Өзекті мәселелер

  • 07.11.19

    Бақытжан  НИЯЗОВ,

    ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

     

    – Бақытжан Мақсұтұлы,  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысы ауқымды және ең маңызд­ы  саланың бірі екені даусыз. Білуімізше, агенттік тарапына...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    - Райкүл Мәнсүрқызы, депутатты­қ қызмет Сізге таңсық­ емес. Бұл жолы қандай мақсат  қойдыңыз?

    - Депутат – халық пен билік арасындағы көпір. Шыны керек, қазіргі күні шешіл­мей жатқан мәселелердің дені – биліктің құлағына жетпегендер. Жылына төрт сессия өтеді, сол кезде әр округтен сайланған депутаттар өздерінің ұсыныс, пікірлерін айтып, мәселесін көтеру керек. Аймақта же...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Дидарынан шуақ шашып тұрған күннің райы демде өзгеріп салды. Әдетте қыстың ызғары қарашаның соңында сезілуші еді, бұл жолы айдың басында-ақ суық леп шөптің басына қырау қондырып, қар ұшқындатты. Бұл – қыстың қарбалас тіршілігі басталды деген сөз. Күн райының күрт өзгеруі, жауын-шашынның түсуі салдарынан түрлі төтенше жағдайлар болатыны белгілі. Онсыз да жылу беру маусымында қала іші...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімі  қыркүйек  айын­да­ «Көше Fest» сайысын өткізді. Бұл шараның негізгі мақсаты – көше тұрғындарының ауызбіршілігін арттыру, өскелең ұрпаққа ақса­қалдарды қадірлеуге шақыру, жастардың бойында иба-ізет, намыс, ар-ождан, қадір-қасиет сынды биік адамгершілік қасиеттерді қалыптас­тыру  және де  қаланың бір бөлшегі саналатын  көшенің тазалығын  сақтауға  ша...

    Толығырақ...
  • 07.11.19

    Сырдың бас қаласында сонадайдан мен­мұндалап тұратын көпқабатты тұрғын үйлер жетерлік­. Қайбір жылы Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай солардың бірсыпырасы күрделі жөндеуден өтті. Сыртын сырлаған соң кәдімгідей түрленіп, қалаға өзгеше рең беріп, шаһардың шырайы кіріп қалды. Бұл жұмыс­тарды жүргізуге Сырдың меценат жігіттері атсалысы­пты. Енді сол шаралар легі жалғасын тапса дейміз. Өйткені ...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 07 Қараша 2019

БІРНЕШЕ РЕТ ҰРЛЫҚ ЖАСАҒАН КҮДІКТІНІ ҚҰРЫҚТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
08.11.2019 11:20

Қалалық полиция басқармасының қызметкерлері бір айдың ішінде бірнеше пәтер ұрлығын жасаған, бұрын сотты болған 34 жастағы күдікті азаматты қолға түсірді.

Ол үй иелері болмаған уақытта, аулаларына кіріп, үй ішіндегі бағалы заттар мен велосипедтерді қолды еткен.

Тексеру барысында күдіктінің облыс орталығында жасалған осы тектес басқа да алты қылмысқа қатысы бар екендігі анықталды. Айғақ заттар тәркіленді.

Қазіргіуақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.Барлық фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 2-бөлігі (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруамалдары жүргізілуде.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

 


ПАРА БЕРУ КЕЗІНДЕ ҰСТАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
08.11.2019 11:15

2019 жылдың 7 қарашасында  Қызылорда облысы ПД қызметкерлерімен жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында автокөлік жүргізушісі оған қатысты әкімшілік хаттама толтырмауын сұрап патрульдік полиция қызметкерлеріне пара беру үстінде ұсталды.

Күдікті кінәсін толық мойындап, оған қатысты «ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Аталған дерек бойынша Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 367-бабының 1-бөлігімен (пара беру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Мән-жайы анықталуда.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

 


АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ЖЫЛҚЫ ӨСІРУ ЖОЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
08.11.2019 11:10

Кәсіпкерлер палатасы мен «Біліктілік орталығының» қызылордалық ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері үшін  ұйымдастырылған қорытынды семинары жылқы шаруашылығына арналды.

Өңірдегі жылқы шаруашылығымен айналысатын шаруалар қатысқан шарада ет және сүт өнімі бағытындағы жылқылардың жергілікті тұқымдарының асыл тұқымдылық, өнімділік сапасы, сондай-ақ оларды жетілдіру жолдары түсіндірілді.

Оқыту семинарына «Қазақ мал шаруашылығы және жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің жетекші ғылыми маманы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Амангелді Тұрабаев арнайы шақыртылды.

Шарада Кәсіпкерлер палатасы директорының агроөнеркәсіп кешен мәселелері жөніндегі орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов осы кезге дейін ауыл шаруашылығы саласында егін егумен айналысып келе жатқан өңірде мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы 5 жылдықта мал шаруашылығы бағытында да кешенді шаралар қабылданып жатқандығын жеткізді. Нәтижесінде жылқы өсімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл 12,8 пайызға артқан.

Семинарда ғалым Амангелді Тұрабаев мал өсіру әдістеріне тоқталып, оның маңыздылығына баса назар аударды.

«Мал өсірудің үш әдісі бар. Олар – таза тұқымды мал өсіру, будандастыру арқылы малдың сапасын арттыру, түраралық будандастыру әдістері. Қазір елімізде селекционерлер көбейіп кетті. Мал өсірудің ерекшеліктерін білмей, екі тұқымды алып будандастырудың нәтижесінде сапасыз, жарамсыз тұқымдар алынуда. Негізі біздің «қазақ» тұқымды жылқыларымыз жыл бойы далада жүріп, қосымша қоректендіруді қажетсінбей-ақ сапалы ет бере алады. Қазақтың жылқыларын жылқының өзге тұқымдарымен будандастыру нәтиджесінде тектік қорын азайтып алдық. Қазір енді қайтадан қолға алып, осы асыл тұқымды мал басын арттыруды көздеп отырмыз. Осындай оқыту-семинарлары да сол үшін қажет», - дейді Амангелді Тұрабаев.

Ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне арналған шарада мұнан өзге ветеринариялық шараларды жүргізу, мал басы туралы барлық мәліметтерді жинақтайтын арнайы чиптер, мал тұқымын асылдандыру, қолдан ұрықтандырудың пайдасы қаралып, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге өзге де құнды ақпараттар берілді.

Семинарда тәжірибелік алаң ретінде «Таңқаман» шаруа қожалығы таңдалып, онда өсіріліп жатқан асыл тұқымды жылқылар шараға қатысушыларға көрсетілді.

Айта кету керек, құрылғанына он жыл болған «Танқаман» ЖШС бүгінде малды асыл тұқымдандыру бағытында жұмыс істеуде. Қазір 284 бас жылқы өсіріп, оның жүз аналығынан 75 құлын алып отыр. Танқамандықтар таза асыл тұқымды жылқы өсіріп отырған Ақтөбе мен Қарағандыдағы шаруа қожалықтарынан «мұғалжар» және «жабы» тұқымды аналық және аталық малдар алып, өздерінің жылқы шаруашылығын дамытуда. Шаруа қожалығы мамандары атқарып отырған жұмыстарының нәтижесінде бүгінде таза пайдаға шығып отырғандықтарын жеткізуде.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


АЗАМАТТЫҚ ХАЛ АКТІЛЕРІН КЕЗ КЕЛГЕН АЙМАҚТА ТІРКЕУГЕ БОЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
08.11.2019 10:55

Енді қазақстандықтар азаматтық хал актілерінің барлығын тұрғылықты тіркеу орнына қарамастан, кез келген жерден ала алады. Бұл туралы заңға енгізілген түзетулер бүгін Парламент Сенатында қабылданған заң жобасында қарастырылды.

Жаңашылдық баланың тууына, некені тіркеу мен ажырасуға, аты-жөні мен тегін өзгертуге, қайтыс болу құжаттарын тіркеу сияқты қызметтерді қамтиды. Еске салайық, бұрын азаматтар аталған мемлекеттік қызметтерді алу үшін тұрғылықты тіркеу орны немесе тіркеу жазбасының орналасқан жері бойынша мемлекеттік корпорацияның фронт-офистеріне немесе АХАТ бөліміне хабарласатын. Енді азаматтық хал актілеріне қатысты 5 түрлі қызметті кез келген ХҚО-дан немесе АХАТ-тан алуға болады. Бұл керекті құжаттарды аз уақыт ішінде алуға және сыбайлас жемқорлық деректерін болдырмауға мүмкіндік береді.

«Бұрын құжаттарды рәсімдеп алу үшін өтініш беруші тіркеу орны бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе тіркеуші органға хабарласып, 5-тен 30 күнге дейін жауап күтетін, бұл қызмет алушылар үшін қолайсыздық пен қосымша қағазбастылықты тудыратын. Мәселен, егер азамат бір аймақта тегін өзгерту туралы өтініш білдірсе, мемлекеттік орган өзге аймақтан – оның туған жерінен қосымша мәліметтерді сұрататын. Тиісінше, қызмет көрсету уақыты ұзаратын», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.

Жалпы, заңға ұсынылған түзетулердің 70%-і мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мен автоматтандыруға мүмкіндік береді. Электрондық форматқа көшу құжаттарды қабылдау уақыты мен олардың санын қысқартады, әкімшілік кедергілерді жояды және қызметтерді алу процесін жеңілдетеді.

 


ҚАЖЫНЫҢ ҚУАНЫШЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.11.2019 17:40

Адам бойындағы қасиеттер ұрпағына атаның қаны, ананың сүтімен даритыны  ғылыми тұрғыда дәлелденген. Мұны дана халқымыз «Тұлпар тегіне тартады» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген.

Түктібаев ауылындағы «Орынбет ишан» мешітінің имамы Ғабдулла қажы Іззатовтың есімі Қазалы, қала берді, көршілес аудандарға да мәлім. Аузынан Алласы, қолынан Құраны түспеген осынау сымбатты жігітті көпшілік халық батыры әрі әулие Жанқожа бабамыздың пірі атанған Дәрменқұл ишан, Орынбет ишанның тікелей ұрпағы, білікті дін өкілі ғана емес, шипасы қабыл емші ретінде де құрмет тұтады.

Жуырда облыстық баспасөз бетінде жарияланған Ғабдулла қажы туралы «Батыр сыйлаған қылыш» атты мақала оқырмандарды елең еткізгенін айта кетсек.

Енді Ғабдулла қажы Инятуллаұлы тағы да үлкен қуанышқа кенелді. Алқалы жиында Қызылорда облысы әкімі Қуанышбек Ысқақов өңірде дінаралық татулық пен рухани келісімді нығайтуға, мемлекетіміздің дін саласындағы саясатын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін Ғ.Іззатовты Алғыс хатпен марапаттап, алдағы уақытта да аймақтағы этноконфессияаралық татулықты нығайту жолындағы еңбегіне жеміс тіледі.

Бұл бабалар жолына адалдық танытып, ел-жұртын имандылыққа, ізгілікке үндеп жүрген азаматқа деген халқының ыстық ықыласы екені хақ.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы

 


Қалдарбеков «Nur Otan» партиясы филиалының төрағалығына сайланды PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.11.2019 16:45

Бұл туралы Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясы Қармақшы аудандық филиалының кезектен тыс ХХVІІ конференциясы өтті. Оны «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы ашып, жүргізіп отырды.

Конференцияға Қармақшы ауданының әкімі Қалдарбеков Мұса Оспанұлы, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Буханов Дастан Әбдібекұлы және аудандық партия филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, кент пен ауылдық округтерінің әкімдері, дербес бөлім басшылары, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, еңбек және партия ардагерлері, «Jas Otan» Жастар қанатының мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіне алты мәселе ұсынылды: «Nur Otan» партиясының алдында тұрған міндеттері туралы «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызы баяндама жасады.

Сондай - ақ «Nur Otan» партиясы Қармақшы аудандық филиалының төрағасын сайлау туралы, аудандық филиалдың Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу туралы, «Nur Otan» партиясы Қармақшы аудандық филиалының 2019 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстары туралы, «Nur Otan» партиясы Қармақшы аудандық филиалының Партиялық бақылау комиссияның 2019 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстары туралы, Қармақшы аудандық маслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық Фракциясының 2019 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстары туралы хабарламалар жасалды.

«Nur Otan» партиясы Қармақшы аудандық филиалының төрағасы болып Қармақшы ауданының әкімі Қалдарбеков Мұса Оспанұлы сайланды.

 


ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІНЕ ҮМІТКЕРЛЕРДІҢ ӘЛЕУЕТІН БАҒАЛАУ ҚАЛАЙ ӨТТІ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.11.2019 15:46

Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу кезеңдерінің бірі кандидаттардың көшбасшылық қасиеттерін, стратегиялық көзқарас деңгейін, уәждемесі мен құндылықтарын бағалауға бағытталған «Әлеуетті бағалау» болып табылады.

Бұл кезеңнің ерекшелігі оның бірнеше құрамдастан тұруы: жобаны таныстыру, эссе жазу және құзыреттілікті бағалау. Кезеңді үміткерлер ағымдағы жылғы 22 қазан - 3 қараша аралығында өтуге мүмкіндік алды. Аталған кезеңге 530 адам қатысты.

Айта кету керек, тестілеуді верификациялау кезеңінен бастап әрбір келесі кезеңге барынша мүмкін болатын 100%-дық мәннен белгіленген пайыз үлесі келеді.

Мысалы, верификацияға - 10 %, жобаны таныстыруға – 9 %, эссеге – 15 %, құзыреттілікті бағалауға – 36 %, әңгімелесуге – 30 % келеді.

Қатысушылар жобаларды таныстыру және эссе жазуды pkrezerv.kz автоматтандырылған жүйесінде бейне және аудиофиксация арқылы онлайн өтті.

Эссе арқылы үміткерлер белгіленген мәселелер бойынша өзінің дәлелді көзқарасын, білгірлігі мен білімінің кеңдігін, сыни ойлау деңгейін, тұжырымдардың дәйектілігін және негізділігін дәлелдейді.

Жобаларды таныстыру үміткердің таңдап алынған лауазымдар тобына байланысты тиісті саланы немесе қызметтің бағыттарын дамыту бойынша көзқарасын бағалауға бағытталған.

Құзыреттілікті бағалау үшін жеке және топтық ассесмент құралдарын пайдалана отырып, кандидаттардың мінез-құлық индикаторлары арқылы қажетті дағдыларды анықтау үшін сертификатталған бағалаушылар тартылды. Құзыреттерді бағалаудың барлық рәсімі кәсіби супервизорлардың бақылауымен өтеді.

Мемлекеттік басқару академиясының Құзыреттілікті бағалау орталығының басшысы Динара Дауренбекова топтық асессментте қолданылған жаттығулар бірегей және серіктес - беделді халықаралық компаниямен «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы үшін арнайы әзірлегендігін атап өтті.

«Бұл жобаға өте мұқият дайындалдық... Әдеттегі жұмысқа қабылдау кезіндегі сұхбатта анықтық 10-20% құрайды, себебі біз адаммен жай ғана сөйлескен кезде ол кез келген нәрсені айтып бере алады. Бірақ ол асессментке келгенде - біз сұрамаймыз, біз жай ғана бақылаймыз. Адамның бір нәрсені ойлап шығаруға ешқандай мүмкіндігі жоқ, себебі ол толығымен процеске қосылады. Біз жағдайды, жұмыс кеңестерін бейнелейміз, арнайы жаттығулар беріледі және адам шынайы қалпында болады, тек осындай жағдайда ғана адамның шын мәнінде қандай екенін бағалау оңай... Топта 8 адамнан жиналған уақытта біз топтық пікірталастар өткіздік. Әрбір топты бағалау үшін кем дегенде 4 бағалаушы, фасилитатор, әкімші және алып жүруші тартылды. Бұл топты сүйемелдеген пул...», - деп атап өтті Динара Дәуренбекова.

Іріктеудің келесі кезеңі - үміткерлердің Сарапшылық комиссиямен әңгімелесуі 27 қараша - 13 желтоқсан аралығында өтеді.  Осы кезеңге іріктеудің алдыңғы кезеңдеріндегі балдардың жиынтығы бойынша ең жақсы нәтижелерді көрсеткен 400 адамнан аспайтын адам жіберіледі.

Естеріңізге сала кетейік, бәсекеге қабілетті әрі жасампаз жастарға қолдау көрсету үшін Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен елімізде «Президенттік жастар кадр резерві» жобасына іріктеу жүргізілуде.

Жоба Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың қолдауымен іске асырылуда.

Резервке отыз бес жастан аспаған, жоғарғы білімі және бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы алынуы мүмкін.

Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысу үшін бастапқы тіркеуден 13212 адам өтті, олардың 7312-і тіркеу рәсімін толық аяқтады. Қабілеттерді тестілеуге 5745 үміткер қатысты, оның ішінде верификация кезеңіне ең жоғары баллмен 902 адам жіберілді. Тестілеуді верификациялаудан кейін 549 қатысушы келесі іріктеу кезеңі - «Әлеуетті бағалауға» өтті.

Президенттік жастар кадр резервіне өткендер саяси және жоғары әкімшілік лауазымдарға, ұлттық холдингтар мен компаниялардың жоғары басқарушы лауазымдарына тағайындалуға мүмкіндік алады.

ҚР МҚІА баспасөз қызметі

 


ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.11.2019 15:40

Қармақшы ауданы әкімі М.Қалдарбековтың №56-Өкімімен Омаров Жарқын Тұрмаханұлы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 1-тармағына сәйкес 2019 жылдың 06 қарашасынан бастап Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Омаров Жарқын Тұрмаханұлы 1976 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген.

Еңбек жолын 1993-1994 жылдары АТС мекемесінде 3-сыныпты электрмонтер болып бастаған.

1994-1998 жылдары Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінде тарих пәні мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алған.

Білім беру саласында алғаш еңбек жолын 1998-2000 жылдары №250 мектепте тарих пәні мұғалімі;

2000-2001 жылдары мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары;

2001-2003 жылдары №250 орыс орта мектебінің директоры;

2003-2010 жылдары аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинеттің әдіскері;

2010-2011 жылдары Қармақшы аудандық білім бөлімінің жетекші маманы;

2011-2012 жылдары Қармақшы аудандық білім бөлімінің білім беруді дамыту секторының жетекші маманы;

2012-2013 жылдары Қармақшы ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру- инспекторлық және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы;

2013-2016 жылдары Қармақшы ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-және инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы;

2016-2017 жылдары Қармақшы ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы;

2017 жылдан 2019 жылдың осы уақытына дейін Қармақшы аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқарып келді.

 


БАТАМЕН ЕЛ КӨГЕРЕР... PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
07.11.2019 13:50

«Қарты бар елдің қазынасы бар» демекші, қазақ – ежелден ата-бабалар салған сара жолмен келе жатқан салт-дәстүрді дәріптеген, оның құндылығын асқақтатқан, ұрпағының санасына құйып, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келе жатқан ұлы халық.

Міне, сондай ұлылықпен дәріптелген, бабалар салтымен бүгінгі күнге жеткен ұлтымыздың ұлы құндылықтарының бірі – бата беру дәстүрі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туған халқының әлеуетін арттыру мақсатындағы сарабдал саясатының арқасында өміршең болған мемлекеттік «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында ата-баба салт-дәстүрін ұлықтап, оны өскелең ұрпақ санасына сіңіру мақсатында Үкіметке нақты тапсырмалар берген болатын.

ҚР Тұңғыш Президентінің тапсырмасы аясында елімізде істеліп жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесімен бүгінде қазақстандықтардың санасы оянып, ұлтымыздың өткені қайта оралуда десек артық айтқандық емес.

Осы ретте сейсенбі күні жыр дүлдүлі Шәмшат Төлепова атындағы Қармақшы аудандық мәдениет үйінде Елбасының биылғы жылды жастар жылы деп жариялауына байланысты батаны жастарға ұлттық тәрбие берудегі маңыздылығын арттыру, батагөйлерді насихаттау мақсатында «Батамен ел көгерер» атты аудандық байқау өтті. Мақсат – бата беру дәстүрінің тәлімдік, тәрбиелік маңызын және бата беру түрлері мен оны айту шеберлігі мен көркемдігін арттыру. Сонымен бірге ұлттық кодымыздың құндылығының бірі де бірегейі – үлкенді сыйлау, құрметтеу және ұрпақтан-ұрпаққа аманатталып келе жатқан салт-дәстүрді өскелең ұрпаққа аманаттау. Бата беру арқылы халықты, жас ұрпақты рухани-адамгершілікке, имандылыққа, әдептілікке тәрбиелеу.

Қасиетті Қармақшы өңіріне қарасты барлық елді мекеннен қатысқан батагөйлер байқауында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов бастаған әділқазылар алқасы, құрамында еңбек ардагерлері, ақын, Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрман Омаров, есімі елге танымал жырау, аудандық жыраулар үйі директорының орынбасары Бидас Рүстембеков, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы, аудандық мәслихат депутаты Күлжауһар Раева және «Қармақшы таңы» газетінің жауапты хатшысы Гүлжанат Дүзенова әділқазылық еткен байқауда 12 талапкер ұлтымыздың ұлы тұлғаларының ел-жұртқа берген баталары мен бүгінгі қазақ халқы арасында кеңінен қолданылып жүрген, оның ішінде «Той батасы», «Нәресте батасы», «Беташар батасы» және басқа да баталарымен өзара сайыс өткізді.

Сонымен, танымды да тағылымы мол сайыс та өз мәресіне жетіп, оның қорытындысымен І орынды Ақай ауылынан келген батагөй қария, бұған дейін де аудандық, облыстық, тіпті республикалық батагөйлер сайысында топ жарып жүрген ақын Дәріқұл Махамбетов қанжығасына байласа, ІІ орынды Жосалы кентінің батагөйі Әбілқасым Малбағаров иеленді. Ал, жүлделі ІІІ орынды «Жүз шайырдың Отаны» атанған киелі Тұрмағамбет ауылының 90 жастағы абыз анасы Шаһар Жәлиева иеленді.

Сонымен қатар, өздерінің өнерлерімен көремендер көзайымы атанған басқа да талапкерлер алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Нұрбай  ЖАНӘДІЛОВ,

Қармақшы  ауданы

 


ИНВЕСТИЦИЯ ИГІЛІГІ БАҒАНЫ ШАРЫҚТАТУ МА? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
07.11.2019 12:40

Қызылордада нан бағасының қымбаттағанына көп уақыт өте қойған жоқ. Желтоқсан айының басынан бастап жолаушылар тасымалына өзгерістер енгізіліп, 2020 жылдан бастап қолма-қол жолақы төлемі 150 теңгені құрайды деген жаңалықтың жарғақ құлаққа тигені де жақында. Ендігі кезек газ бағасына тіреліп тұр. Аймаққа қарасты аудан орталық­тары мен қала маңындағы елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстарының жалғасып келе жатқанына бірнеше жыл болды. Бұл жұмыстардың барлығы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының бойында қарастырылған бұрыптар арқылы жүзеге асырылуда. Бір өкініштісі, «енді аудандар мен ауылдық округтер көмір тасып, күл шығармайтын жағдайғ­а жетті» деп қуанып жүргенімізде «көгілдір отын бағасы қымбат­тайды»  деген  ақпарат  тарады.

Жыл басында бірқатар коммуналдық тарифтер арзандағанда аймақтағы газ бағасы өзгеріссіз қалған еді. Мұны ҚР Ұлттық экономика вице-министрі С.Жұман­ғарин:

- Атырау мен Қызылорда облыстарында газдың бағасы арзандамайды. Аталған өңірлерде газдың бағасы сол күйінде қалады. Қазіргі кезде Атырау облысында газдың тарифі ең төмен болып саналады. Ал Қызылорда облысында газдандыру бойынша барлық инвестициялық бағдарлама орындалды. Сондықтан тарифті төмендетуге резерв жоқ, - деп түсіндірген еді.

Есесіне келер жылы газ тұтыну бағасы­ 32 теңгеге дейін шарықтауы мүмкін. Себеп сол, 2020-2025 жылдар­ға арналған инвестициялық бағдарламаны іске асыру. «ҚазТрансГазАймақ» компаниясының өкілдері табиғи монополияларды реттеу комитетіне осындай өтініш жасаған. «Көгілдір отынның» тасымалдау ақысын 22,5 теңгеге көтеру арқылы аудандар мен облыс орталығына­ жоғары қысымды газ тартуды жоспарлап отырған көрінеді. Десек те, компанияның бұл уәжі мен ұсынысына жергі­лікті тұрғындар наразы. Осы мәселемен біздің редакцияға Құланбай Сарыұлы есімді қала тұрғыны хабарласып, газ бағасы­ның өсуі жөнсіз екенін жеткізді. Тіпті облыстық қоғамдық кеңесте де арнайы мәселе ретінде қаралды. Өз кезегі­нде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин:

- Газ тарифі өспейтіндігі туралы, керісінше, төмен түсіруге табиғи монополияларды реттеу департаментімен жұмыс істеліп жатқандығын айтқым келеді. Мен де облыс тұрғыны ретінде табиғи газдың шекті бағасының қымбаттауына қарсымын, - деп әлеуметтік желі арқылы өз ойын білдірді.

Мәселенің анық-қанығына көз жеткіз­у үшін ҚР ҰЭМ табиғи моно­полияларды реттеу комитетінің Қызыл­о­рда облысы бойынша департаментіне хат жолдап, жауап алдық.

- Біздің өңірде тұтынушылар үшін газды сату «ҚазТрансГаз Аймақ»  АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиа­лы­ (бұдан әрі – филиал) жүзеге асыра­ды­, оның түпкілікті бағасын Комитет реттейді. Сонымен қатар, тұтынушылар үшін газдың босату бағасы 3 құрылымды  құрайды:

- ҚР Энергетика министрлігі белгілеген көтерме тауарлы газ бағасы;

- газ таратушы жүйелер арқылы­ тауар­лық газды тасымалдау тарифі (қазіргі кезде депар­та­ментке  берілді);

- филиалдың үстеме ба­ғасы­, Комитет бағасын реттейді.

Осыған байланысты, тауарлық газды­ тасымалдау қызметі тарифінің қолданыстағы мерзімінің аяқталуына байланысты филиал 2020-2025 жылдарға тариф­тің шекті деңгейін бекітуге және оны 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізуге байланысты департаментке өтінім жасады. Субъектінің жобалық тарифі – бір мың текше метрі үшін қосымша құн салығынсыз 22610,22 теңге. «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы филиалының дәлелдері және тауарлық газды тасымалдау қызметі тарифінің өсуіне келіспейтіндігін білдірткен жария тыңдауда қатысушылардың ұсыныс-пікірлері толығ­ымен тыңдалды. Айтылған барлық ұсыныстар мен пікірлерді ескере отырып, тауарлық газды тасымалдау қызметіне тарифті бекіту туралы шешім ағымдағы жылдың 22 қарашасында қабылданады.

Айта кету керек, бұл – тек жоба, уәкіле­тті орган, яғни департамент барлық негіздеуші құжаттарды талдауда. Сонымен қатар, айтылған пікірлерді ескере отырып, тарифті бекіту туралы шешім 2019 жылдың 22 қарашасында қабылданады және тауарлық газды тасыма­лдау  қызметіне  тарифтің негіз­сіз өсуіне жол берілмейді. Тағы да айт­қанның артықтығы жоқ, департамент тауарлық­ газдың құрамына кіретін бір ғана бөлігіне жауапты. Департамент тауарлық­ газды тасымалдау қызметі тарифі­нің өсуіне жол бермейді, - деп жауап жолдады департамент басшысы Г.Өтегенов­а.

Табиғи монополиялар саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өтінімдерді қарау кезінде қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен айқынды­лығын қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың 23 қазанында департамент жария тыңдау өткізді. Оған тұтынушылар, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, Қоғамдық кеңестің, Үкіметтік емес ұйым­дардың, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, мемлекеттік органдардың өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның мәлімдеуінше, 2019 жылғы 31 желтоқсанда 2015-2019 жылдарға арналғ­ан «ҚазТрансГаз Аймақ»  АҚ  Қызылорда өндірістік филиалының газ тарату жүйелері арқылы тауарлық газды тасымалдауға бұрын бекітілген шекті тариф мерзімі аяқталады. «Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңының талапт­арына сәйкес, табиғи моно­полиялар субъектісі реттеліп көрсетіле­тін қызметтерді осы Заңға сәйкес бекітілген тариф бойынша көрсетуге мін­детті. Сол себепті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы биыл шілде айында табиғи монополия­ларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне  2020-2025  жылдарға арналған газ  тарату­ жүйелері  арқылы  тауарлық  газды тасыма­лдау  қызметтерінің тарифтерін бекіту­  туралы  өтініш  жасаған.

Жаңа тарифтік жоба 747 миллионнан астам теңгеге жаңа инвестициялық бағдарламаны іске асыруды көздейді. Инвестициялық бағдарлама аясында Қызылорда облысы, Қазалы ауданы Ғани Мұратбаев кентінің кварталішілік газ желілерін салу, Қызылорда қаласында жоғары қысымды газ құбырын салу, ауыстыру сияқты жұмыстарды қамтитын  көрінеді.

Бұрын қолданыстағы лимиттік тариф­ аясында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы Қызылорда облысындағы 2015-2019 жылдары қарыз қаражатынан шамамен 22 млрд теңге көлемінде инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырған. Нәтижесінде  Қызылорда облысындағы 5 елді мекен, Арал, Әйтеке би, Жаңақорған, Шиелі кенті мен Байқоңыр қаласы  газдандырылды.  Қазіргі уақыт­та­ соның есебінен абоненттер саны 132,5  мың  адамға  артқан.

Естеріңізде болса, 2018 жылдың жаз айында да газ бағасының көтерілуі туралы­ мәселе туындап, облыс бойынша тауарлы газдың шекті бағасын өзгеріссіз қалдыру туралы Ұлттық Экономика министрлігіне хат жолданды. Дегенмен, араға көп уақыт салмай-ақ, газ бағасы шарықтап шыға келді. Бұл жолғы жағдай да сол «оқиғаның» желісіне ұқсап кетпесе деген селкеудің бары рас.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қараша 2019 >
        1 2 3
4 5 6 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары