Өзекті мәселелер

  • 07.11.19

    Бақытжан  НИЯЗОВ,

    ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

     

    – Бақытжан Мақсұтұлы,  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысы ауқымды және ең маңызд­ы  саланың бірі екені даусыз. Білуімізше, агенттік тарапына...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    - Райкүл Мәнсүрқызы, депутатты­қ қызмет Сізге таңсық­ емес. Бұл жолы қандай мақсат  қойдыңыз?

    - Депутат – халық пен билік арасындағы көпір. Шыны керек, қазіргі күні шешіл­мей жатқан мәселелердің дені – биліктің құлағына жетпегендер. Жылына төрт сессия өтеді, сол кезде әр округтен сайланған депутаттар өздерінің ұсыныс, пікірлерін айтып, мәселесін көтеру керек. Аймақта же...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Дидарынан шуақ шашып тұрған күннің райы демде өзгеріп салды. Әдетте қыстың ызғары қарашаның соңында сезілуші еді, бұл жолы айдың басында-ақ суық леп шөптің басына қырау қондырып, қар ұшқындатты. Бұл – қыстың қарбалас тіршілігі басталды деген сөз. Күн райының күрт өзгеруі, жауын-шашынның түсуі салдарынан түрлі төтенше жағдайлар болатыны белгілі. Онсыз да жылу беру маусымында қала іші...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімі  қыркүйек  айын­да­ «Көше Fest» сайысын өткізді. Бұл шараның негізгі мақсаты – көше тұрғындарының ауызбіршілігін арттыру, өскелең ұрпаққа ақса­қалдарды қадірлеуге шақыру, жастардың бойында иба-ізет, намыс, ар-ождан, қадір-қасиет сынды биік адамгершілік қасиеттерді қалыптас­тыру  және де  қаланың бір бөлшегі саналатын  көшенің тазалығын  сақтауға  ша...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Сырдың бас қаласында сонадайдан мен­мұндалап тұратын көпқабатты тұрғын үйлер жетерлік­. Қайбір жылы Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай солардың бірсыпырасы күрделі жөндеуден өтті. Сыртын сырлаған соң кәдімгідей түрленіп, қалаға өзгеше рең беріп, шаһардың шырайы кіріп қалды. Бұл жұмыс­тарды жүргізуге Сырдың меценат жігіттері атсалысы­пты. Енді сол шаралар легі жалғасын тапса дейміз. Өйткені ...

    Толығырақ...
Дүйсенбі, 21 Қазан 2019

ЖАҢАҚҰРЫЛЫСТА МЕШІТ АШЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
22.10.2019 09:10

Жаңақұрылыс – болашағы жарқын ауылдардың бірі. Түтіні түзу шалқыған елді мекеннің тұрғындары тағы да бір қуанышқа бөленді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа мешіт пайдалануға беріліп, салтанатты жағдайда ашылды. Алыс-жақыннан келген ағайындар бір-бірімен құшақ жая амандасып, жүздерінен бір-біріне деген сағыныш сезімдері білінуде. Мешіттің ашылу салтанатына ҚМДБ-ның облыстағы өкілі «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы келіп, аруақтарға құран бағыштап, дұға оқыды. Елге ізгі ниетін білдіріп, Жаратқанның қолдауымен іске қосылған ғибадатхана мұсылман жамағаты үшін құтты орынға айналатынына сенім білдірді. Биік мұнаралы, ай мүйізді мешіт ауылға ерекше көрік беріп тұр. Осындай игілікті шараға мұрындық болған ел ағасы Жарылқаған Мырзалиев жергілікті халықтың қаражатымен жаңа мешіттің салынғанын көпшілікке айта келіп, атсалысқан азаматтарға алғысын айтты.

Сәл шегініс жасап, Өтеш ахун жайлы айта кетуді жөн көрдім. Өтеш ахун 1873 жылы Жекендіде дүниеге келген. Абзал ишанда білім алып, 1898-1915 жылдар аралығында ишанның мешітінде жұмыс істейді. Білімін жетілдіру үшін 3 рет Үргенішке барып, Хорезм хазіретіне қол тапсырып, Меккеге жолдама алып, қажы атанған. Өтеш ахун елге келген соң мешіт ұстап, бала оқытып, халықтың діни білімін көтереді. 1923 жылы Өтешке жергілікті ағайындары мешіт салып береді. Халықтың мешітке әкелген садақасын жоқ-жұқаларға бөліп береді. Өтеш ахун 1935 жылы қайтыс болғанға дейін ондаған балалар оқып шығады. Еліміз егемендік алғаннан кейін 1995 жылы сол кезде Жаңақұрылыс ұжымшарының төрағасы Шыңдалы Әбдірманов совхоз орталығындағы бос тұрған сауда орны болған ғимаратты жан-жақты көпшіліктің ұсынысымен, мешітке пайдалану туралы жоғары орындардың келісімін алып, ауданда алғашқылардың бірі болып мешіт ашты. Және ол мешітке Өтеш ахун есімі берілді. Мешіт ғимараты ескіргеннен кейін жергілікті халық мешіттің жанынан жаңа типті мешіт салуға ұйғарым жасап, бірауыздан келісім жасалды.

Міне, «көп түкірсе – көл» деген. Ауылымыздың ортасынан жаңа мешіт бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Бүгінгі таңда мешітте Өтеш ахунның немересі Бектас Жөлкенұлы имамдық жұмысын жалғастыруда. Имандылық жолында мешітке атсалысқан азаматтарға береке-бірлік берсін дейміз. Мешітіміздің іші нұрға толсын. Алланың жердегі үйіне келетін жүрегі таза, иманды адамдар көп болсын демекпін.

Сердалы Шалбаев,

Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

Арал ауданы

 


Қызылордаға «Аға сеньорлар» құрылымы аясында канадалық маман келді PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
22.10.2019 09:05

Қызылордаға «Аға сеньорлар» құрылымы аясында канадалық маман John IrgenGioro келді. Шетелдік маманды Қазалы ауданындағы «Санжар KZ» ЖШС-нің өтініші бойынша Кәсіпкерлер палатасы шақыртқан.

«Санжар KZ» ЖШС-нің директоры, кәсіпкер Алмас Әділбаев 2013 жылы Қазалы ауданында «Арман» оқу орталығын ашады. Аталмыш орталық алғашқы кезде мектеп оқушыларына қосымша білім беру қызметін көрсеткен. Екі жылдан кейін кәсіпкер «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие алып, аталмыш оқу орталығынан қосымша білім берумен қатар қысқа мерзімді даярлау курстарына арналған арнайы база жасап шықты.

«Мемлекет тарапынан кәсіпкерлер үшін жасалып жатқан жағдайларды пайдаланып жүрген жанмын. Мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдікпен несие де алдым. «Іскерлік қатынастар» құрылымы бойынша екі рет Германияда болып, тәжірибе жинақтап келдім. Енді, міне, «Аға сеньорлар» жобасы аясында шетелдік маманды шақыртып, көмегін алып отырмын», - дейді кәсіпкер.

Канадалық Джон оқу орталығының мамандарына шет тілді балаларға үйретудің әдістерімен бөлісіп, өзі де орталықта қосымша білім алып жатқан балалармен жұмыс істеді.

«Шалғай аумақта орналасқандығына қарамастан оқу орталығы жақсы жабдықталған. Қажетті құрал-саймандардың барлығы бар. Орталықтың ағылшын курсынан беретін мамандарына балалармен көбірек практика жүзінде жұмыс жүргізу керектігін айтып, оны іс жүзінде өзім көрсетіп беріп отырдым. Тіл үйренуде теорияны ғана білу жеткіліксіз. Үйренген сөздерді, ережелерді үнемі қайталап отыру қажет. Мұнымен қоса, білім алушы балаларға үнемі сұрақтар қоя беру қажет. Сол кезде тіл үйренуші бала жауап бере отырып, сауалды да, жауапты да есте сақтап қалатын болады», - дейді шетелдік маман Джон.

Қазалылық кәсіпкер білікті маман алдырып, жұмыс жасауға мүмкіндік берген «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына да, үйлестірген Кәсіпкерлер палатасына да алғысын білдіріп отыр.

«Аға сеньорлар» құрылымы мен үшін таптырмайтын жоба болып отыр. Маман шақыртуда бізге аса көп салмақ түскен жоқ. Қызметінің барлығы тегін. Біз өз тарапымыздан шетелдік маманды жатын орын, ас-сумен ғана қамтамасыз еттік», - дейді кәсіпкер Алмас Әділбаев.

«Аға сеньорлар» құрылымы бойынша сұрақтар туындаған жағдайда Кәсіпкерлер палатасына 40-09-81 байланыс телефоны арқылы хабарласуға болады.

 

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


«Заңғар ақын – Замаддин» PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
22.10.2019 08:55

Сырдария ауданында айтыскер-ақын, өтірік айтыс жанрының майталманы Замаддин Ибадуллаевтың 80 жылдығына орай аудан әкімдігінің қолдауымен «Заңғар ақын – Замаддин» тақырыбында облыстық ақындар айтысы өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен аламан айтысқа елімізге белгілі ақындар Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Марат Сүгірбай, Ержеңіс Әбдиев бастаған 10 дарынды ақын қатысып, сөз барымтасының көрігін қыздырды.

Айтысты аудан әкімі Руслан Рүстемов ашып, құттықтау сөз сөйледі.

– Бір ел бір елге тек үш құндылығымен ғана мақтана алады. Оның біріншісі ұлттың төл өнері болса, екіншісі - тамыры терең тарихы. Ал, үшіншісі - әдебиеті мен мәдениеті. Міне, осы ретте өнер атты құндылықты Ұлы көш ретінде елестетер болсақ, өзгелерді өзіндік сән-салтанатымен, даралығымен таңғалдырған қазақтың әдебиеті мен мәдениетін, руханиятын баға жетпес қазына деп бағалауға болады. Халқымыздың бай мұрасы ықылым заманнан бері атадан-балаға мирас болып, лайықты дәріптеліп келеді. Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары төл өнеріміздің төрден көрінуіне жаңаша жол ашты. Әрине, талант – Тәңірден. Әрбір талант – дара дарын иесі. Сондықтан талантты тірісінде қадірлеп, құрмет көрсету – бәріміз үшін ортақ міндет. Оның үстіне қазақ халқында қандай да бір мереке айтыс өнерінсіз өтпегенін негізге алсақ, «Алтын дән» мерекесімен тұспа-тұс өткізіліп отырған бүгінгі айтыс ауданымыздың ынтымақ-бірлігін, берекелі іске бейім екенін білдіреді. Айтыс аламанының ақтаңгері, табан астында өтірік өлең құраудың Тазша баладан кейінгі төл иесі Замаддин Ибадуллаевтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған айтысқа қош келдіңіздер. Ақынын ардақтаған елдің мерейлі мерейтойымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі айтыстың ерекшелігі, Замаддин Ибадуллаев ағамыз ортамызда, яғни талант біздің төрімізде отыр. Лайым, ақын ағаның өмір жасы ұзақ болып, мерейлі мерейтойларын аудан жұртшылығымен бірге атап өтуді жазсын! Бүгінгі айтысқа алыстан ат терлетіп арнайы келген халық ақыны Әселхан Қалыбекова апамызға шынайы ризашылығымды білдіремін, - деген аудан басшысы айтысқа қатысушы барлық ақындарға сәттілік тіледі.

Айтыстың ашылу салтанатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова айтыскер-ақын Замаддин Ибадуллаевқа облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың құттықтауын табыс етіп, айтысты ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Сонымен бірге, аудан әкімі Руслан Рүстемов пен аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағының төсбелгісін тағып, иығына шапан жауып, қаржылай сыйлық берді.

Сондай-ақ ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұхтар Сақтапов Замаддин Ибадуллаевтың жақында ғана жарыққа шыққан «Бағдары ауған пенделер» атты кітабының тұсауын кесті. «Замаддин Ибадуллаев атындағы» дәстүрлі ақындар клубының сертификатын ақын Замаддин Ибадуллаев өз қолымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиевке салтанатты түрде табыстады. Марапаттау рәсімінде 300-ге жуық тұрғын тік тұрып қол соғып, ақынға шынайы құрмет көрсетті.

Мұнан кейін Замаддин Ибадуллаевтың төл шәкірті, ақын Мамыр Байдәулетов айтыс тізгінін қолына алып, қазылар алқасының құрамымен таныстырды. Қазылар алқасының төрайымы халық ақыны, Қазақстан Жазушылар Одағының Жамбыл Жабаев атындағы сыйлығының тұңғыш иегері, Отырар ауданының, Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова болса, қазылар алқасының құрамына ақын-журналист, «Рух» халықаралық әдеби байқауының жүлдегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ұларбек Нұрғалымұлы мен ақын, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы енді.

Айтысты қазалылық Марат Сүгірбай мен шиелілік Мейрамбек Ибрагимов бастап, орнықты ой, пайымды пікірлерін өлеңмен өрнектеп, сөз сайысының көрігін қыздырды. Қазалылық ақын Марат Сүгірбай талантын ардақтаған ауданның үлгілі ісін жырға қосса, қазалылық ақын Мейрамбек Ибрагимов заңғар ақын Замаддин Ибадуллаевтың айтыс өнерінің дамуына қосқан үлесін жыр тілінде көрерменге жеткізді.

Екінші жұп болып белгіленген ақын Бексұлтан Орынбасаров пен Нұрзат Қару қыз бен жігіттің әзілмен астасқан тамаша айтысын көпшілікке көрсете білді. Орамды ойларын астарлы әзілмен жеткізген қос ақын жиналған жұртшылықты қыран-топан күлкіге қарық қылып, ерекше көңіл күй сыйлады. Ал, үшінші жұпты құраған қармақшылық Тұрар Бекмырзаев пен сырдариялық Ерасыл Бәйментай аға мен іні арасындағы рухани байланысты өлең тілінде әспеттеп, айтысты тамашалауға келген қауымның ыстық ықыласына бөленді. Өз кезегінде сырдариялық ақын Ерасыл Бәйментай осыдан 20 жыл бұрын анасының бетін ақын Замаддин Ибадуллаев ашқанын, беташарда ардақты ақын жас келінге ақын перзент дүниеге әкел деп ақ бата беріп, сол тілек қабыл болып, өзінің сахнада халыққа жыр арнауының астарын заңғар ақынның ақ ниетімен байланыстырды. Ал, қармақшылық ақын «Замаддинның бір өзі бір театр, Тереңөзектің бір өзі – Қазақстан» деп ауданда үш жүздің баласы тату тәтті өмір сүріп, жемісті еңбек етіп жатқанын тілге тиек етті.

Төртінші жұп сайысында қол соқпаған көрермен, қол соқтыра алмаған ақын болмады. Дарынды ақын Нұрмат Мансұров «Ел десе берілмейді сезімге кім, Сәлеммен ағытайын сөз ілгегін» деп бастап бір күндік тойдың мың жылдық әсер қалдыратынына ақындық ақ пейілмен зор сенім білдірді. Ал, Нұрматтың қарсыласы айдынды Арал ауданының намысын ту еткен Ержеңіс Әбдиев айтыс сахнасының төрінен халықтың жүрегі жыр деп соқса, ақынның абыройы асқақтайтынын шырқады. Сондай-ақ, қос ақын «Ырыстың Сыр елінде тұрақтауы, Күріштің арқасында деген дұрыс», «Сексен жасы дүркіреп тойлануда, Енді тоқсан жасында жолығайық» деген секілді түйінді сөздерімен айтыстың шырайын аша түсті.

Соңғы жұп Мұхтар Ниязов пен Мұхамеджан Бағдатұлы ақынын төбесіне көтерген елдің ынтымағын, бірлігін жырға қосты. Сонымен бірге қоғамдағы өзекті мәселелерді де қозғап, шабыттың шырқау биігінен түйінін тарқатты. Жас ақын Мұхамеджан Бағдатұлы алыппен айтысқанын тілге тиек етсе, дүлдүл ақын Мұхтар Ниязов інісіне ағалық бағыт-бағдар беріп, өмірде де, өнерде де сәттілік тіледі. Осылайша, айтыскерлер аудандық мәдениет үйіне жиналған жыр сүйер жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлап, аудан тұрғындары мен қонақтарын бір серпілтіп тастады.

Қазылар алқасының шешім шығарып, жеңімпаздар есімі белгілі боламын дегенше Сыр сүлейлерінің жалғасы ретінде Марат Сүгірбай мен Бексұлтан Орынбасаров жырдан шашу шашты. Мұнан кейін марапаттау рәсімі басталып, қазылар алқасының төрайымы халық ақыны, Қазақстан Жазушылар Одағының Жамбыл Жабаев атындағы сыйлығының тұңғыш иегері, Отырар ауданының, Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова Замаддин Ибадуллаевқа арнау өлеңін оқып, кітабын сыйға табыс етті. Ақынға зор денсаулық тілеп, ақынын ардақтаған елге алғысын айтты.

Марапаттау қорытындысына тоқталар болсақ, қаржылай сыйақысы 100 000 мың теңгені құрайтын ынтыландыру сыйлықтарын Нұрзат Қару, Мейрамбек Ибрагимов, Тұрар Бекмырзаев және Марат Сүгірбай иеленді. Ал, жүлде қоры 200 000 мың теңгені құрайтын  үшінші орын аралдық Ержеңіс Әбдиевке берілсе, екінші орын тұғырынан елімізге белгілі ақындар Мұхтар Ниязов пен Нұрмат Мансұров көрініп, қос ақынға 300 000 мың теңгеден берілді. 400 000 мың теңгелік сертификат жүлделі бірінші орынды иемденген сырдариялық Мұхамеджан Бағдатұлына табысталды. Айтыстың бас жүлдесін иеленген Ерасыл Бәйментайды аудан әкімі Руслан Рүстемов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенов марапаттап, жас ақынға 500 000 мың теңгенің қаржылай сыйақысын табыс етті. Ал, көрермен қауымның көзайымына айналған жас ақын Бексұлтан Орынбасаров арнайы жүлдеге лайықты деп танылды.

Марапаттау шарасында айтыскер-ақын, өтірік айтыс жанрының майталманы Замаддин Ибадуллаевтың ұрпақтары қазылар алқасының құрамында болған ақын-журналист, «Рух» халықаралық әдеби байқауының жүлдегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ұларбек Нұрғалымұлына халқымыздың игі дәстүрі бойынша шапан жауып, құрмет көрсетті. Аламан айтыстың соңында жеңімпаздар естелік суретке түсіп, айтысқа жиналған жұртшылық рухани азық алып, зор тебіреніспен тарқасты.

Сырдария ауданы ішкі саясат бөлімі

 


Ұрпаққа ұран болған Жанқожа баба PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
21.10.2019 16:02

«Ауыл күні» аясында Жанқожа батыр ауылында өткізілген кітап көрмесі осылай аталды. Тақырыбының өзі санаңды селт еткізер жаңашыл тұрғыдағы ашық кітап көрмесі батыр бабамыздың ерлікке толы ғұмырынан тағылымды сыр шертеді.

Көрме жанынан Жанқожа баба тақырыбында инсталляция жасалынды. Көрмені тамашалаған көпшілікке ауыл орталығындағы №94 орта мектептің оқушылары Жанқожа батыр туралы тақпақ айтып, бабамыздың өнегелі өмір жолы, елінің азаттығы жолындағы шайқасқа толы оқиғалар желісі терең таныстырылды.

Сондай-ақ, ауданның кәсіби суретшілерінің еңбектері қойылған сурет көрмесі де жұртшылықтың көңілінен табылды.

 

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


ИГІЛІГІ МОЛ ЖӘРМЕҢКЕ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
21.10.2019 15:50

18 қазанда Қызылорда қаласы әкімдігінің және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өтті.

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткізілген шараға халықтың сұранысы жоғары жер, әлеуметтік, білім, тұрғын үй, сәулет және құрылыс, АХАТ, әділет, мемлекеттік кірістер, көші-қон салалары бойынша қызметтер көрсететін уәкілетті органдар мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалдарының өкілдері қатысты.

Жәрмеңкенің мақсаты тұрғындарға мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы ақпараттандыру, электронды түрде көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сала мамандарынан заңгерлік кеңес алу болып табылады.

Жәрмеңке барысында халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі түсіндіріліп, мемлекеттік қызметтерді алу бойынша ақпараттық-әдістемелік көмек көрсетілді, қызмет алуға өтініштер қабылданды. Сондай-ақ, жәрмеңкеге келген халыққа «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «Электронды үкімет» порталы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі мен олардың тиімділігі туралы кеңінен түсіндірілді.

Шара барысында тұрғындар арасында «Digital agent» және «Telegram-bot» қосымшалары туралы жан-жақты мәліметтер ұсынылып, жергілікті атқарушы органдар мен Мемлекеттік корпорация қызметкерлері тарапынан үгіт-насихат құралдары (брошюралар) таратылды. Келушілерге электронды үкімет порталынан осы қосымшалар көмегімен алынатын анықтамаларды алу жолдары көрнекі түрде көрсетіліп, бірнеше тұрғын өзінің ЭЦҚ-ы арқылы керекті құжаттарын осы жерден алды.

Жыл басынан бері облыс бойынша 25 рет мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі өткізілді.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде мемлекеттік органдар мен жеке мекемелерге өздерінің талаптарына сәйкес келетін мамандарды табуға, ал жәрмеңкеге келушілер үшін мамандықтары бойынша жұмыс іздеуге үлкен мүмкіндік береді.

Аталған жәрмеңкеде 32 жұмыс беруші мекемеден 311 бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкеге 500-ге жуық жұмыс іздеуші азаматтар қатысып, 50-ден астам азаматқа жолдама берілді.

Б.Әбдіқадыров

 


Қызылордада «Мейірім акселераторы» жобасының кеңсесі ашылды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
21.10.2019 14:50

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен колледж базасында "Мейірім акселераторы" жобасы кеңсесінің салтанатты ашылу шарасы өтті. Жоба жастарды парасаттылыққа, адалдыққа тәрбиелейді. Бүгінгі студенттер ертең әр саланың мамандары болады. Жас кезінен бастап, адамдардың мұқтажын естіп, көмекке келуге дайын болып тұрған жастар, болашақта да өмірлік қиындықтарды түсініп, адамдарға көмекке келуге дайын болады деп санаймыз. Бұл еріктілер қозғалысының басқа көптеген волонтерлық қозғалыстардан ерекшелігі сол, еріктілер көрсететін көмек материалдық емес волонтерлік қызмет түрінде ұсынылады. Сонымен қатар, мұқтаждықтардың бірыңғай дерекқоры болады, яғни жобаны іске асыру үшін кері байланыс пен өтінімдерді қабылдау үшін арнайы сайт іске қосылды. Кез келген ниет білдіруші мемлекеттік органның, коммерциялық ұйымның ұжымы, мектеп оқушысы немесе қарапайым парасатты азамат болсын осы қозғалысқа қатыса алады. Бүгінде аталмыш жобаны қаладағы бірқатар жоғары және орта арнаулы оқу орындары қолдауда. Қазірдің өзінде еріктілер саны 100-ден асып отыр.

Ғалия Әлімқұлова,

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы

 


ЭМОЦИЯЛЫҚ ИНТЕЛЛЕКТ: СЕЗІМІҢДІ ТҮСІНУ мен БАСҚАРУ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
21.10.2019 14:40

Эмоциялық интеллект жайлы не білеміз? Ол қашан пайда болды?

Эмоциялық интеллект ұғымына деген қызығушылық ХХ ғасырдың басында пайда болған. Оны классикалық IQ-тесттерінің (интеллект коэффициентін есептейтін сынақ) адам мінезі мен мотивациясын түсіндіруге қабілетсіздігі тудырған көрінеді. Алайда «эмоциялық интеллект» ұғымы сипаттамасына жақын анықтамаларды осыдан екі жарым мың жыл бұрынғы жазбалардан да кездестіре аламыз. Мәселен, ежелгі гректер ақылды адам санасын, логикасын және эмоцияларын бір деңгейде ұстай алатын адам деп есептеген.

1990 жылдардың ортасында Дэниел Гоулман есімді журналистің "Эмоциялық интеллект: ол неліктен IQ-ден де маңызды?" деген психологиялық еңбегі батыс әлемін дүрліктіріп, қалың көпшілік жарыса оқыған нағыз бестселлерге айналды. Гоулман адам миы, эмоциялар тарихы және антропология фактілері жайлы америкалық ғалымдардың зерттеулерін пайдалана отырып, табысқа жеткен адамның өз нұсқасын жасап шығарды. Өз кезегінде, ол кездің зерттеушілері балалар мен ересектердің жетістіктерін, олардың когнитивті және әлеуметтік дағдыларын талдай отырып, табыстылықтың ингредиенттерін белсенді іздеумен айналысатын.

Бүгін «эмоциялық интеллект» ұғымы өз әйгілілігінің шыңында деуге негіз бар. Оған талай кітап та, түрлі семинар-тренингтер де молынан арналып жүр. ЭИ-ді дамыту қажеттілігін ғалымдар дәлелдеп, кәдуілгі өмірдегі және бизнестегі әр алуан мысалдар қуаттап та жатыр. Ендеше, талай уақыттан бері назардан түспеген эмоциялық интеллект дегеніміз не өзі?

Эмоциялық интеллект – бұл өзіңнің және өзгенің эмоциясын тану, ниетін, қалауын және мотивациясын түсіну, сондай-ақ, практикалық мәселелердің шешімін табу мақсатында өзіңнің және өзгенің эмоциясын басқару қабілеті болып саналады.

Эмоциялық интеллект неден тұрады?

Жоғарыда есімі аталған Дэниел Гоулман өз еңбегінде эмоциялық интеллект теориясын өмірде және жұмыста практикалық түрде қолдануға көп ден қояды. Сол үшін оны бес негізгі құрамдас бөлікке жіктейді. Олар:

Сана-сезім – өзіңнің қабілеттеріңді, мықты және әлсіз жақтарыңды объективті бағалау, өзіндік эмоцияңды жете түсіну арқылы шешім қабылдау қабілеті.

Өзін-өзі реттеу – жұмысыңа бөгет жасамауы үшін өз эмоцияларыңды бақылау қабілеті;  ұзақ мерзімді мақсатқа жету жолында бір сәттік дүниелерден бас тартуға даяр болу; күйзелістен кейін аз уақытта қайта қалыпқа түсе алу қабілеті.

Мотивация – өзіндік бейімділіктерің мен артықшылықтарыңды мақсатқа жету жолында пайдалану, бастама білдіру, сәтсіздіктерге бола кері шегінбеу және көңіл түсірмеу қабілеті.

Эмпатия – басқа адамдардың сезімдерін түсіну, өзіңді солардың орнына қоя алу қабілеті.

Әлеуметтік дағдылар – адамдар арасындағы қарым-қатынастардағы эмоцияларды ұғыну қабілеті; Мұны келіссөздер жүргізу, дау-дамайларды реттеу/басу, басшылықты немесе топтық жұмыс ұйымын сендіру барысында қолдана алу.

Эмоциялық интеллект: артықшылықтары мен кемшіліктері

Эмоциялық интеллект деңгейі жоғары адамдар қиын жағдайда тиімді әрекет етіп, оң шешім қабылдай алады, айналасындағылармен дұрыс әрекеттесе алады. Бұл, тиісінше, олардың мансаптық жолының нәтижелі құрылуына, дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ, өзіңнің және алдыңда тұрған өзгенің оң және теріс сезімдерін мойындай алу, фактіден жеке сезімді, эмоцияны ажырата алу, көңіл күй мен темпераментті сезінуге дағдылану да эмоциялық интеллекті жоғары жанға ғана тән. Осылайша, аталмыш қабілет бизнесті жүргізудегі, сондай-ақ, коммуникация мен басқару жүйесін ұтымды орнатудағы жаңа нәтижелі құралға айналып отыр.

Өз кезегінде, эмоциялық интеллекттің маңыздылығы турасындағы теорияға қарсы шыққан ғалымдар да баршылық. Бұл қабілеттер топтамасын өзінде дамытуға ниетті адам қарсы топтың да дәлел-дәйектеріне құлақ асуы тиіс. Сол арқылы мәселені екі жақты қараудың мүмкіндігі туады. Мәселен, америкалық профессор Адам Грант энтузиазм бүгінгі қоғамның көзін байлап, эмоциялық интеллекттің кері тұсын көрсетпей отыр деп қынжылады. Оның айтуынша, эмоциялық дағдыларын арттыра беретін адамның өзгелерді манипуляциялауы да оңайға соғады. Бізге өз эмоциямызды басқару неғұрлым жеңіл болған сайын шынайы сезімімізді жасыру да соншалықты жеңілдейді. Біреудің эмоциясын түсіну, өз кезегінде, өзгелердің сезімінде ойнауға алып келуі, сондай-ақ басқалардың өз қалауына қарсы әрекет етуін тудыруы мүмкін.

Балалардың эмоциялық интеллектін қалай дамытуға болады?

Эмоциялық интеллектті дамыту мектепке дейінгі балалар тәрбиесіндегі маңызды дүние саналады. Оған көбінде ересектер қауымымен әрекеттесу негіз болады. Осы ретте ескеретін нәрсе эмоциялық интеллект тек баланың өзіндік сезімдерін қабылдау атмосферасында ғана дамиды. Сол арқылы бала эмоциялар мен адамдардың көптігін түсініп, қабылдап өседі. Мәселен, кей отбасыларда қандай да бір эмоцияны (ашу, қорқыныш, т.б.) танытуға тыйым салынып жатады. Өз кезегінде, эмоция атаулы еріксіз пайда болатынын ескеру міндет. Ересек адамға жеңіл болғанымен, балаға бұл қиындық тудырады. Баланың эмоциясын тұншықтырудың салдары үлкен екендігін ата-ана түсінуі керек. Мәселен, «ашуланба» деп балаға тыйым етуге болмайды. Дұрысы – оның ашуын түсініп, тиімді жолмен шығаруына жол көрсету. Өз кезегінде «ашуланба» іспетті бұйрық сөз арқылы ата-ана баласын эмоцияны тұншықтыруға баулиды. «Ініңе ызаланып, ашуланып тұрғаныңды көріп тұрмын. Қабағыңды, одан қалды жұдырығыңды түйіп тұрсың. Мұндай жағдайда ініңе барып, оған деген ашу-ызаң туралы айтсаң болады. Сол арқылы екеуің, бәлкім, ортақ мәмілеге келесіңдер. Ашуың сейілмей жатса, грушаны соққылап көрсең болады» деп түсіндіру абзалы. Дәл осындай эмоциялардың еркін танылу жағдайында өскен бала ғана эмоциясын түсініп, сезімін басқарып өседі.

Эмоциялық интелллектті қалай дамытуға болады?

Эмоциялық интеллектті дамытудың 6 нәтижелі жолы бар:

  1. Өзіңізге үңіліп, жіті зерттеп, құндылықтарыңызды таныңыз. Құндылықтарды тану өзіңді басқарудың, мүдделестеріңді табудың оңтайлы жолы саналады.
  2. Кері байланыс пен сынға ашық болыңыз. Өзгенің пікірімен келіспеуге де, оны қабылдамауға да еріктісіз. Алайда бірнеше тарапты тыңдау арқылы өз позицияңды қайта қарастыруға, кемшін тұстарын көруге болады.
  3. Әртүрлі уақыттағы эмоцияларыңызды зерттеңіз. Әсіресе, қатты күйзелген сәттеріңізді бақылаңыз. Әр сезініп тұрған эмоцияңызды атауға дағдыланыңыз. Мәселен, «досымның мына сөзі менің бойымда реніш/қуаныш/ыза тудырды» деп, бәрін өз атымен атау маңызды. Мұндай тәсіл эмоциялық сөздігіңізді көбейтіп, өзгелермен тиімді әрекеттесудің жолдарын кеңейтеді.
  4. Күйзеліске тап болсаңыз, терең дем алыңыз. Біз эмоцияларды физикалық түрде сезінеміз. Яғни, күйзеліс балансыңызды ұрлаумен бірге, қантамырларыңыздың жиырылуына алып келеді. Бұл, әрине, ми жұмысына зиян. Ал терең дем алу эмоциялық кернеуді бәсеңдетеді.
  5. Өміріңіздің әр саласында саналылыққа ұмтылыңыз. Қайсыбір жағдайды, адамдардың сізге деген ойын әсірелеуден аулақ болыңыз. Қалыптылықты сақтап, сезімдеріңізді бақылауда ұстаңыз.
  6. Кез келген нәрсеге күмәнмен қараңыз. Рефлекторлық теріс пиғыл-ойға салынбас бұрын естіген нәрсеңізге алдымен күмән сейілтіңіз. Мәселеге сырт көзбен қарауға талпыныңыз.

 

Айжан  Қиынбекова,

Қызылорда облысының білім басқармасының маманы

 


Баба ауылындағы «Ауыл күні» PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
21.10.2019 14:30

Ауылдың алтын бесік екенін Жанқожа батыр ауылында өткен шара тағы да дәлелдеді. Бұл жолы бірқатар ұлағатты істер жүзеге асты. Әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлының дүниеге келгеніне 245 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ауылым – алтын бесігім» атты салтанатты шараға ауыл тұрғындарымен қатар қазіргі таңда еліміздің әр түкпірінде тұратын жерлестер қатысты.

«Ауыл күні» аясында ауыл тұрғындары және ауылдан түлеп ұшқан жерлестердің демеушілігімен жаңадан салынған әулие, емші «Сарқұл қожа» мешіті пайдалануға берілді. Мешіттің ашылу салтанатында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов пен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы, еңбек ардагері Берік Бисембаев, Сарқұл қожаның ұрпағы Ләйла Пана ақ тілектерін білдірсе, Жанқожа батыр ауылының тұрғыны, «Сарқұл қожа» қоғамдық қорының төрағасы Думан Төкеш рухани орталықтың құрылысына үлес қосқан барша азаматтарға ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтты.

Салтанатты шара ауыл орталығындағы саябақта жалғасын тапты. Бұл жерде Марат Жақсылықов басшылық жасайтын ауылдық мәдениет үйінің жанындағы халық тетры өнерпаздары мен ауыл тұрғындары сомдаған театрландырылған көрініс көпшілік назарына ұсынылды. Жанқожа батырдың образын №94 мектептің мұғалімі, баба ұрпағы Алмат Аралбаев өте сәтті сомдады.

Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай баба ауылының тұрғындарын мерейлі күнмен құттықтап, ынтымағы зор елдің алар асу асқақ екенін тебірене жеткізді. Шара барысында бірқатар адамға аудан әкімінің, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының «Алғыс хаты» және «Сарқұл қожа» қоғамдық қорының төсбелгілері табыс етілді. Салтанатты шара аудан жыршы-термешілер фестиваліне ұласты.

Мерекелік бағдарлама аясында қол күрес, қой көтеру, гир көтеру, қазақ күресі және түйе балуан жарыстары ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Түс ауа өткен бәйге жарысы да ауыл мерекесінің көрігін қыздыра түсті. Ауыл күні кешкілік орталық саябақта танымал әнші Жұбаныш Жексенұлы, аудан өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

 

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


Күнтізбе

< Қазан 2019 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары