Өзекті мәселелер

  • 07.11.19

    Бақытжан  НИЯЗОВ,

    ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

     

    – Бақытжан Мақсұтұлы,  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысы ауқымды және ең маңызд­ы  саланың бірі екені даусыз. Білуімізше, агенттік тарапына...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    - Райкүл Мәнсүрқызы, депутатты­қ қызмет Сізге таңсық­ емес. Бұл жолы қандай мақсат  қойдыңыз?

    - Депутат – халық пен билік арасындағы көпір. Шыны керек, қазіргі күні шешіл­мей жатқан мәселелердің дені – биліктің құлағына жетпегендер. Жылына төрт сессия өтеді, сол кезде әр округтен сайланған депутаттар өздерінің ұсыныс, пікірлерін айтып, мәселесін көтеру керек. Аймақта же...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Дидарынан шуақ шашып тұрған күннің райы демде өзгеріп салды. Әдетте қыстың ызғары қарашаның соңында сезілуші еді, бұл жолы айдың басында-ақ суық леп шөптің басына қырау қондырып, қар ұшқындатты. Бұл – қыстың қарбалас тіршілігі басталды деген сөз. Күн райының күрт өзгеруі, жауын-шашынның түсуі салдарынан түрлі төтенше жағдайлар болатыны белгілі. Онсыз да жылу беру маусымында қала іші...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімі  қыркүйек  айын­да­ «Көше Fest» сайысын өткізді. Бұл шараның негізгі мақсаты – көше тұрғындарының ауызбіршілігін арттыру, өскелең ұрпаққа ақса­қалдарды қадірлеуге шақыру, жастардың бойында иба-ізет, намыс, ар-ождан, қадір-қасиет сынды биік адамгершілік қасиеттерді қалыптас­тыру  және де  қаланың бір бөлшегі саналатын  көшенің тазалығын  сақтауға  ша...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Сырдың бас қаласында сонадайдан мен­мұндалап тұратын көпқабатты тұрғын үйлер жетерлік­. Қайбір жылы Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай солардың бірсыпырасы күрделі жөндеуден өтті. Сыртын сырлаған соң кәдімгідей түрленіп, қалаға өзгеше рең беріп, шаһардың шырайы кіріп қалды. Бұл жұмыс­тарды жүргізуге Сырдың меценат жігіттері атсалысы­пты. Енді сол шаралар легі жалғасын тапса дейміз. Өйткені ...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 31 Қазан 2019

«БРАКОНЬЕР»: 214 ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
31.10.2019 17:00

2019 жылдың қазан айының 5-31-і күндері аралығында облыс көлемінде «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген болатын. Іс-шараға арнайы мобильдік топ құрылып, жұмылдырылды. Шара барысында облыс бойынша барлығы 214 экологиялық заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде, заңсыз ағаштар мен бұталарды кесудің – 3, заңсыз аң аулау және аң аулау ережелерін бұзудың – 136 (оның ішінде 4 заңсыз аңшылық), заңсыз балық аулаудың – 53, азаматтық қаруды тасымалдау, сақтау ережесін бұзудың 22 дерегі тіркелді. Аталған мерзімде 9 қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Заңсыз аң, балық аулаумен және заңсыз бұталар мен ағаштарды кесумен ұсталған 7 автокөлік тәркіленіп, айып алаңдарына жеткізілді.

Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 12 қазанында Жаңақорғанда аудан тұрғынының басқаруындағы «ГАЗ-53» маркалы автокөлігі тоқтатылып, тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан заңсыз сексеуіл бұталары анықталды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 340-бабы, 1-бөлігі бойынша (ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Бұған қоса, 23 қазан күні  Қармақшы ауданы Иіркөл ауылы тұсында 2 азамат түн мезгілінде қасқалдақ, үйрек атып жүрген жерінен ұсталды. Ұсталғандардан 20 дана құстардың өлі денесі анықталды. 1 аңшы мылтығы айғақ зат ретінде алынды. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 382-бабына сәйкес хаттамалар толтырылды. Одан бөлек, олардан мемлекет пайдасына материалдық шығын өндірілетін болады.

Осыған сәйкес, Қызылорда облысының Полиция департаменті аң және балық аулау талаптарын бұза отырып, қоршаған ортаға елеулі зиян келтіру әрекеттері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкеліп соқтыратын ескертеді.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

 


ЕТТІ БАҒЫТТАҒЫ ІРІ ҚАРА МАЛДЫ ӨСІРІП, КӨБЕЙТУ ЖОЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
31.10.2019 13:40

Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданындағы «Заман Ата» шаруа қожалығының базасында Кәсіпкерлер палатасы мен «Біліктілік орталығы» ЖШС ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арнайы семинар өткізді.

Шарада етті бағыттағы ірі қара малдарды азықтандыру, өсіру және көбейтудің әдіс-тәсілдері жөнінде айтылып, саладағы жаңалықтар талқыланды.

«Қызылорда облысында мал өсірудегі өте маңызды мәселелердің бірі – ет бағытындағы шаруашылықтарды дамытып, сиыр етін ішкі және сыртқы нарыққа шығару. «Атамекеннің» ұйымдастырған семинарында қараған мәселеміз де осы. Өңір шөл және шөлейтті аймақта орналасқандықтан мұндай жерлерді пайдаланудың тиімді жолы етті ірі қара мал санатына жататын қалмақ сиырын өсіру болып табылады. Семинарда мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға сиырдың осы түрін бағу, селекциялық мәселесі, оны әрі қарай дамыту жолдарымен таныстырдық», - дейді Оңтүстік Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Нұридин Әлібаев.

Етті ірі қараның ішінде «қалмақ сиыры» деп аталатын тұқымы елімізде 2000 жылдан бері өсіріліп жатыр екен. Мамандардың айтуынша, ірі қара малының бұл түрі өте шыдамды, өсіруге тиімді. Оның негізгі ерекшеліктерінің бірі – қатаң климатқа төзімді, терісінің қалыңдығына орай құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейге шыдамдылығында.

Семинарда мамандар қалмақ сиырының аналығының салмағы 600 килоға дейін, аталықтары 1000-1200 килоға дейін жететіндігін, бұл тұқымның жайылымдық жерді жақсы пайдаланып, оған шығын аз жұмсалатындығын да айтып өтті. Соның арқасында елімізде мал шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкерлер бүгінде ірі қараның осы тұқымын өсіруге басымдық беріп жатыр екен.

Шарада мұнан өзге ветеринариялық шараларды жүргізу, мал басы туралы барлық мәліметтерді жинақтайтын арнайы чиптер, мал тұқымын асылдандыру, қолдан ұрықтандырудың пайдасы және өзге де мәселелер қаралды.

Айта кету керек, «Атамекен» ҰКП жанынан құрылған «Біліктілік орталығы» ЖШС Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасымен бірге ауылшаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің кәсіби біліктілігін көтеруге арналған шаралар өткізуде. Бүгінгі күнге дейін мал және өсімдік шаруашылығы бағыттары бойынша облыс көлемінде 5 тегін семинар өткізілді.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Әлем әдебиетінің ӘБДІЖӘМІЛІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.10.2019 12:30

Бұл маңның бір кездегі тас уытар толқынын, оркестр әуеніндей әуезді шуылын тек естелік етіп ғана айтып жүрміз. Кемеден қаңқа, капитаннан киім ғана қалған қазір. Теңіздің құм ортасындағы маржандай сұлу да маңғаз кейпі музейде картина боп ілулі тұр. Сол сұлу табиғаттан тек ескі кадрлар ғана естелік айтады. Байырғы балықшылар жоқ іздеген жандай жергілікті музейге келіп көк теңізімен бір көрісіп кетеді. Сұрқай саясат дейміз іштен – табиғатқа жасалған зор қастандық үшін. Алып айдынның тағдыры түптеп келгенде адам тағдыры еді-ау...

Бүгінгі ұрпақ үшін ескінің әңгімесіндей боп естілетін­ көк теңіздің даңқты кезін де, аңқасы кеуіп құлан жортқан қу медиенг­е айналған шағын да көзбен көрген жазушы – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Ол маңдайдағы емес, көкірек көзімен түйсінді. Көк теңізінің көз алдында шөгіп бара жатқанына налыды­. Табиғатқа жасалған қиянаттың айналып келіп адамзатты­ң өзіне өштесерін ерте сезінді. Себебі­ жазушы да, ақын да елден елу жыл алда өмір сүреді емес пе? Осылайша қалам деген құдіретті ұстаған жазушы теңіз тағдырын айтып талай рет мақала жазды, құлағы барға естіртті. Бұл көзі тірі классиктің туған жер тағдырына, адам тағдырына деген алаңы еді.

«Мен ең әуелі қазақпын. Менің осынау бүтіл жаратылысқа, бүтіл тіршілікке деген көзқарасым мына жарық дүниеге келген сәттен, былайша айтқанда жөр­ге­гімнен ана тілім­нің әсем әуезі, боз далада бозала таңнан шырылдап, шырқырап ән салатын боз­торғайдың үні, садағаң кетейін қазақ даласының боз жусанының ащы иісі мен ән-күйі арқылы ғана қалыптасқан» депті жазушы естеліктерінің бірінде. Мына ұлы далаға­ деген ыстық ықыласын осыдан­-ақ  аңғарса  болғанд­ай.

Сөз деген құдірет кез келген­нің маңдайына жазыл­а бермейтін бақ болса керек. Ол – Тәңірден келет­ін қасиет, табиғаттан берілген сый. Ал қасиет­ті ұстап тұру, аманатты адалдықпен арқалап жүру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал Ә.Нұрпейі­сов «халық жазушысы» деген атақты иеленді. Көлде­нең­ көк аттыға таңылмайтын бұл атақ – сұрап ала алмайтын, саудамен есептелмейтін дәреже. Мұнда тек халық қалауы ғана төреші бола алады. Шығарма­шылық талдау мен әдебиет әлеміндегі маңызын әдебиет­шілерден асырып айта алмаспыз. Алайда жазушы­лық жолға роман арқалап келген қаламгердің сөз майданында сайыпқыран солдат болғаны күмәнсіз. Оның көркемсөзбен кесте­лей сурет сала білетін шебер­лігі  талай сыншының назарына ілікті. Сәбит  Мұқанов үлкен бір алқалы жиында  Әбдіжәміл Нұр­пейісов  жайында: «Менің  қазақ  әдебиетінде 20 жыл бойы күткен адамым енді келді», - деп көп­шіліктен сүйінші сұрап, жар салған екен. Оның шын бағасын осыдан асырып  қалай  айтамыз.

Қаламгердің сөз өнеріне деген сүйіспеншілігі қанмен дарыса керек.­ Көз көрген кісілердің айтуын­ш­а, жасынан құймақұлақ зеректігі, күндіз де, түнде де бас алмайтын кітапқұмарлығы жазушының жансарайын аша түсті. Одан соң орта мектепті тамамдап­, соғысқа аттанады. Өмірдің түрлі бұралаңы болашақ жазушының буынын қатайтқан. Он жеті жасында әскерге алынған бозбаланың ойында сұрапыл жылдар­ пісіп жетіліп, кейін «Курландия» романына айналды. Жастанып оқыған «Қан мен тер» кейіпкер кейпімен ұлт тағдырын сипаттаған шығарма болатын. Одан кейінгі «Соңғы парыз» жазушының туған жерге деген тағзымындай еді. Ұлы теңіз талай тарланд­ы түлетіп ұшырды. Ұлт руханиятының ұстазын­а айналар тұлғаларды дүниеге әкелді. Бұл – құмға құндақталып, теңізбен тербелген, табиғатпен тілдескен суреткерлердің ордасы.

Қаламгердің көк теңіздің қос дәуіріне куә бол­ғанын айтқан едік. Жағалау алыстап, жұрт жапа-тармағай көшкен заман болған. Қаңыраған ауылдар қабырғасына батты. Өзің толқынына тербелген көк айдынның көз алдыңда құмға сіңіп бара жатқанын көру азап еді. Алайда көңілге жұбаныш болар жаңа бастамалар теңізді қайта түлеткендей болды. Балықшылардың байырғы дәурені басталып, өзге жаққа қоныс аударған ағайын туған жерімен қауышты. Осы игіліктің бәрі – туған жер пер­зент­терінің Тәңір-тілегінің, жағалау жұртының ертеңге деген сені­мінің жемісі. Теңіз-ананың талай тағдырлы шағында сырт айнал­маған Әбеңнің де бар қалауы осы бола­тын. Ол әлем әдебиетінің Әбдіжәмілі атанса да, туған жер алдынд­а қашанда сәби екенін ұмытқан  жоқ.

Уақыт қашанда әділетті. Заманд­ар сайдың тасындай сақаларды ғана іріктеп алатыны даусыз. Тағдыр таразысына түскен талай  жан  өмір  көшінде өз жолына­н  адасып  қалып  жатады. Алайда­ Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жазушы­лық тағдыры адастырмады, адаспады. Ол осы арқылы қаламына адал қызмет етті, хал­қына рухани қазына ұсынды. Бүгінде 95 жасқа келіп, Ұлттың абызына айналған жазушыға жоғарғ­ы дәреже – Қазақстанның Еңбек  Ері  атағы  беріліп отыр. Бұл – Арал жұртының, Қазақстан халқының қуанышы. Өмір бойы халқына қаламымен, махаббатымен қызмет еткен ақсақалымыздың лайықты наградағ­а ие болуы бізді де қуантады.

Мәди  ҚҰРМАНӘЛІ,

журналист,

Арал  қаласы

 


«МҮЙІЗ МАЙДАНЫНДА» «МҮЙІЗДІЛЕР» БАР МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
31.10.2019 12:20

Жануарлар мен өсімдіктерді қорғау туралы тоқтам өркениетті елдерде бірте-бірте қалыптасты. Еуропа, Ресей, Қытай, Үндістан, Жапония елдерінде де табиғат­ байлықтары мен жануарларына деген ерекше көзқарас бар. Ал Мәскеу маңындағы ормандар қойнауын­дағы табиғат байлықтарын «патша қазынасы»­ деп жариялап, арнайы жарлық шығарған кім екенін білесіз бе? Білмесеңіз, айтайық. Ол – орыс патшасы І Петр. Тіпті өзен бойынан 3 шақырымға дейінгі жердегі ағашты кескендерді де қатаң жазаға тартқан да – осы  патша. Ал біз табиғат «бөлшектерін» қалай қорғап жүрміз?

Бізде сирек кездесетін немесе жоғалып кетудің алдында тұрған жан-жануарлар мен аң-құстар «Қызыл кітаппен» қорғалады деген түсінік бар. Анығы, тек енгізілген десек болады. Өйткені оларды қорғау жөнінен әлі де тәжірибеміз аз. Неге деген сұрақтың туындауы да – заңдылық. Айтайық, табиғаттан ұсталған сұр тотықұстарын да импорттамайтын Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб әмірліктеріне соңғы жылдары қазақ жерінен дуадақ­ аулауға рұқсат бердік. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бірнеше жылдан бері шейхтер Абу-Даби эмиратының экология агенттігі мен Қазақстандағы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің арасын­дағы келісім бойынша елімізд­е сирек кездесетін құстар санын көбейтуде.

- Бұл құс тым сирек те емес. 2009-2016 жылдары Қазақстанда арабтар өсірген 7555 дуадақ жібе­рілсе, оның 1139-ы – Қазақстанда арабтар салған орталықта өскен құстар. Шейхтер БАӘ-ден әкелін­ген және эмираттың қаржылық қолдауымен Қазақстанда өсіріл­ген дуадақтарды аулай алады. Ал бұл орталық жыл сайын 5 мың дуадақ­ өсіріп шығарады. Олар өз­дері өсіреді. Одан бөлек, сай­ғақ­тарды күзетуге де көмектеседі, - деді ҚР Ауыл шаруашылығы ми­нистрлі­гінің өкілі Бақытбек Дүйсекеев.

Айта кетерлігі сол, екіжақты келісіммен өсіріліп, табиғатқа ұшырылып жатқан бұл дуадақтарды аулауға рұқсат тек арабтарға ғана беріліп отыр. Ал қазақстандықтар бұл құстың қанатын «сындыр­ар» болса, жаза қатаң. Жә, құстың жайы бір бөлек.

Табиғат қорғау аясындағы «мүйізді» мәселенің ушығуы маза­н­ы  алып тұр. Бұған дейін дала кие­сін қызғыштай қорып жүрген қарағандылық қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің браконьерлердің қолынан қаза тапқаны қоғамдық резонанс туғызды. Кісі өліміне ұласқан заңсыз аң аулаушылық туралы қылмыстық істің нүктесі қойылып үлгерместен, осы тектес оқиғалар жалғасуда. «Охотзоопромның» тағы бір инспекторы өз жұмысын атқару барысында қаза тапты. Бұл жолғы оқиға Қызыл­орда облысы, Жалағаш ауданында­ болған. Киік атып жүрген бра­коньерлерді қуып жетпек болған инспекторлардың көлігі аударылып, оқиға орнында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының инспекторы Әділ Кенжеғұлов ауыр жарақат салдарынан көз жұмды. Дегенмен, екінші экипаж заңсыз киік ату­шыларды қолға түсірді. Бүрсігүні марқұм Ә.Шарапатдинұлы ел президентінің Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. Отбасына материалдық көмек көрсетілгенімен, адамның орны толмайтыны әлімсақтан белгілі. Дала төсіндегі «мүйіз майданы» мұнымен де біткен жоқ. Қазан айының соңғы жексен­бісінде Қарағанды облысының Нұра ауданының аумағынан 72 киіктің жансыз денесі табылды. Олар жаппай індеттен не жырт­қыш аңдардың  құрбаны болға­н жоқ. Мылтық шүріппесімен мал табуға құныққан «қоғам жыртқыштарынан»­ қашып құтыла алмаған мүйізділер еді. Дәл осы күні Нұра ауданында тағы да ақбөкен­ге бас салып жүргендер кездескен. Алайда ізін жасырып үлгерген браконьерлер ұсталмады.

Тілге тиек етуге болатын жайт, мемлекет басшысының осы оқи­ғада үнсіз қалмауы. «Браконьерлер табиғат байлығы саналатын киіктерді аулауды тоқтатпай отыр. Алматы облысында ҰҚК (Ұлттық қауіпсіздік комитеті – ред.) қызметкерлері 3 мыңға жуық (!) киікті өлтірген қылмыскерлерді құрықтады. Қаскөйлер Заңға сәйкес қатаң жазаға тартылуы тиіс. Құқық қорғау органдары мұндай заңсыз әрекеттерге тоқтау салуы керек» - деп бір ауыз пікір білдірді әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бұл оқиғалардың болғанының өзі – трагедия. Адами фактор салдары­нан туындаған табиғат трагедиясы. Бұл тіпті дала киелі­сін­ің мүйізін экспорттауға бағытталған арнайы қылмыс болуы­ да ықтимал. Бұл – тек жорамал. Бәрі де мүмкін. Өйткені, мүйіз саудасында «мүйізділердің» отыруы да таңғаларлық дүние емес. «Қызыл кітаптың» парағы күнде «жыртылып» жатса да, Заңды қатайтуға құлық жоқ.

Н.ҚАЗИ

 


ҰСТАЗДАР ҚҰҚЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚОРҒАЛЫП ЖҮР? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
31.10.2019 12:00

 

 

Райкүл БАЙНАЗАРОВА, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Қызылорда облыстық ұйымының төрайымы:

 

- Ұстаздардың мұң-мұқтажын тыңдау – менің жұмысым. Білім саласындағы қызметкерлердің шешілмей жатқан мәселелеріне араласамыз. Жұмыс болған соң кейбір мекемелерде заңбұзушылықтар орын алады.

Кей кездері еңбек шарттары, оның ішінде жылдық кезекті еңбек демалысының қаржысы толық төленбейтін жайттар жиі кездеседі. Мұндай жағдай кездес­ті, бүгінде толығымен шешілді. Сондай-ақ, жұмыстан шығару кезінде де көптеген заңбұзушылықтар болады. Мұндай жайттарды жазбаша түрде әкеледі, кейде хабарлайды. Білім саласындағы заңға қайшы әрекеттердің барлығын кәсіподақ мамандары мен заңгерлері тұрақты қадағалап отырады. Бірақ, білім саласындағы басшылар мен қызметкерлердің жақсы тұсы бар, ол – түсіністікпен қарауы. Көбіне құқық қорғау орган­дарының араласуына дейін апармай, кәсіподақ комитеті төңірегінде шешуге тырысамыз. Сол себепті қандай да болсын­ заңбұзушылықты алдымен мекеме басшысына ескертеміз. Олар да себеп-салдарын түсіндіріп, дереу мәселені шешуге кірісіп, жұмыстарын жалғастыра береді.

Қазіргі уақытта ең күрделі мәселе – мұғалімдердің оқуға барған кездегі жолсапарлық құжаттарының дұрыс реттелмеуі, ақшасының төленбеуі. Осы мәселені 2020 жылдан бастап толығы­мен  шешуіміз  керек.

 


Күнтізбе

< Қазан 2019 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары