Өзекті мәселелер

  • 12.09.19

    Қасымды түлен түртті. Түрткенде тіпті шектен шықты. Соңғы уақытта ащы суға үйір болды­. Таң алекеуімнен оразасын ішімдікпен ашады. Ішке түскен қызу миында қордаланған уайымын ұмыттырады. Зіл-батпан денесін жеңілдетеді. Отбасымды асыраймын, жеткіземін деп істемеген жұмысы  жоқ. Базарда арба да сүйреді. Жүк түсіруші де болды. Шеберхана ашып, аяқ киім де тікті. Жалданып жұмыс та істеді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Қалалық А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған Қызылорда қаласының идеологиялық активі мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының саяси кеңе­сінің бірлескен отырысында басым бағыттар сараланды. Жиынды қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, жүргізді.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Алғашқы 8 айдың қорытындысы бойынша қала қазынасына 12 452,6 млн теңге түсім түсіп, жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, салық саласында  түйткілдер тым көп. Мәселен, қала  көлеміндегі 13 базарда 1342 орын, 8 ірі сауда үйінде 915 орын жалға берілген. Базарл­ар мен сауда үйлерінде сауда жерлерін жалға алып, кәсіппен айнал­ысып жүрген азаматтар табыстарын төмендетіп көрсеткен. Бұл жөнінде Қы­зы...

    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов осыған дейін өңірдегі алты ауданға ат басын бұрып, ауылдарын аралап қайтқаны бар. Сонау солтүстіктегі Арал мен оңтүстіктегі Жаңақорғанға дейін түгел шарлап шықты. Бірақ Ғанибек Қазантаев басқаратын облыс орталығының іргесіндегі Сырдария ауданына табан тіреген жоқ.

    ...
    Толығырақ...
  • 12.09.19

    Айжарық  СӘДІБЕКҰЛЫ

    СЕН   ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ,   АРАЛ!

    Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырм­асыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табал­ды­рығынан тәуелсізді...

    Толығырақ...
Қыркүйек 2019

240 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
06.09.2019 10:15

ДЕПОЗИТ –  БАСПАНА   КЕПІЛДІГІ

Әлеуметтік мәселенің бастысы – баспана мәселесін шешуд­ің түрлі бағыттары қа­растырылуда. Тіпті, арнайы бағдар­ламалар тетігі де жеткі­лікті. Мәселен, «Нұрлы жер» – көппәтерлі үйлер құрылысы мен жеке тұрғын үй құрылысын дамыту аясында халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарлама. Бұл бағдарлама аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларына қойылатын талап та көп емес, тек тұрғын үй бағасының 20 пайызын депозитте жинау керек. Содан кейін баспананы жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен сатып алу мақсатында жеңілдетілген несие ұсынылады. Бұл ретте салымшылар арасында «Нұрлы жер» бағдарламасы ар­қы­лы баспаналы болу үшін не істеу керек?» деген заңды сауал қойылады. Жауап қандай?

Сала  мамандарының айтуынша, кез келген жеке тұлға банкке нарықтан бастап­қы тұрғын үй сатып алу үшін же­ңілдетілген  несие алу  үшін ипотекалық қарыз алуға құжаттарды және субсидия алуға өтініш беру тиіс. Ішкі құжаттарымен белгіленген процедураларға сәйкес банк төлем қабілет­тілікті және ұсынған кепілдікті бағалайды. Ипотекалық қарыз беру туралы оңтайлы шешім қабылданған жағдайда банк 3 жұ­мыс күні ішінде Қазақстан ипоте­ка­лық компаниясына субсидия беру туралы қолдаухат жолдайды. Ипотекалық компания 5 жұмыс күні ішінде құжаттардың бағдарламаның талаптарына сәйкестігін  тексере­ді және субсидиялау туралы шешім қа­былдайды. Шыға­рылған шешімнің негізінде банк қарыз алушымен банктік қарызы, төлеу кестесін, ипотекалық келісімін жасасады. Жеке құрылыс салушылардың субсидияланған несие алу арқыл­ы  салынған тұрғын үйден пәтер алу үшін жеке тұлға Қазақстанның «тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салым­шысы ретінде депозит ашып, қаражат жинап, белгіленген бағамен баспана сатып ала алады. Тағы бір нұсқасы, өз қаражаты есебінен нарықтық бағамен сатып алу мүмкіндігі бар. Ал жергілікті әкімдік салған несиелік тұрғын үйлерге ие болу үшін баспанаға мұқтаж адамдар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы болуы немесе әкімдіктердің есебіне кезекке тұрып, сонымен қоса банкте депозит ашуы тиіс. Бұл ретте олар ҚР азаматтығына немесе оралман ста­тусына ие болуы, төлем қабі­лет­тілігін растауы және иелі­гінде  жылжымайтын мүліктің болмауы негізгі шарттардың қатарында.­

 

СОЛ   ЖАҒАЛАУДАҒЫ ҮЙЛЕРДІҢ  ҚҰНЫ ҚАНША?

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы бағдарламаға қатысудың үш жолы бар. Бірі – жекеменшік құрылыс компаниялары салған көппәтерлі үйден баспана алу, екіншісі – жергілікті атқарушы органдар арқылы сатылатын нысан­дардан пәтер алу, үшіншісі – әкімдік арқылы кезек бойынша берілген жер теліміндегі жекем­еншік жер үй сатып алу. Банк салымшылары аталмыш бағдарламаға белсенді түрде қатысып, baspana.kz порталына арқылы ұнаған нысан мен пәтерді таңдап, өтініш беруі қажет. Құжаттар тек 2019 жылдың 11 қыркүйегіне дейін қабылданады. Осы ретте «Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда облысы бо­йынша­ филиалы қаланың сол жағалауындағы еңселі үйлерді салымшыларға таныстыру мақсат­ында арнайы баспасөз турын  ұйымдастырды.

- Банктің негізгі мақсаты – өз салымшыларын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Бұл – біздің үнемі әрі тұрақты жұмысымыз. Және бұл жұмыс­тарға жергілікті әкімдік қызметкерлері мен құрылыс компаниялары өкілдері де көмек көрсетуде. Нәтижесінде банк өзінің салымшыларына шаршы метрі 140 мың теңгені құрайтын 240 пәтерді ұсынуда. Өздеріңіз білетіндей, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қаладан да көрікті көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде, - деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиал директорының мінде­тін атқарушы Ілияс Жұрынов салымшылармен кездесуінде.

Сол жағалаудағы тұрғын үй кешендерінің барлығы да тиянақты, еңселі етіп салынған. Баспана құны жинаған ақшаңыз болса, басқатырарлық қымбат емес. Мәселен, аумағы 57 шаршы метрді құрайтын  2 бөлмелі пәтердің құны 7 млн 980 мың теңгені құрайды. Оның бастапқы 20 пайыздық жарнасы – 1 млн 596 мың теңге,­ ал 8 жылға ай сайын 44422 теңгеден, қалған 11 жылында 36708 теңгеден төленеді. Егер бұл пәтерді отбасыңызға лайық көрмесеңіз, кө­лемі 67 шаршы метрді құрайтын 3 бөлмелі пәтердің1 млн 876 мың теңге жарнасын жинақтасаңыз жеткілікті. Ол кезде 8 жыл бойы 52 мың теңгеден, одан кейін 43125 теңгеден пәтер құнын төлеп оты­расыз.

 

БАСПАНА  БАЛЫ  ҚАЛАЙ ЕСЕПТЕЛЕДІ?

2017-2031 жылдар аралығын қамтитын «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында рес­публика  бойынша 15 жылда 1,5 млн қазақстандық отбасы жаңа пәтер иесі атанады деп жоспарланған. Бағдарламасының басты ерекшелігі де сол, халықты тұрғын үймен қамту жұмыстарының тиімділігін жан-жақты арттырған. Соның бірі – екінші деңгейлі банктерді субсидиялау арқылы ипотека­лық несиелеуді қолдау. Екінші деңгейлі банктер бұған дейін ең көбі жылдық 17% үстемемен несиелендірсе, алдағы   7 жылда мұның 7%-ын мемлекет өз мойнына алуы мүмкін. Сонда ипотека алушы 10%-дық сыйақы мөлшерін ғана төлей­тін болады. «Нұрлы жер» бағдарламасы  аясында  салымшыларға берілетін тұрғын үйлер­дің шаршы метрі Алматы мен Нұр-Сұлтан  қалаларынан өзге өңірлерде 140 мың теңгеге арзандатылды. Қазіргі таңда нарық­тағы пәтердің бір шаршы метрі 260-280 мың теңгеге бағаланып отыр. Бағдарлама бірнеше бағытты қамтиды, жинақ ақшасы бойынша несие­лік баспана алу, үй сатып алуға халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін үйді жалға беру бағыты және жеке тұрғын үй құрылысын дамыту бағыты бойынша жер тілімін сатып алу. Бағдарламаның «Несиелік баспана салу» бағыты бойынша жаңа үйлерді салуға жергілікті әкімдіктер жауапты. Бағдар­лама аясында салынған пәтерлердің кем дегенде 50%-ы жергілікті  әкімдікте  тұрғын  үй кезегінде тұрған азаматтарға үлестіріледі. Ал қалған пәтерлер салымшыларға тиесілі. Бағдарлама басталған 2017 жылы 11,1 млн шаршы метр немесе 100 мың 8 тұрғын үй, 2018 жылы – 12,5 млн шаршы метр немесе 113 мың пәтер, 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында 5,7 млн шаршы метр немесе 48 925 тұрғын үй еңсе тіктеген. Мемлекеттік бағдарл­аманы іске асыру жылдары барлығы 262 мың тұрғын үй салыныпты. Жыл басынан бері еліміз бойынша тұрғын үй құрылысына 605,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл соңына дейін тағы да 118 мың тұрғын үй салу жоспарда бар.

Тағы бір қуанышты жайт, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының саны 1,3 млн адамға жетті. Республика бойынша жарты жылда     5,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, көшбасшы өңірлердің қатарында Қы­зылорда облысы да бар. Бұл – тұрғындардың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» сенімділігі мен бағдарлама бағытын­а  белсене  қатысуының нәтижесі. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспаналы болғысы келетіндердің көпті­гіне байланысты пәтерлер балдық­ жүйе бойынша бөліне­ді. Үй сатып алушылар пулына ең көп балл жинаған адамдар кіре­ді. Балл саны депозитті толтыру жиілігіне және оның мерзіміне байланысты. Яғни, салымшының шоты неғұрлым ертерек ашылып, тұрақты түрде толықтырылып отырса, онда оның балл саны да соғұр­лым жоғары болады. Баллды есептеу процесі автоматтан­дырылған әрі айқын түрде жүргізіледі.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


ТУРИЗМ – ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛУДЫҢ ТӨТЕ ЖОЛЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
06.09.2019 10:07

Туризм – уақыт ағынымен қалыптасқан сала. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан баста­п кең қанат жая бастаған. Бүгінде алпауыт елдердің дені туризмнен әжептәуір табыс түсіріп отыр. Сол арқылы экономикасын ілгерілетіп, тарихи-мәдени құндылықтарын әлемге паш етуде. Мәселен, олардың көшін бастап тұрған Түркия, АҚШ, Араб Әмірлік­тері, Египет, Тайланд, Үндіс­тан елдерін мысалға  айтуға бола­ды. Рас, Гаваи, Маями аралдарында демал­ып, Түр­кияның Қара теңі­зіне шомылып, Үндістанға барып, Үнді мұхитын көрудің өзі – бір бақыт­. Одан қалды, әр елдің әдебиеті мен мәдениетін танығанға  не  жетсін?!

Әлемдік жиынтық өнімнің шамамен 10%-ы, әлемдік көр­сетілетін қызметтер экспортының 30%-ы, әлемдік инвестициялардың 7%-ы, жұмыс орындарының 10%-ы және барлық салық түсімдерінің 5%-ы туризм саласына тиесілі екен. Тағы бір дерек, әлемде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды тамашалауға жыл сайын миллиардтаған адам барады­ екен. Солардың 80%-ы Еуропаға және Солтүстік Америкаға табан тірейді. Халық­аралық экотуризм қоғамының бағалауы бойынша аталған елдер­ге 470 млрд доллар көлемінде  табыс  түсетін көрінеді.

Ресми билік  соңғы жыл­дары туризм саласын түлетуге ниетті екендігін байқатты. Бүгінгі күні аталған саланың үлесі жалпы­ ішкі өнімнің бір пайызын құраған. Тым аз. Сондықтан бұл саланың жілігін шағып,­ майын ішкен мемлекеттермен тәжірибе алмасып, дамытуға мүдделі. Осы шараны жүзеге асыру бағы­тында ел Үкіме­ті биыл біршама жоба жасаған. Жыл басында «Қа­зақстан Республи­касының ту­ристен­діру картасы» әзір­ленген. Дамытуға жататы­н бағдарламада 30 жоба бар. Бұған Қызыл­орда облысынан 3 нысан енгізілген. Атап айтқанда, «Қа­мыстыбас» демалыс аймағы, «Жаңа­қор­ған» шипажайы, «Байқоңыр» ойын-сауық туристік айма­ғы. Аталған аумақтардың бүгінгі бет-бейнесі қандай? Са­рала­п  көрсек...

 

БАЙҚОҢЫРДЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

Бұлай деуімізге толық  негіз  бар. Жер кіндігі саналған «жұл­дызды қалашыққа» ат басын бұруға ниетті туристер көп. Жыл сайын әлемнің түк­пір-түкпірінен ағы­лып келед­і. Әлі күнге дейін солай. Әсіресе, әуе кемесі ұшы­ры­латын уақытта Бай­қоңырда шетел­дік­тердің қаптап кете­тінін  бай­қайсыз. Сая­хаттауға келген меймандар  «ақ  қал­та» боп жүрмейтіні анық. Сон­дық­тан...

Әлгінде ҚР туристендіру картасы жасалғанын айттық. Бұлардың қатарында біздің Байқоңыр да бар. Нақтырақ айтқанда, «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағы құры­лады. Аталған жоба еліміздегі ең үздік ТОП-10 нысанның біріне  баланыпты.

– АҚШ-тағы Флорида штатының Канаверал мүйісіндегі ғарыштық туризмнің дамуы үлгісінде «Байқоңыр» ғарыш айлағы­ндағы туристік әлеует­тін  одан әрі дамыту мақсатында «Байқоңыр» ойын-сауық турист­ік аймағын құру тұжырымдамасы әзірленді. Аталған жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу үшін облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде, - дейді Қызылорда облысы кәсіп­кер­лік және туризм басқарма­сының басшысы Фердоуси Қожабергенов.

Жауаптылардың айтуынша, аталған жобаның келешегі кемел­. Дайындалған тұжырымдамаға сәйкес «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағында сауда орталығы, әлемдік стандарттарға лайықталған қонақүй, мейрамхана, жаңа телеко­ммуникациялық байланыспен жабдықталған кино және ойын-сауық залдары, боу­линг, бильярд, әртүрлі техникалық  арнайы  эффектілері  бар ғарыштық  аттракциондар,         «hi-tech» технологияларымен, зымырандардың іске қосы­луын бақылауға арналған заманау­и қондырғылар, SPA орталықтар, аквапарк, ұлттық кәдесый өнімдерінің дүкендері, этноауыл, ғарыш мұражайы  бой  көтермек.

Қазіргі күні аталған жобалардың техникалық-эконо­микалық негіздемесіне бюджеттен тиісті қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Мамандар бұған 32-34 млрд доллар көлемінде қаржы жұмсалады деп жоспарлап отыр. Әрине, оның барлығы үкіметтің есебінен салын­байтыны белгілі. Бұл инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылмақ. Жақында ғана облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Президентінің Байқоңыр қаласындағы өкілі Бақытжан Намаевпен кореялық KISAT компаниясының арасында екіжақты меморан­думға қол қойылған.

Расымен, бұл жоба сәтімен жүзеге асырылған жағдайда, облыстың туризм саласы одан әрі өркендейтініне сенім мол.

 

«ҚАМБАШ»   КӨЛІНІҢ ЖАҒАСЫ   ЖАНДАНБАҚ

«Қамбаш» көлі – Қызыл­орда облысындағы мақтануға тұрарлық демалыс орны. Көл облыс орталығынан – 400 шақырым, Қазалы ауданының ортал­ығынан – 50 шақырым, Арал қаласынан 60 шақырымдай жерде жатыр. Бір ерекшелігі, жағажай «Батыс Еуропам – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік трассасының бойында орналасқан. Суы мөлдір. әрі емдік қасиеті мол. Жазғы маусымдағы демалыс күндерін өткізуге ең қолайлы орын болып саналады. Арал ауданының аумағында орна­ласқан «Қамбаш» көлі – турист­ер жиі тұрақтайтын демал­ыс аймағының бірі. Жасыра­тыны жоқ, кешегі күнге дейін мұндағы жағдай көңіл көншітерліктей емес еді. Айналасын жыңғыл басып, көзге сұрықсыз көрінетін. Бертінде «Қамбаш» көлін дамытуға дұрыстап ден қойылып, назар­ға­ алынды. Инфрақұрылым жүргізілген. Жарық тартылған. Жолдың машақатын көрмей­сіз. Тақтайдай тегіс. Тек «Қамбаштың» екінші «тынысын» ашуымыз тиіс. Бұл бағытта қолға алынған шаралар бар­шылық. Бүгіннің өзінде «Қамбаш»­ көлінің жағалауында  туристік  инфрақұрылымды дамыту бойынша жалпы инвести­ция көлемі 105 млн теңге тұратын 90-нан астам нысан іске қосылып, ел игілі­гіне жұмыс істеп тұр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі шығар, соңғы уақытта мұнда келіп  демалушылардың  қатары артқан. Мамандар туристік нысан Байқоңыр қаласының тұрғындары арасында ерекше сұранысқа ие екендігін алға тартып отыр. Мәліметтерге сүйенсек, былтырғы жылы «Қамбашта» 90 мыңға жуық адам  тыныққан  көрінеді.

Қазіргі таңда жағажайда кәсіп ашып, шаруасын ширатып отырған тұрғындар саны көбейген. Айта кетейік, өткен жылы Үкімет басшысы Асқар Мамин Қамыстыбас елді мекеніне­ арнайы ат басын бұрып, аймақта туризм индустриясын дамытуға арналған бірқатар  жобалармен таныс­қан еді. Үкімет басшысы «Қамбаш» көлінің туристік әлеуетін бағам­дап, сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеген болатын.

 

БҰЛ – БІЗДІҢ  БРЕНД!

Елімізде «Жаңақорған» шипажайын білмейтін адам кемде-кем. Іргетасы өткен ғасырдың  алғашқы  ширегінде қаланған  шипажайдың  өзін­дік бай тарихы бар. Тарих демекш­і, «Жаңақорған тынысы» аудандық басылымында шипажайдың қалай құрыл­ғандығы жөнінде жазылыпты. «ХХ ғасырдың басында Сыр­дария өзенін жағалай «Орынбор-Ташкент» теміржолы түседі. Теміржол құрылысындағылар шіліңгір шілдеде адамда­рдың көлдің батпағына оранып­, емделіп жатқанын көреді. Осы әңгіме жер-жерге тарай бастайды. Әңгіменің бір ұшы Ақмешіт қаласындағы темір­жол ауруханасының дәрі­герлеріне де жетеді. Не керек,­ 1918 жылы аталған аурухананың фельдшері Ф.Мартюков көлдің батпағын емдік бағытта пайдалану үшін екі бөлмелі үй салып, ем-домды бастайды. Міне, содан бері «Жаңақор­ған» шипажайының дәурені баста­лады...» делінген мақа­лада. Ал 1941-1945 жылдары соғыс­та жараланған жауын­герлерді емдейтін әскери госпита­ль болыпты. Иә, содан бері қаншама жыл өтсе де, шипа­жайға келушілер көбеймесе, азайған емес. Мұндағы мамандар балшықпен емдеу адам ағзасына өте пайдалы екендігін айтады. Бұл арқылы сырқат жанның қан айналымын реттеуге болады екен. Сондай-ақ, ем алушының тыныс­ алуын жақсартуға септігін тигізеді. Балшықтың химиялық құрамы, яғни микроэлементтер, иондар, гормон тәрізді элементтері тері тіні­мен сіңісіп, қан айналымы арқы­лы ағзаға тарайды. Нәтижесінде, метоболизмді күшей­тіп, терінің экскреторлық функ­циясын арттырады. Ағза­ның­ табиғи тазаруы жүзеге асады.­ Мұның барлығын неге айтып отырмыз? Себебі, бұл – біздің бренд. Қолда бар мәлі­меттерге сүйенсек, жыл сайын шипажайға еліміздің барлық өңірлері мен алыс-жақын шет мемлекеттерден келуші туристердің саны артып келеді. Тағы бір жағымды жаңалық, қазіргі уақытта  88 орынға лайықтал­ған жаңа заманауи шипажайдың құрылысы басталып, жыл соңы­на дейін іске қосылмақ.

 

САЯХАТШЫЛАР  САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗБЕН  СУСЫНДАМАҚ

Жалпы, 2019 жылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда шетелден келушілер саны 62,2% пайызға  көбейген.

Сонымен қатар, облыс кө­лемінде орташа құны 7801 теңгені құрайтын 1246 нөмірлік қоры  бар 107 қонақүй орна­ласқан. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, 20654 адамға қызмет көр­сетіліп, орындалған жұмыстар мен қызметтердің жалпы көле­мі 252,3 млн теңгені құраған.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық авто­жолының 800 шақырымнан аса бөлігі Қызылорда облысының аумағында орналасқан. Жол бойы қызмет көрсету нысан­дарын салу үшін Қызылорда облысының бөлігінде 44 нүкте белгіленген.

Бүгінгі күні инвестицияның жалпы сомасы 6 млрд 101 млн теңгені құрайтын 27 нысан пайдалануға беріліп, 700 тұрақты жұмыс орны ашылға­н. Оның ішінде, 2 нысан  2019 жылы іске қосылған.

Ең ерекше тоқталатын жайт, жауапты басқарма «Қаз­АвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалымен бірлесіп, жол бойында тұрғызылған объектілерді ұлттық стандартқа сәйкес келтіру бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуді қолға алмақ. Сол арқылы ұлттық салт-дәстүріміз  насихатталмақ.

 

ТҮЙІН. Жалпы, Қызылорда облысында туристік нысанға айналдыратын орындар көп. Сондықтан аймақтық туризмді дамытуға, мәдени-құндылықтарымызды дәріптей отырып, мемлекет қазынасын қалыңдатуға жұмыла жұдырық болып кіріскеніміз абзал.

Қозы Көрпеш  ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ОҢ БАҒАҒА ИЕ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
06.09.2019 10:05

Аймақтағы соңғы 5-6 жыл ішінде пай­да­лануға берілген тұр­ғын үй көлемі едәуі­р артты. 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бүгінде бұл көрсеткіш 600 мың шаршы метрден асып түсті. Яғни, екі есе көп берілуде. Бұл – Сыр өңіріндегі иық тіресе салынып жатқан құрылыстың басым бөлігі әлеумет­тік нысандарға тиесілі екенін айғақтаса керек. Нәтижесінде облыс орталығының өзінде ғана соңғы жылдары 14 жаңа шағын аудан бой түзеді. Апатты тұрғын үйлер мәселесі толығымен шешімін тапты десек те болады.

Әзірге аймақтағы бас құрылыс – Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа қала құрылысы. Ағымдағы жылы әлеуметтік нысандардың құрылысын жүр­гізуге мемлекеттік бюджет есебінен 10,9 млрд теңге қаржы қарастырылды. Бүгінде оның 4,8 млрд теңгесі тиісті мақсат­қа сай жұмсалды. Бүгінде оған 24 нысанның құрылысы жүргі­зілуде. Жыл басынан бері 3 ны­сан ел игілігіне пайдалануға берілді. Атап айтар болсақ, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жастарға қызмет көр­сету орталығының құрылысы, Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионды қайта жаңғырту, Арал ауданы, Шижаға ауы­лындағы 100 орындық ауылдық клуб құрылысы. Жыл соңына дейін тағы да 8 нысанның құрылысы аяқталады деп күтіліп отыр. Қалған жобалар келер жылы жалғасын таппақ. Бұл туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бас­қармасы өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Аймақтағы тұрғын үй құрылысының қарқынды жүргізіліп жатқанын үнемі айтып келе­міз. Соның нәтижесінде бас­пана кезегінде тұрған халықтың саны азайып, ипотекалық, арендалық тұрғын үйге сұраныс артып-ақ тұр. Мәселен, биылғы жылдың өзінде «Нұр­лы жер» бағдарламасы аясында­ 1862 пәтерді құрайтын 43 тұр­ғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 24-і – сатып алу құқы­ғынсыз жалға берілетін үйлер, 17-сі – несиелік және 2-еуі жеке компаниялар есебінен салынуда. Одан бөлек, облыс әкімдігінің бастамасымен «Ба­лам­екен» жобасы шеңберінде 100 отбасы «Болат Өтемұратов қоры» жеке қорының, ал қалған­ 50 отбасы жергілікті бюджет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, бағдарлама аясында облыс бойынша жаңа тұрғын үй аумақтарын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қам­тамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы 31 жобаның құрылысы жүргізілуде. Оған республикалық бюджеттен 7 млрд теңге, облыстық бюджеттен  2,4 млрд теңге қарастырылған. Бұл жұмыстар сол жағалау аумағында да жүзеге асуда. Газ, электр, жылу, ауызсу және кәрізсу желілерімен, жолмен қамтамасыз етудің І-кезеңіндегі жұмыстар толығымен аяқ­талды. Халық қоныстанған ауданда әлеуметтік нысандардың қызмет ететіні белгілі. Бұл ретте жеке инвесторлардың есебінен салынған 320 орындық балабақша биылдан бастап балаларды қабылдауға дайын­. Сондай-ақ, «Болашақ» университетінің 12 қабатты оқу ордасы пайдалануға беріліп, 900 орындық мектептің құрылысы бітуге жақын. Ал «Арай» шағын ауданы мен сол маңдағы саяжайлар массивтерінің жобасы бойынша жұмыстар да аяқталды. Қазіргі таңда жобаны заңнама талаптарына сәй­кес облыс әкімдігінің қаулысымен бекіту жұмыстары жүр­гізілуде.

- Сол жағалауды «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­аралық трассасымен байланыс­тыратын жол құрылысының І кезеңі жүзеге асырылды. Пайдалану уақыты жыл соңына белгіленіп отыр. Сонымен қатар «Шіркейлі» арнасы арқылы көпір салу жұмыстары да аяқ­талуға жақын. Айта кетерлігі, жаңа қаладағы құрылыстарды жүргізуге қаржы мемлекеттік бюджеттен және жеке инвесторлар тарапынан тартылуда, - деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқар­масы басшысының міндетін атқа­рушы А.Нұрмағанбетов.

Айта кетейік, «Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарла­масы шеңберінде Қызылорда қаласындағы ауызсу және кәрізсу жүйелерін қайта жаң­ғыртуға 1 млрд 584 млн теңге бөлінді.

Қаладағы жылу желілерін қайта жаңғыртуға 2 млрд  210 млн теңге қаралды. «Өңір­лерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» арқылы республикалық бюджет есебінен Қызылорда қаласының кәріз насостық стансаларын қайта жаңғыртуға 400 млн теңге қаржы қарастырылған. 2018-2019 жылдар аралығында қалаға қарасты Қы­зылжарма ауылдық округі және бірқатар шетаймақтардағы электр желілерін қайта жаңғыртуға «Еуропалық қайта құру және даму банкі» арқылы 3 млрд 300 млн теңге және респуб­ликалық бюджеттен 600 млн теңге бөлінген. Екі кезең­мен жүзеге асырылытын бұл жоба бойынша ұзындығы 239 шақырым электр желісі жаңар­тылады және 52 дана жаңа трансформатор, 1 дана электр тарату бекеті салынады деп күтілуде.

Білім беру мекемелерінің санын арттыру бағытында «Саяха­т» мөлтек ауданында  300 орындық, «Астана» мөлтек ауданында 600 орындық, №261 мектепке 150 орындық қосымша ғимарат, «Арай» мөлтек ауданында 600 орындық, Сырдария өзенінің сол жағалауында 900 орындық мектеп құрылыстарының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп мем­лекеттік сараптамадан өткізуге  38 млн 700 мың теңге қаралды. Бүгінде құрылыс жұмыстары жүруде. Жаппасбай батыр кө­шесі бойында 600 орындық мектеп құрылысын салуға рес­пуб­ликалық бюджеттен 150 млн теңге, Тасбөгет кентін­дегі 140 орындық балабақшаның құрылысын аяқтауға 435 млн теңге қарастырылған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Тасбөгет кенті тұрғындары үшін жаңа емхана мен Досан­ ауылында медициналық бекет салу жоспарда тұр.

Жалпы, биыл барлық қаржы­ландыру көздерінен 720,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ, 2020 жылы сол жағалаудан «Неке қию сарайын», «100 келушіге арнал­ған емханасы бар 300 төсектік көпсалалы аурухананың», «Жылумен жабдықтау жүйе­сі­нің», «Сол жағалау бойынша салынатын 7,6 шақырымдық дамба-жолдың», «Отбасылық медициналық орталықтың», «300 орынға арналған жатақ­ханасы бар 400 орындық физика-математикалық мектептің», «Жанар-жағар май құю станциясының», «Сауда-жәрмеңкелік кешен» мен басқа нысандардың құрылысын жүргізу жоспарда тұр.

Н.ҚАЗИ

 


ТӨРТ ТҮЛІКТІ ТҮЛЕТКЕН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
06.09.2019 10:00

Жөн сұрасуды «мал-жаның аман ба?» деп бастайтын қазекең үшін төрт түліктің орны ерекше екені белгілі. Бар тіршілігі мал шаруашылығымен тығыз қабысқан атакәсіп қазіргі таңда да маңыздылығын жой­ған­ жоқ. Тоқырау тұсында тұралаған саланың кейінгі уақытта тамырына қан, өңіне нәр жүгіргенін күнделікті өмірде көріп-біліп жүрміз. Бұған өңірде атқарылып жатқан, алдағы кезеңге межеленген ауқымды жұмыс­тар дәлел болады.

Арал ауданында барлық нысандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында мүйізді ірі қара, қой-ешкі, жылқы мен түйеде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім байқалады. Ағымдағы жылы ауданға 350 бас мүйізді ірі қараны шетелден сатып алу межеленген. Осы бағытта Жаңақұрылыстағы «Әулие төбе», Октябрь ауылдық округіндегі «Жомарт­» шаруа қожалығы 220 бас асыл тұқымды ет бағытындағы мүйізді ірі қара малын­ әкелуге жұмыс жүргізуде. Бұл үшін «Жомарт» шаруа­ қожа­лығының басшысы Қазыбек Әлібеков Ресейге сапарлап, өзіне және «Әулие төбе» шаруа қожалы­ғына жеткізілетін малды қазан айында алуға келісіп келген-ді. Аталмыш екі шаруа қожалығы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Қызылорда облыстық филиал­ы ар­қылы несие құжат­тарын әзірлеуде.

Теңіз төскейінде мемлекеттің нақты қолдауын сезініп отырған кәсіпкерлер де аз емес. Қолдағы деректе­ биылғы жылы 7800 бас қой сатып алу жоспары бекітіліп, 7 шаруашылық несие алуға құжат тап­сырға­ны жазылыпты. Соның ішінде, 2 шаруашылыққа несие беріліп, қалған­ шаруашылықтың 780 бас қой сатып алуға құжаттары комиссияда қаралуда. Мұнан өзге Жақсықылыш кентіндегі «Қази» шаруа қожалығы 180 бас қой сатып алу тұрғысында «Арал ырысы» кредиттік серіктес­тігі» ЖШС-не несие құжаттарын дайындап  жатыр.

Дана халқымызда «не ексең, соны орасың» деген сөз бар. Арал өңірінде ірі қара малының аналығын тұқымдық түрлендіруге баса көңіл бөлі­неді. Әрі арнайы жоспарға сай жүргізіледі. Мәселен, 2019 жылға 7180 бас мүйізді ірі қара малы аналығын тұқымдық түрлендіруге қа­тыс­тыру көзделген. Нақты кезеңде, 1997 бас аналық сиыр, 123 бас асыл тұқымды бұқа тұқымдық түрлен­діруге  қатысуда. Осылайша  аналық сиырлардың  тұқымдық  түрлендіруге­ түсуі 27,8 пайызды құрап отыр. Бұл қадам келешекте нәтижесін береді деп күтілуде.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Арал  ауданы

 


ҚЫЗЫЛОРДАДА ОБЛЫСЫ АКТИВІНІҢ ОТЫРЫСЫНДА АЛҒАШҚЫ КЕЗЕКТЕ ОРЫНДАЛАТЫН БАСТЫ МІНДЕТТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
06.09.2019 09:20

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған тұңғыш Жолдауында ел өміріндегі түйткілді мәселелердің түрлі шешімдерін нұсқаған еді. Сонымен қатар, Президент Үкіметке, салалық министрліктерге, әкімдерге және жауапты тұлғаларға ел экономикасын серпінді дамыту бойынша зор міндеттер жүктеп, нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырды. Бұл бағытта Сыр өңірінде де ауқымды жұмыстар атқарылатыны бүгінгі облыс активінде айтылды. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов облыс активін жинап, аймақта алғашқы кезекте орындалатын басты міндеттерді талқылады.

Актив отырысына  Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Сарқұлов Ұлан Серікұлы, жергілікті мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекеме басшылары, ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, саяси партиялар мен азаматтық қоғам институттарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Айта кету керек, әлеуметтік саланы кеңінен қамтыған, мәні мен маңызы айрықша бұл Жолдауды ел ерекше ықыласпен қабылдауда.

«Өз кезегінде әрбір отандасымыздың әл-ауқатын жақсарту мен елімізді әлемдік көшбасшы мемлекеттер қатарына қосу - Қасым-Жомарт Кемелұлының басты назарындағы мәселе екендігіне тағы бір көзіміз жетті.  Сондықтан сәт сайын құбылып, геосаяси жағдайдың жылдам өзгерістерге ұшырап жатқан кезінде Президенттің тапсырмалары мен бастамаларын бұлжытпай орындап, Сыр елінің ауызбірлігі мен сын сағатта сыр бермейтін игі қасиетін көрсетуіміз қажет. Бұл орайда, біздің ендігі міндет – әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту арқылы тұрақтылық пен татулықты нығайту»,-деді аймақ басшысы.

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болатынын, сондай-ақ Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруды тапсырды.

«Президентіміз индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүзеге асыру барысында бұрын жіберілген қателіктер мен олқылықтарды ескеру қажеттігін атап өтті. Жалпы, индустрияландыру бағдарламасының  І және ІІ бесжылдығы аясында өңірімізде құны  150 млрд теңгені құрайтын 24 жоба іске асырылып, 1,6 мың жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде, өнеркәсіп өніміндегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 2010 жылы 4,3 пайыздан  2018 жылы 12,6 пайызға жетті, яғни бұл көрсеткіш 3 есеге артты. Сонымен қатар, шикізаттық емес экспорт көлемі соңғы 3 жылда 3 есеге өсті. Екінші бесжылдық аясында 28 жобаның 7 іске қосылды, жыл соңына дейін тағы  4 жоба жұмысын бастайды»,-деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарға қойылған міндеттердің бірі – шетелден тікелей инвестиция тарту.

Осы орайда, облыста инвестиция тартуды жетілдіру жөнінде іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып, 2016 жылдан бастап инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес  жұмыс жүргізіп жатқанын атап өткен жөн.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда әлеуметтік жаңғыруға ерекше маңызды мәселе тұрғысынан тоқталды. Білім саласы бойынша, мамандар даярлау жүйесінің нақты еңбек нарығынан тыс қалып, еңбек ресурстарының балансын есепке алмаудың тиімді әдістемесі қалыптаспағанын атады. Ендігі жерде оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби  бағыт-бағдар беруді міндеттеді.

«Өздеріңізге белгілі, үш жыл қатарынан қызылордалық түлектердің университеттер мен колледждерге  түсу  көрсеткіші  97 пайызға  жетті. Қазіргі кезде облыстың экономикасын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы аймақтың мамандарға деген сұранысы негізінде орналастырылуда. Нәтижесінде, 2019-2020 оқу жылында 22 жаңа мамандық ашылды. Облыстың еңбек ресурстары балансына сәйкес колледждерде «жаңа мамандықтар атласын» зерделей отырып, өңірге қажетті жаңа мамандықтарды ашуды және бітірушілерді тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстар жүргізуді жандандыруымыз қажет»,-деп атап өтті аймақ басшысы.

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жастарды белсенді волонтерлік жұмысқа тарту қажеттігін сөз етіп, бұған тек кредиттер мен оқудағы жеңілдіктер үшін емес, өздерінің жүрек қалауымен, шынайы ниетімен келуі тиістігін ескерткен болатын.

«Еріктілік - біздің қоғамдағы ерекше құрмет тұтуға лайық іс. Жасаған жақсылықтары үшін өтемақы мен материалдық қажеттілікті талап етпейтін «еріктілер» қызметін жоғары бағалауымыз керек. Бұл ретте, ата-бабамыздан келе жатқан, «Асар», «Жылу жинау», «Кеусен беру» салтымызды жандандырғанымыз жөн»,-деді Қ.Ысқақов.

Жиын барысында аймақ басшысы Жолдаудан туындаған міндеттерді жүзеге асыруға байланысты тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.

Сонымен қатар, актив отырысында академик, қоғам қайраткері Досманбетов Бақберген Сәрсенұлы, Q-MED клиникасы қоғамдық қорының жетекшісі Базарбаева Раушан Ахметуллақызы Жолдауға байланысты өз пікірлерімен бөлісті.

 

 


ЖОЛДАУ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЖАСАЛАТЫН ЖЕҢІЛДІГІМЕН ҚҰНДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
03.09.2019 09:10

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған алғашқы Жолдауы бизнес өкілдері үшін тосын, әрі жағымды жаңалықтарға толы болды.

Әсіресе, Президенттің «Жұмыс берушінің жұмысшыға қосымша 5 пайыз зейнетақы аударуы 2023 жылға шегеріледі», - деген сөзі кәсіпкерлердің еңсесін көтеріп тастады. Бұл мәселе айтылған сәттен бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнеске ары қарай ауыртпалық салуды ұлғайтуға қарсылығын білдіріп, аталған нормаларды қайта қарау бойынша нақты позицияны ұстанған болатын. Сонымен қатар, Ұлттық палата өз кезегінде кәсіпкерлерді, қауымдастықтарды, тәуелсіз сарапшыларды тарту арқылы мәселені жан-жақты талқылауға да шақырды. Міне, бүгін нәтижені көріп отырмыз, Қасым-Жомарт Кемелұлы 5 пайыздық міндетті зейнетақылық жарнаның енгізілу мерзімін шегеруді тапсырды.

Жолдаудағы бизнес өкілдері үшін келесі үлкен қолдау – Президенттің микро және шағын бизнес компанияларын табысқа салынатын салықтан 3 жылға босату туралы Үкіметке заңды негіз құруды тапсыруы. Соңғы кезде, Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Ділмұхамед Әбізов көрші Өзбекстан еліндегі шағын және орта бизнеске жасалып жатқан жағдайларды айтып, соның нәтижесінде елімізде жеңіл өнеркәсіпті ақсатып алу қауіпі болып тұрғандығын әртүрлі алаңдарда көтеріп жүрген болатын. Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауда Үкіметке берген тапсырмасын кәсіпкерлер қуана қабылдады. Нәтижесімен жаңа жұмыс орындары ашылып, өз елімізде өндірілетін өнімдер сапының артары сөзсіз.

Жолдауда айтылған «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қосымша бөлінетін 250 млрд теңге, мемлекеттік сатып алудағы ашықтықты талап ету, 2020 жылдан бастап 3 жылға дейін микро және шағын кәсіпкерлікті тексеруге тыйым салу, экономиканы әртараптандыруға қатысты мәселелер кәсіпкерлердің көкейінде жүрген жайттар болатын.

Мемлекет басшысы бұл қадамдар арқылы елімізде кәсіпкерлікті қолдау алдағы уақытта да жан-жақты жүргізілетіндігін көрсетті. Жолдау кәсіпкерлер үшін осынысымен құнды.

Ғалымбек Жақсылықов,

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры

 


Сенім ұялатқан Жолдау PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
03.09.2019 09:00

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев кеше VІ шақырылымдағы Парламенттің 5-ші сессиясын ашып, қазақстандықтардың əл-ауқатын арттыруға арналған "Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі"атты Жолдауын таныстырды.

Жанқожа батыр ауылдық мəдениет үйі қызметкерлері Жолдауды интернет арқылы көріп, таныстық. Президент Жолдауында көптеген түйткіл мəселелердің шешілу жолдары қарастырылған. Соның ішіндемəдениет саласына да үлкен мəн берілгені бізді қуантады.

"Мəдениет қызметкерлеріне қолдау қажет.Біз мəдениет саласында еңбек ететін адамдарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз.Бұл, ең алдымен, кітапхана,музей,театр қызметкерлеріне қатысты мəселе.Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ.Соның салдарынан мəдениет қызметкерлері,əсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды.Мұндай ахуал осы кəсіптің беделін түсіріп,лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде.Келесі жылдан бастап мəдениет қызметкерлерінің жалақысын көбейту тиіс,сондай-ақ, білім беру жəне денсаулық сақтау салаларындағы міндетті əлеуметтік жеңілдіктер мəдениет саласының өкілдеріне де берілу керек",- деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.

Жанқожа батыр ауылдық мəдениет үйі жанындағы халық театры 1992 жылдан бастап халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Бұл Жолдау ел үмітін ақтап,халықтың талап-тілектерін орындай алатын ерекше Жолдау болды.

Марат Жақсылықов,

Жанқожа батыр ауылдық мəдениет үйінің директоры.

Қазалы ауданы

 


ҚАРМАҚШЫДА КҮРІШКЕ ОРАҚ ТҮСТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.09.2019 12:30

Биыл қармақшылық диқандар 23748 гектар егістік алқапқа түрлі ауыл шаруашылығы дақылын, атап айтқанда, 14633 гектарға күріш, 595 гектарға жаздық бидай, 125 гектарға арпа, 347 гектарға мақсары, 40 гектарға соя және 6831 гектарға жоңышқа мен 1187 гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдарын орналастырды.

Сонымен бірге, күзгі егін жинау науқанына 152 трактор мен оның 94 тіркемесі, 166 комбайн мен жатка, 62 жүк көлігін тарту жоспарланған болса, егілген 595 гектар жаздық бидайдан 297,5 тонна дән алынып, 125 гектар жерге егілген арпа дақылынан 125 тонна жиналды. 4553 гектар ескі жоңышқаның 450 гектары тұқымға қалдырылып, орылған жоңышқадан 17,1 мың тонна, ал 2262 гектар жерге орналастырылған жаңа жоңышқадан 814 тонна өнім алынды.

Міне, осындай ел ырзығын ысырапсыз жинап алуды мақсат еткен қармақшылықтар Мұрат Сәрсенбаев басшылық ететін «Достық Жер МК» шаруашылығында өткен ауданның алғашқы күрішке орақ түсу рәсіміне куә болды.

Мерекелік шараны ашып, оның өткізілу мақсатымен таныстырған аудан әкімінің міндетін атқарушы Әділ Қошалақов өңірімізде ауыл шаруашылығы саласы бойынша қол жеткізген жетістіктер мен алдағы жылға айқындалған мақсатты жобалар жайында сөз қозғады.

Содан соң сөз алған «Достық Жер МК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұрат Сәрсенбаев:

- Биылғы егін егу науқанында шаруашылық диқандары 2392 гектарға күріш, оның ішінде «Янтарь», «Элита», «Новатор» сынды күріш сорттарымен бірге, 336 гектарға жаздық бидай, 95 гектарға арпа және 1244 гектарға жоңышқа егіп, бүгінде осы ауыл шаруашылығы дақылдарын ысырапсыз жинап алуда тер төге еңбек етуде. Оған 283 адам мен 20 дана түрлі маркадағы жатка мен комбайн, 3 астық тиегіш пен 55 автокөлік пен трактор және басқа да ауыл шаруашылығы техникасы тартылуда. Сонымен бірге, шаруашылық ауылды абаттандыруға 59 млн теңге, ал әлеуметтік саланы дамытуға 92 млн теңге жұмсады, - деді.

Аудандық «Дала күні-2019» семинарында «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Орынбасар Төлепов, «Ы.Жақаев» атындағы қазақ күріш ғылыми зерттеу институты директорының міндетін атқарушы Әсет Тоқтамысов және ІІІ Интернационал ауылдық ардагерлер кеңсінің төрағасы Сайлау Мұқтаровтар сөз сөйлеп, тақырып аясында көтерілген мәселелер бойынша өз пікірлерін зерделеп, ойларын ортаға салды.

Семинардан кейін оған қатысушылар шаруашылық бригадирі Әлімжан Пұсырманов басшылық жасайтын №5 егіс бригадасының сушысы Еркін Зәріпхановтың ала жаздайғы баптап, өсірген күріштігіне облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сейілбек Нұрымбетов, аудан әкімінің міндетін атқарушы Әділ Қошалақов және еңбек ардагері Орынбасар Сариевтің қатысуымен орақ түсіру рәсімінің лентасын қиюға қатысты.

Нұрбай  ЖАНӘДІЛОВ,

Қармақшы  ауданы

 


ЖАҢАҚҰРЫЛЫСТЫҚТАР РИЗАШЫЛЫҚТАРЫН БІЛДІРЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.09.2019 12:20

Жаңақұрылыс халқының ардагерлері, мұғалім, мектеп оқушылары және ауыл тұрғындары атынан қолыма қалам алып, ел құрметтеген, алты жарым жыл бойы Қызылорда облысының әкімі болып, уақытпен санаспай маңдай терін төгіп, облыстың күрделенген, шешімін таппай келе жатқан жұмыстардың күрмеуін шешіп, қайбір сала болмасын, олардың ілгерілеуіне, халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлкен үлесін қосқан, бойында қазақылықтың иісі аңқып тұрған, сөзі пәтуалы Қырымбек Елеуұлына жаңақұрылыстықтардың шынайы ризашылықтарын баспасөз арқылы оқырман қауымға жеткізуді жөн деп санадым. Жақсы адамның игілікті істерін, ұлағатты сөздерін бойымызға, ұрпақтарымызға түсіндіру – біздің рухани байлығымыз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Қырымбек Көшербаев облысты басқарып тұрған кезінде, Қызылорда қаласында, аудандарда, ауылдарда халыққа күнделікті қызмет көрсететін қаншама әлеуметтік нысандар, яғни мектеп, аурухана, дәрігерлік емхана, фельдшерлік-акушерлік пункттер, мәдениет және тұрғын үйлер бой көтеріп, халық игіліктеріне беріліп, елдің алғысына бөленді. Бүгінгі таңда облыста бірде-бір апатты мектеп жоқ.

2014 жылы тамыздың тамылжыған күнінде Қырымбек Елеуұлы Арал ауданының Көкарал бөгетін көріп, сол өңірдегі жұртпен кездесуінде Жаңақұрылыс елді мекенінің тұрғындары ауылда халыққа қызмет ететін мектептің, фельдшерлік-акушерлік пункттің ескілігі жөнінде және жолдың қиыншылығын айтқан болатын. Міне, халықтың тілегі қабыл болып, 200 орындық екі қабатты мектептің іргетасын өз қолымен қалап, 2015 жылғы оқу жылында құрылыс сапалы аяқталып, елдің игілігіне берілді. Оның ашылуына аймақ басшысы арнайы келіп, лентасын өз қолымен қиып тұрып, «Жаңақұрылыстықтар, жаңа мектептеріңіз құтты болсын, балаларыңыз кілең 5-ке оқып, елдің мақтанышы болып, ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, алтыннан алқа тақсын, қызыл куәліктерің көп болсын» деп жүрекжарды тілегін жеткізген. Дуалы ауызынан шыққан батасы қабыл болып, сол жылы мектеп бітіруші 2 оқушы алтын медаль алды. Содан бері жыл құрғатпай мектеп бітірушілер алтын алып, әрі оны қорғап келеді. Жоғарғы оқу орындарының грант иегері атанды, жыл сайын 9-сынып бітірушілерден 2-3 оқушыр қызыл куәлік алып келеді. Биылдың өзінде 1 оқушымыз 132 балл жинап, алтыннан алқа тағып, 3 оқушымыз қызыл куәлік иесі атанса, 6 оқушымыз жоғарғы оқу орнының грант иегері атанды.

2018 жылы жаңа типті фельдшерлік-акушерлік пункт халық игілігіне берілді. Биылдың өзінде «Жаңақұрылыс – Бекарыстан би» аралығындағы 23 шақырым тасжол жаңадан асфальттануда. Әрине, мұнда да кезінде Қазалы ауданына қарайтын автожолды Арал ауданының теңгеріміне алдырып, оның жөнделуіне қаражат көздерін тауып берді. Әрине мұнда да қолтаңбасы бар. Облыс көлемінде қаншама толағайлы істер атқарылды. Осындай жұмыстар Арал ауданынан шалғай орналасқан Жаңақұрылыс елді мекенінде де жалғасын табуда.

Кешегі 1 қыркүйек Білім күнгі алғашқы қоңырауда да мектеп оқушылары, мектеп бітірушілер биыл да жақсы оқып, ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, алтыннан алқа тағамыз десе, 9-сынып оқушылары әрқайсысы қызыл куәлік алуға ұмтыламыз деп өздеріне сенім білдіруде. Ауыл ардагерлері жаңа оқу жылында тілектерің орындалсын деп батасын берді. Тарихты қашанда адамдар жасайды. Тарихтың тірек тұтар тұлғасы да, иесі де – адам. Сондықтан елде жасалған игі істер тарихта қалады. Қырымбек Елеуұлының әр елге жасаған еселі де ерен еңбектерінің арқасында және әрбір сөзіне ісі сай екендігін бағалай білген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президент әкімшілігінің басшысына лайықты деп тағайындауы – үлкен сенімділік. Біз жаңақұрылыстықтар Қырымбек Елеуұлына табыс тілей отырып, елге жасаған игі жұмыстарына ризашылығымызды білдіреміз.

 

Сердалы Шалбаев,

КСРО денсаулық сақтау

саласының үздігі,

Жаңақұрылыс ауылдық

ардагерлер кеңесінің төрағасы

Арал ауданы

Суретте: мектепке барған 1-сынып оқушылары мен ата-аналары.

 


СЫҢҒЫРЛА, АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ! PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
02.09.2019 11:35

Еліміздің барлық өңірінде өткендей, Қарақшы ауданында да 1 қыркүйек күні «Білім күні» мерекесі жоғары дәрежеде аталып өтті.

«Өткен оқу жылы аудандағы мектептерді тамамдаған 484 түлектің 26-сы «Алтын белгі», ал 15-і «Үздік аттестат» иегері атанды. Сонымен бірге, ағымдағы оқу жылында өңір бойынша білім нәрімен сусындаған15 мыңнан астам шәкірттің 900-ге жуығы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап, әліппемен танысатын болса,  сол шәкірттерге саналы тәрбие, сапалы тәлім беруде 1900-ден аса түрлі санаттағы сала маманы жұмыс істейді. Тағы бір айта кетерлік жайт, 2019-2020 оқу жылында сыныптар толығымен жаңартылған білім беру мазмұнына көшіріледі.  Биылғы жылдың тағы бір ерекше жаңалығы аудан орталығындағы №27 және №30 орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нақтысын айтқанда, мектептің сырты қапталып, ішкі беті қайта сыланып-сырлануда, есіктері мен терезелері алмастырылуда. Жөндеу жұмыстары қыркүйектің аяғында бітеді деп күтілуде.  Тоқ етері жуық арада аталмыш мектептер келбеті жаңаша кейіпке енеді. Сондай-ақ, аудан орталығынан шалғай «Қызылдың қиясында» орналасқан Көмекбаев ауылындағы №185 орта мектептің жылуы сұйық газге көшірілсе, №27,29,28  орта мектептер мен №105 мектеп-лицейінің бу қазандықтары сыртқа шығарылды» деп хабарлама берген  аудан әкімінің міндетін атқарушы Әділ Қошалақов одан әрі білім саласы бойынша істеліп жатқан басқа да ілкімді істер жайында Омар Шораяқұлы атындағы  №30 орта мектепте өткен «Білім күні» мерекелік шарасында ұстаздар қауымы мен шәкірттер алдында айтты.

Ал, келесі кезекте сөз алған №30 мектеп басшысы Бауыржан Дүйсенбаев өзі басқаратын білім беру мекемесі бойынша өткен оқу жылында  ұстаздар мен шәкірттер қол жеткізген жетістіктерге тоқталды.

Шара барысында ардагер – ұстаз Бекдәулет Маханов пен 11-сынып оқушысы Мағжан Әбдіраман және басқа да оқу озаттары өздерінің мерекелік жылы лебіздерін білдірсе, 1-сынып оқушылары тақырып аясында тақпақ айтып, мектеп көркемөнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Шара соңында  1 және 11-сынып оқушыларының қатысуымен алғашқы қоңырау соғу рәсімі тамашаланды.

«Білім күні» мерекесін заманауи үлгіде салынған Үсен Томанов атындағы №183 орта мектеп ұжымы мен шәкірттері де ыстық ықыласпен қарсы алды. Ұжым басшысы Алтынша Кенжееваның айтуынша,биылғы оқу жылында 21 сынып комплектісі бойынша 358 шәкірт білім алуға келсе, оның 40-ы 1-сыныпқа қабылданған. Оқушылар заман талабына сай оқу-құралдарымен жабдықталған кең де жарық сынып бөлмелерінде жоғары білімді ұстаздардан саналы тәрбие, сапалы білім алып, өсе келе еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосуды алдарына мақсат етіп қоюда екен.

Сол күні «Білім күні» мерекесін ауданның барлық елді мекеніндегі білім беру мекемелері атап өтті.

Нұрбай  ЖАНӘДІЛОВ,

Қармақшы  ауданы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қыркүйек 2019 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары