Өзекті мәселелер

  • 07.11.19

    Бақытжан  НИЯЗОВ,

    ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

     

    – Бақытжан Мақсұтұлы,  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысы ауқымды және ең маңызд­ы  саланың бірі екені даусыз. Білуімізше, агенттік тарапына...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    - Райкүл Мәнсүрқызы, депутатты­қ қызмет Сізге таңсық­ емес. Бұл жолы қандай мақсат  қойдыңыз?

    - Депутат – халық пен билік арасындағы көпір. Шыны керек, қазіргі күні шешіл­мей жатқан мәселелердің дені – биліктің құлағына жетпегендер. Жылына төрт сессия өтеді, сол кезде әр округтен сайланған депутаттар өздерінің ұсыныс, пікірлерін айтып, мәселесін көтеру керек. Аймақта же...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Дидарынан шуақ шашып тұрған күннің райы демде өзгеріп салды. Әдетте қыстың ызғары қарашаның соңында сезілуші еді, бұл жолы айдың басында-ақ суық леп шөптің басына қырау қондырып, қар ұшқындатты. Бұл – қыстың қарбалас тіршілігі басталды деген сөз. Күн райының күрт өзгеруі, жауын-шашынның түсуі салдарынан түрлі төтенше жағдайлар болатыны белгілі. Онсыз да жылу беру маусымында қала іші...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімі  қыркүйек  айын­да­ «Көше Fest» сайысын өткізді. Бұл шараның негізгі мақсаты – көше тұрғындарының ауызбіршілігін арттыру, өскелең ұрпаққа ақса­қалдарды қадірлеуге шақыру, жастардың бойында иба-ізет, намыс, ар-ождан, қадір-қасиет сынды биік адамгершілік қасиеттерді қалыптас­тыру  және де  қаланың бір бөлшегі саналатын  көшенің тазалығын  сақтауға  ша...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Сырдың бас қаласында сонадайдан мен­мұндалап тұратын көпқабатты тұрғын үйлер жетерлік­. Қайбір жылы Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай солардың бірсыпырасы күрделі жөндеуден өтті. Сыртын сырлаған соң кәдімгідей түрленіп, қалаға өзгеше рең беріп, шаһардың шырайы кіріп қалды. Бұл жұмыс­тарды жүргізуге Сырдың меценат жігіттері атсалысы­пты. Енді сол шаралар легі жалғасын тапса дейміз. Өйткені ...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 16 Қазан 2019

ҚАЛА мен ДАЛАНЫ ҚАУЫШТЫРҒАН КҮН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
17.10.2019 09:00

Жердің тоңына кетпен, күрек батпайтын мезгілде­ күн көкжиекке арқан бойы көтеріл­местен қас қарайғанша тынуды білмейтін диқаншы­лар Жер-ананың несібеден айырмай­тынына сенеді. Бұл – дала төсіндегі думанды еңбектің басталатын көктем мезгілі. Жер-Ананың құрсағына қапшықтағы дәннің жүрегі түскеннен бастап, оның өсіп-өніп, жайқалып, жемісін беретін­ кезіне дейінгі күтімі – өз алдына бөлек әңгіме. «Егінші – мәрт, жер – жомарт» демекші жомарт жердің тамырын идіре  білген шаруаның еңбегі  орасан. Кереқарыс  маңдайынан  шыпшып аққан қара терге малынған еңбек адамдарының өңі  ала  жаздайғы  тірліктен кейін қуырылған бидай­ секілді күреңітіп кетеді. Оған да қарамастан еңбегінің несібесін теруге ұмтылатын диқан қауымы астықты қамбаға құюға тағы асығады. Егіннің ел несібесі екенін жадында тоқыған диқаншы­лар өткен аптада дала төскейін қала тынысым­ен қауыштырып, берекелі мезетті думанды­  мерекеге  бөледі.

Жылдағы дәстүрге сүйеніп, мереке аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, Қызыл­орда қаласы мен барлық аудандардан арнайы келген шаруашылықтар өз өнімдерін тұр­ғындарға арзан бағамен ұсынды. Аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов жәрмеңкені аралап,­ тұрғындарды әңгімеге тарт­ты. Қызылорда облысының шаруалары жәрмеңкеге 1700 тоннаға жуық ауыл шаруа­шылығы өнімдерін – көкөніс, бақша және сүт өнімдері мен балық, ет алып келген. Айта кетейік, барлық өнім нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен сатылды. Сонымен қатар, жәрмеңке алаңдарында өнерпаздар өз өнерлерін көр­сетіп, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мұнан соң Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында ұйым­дастырылған «Алтын дән – 2019»  салтанатты  шарасы  өтті.

- Қазіргі таңда об­лыс­тың ауылшаруашылық секторында серпінді даму динамикасы қалыптасып келеді. Кейінгі жылдары аграрлық секторда өндірілген өнім көлемі 1,5 есеге өсті. Ауыл шаруа­шылығына салынған инвес­тиция  көлемі 46 есеге, тамақ өнім­дерін өндіруге са­лынған инвестиция 10 пайызға ұлғайды. Биыл облыс бойынша барлығы 183,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, жалпы егіс көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артты. Әртараптандыру бағытында малазықтық дақылдар 8 мың гектарға, майлы дақылдар  7 мың гектарға, ал күріштен басқа дәнді дақылдар көлемі  3,7 мың гектарға ұл­ғайды. Сондай-ақ, биылдан бастап об­лыста алғаш рет 3 шаруашылықта 50 гек­тарға соя егіліп, жақсы нәтиже көрсетті. Алдағы жылы соя егі­сін 500 гектарға жет­кізуді жоспарлап отырмыз, - деді шара шымылдығын ашқан облыс әкімі Қ.Ысқақов.

Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруда қа­былданған «Агрокарта» шеңберінде ауылшаруашылық өнімдері түр­ле­рін және экспорт көлемін ұлғайтып, ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар толастаған жоқ. Мәселен, Сыр өңірінің күріші Моңғолия, Түркия, Ауғанстан­ға экспортталып, сондай-ақ, Иран нарығына шығару да жоспар­лануда. Өзбекстан, Иран және Біріккен Араб Әмірліктеріне сиыр және қой, ешкі экспортталса, көкөністер мен бақша өнімдері Қытай мен Ресейге жіберіледі. Соңғы бес жылда «Агрокарта» аясында облыст­ың жалпыөңірлік өнім­дегі ауыл шаруашылығының үлесі 2,6 пайыздан 3,7 пайызға артқан. Сонымен қатар, биылдан бастап жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын 20 инвести­циялық жоба іске асырылуда. Ағымдағы жылы облыста ғылыми­ негізделген жаңа технологиялар мен инновациялық  жобаларды өндіріске енгізу­  арқылы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін қарқынды дамыту бойынша  9 инновациялық жоба қолға алынып, жоғары әрі сапалы өнім беретін күріш, картоп, асқаба­қ, соя, қант құмайының сорттары өндіріске енгізілді. Бүгінде Сыр диқандары егін жинау жұмыстарын аяқтап, 87,9 мың гектар күріштің әр гектарынан 60,3 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 530,5 мың тонна Сыр маржанын құйды. Еліміз тәуелсіздік алғалы күрішшілер жеті жыл қатарынан осындай жоғары жетістікке қол жеткізіп келеді. 2019 жылы егілген егіс көлеміне толығымен жоғары репродукциялы тұқым пайдаланылған. Сонымен қатар, ауыл­шаруашылық құрылымдары өз қаржысы есебінен және «Қаз­АгроҚаржы» АҚ арқылы  6,4 млрд теңгеге барлығы         229 дана әртүрлі ауыл шаруа­шылы­ғы техникаларын сатып алған.

Шара аграрлық сала бойынша үздіктерді түрлі номинация бойынша марапаттаумен жалғаст­ы. Өңіріміздің ауыл шаруа­шылығы саласының биылғы­ үздіктерін аймақ басшыс­ы  Қ.Досмайылұлы мен ҚР Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері А.Жұмаш­ұлы марапаттады. Аймақтың ауыл шаруашылығы саласында маңдай терін төгіп, еңбегінің жемісін көріп, табан аудармастан еңбек еткен маманд­арға ҚР АШМ «Еңбек ардагері» медалі тағылып, облыс­тың әлеуметтік-экономикалық көрсеткішінің ар­туына едәуір үлес қосқан азамат­тар ҚР АШМ «Құрмет грамотасымен»  марапатталды.

«Жер семіз болса, дән егіз». Жерге сепкен дәнінің берекесі мен құтын желден қорғап, Сыр елі қамбасының толуына үлес қосқан бірқатар сырбойылық кәсіпкерлер әрқашан назардан қалған емес. Нақтырақ айтқанда, егістік даласының жұмысына етене кіріскен Сыр күріш­шілеріне І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілері табыс­талды. Дана қазақ «Ер дәулеті – еңбек» деген. Қазақтың күнкөрісіне айналған ауыл шаруашылығы саласындағы дала еңбегі ерлерінің есімдері­нің кейбірі аңызға айналуда. «Біз – табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Жер, су, ауа – адам баласының ұрпағынан ұрпағына мұра болып келе жатқан мол қазына… Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау­, қамқор болу – басты міндеттің бірі». Бұл мазмұнды сөйлемнің авторы – «Мен күрішке тек тағамдық дән деп емес, ата-бабамның, атамекенімнің байырғы дақылы деп қараймын. Сондықтан жақсы көремін» деп өзінің ісіне деген жауапкершілікті, сүйіспенші­лікті меңзеген даңқты күріш өсіруші Ы.Жақаев атамыз. Бүгінде егін шаруашылығы даңқ­ты шеберінің ізін жалғап отырған күрішшілер аз емес. Еңбектің ерлікке, ерліктің елдік­ке жеткізетінін «Ыбырай Жақаев» атындағы төсбелгімен марапатталған күрішшілер анық дәлелдеді. Еңбектері бағала­нып, кеудесіне «күріш атасының»  төсбелгісін  таққан күрішшілердің  барлығы да – өз  ісінің  мамандары.

Аймақтағы  ауыл  шаруа­шылығы  саласы  жыл  санап  алға жылжып келеді. Бірінші­ден, шаруашылықта құнар­лы­лығы жоғары   малазықтық   дақыл­дар – жүгері, сорго, судан шөбі, майлы дақылдар – соя мен мақсарыны, халық көп тұтынатын картоп, көкөніс, бақша дақылдарының және көпжылдық жемістердің егіс көлемдерін ұлғайтуға басымдық беріледі. Екіншіден, суарма­лы егістік жерлердің мелиорат­ивтік жағдайын жақсарту шараларын іске асыру және суармалы жерлердің көлемін ұлғайту арқылы об­лыста өнді­рілетін өнім көлемін арттырады. Нақты айтқанда, суармалы жерлердің ирригациялық дренаж­дық және инженерлік жүйелерін қалпына келтіру, пайдаланылмай жатқан жерлерде ылғалды сақтайтын агрогельдер мен аквасорбенттерді пайдалану, жерасты суларды пайдаланып, жаңбырлатып, тамшылатып және топырақ­асты суландыру жүйелерін енгіз­у арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемін ұлғайту көзделуде. Бұл шаруалардың барлығы жұмысшы күштің көмегімен жүзеге асатын жұмыстар екені анық. Салтан­атты шара барысында егін шаруашылығына еселі еңбегі сіңіп жүрген бригадир, комбайншы, жаткист, күріш­ші, көкөнісші, бағбан, агроном, гидротехник, картоп, бақ­ша­  өсірушілер облыс әкімі­нің Алғыс хаты мен бағалы сыйлығына ие болды. Сондай-ақ, аймақтың әлеуметтік-экономикалық  өсіп-өркендеуін ақпарат құралдары беттеріне жарыққа шығарып жүрген бір­қатар БАҚ өкілдері марапатталды. Қамбаға астық толған аптада ұйымдастырылған шарада­ театр сахнасы марапат биігінен көрінгендерге лық толды. Марапатқа лайық әр азамат төрге ұмтылған сайын жиналғандардың да құрмет, қошеметі арта түсті. Егін нау­қанында үздік жетістіктерге жеткен облыс озаттарына ноутб­ук табыс етілді. Олар «Озат бидай өсіруші», «Озат жоңышқа  өсіруші», «Озат көкө­ніс өсіруші», «Озат бағбан», «Озат мақсары өсіруші», «Озат бақша өсіруші», «Озат картоп өсіруші», «Озат агроном», «Озат су маманы», «Озат күріш өсіруші», «Озат жатка машинисі», «Озат комбайншы», «Озат  бригадир» номинациялары бойынша марапат­қа ие болды. Ал облыс экономикасында өзіндік орны бар «Абай Дәулет» күріш өңдеу кәсіпорны «Озат өңдеу кәсіп­орны» деп танылды. «Еңбек етсең еленерсің, еңбегіңе кенелерсің» демекші ала жаздай егістіктің жайына, күн райы мен су мәселесіне алаңдаған шаруашылықтардың ахуалы айтпа­са да түсінікті. Дегенмен, қиындықты жеңе білген серіктестіктердің барлығы да марапатқа лайықты. Бұл жолғы «Озат егін шаруашылығы» номи­нациясының ІІІ дәрежелі дипломымен Қармақшы ауданының «Тұрмағамбет» және Жалағаш ауданының «Егінші» серіктестіктері, ІІ дәрежелі дипломмен Шиелі ауданындағы «Ақмая» ШҚ, І дәрежелі дипломға Сырдария ауданының «Мағжан және К» серіктестігі лайық деп танылды. «Озат аудан» номинациясының ІІ дәрежелі дипломы өңдеу саласы бойынша Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаевқа, мал шаруашылығы саласы бойынша Жаңақорған ауданының әкімі С.Мақашевқа, егін шаруашылығы бойынша Шиелі ауданының әкімі Ә.Оразбекұлына табысталды. Марапат қорытын­дысында Жалағаш ауданы «Үздік аудан» деп танылып, аудан әкімі Қайратбек  Сәрсенбаевқа  І  дәреже­лі диплом табыс етілді. «Ерінбей еңбек еткенге бақыт басын иеді» дегенні­ң айқын дәлелі осы болса керек.

Қазақта «Еңбегі жанғанның тоқты­сы егіз туады» деген мәтел бар. Тарқатып айтар болсақ, сөздің төркіні тамырлы. Қысқасы, қамба дәмге, қапшық дәнге толған, қала мен дала қауышқан тоқшылық мерекес­інде өз қызметкерлерінің өлшеусіз еңбегін бағалаған «Достық жер МК» ЖШС төрағасы Мұрат Сәрсенбаев алты адамға «Нива-Урван» автокөлігінің кілтін табыст­ады. «Мағжан және К» ЖШС өзінің үздік деп тапқан  7 қызметкеріне автокөлік сыйла­ды.  Ал  өз кезегінде «Жан-Арай» ЖШС директоры Б.Еркінбек­ұлы «Қызылдихан» ШҚ егіс бригадасының бригадирі А.Байымбето­вке 1 млн теңге,­ «Бақ» ШҚ күрішші-механизаторы Ә.Мықбаев пен «Нұр­бек» ШҚ  күрішшісі Б.Ертасов­қа  500 мың  теңгеден қаржылай  сый-сияпат  жасады.

Әнге арқау, жырға өзек болған Сыр маржанының даңқын төгілген маңдай терімен күтіп-баптаған диқандар еңбегі марапат мінберінің алтын тұғы­ры­нан да артық. Ағыл-тегіл терін төккен егіншілерге Жер-ана да көл-көсір несібесін сыйлаған мезет мұнымен бітпейді. Алдағы жылдың  жоспары  күтіп  тұр.

Қызылорда қаласының 201 жылдығы қамбаға астық құйылған «Алтын­ дән – 2019» мерекесімен қатар тойланып, салтанатты шара Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионын­да жалғасты. Мерекелік шарада елге еңбегі сіңген бірқатар азаматтар «Қызылорда қаласының құр­метті азаматы» атағын алып, Алғыс хаттармен марапатталды. Олардың қатарында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Парасат» орденін­ің иегері, қаржы саласының үздігі Қалқазбек Әжібекұлы, «Шал­қия­ Цинк» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі, «Құрмет» орденінің иегері», қоғам қайраткері Нәжмадин Мұсабаев, ҚР «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы басқарма төрағасының орынбасары, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редак­торы Сәрсенкүл Бихожаева, «Сыр Медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев, денсаулық сақ­тау­ ісінің үздігі, облысқа танымал дәрігер-нейрохирург Шын­жырбай Оразмаханұлы  және бірқатар Сыр  азаматтары да бар.

Қала күнінің қорытынды шарасында аймақ басшысы Ресейді­ң Екатеринбург қаласында өткен Әлем чемпионатында ел мерейін үстем еткен боксшыларға  алғыс  айтып, қаржылай  қолдау  білдірді.

- Екі ғасырдан астам тарихы бар Қызылорда бүгінгі күні қала халқының айнымас бірлігінің, тынымды тірлігінің арқасында экономикасы қарыштап дамыған, әлеуметтік әлеуеті артқан қала ретінде заманға сай келбетке ие болуда. Қарқынды құрылыс алаңына айналып, қала аумағын Сырдарияның сол жағал­ауына қарай дамытып, аумағы кеңейе бастады. Сүйікті қаламыз Қызылорданың бүгін­гідей құлпырып, жасарып, жай­на­й түсуінде Сіздердің әрбі­ріңіздің қосқан үлестеріңіз зор деп білемін. Осындай мерейлі мерекеде әр отбасына құт-бе­ре­ке, мерекелік жақсы көңіл күй, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға шаттық тілей­мін, - деді мерекелік кеште облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.

Айта кетейік, «Көңілді автобус» шарасы аясында қоғамдық көлік­терде қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында аймақ өнерпаздары шағын концерттік бағдарл­амаларын ұсынды. Ауыл шаруашы­лығы өнімдерінің жәр­меңкесі, республикалық «Ағаш отырғызу» акциясы, «Бәйге» ат жарысы­, Сыр диқандарының «Алтын­ дән – 2019» мерекесі де осы қала күнімен қатар ұйымдас­тырылды. Қала күні Қазақстан эстрад­а әншілерінің қатысуымен өткен гала-концертпен қорытын­дыланды.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


ШАМСУТДИНҚЫЗЫ НЕГЕ ШАМДАНДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
17.10.2019 08:55

Осыдан тура бір ай бұрын Қызылорда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Гүлмира Рахметованың іс-әрекеті әлеуметтік желі арқылы таралып, қоғамдық резонанс тудырғаны бар. Даулы бейнежазбаның «бас кейіпкерінің» тәртібі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы әдеп жөніндегі кеңесте таразыға тартылды.

 

Таяқтың екі ұшы бары белгілі. Кінәнің бір жақтан­ бола бермейтіні тағы рас. Ашығын айту керек, қазіргі күні аталған бөлімнің жұмысы өте күрделі. Оның үстіне қоғамдық көңіл күй құбыл­малы. Көпбалалы аналардың мәселесі де мазасыз мүйіске айналды. Бұл жолы «даудың басы Дайрабайд­ың көк сиырынан» емес, көпбалалы аналардың­ мемлекеттік мекемеде айғай-шу шығаруынан­  басталған...

Бейнежазбада Гүлмира Шамсутдинқызының бір топ көмек алушы әйелдермен кабинетінде кездесіп отырғанын байқадық. Бөлім басшысы әйелдерге «Істеп отырғандарың бұзақылық, жабайы тірлік, мен ондай көргенсіздікке бармаймын» деп көтеріңкі дауыс­пен сөйлеп жатқан сәті түсірілген. Ол тағы бір сөзінде көмек алушы отбасылардың тым көп екендігін және сабыр сақтау керектігін айтады. Қысқасы, онсызда­ тұрмыстың тауқыметін тартқан аналарға лауазым­ды тұлғаның көтеріңкі дауыспен сөйлеген сөзі ұнамаған. Ал өткен айдың 19-ы күні Фейсбук әлеуметтік желісінің қолданушысы, тәуелсіз журналист Сәуле Әбілдаханқызы «Жұмысты өз жолымен қойсаңдар, бұлай айғайсыз-ақ, шыңғырмай-ақ, қышқырмай-ақ, шаштарыңды жұлмай-ақ, бәрі өз ретіме­н жүрер еді» деп бейнежазбаны департаменттің ресми парақшасын тегтеп (белгілеп) пікір білдірген.

Аталған мәселеге орай департаментке Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың хаты келіп түскен.

– Онда 2018 жылы Қызылорда қаласы бойынша 3028 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, биылғы жылдың 1 қазанынан бастап бұл көрсеткіш 4,7 есеге артып, 14353 отбасына әлеуметтік көмек тағайын­дал­ған. Тиісінше, жұмыс ауқымы да артқан. Аталған наразы­ топ сол күні бөлім қызметкерлерінің жұмыс істеуіне айтарлықтай кедергі келтіріп, заң аясындағы түсіндірмелік жұмыстарды тыңдауға ынталы болмаған соң бөлім басшысы Г.Рахметова наразылық білдірушілерді өзінің жұмыс кабинетінде қабылдап, аталған топты көтеріңкі дауыста сабырға шақыруға мәжбүр болған, - дейді департамент өкілі қала әкімінің  хатына  сүйеніп.

Даулы бейнежазбаға байланысты бөлім басшысы берген түсініктемесінде «аталған жағдай орын алған күні бір топ көмек алушы әйелдер ғимараттың 3-қабатындағы 20-кабинеттің есігін сындыра жаздап, мамандар­дың жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеген­діктен, орынбасарларымен бірге жоғары көтеріліп, оларды өз кабинетіне ертіп келіп, сабырға шақырғандығын»  көрсеткен.

Әдеп жөніндегі кеңеске қала әкімінің орын­басары Мира Қазбекова және аталған бөлімнің қызметкерлері де келді. Шаһар басшысының орынбасары өз әріптесінің әрекетін барынша қорғап бақты.

– Өздеріңіз білесіздер, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің атқары­п жатқан жұмысы өте ауқымды және күрделі. Осы мәселеге байланысты Гүлмира­ Шамсутдинқызымен сөйлесіп, эмоцияға берілмеу керектігі, әдеп нормаларын сақтау жөнінде ескерту айтылды. Құрметті Әдеп кеңесінің мүшелері, Сіздерден түсіністік­пен қарауды сұраймын, - деді Мира Жомарт­қызы.

Сондай-ақ, осы бөлімнің қызметкерлері басшыларын ақтап алуға тырысты және «мемлекеттік қызметкерлердің құқығын кім қорғайды?» деген пікірді де айтып қалды.

Көмек алушы әйелдерге көтеріңкі дауыспен­ сөйлеген бөлім басшысының көзіне  жас алғанын да көрдік.

Кеңес мүшелері бейнежазбаларды және айтылған пікірлерді ескере келе Гүлмира Рахметоваға «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды шешті.

Бұдан бөлек, отырыста ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызыл­орда  облысы  бойынша  департаменті басшысының  міндетін  атқарушы Г.Өтегенованың тәртіптік ісі қаралып, оған қатысты­ кеңес мүшелері «тәртіптік істі тоқтату» турал­ы  шешім етті.

Сонымен қатар Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың мемлекет­тік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары, Әдеп Кодекс­і бұзушылықтарының профилак­ти­касы бағытында жүргізілген шаралары, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Әділ Қошалақовтың жыл басын­ан  бері  атқарған  жұмысы  тыңдалды.

 

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ҰРАННАН ҰТҚАНЫМЫЗ ЖОҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
17.10.2019 08:45

Лев Толстойдың «Ұятың мақұлдамаған нәрсенің бәрінен сақтан» дейтіні бар. Жарықтық, айтуындай-ақ айтыпты. Қанша жыл жылыстаса да, Лев ақсақалдың қанатты сөзі өз құнын жойған жоқ. Жоймайтыны да шығар  күндей ақиқат  нәрсе  ғой.
Біздегі шенеунік біткеннің дені ұятты ұмытқалы  қашан? «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, жемқорлықтың алдын алу жөнінде айтпаған ауыз, естімеген құлақ қалмады. Мекеме басшылары тілдей құжатқа (анықтама) теңге сұрайтыны, араға адам салып жұмысқа тұру да «тренд» екені даусыз.

Қысқасы, қай салада да жемқорлық фактілері жетерлік. Білім ордасының басшылығы техникалық қызметкер ретінде жұмысқа орналастыру үшін 300 мың теңге пара алуға ықылас танытқан соң не сұрайсыз? Өкініштісі, бұл оқиға біздің облыста болып отыр. Ол аз десеңіз, сыбайлас жемқорлық фактісіне жол берген шенеуніктің ең кішісі 26 жаста ғана. Ал орташа жас 30-40 жасты құрайды. Ойланатын, ойландыратын  мәселе – бұл.

Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында облыста 53 сыбайлас жемқорлық фактісі орын алған. Олардың 50 па­йызы ауыр қылмыстар санатына жатады. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде айтылды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Ғалия Әлім­құлова әлеуметтік қорғау, білім беру, ішкі істер органдары мен аудандық әкімдік­тің мекемелерінде парақорлық фактілері жиі тіркелеті­нін атап өтті.

– Аталған ведомстволардың қызметкерлері әртүрлі рұқсат беру құжаттарын және құжаттарды жедел мерзімде бергені, азаматтарды жұмыс­қа орналастырғаны, қызмет бойынша қамқорлығы немесе жәрдемдескені, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін жемқорлыққа барған, - деді Ғалия Убайдуллақызы.

Мәселен, Жаңақорған аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ахметов Бержанбаевтан мекемеге маман ретінде жұмыс­қа қабылдау үшін 600 мың теңге пара алған. Жаңақор­ған аудандық сотының үкімімен бөлім басшысына 30 млн теңге айыппұл салынып, қылмыстық жауапкерші­лікке тартылған. Ал пара берген Берженбаевтың өзі де Қылмыстық Кодекстің 367-бабы 2-бөлігімен «пара беру» қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 9 млн теңге айып­пұл арқалаған. Сондай-ақ, сот оларды мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесіндегі 50 пайыздан  асатын ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыр­ған.

Тағы бір дерек. Кә­сіпкерлік субъектісін пара беруге айдап сал­ған «Мүгедектерге арналған оңалту орталығы» МКК мемлекеттік сатып алу жөніндегі маманы мемлекеттік сатып алу бойынша тауарды (ет өнімдері) кедергісіз қабылдау ниетін іске асыру кезінде ұсталған.

Теміржол саласында да темірдей тәртіп жоқ тәрізді. Айталық, аумақтық тексеру актісіне жедел қол қойғаны және вагондарды кедер­гісіз  бергені  үшін темір­жол станциясы бастығы тұрақты түрде пара  алған.

Осы ретте айта кетейік, пара алушы да, беруші де кінәлі. Одан бөлек, парақорлыққа делдал болу қылмыс болып табылады. Қай-қайсысын да жаза күтіп тұр. ҚР заңнамасына сәйкес пара алғаны үшін кінәлі азаматтың мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыр­а отырып, параның сексен­ еселенген сомасына дейін мөлшерінде айыпп­ұл салынады. Ал пара берушілер параның 50 еселенген сомасына дейінгі мөл­шерде айыппұл салуға не мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Қызылорда облысында пара  беру  фактілері бойынша­ 21 қылмыс  анықталып, оның 19-ы  сотқа жолданған.

Облыста  сыбайластықтың сіңісіп кеткені соншалық, жемқорлықпен жүйелі түрде айналысқан адамдардың әрекеті әшкере болған. Жыл басынан бері жүйелі жемқорлық фактісінің 6-ауы тіркелген.

– Қызылорда облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары аудандағы өздеріне қарасты басқарма басшыларынан бірнеше рет пара алған, - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызыл­орда облысы бойынша де­партаменті басшы­сының орын­басары Бақыт­жан Ния­зов.

Лауазымды қызметте жүрген ақжағалылардың бәріне кінә артудан аулақпыз. Олардың арасында да ұятын ұмытпағандар бар. Кейбір мекеменің басшы­лары тиісті органға «маған пара ұсынып жатыр» деп хабар­лаған.

Жалпы, мемлекет жем­қорлықпен  күресті күшей­тіп-ақ жатыр. Мәселен, біреу пара ұсынып немесе пара сұрап жатқан жағдайда 1424 сенім телефонына хабарласуға  болады. Егер қылмыстық іс дәлелденсе, оған 250 мың теңгенің көлемінде сыйақы беріледі. Департамент об­лыста 18 азаматқа 2558800 теңге  сыйақы  тағайындаған.

«Жемқорлыққа жол жоқ!» деп қанша ұрандатсақ та, ұятын ұмытқандардың әре­кетіне тосқауыл болмай тұр.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


«АС АТАСЫ» АРЗАНДАЙ МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Тіршілік тіні
17.10.2019 08:35

Қазіргі таңда елімізде жалпы 15,2 млн гектар дәнді дақыл алқабының 15,1 млн гектары жиналған.­ Бұл – 99,2 пайыз. Орташа өнім алу 12,6 ц/га болған­да, 19,1 млн тонна астық бастырылған. Алдын ала есептер бойынша биыл дәнді және дәнді бұршақ дақылдарының өнімділігі бункерл­ік салмақта шамамен 19 млн тон­наны құрауы мүмкін, бұл 2018 жылғы өніммен салыстырғанда 2 млн тоннаға кем. Ал межеге жетпей қалған тонналаған астық азық-түлік өнімдері бағасының артуына әкеп соқтырмай ма? Онсыз­да соңғы екі айдың шамасында нан бағасы 5 теңгеге, кей жерлерде 10 теңгеге дейін артты. Жиын-терін  науқаны аяқталған соң тағы да тұрақсыздыққа тап болатын «ас атасының» қанша теңгеге дейін қымбаттайтыны жұрт­тың  көкейінде  кілкіп  тұрған сауал  екені  рас.

- Биыл ауа райының жайсыз болуына байланысты өткен жылмен салыстырғанда бункерлік салмағында 2 млн тоннаға кем астық жинадық. Ауыл шаруашылығы министрлігіне нанға бағаны тұрақтандыру үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен» астықты уақытылы сатып алуды қамтамасыз  етуді  тапсырамын. Күн райының ерекшеліктерін ескере­ отырып, жиналған астық­ты сақтап қалу үшін барлық­ шараны қолға алып, нан қабылдау кәсіпорындары астық­ты сақтауды, сондай-ақ ылғал астықты өңдеу мен кепті­руді уақытылы қабылдауды қамтамасыз етуі қажет, - деді ҚР премьер-министрі А.Мамин­  Үкімет сағатында.

Ресми деректерге сүйенсек, «Азық-түлік корпорациясының» тұрақтандыру қорында 350 мың тонна, келісімшарт жасалған 70 мың тонна, шамамен 400 мың тоннадан астам астық бар. Бұл көлем ішкі нарық­тағы бағаны тұрақтан­дыру үшін жеткілікті. Сала маманд­арының айтуынша, нан бағасының қалыптасуы тек бидайғ­а ғана тәуелді емес, басқа­ да қосымша шығындар бар. Бұл энергияны тұтыну, жалақ­ы, жанармай, нарықтық сұраныс және тағысын тағы. Бұл туралы еліміздің бас агрономы  да  баяндады.

- Жиын-терін науқаны баста­лғалы элеваторларға барлығы­ 2,9 млн тонна астық жеткізілді. Қараша айының соңына қарай барлық астық элеваторларға жеткізіледі, бағаның­ қалай өзгеретіні содан­ кейін белгілі болады. Нан бағасы­ның қалыптасуында бидай­ шамамен 54%-ды құрайды. Қалғаны басқа қосымша шығындарға бай­ланысты. Нан бағасының күрт көтерілмеуі үшін біз жұмыс істейміз. Қазір нанның бағасы өңірге байланысты 75-78 теңге аралығында. Менің ойымша, шамалы өсім болады, - деп нақты­лады ҚР Ауыл шаруа­шылығы министр­і  С.Омаров.

Бүгінде «Азық-түлік корпорациясы» республика бойынша нан бағасына мониторинг жүргізуде. Егін жинау нәтижелеріне қарай толық баға бері­ліп, азық-түлік корпорациясының тұрақтандыру қорларын қалыптастыру мақсатында нарыққ­а жаңа ұсыныстар енгізіледі деген жоспар бар. Ал экспор­ттық әлеует бойынша бидай шамам­ен  6 млн тоннаны, арпа 2 млн  тоннаға  жуық  және басқа­ дәнді дақылдар бо­йынша шама­мен 300 мың тоннаны құрайды. Осылайша, 2019 жыл­ғы егін науқанынан барлығы 8,3-8,5 млн тонна астық экспортталады  деп  күтілуде.

 

Н.ҚАЗИ

 


АРАБТАР ҚОРЫҚТА ҚҰС АУЛАМАҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
17.10.2019 08:25

Кербез құсым – дуадақ,
Кем дегенде он қадақ.
(Қара  өлең)

Иен далада ителгімен, мылтығын асынған араб көрсеңіз, таңғалмаңыз! Ақшасы асып-тасыға­н ауқаттылар Қазақстанға келіп саятшылық құрмақ. Байлықтан шекесі шылқыған шейхта­рға ел Үкіметі анау-мынау емес, «Қызыл кітапқа» енген жиек дуадақты аулауға рұқсат беріпті. Енді олар Алматы, Жамбыл, Қызыл­орда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының қорықтарында құс аулайтын болады. Әрбір ауланға­н құс үшін олар 260 АЕК (656 600 теңге) төлейтін көрінеді. Ең қызығы, Үкімет қаулысында «аталған облыстың әкімдері көрсетілген іс-шараларды ұйымдастыруда қажетті жәрдем көрсетсін» деген тармақ бар.

 

 

Жалпы, дуадақ – тұқымы тұздай құрып бара жатқан құс. Бабаларымыз бұл құстың іс-әрекетіне­ қарап «Мал атаулыда марал кербез болса, құс атаулыда дуадақ кербез» деген екен.

«Қорғауға алынған құстарды аулауға рұқсат берілді» деген ақпарат шыға салысымен халық наразылығын білдіріп жатыр. Дегенмен Эко­логия, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев:

– Осы жолы бұларға (4 араб шейхы) 273 құс аулауға рұқсат бердік. Дегенмен, қанша шығатын­ы белгісіз. Бұл аңшылық ғой. 270 құсқа 181 миллион теңге ақша түседі, - дейді.

Министрдің сөзінше, саятшылықтан түскен ақша дуадақтар мен басқа да жоғалып кету қаупі бар жануарларды тіркеу, оны қорғау, сонымен қоса «Охотзоопром» инспекторларын көлікпен қамту және жабдықтауға жұмсалмақ.

Жақында қызылордалық ақын Ержеңіс Әбдиев Сырдария ауданы, Шаған елді мекені­нің тұсынан жаралы дуадақты ұстап алған. Сөйтіп, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Қызылорда облысындағы инспекциясының мамандарына тапсырған. Мамандар жаралы құсқа ветеринариялық станцияда тиісті ем-дом шараларын жүргізген. Дегенмен, жаралы­ құс 2-3 күннен соң өліп қалыпты.

– Қатты соққының салдарынан құстың бойы­ндағы қан ұйып қалған. Жемсауына жиналғ­ан жемді қорыта алмаған. Ветеринар маманд­ар емдеу шараларын жүргізгенімен, нәтиже болмады, - дейді жауапты сала өкілі.

«Қызыл кітапқа» енген дуадақ Қызылорда облысының Сырдария, Жалағаш аудандарының аумағында мекендейді екен. Мұны атуға заңмен қатаң тыйым салынған. Ал араб шейхтары ақшасын­  төлеп, сауық құруға хақылы. Міне, кереғар­лық! Ертеңгі күні ақшаға қызығып, сирек­ құсты сиретіп алмасақ болғаны...

 

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


АЙҚЫН МАҚСАТ АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
17.10.2019 08:20

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық­ диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жариялаған­ы баршамызға белгілі. Сарапшылардың басым­  бөлігі бұл Жолдауға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев айқындап берген саясаттың жалғасы деп баға беруде. Мұны еліміздің негізгі саяси бағыты сабақтастығының көрсеткіші ретінде түсінуімізге болады. Жолдауда көтерілген мәселелер қоғамдық өмірдің түрлі сала­ларын қамтиды. Сондықтан бұл мәселелерді тек саясат­танушылар ғана түсінеді деуіміз қате пікір.

Жолдауда атқарылатын жұмыстардың барлығы бес институционалдық реформа және Ұлт жоспарын жүзеге асырумен байланысты екендігі негізделеді. Жаңа Жолдау қағидаларын іске асыру үшін бес іргелі міндеттер айқындалды: заман талабына сай тиімді мемлекет; азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету; қарқынды дамыған және инклюзивті экономика; әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі; қуатты­  өңірлер – қуатты  ел.

Жолдаудың  алғашқы  бөлімінде  мемлекет  басшысы  жаңа саяси бастамалар көтереді. Мемлекет басшыс­ы саяси реформалар өз ретімен жүріп, іргелі қағидаларды елдің қоғамдық-саяси жаңғыруы негізінд­е  сәтті  экономикалық реформаларды жүр­гізумен  байланыстырады. Мемлекет  тұрақтылығының негізі  ретінде «Күшті Президент – ықпалды Парла­мент – есеп беретін Үкімет» формуласы саяси жүйенің  болашақ моделіне айналатындығын дәйектейді. Біздің ойымызша, күшті Президент халқының алдында жағымды бейнені қалыптастырғанға қара­ғанда, саяси билікте нақты мақсаттарға жетуді көз­дейді. Осы нақты мақсаттарды жүзеге асыру үшін халықт­ың  саяси қолдауы қажет. Ықпалды Парламент еліміздегі демократиялық құндылықтарды нығайтып, атқарушы билік жауапкершілігін қамтамасыз  етеді деп ойлаймыз. Жария құқық пен саяси зерттеулер негіз­деріне сүйеніп, есеп беретін Үкімет институттары­ мен тетіктерін анықтау қажет. Расында саяси жүйенің бұл формуласы қазіргі күрделі жаһандық ахуалдағы еліміздің мұқтаждықтарын қанағаттандырып, стратегия­лық міндеттерді жүзеге асыруға ықпал жасайды. Бұл – өз кезегінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын өмірге енгізудің іргетасы.­

Жолдау­да мемлекет басшысы қоғамды мазалайтын негізгі мәселелер көшеде емес, азаматтық диалог шеңбе­рінде Парламентте талқыланып, өз шешімін табу керектігіне ерекше тоқталады­. Бүгінде біз елімізде орын алып жатқан түрлі наразылықтардың куәгері болып табыламыз. Мысал ретінде, жер митингтері, көп­балалы аналар, басқа да әлеуметтік мәселелерге қанағаттанбаған кейбір азаматтардың наразылықтарын айтуымызға болады. Сондық­тан шерулер туралы заңнамаларды жетілдіру маңызды болып табылады.

Бұл тұста әлеуметтік желілерде туындап отырған наразылықтарға ерекше мән беруімі­з қажет сияқты. Өйткені рұқсат етілмег­ен митингтерді өткізу және оның белсенділігін арттыруға әлеуметтік желілер ықпал жасауы ықтимал. Сонымен қатар, наразы­лықтың негізі бар онлайн петициялар мен мемдер, постерлер, фотосуреттер кеңінен таралған онлайн ұстанымды көшеде де көрсетуге болады. Сарапшылардың басым­ бөлігі мемлекет алдында әлеуметтік желілерді деструктивті саяси процестерге әлеуетті қатысушыларды жұмылдырудың негізгі құралы ретінде пайдалану маңызды қатері тұрғандығын айтады. Осы себептерге байланысты біз бірнеше ғалыммен бірлесе отырып гранттық қаржыландыру бойынша конкурсқа қатысу үшін азаматтардың наразы­лық белсенділігіне әлеуметтік желілердің  ықпалын кешенді талдайтын ғылыми­ жоба әзірлеп қойдық. Конкурс жеңімпа­зы атанып жатсақ, алға қойған мақсатта­рымыз бойынша жұмыс жасап, нәтижелерін тек ғылыми қауымдастық талқысына ұсынып­  ғана қоймай, қоғам мүшелеріне де таныс­тыру  ойымызда  бар.

Өткен ғасырдың аяғындағы өндіріс, ғылым мен техника­дағы өзгерістер қоғамның жаңа түріне көшуге ықпал етті. Нәтижесінде ғылым мен білім қоғамның дамуына ықпал жасайтын күшке айналды. Сондықтан бүгінде қоғамның дамуында білімнің алатын орны ерекше. Өйткені, елдің халықаралық сахнадағы  бәсекелік қабілеті осы  ұлттың білімділігі мен кәсібилігінің  деңгейімен тығыз  байланысты.­

Ғылым мен білім саласының өкілі ретінде Президенттің «Білім экономикасы», еңбек өнім­ділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі фактор­ларына айналу ахуалындағы алдағы уақытқа жоспарла­нған міндеттері қызықтырады. Америкалық экономист М.Портер теориясына сәйкес мемлекеттер бәсекелік қабілет дамуының төрт сатысынан өтеді: (1) өндіріс факторлары негізіндегі бәсекелестік (халықтың жан басына шаққандағы төмен табыст­ы мемлекеттер), (2) ин­вестициялар негізінде­гі бәсекелестік (халықт­ың жан ба­сына шаққандағы орта табыс­ты мемлекеттер), (3) инновациялар негізінд­егі бәсе­келестік (халықты­ң жан басын­а  шаққандағы  жоғары  табысты  мемлекеттер), (4) байлық  негізіндегі бәсекелестік. Бірінші үш сатыда­ мемлекет өсімі жүреді және экономика мен тұрғындар әл-ауқатының бәсекелік қабілеті артады. Сонымен бірге, ел экономикасының дамуы табиғи ресурстарды (resource-based economy) пайдаланудан білім экономикас­ына (knowledge-based economy) сүйенген экономикаға ауысады. Төртінші кезеңде даму баяулап­, мемлекетте құлдырау басталады.

Заманауи қоғамдағы алдыңғы қатарлы елдердің ғылым мен техникасы дамуының шынайы тәжірибедегі көрсеткіші ақпараттық қоғам көрінісін сипат­таумен жүзеге асырылады. Сарапшылар ақпараттың қазіргі қоғамдағы ерекшелігіне көп тоқталуда. Ағылшын әлеуметтанушысы Ф.Уэбстердің айтуынша, «Бізге барлығымыз ақпараттық дәуірге ендік деп айтады­, дұрыс та шығар, бірақ, қазір жаңа «ақпараттық тәсілдер» басым, біз «электрондық қоғамда» өмір сүрудеміз және ақпарат қозғаушы күш болып табы­латын «виртуалды экономикаға» жақындадық, біз әлдеқашан «жаһандық ақпараттық экономика» шарттары­на  көштік». Ақпараттық қоғамды жүзеге асыру дамыған ақпараттық индустриямен байланысты. Сонымен бірге, оның қалыптасуы бағыттарының бірі  ретінде  компьютерлік  жүйелер мен телекомму­ни­кацияларды дамыту  инновацияларын инвести­циялау  және  қолдау  саналады.

Осы шарттарда білім беру процесін адамның мүмкіндіктері және қабілеттері өлшемдері негізінде жүргізу қажет. Мектеп пен жоғары оқу орындары оқытушыларының басты қателігі – әлеумет бұрыннан айқындаған сапа мен қабілетті дамытуға ұмтылады, адамды отбасылық өмірге, мансап пен нарықтық қатынас­тарға дайындайды. Мұндай тәсіл адам табиғатының өзіне тән белгілері мен қабілеттерін ашуға мүмкіндік бермейді. Адамды өмір бойы оның құндылығы жетелейді, ал қоғамнан бастап педагогикалық технологиялар, ата-аналар мен оқытушылар, орта өзінің сапалық сипаттамаларын иеленеді. Орта индивидтер мен қоғам санасының дамуы­на байланысты: ол жоғары болған сайын қолайлы жағдайлар қалыптасады.

Қазіргі таңда «білімді адам» ұғымы мәдениетті, ақылды, бәрін білетін, бедел­ді түсініктерімен байланыстыры­лады. Біздің ойымызша, білімді мен эрудит­ті өзара байланыстырудан алшақтау қажет. Білім – бұл жады көлемі болған­дықтан заманауи білімді адам біліммен жүктелген энцик­лопедия емес екен­дігін ұмытпауымыз қажет. Біздің пайым­дауымызша, тест арқылы білімді анықтау, әсіресе гуманит­арлық пәндерде қол­дану білімге үйретеді деп айту қиынға соғады. Бұл жүйе дәлелдер арқылы ойлануға мүм­кіндік бермейді. Сондықтан формалдан­дыру процесі білімді игеруге үстірт қарауды туғызуы мүмкін деп ойлаймыз­.

Президент әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін баста­удың алты бағытына ерекше мән береді. Білім беру сапасын жақсарту  үшін  жасал­ған ұсыныстармен қатар, жастар, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау білдіру қажет­тілігін дәйектейді. Еліміздегі жоғары білімнің сапасына  жеке тоқталып, орын алып отырған­ келеңсіз жайттар­ды жойып, білім сапасын арттыруғ­а күш салынаты­ны белгілі болды. Ұлттың ілгері дамуы үшін қажетті ғылымның рөліне тоқталуы саладағы көптеген мәселелердің шешілетініне сенім ұялатады. Ғылыми жұмыстардың жүргізілуі және оның тәжірибеде қолданылуы – маңызды мәселе. Әсіресе, қоғам мүшелері үшін тиімділігі көп көріне бермейтін әлеуметтік-гумани­тарлық ғылымдардағы зерттеулерді қоғамдық құбылыстарға сай жүргізуге ерекше мән беруімі­з  қажет.

Жолдауда білім саласына қатысты ұсынылған міндеттер нақты жүзеге асатын болса, жастар ара­сындағы  жұмыссыздар  саны азайып, кәсіби  білік­тілігі жоғары  жас мамандар  көбейеді. Жолдауда айқын­далғандай,  «Дипломмен – ауылға»  бағдарламасының аясы кеңейіп, жұмыс жаңа деңгейде жал­ғасатын болады.­ Бұқаралық ақпарат құралдары беттерін­ен ауылдарда білікті мұғалімдердің жетіспейтіндігін жиі оқимыз.  Сондықтан жоғары оқу орындары осы бағытта­  белсенділік танытуы керек деген  ойдамыз.

Жолдауда  баяндалған  сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркен­деуінің кепілі болады­ және осы құжаттың негізгі міндетін көрсетеді. Билік пен қоғам арасындағы осы сындарлы диалог әрдайым халық арасында сұраныста. Жолдауд­а айтыл­ған қоғамдық диалогтың мақсаты биліктің жоғарғы деңгейде­гі ашықтығы және халық қажеттіліктерін қанағатт­андыруға жедел жауап беру деп ойлаймыз. Сондықт­ан жүзеге­ асырылатын міндеттердің  барлығы  бұқара мен биліктің бірлес­кен­ қимылдары  нәтижесінде  орындалады.

Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғылымдарының  кандидаты,

қауымдастырылған  профессор

 


БАЙҚОҢЫРДА ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ЖОЙЫЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
17.10.2019 08:00

Әнуар Дәуленбаев – 2016 жылдың наурыз айынан бастап №8 Төретам сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаты. Өзінің сайлауалды бағдарламасында Байқоңыр қаласы мен Қармақшы ауданындағы кәсіптік білім беретін оқу орындарының базасын нығайтуға күш салатындығы туралы­  айтқан еді. Айтылған уәде бойынша мектепті жаңадан бітірген, тәжірибесі жоқ және жұмысқа орналаса алмай жүрген жастардың тегін техникалық білім алуына мүмкіндік жасап отыр. Екі қолға бір күрек таппай жүрген маргиналдардың саны азайып жатса, үкіметке тигізген бұл да бір үлкен үлес.

«Баршаға арнал­ған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы аясында Қармақшы ауданындағы кәсіптік білім беру мекемесі­нің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, күрделі жөндеуден өткізілуде. Мұнда биылдың өзінде жоғарыда аталғ­ан жоба бойынша 150 бала грант жеңіп алып, білімдерін толықтыруда. Ал Әнуар Дәуленбаев басқарып отырған С.Жиенқұлов атындағы Бай­қоңыр колледжінде 126 бала тегін білім алуда. Аталмыш колледж негізінен 8 мамандық бойынша кәсіптік-техникалық білім береді. Биылғы оқу жылында 3 мамандық  бойынша 85 түлек жұмыспен қамтылды. Қазіргі таңда колледжде модульдік оқыту технологиясы бойынша жұмысшы мамандықтарды көбейту көзделіп отыр. Өйткені осы арқылы колледж түлектері бірнеше мамандықты меңгеріп шығуына бо­лады. Модульдік оқыту – ол жаңа технологияны меңгеру. Қазір бұл бағытта 4 мамандық оқытылып жатыр. Мысалы, «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы доғалды оқыту әдісімен жүргізіледі. Мұнда студенттер білімнің 70 пайызын өндірістен, 30 па­йызын білім орнында алады. Осылайша теория мен тәжірибені қоса меңгеріп шығады. Айта кету керек, қоғамның сұранысына сай «Автокөлік жөндеу ісі», «Автоэлектрик» мамандықтары да осы білім ордасын­да  оқытылады.

Әнуар Дәуленбаев депутат ретінде төңіректегі халықпен жиі кездесулер ұйымдастырып тұрады. Атап айтқанда, Бай­қоңыр қаласы, Төретам мен Ақай елді мекендеріндегі тұр­ғындар ауыл-аймақтың мәселелерін көтерген. Көпшілігі коммуналдық төлемдердің қымбаттығын, жұмыссыз азаматтардың кәсіп ашудағы қиындықтарын жиі алға тартады. Байқоңырлықтар мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына қатыса алмайды. Өйткені Ресей Федерациясы тарапынан салық төлеу жағынан үлкен мәселелер бар.

- Осы себепті Байқоңырда кәсіпкерлерге арналған екінші деңгейлі банк ашылып, мем­лекеттік бағдарламаларға қатысуғ­а оларға да жол ашылса деген ұсынысымыз бар. Егер қолдау тауып жатса, мәселенің нүктесі қойылар еді, - дейді Ә.Дәуленбаев.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта Байқоңыр қаласынан еркін экономикалық аймақ ашыл­ғалы жатыр. Қазір осы мақсатта­ ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мұндағы негізгі мақсат – ресейлік жұмыс орындарынан қысқартуға ұшыраған аза­маттарды жұмысқа тарту. Екінші – шетелден инвесторлар тартып, солармен қойын-қолтық жұмыс істеу. Егер Байқоңыр қаласы, Төретам мен Ақай елді мекендерінде еркін экономикалық аймақ ашылу жобасы іске асырылса, жұмыссыздар саны азаяр еді.

Облыстың өсіп-өркендеуіне, халықты жұмыссыздықтан алып шығуға және өзге де әлеу­меттік мәселелердің шешімін табуға бұқара алдында уәде берген депутаттың атқарған шаруалары аз емес. Болашақтың еншісіне қалдырылған жұмыстар да біржақты болса, нұр үстіне нұр.

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

 


 

 

Біздің  анықтама

Әнуар Дәуленбаев 1958 жылдың 26 ақпанында Қызылорда облыс­ы, Қармақшы ауданы, қазіргі Ақтөбе ауылында (бұрынғы Чапаев колхозы) дүниеге келген. 1965-1975 жылдар аралығында Ақтөбе ауылында (бұрынғы Чапаев колхозы) №109 орта мектебінд­е  оқыған.

1975-1981 жылдар аралығында Қызылорда политехникалық  техникумында «ТОРА» (техник-механик), 1988-1994 жылдары Қазақ Еңбек Қызыл Ту  Орденді  ауылшаруашылық  институ­тында  «Ауылшаруашылық механизациясы» (инженер-механик), 2006 жылы Бағалау және құрылыс академиясында «Мүлікті кадастрл­і-құқықтық сараптау» (заңгер сарапшы) мамандықтары бойынша жоғары білім алған.

1976-1978 жылдары Германияда Кеңес Армиясының қатарында әскери борышын өтеген.

Еңбек жолын 1981 жылы Қармақшы ауданы Чапаев атындағы колхозда техника қауіпсіздігі жөніндегі  инженер, 1988-1991 жылдары Қармақшы аудандық ауылшаруашылық басқарма­сының бас маманы, 1991-1992 жылдары Қармақшы аудандық көпсалалы коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысы,­ 1992-1994 жылдары «Бесаспап» акционерлік қоға­мының орындаушы директоры, 1994-1998 жылдары Ақай совхозыны­ң  директоры  қыз­меттерін  атқарған.

2008-2015 жылдары «Нұр Отан» партиясы Байқоңыр филиалы­ның төрағасы, 2015-2018 жылдары «Нұр Отан» партиясы­ Байқоңыр филиалы төрағасының бірінші орынбасары болған.

1998 жылдан 2004 жылға дейін Қазақстан-Ресей Халықаралық университеті Байқоңыр филиалының директоры, 2004 жылдан бастап  қазіргі уақытқа дейін «Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр колледжі» білім беру мекемесінің директоры қызмет­ін  атқарып келеді.

1994-1999 жылдары №9 Төретам-Ақай сайлау округі, 1999-2003 жылдары №12 Янгель сайлау округі, 2005-2007 жылдары №11 Гагарин сайлау округі, 2007 жылы «Нұр Отан» партиясы атынан №11 Гагарин сайлау округі бойынша, 2012 жылы «Нұр Отан»  партиясы  атынан Қармақшы  аудандық  мәслихатының  V шақырылымының депутаты болып сайланған. 2016 жылдың наурыз­ айынан бастап №8 Төретам сайлау округі бойынша облыстық­   мәслихатының   депутаты.

 


ХАЛІҢ ҚАЛАЙ, ҚАЗАҚ АУДИТОРИЯСЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
17.10.2019 07:50

Таңмен таласып, жұртпен жағаласып, кезекті күнімізді қарбаласпен бастап жатырмы­з. Бәрі де бір мақсатты күйттеп, бағыт алып барады. Біреуі жеке көлігімен, енді біреуі қоғамдық көлікпен кетпекші. Қолсағатыма қарасам, сабақтың басталуына­ небәрі 10-15 минутқа­ жетер-жетпес уақыт бар екен. Таксимен жеделд­етіп жетпек ниет­пен, тұрақта тұрған көліктің артқы есігін ашып, отыра кеттім. Тәуелсіздік даңғылымен жүйткіп келеміз. Сырдарияның сол жағалауы күн өткен сайын­ түрленіп, гүлденіп барады. Салынып жатқан көпқабатты үйлерде қисап жоқ. Зәулім ғимараттарға көз тастап отырып: «Ех, мен де толысып, маман атанғанымда, Қызылордам да дамыған қалалардың қатарына­ енсе, төрінен елге еш қыспақсыз ақпаратты ашық таратып тұрсам» деген ой келді. Ақпарат әлемі­нің тарлығынан тынысым тарылғандай...

Уақыт үнемдеген болып, құр отырғаннан ел ақпараттарын шолып шығайын деп, әлеу­меттік желіге кірдім. Ақпаратымыз шоу-бизнестегі шу мен тым мадақ ұрған марапаттаулардан тұрады. Күйінгенім соншалық, «Халің қалай, қазақ аудиториясы?» деп дауыстап айтып жіберіппін. Біз ақпаратты дұрыс талдай һәм тыңдай алмайтын тәріз­діміз. Біздегі назар мұқым елдің мәселесін майшаммен қараған мақалалардан гөрі, жасыры­н жарнамаға бағытталған жеке мүдделенген дүниелерді дардай етіп оқиды. Осылайша көзі соқыр, құлағы керең, түйсігі сезімсіз оқырман, мені естімей қалып, яки дұрыс түсінбей қалып, мүлде басқаша үн қатқан көкемдей күй кешуде. Кенет түсер сәт жақындап қалғанын байқадым, қалтамды қарап, тиынымды санай бастадым. «Қап, 50 теңге кем, енді не істемек керек?» дедім іштей. Онсызда кешігіп келе жатқан адам жолай «банкоматка» соғып, ақша алып жүрсе, декан алдыңнан күтіп тұрары анық. Жалғыз амал – жағымпаздығыңмен жал­пақтап, тіліңмен тірлік ету.

Сонымен, не керек, таксистен машинасының жағдай­ын сұрадым, жылын білдім, ақау­ларын анықтадым, сатып алатын адам сияқты­ саудаластым. Қысқасы, көкем мәз, ал мен аз-маз ақшаға ол кісіні көндірдім. Сөзім ұнаса, 50 теңге үшін сөйлемесе керек деген ой ғой. Мен секілді біздің ақпараттарда да өз мүддесіне бағытталған мақтау мақалалар жетерлік. Жағына сөйлеп, «өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» жазамыз. Әкесін мақтап, анасын ұлықтап, «елге еңбегі сіңген» деп астын сыза, айғайлата жазамыз. Себебі, баласы басшы, бір пайдасы тиер дейміз ғой. Осылай таксиден де түстім, сабақтан да сәл кешіктім. Алдымнан белін таянып декан күтіп тұр. «Ал енді, Шернияз, ақталып көр!» дедік іштей. 3-курс­тағы қу студентке бұл сөз болып па? Талай мұғалімнің құқайынан құтылып кеткенбіз. Бейшараның кейпіне еніп, деканға жағдайымызды баяндадық. Абырой болғанда, түсіністік танытты. Қысқасы, сыртым сорлы болды, ішім – мүлде басқа дүние. Бұған ұқсас ақпараттар жетерлік. Сырты бас­қа, іші басқа. Рейтинг. Ақпараттық сайт­тар да әбден әккі боп алған. Тақырыбын айғайл­атып қоя салады. «Бақсақ, бақа екен» демекші, тақырыбы мен мәтіні мүлде үйлеспейтінін байқайсыз. Қысқасы, менің сан сылтауымнан декан, ал оқырман қисынсыз мақалалардан шаршады.

Міне, біздің ақпарат саласында да осындай дүниелер көп. Болмағанды болды, жасама­ғанды жасады деген жариялымдар жетерлік. Бұл жерде оқудан шығып қалмасын деп жанұшыра қорғап жатқан Жансаяның еш кінәсі болмауы мүмкін, бірақ жал­ғанды жаршылаған журналист шынымен кінәлі. Мүмкін оған да берген тапсырма солай шығар... Апайдың «кір деген» пәрменімен орныма жайғастым, бір сойқан соғып кетерін білді ме, қасымдығы жолдасым Бекзат­ конспектіні көшіріп жатыр. Сонымен не керек, тапсырмаларды тарсылдатып сұрағанда, Бекзат «өз жұмысым» деп таныс­тырып бізге айтып берді. Біле тұра, оның интернеттен көшіріп алған қылмысын әшкере ете қоямын ба, не дегенмен дос деге­н атым бар ғой, үндемедім. Ақпарат айдынында да Бекзат пен мен секілді аузы бір адамдар да кездеседі. Анаумен табақтас болып едім, мынаумен құрдас едім, ал анау досым еді деп көп журналистік қызметтерінен бұрын достық қызметтерін адал атқарады. Осындайлардың көп дүниелерінің былығы журналистерге білініп тұрса да, жұртқа жарияла­нбай келеді. Кенет мұғалімнің теле­фоны шыр ете қалып, ар жағынан жалынышты үнмен бір кісі сөйлей кетті. «Жазып қойып­сыз», «бәрін де орындаймыз» деп ақталып жатыр. Ал бұл оқиғаны «секілді» сөзімен жалғап салыстырудың қажеті шамалы­. Тура ақпарат саласының бет-бейнесі дерсіз. Жаза қойсаңыз, ала қойыңыз дейтіндер табылады. Оқытушымызға қайта өтініш деп сөйледі, кейде бұйыра баяндайтындар да жетерлік. Менде сан түрлі оқиға, ақпарат таратуда мыңдаған кемшіліктер бола беретіні белгілі, соған бір дәлел болмашы оқиға аясынан жанай сипатт­ай, біле тұра салыстыра ғана әңгімелеп отырғаным бір себеп.­..

Халің қалай, қазақ аудиториясы?

 

Шернияз   ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ,

ҚМУ-дың  журналистика

факультетінің

3-курс  студенті

 


ҚАДАМЫ ҚАРЫШТЫ ҚАРМАҚШЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
17.10.2019 07:30

«Сыбырлағанды да Құдай есітпей ме?» деген. Несіне жасырамыз, осыдан бірнеше жыл бұрынғы Қармақшының халін дүйім жұрт біледі. Экономикасы баяу, кәсіптің көзі жоқ, алға жылжиын десе халықта ынта болмаған еді. Мұндайда елдің есін жинайтын көреген басшы керек. Жұрттың да тілегені табылғандай, әуелі Жаратқанның, содан соң білікті басшылардың арқасында Қармақшы ауданында динамикалық өсу қарқыны басталды. Ендеше айқара бетті парақтай отырыңыз, айтатын жаңалық көп.

«АҚТӨБЕ  и  К»  –  БІР  ТӨБЕ

 

Қайсыбір жылдары Ақтөбе­  ауылындағы «Ақ­төбе и К» ЖШС құрылғанда ауыл тұрғындары шаруашылыққа жұмысқа тартылып, екі қолға бір күрек таба алмай отыр­ғандарға жақсы болып қал­ған. Сонда об­лыстың экс-әкімі  Қ.Кө­шербаев: «Ауылда  жұмыс бар, енді жан-жаққа жұмыс­тың қамымен тұрғындар тарама­йтын болды»  деген. Рас. Халық нан бар жерде тұрақтайды. Сол Ақтөбе ауылының шаруашылығы бүгінде  жылына тонналаған ақ маржанды Алаштың игілігін­е  береді.

Бұдан бөлек бұл ауылда құс фабрикасы салынып жатыр­. Жоба 2016 жылдың 4 шілдесінде Қызылорда облыс­ының индустриялық-инновациялық дамыту жө­ніндегі Өңірлік үйлестіру кеңесі­  отырысында  қаралып, Кеңес шешімімен жоба «Өңірлік  кәсіпкерлікті  қолдау» картасына енгізілді. Сөйтіп осы шешім негізінде «Қармақшы-құс» ЖШС Біріккен Кәсіпорны құрылды  (Біріккен Кәсіпорындағы «Ақтөбе и К» ЖШС-ның үлесі 51 пайыз және «Бай­қоңыр» ӘКК ҰК АҚ-ның үлесі 49 пайыз). Қазіргі уақытта әкімшілік және бақыл­ау-өткізу пункті ғимараттарының құрылысы, 6 құс цехының іргетасы қаланып, инкубациялық цехтың құрылыс жұмыстары 95 пайызға орындалды. Құс фабрикасының аумағы толық қоршалды. Кәсіпорынның іске қосылуы ауданда азық-түлік өндірісін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын  ашуға, жем дайындауға, қажетті дақыл­дар егу көлемін арт­тыруға, осылар арқылы егін шаруашылығын әртарап­тандыруға өз ықпалын тигізетін болады.

«Бітер істің басында, жақсы­  жүрер  қасында» деген.­ Ауылдағы ауқымды істердің басында жүрген Нұрлан Іздібаев – «Ақтөбе и К» жауап­кершілігі шектеулі серік­тестігінің директоры. Ауылдың азаматы туған жері­нің топырағын түлетіп, тал-терегіне жан бітіргісі келеді. Ақтөбе ауылына кіреберістегі ұлттық стильдегі арканы орнату­ға, ауылды абаттан­дыруға, Е.Сексенбаев атындағы саябақ пен ауылдық мәдениет үйін күрделі жөн­деуден өткізуге, «Туған жер – туған шежіре» кітабын шы­ғаруға демеушілік жасаға­нына ел куә. Берекелі істің басында жүрген осындай азаматтар лайым көбейсін.

ӨНЕРКӘСІБІ  ӨРКЕНДЕГЕН

 

Байқасақ, бизнеспен айналысқысы келетіндер көп. Өйткені заман соған қарай келе жатыр. Нарықтың «қыспағын» да сөзге қыстырып қою керек, шыны – сол. Кәсібің  болмаса,  нәсібіңді де  арттыру қиын. Ауданда да кәсіпті қолға алып жатқандар жетерлік. «Қимылдаған қыр асады» дегендей, мемлекеттік бағдарламалардың аясында қармақшылықтар  жобаларын жүзеге асыруда.

Мысалы, жыл басынан бері  «Бизнестің  жол  картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағ­дарламасы шеңберінде  16 жоба 191,1 млн теңгеге несие­лендірілді. Сонымен қатар, құны 8  млн теңге бола­тын 1 жоба екінші деңгейлі  банктен қолдау тауып, па­йыздық  мөлшерлемесін  субсидиялауға  «Даму  қоры» АҚ-ға құжаттары ұсынылды. Құны 75 млн теңге болатын 3  жоба сүйемелдеуге алынды. Мұнымен қоса, «Микро­бизнес-Қызылорда» бағ­дар­ла­масы шеңберінде 11 жоба  48 млн теңгеге несиеленді­рілді. Алдағы уақытта жалпы құны 49,5 млн теңге болатын 13 жоба жүзеге асатын­  бо­лады.

Бизнес дегенге біржақты көзқараспен қарайтын кез өтті. Кеңестің көзін көріп қалғандар кәсіп десе, ат-тонын­ ала қашады. Қазір керіс­інше, жастар қауымы бизнеске жақын. Себебі олар онда ақша барын, дамудың барын біледі және тәуекел жасаудан қорықпайды. Мемлек­ет мұндай бастамашыларға  қырын  қарамайды, қайта  қолдау  көрсетеді.

Ауданның өнеркәсіп сала­сынд­ағы  кәсіпорындары 1421 млн теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың есеп­ті  мерзімімен  салыстыр­ған­да бұл көрсеткіш 102,1 па­йыз­ға артқан. Аудан әкім­дігінің  баспасөз  қызметінің мәліметінше, кәсіпкерлік субъектілерден  түскен  салық көлемі – 662,4 млн теңге. Сала бойынша 7200 адам жұмыспен қамтылған. Міне, кәсіп істеген адам өзін ғана емес, өзгені де жұмыспен қамтиды, мемлекеттің де қазынасын қаржыға тол­ты­рады. Ешкім есесіз қалмайды. Керемет емес пе?

 

БИЫЛ   ДА   «СЫБАҒАСЫЗ»   ЕМЕС

 

Қазір ауылдағы ағайынға «Сыбағадан» артығы жоқ. Мал өсіріп, нан табам дегендерге тым жақсы бағдарлама. Қармақшыға да қолайлысы осы болып тұр. Биыл «Сыба­ға» бағдарламасы аясында 325 бас асыл тұқымды немесе­ таза тұқымды импортталған мүйізді ірі қара аналығын сатып­ алу жоспары бекітілген. Осы жоспарға сәйкес Дауыл­көл  ауылдық  округінен ЖК «Жұмағалиев Айтуған» 50 бас, Төретам кентінен «Контакт» ЖШС 100 бас, Ақтөбе ауылдық округінен ЖК «Ақдаулет» 50 бас, барлығы 200 басқа «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на мүйізді ірі қара сатып алуға өтінім берді. Соныме­н қатар «Сыбаға» бағдарламасы арқылы қой­дың аналық басын сатып алу бойынша ауданға 7800 бас жоспар бекітілген. Бүгінгі күнге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры»  АҚ  арқылы 1329  басқа  өтінім беріліп, 997 бас қой сатып алынды. Есепсіз еңбектің арқасында мал шаруа­шылығында өткен жылдың қаңтар-маусым айла­рымен салыстырғанда мүйізді ірі қара басы 8,8 па­йызға өскен. Осыдан кейін олардан алынатын ағарған мен өнімдердің көлемін санам­ай-ақ қойсақ та болады.

Ауданда егінге орақ түсіп, қазір күзгі егін жинау жұмыс­тары толығымен аяқталды. Бас-аяғы 14633 гектар күріш дақылы толықтай жиналып алынды. Диқандар күріштің әр гектарынан 62,7 центнер өнім  жинап, қамбаға барлы­ғы 91,7 мың тонна астық құйды. Жетістік емей немене? Тек ғана күріш емес, ауданда егіс көлемін әрта­раптандыру бағытында Тұрмағамбет, Жаңажол ауылдарында 40 га жерге соя дақылы егілді. Алынған өнімі жоғары­ деңгейде болып, әр гектарынан 22,5 центнерден өнім жиналды. Сонымен бірге 155 га арпа, 595 га бидай­, 347 га мақсары және 1187 га  картоп, көкөніс және бақша  дақылдары  толықтай жинап  алынды.

Егін өнімдерінің нәтижесі өткен аптада облыс ортал­ы­ғында  өткізілген  «Алтын­ дән-2019» облыстық  жәрмеңке­сінде ұсынылды. Жәрмеңкеге  алыс-жақыннан жинал­ған тұрғындар базар баға­сынан 15-20% төмен бағамен­ сауда жасап, аудан еңбек­кер­леріне ризалығын  білдіріп  тарқ­асты. Еңбектің жемісін осылай көрсете білген қармақшы­лықтарға келесі жылда да табыс­  тілей­міз.

 

ҚҰРЫЛЫС   ҚАРҚЫН   АЛДЫ

 

«Қармақшыда құрылыс қарқынды» десек, артық айтқа­ндық болар. Бірақ, елде­н кейін де емес. Орта деңгейде  ілгерілеушілік   бар. Құрылыс  жұ­мыстары­ның  көлемі 1054 млн теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңіме­н са­лыстырғанда 41,4 пайызды құрады. Себебі 2018 жылдың 6 айында Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлі 5 тұр­ғын үй құрылысы (құны 1899,0 млн. теңге) мен әлеуметтік нысандардың құрылыс-монтаж жұмыстары көлемінің жоғары болып, биылғы жылдың тиісті кезеңіне құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемінің төмендеуінен  орын  алды.

Аудан бойынша негізгі капит­алға салынған инвес­тиция көлемі 1114 млн теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 55,4  пайызды  құрады. Өйткені былтыр бір­неше әлеуметтік нысандардың құрылыстары жүргізіліп (183 мектеп, 2 балабақша, 1 лагерь, Төретам  кентіндегі  ФОК  және автоматтандырылған газ тара­ту  станциясы), бюджет­тік инвести­циялар тартылса, биыл­ғы жылы бюджеттік инвес­ти­ция­лардың болмауы себебінен 44,6%-ға төмендеп отыр. Ал биыл негізгі капитал­ға салынған инвестиция­лар­дың барлығы дерлік меншікті қаражат  есебінен  болып  отыр.

 

БӘСЕКЕЛЕСТІК  БӘСІ  –  БІЛІК  ПЕН  БІЛІМДЕ

 

Оқушылардың білім деңгейімен аудан мақтана алады. Оған себеп те, дәлел де көп. Жіпке тізгендей етіп бер десеңіз, айтайық. Аудан бойынша 32 білім ұйымы, атап айт­қанда, 29 жалпы орта білім береті­н мектеп, 3 мектептен тыс және 34 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оның 32-сі балабақша болса, 2-еуі – шағын орталық. Барлық мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балалардың қабылдануы «электронды балабақша» жүйесіне қосыл­ған. Қазіргі таңда Бай­қоңыр қаласынан 2 жекемен­шік балаба­қша ашу жұмыстары жүргі­зілуде.

«Ат өнері білінбес, бәйгеге түсіп жарыспай» дейді халық. Сол секілді аудан мектептерін­дегі білімі мен білігі сай, озат оқушылар пәндік олимпиа­далардан оза шауып келіп жатад­ы. Мәселен, былтыр облыс­тық пәндік олимпиадаға 27 оқушы қатысып, 14 оқушы жүлделі орындарды алды. Нәтижесінде, 6 оқушы Республикалық олимпиаданың қо­рытынды кезеңіне жолдама алып, 2 оқушы (№80, №109) жүлделі  орындарды  иеленді.

2018-2019 оқу жылғы ұлт­тық бірыңғай тестілеуге  484 мектеп бітірушіден 404-і қатысып, орташа балл көрсеткіші 76,3 балл болды. Тестілеу дегеннен шығады, Қармақшы ауданы осы сыннан жыл сайын облыста алдыңғы көрсеткіштерден  көрініп  жүргенін астын сыза отырып айта кеткен дұрыс. Бұл  да – мақтаныш.

 

ҚАЗЫНА   ҚАРЖЫСЫ  ҚАЙДА   ҚҰЙЫЛАДЫ?

 

Бес саусақ бірдей емес, халық болған соң «Үкімет қыруар­  қаржыны бөледі, со­ның барлығы қайда кетіп жатыр?» деген қаңқу әңгімелердің жүретіні анық.  Ашық қоғамда ел алдында есеп болу керек. Қармақшы ауданы әкімдігі баспасө­з қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, қаржы өзінің орнымен жұмсалған. Түсінікті болуы үшін төмендегі кестелерге қараңыз, көресіз.

 

СПОРТ  пен ДЕНСАУЛЫҚ  – ЕГІЗ

 

Дәрігерлік амбулатория, медициналық пункт мәселелері жасыратыны жоқ, облыс көлемінде әлі де бар. Қар­мақ­шы ауданында мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы  3 нысанның құры­лысы, атап айтқанда, Тұрмағамбет, Жаңажол, Ақтөбе ауылдарында дәрігерлік амбу­лат­ория құрылысының конкурстық  рәсім­дері  жүргізілуде. Бұйыртса, алдағы­  уақытта  қармақ­шы­лықтар емдеу мекемелерінің лентасын  қиятын  болады.

2019 жылдың  қаңтар-мамыр­  айларында  туғандар саны 460 (2018 ж-486) баланы көрсетіп, өткен жылдың тиісті кезең­імен салыстырғанда 94,1  пайызды  құрады.  Қайтыс­ болғандар саны 146 (2018 ж-135) адамды, өткен жыл­мен­ салысты­рғанда 108,1 па­йызды  құрады.

2019 жылдың қаңтар-мау­сым­ айларында 100 мың тұр­ғынға туберкулезбен ауру деңгейі 16,5 құрады, ал 2018 жылдың тиісті кезеңінде ауру­шаңдық көрсеткіші 20,4-ті құраған. Өткен  жылдың  тиісті кезеңімен  салыстырғанда 19,1 па­йызға  төмендеді.

Ауданда ауру көрсеткіші төмендеген. Демек, халықтың бірінші байлығы – бірінші орында. Себебін айтайық па? Өйткені бүгінде аудан жұрт­шылығының дені бұқаралық спортпен айналысады. Қармақшы ауданы бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны – 15201 адам, аудан хал­қының  28%-ын  құрады.

Спорт саласында да қар­мақшылықтар алдыңғы орындардан көрініп келеді. Ағымдағы жылдың 3-5 мамыр ара­лығында жеңістің 74  жылдығы қарсаңында Кеңес Одағыны­ң батыры Т.Көмек­баевтың жүл­десіне арналған самбо күре­сі­нен халықаралық ХХІV мемориалға Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан мем­ле­кеттерінен балуандар келіп қатысты. 2019 жылы аудан  спортшы­лары ҚР бірінші­лік­тері мен чемпионаттарында 4 алтын,  8 күміс, 6  қола медальды  жеңіп  алса, Әлем Кубо­гында 1 қола  медальды иеленді. Атап  айтар  болсақ, Ғалымжан Абдрах­манов ақпан айында Минск қаласында (Белорус­сия) өткен самбо күресі­нен Әлем кубогында қола жүл­дегер атанды. Өскемен қаласында же­ңіл атлетик­адан ерлер арасында  Қа­зақстан Республикасының чемпионатында жерлесіміз Рахымжан  Келманов 2000 метр қа­шықтықта  жүгіруден І орынды жеңіп алса, Ақтау қала­сында өткен самбо күресінен жаст­ар арасында Қазақстан Республикасының чем­пионатында 52 кг салмақ дәре­жесінде ІІ орынды иеленді. 31 спортшы ҚР құ­рама коман­дасына  енді.

ТІЗГІН   ТАРТАР

Алда  міндет  көп. Әлеуметтік-экономикалық әлеует, білім, медицина, инфрақұрылым, өнеркәсіп, құрылыс және осы секілді сан салада атқарылуға тиісті салмақты жұмыстар жетерлік. Тек уақыт пен сәл ғана сабыр керек. Салаға сең жүретін кез әлі алда. Біздің айтқанымыз – басы. Қармақшы тек өнер мен жырдан ғана емес, барлық бағыт бойынша облыста өз орнын ойып тұрып аларына сенім мол.

 

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

 


БАСТЫ БАҒДАР – БАЙЫПТЫ ҚАДАМ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
16.10.2019 18:24

Тәуелсіздік күні қарсаңында «Шіркейлі» арнасындағы көпірдің ашылу салтанаты өтеді... «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер халық игілігіне пайдалануға беріледі... Жыл басынан бері сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 16 млн 822 мың теңге айыппұл салынған... 2019-2021 жылдары газдандыру жұмыстарына 22 млрд теңге қаржы бөлінеді...

Бұл мәліметтер – облыстық төрт бірдей басқарманың өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг аясында айтқандары. БАҚ өкілдерімен кездесу барысында басқарма басшылары мен өкілдері жыл басынан бергі атқарған  жұмыстарымен  бөлісті.

Біршама экономикалық әлеуетке ие аймақтың көліктік инфрақұрылымы жоғары деңгейде шоғырланған. Негізгі авто­мобиль, теміржол, су жолдары бір-бірімен іргелес орналасқан барлық аудан орталықтары мен облыс орталығынан өтеді. Осылайша 85 пайыз елді мекен орналасқан көлік магистра­лінің қалыптасуына ықпал жасап отырмыз. Бүгінде жергілікті маңызы бар авто­мобиль жолдары мен елді мекен­дер көшелерін жөндеуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық бюджеттен ағымдағы жылы 4,6 млрд теңге, облыстық бюджеттен 7,5 млрд теңге, барлығы 12,1 млрд теңге бөлініп,  195 шақырым автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелері және көпірлер жөндеуден өткізілуде. Өткен жылдың қо­рытындысымен облыстық және аудандық маңызы бар автом­обиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы жоспарлы 63,5%-ға орындалды. 2019 жылы облыстық және ау­дандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық инди­каторлық көр­сеткіші 65% болып бекітілді.

- Жыл басынан бері 10,6 млрд теңге толығымен игерілді. «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарла­масы аясында көлік инф­рақұрылымын дамыту бағытында 2019 жылы 30 жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен – 4151,5 млн теңге және облыстық бюджеттен – 947,7 млн теңге, барлығы 5 098,8 млн теңге қаржы бөлініп, 100 шақырым жолдар желісіне жөндеу жұмыстары жүргі­зілуде. «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға ар­налған мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда облысындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамытуда жалпы құны 46 млрд теңгені құ­райтын 79 жоба енгі­зілді. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары желісінің жақсы және қанағаттанарлық үлесін 2025 жылы 95%-ға жеткізу межеленген. Осы бағдарлама аясында салалық министр­лікпен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде республикалық маңызы бар ұзындығы 412 шақырымды құрайтын «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолын реконструкциялау жобасының құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталады деп күтілуде. Сондай-ақ, Қызылорда қаласынан бастау алатын Ақтөбе облы­сының бағытындағы ұзындығы 566 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолындағы көлік қозғалысының жыл сайын өсуіне­ байланысты төрт жолақты І-техникалық санатқа ауыс­ты­ру бағытында ҚР Үкіметіне ұсыныс жолданып, тиісті жұ­мыстар жүргізілуде, - деді облыст­ық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқа­рмасы басшысының орын­басары Мұрат Тлеуім­бетов өңірлік коммуника­циялар қызметінде өткен брифингте.

Мемлекет басшысы халық­қа жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне баса назар аударды. Ең бірінші мәселе – баға тұрақтылығын сақтау, табиғи монополия субъектілерінің қызметтері мен олардың тарифі.

Біздің өңірімізде жыл басынан бастап коммуналдық мекемелердің инвестициялық бағдарламалар көлемінің азаюына­ байланысты жылу энергиясы тұрғындар үшін 12%-ға, электр энергиясымен жабдықтау қызметі 4,4%-ға, сумен жабдықтау қызметі 22,6%-ға, су бұру қызметі 11,4%-ға төмендетілді. Бүгінгі күні облыс бойынша 232 ауылдық елді мекеннің 193-і немесе 84 пайызы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Аталған елді мекендерде халықтың 97 пайы­зы қоныстанған. Бұл – республика бойынша алдыңғы көр­сеткіштердің бірі. Ендігі мақсат – орталықтандырылмаған 39 елді мекеннің ауызсу мәселесін шешу.

- Газдандыру мәселесіне тоқталатын болсақ, облыстағы 7 аудан орталығының 4-еуі газдандырылды. Биыл қалған  3 аудан орталықтары, яғни Жоса­лы, Жалағаш, Тереңөзек кенттерін газдандыру жұмыстары басталды. Осы мақсатқа 4,2 млрд теңге қаржы бөлініп игерілуде. Құрылыс жұмыс­тары толығымен келер жылы аяқталғанда, облыс тұрғындарының «көгілдір отынға»  қолжетімділігі 70 пайызға жетеді. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарында газдандыру жұ­мыстарына 22 млрд теңге қар­жы бөлу жоспарланып отыр. Аталған қаржыға Арал ауданы Сексеуіл кенті, Қазалы ауданы Қазалы қаласы, Мұратбаев елді мекені, Қармақшы ауданы Төретам, Ақай елді мекені және Қызылорда қаласы Нау­рыз, Махамбет елді мекендерін газдандыру жұмыстары жүргі­зілмекші. Өздеріңіз білетіндей, жаңартылған энергия көздерін пайдалану әлемнің басым­ бағытына айналуда, қазіргі уақытта Шиелі және Жалағаш  аудандарында  жалпы қуаттылығы 80 МВт-ты құрайтын 2 күн электр стан­циясының құрылысы іске асыры­луда. Аталған жобалар жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Келесі жылы Жаңа­қорған ауданында қуаттылығы 10 МВт-ты құрайтын күн электр станциясының құры­лысы басталады, - деді облыст­ық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық басқармасы бас­шысы Медет Усаин брифинг барысында.

Сондай-ақ, кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жат­қан­ тұрғындардың өз күшімен салынған электр желілерін құрылыс талаптарына сәйкестендіруге облыстық бюджеттен соңғы 3 жылда 400 млн теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде «Қызылжарма», «Арай», «СПМК-70»,«Береке» тұрғын аудандарындағы және «Сабалақ» саяжайындағы 1637 абонент қайта жаңғыртудан өткі­зілген 60 шақырым электр желі­лері арқылы сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтылған. Оған қоса электр желі­леріндегі шығындарды 4,7 па­йыздан 2 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Қо­сымша айта кету қажет, «Қы­зыл­орда жылу электр орталығын» жаңғырту және кеңейту мәселесі биыл ақпан айындағы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қолдау тапты. Осыған орай, техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге облыстық бюджеттен 120 млн теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда тиісті жұмыстары жүргі­зілуде. Ал «Қызылорда жылу электр орталығын жаңғырту және кеңейту» жобасын қаржыландыру Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға ар­налған әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарына енгізілген. Жоба аясында­ қуаттылығы 300 ГКал жаңа су жылытқыш қазандығын салу және қолданыстағы 3 газтурбиналық қондырғыларды ауыс­тыру жоспарлануда. Жоба іске асқанда бірыңғай электроэнергетикалық жүйедегі маневрлық қуаттардың ұлғаюына, сондай-ақ тұтынушыларды электрмен қамту сенімділігін арттыруға, апат туындау қаупін азайту және энергиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Мемлекеттік қолдаудың аясында облысымызда тұрғын үй құрылысында жылдан-жыл­ға­ өсу процесі байқалады. Биылғ­ы жылы облыста «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасы аясында 1997 пәтерді құрайтын 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 901 пәтерлі 23 тұрғын үй сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйлер, 830 пәтерлі 17 кредиттік тұрғын үйлер және 266 пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысы жеке компаниялар есебінен жүргі­зілуде.

- Елбасының азаматтардың өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмасын орындау мақсатында республикалық бюджеттен көп­балалы аз қамтылған отбасы­лары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына және дайын пә­терлерді сатып алуға қосымша 3,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 431 отбасы тұр­ғын үймен қамтамасыз етіліп, 205 пәтер құрылысы жүргізіл­се, 226 пәтер сатып алынатын болады. Ел халқының әл-ауқатын жақсартуға тиімді әсер ететін аз қамтылған­ көпбалалы отбасыларға мақсатты қолдау көрсетуге бағытталған мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыруға байла­нысты облыста тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күнге облыс бойынша тұрғын үй алуға барлық санаттар бойынша кезекке тіркелгендер саны 29 538 азаматты құрап отыр. Оның ішінде «Халықт­ың әлеуметтік жағынан осал топтары» бойынша 12 493, көпбалалы отбасы­лар санаты бойынша 3 202 азамат тіркелген, - деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов.

Елімізде кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша заңнамалық бастамаларды жақсарту үшін сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінде 8 реформа­ жүзеге асырылып, 5 норматив­тік-құқықтық актіге 30-ға жуық түзетулер енгізілді. Нәтиже­сінде «Құрылысқа рұқсат алу» индикаторы бойынша 2018 жылы еліміз 35-орынды иеле­ніп, 17-позицияға көтерілді. Енгізілген өзгерістерді іс жү­зінде қолдану нәтижесінде «Doing Business» рейтингі бо­йынша республика көлемінде Қызылорда облысы 2-орынға тұрақтаған. Ағымдағы жылы облыс бойынша 21 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргі­зілуде. Оның 6-ауы 2018 жылдан өтпелі болса, қалған 15 ны­санның құрылысы 2019 жылы басталған.

Қазіргі таңда олардың 2-еуі пайдалануға берілді, 10-ын осы жылдың аяғына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қалған 9 нысан 2020 жылдың еншісінде.

- Өткен жылы аймақ басшысының қолдауымен облыстық бюджеттен бөлінген 30 млн 322 мың теңге қаржыға лаборатория автокөлігі, заманауи бақылау-өлшеу құралдары, нарықтағы аккредиттелген құрылыс компанияларымен көрсетілетін зертханалық қызметтер сатып алынып, мамандар арнайы киіммен, қорғану құралдарымен жабдықталды. Бас­қарманың материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықталуы құрылыс нысандарына жүргі­зілген тексерулер сапасының артуына айтарлықтай ықпалын тигізді. Облыс әкім­дігінің қолдауымен жасалған осы мүмкін­діктерді ұтымды пайдалана отырып, ағымдағы жылы саладағы  бақылау-қадағалау  жұ­мыс­тарының тиім­ді­лігі мен сапасын одан әрі арттыру бағытында қажетті шаралар қа­был­дануда. Атап айтқанда, есепті мерзімде жүргі­зілген тексерулер нәтижесімен сәулет-құрылыс саласындағы заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты жалпы 109 әкім­шілік іс қозғалып, кінәлі тұлғаларға 16 млн 822 мың 824 теңге айыппұл салынды. Салынған әкімшілік айыппұлдардың  12 млн 199 мың 549 теңгесі бюджетке нақты өндіріліп, 1 млн 820 мың 525 теңге айыппұлды мәжбүрлеп өндіру үшін құжаттары сот актілерін орындау органдарына жолданды. Қалған 2 млн 802 мың 750 теңге­ айыппұл өндірілу сатысында, - деді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Марсбек Молдабаев.

Бұдан бөлек, «Жобалық кеңсе» бағдарламасы аясында техникалық қадағалау сарапшыларының айлық есептерін электронды форматқа көшіру мақсатында 2018 жылы «Tex­Stroi-Smart» жобасы әзірленіп, бұл жүйе ағымдағы жылдың алғаш­қы тоқсанында іске қо­сылды. Жобаның артықшылы­ғы сол, біріншіден, облыс көлеміндегі техникалық қадағалау сарапшыларына Қызылорда қаласына келмей-ақ ай сайын­ғы есептерін басқармаға кез келген жерден электронды түрде жолдауына мүмкіндік жасалған. Екіншіден, басқарма қызметкерлерінің кәсіпкер­лік субъектілерімен тікелей қарым-қатынаста болу түрін­дегі сыбайлас жемқорлық фактісіне тосқауыл болуда. Бұл бағыт­тағы жұмыстар әлі жал­ғасын табады және есепті мер­зім ішінде әзірленген «Halyq Monitoring» жобасы жыл аяғы­на  дейін іске қосылады деп жоспарлануда.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қазан 2019 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары