Өзекті мәселелер

  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Арнайы  бетіміздің  тұрақты айдарындағы кезекті қонағымызбен  сұхбаттасудың  сәті түсті. Бұған дейін есепшілер мен ұстаздар әулеті туралы жазған болатынбыз. Жасыратын түгі жоқ, бұл жолы кейіпкер таңдау оңайға соқпады. Нәти­жесі­нде таңдау арманы – бір, мақсаты – ортақ, бол­мысы – егіз, бірге оқып, медицина саласында бірге қызмет етіп, бір шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған дәріг...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялады. Жыл аяғы жақын. Күні бүгінге дейін елімізде жастар мәселесі бойынша озық істер орындалып, межелі мақсаттарға қол жеткізілді. Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында: «Менің ойымш­а, біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға орт...

    Толығырақ...
Дүйсенбі, 04 Қараша 2019

Ағыс алып кеткен балықшы құтқарылды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
05.11.2019 11:05

2019 жылдың қараша айының 3-і күні Сырдария ауданының полиция бөлімінің «102» телефон арнасына жоғалған балықшы, Қызылорда қаласының тұрғыны жөнінде хабарлама түсті.

Хабарлама түскен соң дереу оқиға орнына жеткен Сырдария ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары, полиция аға лейтенанты Нұртас Жаппасбаев және полиция лейтенанты Жандос Жұмабек бұл азаматқа көмек көрсетті. Іздестіру жұмыстарын бастаған полицейлер 200 метрдей жерді жүзіп өтіп, ескексіз қайықта отырған азаматты табады. Құтқарылған азамат кенеттен жауған нөсер жаңбыр салдарынан Жаңадария каналының ортасында қайықты ағын алып кеткендігін түсіндірді.

Өз кезегінде учаскелік полиция инспекторлары қайықты жағаға апарды. Жедел құтқару тәсілдерін пайдалана отырып, азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсеткен полицейлер балықшыны бөлімге жеткізді.

Құтқарылған азамат қырағылық танытқан тәртіп сақшыларына шексіз алғысын білдіруде.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

 


«IITU Robocon Games» чемпионаты өтті PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
05.11.2019 10:05

2019 жылдың 31 қазанында Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңа Astana IT университетінде оқушылар арасында робототехникадан «IITU Robocon Games» бесінші республикалық чемпионаты өтті.

Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау қалаларының 30 үздік мектеп командалары робототехника саласындағы чемпион атану үшін бір сайыс алаңына жиналды. Бес ай бойы 30 мектептің өкілдері «Arduino» микроконтроллер негізінде екі роботты әзірлеумен айналысты. Олардың негізгі мақсаты – белгілі бір уақыт ішінде ойын алаңында берілген командаларды орындау, атап айтқанда, ақылды қала қызметіне көмектесу, қала тазалығын сақтау, саябақтардағы, шағын гүлзарларды күту, тез дайындалатын тағамдарды жеткізу, жүргізушісіз такси және гид қызметін көрсету.

- Оқушылар арасындағы «IITU Robocon Games» жарысы дарынды жастарды анықтап ғана қоймай, робототехниканы дамытып, робот жасаудың халықаралық стандарттарына жақындатуға мүмкіндік береді, - дейді өз сөзінде Инновациялық техникалық колледжінің директоры Медет Тұрғамбаев.

- Бес жыл ішінде робот жасау бойынша чемпионат жас қазақстандықтардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауына өз үлесін қосты. Жарыстың көптеген қатысушылары қазақстандық және шетелдік жетекші жоғары оқу орындарына түсті. Чемпионатқа әртүрлі жастағы мектеп оқушылары қатысты және өздерінің ерекше роботтарын жасау кезінде қатысушыларда «soft skills» дағдылары қалыптасты. Қазіргі кезде оны болашақ дағдысы деп те атайды. Оған топта жұмыс істеу, жаңаша ойлау, қызметтік сауаттылық, өзгерістерге тез бейімделуді жатқызуға болады. Бұл – чемпионаттың негізгі мақсаттарының бірі, - деп мәлімдеді «Зере-Жанашыр» қорының директоры Майраш Тайкенова.

«Биылғы жылы біз Қазақстан Республикасымен табысты ынтымақтастықтың 26 жылдығын атап өтудеміз, - деді «Шеврон» компаниясының өкілі Айнұр Сыдықова. – Осы жылдар ішінде біздің әлеуметтік инвестицияларымыз ел азаматтарының әлеуетін дамытуға жұмсалды. Нақтырақ айтсақ, біз бірнеше жыл бойы техникалық білім беруді дамыту жөніндегі бағдарламаларымыздың ажырамас бөлігі болып табылатын «IITU Robocon Games-ке» де демеушілік жасадық».

«Arduino» негізіндегі роботтарды жасау балаларға роботтарды құрастыру, электрониканы пайдалану және бағдарламалауға дейінгі толық циклын үйретеді. Мұндай өңдеу «Lego EV3» конструкторы негізінде роботтарды құрастырудан әлдеқайда күрделі және STEM-білім беру қағидаларына сәйкес келеді (S – science, T – technology, E – engineering, M – mathematics, яғни жаратылыстану ғылымдары, технология, инженерия, математика). Қазақстандағы STEM-білім беруді дамыту – «Шеврон» компаниясының басты мақсаттарының бірі.

Байқау жеңімпаздары:

1-орын – М.Ганди атындағы №92 арнайы лицей (Алматы қаласы)

2-орын – «Inventive» робототехника академиясы (Алматы қаласы)

3-орын – Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия (Алматы қаласы)

«Үздік инженерлік шешім» номинациясы бойынша – Ш.Смағұлов атындағы Алматы облыстық физика-математика мектеп-интернаты (Алматы қаласы)

«Үздік идея үшін» номинациясы бойынша – «Компьютерная Академия Шаг» филиалы (Алматы қаласы)

«Үздік робот дизайны үшін» номинациясы бойынша – Назарбаев Интеллектуалды мектебі химия-биология бағыты (Алматы қаласы)

«Үздік Дебют» – Балалар және жасөспірімдер орталығы (Шахтинск қаласы).

Байқау жеңімпаздары демеушілер ұсынған бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, 1, 2, 3-орын иегерлері Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университетінде (ХАТУ) және Astana IT university-де (AITU) оқуға гранттар мен жеңілдіктер алды.

Ұйымдастырушы: «Зере-Жанашыр» жеке қайырымдылық қоры және Инновациялық техникалық колледжі.

Серіктестер: Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті және Astana IT university

Бас демеуші: «Шеврон» корпорациясы – өз қызметін әлемнің 90-нан астам елінде жүзеге асыратын және мұнай-газ өнеркәсібінің барлық спектрінде жұмыс істейтін әлемдегі ең ірі интеграцияланған энергетикалық компаниялардың бірі. «Шеврон» Қазақстанның екі ірі кен орны – Теңіз және Қарашығанақ акцияларының пакетіне ие. Корпорация Каспий құбыр консорциумындағы ірі жеке акционер болып табылады.

 


ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНЫСЫ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
05.11.2019 09:45

Соңғы жылдары лауазымды басшыларға көпшілік тарапынан сан қилы пікірлер айтылып жүргенін естіп, көріп жүрміз. Оның өзіндік себептері де табылады. Кейбір мемлекеттік мекемелерді жайлап алған тамыр-таныстық, құрғақ уәде, сырғытпа жауап, өзге де жайттар тіршілік қамымен зыр жүгірген қарапайым бұқараның онсызда жұқарған жүйкесіне салмақ түсіріп жатқанын несіне жасырамыз?

Бес саусақ бірдей емес екен. Құзыреттілердің де арасында елге берген уәдесін орындап, көпшіліктің ризашылығын арқалап жүрген азаматтар баршылық. Соның бірі – Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев. «Уәде – Құдай аты». Ал асыл дінімізде «сөзінде тұрмау – мұнафықтықтың бір белгісі» деген бар. Ендеше, бүгінгі әңгімемізді нақты деректермен өрбітсек.

Қазалы ауданында Жанқожа батыр атындағы қоныс бар. Облыс көлеміндегі тіректі елді мекен санатын иеленген іргелі ауылдың көркі жаныңды жадыратады. Түзу асфальт көшелер, еңселі ғимараттар, көшенің түнгі жарығы, әсем саябақ, басқа да әлеуметтік нысандарды көргенде кеудеңді мақтаныш кернейді.

Ауыл іргесіндегі «Ащыкөл» аталатын шалқар айдын осынау іргелі қоныстың төл құжаты іспетті. Ресми деректе «Ащыкөл» көлі Жанқожа батыр ауылының солтүстік-шығыс беткейінде орналасқан, жалпы алаңы 125 га құрайды» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. «Ащыкөлдің» осыншалықты кемеріне келіп, ернеулей толғанын тура 40 жылдан бері көріп тұрғанымыз. Сонау 1969 жылы ауылды топан су қоршағанда дәл осындай көрініс орын алған еді» деседі көнекөздер. Арада өткен жылдармен «Ащыкөлдің» арнасы да ортайды. Мүлде құрғап кету қаупі туындаған сәті де болды. Туған өңірінің келбетіне немқұрайды қарай алмайтын ел азаматтары Ергешбаевқа дейінгі бірнеше басшыға осы мәселе туралы талай хат жазды, жеке қабылдауына да кіріп, мұң шақты. Бірақ... Селт еткен жан байқалмады. Мүмкін, қаржы қол байлаған да шығар. Тіпті бір басшының «Аралды толтыра алмай жатқанда, сендер де айдаладағы тостағандай «Ащыкөлді» жырлап» деген қыжыртпа жауабын да естіді.

Мұндай мазмұндағы өтініш Мұрат Ергешбаев ауданға әкімі болып келген соң да қозғалды. Көңіл түкпірінде «Қазалының бұрын үрен-сүренін білмейтін, орысша білім алған Ергешбаев сенің Ащыкөліңе мән берсе жақсы... өзіңнен шыққан азаматтардың да қарқ қылғаны шамалы ғой» деген сенімсіздік те болғанын бүгіп қалмайын. Ергешбаев бұл мәселені назарда ұстайтынын жеткізді. Азамат екен. Сөзінде тұрды. Ащыкөл арнасына қайта толды. Жалғыз аудан әкімінің еңбегі деу артық соғар, десе де, Мұрат Нәлхожаұлының «Ащыкөлдің» ахуалын жіті қадағалағанын атап кету ләзім.

Жанқожа батыр ауылы Арықбалық ауылдық округінің аймағында орналасқан. Елді мекеннің шежіресі тереңнен нәр алады. Жанқожа батыр бабамыздың бастауымен Ресей патшасы билеушілерінің озбыр саясатына қарсы шыққан көтерілістің шешуші шайқасы дәл осы Арықбалықта өткені тарихтан белгілі. Танымал жазушы ағамыз Молдахмет Қаназ құрастырған «Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты зерттеулер мен мақалалардан құралған кітаптың 59-бетінде «1857 жылы қаңтар айының 9-10-ы күндері Арықбалықта болған ұрыста батырдың қолының саны үш мыңнан астам еді. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Осы шайқаста орыстардың сапынан шығын болған кісі онша көп емес. Фитингофтың отрядында 300 казак-орыс, 320 жаяу әскер, 3 зеңбірек, 3 ракета қондырғысы бар еді» деп («Сырдария уәлайаты», Қазалы қ.1894 ж.18 ақпан. Орыс тілінен аударған Асан Досжанов. Очерктің орысшасы 1894 ж. Қазан қаласында жарық көрген) жазылған.

Осы ғылыми-танымдық басылымдағы Молдахмет Қаназ ағамыз келтірген «Алексей Иванович жарылқаушы ма? Жазалаушы ма?» атты мақаласындағы «1857 жылдың 5 қаңтарында зеңбіректердің әр түрінен 103 снаряд, 9 қаңтарда 205 снаряд, осы аралықта көтерілісшілерге әртүрлі оқ-қарудан 3221(!) оқ атылды. Бұл оқтардың барлығы далаға емес, қазақтарға атылған. Бейкүнә пақырлардың біразы ұрыс алаңы Арықбалықта жан тапсырды. Көтерілісшілердің ізіне түскен А.И.Бутаковтың жазалаушы отряды 9-11қаңтар аралығында 212 ағаш үйдің шаңырақтарын талқандап, керегелерін қиратып жылынды, солдаттарға тамақ пісіру үшін отқа жақты. Осы жолы қазақ шаруаларының 1239 малы бекініске айдап әкелінді. Оның сыртында 300 қой солдаттарға азыққа берілді, жол бастап жүрген сұлтандарға сыйға тартылды» деген мәлімет мұңға жетелейді.

«Ресейде 1905 жылғы 9 қаңтардағы оқиғаны «қанды жексенбі» деп әлі күнге дейін ауыздарынан тастамайды. Әрине, қаза адам санымен өлшенбейді. Алайда Ресейдегі сол оқиғаның салдары Арықбалық шайқасында біздің елдің халқының шеккен азабы, оққа ұшқан, аязда үсіп өлген адам санымен салыстыруға келе ме? Қаңтардың қақаған аязында бар жан сақтар баспанасы киіз үйлері отқа оранған, босқынға ұшыраған қарапайым халықтың (әсіресе емшектегі нәрестелер, балалар, ауру-сырқаулар мен қарттар) қаншасы қырылғанын кім білсін?» дейсің өзегіңді өкініш оты шарпып.

Осы ретте Арықбалық округінің тұрғындарын, аудан халқын, жалпақ жұртты селт еткізген жағымды жаңалықты жеткізе кетсек. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың Жанқожа батыр кесенесіне барар жолдың оң қапталынан «Арықбалық шайқасы» алаңын орналастыру жөніндегі ұсынысын Қазалы ауданы мәслихаты сессиясында мәслихат хатшысы Күнтілес Назымбеков бастаған депутаттар бір ауыздан қолдап, мақұлдады. Жобаның құны – 35 млн теңге. Өткен сессияда алғашқы кезекте алаң орналасатын жер учаскесін тегістеу, т.б. жұмыстарға 1 млн теңге бөлінді. 2020 жылғы көктемнен бастап құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. «Арықбалық шайқасында шейіт болған бабаларға арналған белгі» бойына батырлар туралы деректер бейнеленген барельеф стеласы орнаталады. Алаңға толығымен брусчатка төселіп, сыртқы жағы әртүрлі қиыршық тас арқылы ұлттық ою-өрнектермен безендіріледі. Шағын сәулеттік формалалар, орындық, қоқыс жәшіктері және түнгі жарықшамдар орнату жұмыстарына эскиздік жобасына сәйкес жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржы бөлдіру үшін бюджеттік комиссияға ұсынылған болатын.

Мұны естігенде туып-өскен Арықбалығымдағы қақаған қаңтардағы қанды шайқас, гүрс-гүрс жарылған зеңбірек оғы, үздіксіз ажал сепкен мылтық даусы, Жанқожа бабамның сағағына дейін қан басқан қылышын құлаштай сермеген айбарлы өңі, «Аллалап» жауға шапқан ержүрек сарбаздар, алаулап жалынға оранған киіз үйлер, аңыраған ана, кескіленген қария, сақылдаған сары аязда үсіп өлген сансыз нәресте, көмусіз қалып, алтын басын ит-құс кемірген ауылдастарым көз алдыма елестеді. «Жөнімен біткен іске рақмет айтпау жөнсіздік» деген ескіден жеткен есті сөзге сай мен де Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаевқа, мәслихат депутаттарына ризашылық білдіруді құп көрдім.

Ағымдағы жылы Жанқожа бабамыздың өмірге келгеніне 245 жыл толды. Осы орайда, аудан әкімінің бастамасымен жуырда жастар арасында жазба ақындар мүшәйрасы өткізіледі деп межеленуде. Ата-бабамызды ұлықтаған арда азаматтарға айтар алғысымыз шексіз.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы

 


ДӘРІГЕРЛЕР ТАСТАЯҚТАН СЫНҒА ТҮСТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
04.11.2019 17:30

Ұлттық құндылықтарымыз бен ел әлеуетін жаңғырту жолында ерен еңбегімен есте қалған аға-апаларымыздың есімін жаңғыртып, рухын ұлықтау – «рухани жаңғыруымыздың» басты бағыттарының бірі. Осы мақсатқа орай, үлкен бір ұжымды басқара жүріп, тал бойына біткен нәзіктігін сақтап, адамгершілік қағидасын биік ұстап, қай ортада жүрсе де өзінің байсалды, сабырлы қалпынан таймаған, байыпты, орынды сөзін айтудан танбаған жандардың бірі де, бірегейі деп Мақашева София Өтегенқызын мақтанышпен айтуға болады.

2 қараша күні «Альбион» кешенінде облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық медицина қызметкерлері Ардагерлер Кеңесінің ұйымдастыруымен Республикаға еңбегі сіңген дәрігер София Өтегенқызын еске алуға арналған ардагерлер мен медицина саласының қызметкерлері арасында бильярдтан турнир өткізілді.

Бұл шара Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі», Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» София Мақашеваның «Дәрігер» деген атқа кір келтірмей, өз мамандығына адалдық танытқан жанның есімінің қайта жаңғыруы болып табылады.

Шараның ашылуында денсаулық сақтау саласының ардагері Ернияз Омарұлы, София Мақашеваның туысы, көпбейінді облыстық ауруханасының бөлім меңгерушісі Бисенбаева Рабиға Мүбаракқызы және облыстық денсаулық сақтау басқармасының персональды басқару және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Сарбаева Зәуреш Сағатқызы додаға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Тартысты ойын қорытындысында І орынды «Ардагерлер» тобынан Төребаев Шакизат Хамитұлы мен «Медицина саласының қызметкерлері» тобынан Қыздарбеков Ғабит Мырзатайұлы иеленсе, «Ардагерлер» тобынан Әмірғалиев Әбдіғаппар Әмірғалиұлы мен «Медицина саласының қызметкерлері» тобынан Қашақов Болат Спандиярұлы ІІ орынды қанжығаларына байлады.

Турнир жеңімпаздарын Қызылорда облысының Құрметті азаматы, денсаулық саласының ардагері Маханов Тұрғанбай Маханұлы мен облыстық медицина қызметкерлері ардагерлер Кеңесінің төрайымы Көзденова Раиса Әбдешқызы марапаттады.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен ардагерлер естелік суретке түсті.

Айта кетейік, өзінің еңбек жолында Шиелі, Сырдария аудандық денсаулық сақтау бөлімдерін басқарған София Өтегенқызы 1952 жылы Қызылорда фельдшерлік-акушерлік мектебінің директоры болып, болашақ медицина қызметкерлерін даярлау ісіне де үлес қосты.

1952 жылдан бастап облыстың денсаулық сақтау саласын үздіксіз 30 жыл басқарды. Бұл жылдары София Өтегенқызы саланы өрге сүйреп, облыс медицинасының дамуына, қалыптасуына айрықша үлес қосып, екі рет «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин», «Октябрь революциясы» ордендерімен және бірнеше медальдарымен марапатталған.

Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

 


БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЫН ЕСКЕ АЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
04.11.2019 12:30

Өлшеп берген ғұмырдың сын сағаты жеткенде тоқтары хақ. Бірақ пендесінің жер бетіндегі өмірінің шамасын тек бір Алла ғана біледі. Облысымызда оқыс оқиға болды. «Охотзоопром» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының инспекторы Әділ Кенжеғұлов браконьерлердің ізіне түсу кезінде жол апатына ұшырап, көз жұмды. Әділ Шарапатдинұлы 4 жыл бойы Қызылорда облысының Ішкі істер департаментінде жұмыс істеп, өмірінің соңғы кездерінде «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорнында абыроймен қызмет атқарды.

Айтып келмейтін ажалдың алдына ешкім тұра алмайды, дегенмен бейбіт күннің батырына лайықты құрмет жасау – артындағы ағайынның ардақты парызы. Марқұмның отбасына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен берілген ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені табысталып, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев пен облыс әкімі Қ.Ысқақов көңіл айтты.

- «Адамдардың табиғатсыз күні жоқ, мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ». Осы нақылдың мәнін түсінбей, тыныштығымызды бұзып, табиғатымызға зиян келтіруші азаматтар әлі де болса арамызда кездеседі. Жайқалған табиғатымыздағы тіршілік иесі, қорғансыз жан- жануарларды қорғауда биылдың өзінде елімізде бірнеше қызметкер қаза тапты. Өкінішке қарай, осындай кезекті рейдтік іс-шара барысында 25 қазан күні табиғатты қорғау саласының қызметкері Әділ Шарапатдинұлы бауырымыз заңсыз аңшылыққа шыққан азаматтарды ұстау кезінде, бейбіт күнде апатқа ұшырап, мезгілсіз дүниеден өтті. Отбасына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Елім деп еңбек еткен, әбір ісіне жауапкершілікпен қараған азаматтарымызды үнемі жадымызда ұстаймыз. Б.Момышұлы айтқандай, «Елін сүйген жауынгер ер болады» демекші, сіздердің отбасыларыңызда көрегенді тәрбие алған Әділ Шарапатдинұлы Отанға, елімізге адал қызмет жасап, бейбіт күнде батырлық көрсете білді. Өзіннің замандастарына, келер ұрпаққа өшпес өнеге көрсетті. Найзағайдай жарқ еткен өмірінде, марқұм бауырымыз үлгілі отбасы ретінде елге таныла білді, - деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.

Содан соң ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев сөз сойлеп, Әділ Кенжеғұловтың ерлігі көпке үлгі болып қалатындығын айтты.

- Кезекті кезекшілік кезінде оңай олжа іздеушілердің ізіне түсіп, олардың қолға түсуіне әрекет жасауы оның өзінің кәсібіне адалдығының бір көрінісі деп білеміз. Өкінішке қарай, оның ғұмырының қысқа болғанына сіздермен бірге күйзелеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерліктің жолын кесу бойынша нақты тапсырмалар берді. Бүгінгі күні инспекторлардың қызмет барысында құзыретін кеңейту, әлеуметтік жағдайларын жақсарту және браконьерлерге қатысты қылмыстық жазаны күшейту бойынша бірқатар заңнамаға өзгертулер енгізіледі, - деді ол.

Бала күннен бірге өскен досы, айтыскер ақын М.Ниязов марқұм Әділ Шарапатдинұлының батырлығын жіпке тізгендей етіп жеткізіп, досымен мақтанатындығын айтты.

- Менің Әділ досым нағыз батыр еді. Өзі қаза болған апатқа дейін де бір көлік апатына ұшырап, айдалада үш адамның ішінен бірінші болып ес жиып, көліктен жігіттерді көтеріп шығарып, жайлы жерге жайғастырып, жараланғанына қарамастан төрт жарым шақырым жердегі жолға жүгіріп шығып, көлік тоқтатып, екі жігіттің аман қалуына септігін тигізген. Үш жылдан бері қолға түспей жүрген заңсыз құс аулаушылардың жолын кесіп, қолға түсірген. Ешбір медаль, орден досымыздың орнын толтыра алмайды, бірақ дер кезінде көрсетілген құрмет-сый да – дәтке қуат, көңілге медеу. «Батырдың ғұмыры қысқа, даңқы ұзақ» дейді ғой, ендігі жерде досымызды ел болып еске алатын шараларды қолға алатын боламыз. Бұрын Әділ «ақын досым бар» деп менімен мақтанатын еді, енді мен оның атын айтып мақтанатын боламын. Жатқан жерің жарық, иманың жолдас болсын. Біз сені ұмытпаймыз, мақтан тұтамыз, ең бастысы, Алланың құзырындағы мақтаулы құлдардан бол, бауырым, - деді ол.

Кәсібіне адал қызметкердің туған-туыстарына көңіл айту сағатының соңында Әділ Кенжеғұловтың әкесі отбасының атынан көңіл білдірген барша мұсылман қауымына алғысын айтты.

Ә.НАЖМАДИНҚЫЗЫ

 


СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ КУӘГЕРІ ӨМІРДЕН ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
04.11.2019 12:20

Бүгін ауданымыздағы жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері Қуанышбай Бисенбаев өмірден озды.

Ұлы Отан соғысының ардагері Қуанышбай Бисенбаев ағамыздың бұл фәниден өткені туралы қайғылы хабар Қармақшы халқының да қабырғасын қайыстырды.

Қармақшы ауданы халқының атынан Ұлы Отан соғысының ардагері Қуанышбай Бисенбаевтың қаза болуына байланысты отбасына туған-туысқандарына орны толмас ауыр қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

1925 жылы шаруа отбасында өмірге келген қарт майдангер бала кезінен бейнет көріп өсті. Әкесі Бисенбайдан еңбексүйгіштікті үйренсе, анасы Алмадан имандылықты бойына сіңіреді.

Майдангер 1943 жылы өзі секілді жерлестерімен бірге соғыс даласына аттанады. Арда азаматымыз «Отан үшін» деп қан кешті, жан берді, тер төкті. Араға жеті жарым жыл салып елге аман-есен оралды. Ал соғыс аяқталған соң Чита қаласында шекара қызметінде болды.

1950 жылы әскерден елге келген соң теміржол саласында, кейін астық қабылдау мекемесінде ұзақ жылдар қызмет етіп, зейнет демалысына шықты.

Отбасында 8 бала тәрбиелеп, олардан немере-шөбере өрбіді.

Ерліктің ерен үлгісін танытып, бүгінгі бейбіт күн үшін жасаған өлшеусіз ерлігі мәңгі жадымызда.

От пен оқтың астында арпалысып жүріп, ұрпаққа бүгінгідей бейбіт өмір сыйлаған қарт майдангеріміздің өнегелі өмірін, жарқын бейнесін халқымыз ешқашан ұмытпайды.

Қош бол абыз ата, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа, иманың жолдас болсын!

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


Күнтізбе

< Қараша 2019 >
        1 2 3
5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары