Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 940 |
![]() | Кеше | 1815 |
![]() | Осы аптада | 13880 |
![]() | Өткен аптада | 20075 |
![]() | Осы айда | 36385 |
![]() | Өткен айда | 58946 |
![]() | Бәрі | 4217475 |
-
13.12.19
Толығырақ...
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұны терең, мағынасы зор мақаласын жуырда тағы бір мәрте шолып шықтым. Сол сәтте ойыма Арал ауданының Тоқабай елді мекенінде тұратын ардагер ұстаз, сол өңірге танымал өлкетанушы Үргенішбай Қуатов оралды.
... -
13.12.19
Толығырақ...
Менде арман көп. Қиялдай кетсем, ойымда шек жоқ. Туған жерімде лайықты білім алып, ата- анам, туған қарындасыма қамқор болғым келеді. Қарындасымды шексіз жақсы көремін. Ол – менің бауыр етім. Ата-анамыз бізге күн сайын бір-бірімізге қамқор, мейірімді, адал болуды үйретіп отырады. Өйткені мейірімділік әлемді құтқарады. Егер біз мейірімді болсақ, біздің өміріміз қуанышқа, бақытқа тол...
-
05.12.19
Толығырақ...
«Құмкөл-Қызылорда» автожолының 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт алған «Neoplan» маркалы автобус аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қайыстырғаны анық.
... -
05.12.19
Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетістік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабарға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...
- 05.12.19
Толығырақ...Ерғали АБДУЛЛА
Қу ақша
Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...
- 05.12.19
КЕМ-КЕТІКТІ ЖЕТІСТІККЕ АЙНАЛДЫРУ КЕРЕК |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Сергек |
21.11.2019 11:50 |
Ерлан ЕСТЕК, қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері: Өткен аптада Қызылордада ерлер және әйелдер арасында қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Балуандар бәсекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен спортшылар қатысып, бозкілемде барын салып жатты. Иә, белі кеткен балуанның белдеспей жатып бүк болатыны белгілі жайт ғой. Бірақ, біз ондай жайтқа кез болмадық. Қыж-қыж қайнап жатқан Қызылордадағы қазақ күресінің қызығын тамашалап қайттық. «Жүрген аяққа жөргем ілігеді» дегендей, қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Ерлан Естек ағамызбен жолығып, аз-кем әңгімелескен едік. - Сыр еліне қош келдіңіз! Алғашқы сұрағымыз ел чемпионатының ұйымдастырылуына, деңгейіне арналып отыр. - Жалпы, ел чемпионаты жыл сайын ұйымдастырылып жүр. Биыл Сыр елінде жоғары деңгейде өтіп жатыр, оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Ешқандай кем-кетігі жоқ. Жарысты ҚР Қазақ күресі федерациясының президенті Дәурен Абаев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ел чемпионатына Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің барлық облысынан 500-ге жуық спортшы келіп, 16 салмақ дәрежесінде шеберлік байқасуда. Жарыстың деңгейі де жоғары боп тұр. - Жаңа есімдер шығып жатыр ма? - Былтырғы ел чемпиондары бұл жарысқа қатты дайындалған жоқ. Өйткені, алда көп жарыс бар. Әлем чемпионаты, әлем барысы өтеді. Спортшы болу оңай емес. Біз әрдайым сапарда жүреміз. Жыл он екі ай отбасының қасында бола алмаймыз. Үнемі тер төгеміз, 24 сағат дайындық жасаймыз. - Шетелдіктердің қазақ күресіне деген көзқарасы қалай? - Өткен жылы Польшада «Еуропа барысы» турнирі өтті. Балуандарымыз бір апта сонда оқу-жаттығу жиынында болды. Біз Азия құрлығына жататын болған соң, ол жарысқа қатыспадық. Сол жарысқа 23 мемлекеттен балуандар қатысты. Қазақ күресін шетелде ұйымдастыру – зор қуаныш. Сол секілді, Азия чемпионаты Моңғолияда өтті. Олардың да қазақ күресіне деген ықыласы жоғары екенін байқадық. Тіпті, көрермендердің өзі көліктеріне қазақ күресінің логотипі бейнеленген қағаздарды жапсырып алып, болмаса қолына ұстап алып жүрді. Қуанасың. Мұндай құрмет кейде Қазақстанда да бола бермейді. - Ал, сіздің ойыңызша қазақ күресіне қандай өзгеріс қажет? - Бір нәрсе айтайын. Бұрынғы мен қазіргіні салыстыра алмаймыз. Уақыт өткен сайын бәрі дамып жатыр. Қажеттілік бар. Қазақ күресі – қазақтың жанымен бітеқайнасқан спорт. Әрине, жетпей жатқан кем тұстары бар. Ең бастысы, ережесі бекітілген, мемлекеттік тұрғыда қолдау, ел арасында қызығушылық бар. Күреспен айналысушылардың қатары да көбейіп келеді. Сондықтан, кем-кетікті жетістікке айналдыру керек. - Облыстағы қазақ күресінің дамуына қандай баға бересіз? - Қызылорда балуандары туралы жақсы пікір, көзқарас қалыптасқан дей аламын. Былтыр 100 келіде Нұрым Сәлімгерей мен Мақсат Исағабылов финалға шыққан. Одан өзге де орын алғандар болды. Мысалы, биылғы чемпиондар – келесі жылға дайындап отырған балуандар. Сыр балуандары үшін биылғы жыл жемісті болды. Мақсат балуан Моңғолияда өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Нұрым балуан Ақтөбе қаласында өтетін Әлем чемпионатында күресетін болады. Негізі, Қызылордада қазақ күресінің даму қарқыны жақсы. - Бұған облыс басшылығының ықпалы бар ма? - Шындап келгенде, мемлекет, федерация тарапынан немесе облыс басшылығынан қазақ күресіне деген көңіл түзу екенін айтуға тиіспін. Барлығы қазақ күресін қолдайды. - Той-томалақта, аста балуандар күресіп жатады. Бұл да қазақ күресінің дамуына өз үлесін қосып жүрген болар... - Иә, әрине. «Қазақ күресін тек мемлекет, облыс не федерация ғана дамытсын» деген пікір жоқ. Біз әр жерде және әрқайсысымыз атсалысуымыз керек. - Оқу-жаттығу жиындары, жалпы дайындық барысы қалай өтеді? - Оқу-жаттығу жиындары басқа мемлекеттерде өтіп жүр. Мысалы, Моңғолия, Әзербайжан мемлекеттерінде болды. Бұл сол жақтың балуандарымен тәжірибе алмасуымызға сеп болады. Әрі қазақ күресінің ауқымын кеңейтуге де пайдалы дер едім. - Арнайы уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Рыскелді ЖАХМАН |
ЖАСТЫҚ ЖАЛЫН ЖЕТЕЛЕП... |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
21.11.2019 11:40 |
«Заманның қожасы да, тұтқасы да – жастар!». 1921 жылы «Жас Алаш» газетінің алғашқы нөмірі осы ұранмен жарыққа шықты. Тарих бетінде «Жас Алаш» көтерген үндеу алтын әріппен жазылды. Ел жастарының жанында жатталып қалды. Осы басылымда Ғани Мұратбаев тұңғыш редакторлық қызмет атқарған еді. Жалпы, Ғани туралы айтылатын, жазылатын дүние көп. Тым қысқа ғұмырында тындырымды тірлік жасап кеткені ақиқат.
Апта басында «Ғани жастар сыйлығының» жеңімпаздары анықталды. Байқауға қатысуға республиканың түкпір-түкпірінен 70-тен аса өтініш түскен. Арнайы комиссия алқасымен тек 30 талапкердің еңбегі жоғары баға иеленіп, жеңімпаз деп танылды. Алдымен байқауда бәйгелі болған жастар қазыналы Қазалы ауданының тарихына қанықты. Одан әрі Ғани Мұратбаев білім алған мектеп қабырғасында болды. Айта кететін жайт, Сырдың даңқты перзенті оқыған білім ордасы әлі күнге сақтаулы тұр. Жеңімпаз жастар бұдан әрі Ғани Мұратбаев атындағы музейдің жұмысымен танысты. Мұнда «Шығыс жұлдызының» тұтынған бұйымдары, өзі отырған парта бар. – Ғани Мұратбаев 4 жасында әкесінен, 9 жасында анасынан айырылған. Әкесінің інісі Салықбай Ғаниды қамқорлығына алып, Ташкент қаласына оқуға жібереді. Сөйтіп, Ташкентте қазақ-қырғыз педагогикалық училичесінде білім алады. Онда ол қазақ-қырғыз жастары арасында белсенділігімен көзге түскен. Деректерге сүйенсек, «Тұран» деп аталатын кинотеатрдың алдында Ғани суырылып шығып «Біз жастар, алға қарай жүруіміз қажет» деп үндеу тастаған екен. Одан бөлек, жерлесіміз жетім балалардың қамқоршысы болған, - дейді музейдің ғылыми қызметкері Әлібек Сералиев. Бұдан әрі жалынды жастар айбоз ұлдың атындағы ауылға барып, Ғани ескерткішіне гүл шоқтарын қойып тағзым етті. Сондағы саябаққа көшет отырғызды. – Биыл Ғани Мұратбаевтың туғанына 117 жыл толып отыр. Әйтсе де, біз үшін ол кісі әлі тірі, жап-жас күйінде елестейді. Жиырма үш жыл ғана өмір сүріп, жаһанға танылған тұлғаға айналған оның ісі мәңгілік жасайтыны сөзсіз. Ғанидың өмiр жолдарына көз жүгiртсең, бiлiмге құштарлық, әдiлдiк, табандылық, ұйымдастырушылық, уәдеге берiктiк, саяси тұрақтылық, шешендiк, адамдармен ортақ тiл табысу, жалған уәде бермеу, әлсiздерге қамқорлық, бастаған iстi аяғына жеткiзу, болашақты болжау сияқты тағылым аларлық қасиеттер бойында тұнып тұрғанына көз жеткiзесiң. Бiр басында осындай мiнез бен қасиет тоғысқан асыл азаматтың өнегесiн ұрпаққа үлгi ету мiндет десек те, парыз десек те жарасады. Ал Ғани ісін жалғастыра білу – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Мына заманда «Өнердің кілтін тапқан ғана өрге шабады». Сендер, тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін тарихи жауапкершілік арқалайтын азаматсыңдар. Осы жауапкершілікті сезіне білулерің керек. Тұлпар дүлдүлдігімен, адам білгірлігімен озады. Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек! - деді Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов марапаттау рәсімінде. Мұнан кейін Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов, аудандық мәслихат хатшысы Күнтілес Назымбеков жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарға «Ғани Мұратбаев» атындағы республикалық жастар сыйлығының дипломын, төсбелгісін және естелік сыйлықтар табыстады. Сыйлық иегерлерінің қатарында «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Мәселе» бағдарламасының жүргізушісі Нартай Аралбайұлы, бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, қазалылық талантты ақын Ақжол Түменбай секілді дарынды жастар бар. Халық-хабар
Нұралы Арыстан, Қостанай педагогикалық колледжінің «Қазақ тілі мен әдебиет» пәнінің оқытушысы: – Жалынды жас «Ғани Мұратбаев атындағы сыйлықтың» иегері атану зор жауапкершілік жүктейді. Ең алдымен кеудеге тағылған төсбелгінің салмағын сезіну қажет. Бүгін жетістікке жеткен жастардың қай-қайсысы да өз салаларында оза шапқан талантты ұл-қыздар. Кешелі бері қазыналы Қазалы ауданының тарихымен таныстық. Мұнда атағы алты Алашқа жайылған Жалаңтөс баһадүр мен Жанқожа батыр дүниеге келуінің өзі тегін дүние емес. Сондықтан осы өңірдің өсіп-өркендеуіне тілектеспін!
Замира Қалымбетова, Алматы облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ Талғар ауданының «Жастар ресурстық орталығы» жетекшісі: – Қасиетті Қазалы топырағына табаным тиіп, елдің тыныс-тіршілігімен таныстым. Аузы дуалы билер мен талай батыр-баһадүрлер дүниеге келген өңірге келгенім үшін өзімді бақыттымын деп есептеймін. Сонымен қатар «Ғани Мұратбаев атындағы сыйлықты» иелену – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл сыйлық қазақ жастарын ынталандырады деп сенемін. Жеңімпаз атанған барша замандастарды шын жүректен құттықтаймын.
Азат Жаманқұл, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының «Тараз теміржол көлік және коммуникация» КМҚК «Арнайы пән оқытушысы»: – Аз ғана ғұмырында қазақ жастарының болашағы үшін тер төккен Ғани Мұратбаев ел есінде мәңгі сақталары анық. Осы мақсатта ұйымдастырылған байқауда топ жару – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл сыйлық ел жастарын ынталандырып, алға жылжуына сеп болары сөзсіз. |
АЛМАҚТЫҢ ДА САЛМАҒЫ БАР |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
21.11.2019 11:30 |
«Шыдамның да шегі бар». «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК мен «Су жүйесі» МКК басшылығы осылай дейді. Сұрауы бар су мен қытымыр қыста жан сақтайтын жылудың ақысына келгенде тұрғындар таршылық танытатын көрінеді. Олар ай сайын емес, жыл сайын қордаланған қарыздарын жеке тұрғындар мен мекемелерге ескертуден шаршаған. Жылдың басында жылуға қарыз көлемі 200 миллион теңгеге жеткен. Ал ауызсуды тұтынушылардың небәрі 19 пайызы ғана ақшасын ай сайын төлейді. «Борышкерлер біздің үмітімізді үзді, біз енді оларды коммуналдық қызметтен үземіз» деді олар БАҚ өкілдеріне берген баспасөз брифингінде.
- Қалаға жылу беру маусымы 15 қазаннан басталды. Қаладағы 700-ге жуық көпқабатты үй, бұдан бөлек, 500-ден аса мемлекеттік мекемелер мен орта және шағын бизнес мекемелері орталықтандырылған жылуға қосылған. Кәсіпорынның 700-ден астам қызметкерінің жалақысы, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары мәселелері қаржымен шешілетіндігі белгілі. Қызылорда қаласында 30 мыңнан астам абонент бар. Жазғытұрымнан бастап қарызы қордаланған тұрғындар мен мекемелерге төлем жасау туралы ескертулер айтып, келесі жылдың жұмысын істей бастаймыз. Бірақ, соған қарамастан қарыздың көлемі азаймай отыр. Енді амалсыз жылу жүйесінен ағыту жұмыстарын жүргізуімізге тура келеді, - дейді «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК директоры Р.Нұрмағамбетов. Оның айтуынша, сотқа дейін жеткен қарыздар да жетерлік. Ағымдағы жылы жалпы 97 млн теңге берешегі бар 1200 жеке тұрғынның қарыздарын нотариалды куәландырып, сот орындаушыларына жіберілген. Сондай-ақ жылуға қарызы бар тұрғындарға екінші деңгейлі банктерден несие берілмейді және Қазақстанның шекарасынан шыға алмайтын болады. Тіпті жылуға қарыз тұрғындардың жылжымайтын мүліктері де тәркіленген. Олар қолма-қол төлейтін қаржылары болмағандықтан, мүлікпен есептесетін көрінеді. - Қаламыздағы «Арай» мөлтек ауданы, Жаппасбай батыр көшесі, «Титов» қыстағындағы жаңа үйлерді жылу жүйесінен ажыратуға толығымен мүмкіндік бар. Қазір 200-ден аса пәтерді жылудан ажыратуға мәжбүрміз, - деді Р.Нұрмағамбетов. Судың жайына келейік. Бүгінде ауызсуды қалада 76800 абонент тұтынады. Олардың тек 19 пайызы ғана тұтынған суының ақшасын уақытылы төлеп отыр. Қалғандарының ойына да кіріп шықпайды. Бұл туралы «Су жүйесі» МКК директорының орынбасары С.Төлепбаев мәлімдеді. - Біз де ауызсудың төлемдерін алу үшін бірқатар жұмыстар атқарып жатырмыз. Әр тұтынушыға түбіртек таратылады. Мұнда тұтынушының суға төлемінің көлемі және оны үш жұмыс күні ішінде төлеу қажеттігі туралы жазба қалдырылады. Егер белгіленген уақытта төленбесе, ісі сот орындаушыларына жіберіледі, - деді ол. Қала әкімінің орынбасары Е.Бердібаев бұл тұрғыда коммуналдық қызметтің ақысы төленбесе, көрсетілетін қызметтің де сапасы сын көтермейтіндігін ескертті. - Кезек күттірмейтін шығындарды өтеу мақсатында қордаланған қарызы бар тұтынушыларды жылу және ауызсу беру жүйелерінен ажырату жұмыстарын қолға алудамыз. Тұтынушылар коммуналдық мекемелер мен кәсіпорындардағы айлық жалақы осы тұтынушылардың тұтынған қызметі үшін төлейтін ақшасынан құралатындығын әрі кәсіпорынның қызмет ұсыну сапасы төмендеуіне әкелетінін есте ұстағаны жөн, - деді ол. ТҮЙІН. Коммуналдық сала қызметін тұтынушылар қатарында 500-700 мың теңгеге дейін қарызы бар тұрғындар тіркелген. Бұл – кем дегенде 10 жылдан бері төленбей келген қарыз көлемі. Менталитетімізге сай мейірімділікке салынғанның салдарынан құр босқа құрдымға кетіп бара жатқан кәсіпорындар амалсыз тұрғындардың мүлкін тәркіге салып, сотқа жүгінуге шын мәжбүр. Енді олар қарызын төлеуге шамасы келмейтіндерге бітімгершілікке келіп, бөліп төлеуге де болатындығын айтады. Қарызға еті үйренген бе, қазекемнің мұнысы қызық болған екен?
Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ |
ШҰҒЫЛ АҚПАРАТ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
21.11.2019 11:20 |
2019 жылғы қарашаның 21-і күні сағат 09:15 шамасында Қызылорда қаласы Назарбаев даңғылы бойында «Тойота Камри» маркалы автокөлігі «Мерседес Бенц» маркалы автокөлігін сол қапталынан ұрып, көлік құралын басқаруға ие бола алмай, автобус аялдамасында тұрған адамдарға соққан. Салдарынан үш адам оқиға орнында қайтыс болып, 2 адам медициналық мекемеге жеткізілді. Кінәлі автокөліктің жүргізушісі оқиға орнында анықталып, уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. Сараптамалар тағайындалды. Аталған дерек бойынша Казақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Қызылорда облысы Полиция департаменті |
ШАРУАСЫ ШИРАҒАН «АҚҚҰМ-ЖЕР» |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
21.11.2019 10:35 |
Аграрлық өңірдің әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар бүгінде өз жемісін беруде. Кеше ғана ауыл шаруашылығы саласында көштің басында тұрған Жалағаш ауданымен қалай мақтансақ та жарасады. Аллаға шүкір, ауыл еңбеккерлері Жер-Ананың берген ырзық-несібесін ысырап қылмай, Сырдың басты дақылынан тау тұрғызуда белсенділік танытуда. Осыған қарап кешегі Еңбек Ерлері Несіпбай Әпірезов пен Ұзақ Еспанов ағаларымыздың ізбасарлары бар екен деп қуанып жатырмыз. Жалағаштағы жергілікті шаруашылықтар бір ғана серіктестіктің өсіп-өркендеуіне жұмыс істемейді, төрағалар сол өңірдің экономикасының, әлеуметтің әлеуетінің артуына күш салып жатыр. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген рас екен, қолдағы барын көппен бөліскендер жомарттығынан бір бүйірі бүтінделмей жатқан жоқ. Өзі де мол табысқа кенелуде, халықтың да алғысын арқалауда.
Күре жолдың сол қапталында орналасқан аққұмдықтар да ауыл шаруашылығы саласында толайым табысқа кенелуде. Бұрын су жүретін каналдардың биіктігіне байланысты кішігірім мәселе болған. Жергілікті шаруашылықтардың ұйымшылдығының арқасында бұл мәселе де өз шешімін тауып отыр. «Аққұм-Жер» шаруа қожалығының басшысы Алматбек Алдоңғаров әлі де каналдарды қайта қазу жұмыстарын жалғастыруға бел буып отыр. Биыл аталған серіктестік 850 гектар жерге Сырдың басты дақылын орналастырыпты. Бұрын әр гектардан 38-40 центнерден өнім жинайтын шаруашылықтың бұл көрсеткіші биылғы жиын-теріннің орташа мөлшеріне де жетпейді. Төраға бұл жетістікті ауыл еңбеккерлерінің адал еңбегімен байланыстырады. – Бұрын каналдардың қазылмауына байланысты су тапшылығы бар және басқа да мәселелер мол өнім алуға кері әсерін тигізетін. Ал қазір мүлде басқа. Кешегі күзгі науқанның қорытындысында гектарынан орташа есеппен 55-60 центнерден өнім алдық. Алдағы уақытта өнім сапасы мен көлемін арттыруға күш саламыз. Шаруашылық жетістігінің барлығы әріптестерімнің тынымсыз іс қылуының арқасы деп білемін. Базадағы техникаларды жаңартуды күн тәртібінен түсірмеуге күш салып жатырмын. Биылдың өзінде 3 жаңа техника сатып алдық. Алдағы уақытта олардың қатары толығады. Бізге көне көліктердің орнын жаңа әрі заманауи техникалардың басқаны тиімді. Бұрын жауынға дейін қамданайық деп күн райына жалтақтап отырушы едік. Қазір оған алаңдайтындай еш негіз жоқ. Сала серпін алса, оның тиімділігін менің де әріптестерім көруі керек. Сондықтан шаруашылық базасындағы техникаларды жаңарту жыл сайын жүргізіледі, - дейді төраға. Ауылдың 80 адамын жұмыспен қамтып отырған «Аққұм-Жер» ЖШС биыл әрқайсысының құны 190 млн теңге тұратын 3 комбайнмен толықты. Алматбек Алдоңғаровтың қолдағы қаражатты базадағы техниканы жаңалауға жұмылдыруының арқасында биылғы егін жинау науқаны да уақытында аяқталып отыр. Тіпті келер жылдың егісіне атыздарды сүдігерлеу жұмыстары басталып кеткен. Бұрыннан бұл салада қолтаңбасы бар маман көктемге дейін жер жыртудың келер жылғы өнім сапасына айтарлықтай әсер ететінін айтады. Мәселен, биыл күзде айдалған атыздағы арамшөп тамырлары қысқы аязда үсіп кететін көрінеді. Нәтижесінде келер жылғы өнімнің сапасы мен көлемі 10 пайызға артады екен. Биылғы жиналған 850 гектар алқаптағы алтын дәннің 200 гектары «Янтарь» сұрыпы болса, қалған 650 гектары – «Лидер». Оған жауапты 3 бригаданың да сапалы еңбек еткені көрініп тұр. Жыл қорытындысында айлығынан бөлек қосымша қолдаудан құр қалмайтын серіктестік еңбеккерлеріне төраға биыл да қаржылай сыйақы тапсыруды жоспарлап отыр. Бұл шаруашылықта жыл сайын қайталанатын үрдіс екен. – Жыл сайын әріптестеріме айлығынан бөлек, қаржылай сыйақы тағайындаймын. Биыл осы мақсатта жұмсалатын қаржының көлемі артпаса, кемімейді. Еңбеккерлер өзіне міндеттелген ісін адал атқарып жатса, өз басым оны бағалаудан қашпаймын. Жұмысын істеді ме, соған лайық жемісін көруі керек. Сондықтан мен осыған басымдық беремін. Бұл сыйақы дегеніңіз еңбек адамына жігер беріп, келер жылғы науқанда қарқынына қарқын қосады. Мұнан бөлек, шаруашылықта жұмыс істейтін әріптестерімнің отбасылық жағдайынан да жәрдемімді аяған емеспін. «Кең болсаң, кем болмайсың» дейді. Аллаға шүкір, бұл ісімнен жамандық көріп отырған жоқпын, - дейді Алматбек Алдоңғаров. Туған жерге қызмет еткен бір перзент болсаң, осындай-ақ бол. Бірінің мұндай іс қылуға шамасы келсе, бірінің материалдық жағдайы жетпеуі мүмкін. Бастысы, сенің қызметің емес, пейілің, ішкі түйсігің маңызды екен. Бұл жерде ағамыздың тек жасаған ісін сөз қылып отырғаным жоқ. Ауыл деп аңқылдаған адал пейіліне риза болдық. Алматбек Алдоңғаров осы өңірдегі жағдайы төмен отбасылардың жыл сайын отын-суын, шөбін түсіріп, қаржылай қолдауын да аяған емес. Мерекелік шаралар кезінде ардагерлер мен ұстаздарға, ақ жаулықты аналарға сый-сияпат көрсетіп отырады. Ауылдағы «Тайман қари» мешітінің имамы мен қарауылының да айлық жалақысын өз жауапкершілігіне алған. Имандылық үйін қыстық отынмен қамтамасыз етуді де өзіне міндеттеп қойған. Осындай сауапты іске ден қойған азаматтың пейіліне қарап Алла әр ісін сәтті еткен болуы керек. Ауыл жанашыры егін шаруашылығынан өзге де тың жобаларды жүзеге асыруға ден қойып отыр. Шаруашылық төрағасы осыған дейін көршілес Сырдария ауданынан күріш ақтайтын зауытты іске қосқан еді. Қазіргі таңда ұн диірменінің құрылысын бастап кетті. Бұйыртса, солтүстік өңірлердегі шаруашылықтармен келісімге отырып, бидай экспорттап, ұн зауытын іске қоспақ. Алдағы уақытта олардың ауқымын кеңейтіп, «Құрама жем» зауытын салуға да бел буып отыр. Мұндай жобалардың жүзеге асуы тек кәсіпкер үшін ғана емес, өңір халқына да тиімді. Себебі жаңа кәсіптік нысан бой көтерген жерде жұмыс орны ашылып, әлеуметтік саланың алға басуына айтарлықтай әсер ететінін білеміз. Бір ғана шаруашылық жұмысымен шектелмей, кәсібінің көкжиегін кеңейтуге ден қойған азаматтың жарқын жобаларына сәттілік тіледік. Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ, журналист, Жалағаш ауданы |
ҰЛТ САУЛЫҒЫ – МЕМЛЕКЕТ БАЙЛЫҒЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
21.11.2019 10:20 |
Қазақстандық медицина саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жобалардың бірі – «Денсаулық» бағдарламасы. Үш жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бұл бағдарламаның да мәреге жетуіне аз қалды. Қызылорда облысында аталмыш бағдарлама аясында ауқымды жұмыстар атқарылды.
БАСТЫ МАҚСАТ ҚАНДАЙ? Денсаулық сақтау – қоғамның әлеуметтік өмірінің маңызды саласы. Бірнеше рет қайта құруларды өткеріп, алдағы уақытта да дамытылуы жоспарланып отырған ұлт денсаулығы – еліміздің ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін орасан зор қаржы бөлінуде. Жекеменшік секторды қоса отырып қаржыландыру мен басқарудың жаңа әдістері енгізілуде, сондай-ақ дәрігерлерді оқыту мен олардың қызығушылығын арттыру бойынша жаңа кадр саясаты қалыптасып отыр. Сайып келгенде осының барлығы қолданыстағы заң аясында өзара үйлесімділікпен дамып келеді. Ал, «Денсаулық» бағдарламасының басты мақсаты қандай? Ол: - Қазақстан Республикасы халқы өмір сүруінің күтілетін ұзақтығын 73 жасқа дейін арттыру; - аналар өлім-жітімін – үш есе, нәрестелердің өлім-жітімін екі есе азайту; - Қазақстан Республикасы халқының жалпы өлім-жітімін 2009 жылғы деңгеймен салыстырғанда 30%-ға төмендету; - туберкулезден өлімге ұшырауды 100 мың адамға шаққанда 3,8 адамға дейін төмендету; - 15-49 жас тобында АИТВ жұқпасының таралуын 0,2-0,6% шектерінде ұстап тұруды қамтамасыз ету. Ендігі міндет – халықтың денсаулығын одан әрі нығайтып, саланы дамыта түсу. Медицинада қордаланып қалған түйткілді мәселелерді шешудің қазіргі заманға бейімделген небір оңтайлы тәсілдерін қарастыру – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Осы мақсатта алдыңғы бағдарламалардың жалғасы ретінде «Денсаулық» бағдарламасы дүниеге келді. Бұл құжат денсаулық проблемаларын шешудің 7 маңызды бағытын қамтиды. Негізгі міндеті – қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамыта отырып, аурулардың алдын алуға бағытталған шараларға көңіл бөлу. Сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесін басқару мен қаржыландырудың тиімділігін арттырып, саланың инфрақұрылымын жетілдіруді көздейді. «ДЕНСАУЛЫҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ 7 БАҒЫТЫ - Халық денсаулығын сақтаудың негізі ретінде қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту; - МСАК-ті жаңғырту және басымдықпен дамытудың негізінде барлық денсаулық сақтау қызметтерін пациент мұқтаждықтары айналасына интеграциялау; - медициналық қызметтердің сапасын қамтамасыз ету; - ұлттық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саясатын іске асыру; - ниеттестікті ендірудің негізінде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру және оның қаржылық тұрақтылығын арттыру; - денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру; - мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, инновациялар мен қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың негізінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету. Қазір Қызылорда облысында 32 медициналық ұйым бар. Барлығы 2420 дәрігер және 9040 орта медициналық қызметкер халыққа қызмет көрсетеді. Және 40-қа тарта жеке медициналық ұйымдар жұмыс істейді. Медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында қосымша медициналық учаскелер ашылды. Осыған дейін 13 медициналық учаске ашылды, қазір 1 учаскеге 1647 адамнан келеді. Жыл соңына дейін қосымша 26 медициналық учаске ашылады деп жоспарлануда. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылғы 3 шілдедегі «Қазақстан Республикасында шұғыл медициналық көмек көрсету ережелерін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес 14 алғашқы медициналық көмек ұйымында жедел медициналық көмек бөлімшелері ашылды. 30 жаңа жедел жәрдем бригадасы құрылып, ол 2017 жылмен салыстырғанда 47-ден 77-ге дейін өсті. Нәтижесінде жедел жәрдем қызметкерлерінің қоңырау түскеннен кейінгі науқастың мекенжайына дейінгі жол жүру уақыты 9,8-ден 6,9 минутқа қысқарды. Былтырдан бастап аймақтағы жедел медициналық қызмет көрсететін пункттерде ауруды басқару бағдарламалары енгізілді. Яғни, науқастар туралы мәлімет ауруханаға тіркелген сәттен бастап, электронды базада сақталады және сол арқылы науқасқа ем-дом жасалады, дәрігерлердің жіті назарында болады. Облыста дәрігер мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Мәселен, былтырғы жылдың басында 205 дәрігер жетіспеушілігі болса, биыл ол көрсеткіш 121-ге азайды. Естеріңізде болса, 2016 жылы облыс әкімі аймақ медицинасының қажеттілігі үшін резидентураға арнайы гранттар бөлген болатын. Дәл қазір республикалық жоғары оқу орындарында 65 резидент оқып жаста, биыл оның 15-і оқуларын аяқтағалы отыр. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында медициналық ақпараттық жүйелер облыстың барлық медициналық ұйымдарында 100% енгізілген. Барлық ұйымдарды компьютерлік техникамен жабдықтау 100%-ды, ал интернетпен қамтамасыз етілу 86%-ды құрайды. Оның ішінде қалалық және аудандық медициналық мекемелер деңгейінде – 100%. 2019 жылдың 8 айында 1000 тұрғынға шаққандағы өлімнің жалпы коэффициенті 3,5%-ды құрады (2018 жылдың 8 айында - 3,4%), 2019 жылдың 8 айында туу коэффициенті 2,4%-ға төмендеді. Нәрестелер өлімінің коэффициенті өткен жылмен салыстырғанда 2,1%-ға артып отыр. Былтыр облыста ана өлімінің 2 жағдайы тіркелсе, биыл 1 ана өлімі болған. Көрсеткіш 50%-ға төмендеген. Былтырғы жылмен салыстырғанда туберкулез ауруының деңгейі 4,8-ға төмендеді. Қатерлі ісік ауруынан 100 мың адамға шаққандағы ауру деңгейі жыл басынан бері 101,5-ті құрады (2018 жылдың 8 айында - 101,3) және аты жаман аурудан болатын өлім-жітім көрсеткіші 20,7%-ға төмендеді. Ал жарақаттанудан, уланудан және жазатайым оқиғалардан болатын өлім деңгейі ағымдағы жылдың 8 айында 46,3% -ға өсіп, 20,2%-ды құрады.
МӘМС жүйесімен қызылордалықтардың 83 пайызы қамтылды
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу үшін облыста арнайы штаб құрылды. Жоспарға сәйкес, Қызылорда қаласы мен 7 ауданның барлық орталық көшелерінде, сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда (нысандар саны - 32), Халыққа қызмет көрсету орталығында, «Қазпошта» бөлімшелерінде (нысандар саны - 33) МӘМС жүйесіндегі өзгерістер туралы халықты хабардар ету үшін жарнамалар, баннерлер мен стендтер салу тәртібі жаңартылды, сонымен қатар бейнероликтер LED экрандарында көрсетілді. МӘМС туралы облыс тұрғындарын ақпараттандыру аясында 108 905 дана ақпараттық материалдар дайындалды және таратылды (49 800 буклет, 49 715 парақша, 9400 флаер). Сонымен қатар WhatsApp мессенджері арқылы 40 000 абонентке OSMS жүйесі туралы бейнелер, 70 000 SMS хабарлама жіберілді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшуді жүзеге асыру мақсатында (әсіресе ауыл тұрғындары) облыстың елді мекендерінде медициналық ұйымдардың қызметкерлерімен бірлесе отырып, 544 286 адамды қамтыған түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 5 млрд теңге қаржы жиналды. Тұрғылықты мекенжай бойынша түсіндірме жұмыстары 113351 адамға жоспарланып, оның 86072-сі МӘМС жүйесіне қосылды. Айта кетейік, олардың 44314-і – жұмысшылар, 1274-і – жұмыссыздар, 5002-сі – тіркелмеген жұмыссыздар, 466-сы – өзін-өзі қамтығандар, 690-ы – жеке кәсіпкерлер және 5854-і – әлеуметтік жәрдемақы алушылар. Республика жұртшылығының 95%-ын МӘМС жүйесімен қамтамасыз ету жоспарда болса, бұл көрсеткіш Қызылорда облысында 83%-ды құрап отыр. Қазіргі таңда 26 мыңға жуық халықтың санатын анықтау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. МӘМС жүйесін іске асыру медициналық қызметтердің көлемін арттырып, материалдық-техникалық базаны жақсартады, ауруханаға жатқызу кезегін азайтып, медициналық қызметтердің тарифтерін және медицина қызметкерлерінің жалақысын еселейді. ТҮЙІН. Денсаулық сақтау саласының 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсатының аясында 2050 жылға дейін әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену және адамның өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін ұзарту жоспары тұр. Бас-аяғы жеті бағытқа негізделген бағдарламаның аяқталуына да санаулы мерзім қалды. Салада қаржы жеткілікті, тек қолға алынған жобалар мен жоспарлы жұмыстарды сапалы атқарып шығу ғана тұр.
Керім ҚЫСТАУБАЙ |
ФИЛАРМОНИЯ – СЫР ЕЛІНІҢ ШАМШЫРАҒЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
21.11.2019 10:00 |
БЕКЕЖАНОВТАН БАСТАЛҒАН Қызылорда облысында алғашқы ұжымдасып концерт қою жұмысы Сырдың ұлы перзенті, ақын, әншілігімен танылған Нартай Бекежановтан басталды. Нартай шығармашылығына үлкен шабыт берген 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі еді. Бұл өнер байқауында оның таланты жоғары бағаланып, талғампаз Мәскеу көрермендерінің ыстық ықыласы мен жылы лебізіне ие болды.
1938 жылы Қызылорда қаласында Шымкент облыстық драма театрының филиалы есебінде филармония ашылып, оның жанынан эстрадалық концерт бригадасын жасақтау Нартай Бекежановқа жүктеледі. Нартай облыс көлеміндегі ақын, жыршы, әнші, бишілерді жинап, есепке алып, сыннан өткен таланттыларын өз бригадасына қабылдайды. Кеңес Үкіметі тарағаннан кейін штат саны қысқарып, филармония ұжымдарының концерті тек облыс көлемінде ұйымдастырылды. Сонымен қатар, арнайы кестемен сырттан келетін ұжымдардың гастрольдері де азайды. Автокөліктердің, музыкалық, дыбыс күшейткіш аппаратураларының тозығы жетіп, есептен шығарыла бастады. Гастрольге шығу үшін автокөліктер жалға алынды. Соған қарамастан филармония өз жұмысын тоқтатпай жүргізе берді. Көптеген өнер майталмандарының қанатын қатайтып, тарихта қалуына ықпал еткен өнер ордасы 1972 жылы 16 қарашада Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің №253 бұйрығымен Қызылорда облыстық филармониясы болып өз жұмысын жүргізе бастады.
ӨНЕРГЕ ӨҢ БЕРГЕН Бастапқы кезде әртістерді іріктеп, қабылдау, репертуарын бекіту, қажетті музыкалық аспаптармен, гастрольге қажетті көлікпен қамтамасыз ету сияқты ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. 1975 жылдан бастап Алматы қаласындағы екі жылдық эстрада және цирк студиясының түлектерімен толықтырылады. Филармонияның материалдық-техникалық базасын қалыптастыру, әртістердің әлеуметтік мәселелерін шешу жұмыстары біртіндеп қолға алынып, жолға қойылды. Сол кездегі тәртіп бойынша автокөліктер, керекті жабдықтар, музыкалық, дыбыс күшейткіш аппаратуралары орталықтандырылған жүйемен Мәдениет министрлігі арқылы тікелей жіберілетін. Филармонияның жұмысы жыл өткен сайын бір жүйеге түсіп, қажетті дыбыс күшейткіш аппаратурасы мен автобустарын алып отырды. Қазіргі таңда Сыр елі мәдениеті мен өнерін дамыту, халықты рухани азықтандыру, өнер иелерінің жаңа буынын насихаттау, көнекөз әндер мен аға буын әртістердің шығармашылығын жаңғырту мақсатында филармонияда барлығы 7 шығармашылық өнер ұжымы жұмыс істеп келеді. Олар: Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі (оркестрдің көркемдік жетекшісі – С.Аблаев), «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі (көркемдік жетекшісі – Н.Нұрбай), «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблі (көркемдік жетекшісі – Ә.Мұстафаев), камералық оркестр (көркемдік жетекшісі – А.Жаңбырбаева), «Томирис» би ансамблі (көркемдік жетекшісі – Г.Мырзабаева), «Тұран» триосы (топ мүшелері – А.Өтеуов, Қ.Заитов, А.Қожахметов) және мектеп оқушылары мен бүлдіршіндердің мәдени іс-шараларға қолжетімділігін жүзеге асыру және облыстық филармония көрермендерінің контингентін кеңейту мақсатында 2016 жылы «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы ашылды. Сонымен қатар, дәстүрлі орындаушылықты насихаттап келе жатқан жыр, терме, халық әндерінің орындаушылары мен эстрадалық вокал жанры бойынша жеке орындаушылар жұмыс істейді.
ҚАЗАҚ ӨНЕРІН ШЕТЕЛГЕ ТАНЫТҚАН 2013 жылдан бастап Қызылорда облыстық филармониясының өнер ұжымдары өңірдегі мерейлі мерекенің, елең еткізер жақсы жаңалықтың басы-қасынан табылып ғана қоймай, алыс-жақын шетелге шығып, қазақ өнерін насихаттай бастады. Осы орайда, бұрынғы аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың ерекше қолдауын атап өту керек. Экс-облыс әкімінің мәдениет пен өнерге деген қамқорлығы мен шығармашылыққа деген зор ықыласының арқасында филармония ұжымы мен жалпы Сыр өңірінің өнерпаздары гастрольдік көкжиегін кеңейтті. Мәселен, өнер ордасы АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон сынды ірі қалалары, Түркия мемлекетінің Стамбул, Анкара, Ескішехир, Болу, Амасия, Кастамону, Ақсарай, Ресейдің Мәскеу, Қазан, Орынбор, Астрахан, Әзербайжанның Баку, Шеки, Өзбекстанның Ташкент, Навои, Ұлыбританияның Лондон, Араб Эмиратының Абу-Даби қаласы, Балқан түбегіндегі Босния-Герцеговина, Сербия, Венгрия мемлекеттеріне барып қайтты. Гастрольдік сапар Тамды, Үшқұдық, Кенемех аудандары тұрғындарына, Кенемех ауданы орталығында жыршы-термешілердің экспедициялық концертімен жалғасты. Сонымен қатар, Қырымбек Елеуұлының тікелей қолдауымен 2014 жылы Сыр елі мәдениеті тарихында тұңғыш камералық оркестр ашылды. Оркестрге білікті мамандар тарту мақсатында қызметтік пәтерлер бөлінді, облыстық бюджеттен қаржы қаралып, оркестрдің материалдық базасы нығайтылды, әлем классиктері шығармаларының партитуралары алынып, алғашқы репертуары да жасақталды. Оркестрге республикамыздың ең мықты деген камералық, симфониялық оркестрлер майталмандары шақырылып, небәрі 1 жылдың ішінде оркестр аяғынан тік тұрып кетті. Оркестрдің көркемдік жетекшісі – халықаралық, республикалық конкурс, байқау, фестивальдердің лауреаты А.Жаңбырбаева, дирижеры – «Құрмет» орденінің иегері, музыка майталманы К.Ботабаев.
МАЗМҰНДЫ ШАРАҒА МӘН БЕРГЕН Қызылорда облыстық филармониясы жалпыұлттық Елбасы идеясын жүзеге асыруда өз үлесін қосуға асық. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының облыстық жобалық кеңсе аясында 2018 жылы «Ля-ля-фа» балалар мюзикл студиясы құрылды. Аталған жоба облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен талантты балалардың мүмкіндіктерін көрсетіп, сахналық тәжірибе жинап, шығармашылығын шыңдау мақсатында ұйымдастырылып, Т.Бекарыстановтың «Таусылмасын ертегім» қойылымын сахналады. Сонымен қатар, биылғы жылы филармония Елбасының мақаласы аясында жыршы-термешілерінің «Аталы сөзден ал кеңес!» атты мысал орындау концертін, қазақтың халық ақыны, композитор, әнші, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері К.Әзірбаевтің 135 жылдығына арналған «Ән кемеңгері» атты концертін және тағы да басқа көптеген ауқымды шаралар ұйымдастырды. «Ән кемеңгері» концертіне абыз атамыздың қызы, әке өнерінің жанашыры, Қазақстан Республикасының «Халық ағарту ісінің үздігі», «Мәдениет қайраткері», ұлағатты ұстаз Төрткен Кененқызы құрметті қонақ болды. Халықаралық би күніне орай, Сыр елінде алғаш рет І республикалық «Ақ кербез» би фестивалі ұйымдастырылып, төрт облыстың би ансамблі қатыстырылды. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қорқыт мұраларын насихаттау мақсатында «Қорқыт мұрасы – мәңгілік дастан» атты «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің концерті, Қазақстанның мәдениет қайраткері Мүсілім Әмзенің дирижерлауымен Тұрмағамбет халық аспаптар оркестрі, «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблі және камералық оркестрдің «Мәңгілік сарын» атты біріккен концерті өтті. Өзбекстан Республикасы, Навои қаласында мемлекетаралық достықты нығайту және бауырлас халыққа қазақ жұртының мәдени мұрасын, ұлттық өнерін насихаттау мақсатында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі және жеке орындаушылардың «Сырдария – достық арнасы» атты концерті ұйымдастырылды. Күллі әлемге дирижерлік шығармашылығын мойындатқан Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, біртуар талант иесі Төлепберген Әбдірашевті еске алуға арналған «Әбдірашев әлемі» атты камералық оркестрінің концерті өтті.
ЖЕТІСТІК ЖЕМІСІ Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде киелі ортаның қалыптасып, аяғынан тік тұруына талай өнер майталмандары табанды еңбегі мен тынымсыз ізденісін, қажыр-қайратын жұмсады. Бүгінде сол қарашаңырақтың туын жықпай, биікте желбіретіп келе жатқан өнер ұжымының жеткен жетістіктері айтарлықтай. Өнерпаздар халықаралық, республикалық байқауларда елдің абыройын асқақтатып жүр. Биылғы жылдың өзінде жоғары деңгейдегі байқау-фестивальдерден жүлделі орындарды иеленді. Атап айтқанда, классикалық орындаушы А.Иманжаппаров Алматы қаласында өткен К.Байсейітова атындағы ІХ республикалық вокалистер конкурсынан ІІ орын, күйші Абылайхан Сқақов Атырау қаласында ұйымдастырылған «Саз пернелі Сарайшық» атты халықаралық домбырашылар фестивалінде жүлделі I орын, Кетбұға жырау атындағы «Ақсақ құлан» халықаралық күйшілер байқауында ІІІ орын иеленді. Жырау Б.Төлеубаев халық ақыны К.Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым!» атты республикалық әншілер конкурсынан және «Ән-дария» атты республикалық дәстүрлі орындаушылардың байқауында ІІ орын, дирижер Р.Балмасов Б.Рзаханов атындағы «Сиқырлы таяқша» атты республикалық дирижерлар байқауында ІІІ орынды иемденді. Сондай-ақ, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Ақтөбе қаласының 150 жылдығы және Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 75 жылдығына орай өткен «Жұбановтар әуені» халықаралық ұлт аспаптар оркестрлері және ансамбльдердің фестиваль-байқауынан бас жүлдені еншіледі. Өз кезегінде камералық оркестрдің шағын құрамы «ӘУЕН FEST» қазақ камералық музыка фестивалінде ІІІ орын, оркестр әртісі, скрипкашы О.Раджапов Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен ІІІ халықаралық «Jumeirah Sounds» конкурсында ІІ орын алды. Сыр елі – әуелден өнердің ордасы. Мұнда келгенде жыршымын деп айту да – қателік. Баба өнері балаға дарыған. Сондықтан болар, облыстық өнер мекемелерінің қай-қайсысы болмасын, жетістікке жетуін араға күн салып та тоқтатар емес.
Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ |
ҚАНТ ДИАБЕТІ ЖАС ТАЛҒАМАЙДЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
20.11.2019 17:50 |
Республика бойынша 3000-дай бала қант диабетіне шалдыққан. Олардың басым көпшілігі – Солтүстік Қазақстанда. Ал Қызылорда облысында бүгінде 300-ге тарта бала қант диабетімен ауырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының айтуынша, әлем бойынша бұл ауру балалар арасында дендеп барады. Дүниежүзінде әрбір 500-ші бала, 200-ші жасөспірім қант диабетімен ауырады екен. Дүниежүзілік диабет күні жыл сайын инсулин гормонын ашқан канадалық физиолог Фредерик Грант Бантингтің туған күнінде, яғни 14 қараша күні атап өтіледі. Өйткені 1922 жылдың қаңтар айында Фредерик Бантинг адамзат тарихында тұңғыш болып қант диабетіне шалдыққан 14 жастағы баланы аман алып қалады. Осы атаулы күнге орай, «Ұмай» балалар үйі қаладағы бірқатар орта білім беретін мектептерде қант диабеті ауруы мен оның алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырды. Сондай шара №12 орта мектебінде жалғасын тапты. Алдымен мектеп оқушыларына аурудың алдын алып, одан сақтанудың жолдары түсіндірілді. Содан соң қант диабетіне қарсы күрес күніне орай оқушылар арасында спорттық сайыс өткізілді. - Осыған дейін қаладағы №101, 140 орта мектептерінде осындай іс-шаралар ұйымдастырылды. Мұнда біз балаларды дұрыс тамақтану, ұйқы режімін реттеу, спортпен шұғылдану, яғни аурудың алдын алуға үйрету мақсатын қойып отырмыз. Бұл жобаға негізі Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы мұрындық болып отыр. Сонымен қатар, қант диабетіне қарсы күрес іс-шаралары негізінде ата-аналар комитеті құрылды. Комитет құрылудағы негізгі мақсат – ата-аналардың балаларына көмек көрсетуге үйрету. Және ата-аналар комитеті барлық аудандарда құрылған, - деді «Ұмай» балалар үйінің директоры Анар Ізден. Қант диабеті – ұйқы безінің бетта-клеткаларының инсулинді аз мөлшерде шығаруымен осы инсулин гормонының жетіспеушілігінен пайда болатын және осы себепті барлық зат алмасу түрлерінің, айрықша қант алмасуының бұзылуымен сипатталатын ауру. - Сырқатқа шалдығудың көп себептері тұқымдық бейімдеушілік екенінде айтып өткен жөн. Тұқымқуалаушылықтың әсерінен қант диабеті балалар арасында өте көп таралып отыр. Тағы бір себебі экологиялық жағдайдың бұзылуы, химиялық өндірістің (фосфор, қорғасын) зиянды әсері. Бұл ауру жас талғамайды. Қант диабетінің кең таралуына ұйқы безінің қабынуы, зақымдануы және ісіктердің пайда болуы да әсер етеді. Ғалымдар осы қант диабетінің пайда болу себебі генетикалық бұзылыстар немесе вирустық инфекция деп санап отыр, - дейді қант диабетіне шалдыққан балалардың ата-аналары комитетінің төрайымы Әсел Шалбаева. Балалардың қант диабетімен ауруында әлем бойынша қазіргі емдеу түрі ағзаны инсулинмен сырттан қамтамасыз ету болса, бүгінде оны берудің жаңа түрі қолданылуда. Бірінші – классикалық түрі, шприц-қаламмен егу болса, екіншісі, елімізде 2008 жылдан бері пайдаланылып жүрген инсулинді помпаны пайдалану. Бір айға қажетті қолдануының өзіне 80-90 мың теңге қажет бұл помпа 18 жасқа дейінгі балаларға тегін, мемлекет есебінен беріліп келеді. Жалпы, қант диабетімен ауыратын бала инсулин қабылдаудың осы екі жолын да білуге тиіс. Ә.НАЖМАДИН |
«ЖЫР МҰРА» – ЖҮРЕККЕ ЖАҚЫН ЖОБА |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
20.11.2019 17:35 |
Жыраулық өнердің өткені мен бүгінін сабақтастыратын, еліміздің болашағы жастардың төл өнерімізге терең бойлауына жол ашатын бұл жоба аясында ауқымды шаралар атқарылды десек те болады. Жоба барысында көне үлгідегі мақам-саздарды, терме-толғауларды бүгінгі жыршылардың жыр қорына енгізу үшін облыс мәдениет үйлері мен клубтарында жыр-терме және қобыз үйірмелері ашылды. Нәтижесінде Қорқыт атадан бастау алатын Сыр сүлейлерінің ұмыт болып бара жатқан мұралары ұрпақ санасына сіңірілді. Сонымен бірге, «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция ұйымдастырылып, жинақталған фольклорлық мұралар жыр мектептеріне әдістемелік құрал ретінде ұсынылып, жыр мектептері шәкірттерінің сабақ жоспарына енгізу жоспарлануда. - «Жыр мұра» жобасына Жаңақорған ауданынан келіп отырмын. Мен Әлшекей атындағы өнер мектебінің тәрбиеленушісімін. Фестивальға қатысқаныма қуаныштымын. Мұндай шараның бізге берері мол деп білемін, - дейді өнерпаз Аяулым Абдумажит. Бұған дейін «Сыр елінің мәңгілік сарындары» тақырыбында жобаның ашылуы ұйымдастырылса, Сыр еліндегі жыр мектептері үйірмелерінің тәжірибе алмасу сабақтары өткізілді. «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция ұйымдастырылып, нәтижесінде 45 жыршы-жыраудың дауысы, 35 ескі сарындағы мақам-саздар, 27 адамнан аңыз әңгімелер, 5 қолжазба, 25 терме-толғау мәтіндері, 10 дастан, 58 өнерпаздың орындауындағы терме толғаулар жазылып, қазіргі уақытта орталықтың қорына өткізілді. - Мен осы жобаға Нартай Бекежановтың «Алтын мекен» әнін алып келдім. Өте жақсы шықты деген ойдамын. Және де осындай жобалар, шығармашылық концерттер көп ұйымдастырыла берсін деген тілегім бар. Мұндай жобалардың арқасында біз жыршы, термешілермен кездесіп, пікір алмасып, бір-бірімізбен байланыс жасаймыз, - дейді Дильназ Ташмұхамед. Бүгінгі күнге дейін Қармақшы, Арал, Шиелі аудандарында жыр мектептері жұмыс істеп, 236 бала дәріс алса, «Жыр мұра» жобасы аясында Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарынан 4 жыр-терме үйірмесі және 7 ауданнан 7 «қобыз» үйірмесі ашылды. Жоба аясында облыс аудандарынан және Қызылорда қаласынан жыр әлеміне 15 жаңа есім анықталды. Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ |
«ЖЕТІ РУХАНИ ҚАЗЫҚ» ТҰҒЫРНАМАСЫ ҚАБЫЛДАНДЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
20.11.2019 17:25 |
- Қоғам тыныштығын қамтамасыз ету жолындағы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының бастамасымен көптеген игі істер жасалуда. Бүгінгі шара – соның бір парасы. Бүгінде дін қызметкерлері жауапкершілігі мол имандылық қызметтерін абыроймен атқарып келе жатқандығын қоғам жақсы сезініп келеді. Қазіргі таңда қоғамның құндылықтарын насихаттаған кезде ең алдымен бірлігімізді алдыңғы қатарға шығарамыз. Яғни, ұлы даланың құндылықтары мен Ислам мәдениеті және өркениеті түйісіп үйлесуі бүгінгі күннің талабы болып отыр. Бұған мемлекет те, дін де тікелей жауапты, міндетті және парызы деп санаймыз, - деді форумда алғаш сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов. Ислам этикасы көркем мінез-құлық нормалары мен имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік сынды көптеген рухани құндылықтардан тұрады. Бүгінгі қоғамның мұсылмандары Ислам этикасын, ондағы адами құндылықтарды ұстана білуі қажет. Осындай тәлімі мол тұғырнамалар арқылы қоғамдағы тұрақтылық сақталып, рухани кемелдену жүзеге асады. Осы ретте «Жеті рухани қазық» Тұғырнамасының имани құндылықтарды дамытуда маңызы жоғары. - Алты Алаштың төріне келіп, сөз сөйлеуді үлкен мәртебе санаймын. «Жеті рухани қазық» тұғырнамасы – ел игілігі жолында жасалған құтты қадам, құнды құжат. Бейбітшілік пен бірлікті ту еткен, ізгілік пен мейірімділік тұнған қоғамды қалыптастыру алдымен адам баласының бойындағы ізгі қасиеттерді оятудан басталады. Осы орайда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы «Жеті рухани қазық» құжатын қабылдай отырып, ел ертеңі мен игілікті қоғам болашағы үшін аманат арқалап отыр. Бұл аманат еліміздегі әрбір дін қызметкерінің жамағат арасында жақсылық шуағын жайып, көркем іс-әрекетімен көпке үлгі болуға міндеттейді. Тұғырнама мұсылманның бойынан табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтиды. Атап айтқанда, олар – имандылық, отаншылдық, білімділік, ауызбіршілік, еңбекқорлық, мәдениеттілік, әділдік принциптерін ұстану. Бұл – адам баласының кісілік келбетін, көркем мінезін қалыптастыруға негіз болатын жеті рухани қазық. «Иманың – жиғаның» деп бақытын Исламнан іздеген бабаларымыз сан ғасырдан бері салт пен сүннетті үйлестіріп, өнегелі өмір сабақтастығын қалыптастырды. Бүгінгі таңда осы ізгіліктің желісін жалғап, ұлы дала төсінде ғасырлар бойы мекендеген халқымыздың қанына сіңген асыл қасиеттерді қайта дәріптеп, бағасын барынша асқақтатуға тиіспіз, - деді ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Ершат Ағыбайұлы аймақтық форум барысында. Жиын барысында Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі Бақберген Сәрсенұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бағдат Кәрібозұлы сөз сөйлеп, келелі ой-пікірлері мен тағылымды тұжырымдарын ортаға салды. ҚМДБ тарапынан қабылданған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы, ҚМДБ дін қызметкерлерінің атқаратын діни рәсімдер тізілімі мен ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері негізінде айтылған аймақтық имамдар форумының айтары мол болды. - Біз, Қызылорда облысының діни қызметкерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты аймақтық имамдар форумының қатысушылары, Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы «Жеті рухани қазық» құжатын басшылыққа ала отырып, Сыр тұрғындарын туралыққа, отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, бірлікке, мәдениеттілікке, имандылыққа, білім-ғылымға үндейміз! - деп ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов Үндеу жариялады. Жиын соңында бірқатар аудан, қала имамдары облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды.
Н.ҚАЗИ |
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>