Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 2473 |
![]() | Кеше | 2595 |
![]() | Осы аптада | 2473 |
![]() | Өткен аптада | 18980 |
![]() | Осы айда | 60784 |
![]() | Өткен айда | 78079 |
![]() | Бәрі | 5153321 |
АЛАЯҚТЫҚ ӘРЕКЕТТЕР ТЫЙЫЛАР ЕМЕС |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
11.10.2019 09:50 |
Қызылорда қалалық прокуратурасымен алаяқтық қылмыстарға қарсы бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, тұрғындарды жылжымайтын мүлікті сатып алуда күмәнді келісімдерден сақ болуға шақырады. Статистикалық мәліметке сүйенсек, Қызылорда қаласының №2 сотына түскен 505 қылмыстық істің ішінде 101-і осы алаяқтық қылмыс ретінде тіркелген. Яғни, соттармен қаралған әрбір 5-ші іс – алаяқтық қылмыстар. Себебі азаматтардың басым бөлігі оңай жолмен тұрғын үй алуға үміттеніп, алаяқтардың арбауына түсіп қалады. Мәселен, Ә.К. есімді азаматша 2016-2018 жылдар аралығында барлығы 58 жәбірленушіні «Қызылорда қаласының аумағында салынып жатқан үйлерден пәтер алып беремін» деп алдап, олардың сенімдерін теріс пайдалану жолымен бірнеше рет ірі мөлшерде мүліктерін жымқырған. Алаяқтық қылмыстық әрекеттерінен жәбірленушілерге 66 453 000 теңге көлемінде мүліктік зиян келтірілген. Мұндай алаяқтық әрекеті үшін Ә.К. сот үкімімен 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Алаяқтық қылмыстардың басым көпшілігі нәзік жандылармен жасалуда. Атап айтқанда, Қ.М. есімді азаматша сенімді теріс пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін иемденіп, оңай жолмен ақша табу мақсатында 2017-2019 жылдар аралығында 27 жәбірленушіге өзінің Қызылорда қаласының әкімшілігінде қызмет атқаратындығын, қала аумағында жаңадан салынған көпқабатты үйлердің бірінен кезектен тыс пәтер алып беретініне сендіріп, өзінің қылмыстық іс әрекетімен 30 454 500 теңге мүліктік шығын келтірген. Осы әрекетімен Қызылорда қаласының №2 сотының 19.07.2019 ж. үкімімен ҚР ҚК-тің 190-бабының 2-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы бір мысал, Тараз қаласының тұрғыны Ж.С. оңай жолмен пайда табу ниетімен қылмыстық пиғылын жүзеге асыру мақсатында Қызылорда қаласына келген. Қонақүйге орналасып, қылмыстық пиғылын жүзеге асыру мақсатында кешкілік такси жалдап, қаладағы емхана, аурухана, медициналық орталықтарды, мәйітханаларды аралаған. Қылмыстық ойын жүзеге асыруға уақыт келген кезде, мәйітхана қызметіне жүгінгендерге туыстарының мәйіттерін сойдырмай алып беретініне сендіріп, әртүрлі көлемде ақшаларын алып, оқиға орнынан бой тасалап кеткен. Осы қылмысы үшін Ж.С. Қызылорда қалалық №2 сотымен ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, қоғамнан оқшауланды. Алаяқтардың жәбірленушілерді алдау тәсілдері негізінен олардың ең мұқтаж қажеттіліктеріне бағытталады. Олардың негізгілері – жер телімдерін алу, жеңілдікпен пәтер алу, банктерден кедергісіз тез арада несие алу, жұмысқа орналасу.
Асхат Бекмұханов, Қызылорда қаласының прокуроры |
ҚЫЛМЫС ҚҰРБАНДАРЫ БОЛҒАНДАРҒА ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
11.10.2019 09:45 |
«Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» қаңтардағы Заңның нормалары қылмыстық құқықбұзушылық жасауға кінәлі адамдардан мәжбүрлі төлемдерді өндіріп алу бөлігінде 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді. Бұл институт Қазақстанда алғаш рет жәбірленушілерге қажетті материалдық көмекті жылдам көрсету бағытында құрылған. Дүниежүзілік тәжірибеге және зиянды өндіріп алу туралы Еуропа конвенциясына сәйкес, өтемақы зорлық-зомбылық қылмыстарының құрбандарына төленеді. Яғни, сексуалдық зорлық-зомбылықтың құрбандары болған кәмелетке толмағандар, адам саудасы мен азаптаулардың жәбірленушілері және денсаулығына ауыр зиян келтірілген не адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ/ЖИТС) жұқтырған адамдар өтемақы алуға құқылы. Оларға төленетін сома мөлшері 30-дан 50 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі біржолғы төлемді құрайды. Жәбірленушілерге өтемақы қорындағы түсімнің негізгі көзі – соттың айыптау үкімі шыққан кінәлі тұлғалардан күштеп өндірілген қаражат. Осы тұрғыда, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтар бойынша сот үкіміне сәйкес, мәжбүрлі өндіріп алулар басталды. Мәжбүрлі төлемдердің сомасы қылмыстардың ауырлығына қарай 5-тен 30-ға дейінгі айлықтық есептік көрсеткішті құрайды. Облыс аумағындағы жергілікті соттармен «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Заңы қолданысқа енгеннен бастап 2018 жылдың соңына дейін 472 адамға қатысты - 455, 2019 жылдың 6 айында 473 адамға қатысты 415 айыптау үкімдері қабылданған. Оның ішінде былтыр Заң қолдануға жататын барлығы 222 адамға қатысты 211 қылмыстық іс қаралып, ҚК-тің 98-2-бабына сай жалпы 2525 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі - АЕК) 6 млн 72 мың 625 теңге мөлшерінде өтемақы өндірілген. Ал, ағымдағы жылдың маусым айын қоса алғанда Заң қолдануға жататын барлығы 217 адамға қатысты 201 қылмыстық іс қаралып, ҚК-тің 98-2-бабының талабына сай жалпы 2785 АЕК мөлшерінде 6,3 млн теңге мәжбүрлі төлем өндірілген. Аталған Заңның талабы бойынша қорда жиналған қаражаттар қылмыстық құрбандары болған тұлғаларға 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап төленеді. Қазіргі таңда облыстық прокуратурамен қорды қалыптастыру бағытында Заңның қолданылуы мен орындалу бағытында тиісті шаралар атқарылуда. С.Төлеген, Қызылорда облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры |
ҚЫЗЫЛОРДАДА #PARABERME АКЦИЯСЫ ӨТІП ЖАТЫР |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
11.10.2019 09:36 |
"Қызылорда облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен парақорлық фактілері бойынша 53 қылмыстық іс тіркелді. Оның 50 пайызы ауыр қылмыстар қатарына жатады. Пара беру фактілері бойынша 21 қылмыс анықталған, олардың 19-ы сотқа жолданды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, біздің өңірде парақорлық деректері халықты әлеуметтік қорғау, білім беру, ішкі істер агенттіктері және аудан әкімдіктері мекемелерінде кездесіп отырған", - деді Ғалия Убайдуллақызы. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, пара алғаны үшін кінәлі адамның мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыра отырып, параның 80 еселенген сомасына дейінгі мөлшерінде айыппұл салынады. Пара беруші мен пара алушының арасындағы жазадағы айырмашылық соншалықты көп емес, сондықтан азаматтар заңды бұзбас бұрын білуі тиіс. |
ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҮРГІЗІЛУДЕ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
11.10.2019 09:30 |
- Өткен жылы жылу беру маусымында облыс бойынша 147 өрт оқиғасы тіркелген болатын. Биыл сондай олқылықтардың алдын алу мақсатында үгіттеу-түсіндіру жұмыстары жалғасын табуда. Тұрғындармен кездесу барысында пештің түтін жолдарын жылу маусымында 2-3 рет тазалау, өрт қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді. Сонымен қатар, 15 қазанда өрт қауіпсіздігі айлығы аяқталғанымен, ары қарай жылу беру маусымында қауіпсіздік шаралары жалғасады, - деді Руслан Сламбекұлы. Сондай-ақ, сала мамандары тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән беріп, балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертті. Құрметті қала тұрғындары, балаңыз бен отбасыңызға сақ болыңыздар! Өңірлік коммуникациялар қызметі |
ЛЕПРАҒА ҚАРСЫ КҮРЕС МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
11.10.2019 09:20 |
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша қазіргі таңда жер шарында 22 млн лепраға шалдыққан науқас бар. Жыл сайын лепраның 500-800 мың жаңа жағдайы тіркелуде және бұл көрсеткіштің төмендеу қарқыны байқалмайды. 2013 жылы Бельгияның Брюссель қаласында болған Конгресте аурулардың 58 пайызы – Үндістаннан, 14 пайызы – Бразилиядан, 8 пайызы – Индонезиядан, 20 пайызы өзге елдерден анықталғаны туралы ақпарат берілді. Бүгінде Қазақстан бойынша лепраға шалдыққан барлығы 600-ге жуық адам бар. Бейсенбіде Қазақ Республикалық лепрозорийінің 90 жылдығына арналған «Лепрология, дерматовенерология және дерматокосметологияның өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Германия, Үндістан, Түркия, Ресей, Өзбекстан және Қазақстанның лепрологтары, дермато-венерология саласының көптеген жетекші мамандары қатысты. Халықаралық ғылыми басқосудың салтанатты ашылуында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Байқадамов сөз сөйледі. - ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өзі Алаштың анасына балаған, қасиетті Қорқыт бабамыздың табаны тиген топырақта Сіздерді көргенімізге қуаныштымыз. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ республикалық лепрозорийінің 90 жылдығына арналған конференцияның салатанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Лепра ауруы әлемдік мәселелердің біріне айналғаны белгілі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде лепра ауруымен ауыратын 20-22 миллиондай адам бар. Жыл сайын 200 мыңнан астам жаңа жағдайлар тіркелсе, оның 10 пайызы – балалар. Соған қарамастан қазір ғылымға аурудың бұл түрін емдейтін жаңа тәсілдер табылып, көптеген науқастар қоғам өміріне қайтадан белсенді араласуда, - деді ол. Содан соң осы салада тынбай еңбек еткен мамандар марапатталып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Атап айтқанда, Тбилиси мемлекеттік университеті және Д.Твильдиани атындағы медициналық университетінің доценті Т.Китуашвили, Астрахань қаласындағы лепраны ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері Е.Шац, РФ ДСМ Орталық Туберкулезді ҒЗИ директорының орынбасары В.Гергерт Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен, ҚР лепрозорий мекемесінің терапевт маманы Г.Дүйсенбаева «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үзідігі» төсбелгісімен, ҚР лепрозорий мекемесінің дәрігер-хирургі А.Ізмағамбетов, аталған мекеменің емдеу бөлімінің дәрігері Ә.Нысанов ҚР Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Әр жылдары Қызылорда және Атырау облысының тұрғындарына тексеру жүргізуде Орталық тері-венерологиялық институтының лепрология бөлімінің қызметкерлері Н.М.Балуев, К.А.Колесов, лепраны зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері В.Н.Погорелев, Л.М.Чернышева, В.Р.Коган, В.С.Рыбкин белсенді қатысты. Сондай-ақ Қазақ республикалық лепрозорийінің дәрігерлері А.А.Жоглева, Д.В.Бочкарев, Л.М.Демина, В.В.Харитонов, В.К.Телегин, О.С.Смаханов, Т.К.Қалыбаев, Н.А.Мальгин, О.И.Рысқұлов, Л.Я.Клопенко, Л.Д.Якубова, В.С.Сим және тағы басқалар лепраға қарсы күресте елеулі еңбек етті. Сонымен қатар Арал лепраға қарсы диспансерінің дәрігерлері У.А.Әлсеитов, К.А.Абишев, В.Б.Мухараев мен зерттеу жұмыстарында белсенділік көрсеткендер қатарында Н.М.Балуев, К.А.Колесов және А.А.Жоглева болды. Лепрозорийде 1929 жылы К.О.Дессин, Н.В.Шилов (1929 – 1934), Д.А.Берже (1934-1951), А.А.Шелаковский, Э.И.Йоффе (1951 – 1954), Л.Я.Клопенко (1954-1963), В.С.Сим (1963-1986), А.Ж.Қадырбаев (1986-1991 және 2008-2010), А.Ж.Ізмағанбетов (1991-2008) басшылық етті. 2010 жылдан бері ҚР лепрозорий мекемесінің бас дәрігері қызметін М.А.Сейталиев атқарып келеді. - Бүгін еліміздегі бірден-бір емдеу-сауықтыру мекемесі ҚР лепрозорий мекемесінің 90 жылдығына байланысты мерекелік іс-шара ұйымдастырылып отыр. Соңғы екі жылда біздің елімізде лепра ауруы тіркелмеген. Бұл – бүкіл лепрологтардың, тәжірибелі мамандардың еңбегінің арқасы деп ойлаймын. Бүгінгі конференцияда лепра ауруын түбегейлі жою жөнінде мәселелерді қарастыратын боламыз,- деді ҚР лепрозорий мекемесінің бас дәрігері М.Сейталиев. Айта кетейік, ҚР лепрозорий мекемесінде жұмыс істейтін дәрігер-мамандардың контингенті әр кезеңде әртүрлі болды. 1950-1960 жылдары мұнда 1000 адамға дейін жұмыс істеді. Жыл сайын лепра науқастарының азаюына байланысты лепрозорий 75 төсекке арналған. Мұнда 195 адам жұмыс істейді. Ғылыми-тәжірибелік конференцияның салтанатты ашылуынан соң облыс өнерпаздарының концерті ұсынылды. Содан соң «Достық үйінде» шетел және Қазақстан лепролог мамандарының қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Онда лепра ауруымен ауыратын адамдарды жаңа заман үрдісіне сай емдеу, аурудың алдын алу, ғылыми-зерттеу институттарында тәжірибе жасау жұмыстары жөнінде баяндамалар жасалып, ортақ ұсыныстар айтылды. Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ |
Қызылордалық кәсіпкер 17 млн теңгесін сақтап қалды |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
11.10.2019 09:10 |
Қызылордалық жеке кәсіпкер Рүстем Баймағанбетовтің нарықтағы құны 17 млн теңге тұратын жер телімі мен аяқталмаған құрылыс нысанын сақтап қалуға Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері көмектескен. Бұл туралы кәсіпкер Палатаға жазған алғыс хатында айтты. Кәсіпкер қызмет көрсету саласындағы кәсібі үшін ғимарат салуды көздеп, 2014 жылы жер телімін сатып алады. Алайда отбасында орын алған қиындықтар кәсіпкердің уақытында жерді игеріп, жоспарын мерзімінде орындауына мүмкіндік бермейді. 2018 жылы Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы кәсіпкер Рүстем Баймағанбетовке жерді 1 жыл ішінде мақсаты бойынша пайдалану жөнінде нұсқама береді. Одан әрі мемлекеттік орган кәсіпкерді жер телімін 5 жылға жуық уақыт мақсаты бойынша пайдаланбағандығын айтып, мемлекет меншігіне қайтару туралы сотқа талап арызбен жүгінеді. Сот отырысында кәсіпкердің өтінішіне сәйкес, заңды мүддесін Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері қорғады. Отырыста кәсіпкер Рүстем Баймағанбетов Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының нұсқаулығын алмағандығын жеткізсе, Палата заңгерлері кәсіпкердің құрылысқа рұқсат беру құжаттарын әзірлеп, жергілікті атқарушы органнан келісім алғандығын, аталмыш жер телімінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатқандығын дәлелдеп шықты. Сот отырысының қорытындысымен судья мемлекеттік органның кәсіпкердің жер телімін мәжбүрлеп алу туралы талап арызын қанағаттандырусыз қалдырып, нәтижесінде Рүстем Баймағанбетовтің жер телімі өзінде қалды. Айта кету керек, жыл басынан бері Кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдері атынан құқығын қорғауды сұрап 223 өтініш түсті. Палата заңгерлерімен аталмыш өтініштердің 67 оң шешімін тауып, кәсіпкерлердің 195,4 млн теңге қаржысын сақтап қала алды.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі |
«БАСТАУ» ЖОБАСЫ: ҚҰС ӨСІРГЕН АЗАМАТ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
10.10.2019 17:45 |
Бұрыннан жеке кәсіппен айналысып, оның ішінде құс өсіруді ойластырып жүрген Тойбазар Шаханов Кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасы жөнінде естіп, оқуға ниет білдіреді. Жоба барысында бизнестің әліппесін үйреніп, бизнес-тренері Наталья Мишуковамен бірге бизнес-жопарын жасайды. Көптен армандаған құс өсіру кәсібіне қатысты үйдегі дайындықты да ерте бастап кетеді. Алатын құстарына орын дайындап, қорасын да салып қояды. «Бастау» жобасын сәтті бітіргеннен кейін, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 252 500 теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізген кәсіп иесі тауық, индук секілді құстарды сатып алады. «Үйде жұмыссыз отырып қалғаннан кейін кәсіп ашуды мәселенің шешімі ретінде көрдім. Содан Кәсіпкерлер палатасына кеңес алу үшін барып едім, «Бастауды» оқуды ұсынды. Бір ай оқудан соң сертификат алып, әрі қарай гранттық қаржыға қол жеткіздім. Бұл ақшаға құстарымды сатып алып, қазір жаңа қоражайға үйретіп жатырмын», - дейді ісін жаңа бастаушы кәсіпкер Тойбазар Шаханов. Кәсіпкер қанаттылардың күтімі жақсы болып, дұрыс тамақтандырса, оның өнімін де молынан алуға болатынын айтады. Бүгінде үй құстарының жұмыртқасын халық іздеп жүріп алады. Сондықтан Тойбазар Шаханов кәсібінің өрге басатынына сенімді. «Бастау» жобасы бойынша биылдың өзінде Қызылорда облысында 800 азамат біліктілігін жетілдіріп шықты. Оның ішінде 743 қызылордалық жобасын сәтті қорғап, арнайы сертификаттарға қол жеткізген. «Жобаға қатысу бар да, оны сәтті аяқтау және бар», - дейді «Бастау» жобасы бойынша Кәсіпкерлер палатасының сарапшы маманы Салтанат Шоникова. – Бір айлық курстан кейін қатысушы жобасын арнайы комиссия алдында қорғауы тиіс. Сәтті қорғаған жағдайда сертификатқа қол жеткізе алады. Ал комиссия мүшелері қатысушының әлі де өз ісін ашуға дайындығы аздығын көрсе, онда тек қатысты деген сертификат беріледі. «Бастауды» бітірген азаматтар дер уақытында қаржыға қол жеткізіп, жобаларын бастап кетуге тырысатыны анық. Бірақ бір нәрсені түсінген жөн, Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге немесе кәсібін бастаймын деген азаматтарға қаржылай емес қолдау көрсететін ұйым. Дәлірек айтқанда, істі бастауға қатысты кеңес беру, оқыту, бизнес-жоспарларын дайындау, заңгерлік құжаттарын әзірлеп беру, есептерін тапсыру – міне, бұл қызметтердің барлығы Палата тарапынан тегін көрсетіледі. Ал жобаны қаржыландыру – қаржы ұйымдарының жұмысы. Біз өз кезегімізде бастамашының жобасына сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіп, бағыт-бағдар беріп отырамыз. Яғни қандай бағдарлама аясында қай қаржы ұйымдарынан, қанша пайызбен қаржы алуға болады деген сынды сауалдарына жауап беріп, әрі қарай кәсіпкердің жобасы аяққа тұрып кеткенге дейін мониторинг жасап отырамыз». Айта кету керек, «Бастау» жобасына қатысқан азаматтар кәсібі үшін 6500 айлық есептік көрсеткіш немесе 16 412 500 теңгеге дейін несие алуға, сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасы аясында 100 айлық есептік көрсеткіштен (252500 теңге) 200 айлық есептік көрсеткішке (505000 теңге) дейін қайтарымсыз гранттық қаржыға қол жеткізуге мүмкіндіктері бар.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі |
ЖАЛАҒАШТА «ШАБЫТ-АРТ» СТУДИЯСЫ АШЫЛДЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
10.10.2019 17:00 |
Шарада аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық өнердің түрлі жанрларын дамыту, насихаттау, таланттарды тарту мақсатында ашылған студияның алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. «Шабыт-Арт» студиясында дыбыс жазу студиясы және ұлттық өнерді насихаттайтын «Адырна» жас ақындар үйірмесі, «Көркем» би үйірмесі, «Қылқалам» көркем сурет үйірмесі, «Сыр сандық» көркемсөз үйірмесі, «Әсем әуен» вокалды және «Эстрада» ән үйірмелері жұмыс істейді. Үйірмелер 47 оқушымен қамтылған. Шара барысында М.Байдаулетов жетекшілік ететін «Адырна» жас ақындар үйірмесінің мүшесі М.Қартбай арнау айтып, көркемсөз үйірмесінің мүшесі Б.Қайратқызы өлең оқыса, көркем сурет үйірмесінің мүшелері тақырыптар бойынша суреттер салды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі |
АЯУЛЫ ҰСТАЗДАРДЫ ҰЛЫҚТАДЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
10.10.2019 13:20 |
Тасарық ауылының №238 орта мектебінде "Аяулы ұстазым" атты ұстаздар күніне орай іс-шара өткізілді. Шара барысында мектеп директоры Айдос Жәметұлы сөз сөйлеп, аяулы ұстаздарды төл мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар зейнеткерлікке шыққан Есентаева Райкүл Әзенқызы мен Есбергенова Зәурегүл Сәрсенбайқызын құттықтап, зор денсаулық, мол бақыт, отбасына амандық тіледі. Мерекелік іс-шараға ауыл әкімі Марат Әнәпияұлы, ардагер ұстаздар Құттыбай ағай, Әнтай ағай және мектеп ұжымы қатысты. Шара барысында күміс көмей әншілер ән айтып, мың бұралған бишілер би билеп, көркем сөз оқылды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздар сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Б.Акмурзаева, №238 орта мектептің тәлімгері |
ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАНДАСТЫҢ КҮНІ ХАҚЫНДА |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы |
10.10.2019 12:00 |
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАНДАСТЫҢ КҮНІ ХАҚЫНДА Шыңжаңдағы қазаққа төнген бұлт сейілмей тұр 2017 жылдан бастау алатын жергілікті түркітілдес халықтарға қарсы қуғын-сүргіннің сылтауы – өлкедегі қауіпсіздікті күшейту және діни экстремизм мен сепаратизмді ауыздықтау. Алайда аталған науқанның түпкі мақсаты ҚХР құрамындағы аз ұлттарды жаппай қытайландыру мен коммунистік идеологияға бағындыруға келіп саяды. Тарихқа үңілсек, Шыңжаңдағы халықтардың (байырғы атауы – Шығыс Түркістан) Қытай билігіне ашық наразылығы ХХ ғасырдың 50-жылдарына дейін толастамаған. Қазақтардың ішінен отарлық саясатқа қарсы қарулы көтерілістерді әр кезде Жылқышы Ақтайұлы, Көбеш Айтбайұлы, Оспан Сәлімұлы, Жанымхан Төлеубайұлы сияқты ел ағалары бастаған. Оларды жауыздықпен тегістей басып жаншыды. Кеңес Одағындағы қазақтың қасіретті хал-жағдайы Шыңжаңдағы ағайынның да басына келді. Бұнда да коммунистік басшылық ашаршылық, саяси қудалау, малы мен жерін тәркілеу секілді арамза әрекеттерге барды. Тепкіннің кесірінен көптеген Алаш баласы атамекенімен қош айтысып, Монғолияға, Тибет тауларынан асып Үндістанға, Иранға қашуға мәжбүр болды. Жолдың азабын көтере алмай мыңдаған адам жолай жантәсілім етті. Шыңжаңның өзінде бертін келе өңірдегі жағдайды ретке келтіру мақсатында Бейжің бірте-бірте жұмсақ саясатқа көшті. Оның мәнісі түсінікті де – жергілікті тұрғындардың көңілін аулау арқылы ұлттық аймақтарды өзіне қарату. Осылайша Конституция мен заңдарға аспанасты еліндегі кіші ұлттардың мемлекет құраушы этнос Ханзумен тең құқылығын бекітетін баптар енгізілді. Нақты қазақтарға қатысты айтар болсақ, 1960 жылдардан бастап Шыңжаңда қазақ мектептері, театр, газет пен жорналдар, баспа үйлері, радио-телеарналар ашылды. Бейжіңнің өзінде орталық радиода, университеттерде қазақ бөлімшелері құрылды. Мойындау керек, соның арқасында КСРО, одан бергі Ресейдегі қазақтардан өзге, Шыңжаңдағы қандастар ұлттық болмысын, тілін, ділін, дәстүрін сақтап қала алды. Бұдан басқа, Қытайдағы демографиялық өсімді тежеу үшін қабылданған «Бір отбасыда – бір бала» бағдарламасына қазақтар енгізілмеді. Ал енді 1990 жылдардан бергі ҚХР экономикалық өрлеуі аталған қалыпқа қолайлы үстеме болды. Соның әсері болар 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғанда Қытайдан оралған қандастың нөпірі Монғолия, Өзбекстан, Ираннан ағылғандарымен теңесе алмады. Әрине, бұл ретте Қытайдағы да, Қазақстанның өзіндегі де қағазбастылық, жөн-жосықсыз шектеулер мен квоталар аумалы-төкпелі заманда ажырап қалған ұлтымыздың бірігуіне кері әсер еткенін айтпай болмас. Жоғарыда айтылғандай, 2017 жылы жағдай күрт өзгерді. Белгілі жағдайда оған алдыңғы жылдардағыдай Шығыс Түркістандағы ұйғыр ұйымдары жауапкершілікті өз мойнына алған террорлық әрекеттер себеп болған да шығар. Бірақ жекелеген қылмыскерді құрықтаудың орнына нысанаға тұтастай ұлттарды алу барып тұрған шектен шыққандық еді. Оған Қытай өзін алып держава сипатында сезінуі мұрындық болған сыңайлы. Тиісінше бұған дейін артқа шегеріліп келген көптеген сезімтал мәселелерді күштеп әрі қысқа мерзімде шешуге бекінді. Олардың арасында еркін де капиталистік ұстанымдағы Гонконгты бағындыру, Тибет пен Шығыс Түркістанды қытайландыру саясаты жатты. Ал Қытайдың жабық мемлекет екендігі аталған науқанды мейлінше жасырын жүргізуге, қылмыстың арты ашыла қалған күннің өзінде саяси-экономикалық құдіреті қоршаған әлеммен, оның наразылығымен санаспауға мүкіндік береді деп санады. Осы мақсатпен алдында Тибетке тізе батырған Шен Жуанго деген 2016 жылдың аяғында Шыңжаңға тағайындалып, оған төтенше лауазым берілді. Содан бері жергілікті қазақ, қырғыз, татар, дұнған, өзбектерден төлқұжаттарын тартып алу, діни көзқарастары, шетелге барғаны не онда балаларының оқып жатқаны, ғаламдық әлеуметтік желілерді пайдаланғаны сияқты еш сын көтермейтін айыптаулар мен түзету лагерьлеріне қамау кең ауқымда жүргізіле бастады. Ақпаратты тежеу салдарынан саяси қуған-сүргін құрбандарының нақты саны беймәлім. Алайда барлау мүмкіндіктері орасан АҚШ конгресінің мәліметінше, түзету лагерьлерінің өзінде ұзын саны бір миллионға жуық адам бас бостандығынан айырылып, қамалған екен. Бұның өзі де шынайы ахуалға толық сипаттама болып табылмайды. Себебі азаматтарды үйқамақта ұстау, басқан әр қадамын аңду, мәжбүрлі жұмысқа жегу, діни мінажаттарын атқаруға қарсылық көрсету, толып жатқан басқа да жауыз шаралары автономиялық аймақтың түгелдей лагерьге айналғанын білдірсе керек. Қалай болғанда да ҚХР билігінің ойлағанындай болмады. Мұндағы сұмдықтарды беделді халықаралық ұйымдар, артынша АҚШ бастаған батыс мемлекеттері әп-сәтте әшкерелеп, ХХІ ғасырда адам құқықтарын өрескел бұзу деп ресми Бейжіңнің бетіне басты. Айыптады. Әрине, гуманитарлық мәселелермен қатар бұндай қысым көрсетудің артында Америка пен Қытай арасындағы сауда соғысының, геосаяси тартыстың мүдделері сығалап тұрғаны құпия емес. Дегенмен Шыңжаңдағы қасіретті тоқтату тұрғысынан халықаралық қауымдастық жасаған қолғабыс ерекше маңызға ие. Күнасты еліндегі езгіге ұшыраған бауырдың тағдыры әлбетте Қазақстан жұртшылығын бейжай қалдырмады. Зиялы қауым өкілдері, шекараның арғы бетінде қалған азаматтардың осындағы туыстары, қоғам белсенділері наразылық танытты. Көрші елдің сесіне қарамастан Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де халықтың мұңын ескеріп, Қытай тарапына шағым түсірді. Шыңжаңдағы қандастың тағдырына байланысты былтыр Қазақстаннан барған сондай бір топқа ілесіп ҚХР астанасы Бейжіңде мен де болдым. Жергілікті басшылармен кездескенде олар жағдайды бүркемелеуге тырысып бақты. Бұл тұрғыда мәселенің екі тұсына басымдық берілді. Біріншіден, сіздер, яғни делегация айтып отырғандай ауқымда түзету лагерьлері жоқ. Қалғандары түрме сипатында емес, жай ғана қытай тілі мен жаңа мамандықтарға үйретуші орталықтар ғана. Екіншіден, асыра сілтеушіліктер орын алған күнде біз оларды тез арада доғарып, жағдайды қалыпқа түсіреміз. Себебі бізге Қазақстандағы болсын, Қытайдағы болсын қазақпен достық қарым-қатынасты сақтап қалу басты құндылық турасында. Делегация тапсырған дәлелдемелерді, сотталған, зорлық-зомбылық көрген азаматтардың тізімін мұқият тексереміз деп уәделетті. Солай бола тұра әлгі түзету лагерьлеріне апару жайлы талабымыз сол күйі қанағаттандырылмады. Сондай-ақ жағдайды өз көзімізбен көру үшін Үрімші және Құлжа қалаларына ат басын бұрдық. Бұндағы ахуал Бейжіңде айтылғандай жайма-шуақ болмай шықты. Тілдесуге шақырған жергілікті тұрғындар бізден қашқақтап, ашық әңгімеден жалтарумен болды. Көздерінде үрей байқалады. Тіпті «Ассалаумағалайкүм!» деп амандасудың діни сипаты бар дегендіктен шығар жергілікті компартия өкілдері әдеттегідегй жауап бермей, «Сәлеметсіз бе?» дегені қынжылтты. Сапар барысында Қорғас маңындағы Қазақ-Қытай еркін сауда алаңында да болдық. Осында тексерістен өткенде шекарашылар делегацияның бір мүшесі, Қазақстан азаматы және көк түсті паспорттың иегерін бұғаттады. Сондағы себебін де айтпайды, бізбен еріп, жанымызда жүрген Қытай сыртқы істер министрлігінің, елшілігінің уәждерін құлаққа аспады. Тек өңірдің бірінші басшысына бағынатын және өздеріне ғана белгілі нұсқаулары бар қолында. Әйтеуір бір-екі сағатқа созылған тәжікелесуден соң, паспортын қолына ұстатып, әлгі жерлесімізді қайтарып қоя берді. Бірақ, осы мысал бізге де, қытайлық өкілдерге де сұрапыл жүйенің шынайы бет-пердесін ашты. Қалай болғанмен, аталған кезеңде Шыңжаңдағы ахуалды ретке келтіру, ондағы қандасқа төнген қауіп-қатерді болдырмау мақсатымен Қытайға біздің делегациямен қатар Қазақстанның бірқатар ресми өкілдері, саяси партияның мүшелері барып қайтты. Бірлескен әрекеттердің нәтижесі, бәлкім сонымен бірге халықаралық ұйымдардың ықпалы әсер етсе керек, содан бері Шыңжаңдағы қысым біршама саябырсыды. Рас, көптеген түзету лагерьлері әлі де күшіндегі шектеулерді алып тастаған жоқ. Сонымен бірге қапастан жүздеген бейкүнә қандас босатылды, көптеген отбасылар бірігуге, жастар Қазақстандағы оқуын жалғастыруға мұрсат алды. Әрине, тоқмейілситін жағдай емес бұл, десе де жоқтан жақсы ғой, қолға алынған шаралар да ізсіз қалмады. Ал негізінен қаншама құдіретті көрінгенімен, Қытайдың осал тұстарын пайдалану әбден мүмкін. Ендігі ретте мәселенің шешіміне жету үшін не істемек керек? Біріншіден, алған беттен қайтпай, белсенділікті толастатпаған жөн. Бірақ, илегені бір терінің пұшпағы болған соң, бұл істе қазаққа арзан ұпай жинау үшін менменшілдік пен бірін-бірі алалауға ұрынбай, ортақ әрекет жасағаны тиімді. Сөйтер болсақ, көтерген жүктің соғұрлым жеңілдей түсетіні анық. Екіншіден, халықаралық қауымдастықтың әлеуетін барынша кәдеге асырғаны абзал. Рас, Қытайдың қысымынан көптеген елдер Шыңжаңдағы қазіргі саясатқа қолдау болмаса да түсіністік танытып отыр. Олардың ішінде күні кеше түркітілдес елдердің намысын жыртып келген Түркияның, мұсылман үмбетінің мүддесін қорғаушымын деп жүрген Сауд Арабиясының табылғаны арадағы тартыстың қаншалықты күрделі екендігін байқатады. Олай болса, үшіншіден, Қытайға деген тәуелділікті мейлінше азайтуды да Қазақ ұзақмерзімді басымдыққа айналдыру керек. Анығы сол, бірде жұмсақ, бірде қатқыл әрекеттерді өзара алмастырып Бейжің Шыңжаңдағы қытайландыру саясатынан айнымақ емес. Олай болса, арада тағы бір-екі ұрпақтан кейін бұндағы 1,5 миллион қандастың қаншасы қазақы болмысын сақтап қала ма, жоқ па белгісіз. Осы қатты алаңдатады. Бұл ретте қолдан келетін шаруалардың бірден-бірі – тоқтап қалған қазақ көшіне жан бітіру, яғни көрші елдегі ағайынның Қазақстанға оралуына тиісті алғышарттарды жасау. Сөз болып отырғаны – жыл сайынғы квоталарды еселеп өсіру, құжаттандыру мен азаматтық беру рәсімдерін оңтайландыру, үйлестіру, қоныстандыру мен еңбекпен қамту сынды шаралар. Ағайынның қауіпсіздігі мен құқықтарын сақтау өз алдына, олардың білігі мен күш-қуатын Отанымыздың игілігіне жұмсауға керемет мүмкіндік туындар еді. Онысы – енді бөлек әңгіме. Бұл саладағы былықтардың шаш етектен екені баршаға мәлім – қарапайым халыққа да, жоғарыдағы шендіге де. Сорақысы сол – ол үшін Қытайға, иә басқа біреуге айып таға алмаймыз. Тек өзімізге ғана.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін. |