Өзекті мәселелер

  • 07.11.19

    Бақытжан  НИЯЗОВ,

    ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

     

    – Бақытжан Мақсұтұлы,  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысы ауқымды және ең маңызд­ы  саланың бірі екені даусыз. Білуімізше, агенттік тарапына...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    - Райкүл Мәнсүрқызы, депутатты­қ қызмет Сізге таңсық­ емес. Бұл жолы қандай мақсат  қойдыңыз?

    - Депутат – халық пен билік арасындағы көпір. Шыны керек, қазіргі күні шешіл­мей жатқан мәселелердің дені – биліктің құлағына жетпегендер. Жылына төрт сессия өтеді, сол кезде әр округтен сайланған депутаттар өздерінің ұсыныс, пікірлерін айтып, мәселесін көтеру керек. Аймақта же...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Дидарынан шуақ шашып тұрған күннің райы демде өзгеріп салды. Әдетте қыстың ызғары қарашаның соңында сезілуші еді, бұл жолы айдың басында-ақ суық леп шөптің басына қырау қондырып, қар ұшқындатты. Бұл – қыстың қарбалас тіршілігі басталды деген сөз. Күн райының күрт өзгеруі, жауын-шашынның түсуі салдарынан түрлі төтенше жағдайлар болатыны белгілі. Онсыз да жылу беру маусымында қала іші...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімі  қыркүйек  айын­да­ «Көше Fest» сайысын өткізді. Бұл шараның негізгі мақсаты – көше тұрғындарының ауызбіршілігін арттыру, өскелең ұрпаққа ақса­қалдарды қадірлеуге шақыру, жастардың бойында иба-ізет, намыс, ар-ождан, қадір-қасиет сынды биік адамгершілік қасиеттерді қалыптас­тыру  және де  қаланың бір бөлшегі саналатын  көшенің тазалығын  сақтауға  ша...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Сырдың бас қаласында сонадайдан мен­мұндалап тұратын көпқабатты тұрғын үйлер жетерлік­. Қайбір жылы Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай солардың бірсыпырасы күрделі жөндеуден өтті. Сыртын сырлаған соң кәдімгідей түрленіп, қалаға өзгеше рең беріп, шаһардың шырайы кіріп қалды. Бұл жұмыс­тарды жүргізуге Сырдың меценат жігіттері атсалысы­пты. Енді сол шаралар легі жалғасын тапса дейміз. Өйткені ...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 23 Қазан 2019

ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРЕДІ, ТӨМЕНГІ АЙЛЫҚ АЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
24.10.2019 11:55

Елімізде жоғары оқу орын­дарын ақылы негізде оқудың бағасы­ тым жоғары болып тұр. Бұдан сәл ертеректе ЖОО-ға түсу – білімділіктің белгісі, ал онда оқу зор мақтаныш еді. Қысқаша айт­қанда­, қазір университетте оқу абырой саналмайды. Иә, қайда оқығаның емес, қалай оқығаның ғана маңызды. ЖОО-ның оқу бағасы­ қымбаттаған сайын білім сапасы  арзандап  бара жатқандай. Оған бірнеше фактор әсер ететін болуы керек. Сондай-ақ, жоғары білім беретін оқытушы­лардың төменгі айлық алуы да себеп­ саналуы мүмкін. «Мәселе ақшада  емес,  басқада»  деп  қалта қалың  уақытта  айтуға  болады. Ал,  жайшылықта...

Жайшылықта олай деп сарнау қисынсыз. Қазір қара­жатты көп қажет ететін қоғамда өмір сүрудеміз. Сондықтан, көтерер жүгі ауыр мамандардың істеген жұмысына, жауапкершілігіне лайықты айлық алғаны дұрыс. Айтыскер ақын Қазірет Бердіхан  «Атақты  университетте  аға оқытушы болып аптасына  21 сағат сабақ беремін. Айлығым – 90 мың теңге. Бір студентім кешкі бос уақытында мейрамханада даяшы болып жұмыс істейді. Оның айлығы – 120 мың теңге. Айына 120 мың табатын адам 90 мың табатын адамның ақылын тыңдай ма? Не деп ақыл айтамын? Жақсы оқысаң, 30 мың теңге аз ақша табасың деп айтамын ба?!» деп налиды.

Осыған дейін жауырын жасырып­, жаба тоқып келген жұртшылық ашықтыққа енді аяқ басып келеді. Өйткені, олар дәл осылай жалғаса берсе, бәрі кеш болатынын түсінеді.

- Мені қойшы, қосымша табысы­м болған соң жүре бере­мін. Әйел азаматшалар да шыдай­тын шығар. Бірақ, мұндай жалақыға отбасы бар, бала-шағасы­ бар және ақылы бар ер адамның жүруі мүмкін емес. Бұлай кете беретін болса, білім саласында жұмыс істейтін еркекті  емге  таппайтын боламыз, - деп сөзін жалғастырады айтыскер ақын әлеуметтік желіде­гі  парақшасында.

Бұл жазбада бір ғана адамның емес, мыңдаған адамның айтары жазылған еді. Сондықтан болар, аталған мәселе билік өкілдерінің назарында болған­ға ұқсайды. Өйткені, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекет басшысының білім беру сапасын арттыру және педагогтерді қолдау­ жөнінде тапсырма бергенін­ айтты. Осы тапсырма аясында министрлік мемлекеттік ЖОО ректорларына ЖОО оқытушыларының еңбекақы­ларын 2020 жылдың 10  қаңтарына дейін 30-дан 50%-ға дейін арттыру міндетін жүктепті.

- Бұл шешімнің нақты негіз­дері бар. Біз жоғары оқу орын­дарының бюджеттеріне талдау жүргіздік. Ол еңбекақы төлеу қорын ұлғайту үшін резервтердің бар екендігін көрсетті. Бүгінде бірқатар жоғары оқу орындарының оқытушылары 60-70 мың теңге көлемінде жалақы алатын жағдай қалыптасқан. Мұндай саясатпен сапаны талап ету мүмкін емес. ЕҰУ, Каспий университеті мен Тараз педагогикалық университеті сияқты жоғары оқу орындары жалақыны қазірдің өзінде көтеруді бастады.­

Қалған мемлекеттік ЖОО менің тапсырмамды міндетті түрде орындауы тиіс. Сонымен қатар, ректорлардың алдына біздің ЖОО-да жұмыс істейтін академиктерді арнайы қосымша ақылар белгілеу арқылы қолдау міндеті қойылды. Жоғары оқу орындарында академиктер көп емес, сондықтан біз өзіміздің ғылыми элитамызды қолдауға міндеттіміз. Бұл шаралар мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат пен өзге де күш-жігер­ді қажет етпейтінін ерекше атап өткім келеді. Барлығы қолда бар мүмкіндіктердің шеңберінде. Жас ғалымдарды қолдау тетіктері де болашақта қарас­тырылатын болады, - дейді министр.­

Осы орайда, мектеп мұғалімдерінің жалақысы ЖОО оқытушыларына қарағанда жоғары екенін айту керек. Десе де, бірді көрсету үшін, екіншіні түсіру біздің әдіс емес. Біздің мақсат – оқытушы-профессорлар жоғары білімді берсе де, төменгі айлықты алмасын деген ой.

Рыскелді   ЖАХМАН


 

 

Сіз не дейсіз?

Шанжархан БЕКМАҒАМБЕТОВ,

Қорқыт ата атындағы

ҚМУ-дың доценті, филология ғылымдарының кандидаты:­

- Еліміздегі ЖОО-дағы оқытушы-профессорлардың еңбек жалақысы өте төмен. Статусы жоғары оқу орындарының жалақысы ғана жоғары. Оқытушылардың барлығы дерлік ғылымғ­а берілген жанкештілігінің арқасында жүр дей аламын. Жаңадан оқу бітіріп келген жастар бізге көп тұрақтай бермейді. Министрлік тарапынан, Үкімет тарапынан көп уақыттан бері оқытушы-профессорлардың еңбек жалақысын көтеру туралы мәселе болмаған еді. Кеше ғана Президенттің тапсырмасы болуы керек, минист­р А.Аймағамбетов осы турасында айтты. Онда да бұл мемлекеттік бюджет есебінен емес, универси­теттің мүмкіншілігіне қарай жүзеге аспақ.

Мысалы, мектеп мұғалімдерінің айлығы біздікінен 2,5-3 есе артық. Шынын айту керек, сол ұстаздардың жағдайы университет оқытушыларына белгілі. Өйткені, көбісі – кеше ғана ЖОО-ны ақылы бөлімде бітіріп кеткендер. Осыдан соң білім сапасы қайдан жақсарады? Қазақстанда мемлекеттік универ­ситеттер көп емес, ал мектептер көп. Білім мен ғылымды­ дамыту үшін ЖОО-дағы оқытушы-профессорларға қаржыны мемлекеттік бюджеттен қомақты­ түрде бөлу керек. Президент тапсырмасының қаншалықты орындалатынын алдағы уақытта көреміз...

 


АТЕИСТЕР НЕГЕ КӨБЕЙДІ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
24.10.2019 11:50

Елімізде атеистердің саны көбейіп жатыр. 10 жыл бұрын Қазақстанда 6 пайыз ғана атеист болса, қазір бұл көрсеткіш 3 есеге өсті. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының мәліметтеріне сенсек, биыл халықтың 18,8 пайызы Құдайға сенбейтінін көрсетіп отыр. Бұған қарап Құдайға деген сенім азайып келеді деп  болжам жасауға бола ма? Осы сауалды алдымызға көлденең  тартып  көрдік.

Қазір бәріміз дін десе бірдеме «деп» қалуға бейімбіз. Өйткені ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазақтың бөлінбес бөлшегіне айналған ата дінімізге деген көзқарасты түрлі бетперде киген ұйымдар­ өзгерте бастады. Қылышынан қан тамған кеңес одағы да өзгерте алмаға­н көңілді қой терісін жамылған қасқырдай боп келген жат ағымдар жаула­й бастады. Бірақ бәрібір дінге сусында­ған халқымыздың ата жолынан адасып жатқанына сенгің келмейді.

Ескеретін жайт, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Ата Заңымызда айшықталғандықтан, әр азамат қандай көз­қарас, наным не сенім ұстанамын десе де, өз еркі. Конституцияда көрсетілген ар мен ұждан бостандығы талаптарына сәйкес адамды сеніміне және көзқарасына байланысты қудалауға тыйым салына­ды.

Зерттеуге сенсек, қазақстандықтардың 75 пайыздан астамы Құдайға сенеді­. Бұл халықтың дені бес уақыт намазға­ жығылмаса да, арнайы діни бірлестіктердің құрамына кірмесе де, аузында «Алласы» бар дегенге саяды.

Ал Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірасылқызының пікірінше, кейбір адамдар кедергіге жолықпау үшін Құдайға сенбейтіндей кейіп танытуы мүмкін екен.

Қалай болған күнде де атеистік көзқарастың көбейіп, қоғамда белең ала бастағанын дәлелдейтін ашық пікірлер ара-тұра бой көрсетіп қалатыны рас. Экс-депутат Жұматай Әлиев те кезінде оқу орындарында, мектептерде дінтанумен қатар атеизмді оқыту туралы ұсыныс айтса, 2017 жылы атеистердің құқығын қорғайтын заң әзірленіп, ол құжат парламент қабырғасында қалып қойған болатын.

Facebook, Vkontakte әлеуметтік желілері­нде де «Қазақстан атеистер қауымдастығы» тобы бар. Оның көп­теген мүшелері сурет, бейнебаяндар салып­, тәжірибесімен  бөлісіп отырады.­ Сауалнамалар  жүргізеді.

Қалай болған күнде де, Құдай жоқ, о дүние деген өтірік, өлгеннен соң бәрі аяқталады деп ойлайтындар баршылық. Бұл көзқарас біздің елімізде ғана емес, әлемде таралып бара жатыр. Кей елдерде тіпті өзінің атеист екенін жария ету сәнге айналған.

Ал ғалымдар үнемі адамдардың дінге ден қоятын себебін дін адамның көңілін жайландырып, оны берік ұстанған адамдар­да қауіпсіздік сезімі күшті болаты­нын айтады. Міне, сондықтан көбіне экономикалық, саяси мәселелері аз елдердің тұрғындары Құдайдан бас тартып жатыр. Сондай-ақ зерттеушілер қоғамда капиталистік жүйенің орнауы, технология мен білімнің дамуы да адамдардың­ діншілдігінің төмендеуіне апарып соғатынын айтып отыр.

Мәселен, осыдан бір ғасыр бұрын ғана діннің алатын орны  ерекше  болған­ Жапония, Ұлыбритания, Канада, Чехия­, Германия, Франция бастаған бірнеше елдерде қазір Құдайға сенетін­дердің қатары сиреген. Ең таңғаларлығы, бұл елдерде қазір білім беру ісі жақсы жолға қойылған, халқының тұрмыс деңгейі жоғары. Бұдан шығатын қорытынды – халықтар кедейшілік деңгейін­ен биік тұр және тірліктің қиындығынан қорқатын жағдайда емес.

Бұған қарап Қазақстанның да қауіпсіздігі күшейіп, халқының тұрмыс-тіршілігі артып келеді деп айтуға толық негіз бар ма? Оған отандық сарап­шылардың да айтар уәжі бар.

- Мемлекетімізде іштей атеизмнің әлі тұғыры берік. Сырттан танылып жатқан пікірлерді қолдап, қостап «Меші­ттер тым көбейіп кетті, қалаларда діни рәміздер басым, бұл зайырлы мемлекетке сәйкес емес» деушілер бар. Осылай мемлекетіміз клерикалданып немесе дінге бойұсынып барады деп те айтушылар бар. Елін, рухани дәстүрін сыйлатын зайырлы мемлекеттерде мұндай сөздерді ашық айтуға бармайды. Ал түбінде адам баласы жан жарасына емді діннен де іздейтіні анық. Зайырлы мемлекет атеистік ел емес. Мемлекет азаматтарды мейірімділікке, патриотизмге, сабырлылыққа уағыздайтын діннің қолдауына мұқтаж, - дейді профессор Аманкелді Айталы.

Дін мәселесін зерттеуші ғалымдардың пікірінше, біз ежелгі танымымыздан Құдайға сенген, жүрегімізден орын берген ұлтпыз. Жалпы, басына қасірет түскен адам баласы жұбаныш қылатын бір нәрсенің болғанын қалайды. Сондықтан Құдайға сенетіндердің қарасы бәрібір азаймайды.

- Бұл зерттеу деректеріне өз басым үлкен күмәнмен қараймын. Неге? Біріншіден, бұл 18 пайыз – Қазақстан үшін өте үлкен көрсеткіш. Салыстырмалы түрде бұл дамыған Батыс елдерінің деңгейімен сәйкес келеді. Бүгінгі таңда­ Италия, АҚШ, Канада немесе Австралия сияқты мемлекеттердің көрсеткіші 16-17 пайызға жетіп отыр. Өз кезегінде Қазақстан сияқты дамушы елдерге атеизм­нің бұл деңгейі сәйкес келің­кіремейді. Бұл санның өзі сұрақ туғызады. Ал негізі дінге деген жалпы көз­қарас өзгеріп келеді. Ең алдымен, дінге деген қызығушылық өсіп келеді. Бұл жастар тарапынан орын алып отыр. Ораза ұстайтын адамдар да көп. Ал енді интеллигенцияның арасында дінге деген­ көзқарас, қызығушылық төмендеуі мүмкін. Әсіресе, техникалық интелл­игенция деген ұғым бар. Барынша ғылыми сипаттағы дүниетаным. Ол да дамып келеді. Дәл қазір осы екі тенденцияны байқап отырмыз. Бәрібір, қазақстандықтар, қазақ тілді азаматтар үшін діннің рөлі биік. Ал атеист деген ұғымның өзі екі бөліктен тұрады. Агностикт­ер мен атеистер. Агностик те Құдайға сенбейді, бірақ ол атеист емес. Ал атеист ол Құдайға сенбейді. Бұл жерд­е өте ұқыпты методологияны ұстану­  керек. Бұл ақпарат, статистика ары қарай талдауды қажет етеді. Бұл мәлімет бізге сәйкес келмейді. Агностиктер мен атеистерді бөліп қарастыру керек. Сондықтан осындай сұрақтар туындайды, - дейді Елбасы – Тұңғыш Президент қоры жанындағы ӘЭСИ сарап­шысы  Жұмабек  Сарабеков.

- Адам баласының басына қайғы-қасірет түспесін. Егер ол орын алса, адам оның да бір мағынасы бар екенін түсінеді. Ең шындығы, басына ауыртпалық түскен адам ол қайғының мағынасын басқадан емес, діннен табады. Бұл – біздің генімізде бар ақпарат. Әлімсақтан Құдайды таныған елміз. Сондықтан өзін атеистпін, агностикпін деп танып жүрген әрбір адамның жадынд­а, өзінің бейсана әлемінде Құдай бар, - дейді діни сарапшы Асылбек­  Снядин.

Міне, ғалымдар жағы психологиялық, тарихи, мәдени және тұрмысқа байланысты  себептерді  ескере  отырып, діннің жойылатынына бәрібір сенбейді­. Ол мейлі қорқыныш, мейлі қайырым­дылық, мейлі сенім боп оралса да, дін адам санасынан алыстамайды.

Гүлжан  РАХМАН,

журналист

 


«АУЗЫ ҚИСЫҚ БОЛСА ДА, КОМИССИЯ СӨЙЛЕСІН!» (Болған оқиға ізімен) PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
24.10.2019 11:45

Облыстық «Сыр бойы» газетінің биылғы 24 қыр­күйектегі №143 санында Шынар Бекбанның «Шабақтар неге қырылды?» атты шағын­ мақаласы жария­ланды.

Қызыққаным сонша, мақал­аны тар бөлмені төбеме көтергендей дауыстап оқи бастадым.

- Тақырыбы: «Шабақтар неге қырылды? Авторы – Шынар Бекбан.

«Осыған дейін хабарлағанымыздай, 4 қыркүйек күні Арал ауданы, Қамыстыбас көлінің солтүстік батыс беткейіне орналасқан «Тоқпан» қашқын суында балық шабақтарының қырылу дерегі орын алған-ды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғалымжан Орақбаев мүдделі мемлекеттік органдардан құрылған жұмысшы топтың қорытындысын хабарлады.

- Соңғы күндері ауа райы күрт құбылмалы болуына байланысты аптап ыстықтан бірден салқындап, күшті жел тұрып, судың төменгі қабаты мен үстіңгі қабаты алмасып, «термоклин» жағдайы туындаған. Су құрамындағы оттегі мөлшерінің өзгеруінен болған деп тұжырымға келді, - деді ол.

5 қыркүйек күні өзара іс-қимыл кестесіне сәйкес, мүдделі мемлекетік органдардың қатысуымен балық өлімінің себебін анықтау мақсатында зертханалық сынама­лар алу үшін жедел ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді.

Айта кету керек, «Тоқпан» суы маңызы бар балық шаруашылығы су айдын­дарының тізбесіне енгізіл­меген. Қазіргі таңда балық шабақтарының қырылуына жол бермеу үшін «Тоқпан» көліне жақын орналасқан учаскелерде шабақтарды құтқару жұмыстары ұйым­дастырылуда. Сараптама қорытындысына сәйкес, «Тоқпан» су айдынында қалған балықтарды аулау адам өмірі мен қоршаған экологияға зиян емес».

«Мә-ә! Шағын мақала» деймін-ау! Шағын болғанымен, шағымы үлкен мақала екен!

«Шағымы үлкен» дейті­нім, мүдделі мемлекеттік органдардан құрылған жұ­мысшы топтың (Кеңес үкіметінің тұсында әбден «таланғ­ан» біздің ұрпақтың түсінігі бойынша, «жұмысшы топ» деген – комиссия болар?! – Н.Ж.) мына қорытындысын оқып білгенімде, шабағыңды қайдам, отырған бөлмемнің «ауа райы» күрт құбылмалы сипат ап, денем «аптап ыстықтан бірден салқын­дап», «жағымсыздау» жағымнан «қуатты жел тұрып», бөлмемде «термоклин»  жағдайы  туындады.

Дереу дәрігер шақыртып едім. Ол денемнің қуыс-қолтығ­ына қолын жүгіртіп, тың  тыңдады  да:

- Денеңде дерттің табы білінбейді. Шамасы, бөл­меңдегі оттегі мөлшерінің күрт өзгеруінен болған. Бәлкім, санаңды сарсытып жіберген тосын оқиғаның әсері-ау!.. Неде болса бір сәт далаға шығып, таза ауа жұтқаның­  жөн! - деді, таң­қиған танауын беторама­лымен басқа­ күйі, далаға ытқып­  бара жатып.

Бүгінде молданың ғана емес, дәрігердің де «айтқанын істеп, істегенін істемейтін» заман туды ғой! Сол қағидаға сүйенген қырсық мінезіммен далаға шықпай қадалып қалғым келіп еді. Сәт сайын тарылып бара жатқан­ ауаның қысымы, ақыры, қырсықтығымды жеңіп шықты. Жан екпін шала-пұла  киініп, дәрігер­дің соңынан  ұмтылдым.

- Уа, Жаратқан ием!.. Ауаны қалай ғажап қып жаратқ­ансың! Айналайын, оттегі! Қадіріңді енді білдім!..

Таза ауа жұтып, ес жиған соң, осылайша бір тебіреніп ап, жан-жағыма қарадым. Сонадайда бір топ адам қызу пікір таластырып жатыр екен. «Жалғыз жүріп, «қалима балық» болғанша!.. Жо-жоқ!.. Олай емес екен. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен  бірге  адасайын!».

Осы оймен көпке жа­қындадым. Қызуы көтерілген жұрт менімен амандас­пастан, сұрақтарымен дүрсе қоя  берді.

- Ойбай-ау! Әлгі «Сыр бойындағы» мақаланы оқы­дың ба?

- Оқығам жоқ.

Мұны әдейі айттым. «Арқасы­ ұстаған» жұрттың пікірін білейін дедім.

- Оқымасаң, оқы! «Тоқбай» көлі деп жүргеніміз, «Тоқпан» қашқын суы екен!

- Өй-дә-ә! Оны кім айтты? Атам заманнан халық аузында «Тоқбай» көлі емес пе?! Оны аз десең, «Тоқбай» көлі деп аталғанымен, ол Қамыстыбас көлінің солтүстік бөлігіне  жатады  ғой!

- Өй, сен де бір!.. Оқымай тұрып!.. Әуелі сол мақаланы оқып алсайшы!.. «Сен білесің бе, «селсәбет» біле ме?» деген... Комиссия біле ме, әлде сен білесің бе?! Қысқасы, «Тоқпан» көлі – көл емес, қашқын су» деген тұжырым – менің емес, комиссияның тұжырымы!

Мұны естігенде, мақаланы оқымағандардың аузы аңқиса, оқығандары күйіне жерге бір түкірді.

Жұрттың қақ жарылған пікірін бір жүйеге түсіру үшін, әлгі белсенді азамат бейне рұқсат етілмеген митингіде билікке қарсы сөз сөйлеп тұрған шешендей  аталмыш­ мақала жариялан­ған «Сыр бойы» газетін төс қалтасынан  суырып  ап, саңқылдап  оқи  бастады.

Мақала оқылып болғанда, төңіректе бір сәт қорқынышты тыныштық орнай қалды. Алайда бұл алдамшы тыныштықтың «ғұмыры» тым келте болды. Жүйкесі шыдас бермеген әлдекім кенетт­ен «түтін шығарын» қақ айырардай ашына айғай салсын.

- От-тап-ты!..

Сол-сол-ақ, айнала құдды 1917 жылдың қазан айында Петроградтағы Қысқы сарай­ға шабуылдаған төңкеріс­шілердің қаһарлы үніне қорғаны­с шебіндегі «бур­жуйлардың» қарсы дауысы қосылғандай, ию-қию болды да  кетті.

- Иә, рас, комиссия от­тапты!­

- Әй, сен комиссияға соқты­ғып, өле алмай жүрсің бе?! Әлде түрмеге қамалмайтындай байсың ба?!.. Тесік қалтасың ғой!.. Бір тиының да жоқ!

- Не, кедей болсам, өз пікірімді білдіре алмаймын ба?! Біздің қоғам – нағыз демокр­атиялық қоғам! Ендеше,­ пікірімді білдіруге құқылымын!

- Еһ-е-хе-хе!..

Енді бұл айрықша ерекшеленіп тұрған қосарлы дауысқ­а үшінші біреудің гүрілі  қосылды.

- «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» демек­ші, бүгінде «Аузы қисық болса да, комиссия сөйлесін!».

Бұл сөзді топ арасынан қоштағандар да, даттағандар да табылды.

- Қазір «Халық – Құдайдың бір аты» емес, «Комиссия – Құдайдың бір аты!».

- Әй-әй!.. Тіліңді тарта сөйле!

- Ол аз десең, «Халық айтса­, қалт  айтпайды»  емес, «Комиссия айтса, қалт айтпайды».

- Уа, болды, жетер енді!..

- «Ұра берсе, Құдай да өледі» демекші, бүйте берсе, бір күні комиссияңның да «мамалайтын» күні туар!..

Басы жоқ, аяғы жоқ, бұл «рұқсат етілмеген митингідегі» пікірлерді газетте көтерілген мәселемен ұштастырсақ, яғни «Тоқбай» көліндегі балықтың қырылуына байланысты әңгіме-пікірлерді жинақ­тап, сараласақ, ел арасын­да  төмендегідей пікір қалыптасыпты.

«Тоқбай» көлі – Қамыстыбас көлінің жағасы. Ол Қамыстыбас көлінің солтүс­тігінде орналасқан. Жылда көктемде Қамыстыбас көлі тасығанда, судың біраз бөлігі «Тоқбайға» құйылады. Нәтижесінде, Қамыстыбас көлі мен «Тоқбай» үш-төрт айға жуық тұтасады. (Бұрын су мол тұста бір-бірінен ажырамаған). Осы тұста балықтың су ағынымен жүзіп, тың жерді іздейтін қасиетіне орай, Қамыстыбас көлі  балығының едәуір  бөлігі «Тоқбай» көліне  өтіп кетеді.

Балық табиғатының бұл қасиетін жетік меңгерген Кеңес­ үкіметі тұсындағы балық мамандары дер кезінде дабыл қағып, көлдердің бір-бірімен жалғанар тұсындағы уақытша кеуіп қалған табанд­ықтарын арнаулы техника­лармен қаздырып, тазалап, балықтардың ұлы көлге қайта  оралуына  жағдай жасайды. Немесе тиісті орындармен келісіп, «Тоқбайдың» мол балығын аулатып, орынсыз шығынға, экологиялық апатқа ұрындырмайды  екен.

Олай болса, мына комиссияның «Соңғы күндері ауа райының құбылмалы болуы салдарынан оттегі мөлше­рі­нің азаюы шабақтардың қырылуына әкеп соқты» дегені­ де – ұшқары жауап. Өйткені, ұзындығы он шақты­ шақырымды алатын, ені бес шақырымға дейін жететін, тереңдігі 20 метрден астам судағы оттегінің бірер күнде «желдің әсерінен азайып кетеді»­ дегені ақылға қонымсыз. Оның үстіне, мақалада атап көрсетілгендей, қырылған майда шабақтар ғана емес, сала құлаш сазандар мен басқа да ірі балықтар. Олай болса, балықтың жаппай қырылуы комиссия тұжырымына күмән туғы­зады.

Иә, бұл – жұртшылықтың пікірі. «Тоқбай» көліндегі балықтың жаппай қырылуы, жұртшылықтың комиссия тұжырымына күмәні, соңы дау-дамайға ұласуы мені де қатты қобалжытты.

Дереу кітапханаларды жағала­п, интернеттерді ақ­тарып,­ «Тоқпан» көлі  туралы­ дерек  жинауға  кірістім.

Бір  қызығы,  «Тоқпанды» іздеуге кіріскенімде, Ерке Есмахан қарындасымның «Жоқ-жоқ» әуені санама еніп, құлағымнан кетпей, кітаптарды ақтарып отырып, еріксіз ыңылдай бастадым.

1) «Сыр елі» энциклопедиясында

«Тоқбайың» да жоқ-жоқ!

«Тоқпаның» да жоқ-жоқ!

2) «Қазақстан табиға­тында» (Алматы 2011 жыл)

«Тоқбайың» да жоқ-жоқ!

«Тоқпаның» да жоқ-жоқ!

3) «Жер-су атауларында» (Алматы «Өнер» 2011 жыл)

«Тоқбайың» да жоқ-жоқ!

«Тоқпаның» да жоқ-жоқ!

4) «Жер-су атауларының анықтамалығында» (Алматы «Арыс» 2009 жыл)

«Тоқбайың» да жоқ-жоқ!

«Тоқпаның» да жоқ-жоқ!

 

Сені іздедім,

Үмітті үзбедім!..

Әлқисса, «бәйітімді» айтып­ болған соң, аталмыш көлдің табиғатта да, жасанды көлдер тізілімінде де жоқ екеніне көзім жетіп, қатты таңырқадым. Ендеше, «Тоқбайың» да, «Тоқпаның» да Қамыстыбас көлінің жалғасы деуге негіз бар. Олай болса, мақалада атап көрсетілген: «Тоқпан» суы маңызы бар балық шаруашылығы су айдын­дарының тізбесіне енгізі­лмеген» деген сөздің жаны бар. Өйткені, дүниеде жоқ көлді тізімге қалай алады?­ Әйтпесе, табиғатты тонаудың хас шеберлері орыстар­ мен Кеңес үкіметі бөлек жатқан «Тоқпан» көлін тізімге алмауы мүмкін емес!

Осылайша, демімді бір алып ап, екінші «бәйітімді», яғни «Тоқпан» қашқын суы» дегендегі «қашқын су» сөзін іздеуді бастап кеп жібердім.

Алайда, өкінішке қарай, мұндай сөз тіркесін бірде-бір кітаптан кездестіре алмадым. Тіпті, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, сөз тірке­сі» (Алматы 2008 жыл) атты кітабынан да «қашқын су­дың» кездеспеуі еріксіз жағамды  ұстатты.

Ертеректе бір ағамыз аздап­  ұрттап алып: «Раб­кооп былшылдайды!» деп кейістік білдіріпті. Сол ағамыз айт­қандай, «Комиссия был­шылдай ма», әлде «Қазақ тілінің  түсіндірме  сөздігінің тілі жұтаң ба?!» деп ойлан­ғанда, еріксіз ел кезіп кете жаздадым.

Содан бері «Жүргенге жөргем ілінер» дегендей, сұраққа толы шақшадай басым­ шарадай боп, жауап іздеп, ілігер «жөргемді» тапсам­ деп пойызбен жүйт­кіп келе жатқанымда, көрші купеден біреулердің жарқын-жарқын дауыстары естіле бастады.­

Қарап отырмай, құлағым жыбырлап, әлгілердің сөзіне еріксіз құлақ түрдім.

- Әй, мына «Тоқбайдағы» балықтың қырылу себептерін «Сыр бойы» газетіне жария­лапты  ғой!

- Иә, не депті?!

- Аптап ыстықтан бірден салқындаған ауа райына, күшті жел қосылып, соған байла­нысты  екен.

- Өй-дә-ә, соқ өтірікті!

- Неге өтірік?!

- Балықты тоқпен өлтіріп, ірілерін теріп, майдаларын таста­п кеткен жоқ па! Газ да қолданды деген сыбыс бар.

- Сен де соғады екенсің! Осыншама балықты қалай қырады?!..

- Көргендердің айтуы бойынш­а, оқиға түнде болыпты. Көлдің беті жарқыраған шамы бар қайықтардан көрін­бей қалыпты. Мінгендері су жаңа қайық көрінеді! Ертеңіне көлдің беті майда шабақтармен қатар, ірілі-ұсақты сазандардан көрінбей  қалыпты.

- Сенің сөзің «көрінбей қалыптыдан» келеді екен!.. Балық инспекторлары мен экологтар  не  қарап  жүр?!

- Мен  қайдан  білейін. Естіге­німді  айттым.

Мына сұмдықты естігенімде, сенер-сенбесімді білмей, сылқ етіп отыра кеттім.

«Өтірік айтасыңдар! Комиссиянікі дұрыс!» дегім келіп еді, дей алмадым.

Әңгіме жалғасын таба берді.

- Обал-ай! Қаншама балық! Кепиетіне ұшырамасақ болар еді!

- Ешкім құқық қорғау органдары­на  хабарламап  па?!

- Денің дұрыс па?! Оларға жоласаң, өзіңді қамап тастайды  ғой!

- Апыр-ай, ә!..

Бұлардың әңгімесі енді менің ашуыма тие бастады.

«Біздің ең әділетті құқық қорғау органдарына тілдеріңді тигізбеңдер!».

Бұл  менің  ойым  ғана! Тілім әлі де байланып қалғандай!.. Ештеңе айта алар емеспін. Осылайша қобалжып қанша уақыт отырғанымды білмей­мін. Кенет Құдайдың құдіре­тімен бойымда елдік, отаншылдық, патриоттық һәм мемлеке­тшілдік сезім оянып, дереу  әлгілерге тойтарыс бергім кеп, орнымнан атып тұрдым. Бірақ, әттеген-айы, кешігіп қалыппын. Олар әлдеқаша­н жолдан түсіп қалыпты.

Сірә, мұнысы да жүдә жақсы­ болды-ау! Әйтпесе, «Комисси­яның тұжырымы дұрыс! Жасасын комиссия! Аузы қисық болса да, комиссия сөйлесін!», - деп айғайлаға­нымда, соңы неге апарып соғар­ы бір Құдайға ғана аян! Баяғыда ішіп алған бір ағам мотоци­клден аударылып, ұшып түскенде, дереу есін жиып: «Ұшқан жақсы-ау! Тек әттегенайы сол – қонары қиын екен!» - депті. Сол ағам айтпақшы, әлгіндей деп айғайла­ғанымда, кім білсін?.. Ашынып жүрген жұрт!.. Пойыздан «ұшырып» жіберіп, жерге «қона» алмай, «ана қараңғы ауылға» мәңгілікке «ұшып» кетер­  ме  екем, бәлкім?!

Десе де, «Аузы қисық болса да, комиссия сөйлесін!». Айтқаным, айтқан!..

Нұрбай   ЖҮСІП,

Арал  ауданы

 


ДИҚАНЫН ДӘРІПТЕП, АҚЫНЫН АРДАҚТАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
24.10.2019 11:25

Даңғайыр диқан­ Ыбырай Жахаевтың «Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Жер, су, ауа – адам баласының ұрпағынан ұрпағына мұра болып келе жатқан мол  қазына… Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі» дейтіні бар. Иә, қара жердің қой­науынан құт терген Жахаевтай жампоз­дың ұрпағы биыл да биік белест­і бағындырды. Күріштен тау тұрғызып, тағы да рекорд орнатты.

Қайбір күні облыс орталығында «Алтын дән – 2019» мерекесі той­ланып  еді­. Әр аудан шама-шарқынша жәрмеңкеге өз өнімдерін әкеліп, нарық бағасынан 15-20 пайызға арзан­ бағада сатты. Енді міне, сол салтанатты шараның шымылдығы Сырдария ауданында да түрілді. Сызыла аққан Сырдария өзенін жағала­й қоныстанған ауданның негізгі  тіршілігі  ауыл  шаруашылығы саласы  екенін  айта  кетейік.

Ала жаздай атыз жағалап, бірде мүйіз, бірде киіз күн райына қарамастан тыным таппаған диқандар мереке күні арқаны кеңге сап, мәз-мейрам. Шаруалар биыл су қоры жеткілікті және ауа райы да қолайлы болды дейді. Жер-Ананың құшағын емген егінші  қауым үшін бұдан асқан­ қуаныштың болмайтыны анық. Биыл аудан диқандары 21597 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақыл­дарын еккен. Қолда бар деректерге сүйенсек, қазір аудан қамбасына 133 мың тонна дақыл жиналыпты. Ал Сыр салысы 20 мың гектарға отыр­ғызылды. Жергілікті диқандар жыл бойы төккен терінің арқасында 63,5 центнерден өнім алып, ырзық-несібесін молайта түсті. Осылайша тындырымды тірлік Тереңөзек кентіндегі тоқшылық тойында қорытындыланып, жәрмеңкемен жалғасты. Мерекеге ауданға қарасты елді мекендерден 65 көлік­пен 23 млн теңге болатын 205 тонна өнім жеткізілген. Күріштен бастап, көкөніс, жеміс-жидек, бау-бақша өнімдері, картоп, жуа, сәбіз  арзан  бағада  боса­тылды. Ал жәрмеңкеге ағылған ағайында есеп  жоқ.

– Алып келген ауыл шаруашылығы өнімдері базар бағасынан әлдеқайда төмен. Қысқа қажеті азық-түлі­гімізді алып, көңіліміз бірленіп тұр. Шаруалардың жұмысына табыс тілеймін!  Еліміз  тыныш, несібеміз  көп  болсын! - дейді жәрмеңкеге кел­ген­  Шырынхан Садықов.

Бұдан әрі өңірдегі іргелі шаруашылық құрылымдары  жемісті  жұмыс  атқарған 10 маманға су жаңа автокөлікті сыйға тартты. Атап айтқанда, аудандық мәслихат депутаты, «Мағжан және К» серіктестігінің директоры Дархан Ерәлиев өзі бас­қаратын ұжымда қажырлы еңбек еткен­ 7 күрішшіге 7 автокөлік, «Бес­ары­қ» серіктестігінің басшысы Дәуле­т Сәрсенбаев 3 автокөліктің кілтін озат 3 қызметкерге табыс етті. Солар­дың бірі – «Мағжан и К» серікте­с­тігінің бригадирі Нариман Сағатбаев.

– Ерте көктемде басталатын тынымсыз тірлік күзде қорытынды­ланады. Ала жаздай егіс даласын дүбірге бөлеп, бел жазбай жұмыс істе­дік. Еткен еңбегімізді елеп, темір тұл­пар мінгізіп жатыр, - дейді диқан.

Еске сала кетейік, «Мағжан и К» ТС биыл орта есеппен 80 центнерден өнім алып, облыс бойынша үздік атанды.

Соңғы жылдары сырдариялық диқандар заманауи технологияның көмегімен мол өнім алуға бет бұрған. Күріштің жаңа сорттарын егіп, ел ризығын арттыруда. Бұлардың қатарында Ақжарма ауылында орна­лас­қан «Ақжарма и К» ЖШС-гі де бар. Аталған серіктестік биыл 1200 гектар жерге күріш отырғызып, одан 77,4  центнерден  өнім  жинаған.

– Серіктестік 2013 жылы құрылды.  Мұнда 132 адам  тұрақты  жұмыспен қамтылған. Күріштің «Лидер»­, «Элита» сынды сорттарын ектік. Шығымдылығы ойдағыдай. Бұдан бөлек, ауылды абаттандыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқар­у үстіндеміз. Алдағы күндері елді мекендегі 5 жас маманға бас­пана кілтін табыстайтын боламыз, - деді «Ақжарма и К» ЖШС директоры Қайрат  Нұрсейітов.

Түске таяу аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Руслан Рүстемов еңбек майталмандарын марапат­тады. Жиында сөз алған ол ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтал­ды.

– Дана халқымызда «Әлемнің әміршісі – еңбек»  деген  тағылымы мол сөз бар. «Еңбек еткеннің еңсесі биік» екенін ескерсек, күз маусымы – дала еңбеккерлерінің мерейі тасып, абыройы  асқақтайтын берекелі кезең. Тәуелсіздік жылдарында Елбасы­ Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының негізінде ауыл шаруашылығы саласы­ айрықша дамыды. Соның негізінд­е жыл сайын сырбойылық диқан­дар күріштен мол өнім жинап, рекордтық көрсеткішті бағындырып келеді. Міне, биыл да ел қамбасын алтын­ дәнге толтырған аудан егіншілері сенім үдесінен шығып, ризық-несібес­ін ысырапсыз жинап алды. Бұл мемлекет тарапынан жасалған қолдау­дың және қажырлы еңбектің жемісі екені анық. Сонымен бірге, бірлесе атқарған жұмыстардың жарқы­н көрсеткіші аудан жұртшылығының ынтымақ-бірлігінің айқын көрінісі екенін атап өткеніміз жөн. Аграрлы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа белестерге­ көтерілді. Ілгері басуға бағыттал­ған бастамалар тұрғындардың әлеуетін көтеру мен ауданды өркендетуге бағыт­талуда. Биыл Сырдария ауданы бойынша 21 050 гектар жерге күріш дақылы егілді. Орташа есеппен гектарынан 63,5 центнерден өнім алынып, барлығы 1 млн 337 мың 533 центнер астық жиналды, - деп атап өтті.

Сырдариядағы салтанатты шара мұнымен де біткен жоқ. «Алтын дән – 2019» мерекесі айтыскер ақын Замаддин Ибадуллаевтың 80 жылдық мерей­тойымен жалғасты. Ашығын айтайық, абыз ақсақал біраздан бері елеусіз қалды. Жақында ғана оған «Сырдар­ия ауданының құрметті азаматы» атағы берілген­ еді. Енді міне, заманында ұлттық өнердің өрістеуіне жол ашқан ақынның құрметіне аудан әкімдігінің ұйымдастырумен «Заңғар ақын – Замаддин»­ тақырыбында облыстық ақындар айтысы өтті. Сөз барымтасына Мұхтар Ниязов (Қызылорда қаласы),­ Нұрмат Мансұров (Сырдария ауданы), Тұрар Бекмырзаев (Қармақшы ауданы), Ержеңіс Әбдиев (Арал ауданы), Бексұлтан Орынбасаров (Арал ауданы), Мейрамбек Ибрагимов (Шиелі ауданы), Марат Сүгірбай (Қазалы ауданы), Нұрзат Қару (Қазалы ауданы),­ Ерасыл Бәйментай (Қызылорда қаласы), Мұхамед­жан Бағдатұлы (Сырдария ауданы) қатысты. Айтыстың ашылу салтанатында сөз алған аудан басшыс­ы абыз ақсақалдарды, талантты тұлғаларды көзі тірісінде құрметтеуге шақырды.

– Әрине, талант – Тәңірден. Әрбір талант – дара дарын иесі. Сондықтан талантты тірісінде қадірлеп, құрмет көрсету – бәріміз үшін ортақ міндет. Оның үстіне қазақ халқында қандай да бір мереке айтыс өнерінсіз өтпегенін негізге алсақ, «Алтын дән» мереке­сімен тұспа-тұс өткізіліп отырған бүгінгі айтыс ауданы­мыздың ынтымақ-бірлігін, берекелі іске бейім екенін  білдіреді.  Бүгінгі  айтыстың  ерекшелігі, Замаддин­ Ибадуллаев ағамыз ортамызда, яғни талант біздің төрімізде отыр. Лайым, ақын ағаның өмір жасы ұзақ болып,  мерейлі  мерейтойларын аудан жұртшылығымен­  бірге  атап  өтуді  жазсын! - деді Руслан Рүстем­ұлы.

Сөз додасына ҚР халық ақыны Әселхан Қалы­бекова, ақын, жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы, «Тіршілік тынысы»­  газетінің  бас  редакторы  Ақтөре Ибра­гим­ұлы қазылық етті. Айтысқа арнайы келген Замадд­ин  ақынның­  замандасы  Әселхан  ақын:

– Закең өте зерек, өткір, терең ақын. Кезінде­ 14 облыстың  ақындары  қатысқан өтірік  айтыста­ топ жарып, Сыр елінің намысын жыртты. Бүгін  ақынды  құрметтеп  жатқан осындағы ағайынға алғысымды  айтамын, - деп ағынан жарылды.

Төрт сағатқа созылған сөз додасында жас ақын Ерасыл Бәйментай бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал І орынды Мұхамеджан Бағдатұлы, ІІ орынды Мұхтар Ниязов, ІІІ орынды Нұрмат Мансұров еншілеп, қаржылай сыйақымен марапатталды.

Осылайша сырдариялықтар тоқшылық тойын өзіндік сән салтанатымен атап өтіп, ел көңілін көтерген­  рухани  кешпен  сусындап  тарқасты.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ТӘРТІПКЕ БАС ИГЕН ҚҰЛ БОЛМАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
24.10.2019 11:20

Тұңғыш Президент Нұр­сұл­тан  Әбішұлы  Назарбаев осыдан бірер жыл бұрын «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан хал­қына Жолдауында: «Мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеу­шілік принципін  ұстануға  тиіс. Біз ең ұсақ құқықбұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға кел­меуіміз  керек, өйткені, осының өзі қоғам  тыныштығын  бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді. Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады. Ұсақ  құқықбұзушылыққа төз­беу ахуалы – қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам. Біз құқықтық нигилизмді жеңіп, қоғамды қоғамдық тәртіпті қорғау ісіне тартуымыз керек» деген болатын. Сол қасаң қағида біздің елімізде күні бүгінге  дейін  маңызын  жой­ған  жоқ.

Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген аталы сөзі бар. Тасада тұрып тас атып, қойнына қару ала жүретін қоғамның сиқын көз көріп отыр. Ұсақ-түйек бұзақылықты есепке алма­ғ­анда, тапа-тал түсте адам өлті­ріп, бұғанасы бекімеген бала­ларға шабуыл жасайтын айуандық әрекеттер жиілеп кетті.

Қызылорда облысының полиц­ия департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл құқық пен тәртіп бұзушылық былтырғы жылмен салыстыр­ғанда әлдеқайда көбейген. Қылмыстың алдын алу мақсатында  аудандық полиция бөлімдері тиісті құзырлы ор­гандармен бірге аудан орталығында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырады. Соның өзінде ха­лық арасында тәртіпке бағын­байтындардың қатары көбейген. Атап айтқанда, жыл басынан бері Әкімшілік құқық­бұзушылық Кодексінің ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу, қоғамдық орында темекі шегу, кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде жүруі, инфрақұ­рылымды бұзу және өзге де баптары бойынша барлығы 25177 факті тіркелген. Былтыр бұл статистика 13766-ны құра­ған.­

Дінге қатысты тақырыпқа жұрт бүгінде үрке қа­райды. Дінге қазір сенім емес, күдік басым. Қызылорда об­лысының полиция департаментінің 2019 жылға арналған «Экстремизм және терроризм көріністеріне қарсы» кешенді жоспарына сәйкес облыс көлемінде деструктивті діни ағым ұстанушыларына қатысты іс-шаралар жүргізілуде. Мысалы, жыл басы­нан бері дестру­ктивті діни ағым ұстанушылармен қылмыстық сипатта жасал­ған 15 дерек тіркелген. Оның ішінде 12 іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 174-бабы бойынша (діни алауыздықты қоздыру) жасалған. Сондай-ақ,  діни сипат­та 23 құқық­бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 8-і –  ҚР Әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы кодексінің 489-бабы, 11-і – 490-бабы, 4-еуі 453-бабы бойынша жасалған. Бүгінде Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталы­ғының теолог мамандарымен бірлесе отырып, облыс көле­міндегі барлық аудандар мен елді мекендерде діни экстремизмнің алдын алу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргі­зілуде.

Жат ағамының жетегі, діни экстремизм ұғымдарынан бөлек қоғамда сіз бен сізге мәселе етіп қарайтын көп дүние бар. Ұлы Абайдың «бір-біріне қастыққа қойнына тыққан тастары» деген сөзі нақ осы заманның ұранына айналып-ақ тұр. Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық тәртіп пен құқықбұзушылық, қылмыстық туралы хабар көп айтылады. Осындайда бейбіт заманда айналасына үрке қараған жұрттың болашағы расында алаңдатады. Адам қоғамды емес, қоғам адамды тәрбиелейді. Себебі үлгі жалпыдан – жал­қыға. Бұл тұста бізге жетіс­пей­тіні – өзді-өзін тәрбиелеу. Осының орны толық болса, бейбіт елдің берекесі кетпес еді.

Ә.НАЖМАДИН

 


«ТАМАРА» БРЕНДІН ҚАЛЫПТАСТЫРҒЫМ КЕЛЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
24.10.2019 11:15

Тамара  АҚМАҒАМБЕТОВА:

Өмір біз ойлағаннан әлдеқайда әділетті, әлдеқайда тұщымды. Тек біз өзіміз Алланың берген басын тым еңкейтіп, не тым шалқайтып аламыз. Тура қарасақ, бәлкім оның әділеттілігіне көзіміз жетер еді. Бұл – менің ойым. Келісу, келіспеу – сіздің өз еркіңізде. Ал Габриэль Гарсиа Маркес «Адам дүние есігін анадан туған кезде ғана, бір-ақ рет ашпайды. Өмір адамды қайта-қайта жаңадан тууға мәжбүрлейді» деген екен. Дәл осы сөздің астарында қаншама­  адам тағдыр кешуде. Біреулер өмір тасқынының ағысымен кетсе, енді бірі ағысқа қарсы жүзіп, қайсарлықпен ғұмырын жалғауда. Бұдан аңғаратынымыз, сүріну – құлау емес, құлау – жеңіліс емес. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз де осал жан емес. Қызылордада «Мамық» – жастық тазартатын цех» десеңіз, Тамара Ақмағамбетованы танымайты­н  адам  жоқ.  Танымасаңыз,  сұхбатымызға  назар­  салыңыз.

- Тамара Асқарқызы, Сыр елінің  кәсіп­керлік саласында дара жол салған кәсіпкер ретінде көпшілік таниды. Бұл кәсіпке қалай  келдіңіз?

- Мен, негізі, Алматының тумасы­мын. Жолдасым – Ақтау қаласынан. Қызылордаға  жұмыс барысымен келгенбіз. Ал кәсіпке келуімнің өзі – бір тарих­. Осыдан бес жыл бұрын денсаулығыма байланысты қоларбаның көмегіне жүгінуге мәжбүр болдым. Бірақ мен «арба­да отырып қалдым» деп жасыға­ным жоқ. Керісінше, алға ұмтылып, талпынып, үнемі ізденіс үстінде жүрдім. Қайта қалпына келтіру орталығында жатқанымда «Даму» қорынан адамдар келіп, кәсіпкерлік туралы­ семинар өткізді. Негізгі себеп – осы семинар. Одан кейін емдеу курсын қабылдап жүр­генімде аурухана төсегіндегі жастық­тарға көңілім толмады. Солай іздене келіп, жастықты да тазартуға болатынын білдім. Мұндай цех тек Ресейде ғана екен. Не керек, хабарласып, ізденіп, осы іске кірісуге бел байладым­. Сөйтіп, кәсіпкерлер палатасына барып, бизнес-жоспар­ құрып, «Бизнестің жол картасы – 2020»  бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдар­ламасы аясында инновациялық жобалар  конкурсынан  қаржылай 1 млн теңге қайта­рымсыз грант жеңіп алдым. Сөйтіп Ресей­ден  қондырғыларын  алып, жұмысты  бастап  кеттім.

- Алғашқыда жұмысыңызды Шиелі ауданынан бастадыңыз. Халықтың бұл қызмет түріне сұранысы­  қандай  болды?

- Бұрын-соңды мұндай цех Қызылордада болмаған соң жұмысымыз басталмай жатып, сұраныс өте көп болды. Аудан  тұрғындары толассыз кезекке тұрып, жастықтарын жаңа­лап алды (күліп). Содан облыс­ орталығынан, өзге қалалардан тап­сырыс  түсе бастаған соң, арбамен әрлі-берлі жүру маған оңайға соқпад­ы. Сондықтан кәсібімді облыс орталығына келіп жалғастырғанды жөн көрдім. Қазір Қызылорда қаласында жұмыс істеп жатырмын.

- Қондырғы қалай жұмыс істейді?  Ескі жастық­тарды  тазартудың  жаңасын  алғаннан қандай  айырмашылығы  бар?

- Қондырғы Ресейден жап-жаңа күйінде алынған. Өңдеу барысында жастық ішіндегі қауырсындар бактерияны жоятын ультракүлгін сәулесімен тазар­тылып, кептіру арқылы қоқыстан ажыратылады. Содан кейін тазартылған мамық жаңа жастық қабына, ал жастық ішінен шыққан майда тастар, құм, шыбық сынды қоқыстар қон­дырғының арнайы бөлігіне жинал­ады. Қайта өңдеу барысында жастық тек ғана тазар­майды, өзінің байырғы пайдалы қасиеттерін қалпына келтіреді. Жаңа жастық алсаңыз да, оның ішінде қандай қалдықтар барын білмейсіз. Кейбірінен пакеттің қиындылары, мақтаның таяқ қалдықтарына дейін шығады. Ал ондай қоқыс заттар адамның денсаулығына кері әсер етіп, аллерг­иялық қоздырғыштың қызметіне жол ашады. Кейбір клиенттер аққудың мамығынан жасалған жастықтарды әкеліп, тазарту процесін көзімен көріп тұрады. Ішінен шыққан қоқыстарды көріп, өздері шошиды.

- Сізді мазалайтын қоғамдық мәселе бар ма?

- Өте орынды сұрақ қойдың. Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайсыздау түсінік қалыптасқан. Әсіресе, кейбір мекемелерге, қоғамдық орын­дарға кіргің-ақ келеді, бірақ пандустары тау секілді орналасқан. Жанымызға арбаны көтеретін адам апармасақ, кіре алмаймыз. «Для галочки» істей салған. Бұл – бірінші. Екіншіден, мен өзіме көмекші іздедім. Жұмыс іздеп келгендер ұсынған ақшаны азсына­ды. Аз жұмыс істеп, көп ақшаға кенелгісі келеді. «Жұмыс жоқ» деп жата-жастана жылайтын жастардың көбісі – жалқау. Қазір жанымда өзге ұлт өкілінің қызы жұмыс істейді. Ақшасы аз деген де жоқ, келе салысымен жұмысына кірісті де кетті. Өзі – студент. Осы жерден жинаған ақшасына оқу ақысын төлеп жүр. Риза боламын, қарап отырып.

- Тігін цехыңызда тек жастық өңдейсіз бе? Цехтың жұмысын одан әрі жандандырып, кеңейту үшін қандай жұмыстар істеп жатырсы­з?

- Бүгінде Көкшетау қаласынан шикізат алып, оны тазартып, өңдеп, жастық тігіп, сатып жатырмын. Дегенмен, біздің санамыз әлі отандық тауарды тұтынуға бейімделмеген. Импортқа жүгінуден арыла алмай келеміз. Кәсіптің көзін кеңейту кез келген кәсіпкердің арманы ғой. Жуырда қала әкімі Н.Нәлібаевтың қабылдауында болдық. Ол кісіге де цех жұмысын кеңейтуге қолдау көрсетуін сұрадым, уәде­сін берді. Отандық өнім өндіруге өзіндік үлесімді қосып, «Тама­ра» брендін қалыптастырғым келед­і. Бұйыртса, ол да болады.

- Әңгімеңізге  рақмет. Арманыңыз  аласармасын!

Сұхбаттасқан  Н.ҚАЗИ

 


 

Біздің   анықтама

Ақмағамбетова Тамара Асқа­рқызы 1952 жылы Алматы  қаласында  дүниеге  келген. Қызылорда қаласындағы «Мамық» тігін цехының меңгер­ушісі. «Business lady Qazaqstan» байқауының ІІ орын, «Qobyz uni» рес­публикалық қолөнер шеберлері көрмесінің ІІ орын иеге­рі, №3 облыстық балалар оңалту орталығының, облыс әкімі Қ.Көшербаевтың Алғыс хаттарымен марапатталған.

Өмірлік  ұстанымы: «Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, Қайта тұрып хақың бар жүгіруге».

Мақсаты: «Тамара» брен­дін  қалыптастыру.

 


СОРҒА БІТКЕН СҰЛУЛЫҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
24.10.2019 11:10

«Арақ – бүкіл бүліктің бастауы. Шариғат үкімі бойынша адамды мас ететін нәрсенің азы да, көбі де харам етілген. Ішімдік ішкен адамның бойын­ан  иманы шығып тұрады». Бұл – шариғаттан хабары мол бір бауыры­мнан  естігенім.

Қонақтарымызды пойызға шығарып салуға теміржол вокзалына келген­ едік. Перронда кісі қарасы мол екен. Біз күткен пойыздың уақытына ертелеу болғандықтан сол маңайдағы дәмхананың бірінен ауқаттанып алуды жөн санадық.

Әсем жабдықталған кабинаға бас сұқтық. Кенет... Жұпыны киімді, шашы бейберекет жайылып, жарылған еріндері тілімденіп кеткен шала мас келіншек үстімізге ентелеп кіріп келді. Өзі мастықтан аяғында зорға тұрса да, «астарыңыз дәмді болсын, айыпқа бұйырмаңыздар!» деп қояды. Қалтыраған қолын жайып садақа сұрады. Тамаққа есептескенде даяшы қайтарған темір теңгелерді маскүнем қатынның алақанына ұстаттым. Көзім қайыршы келіншектің жанарымен түйіскен еді. Түкірігіме шашалып қалдым. Бұл менің жақсы танысым  «сотқар Өсердің» алғашқы жары Гүлім болатын. Иә, алдымда кезінде талай бозбаланың арманына айналып, сан жігіт жыр арнаған көрікті де кербез Гүлімнің өзі, жо-ж-о-о-қ құр сүлдесі тұр еді. Мұндай кездесуді ол да күтпеген тәрізді. Көптен күтім көрмеген жүзіне лып етіп қызыл арай жүгірді. Бір кездегі тұп-тұнық, қазір арақтың уытымен жұмыла ісінген жанары­на жас іркілді. Әйтсе де, ұятын қанына сіңе бастаған сұрамшақтығы жеңді. Қырылдаған жағымсыз дауыспен «Ә-ә-ә, сен екенсің ғой. Жүздеспегелі қаншама жыл өтті. Тағы да қоссаңшы. Досымның берген­ ақшасына бір шалқып ішейін» деп суық күлгенде денем түршікті. Қалтамдағы ақшадан қолыма іліккенін ай өңді перизаттан жалба-жұлба албаст­ыға айналған маскүнемнің кір-кір саусақтарына қыстыра салдым. Гүлім шайқатыла басып жанымыздан ұзай берді. Ал нәзік иықтары жылағаны, күлгені белгісіз үздіксіз дірілдеп бара жатты.

Гүлім мектепте бізден бір класс төмен оқыды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын, әжептәуір әншілігі бар көрікті қыз сабаққа да зерек болды. Мүсінді тұлғасын тіп-тіке ұстап, нық басып жанынан өткенде «менмін» деген жігітің тағатынан айырылар еді. Маңдайына түскен кекіл шашын бір сілкіп тастап, бетіне қарап жымия күлсе, кім-кім де өзін дүниедегі ең бақытты жан санары анық-тұғын. Сол Гүлім... Бағы ашылмаса, сұлулық та сорға бітеді екен. Аттестат тапсыру кешінде Гүлімді сотқар Өсер еріксіз алып қашып, бетін ашты. Қаншама бұл­қынғанымен Гүлім қазақы әдептен аттай алмады. «Қайтып келген қыз жаман» қағидасын ұстанып, «босаға көрген» деген сөзден жасқанды. Қарт әрі момын әке-анасы да мұндай қаңқуды қаламады. Осылайша Гүлім сотқар Өсердің басыбайлы меншігіне айналды. Тағдыр қырын қараса, сұлулықтан не пайда?! Сұлу әйелін кез келген еркектен қызғанатын ожар байғұс Гүлімді себепсізден-себепсіз таяққа жығуды дағдыға айналдырды. Оның үстіне екеуінің арасына дәнекер болатын нәрестелері де болмады. Маған Гүлімнің ішкіліктің ізіне түсуіне де Өсер кінәлі тәрізді көрінеді. Олай пайымдауымның себебі­ де бар. Тоқырау жылдарында Өсер қаладан спирт әкеліп, үйінен арақ дайындап, тіршілік жасады. Осындай қолдан дайындалған араққа, тіпті коньякқа «прова жасау», яғни сапасын ішіп тексеру керек болады.­ Өсер «прова жасауды» Гүлім­ге міндеттеп қойған. Гүлім алғашқы­да бұған қарсы болғанымен кейін еті үйреніпті. Тіпті, өзі құлшынып, іздеп тұратын жағдайға жеткен. Ал, соңы...

Мұны естігенде Ұлы Отан соғысы­ кезінде болған, өзім бір жерден оқыған төмендегі оқиға жадыма оралды. Сұрапыл шайқас барысында іріктелген топ итті үнемі танкының астында тамақтандырады екен. «Жау шабуылға шығады» деген хабарды білісімен иттерге ас беруді үзілді-кесілді тоқтатып, байлауда ұстап, әбден ашықтырады. Шабуыл басталып, жау танкалары алға ұмтылғанда иттердің арқасына мина байлап босатып­ жібереді. Аштықтан көздері қарауытқан адамның төрт аяқты сенімді серіктері өлгеніне қарамай тамақ іздеп, жау танкасының астына түседі. Гүрс... ит те, фашист танкасы да жоқ.

Гүлім де осыған ұқсас жайтты басынан­ кешірді. Алқаш қатыннан іргесін аулақ салған содыр Өсер қайтадан­ шаңырақ көтерді. Перзент сүйіп, келін де түсірді. Гүлім болса... Өкінішке қарай, әлі шалажансар күйінен арылар емес. Тағдыр неткен, күрделі едің!..

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

 


«ҚАРАПАЙЫМ ЗАТТАР ЭКОНОМИКАСЫ» ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСКЕ ЖОЛ АШАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
24.10.2019 10:50

Тоқыма өнімдері мен жиһаз, азық-түлік өнімдері өндірісі және басқа да тауарлар бар, күнделікті қолданатын тауарлар мен қызметтер бөлінісі. Бүгінде Қазақстанда осы «қарапайым заттар экономикасы» саласын дамытуға айрықша назар бөлінуде. Аталған бағытты дамытудың қажеттігі туралы ҚР Тұңғыш Президенті «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында және мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» халыққа арнаған Жолдауында да айтты.

«Қарапайым заттар экономикасы» деген не, оның халық үшін негізгі маңызы неде? Оны дамыту еліміздегі шағын және орта бизнес өсіміне және ішкі нарықтағы импортты алмастыруға қалай әсер етеді? Жеңілдікті несиелендіруді қалай алуға болатыны туралы мәліметке қанық болыңыздар.

Қазақстандағы «қарапайым заттар экономикасының» дамуы­, сондай-ақ, ұқсас бағдарламаны іске асырудың аралық­ қорытындылары туралы­ айтпастан бұрын, «қарапайым заттар экономи­касы» түсінігінің өзі нені білдіретінін  анықтап алу қажет. Оның негізгі міндеті неде? Бірінші Қазақстан азаматтары күнде­лікті пайдаланатын және ауқымды капитал жұмсалымы мен күрделі технологияларды қолдануды тала­п етпейтін өнім­дер шығару, сондай-ақ, қызметтер көр­сету турал­ы  білген жөн.

«Қарапайым заттар эко­но­микасын» дамыту – бұл ішкі нарық­ты отандық тауа­рлармен толық­тыру, өңдеу өнер­кәсі­бінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру және халық тұтынатын тауар­лардың кең но­мен­клатурасын шығару. Оны дамытудағы  бас­ты  мақсат – халықтың қажетті­лік­терін қа­нағат­тан­дыру және әлеумет­тік маңызы  бар азық-түлік тауарларының импортын алмас­тыру­ үшін бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліме­тінше, бүгін­де өнеркәсіп тауар­ларының шамамен 82%-ы, азық-түлік өнімдерінің 35%-ы, ауыл шаруашылығы өнімдері­нің 23%-ы – импорттық тауарлар.

Ұлттық экономика министрлігі халық тұтынатын тауар­лар өндірісін қолдау шарала­рын әзірлеумен айналысты. Ве­до­мство Қазақстан Ұлттық банкімен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, экономиканың нақ­ты секторын қаржыландыруға арналған кешенді бағдарламаны әзірлеуге кірісті. 2018 жылғы 11 желтоқсанда Үкіметтің қаулысымен басым жобаларды жеңіл­детілген несиелен­діру бағытындағы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдар­ламасын қа­былдады. Негізгі міндеті – импорттық әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын жергілікті өнімдермен алмас­тыру. Сонымен қатар, басым­ жобаларды несиелен­діруге арналған тауарлардың тізімі бекітілді. Несие­лендіру осы тізімнен кем дегенде бір өнім шығарылған жағдайда жүзеге асырылады.

Тауарлар тізімі келесі критерийлерге сәйкестігі негізінде іріктелді:

1.      Импорт көлемі 5 млн АҚШ долларынан артық;

2.      Шикізаттың қолжетім­ділігі;

3.      Біліктіліктердің, технологиялардың болуы;

4.      Артық өндірудің болмауы;

5.      Сапаны  бағалау мүм­кін­дігінің  болуы.

Жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін республикалық бюджеттен 600 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 400 млрд теңге – өңдеу өнеркәсібі мен қызметтерді ынталандыруға, 100 млрд теңге – агроөнер­кәсіптік кешенде қайта өңдеуге, тағы 100 млрд теңгесі агроөнеркәсіптік кешендегі өнді­ріске бағытталды. Қаражат 60 млрд теңгеден кем емес жарғы­лық капиталы бар банктердің облигацияларын сатып алу арқылы жеделдік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарымен беріледі. Бағдарлама аясында мемлекет банктер арқылы банктік қарыз бо­йынша пайыздық мөлшерлемесін субсидиялайды. Несие­нің сыйақы мөлшерлемесі жылдық 15%-ды құрайды. Субсидиялаудың номиналды сыйақы мөлшерлемесі 9%-ға дейін ғана. Субсидиялау мер­зімі инвестициялар үшін 7 жыл және айналым қаражатын толық­тыруға – 3 жыл. Кәсіпкер жеңілдетілген несиені оның жобасы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының талаптарына толық сәйкес келген жағдайда ала алады. Аталмыш жобаның іске асырылуына және бизнестің белсенді тартылуына мониторинг жүр­гізу мақсатында «Атамекен» ҰКП негізінде ағымдағы жылдың 27 наурызынан бастап мемлекеттік органдардың, өңірлердің және даму институттарының қатысуымен «қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту бойынша жобалық офис жұмыс істейді. Офис жұмысының негізгі бағыты­ бағдарламаны жүзеге асыруға жәрдемдесу, кәсіпкерлердің инвестициялық белсенділігін ынталандыру және қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағ­дайлар жасауға негізделген. Офис жобаларды бизнес-жоспарды әзірлеу кезеңінен бастап қаржыландыруға дейін сүйемелдейді, мониторинг жүргізеді, банктердің несие беруд­ен бас тарту себептерін анықтайды және оларды қолдаудың жаңа тетіктерін ұсы­нады. Офис жұмысына «Ата­мекеннен» басқа «Қазақстандық индустрияны дамыту инс­тит­уты» АҚ, Қазақстан қар­жы­герлерінің қауымдастығы және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қаты­сады.

Ұлттық экономика министрлігінде екінші деңгейлі банкт­ер несиені мақұлдаған жағдайда және жобалар бағ­дарлама шарттарына сай келгенде өз ісін бастаған кәсіпкерлер мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қатысушылары бола алатынын айтты. Басымдығы жоғар­ы жобаларды несиелен­діру үшін белгіленген тауарлар тізіміне сәйкес экономиканың басым секторларында іске асырылып жатқан кәсіп­керлердің жобалары несие­лендіріледі. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына  «Қазақстан халық банкі», «First heartland Jysan Bank», «Сбербанк» АҚ ЕБ, «Банк Центр­Кредит», «АТФБанк», «Forte­Bank», «Еуразиялық Банк», «Банк «Bank RBK», «Нұр­банк»,«Alfa-Bank» акционерлік қоғамдары секілді екін­ші деңгей­лі банктердің қатысуға  мүмкіндіктері  бар.

 

ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН   НЕСИЕ ҚАЛАЙ   ЖҮЗЕГЕ   АСАДЫ?

Банктер туралы айта бастағаннан жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасының жүзеге асуы туралы әңгіме қозғалады.

Мәселен, өзгерістердің бірінші пакеті бағдарламаға биылғы 4 мамырдағы Үкімет Қаулысымен енгізілген, 17 мамырдан бастап күшінде. Бұл түзетулер кепілдендіру құралдарын енгізуге, айналма қаражатын 30%-дан 50%-ға дейін қаржыландыру көлемін ұлғайтуға, құс еті және мақта-талшық тәрізді бірқатар тауарларды енгізуге қатысты. Атал­ған өзгерістер 150-ден аса кәсіп­орынға 270 млрд теңге сомасына қолдауға ие болуға, 10 мыңнан аса жұмыс орнын құруға, салық түсімдерін 38 млрд теңгеге арттыруға  мүмкіндік бере­ді деп жоспарлануда. Жобалық кеңсе  жұмысында  барлығы  700 млрд теңгеде­н астам қаржыға 900-ге жуық әлеуетті жоба бар, оның ішінде 25 млрд теңге сомасына­ 41 жобаны екінші деңгейлі банктер мақұлдады, 126 млрд теңге сомасына 111 жоба қаралу­ сатысында. Салал­ар бойынша бизнестің тамақ, жеңіл өнер­кәсіп, ауыл шаруашылығы өндірістік кеше­ні және қызмет көрсету салаларындағы жобаларға қызығу­шылық жоғары. Сонымен қатар жобалық кеңсе­ базасында бағдарламаға түзетулердің екінші пакеті әзір­ленген, онда мемлекет субсидиялайтын бөлігін белгілеумен түпкі қарыз алушы үшін пайыз­дық мөлшерлемені төмендету қарас­тырылған. Бұл өзгеріс кәсіпкер үшін несие құнын арзан­датып, бағдарламалар арасындағы  арбитражды  алып тастауға мүмкіндік береді. Түзетулердің екінші пакеті қарыз мерзімінің 1/3 бөлігінен аспайтын көлемде несие бо­йынша жеңілдікті кезеңді енгізуд­і (2 жыл 3 айдан ас­пай­тын) және бағдарлама ая­сында несиелендіру  үшін жаңа тауар­ларды  енгізуді  қарастырады.­

Екінші жартыжылдықта бағдарламаға өзгерістердің үшінші пакеті енгізілді. Бүгінгі таңда жеңілдікпен несиелен­діру бағдарламасына келесі өзгерістер  енгізілді:

•      несие сомасынан айналма қаражатты 30%-дан 50%-ға дейін толықтыру лимитін арттыр­у;

•      бизнес үшін пайыздық мөлшерлемені 8%-дан 6%-ға дейін  төмендету;

•      кепілдік базасының жетіс­пейтін бөлігі бойынша мемлекеттік несиені кепілдендіру тетігін енгізу;

•      несиелендірудің жеңіл­дікті кезеңін енгізу (төлемдер бойынша кейінге шегеруді ұсыну);

•      жеңілдікпен несие­лендірілетін тауарлар тізімін арттыру­ (400-ден аса жаңа өнім);

•      агроөнеркәсіптік кешен жобаларына қатысты бейілді кепілдік саясатын ұстанатын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бағдарламасына енгізу.

Үш өзгерістер пакетін ен­гізу 1500-ге жуық отандық тауар­ өндірушілерді бағдарламаға қатысуға мүмкіндік берді. Бүгінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдар­ламасы жеңілдікпен несие­лендірудің сұранысына ие. Бағдарлама іс жүзіне асырыла бастаға­ннан кейін жарты жыл өткен соң-ақ бөлінген қаражаттың 25%-ға жуығы игерілген. Қазір жобалық кеңсе айналым капиталын 100%-ға дейін қаржыландыруды қарастыру және бар займдарды қайта қаржыландыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр, бұл бағдарламаны жүзеге асыру барысы мен оның игерілуінде едәуір тиім­ділігін көрсетеді. Мәселен, Үкімет келесі мәселелерді пысық­тауды  жалғастыруда:

•      басымдықты жобалар үшін тауарлар тізімін арттыру;

•      инвестициялық мақсаттарға арналған несиелендіру мерзімін 7 жылдан 10 жылға дейін арттыру;

•      жобаларды іріктеу критерийлері мен қарыз алушылар тарапынан қарсы міндеттемелерді белгілеумен айналым қаражатын 50%-дан 100%-ға дейін толықтыру мақсатында несиелендіру үлесін арттыру;

• жобаларды іріктеу кри­терийл­ері мен қарыз алушылар тарапынан қарсы міндеттемелерді белгілеумен бағдарлама тетігіне инвес­тициялық мақсаттарға қарыздарды қайта қар­жылан­дыру  құралын  енгізу.

 

ҚЫЗЫЛОРДАДА  8  ЖОБА  МАҚҰЛДАНДЫ

ҚР Ұлттық Экономика министрлі­гінің мәліметінше, бағдарлама іске асырыла бастаған  уақыттан бастап 139,6 млрд теңге сомасына­ 209 жоба мақұлдан­ды, оның ішінде жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өнер­кәсібі, құрылыс саласы қарқынд­ы игерілуде. Одан өзге 321 млрд теңге­нің 306 жобасы қаралу үстінде. Мақұлданған 209 жоба­ның 154-і кеңейту мен жаңғыртуға несие­ алған, 55-і – жаңа кәсіпорын. Болжанған­ жұмыс орындар­ының саны – 5704, салық төлемдерінің сомасы – 39 939 млн теңге.

«Атамекен» ҰКП-ның дерегінше, мақұл­данған жобаларға киім өндірісі (күрте, костюм­дер, жейделе­р, аяқкиім, арнайы жұмыс киімдері және т.б.), азық-түлік өнімдері (макаро­н өнімдері, нан-тоқаш өнімдері, ет және шұжық өнімдері, сүт өнімдері, кәмпиттер­ және т.б.), химия өнеркәсібі өнімдері (тыңайт­қыштар), құрылыс материал­дары (кірпіш, цемент­) және қызмет көрсету саласы­ның нысанда­ры (балабақшалар, мектепке дейінгі  мекеме­лер, шипажайлар, қонақүйлер, оңалту  орталық­тары)  кіреді.

Ал Қызылорда облысының кәсіпкерлер палата­сының мәліметінше, бүгінде «Қарапа­йым заттар экономикасы» бойынша 8 жоба мақұл­данған. Бағдарламаны жүзеге асыру бойынш­а Орталы­қ жобалық кеңсе әзірлеген есепке сай ІІ орында тұр. Бүгінде бағдарлама шеңберінде жалпы құны 12,5 млрд теңгені құрайтын 116 жоба қаралуда. Оның ішінде құны 801,1 млн теңгені құрайтын 8 жоба мақұлданды­.

- құны 2530  млн теңгені құрайтын 23 жоба екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) қарауында;

- құны 3467,3 млн теңгені құрайтын 39 жоба ЕДБ-ге құжаттар жинақтауда;

- құны 4795  млн теңгеге 10 жоба идея жағ­дайында;

- құны 182 млн теңгені құрайтын 2 жоба өз қаражаты­  есебінен  қаржыландырылған.

Бағдарлама талаптарын жетілдіру бо­йынша облыстық жобалық кеңсенің 7 отырысы өткізілсе, түсіндіру бойынша жұмыс тобы барлық аудан­дарды аралады. Аталмыш шара барысын­да кәсіпкерлердің  айтқан ұсыныстарына байла­нысты  бағдарламаға  мынадай  өзгеріст­ер енгізіл­ді. Өңдеу  саласы  бойынша несие­  төлеу ставкасы 8%-дан 6%-ға төмендеді. Жеңілдетілген несиелік кезең несие алу мер­зімінің үштен бір кезеңіне дейін ұзартылды, яғни несие 7 жылға алынса  2 жыл 1 айға канику­л беріледі. Несиелендіру үшін қо­сымша 23 экономикалық қызмет түрі ұсынылып, 20-сы қолдау­ тапса, үшеуімен бүгінгі күнге жұмыс жасалу­да (туризм саласы, жоңышқа мен күріш, пластикалық трубалар шығару). Жобалардың басым­ бөлігі агроөнеркәсіп кешені саласына бағытт­алуынан  «Агронесиелік  корпорация» несие­ берушілер тізіміне енгізілуде, - деді Қызыл­орда  облысы  кәсіпкерлер  палатасының­ директоры  Ғалымбек  Жақсылықов.

 

ҚАРЖЫЛАНДЫРУҒА   ЖАТПАЙТЫН  ЖОБАЛАР   ДА   БАР

Бағдарламаның 5-тармағына сәйкес, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мына жобалары қаржылан­дыруға жатпайды:

•      ҚР заңнамасына сәйкес тіркелген, құрамын­да спирті бар медициналық заттарды (бальзамдарды есепке алмағанда) шығару жөніндегі жобаларды қоспағанда, акцизделе­тін тауарларды шығаруды көздейтін;

•      несиелік бюро деректері бойынша несие­ беру немесе несие беру туралы өтініш берген кезде 90 күнтізбелік күннен көп несиелі­к бере­шег­і  барлар;

•      екінші деңгейлі банктермен айрықша қарым-қатынасы бар тұлғалар;

•      құрылтайшысы тікелей мемлекет болып­ табылатын ұйымдар, мемлекетке тікелей тие­сілі акциялардың (жарғылық капитал­ға қатысу үлестерінің) 50 және одан да көп процентін (Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды қоспағанда) және ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялар мен ұйымдардың құрылтайшылары (оның ішінде қатысушылар, акционерлер) мемлеке­ттік-жекеменшік әріптестік туралы­ келісі­мге сәйкес құрылған тұлғалар), олармен аффилиирленген тұлғалар, сондай-ақ меншік нысаны жеке мекеме ретінде тіркелген­ және коммерциялық емес ұйымдар.

Несиелендіру бағдарламасын тиімді іске асыру­ 2025 жылға қарай бағдарлама аясында несие­лендірілетін тауарлар бойынша импорт үлесін 59%-дан 37%-ға дейін төмендетуге, 16 мыңға жуық жұмыс орнын құруға, салық түсімдерін 1,1 трлн теңге көлемінде ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

 

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


ӨЛКЕГЕ ӨҢ БЕРГЕН ӨНЕР ОРДАСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
24.10.2019 10:25

Сыр елі – көптеген дарын иелерінің бесігін тербетіп, оларға есігін айқара ашқан киелі жер. Бұл топырақ таланты теңіз толқыны секілді тулаған талай текті тұлғаларды тудырды. Өнер өлкесінің өр биігі аталып, өшпестің отын маздатқан өңір саналатыны сондықтан. Ақмешіттегі осындай өлкеге өң берген өнер шаңырағының бірі – облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы. Облыстың рухани өмірі, мәдени өрлеуінің өзіндік өрнекпен дамуы жолында жарты ғасырдан астам тарихы бар бұл орталықтың маңызы зор.

Аталған орталық облыстың мәдениеті мен өнеріндегі тарихи­ жолын 1958 жылы Қазақ ССР Мәде­ниет минис­трлігінің қаулысына сәйкес, «облыстық халық творчествосы үйі» болып ашылып бастайды. Алғашқы уа­қытта қоғамдық негіз­де құрамында 3-4 адамы бар мәдени-үгіт тобы ретінде еңбекші, егіншілер арасында, аудандардың кеңшар, ауылдарын аралап өнер көр­сетеді. 1958-1960 жылдары «Шығармашылық үйі» болып құрылды. 1961-1963 жылдары мекемені белгілі айтыс ақыны Надежда Лушникова басқарды. Облыс әкімінің 1999 жылғы 14 қаң­тардағы №869 санды шешіміне сәйкес, орталық мекеме ретінде­ жабылып, «Облыстық ха­лық шығармашылығын дамыту және мә­дени-продюсерлік орталығы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды.

2018 жылдан бастап­ мекемені  ҚР Мәдениет қай­ратке­рі Сәбит Құр­ман­ғалиұлы басқарып келеді. Орталықта республикаға танымал, алыс-жақын шетелде өнер көрсетіп, шәкірт­тері Сыр елінің атын әлемге танытып жүр­ген өнер қайрат­керлері  қызмет ете­ді. Мысалы, Бибігүл Төлегенованың шәкір­ті, Қазақстанның еңбек сіңір­ген әртісі Қаракөз Ақ­дәулетова, респуб­ликаға танымал композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Шапағат» меда­лі­нің иегері Рамазан Тайманов, сценарист, қоюшы ре­жиссер, «Мәдениет саласыны­ң үздігі» төсбелгісінің, «Шапағат­» медалі­нің иегері Орынкүл Бұрханова, атақты Сәрсенбай жыраудың немересі, халық­аралық, республикалық бай­қаул­ардың лауреаты, жыршы­-жырау­, «Мәдениет саласын­ың үздігі» төсбел­гісінің иегері Майра Сәрсен­баева және жырау­, «Мәдениет  қайраткері» төсбелгісінің иегері Берік Саймаға­нбетов сынды елімізге таны­мал мәдениет майталмандары  жұмыс  істейді.

Көпжанрлы халық шығармашылығын уақыт талабына сай дамытып, оның мән-мағынасына, ерекшелігіне қарай бағыт-бағдар беру, шығармашылық өнердің рөлін арттыру мақсатында жұмыстарды жүйе­лі түрде жүргізу, халықтық ұжымдардың жұмысына үнемі басшылық жасау, репертуарын дұрыс таңдауға көмектесу – орталықтың басты мақсаты. Сондай-ақ, өнер иелерінің шығармашылығын зерттеу, іс-тәжірибелерін жинақтау арқылы халыққа насихаттау, талант­ты өнерпаздардың қабілетін дамытып, шығармашылығы үшін қажетті мүмкіндіктермен қамтамасыз ету, әлеуметтік өмір салтын байытуға жол ашуды­ да назардан тыс қал­дырмайды. Халықтың жоғары рухани байлығын қалыптас­тыруда  жұ­мыстар жүргізу, түрлі жанрда халықаралық, республикалық, облыстық шарала­р, байқау-конкурстар, фести­вальдер өткі­зу, мүм­кін­дігі шектеул­і жандардың өнерін дамытуға қо­лайлы жағда­й жасау, шығармашы­лығын насихаттау да орталық қызметкерлерінің айналы­сатын жұмыстарының негіз­гі бағыт-бағдары болып сана­лады.

Орталықта 5 бөлім, 2 сектор жұмыс істейді.

Халық шығармашылығын дамыту­ бөлімі «халықтық» атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдарына, айтыс ақындарына, жазба ақындарға бағыт-бағдар, әдістемелік нұсқаулықтар берумен­ қатар, облыстық, аймақтық, республикалық деңгейде байқау-фестивальдер өткізеді.

Мониторинг, талдау және әдістемелік жұмыс бөлімі клуб кәсіпорындарының жалпы көрсеткіштеріне (жөндеу, құ­рылыс жұмыстарына, мате­риалдық-техникалық базасына, клуб ғимаратының заман талабына сай безендірілуіне) мониторинг жасай отырып, клуб кәсіпорындары маман­дарының біліктілігін арттыруда, кәсіби шеберлігін шыңдауда семинарлар мен кәсіби байқау­лар  өткізіп  отырады.

Музыка және балалар шығармаш­ылығы  бөлімі об­лыстағы кәсіби және әуесқой композиторлардың шығар­машылық еңбектерін жинақтай отырып, олардың шығармашылық кештерін өткізу арқылы­ әртүрлі тақырыптағы әндерді халыққа кеңінен на­сихаттайды. Сондай-ақ, балала­р  шығармашылығын дамыту­, олардың өнерге­ деген қызығушылығын арттыру­ мақсатын­да балалар мен жасөспір­імдер арасында түрлі деңгейдегі конкурс-фестивальдер, балалар тақырыбында мереке­лік кештер ұйымдас­тырады. Балалардың алыс-жақы­н шетелде өтіп жатқан конкурстарға баруына шы­ғармашылық қолдау көрсетіп отырады.

Мәдени-демалыс жұмыс­тарын ұйымдастыру бөлімі мәдениет үйлері мен клубтардағы көркемөнерпаздар үйірмелері­не мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тарту, әртүрлі мәдени шараларға қатыстыру, көркемөнерпаздар үйірмелерін дамыту, заман талабына сай жанр түрлерін көбейту, айтулы мерекелік шараларға аталған үйір­мелерден озық шыққан талант­тарды қатыстыру бағытында жұмыс істейді.

Ақылы қызмет көрсету және техникалық құралдармен жұмыс істеу бөлімі мерекелік шаралар мен мерейтойларға тапсырыс алып, ақылы қызмет негізінде концерттік іссапарлар ұйым­дастыру, мәдени-көпшілік шаралар­ды қажетті (ЛЭД экран­, жарық эффектілері, жылжымалы сахна, т.б. техникалық құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз етеді.

Ал енді орталықтағы секторлардың негізгі жұмысына тоқталсақ.

Кинобейне фильмдерін сақта­у және насихаттау сек­торы орталық қорында сақ­талған, тарих қойнауынан жеткен қа­зақ халқының мәдение­тін, өне­рін, әдебие­тін танытатын әр­түрлі бейнефильмдерді бүгінгі ұрпаққа насихаттап, өткізіле­тін шараларды түрлі бейнесюжет­термен көркемдеп, халық­қа түрлі тақырыптағы фильмдерді көрсетуді ұйымдас­тырады.

Дәстүрлі өнер секторы ұлт­тық фольклор, жыраулық дәс­түрді заман талабына сай дамытып­ өркендету жолында Сыр сүлейлерінің рухани қазыналарын жинақтау, дә­ріптеу мақсатында жұмыс істейді. Сыр өңіріндегі жыраулық мектептерге әдістемелік көмек бере отырып, жас жет­кіншектерді дәстүрлі өнерге баулиды.­

Жыл басынан бері облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығы жылдық жоспарға сәйкес және жоспардан тыс барлығы 80-ге тарта мәдени-көпшілік шараны ұйым­дастырып, жоғары деңгейде өткізген. Оның ішінде 3 халықаралық, 1 республикалық шара бар. Олар:

- «Feerie Dance – 2019» атты халықаралық балдық би турнирі;

- «Парасатты поэзия» атты халықаралық фестивалі;

- Халықаралық «ТҮРК­СОЙ» ұйымымен бірлесіп түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты фольклорлық-музыкалық өнер фес­тивалі және «Қорқыт ата мұраларының Түркі әлеміндегі рөлі» атты ғылыми-теориялық конференциясы.

Жалпы, өлкеге өң берген өнер ордасы сан түрлі іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізіп жүр. Бұл – халық шығармашылығын дамыту орталығы мамандарының өз қызметін жақсы орындап жүргенінің белгісі. Иә, әр шараның артында қаншама еңбек, идея бар екені айтпаса да түсінікті жағдай.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

 


МАЙЛЫТОҒАЙДАҒЫ ЖАППАЙ КӨКПАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
24.10.2019 10:15

Күз мезгілі – молшылық маусымы. Егін-терін жиналып, даңғайыр диқан­дар­дың ала жаздайғы маңдай тері ақталып­,  астық қамбаға құйылады. Төрт түліктің де етті, қоңды болатын шағы. Шаруалардың да көбіне шат-шадым­ан күйде жүретіні сондықтан. Әсіресе, күн райы қоңырсалқынды келіп, даладан тұлпар тұяғының дүбірі жиі естілетін мезгіл. Өткен сенбіде Шиелі ауданы, Майлытоғай ауылында облыстық жаппай көкпар ұйымдас­тырылды. Ұлттық спорттың ұлықталуы­на ауылдың тумасы, жеке кәсіпкер Ыбырайхан  Мұсабаев  ұйытқы  болды.

Тұңғыш Президентіміз Н.Назар­баевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Атқа міну мәдениеті» туралы­ жазылған. Жалпы, атқа міну – өткенімізді ұмытпау, ұлықтау. Және спорт әрі емдік қасиеті де бар. Соңғы кездері елімізде ат спортына көп көңіл мен қаражат бөлініп келеді. Алыстағы ауыл-аймақтағы ағайындар да ат спор­тының дамуы үшін қолдан келге­нін аянбауда.

- Көкпар, салым болады дегенді естігенде бойымды ерекше сезім билейді. Жыл­қы­ әуелден қазақ халқына жақын ғой. Жалпы, мініс аттың өзіне күтім керек. Көкпар шабатын ат одан да жоғары күтімді қажет етеді. Бүгінгі жаппай көкпарда ауылдың жігіттері намысты қолдан бермеді деп айта аламын. Осындай шараны ұйым­дастырып жатқан ел ағаларына алғыс айтуымыз керек. Өйткені, бабалардың жүріп өткен жолын балалар жалғас­тырса, еш адаспаймыз, - дейді майлытоғайлық шабандоз Ардақ Сағымбаев.

Жаппай көкпардың жалпы жүлде қоры 700 мың теңгені құрады. 10 мыңдық, 50 мыңдық, 100 мыңдық салымдармен қатар, бас фсалымға 300 мың теңге­  тігілді.

- Бұрынғы қазақтың салтында астан кейін бәйге шабылған, көкпар ұйым­дастырылған. Бүгін ауылда соның бір көрінісі ретінде салым беріліп жатыр. Бас салым – 300 мың теңге. Жан-жақтан шабандоздар келіп өз өнерлерін көрсетіп жатыр. Бұл – қазақтың салтына  біткен, қанына біткен үлкен үрдіс. Ауылымызда бірлік болсын. Ел азамат­тары аман болсын! - дейді ауыл әкімі Қойшыбай  Асанов.

«Бәйгетөбедегі» жұртшылықтың асыға күткен жаппай көкпарына жиылған­дардың қарасы қалың болды. Қызылорда қаласынан, Жаңақорған, Шиелі  аудандарынан  және  алыс-жақын­  ауылдардан  барлығы 100-ге жуық  тұлпар  мен иесі ұлттық ойынның  көркін  қыздырд­ы.

Рас, ат спортын тамашалағанда қаның қызып кетеді. Ал, шабандоз секілді додаға кіру, оны сезіне білу – мүлдем ерекше сезім. 130-дан астам шаңырақ түтінін түзу ұшырып отырған ауыл егін және мал шаруашылығымен айналысады. Бір-біріне «қамшы­ұстарың аман болсын!» дейтін қазақ халқы­ үшін жылқының орны қашан да ерек. Сол секілді, ат жалын тартып мінетін майлытоғайлықтардың да қатары­ күннен-күнге көбейіп келеді.

Рыскелді   ЖАХМАН

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қазан 2019 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары