат­тары мен мемлекет мүддесіне негізд­еле отырып жасалуы тиіс. Әзірге қол жеткізбеген мақсаттың қатарында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұр. Саяси басқарудағы жүйелілік формуласы тұрақтылық қалпын сақтауға негіз  бола  алады.

- Біз қоғам игілігі үшін сындарлы саясат жүргізіп келе жатқан басқа да саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтыма­қтастықта жұмыс істеуіміз қажет. Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс, - деген президенттің сөзі осыған  дәлел.

Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Заманауи геосаяси ахуалға бейім­дел­ген үйлесімді мемлекет қалыптастыру үшін алдымен билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату  қажет.

 

ҚҰҚЫҚ   ҚОРҒАУ  ЖҮЙЕСІН  РЕФОРМАЛАУ  КЕРЕК

Сот және құқық қорғау жүйесіне өзгеріс енгізуді президент тек Жолдауда ғана мәселе етіп көтерген жоқ. Бұған дейінгі жиында­р мен сайлауалды тұғырнамасында да сөз етті. Бұл жүйедегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіп­сіздігін күшейтудің негізгі факторы. Судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа ала отырып, шешім шығару құқығы мызғымас сипатқа ие болу үшін бірқатар өзгерістер қажет екенін тағы да алға тар­туының өзіндік себебі­ болуы мүмкін. Дегенме­н, сот шешімд­ерін мұқият талдау жұмысын жолға­ қойып, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру  қажет екенін мемлекет басшының өзі қадап  айтты.

- Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі. Полицияның мемлекеттік күштік құры­лымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға  қызмет  көрсететін органға айна­лады.­ Ең алдымен, 2020 жылдың аяғына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру қажет. Мұны науқаншылдыққа айналдырмай, сапалы жүргізген жөн. Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты. Ішкі істер министр­лігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалады, - деді пре­зидент Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында.

 

ЖЕР  НЕГЕ  ИГЕРІЛМЕЙ  ЖАТЫР?

Ел экономикасы әлемдік деңгейдегі саяси қиындықтарға қарамастан алға ілгерілеуін тоқтатқан жоқ. Осы қарқыннан ажырап қалмасақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайыздан асыруға мүмкіндік бар. Ол үшін бірнеше қасаң қағиданы шеңберден асырып алмай, орындау міндетінің маңыз­ы зор. Мәселен, шикізатқа тәуелді менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруды жандандыру керек. Мемлекеттің тұрақтандырушы рөлін сақ­тай­ отырып, нарықтық институттар мен құрылымдардың толыққанды дамуын қамтамасыз етуде «қарапайым заттар экономикасы»  бар. Одан кейін тиімділігі айтар­лықтай жоғары шағын және орта бизнесті дамыту мәселесінің өзектілігі жоғары. Осы ретте 2020 жылдан бастап шағын бизнес саласындағы компанияларды тексеруге 3 жылға дейін мораторий жариялады. Ал бүгінде кәсіпкерліктің өрлеуіне жол ашып тұрған бірден-бір бағдарлама саналатын «Бизнестің жаңа жол картасы» бағдар­ламасына алдағы үш жыл ішінде қосымша 250 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарлануда.

Ал агроөнеркәсіп кешендерін дамыту үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы және бос жатқан жерлерді игеру қажет. Бүгінде «жер шетелдіктерге жалға беріледі» деген сөзді естісе, өре түрегелетін жұрттың көбі бос жатқан жерді игермей отыр дегенге біреу келіседі, ендігісі келіспейді.

- Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс, - деген сөзінің астарында да терең мән жатса керек.

 

ЦИФРЛЫҚ   РЕВОЛЮЦИЯ  КӨЗ   АЛДЫМЫЗДА

Өркениет көшіне ілесе дамудың тағы бір бағыты – цифрлық экономикаға қадам басу. Бұл ретте арнайы қабылданған бағдарлама да бар. Бүгінде интернет экономикасы дамушы елдерде жылына 25%-ға дейінгі қарқынмен өсіп келеді. Қазірдің өзінде интернетке түрлі деректерді алмас­тыратын 35 миллиард құрылғы қосылған. Яғни, цифрлық рефолюция біздің көз алдымы­зда өтуде. Бұл төңірегінде де мемлек­ет  басшысы  үнсіз  қалған  жоқ.

- Біздің міндетіміз – ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірдегі көшбасшылықты нығайту. Үкімет заңнаманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеу қажет. Қазақстан технологиялық серіктестік орнату, мәлімет орталықтарын құру және орна­ластыру, мәліметтер транзитін дамыту, цифрлық қызметтердің жаһандық нары­ғына қатысу үшін ашық юрисдикция ретінде­ өзіндік брендке айналуы тиіс, - деді  Жолдау  аясында.

Жаһандық трендке айналған мемлекеттің өзін-өзі цифрландыруы экономикадағы құндылықтарды құра отырып, әл-ауқаттың арттырып, бизнесте және тұрмыс деңгейінде лайықты орынға ие болуға бағытт­айды.

 

БАҒЫТЫМЫЗ   – АЙҚЫН,  ЖОЛЫМЫЗ   – АШЫҚ

Саяси тың өзгеріске қадам басуды, құқық қорғау саласына өзгеріс енгізуді, экономиканы әртараптандыру мен әлеу­меттік қамсыздандыру бағытында түрлі ұсыныстарды ел құлағына жеткізген ел басшысы әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңіне өту туралы да әңгіме қозғады. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау­, мәдениет саласын жандандыру, зейнет­ақы, инфрақұрылымды дамыту, тағысын тағы қоғамның қызу талқысына түсіп тұрған мәселелерді мезгілінде қозғады­. Осы мәселелердің  ішінде  халыққ­а  ұнам­ды­ жайттар сөз болды. Соларды­ң бірі – зейнетақы жүйесіне қатысты  өзгеріс.

- Еліміздің зейнетақы жүйесін дамыту саласына ерекше тоқталғым келеді. Мұнда да қордаланып қалған мәселелер жеткі­лікті. Қазіргі кезде зейнетақы жинағының жетіспеушілігі онша сезілмейді. Алайда 10 жылдан кейін жағдай өзгеруі мүмкін. Сондықтан Үкімет Ұлттық банкпен бір­лесіп, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізуі керек. Қазір жұмыс істеп жүрген адам өзінің зейнет­ақы жинағын тек зейнетке шыққан соң ғана пайдалана алады. Бірақ олардың бұл қаражатты зейнетке шыққанға дейін пайдаланғысы келетіні түсінікті жағдай. Жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнета­қы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырамын, - деген сөзі халықтың жүрегіне үміт отын жаққандай әсер қалдырды.

Оған себеп те жоқ емес, халықтың дені баспана мәселесінде қиналып жүргені ақиқат. Егер зейнетақы жинағындағы қаражатын жаратса, бір қажеттілігі азаяр еді. Дегенмен, бұл туралы нақты шешімдер әлі қабылданған жоқ. Оның өзіндік критерийлері болатыны айтпаса да түсінікті.

Әлеуметтік және экономикалық сая­сатқа  жауапты  құрылымдардың қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес алдын ала нақты жұмыс жүргізуін қадағалауды тапсырған президент алдағы уақытта Жолдауда айқын­ көрсетілген міндеттерді жүзеге асырып­, мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмыс істейтінін жеткізді. Бұқараға сенім мен серпіліс жасауға нақты қадамдарды айқынд­ап берген мемлекет басшысы Жолдау­дағы сөзін «Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді. Бағытымыз – айқын, жолы­мыз­  – ашық»  деп аяқтады.

 

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


«ЖАМАН СТАДИОНДЫ» ҚОНАҒЫ БИЛЕЙДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
06.09.2019 11:20

Сыр еліндегі Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, жаңадан ашылғанына да екі айға жуық уақыт болыпты. Шілде айының 6-сы күні салтанатты түрде пайдалануға беріліп, Қарағандының «Шахтерін» қабылдағаны футболсүйер қауымның есінде шығар. Сол кезде құшағына 6500 адамды сыйдырған сужаңа стадионнан жап-жақсы атмосфераны сезініп қайтқанбыз. Уақытында «Қайсар» жаңа стадионда «ескі» ойынын көрсетті» деген мақала жазылды. Иә, содан бері «қасқырлар» жаңа стадионда өз жанкүйерлерін бірде-бір рет қуантқан емес. Ал, 9 тур бойы бір рет ғана (22-тур, «Атырау» 1:3) жеңіске жетті. Осыдан соң бізге «жаман стадионды» қонағы билей ме?» деген ой келіп отыр. Жаман дейтініміз...

Жалпы, қызылордалық жанкүйерлер бұл стадионның ашылуын көп күтті. Елімізде футбол маусымы басталған тұста «Қайсар» футбол клубына (жалпы, сырбойылық клубтарға – Р.Ж.) Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионның қосалқы алаңы көмекке келді. Алғашқы матчтарда көрермендер стадионға сыймай, сыртта шулап қалған-ды. Ал, жаңа стадион туралы әуел бастан-ақ жақсы сөз айтылмап еді.

«Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионның жөндеу жұмыстарына 1 млрд 200 млн теңге жұмсалды. УЕФА талаптары бойынша шатырды ұстап тұратын бағаналар (балкалар) трибуна ішінде тұрмауы керек. Менің болжамым бойынша, араға 5 жыл салып бұл стадионды қайта жөндеуге тағы 1 млрд теңге кететін сияқты», - деп жазды журналист, спорт сарапшысы, футбол комментаторы Ермұхамед Мәулен өзінің әлеуметтік желідегі пара­қ­шасында.

Осыған орай, уақытында об­лысты­қ дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі жауап берген де болатын.

-  Бұл қаржыға стадионды УЕФА талаптарына сәйкестендірілу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі күнге FIFPRO Quality стандартына сәйкес, италияндық ItalGreen марка­лы жасанды шөп төсеніші жайыл­ды, Германиядан шығатын Rehau жылыту құрылғысы (подогрев) орнатылды. Сондай-ақ, бренд Filips компаниясының жарықтары қойылды. Мұнда УЕФА-дан инспектор Лундстром Питер Паул келіп, жүргізілген жұмыстың барысымен танысып, пайдаланылған мате­риалдардың сапасына оң баға беріп, УЕФА-ның сараптамасы бойынша екінші категорияға лайық деп танылд­ы. Қазір сол категорияның құжаттандыру жұмыстары жүр­гізілуде. Стадион бағанасының қойылу­ себебі бар. Яғни, Қызыл­орда­ның табиғатына орайластырып, шатыр аңызақ желге төтеп беру мақсатында тұрғызылған. Финляндия елінен келген Лундстром Питер Паул мырза мұны ескеріп, бағанаға қатысты шағым жасаған жоқ, - делінген  жауапта.

Иә, ел біріншілігінің 17-турында стадион бағаналарының ойынды­ тамашалауға қаншалықты кедергі келтіретінін байқадық. Сол ойында «Қайсар» «Шахтерді» 2:0 есебімен айқын жеңіп тұрып, тең тар­қасқан еді. «Қасқырлар» 19-турда «Ақтөбені» қабылдап, 0:1 есебі тіркелді. Мұны өткен жылғы «Ақ­төбенің» «Қайсарға» жасаған «тартуына» жауабы деп «жылы» қабылдадық. 21-турда өз алаңымызда «Оқжетпеске» де дәл осындай есеппен жол берді. 24-турда «Жеті­су» келіп, жақсылап жеңіп кетті. Есеп – 0:2. 25-турда «Ақтөбе» кезект­і рет жеңді (1-3). Қарап тұр­сақ, жаңа стадионда өткізген 5 ойын­ның 4-еуінде «қасқырларға» жеңіліс жазылыпты. Жеңіс атымен жоқ. Неге? Бұл қолдан жасалған ойындар ма? Ел чемпионаты шынымен­ осылай өрбуде ме? Баз біреулер «Қайсар» ойындарын сатып­ жатыр» деген пікірді де айтад­ы. Енді кейбірі «бұл – жо­ғарғы жақтың пәрмені» дегенді ашықтан-ашық  жазып  жүр.

Айтпақшы, барлығына белгілі болғандай «Қайсар» 6 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында ел кубо­гының  финалында «Атыраумен» күш  сынасады.  Араға 20 жыл салып­ жеткен бұл жетістіктің астын­да біраз «келіссөз» жатқандай. Демек­, ҚПЛ-де орын алу немесе­ кубок жеңімпазы атану. Осы екеуі­нің бірін таңдау керек секілді. Мына ала-құла статис­тикаға қарап сіз де солай ойлайтын  шығарсыз.

17-тур: «Қайсар» – «Шахтер», 2:2;

18-тур: «Қайрат» – «Қайсар», 5:1;

19-тур: «Қайсар» – «Ақтөбе», 0:1;

20-тур: «Тобыл» – «Қайсар», 0:2;

21-тур: «Қайсар» – «Оқжетпес», 0:1;

22-тур: «Атырау» – «Қайсар», 1:3;

23-тур: «Шахтер» – «Қайсар», 3:0;

24-тур: «Қайсар» – «Жетісу», 0:2;

25-тур: «Қайсар» – «Ақтөбе», 1:3.

Тағы бір себеп. Қазір футболды командалар ғана емес, букмекерлік кеңселер де ойнайды. Бұл ойындар сатылады деген ойды қуаттай түсетіндей. Футбол тақырыбы қозғалса, «байдың асын байғұс қызғанады» деген сөйлем қарсы алдыңнан шығады. Иә, экс-облыс әкімі Қырымбек Көшербаев­ «Қайсарда» ешқандай қаржылық мәселе болмайтынын талай жиындарда қадап-қадап айтқан-ды. Маусы­м басында сырбойылық клубқа  үздіктер  қатарынан табылу тағы  жүктелген еді. Қазір сәтсіз ойын  өрнегін  көріп жүрген ста­дио­нымыз жаңа, еуростандартқа сай. «Кубок қолымызда» деп мақтанатынд­ай жөніміз жоқ. «Атырау» – кубоктік команда. Үш жыл қатарынан финалға шығып отыр, осыған дейін екі рет сыр берді дегендей. Сондықтан, қуану­ға  әлі  ерте. Кубок­  жеңім­пазы атандық деген­нің өзінде ел бірін­шілігіндегі орнымызды төмендетпеуіміз  керек.

«Қайсар» – түзде жақсы ой­най­тын  команда. Биылғы  статис­тика­ға  қарасақ, соны меңзейді. Дәл осы уақытта «Атыраумен» түзде  ойнайтынымыз  ғана  көңілге медеу  болып тұр...

Рыскелді   ЖАХМАН

 

Бет  қатталып  жатқанда: «Жығыл­ғанға жұдырық» демекші­, тап  осы  сәтте «қасқырлардың» капитаны Мақсат Байжанов ресми түрде команда сапынан кетті. Әрине, көпші­лік жанкүйерлер  оны команданың қазіргі ішкі ахуалымен байланыс­тырады. Ал, клуб  баспасөз қызметі Байжановтың кетуін отбасылық жағдайы деп сендіргісі келеді...

 


ТЕҢІЗ ТАҒДЫРЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
06.09.2019 11:10

Экологиялық  баян

«Адам ішпесе ащы судың жылға қуып ақпағаны жақсы».

Қорқыт бабадан қалған сөз.

БІР  ҮМІТ  пен  БІР  КҮДІК

Арал қаласында түнемелік «Кіші Арал» деп ұйықтап, таңе­ртең «Кіші Арал» деп оянатын бір азамат тұрады. Аты-жөні – Ахмедулла Үмбетов, аудан әкімінің бірінші орынбасары. Бір топырақтан жаралдық, бір құдықтан су іштік. Біздің мұңымыз да, жырымыз да бір. Мұңымыз – туған жерден ел көшіп, ата­қонысымыздың қаңырап қалуы. Жырымыз – теңіз тағдыры­. Өлген теңізді тірілту біз сияқты мұңлықтардың мұң-зарынан басталып, исі қазақтың арманына айналды. Ақыры «Аралды құтқару қоры» ауданда да, облыста да, астанамыз Алматыда да құрылды. Қаржы жиналып-ақ еді, Кремльдің жуан қарын шойтығы Павловтың ақша реформа­сы бәрін быт-шыт қылды. Миллион сомның миллион тиындық құны қалмады. Көкірекке шер байланды. «Жығылғанға – жұдырақ» дегендей, көреген халықтың зар жылап айтқан ақылына кері ойластырылған «Сырдария-Сарышығанақ» су жолын қазу бос далбаса болып шықты. Мыңдаған сом қаржы құлқын  құмарлардың  құрдымында  кетті.

Зығырданың қайнайды! Жең ұшынан жалғасқан жемқорлардың шыбын жанын қан шығармай шырқыра­та­тын заман өтіп кеткен. Арызыңд­ы кімге айтарсың? Жалы­натының – айналып келгенде баяғы кеңпейіл халқымыз. Аумағы қусырылған теңізді жоқтай-жоқтай тоқсан алтыншы жылға да жеттік. Аудандық, облыстық, республикалық қорлардың жаңадан құрылуымен үмітіміз қайта жана бастады. Түбі тақырланып қалған «Аралды құтқару қорына» ауданның жаңа әкімі Алашыбай Баймырзаев менің көзімше бірінші болып 50 мың теңге салды. Ал облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорға бір айлық жалақысын қосыпты. Сол-ақ екен, көптеген азаматтар, оның ішінде аудан әкімшілігінің қызметкерлері де бар, қордың қоржынына бала-шағаларының несібесінен жырып бір-бір айлық жалақыларын салған. Айтып қояйық, қорға осылай там-тұмдап тиын-тебен түсе берер-ау, дегенде Кіші теңіз жасау оңай-оспақ іс емес. Бұл деген­іңіз – тегінде омыраулап тізеге салуға­  көнбейтін  жұмыс...

Апыр-ай, мына жаңа әкімнің жүре­гінің түгі бар екен?! Аралға «келмей жатып»­ Кіші теңіз жасаймын деп жатыр­. Биылғы маусымда дарияның құяр сағасына­ штаб орнатыпты. Басына­ 2 вагон-үй, 5 скрепер, 1 бульдозер, жиырма­ шақты адам алып барған. Бөгетті бастауды бісміллә деп бұрынғы №4 жылжымалы  мехколоннаның ізімен жасақталған Нұртуған ақын атындағы акционерл­ік қоғамның бастығы аман­өткелдік Жолдас Кегенесовке жүктеген. Ә  дегенде айлық жалақы, жана­р-жағармай үшін 200 мың теңге босаты­пты. Осы қаржының арқасында көп күттір­ген, көңілді күпті еткен нәтижес­і – осы жылдың он төртінші қыркүйегінде Ұлы теңіз бен Кіші теңіздің арасын жал­ғаған қылта бөгелген. Бұл, әрине, бөгеттің табаны ғана,үлкен жұмыс әлі алда...

Енді аудан әкімінің бірінші орынбасары Ахмедулла Үмбетов екеуміз осыдан­ бірнеше жылға кейін шегінеміз. Арал қаласынан «Возрождение» аралына жүк жеткізіп тұру үшін әскерилер Ұлы теңіз бен Кіші теңіздің аралығын, кеме қайырлай бергесін «черпалкамен» дамылсыз қазып тұрған. Ол ұзындығы жүз метрге жуық терең өзекке айнал­ған. 1992 жылы дария суының теңізге мол түсуіне байланысты әлгі өзектің ені біразға барды, - деді Ахмедулла. Сол кезде «Казгипроводхоз» ғылыми-зерттеу­ институтының мамандары Қара­терең-Көкарал автожолының (бөгеттің) жобасын жасауға кіріскен еді. Үш жарым­  ай  жүріп зерттеген.

Сонымен не керек, жоба дайын болды­. Жоба бойынша бөгетке 2 млн 480 мың текше метр топырақ кетеді. Жолдың кеңдігі 10 метрге барады. Жұмыс екі кезеңде бітеді. Әуелгі кезеңде жолдың табаны (14 шақырым) бір жарым, екінші кезеңде үш метрге көтеріл­еді. Бірінші кезеңнің жұмысы 5,56 млн долларға бітеді. Бұл жұмыс 18 айда бітуі тиіс. Оның екі айы дайындық  жұмыстарына  кетеді.

Қағазда осылай. Ауызбен айтқанда оңай. Бірақ мұншама ұлы жұмысты батылы­ңыз жетіп бастап көріңіз. Тұра тұрыңыз, әзір басталмайды. Себебі, дайын тұрған доллар жоқ – бір, екінші Сырдария-Сарышығанақ жобасы сәтсіздікке ұшырап үлгірді. Енді Кіші теңіз жасамақшы болған көзсіз ерлер қорқып қалды. Осының өзі бос әуре­шілік емес пе? Қаратерең-Көкарал арасына түсетін бөгет су екпініне шыдас бере ала ма? Осындай толқу туды. Ақылдаса келгенде көзсіз ерлердің ойына ленин­градтық ғалымдардың жобасы оралды. Ғалым Аладин Арал проблемасымен 14 жыл айналысқан «әулие». Ол Англияның екі профессорын ертіп келген­.

Сол кезде ел ішінде күңкіл басталды. Сарышығанақтың ақшасын жеп кеткендер, енді Кіші Аралдың ақшасына ауыз салды, - деп. Қайдағы ақша? Кеңес Одағы кезінде құрылған «Аралды­ құтқару қоры» банкротқа ұшырап біткен-ді. Павлов деген дәу бүкіл елді «банкротқа ұшыратып» кеткен-ді. Көп ішінде кім жоқ, дастарқан басында ауыз­бен­ орақ оратын жалаңтөстер төбе көр­сетті. Әкімшілікке барып: маған көк тиынн­ың керегі жоқ. Бір трактор мен бір машина бер, адамдарыңды жек, ішетін арағын жіберіп тұрсаң болды, ар жағын өзіміз қатырамыз, - деп теп­сінгендерді де мына көз көрген. Өсек-аяң желдей  еседі, іс жылжып болар емес, қаңқу сөз көп. Әлгі тепсінген ақикөзге: – Қалай бөгейсіз? - дегенде: «Қаратөс» шыңының тұмсығындағы қиыршық тастарды шыңның сазымен араластырып бөгеймін. Цементтен бете­р қатып қалмаса, маған кел!» - деп екпіндеді. Ой-дөйт! - деген-ай, беті бүлк етсе не дейсіз. Кіші Аралды бөгеп, Айды аспанға бір-ақ шығармақ. Сөйтіп тарихта­ атын қалдырмақ. Кіші теңіз жасау жолында қаншама көзіқарақты ғалымдардың басын қатырып жүр­гендерімен  шаруасы  шамалы.

Қайран теңіз, кім көрінгеннің тәл­кегіне ұшырап, ермегіне айналдың-ау! Кім көрінгеннің тілінің ұшында бұлбұл ұштың-ау! Іс басында жүрген жігіттерге бәрінен де ілім-білімнен еш хабары жоқ надандардың ақыреті өтті. Аяғын басса,­ аузын ашса болды – өсекке таңады.

Біле-білгенге көзжұмбайлықпен ұрынуға кімнің тәуекелі жетеді? Кіші Арал – жұмбақ. Оны бүгін бөгедің, соңыр­а қалай болады? Еңбек қайтып, үміт  ақтала ма? Ені он метрлік бөгеттің биіктігін мүмкін 7-8 метрге дейін көтеру­ керек шығар. (Ондай да жоба бар көрінеді). Өйткені, суға сенім жоқ, оның күші алапат. Қарашаның қара суығы желтоқсанға ұласарда теңіз аңғарында күр пайда болып, сең қаптайды. Дауыл тұрса, бөгетті толқын соққылайды. Сондық­тан, жобада негізгі бөгеттің Кіші теңіз жағынан қорғаныш бөгеті соғыл­ады, - деп айтады. Екеуінің арасы 70 метрден бастап, кейбір жерлерінде 100-105-110 метрді алып жататын болады­. Негізгі  бөгеттің Кіші теңіз жағы түйеталы  болып келеді, бұл қатты соққан толқындардың екпінін қайтара алады.­ Ал негізгі бөгеттің ұлы теңіз жағынд­а табаны 50 метрлік, ені де сондай дренаж­ болады. Оған ыза су жиналады. Бұл – сақтық шаралары. Ал осынша­ма енапат жұмысқа көзжұм­байлық  жүре  ме?

Айтпақшы, Үкіметтен көмек бола ма деп тоса-тоса шыдам таусылғасын көз­жұмбайлыққа барып та көрген бұлар. 1992 жылғы бірінші бөгеу су Ақеспеге қарай жинала ма, жоқ па, байқап көру ыңғайында басталды. Ендеп кеткен өзекті сол жылдың қыркүйегінде бөгегеннен кейін су бір метрге дейін көте­рі­ліп, бөгет кенересін шіреп тұрды. Алақайла­ған бұлар Ақеспеге, Тастүбекке, Үшшоқының астына су деңгейін өлшейтін белгі орнатты. Оны бақылап, хабарлап тұруды «Көк теңіздің көк­жа­лы» атанғандардың бірі Ақеспенің атақты балықшысы Нарғали Демеуовке тапсырды. Көп ұзамай Нарекеңнен хабар­ келді. Ақеспеде құрғаққа шығып қалған­ кемелердің астына су жүгіріп, қозғалыс­қа түсті деген. Бірақ кейін су деңгейі сылқ түсіп, бөгеттен шегініп кетті.

– Қарашаның қарасуығында бір­неше адам Үшшоқыға қарай жүргені­мізде 17 шақырымнан кейін теңіз шалшығына  кезіктік, - деді Ахмедулла. Қатқа­н мұз үстіне шықтық. Ойып көр­генімізде судың деңгейі 20 сантиметрдей, ал кейбір шұңқырларында тереңірек екен. Жобаны жасаушылар қателеспеген, Арал қаласының аңғарына су келеті­ніне көзімізді жеткізді. Бөгеуді енді жоба бойынша жалғастыруға кірістік. 1993 жылы ақпан айының басын­да дарияның аяғында су көте­рі­ліп, теңіз табанына тез жайыла бастады­. Бөгетті биіктету наурызға дейін созылып келді де, тоқтап қалды. Себебі, құрылысшылар жолды (бөгетті) нау­рызға дейін салып үлгіруі керек еді, үш жарым­ шақырымдайын ғана салып үлгірді, қалғанына үлгіре алмады. Орып кеткен  су  өткел  бермеді.

– Мен бөгетке жиі қатынап тұрамын, кейде бөгет басында түнеп қалып та жүрдім. Жайылып кеткен судан техникаларымыз батпақтап, аралдап қалуға айналдық, - деді Ахмедулла. – Көкектің аяғында тікұшақпен барып көргенімізде­ бөгетіміз жайылма судың ортасында қалыпты. Жұмысты одан ары жалғас­тыруға қаржы көзі болмады. Облыстан да, республикадан да көмек бола қойма­ды. Сөйтіп, өзекті бірінші бөгеу өзінің эксперименттік міндетін атқарды. Кіші Аралды жасауға болатынына көзімізді жеткізді, су шаруашылығы министр­лігінің сенімі бекіді. Сол алғашқы қарқынмен бөгеттің де, Кіші теңіздің де ұлы жобасын жасаттырып, құнын есептетіп алдық, – деп Ахмедулла жоба схема­лары мен құжат қағаздарды алдымызға жайып тастады. – Айтпақшы, жобан­ы жасауға министр Н.Қыпшақ­баев пен ақын ағамыз Кәкімбек Салықов­тың  өлшеусіз  көмегі  болғанын жазыңызшы, жұрт  білсін...

Бір үміт пен бір күдік. Біз «Арал тағды­ры – адам тағдыры» деп газетте тынбай дабылдатып жүргенімізде, дария­ атырауындағылар апатпен арпалысумен болыпты. Әуелгі бөгеу «тегін» атқарылды деуге болады. Қызылордалық және аманөткелдік құрылысшылар еңбекақы алып та жарымапты. Енді мына көзсіз ерлер тағы да тәуекелге басып­ты. Қажетті қаржының есебі белгілі болғанымен көрініп тұрған көмбесі жоқ. Мына басталған жұмыс жалаң энтузиазммен қай жерге дейін барады? Бір үміт пен бір күдік...

– Сіздердің мына машақаттарыңыз, яғни Қаратерең мен Көкарал арасын екінші рет бөгеу кезекті бір асығыстық емес пе? - деп Ахмедулланы сұрақтың астына  алдым.

– Ағажан, асығу керек! Асықбасақ болмайды! - деп ол кабинетін кезіп кетті. – Бұрындары бүкіл теңіз үшке бөлініп қалады деуші едік. Енді, Кіші Аралдың өзі бөлініп барады. Санап берей­ін бе? - деп ол саусақтарын бүге бастады. –Үлкен Қаратүп пен Үш­шоқының арасы қосылды. Бір ме? Ақес­пе­ бағытындағы (Бутаков шығанағы) Тастүбек пен Домалақтың арасы қосылып та қалды. Арасында көлшік жатыр. Екі ме? Анау Сарыкөл жақтағы (Паскович шығанағы) Сарыбасат пен Көкарал ол қосылуға жақын. Үш пе? Шевченко шығанағы екіге бөлініп барады­. Бес пе? Ал улы шаң, ұшпа топыра­қ басып жабайы­ жерге айналған теңіздің атырабындағы ондаған қазан шұңқырлар өз алдына. Олардан сасық иіс аңқиды. Арал аймағының енапат топырағы жел тұрған сайын ентелеп барады­. Міне, осындай жағдайда әрекет­сіз қалай жайбарақ­ат  отыруға  болады?!­

Айтып тұрғаны қисынға келеді. «Кіші теңіз жасаймыз» деп айғайлауымыздың да, қабылданған қаулыларымыздың да, белгіленген шаралардың да есебі жоқ. Соның бірде-бірінен қайран болмағасын ел ішінде: «сол Кіші Аралдың керегі не, қаржыны босқа шашып» деген күңкілдің шыққанына да біраз болды. Бұл, әлбетте, әбден үміттене-үміттене, жоғарыға қарай-қарай өзегі талғандардың айтып жүргені. Осы қаңқу ойымда, Ахмедуллаға енді әдейі не дер екен деп қиянпұрыс сұрақ қойдым.

– Кіші Арал, Кіші Арал деп шулап жүрсіңдер. Сол кіші теңіз бізге не үшін керек болып тұр? Арал халқын ұшпаққа шығара ма?

– Керек! Керек! Ойбай-ау, теңіз табанын­ан миллиондаған тонна улы шаң ұшып жатқан жоқ па? - деді ол осыны­ шынымен айтып тұрсыз ба деген­дей таңырқап. – Бөгет орнықса құрғап қалған теңіз ұлтанын су басады. Ол тұзды ерітіп жібереді, шаң көтерілмейді, құм дауылына тосқауыл болады, фитомелиорацияға кететін шығындарды да 10-15 процентке кемітеді. Демек, аймақтың микроклиматы оңалады. Егер Кіші теңіз жасалатын болса, одан көлдерді есептемегенде жылына 4 мың тоннаға дейін балық аулаймыз. Қаратүп пен Көкарал аралығындағы жерлерде  2 мың басқа дейін түйе, мың қаралы жылқы­  өсіру  жоспарымызда  бар...

Мәссаға-а-н-н, қиялыңа болайын?! Жоспарлап та қойыпты бұлар. Сол күн алыс па, жақын ба?! Егер бөгет жоба бойын­ша толығымен бітсе, Ауан мен Ақбасты аралығындағы өзекпен су жүріп Кесаралға құлайды. (Ауан мен Ақбастыны бөліп тұратын терең өзекті жергілікті тұрғындар Кесарал дейтін). Жобада Кесаралға шлюз салу да қарастырылған, - деп айтады. Ол Кіші теңіз­ге түсетін суды реттеп отырады. Ондай атты күн туса, көршілес Қазалы ауданы жерінің де микроклиматы тынысын кеңге салар еді. Ай, арман-ай, арман! Мынау басталған іс қаржыдан тарыққанда тоқтап қалмас па екен. Бір үміт пен бір күдіктің толғағы әл-әзір басылар­  емес...

(Жалғасы бар.)

 


ӘНШІЛЕР “АТҚА” ҚОНДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
06.09.2019 11:05

Қыдекеңнің (әнші Қыдырәлі Болманов. - ред.) Қарақаты (әйелі. - ред.) қайбір жылы жалпақ жұртқа «күйеуі­ме тоқал сыйлаймын» деп жарияға жар салғаны бар. Қателеспесек, сол уақытта ел ішінде қоғамдық-саяси ахуал дүрлігіп тұрған тұс еді. Әлеуметтік желіні аңдыған ағайын бұл тақырыпты біршама уақыт талқылап тастаған. Қарақат Әбілдинаны даттағандар да, мақтағандар да болды. Кейіннен Қыдырәлі Болманов:

– Қарақаттың «күйеуіме тоқал сыйлаймын» дегені менің шарасыздықтан ойлап тапқан маркетингтік қадамым. Мен мұндайға бірінші рет барып отырмын. Тәуекел еттім. Өйткені маған сол кезде елімізде қызу талқыланып жатқан тақырыптан халықтың көңілін қалай да басқа нәрсеге аудару керек болды. Мен арнайы Астанадан (Нұр-Сұлтан) Алматыға ұшып келіп, осы туралы ағаларыммен, бауырларыммен, әріптестеріммен ақылдастым. Сол уақытта адамдар менен: «Алаңға шықсақ қалай болады?» деп сұрап жатты. Маған қиын болды. Қарақат ғана менің шарасыздықтан көзіме жас алғанымды көрді. Ұйықтай алмадым, - деп ағынан жарылып еді, жарықтық сол кезде.

Елімізде жоғары билік ауысқан тұста Қыдырәлі де қызметсіз қалған жоқ. Жер мәселесі ушыққан кезде көзіне жас алып, түнімен тыныштық көрмеген әнші күні кеше ғана ҚР мәденит және спорт министрінің кеңесші қызметіне тағайындалды. Шоу-бизнестің кедір-бұдырын бір кісідей білетін оның аталған орынға­ қаншалықты лайықты екендігі алдағы уақытта белгілі болмақ.

Ал  Қыдыкеңмен тетелес әнші Мейрамбек Бесбаев­ Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бұйрығымен мәдениет саласының штаттан тыс кеңесші­сі болды. Танымал әнші Instagram әлеуметтік желісінде «Алматы – өнердің қайнаған ордасы. Күрмеуі қиын, күрделі мәселелері көп мәдениет саласы­нда Сіздер үшін еңбек етуге барымды саламын» деп жазба қалдырыпты.

Жақында ғана бас қалада Елбасы Нұрсұлтан Назарб­аевтың төрағалығымен өткен партияның Саяси­ кеңесінің Бюро отырысында Nur Otan-ның партиялық тізімі бойынша ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты мандатын актер Нұрлан Әлімжановқа да табысталға­н  еді. Айта кетейік, Нұрлан Әлім­жанов Елбасы туралы алғашқы көркем фильмде Нұрсұлтан  Назарбаевтың  рөлін сомдаған болатын.

Осылайша әншісі бар, басқасы бар сахнадан саясатқа «секіріп» жатыр. Ал олар серпін бере ала ма?

 

Асан  ДӘУЛЕТ

 


СОТТЫ ҚҰРМЕТТЕМЕГЕНДЕРГЕ ЖАЗА БАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
06.09.2019 11:00

Қазақ билерін қашанда қадір тұтқан. «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол!» деген мақалдың өзі бидің қоғамдағы маңызын, орнын аңғартса керек. Өзі елшінің, судья мен прокурордың, қажет жерінде адвокат пен медиат­ордың қызметін қатар атқарған қазақ билер­інің шоқтығы әр­дайым биік. Бүгінгі судья­лар – сол  дала данала­рының қызметін жалғаушы, ізінен еруші. Тура төреліктің кепілі болған судьялардың беде­л­і, мемлекеттегі орны баяғы билерден бір мысқал да кем емес. Өйткені, судья сөзі әділдік сөзінің синонимі  іспеттес.

Қоғам ілгерілеген сайын­ судьяларға қойылатын талап та жоғарылап келеді. Бұл – құқық­тық мемлекетке, өрке­ниетті елге тән заңдылық. Өйт­кені, дамыған елдердің бәрі сотты «тірі заң» деп бағалайды. Біз­дің елде де солай. Ақ пен қараны тараз­ылап, әділ­діктің салтанат құруына себеп­ші  болатын судьяның өз жұмысын атқа­руына мүмкіндік бермей, сот процесінде тәртіп бұ­зып, ортақ міндетке бағынбайтындарға заңдық  тұр­ғыдан  арнайы  жауап­кер­шілік  көзделген.

Ең  қарапайым   мысал – сот отырысының өтеті­ні туралы хабарламаны алып, процеске себеп­сіз  келмеу. Бұл судья­ны ғана сыйламау емес, бүкіл құрылымның қызметін бағаламау. Өйткені, әрбір істе екі тарап пен судья қатыспайды. Даудың түп-төр­кінін біліп, тура төрелік айту үшін процесті ұйымдастыру да оңай емес. Бұл жұмысқа сот приставынан бастап, қаншама кеңсе маманы тер төгеді. Одан бөлек, процеске мемлекеттік айыптаушы, екі тараптың қорғаушысы да қатысады. Әділдік орнауы үшін куәгерлер­дің процеске келетініні де жауаптылықтың, сотты­ сыйлаудың көрінісі. Яғни, үкім бір судья еңбе­гінің жемісі емес, ол – ұжымдық  жұмыстың нә­тижесі. Осыны біле тұра сот процесіне себепсіз келмеу – жұмысты  тежеу деген сөз. Мұның артында сот жұмысын елемеу, судья қызметіне атүсті қарау секілді немкетті психология  жатыр.

Әрине, сот отырысына себепсіз  келмесе әңгі­ме басқа. Ал жоқтан өзге­ні сылтауратып жауап­тылықтан жалтарған­дардың  мәселесін жылы жауып­ қоюға болмайды.  Бұл сот процесіне қатысушыларда «сот шақыртуына келмеуге болады екен» деген қиыс ойдың қалыптасуына алып ке­леді­. Сонымен бірге, жазасыздық жаңа заң­бұзу­шылықтың жалғасуына себеп  болуы  мүмкін.

Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы кодекстің 653-бабында көрсетілгендей, сот процесіне қатысушылар сотқа­ дәлелді себепсіз келмеген жағдайда, сонымен қатар, сот отырысына төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбай, сотта белгіленген ішкі тәртіпті бұзып, процес­тің өтуіне кедергі келтірген кезде алдымен ес­керту жасалып, болмаса  20 айлық есептік көрсет­кіш мөлшерінде айып­пұл салынады немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге­ әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылады. Алайда ескертуден ес жиып, айыппұлдан сабақ алмайтындар да кездеседі. Осыған орай, аталмыш баптың екінші бөлі­гіне сай сотты сыйламау әрекетін қайталап жасағандарға жаза ауырлай түседі. Яғни, қателігін жыл ішінде қайталағандар 30 айлық есептік көрсеткіш  мөлшерінде айып­пұл төлеп не он тәулі­кке  дейінгі  мер­зімге  әкімшілік  қамаққа алынады.

Мұндай жауаптылық не үшін керек? Қазір тәжірибеден көріп отырғанымыздай азаматтардың ақылға салып сөз сөйлеуден гөрі, эмоция жетегімен кететін кезі көп. Тек өзінікін дұрыс дейтіндер сот отырысында да өзі ғана сөйлеп, бас­қа тарапқа көңіл бөлін­беуін қалайды. Ал, сот екі тарапты тең тыңдап, ақ пен қараны айыруы тиіс. Сондай сәтте  судьяның жұмысына кедергі жасап, кейде тіпті лайықсыз сөз сөйлейтіндерге тыйым салып, тәртіпке шақырмаса шектен шығуды тоқтат­у қиын. Қазақстан Республикасы Қылмыстық  кодексінің 410-бабына сәйкес, сот талқы­лауына қатысушыларды қорлап, балағаттап, сотты құрметтемегендерге 300 айлық есептік көр­сеткішке дейінгі мөл­шерде айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұ­мыс­тарына  тартылып, не   240 сағатқа дейінгі мер­зімге қоғамдық жұмысқа тарту көзделген. Бұл баптың  ең жоғары жазасы – 75 тәулікке дейінгі мер­зімге қамаққа алу. Ал, осы баптың екінші бөлі­гіне сай судьяны немесе алқабиді қорлаудан кө­рінген әрекет үшін тәртіп бұзушыға берілетін жаза да ауыр. Мұндай заң­бұзушылыққа барғандар 500 айлық есептік көр­сеткішке дейінгі мөл­шерде айыппұл арқалап не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 300 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 90 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланатыны бе­кіт­ілген.

Заң бар. Бірақ, осыны кейбір азаматтар түсін­бей, тәртіп бұзғандарын білмей жатады. Ал заңды білмеу – жауаптылықтан құтқармайды.

Бибайым  НАЛИБАЕВА,

Жаңақорған аудандық сотының кеңсе

меңгерушісі

 


БАЛЫҚТА БЕРЕКЕ БАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
06.09.2019 10:55

Осы күндері жергілікті балықшылар назардан тыс қалып жүрген жоқ. Облыс әкімінің қолдауымен  2015 жылдан бастап Арал ауданы, Қамбаш көлінің жағасында жыл сайын балықшылар слеті өтіп келеді. Слетте балықшылардың еңбегі еленіп, жұмысы насихатталып, өздері марапат биігінен көрінеді. Жалпы, балықшылар слеті – балықшылардың тойы. Демек, басшылық тарапынан қолдау бар да бұл кәсіптің әлі де дами түсетіні анық.

Жалпы, дүниежүзі бойынша балық шаруашылығымен айналысатын елдер қатарына Жапония, Қытай, АҚШ, Чили, Перу және Ресей кіреді. Біздің елімізде де бұл шаруашылықтың түрі жыл сайын өркендеп келеді. Балық шаруа­шылығымен айналы­сатын шаруалар бүгінде өз елді мекені­н балықпен қамтамасыз етіп ғана қоймай, Еуропа мемлекеттеріне де экспор­ттап жүр. Негізінен облыс­тағы балық шаруашылығымен айнал­ысатын ша­руа­лардың басым бөлігін солтү­стіктегі шеткі аудандар құрайды. Олармен қатар, өзге аудандарда да балық өсірумен айна­лысатын кәсіпкерлер саны күннен-күнге артып келе жатыр деп толық айта аламыз. Сол кәсіпкерлердің бірі – Шиелі ауданы, Нартай ауы­лының тұрғыны Сүйіндік Аманжолов. Қолда бар қаражатымен өз шаруашылығын бастаған  ол  бүгінде  кәсібінің нәсібін  көріп  отыр.

- 2007 жылы резервке көл беріледі дегенді бұқараларық ақпарат құралдарынан естіген соң, конкурсқа қатысып, бағымды сынайын деп шеш­тім. Асығым алшысынан тү­сіп, сол конкурста екі бірдей көлге ие болдым. Олар – Нартай ауылының жанында ор­наласқан көлемі 15 гектар «Қарақұм» мен жер аумағы 70 гектар болатын «Домалақ» көлі. Өткен жылдан бастап «Домалақ» көлінің бір бөлігін демалыс орнына айналдырып, халық игілігіне жаратып отырмын, - дейді балықшы.

Сүйіндік ақсақал – жетпістің желкенін тартқан жан.  Зейнет  жасына  жет­кенге дейін ауылдағы №156 Н.Бекеж­анов атындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қызметін атқарған. Кейін қолы босағанда өзгеге алақан жаюды жат көрген қария балалары мен немерелерімен бірге балық  кәсібін бастаған. Біраз жасқа келсе де кәсіпкері­міз­дің аяқ-қолы жылдам, ісіне мығым екенін байқау қиын емес. Қазіргі таңда шаруашылығында сазан,­ жылан­балық, шортан, лақа, мөңке, алабұға,  табан,  тұқы, ақ амур,  т.б. балықтың 18 түрін өсіруде.­

«Ауыл шаруашылығында балық аулау жаныма жақын болған соң, осы кәсіп түрін таңдаған болатынмын. Кез келген істің нағыз маманы атану үшін әрине, біліміңді дамыту қажет. Сол үшін де бұл істі бастар алдында семинар-тренингтерге қатыстым» деген кәсіпкердің сөзіне қарап отырып оқудың ерте не кеші болмайтынын тағы бір есімізге  алдық.

С.Аманжолов қазіргі таңда­ балық шаруашылығын отбасылық кәсіпке айнал­дырған. Бұл – өзін ғана емес, балалары мен немерелерін де еңбекке баулу. Өйткені, кәсіпкер балық шаруашылығы  туралы Балқашта өте­тін семинар-тренинг­терге оқыту үшін оларды арнайы жіберіп тұрады  екен.

- Мен 2014 жылы тағы да конкурсқа қатысып, Жаңа­қорған ауданындағы Төмен­арық елді мекеніне қарасты көлемі 70 гектар болатын «Қалғандария-3» көлін ұтып алдым. Қазіргі кезде кәсібімді кеңейткелі балықтарымды нарыққа шығарып жатырмын. Бізге балық аулауға қыркүй­ек, қазан айлары өте оңтайлы. Себебі, осы айларда балықтар көп салмақ қосады. Сондықтан, біз аталған екі айда жаппай балық аулауға шығамыз, - дейді кәсіптің көзін тапқан Сүйіндік ақсақа­л.

Осылайша, балық шаруашылығына нықтап кіріскен отбасының кәсібі көрсе көз қызығарлықтай деңгейге жеткен. Біз сөз етіп отқан шаруа қожалығының иелері биылғы маусымда шабақтар санын 1,5 млн-ға жеткізген. Қазіргі таңда шаруашылық Шиелі ауданының тұрғын­дарын  балықп­ен қамтамасыз етіп отыр. Тағы айта кететін жайт, тынымсыз еңбегі мен талпынысының арқасында арнайы бөлінген қайтарымсыз гранттың иегері атанған. Бүгінде оның шаруашылығы қажетті деген барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тіпті, балық тасымалдауға арналған көлігі де бар. Кәсіп иесі алдағы уақытта тек балық өсірумен ғана тоқталып  қалмай, оны өнді­руді де көздеп отыр.

Кәсібінің нәсібін көріп жүрген  кейіпкерімізге  қа­рап, кәсіптің қай түрімен де айналысамын десеңіз де, ең алдымен білім мен қабілет, ынта керек екенін түсіндік. Жаныңа жақын келетін іспен айналыссаң, жұмыс та оңай болары анық. Ең дұрыс таңдалған  жұмыс – адамға рақат сыйлайтын әрі ақысы төленген жұмыс. Балықшы бұл жолда қателеспегенге ұқсайды. Қалай десек те, Сүйіндік Аманжолов – болашақ жас кәсіпкерлерге үлгі боларлық жан.

Р.СӘРСЕНҰЛЫ

 


ЖЫНЫСЫНАН ЖЕРІНГЕНДЕР PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
06.09.2019 10:50

Кесел келді. Қазақстанға. 2017 жылы наурыз айында kok.team дейтін сайт іске қосылды. Сайттың бастапқы бетінде «Kok.team – бұл жаңадан пайда болған қазақстандық портал. Оның мақсаты – ЛГБТ қоғамдастығын құру» делінген. ЛГБТ ұғымын түсінбей отырған­ жандар үшін айта кетейік, уикипедия ашық энциклопедиясында «гомосексуалдылық – бұл бірдей биологиялық жыныс немесе гендер иегерлерінің бір-біріне деген романтикалық, сексуалд­ы құштарлығы және сол құштарлықтан пайда болатын сексуалды мінез-құлық. Сексуалды бағыттанудың бір түрі ретінде,­ гомосексуалдылық өзімен бірдей жынысты адамдарға бағытталған­ «тұрақты эмоциялық, романтикалық және/немесе сексуалды құштарлық үрдісі» деп анықтама беріпті. Қазақша айтқанда, еркек­ пен еркек, әйел мен әйел, яки жынысын жатсынған жандардың жақындасуы ғой бұл. Ессіздік емей немене?

Әлгі сайтты ақтарып шықтық. Шыны керек, жүрегіміз шайлығып, шошып қалдық. Өйтпегенде ше? Онда жарық көрген мате­риалдар әжептәуір қаралым жинайды екен. Буыны бекімеген жастарды­ң санасы уланбасына кім кепіл? Әрине, бұған кепілдік жоқ. Тиісінше, ЛГБТ-ға мүше болуға ниетті жастардың саны артпаса­, кемімейтіні  түсінікті.

Соңғы жылдары ЛГБТ өкілдері билікке базынасын, мұң-мұқтаждарын айтуға кірісті. Еліміздің мәдени астанасы Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында гей-парад өткізуге өтініш жасап жүр. Алайда билік бұған рұқсат бермепті.

– Адамның шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына,­ жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, сеніміне­, тұрғылықты жеріне және өзге жағдайларына қарамастан адамның және азамат­тың ар-намысы мен қадір-қасиетіне сыйламауға қақы жоқ. Билік өкілдері біздің митингті өткізуге бас тартуға еш негізі жоқ, - дейді  ЛГБТ мүшесі  Айдар  Елкеев.

ЛГБТ мүшелерінің көбісі қоғамға наразы көрінеді. Яки, өмірден өз орнын­ таба алмаған жандар. Мұны сарапшылар айтып отыр.

Бұл аз десеңіз, соңғы уақытта бетіне бес батпан бояу жағып алатын бөріктілерді  де  байқадық. Қазақылықтың  қаймағы  бұзылмаған Сыр өңірін­де де «сылқым жігіттердің» қатары қалыңдапты. Психологтар «мұндай жігіттердің көпшілігі ер-азаматы жоқ отбасыдан шығады» дейді. Әйел адамның­ тәрбиесін көрген соң гормониялық белсенділігі бұрымдыларға ұқсас болып кетеді екен. Мұның арғы жағында тағы да кезекті түйткілдің жатқаны түсінікті...

 

Асан   ДӘУЛЕТ

 


БҮГІНГІ ЖІГІТТЕР МЫРЗА МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Ой-талқы
06.09.2019 10:45

Ерте кезден-ақ қазақ ерлері мырзалық танытудан алдына жан салмаған. Қазақ – жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Ер-азаматтар елдің қамын, халқының жанын, қарындасының арын ойлаған, әрдайым ұрпағының болашағы үшін алаңдаған. Қазақ ері жері мен елі үшін қасық қаны қалғанша жанын беруге дайын болған. Оған елі үшін қолына найза алған Бөгенбай мен Қабанбайдай батырларымыз, келер ұрпағына өмірлік мол азық беруді мақсат тұтқан Абай мен Ыбырайдай ғұламаларымыз, майдан даласында елі үшін кеудесін оққа тосқан Бауыржан Момышұлы мен Талғат Бигелдинов секілді батыр бабаларымызды мысалға алуға болады. Міне, осындай тектілердің ұрпағы қазіргі таңда қаншалықты мырзалық танытып жүр?

Сағат тықылы тоқтамастан алға жылжып жатыр, адамдар да ілгері адымдап келеді. Алайда уақыт қаншалықты адамның адамдығын сақтап қалды? Бүгінде елдің қамын жеп жүрген азаматтарымыз аз емес. Бірақ, жайқалып өскен қызғалдақтың ішінен арамшөп те табылатындай, адамдығын ұмытқан азаматтарымыздың бары рас. Ер атына кір келтіріп жүрген «еркектердің» бары рас. ащы болса да шындық. Өзі таңдап алған өмірлік жары мен жанына жақын балаларын тастап кетіп жатқан бөріктілерді де білеміз. Енді бірі әйелінің сөзінен шыға алмай ата-анасын қарттар үйіне тастап кетіп жатады. Осындай жандардың кесірінен елімізде балалар мен қарттар үйін мекендеген жандар саны артты. Өзінің жан қайғысын ойлап, елін сатып кеткен опасыздар да бар. Елi үшін еңбек етіп жүріп қара халықтың мыңдаған ақшасын жымқырып жүрген шенеуніктер мен бастықсымақтар «мырза» атына кір келтіріп жүр.

Заман өзгерген сайын адамдардың арақатынасы да өзгеруде. Бұл күндері ер адам қоғамдық көлікте орын беріп жатса, жетімін бауырына басса немесе біреуге қол ұшын созса, халықтың ықыласына бөлінеді, жұрт таңдай қаға тамсанып жатады. Бірақ, бұл істің барлығы әр ердің мырзалық міндеті емес пе?! Кезінде қазақтың әр ерінің мұндай ісі қарапайым тірлігі ретінде есептелген. Ешқашан қазақ ері қаны бір бауырын далада тастамаған, таңдап алған жан-жарына  жолдасына ауыр сөз айтып, қол үшін көтермеген. Қазіргі таңда шағын отанындағы билігін қолда ұстап қалу немесе шаңырағын шайқалтпас үшін отағасы әйеліне қол көтеріп жүр. Соның  кесірінен  ойраны шығып, періштедей  талай  отбасының  сәбилері тірі жетім  болып  жатады. Бірақ  есті еркек мұндайға  ешқашан  бармайды.

Әрине, бес саусақ бірдей емес. Арамызда мәрттік танытып жүрген нағыз «мырзалар» бар. Ол азаматтарымыз өмірдің соқпақ жолына түскен жандарға қол ұшын созып, қолда барын беруге дайын жүреді. «Кең болсаң, кем болмайсың» демекші, жомарттық танытып жүрген жандар бары көңілге жылылық ұялатады. Бүгінде көптеген жандар қайырымдылық іспен айналысып жүр. Ең азы көшеден тиын сұрағандарға көмек беріп, тіпті миллиондаған «көк қағазды» мұқтаж жандарға қайырымдылық ретінде көптеп аударып мырзалық танытады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, белгілі футболшы Криштиану Роналду өз атақ-мансабын игі іске жұмсап жүргені жаңалық емес. Ол жыл сайын миллиардтаған ақшаны науқас  балалардың еміне, қиыншылықта өмір сүріп жатқан халық пен өзі туған ауылының игілігіне  аударып, мырзалық танытуда.

Біздің қандастарымыз да қайырымдылықтан қалыс қалып жүрген жоқ. Грек-рим күресінен тұңғыш олимпиада чемпионы атанған Жақсылық Үшкемпіров жағдайы төмен 38 отбасыға үй, ауылдың 100 бүлдіршініне балабақша мен саламатты өмір салтын ұстануға бел буған 300 жасөспірімге арналған күрес залын ашып берген екен. Тіпті жақында Арыс қаласында болған оқыс оқиғадан соң халқымыз бірауыздан жұмыла еліміздің түкпір-түкпірінен зардап шегушілерге көмек беріп, мырзалық танытқан болатын. Бұл мыңдаған мысалдардың бірері ғана. Қазіргі күні түрлі әлеуметтік желілер мен қорлар арқылы жомарттық танытып, қол ұшын созып жүрген жандар қатары күннен-күнге артып келе жатқаны көңіл қуантады.

Мырзалықты тек қайырымдылық арқылы ғана емес, түрліше суреттеуге болады. Мысалы, елі мен халқы үшін еңбек етіп жүрген ерлеріміз бар. Болашақ ұрпағын білімді ету мақсатында бар білгенін үйретіп жүрген ұстаздарды да мәрт жандардың қатарына жатқызуға болады. Елдің болашағына қатты алаңдайтын кейбір билік өкілдерін де солардың қатарына қоссақ, әбестік емес. Олар күндіз-түні елі мен жері үшін аянбай  еңбек  етуде.

Яғни, қазіргі таңда аз да болса мырза жігіттер бары қуанарлық жайт. Ендігі бұл әрекеттерді «ұлы істер» қатарынан шығарып, күнделікті үйреншікті ұстанымға айналдырсақ, арамызда мырзалар саны өспек. Өз кезегінде ерлер бұл арқылы ел ішінде беделге ие болатыны сөзсіз. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, мырза жандарымыз  ел  назарында жүрсе, игі іс. Сондықтан, қолдан келгенше кеңшілігімізді білдіріп, мырзалық  танытып жүрейік!

 

Аслан  НҰРАЗҒАЛИЕВ

 


ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ – ҚЫСТЫҢ ҚАМЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
06.09.2019 10:30

Аймақтың газдандыру, ауызсу, жылумен және электрмен қамту бағытындағы жұмыстарына облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жауапты. Өткен аптада аталмыш басқарма жартыжылдық жұмысын қорытындылады.


АУДАН   ТҰРҒЫНДАРЫ  КҮЛ  ШЫҒАРЫП, ОТ  ЖАҚПАЙДЫ

Елбасының тапсырмасымен бас­талған ірі стратегиялық маңызы бар жоба саналатын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбыры Қызылорда облысы мен оған қарасты аудандарға коммуналдық қиындық­тардан құтылуға зор мүмкіндік берді. Өйткені  облыс  аумағынан  өтетін  846 шақырымдық газ құбыры аймақты түгелдей газдандыруға жол ашты. Бұл жоба аясында Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудан орталықтарын, Байқоңыр қаласына газ желісі тартылды. Бүгінде кент орталықтарынан бөлек ауылдық елді мекендерді де автоматтандырылған газ тарату станциясына қосу жұмыстары жүргізілуде. Қазір аудандар мен ауылдық елді мекендерді газдандыру жұмысы қарқын алып тұр. Осы бағытта 6 жобаны іске асыру үшін ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 4,2 млрд теңге бөлінген. Оның 1,2 млрд теңгесі 2 өтпелі құрылыс нысан­ына жұмсалса, қалған 3 млрд теңгесі Жосалы, Тереңөзек, Жақсықылыш кенттері мен Жалағаш ауданын газдандыру жұмыстарына жұмсалады.

- Жыл басынан бері Сырдарияның сол жағалауына газ тарату желілері аяқталып, пайдалануға берілді. Ал Тере­ңөзек кентінде автоматтандырыл­ған газ тарату станциясын орнатумен қоса «Бейнеу – Шымкент» магистралды газ құбырынан бұрма газ құбырының құрылысы» жобасы бойынша құрылыс жұмыстары аяқталып, «Бейнеу – Шымкент» магистралды газ құбырының жоспарлы тоқтатылуына байланысты іске қосу жұмысының уақыты өзгертілді. Шілде айында 3  аудан  орталығының және Жақсықылыш кентінде мердігерлер жұмыстарын бастады. Қазіргі күні облысты газбен қамту үлесі 64 пайыз болса, келер­  жылы  70 пайызға жеткізу күтілуде, - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

 

ЖАҢҒЫРТУ   ЖҰМЫСТАРЫ  ЖАЛҒАСАДЫ

Бұған дейінгі 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» салалық бағдарламасы шеңберінде облыс көлемінде едәуір­ жұмыс тындырылды. Дәл осы бағдарламаның игілігін көргендердің басым көпшілігі – аудандар мен ауылдық елді мекен тұрғындары. 2015 жылдан бері «Нұрлы жол» бағдарламасы іске қосылып, тозығы жеткен су желілерін жаңғырту бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Қазірдің өзінде қала көлеміндегі ауызсу жүйесінің 80 па­йыз­ға жуығы қайта ауыстырылса, кәріз­су жүйесінің 50 пайыздан астамы қайта жаңғыртылуда. Өткен жылы аталмыш бағдарлама бойынша 13 нысанның қайта жөндеу жұмыстарына 1584,1 млн теңге бөлініп, 10,5 шақырым ауызсу жүйесі, 7 шақырым кәрізсу жүйесі ауыстырылды. Бұл жобаның шарапатын тек облыс орталығы ғана емес, аудан халқы да көруде. Мәселен, осы кезде атқарылып жатқан жұмыстардың қатарында Жаңақорған кентін ауыз­сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту жобасы іске қосулы. Ағымдағы жылы жобаға бөлінген 1,6 млрд теңгенің  1,4 млрд теңгесі толығымен игерілді. Жалпы құны 3960 млн теңгені құрайтын құрылыс барысында 193 шақырым су желілерін жаңарту және кеңейту жұмыстары жүргізілмекші. Ал «Өңір­лерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша аймақта 24 жобаны іске асы­руғ­а 5 млрд теңге бөлінді. 2018 жылдан өтпелі жобаларды қосқанда биыл барлығы 12 құрылыс аяқталды. Нәтижесінде Сексеуіл кенті мен Түктібаев, Жаңадария, Мақпалкөл, Аққыр, Досан­, Қарауылтөбе, Наурыз 1, Сабалақ, Мұнайшы су қоймасы, Есенов елді мекендеріндегі 289 шақырым ауызсу мен 2,5 шақырым кәріз желілері жаңар­тылды. Қалған 12-сі келер жылдың  еншісіне  қалды.

Коммуналдық саланың жұмысы жыл сайын жанданып, жаңартылып отырады. Әсіресе, жылу маусымы басталғанда тұрғындар тарапынан көп­теген өтініштер түсіп, бұл саланың «қазаны» қайнайды. Бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында­ Шиелі кентіндегі 7 мектеп пен «Арман» мәдениет үйінің бу қазандық­тарына жаңғырту жұмыстары жүргізі­ліп, пайдалануға берілді. Одан өзге Арал қаласындағы 2 мектептің бу қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы секілді 7 жоба негізін­де 13 әлеуметтік нысанды газға бейімдеу мақсатында конкурс құжаттамалары әзірленуде. Сонымен қатар Қызыл­орда қаласындағы ҚЖЭО МКК-ның «Белкөл» қазандығын қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен 183,9 млн теңге  қаражат  қарастырылды.

Естеріңізге сала кетейік, 2011-2015 жылдары тұрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаржын­ың қайтарымы 59,1 пайызды еңсерген. Шаһардағы көппәтерлі тұрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстар­ы  осындай  қайтарым қаражат  есебі­нен  жүргізілуде. Өздеріңізге белгілі, аймақтағы  кейбір  көп­қабатты тұрғын  үйлердің  жалпы  ахуалы  көңіл көншіт­пейді. Апатты жағдайдағы және жөн­деуді қажет ететін тұрғын  үй­лер  үшін 2011-2020  жыл­дарға  арнал­ған көпқабатты тұр­ғын үйлерді қайта жаңғырт­уға арналған бағдар­ламаның жоспары ауқымды. Қазір бұл бағ­дарлама  жұмысы  тоқтап  тұр. Бүгіннің өзінде айрықша көңіл бөлуді қажет етіп тұрған 621 көпқабатты  тұрғын үй бар. Жыл соңына дейін қайтарымды  қаражат  есебінен Қызыл­орда  қала­сындағы 3, Арал  ауданындағы  6 көп­қабатты  тұрғын  үйге  күрде­лі  жөндеу жұмыстары  жүргізіледі  деп  күтілуде.

 

ҚЫСҚЫ   МАУСЫМҒА  ДАЙЫНБЫЗ

Басқарма тарапынан электр энергетикасымен қамту бағытында да бір­қатар жұмыстар жасалуда. «Сырдария өзенінің сол жақ жағалауын электрмен қамтудың І кезеңі» жобасы бойынша республикалық бюджеттен 308,7 млн теңге қарастырылды. Бүгінде жоба толығ­ымен аяқталды. Ал Жосалы кентін­дегі  220/35/10 кВт қосалқы стансас­ын жаңғырту жұмыстары «Өңір­лерді дамыту – 2020» мемлекеттік бағдар­ла­масы шеңберінде жүргізілуде. Ол үшін республикалық бюджеттен 610,4 млн, облыстық бюджетте­н 16,9 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті  жұмыстар тамыз айында­  тамамдалды. Сонымен қатар «Электрмен жабдықтау «Жылыжай кешенін­ің құрылысы» – 2,157 га Қызыл­ордаға Испанияның техноло­гиялық  жабдықтары  тікелей қадаға­лауымен  құрылуы» жобасы бойынша ағымда­ғы  жылы  облыстық  бюджеттен 70 млн теңге бөлінді. Бүгінгі күнге құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасу­да. Қызылорда облысы Жала­ғаш­  ауданы Аққыр, Аққұм, Жаңадария елді мекендерінің 10/0,4 кВт электр желілерін дамыту мақсатында облыстық бюджеттен 300,0 млн теңге бөлі­ніп, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде мердігерлер анықталды. Қазіргі таңда қажетті құрал-жабдықтар сатып алынуда. Және Мәдениет, Бұқарбай, Жаңаталап елді мекендері­нің электр желілерін жаңғырту­ға қосымша 290 млн теңге бөлуді облыстық бюджетке сұратып отыр. Сонымен қатар, 7 жобаның құжаты  әзірленуде.

- Жыл басынан бастап коммуналдық мекемелердің инвестициялық бағдарламалар көлемінің азаюына және «Қызылорда жылу электр орталығы» энергия өндіруші кәсіпорын үшін газ бағасының 12 пайызға төмендеуіне байланысты бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, жылу энергиясының орташа тарифы 4,2, электр энергиясымен жабдықтау қызметі 4,4, сумен  жабдықтау қызметі 22,6 және су бұру қызметі 11,4 пайызға төмендетілді. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тұрғындар үшін газдың бағасын 1,3 пайызға және «Энергосервис» ЖШС электр энергиясымен жаб­дық­тау қызметінің тарифін 0,32 пайызға арзандатты, - деді басқарма басшысының орынбасары Е.Ералыұлы.

Облыста сумен қамту жөніндегі бірыңғай операторды құру 2012 жылы басталды. Атап айтқанда, республи­када  алғашқылардың  бірі  болып  2017 жылдың 1 маусымынан бастап филиал негізінде сумен қамту және суды бұру жөніндегі бірыңғай операторы жұмысын бастады. Орталықтандырылған ауызсуға халықтың 95 пайы­зы қосылып, республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіштердің біріне қол жеткізілді. Бірыңғай операторды құру суды соңғы тұтынушыға жіберу бойынша­ қызметтерді тиімді, сапалы әрі жүйелі өткізуге,­ құрылғыларды пайдалану және жөндеу жұмыстарын өз күшімен жүзеге­ асыруға мүмкіндік бергені рас. Мәселен, 2011-2017 жылдар аралығында бюджеттен 40 млрд теңгеден астам қаржы тартылып, нәтижесінде 2,5 мың шақырымға жуық ауылішілік және сер­вист­ік жүйелер жаңартылды, 8,5 мыңнан астам су өлшегіш құралдары орнатыл­ды. Бүгін­гі күні облыстағы 265 ауылдық елді  мекеннің 199-ы неме­се 76,5 пайы­зы орталықтанды­рылған  ауызсу  жүйесіне­  қосылған.  Бұл – халықтың  97 пайызы.­

Алдағы қыс мезгіліне дайындық барысы­ туралы мәлімдеген басқарма  өкілі  халықты  көмірмен  қамту бағы­тында 31 мың тонна көмір әкелінгенін айтты. Негізі қыстан шығу үшін 186 мың тонна қатты отын қажет деп топшылан­ған. Ауа райы салқындағанда ғана отын-көмір алуға кірісетін халық осы кезде қордағы көмірден сатып алса болады. Айта кетейік, 1185 әлеуметтік нысанды жылумен қамтитын 640 қазандық бар. Әзірге қорда 4,6 мың тонна мазут сақтау­лы.

 

Н.ҚАЗИ

 


ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
06.09.2019 10:25

Облыс әкімінің өкімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Қармақшы аудандық мәслихатының келісімдері бойынша Қармақшы ауданының әкімі лауазымына Қалдарбеков Мұса Оспанұлы тағайындалды.

М.Қалдарбеков 1972 жылы туған. Алматы технологиялық институты мен Алматы технология және бизнес университетін бітірген.

Еңбек жолын Кентау қаласындағы тігін фабрикасының жұмысшысы ретінде бастаған.

1991-1997 жылдары – Жаңақорған өндірістік комбинатының жұмысшысы, «Кереге» кіші мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары.

1997-2011 жылдары Алматы қаласының салық органдарында жауапты басшылық қызметтер атқарған.

2011-2019 жылдары – Батыс Қазақстан облысы бойынша салық департаменті бастығының орынбасары, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары.

2019 жылдың мамыр айынан бастап осы кезге дейін Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді.

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қыркүйек 2019 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары