Өзекті мәселелер

  • 07.11.19

    Бақытжан  НИЯЗОВ,

    ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

     

    – Бақытжан Мақсұтұлы,  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысы ауқымды және ең маңызд­ы  саланың бірі екені даусыз. Білуімізше, агенттік тарапына...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    - Райкүл Мәнсүрқызы, депутатты­қ қызмет Сізге таңсық­ емес. Бұл жолы қандай мақсат  қойдыңыз?

    - Депутат – халық пен билік арасындағы көпір. Шыны керек, қазіргі күні шешіл­мей жатқан мәселелердің дені – биліктің құлағына жетпегендер. Жылына төрт сессия өтеді, сол кезде әр округтен сайланған депутаттар өздерінің ұсыныс, пікірлерін айтып, мәселесін көтеру керек. Аймақта же...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Дидарынан шуақ шашып тұрған күннің райы демде өзгеріп салды. Әдетте қыстың ызғары қарашаның соңында сезілуші еді, бұл жолы айдың басында-ақ суық леп шөптің басына қырау қондырып, қар ұшқындатты. Бұл – қыстың қарбалас тіршілігі басталды деген сөз. Күн райының күрт өзгеруі, жауын-шашынның түсуі салдарынан түрлі төтенше жағдайлар болатыны белгілі. Онсыз да жылу беру маусымында қала іші...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімі  қыркүйек  айын­да­ «Көше Fest» сайысын өткізді. Бұл шараның негізгі мақсаты – көше тұрғындарының ауызбіршілігін арттыру, өскелең ұрпаққа ақса­қалдарды қадірлеуге шақыру, жастардың бойында иба-ізет, намыс, ар-ождан, қадір-қасиет сынды биік адамгершілік қасиеттерді қалыптас­тыру  және де  қаланың бір бөлшегі саналатын  көшенің тазалығын  сақтауға  ша...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Сырдың бас қаласында сонадайдан мен­мұндалап тұратын көпқабатты тұрғын үйлер жетерлік­. Қайбір жылы Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай солардың бірсыпырасы күрделі жөндеуден өтті. Сыртын сырлаған соң кәдімгідей түрленіп, қалаға өзгеше рең беріп, шаһардың шырайы кіріп қалды. Бұл жұмыс­тарды жүргізуге Сырдың меценат жігіттері атсалысы­пты. Енді сол шаралар легі жалғасын тапса дейміз. Өйткені ...

    Толығырақ...
Дүйсенбі, 28 Қазан 2019

«БАСТАУ» ЖОБАСЫНА ҚАБЫЛДАУ ЖҮРІП ЖАТЫР PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.10.2019 11:05

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы 2019 жылдың 04-05 қарашада «Бастау» жобасы бойынша тегін оқу курсының 6-легіне қабылдау үшін тестілеу өткізілетінін хабарлайды. Жоба қала/аудан тұрғындарын кәсіпкерлік дағдыларына оқытуға бағытталған. 18 жастан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыссыз азаматтарды, өз бизнесін ашқысы келетін жұмыссыздарды, сондай-ақ бизнесті кеңейтуге мүдделі, жұмыс істейтін кәсіпкерлерді (3 жылға дейінгі) оқуға шақырады.

Жобаға қатысу үшін тестілеуден өту қажет, оның нәтижесі бойынша топқа іріктеу жүргізіледі.

Толық ақпарат алу үшін келесі мекен-жайларға хабарласуға болады:

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы: Қызылорда қ., Желтоқсан көшесі, 12, телефон: 8/7242/400981, сайт: www.atameken.kz.

Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарының мекен –жайлары:

Арал ауданы – Арал қ., Бактыбай батыр к-сі, 46 үй, тел.:8/72433/79199

Қазалы ауданы – Әйтеке би кенті – Әйтеке би к-сі,  9 «а» үй, тел.:8/72438/79243

Қармақшы ауданы – Жосалы кенті, Көшербаев к-сі, 36 үй, тел.:8/72437/79120

Жалағаш ауданы – Жалағаш кенті, Қазыбек би к-сі, 47 «а» үй, тел.:8/72431/79199

Сырдария ауданы – Тереңөзек кенті, Қонаев к-сі, 12 «а» үй, тел.:8/72436/79179

Шиелі ауданы –  Шиелі кенті, Рысқұлов к-сі, 5 үй, тел.:8/72432/79255

Жаңақорған ауданы –  Жаңақорған кенті, Иманова А. к-сі, 134 «а» үй, тел.:8/72435/79120

Анықтама телефондары: 40-02-02, 40-09-81

 


КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ЗАҢГЕРЛЕРІ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ КӘСІПКЕРДІҢ ЖЕРІН САҚТАП ҚАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.10.2019 11:00

Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары, заңгер Салават Құлмахан тағы бір кәсіпкердің жерін сақтап қалды.

Жеке кәсіпкер Бақыт Құрасбаева осыдан бәрнеше жыл бұрын 450 шаршы метр жер сатып алып, кәсіпкерлік мақсатта ғимарат салмақшы болады. Алайда отбасылық қиындықтар жоспарын дер кезінде орындауға кедергі келтіріп, уақытын өткізіп алады.

Салдарынан Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы нұсқама беріп, оны орындамағаны үшін 176 750 теңге айыппұл салады. Кәсіпкер Бақыт Құрасбаева жауапкершіліктен қашпай, айыппұлды төлеп, жерді игеруге қатысты жұмыстарын бастап кетеді.

Ал жауапты басқарма бұдан әрі жер телімін кәсіпкерден мәжбүрлеп алып қою туралы талап арызбен сотқа жүгінеді. Сотта Кәсіпкерлер палатасының заңгері Салават Құлмахан кәсіпкердің заңды мүддесін қорғап, Бақыт Құрасбаеваның өкілі ретінде қатысады.

«Сот отырысында біз Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының талабымен келіспейтіндігімізді білдірдік. Біріншіден, кәсіпкер жерді алған кезде оны пайдалану мерзімі бар екендігін білмеген. Жер телімін алғаннан кейін құжаттарын дайындап бастағанымен, саудалары жүрмей қалып, қаржылық қиындыққа ұшырайды. Екіншіден, жер теліміне ғимарат түсетін жерден төрт метр қашықтықта кәріз су құбыры жүргендіктен, құрылысты бастау мүмкін болмай, тоқтап қалады», - дейді Салават Құлмахан.

Сот отырысында кәсіпкердің өзі де осы уақытқа дейін жер теліміне төленіп келген салықтың түбіртектерін, жобалау құжаттары мен құрылыс материалдарына, жұмысшы күшіне кеткен қаржыны дәлелдейтін құжаттарды көрсетіп, жерін алып қоймауды сұрайды.

Сотта Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Бақытбек Елшібеков кәсіпкердің жер теліміне құрылыс нысанын бастағандығын, әрі қарай кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімін игеріп, адамдарды жұмыспен қамтып,  мемлекетке салық төлеп, кіріс кіргізетінін, халыққа қызмет етуге ниетті екендігін ескеріп, талап қоюшының талап арызын қанағаттандырудан бас тартады.

Нәтижесінде кәсіпкердің жер телімі өзінде қалып, кәсіпкерлік мақсаттағы ғимаратын салып жатыр. Жақын күндері іске қосуды жоспарлауда.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


ОБЛЫСТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНДА ОҢ ТЕНДЕНЦИЯ САҚТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.10.2019 09:15

«Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қ.Ысқақовтың төрағалығымен облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясы отырысы өтті. Сонымен қатар, фракция отырысына облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, облыстық партия филиалының жауапты қызметкерлері, аудандық партия филиалдарының төрағалары мен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракция мүшелері селекторлық жүйе арқылы қатысты.

Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін арттырып, азаматтардың әл-ауқатын өсіру мен қауіпсіздігін нығайтатын ең басты құжат - Даму бағдарламасы. Аумақтарды дамыту бағдарламасы басымдықтарының нақты әрі жүйелі айқындалуы облыстардың дамуына елеулі ықпал ететінін көрсетеді. Осыған орай, 2019 жылдың 18 қазан күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, «Nur Оtаn» партиясы мен Парламент Мәжілісіндегі фракциясының мүшелері қатысқан кеңес отырысында Үкімет басшысының есебін тыңдап, елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруда жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылауға алуды, 2020 жылдың 1 наурызына дейін аумақтың даму бағдарламаларын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар барлық аумақтық деңгейдегі мәслихаттардағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының отырыстарында аудан, қала, облыстың даму бағдарламаларын қарауды жүктеді.

Облыс әкімі Қ.Ысқақов депутаттық фракцияда облыс әкімінің орынбасарлары өздерінің жетекшілік ететін салалары бойынша әрбір көрсеткіштерге мән беріп, орындалмаған көрсеткіштер бойынша шешу тетіктерін тауып, сол бағытта жұмыстар жүргізу қажет деп тапсырма берді.

2019 жылдың қаңтар-қыркүйегінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция сақталғаны турасында баяндама жасады. Өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 52,5 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,2 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 20 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 2,3 есеге артқан. Экономика салаларында 9610 жаңа жұмыс орындары құрылған, оның ішінде 8918-і – тұрақты жұмыс орындары. Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған. Баға мәселесі де тұрақты бақылауда.

«Облыстық басқармалар, аумақтық департаменттер, қала және аудан әкімдері "Даму бағдарламасындағы" көрсеткіштерді қатаң бақылауға алып, оның орындалуы бойынша тиісті жұмыстарды уақытында жүргізсін. Жыл қорытындысымен орындалмаған индикаторлар бойынша жауаптыларға шара қабылданатын болады»,- деді облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА 1000 ОТБАСЫНА КӨМІРҚЫШҚЫЛ ГАЗЫН АНЫҚТАЙТЫН ДАТЧИК ОРНАТЫЛУДА PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
29.10.2019 09:10

Кеше облыс әкімі Қ.Ысқақовтың төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Күн тәртібінде 2019-2020 жылдардағы су тасқынының алдын алу шаралары, жылыту маусымы кезінде көмір-қышқыл газына улану жағдайы және жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі мен облыс аумағындағы 2019-2020 жылдардағы қыс мезгіліндегі жол қауіпсіздігіне дайындық шаралары турасында айтылды.

Қызылорда облысы Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасуына байланысты қыс-көктем айларындағы мұз қату және сең жүру кезеңдерінде елді мекендерді су басу қауіпі төнеді. Осыған сәйкес, жылма-жыл су тасқынының алдын алу шаралары жүргізілуде. Қорғаныс бөгеттерін жөндеу жұмыстары бойынша өзен бойы қауіпті деген 26 учаскенің ұзындығы 18,5 шақырымды құрайтын 21 учаскесінде жұмыстары аяқталған. Қалған 5 учаскесінде жұмыстар әлі де жалғасуда. Жөндеу жұмыстары 15 қарашада аяқталады деп жоспарланған. Жалпы, өзен бойы қорғаныс бөгеттерінің тұсы қауіпті 56 су басу аймақтарына бөлініп, оған 126 жауапты мекеме бекітілген. Техника саны 411 бірлікті және 1 359 адам күшін құрайды.

" Жыл сайын су тасқынының алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылданып, уақтылы тапсырмалар беріліп, мол суды қауіпсіз өткізу мақсатында қорғаныс бөгеттерінің жағдайларына зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы жөндеу, күшейту және қалпына келтіру жұмыстары жасалынып келеді. Биылғы жылы да облыстың барлық аудандарында осындай алдын ала дайындық шараларын уақтылы әрі сапалы жүргізіп, облыс аумағындағы Сырдария өзені арнасынан мол суды төтенше оқиғасыз өткізуіміз қажет",- деді Қуанышбек Ысқақов.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2018-2019 жылдардың қысқы мезгілінде Қызылорда-Жезқазған автожолының бойында көліктер мен жолаушылардың қар құрсауында қалуына байланысты 8 рет авариялық құтқару жұмыстары жүргізілген.

"Қызылорда-Жезқазған республикалық маңыздағы жол екендігі белгілі, оны күтіп ұстаушы мекеме күнделікті ауа райы болжамын ескеріп, қауіпті деген жол учаскелеріне қар тазалайтын техникаларын жақын орналастырулары керек. Күрделі метеорологиялық жағдайларда жол бойы мониторинг жұмыстары жүргізілуі тиіс",- деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


МӘМС – уақытпен тексерілген жүйе PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.10.2019 16:20

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті туралы ақпараттарға бүгінде ел қанық. Бұл жүйе дамыған елдердің көпшілігінде бар және азаматтардың денсаулығын қорғауға арналған конституциялық құқығын іске асыруға бағытталған. Медициналық сақтандыру – денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың түрі және медициналық көмекті қажет еткенде сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы кепілдік болады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің арнаулы өкілі, тренер М.Бірімжанова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары С.Орынбасаров және МӘМС бойынша түсіндіру топ өкілдері аймақ дәрігерлеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы оқыту сағатын ұйымдастырды. Аймақ дәрігерлеріне алдымен МӘМС жайында толыққанды ақпарат беріп, сол бойынша қайтадан тест тапсырмаларын алды. Мұндағы негізгі мақсат – тест нәтижелері арқылы ақ халаттылардың ақпаратты қабылдау деңгейлерін анықтау.

- МӘМС жүйесі әлемдік тәжірибеде бар және қолданылып келеді. Біз осыны халыққа тиімділігін дұрыс жеткізе білуіміз қажет. Қазір республикадан арнайы түсіндіру тобы құрылып, аймақтарды аралауда. МӘМС-тің артықшылықтары өте көп. Мәселен, сіз жұмыстан шығып кеткеннен кейін 3 айға дейін тегін медициналық қызметті пайдалана аласыз. Мемлекет сізге өзге жұмыс орнына орналасуға 3 ай мерзім береді. Егер осы уақыт аралығында жұмысқа орналаспасаңыз, сіз міндетті түрде жұмыссыздыққа тіркеліп, МӘМС-тің өзін-өзі жұмыспен қамтушы тобына өтесіз. Сондықтан бұдан үркудің қажеті жоқ, жүйе уақытпен тексерілген. Біз бүгін аймақ дәрігерлеріне МӘМС жүйесі туралы ақпарат береміз, олар өз ұжымдарына барып түсіндіреді, үйретеді. Бұл шара келесі жылдың наурыз айына дейін созылады,- деді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің арнаулы өкілі, тренер М.Бірімжанова.

Ал өз кезегінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының орынбасары С.Орынбасаров:

- Қызылорда облысы МӘМС-ті енгізуге толықтай дайын. Өйткені аймақта осы жүйе бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқан арнайы ақпараттық топ бар. Ауыл-аймақ тұрғындарына МӘМС туралы ақпараттар берілуде,- де»ді.

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

 


ЖАНҚОЖА БАТЫР СЫЙЛАҒАН ҚЫЛЫШ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.10.2019 15:55

Алған әсерімнен әлі айығар емеспін. Көз алдыма Ғабдулла қажы Іззатовтың қолындағы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған алмас қылыш, қалың жасақтың алдында «Көкешкі» аталатын тұлпарымен жауға қарсы көсіле шапқан Жанқожа батыр, сарбаздарға ақ жол тілеп қос қолын көкке жайып Алладан медет сұраған ақ сәлде, аппақ шапанды атақты Дәрменқұл ишан, Сәйеке пір, кесілген бастар, оққа ұшқан боздақтар елестеп өткенде денем түршікті. Құлағыма дуылға-сауыты жарқыраған әз бабаның атойлаған қаһарлы даусы, арғымақтың кісінеген үні, жараланғандардың жанұшырған айғайы шалынғандай болғанда тынысым тарылды.

Белгісіз сезім жетегінде «Орынбет ишан» мешітінің имамы, Дәрменқұл ишан мен Орынбет ишанның тікелей ұрпағы Ғабдулла қажы Інятұлы айтқан аңызға бергісіз оқиға желісін құмартып тыңдай бердім.

- Батырлардың жанына ерген ғұлама, дана, адамдарды ел-жұрты әулие санаған. Алғашқыда Жанқожа бабамыздың пірі ел арасында Сәйеке атанған ишан бабамыз болған. Кейін ол кісі ханның шақыртуымен Хиуаға барып, сол жақта хазірет болып қалғанда, орнына Дәрменқұл ишанды қалдырып кетеді. Дәрменқұл ишан Жанқожа бабамыздың қасында 40 жылға тарта бірге жүреді. Ишан атамыз батыр бабамыздан біраз жылдан кейін дүниеден озады. Пір дегенімізді діннің оқуын толық тауысқан, асқан ғұлама, рухани ұстаз деп түсінген жөн. Жәкең тақуа, өте таза адам болғандықтан, пірдің батасын алмай ешқашан жауға шаппаған, - деп бастады Ғабдулла қажы сөзін.

Қылыштың тарихы да қызықты. Хиуа ханы Жанқожа бабамызға қос алмас қылыш бастаған мол тарту-таралғысымен «Орыстар мұсылмандардың жеріне дендеп еніп барады. Қазалы бекінісін салды. Онымен де тоқтайтын түрі жоқ. Жанқожаның батырлығы, сарбаздарының мықтылығы Алты Алашқа мәлім. Батыр кәпірлерге қарсы ғаззауат бастасын, біз көмек берейік. Діні бөлек жауға бірге аттанайық» деп елші жіберіпті.

Жанқожа батыр болса, «Хиуа ханы «ғазауатқа бірге шығайық, мұсылманның туын сен көтер» деген өтінішпен тағы да елші жіберіпті. Не істегеніміз дұрыс?» - деп өзінің пірімен ақылдасады. Сонда Құран кітап ашқан Дәрменқұл ишан: «Батыр, бұған дейін де хиуалықтардың арандатуымен жорыққа шығып, опық жегенің бар ғой. Бұлардың көздеген ниеті жымысқы. Сені оққа байламақшы. Өзгенің қолымен от көсеп, қазақтарды қырғынға ұшыратып, қанға бөктіруді көздеп отыр. Жаушыларды салт-дәстүрімізге сай күтіп, осы пәтуаны айтайық», - деп тоқтау салыпты.

Елшілерді сол уәжбен аттандырған соң Жанқожа батыр:

- Сіз діннің адамысыз. Десе де, қазір аласапыран кезең. Осы қылыштың бірін өзім алып, екіншісін пірім сізге сыйлаймын. Ұсталықтың, темірдің пірі Дәуіт пайғамбарды есіңе алып жүргейсің, - деп хиуалықтардың тартуы жеңіл қылыштың бірін Дәрменқұл ишанға беріпті.

Қылыштың жеңіл қылыш деген түрінің салмағы үш келіні құрайды. Құрыш сауыттың ішінен мойынның күре тамырын шауып, кесуге арналған. Ұшы мұқият қайралыпты. Осынау қасиетті жәдігерді сақтау да Дәрменқұл ишанның ұрпақтарына оңғайға түспеді. Қызыл империяның тұсында қожа-молдалардың жазықсыз қуғынға түскені естеріңізде шығар? Мұндай сорақылық Қазалы өңірін де айналып өтпеді. Әсіресе, Асандар көтерілісі аяусыз басып-жаншылған соң көтерілістің рухани көсемдері қожа-мақсымдар қатты зардап шекті.

Жанқожа батыр піріне сыйға тартқан қылыштың қыны аласапыранда қолды болыпты. Ал қылыштың өзі қызылкөздердің назарына ілікпесін деген себеппен ортасынан сындырып, шағын қобдишаның ішінде ұзақ жылдар бойы құпия сақталыпты. Еліміз егемендік алғанда қайта біріктілген қылыш ақыры өзінің заңды иесін тапты.

Ғабдулла қажының рұқсатымен қылышты тәу етіп, ернімді тигіздім. Алмас қылыштың сабын кезінде Жанқожа бабамның қарулы қолы қыса ұстап, батырдың пірі Дәрменқұл ишанның саусағының ізі түскенін ойлағанымда жүрегім аузыма тығылды. Тылсым дегенді қойсаңшы. Арада бірнеше ғасыр өткенде батыр мен ишанның ұрпағы жүздесіп, бабалары бастарынан өткерген ортақ оқиғаны жалпақ жұртқа жариялайды деп кім болжаған?! «Орынбет ишан» мешітінің ішінде Аллаға сыйынып тұрып, қазақ халқының аспаны мәңгі ашық болуын ішімнен үздіксіз тіледім. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы,

Үрмәш Түктібаев ауылы

 


ИМАМДАР ФОРУМЫ БІРЛІКТІ МАҚСАТ ТҰТАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.10.2019 15:35

Еліміз өзінің бағыт-бағдарын барша азаматтың сенім, ар-ұждан бостандығына кепілдік берілген зайырлылық сипатта айқындады. Осыған сәйкес, кез келген діннің ішкі мәселелері қоғамның тұтастығына сызат түсіріп, араздыққа апармауы қажет. Елордада үшінші мәрте өткен имамдар форумы мешіт қызметкерлеріне күш-жігер беріп, ертеңгі күнге деген сенімін нықтап, беделін арттыра түсті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының үшінші мәрте ұйымдастырған имамдар форумына Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен белгілі теологтар және еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ге жуық имамдар қатысты.

Жалпы, форум ислам дінінің өркен жаюына, асыл дініміздің дамуына тың серпін берді деуге болады. Әрбір форум қатысушы имамдарға ерекше әсер қалдырып, тиімді еңбек етуге ықпалын тигізуде.

Форумның мақсаты ислам дініне деген құрметті арттыру, діни саладағы жұмыстарды оңтайландыру, Қазақстан мұсылмандарының бірлігін одан әрі нығайту болып табылады. Сондай-ақ, форум бірлікті, бейбітшілікті мақсат тұтады деуге де негіз бар.

Имамдар форумында ҚМДБ «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани Тұғырнамасы», «Діни рәсімдер тізілімі», «ҚМДБ құрылымындағы лауазымдар тізілімі мен міндеттері» құжаттары қабылданды.

Қабылданған бұл құжатта дін қызметкерлерінің, яғни бас имам, наиб имам, ұстаз, молда, азаншылардың лауазымдық міндеті мен мәртебесі айқындалды. Соған сай дін мамандары жоғары лауазымды қызметтерге сатылап тағайындалатын болады.

Имам бес уақыт намазға имамдық етумен ғана шектелмейді. Оның уағыз айту, діни рәсімдерді атқару, мешітке келген әрбір жамағаттың сұрағына жауап беру, рухани іс-шаралар ұйымдастыру секілді басқа да жұмыстары жетерлік.

Қазақстан мұсылмандарының ұстанымы Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі – Қазақстандағы исламның дәстүрлі жолы екені даусыз. Осы орайда «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани Тұғырнамасы» халқымыздың береке-бірлігін одан әрі нығайта түсері ақиқат. Бұл әрине, жүрекке жылылық, көңілге қуаныш ұялатады.

Бүгінде егеменді елімізде тұрғындарды имандылық пен ізгілікке үндейтін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметі кең қанат жайып келеді. Мемлекетте дәстүрлі діннің тұрақты дамуына жан-жақты қамқорлық жасалып отыр.

Нәтижесінде ислам дінінің қоғамдағы рөлі артып, мұсылман жамағаты еліміздегі рухани құндылықтардың жаңғыруына, тұрақтылықтың орнығуына сүбелі үлес қосуда. Бір өкініштісі, бүгінде мешіт жамағатының арасында аздаған түсініспеушіліктер байқалып қалады. Кейбір дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегіне кетіп қалған азаматтарымыз мешіттің ішкі тәртібіне бағынғысы келмей, имамдармен сөз таластырып жатқан келеңсіз жағдайларда орын алды. Елімізде кейбір мешіттерде ғибадат ету уақытында мешіттің ішкі тәртібіне бағынбай, дауыс көтеріп, имам мен жамағаттың намаз оқуына кедергі келтірген кездер де болған. Қазір бұл мәселе өз шешімін тапты. Себебі, осыдан бірнеше жыл бұрын мешіттің ішкі ережелері қабылданды. Бекітілген мешіттің ішкі ережесі мен тәртібіне сәйкес, намаз оқушы жамағат ішкі тәртіп-ережелерін мұқият сақтауға, көрсетілген талаптарды орындауға міндетті. Жамағаттарға мешітте дау-жанжал шығаруларына, қарама-қайшы іс-қимыл, әрекеттер жасауларына тыйым салынады. Мешіттің ішкі тәртібіне бағынбаған азаматтарға ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған жаза ретінде 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 106 050 теңге әкімшілік айыппұл cалынады.

Осы орайда деструктивті діни идеологияның алдын алуда баршамыз өз үлесімізді қосуымыз қажет. Себебі елдегі тұрақтылық іргетасының қалануына, имандылық аясының кеңеюіне мейлінше үлес қосу – күллі мұсылманның міндеті. Олай болса, жағаны кеңге сала бермей, жат ағым ұстанушылармен  күрес өз жалғасын табуы керек. Бізге ең бастысы – татулық жəне келісім керек. Сондықтан бөлінушілік пен кикілжіңге, жамағат арасын бұзатын, ауызбіршілікке нұқсан келтіретін, жамағат арасында араздық тудыратын істердің алдын алу керек.

Қазіргі жат ағымдардың соңында кеткен азаматтарымыздың дені – бүгінгісін ғана ойлап, діннің шынайы болмысынан шеттегендер. Дін ұстану бейнебір дүниеден баз кешу емес. Отанға, елге, жерге, бауырға, ата-анаға деген құрмет мен сүйіспеншіліктің қайнар бұлағы діннен бастау алатынын ұмытпайық. Ислам дінінде саф тазалық, керемет көркемдік тұнып тұр. Сол тазалықты, рухани тереңдіктегі тұнықтықты лас ойлармен кірлетпей, адамгершілігімізді жоғалтпайық.

Отаны бір адамзат баласына шаңырағының түтіні түзу ұшуы үшін береке, бірлік ауадай қажет. Ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан бірлікті сақтау – ең маңызды міндет.

Тұрар ӘБУОВ,

Дінтанушы

 


Аудан төрінде қонақта – Ақұштап Бақтыгереева PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.10.2019 13:35

Өткен сенбіде аудандық кітапхана жанындағы «coworking» орталығында «Қазалы» газетінің ұйымдастыруымен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Ақжайықтың ақ шағаласы» атанған ақын Ақұштап Бақтыгереевамен кездесу кеші өтті.

Кітапхана қызметкерлері дайындаған «Ақжайықтың ақ шағаласы» кітап көрмесі қалың жұртшылыққа таныстырылып, кеш шымылдығын №216 мектептің оқытушысы Құралай Асаубаева «Қазалым» әнімен ашты. Сөз зергерімен кездесуге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әліби Әбиев арнайы қатысты. Шара тізгінін ұстаған «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаев жергілікті оқырманға ақын шығармашылығы туралы деректер оқып, өлең жолдарынан үзінді келтірді.

Мұнан соң танымал ақын:

– Уақытпен санасатын заманда Сыр бойына Жайық қызы келді дегенді естіп жиналған жұртшылыққа ризашылығымды білдіремін. Оқырманымен қауышып, кітапсүйер қауымның жүрекжарды лебізін тыңдау – ақын үшін ең үлкен бақыт. Жасында жұлдыздай жарқырап өткен Ғани Мұратбаев пен Роза Бағланова, Мәдина Ералиева сияқты қазақ өнерінің алып тұлғаларын туғызған киелі топыраққа табанымыз тиіп, бойымды ерекше сезім билеп тұр.

«Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,

Ауызында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның» - деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, жарты ғасырдан асқан ақындық ғұмырымда мен біраз дүниені бастан өткердім. Соғыстан кейін туған «жоғалған ұрпақ» өкілі болғандықтан тұла бойыммен қатыгездік пен қиянат атаулыға қарсы тұрдым. Аумалы-төкпелі заманның талайын көрген қазақ халқының қайсар мінезді қаракөз қыздарын жырға қостым. Бейбітшіліктің бойтұмарын таққан болашақ ұрпақ біз көрген қиямет-қайымды көрмесе екен деймін, - деген ойымен бөлісіп, кітапхана оқырманына естелікке арнайы ала келген «Ақ шағала» таңдамалы кітабын табыс етті.

Мұнан соң қазалылық ақын Сағыныш Өтеулиева кеш иесіне ақ тілегін арнап, төл туындысы «Сырұя» жыр жинағы мен гүл шоқтарын сыйлады. Аранды ауылының кітапханашысы Данабек Жәдиев жырдан шашу шашып, қалың көпшілікті дән риза қылды. Абай атындағы №90 мектептің оқушысы, жас ақын Әлихан Махашев Ақұштап Бақтыгерееваға «арнау» өлеңін оқып, ақынның ақ батасын алды.

Келесі кезекте Қазалы ауданының құрметті азаматы Шарафадин Алтынбаев ақын шығармашылығына тоқталды.

Шараны қорытындылаған Болат Жолтаев:

– Ақжайықтан әуелеп ұшқан ақ шағала Сыр жағасына келіп дамылдады. Ақұштап ханым, биыл 75 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Тәңір таңдайына сөз салған таңдаулы жанның бірісіз. Қуатыңыз семімей, алты Алаштың баласын жауһар жырыңызбен қуантып жүре беріңіз! - деп, туған жер тарихынан сыр шертетін «Қазалы» кітабын және қошемет гүлін тарту етті.

Өлеңсүйер ағайын ақын шығармаларына қолтаңбасын қойдыруға асығып кезекке тұрды. Шара соңында аудан тұрғындары кеш иесімен естелік суретке түсті.

Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ,

Қазалы  ауданы

 


Күнтізбе

< Қазан 2019 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары