Өзекті мәселелер

  • 16.10.19

    Тәуелсіздік күні қарсаңында «Шіркейлі» арнасындағы көпірдің ашылу салтанаты өтеді... «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға беріледі... Жыл басынан бері сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 16 млн 822 мың теңге айыппұл салынған... 2019-2021 жылдары газдандыру жұмыстарына 22 млрд теңге қаржы бөлінеді...

    ...
    Толығырақ...
  • 16.10.19

    «Алтын дән – 2019» мерекесі қалалы­қ ипподромда ат бәйгесімен жалғасын тапты. Мұнда шабан­доздар тай, құнан, тоқ, аламан­ бәйге сынды 4 түрінен сынға түсті. Бәйгенің ең ұзағы (аламан) 25 шақырым болса, тай бәйгеде шабан­доздар 4 шақырымға шапты.­

    Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов шараға қатысып, диқандардың жеткен жетістігіне тоқталып, облыс­тағы ат спортына бөлінген көңіл турасын­да  айтты...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Мұны бәріміз де көп күттік. Жиырма жыл. Аз уақыт емес. Сөз жоқ, бұл жеңістің өзі оңайлықпен келген жоқ. Жасыл алаңда жан беріп, жан алысқан сәтті теледидардан телміре тамашалап, күйініш пен сүйінішті көрудің өзі бір ғанибет­  екен. Бұл күнге дейін не айтыл­мады, мақтау да, даттау да айтылды, бірақ біздің жігіттер жарады. Біздің айтып­ отырғанымыз – жексенбі күні елорда төріндегі «Астана Арена» ...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінд­е ұсынған «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік саясаты қоғамның барлық саласын қамтиды. Әсіресе, президент көпбалалы отбасыларға қол­дауды арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды. Өйткені, елімі­здегі баспанаға мұқтаж азаматтар саны азаймай тұр. Сандарды сөйлетсек, елдегі үй кезегінде тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың жалпы­  саны 28 мыңнан...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Қызылорда облысында экономика саласын дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетік­тері тиімді пайдаланылып келеді­. 2017 жылдан бастап мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, жалпы өндірістік өнім көрсеткіші бойынша оң өзгеріс байқалады. Бүгінде өңір экономикасының барлық салас­ында тұрақты өсім қамтамасыз етілуде. Тек өнеркәсіп өндірі­сінде мұнай ұңғымаларының сулану­ы ...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 09 Қазан 2019

МИЯ СИРЕП, ҰЯДАН ҚҰСТАР БЕЗДІ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
10.10.2019 11:55

Қызыл мия тамырының талапайға түсіп жат­қандығына бірнеше жыл болды. Егер Қытай әлемдік фармацевтика саласында үлкен төңкеріс жасап жатқан болса, оған өзіміздің Қызылордадан шығатын миямыздың үлесі бар. Қасіреті сол, емдік қасиет­і мол қызыл мияның қасиетті тамыры «шетелді­к инвесторлардың» оңай олжасына айналып­ отыр. Арзан табысты көздегендер бұл іске атсалысуын қояр емес. Ал біз әлі күнге дейін дәрілік өсімдігімізді үлкен өндіріс саласына айналдыра алмай­  отырмыз...

 

ҚУРАЙ  ДА,  ҚЫЗЫЛ  МИЯ  ДА  –  БІР

Қасиеті жағынан қызыл мия артық болғанымен, құны жағынан осылай боп отыр. Жабайы бизнес жолына түскендер қасиет­ті шөптің тамырын түбі­рімен қопарып, экспортка жіберіп жатыр. Мұның ең басты себебі – мия «Қызыл кітап­қа» енбеген. Оны қалай болса солай пайдаланып жүргендер­дің жүгенсіз кетуі сондықтан. Оның тамырынан пайда іздегендер оның 15-20 тоннасын екі-үш күнде шетел асырып жатыр. Қытайдың дәстүрлі медицинасында мия тамырынсыз бірде-бір дәрі-дәрмек жасал­майды. Оны олар өнді­рісте те пайдаланады. Ең өкініштісі, құзырлы мекемелер оны заңсыз саудалайтындарға тосқауыл бола алмай тұр. АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комите­тінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің айтуынша, «Қы­зыл кітапқа» енбесе де, қызылмияны жұлу – заңға қайшы. Өйткені, ол дәрілік өсімдіктер қатарында. «Егер оның орман билеті болмай, заңсыз терсе, әкімшілік құқықтық жазаға тартылады. Арнайы айыппұл салынады. Дәрілік шөпті шетелге экспорттауға болады. Ол үшін дәрілік шөпті даярлауға негізделген рұқсатнама қағазы және экспертизалық талдамадан өткен биологиялық негіз­демесі болу керек» дейді.

Қайткен күнде де бағалы өсімдікті «Қызыл кітапқа» енгі­збей, тамыры тереңге жа­йылған кәсіпке балта шабу мүмкін болмай отыр.

 

БАҒАЛЫ   ӨСІМДІКТІ  ӨҢДЕЙТІН   ОТАНДЫҚ  ЗАУЫТТАР   НЕГЕ   АЗ?

Қызыл мияның ерекшелігі, шығынды қажет етпейді. Ыстық пен суыққа төзімді. Бір ексе, ондаған жыл бойы шыға береді. Оның тамырын косметикадан бастап, консерві жасауға, шырын шы­ғару­ға, қант өндірісіне қол­данады. Дәрі-дәрмек жасау екіба­стан онсыз жүргізілмейді. Ең өкініштісі, табиғи байлығымызды тиімді пайдаланып жатқан фармацевтикалық кәсіпорындар өте аз. Ақтөбеде орналасқан өндіріс ошағы қызыл мия тамырының сығындысын алып, жөтелге қарсы шәрбаттың екі түрін дайындайды. Кәсіпорын жылына миллион дана дәрілік өнім шығарып, еліміздің түкпір-түкпіріне таратады. Ал қызыл мияны өңдейтін еліміз бойынша отандық екі зауыт ғана бар. Орал қаласындағы өндіріс орны жылына 3 мың тонна мия тамырын өңдей алады. Алайда зауыттың жұмысы шикізат тапшылығынан алға жылжымай тұр. Осыған қарап, өзгеге кетіп жатқан өсімдік өзімізге бұйырмай тұр деуге болады. Қызылорда облысында озық технологиямен жабдықталған қазақ-қытай бірлескен кәсіп­орны тамырдан таршылық көріп отырған жоқ. Бүгінде бұл аймақтың 10 мың гектар алқа­бына­  мия егілген.

 

ШИПАЛЫ   ШӨППЕН

ЕМДЕЙТІН   ОРТАЛЫҚТАР  КЕРЕК

Қазақ – әу бастан дәстүрлі емнің ебін білген, шипалы шөппен дертке дауа тапқан халық.  Қазір осындай орталықтар жоқтың қасы. Ата-бабаларымыз кезінде осы қызыл мия тамырын да халық медицинасында ұтымды қолданыпты. Ең алдымен күйзеліс пен ұмытшақтықтан арылу үшін және қалқанша без ауруларын емдеген. Осыған қарап-ақ мына қоғамда жүйкелеген жұрттың жан жарасын жазуға таптырмас өсімдік екенін айтуға болады. Табиғи шөп дәрілермен емдеу орталығының бас директоры Сүлеймен Аралбай – халық медицинасының санаулы жалғастырушы­ларының бірі. Ол басы ауырып, балтыры сыздағандарға осы тамыр­ды ұсынып, көмектескен. «Бұл шөптің көк бауыр, бауыр, асқазанның қуатын арттыра­тын емдік қасиеті бар. Тыныс жолдары, өкпеге пайдалы. Жөтелге қарсы қайнатып ішуге  болады. Қит етсе, Қытай, Тибет медицинасына жүгіре­міз. Ал өзіміздің қазақ медици­насы әлдеқайда тиімді. Расымен де ұшы-қиыры жоқ даламызда өсіп жатқан табиғи байлығымызды игерудің жолы бір ізге қойылмаған. Сондықтан оған сеніп, еміне шипа деп қолданатындардың қарасы аз» дейді ол.

 

ҰЗАҚ   ӨМІР   СҮРУДІҢ  СИҚЫРЛЫ   ТАМЫРЫ

Шынтуайтында мия тамырынан 1000-нан астам пайдалы өнім жасауға болады. Бұл өсімдікті тамақ өнеркәсібінде, косметологияда қолданбайтын елдер кемде-кем. Тіпті, мия тамырын ауыр өнеркәсіпте де, оның ішінде, темірдің қуатын күшейтуге, тоқыма өнеркәсі­бінде де қолданады екен. Германияда мия тамырынан жақпа майлардың 20-30 пайызы жасалса, Тибетте мия тамырын «ұзақ өмір сүрудің сиқырлы тамыр­ы» деп атайды. Онда жас­тық реңді сақтау үшін қайнатып ішеді. Ал Қытайда мия тамырының адамды жасартатын қасиеті 3000 жыл бұрын дәлелденген. Бұл елдің дәстүрлі медицинасында мия тамырынсыз бірде-бір дәрі жасалмайды. Тамақ дәмдеуіш қоспаларға да мия тамыры қосылады. Тәтті­лігі жағынан бұл өсімдік қанттан 50 есеге артық. Қазір газдал­ған тәтті сусындардың денсаулығымызға зиян екенін жиі айтамыз. Алайда бұл сусындардың құрамына қант қоспай-ақ, мия тамыры арқылы емдік қасиетін күшейтуге болады.

Сондықтан Финляндия, Норвегия, Дания, АҚШ мемлекеттері түрлі тәтті шоколад­қа осы өсімдікті пайдаланады. Тіпті, шикізат тапшылығынан Қытай билігі 2008 жылдан бастап­ мия тамырын баж салығынсыз тасымалдауға рұқсат берген.

 

 

СӨЗ   СОҢЫ

Осыдан 40 жыл бұрын елі­мізде 50 мың гектар аумақта 100 мың тоннадан аса қызылмия өссе, 90-жылдары оның көлемі 70 мың тоннаға дейiн азайған.

Қазір өсімдіктің мөлшерін анықтау оңайға соқпай тұр.

Мия тамырынан пайда тауып­ отырғандар, оның айналасында еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген жойылып кету қаупі бар өзге де өсімдіктер өсетінін біле бермейді. Сондықтан қасиетті жерлеріміз бен қадірлі өсімдіктерімізді көзі­міздің қарашығындай қорғайтын, табиғи байлықты ұтымды игерудің кешенді бағдарламасын құру керек. Егін шаруашылығының мамандары осы арқыл­ы ел экономикасына миллиардтаған табыс әкелуге әбден болады деп отыр.

Онда неге оған мемлекеттік тосқауыл қоймасқа?!

 

***

Қасиетті өсімдіктің қадірін білмей, қолда бардан қағылып отырған тұста Қадыр ақынның өлеңі көмейге құйылып түсті:

Біздің сайда болатын мия қалың.

Ауылдастар ойлайтын ұя қамын.

Мия сиреп, ұядан құстар безіп,

Біреу үшін енді мен ұяламын...

Қызылмияға қырғидай тиген­дердің ашкөздігі үшін ұялсақ па екен?

Қадірі артық құндылығымызды заңмен қорғай алмағанымыз үшін бе?..

 

Гүлжан   РАХМАН,

Нұр-сұлтан   қаласы

 


СЫРТҚЫ БОРЫШ «ҚЫМБАТТАП» БАРАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
10.10.2019 11:50

Еліміз инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған реформаларды дәйекті түрде жүргізуде. Бизнес жүргізу үшін ең жақсы шарттар­ ұсынып, сауда-саттық жасап, жоғарғы қосылған құнмен экспортқа бағытталған, бәсекеге қабілетті өндірістерді құру үшін инвестиция салуға мүдделі екеніміз рас. Оның үстіне мұнайдың әлемдік бағасының сыртқы конъюктурасының нашарлауы да қабаттасып тұр. Соның салдарынан  болса  керек, Қазақстанның  сыртқы  борышы­  ұлғайып  келеді.

Әлемдік тұғырға қонған елдермен алыс-берісі араласқан ел болғандықтан, экспорттың 90 па­йызға жуығы Қытай, Түрікменстан және Иранға тиесілі. Астықты шетел асырудан әлемнің үздік 10 елінің тізімінде тұрғанымыз және бар. Биыл тауар экспорты 28,6 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды. Бұл ретте, мұнай және газ конденсаты экспортының құны келісімшарт бағасының төмендеуі есебінен 6,6%-ға қысқарды. Оған да шүкір. Тауарлар импорты 7,2%-ға өсті. Импорт­тың өсуі жабдықты, көлік құралдарын, отын-энергетикалық кешенді жаңғырту үшін металдардан жасалған бұйымдарды сатып алуға байланысты инвестициялық тауарларды әкелудің, инфрақұрылымдық және басқа да жобалардың ұлғаюына, оның ішінде мұнай-газ секторындағы өндірістік қуаттың кеңеюіне себепші екенін сала мамандарынан артық білетін ешкім жоқ. Ал сыртқ­ы қарызға келер болсақ, мемлекеттің әлеуме­ттік-экономикалық ахуалы қалыпқа түсуі үшін сыртқы борышының сомасы артып барады.­ Бұл да – өз алдына өзекті проблема.

Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы он жылдан астам уақытта Қазақстанның сыртқы борышы шамамен 75 млрд АҚШ долларына ұлғайған. Қарыз көлемінің жыл санап өсуі, негізіне­н, ел аумағындағы шетелдік компания филиалдарының мұнай-газ жобаларын іске асыруме­н байланысты  фирмааралық  берешектің есебінен. ҚР Ұлттық банкінің дерек­көзінше, еліміздің сыртқы борышы 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 158,3 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл ішкі жалпы өнімнің  87,7 пайызына тең. Қарыздың басым бөлігін бұрынғысынша фирмааралық берешек басып тұр. Корпоративтік сектордың байланысты емес кредиторлар алдындағы сыртқы борышына 25,1%, мемлекеттік сыртқы борышқа 8%, банк секторының сыртқы міндеттемелеріне 3,6% тие­сілі. Еліміздің сыртқы борышы ағымдағы жылдың жартыжылдығында 467,6 млн АҚШ долларына қысқарған. Мемлекеттің сыртқы борышы мемлекеттік сыртқы қарыздарды өтеумен ішін­ара теңестірілген тәуелсіз еурооблигациялардың нарықтық құнының өсуі есебінен 323 млн доллар­ға ұлғайып, 12,6 млрд АҚШ долларын еңсерген.

ҚР Ұлттық банкінің ақпаратынша, талдамалық мақсатта сыртқы борыш құрылымы азай­ғанмен, таза сыртқы борыш 2019 жылғы бірінші жартыжылдықта 806,1 млн долларға ұлғайып, 47,7 млрд доллардан бір-ақ шықты. Шетелдік тікелей инвесторлардың кірістері есепті мерзім ішінде 10,8 млрд долларға дейін төмендеді. Бейрези­денттердің тікелей инвестициялардан түскен кірістерінің жартысынан астамы еншілес қазақстандық кәсіпорындарды қаржыландыруға бағытталғанын көзіміз көріп отыр. Өйткені бізде одан өзге амал қарастыруға мүмкіндік болған жоқ. Жаһандық дәрежеде алпауыттығын асырып отырған елдермен тереземізді теңестіреміз деп ұмтылғанда, сыртқы борыш жүктемесінің жыл санап «қымбаттап» бара жатқандығы ілгерілеуге «тұзақ» боп тұрғаны рас.

 

 

Н.ЕРСЕЙТПЕНБЕТ

 


МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАНЫ «МАЙШЕЛПЕККЕ» АЙНАЛДЫРҒАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
10.10.2019 11:45

Сейсенбі күні Ақ­ордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төр­ағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті  жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі  комиссияның отырысы өтті. Жиында өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаржыны  тиімді  пайда­лану мәселесі кеңінен талқы­ланды.

 

Өңірлерде мемлекет­тік  бағдарламаны  жүзеге асыру барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы  және  ауыз­су­мен қамтамасыз ету салаларында сыбайлас жем­қорлыққа қатысты жоғары тәуекелдер бар екені анықталған. Мәселен, прокуратура органдары еліміздің 6 облысында қаржы жымқыру және мақсатсыз жұмсау фактілері тіркелгендігін хабарлады. Сондай-ақ, заң өкілдері жалпы сомасы 5,3 млрд теңгені құрайтын мемлекеттік қаражаттың ысырап болғанын анықтаған, одан мемлекетке  730 млн теңге­ көлемінде шығын келген. Осы фактілер бо­йынша 7 сотқа дейінгі тергеу жұмыстары бас­талып, 267 млн теңге кері қайтарылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2017 жылдан бастап­ сыбайлас жемқорлық бо­йынша 145 қылмысты анықтаған. Қылмыс жасағаны үшін 78 адам қылмыстық жауапкершілікке  тартыл­ып, 59-ы сотталған екен. Мемлекетке келтірген  931,9 млн теңге  зардап  сомасының  907,6 млн теңгесі  қайтарылды.

Бағдарламаны  іске  асыру кезеңі бойынша Қаржы министрлігіне қарасты Қаржы мониторингі комитет­і Экономикалық тергеу қызметінің өндірісінде 33 қыл­мыстық  іс  қаралған.

Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті  10 лауа­зымды тұлғаны құқықбұзушылық бойынша әкімшілік жауапкер­шілікке, 22 тұлғаны тәртіптік жауапк­ершілікке  тартты. Процес­тік шешім қабылдау мақсатында құқық қорғау  органдарына  жалпы сомасы 5,7 млрд теңгені құрайтын  24  іс  жіберілді.

2019 жылы камералық бақылау жалпы сомасы 42,8 млрд теңген­і құрайтын мемлекеттік саты­п алудың 45 процедурасын қамтып, жалпы сомасы 39,1 млрд теңгені құрайтын 42 процедура бойынша мемлекеттік сатып алу заңдылығын бұзу жағдайлары анықталған.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы құқықбұзушылыққа жол берген себептерді жоюға және оларды­ң алдын алуға бағытталған нақты шараларды қабылдауды тапсырд­ы. Мемлекетке тигізген зардапты өтеу мәселесіне де ерекше  назар  аударды.

Сонымен қатар Комиссия мемлеке­ттік бағдарламаны ары қарай іске асыру үшін және мем­лекет басшысының тапсырмаларын орындау  барысында сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға  бағытталған  нақты ұсыныстар дайындап, тиісті мемлекеттік органдарға  жіберді.

Ұлттық экономика министрлі­гінің, Республикалық бюджеттің атқарылуын  бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Бас Прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және бірқатар өңір әкімдерінің баян­дамалары  тыңдалды.

 

Құқық-ақпарат

 


КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНА ТОЛЫҚТАЙ ЦИФРЛАНДЫРЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
10.10.2019 11:25

 

Нұридин  ӘМИТОВ,

облыстық  мәслихат  депутаты:


Депутат – халықтың адамы. Ол өзінен гөрі өзгенің жайына мән беріп, әлеуметтің ахуалына алаңдайды. Нұридин Әмитов – №29 «Түгіскен» сайлау округі бойынша сайланған облыстық мәслихат депутаты, облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері. Қызметінің қыр-сырын жақсы меңгерген маманмен күні бүгінге дейін атқарып келген жұмыстарының жай-жапсары туралы әңгімелестік.

- Сауалды депутаттық қыз­метіңі­зден бастайық. Сіздің тара­пыңыздан бүгінге дейін  қандай  жұмыстар  атқарылды?

- Мен Жаңақорған ауданы, №29 Түгіскен сайлау округ­інен депутат болып сайлан­дым. Ол жерде қазір 20-25 мыңдай халық тұрады. Айналасында ауыл шаруа­шылығымен айналысатын бірнеше елді мекен бар. Үш жылдың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай біршама жұмыстар атқарылды. Ауыл тұрғындарымен кездесіп, алдым­ен нақты мәселелер бойынша жоспар құрылды. Содан соң кезең-кезеңімен жұмыстар  атқарылды.

- «Тұрғындармен  тілдестік» деп отыр­сыз­, ауылдарда  шаруа­сы  шешілмей тұрған  қандай  мәселелер  бар  екен?

- Өзімнің негізгі мамандығым дәрігер болғаннан кейін мен басымдықты медицина саласы­на бөлемін. Осы уақытқа дейін Өзгент, Мәшбек ауылдарында дәрігер­лік амбулатория мен 300 орындық мектеп, Көктөбе, Билібай елді мекендерін­де медициналық бөлімше ашылып, халық игілігіне берілді. Биыл күзде Жаңаарық, келесі жылы Қаратөбе ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бастағалы отырмыз.  Тағы айта кетейін, биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Өзгент ауылында клуб құрылысын бастаймыз деген жоспарымыз бар. 2020 жылдың қаңтар-ақпан айларында Жаңаарық ауылында 300 орындық мектеп құрылысы басталады. Былтыр Түгіскен ауылында спорттық-сауықтыру кешені, орта білім беретін мектеп, балабақша нысандары іске қосылды. Енді Келінтөбе-Көктөбе, Көктөбе-Қаратөбе аралығындағы бас-аяғы 50 шақырымға жуық жолды күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. Жолдың 50 пайыздық жұмысы істеліп, қалғаны келесі жылдың енші­сіне қалдырылды.  Нысандардың құрылысының барлығының қаржысы об­лыстық қазына есебінен және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде атқарылып жатқанын айта кету керек.

- Енді Жаңақорған ауданында медициналық орындардың мәселесі толық шешілді  ме?

- Қаратөбе мен Жаңаарық елді мекендеріндегі дәрігерлік амбулаториялар іске қосылса, өз тарапымнан құрылған жоспар толық орындалған болып есептеледі. Күні бүгінге дейін кейбір ауылдық елді мекендерде күрмеулі мәселе болып келген дәрігерлік амбулатория, медициналық пункттер жыл өте келе шешімін тауып келе жатыр. Алдағы уақытта да әлеуметтік мәселелер шешілетін болады.  Тағы бір айта кететін жайт, ауданда медициналық пункт, дәрігерлік амбулаторияларға мамандар тарту  мәселесімен жергілікті  жерлердегі  бас дәрігерлер  айналысады.

- Халық әлеуметтік ахуалдан бөлек алға тартқан өзге де мәселелер болды ма?

- Әрине, әлеуметтік ахуалдан басқа да көтеретін мәселелері бар. Өткен қыркүйек айында бір апта Жаңақорған ауданының кейбір елді мекендерін аралап­ шықтым. Өзіммен бірге осы облыс­тық көпбейінді ауруханада жұмыс істейтін бірнеше дәрігерді ертіп алдым. Өйткені тұрғындардың басым көпшілігі денсаулық саласына назар аударады. Оның үстіне қанайналым жүйесімен ауыратын науқастар көп. Нәтижесінде 862  адамға дәрігерлік кеңес бердік.

- Шешімін тапқан шаруаларды айттыңыз­, күн тәртібінде тұрған қандай мәселел­ер   бар   қазір?

- Келесі жылға Көктөбе ауылындағы №89, Өзгент ауылындағы орта мектеп, Әбдіғаппар ауылындағы №213 мектепке күрделі жөндеуге қаржы сұрап отырмыз. Сондай-ақ Көктөбе ауылындағы мал қорымының құрылысы, Ақжол ауылындағы ауылға кіреберіс аудандық маңызы бар жолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жаңақорған кенті орталығы және төменде орналасқан 11 елді мекенді суландыратын Шоқтал-Тайпақкөл-Қандарал  көлдер  жүйесін  қалпын­а  келтіру  керек. Сырдария өзенінің төмендеп  кетуіне  байланысты­ Тайпақ­көл көлінің суы азаюда. Осыған байланыс­ты  көлдің су деңгейін көтеру жұмыс­тарын  қолға  алған  жөн.

- Енді облыстық көпбейінді аурухананың қызметіне оралайық. Облыстағы шалғай елді мекендердің тұрғындары «осында келіп емделу – бір мұң» деп шағымд­анады. Осы  қаншалықты  рас?

- Қазір басы ауырып, балтыры сыздағандардың барлығы «осы ауруханаға келіп жатып шықсақ» дейді. Бірақ біз­дің медициналық көрсеткішіміз бар. Біз үшінші деңгейліміз. Бірінші деңгей – ауыл, екінші деңгей – қала, үшін­ші – облыс. Әр науқастың өзінің коды болады. Қазір денсаулық сақтау саласы цифрландырылған. Барлық науқастың жағдайы компьютерге түсіп отырады. Бұрынғыдай қағаз жоқ. Тұмау тиіп, салқы­н ұстап қалғандар мұнда келіп емделм­ейді, олар ауылдық немесе аудандық дәрігерлік амбулаторияға барып­ ем алады. Болмай жатқан жағдайда күндізгі стационарға жатуына болад­ы. Ауылдық, аудандық деңгейдегі науқастар облыстық ауруханаға келіп емделетін болса, бізге айыппұл есеп­теледі. Мұнда жағдайы ауыр, күрделі отаны қажет ететін науқастар жату керек­. Бірақ мұны халық түсіне бермейді. Тек бір мақсат – осы ауруханаға жатып шығу. Осыдан бес жыл бұрын мұнда жылына 25000 науқас емдейтін едік. Қазір ол қысқарып, 15000 болды. Өйткені бұрын шектеу болған жоқ. Барлығы осында емделді. Қазір ондай жоқ.

- Ота  жасау қызметі қай салада жақсы­  дамыған? Жүрекке ота жасау қызметі әлі де бар ма?

- Иә, бар. 2009 жылы мұнда кардио орталық ашылды. Жылына 200-ге жуық жүрекке ашық ота жасаймыз. Жүректің тамырлары ауыстырылады. Бұдан бөлек, жоғары технологиялы оталар жасалады. Атап айтқанда, травматологтар буын ауыстырады, нейрохирургтар омыртқа жоталарына, өкпе-бауыр жолдар­ына да күрделі оталар жасайды.

- Қателеспесем, 2014 жылы Сыр медици­насының тарихында тұңғыш рет бүйрек трансплатациясы жасалған болатын.­..

- Иә. Бірақ одан кейін бүйрек ауыстыру отасы жасалмайтын болды. Оған себеп бар. Қазір Қызылорда облысында­ 100-ге тарта бүйректі ауыстыруды қажет ететін науқас бар. Енді бүйрек ауыс­тыру бөлімшесін ашып қойғанымызбен, оған күнде ауыстыратын бүйрек жоқ. Жылына­  бүйрек беруге даяр 5-6, әрі кетсе 10 адам шығар. Бірақ айналдыр­ған 10 адам үшін бүтіндей бір бөлім­ше­нің жұмыс істеуі қиындық тудырады. Сондықтан бүйрек ауыстыратын арнайы­  орталықтар  бар. Науқастар  енді сол орталықтарға жолдамамен жібе­ріледі. Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе­ қалалары науқастарды қа­был­дауға  дайын.

- Көпшілігі «ота жасау керек» десе, Астана немесе Алматыға барғанды жөн көреді. Неге Қызылордада емес?

- Енді таңдау жасау әркімнің өз еркін­дегі нәрсе. Біз біреуді күштеп неме­се мәжбүрлеп өзімізге әкеліп, ота жасаттыра алмаймыз. Бұл ауруханада ота жасаудан осал деп ешкімді айта алмай­мын. Барлығы да жоғары білімді, білікті, білімдерін жаңа заманға сай жетілдірген мамандар. Бәрі – өз саласы­ның білгірлері. Мысалы, нейрохирург, кардиохирургтарымыз республикада алдыңғы  қатарларда.

- Маман тапшылығы бар ма мұнда?

- Барлық мамандар бар. Тек анес­тезиолог, реаниматорлар жетіспейді. Қалған кадрлардың барлығы жеткілікті.

- Қазіргі жас дәрігерлерге сіздің көңіліңіз тола ма? Олардың халыққа қызмет­  етудегі  аяқ  алысы  қалай?

- Жас мамандар өз кезегінде қатарымызды толтырып отырады. Оларды жұмысқа аламыз, өзіміз тәжірибе ар­қылы шыңдаймыз, тәрбиелейміз. Академияны қызыл дипломға аяқтап, жоғар­ы білім алып келді дегеннің өзінде оған тәжірибе керек. Алдымен олар дәрігер мамандардың қасында жүріп, қажетті процедураларға қатысады,  көзімен көреді. Содан соң барып, өзде­рі шыңдалады. Көңілім толады. Болашақ – жастардың қолында.

- Ауруханаға басшы болып келгелі қандай жаңалық алып келдіңіз? Өзге­рістер орын алды ма?

- Жүректі емдеудің жаңа техноло­гияларын енгізіп жатырмыз. Хирургтар УЗИ арқылы бауыр, өт жолдарын функциялауды қолға алды. Кореяның Сеул қаласының медицина өкілдері осында келіп, әріптестік қарым-қатынас орнату­ туралы келісім жасалды.  Соның нәтижесінде биыл Кореяға 6 адам барып, 2 ай біліктіліктерін арттырып қайтты. Тағы бір ауыз толтырып айтатын жаңа­лы­қ, біз толықтай цифрландыру жүйесіне­ көштік. Қағазбастылық азайып­  келеді.

- «Қазір ақ  халаттылар  қалтаға  қарай емдейді  екен» деген қауесет көбейіп кетті. Бұған  не  дейсіз?

- Енді мен өз басым ешкімді көзім­мен көріп, қолыммен ұстап алған жоқпын. Аурухананың арнайы жоспары бойынша жең ұшынан жалғасқан жемқорлық мәселесіне қатысты  семин­арлар өткізіп тұрамыз. Барлық қызметкерлерге лекция оқылып тұрады. Егер ауруханада біреу осындай жағдайға куә болып, маған келіп айтса, оған тиісті шара­лар қолданылады. Ал өзім куә болмаға­н дүниеге пәлен-түген деп ештеңе­  айта  алмаймын.

-  Әңгімеңізге  рақмет.

Әңгімелескен

Әйгерім   НАЖМАДИНҚЫЗЫ

 


 

Біздің  анықтама

Әмитов Нұридин Егенбердіұлы 1968 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облыс­ы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Ұлты – қазақ.

1975 жылы Жаңақорған ауда­нындағы №51 қазақ орта мектебінің 1-сыныбына барып, 1985 жылы үздік деген бағамен бітіріп шықты.

1985 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» факультетіне түсіп, 1993 жылы осы оқу орнын «дәрігер хирург» мамандығы  бойынша  бітірген.

1986-1988 жылдар аралығында Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын  өтеді.

Қосымша Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде құқықтану мамандығы бо­йынша білім алды.

1994 жылдан бері облыстық медици­налық орталықта қызмет атқарады.­

- 1994-2002 жылдар аралығында хирургия бөлімшесінде дәрігер-хирург;­

- 2002-2005 жылдары жедел хирургия­  бөлімінің  меңгерушісі;

- 2005-2008 жылдары жоспарлы хирургия бөлімінің меңгерушісі;

- 2008-2009 жылдар аралығында жалпы хирургия бөлімшесінің дәрігер-хирургі;

- 2009-2010 жылдары орталық директорының ішкі аудит қызметі жөніндегі  орынбасары;

- 2010  жылы  ОМО директо­рының хирургия саласы бойынша орын­басары  қызметін  атқарған.

- 2018 жылдан бастап ОМО директ­оры  қызметінде.

PЖоғары санаттағы дәрігер-хирург­. Жоғары санаттағы Әлеуметтік гигиена және денсаулық сақтауды­ ұйымдастырушы.

PЕңбектегі жетістіктері үшін:

- «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі»  белгісімен;

- Денсаулық сақтау министрінің алғыс  хатымен;

- 2005 жылы ОМО-ның үздік дәрігері  атағымен;

- 2006 жылы профессор А.Идрисов­ атындағы қордың ұйғарымы­  бойынша «Жыл хирургі» дипломымен;

- 2015 жылы Қазақстан Респуб­ликасы Конституциясының 20 жыл­дығын­а арналған медальмен мара­патталды.­

 


ЖИЫРМА ЖЫЛ КҮТКЕН ЖЕҢІС PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
10.10.2019 11:15

Мұны бәріміз де көп күттік. Жиырма жыл. Аз уақыт емес. Сөз жоқ, бұл жеңістің өзі оңайлықпен келген жоқ. Жасыл алаңда жан беріп, жан алысқан сәтті теледидардан телміре тамашалап, күйініш пен сүйінішті көрудің өзі бір ғанибет­  екен. Бұл күнге дейін не айтыл­мады, мақтау да, даттау да айтылды, бірақ біздің жігіттер жарады. Біздің айтып­ отырғанымыз – жексенбі күні елорда төріндегі «Астана Арена» стадионы­нда  «Қайсар»  мен  «Атырау» команд­алары  арасындағы  Қазақстан Кубогы үшін өткен финал. Нағыз тартысты­, тіпті драмаға толы ойын болды­. Тіпті, кездесу кезінде қос команда­  жанкүйерлерінің  трибунада төбелесіп, кейбір қызуқанды фанат­тардың матчты тоқтатып тастамақ болға­ны, ойынды облыстың бұрынғы басшысы, бүгінгі мемлекеттік хатшы Қырымбек  Көшербаев пен облыс әкімі Қуанышбек  Ысқақовтың арнайы барып­  тамашалауы, «қасқырларға» дем  беруі – бөлек  әңгіме.

Екі  команда да биыл кубок ойындарында сәтті ойын көрсетті. Жары­стың үш саты­сынан іркілмей өтті. Қызыл­орданың «Қайсары» сырт алаңда 1/8 финалда «Оңтүстік академиясын», ширек финалда Павлодардың «Ертісін» жеңіп, жартылай финалда Қостанайдың «Тобыл» командасын сүріндірді. Ал «Атырау» 1/8 финалда Талдықорғанның «Жетісу» командасынан басым түсіп, ширек финалда Семейдің «Алтайын» ойын соңындағы пенальти тебуде қапы қалдырса, жартылай финалда «Ордабасы» коман­дасын жеңген еді.

Бұл жолғы ақтық айқас ойынын қос команда да сылбыр бастады. Сыралғ­ы қарсыластардың ә дегеннен гол соғатын мүмкіндіктері болды. Бірақ екі команда да оны тиімді пайдалан­а алмады. Бірінші таймда теңбіл допты қақпақылдап жүріп алған­ ұжымдар екінші кезеңде белсенділік танытты. Кездесудің 67-минутында Петр Гжельчак доп соғып, «Атырауды» алға шығарды. Ал үш минуттан кейін «Қайсар» капитаны Асхат Тағыберген тәртіпсіздігі кесірінен алаңнан қуылды. Жерлестердің сапы бір ойыншыға кемдігіне қарамай­, атыраулықтар 89-минутта жеңістен айырылып қалды. «Қайсар» ойыншысы Игорь Зенькович Думан Нәрзілдаевтан пас алып, мергендік танытты.

Қызық енді басталды. Экстра-таймд­а Нгвем де алаңнан қуылды. Осылайша таразы басы теңескеннен кейін матч пенальтиге ұласып, жеңім­паз анықталар деп ойлағанбыз. Жоқ, қосымша таймның негізгі уақыты аяқталып, екі минут қосылғанда нәтиже­лі паспен көзге түскен Думан Нәрзілдаев «алтын голдың» авторы атанды.

Айтпақшы, биыл Премьер-лигада­ «қасқырлар» «Атырауды» әлденеше рет жеңген. Бірақ, қатарынан үш жыл Кубоктың финалына шығып тұрған соң ба, бұл жолы «Атырау» коман­дасы табанды түрде қарсылық көр­сетті. Айта кетейік, «Қайсар» коман­дасы Қазақстан кубогын 1999 жылы ұтқан еді. Ол жолы Өскеменнің «Востогына­н» 2:1 есебімен басым түскен. 1998 жылы финалға дейін жетсе, 2007 жылы жартылай фи­налда бақ сынады. Ал, «Атырау»2009 жылы кубок иегері атанды. Сол жолы Қарағанды­ның «Шахтерін» 1:0 есебімен жеңсе, соңғы екі жылда  финалғ­а дейін жетті. Сондай-ақ 2001,  2004 және 2005 жылдары жартылай финалға шыға алды.

Апта басында таң азанымен қызыл­ордалықтар қаһармандарын әуежайдан күтіп алды. Көшеде көлік керуені ұйымдастырылып, құрмет көрсетілді. Бұл жиырма жыл күткен жеңіс – Сыр елінің мерейі!

Н.ЕРТУҒАН

 


«ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМҚОРЛЫҚ» – ХАЛЫҚҚА ЖАНАШЫРЛЫҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
10.10.2019 11:00

Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінд­е ұсынған «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік саясаты қоғамның барлық саласын қамтиды. Әсіресе, президент көпбалалы отбасыларға қол­дауды арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды. Өйткені, елімі­здегі баспанаға мұқтаж азаматтар саны азаймай тұр. Сандарды сөйлетсек, елдегі үй кезегінде тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың жалпы­  саны 28 мыңнан  асады­. Олар үшін шаршы метрі 140-180 мың теңге болатын жал­дамалы үйлер салуға ар­на­йы­ тапсырма берді. 2025 жыл­ға дейін жалғасатын бұл бағдарламамен баспаналы болғы­сы келгендерге үй беру басталып та кетті. Аумағы 60 шаршы метр болатын бұл үйлердің жалпы бағасы 8,5 миллион теңге­ге жуықтайды.

Мемлекет аз қамтылған, көпбалалы отбасы­лар үшін жыл сайын осындай 6 мың пәтер беруді жоспарлап отыр. 2025 жылға дейін барлығы 42 мың баспана берілмек. Бұдан бөлек, «Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы да 20 жылға 2 па­йыздық ипотека беріледі. Бұл жеңілдікпен баспана алуға ниеттіле­р алғашқы жарна 10 пайызды төлейді. Қойылатын талап та бар, отбасында кемін­де 4 баласы болуы керек, мүгедек бала тәрбиелеп отыр­ған отбасылар  және кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар толық емес отбасылар болуы шарт.

Жаңа әлеуметтік бастаманы іске асыру аясында қарас­тырылған қосымша бюджет қаражаты қандай мақсаттарға бағытталады?

- Біздің бюджет әлеуметтік болып табылад­ы, ол бүгін немесе кеше мұндай болған жоқ. Соңғы жылдары біздің шы­ғын­дарымыздың басым­ бөлігі, атап айтқанда, республикалық бюджеттің басым­ бөлігі осы әлеу­меттік салаға бағы­тталуда. Биыл бізде қабылданған бюджетте 4,8 трлн теңге немесе бюджеттің 45%-ы әлеуметтік салаға қарастырылған, оның ішінде әлеуметтік қамту  мен  әлеумет­тік көмек көрсетуге – 3 трлн теңге, денсаулық  сақтауға – 1 трлн 117 млрд теңге, білім беруге – 583 млрд теңге, мәдениет пен спорт саласына 78 млрд теңге бағытталған, - деген еді  ҚР Қаржы министрі Ә.Смайылов кезекті Үкімет отырысында.

Сонымен қатар, республикалық бюджетті нақтылау ая­сында қосымша қа­ражат «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларына бөлінді. Мемлекет басшысы осы бо­йынша нақты тапсырмалар жүктеген. 2019 жылы барлығы 444,3 млрд теңге бағытталатын болады. Оған азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдау көрсетуді күшейтуге – 224 млрд теңге, аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 50 млрд теңге жұмсалмақшы. ТҚЖБ арқылы жеңілдікпен несиелендіруге – 50 млрд теңге, өңірлік инфрақұрылымды дамытуға – 90 млрд теңге, «Ауыл – Ел бесiгi» арнайы жоба­сын іске асыруға 30 млрд теңге жұмсалады.

Әлеуметтік қолдауға бағытталған 224 млрд теңгеге келсек, 2019 жылы тек атаулы әлеуметтік көмек үшін – 49,6 млрд теңге, 2020 жылы – 115 млрд теңге, 2021 жылы 108 млрд теңге­ жұмсалады. Мүгедектігі бойынша жәрдемақыны арт­тыруға биыл – 5 млрд теңге, 2020 жылы – 13,8 млрд теңге, 2021 жылы 14,9 млрд теңге бағыт­талады. Бюджет  саласындағы төмен жалақы алатын жұмыскерлердің еңбекақысын көтеруге биыл – 169,7 млрд теңге, 2020 жылы – 397 млрд теңге, 2021 жылы 410 млрд теңге­ көзделген. Мұның барлығы – Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінде айтқан тапсырмалары негі­зін­де жасалып жатқан жұмыстар.

- Тұрмысы төмен азамат­тарға және көпбалалы отба­сыларға көмек көрсету керек. Әр  қазақстандық  отбасы  жүр­гізіліп  жатқан  реформалардың тиімділігін болашақта емес, дәл бүгін сезінуі тиіс. Әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдауды күшейту қажет деп санай­мын. Елімізде 340 мыңнан астам отбасында кемінде төрт бала бар. Жыл сайын баласы­ бар отбасыларды қолдауға 500 миллиард теңге бөлінеді. Бірақ, әр отбасының кірісі әртүрлі. Біреуінікі аз, біреуінікі орташа, енді бірінікі көп. Осыны ескеру керек. Миллио­нерлерге мемлекеттен қосымша көмек көрсетіп не керек­? Мемлекет, ең алдымен табысы төмен көпбалалы отбасылар­ға көмек көрсетуі тиіс. Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы баласы бар от­басыларды қолдау үшін көп­балалы отбасыларда әр балаға ең төменгі төлемді 21 мың теңге­ шамасында бекітуді тапсырамын, - деген еді дәл осы съезд барысында Тұңғыш президент Н.Назарбаев.

Осы тапсырма бойынша сәуірден бастап еліміздегі тұр­мысы төмен, көпбалалы от­басыларға 20789 теңгеден атаулы­ әлеуметтік көмек төле­ніп келеді. Қызылорда облысында жыл басынан бері  «Е-халық» ақпараттық жүйесі арқылы 30192 отбасына  12,9 млрд теңгеге атаулы әлеу­мет­тік көмек тағайын­да­лып, 29403 отбасына 12,7 млрд теңге­ төленген.

Әлеуметтік жобалар аясы ұлғайып, көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде  «Бақытты  отбасы» жаңа бағдарламасы да іске қосылды. «Бақытты  отбасы» – табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға  арнал­ған несиелендіру бағдарламасы. Оған төрт және одан көп кәмелеттік жасқа толмаған балалар­ы бар (жоғарғы оқу орындарында, колледждерде және басқа оқу орындарында күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі балаларды қоса алғанда) көпбалалы от­басылар, кәмелеттік жасқа толма­ған балалары бар толық емес және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар қатыса алады. Сіздің атыңызда және сізбен бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмаса, отбасының әр мү­шесіне шаққандағы табыс 42500 теңгеден аспаса, онда жылдық заем мөлшерлемесі 2 пайызбен, ең төменгі бастап­қы 10 пайыз жарна төлеп, өз үйіңізге қол жеткізу мүмкін­ді­гін жіберіп алмағаныңыз дұрыс. Шыны керек, әкім­дік­тің пәтер кезегінде тұрған адамдардың бәрі баспанаға мұқтаж. Аталмыш жобаның артықшылығы сол, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымш­ысы жаңа салынған үйдегі жаңа пәтерді, қолданыс­та болған пәтерді және жеке тұрғын үйді  таңдай  алады. Егер отбасы 6 адамнан тұрса, онда олардың жалпы табысы 255 мың теңгеден аспауы қажет. Сондай-ақ, жеңілдетілген несие алу үшін өтініш беру­шінің жеке басында және онымен­ бірге тұратын отбасы мүшелерінде өтінім берген кезде жеке баспаналары болмауы  керек.

- Аталған бағдарламаны әзірлегендегі басты мақсат – аз қамтылған отбасыларды, яғни қазіргі таңда жалдамалы пәтерлерде, уақытша тұрақтарда тұратын, бастапқы жарнаға да ақша жинай алмайтын от­ба­сыларды баспанамен қамта­масыз ету. Сондықтан да алғашқ­ы талапқ­а сәйкес отба­сы­лар аз қамтылғандар сана­тынан болуы­ тиіс. Отбасының бір мүшесіне кіріс 42 500 теңге­ден аз болуы керек. Яғни, егер тек  жолдасы  жұмыс істеп, жары балалар  күтімімен  айналысып, жұмыс  істемейтін  болса,­ онда олардың табысы 255 мың теңгеден аспауы қажет. Осылайша, бастапқы жарнаны жинауға шамалары жетпей  жүрген адамдар бірін­ші кезекте өтеді, - деген еді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс  жинақ банкі» АҚ бас­қарма төрайымы Л.Ибраги­мова.

Аталған «Бақытты отбасы» бағдарламасы Қызылорда облысын­да да жүзеге асуда. Аз қамтылған және көпбалалы 150 отбасы облыстық бюджет қаражаты мен «Болат Өте­мұратов  қорының» қайырымдылық көмегі арқасында тұрғын үймен қамтамасыз етіл­ді. Баспаналар бюджеттен – 50 және қор есебінен 100 отбасыға салынды. Баспананың  1 шаршы метрінің құны 70 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, «Болат Өтемұратов қоры» тұрғын  үйлерді  салу  бойынша «Баламекен» жобасының жүзег­е асырылуына 450 млн теңге  қаржы  қарастырды. Басқа­ өңірлерде теңдесі жоқ «Баламекен»  жобасы  аясында жеке қордың демеушілік қолдау­ымен  тағы да 50 пәтер­лік 25 тұрғын үй қолданысқа берілді. Ал жергілікті басшылық барлық инженерлік ин­фрақұр­ылымдар – электр, газ,  су,  телефон байланысы мен автож­олдар құрылысын аяқтап, сондай-ақ әрбір үйге 6 сотық жер телімін бөліп берді. Айта кетейік, көпбалалы отбасыларға тұрғын үйлер салу жөніндегі меморандумға 27 наурызда ҚР Премьер-Минист­рі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кеңесте қол қойылды. Онда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала тәр­биелеп отырған отбасылар үшін тұрғын үйдің қолжетім­ділігін арттыру тапсырмасын орындау мәселелері талқыланған еді. Кеңес барысында аталмыш­ мәселені шешудегі Қызылорда облысының тәжі­рибесі ерекше атап өтіліп, өзге өңірлерге үлгі ретінде айтылды. Ең алдымен аз қамтылған отбасыларды қамтамасыз еткен­нен кейін несие төлемін шама жетерліктей деңгейінде ғана белгіледі.

- Бағдарлама талаптарына сәйкес, қатысушы ең алдымен, әкімдіктің үй кезегінде тұруы, атында жылжымайтын мүлік­тің тіркелмеуі керек. Соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі ең төменгі жал­ақыдан артық болмауы басты талаптардың қатарында. «Бақыт­ты отбасы» бағдар­ламасына қатысушылар үшін тағы бір маңызды жайт – жергілікті әкімдіктен отбасы мәртебесін растайтын құжат алу. Ол құжатты «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» несиелік­ өтінімді  берген сәтке дейін алу керек. Бағдарлама 3 жылға негізделге­н. Бастапқы жарна небәрі 10 пайыз  ғана. Егер одан  артық құйсаңыз, ай сайын­ғы төлем азая түседі, - деп  мәлім­деген  еді «Тұрғын үй құрылыс  жинақ  банкі» Қызылорд­а облы­сы бойынша филиал директо­ры  Ә.Сәуле­баев.

Бағдарламаның артық­шылығына  келер болсақ, аудандық жерлерде баспана кезегі­нде тұрған тұрғындар да бастап­қы жарна салу арқылы Қызыл­орда  қаласынан  бас­пана алуға құқылы. Ал өзге бағ­дарла­маларда тұрғылықты жері бо­йынша ғана мүмкіндік болса, «Бақытты отбасы» бағдарл­амасы осындай «сый» жасап отыр. Айта кетейік, 3 жылға негізделг­ен бағдар­ла­маға мемлеке­т барлығы 150 млрд теңге бөліп отыр. Әр жыл сайын­ 50 млрд теңге игерілу­і керек. Бұл қаржыға еліміздің 6000 отбасы бас­паналы болады деп күтіліп отыр. Бұйыртса, Қы­зылорда облысында жыл соңына дейін 400 отбасы қоныстойын той­лай­ды. Міне, мұның барлығы – Сыр өңірінде Тұңғыш Президенттің «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік сая­саты нәтижесінде атқарылған жұмыс­тар. Қызылорда облы­сы осындай игі бастама жөнінен өзге өңірлерден әлдеқайда алдыңғы орында келеді. Сол үшін де басқа­  облыстарға  жиі  үлгі.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ӨСІМІ ТҰРАҚТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
10.10.2019 10:45

Қызылорда облысында экономика саласын дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетік­тері тиімді пайдаланылып келеді­. 2017 жылдан бастап мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, жалпы өндірістік өнім көрсеткіші бойынша оң өзгеріс байқалады. Бүгінде өңір экономикасының барлық салас­ында тұрақты өсім қамтамасыз етілуде. Тек өнеркәсіп өндірі­сінде мұнай ұңғымаларының сулану­ы және сарқылуы салдарынан төмендеу байқалады. Ағымдағы жылдың 8 айында 3,8 млн тонна мұнай өндіріліп, өткен жылдың­ сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 11,5 пайызға кеміді. Бұл туралы­ өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов өткізген брифингте  айтылды.

Аймақтағы индустрияландыру бағдарламасының І және ІІ бесжылдығы аясында өңірімізде құны 150 млрд теңгені құрайтын 24 жоба іске асырылып, 1,6 мың жұмыс орны ашылды. Бүгінгі күні оның 18-і өнім өндіруде. Нәтижесінде өнеркәсіп өніміндегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 2018 жылы  12,6 пайызға жетті. Сонымен қатар, шикізаттық емес экспорт көлемі соңғы 3 жылда 3 есеге өсті. Екінші бесжылдық аясында  28 жобаның 7-еуі іске қосылды, жыл соңына дейін 4 жобаны іске қосу жоспарлануда. Олар – шыны, кірпіш, балық өңдеу және құрама жем зауыты. Ал қалған жобалар үшінші бесжылдыққа өтпелі қалыпта тұр.

Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз­ айларында құрылыс жұмыс­тарының көлемі 2,5 есеге, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 33,5 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,7 пайызға артты. Өңір экономикасын дамытуға жаңа серпін берет­ін маңызды құжат – Қызыл­орда облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар­ы. Бұл құжат биыл Елбасының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінде әзірленіп, 6 маусымдағы ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілді. Кешенді жоспар 119 іс-шарадан құралып, құны 219,7 млрд теңге болды. Өңірде кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде жалпыөңірлік өнімнің көлемін 2 трлн теңгеге жеткізу жоспарда бар. Сондай-ақ, жаңадан 10 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Нақтырақ айта кетсек, 2020 жылдан бастап «Оңтүстік – Торғай», «Сырдария» және  «Шу – Сарысу»  ойпаттарында жаңа кен орындарын іздеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы озық қарқынмен жүргізілуде. Соңғы жылдың өзінде-ақ 700 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл жылу энергиясы көз­деріне белгілі бір жүктеме алып келеді. Қолданыстағы Қызылорда жылу энергия орталығы 1964 жылы пайдалануға берілген, яғни 50 жылдан астам уақыт пайдаланылуда, соның салдарынан жабдықтардың тозуы (50%) орын алып отыр. Қазіргі таңда қуатты көп тұтыну кезінде «Жылу Электр Орталығ­ы» қызмет көрсету аймағын­дағы жылу тапшылығы 100 ГКал/сағатты құрайды. Бұл өз кезегінде берілетін жылудың сырт­қы ауаның температуралық кестесіне сәйкес келмеуіне әкеледі. Бұл мәселені қолданыстағы энергия көзін реконструкциялау және кеңейту арқылы ғана шешу­ге­ болады. Сол себепті келер жылдың еншісінде «Қызылорда қаласының Жылу электр орталығын кеңейту және қайта жаңғырту» жобасы­ іске асырылмақшы. Одан өзге Солтүстік Аралдағы «Көк­арал» бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру, Қызылорда су торабын кешенді жөндеу жобалары мен «Күміс­кеткен», «Қараөзек» су қоймаларының  құрылысы да ал­дағ­ы жылдың  еншісінде  қалып  отыр.

- Ағымдағы жылы «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру­ бойынша өңірге республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге бағытталған болатын. Бұл қаржыға Жосал­ы және Жалағаш кентте­рінде 21 жоба жүзеге асырылуда. Ал 2020 жылы бұл жоба 4 елді мекен­де жалғасын табады. Яғни, Қызылорда қаласының Махамбет ауылы, Сырдария ауданы Ақжарма, Шиелі ауданы Ақмая, Жаңақорған ауданы Төменарық елді мекендерінде барлығы 1,6 млрд теңгенің 57 жобасы іске қосылады­ деп күтілуде. Олардың ішінде әлеу­меттік салаға – 6, көше жарықтандыруға – 5, көлік инфрақұрылымына – 45, денсаулық сақтау саласына 1 жоба бағыт­талып отыр, - деді облыс әкімінің орынбасары Бақыт Дүйсенұлы.

Өткен жылы халық саны  2000-нан асатын 65 ауылдық округт­е төртінші деңгейлі дербес бюджет енгізілсе, 2020 жылдың  1 қаңтарынан бастап қалған 81 ауылдық округтерді қосу жоспарлануда. Сондай-ақ, шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы 3,4 млрд теңге көлемінде бюджетке берілмекші. Бұл қаражат өңірді дамытуға және халықтың мұқтаждығына мейлінше жағдай жасауға әсерін тигізеді. Елбасының бас­тамасымен сәуір айынан бері тағайы­ндалған  атаулы  әлеуметтік көмекке бөлінген қаржының 70 пайызы игерілді. Одан өзге облыс­ әкімінің грантымен халықтың осал топтарынан шыққан, өңірге қажет мамандықтар бо­йынша 623 студент білім алуда. Бүгінгі күнге облыста 30 мыңға тарта мүмкіндігі шектеулі жандар бар, оның 5 мыңға жуығы – балалар. Осы санаттағы халықтың тобын­а әзірленген жеке оңалту бағдарламаларының  орындалуына облыстық бюджеттен ағымдағы жылға 937,3 млн теңге қаражат бөлінген.

Мемлекет басшысының қада­ғала­уында тұрған тағы бір өзекті мәселе – баспана тетігін ұйым­дастыру. Биылдың өзінде айма­ғымызда «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында 1997 пәтерді құрайтын 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы, аймағымызда 720 мың шаршы метрден астам тұрғын үй көлемін пайда­лануға беру жоспарда бар. Тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, басқа өңірлермен салыс­тырғанда халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселене түсуде. Бес-алты жыл ішінде 7 мыңнан астам қызылордалық баспаналы болды. Биыл да бұл жұмыстар легі өз қарқынын жоғалтқан жоқ. Атқарылғ­ан құрылыс жұмыстарының көлемі 22 млрд 375,5 млн теңге­ге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,5 есеге жуық артты.­

Аймақ экономикасы ілгерілеген сайын өзге де салалар жанданып жатқандығын осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардың легінен аңғаруға болады. 2020 жылға да жоспар жеткілікті. Ал бұған дейінгі жеткен жетістіктері­міз де ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, экономика сала­сының ең маңызды тетіктерінің бірі саналатын инвестиция тарту мәселесі біздің өңірде оң шешімін тапқан. Оған 2013-2018 жылдары облыс экономикасына 1,7 трлн теңге тікелей инвестиция тартылғаны дәлел. Өткен 2018 жылдың өзінде аймаққа тартылған инвестиция 25,5 пайызға өсті. Сондай-ақ, Қызылорда облысы оң нәтижелі жұмыстардың қорытындысымен ең үздік аймақ ретінде «Алтын­ сапа» сыйлығына ие болды.­ Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өткен жылы 13,1 пайызға өсті. Бұл көрсеткіштің өсу қарқыны бойынша аймағымыз республикада жетекші орынға ие.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


БАТПАҒЫНЫҢ ӨЗІ – БРЕНД PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
10.10.2019 10:30

Облыстың оңтүстігінде, қарт Қаратаудың іргесінде,  Сырдария өзенін жағалай қоныстанған, халқы – жайсаң, жері – жомарт Жаңақорған дейтін аудан бар. Батпағының өзі – бренд. Шөбі – шүйгін. Табиғи қазба байлығы талайды тамсандырған өңір. Жайылмалық жұрт жерсіндірген қарбызын алыс-жақын шетеліңіз таласып әкететіні тағы бар. Қысқасы, қазір Қаратаудың етегінде орныққан елдің бірлігі – бекем, тірлігі – түзу. Аймақта даму динамикасы жоғары ауданның бірі де, бірегейі.

Жақында Жаңақорған ауданының әкімі қызметіне Сұлтан Мақашев тағайындалды. Су жаңа аудан басшысы көпті көрген кадр. Тәжірибесі мол маман. Бұған дейін Қармақшы ауданын табаны күректей төрт жылдан аса уақыт басқарды. Бұл да ауданның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының артуына түрткі болатын негізгі фактордың бірі десек, қателеспейтініміз анық.

Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айында жергілікті бюджет 1602852,1 мың теңгеге орындалған. Әу бастағы болжам 1378735,4 мың теңге болған. Салықтық түсімдер 114,2 па­йыз­ға (болжам 1351745,3 мың теңге, түсім 1543842,2 мың теңге), ал салықтық емес түсімдер 143,2 пайызға (болжам 12742 мың теңге, түсім 18250,8 мың теңге)­, сондай-ақ, негізгі ка­питалды сатудан түсетін түсім 286,1 пайызға (болжам  14248,1 мың теңге, түсім 40759,1 мың теңге) орындалған.

Инфрақұрылым дамымай, елдің еңсе тіктеуі қиын ғой. Жарық пен жол, ауызсу мен аяқсудың азабын тартқан ағайын­ның шаруаға құлқы болмай­тыны шындық. Бүгінде аталған ауданда бұл бағытта толағай тірлік атқарылуда. Жаңақ­орған ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі арқылы мемлекеттік бюджеттен бөлінген 44129,868 мың теңге игерілген. Бұған Жаңақорған кенті «Саяжай» учаскесіндегі тұрғын үйлердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыс­тары жүргізіліпті. Атап айт­қанда, электр және жылу желілерімен жабдықтауға 2017-2018 жылдары 273732 мың теңге­ қаржы жұмсалған. Биыл осы құрылыс нысанын жүргізуге республикалық қазынадан 7605,834 мың теңге қаржы игері­лген. Жоба аясында 0,825 шақырым 10 кВт электр желісі, 4,3 шақырым 0,4 кВт электр желісі мен 1,1 шақырым жылу жүйесінің құрылысы толық аяқталған. Сондай-ақ, 1 дана КТПН трансформаторы орнатылып, блокты-модульді жылу қазандығын монтаждау жұмыс­тары атқарылған. Аталған нысанның құрылысы тамамдалып, 2019 жылдың 18 нау­рызында №5 қабылдау актісімен  пайдалануға берілді.

Ал аудандық маңыздағы «Самара-Шымкент-Шалқия» автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 2019 жылы өтпелі нысанды аяқтау мақсатында 150235 мың теңге қаржы қаралған. Бүгінгі таңда ол қаржы толық игеріліп, ең өзекті мәселенің бірі шешімін тапты. Сонымен қатар, аудандық маңызд­ағы 185,6 шақырым автомо­биль жолдарын ағымдағы жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарына 25000 мың теңге бөлінген. Қазіргі күні мердігер мекеме анықталып, 14695,8 мың теңгеге келісімшарт жа­салған. Тиісті жөндеу жұмыстары шілде айында басталып, жыл соңында аяқталады деп күтілуде.

Әлеуметтік маңызы бар қалалық (ауылдық), қала маңындағы және ауданішілік қатынастар бойынша жолаушылар тасымалдарын суб­сидиялау  бағдарламасымен 2019 жылға субсидиялауға аудандық бюджеттен 21239 мың теңге қаралып, бөлінген қаржының бүгінгі таңға дейін 18088 мың теңгесі игеріліпті. Сондай-ақ, «Самара-Шымкент-Қосүйеңкі» аудандық маңыз­дағы автомобиль жо­лында­ғы көпірді реконструкциялау жобасы бойынша ведом­стводан тыс кешенді сарапт­ама жүргізу мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Жобаларды мемлеке­ттік ведомстводан тыс сараптау» шаруашылық жүр­гізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны («Мемсараптама» РМК) мекемесімен 997 мың теңгеге келісімшарт жасалған. Сонымен бірге Ақжол ауылында кіреберіс жол мен «Самара-Шымкент-Екпінді» аудандық маңыздағы автомобиль жолындағы көпірді реконструкциялау жұмыс жобасы бойынша ве­домстводан тыс кешенді сарап­тама  жүргізілген. Нәтижесінде, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы  алынған.

Бұдан бөлек, Жаңақорған кентіндегі бағдаршамдарды ағымдағы жөндеу және күтіп-ұстау жүмыстарына аудандық бюджеттен 1250 мың теңге қаржы қарафлып, «Рустемов М» ЖШС жеңімпаз атанған. Жаңақо­рған кенті көшелеріндегі жол белгілерін, жаяу жүр­гінші жолақтарын сырлау және жол кедергілерін ағымдағы жөндеу және күтіп-ұстау жұ­мыстарына жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге «ГорСервисПроект» ЖШС жауапты.

Жаңақорған ауданында қазіргі уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 4 жоба сәтті жүзеге асырылған. Бүгінгі таңда 20 жоба бо­йынша жұмыстар жүргізілуде.

– Бұл ретте әлеуметтік маңы­зы бар, бюджет қаражаты арқылы  тікелей құрылысын салу  мүмкін емес жобаларды мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік  аясында салу тиімді болма­қ.  Сол себептен  үлкен қарқынмен басталған  жобаларды соңына дейін жеткізу үшін жауапты  бөлім басшы­лары тиісті деңгейде жұмыстар атқаруы керек, - деп атап өтті аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы.

Оңтүстік өңірде спорт саласы­нда да серпін бар. Жыл басын­да 2 денешынықтыру-сауық­тыру кешені өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, 10 жоба бойынша жер актілері алынып, жоба-сметалық құжаттары әзірленіп,  сараптамаға берілген. Бүгінгі күні 9 жобаның құрылысы басталып, 1 жобаның  іргетасы  енді  қаланбақ.

Мәдениет саласында да мәйекті шаруалар атқарылуда. Алдағы уақытта Өзгент ауы­лындағы 150 орындық клубтың іргетасы қаланады. Нысан мемлеке­ттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Бұдан бөлек, 4 жоба (Жайылма, Қосүйеңкі, Кеңес, Екпінді ауыл­дарындағы 150 орындық клуб құрылысы) бойынша мәде­ниет, архивтер және құжат­тама басқармасы мен өңірлік МЖӘ орталығы арасында келісімшарт жасалып, конкурстық құжаттар әзірлеу жұмыстары басталды. Барлық жоба бо­йынша сәулет-құрылыс тапсырмасы әзірленіп бітті. Жайыл­ма ауылдық клубының жоба-сметалық құжаты әзір­ленген.

Ауданда биылғы жылдың қаңтар-тамыз айлары бойынша ауыл шаруашылығы өнім­дерінің жалпы шығарылымы 7399,6 млн теңгені құрайды. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығы – 1713,1 млн теңге, мал шаруашылығы – 5630,3 млн теңге. Ал егіс көлемі ау­данның  индикативтік  жос­пары бойынша 34 827 гектарға меже­лен­іп, бүгінгі таңда нақты 36175 гектарға немес­е межеленген жалпы егіс көлемінен 1348 гектарға артық ауыл шаруаш­ылығы дақылдары орналас­тырылды. Ауданда  мал басы  жыл  сайын  артып  келеді. Өткен жылмен  салыс­тырғанда мүйізді  ірі  қара 70251 басқа  (1,7 пайызға), қой 254993 басқ­а (13,0 пайызға), жылқы 16583 басқа (6,9 пайыз­ға), түйе 1638 басқа (8,4 пайыз­ға), ешкі  17969 басқа (21,0 па­йызға), құстар 22317 басқа (9,6 пайызға)  артқан.­

Жаңақорған ауданы бо­йынша 2019 жылы 74168 (бекітіл­ген халық тіркелімі (РПН) бағдарламасы  бойынша) аудан халқына аудандық орталық аурухана, 2 ауылдық аурухана, аудандық емхана, туберкулезге­ қарсы диспансерлік бөлімше, 17 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік-акушерлік бекет­, 10 медициналық бекет, 47 жалпы тәжірибелі дәрігер­лік аймақ қызмет көрсетеді.

Медициналық қызметтің нәтижесі мен сапасын демо­графиялық көрсеткіштерден аңғаруға  болады. 2019  жылдың 8 айында ауданда 1131 бала дүниеге келіп, туу көрсеткіші – 15,2, табиғи өсім көрсеткіші 11,9 промильді құрады. Сондай-ақ, бүгінгі таңға дейінгі тіркелген өлім-жітімнің жалпы­ саны 247 – 3,3 (2018ж. 8 айы – 229-3,1) көрсеткішті құрап отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда 0,2 көрсеткішке­ жоғарылаған. Ағымдағы жылдың 8 айында жалпы дәрі­герлік қабылдау саны 218384-ді құра­са, 1 тұрғынға шаққанда 2,9 (2018ж. 205430-2,8), өткен жылмен салыстырғанда 0,1 көрсеткішке жоғарылаған. Есепті кезеңде ауданда тіркелген жалпы аурушаңдық саны – 51999 – 1000 мың тұрғынға шаққанда 701 (2018ж. 48533-659,2). Тұрғындар арасында жиі тіркелетін аурулар тыны­с алу жүйесі, қанайналым жүйесі, несеп-зәр шығару жүйесі, асқорыту жүйесі аурулары  болып  отыр.

Жаңақорған ауданындағы толымды тірліктер мұнымен де толастамайтыны түсінікті. Елдег­і атқарылған ауқымды жұмыстар әлі талай тақырыпқа арқау болары сөзсіз.

 

Халық-хабар

 


БАЙҚОҢЫРДАҒЫ БАЙЫПТЫ ІСТЕР PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
10.10.2019 10:00

Байқоңырлық бұқараның әлеуметтік мәселелері оң шешімін тауы­п келеді­. Бұрын «Ресейдің иелігінде» деп онша иек артпайтын аумақ еді, соңғы жылдары­ екі елдің Үкіметаралық келісімдерінің арқасында «жұлдызды қалашықта» да біраз істің беті бері қарап қалды.  Түсінікті болу үшін тақырыпты тарқатайық.

 

БАЙҚОҢЫРЛЫҚТАР  АНАЛИЗДІ  ТЕГІН  ТАПСЫРАДЫ

Қызылорда облысының экс-әкімі Қ.Көшербаевтың бастамасымен Байқоңыр қаласында  осыдан үш жыл бұрын облыстық медициналық орталықтың филиалы ашылған болатын. Биыл облыс әкімі Қ.Ысқақовтың қолдауымен нысан Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасы болып қайта құрылды. Ауруханадағы материалдық-техникалық база жүз пайызға толық болмағанымен, аз уақыттың ішінде ең қажетті жабдықтармен толыққан. Ең маңыздысы, енді байқоңырлықтар анализ­ді тегін тапсыра алады. Ал осыған дейін бұл астын сыза айтатын маңыз­ды мәселелердің бірі болып келген­. Осы аурухана базасында инструмен­тальды-клиникалық зерттеу бөлімшесі ашылды. Ашылу­ салтанатына «Нұр Отан» партиясы Қызыл­орда облыстық филиал­ы төр­ағасы­ның бірінші орынбасары А.Әлна­за­рова, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Ж.Абатов және жергі­лікті ардагерлер кеңесі­нің өкілдері қатысты.

- Құрметті әріптестер, құрметті қала тұрғындары! Өздеріңіз білесіздер, бірнеше жылдан бері Байқоңыр қаласының тұрғындарының ұсыныстарын ескере отырып, осы аурухананы іске қостық. Бұл жерде Қ.Елеуұлының елеулі еңбегін айта кету керек. 2015 жылдың қараша айында Үкіметаралық келісім арқы­лы осы мәселені шешуді қолға алдық. 2014 жылы республикалық бюджет резер­вінен қаржы қаралып, аурухананы толықтай құрал-жабдықпен және өзге де қажеттіліктермен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, бүгін сіздер үшін жақсы жаңалық – зертхана бөлім­шесінің ашылуы. Енді барлық анализдің түр­лері осы жерде жасалынатын болады,- деді «Нұр Отан» партиясы Қызылорд­а облыстық филиалы төр­ағасының бірінші орынбасары А.Әлназарова.­

Оның айтуынша, осы ауруханада жұмыс істейтін барлық дәрігерлер қызмет­тік тұрғын үймен қамтамасыз етіле­тін болады.

Көпбейінді ауруханада әлі де кадр тапшылығы бар. Бұл туралы аурухананың бас дәрігері Ж.Қойшыбайұлы жеткіз­ді.

- Ауруханада барлық жағдай жасалған. Мүм­кін­дігі шектеулі азаматтардың мініп-түсуіне қолайлы лифт жұмыс істейді. Сонымен қатар аурухананың страте­гиялық даму жоспарына сәйкес, кадр тарту мәселесі қазіргі таңда қызу жүргізілуде. Бізге кардиолог, офтальмолог мамандары жетіспейд­і, жуырда толығады деген ойдамыз. Оларға әкімшілік тарапынан Байқоңыр қаласы, 7-мөлтек ауданынан қызметтік тұрғын үй мәселесін шешу көзделуде. Бұдан бөлек, аурухана қызметкерлерінің айлық жалақысын көтеру­ мәселесі де қарастырылып жатыр­, - деді ол.

Ауруханада жалпы терапия және оңалту, 20 төсектік гинекологиялық бөлім, операциялық блок пен реанимация бөлімдері мен 105 стационарлық орын бар. Бүгінде мұнда 58 дәрі­гер, 258 медбике жұмыс істейді.

Аурухана қызметіне қала тұрғын­дары да дән риза.

- Дәрігерлердің емделушілерге жасап жатқан қызметтеріне шын көңілден разымыз. Мұнда басым көпшілігі – қазақтар. Мен өзім қосазаматтық алғанмын. Өзім бірақ осы ауруханаға келіп ем аламын.  Жұмыстары еуропалық стандарттарға сай жасалған,- дейді емделуші Т.Козьмина.

ҚАЛА   «ҚАЗАҚШАЛАНЫП»  КЕЛЕДІ

«Байқоңыр орыстанып кеткен» дейтін еді бұрын жұрт. Қазір қазақшаланып келеді. Оны Байқоңырдың мектептерінен көруге болады. Бүгінде қалада 13 жалпы білім беретін мектеп бар, оның ішінде ҚР Білім беру стандарты бойынша 5 мектеп бар. Ал ресей­лік стандартпен оқытылатын 8 мектеп бар, оларда 4132 бала білім алады. Оның 1500-і – ҚР азаматтары. Қазақ стандарты, Ресей стандарты деп бөле-жара айтуымыздың себебі бар. Ол мынада. Ресей Федерациясының стан­дарты бойынша:

1. ҚР мемлекеттік тілі, Қазақстан тарихы, өзін-өзі тану пәндері оқытылмайды.

2. Ағылшын тілі 2-сыныптан бастап­ жүргізіледі (ҚР 1-сыныптан бастап).

3. Информатика 8-сыныптан бастап оқытылады (ҚР 1-сыныптан бастап).

4. Бастауыш сыныптарда оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі – 20-25 сағат­ (ҚР бойынша 24-29 сағат).

5. 5-11 сыныптарда оқу жүктеме­сінің ең жоғары көлемі – 28-36 сағат (ҚР бойынша 32-39 сағат).

Енді осы мәселеге байланысты М.К.Янгель атындағы №7 орта мектептің қазақстандық білім беру стандартына ауысу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Өйткені бұл мектепте Қазақстан азаматтығы бар 74,4 пайыз оқушы білім алады.

Байқоңырдағы №277 орта мектеп 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР білім жүйесіне көшкен. Бүгінде мектепте 59 сынып бөлмесі, 3 компьютер сыныбы, 2 спортзал, 13 зертханалық бөлме, кітапхана, 2 оқырман залы,  640 орындық жиын залы, 320 орындық асхана, 100 орындық конференц зал, мұражай бар. Білім ордасының материалдық-техникалық базасы жақсартылған, оқушылардың жан-жақты білім алуына мүмкіндік бар. Білім сапа­сының көрсеткіші қазір ҰБТ-мен анықталатынын ескерсек, 2018-2019 оқу жылында тестілеудің орташа балы 91,24 пайызды құраған. 3 оқушы «Алтын белгіні» қорғап, 2 оқушы «Үздік аттестат» иегері атаныпты. Сондай-ақ былтыр мектепті аяқтаған 1 оқушы Ресей­ Федерациясының, 1 оқушы Қытай мемлекеттік университетінің, 17-сі Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының білім грантын иеленген.

- Мектебіміздің ауыз толтырып айтатын жетістігі өте көп. 2018-2019 оқу жылында Қызылорда облысы әкімдігінің «Үздік білім беру ұйымы» конкурсына қатысып, 17 млн теңгенің сертификатына ие болдық. Қазір ол қаражатқа мектебіміздің материалдық-техникалық базасын одан әрі жақсартуға жұмыс істеп жатырмыз,- деді №277 орта мектептің директоры Ж.Тілеуғабылова.

Оның айтуынша, мектеп ҚР білім беру стандартына көшкелі бері көптеген жетістіктерге жеткен. Мәселен, бұрын мектеп оқушылары ҰБТ, білім олимпиадалары, түрлі сайыстарға қатыса алмайтын. «Қазір мүмкіндік көп» дейді ол.

 

ГАЗДАНДЫРУ  ЖҰМЫСТАРЫ  БАСТАЛДЫ

Байқоңыр жұртшылығы үшін ақжолтай жаңалық! Енді тұрғындар табиғи газ пайдаланатын болады. Газдандыр­у мәселесі шешімін тапты.

Газдың бағасы бұрынғы газдың тарифін­ен 40 есе аз. Сондықтан бұл халық­қа өте қолайлы. Сонымен қатар Төретам, Ақай елді мекендерін газдандыру жоспарлары бойынша бүгінде тиісті құжаттар дайындалуда. Енді 2020-2021 жылдары аталған елді мекен­дерде газдандыру жұмыстары аяқталады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 3 сәуірде ҚР Президенті Қ.Тоқаев Мәскеуге сапары барысында Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Энергетика ми­нистр­лері Байқоңыр кешенін газбен жабдықтау туралы келісімге қол қой­ды. Бүгінде 287 көпқабатты үй табиғи газ желісіне қосылды.

- «ҚазТрансГазАймақ» АҚ 2015-2016 жылдары Байқоңыр қаласын газдандыру жұмыстарын бастады. 2017 жылы әлеуметтік нысандарды газ жүйесі­не қостық. Оның ішіне 5 мектеп, 1 аурухана, 1 балабақша бар. Қазір қаланың барлығы табиғи газ пайдалана алады. Бұрын тұрғындар газдың текше метріне 900 теңге төлеп келсе, қазір 21 теңге ғана төлейді,- деді «ҚазТрансГаз­Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының Байқоңыр қаласы газ шаруа­шылығының директоры Қ.Сансызбаев.

Байқоңыр қаласында Қазақстан Республикасы қаражаты есебінен 50 пәтерлі 5 үйдің құрылысы аяқталды. Құны – 2 млрд 110 млн теңге. Тұрғын үйлердің инфрақұрылымдық жобасымен танысуға «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық фи­лиа­лы төр­ағасының бірінші орынбасары А.Әлназар­ова, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызме­тін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Ж.Абатов келді.

- Үйлер қараша айына дейін толықтай пайдалануға беріледі. Оның 200-і Байқоңыр қаласында тұрып жатқан ҚР азаматтарына беріледі, 50 пәтер әлеумет­тік қызметкерлердің үлесіне тиеді. Қазір кезекте 1600 адам тұр. Олар кезең-кезеңімен пәтерге ие болады, - деді А.Әлназарова.

Енді тұрғындардың табиғи газды пайдалануына байланысты авариялық-диспетчерлік қызмет көрсету пунктін ашу қажеттігі туындап отыр. Бұл өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалуға тиісті.  Мұнда мазутпен жұмыс істейтін жылу электр стансасы бар. Бұл өз кезегінде тарифтердің жоғары болуына әсер етеді. Тарифті төмендету мақсатында жылу стансасын табиғи газдарға көшіру арқылы жаңғырту көзделуде.

Осылайша Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдас­тырған баспасөз туры барысында Байқоңырдағы байыпты істерді көзімізбен көріп, толымды тірліктердің барына көңіл тоғайтып қайттық.

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

 


КӨЛДІҢ КИЕСІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
10.10.2019 09:55

Жазғы каникулда Сәрсен анасымен бірге нағашысының ауылына барған. Нағашы­лары таудың етегінде, айнала көл. Жазғы күндері жап-жасыл күйге еніп, төңірек ерекше күйге бөленеді. Нағыз ауылдың жанға жайлы өмірі осында. Анасы Сәрсенді ауылға әкеліп тастаған күні қалаға қайтадан жол жүрді. Сәрсеннің бетінен сүйіп, жақсы демалыс­  тіледі.

Сәрсеннің нағашы атасы мен әжесі қайтыс­  болған. Шаңырақта қалған анасының жалғыз інісі мен келіні. Нағашы жеңге­сі­  жиенді келген күннен бастап, тауға апарды. Ауылға жақын маңайда орналасқан көлмен таныстырып, бұрын бұл көлдің айнала­сында бойында қасиеті бар емші-бақсылар жиналып, бас қосатын болған­дығын айтады. Бұл ақпарат Сәрсенді бірден елең еткізді. Жеңгесі де ары қарай жарытып  ештеңе  демеді.

Сәрсен ауылға алғаш келген күндері түні бойы көз іле алмай жүрді. Мұнысын ол бөтен үйге алғаш келгенінен деп түйген. Сондай уақыттың бірінде түн ортасы ауған шақ. Асхана жақтан тысырлаған, жыланның ысылы секілді дауысты естіді. Төсегінен тұра сала жартылай жабық тұрған асхананың есігінен сығалай қараған. Қараса, өзінің жеңгесі. Терезедегі шықты сала құлаш, қап-қара тілдерімен жалап тұр екен. Көздері қап-қара, өңі бозарған, шашы желбіреп, самай шаштары аппақ болып кеткен. Бір мезетте есік сықыр ете қалып еді, Сәрсенге қарай жалт қарады. Оның отты көздері Сәрсеннің тұла  бойын  қалтыратып  жіберді. Сасқалақтап  қалған  Сәрсен:

- Жеңеше, бұл сіз бе?- деді дірілдеген дауыспен.

- Сәрсен, түн ортасы болды ғой. Сен мұнда неғып жүрсің? Әлі жатпағансың ба?- деді.

- А, мен осында тысырлаған дыбыстарды естіп, сырттан ит-мысық кіріп кетті ме дегенмін,- деді Сәрсен.

- Мұнда түнде ештеңе кірмейді. Мен шөлдеген соң, осында су іздегенмін. Көл­ден түнде су тасымай-ақ қояйын дедім,- деді қатқыл дауыспен жеңгесі.

Сәрсен жүрегі аузына тығылып, бөлме­сіне қайта жүгіріп келді. Бірақ ұйқысы қашқан­ күйі, таң атқанша әлгі көрініс көз алдына елестеп жата  алмады. Таң ата жеңгес­і  қалпына келген. Баяғыша орамалын  тартып, есік  алдында  самаурын қайнатып  жүр  екен. Сырт көзге дым болмағандай-ақ кейіп танытып жүр. «Ағам оны біле ме екен?»  деп ойланды  Сәрсен.

Осыдан кейін Сәрсеннің көз алдынан жеңгесінің сұрықсыз кейіптегі бейнесі кетпей­ қойды. Ағасына барып, түндегі оқиға туралы айтып еді, ол әйелінің мұндай «қылығы» жоқ екендігін айтып, «шошын­ған  шығарсың»  деп  арқасынан  қақты.

Арада күндер өтті. Сәрсен ауладағы өзі құралпы балалармен қызу ойыннан келіп, ауқаттанып алды. Содан соң көзі ілініп кеткен­ екен, құлағына ыңылдаған дауыс келді. Онсызда үйдегі жеңгесінен секем алып, шошынып жүрген ол селк етіп, орнынан­ атып тұрды. Қараса айналасында ешкім жоқ. Бөлмесіне айдың сәулесі жартыла­й түсіп тұр екен. Әлгі ән айтқан секілді таныс дауыс құлағына әлі де келіп тұрды. Дереу асханаға жүгіріп еді, онда да ешкім жоқ екен. Ауладан шығып, көше жаққа көз жүгіртті. Есік  алдында­ да адамның  қарасы  көрінбеді. Дыбыс бірес­е құлағының тұсынан, біресе алыстан естіліп, мазасын қашырды. Кім екенін таба алмаған соң ауыл сыртындағы өзі келге­н күні жеңгесі таныстырған көлге қарай аяңдады. Ол жерге жақындаған сайын дауыс та анық шыға бастады. Әлдекім баяу дыбыс­пен әндетіп отырған секілді. Көлге жақынд­аған сәтте, су жиегінде аппақ көйлегі тобығына дейін түскен, қолаң шашты әйел шашын тарап отыр екен. Жүзі көлге қарай, өзі тізесін бүгіп бір жағына қарай қисайыңқ­ырап жайғасқан. Сәрсен оны сыртына­н біразға дейін бақы­лады. Байқаса, өзінің үйдегі жеңгесіне кескін-келбеті ұқсайтын сияқты болды. Сасқалақтап, қапелімде не істерін білмей қалған­  Сәрсен  тағы  да:

- Жеңеше, бұл сенбісің?- дей бергені сол еді. Әлгі әйел бұған жалт бұрылып,  сояудай тырнақтарын жоғары кере ұстап, аспанға қалықтай қалды. Сөйтті де:

- Сен менің  соңымнан  аңдығанды қашан  доғарасың!  Мені  көрдім-білдім деп, ешкім­ге­  тіс жарушы болма!  Әйтпесе ажалың­ менен­ болады! - деп, суға сүңгіді де көзден ғайып  болды.

Сәрсен үйге келіп еді, алдынан ағасы шықты. Сәрсеннің түрін көріп, не болғанын сұраған, бала ләм-мим деместен жатып қалды. Таң қылаң бере жеңгесі «адам кейпі­не» еніп, мұны шайға оятып жүр екен. Сәрсен тұрайын десе, басы мең-зең, ыстығы көтеріліп жатыр екен. Нағашы ағасы дереу үйге дәрігер шақырып, Сәрсеннің беті бері қарады. Сонда да денесі қалш-қалш етеді. Ағасына болған жайтты айтайын десе, «шайтан»­ кейіпті жеңгесінен жүрексінді. Нағашысы сұрап қоймаған соң, жеңгесінің көзін ала бере көрген-білген оқиғаларының барлығын жіпке тізгендей етіп баяндап берді. Нағашы ағасы таңғалды. Өйткені келінш­егі  түн  ауа  ешқайда  да  кетпейтін.

Ағасы  бұл оқиғаның анық-қанығын білу үшін келіншегін белгілі емшіге апарып көрсетеді. Сонда  жағдайды емші  тайға таңба­ басқандай  айтып  береді. Сонымен ол былай­ болған көрінеді. Келіншек үйде су болмай, түн ортасы ауа көлге су алуға барады­.  Шелегіме­н су алып жатқанда мөп-мөлдір суға қызығып кетіп, көлден су ішеді. Әріден келе жатқан әпсаналар бойынша түнде көлден су ішкен, су алған адам­дарға көл иесі ашуланып, одан кек алмай қой­майды екен. Сөйтіп, келіншектің кейпіне еніп, нағашы жеңгесінің ажалына көрінгісі келіп жүрген екен.

Ауылға келе сала, құран бағыштап қой сойып, қанын көлге апарып төгеді. Содан бері әлгі адуын ұшты-күйлі жоғалған деседі. Сәрсен  де көп ұзамай қалаға қайтты. Алайда­ болған оқиға туралы анасына тіс жарған жоқ...

 

Керім  ТАУАР

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қазан 2019 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары