Өзекті мәселелер

  • 14.11.19

    Ішкі істер министрінің орынба­сары Алексей Калайчиди аттестациядан кейін лауазы­мы­нан  босаған полиция басшы­лары туралы айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

    – Аттестация екі кезеңнен тұрды. Біріншісі – дайындық барысы. Яғни, лауазымдағы азаматтың  кәсіби  дағдысы зерттелді. Біз бұған  дейінгі полиция басшыларын аттестаттаудың оқ ату, дене дайындығын, заңды білу деңгейін тексеру сек...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Бізде мынадай тенденция бар ғой. Әкімдер мемлекеттік мекемелерге барса,­ сондағы қызметкерлер тайлы-таяғымен иіліп төсек, жайылып жастық бола қалатын. Тіпті, бұл дәстүрге айналып кеткені қашан?! Ал әкім мекеме­ге ескертусіз келсе, жағдай қалай болар еді? Мұндай «қызықты» апта  басында  көрдік.

    ...
    Толығырақ...
  • 14.11.19

    «Отан қорғап, сарбаз сапына қосылады» деп үкілі үміт артып отырған­ бөріктілердің арасында әскери борышын өтеуден қашып жүргендер бар. «Қашқындарда­н» бөлек, республиканың түкпір-түкпіріне немесе өзге мемле­кеттерге жұмыс істеуге барып, нақты мекенжайсыз, хат-хабарсыз кететіндерге де дауа болмай отыр. Осыған­ байланысты әскерге шақырылушыларды жергілікті әскери­ басқару органдарына шақы...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Мәдениет ауылдық округі тіректі елді мекенге айналғалы бұл өңірдің тірлігі де алға басты. Ауыл әлеуетінің артуына бұрын жергілікті шаруашылықтар қолғабыс ететін. Қазір кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланған ауыл тұрғындары да табысқа кенелуде. Кейбір жандар жеке табысы артқан сайын әлі де бола берсе екен дейді. Ал  бұл  елді  мекендегі  шаруашы...

    Толығырақ...
  • 14.11.19

    Өткен жылы мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарлама­сына қатысып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Бастау Бизнес» курсынд­а білімін жетілдірген Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылының жас кәсіпкері Қосым Жұмағалиевтің  есімі  бүгінде ауылдастарына жақсы­  таныс.

    ...
    Толығырақ...
Қазан 2019

«БРАКОНЬЕР»: 214 ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
31.10.2019 17:00

2019 жылдың қазан айының 5-31-і күндері аралығында облыс көлемінде «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген болатын. Іс-шараға арнайы мобильдік топ құрылып, жұмылдырылды. Шара барысында облыс бойынша барлығы 214 экологиялық заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде, заңсыз ағаштар мен бұталарды кесудің – 3, заңсыз аң аулау және аң аулау ережелерін бұзудың – 136 (оның ішінде 4 заңсыз аңшылық), заңсыз балық аулаудың – 53, азаматтық қаруды тасымалдау, сақтау ережесін бұзудың 22 дерегі тіркелді. Аталған мерзімде 9 қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Заңсыз аң, балық аулаумен және заңсыз бұталар мен ағаштарды кесумен ұсталған 7 автокөлік тәркіленіп, айып алаңдарына жеткізілді.

Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 12 қазанында Жаңақорғанда аудан тұрғынының басқаруындағы «ГАЗ-53» маркалы автокөлігі тоқтатылып, тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан заңсыз сексеуіл бұталары анықталды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 340-бабы, 1-бөлігі бойынша (ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Бұған қоса, 23 қазан күні  Қармақшы ауданы Иіркөл ауылы тұсында 2 азамат түн мезгілінде қасқалдақ, үйрек атып жүрген жерінен ұсталды. Ұсталғандардан 20 дана құстардың өлі денесі анықталды. 1 аңшы мылтығы айғақ зат ретінде алынды. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 382-бабына сәйкес хаттамалар толтырылды. Одан бөлек, олардан мемлекет пайдасына материалдық шығын өндірілетін болады.

Осыған сәйкес, Қызылорда облысының Полиция департаменті аң және балық аулау талаптарын бұза отырып, қоршаған ортаға елеулі зиян келтіру әрекеттері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкеліп соқтыратын ескертеді.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

 


ЕТТІ БАҒЫТТАҒЫ ІРІ ҚАРА МАЛДЫ ӨСІРІП, КӨБЕЙТУ ЖОЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
31.10.2019 13:40

Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданындағы «Заман Ата» шаруа қожалығының базасында Кәсіпкерлер палатасы мен «Біліктілік орталығы» ЖШС ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арнайы семинар өткізді.

Шарада етті бағыттағы ірі қара малдарды азықтандыру, өсіру және көбейтудің әдіс-тәсілдері жөнінде айтылып, саладағы жаңалықтар талқыланды.

«Қызылорда облысында мал өсірудегі өте маңызды мәселелердің бірі – ет бағытындағы шаруашылықтарды дамытып, сиыр етін ішкі және сыртқы нарыққа шығару. «Атамекеннің» ұйымдастырған семинарында қараған мәселеміз де осы. Өңір шөл және шөлейтті аймақта орналасқандықтан мұндай жерлерді пайдаланудың тиімді жолы етті ірі қара мал санатына жататын қалмақ сиырын өсіру болып табылады. Семинарда мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға сиырдың осы түрін бағу, селекциялық мәселесі, оны әрі қарай дамыту жолдарымен таныстырдық», - дейді Оңтүстік Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Нұридин Әлібаев.

Етті ірі қараның ішінде «қалмақ сиыры» деп аталатын тұқымы елімізде 2000 жылдан бері өсіріліп жатыр екен. Мамандардың айтуынша, ірі қара малының бұл түрі өте шыдамды, өсіруге тиімді. Оның негізгі ерекшеліктерінің бірі – қатаң климатқа төзімді, терісінің қалыңдығына орай құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейге шыдамдылығында.

Семинарда мамандар қалмақ сиырының аналығының салмағы 600 килоға дейін, аталықтары 1000-1200 килоға дейін жететіндігін, бұл тұқымның жайылымдық жерді жақсы пайдаланып, оған шығын аз жұмсалатындығын да айтып өтті. Соның арқасында елімізде мал шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкерлер бүгінде ірі қараның осы тұқымын өсіруге басымдық беріп жатыр екен.

Шарада мұнан өзге ветеринариялық шараларды жүргізу, мал басы туралы барлық мәліметтерді жинақтайтын арнайы чиптер, мал тұқымын асылдандыру, қолдан ұрықтандырудың пайдасы және өзге де мәселелер қаралды.

Айта кету керек, «Атамекен» ҰКП жанынан құрылған «Біліктілік орталығы» ЖШС Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасымен бірге ауылшаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің кәсіби біліктілігін көтеруге арналған шаралар өткізуде. Бүгінгі күнге дейін мал және өсімдік шаруашылығы бағыттары бойынша облыс көлемінде 5 тегін семинар өткізілді.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


Әлем әдебиетінің ӘБДІЖӘМІЛІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.10.2019 12:30

Бұл маңның бір кездегі тас уытар толқынын, оркестр әуеніндей әуезді шуылын тек естелік етіп ғана айтып жүрміз. Кемеден қаңқа, капитаннан киім ғана қалған қазір. Теңіздің құм ортасындағы маржандай сұлу да маңғаз кейпі музейде картина боп ілулі тұр. Сол сұлу табиғаттан тек ескі кадрлар ғана естелік айтады. Байырғы балықшылар жоқ іздеген жандай жергілікті музейге келіп көк теңізімен бір көрісіп кетеді. Сұрқай саясат дейміз іштен – табиғатқа жасалған зор қастандық үшін. Алып айдынның тағдыры түптеп келгенде адам тағдыры еді-ау...

Бүгінгі ұрпақ үшін ескінің әңгімесіндей боп естілетін­ көк теңіздің даңқты кезін де, аңқасы кеуіп құлан жортқан қу медиенг­е айналған шағын да көзбен көрген жазушы – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Ол маңдайдағы емес, көкірек көзімен түйсінді. Көк теңізінің көз алдында шөгіп бара жатқанына налыды­. Табиғатқа жасалған қиянаттың айналып келіп адамзатты­ң өзіне өштесерін ерте сезінді. Себебі­ жазушы да, ақын да елден елу жыл алда өмір сүреді емес пе? Осылайша қалам деген құдіретті ұстаған жазушы теңіз тағдырын айтып талай рет мақала жазды, құлағы барға естіртті. Бұл көзі тірі классиктің туған жер тағдырына, адам тағдырына деген алаңы еді.

«Мен ең әуелі қазақпын. Менің осынау бүтіл жаратылысқа, бүтіл тіршілікке деген көзқарасым мына жарық дүниеге келген сәттен, былайша айтқанда жөр­ге­гімнен ана тілім­нің әсем әуезі, боз далада бозала таңнан шырылдап, шырқырап ән салатын боз­торғайдың үні, садағаң кетейін қазақ даласының боз жусанының ащы иісі мен ән-күйі арқылы ғана қалыптасқан» депті жазушы естеліктерінің бірінде. Мына ұлы далаға­ деген ыстық ықыласын осыдан­-ақ  аңғарса  болғанд­ай.

Сөз деген құдірет кез келген­нің маңдайына жазыл­а бермейтін бақ болса керек. Ол – Тәңірден келет­ін қасиет, табиғаттан берілген сый. Ал қасиет­ті ұстап тұру, аманатты адалдықпен арқалап жүру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал Ә.Нұрпейі­сов «халық жазушысы» деген атақты иеленді. Көлде­нең­ көк аттыға таңылмайтын бұл атақ – сұрап ала алмайтын, саудамен есептелмейтін дәреже. Мұнда тек халық қалауы ғана төреші бола алады. Шығарма­шылық талдау мен әдебиет әлеміндегі маңызын әдебиет­шілерден асырып айта алмаспыз. Алайда жазушы­лық жолға роман арқалап келген қаламгердің сөз майданында сайыпқыран солдат болғаны күмәнсіз. Оның көркемсөзбен кесте­лей сурет сала білетін шебер­лігі  талай сыншының назарына ілікті. Сәбит  Мұқанов үлкен бір алқалы жиында  Әбдіжәміл Нұр­пейісов  жайында: «Менің  қазақ  әдебиетінде 20 жыл бойы күткен адамым енді келді», - деп көп­шіліктен сүйінші сұрап, жар салған екен. Оның шын бағасын осыдан асырып  қалай  айтамыз.

Қаламгердің сөз өнеріне деген сүйіспеншілігі қанмен дарыса керек.­ Көз көрген кісілердің айтуын­ш­а, жасынан құймақұлақ зеректігі, күндіз де, түнде де бас алмайтын кітапқұмарлығы жазушының жансарайын аша түсті. Одан соң орта мектепті тамамдап­, соғысқа аттанады. Өмірдің түрлі бұралаңы болашақ жазушының буынын қатайтқан. Он жеті жасында әскерге алынған бозбаланың ойында сұрапыл жылдар­ пісіп жетіліп, кейін «Курландия» романына айналды. Жастанып оқыған «Қан мен тер» кейіпкер кейпімен ұлт тағдырын сипаттаған шығарма болатын. Одан кейінгі «Соңғы парыз» жазушының туған жерге деген тағзымындай еді. Ұлы теңіз талай тарланд­ы түлетіп ұшырды. Ұлт руханиятының ұстазын­а айналар тұлғаларды дүниеге әкелді. Бұл – құмға құндақталып, теңізбен тербелген, табиғатпен тілдескен суреткерлердің ордасы.

Қаламгердің көк теңіздің қос дәуіріне куә бол­ғанын айтқан едік. Жағалау алыстап, жұрт жапа-тармағай көшкен заман болған. Қаңыраған ауылдар қабырғасына батты. Өзің толқынына тербелген көк айдынның көз алдыңда құмға сіңіп бара жатқанын көру азап еді. Алайда көңілге жұбаныш болар жаңа бастамалар теңізді қайта түлеткендей болды. Балықшылардың байырғы дәурені басталып, өзге жаққа қоныс аударған ағайын туған жерімен қауышты. Осы игіліктің бәрі – туған жер пер­зент­терінің Тәңір-тілегінің, жағалау жұртының ертеңге деген сені­мінің жемісі. Теңіз-ананың талай тағдырлы шағында сырт айнал­маған Әбеңнің де бар қалауы осы бола­тын. Ол әлем әдебиетінің Әбдіжәмілі атанса да, туған жер алдынд­а қашанда сәби екенін ұмытқан  жоқ.

Уақыт қашанда әділетті. Заманд­ар сайдың тасындай сақаларды ғана іріктеп алатыны даусыз. Тағдыр таразысына түскен талай  жан  өмір  көшінде өз жолына­н  адасып  қалып  жатады. Алайда­ Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жазушы­лық тағдыры адастырмады, адаспады. Ол осы арқылы қаламына адал қызмет етті, хал­қына рухани қазына ұсынды. Бүгінде 95 жасқа келіп, Ұлттың абызына айналған жазушыға жоғарғ­ы дәреже – Қазақстанның Еңбек  Ері  атағы  беріліп отыр. Бұл – Арал жұртының, Қазақстан халқының қуанышы. Өмір бойы халқына қаламымен, махаббатымен қызмет еткен ақсақалымыздың лайықты наградағ­а ие болуы бізді де қуантады.

Мәди  ҚҰРМАНӘЛІ,

журналист,

Арал  қаласы

 


«МҮЙІЗ МАЙДАНЫНДА» «МҮЙІЗДІЛЕР» БАР МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
31.10.2019 12:20

Жануарлар мен өсімдіктерді қорғау туралы тоқтам өркениетті елдерде бірте-бірте қалыптасты. Еуропа, Ресей, Қытай, Үндістан, Жапония елдерінде де табиғат­ байлықтары мен жануарларына деген ерекше көзқарас бар. Ал Мәскеу маңындағы ормандар қойнауын­дағы табиғат байлықтарын «патша қазынасы»­ деп жариялап, арнайы жарлық шығарған кім екенін білесіз бе? Білмесеңіз, айтайық. Ол – орыс патшасы І Петр. Тіпті өзен бойынан 3 шақырымға дейінгі жердегі ағашты кескендерді де қатаң жазаға тартқан да – осы  патша. Ал біз табиғат «бөлшектерін» қалай қорғап жүрміз?

Бізде сирек кездесетін немесе жоғалып кетудің алдында тұрған жан-жануарлар мен аң-құстар «Қызыл кітаппен» қорғалады деген түсінік бар. Анығы, тек енгізілген десек болады. Өйткені оларды қорғау жөнінен әлі де тәжірибеміз аз. Неге деген сұрақтың туындауы да – заңдылық. Айтайық, табиғаттан ұсталған сұр тотықұстарын да импорттамайтын Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб әмірліктеріне соңғы жылдары қазақ жерінен дуадақ­ аулауға рұқсат бердік. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бірнеше жылдан бері шейхтер Абу-Даби эмиратының экология агенттігі мен Қазақстандағы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің арасын­дағы келісім бойынша елімізд­е сирек кездесетін құстар санын көбейтуде.

- Бұл құс тым сирек те емес. 2009-2016 жылдары Қазақстанда арабтар өсірген 7555 дуадақ жібе­рілсе, оның 1139-ы – Қазақстанда арабтар салған орталықта өскен құстар. Шейхтер БАӘ-ден әкелін­ген және эмираттың қаржылық қолдауымен Қазақстанда өсіріл­ген дуадақтарды аулай алады. Ал бұл орталық жыл сайын 5 мың дуадақ­ өсіріп шығарады. Олар өз­дері өсіреді. Одан бөлек, сай­ғақ­тарды күзетуге де көмектеседі, - деді ҚР Ауыл шаруашылығы ми­нистрлі­гінің өкілі Бақытбек Дүйсекеев.

Айта кетерлігі сол, екіжақты келісіммен өсіріліп, табиғатқа ұшырылып жатқан бұл дуадақтарды аулауға рұқсат тек арабтарға ғана беріліп отыр. Ал қазақстандықтар бұл құстың қанатын «сындыр­ар» болса, жаза қатаң. Жә, құстың жайы бір бөлек.

Табиғат қорғау аясындағы «мүйізді» мәселенің ушығуы маза­н­ы  алып тұр. Бұған дейін дала кие­сін қызғыштай қорып жүрген қарағандылық қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің браконьерлердің қолынан қаза тапқаны қоғамдық резонанс туғызды. Кісі өліміне ұласқан заңсыз аң аулаушылық туралы қылмыстық істің нүктесі қойылып үлгерместен, осы тектес оқиғалар жалғасуда. «Охотзоопромның» тағы бір инспекторы өз жұмысын атқару барысында қаза тапты. Бұл жолғы оқиға Қызыл­орда облысы, Жалағаш ауданында­ болған. Киік атып жүрген бра­коньерлерді қуып жетпек болған инспекторлардың көлігі аударылып, оқиға орнында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының инспекторы Әділ Кенжеғұлов ауыр жарақат салдарынан көз жұмды. Дегенмен, екінші экипаж заңсыз киік ату­шыларды қолға түсірді. Бүрсігүні марқұм Ә.Шарапатдинұлы ел президентінің Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. Отбасына материалдық көмек көрсетілгенімен, адамның орны толмайтыны әлімсақтан белгілі. Дала төсіндегі «мүйіз майданы» мұнымен де біткен жоқ. Қазан айының соңғы жексен­бісінде Қарағанды облысының Нұра ауданының аумағынан 72 киіктің жансыз денесі табылды. Олар жаппай індеттен не жырт­қыш аңдардың  құрбаны болға­н жоқ. Мылтық шүріппесімен мал табуға құныққан «қоғам жыртқыштарынан»­ қашып құтыла алмаған мүйізділер еді. Дәл осы күні Нұра ауданында тағы да ақбөкен­ге бас салып жүргендер кездескен. Алайда ізін жасырып үлгерген браконьерлер ұсталмады.

Тілге тиек етуге болатын жайт, мемлекет басшысының осы оқи­ғада үнсіз қалмауы. «Браконьерлер табиғат байлығы саналатын киіктерді аулауды тоқтатпай отыр. Алматы облысында ҰҚК (Ұлттық қауіпсіздік комитеті – ред.) қызметкерлері 3 мыңға жуық (!) киікті өлтірген қылмыскерлерді құрықтады. Қаскөйлер Заңға сәйкес қатаң жазаға тартылуы тиіс. Құқық қорғау органдары мұндай заңсыз әрекеттерге тоқтау салуы керек» - деп бір ауыз пікір білдірді әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бұл оқиғалардың болғанының өзі – трагедия. Адами фактор салдары­нан туындаған табиғат трагедиясы. Бұл тіпті дала киелі­сін­ің мүйізін экспорттауға бағытталған арнайы қылмыс болуы­ да ықтимал. Бұл – тек жорамал. Бәрі де мүмкін. Өйткені, мүйіз саудасында «мүйізділердің» отыруы да таңғаларлық дүние емес. «Қызыл кітаптың» парағы күнде «жыртылып» жатса да, Заңды қатайтуға құлық жоқ.

Н.ҚАЗИ

 


ҰСТАЗДАР ҚҰҚЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚОРҒАЛЫП ЖҮР? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
31.10.2019 12:00

 

 

Райкүл БАЙНАЗАРОВА, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Қызылорда облыстық ұйымының төрайымы:

 

- Ұстаздардың мұң-мұқтажын тыңдау – менің жұмысым. Білім саласындағы қызметкерлердің шешілмей жатқан мәселелеріне араласамыз. Жұмыс болған соң кейбір мекемелерде заңбұзушылықтар орын алады.

Кей кездері еңбек шарттары, оның ішінде жылдық кезекті еңбек демалысының қаржысы толық төленбейтін жайттар жиі кездеседі. Мұндай жағдай кездес­ті, бүгінде толығымен шешілді. Сондай-ақ, жұмыстан шығару кезінде де көптеген заңбұзушылықтар болады. Мұндай жайттарды жазбаша түрде әкеледі, кейде хабарлайды. Білім саласындағы заңға қайшы әрекеттердің барлығын кәсіподақ мамандары мен заңгерлері тұрақты қадағалап отырады. Бірақ, білім саласындағы басшылар мен қызметкерлердің жақсы тұсы бар, ол – түсіністікпен қарауы. Көбіне құқық қорғау орган­дарының араласуына дейін апармай, кәсіподақ комитеті төңірегінде шешуге тырысамыз. Сол себепті қандай да болсын­ заңбұзушылықты алдымен мекеме басшысына ескертеміз. Олар да себеп-салдарын түсіндіріп, дереу мәселені шешуге кірісіп, жұмыстарын жалғастыра береді.

Қазіргі уақытта ең күрделі мәселе – мұғалімдердің оқуға барған кездегі жолсапарлық құжаттарының дұрыс реттелмеуі, ақшасының төленбеуі. Осы мәселені 2020 жылдан бастап толығы­мен  шешуіміз  керек.

 


МЕДИАЦИЯ – ТАТУЛЫҚ ТҰТҚАСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
31.10.2019 11:45

 

 

Қанатбек  АБДУЛЛАЕВ,

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

 

Біздің қоғамда ажырасу деген дерттің дендегені қашан? Ресми деректер де көңіл көншітпейді. Ең өкініштісі, көбіне шаңырақ көтерген 25 пен 35 жас аралығындағы жас отбасылардың іргесі сөгіледі екен.

Шындығында, тағдыр-тәлейіңе не жазса, соны көресің ғой. Ажырасқан адам да қайта отбасын құруға құқылы. Ерге әйел, әйелге ердің табылары анық. Алайда алғашқы некеде туған баланың болашағы қандай болмақ? Ашығын айту керек, ажырасқан адамдар арасында бала дауы болатыны рас. Бұрынғы жарына баласын көрсеткісі келмейтін­ әйелдің де, еркектің де бары ақиқат. Жалпы, бұл – күрделі мәселе және тым нәзік тақырып.

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынд­а азаматтық істер бойынша 2019 жылдың 7 айында 13 іс, 435 арыз түскен (2018 жылдың 7 айында 14 іс, 415 арыз). Алғашқы 7 айда ата-аналық құқығынан айыру бойынша 61, баланың тұрғылықты жерін анықтау бойынша 50, баламен кездесу уақытын белгілеу істері бойынша 37 арыз қаралған. Ал медиация тәртібімен  26  іс  қысқартылған.

Өздеріңіз білесіздер, елімізде 2011 жылы «Медиация туралы» заң қабылданды. Бұның басты миссиясы – тараптарды татуластыру, ымыраға шақыру. Осы заң жобасының тиімділігі мен бала дауы туралы Қызылорда­ облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы­ Қанатбек Абдуллаевпен сұхбат құрған едік.

– Қанатбек Амангелдіұлы, сот ісі – салмағы ауыр саланың бірі. Талай тағдыр иелерімен кездесіп  жүрсіз. Есіңізде қал­ған сот процесінің бірін ай­тыңызшы.­

– Сот саласында қызмет атқарып жүргеніме 20 жылға жуықтады. Рас, талай адамның тағдырына куә болдық. Талай сот процесін өткіздік. Негізгі әңгімеміздің арқауы медиация туралы ғой. Осыдан екі-үш жыл бұрынғы сот отырыс­ы есімде қалыпты.

Қазалылық отбасының мәселесін қарап жатырмыз. 14 жыл отасқан ерлі-зайып­тылар ажырасқан. Үзіктей  4 баласы бар. Үлкені – 12 жас­та. Балалар күйеуінде қалған. Ал олардың анасы ажырасқан соң өзге адамға тұрмысқа шығып­ кеткен. Одан кейін ол азаматпен де айырылысыпты. Әлгі азамат­ша бізге бұрынғы күйеуіндегі балала­рын қамқорлыққа алғысы келе­тінін айтты. 4-5 рет сот отырысы өтті. Екі жақ бір келісімге келе алмады. Анасы­ «қайткен күнде де балаларды өзіме аламын» деп қояр емес. Содан сотқа­ балалар қатысты. Пікірлеріне құлақ түрдік. «Кімде қалғың келеді? Әкеңнің жанында болғанды қалайсың ба, әлде анаңның ба?» деп сұрадық. Олар әкесінің, ата-әжесінің қасында болғыс­ы  келеді  екен. Ал аналары  бұған қарсы.  Жалпы,  медиацияның  мақсаты – мәселені шешуде екі тараптың да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткіз­у және тараптардың дауласу­шылық деңгейін төмендету. Істі бір­жақты  қарауға  болмайды.

Әлгі отбасындағы бала дауын шешу үшін біршама жұмыс жүргіздік. Бұрын­ғы ерлі-зайыптылармен сөйлестік. Ақыл-кеңесімізді айттық. Бір мәмілеге келуге шақырдық. «Төрт баланың болашағы­ қандай болады?» деп сауал қойдық. Олар ойланды-толғанды. Ақыры нақты бір шешімге тоқтады. Кейіннен ерлі-зайыптылар бір-бірін кешіріп, қайтадан қосылды. Сенесіз бе, 8 жылдан соң қайта толық отбасы атанып­ отыр. Міне, медиацияның да негізгі мақсаты – осы.

– Бала  дауы  кезінде бала көбіне кімнің  тәрбиесінде қалады? Ананың ба, әкенің  бе?

– Бұған кесіп-пішіп жауап беру қиын. Шыны керек, кейбір ата-аналардың балаға деген көзқарасы бөлек. Тіпті, баланы өз мүддесі үшін өзімен бірге алып қалғысы келетіндер бар.

– Қалай сонда?

– Кейбір ата-аналар баланың психологиясына кері әсер ететін әрекеттер жасап кетеді. Ең бірінші, ата-ана өз мүддесінен гөрі баланың жағдайын ойлауы­ керек. Мәселен, ажырасқан ерлі-зайыптылар ұрысып қалса, баланы көрсетпей қояды. Ол аз десеңіз, әйелдер бұрынғы күйеуіне «мен саған енді баланы көрсетпеймін! Араласпайсың!» деп талап қойып, баланың әкеге деген көзқарасын өзгертуге тырысады. Бірақ, біз мынаны ұмытпауымыз қажет. «Неке және отбасы туралы» Кодекстің 61-бабында «Баланың  ата-анасының  екеуiмен де, аталарымен, әжелерiмен, аға-iнiле­рiмен, апа-сiңлiлерiмен (қарындастарымен) және басқа да туыстарымен араласуға құқығы бар. Ата-аналары неке­сiнiң (ерлі-зайыптылығының) бұзылуы, оның  жарамсыз  деп  танылуы немесе ата-аналарының бөлек тұруы баланың құқығына әсер етпеуге тиiс. Ата-аналары бөлек тұрған жағдайда баланың олардың әрқайсысымен араласуға құқығы бар. Сондай-ақ, ата-аналары әртүрлi мемлекеттерде тұрған жағдайда, баланың олармен араласуға құқығы бар» деп көрсетілген. Яғни, ата-аналар баламен кездесіп тұруға тең құқылы. Кейбір аналар­ әкесімен баланы қоғамдық-көпшілік орында кездесуге рұқсат береді­ де, қондыруға қарсылық білді­реді. Дегенмен, оң-солын білетін бала болса, психологтарды шақырып, сөйлесіп, баланың пікіріне зер саламыз. Сөйтіп, зерттеп-зерделеп, нақты шешім  шығарамыз.

– Жанжал болған отбасындағы бала психологиялық тұрғыдан соққы алатыны  анық  ғой... Кейде балалар ажырас­қан анасына не әкесіне ренжіп, үйден кетіп  қалатын  да  шығар?

– Әрине. Ата-аналар ажырасқаннан кейін баланың психологиялық жағ­дайын ойламайды. Байқап қарасаңыз, толық емес отбасыдан шыққан (ата-анасы­ ажырасқан) баланың қоғаммен араласуы қиын болады. Одан кейін баланы­ң анаға, әкеге деген көзқарасы өзгереді. Соның салдарынан өтпелі кезеңде­ тәртібі нашарлап, түрлі қыл­мысқа баруы ықтимал. Отбасында әкенің, ананың орны ерекше ғой. Әкесі ұлдың, анасы қыздың тәрбиесімен айналы­суы қажет. Жалпы, сот процестерінің ішіндегі күрделісі де – бала дауы. Әсіресе, қос тараптың бір мәмілеге келуі оңай емес. Мұндай сәтте медиа­торларға, одан бөлек билер кеңесінің көмегіне жүгінеміз. Кейде екі жақ та келісіп, бітісіп кететін жайттар да кездеседі. Ажырасқан ата-аналар келісіп, баланың екі жақпен де араласуына келісім берсе, мұның өзі – балаға психологиялық тұрғыдан үлкен көмек.

Ата-ана ажырасқаннан кейін сот шешімімен анасында қалған баланың әкесіне  кетіп  қалғаны  бар. Жасыратыны жоқ, кейде балалар анасының не әкесінің теріс әрекеттерін байқап қалуы мүмкін. Содан бала ренжіп тұрғылықты мекенжайынан кетіп қалып жатады.

– Медиация арқылы бітімге келіп, қайтадан отбасы атанып жатқандар бар ма?

– Бар ғой. Бірақ аздау. Бала дауына байланысты қос тараптың (ажырасқан ерлі-зайыптылар) бітімге келуі оңай емес. Бұл – өте күрделі процесс. Өзім­нің есебімше, татуласып жатқандар некен­-саяқ. Ал біз ажырасқан ата-аналарға «Өздеріңізден бұрын ортадағы баланы­ң болашағын, алдағы өмірін ойлаңыз­дар. Бала мектепте толық отба­сы­ның баласын көріп қызығады. Содан  психологиялық  тұрғыдан  соққы алып, күйзеліске түседі. Соны түсі­ніңіздер!» деп үгіт-насихатымызды айтамыз.­

Еліміздегі  әр  бала  толық  отбасында  өмір  сүрсе, одан артық қандай бақыт­ керек?  Бүлдіршіндердің  қабағына  қаяу түспесе  екен.

– Ашық  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ПРЕЗИДЕНТТІҢ МАРАПАТЫН ИЕЛЕНУ – МЕН ҮШІН ЗОР ҚҰРМЕТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
31.10.2019 11:30

Амантай  СЕРЖАНОВ,

«ПетроҚазақстан Құмкөл

Ресорсиз» АҚ мұнай және газ өндіру жөніндегі бастығы:

 

- Амантай Тоқтарбайұлы, әңгіменің әлқиссасын өзіңіз туралы­ деректерден бастасақ...

- Мен 1968 жылы 21 қаң­тарда Қызылорда қаласында дүниеге келдім. 1975-1985 жылдар аралығында №1 те­мір­жол орта мектеп-интер­натында білім алдым. 1985-86 жылдары «Маслосырбаза» мекемесінде жүк тиеуші, 1986-87 жылдары №12 кәсіп­тік өрт сөндіру бөлімінде (ОППЧ при охране ФНМ) өрт сөндіруші болып жұмыс істедім. 1987-89 жылдар аралығында Кеңес әскерінің қатарында қызмет еттім. Екі жылдай №1 орта кәсіптік-техникалық училищеде оқып, мұнай және газ өндіру операторы мамандығын алдым. 1990  жылдан мұнай сала­сында жұмыс істеп келемін.

1998-2004 жылдары Қызыл­орда  қаласындағы  Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде сырттай оқып, тау-кен инженері мамандығын игердім. Ата-анам жайлы айтар болсам, әкем Тоқтарбай Сержанов үй құрылыс басқармасында (ДСУ) жүргізуші болды. Ол кісі өмірден өткенде бар бол­ған­ы 3 айлық нәресте екен­мін. Есімімді әкем Алматыдағы онкологиялық ауруханадан айығып шығып, отбасыммен аман-есен қауышам деген ниетпен, сеніммен Амантай деп ырымдап қойған. Анам Ұлмекен Өткелбаева ұзақ жылдар бойы қалалық кооператив сауда (Горкоопторг) мекемесінде сатушы болып жұмыс істеген, қазір зейнеткер. Отбасым бар, жұбайым Рая Сержанова – жоғары білімді маман, бастауыш сыныптың мұғалімі, бес бала тәрбиелеп отырмыз, екі қыз, үш ұлымыз бар.

- Мұнай саласына қалай келдіңіз? Заманн­ың таршылық тұсында бұл салаға жұмысқа тұру оңай болды деу қиын.

- Мұнай саласына келуім кездейсоқ болды. Құмкөл кенішінде мұнай табылып, ұңғымалар бұрғыланып жатқаны, жақын  арада мұнай  өндіру  басталаты­ны­  жайлы сыныптасым Қайрат Рүстем­бековтен естідім, ол маған өзінің мұнай және газ өндіру операторы мамандығында  оқығанын, жақында диплом алатын­ын айтты. Бұрын біздің өңірде мұнай игерілмегендіктен, сала туралы ешбір түсінік болмады. Өзім жұмысқа тұра алмай жүрген кезім, себебі арнайы мамандығым жоқ, әскерден келген соң Өскемен құрылыс жол институтына тапсырып, конкурстан өтпеген болатынмын. Аз-кем ойланып, кейін құжаттарымды тапсырдым, білім алып, мұнай және газ өндіру операторы мамандығының иесі болдым. Яғни, менің мұнайшы болуыма тікелей себепкер сыныптасым Қайрат десем, қате айтқандық емес. Жұмысқа сол кездегі мұнай-газ өндіру кәсіпшілігінің басшысы Жо­лама­н Мәмбетов ағамыз қабылдады.  90-жылдары мұнай өндіру әлі қарқынды дамымаған кез, тіпті қызылордалықтардың көпшілігі Құмкөл кеніші жайлы­ естімеген де болар. Жергілікті мамандар жоқтың қасы, сондықтан, жұмысқа еш кедергісіз орналастым.

- Бүгінде Қазақстан мұнайына  120  жыл  толды. Сіз еңбек етіп келе жат­қал­ы  осы  салада  қандай тың   жаңа­лық­та­р  болады?

- Иә, Қазақстан мұнайын өндіріп, игеруге бір ғасырдан астам уақыт өтіпті. Бұл дегеніңіз – қажырлы еңбекке толы үлкен тарих. 30 жылдан аса тарихы бар Құмкөл мұнай кенішінің өмірінде ауыз толтырып айтуға тұрарлық елеулі жаңалықт­ары  жетерлік.

«ПетроКазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы – Қазақстан Республикасында газды пайдаға жарату нысан­дарын іске пайдалануды сәтті ендірген алғашқы  кәсіпорындардың  бірі. Бұрын ілеспе газдың ішкі қажеттілігінен артылға­ны факелдерде жағылатын. Ол қоршаған ортаға өзіндік экологиялық әсерін тигізетін. Бұл жоба іске асқаннан кейін ілеспе газдан энергия қуаты өндіріліп және қабат қысымын қайта орнына келтіру жұмыстарына пайда­ланатын  болдық.

- Еңбек жолыңызға қарасақ, сіз баспаған саты аз  секілді. Дегенмен, ізіңізден ерген  мұнайшылардың  қандай қасиеттері басым? Қазір үлкен кісілердің көбісі жастарға көңіл толмаушылық білдіріп жатады­  ғой... Шәкірттеріңіз  бар  ма?

- Негізінен мұнайшыларға үздіксіз жұмыс істеп тұрған өндірістегі­ жағдайларға қарай жылдам шешім қабылдау, тапсырманы дер кезінде орындаудың маңызы зор. Жұмыс барысынд­ағы  технологиялық процестің бұзылмауын қадағалау, қауіпсіз­діктің барлық  деңгейі­н сақтау  сияқты тәжірибемен  жинаған қасиеттері  басым­  болуы керек.

Қазіргі жастардың алға ұмтылыс­тары, ізденуі, білімдерін жетілдіруі де жақсы. Қай кезеңде болмасын, көңіл толмайтын адамдар болады, бес саусақ ешқашан бірдей болған емес. Жастардың адамгершілік қасиеттерден гөрі, мансап қуып, тезірек байып кетуді ойлауы – осы заманның талабы, ол үшін оларды кінәлауға болмайды. «Ұстаздан шәкірт озады» демекші, өз ісінің маманы болған шәкірттер баршылық. Жоғары­ оқу орнынан алған білімдері мен өндірістен алған тәжірибелерінің арқасында әрбір цехта жұмыстарын адал атқаруда. Атап өтер болсам, Баубек­ Жұбан – құжаттар жөніндегі маман, Сейтжан Жұманазаров – ҚАМ кеніштеріндегі мұнай-газ өндіру жөніндегі шебер, Әмірхан Қуандықов – жерасты зерттеу жетекші инженері, Мадияр Сүлеев – қойнауқатты зерттеу жөніндегі маман, т.б.

- Өз ісіңіздің маманысыз. Кен игеру барысында жиі ұшырасатын қиындық қандай?

- Жиі туындайтын қиындықтардың бірі деп технологиялық процесті қалпында ұстап тұратын қондырғылардың істен шығуын айтамын. Кейде осы қондырғылардың кенеттен істен шығуының салдарынан біз ұңғымаларды тоқтат­уға мәжбүр боламыз.

- Өзіңіз айтқандай, мұнай өндірісінде ұңғымалардың тоқтап қалатын сәттерін жиі естиміз. Осындай жағдайда Сіздер қандай шешім қабылдайсыздар? Бұл компанияның экономикалық жағдайына қалай әсер етеді?

- Ұңғымалар тоқтап қалған жағдайда тезірек жұмысқа қосуға әрекет жасаймыз, себебін анықтап, талдау жасалынады. Егер де ұңғымаға жерасты жөндеу жұмыстары қажет болса, ұңғыма жөндеу бригада станогын жібереміз. Ұңғымалардың уақыт өте келе тоқтап қалуы, ол дағдылы жағдай. Біздің міндетіміз – ұңғымалардың тоқтаусыз жұмыс істеу мерзімін ұзартып, көбірек мұнай өндіру. Шығыс болмай, кіріс болмайды­ дегендей, компанияда ұңғыманы жөндеу жұмыстарына арнайы қаржы қарастырылған.

- Бұрынғы және қазіргі технологиялық  өзгерістердің  айырмашылығы  тура­лы­  не  айтасыз?

- Ең басты айырмашылықтардың бірі болып мұнай есептегіш құралдары санал­ады. Бұрын механикалық түрі болса, қазір электронды автоматты есептегіштер қолданылады. Бұл бізге жұмыс уақытын үнемдеуге және мұнайдың сапасын, көлемін дәл есептеуге жол ашты. Бұрын бір жұмыстың жаңа түрін бастауға рұқсат қағаздар автокөлікпен пошта арқылы келетін болса, қазір факс немесе электронды пошта ар­қылы жолдан­ады. Құмкөл кенішін алғашқ­ы жылдары жайластыру кезінде темірден жасалған құбырлар пайдаланылса, қазір ұңғымалардың өнімі сулануына байланыст­ы құбыр ішіне салатын полиэтил­ен гильзалары және стеклопластикалық құбырлар қолданысқа енгізілді.

- Бүгінде жұмыс барысында озық технол­огияның қай түрін қолданасыздар? Жалпы, кеңестік кезең мен техника тілі дамыған замандағы жұмыстың өзгешелігі қандай?

- Техника мен технология даму заманы­ өндіріс тиімділігі және еңбек өнімділігін арттыру мақсаттарын көз­дейді деп санаймын. Алдыңғы қатарлы техника мен технология жетістіктері энергия өндірудің жаңа көздерін ашу мен пайдалануға, жаңа химиялық матери­алдардың пайда болуына, квант­тық техниканың қолданылу аясының кеңеюіне жол ашты. Салыстырмалы түрде қысқа уақыт аралығында электрондық (факс, модем, электронды пошта­) және ғарыштық байланыс құралдары өндіріс пен күнделікті тұрмыста кеңінен пайдаланылатын болды. Біздің кеніште газдан энергия өндіру жобасы жүзеге асты. Жаңа химия­лық қоспалар мұнайдан суды тиімді бөлуге кеңінен қолданылуда. Алысқа бармай-ақ компьютерді алайық. Кеңестік заман кезінде барлық қағаздар қолмен жазылатын еді. Барлық кестелерді қолмен сызатын едік. Қазір барлық есеп-қисап жұмыстарының, сызба жұмыстарының компьютерсіз жасалуын­  елестету  қиын.

- Қазақстан мұнайының 120 жыл­дығына  орай  мемлекеттік  награда алдыңыз­. 30 жылдық  тәжірибесі бар мұнайшы  ретін­де халыққа игі тілегіңізді жолда­саңыз...

- Ағымдағы жылдың 5 қыркүйегінде Атырау қаласында Қазақстан мұнайының 120 жылдық мерейтойын атап өту іс-шарасына қатыстым. Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалін алдым. Президе­нттің марапатын иелену – мен үшін зор құрмет. Бұл құрмет біздің алдағ­ы ісімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Барлық мұнайшыларды Қазақстан мұнайына 120 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Сіз­дердің тәуел­сіздік туын тұғырға­ қондырған еліміздің экономикалық және әлеуметтік жағынан дамуына,­ халқымыздың әл-ауқатын жақсарта түсу жолындағы толассыз еңбектеріңізге табыстар мен жарқын жеңістер тілеймін. Жері­нің асты байлыққа, жерінің үсті парасатты халыққа толы, көк туын желбіреткен, Ән­ұранын шарықтатқан еліміздің  барша  азаматтарына береке­-бірлік, жасампаз еңбек, толағай табыст­ар  тілеймін.

- Әңгімеңізге  рақмет.

Сұхбаттасқан Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


ДИСПЛАЗИЯ ДЕРТІ ДЕНДЕП ТҰР PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
31.10.2019 11:20

Безектегеннің көкесі бала ауырғанда болады. Айтуға тілі, сөйлеуге үні жоқ бесіктегі­ баланың ауырған жерін білмей дал болу – әрбір ата-анаға таныс жағдай. Осындайда «бала ауырмаса екен» дейміз. Ал ақиқатында дені сау бала туылуы үшін алдымен анасы­ өз денсаулығына бейжай қарамауы тиіс. Балалардың жамбас буынының дис­плазиясы дегенді естіп жүрген боларсыз. «Аурудың жақсысы жоқ» деген. Өкінішке қарай, соңғы жылдары осы ауру жаңа туған нәрестелер арасында дендеп кеткен.

Бізде дүние есігін ашқан сәбиді бесікке бөлеу дәстүрі қалыптасқан. Мамандар жамбас­ ұршығы тайған балаларды бөлемеу керек дегенді айтады. Батыс мәдениетінде мұндай жоқ, туған баланың қол-аяғын босатып,­ өзінің еркіне жібереді. Олардың қимыл-әрекеттерін шектемейді, оларды отырғызып денесін бос ұстайды, аяғы бүгілу және жазу жағдайында болады, сонда ғана баланың аурушаңдығы төмен бола­ды.­ Сарапшы­лар статистикасына сүйенсек, өткен ғасырларда аурудың бұл түрі мыңның ішінде 3-4 ғана балада кездессе, бүгінде ол көр­сеткіш әлдеқайда жоғарылаған. Мәселен, Қы­зылорда облысында жыл басынан бері 166 бала жамбас буынының диспла­зиясы ауруымен тіркелген. Ал оның 115-і туабітті пайда болған.

- Туабітті дисплазия дертіне келер болсақ, ұршығы шығып кеткен және екінші диплазия деген­ бар. Дисплазия дегеніміз – ұршықтың басы кальций жетіспеушілігіне байланысты бос болып, дамы­май тұрады. Негізінде мұны емдеудің сан түрі бар. Мәселен, баланың аяғына шина кигіземіз немесе массаж қабылдайды. Жалпы, неғұрлым ерте анықтасақ, соғұрлым тез сауығуға мүмкіндік мол. Бала перзентханада дүниеге келген сәтте онда дисплазия бар не жоқтығын неанатолог дәрігер анықтайды. Десе де, ата-аналар бала бір айға толған кезде хирургқа  міндетті түрде аяғын тексертіп алуы керек, - дейді Қызыло­рда қалалық­ №3 емхананың педиатр­ дәрігері Ұлпан  Ибраева.

Жамбас буынының туабітті пайда болуы тірек-қимыл аппараттарының туа болатын ақауларының ішінде ең жиі ұшырасады. Және ол – жамбас ойығының, сан сүйегінің басыны­ң (ұршығының), бұлшық еттер мен байлама­лардың жетілмеу салдарынан туындайтын ақау. Оның кездесу жиілігі жаңа туған­ әрбір 1000 нәрес­тенің 3-тен 8-інде бола­ды.  Ал  жамбас буыны­ның дисплазия­сы­ (кемтарлығы) одан да жиі кездеседі. 1000 нәрестеге – 16 бала. Дәрігерлер «қыз балаларда  ұлдарға қарағанда жамбас буынының туабітті пайда болуы 5 есе жиі кез­десе­ді» дейді. Бұл аурудың себептері әлі күнге дейін нақты анықталмаған. Көптеген зерттеушілер жамбас сан буынының туабітті шығуының себептеріне жатырдың жарақаттануын, ұрық маңы суының аз болуын, ұрықтың­ ана  құрсағында дұрыс жатпауы мен аз қозғалуын, тұқым­қуалау­шылықты, жүкті әйелдің эндокр­индік бездері қызметтері­нің бұзылуын, жүкті әйелге витаминдердің, гормондардың жетіс­пеушілігін, жүрек-қан ауруын, бүйрек ауруын, жүк­тіліктің токсикозбен өтуін, белок тұз алмасуының жүкті әйелдерде бұзылатындығынан және қоршаған ортаның зиянды әсерлерін жатқызады.

Біз осы орайда баласы туабітті жамбас буыны­ның дисплазиясы ауруымен ауырған ата-ана, қала тұрғыны Назым Дәулетбаеваны  әңгімеге  тартқан едік.

- Менің анам балалар дәрігері болатын. Қызым 3 айға толған кезде анам баламды ойнат­ып отырып, аяқтарында ақау бар екен­дігін байқап қалды. Сөйтті де маман­дарға көрсетіп, оны тез арада емдетуім қажет екендігін ескертті. Өзім тұратын елді мекен­н­ен аудандық ауруханаға жолдама алдым­. Аудан дәрігерлері қызымның денсаулығы жақсы екендігін айтты. Алайда өзім баламн­ың денсаулығына алаңдап, хирургтен жолдама алып, Қызылорда облыстық диаг­ностикалық орталыққа келдім. Ол жақтан облыстық медицина орталығын­а жіберді. Осылайша қызым 9 айлығына дейін  аяғын түзейтін құрылғыны байлап жүрді. Дәрігерлер маған  «бала жатқан кезде аяқтарын қоспай, ашып жату керек» деп кеңес берген болатын. Соны орындадым. Алайда көп мазасы­зданды. Массажды өзім жасап жүрдім. Араға 4 ай салып, рентгенге түсіргенде нәти­жесі­ жақсы болып шықты. Жамбас буынының шығып туғанын ерте байқадық, әйтпесе кейін қиын болар­ ма еді, кім білсін?! Қазір қызым 5-сыныпта оқиды, жағдайы  жақсы, - дейді ол.

Оның айтуынша, баланың денсаулы­ғына күтіммен қарап, үнемі үздіксіз дәрігерге қаратып тұрудың зияны жоқ. «Өйткені кейбір сүйек ауруларын емдеуді кешеуіл­детудің арты қиындыққа әкеліп соғады» дейді. Расында. Балада бұл аурудың белгілері бар екендігін қалай анықтауға болады? Қараңыз,  егер:

- дені сау сәбидің екі тізесі бірдей тегіс жазықты­ққа дейін жетуі керек. Бұтының ашылмауы­ айқын болса, онда жамбас буыны­ шығып кеткен деген сөз;

- нәрестенің сан және бөкседегі тері қыртыст­ары  бір  деңгейде  орналаспаса;

- нәресте аяқтары қысқарып тұрса;

- жамбас буыны шыққан жағында саны, балтыры сыртқа қарай қисайып тұрса, демек­, баланы тез арада дәрігер-ортопедке көрсету  қажет.

ТҮЙІН. Бұрынғыны қозғамасақ, тағы болмайды. Қазақ ұлы халық екенін сөз арасына қосудың реті келіп тұр. Бесіктен тұрған соң бұрын әжелер баланы сылап-сипап, аяқ-қолын тартып отыратын болған. Бүгін сол жас аналардың санасынан сөніп бара жатыр ма дейсің?! Ілуде біреу болмаса баланың қол-аяғын тартқылап отыр­ғандар қатары сирек. Бұрынғылар  біліп  істеген  дүниені,­ қазіргілер  құлағына  іліп істесе жақсырақ  болар­ еді.

Әйгерім   НАЖМАДИН

 


ҚОС ТОЙЫ ҚАБАТ КЕЛГЕН ЖАЛАҒАШ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
31.10.2019 11:00

Облыстағы барлық аудандар «Алтын дән – 2019» мерекесін тойлап жатыр. Бұл дүрмектен жалағаштықтар да қалыс қалмады. Мұндағы жұртшылық ауданның 80 жылдығы мен «Алтын дән – 2019» мерекесін қатар атап өтті. Молшылық мезгілі саналатын күз айының берері көп. Диқандар жаз бойы белін жазбай еңбек еткенінің жемісін көреді. Ерте көктемнен басталған күйбің тірлік қара күзге дейін жалғасады. Егінге ерекше күтім керек. Сондықтан, әр дәнде мың­даға­н адамның маңдай тері бар екенін ұмытпаған жөн. Егін-терін жиналған соң, дәстүрден жаңылмаған  жалағаштықтар  еңбеккерлерін елеп, диқан­дарын дәріптеді.

Жалпы, Жалағаш ауданы 1939 жылдың 17 қазанында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлы­ғымен құрылды. Құрамына Қармақшы және Тереңөзек аудандарының 9 ауылдық кеңес­і енгізіліп, аудан орталығы Жалағаш поселкесі болды. Ауданға 1 МТС пен  34 колхоз біріктірілді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып­ С.Кистанов, Жалағаш ауданы бойынша ұйым­дастыру комитетінің төр­ағасы болып Ж.Төлепбер­генов, мүшелігіне А.Бөле­кеев, Н.Мырзалиев және Ш.Саяхов  тағайындалады.

Соғыстан кейінгі жылдарда жемісті еңбек ету аудан ауыл шаруашылығы үшін қиын  еді. Колхоз-совхоздардың материалдық-техникалық базасы әбден ескірген­діктен еңбек өнімділігі де өте төмен болды. Бұл жағдай жұмысшы күшінің жетіспеушілігінен де ушықты. Ауылшаруашылық  машиналардың  көп бөлігі соғыс жылдарында істен шықты, жаңадан алынатын машиналар саны тағы аз болды. Басқарудың әкімшілік, күштеу тәсілдері­нің,  экономикалық заңдарды  есепке  алмаудың зардаптары ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізді. Жер өңдеу мәдениеті төмен болып, қоғамдық  мал  шаруашылы­ғы нашар дамыды. Дегенмен де, осындай қателіктер мен қиындықтарға қарамастан, шаруалар  мемлекет  алдында  өз міндеттемелерін  орындап, елді  асырап  отырды.

1950 жылы ауыл шаруашылығының ауыр жағдайының себептеріне талдау жүргізген Кеңес үкіметінің басшылығы ауыл шаруашылығындағы келеңсіздікті жою туралы қаулы қабыл­дады. Осы қаулыға сәйкес совхоз­дар мен колхоздардың бұрынғы зардаптарын жою басталды. Ауыл шаруашы­лығын жаңа техникамен қамтама­сыз ету үшін мем­лекет арнайы  қаражат  бөлді. Көп кешікпей жұмыс өз нәтижесін бере бастады. Ауданда көптеген күріш­шілер, жылқышылар мен шопан­дар өзінің ерен еңбегі үшін КСРО-ның орден-медаль­дарымен марапат­талып, 6 адам Социалистік Еңбек Ері деген жоғары атаққа  ие  болады.

Аудан еңбеккерлерінің келешек ұрпақ үшін тынымсыз  еңбегінің  арқасында  XXI ғасырдың қақпасынан өткен Жалағаш ауданы жаңа жетістіктер мен әлеуметтік жаңару жолында алға қарай қадам жасап келеді. Тәуел­сіздік жылдарында қаншама өндіріс орындары жанданып, мектептер мен балабақшалар, мәдениет орындары салынды. Аудан орталығы мен елді мекендер абаттандырылып, көріктене түсті.

Тамыры терең, тарихы кенен­ құтты мекен Жалағаш ауданының 80 жылдық мерей­тойы «Тағзым» аллеясында Социалистік Еңбек Ерлері Исатай Әбдікәрімов пен Алдаберген Бисеновтің кеуде мүсіндерінің ашылу рәсімінен  басталды.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Нау­рызбай Байқадамов және бірқатар ел ағалары, аудан басшылығы, ардагерлер қауымы, республиканың түкпір-түкпірінде қызметте жүрген жалағаштықтар, қо­нақтар және аудан тұр­ғындары  қатысты.

- «Рухани  жаңғыру» бағдарламасы  аясында осы кезге дейінгі ескерілмей жүрген дүниелер қолға алынуда. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы. Бүгін  облысымыздың жетекші  ауданында ауқымды шара өтуде. Исатай, Алдабе­рген ағаларымызға арнайы­ бюст қойылып жатыр. Бұл – халықтың құрметі. Жастар үшін мұның маңызы жоғары. Екі тұлғаны да бөліп қарауға болмайды. Екеуі де – табан ет, маңдай терінің арқас­ында осындай дәрежеге жеткен тұлғалар. Қос ағамның да рухына тағзым ете отырып, жастарымыз осы кісілердің өмір жолынан үлгі алса деймін, - деді Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың про­фессоры Қазбай Құдайбер­генов.

Шара  барысында Социалистік Еңбек Ерлері Исатай Әбдікәрімов пен Алдаберген Бисеновтің өміржолынан, халыққа қалтқысыз қыз­меттерінен бүгінгіге үлгі болар­лықтай естеліктер айтылы­п, өнерпаздар жырдан шашу шашты. Шара соңын­да кеуде мүсіндерінің алдына гүл шоқтары қо­йылды.

Одан соң орталық ста­дионда «Алтын дән – 2019» мерекесіне арналған театрландырылған қойылым және Жалағаш ауданының 80 жылдығына орай салтанатты шара өтті. Облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов, аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтар аудан тұр­ғындарын «Алтын дән» мерекесімен құттықтап, еңбек озаттарын марапаттады.

- Жалағаш – төс­кейде төрт түлігі өріп, алқапта ақ маржаны жайнаған берекелі мекен. Аудан ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайын толайым табыстарға қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосуда. Еңбектің даңқын асырған­ егінші жұрт бүгінгі заман талабына сай, мықты әрі тиімді шаруаны жүргізіп, жоғарғы белестерді мойын­датудың үлгісін көрсетіп келеді­. Биыл аудандағы шаруа­шылық құрылымдары 36675 гектар жерге егін екті. Оның 21800 гектары – Сырдың бағалы дақылы күріш. Бүгінде аудандағы егіс алқаптарындағы күріш толық жиналы­п бітті, - деді аудан басшысы.

Шарада еңбек озаттары, сондай-ақ «Жалағаш ауда­нының құрметті азаматтары» марапатталып, бағалы сый­лық­тарға ие болды.

- Мен Жалағаш ауданында 11 жыл қызмет атқарып, еңбек еткен адаммын. Ағаларымызды сыйлап, құрметтеп жатқанына біз ризамыз, қуаныштымыз. Жалағаштың 80 жылдығы құтты болсын! Той тойға ұлассын, - деді Жалаға­ш ауданының құр­метті азаматы Төлеш Әлиев.

Шарада шаруашылық ұжымдары еңбек озаттарына, атап айтқанда «Нағи» шаруа қожалығы 2 автокөлік, «Қара-Бура» шаруа қожалығы  4 авток­өлік, «Байтабын» ЖШС 5 автокөлік табыстады. «Озат егін шаруа­шылығы» номинациясы бойынша Мақпалкөл ауылдық­ округіндегі «Ер-Әлі», Бұқарбай батыр ауылдық­  округіндегі «Байтабын» ЖШС, Ақсу ауылдық­  округіндегі «Сәрке батыр» жауапкершілігі шектеулі  серіктестігі  марапатталды.

- Биыл 1280 гектарға күріш орналастырып, әр гектарын­ан 75 центнерден өнім алдық. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Шаруашылықты басқарғаныма 20 жылдай уақыт болды. Алғашқыда өнімді 25 центнерден алатын едік, қазір заманауи техниканы енгізіп, жоғары жетістікке жетіп жүрміз, - деді «Ер-Әлі» шаруа қожалығының директоры Әліби Бекжанов.

Айта кету керек, жыл қорытындысымен ауыл шаруашыл­ығы саласы бойынша Жалағаш ауданы облыс­та алдыңғы қатардан көрініп, күріштің әр гектары­нан 63 центнерден өнім жинап, облыстық «Алтын дән – 2019» мерекесінде «Үздік аудан» номинаци­ясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатт­алған еді. 21800 гектарға егілген күріштің әр гектарынан 63 центнерден 137 400 тонна күріш жиналды.­

Ауданның  80  жылдығына  орай ұйымдастырыл­ған  шаралардың  легі  Қ.Қазантаев  атындағы  мәдениет­ үйінде жалғасты. «Жалағаш ауданының көшелері мен құрметті азаматтары», «Тарихы терең, еңбегі  ерен – Жалағаш» атты кітаптар мен «Жалағаш жауһарлары»  атты  музыкалық мұрасы СD жинағының  тұсаукесер  рәсімі  өтті.

- Жалағаш ауданының 80 жылдығына байланысты кітапты шығарған кезде соңғы 10 жылдықты қамтыдық­. Қазіргі уақытта Жалағашта туған азаматта­р еліміздің түкпір-түкпірінде, шетелде жұмыс істеп жатыр. Бұл кітапқа сондай әртүрлі салада­ жемісті етіп жүрген жерлестерімізді қосуға тырыстық, - деді кітап авторы, жазушы-журналист Тұрақ  Адисұлы.

Жалағаш жұртының республикалық ақындар айтысыны­ң басталуын көп күткені рас. Аудандық мәдениет үйінде ине шаншар орын болмады. Айтысты­ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман жүргізді.

Қазылар алқасының құрамында ақын, сазгер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы Елена Әбдіхалықова, ақын, журналист «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, айтыскер ақын, Қазақстан Жазушыла­р одағының мүшесі Бауыржан Қалиолла, ақын, «Шалқар» радиосының директоры, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин, ақын, облыстық «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі Ғазиза Әбілдалар болды.

Бес  жұп  қатысқан  айтыс  қорытындысында үшінші орынды атыраулық Шалқарбай Ізбасаров, екінші   орынды  жалағаш­тық  Айдос Рахметов  иеленді. Бірінші орын оралдық Талғат Мықидың қанжыға­сында  кетсе, бас жүлдені тағы бір жалағаштық ақын Мұхтар  Ниязов­  еншіледі.

Жалағаштағы той орталық алаңда эстрада әнші­лерінің қатысуымен өткен концертпен аяқ­талды. Жалағаш ауданының 80 жылдығы жоғары деңгейде тойланды деуге негіз бар. Әлеуметтік желіде «Жалағаш­ жерлестерімен мақтанады» деп еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет ететін жерлестерін түгендесе, «Жалағаш жайлы жазбалар» деген тақырыпта аудан туралы танымал тұлғалардың пікірін, тілегін оқыдық,  естідік. Сондай-ақ, көптеген  азаматтар  туған­ жеріне деген ыстық-ықыласын видеосәлемдеме арқылы­  білдіріп  жатыр.

 

Рыскелді   ЖАХМАН

 


МУЗЕЙ – МӘДЕНИ МҰРАНЫҢ МЕКЕНІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
31.10.2019 10:50

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мәдениет және өнер мекемелерінің атқарған жұмыстары туралы газеттің әр санында кеңінен жазып жүрміз. Әуелгіде «Көз мүгедектеріне көмектесетін кітапхана» деген тақырыпта зағип және нашар көретін азаматтарға арналға­н кітапхананың жұмысына тоқталдық. Одан соң халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы жайында «Өлкеге өң берген өнер ордасы» деп жазсақ, Ә.Тәжібаев атындағы   әмбебап   ғылыми   кітапханасы  туралы  «Облыстық  кітапхана – ірі ақпараттық мәдени орталық» деп мақала дайындадық. Алдағы уақытта филармонияның атқарған жұмыстарына шолу жасау ойда бар. Газеттің бүгінгі санында облыстық тарихи-өлкетану музейі жайындағы мақалаға төр бермекпіз. Себебі музей Сыр бойының өткені мен бүгінінен сыр шертетін үлкен мәдениет орталығы саналады.

Музей Қазақ ССР Жоғарғы Советі президиумының ұйым­дастыру комитетінің 1939 жылдың 7 ақпанындағы қаулысының шешімі­мен құрылған. Алғашқы жылдары өз жұмысын өлке тарихы мен табиғатын зерттеуден бастаған музей тұрағы 1890-1896 жылы салынғ­ан Перовск Қазан – Богородтық шіркеуі орналасқан ғимаратта болды. Сол кездегі музейдің ең құнды экспонаттары дулыға, сауыт,­ 1853 жылы Ақмешіт бекіні­сін алуда пайдаланылған зеңбірек ұңғылары, Ұлы Жібек жолының сауда нүктелерінде айналымда болға­н ақша коллекциясы еді. 1980 жылы облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша музейге 1953 жылы салынған екі қабатты үй беріліп, 1985 жылдың 7 мамырында өз жұмысын бастады. Музей­ге 1989 жылы қосымша құрылыс жүргізілді. Музей ғимараты – 1953 жылы салынған, қаламыздағы сәнді архитектуралық ескерткіштердің бірі. 2001-2005 жылдары музейде реэкспозициялық жұмыстар жүргізіліп, экспозиция толығымен жаңартылған. Реэскпозициялық жұмыстар нәтижесінде музейдің 11 экспозициялық залы заманауи үлгіде ақпараттандырылып, жасақталды. Музей қорындағы экспонаттар өлкеміздің құрылуы­, тарихы, өнеркәсібі мен мәдениеті жайлы мәліметтер береді. Музей қорында қазіргі таңда 58883 экспонат сақтаулы. Сыр елінің тарих­ы мен табиғатын баяндайтын 11 залда 4502 экспонат бар.

Осындай Сыр бойының өткені мен бүгіні жайлы сыр шертетін Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде техникалық жетіс­тіктерді музей ісінде тиімді пайдалану, музей ісіне жаңалықтар енгізу­, әрбір экспонаттың қырын ашу, музейге жаңа экспозициялар арқылы жаңа тыныс беру, тәр­биелік мақсаттарға сай музейлік педаго­гиканы дамыту арқылы жастар­ды музейге тарту, музейлік бизнес, маркетинг және менеджмент мәселелері мен музей ісін бүгінгі  күн талабына  сай ұйым­дастыру жұмыстары алға қойыл­ған. Модернизациялау бағыттары арқылы­ істелген жұмыстар оң нәтижесін беріп жатыр дей аламыз. Қазақстандағы компьютерлік ақпарат­ желілеріне қосылып, облыстық­ тарихи-өлкетану музейі компьютерлік «Музеолог» жаңа бағдарламасымен жұмыс істеп жатыр­. Қазіргі уақытта музей қызметі мен құнды коллекцияларға арнал­ған WEB сайт жаңа дерек­термен толықтырылып отырады.

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде 8 сәуір мен 14 маусым аралығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесі ұйымдас­тырылған. Екі айдан аса жұмыс істеген көрмені облыстың зиялы қауым өкілдері, «Нұр Отан» партиясы­, облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары, облыс арда­герлері, өңіріміздің барлық мекеме­ басшылары және қызметкерлері, студенттер мен оқушылар, сондай-ақ, белсенді жастар, журналистер мен блогерлер, шетел азаматта­ры, қаламыздың мәртебелі қонақтары мен тұрғындары, жалпы­ саны 160 мыңнан аса адам тамашалаған.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасының қызметкерлері, Қызылорда облысының музейлік қоғамдастығы үшін «Музей саласындағы ақпараттандыру» атты ғылыми-тәжірибелік семинар өткізілді. Және наурыз айынан бастап­ ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын әрі қарай жалғас­тыру мақсатында «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында Қызылорда облысының қасиетті нысандар тізіміне енген тарихи-мәдени ескерткіштерге «SACRAL ТУР» атты тарихи-танымдық экскурс­иялар ұйымдастырылып келеді. Мәдени-рухани құндылықтарымызды қастерлеу мақсатында «Жас өлкетанушы» музейлік жобасы­ жүзеге асырылуда.

- Музей осы күнге дейін адамды мәдени ортаға баулудың құралына айналып, компьютерлік техноло­гияларға, яғни виртуалды әлемге қарсы тұратын кеңістік ретінде танылып келді. Қазіргі таңда музей жаңа қарқынды даму жолына түсті. Музей ісі жаңа компьютерлік техноло­гиялармен бірге дамуда. Мультимедиялық  презентациялар, сенсорлы моноблоктар, «Музеолог» бағдарламасы, т.б. осыған дәлел. Мысалы, әр зал LED телевизорлармен жабдықталған. Экспозицияны ашатын видеоматериалдар қосымша құрал ретінде халыққа ұсынылып отыр. Фойелерде орналастырылған сенсорлы моноблоктар музей әлеміне виртуалды енуге, музей қорындағы зергерлік және этнографиялық бұйымдар коллекциясын және т.б. тамашалауға мүмкіндік береді, - дейді музей директоры Бақыткүл Бекмамбет.

Музейде Елбасының «Ұлы Даланы­ң жеті қыры» бағдарламасының «Тарихи сананы жаңғырту» тарауында көрсетілген мектеп туризм­ін дамыту жұмыстары бойынш­а және «Жастар жылына» орай «Village life» офистік жобасы жүзеге асырылған. Жобаның мақсаты­ – мектеп оқушыларының өлке тарихына деген қызығушылығын арттыру, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін қайта жаңғыртып, жас жеткіншектердің санасына сіңіру. Жоба барысында 800 мектеп оқушысы атқа міну, киіз үйдің тарихы, қазақтың мал шаруашылығы (бие сауу, түйе сауу), кілем мен ши тоқу әдістерін меңгеріп, ортағас­ырлық қалашықтар мен қасиеті нысандардың тарихымен танысты.

«Жастар жылы» аясында талант­ты жастарға қолдау көрсету, бейнелеу өнері саласындағы еңбек сіңірген қайраткерлер мен талантты жас қылқалам шеберлерінің басы­н қосып, көркемсурет саласы бойынша пікірлесу, өзара тәжірибе алмасу мақсатында «Аға ұрпақ өнері – жастарға аманат» атты халықа­ралық суретшілер симпо­зиумы ұйымдастырылды. Осы симпозиум аясында облыс орталығындағы Көркемсурет галереясына жерлесіміз, елімізге белгілі қазақ өнерінің майталманы, кескіндемеші, график-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Салихитдин Айтбаевтың есімі берілді.

Халықаралық симпозиумға Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдері­мен қатар, республикаға таны­мал (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары және т.б.) қылқалам шеберлері мен жергілікті белгілі суретшілер және жастар қатысып, бейнелеу өнерінің түрлі жанры бойынша салынған жаңа туындыларымен бөлісіп, өз шеберліктері мен қабілеттерін шыңдады. Симпозиумға барлығы 20  суретші  қатысты.

Қыркүйек айында ғана «Музей­ле­р  парады»  жалпыреспубликалық акциясы аясында Ақмешіт филиалында «Музей түні» мерекелік шарасы­ өтті. Музейге келушілерге мәдени-тарихи құндылықтар дәріптеліп, қала халқы мен қонақтары рухани сусындап, ата-бабадан мирас болған мұраны тамашалап, өткен шаққа ойша барып қайтты. Мұнда бабадан қалған аманат насихатталды.­

Музей – мәдени мұраның мекен­і. Ол – конференция, презентация, брифингтер өткізуге мүмкін­шілігі бар, жоғары деңгейде жабдықталған мәдени орын. Сондай-ақ, музей экспозициясы мен көрмелері бойынша жалпы және тақырыптық экскурсиялар жүр­гізумен айналысады. Халықтың әртүрлі тобын­а облыстың тарихы жайлы кеңес береді. Мекемелерде, оқу орындарында өлке тарихы жайлы­  жылжымалы көрмелер мен лек­циялар  ұйымдастыруға қау­қарлы. Тарихи оқиғаларға қатысушы­лармен, ғылым және мәдениет өкілдерімен кездесулер ұйымдастырып, көркемдік және сәндік қолданб­алы өнер туын­дыларын  бағалау­ға көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, музейдің атқарар­  жұмысы­  ауқымды. Музей тұтастай тасқа қашалған тарихты қойнына сыйдырып, сыр шертіп отыр.

 

Рыскелді   СӘРСЕНҰЛЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қазан 2019 >
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31      

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары