Өзекті мәселелер

  • 14.11.19

    Ішкі істер министрінің орынба­сары Алексей Калайчиди аттестациядан кейін лауазы­мы­нан  босаған полиция басшы­лары туралы айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

    – Аттестация екі кезеңнен тұрды. Біріншісі – дайындық барысы. Яғни, лауазымдағы азаматтың  кәсіби  дағдысы зерттелді. Біз бұған  дейінгі полиция басшыларын аттестаттаудың оқ ату, дене дайындығын, заңды білу деңгейін тексеру сек...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Бізде мынадай тенденция бар ғой. Әкімдер мемлекеттік мекемелерге барса,­ сондағы қызметкерлер тайлы-таяғымен иіліп төсек, жайылып жастық бола қалатын. Тіпті, бұл дәстүрге айналып кеткені қашан?! Ал әкім мекеме­ге ескертусіз келсе, жағдай қалай болар еді? Мұндай «қызықты» апта  басында  көрдік.

    ...
    Толығырақ...
  • 14.11.19

    «Отан қорғап, сарбаз сапына қосылады» деп үкілі үміт артып отырған­ бөріктілердің арасында әскери борышын өтеуден қашып жүргендер бар. «Қашқындарда­н» бөлек, республиканың түкпір-түкпіріне немесе өзге мемле­кеттерге жұмыс істеуге барып, нақты мекенжайсыз, хат-хабарсыз кететіндерге де дауа болмай отыр. Осыған­ байланысты әскерге шақырылушыларды жергілікті әскери­ басқару органдарына шақы...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Мәдениет ауылдық округі тіректі елді мекенге айналғалы бұл өңірдің тірлігі де алға басты. Ауыл әлеуетінің артуына бұрын жергілікті шаруашылықтар қолғабыс ететін. Қазір кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланған ауыл тұрғындары да табысқа кенелуде. Кейбір жандар жеке табысы артқан сайын әлі де бола берсе екен дейді. Ал  бұл  елді  мекендегі  шаруашы...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Өткен жылы мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарлама­сына қатысып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Бастау Бизнес» курсынд­а білімін жетілдірген Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылының жас кәсіпкері Қосым Жұмағалиевтің  есімі  бүгінде ауылдастарына жақсы­  таныс.

    ...
    Толығырақ...
Бейсенбі, 03 Қазан 2019

НАҒЫЗ ҚАЗАҚ – ДОМБЫРА PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
04.10.2019 09:40

Қазақ халқы баласын жастайынан тәрбие бергенде өнерге баулып өсіреді. «Жігітке жетпіс өнерде аз» деп, ұлын сегіз қырлы, бір сырлы, қызын ақылына көркі сай өнерлі болуға тәрбиелейді. Сондай тәрбиені өз отбасымнан мен де көріп өстім. Әкем де, анам да өнерден алыс емес жандар болғандығынан ба, бала күнімнен ән мен күйге ерекше құмар болдым. 8 жасымда Қазалы ауданындағы Қорқыт ата атындағы музыка мектебіне қабылданып, ұстазым Рақымжан Әбілтаевтан 5 жыл дәріс алдым. Күй, одан шыққан әсем әуез менің жанымның бір бөлшегіне айналды. Сол себепті мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға келген бойда студенттер сарайына алып ұшып барып, «Фараби сазы» атты оркестрдің мүшесі болып тіркелдім. Мені оркестрдің жетекшісі Зита Сванбаева және домбыра үйірмесінің жетекшісі Гүлдана Қалиева есімді апайлар жылы жүзбен қабылдап, алдағы болатын үлкен шараға қатысушылар тізіміне қосты. Сол мезеттен-ақ біз дайындықты бастап кеттік. Концертке деген күнделікті дайындық мені еш жалықтырмады. Керісінше, күннен-күнге күмбірлеген күймен, ұлттық аспаптардан шыққан үнді естуге асығатын болдым. Солай ұстаздарымның көмегімен жаңа күйлерді, шетел шығармаларын тез-ақ үйреніп алдым. М.Әуезов: «Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге құштар болып келеді»,-дегенді бекер айтпаса керек-ті. Расымен, оркестр менің өнерге деген құштарлығымды қайта оята білді.

Бар күшіміз бен уақытымызды сарпыған шарамыз қыркүйек айының 19-жұлдызында Алматының белгілі «Royal Tulip» қонақүйінде жоғары деңгейде өтті. Әлемнің 500 елінен келген ректорлар мен қонақтарға оркестр Құрманғазының «Сарыарқасы» мен «Адайын», Н.Тілендиевтің «Ата толғауы» күйлерін орындаумен қатар шетелдің шығармаларын да нақышына келітіре ойнап, үлкен қошеметіне бөленді. Шарада 80 адамнан құралған оркестрмен бірге мың бұралған бишілер, күміс көмей әншілер де өз өнерлерін ортаға салды. Ол өнерпаздардың бәрі, әрине, университетіміздің бетке ұстар жауһарлары еді. ҚазҰУ арқылы қазақты дүйім жұртқа таныта білген бұл шара, шетелдіктерге біздің рухани мұрамызды тереңінен ұғындарған болар деген ойдамын.

«Домбыра тартуды үйрену ауыз әдебиетін дамыта оқыту болып табылады. Аспаптың басты мақсаты, біріншіден, ойнауға үйретсе, екіншіден, домбыраны қағу мен пернесін басуға үйретеді, үшіншіден, дыбысы мен сөз саптауларына мән беріп ойлау жүйесін дамытады. Сонымен қатар оқушыларға сабақ берген кезде-ақ қағазға белгілі бір тақырыпта сурет бейнесін салып, оны музыка тілімен байланыстыра айтса, тіл байлықтарын дамытуға көмегі тиеді» дегенді бір жерден оқыған едім. Демек, менің таңдаған мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан, ол, әлбетте, домбыра өнерімен тығыз байланыста деген сөз.

«Қазақ нағыз қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра»,-деп Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, оркестрдің құрамында болып, өнер көрсеткеннен кейін осындай ойға келдім. Осы тұрғыда терең ой өрбітетін тоғызқұмалақтан облыстық атаулы мектептің иегері, ҚР білім беру ісінің үздігі, әкем Мұхтар Ержанұлының тоғызқұмалақ пен домбыра өлеңімен қорытындылаймын.

Тоғызқұмалақ пен домыбыра –

Рухани қос қанатым.

Бабамнан қалған сол мұра,

Ұлтымның ашқан санатын.

 

Он сегіз отау, қос қазан,

Даналық көзін зерлеген.

Өрісін ойдың ұзартып,

Тереңге құлаш сермеген.

 

Он сегіз перне, қос ішек,

Әуені сезім тербеткен.

Ұлым мен қызым бой түзеп,

Сазды үнімен бой жеткен.

 

Табиғат берген ұқсастық,

Бойлары қалай үйлескен.

Зерделеп көрген ойлы жан,

Таңданысты күй кешкен.

 

Осындай баба мұрасы,

Сусасам мейірім қанатын.

Қазақтың әрбір баласы,

Мақтанып айта алатын.

Тоғжан Мұхтарқызы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті

 


АУЫЛ СПОРТШЫЛАРЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ СПАРТАКИАДАСЫ БАСТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
04.10.2019 09:30

Кеше Жосалы кентіндегі орталық стадионда Ауыл спортшыларының ХХХІІІ «Алтын күз-2019» облыстық спартакиадасының ашылу салтанаты өтті. Онда аудан әкімі Мұса Қалдарбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Оспанов жарысқа қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.

Спорттың 16 түрінен (футбол, баскетбол, волейбол, қол добы, қол күрес, шақмат, гір спорты, асық ату, бес тас, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, Президенттік көпсайыс, көкпар, теңге алу, аударыспақ) 1000-нан аса спортшыны қамтитын спартакиадада аймақтың барлық аудандарының құрама командалары өнер көрсететін болады.

Ұлттық спорт түрлері мен бұқаралық спортты дамыту, ауылдық жерлерде салауатты өмір салтын қалыптастырып, спорттың маңызын арттыру мақсатында өткізілген спартакиадаға 1000-ға жуық ауыл спортшылар қатысуда.

Қай кезеңде болмасын дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі.

Спорт елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала екені баршамызға белгілі.

Бүгінгі күні өңіріміздің спортшылары халықаралық ірі жарыстарда топ жарып, еліміздің көк байрағының асқақтай түсуіне қол жеткізіп келеді.

Биылғы жылы аудан спортшылары ҚР біріншіліктері мен чемпионаттарында - 19 алтын, - 17 күміс, 19 қола медальды жеңіп алса, Әлем Кубогында 1 қола және Әлем чемпионатынан 1 күміс медальды иеленді.

Атап айтар болсақ, Ғалымжан Абдрахманов Минск қаласында (Белорусия) өткен самбо күресінен Әлем Кубогында қола жүлдегер атанса, Айша Әділбекқызы тамыз айында Ташкент қаласында таеквандодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Ағымдағы жылдың 2-6 қазан аралығында өткізілетін ауыл спортшыларының ХХХІІІ «Алтын күз-2019» спартакиадасы жексенбі күні қорытындылатын болады.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


АУДАН ӘКІМІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САҒАТ АЯСЫНДА ӨТКІЗІЛГЕН САБАҚҚА ҚАТЫСТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
03.10.2019 15:35

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, сондай-ақ Экологиялық ұйымдар қауымдастығының бірлескен бастамасымен өскелең ұрпаққа табиғи ресурстарды күту, сақтау мақсатында 2019 жылдың 3 қазан күні еліміздің барлық орта мектептерінде республикалық экологиялық сағат (экосағат) өткізілуі жоспарланған болатын.

Осыған орай бүгін Жалағаш ауданында Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектепте экосағат ұйымдастырылды. Республикалық көлемде ұйымдастырылған экосағат акциясына мектеп оқушылары мен ұстаздары, мектеп директоры және аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев оқушылармен бірге мектеп ауласына ағаш егіп, оқушыларға тал егудің, жерді көгалдандырудың пайдасы, маңыздылығы туралы айтып өтті.

Экосағат барысында әр оқушы өзінің табиғатқа, қоршаған ортаға, аңдар мен құстарға қатысты ойларын талқылап, пікірлерін ортаға салды. Республикалық акция барысында ұйымдастырлған экосағат өскелең ұрпақты табиғатты аялауға үйретіп қана қоймай, мектеп оқушыларын еңбекке баулиды.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


МАЛ ҰРЛЫҒЫН КӘСІП ЕТКЕНДЕР ҰСТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
03.10.2019 15:30

Тасбөгет полиция бөлімі қызметкерлерімен жүргізілген жедел іздестіру шаралары нәтижесінде мал ұрлықтарына қатысты күдік келтірген Қызылорда қаласының үш тұрғыны құрықталды.

Күдіктілер Қызылорда қаласының төңірегінде мал ұрлығын кәсіпке айналдырған.

Өздерінің заңсыз әрекеттерімен олар 6 азаматқа жалпы 3 560 000 (үш миллион бес жүз алпыс мың) теңгеге мүліктік залал келтірген.

Барлық деректер бойынша Қызылорда қалалық полиция Басқармасымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.

Ұсталған күдіктілер уақытша ұстау абақтысына оқшауландырылып, оларға қатысты соттың санкциясымен «қамаққа алу» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Сонымен қатар, тергеу органымен олардың облыс аумағында орын алған осындай тектес қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

 

Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

 


Салалық журналистика: мұнай және газ тақырыбына тән ерекшеліктер PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
03.10.2019 14:00

2019 жылдың 27 қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласында «KAZAKHSTAN ENERGY WEEK 2019 – KAZENERGY» ХІІ Еуразиялық Форумы аясында БАҚ өкілдеріне арналған «Салалық журналистика: мұнай және газ тақырыбына тән ерекшеліктер» атты семинар-тренинг өтті. Оған Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Нұр-Сұлтан, Орал қалаларынан журналистер қатысты.

Тренингті ұйымдастырған – Қазақстандағы «Шеврон» компаниясы және «Бизнес Медиа» компаниялар тобы» серіктестігі атынан республикалық «Деловой Казахстан» газеті. Экономика саласын зерттеп жүрген журналистерге арналған бұл шараның басты мақсаты – салалық, ең алдымен, экономика, іскерлік тақырыпқа негізделген журналистерді шақырдық. Өйткені тренингтің басты мақсаты – салалық журналистиканы, оның ішінде іскерлік, экономикалық журналистиканы дамыту журналистиканың қазақ тілінде дамуына үлес қосумен қатар, журналистерді отандық және әлемдік мұнай-газ индустриясының бүгінгі тыныс-тіршілігімен, сала ішіндегі трендтермен, мұнай кәсібіне тән ерекшеліктермен таныстыру; мұнай және газ саласына тән ақпараттарды, мәліметтерді дұрыс қолдану, мұнай және газ өнеркәсібіне экономикалық тұрғыдан талдау жасау тетіктерін игеріп, талқыға салу, т.т. Тренингті экономикалық журналистикаға, мұнай және газ саласына маманданған тәжірибелі журналистер, медиа-тренерлер Асия АКИШЕВА және Елена БУТЫРИНА бірлесе жүргізіп, тренингке қатысушылармен өздері жинақтаған мәліметтерімен, тәжірибелерімен бөлісті.

- Жалпы, бұл Қазақстандағы «Шеврон» компаниясы мен республикалық «Деловой Казахстан» газеті ұйымдастырып отырған үшінші тренинг деуге болады. Былтыр осы тақырыпта біз Атырау және Алматы қалаларында екі мәрте тренинг ұйымдастырдық, сонда менің байқағаным, мұнай және газ саласында деген шынайы қызығушылық, әсіресе, қазақ тілді журналистер тарапынан басым болды. Сондықтан да биыл өткізілген тренингке, біз, тек қазақ журналистерін шақырғанды жөн көрдік. Бұл жолы да тренингке қатысқан әріптестеріміз тақырып бойынша көптеген сұрақ қойып, өз білімдерін шыңдауға дайын екендіктерін көрсетті, – деді танымал журналист, медиа-тренер Елена Бутырина.

Айта кетейік, тренингте Қазақстандағы мұнай және газ өндірісінің жалпы құрылымынан бастап, еліміздегі ең ірі мұнай кеніштері, Каспий қайраңындағы геологиялық барлау жобалары мен көмірсутегі шикізаттарын тасымалдау бағыттары, көмірсутегі өнімдерін өңдеу саласы туралы, сондай-ақ әлемдік мұнай және газ нарығындағы мұнайдың сорттары, көмірсутегі өнімдері нарығындағы баға саясаты, ОРЕК ұйымы мен ОПЕК+ ұсыныстары туралы айтылып, жалпы іскерлік журналистика саласында қызу талқыға салынуы тиіс өзге де бірқатар тақырыптар қамтылды.

- Іскерлік форматтағы журналистика – ел экономикасының даму көрсеткішін айғақтайтын бағалаушы фактордың бірі. Оқырман мен көрермен тарапынан экономикалық ақпаратқа, экономикалық тақырыпқа деген сұраныстың артуынан халықтың ой-санасында, қимыл-әрекетінде, әл-ауқатында белгілі бір деңгейде трансформация орын алғанын байқауға болады. Өйткені, тұтынушы экономика ішіндегі құралдар мен тетіктерді қалай дұрыс пайдалану керек деген сұраққа жауап іздей бастайды. Ал, тұрғындар тарапынан туындаған қандай да бір қажеттілік экономиканың белгілі бір нарығын зерттеуге тікелей жол ашады. Сондықтан да біз, тренинг барысында, мұнай және газ саласын экономикалық тұрғыдан талдап, фактілер мен аргументтерді дұрыс қолдану дегенге басты назар аудардық, – дейді медиа-тренер Асия Акишева.

Тренингке қатысқан журналистердің пікірінше, БАҚ өкілдеріне арналған мұндай оқыту шаралары қазақ тілінде өте өзекті, оның ішінде, әсіресе, мұнай және газ саласына қатысты журналистердің басын қосатын өзіндік алаң аса қажет-ақ.

- Тренинг өте жақсы өтті. Мұнай саласы туралы білеміз дегеніміз бер жағы ғана екен. Ең бірінші, мұнай өндіру көрсеткіштері туралы ақпараттарды дұрыс ажырату, яғни мұнай және газ конденсатының көлемі дегендей, мұнайға қатысты баррель, тонна сынды өлшемдерді дұрыс қолдану, одан кейін ОПЕК алдындағы келісім өте қажет дерек болды. Сол сияқты мұнай және газ құбырлары туралы слайдпен берілген ақпарат та санаға жақсы сіңді, бұрындары, өз басым, тек Каспий құбыр консорциуымы туралы ғана білетін едім, – дейді «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінен қатысқан журналист Бауыржан САБЫРБЕКОВ.

- Атырау облысы қазақ мұнайының астанасы болғандықтан, өңірдегі жаңалықтардың басым бөлігі осы салаға тікелей қатысты. Өндірістің тыныс-тіршілігі, енгізілген озық технологиялар, мұнайшылардың еңбегі бұл маңызды тақырыптар атыраулық журналистердің назарынан тыс қалған емес. Енді, қазақ журналистеріне арналған осы тренингте тәжірибелі журналистер Асия Акишева мен Елена Бутыринадан үйреніп, көңілге түйгенімізді жұмыс барысында барынша қолданып, өндіріс жайын шемішкедей шағатын мықты сарапшы журналистер деңгейіне шығуға әрекеттенеміз деген ұмтылыс бар, сол үшін де осы тренингті ұйымдастырушыларға рақмет айтамын, – дейді «Атырау» облыстық газетінің журналисі Айбөпе САБЫРОВА.

- Тренинг өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұнай және газ тақырыбына қатысты біз білмейтін көптеген мәліметтер қамтылған, алдағы уақытта сол ақпаратты, сол деректерді өз жұмысымызда кәдеге жаратамыз. Тренерлер Асия және Елена ханымдар өздері зерттеп жүрген тақырыптар бойынша шебер мамандар екендерін көрсетті, оны сөйлеу мәнерінен, сөз саптауларынан-ақ бірден байқадық. Мұнай тарихы туралы да көп нәрсе біле бермейді екенбіз, оның сыртында мұнай саласын экономикалық тұрғыда зерттеп, талдаудың өзі ерекше өнер: тренинг барысында, өз басым осы тұрғыда тың деректер алдым. Жалпы, қазақ тілінде экономика тақырыбына, мұнай және газ саласына қатысты мұндай шаралар аз, сондықтан да, ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді әрі алдағы уақытта да журналистерге арналған осындай оқыту шаралары өз жалғасын тапса деген тілегім бар, - дейді «Орал өңірі» облыстық газетінің экономикалық бөлімінің редакторы Нұрбек ОРАЗАЕВ.

Тренинг барысында қатысушылар тарапынан да бірқатар ұсыныс айтылды. Республикалық «Қала мен Дала» газетінің онлайн нұсқасының редакторы Думан БЫҚАЙ: «Бүгінде қазақ журналистері мұнай және газ саласына қатысты терминдерді әркім өзі түсінген нұсқада аударып, қолданып жүр, біз осы мәселені көтеріп, алдағы уақытта сала ішіндегі терминдерді бір ізге түсіріп, түпкілікті дұрыс нұсқасын қолдануды қолға алсақ» дейді.

«Шеврон» корпорациясы – әлемнің біріктірілген жетекші энергетикалық компанияларының бірі. Компания мұнай мен газды геологиялық барлауды, өндіру мен тасымалдауды; көлік отынын және жанар-жағармай материалдарын қайта өңдеуді, маркетингін және өткізуді; мұнай химиясының өнімдері мен қоспаларын өндіру мен сатуды; сондай-ақ компания қызметінің барлық салаларында тиімділікті көтеру технологияларын әзірлеу мен енгізуді жүзеге асырады. «Шеврон» – Қазақстандағы жетекші жекеменшік мұнай өндіруші компания және елдің екі ірі Теңіз және Қарашығанақ кен орындары акцияларының иесі. Корпорация сонымен қатар, Каспий құбыр желісі консорциумының ірі жеке акционері болып табылады, сондай-ақ Атырау қаласындағы полиэтилен құбырлары зауытының және құбыр желісі арматурасы зауытын тиімді басқарады.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


«ШЕВРОН» ИННОВАЦИЯНЫ ҚОЛДАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
03.10.2019 13:40

«Шеврон» компаниясының Қазақстандағы әлеуметтік инвестициялары инновацияны жетілдіруге көңіл бөледі. «Шеврон» компаниясы ғылыммен және жаңа цифрлық технологияларға қатысы бар жастардың жобаларын белсенді түрде қолдайды. Ол – еліміздің екі ірі мұнай-газ кен орны Теңіз бен Қарашығанаққа инвестиция салған ірі жеке энергетикалық компания.

Индустрия саласының көшбасшысы бола отырып, «Шеврон» Қазақстанның болашағын құратын, орта мектептерде және университеттерде оқитын жас ұрпақтың инновациялық «start-ap» жобаларына қолдау көрсетуді ұйғарды. Осылайша соңғы бес жыл ішінде жүздеген жасөспірім бағдарламалау және әлеуметтік кәсіпкерлік негіздері бойынша интерактивтік оқуларға қатысып, өздерінің стартаптары мен жұмыс орындарын құрып, ғылыми конкурстар мен фестивальдарға қатысты. Компания жаңа технологияларды, ғылымды қолдайды, жас ұрпақ үшін зияткерлік мүмкіндіктер ашады, қалалық және ауылдық мектептердің мұғалімдерін және тренерлерін оқытады. Бұл жобалардың барлығын STEAM – Science (ғылым), Technology (технология), Engineering (инженерлік іс), Art (өнер), Math (математика) сөзіне біріктіруге болады. Осы жобалардың бірнешеуімен танысайық.

 

IteachMe

ITeachMe инклюзивтік білім беру жобасы мүмкіндіктері шектеулі жастарды оқытуға бағытталған. Оған Қазақстанның барлық аймақтарынан келген азаматтар қатысты. Осы бірегей жоба мүмкіндігі шектеулі жастар мен дені сау балаларды біріктірді. Жоба басшысы Захира Бегалиеваның айтуынша, жобаға қатысу олардың көбі үшін болашақ өмірге жол ашты. Бұл жерде олар бір-біріне көмектесуді, бәсекелесудің орнына қолдауды, топта жұмыс істеуді үйренді. Жастар ІТ технологиялар шекараларды жоятынына сене бастады.

Жоба барысында қатысушылардың біразы жұмысқа тұрып үлгерді. Жастардың бірі бағдарламалаушы, үшеуі ірі техникалық компанияға әкімші болып жұмысқа кірді. Сонымен қатар олар өздері Қазақстанда ІТ технологиясы бойынша 30 шара өткізуді шешті.

 

Робототехника

Оқушылардың арасындағы «Robocon Games» республикалық робототехника чемпионаты халықаралық ақпараттық технологиялар университетімен (ХАТУ) серіктестікте жүргізіледі. Чемпионатқа қатысатын командалар саны 15-тен 30-ға дейін өсті, қатысушылардың географиясы да кеңейе түсті. Алматы қаласында басталған чемпионат республикалық деңгейге көтерілді.

- Жарыстардың алдында дайындық мерзімі өтеді. Бес айдың ішінде Қазақстанның 30 мектебі «Arduino» микроконтроллерлерінің негізіне робот әзірлеумен айналысады. Оқушылар арасындағы «Robocon Games» дарынды жастарды анықтаумен қатар, Қазақстандағы робототехниканы робот құрылысының халықаралық стандартына сәйкестендіруге көмектеседі, – дейді ұйымдастырушылардың бірі, ХАТУ проректоры Медет Тұрғамбаев.

 

Astana Science Festival

British Council (Британ кеңесі), Назарбаев Университетімен, «Фонд науки» АҚ және OYLA ғылыми-танымдық журналымен серіктестікте ұйымдастырылған «Astana Science Festival» ғылыми фестивалі жастар арасында ғылым мен технологияны танытуға бағытталған.

Фестиваль аясында оқушылар арасында «Science Stars» ғылыми конкурсының және Қазақстанның жас ғалымдары арасындағы «FameLab» халықаралық конкурсының финалдары өтті. Шара қонақтары интерактивті дәрістер барысында ғылым және ғалымдар туралы қызықты фактілермен танысып, Назарбаев Университетінің зертханаларына барды, OYLA ғылыми-танымдық журналы ұйымдастырған ашық зертхана барысында өз ғылыми білімдерін тексеру мүмкіндігіне ие болды.

- Қазіргі заманда технологиялар біздің өмірімізді қарқынды өзгертіп жатқан кезде ғылыми білім беру, халықты ғылыми жетістіктер туралы хабардар ету, адамдарды ғылымға тарту дамуды дұрыс бағыттау үшін өте маңызды. Адамдар үшін жасалатын заттар түсінікті және қолжетімді түрде жеткізілуі керек. Мен үшін «FameLab» конкурсының жеңімпазы болу – үлкен абырой, – деді Артур Саудабаев марапаттау рәсімінде.

 

Girls in STEM Summer Camp

«Шеврон» демеушілік көрсететін барлық жобалардың ең белсенді қатысушылары – әдетте қыздар. Олар әйелдер үшін жаңа ІТ мамандықтарын үйреніп, табысты стартап құрады.

«Шеврон» компаниясының қолдауымен «Girls in STEM Summer Camp» 13 жас пен 18 жас аралығындағы қыздар лагері жұмыс істеуде. Бұл жерге келу үшін арнайы іріктеу конкурсынан өту керек. Олардың ойынша, адамзат тарихындағы ең маңызды өнертабысы туралы 2 минуттық видео түсіріп, қазіргі әлемде нені өзгерткісі келетінін және оларға лагерь несімен көмектесетінін айтып берулері керек.

- Мен ғылымға, бағдарламалауға үнемі қызығатынмын, – дейді Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Наргиз Асқарбекқызы. – Бірақ мен тек мектептегі білімдеріммен шектеліп қалып жүрдім. Лагерь маған осы шектеулерден айырылуға көмектесті. Мен болашақта немен айналысқым келетінін түсіндім.

2018 жылы жазғы лагерь қатысушылары, қыздар командасы үлкен сынып оқушылары арасындағы ҚР Ұлттық технологиялық даму агенттігі өткізетін конкурсты Паркинсон ауруына шалдыққан адамдарға арналған өздігінен тұрақтандырылатын қасықты ойлап тапқаны үшін жеңіп алды. Команда жобасын басқа 200 жобамен қатар таныстыру үшін Сингапурдағы технологиялық стартаптар конкурсына сапар сыйға тартылды.

 

Заңғар

Жергілікті үкіметтік органдармен, қауымдастықпен, білім беру мекемелерімен бірге компания жастарды өмірде, мансапта және қоғамда табысқа жеткізуге бағытталған Атырау қаласындағы жастарды дамыту бастамасын іске асырады. «Заңғар» жобасы оның маңызды бөлігі болып табылады және халықаралық жастар қорымен және Атырау облысы әкімдігімен серіктестікте іске асырылады. Бағдарламаның басынан бастап 2015 жылы 6000-нан астам жастар және 400 оқытушы өмірге қажетті дағдылар және STEM пәндері бойынша оқып, тренингтерден өтті, сонымен қатар фестивальдар мен конкурстарға қатысты.

 

FabLabAtyrau

«FabLabAtyrau» – білімді машықтап, жұмысты іс жүзінде көруге болатын тамаша жер» деп түсіндіреді №34 лингвистикалық гимназия түлегі Диас Өмірбеков. Ол №16 Ж.Қаражігітов атындағы лицей түлегі Бек Қалиевпен бірге электр мүгедек арбасы жобасын жасап құрастырды. Осы жылдар бойы бірнеше тамаша жоба іске асырылды, соның ішінде көздерінің көруі және естуі нашарлаған адамдарға түсті және дыбысты анықтайтын құрылғы, қауіпті ортаны зерттеуге арналған қашықтан басқарылатын робот және тағы басқа жобалар бар.

- Бұл біздің Қазақстанда іске асырып жатқан жобаларымыздың бірегейі ғана. Біз STEAM-ді халыққа кеңінен таратуға күш салу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігімен, еліміздің жетекші университеттерімен ынтымақтасамыз, новаторларды және бастамашылдар топтарын қолдаймыз. Біз Қазақстанның болашағы жарқын әлі жаңашыл болғанын қалаймыз, - дейді «Шеврон» компаниясының жұртшылықпен байланыс жөніндегі үйлестірушісі Жанар Қошпанова.

Қазақстандағы алғашқы лицензияланған «FabLab Atyrau» зертханасы жобаларды дамыту және құру үшін жастарға арналып ашылған. Зертхана заманауи құралдармен және жабдықтармен, соның ішінде 3D принтерлерімен, сандық бағдарламалық басқаруы бар жону білдегімен, лазер кескіштермен, металл жону білдегімен және басқа да құралдармен жабдықталған.

Н.ҚАЗИ

 


ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІНІҢ АЛЫБЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
03.10.2019 12:32

2 қазанда Қызылорда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Абылай хан колледжінде Қазақстанның халық жазушысы Ә. Нұрпейісовтің 95 жасқа толуына орай «Әдебиет әлемінің алыбы» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Кеште кітапханашы П.Қошқарова жазушының өмір жолы мен шығармашылығына шолу жасап, «Әдебиет әлемінің алыбы» атты кітап көрмесімен таныстырды. Сонымен қатар Абылай хан колледжінің қазақ тіл әдебиет пәнінің мұғалімі С.Ұлмағанбетова, кітапханашы А.Қоспанова, арнаулы кітапхана қызметкерлері А.Нүрлиева, З.Бисеновалар жазушының шығармалары және кейіпкерлері туралы әңгімелеп, кештің әсерлі өтуіне үлестерін қосты. Кеш соңында оқу орнымен алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс жасауға уағдаласты.

 


ДАРҚАН ДАЛАНЫҢ РИЗЫҚТЫ АРНАСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
03.10.2019 12:20

Сайлаубай  ЖҰБАТЫРҰЛЫ

жазушы,  көсемсөзші-эколог,

қоғам  қайраткері,

«Парасат»  орденінің  иегері

Біздің толымды да, арынды дарияларымыз, тарихи-жағрафиялық тағдыр ұйғарымында, сайын сахарамыздың шет-кемерін қиықтай түсіп жатыр. Жайық, Сырдария, Ертіс... Бұл сулардың ел-жеріміз үшін игілігін тізбелеп жату артық болар... «Бұйырғанның берекетін берсін» деген ата ұстанымында, сондайлық несібені ұтым-ұтырымен және рәсуасыз игеру – тиім-нәтижесін молынан беретін опалы тірлік екенін жаңа үрдістер, интенсивті шаруашылық жолдары жақсы дәлелдеп келеді. Ал сонау тарихтар «кесімдерін» жаңа уақыт талабында қайта бағамдап, өз ақиқатымызға үйлесімде игеру, өз мүддемізге сабақтастыра дамыту – бүгін мен болашақтың ділгір міндеті.

Заман өзгерді. Жаңа дәуір өз ағымында жаңа талаптар шоғырын алға тартты. Сол үдерістер легінде, жоғарыда аталған қом суларымызға қатысты мәселелер күн тәртібіне бір төбе болып көтерілді. Осы тұғырды тереңдете айтсақ, ең алдымен, Ертіс-суға деген көзқарасты түбегейлі өзгертетін уақыт жетті. Бұған негізді себеп жетеді. Соның да ішінде салмақты үш жайтты алға тарту ләзім. Біріншісі,  еліміздің  мәртебелі  бас  қаласы  –   Нұр-Сұлтан Сарыарқа төрінде еңсе көтерді. Екіншісі, Ұлы Даланың шоқтықты өрісі – Сарыарқада өндіріс орындары мен жасыл желекті танаптар аумағы айтарлықтай кеңге түсті. Үшінші, ғасырлар мен ғалам проблемасына айналған, Арқа іргесі, Тұран төріндегі Аралдың жайы бүгін әлемге мәшһүр...

Осы күні халықта «Еркін ағын  Ертісте қалды» деген пікір бар. Бұл рас сөз. Арналы суларымыздың ішіндегі әзірге тынысы тарылмағаны, ағыны апшымай келе жатқаны – осы өзен. Осыдан жарты ғасырдан астам бұрын Ертіс-Қарағанды арнасы (ЕҚА) сондай әлеуетке негізделе салынған болатын. Және ол еңбекті ақтап, өзінің өмірлік мәнін дәлелдеді де.

Ертіс, ең алдымен, Қазақ даласының шөлін қандыруы керек.

Ертіс-өзен, негізі, өзімізде өнеді. Дені, Алтай тауларынан бастау алатын өзеннің Семей қаласы тұсындағы жылдық ағын көлемі 30 млрд текше метр шамасында. Соның 8 млрд текше метрін Қазақстан игеру мүмкіндігі бүгін айтылып жүр. Ал Қара Ертістен 2 млрд т.м. су алып отырған Қытай-көрші принципіне бақса­қ, біз Ертістен алар су көлемін бұдан 2 еседей арт­тыруды көздесе дұрыс болар еді. Бұл көлем 14-15 млрд т.м. шамасы болуы мүмкін.

Осынау игілік көзі үшін Ерті­стегі «Шүлбі» бөгетінің 2-ші кезегі белгілі бір деңгейде­ жүзеге асуы тиіс. Және сол шама, кей мамандар айтып жүрген, Балтық жүйесіндегі 240 метр емес, 260 метр биік­тікте шығуы керек. Сөйткен жағдайда біз, «дарқан даламыз­ға мол көгілдір ризық келді!» деген толымды уәж айта аламыз.

«Шүлбі-2»-нің 260 метрлік деңгейінен бастау алып, Сарыарқаны солтүстік шығыс, сол­түстіктен жиектеп аға, Торғай қолаты арқылы бері құлайтын, өзағынды (самотечный), яғни, арзан, «Қазақстан арнасы» идеяс­ы өткен ғасырдың орта тұсынан бері бар. Идея тым ұзақ талқыда жатты. Бұған кеше­гі кеңестік орталықтың «қырын» назары да салқынын салды. Бірақ бұл енді өткен тарих... Бүгін негізі бар «Шүлбі» су тоспасы биіктетілуі керек.    260 метр деңгейде Ертіс арнасының біраз жері, аң­ғарлық орман-тоғай алабы су астында қалары  анық. Бүгін де бір­шама елеулі түрде қарсы айтылып жүр­ген контруәж осы. Әрине, су қоймасы жер алады, онысыз болмайды. Дүниеде мысалдар көп: Ресей-көрші бүткіл Еділ бойын «теңіздерге» айналдырды. Ол жерлерде елді мекендер, реликті орман-тоғай аз емес еді... Анығында, қайтарым-функциясы «Шүлбі-2» нысанынан аздау өзіміз­дің Қапшағай, Шардара су қоймалары да сондай қажеттілікте өмірге келген.

Ауқымды елдік мүдделер бізден ше­шімді әрекеттер талап етеді.

Жағрафиялық-стратегиялық тұрғыда Арқа төсіне сәтімен орналасқан астанамызда су мәселесі бой көтеруі мүмкін. Ар­қаның өзендер жүйесі жағдайында бұл күту­лі жайт. Жоғарыда орна­ласқан «Вячеслав» бөгенінің ендігі мүмкіндігі шектеулі бола бастады. Оған ЕҚА-нан түсетін су да жағдайды бүгін демегенімен, ертеңгі күн талабына толымды жауап  бере  алмайтын іспетті. Ал Нұр-Сұл­танның тым жақын болашағының өзі аса ауқымды екені көз алдымызда­ғы айқын ақиқат. Көп жылдардан ауыр металдар тұнған Нұрадан (ол құятын Қорғалжын көлдер жүйесі сұранысын айтпағанда) да Есілге көмек шамалы болмақ. Міне, осы ретті жағдайлар астанамыз үшін жаңа, әлеуетті су көзін ашуды күн тәртібіне қоя бастады.

Жалпы, Орталық Қазақстандағы су жетімсіздігі күн санап­ өткірленіп келе жатқан мәселе. Бұл демография, шаруа­шылық, экология кешендері қатарында байқалады... Осының бір шешімі: Есіл өзеніндегі жаңа су қоймасы түрінде жүзеге асатын болды. Ол – «Бұзылық» су қоймасы. Сәл тоқтала кетейік: Есілде көптен күтулі су қоймасы салына­ды. Көктем айларында ағынының 80 проценті мұхит асып кететін, осы мінезді өзеннің арыны басылып, енді онда бүкіл жаз бойы біршама кепілді, тұрақты су режімі орнайтын болады. Және де Державин қаласынан төмен, жылда­ тасқын басатын жерлер (әсіресе, Петропавл аумағы) проблемасы түбегейлі шешіле­ді. Егістік, өндіріс, елді мекендер, табиғат сұранысы тағы бар. «Бұзылықтан» іргедегі Сары­өзен-Сарықопа су жүйесіне су түсіп, мұнда кепілді табиғат теңгерімі орнауы мүмкін. Ал енді, осы жүйеден, жер ың­ғайымен, Торғай арнасы арқылы Аралға су беру мүмкіндігі – ертеңгі күн мүмкіндігі көрсететін жайт.

Бір сөзбен, Орталық Қазақстанда ылғал тапшы, су жетіспейді. Бұл – факт.

Ал Арал сияқты КСРО-дан қалған апатты мұраның моральдік уәжіне ешқандай имандылық ұстанымы қарсы келе қоймас. Иә, бізде ғалам ауқымды Арал мәселесі бар! Жоғарыдағы «Шүлбі-2» нұсқасында Ертіс қиналысты Аралға қол соза алады!

Осының барлығы сол нысанның бір 20 метр деңгей айырма­сында тұр.

Әрине, мұндай сан-сала ойларға, бір есептен, Сібір беттен күтілген мол су келе қоймағаны­ себеп десе де болар еді. Ресей­-көрші Солтүстік суының бір бөлігін Оңтүстікке бұру мәселесін жылы жауып қойды. Тіпті, одақтан қалған ортақ мұраның бірі – Арал мәселесін көре-тұра солай болды... Бізге енді трансшекаралық су мәселесінде жан-жаққа көп алаңдайтын рет жоқ. Сонау, жүзеге аспай қалған Сібір-Орталық Азия су жолы – «ғасыр арнасы» хақында осы күні әртүрлі пікір бар. Бір көзқарас: Ресей зиялылары сонау КСРО уағында шу көтеріп, мемлекет қолға алға­н сол істің іргесін шайқады, ақыры, «біздің мықтылығымызбен бетін қайтардық!» деген шулы науқанмен (тоқырау дағдарысы тағы бар), баста­маны омақастырып тынған еді. Енді, сол шулы дабыраның құр эмоцияға құрылған, негізі тайыз­ бос сөз болғанын, ол арнаның алыс перспективаға кетер,­ әр тарапты, сан-салалы пайдасы боларын сол елдің зиял­ы  қауымы бүгін өкініш­пен айтып жүр. Ал енді бұған «біздің жақ» пікірі төмендегіше: «Сібір арнасы Қазақстанды сол суға деген тәуелділікке байлап қоюы мүмкін», «ол түстік өзендердегі (әсіресе, Сырдариядағы) үлесті суы­мыздан  айырылып  қалуға  әкеп соқтыр­ады».

Анығында, Сібірден келер судың біраз бөлігі Ресей-Түмен жері үшін «жұмыс істеп» қайта­тын Ертіс, Есіл, Тобылдық өз суымыз екені есте болғаны жөн... Ендігі, тең құқықты егемен елдер арасында ала-құла, біржақты саясат жүре қоймас. Әлем тәжірибесінде әділдік, теңдік, кепілділік тетіктері бар. Мысалы, Ұлы даламыздың өзен арнасы ғана емес, әлемдік өмір арнасына айналған Еуропа – Оңтүстік-Шығыс Азия қуатты транзиттік рөлін осы ретте неге күшті балама ретінде­ пайдаланбасқа! Және Солтүс­тік суы Оңтүстікке керек бол­ғанда, Оңтүстіктің өнімдері Солтүстікке қажет болмас па? Тарих пен даму жолдары түбі тиімді көршілікті осындай үйлесімге келтіреді. Тек, тең ынталы, тең құқықты, кепілді іс тетіктері табылмағы мақұл. Бұл үшін дипломатиямыз жұ­мысы мен шаруашылық есебі­міз мүлтіксіз болуы керек. Бұған Оңтүстік көршілер де өз мүдде, өз есебінде қатысуға ынталы болуы әбден мүмкін...

Біз үшін ең маңыздысы: Сырдариядағы сыбағалы суымызға бұның еш әсері болмауы тиіс! Болуы мүмкін де емес. Ол суымыз – киелі құндылық және ол түбегейлі қорғалуға жатады­.

Түбі, Сібір суы Тұранға, ал Еділ суы Қазақстанның батыс өлкелеріне келеді. Тарих жүрісі адамзатты осыған қалай да келтіреді. Мына буырқанған дүниеде әркім өз су-батпағымен, шөл-даласымен, томаға-тұйық оқшаулықта отыра бере алмайды. Ендеше, төмендегі ойларды әлдебір қисынсыз қиял шалқуы деуге болмайды: Батыс Сібір – Тұран су арнасының негізді жобасы өткен ғасырдан дайын тұр. Тең құ­қықты елдер енді осының саяси, экономикалық шарттарын жаңадан қарастыра-қалыптастыра, қайта оралуы керек. Ал Еділдің бір арна суы Саратов су қоймасы, Балаково мекені тұсынан, Ресей даласын суландыра, Батыс Қазақстанның Кіші өзен, Чапаев бағытымен Бейнеу маңына өз ағынымен келуге сұранып тұр. Және де кешегі жоспарда бар, Ресей терістігіне кетіп жатқан Печора мен Вычегда суларымен Еділді үстелеуі – қисын жолы. Елбасымыз Санкт-Петербургтегі алқалы жиында ұсынған экологиялық, экономикалық берері мол Азов – Каспий арнасы да ойда жүр. Түбі, Еділ мен Каспий зардап шекпеуі тиіс. Тек жоғарыдағы нұсқалардың ел­аралық саяси, заңдылық, экономикалық негіздерін бекем, сауатты жасақтау – елдік мүдде мұраты.

Бір сөзбен, келешегі кең болар тарих үшін шақырып тұрған өрісті бастама бағыт­тары көп. Келер жақсылықтың жолын қазірден аша беру – ақыл ауанындағы ұтымды тір­ліктер болар еді.

Ертісті сайын даламызға әкелу – осының ең жақын тұр­ғаны. Ертіс-өзен мұхитқа құя­ды. Және Ертіс, бүгінгі Қазақ елі ақиқатында, дарқан даламыздың көгілдір ризығына айна­латын  болады.

Ресей-көрші өз қажетінде Ертісті Құлынды даласы ар­қылы Ақсу тұсында Обьтен үстеулейік десе, бізден оған қарсылық  бола  қоймас.

Бұл нұсқа да Оңтүстікте, Сыр атырауына келетін дәс­түрлі ағын режімін бұзуға неме­се оны тоқтатуға әкеледі деген сөз емес. Кеңес кезінен заң­дас­тырылған Сырдариядағы 12 млрд т.м. үлесті, таза суымыз  бар.

Сырдария ағынына еш балама­ болуы мүмкін емес!

Оңтүстік суларының құны бүгін алтыннан қымбат бола бастады. Осы ретте, Сырдария­ның тек Қызылорда жеріндегі жағдайына тоқталу қажеттігі бар. Соңғы кездері Сырымызда­ қалған аз ағынды мейлінше шаруашылық мақсатында игеріп қалу үшін жаңа су қоймаларын салу күн тәртібіне көтеріле бастады. Қызылорда облысының өзінде осы күні «Күміскеткен», «Қараөзек» қоймаларын салу жоспарлануда. Және бұл ондаған жылдар бойы Арал халқы табанды түрде сұрап отырған бір деңгейлі «Кіші Арал» теңізін кө­теру ұсынысына қарағанда, қажырлы, жедел түрде қолға алынды. Жаңа гектарларға молыр­ақ су керек. Және қойма­лардың булану, жерге сіңу шығын­ы ыстық өлкеде көп көлем талап етеді. Сонда қалай? Оңтүстік көршілер дария бойына осындай құрылыс саламыз десе, біз Аралды алға тартып, әлеумет-экология жайын­ айтып, халықаралық ауқымда орынды сөз көтереміз. Бұл әлем кеңістігінде сауатты, өркениетті, дұрыс қадамдарға жатады. Ал өзімізге келгенде, Сырымыз үшін әй дейтін ажа, қой дейтін қожа болмағаны ма? Азын-шұғын су ағып жатыр екен деп, Сырдың шамалы ағынына қол сала беру не? Ел пікірімен санасу, қоғамдық тыңдаулар болды ма?

Кезінде КСРО шөлді өлкеде толыса ағып жатқан еркін дариялардан экономикалық, әлеуметтік, тіпті, демогра­фиялық ырғын пайда көріп, аса салмақты уәждермен Аралды жоқ етіп тынып еді. Осы 1993 жылғы тұңғыш Арал саммитін­де қатты сынға алынды. Ел­басымыз дариялар бойындағы біржақты саясат: дара дақылдар экспансиясын тежеу, эксте­нсивті, ысырапшыл су пайда­лану ісін тыю, үнемді тәсіл, шаруа­шылықтарды әртарапт­андыру, Арал ахуалы, экологияны оңалту жайын баса айтып еді. Ең бастысы, сондай әсіре прагматикалық, бір­жақты тарих саясатына (дара дақылдар экспансиясы, шаруа­шылық жолында табиғатты жұтата беру, көз алдында аққан суды тіршілік уәжімен әйтеуір ала беру) бүкіл дүние, ұлы Тарих­ үкім айтқан жоқ па? Сырда шамалы су қалған екен деп, енді сол өткенді қайталау дұрыс па?!. Мұнан дария атырауына, теңізге не қалады?

Бұл жерде, жоғарыдағы, әлеуеті мол Ертісте жасалатын, гуманистік сарыны басым­ әрекет-шара мен Сырда салынбақ қоймалардың екі түрлі мәні күмәнсіз ұғынылуы керек.

Жалпы, кейінгі тарихымызда Сыр бойы, дария суын пайда­лануда экологиялық мәдениет кемшіндікте қалып тұр. Бұның шет-пұшпағына көз жеткізу үшін көп амалдың қажеті жоқ, Сыр бойындағы жолдармен жай ғана жүріп өтудің өзі жеткілікті... Төменгі Сыр табиғаты жүдеп тұр... Солтүстік Арал факторы осы, экологиялық мәдениет көтеру­ді  қамшылап, су рәсуасын шектеуге сеп болуы тиіс еді. САРАТС жобасының шоқ­тықты кезеңі – «Кіші Арал» ең алдымен, Сырдария ағынына есептелген.

Қазақстанда «Арал теңізін келеге келтірудің бірінші батыл­ қадамы» деп жария­ланған Солтүстік Аралды көтеру ісі өз жалғасын солай күте, ошарылып қалды. САРАТС­ жобасының бірінші кезеңі біткеніне 14 жыл. Көп уақыт. Бұл созылыңқырап кеткен шаруаның шешімін табу Сыр бойында әлі де жүріп жатқан сыңайлы... Сөйтіп жүргенде, қолда бар «Көкарал» бөгетінен айырылып қалу қаупі де келіп жетті. Осы мәселе қазір нақты шешілу­ үстінде сияқты.

Суы шөміштеп бөлінген Сырдария жағдайында, мәні терең «Кіші  Арал»  идеясының жүзеге  асуы жоғарыда айтыл­ған ойлар бедерінде оң шешім­ге біртабан жақындай түсері хақ. Арал үміті – жан-жақта. Кіші  теңіздің 50-51 метрлік деңгейіне есептелген жұмысты, көп шайқақсыз, қажырлы түрде баста­п кететін уақыт жетті. Орнықт­ы жұмыс ертеңгі күнге есеппен істеледі. «Іс оң шешіл­сін» деген шаруа қисыны, жұмыс талабы солай. Бұған негіз бар. Болашақ бар. «Көк­арал» дайын болса, әр тарапт­ан келер су көздеріне теңіздің «құшағы» әрдайым ашық  тұратын  болады.

Арқадан келер молшылық Солтүстік Аралды ел күткен ежелгі  жағасына жеткізсе, онан әрі Халықаралық Аралды Құт­қару Қоры ойға алған, Ұлы теңіз беттегі «Көкарал атырауы» жобасына да жол ашылар еді. Осы ретте, проблемалы теңіз үшін Республикамыз атқа­рып жатқан нақты шаралар кешені басқа көршілердің ешбірі­нде жоқ екенін де айта кету керек.

Өркендеулер мен серпіліс­тер күтіп жатқан сайын сахарамыздың ертең келер көгілдір арналы ризыққа сабақтасар болашағы берекелі болады деген сенім зор.

(«Егемен  Қазақстан», №190, 2.10.2019 жыл.

Мақала автордың толық нұсқасында беріліп отыр).

 


«NUR OTAN»-да ТАЗАЛАУ ЖҮРІП ЖАТЫР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
03.10.2019 12:15

Елдегі ең пәрменді «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққ­а нық қадам – «Nur Otan» партиясының  7 серпіні» атты бағдарламасында жемқорлықпен күресті күшейту мен партиядан лайықты емес мүшелерд­і шығару үшін тиісті шаралар қабылдау керектігін ескерткен еді. Партия төрағасы мұны текке­ қозғамағаны анық. Рас, бүгінде таяқ лақтырсаң, «нұротандықтарға» тиетін болды.

Мәселен, Қызылорда облысындағы 800 мыңға тарта тұрғынның 48 мыңға жуығы бас партияның мүшесі  атанып  үлгерген. Кеудесіне «Nur Otan»-ның төсбелгісін жарқыратып таққандар саяси ұйымның­ салмағын қаншалықты сезініп жүр? Осы мақаланы әзірлеу барысында партия қатарына өткен азаматтармен де тілдескенбіз. Алайда олардың­ дені партия жұмысынан хабары жоқ екенін жеткізді. Демек, билік партиясын «тазалау» өзекті тақырыпқа айналғанын ұқтық. Мұны Елбасының өзі де айтты. Оның «саннан сапаға мән беру керек» дегені бекер емес. Бұл тапсырма қалай орындалып жатыр?

«Nur Otan» партиясы партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев өзінің «Facebook» парақшасында соңғы 2,5 айдың ішінде партиялық тәртіпті бұзған 79 мыңнан астам мүше партия қатары­нан шығарылғанын жазды. Ал жетек­ші партияның Қызылорда облыстық филиалы ұсынған мәліметке сүйенсек, партия  қатарынан 2017 жылы – 1486 адам, 2018 жылы – 1007 адам, 2019 жылдың  8 айдың қорытындысы бойынша 3721 адам мүшеліктен шыққан көрінеді. Жалпы, «Nur Otan» партиясының Жарғысында, Этика Кодексінде «Егер партия мүшесі сыбайлас жемқорлықпен ұштасатын немесе сыбайлас жемқорлық үшін жағдай жасайтын сыбайлас­  жемқорлық құқықбұзушылық­тарға  жол  бергені үшін «Партия қатарынан­ шығару» түрінде жаза қолдану көзделген. Жыл басынан бері партия қатарында болған­  6 азамат сыбайлас жемқорлық фактісін­е  жол  беріпті.

– Бұл бағытта облыстағы 51 350 партия мүшесінің сапалық құрамына да талдау жасалып­, жыл басынан бері жарнапұл төлемег­ендер, байланысын үзген 4 083 адам партия құрамынан шығарылды. Бүгінгі күні партия мүшелерінің саны 47 806 азаматты құрайды. Бұл жерде Елбасы тапсырғандай, санға емес, сапаға басты назар аударып отырмыз­. Біз екі айдың көлемінде партиямыздың беделіне нұқсан келтірген, яғни сыбай­ластық фактісі бойынша 6 азаматты партия қатарынан шығардық. Оның 2-еуі – Арал ауданы, 3-еуі – Сырдария ауданы,  1-еуі  –  Қызылорда қаласының азаматтары, - дейді «Nur Otan» партиясы Қызыл­орда облыс­тық филиалы төрағасының орын­басары Ақмарал Әлназарова облыстық «Сыр бойы» газетіне берген сұхбатында.

Жемқорлыққа  жол  берген  азаматтардың  бірқатары 10 жылдан аса билік пар­тиясының  мүшесі  болғандар  екен.

Осылайша, уағында билік партиясына өтіп алғандар билеттерін біртіндеп тапсырып  жатыр.  Бұл  бағыттағы  жұмыстар  бүгін бітпейтіні  сияқты.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


Мүгедектер мұңы: ҚОЛДАУ мен ҚОРЛАУ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
03.10.2019 12:10

Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау шаралары 40 пайызға артса да, қызылордалық 1300 мүгедек қамқорлықсыз қалған. Ол аз десеңіз, қолдауды қажет ететін 3 және 5 жастағы бүлдіршіндерге ересек адамдарға арналған арба берілген. Сорақысы сол, 2 мыңнан аса әлеуметтік нысанның тең жартысы мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделмеген. Ал аталған топтағы азаматтардың жеке көмекшілері жалақысы жөнді төленбеген соң жұмыс істеуден бас тартқан көрінеді. Жоғарыда сөз болған мәселелер облыс прокуроры Н.Бижановтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды.

Бүгінгі күні облыста 30 мыңға тарта мүгедек бар. Бұл өңірдегі жалпы халық санының 3,7 пайызын құрайды. Оның 6 мыңға жуығы – балалар. Былтыр протез­дік-ортопедиялық көмек алуға жүгінген  4  мыңға  жуық  мүгедектің 393-іне көмек берілмеген. Жаңақорған ауданында мүгедектердің 154 жеке көмекшілеріне қызмет ақылары бұрын­ғы­ коэффициентпен төленіп келген. Бұл жөнінде облыстық прокуратураның басқарма бастығы Нұркен Тұрғанбай баяндады.

– Жалпы, бізде 1048 мүгедекке небәрі 15 инватакси қызмет көрсетеді. 1 жылда мүгедектерден 16 мыңға жуық сұраныс түседі. Әрине ол жеткіліксіз. Оның өзінде 15 таксидің 8-і мүгедектерді тасымалдауға бейімделмеген. Яғни арбамен жүретін мүгедектерді көтеріп отырғызуға автокөлік мүлде бейімделмеген. Осындай проблема туындап отыр. Біз облыс­ әкімінің алдында осы мәселені көтердік, - деді  ол.

Жыл басында мемлекеттік сатып алу жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылмауы салдарынан І топ мүгедектерінің көмекшілеріне 45 миллион теңге қарыз қалыптасқан. Аталған мәселе әлі күнге дейін өз жауабын таппаған.

Сырдариялық мүмкіндігі шектеулі азаматқа аудандағы жауапты сала мамандары куротқа бару туралы бір күн қалғанда хабарлаған. Соның салдарынан қамкөңіл жан шипажайда демалу мүмкіндігінен айырылыпты.

Қысқасы, бұл салада қордаланған мәселелер тым көп. Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев салаға қатысты айтылған сын шымбайына батты­ ма, әйтеуір аймақтың бас прокурорына:

– Нұреке, маусым айында Үкіметте «Мүгедектерді құқықтық қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде 2025 жылға» дейін Ұлттық жоспар қабылданды. Жоспар аясында келер жылдан бастап әлеуметтік қызметтер порталға енгізіледі. Жоғарыда айтылған курорттарға бару, мүгедектерге арналған арбаны сатып алу сынды жұмыстар мемлекеттік сатып алу жұмыстарына байланысты болып тұр. Қаңтар айында мемлекеттік сатып алу порталына конкурсты жариялаймыз. Мердігерлер соттасады. Сөйтіп, бұл жұмыстар тамыз айына дейін жалғасады. Жылда қайталанатын  жайт  осы, - деді.

Сондай-ақ, ол Қызылорда облысы әлеуметтік салаға көрсетілген қолдау шараларын орындау бойынша республикада  3 жыл қатарынан бірінші орында­ тұрғанын айтты. Бұдан бөлек, сала басшысы инватакси қызметін көрсетуге аудандарда ниетті кәсіпкерлердің жоқтығ­ын алға тартты.

– Бұл мәселелердің айтылғанына  2 жыл болыпты. Облыс әкімдігінде де талқыла­нды. Мысалы, осыдан 2 жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай қарастырылмаған 1 мыңнан аса әлеуметтік нысан болса, әлі сол қалпында тұр. Неліктен? - деді облыс­ прокуроры. Ал бұған Тал­ғат  Тұрсынұлы:

– Мүгедектерге жағдай жасамаған мекеме басшыларына ұсыныс хат жіберіп, атал­ған проблеманы шешу мақсатында жұмыс істеуге шақы­ра­мыз, - дегені сол еді, Нұрлан Бижанов:

– Осы түйткілді шешпеген мекеме басшыларын әкімшілік жауапкершілікке тартып, қажет болған жағдайда қызметтен босату керек, - деп ескертті.­

Одан әрі облыста үйден оқытылатын оқушыларға сабақ беретін мұғалімдер мәселесі талқыланды. Бұл салада да былық аз емес. Мысалы, Жаңақорған ауданындағы 42 мектептегі 152 мүм­кін­дігі шектеулі балаларға сабақ беретін 502 педагогтің тек 25 пайызы ғана арнайы курстардан өткен. Одан бөлек, Жалағаш ауданында үйден оқытатын 326 мұғалімнің бірде-біреуі инклюзивті білім беру саласы бойынша арнайы оқу курстарынан өтпегені анықталған. Мұны облыстың бас педогогі де растағандай болды.

– Инклюзивті білім беруді дұрыс ұйымдастырмаған Арал, Қармақшы, Жалағаш, Жаңақорған аудандарындағы білім саласының мамандарына (11 адамға) тәртіптік  шара  көрілді.

Облыста 150 баланы қамтитын 3 оңалту орталығы жұмыс істейді. Ағымдағы жылы 181 балаға қызмет көрсетілсе, оның 21-і мектепке қосылды. Дегенмен, прокуратура мамандары жүргізген тексеру барысында олқылықтар анықталып, бірқатар мектеп басшыл­арына тәртіптік шара көрілді, - деді басқарма басшысы Майра Мелде­бекова.­

Сондай-ақ, алқа отырысында мүгедектермен құрылған қоғамдық бірлестік өкілдерінің ұсыныстары назарға алынды.­ Жиында облыс әкімдігіне мүмкіндігі шектеулі адамдардың әлеуметтік қорғау, оңалту жүйесін жетілдіру және арнаулы әлеуметтік қызметтердің тиімділігін арттыру бағытында Жол картасын жасақтау ұсынылды.

Қозы  Көрпеш    ЖАСАРАЛҰЛЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қазан 2019 >
  1 2 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары