Өзекті мәселелер

  • 21.11.19

     

    Ерлан  ЕСТЕК,

    қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері:

    Толығырақ...

  • 21.11.19

    «Заманның  қожасы  да,  тұтқасы  да – жастар!». 1921 жылы «Жас Алаш» газетінің алғашқы нөмірі осы ұранмен жарыққа шықты. Тарих бетінде «Жас Алаш» көтерген үндеу алтын әріппен жазылды. Ел жастарының жанында жатталып қалды. Осы басылымда Ғани Мұратбаев тұңғыш редакт­орлық қызмет атқарған еді. Жалпы, Ғани туралы айтылатын, жазыла­тын дүние көп. Тым қысқа ғұмырында тындырымды тірлік жасап­  кеткені...

    Толығырақ...
  • 21.11.19

    «Шыдамның да шегі бар». «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК мен «Су жүйесі» МКК басшылығы осылай дейді. Сұрауы бар су мен қытымыр қыста жан сақтайтын жылудың ақысына келгенде тұрғындар таршылық танытатын­ көрінеді. Олар ай сайын емес, жыл сайын қордаланға­н қарыздарын жеке тұрғындар мен меке­мелерге ескертуден шаршаған. Жылдың басында жылуға­ қарыз көлемі 200 миллион теңгеге жеткен. Ал...

    Толығырақ...
  • 21.11.19

    Аграрлық өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар бүгінде өз жемісін беруде. Кеше ғана ауыл шаруашылығы саласында көштің басында тұрған Жалағаш ауданымен қалай мақтансақ та жарасады. Аллаға шүкір, ауыл еңбеккерлері Жер-Ананың берген ырзық-несібесін ысырап қылмай, Сырдың басты дақылынан тау тұрғызуда белсенділік танытуда.

    ...
    Толығырақ...
  • 21.11.19

    Қазақстандық медицина  саласын  жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жобалардың  бірі – «Денсаулық» бағдарламасы. Үш жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бұл бағдарламаның да мәреге жетуіне аз қалды. Қызылорда облысында аталмыш бағдарлама аясында ауқымды жұмыстар атқарылды.

    ...
    Толығырақ...
Бейсенбі, 07 Қараша 2019

ХИМИЯЛЫҚ КАСТРАЦИЯ немесе «ПАЙДАСЫЗ» ПРЕПАРАТТАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
07.11.2019 12:30

Қызылордада биылдың өзінде  3 педофилге химиялық кастрация жасалған. Кастрация  – кәдімгі піштіру. Бүлдіршінге көз сүзіп, балаң өмірге балта шабатын адам кейіптегі азғындар осылай жазаланып жатыр. Піштіргеннен бұрын, мұндайларды түрменің түбінде шіріту, тіпті өлім жазасына кессе де артық емес. Бірақ біздегі билік әзірге химиялық кастрацияны оң көрді. Жылдың басында педофилдерді «еркектік қабілетінен айыру» туралы заң шыққан соң Үкімет азғындарға арналған айла-шарғыға  9 млрд 629 миллион теңге қаржы бөлді.

Педофилдерден келетін зиян шаш етектен. Қоғамға моральдық зиянымен қоса, оларды піштіру үшін де Үкімет қыруар  қазынасынан қағылып отыр. Бұдан бөлек, оларға егетін препараттар бар. Есепті болжамдарға сүйенсек, осыған дейінгі жылдар аралығын­да бала зорлау процесі күрт өскен.

Химиялық кастрацияның хирургиялық кастра­циядан айырмашылығы –педофил балаға «шабуылын» доғарады,  бірақ  жыныстық қабілеті түбегейлі жойылмайды.

Сонымен химиялық кастрация қалай жасалады? Қылмыстық істі тергеу барысында сондай тұлғаларға қатысты сот-психиатрлық сараптамалар тағайында­лады. Осы арқылы оның кәмелетке толмағандарға қатыс­ты ауытқушылығының бар-жоғы анықталады. Егер ауытқушылығы бар болса, сот оған химиялық кастра­цияны қолдану туралы шешім шығарады.  Қазақстанда химиялық кастрация үшін пайдаланылатын медициналық препарат бар. Ол «ципротерон» деп аталады. Маңыздысы, бұл препаратты педофилдің ұзақ уақытқа дейін қолданғаны қадағалануы керек. Егер ол түрмедегі мерзімі аяқталып, бостандыққа шығатын болса,  оның психологиялық жай-күйі қайта тексеріліп, тұрғылықты мекенжайы бойынша амбулаториялық психотриялық көмек көрсететін денсаул­ық сақтау ұйымы бақылауына алады. Дәл осы арада тағы бір сауал туындайды. Темір торда белгілі бір уақыт аралығында жазасын өтеп шыққан педофил кастрация, препаратқа да қарамастан баяғы әдетіне баспайтынына кімдер кепілдік бере алады? Өйткені біздің елімізде, нақтырақ айтқанда, Өскемен қаласында 10 жыл түрмеде отырып шыққан азамат тордан босаған соң  арада екі апта өтпей бүлдіршінді зорлаған.­ «Қай азғынның соңында кім жүреді?» деген пікір көпшіліктің көкейінде. Ол ол ма, әлгінде біз сөз етке­н «ципротерон» деп аталатын препараттың күшін жоя алатын альтернатив дәрілер де бар көрінеді. Оның күшін тіпті кәдімгі спирт те жойып тастай алады екен. Сонда педофилдерді піштіруге бөлінетін қаржының бәрі суға шайыла ма? Бұл мәселеге жан-жақты қараған­ дұрыс.

Дамыған елдердің практикасында да химиялық кастраци­я, тіпті өлім жазасы да тағайындалған. Мысалға­ алсақ, Оңтүстік Кореяда 13 жасқа дейінгі балаларға күш көрсететін болса, өлім жазасы күтіп тұр. Сауд Арабиясы, Йемен және өзге де мұсылман елдерінде мұндай айуандық­қа қатаң қағидалар ұстанады. Бізде басын алмаса­ да, балаларға қайта зәбір келтірмейтіндей айласын­ ойлап  табатын кез келгендей. Бүлдіршіндердің болашағы  бүлінбесе  екен.

Керім  ТАУАР

 


МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ МЕМЛЕКЕТ АБЫРОЙЫНА ҚАШАН АЙНАЛАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
07.11.2019 12:25

Білім беру саласында қордаланған мәселе өте көп. Салынбаған мектеп, мектепке сыймаған бала, игерілмеген ақшаны айтпағанда, оқулықтың жайы оңбай, мұғалімдерді қағаз­бастылықтан құтқаратын дені дұрыс жүйе болмай­ тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт­ Тоқаев Жолдауында қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап  бара  жатқанын атап өтті. Оған себеп – ауылдық жерлерде білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Расында да, білікті педагог жетіспей­тін қоғамда мұғалім мәртебесі туралы­  әңгіме  қозғаудың  өзі  артық. Соңғы 15-20 жылда қалыптасып үлгерген қасаң пікірдің түп-төркіні қайда жатыр? Жыл сайын жалақысын көтеріп, әрідегі мәселені әлеуметтік жағ­дайдың  оңалуымен шешеміз деген шешімнің  маңызы  бар  ма?

Бүгінде ұстаздардың айлығы сатылап өсіп келеді. Дегенмен еңбекақы базалық лауазымдық жалақы арқылы есептеледі. Сондықтан көпшілігі қаражатының көбейгенін аса сезіне қоймайды. Қазақстандағы мұғалімнің айлық жалақысы елімізд­егі орташа жалақыдан 25 пайыз төмен. Германияда мұғалімнің бір айлық жалақысы­  4 мың еуро, ал Қытайда 1 мың доллар. Футбол командасының ойыншысы одан он, жиырма есе көп табады. Балаға білім бергеннен гөрі, доп қуалауды дұрыс көрсе, оған кім кінәлі?! Жас маман­дарды қызметтік пәтермен бірден қамтамасыз ету керек.­ Бұл да – мамандыққа  деген­  қызығушылықты оятудың  бір  жолы.

Екіншіден, осы еңбекақының аздығы мектеп бітірушілердің таңдауына өз ықпалын тигізіп отыр. Жалақысы жанбағысына жетпейтін мамандықты өздері беделді деп санайтын маман­дықтарға қолы жетпей қалғандары ғана таңдайды. Олардың қатарында ер-азаматтар жағы, тіпті, аз. Статистика­ға сенсек, еліміздегі орта мектеп­терде сабақ беретін 300 мыңнан астам мұғалімнің 87 пайызы – әйел ұстаздар.

Үшіншіден, педагогикалық бағытта жоғары білім алатын студенттердің 90 пайыздан астам­ы ақылы оқу топтарында оқитындықтан, олардың мектепк­е  барып сабақ беруі міндеттелмейді.

Төртіншіден, мұғалім қо­ғамның қолбаласына айналды. Еліміздегі қоғамдық-саяси науқа­н, тазалық жұмыстары, халық санағы және басқа да шаралар оларсыз өтпейді. Жоғары басшылықтың қысымынан өзінің кәсіби міндетін атқаруға уақыт таппайды. Бұған олардың қаптаған қағазды толтырып беретін­ есебін тағы қосыңыз...

Бұл тізімді тоқтатпасақ, тізгінін тартқызбайды.

Бұл мәселелерге елеңдеген елдің қарасы көбейіп, қоғам болып­ қолға ала бастаған тұста Білім және ғылым министрлігі оны «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасымен шешуге шешім шығарды. Өткенде қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы бастаған бір топ мұға­лімд­ер қауымы осы заң жоба­сының 5-бабына қарсылық біл­дірді. Заң жобасының «Педагогикалық әдеп және педагог анты» деп аталатын 5-бабының 2-тармағында «педагогикалық әдеп қағидаларын білім беру саласы­ндағы уәкілетті орган бекіт­еді» деп жазылған. Қоғам белсендісі, ардагер ұстаз Өмір Шыныбекұлы мұны «ұстаздардың аузына қақпақ болу» деп есептейді. Өйткені, сол баптың 4-тармағында «Ант мәтінін және педагогтердің оны қабылдау тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді» делінген.

Мұғалім мәртебесін көтереміз деген желеумен, оның құқығын шектеу қаншалықты дұрыс? Бәлкім, ұстаздарға деген көзқарас алдымен мемлекеттік деңгейде өзгеруі керек шығар?!

Балтық жағалауындағы Латвия Республикасын алайық. Бүгінде ол ел әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарында. 1991 жылы өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін білім беру, денсаулық сақтау салаларын ғана мемлекет құзырында қалдырып, өзге салалар бойынша жеке секторды дамытуға мүмкіндік берді. Біздің мемлекетіміз де саналы түрде білім беруд­і  «болашаққа  инвестиция құятын сала» деп есептеп, толық­тай өз қамқорлығына алуы керек.

Сонда ғана бұл саланың тамыры­на қан жүгіріп, сең қозғалад­ы.

Гүлжан  РАХМАН

 


КЕНТ ӘКІМІ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТЕ МЕ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
07.11.2019 12:20

Мұндайда «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дейтін бе еді?!  ҚР Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі Су ресурстары комит­етінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бұрынғы қызметкерінің ашуы көктемде Сырдария өзені секілді «тасыған» екен. Ө.Қыстаубаевтың (инспекцияның бұрынғы қыз­меткері) ашуының «тасығаны» соншал­ық, инспекция басшысы орын­басарының үстінен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі­нің Қызылорда облысындағы Әдеп кеңес­іне хат жіберген. Онда ол «Инспекция басшысының орынбас­ары Ж.Нұр­сеитов 2019 жылдың мамыры­нда өткен бассейндік кеңестің отырысынан кейінгі тойда менің ар-намысым­ мен абыройымды таптап, себеп­сізден-себепсіз анамды балағат­тады» деп көрсеткен. Даудың барлығы­  содан  басталған  көрінеді.

Өз кезегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мамандары аталға­н мәселеге зерделеу жұмыстарын жүргізіп, Әдеп жөніндегі кеңеске әкелді.

– Инспекция басшысы Ә.Қарлыханов өз түсініктемесінде «Ж.Нұрсеитов тарапынан Ө.Қыстаубаевқа балағат сөздер айтылған жағдайдың қашан болғанын­ білмейтінін және есінде емес екен­дігін» білдірген. Дегенмен, инс­пекцияның бас маманы С.Көбеев өз түсінік­темесінде «2019 жылдың мамы­рын­да Инспекция басшысының тойына Ө.Қыстаубаев екеуі қонақ ретінде бар­ғанын­ және той асабасы сөз беру бары­сында Ж.Нұрсеитов алдарына келіп, Ө.Қыстаубаевқа «Сені кім шақырды,­ сен инспекцияда істемейсің?» деп, орыс тілінде  анасын балағаттағанын» рас­таған, - деді департамент өкілі өз баяндамасында.­

Әдеп жөніндегі кеңеске келген инспек­ция басшысының орынбасары мұның барлығын жоққа шығарып бақты. Атал­ған мәселелерді зерделей келе кеңес мүшелері Ж.Нұрсеитовке қатысты «сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаны қолдануға  шешім  шығарды.

Одан кейін Әйтеке би кентінің әкімі Жарасхан Мұратбаевтың мәселесі қаралды. Айта кететін жайт, кент әкімінің іс-әрекетіне байланысты Әдеп жөніндегі кеңесте бұған дейін бірнеше рет талқыланды. Естеріңізде болса, Әйтеке би кенті, С.Мұқанов көшесі, №2А мекенжайында орналасқан үйді М.Тәжібайға өтеусіз негізде жекешелендіруге байланысты шу шыққан еді. Сейсенбі күні сол мәселенің нүктесі қойылды. Әдеп жөнін­дегі кеңес мүшелері мемлекеттік қызметке кір келтірген тәртіптік теріс қылық­тарға жол берген Ж.Мұратбаевқа қатысты­ «қызметтен босату» түріндегі тәртіп­тік жаза қолдану жөнінде шешім шығарды.

Бұдан бөлек, кеңес отырысында Қызылорда облысының денсаулық сақтау  басқармасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары, Әдеп Кодексі­ бұзушылықтарының профилактикасы бағытында атқарылған жұмыс­тары жөнінде басқарма басшысы Жақ­сылы­қ Абдусаметовтың, Қызылорда облысы­ бойынша қазынашылық департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілінің есебі тыңдалды. Сондай-ақ, Арал ауданы­ әкімдігінің тәртіптік комиссиясының жұмыс нәтижесі жөнінде жауапты сала өкілі баяндама жасады.

Халық-хабар

 


ЕЛМҰРА – АТАҚТАРЫМНЫҢ ЕҢ ҮЛКЕНІ және ЕҢ ҚАДІРЛІСІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
07.11.2019 12:10

Ол – әнші, жыршы, термешілер арасында «Өнертану» ғылым саласынан «Арал, Қазалы өңірінің жыраулық дәстүрі» деген тақырыпта диссертация қорғап, Қазақстан­  бойынша  ғалым  атанған  алғашқы  өнер  иесі.

Ол – ҚР мемлекеттік күзет қызметінің Президентік оркестрінде қызмет істеген алғашқы жыршы-жырау.

Ол – Тұңғыш президенттің қолдауымен Нұр-Сұлтан (ол кезде Астана – ред.) қаласына­ арнайы шақыртылып, мемлекеттік бағдарламамен пәтер иеленген алғашқ­ы  жырау.

Ол – жыршы, жыраулар  ішінде  халықаралық  байқаудан  жүлделі болған алғашқы­  жан.

Ол – Қазақ ұлттық өнер университетінде жыраулық мектепті ашқан алғашқы өнертанушы.

Ол – ел мұрасын арқалаған жай ғана Елмұра.

Иә, біздің кейіпкеріміз – ҚР  Еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымыны­ң кандидаты, жыршы, термеші Елмұра Жаңабергенова. Өнер иесімен болған әңгіме көбіне «Елмұра» өнер мектебінің жұмысына арналды­.  Сондай-ақ,  жыршы  өзінің  алдағы  жоспарлары  туралы  айтты.


МЕКТЕП  АШУДАҒЫ  МАҚСАТ ҚАНДАЙ?

 

«Елмұра» өнер мектебі өткен жылдың қазан айында ашылғанымен, желтоқсан айынан бастап жұмысын бастады десем болады. Тіпті, ақпан айына дейін толық күшіне енбеді. Оның басты себебі, біз мүлдем жарнама жасамадық. Мектепке тек ауызша  естіген адамдар ғана келіп жатты.

Мектепті ашуыма көпшіліктің «баламды­ оқытыңызшы, үйретіңізші» деген өтініші, сөздері себеп болды. Мен оларды үйден оқыта  алмадым. Университетке  шақыру­ға тағы  болмайды. Сондықтан, аз ғана баламен осындай шағын мектеп аштым. 4-5 ай оқыған балалардан  жақсы шәкірт­тер шыға бастады. 5-6 баламыз  лауреат  атанып­,  жүлделі  орындарға  қол  жеткізді.

«Елмұра» өнер мектебінің негізгі мақсаты – балаға кәсіби өнер түрлерінен білім беру. Мектеп «Дәстүрлі жыр», «Дәс­түрлі ән», «Домбыра», «Айтыс өнері», «Шешендік өнер», «Қолөнер», «Үрмелі аспап», «Қобыз», «Жетіген», «Шертер», «Фортепиано», «Сольфеджио», «Вокал, дауыс қою», «Актерлік шебер­лік, сахна тілі», «Сурет салу», «Қаламгер», «Композиция», «Бала тілі – бал» (қазақ тілінде сөйлеу), т.б. бағытта оқушы­ларға білім береді. Ата-аналар тарапынан түскен өтінішке орай да жұмыс істейміз. Биыл біз екі жылдық біліммен колледжге үш, университетке бір бала дайындап отырмыз. Біздің мектептен тәлім алған, сонау Арал қаласынан келген Ақмарал Ыдырысова деген оқушымыз бүгінде университетте оқып жатыр. Биыл «Жастар жылы» болғандықтан, мектепке мұға­лімдерді жаңа буыннан алдым. Олар бір-бірінен өткен талантты, талапты.

Осы күні Нұр-Сұлтан қаласында ашылып жатқан өнер мектеп­тері бар. Ол жағынан кенде емеспіз. Әрине, мұндай орта­лықтардың көптеп ашыл­ғаны жақсы.­ Балаларымызды ұлттық өнерімі­зге баулығанымыз дұрыс. Біздің мектептен «Шешендік өнер», «Айтыс өнері», «Бала тілі – бал» деген үйір­мелер алғаш рет ашылып отыр.

 

ЭЛЬМИРАДАН   ҚАЛАЙ  ЕЛМҰРАҒА   АЙНАЛДЫ?

 

Менің негізі шын есімім – Эльмира. Атақтарымның ішін­дегі ең үлкені және қадірлісі, маңыздысы осы – Елмұра. Менің де арқалап жүргенім елдің мұрасы ғой. Осы мектепте елдің мұрасын сақтайтын жастар, таланттар көп болсын деген­ жақсы оймен мектептің атын «Елмұра» деп қойдым.

1997 жылы жаз айында Шәмшат Төлепова апамыздың көзі тірісінде 60 жылдығына орай конкурс ұйымдастырылды. Екі күнге созылған сол сайыста мен жеңімпаз атандым. Сонда Шәмшат апамыз: «Сенің орындауың ешкімге ұқсамайды. Диапазоның бөлек, дауысың өте жағары. Сендей ерекше дауыс иесі қыздар арасында болған­ жоқ» деп баға берген еді. Қайтар жолда ақын Елена Әбдіқалықованың айтқан сөзі әлі есімде. «Сен үлкен жырларды, термелерді айтасың. Елдің мұрасын арқалап жүрсің ғой, сені Эльмира емес, Елмұра деп атайық»  деді. Содан  бері  22  жыл  өтті, мен  – Елмұрамын.

 

«ОҚУШЫНЫ   ДАЙЫНДАЙТЫН

АРНАЙЫ   МЕКТЕПТЕР   АЗ»

 

Мен жыраулық, әншілік өнерді үйреткенде тек орындалуын ғана емес, шығарманың тақырыбы, оның негізгі мазмұны, мағынасын түсіндіріп, сонымен қатар автор­ларға (сөздің авторы, мақамның авторы­) арнайы тоқталамын. Онда «автор­дың тағы қандай шығармалары бар?» деген­ сұрақтан бастап, өмір жолы, шығарманың тарихы бәрі-бәрі қамтылады.

Қазіргі таңда колледждерге, университеттерге оқушыларды дайындайтын арнайы мектептер аз. Біздің негізгі әрі үлкен мақсатымыз – осы олқылықтың орнын тол­тыру. Негізі мектепте 4 жыл оқуы керек. Алдағы уақытта сертификаттар берсем деймін. Бұл – алдағы уақыттың жемісі. Өнер мектебінің ашылғанына әлі бір жыл болған­ жоқ. Жұмыс жүріп жатыр. Балаларды кәсіби тұрғыда дайындаймыз, бұл жерде ешқандай шоу-бизнес немесе қайта-қайта экранға, концертке шығарамын деген мақсат­  жоқ.

Қазіргі таңда жетіген, шаңқобыз, қылқобыз, сазсырнай сияқты аспаптар көп сұранысқа ие болмай отыр. Бұл мені қынжылтады. Мұнда оқитын балалар да өте аз. Соған жарнама жасауымыз керек.

Біз көптеген мектептерге тегін концерт­тер ұйымдастырамыз. Былтырдың өзінде 3-4 рет концерт беріп үлгердік. Бұл оларды­ сахнаға тәрбиелеу, еркін сөйлеу, өнерге деген икемділігін арттыру, қалыптастыру үшін қажет болады. Қарттар үйі, жетімдер үйі секілді жерлерге де концерт береміз. Егер жетімдер үйінің тәрбиеленушілері біздің өнерімізге қызығушылық танытып жатса, оларға да үйретеміз деген мақсатымыз бар. Мен шәкірттерімді де, балаларымды да өнерге тәрбиеледім.

 

БАЛАЛАР   ЛАГЕРЬДЕН  –  ӨНЕРГЕ...

 

«Елмұра» өнер мектебінде әр жылдың өз деңгейі бар. Ол дегеніміз «бала бірінші жылы нені және қалай үйрену керек?» деген­ сұрақтан басталады. Мұғалімдер не үйретіп жатыр, бала және ата-ана риза ма, қандай жетістіктер болып жатыр? Және тағы да басқа сұрақтарды қамтимыз. Біз балаларға терең білім беруді мақсат тұтамыз. Сондықтан, өзім барлығын қадағалап отырамын.

Бізде көпбалалы ата-аналарға, мүмкін­дігі шектеулі жандарға жасалған жеңіл­діктер бар. Сонымен қатар, одан да басқа көптеген ойларымыз бар. Оларды да жүзеге­ асырамыз. Негізгі мақсат – қазақи, ұлттық рухта тәрбиелеу. Мойындауымыз керек, қаланың жастары қазақы ойламайды, қазақша көп сөйлей алмайды. Салт-дәс­түрді, болмысты үйретсек дейміз. Сонымен қатар, дәл осы мақсатта жазғы лагерь ұйымдастырғанмын. Лагерьде біз барлық сабақтар бойынша оқыттық, үйреттік. Музейге, кинотеатрға, саябаққа алып бардық. Бұл балалардың және көпшіліктің көңілінен шыққан секілді. Себебі, сол лагерьге келген балалар бүгінде өнер мектебінің оқушыларына айналды. Өткен жылға қарағанда мектептің аяқалысы жақсы. Мектеп ашу, оның жұмысын жүргізу оңай шаруа­ емес. Еңбектеп бастап барып тік тұрасың ғой, сол секілді. Барлығы бірден емес, біртіндеп болатын нәрсе екенін білемін. «Елмұра» өнер мектебі туралы, жазғы лагер­ь жайында көпшілігі білмей қалып жатыр, ақпарат  әлі ел арасына түпкі­лікті жетпей  жатыр  деп ойлаймын.

 

АСТАНА   ДА –  ӨНЕРДІҢ   ОРДАСЫ

 

Кезінде Тұңғыш президентіміз Н.Назар­баев бізді «осы Астананы (ол кезде Астана еді) көркейтіңдер, өнерді дамытыңдар, жастарға үйретіңдер» деп алып келген болатын. Мен сонда бір кірпіш болып­ қаланып, елге пайдам тисе деп ойлайты­нмын. «Елмұра» өнер мектебін сондықтан аштым. Және жұмысын өз күшіммен жолға қойдым. Қазір соған қуанамын. Жастарды тәрбиелеу, оқыту – менің ел алдындағы борышым.

«Жыраулық дәстүрді зерттеудің әдіс-тәсілдері» деген шағын кітабым жарық көрді. «Өнер – өмірімнің өзегі» деген өзімнің шығармашылығыма арнап кітап шығардым. АҚШ-тағы өнерсүйер қауымның арнайы тапсырысы бойынша үнтаспам дайындалды. Сосын «Дүрлердің дүбірімен жеткен дауыс» деген терме-толға­улар жинағым шықты. Алдағы уақытта­ тағы да мақсаттарым бар. 50 жылдығыма қызу дайындалып жатырмын. Қазір «Арал, Қазалы өңірінің жыраулық дәстүрі» деген 300 беттік үлкен монографияны дайындап қойдым. Бұйырса, оның да жарыққа шығатын­  күні алыс емес.

Алматыға келгенде күйші Қаршыға Ахмеди­яров ағам Жақсылық деген шеберге ертіп апарып, даусыма, болмысыма орай домбыраға тапсырыс жасатса, оны ата-анам  сатып алып берген еді. Әлі күнге дейін сол домбыраны ауыстырған емеспін. Өнерде­ жүргеніме 33 жылдай болып қалды, 17 жасымнан бері үлкен сахналарда ән айтып­ келемін. Жалпы, өзім 3-сыныпта ән айтуды  бастаған  едім.

Жазып  алған

Рыскелді  ЖАХМАН

 


 

ӘСЕР

(Елмұра  Жаңабергеноваға)

 

Қас жыраудың біледі халқы нарқын,

Қос ішекпен көнеден тартылар тін.

Асфаһани асыл сөз санадағы,

Құйылғандай құлаққа балқып алтын.

 

Жырау көрдім шабыттан жанатындай,

«Әу!» дегенде қоймайды таң атырмай.

Әне-міне, кетердей көтеріліп,

Құлынмүше періште қанатындай.

 

Ұлы көш тастап кеткен мұрамыздай,

Ұйқысынан оянған ұлы абыздай.

Ақылдың аңыратып адырнасын,

Жүректен жебе тартқан мына қызды-ай!

 

Ділімде от ойнатып дана нақыл,

Қу нәпсіге құн кестім қарабақыр.

Елтіп алған үніне Елмұраның,

Сол шақтағы күйіме қара да тұр.

 

Тар жалғанның тірескен күшін бағып,

Қолыма жібек баулы құсымды алып.

Кәнизегі күмістен кездігіммен,

Пенделіктің тастадым ішін жарып.

 

Жауһар жыр, жұмағыңды несіп қылдың,

Кеудемде ашылмаған есікті ұрдың.

Осындай ғажайыптан айыратын,

Тірмізік тірлігімнен шошып тұрдым.

 

Байланған болмысыңмен үнге мынау,

Төмендеп түстің неге, дүр көңіл-ау.

...Арқалап алқымдағы алтыныңды,

Мені тастап барасың, кімге жырау?!

Дүйсенбек   АЯШҰЛЫ

 


Мақала дайындалып жатқанда белгілі термеші, жырау Елмұра Жаңабер­генованың анасы Қантай Әбуқызының қайтыс  болғаны туралы­  қаралы  хабар  жетті. «Халық» газет­і  Елмұра  Манасқызына  қайғы­сына  ортақ­тасып,  көңіл  қосын  біл­діреді.


 


ПАРА БЕРГЕНГЕ ДЕ, АЛҒАНҒА ДА ЖАЗА БАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
07.11.2019 12:00

Бақытжан  НИЯЗОВ,

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

 

– Бақытжан Мақсұтұлы,  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысы ауқымды және ең маңызд­ы  саланың бірі екені даусыз. Білуімізше, агенттік тарапынан жемқорлықтың алдын алу бағытында біраз жобалар қолға алынды. Дегенмен, «халықтың сенімі» деген дүние бар. Агенттік ел сенімінен шыға алып отыр ма?

– Иә, сұрағыңыз өте орынды. Халықтың сеніміне ие болу оңай шаруа емес. Десе де, мына бір ақпаратты сізбен бөліссем деймін.

БҰҰ Даму бағдарламасының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылған «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйінің мониторингі» зерт­теуі аясында Transparency Kazakhstan  сарапшылары облыс­ және аудан орталықтары­ деңгейінде 9 мың респондентке­ сауал­ қойды. Бұдан бөлек, «Ашық диалог» порталына 568 өтініш келіп түсті. Осылайша, респонденттердің жартысынан астамы (54,4 пайызы) соңғы жылдары сыбайлас жемқор­лық деңгейінің төмендегенін атап өтті. Сондай-ақ, бизнес-қауымдастықтағы оң өзгерістерді де ерекше атап өткен  жөн. Мәселен, кәсіп­керлердің 76 пайызы елімізде пара бермей, тек құқықтық негізд­е жұмыс істей отырып, өз бизнесін дамытуға болады деп есептейді. Жалпы алғанда, азаматтар мен бизнес өкілдерінің пікірінше, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бо­йынша агенттік (72,4 пайыз) ең жоғарғы және ең ықпалды сенімге­  ие.

 

– Айтыңызшы, қай салаларда сыбайлас жемқорлық фак­ті­лері  жиі  кездеседі?

– Өкінішке қарай, биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында облыста 46 сыбайлас жем­қорлықпен байланысты істер орын алған. Олардың 50 пайызы ауыр қылмыстар санатына жатады. Жауапты қызметкерлер әртүрлі рұқсат беру құжаттарын және құжаттарды жедел мерзімде бергені, азаматтарды жұмысқа орналастырғаны, қызмет бойынша қамқорлығы не­мес­е жәрдемдескені, қыл­мыс­тық және әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін жемқорлыққа барған. Азаматтар пара беруге мәжбүрлеген 70-тен астам себепті айтты. Солардың ішінде ең көп тарал­ғаны – жұмысқа орналастыру, жер телімін рәсімдеу, баланы балабақшаға орналастыру және  жол жүру ережелерін бұзу. Ал бизнес өкілдері салық органдарында, жер қатынас­тары саласында, аудандық әкімдіктерде, полиция, өртке қарсы қызметте және кеден қызметінде  сыбайлас жемқорлық  фактілері  жиі  кездесеті­нін  алға  тартады.

 

– Қай мәселенің де салда­ры­мен емес, себебімен күресу тиімді ғой. Бұл  бағытта  нендей жобалар­  жүзге  асырылып   жатыр­?

– Аймақта «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы шеңбе­рінде департамент қыз­метк­ерлері  орталықтың, көлік­тік  бақылау  инспекциясының қызметкерлерімен, «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, облыс бойынша арнайы мониторинг­тік топтың және БАҚ өкіл­дерімен бірле­сіп, жергілікті маңызы бар автомоб­иль жол­дарының проб­лем­алық учас­келеріне жылжымалы зерт­ханамен 7 рет бақылауға шықты. Сонымен қатар жоба жұмысын жетілдіру мақсатында жол саласына қатысты басқарма басшыларының, жол құрылысы саласында жетекшілік ететін қала мен барлық аудан әкімдерінің орынбасарларының, мердігер мекеме­ басшыларының қатысуымен жиын өткізілді. Онда аталған салаға қатысты ең өзекті мәселелер талқыланып, сараланды. Тағы бір айта кететін жайт, автом­обиль жолдары сапасының нашарлауына әсер ететін маңызды факторлардың бірі – ауыр салмақты үлкен жүкті тасымалдау. Бұған байла­нысты автомобиль жолдарында ауыр салмақты және инертті жүк тасымалдайтын автокөлік құралдарына бақылауды қамтамасыз ету мақсатында көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Нәтижесінде 43 жүк көлік жүргізушілеріне әкімшілік хаттамалар рәсім­деліп, айыппұлдар салын­ды. Ал «Адал жол» жобасы аясында арнайы құрылған жобалық тобымен теміржол көліктеріне 18 рейдтік іс-шаралар ұйым­дастырылды. Жүргізілген іс-шаралар барысында пойызға билетсіз мінген 24 жолаушы анықталды. Жолаушыларды билетсіз мінгізген жолсеріктерге қатысты көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлерімен 20 әкімшілік құқықбұзушылық турал­ы хаттамалар рәсімделді. Сондай-ақ, теміржол вокзалында жолауш­ылар пойызына билетсіз ақшасын алып мінгізіп жіберетін 2 делдал (қосымша көмекші) анықталып, желілік полиция бөлімінің қызметкер­лерімен әкімшілік хаттамала­р  толты­рылды.

Автокөлікті сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицен­зиясы бар ЖШС-нен сақтандыру полисін алуға келген азаматтар қосалқы көмек көрсететін азаматтар арқылы (помогайка) техникалық байқаудан көлікті тексері­п, қараусыз автокөліктің суреті арқылы жалған құжат дайынд­ап беретіндігі белгілі бол­ған еді. Осыған орай облыстық поли­ция департаментіне және көліктік  бақылау  инспекциясына ұсыныстар  жолдадық.

Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар жыл бойы жалғасатын болады. Қысқаша айтқанда, сыбайлас жем­қо­рлық фактілерінен гөрі оның алдын  алу  маңызды  екені анық.

 

– Жасыратыны жоқ, ел арасында «айран ішкен құтылып, шелек жалаға­н тұтылып қалады» деген пікір бар. Бұған келісесіз бе?

– Тұспалыңыз  түсінікті. Биыл өңірде  сыбайлас  жемқорлық  фактілерін­е жол берген 7 бірдей об­лыстық  деңгейдегі  мекеме  бас­шы­лары күдіктелген. Осыдан-ақ, атқары­лып жатқан жұмысты шамала­са­қ  болатын   шығар.

 

– Пара алушы мен пара беруші арасындағы жазадағы айырмашылық соншылықты көп емес. Осы мәселенің  аражігін  ажыратып, толы­ғырақ  тоқталсаңыз...

– Рас, мұның барлығы тайға таңба басқандай ҚР Қылмыстық кодексте жазулы тұр. Пара беруші де, пара алушы да және арадағы делдал да жазасыз қалмайды. Қылмыс­тық кодекстің 366-бабында «Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адамның не оған теңестiрiлген адамның­ немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның  не  лауазымды  адамның, сол сияқты шет мемлекеттің немесе­ халықаралық ұйымның лауазым­ды адамының пара берушi­нiң немесе оның өкiлi болған адамдардың пайдасына жасаған әре­кеттері (әрекетсiздiгi) үшiн, егер мұндай әрекеттер (әрекетсiздiк) осы адамның қызметтiк өкiлет­тiктеріне кiретін болса не ол лауазымдық жағдайына байланысты осындай әрекеттерге (әрекетсiз­дiкке) ықпал жасай алатын болса, сол сияқты жалпы қамқорлығы немес­е жол берушілігі үшін өзіне немес­е басқа адамдарға ақша, бағал­ы қағаздар, өзге мүлiк, мүлiкке құқық немесе мүлiк сипатындағы пайда түрiнде жеке өзi немесе дел­дал­ арқылы пара алуы – мүлкі тәр­кіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен  айналысу  құқығынан  өмір  бойына­ айыра отырып, параның жетпіс еселенгеннен сексен еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұ­л салуға не он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делін­ген. Ал пара берушілерге қатысты осы кодекстің 367-бабында «Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға­ не оған теңестірілген адамғ­а немесе жауапты мемлекет­тік лауазымды атқаратын адамға не лауазымды адамға, сол сияқты шет мемлекеттің немесе халық­аралық  ұйымның лауазымды адамына­ жеке өзіне немесе делдал арқылы пара беруі – мүлкі тәр­кіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның қырық еселенгеннен елу еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға  жазаланады» деп көрсетілген. Бұл жерде айта кететін жайт, кодекс­тің 366-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адам тарапынан параны қорқытып алу орын алған болса немесе егер осы адам пара бергені туралы құқық қорғау органына немесе арнаулы мемлекеттік органға өз еркімен хабар­ласа, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Ал 368-бапта «Парақорлыққа делдал болу, яғни пара алушығ­а және пара берушiге олардың арасындағы пара алу және беру туралы келісімге қол жеткiзуге не­месе­ оны iске асыруға ықпал ету – мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе­ белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның бес еселенгеннен он еселенгенге дейінгі сомасы мөлше­рінде айыппұл салуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға  жазаланады» делінеді. Егер делдалдық бірнеше рет қайталанса, кінәлі тұлға параның он еселенгеннен жиырма еселенгенге­ дейінгі сомасы мөлшерінде айып­п­ұл салуға не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырыл­мақ.

 

– Облыс көлемінде биыл жүйелі жемқорлық фактілері тіркелді ме?

– Жыл басынан бері жүйелі сыбайлас жемқорлықтың 6 фактісі тіркеліп отыр. Былтыр 4-еуі тір­келген еді. Мәселен, Қазалы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылым жүргізу жұмыстары толық тамамдалмаған 3 нысанды қабылдап алған. Нәтижесінде атқары­лмаған жұмыстар үшін мемлеке­ттік  қаржы мердігерлердің есепшотына толығымен аударылып беріліп, мемлекетке мате­риалдық зиян келіп, мемлекеттің өз азаматтарын сапалы инфрақұрылым­мен, яғни газбен, электро­энергиямен және ауыз­сумен қамтамыз етудегі саясатын жүзеге асыру мүмкіндігінен айырылып және іс жүзінде игерілмеген мемлекет қара­жатын басқ­а ұйымдардың иеленіп алуына жағдай жасап, салдарынан мем­лекеттiң заңмен қор­ғалатын мүдделерi­не елеулі­  зиян келген.

 

– Шыны керек, тұрғындардың дені «аш құлақтан, тыныш құлақ» деп құқыққа қарсы фактілерді хабарлауды жөн санамайды. Неліктен?

– Жасыратыны жоқ, көпшілігі заңға қайшы әрекеттерді байқаған күннің өзінде хабарлауға ықыласты емес. Дегенмен, биыл департамент 18 азаматқа 2558800 теңге көлемінде сыйақы төледі. Бұл жерде ерекше тоқталатын жайт, хабарлаушы мемлекеттік тұрғыдан қорғауға алынады. Бұдан бөлек, теріс әрекетті хабарлаған азамат құпия қалады. Бұған алаңдауға негіз жоқ.

 

– Бақытжан Мақсұтұлы, ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қараша 2019 >
        1 2 3
4 5 6 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары