Өзекті мәселелер

  • 13.12.19

    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұны терең, мағынасы зор мақаласын жуырда тағы бір мәрте шолып шықтым. Сол сәтте ойыма­ Арал ауданының Тоқабай елді мекенінде тұратын ардагер ұстаз, сол өңірге танымал өлкетанушы Үргенішбай Қуатов оралды.

    ...
    Толығырақ...
  • 13.12.19

    Менде арман көп. Қиялдай кетсем, ойымда шек жоқ. Туған жерімде лайықты білім алып, ата- анам, туған қарындасыма қамқор болғым келеді. Қарындасымды шексіз жақсы көремін. Ол – менің бауыр етім. Ата-анамыз бізге күн сайын бір-бірімізге қамқор, мейірімді, адал болуды үйретіп отырады. Өйткені мейірімділік әлемді құтқарады. Егер біз мейірімді болсақ, біздің өміріміз қуанышқа, бақытқа тол...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 21 Қараша 2019

«Президенттік жастар кадр резерві» жобасы шетелде де қызығушылық тудыруда PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
22.11.2019 11:40

Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің келесі кезеңі - Сарапшылық комиссия мүшелерімен жеке әңгімелесу, ол ағымдағы жылдың 27 қараша-13 желтоқсан аралығында өтеді.

Бұл жөнінде Агенттік төрағасы А.Жаилғанова баспасөз конференциясы барысында мәлімдеді.

Әңгімелесу процесінің ашықтығы үшін Сарапшылық комиссияға жұртшылық өкілдерімен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енгізілген.

Осы әңгімелесудің қорытындысы бойынша кадр резерві жөніндегі Ұлттық комиссияның қарауына ұсынылған 330 үміткерден аспайтын тізім қалыптастырылады. Ұлттық комиссияның отырысын ағымдағы жылдың соңына дейін өткізу жоспарланып отыр.

Кейіннен резервке енген 300 жас маман салалар және олардың жоғары мемлекеттік лауазымдарға ұсынуға дайындық дәрежесі бойынша сараланатын болады.

Қажет болған жағдайда, олар Мемлекеттік басқару академиясы базасында, сондай-ақ үздік әлемдік білім беру орталықтарында қажетті құзыреттер мен дағдыларды арттыру үшін қысқа мерзімді курстардан немесе ұзақ мерзімді оқудан өтеді.

Әрбір резервші үшін оның тобына байланысты жеке мансаптық жоспар жасалады. Жоспардың түпкі мақсаты дәйекті мансаптық өсу жолымен мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордың жоғары лауазымдарына резервшіні тағайындау болады. Бұл ретте, резервшілердің мансаптық жоспарлары нәтижелеріне қол жеткізу мониторингін Агенттік жүзеге асырады.

Ел Президенті айтып өткендей, «Жастар Қазақстанның даму жолында шешуші рөлді атқарады. Прогрестің қозғаушы күші де - біздің жастарымыз».

«Ел Президентімен жарияланған Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу – бұл жас қазақстандықтар үшін жаңа деңгейге көтерілудің бірегей мүмкіндігі және қуатты әлеуметтік лифт.

Қазіргі уақытта «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы шетелде де қызығушылық тудыруда. Ағымдағы жылдың қазан айында Агенттік жобаны Сингапурда ұсынды. Өткен аптада біз оны Париждегі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының штаб-пәтерінде ЭЫДҰ Мемлекеттік басқару комитетінің 60-шы отырысы аясында таныстырдық.

Мен Қазақстанды жоғары деңгейге көтере алатын үздік әлеуетті басқарушылар пулын қалыптастыра алатынымызға сенімдімін.

Президентіміздің бастамасына сәйкес жүргізіліп жатқан бұл жұмыс қолданыстағы жоспарларға сәйкес жалғасатын болады", - деді А.Жаилғанова.

 

ҚР МҚІА баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ АЯЛДАМАДА ҚАЙТЫС БОЛҒАНДАР БІР ҮЙДІҢ ҰЛЫ МЕН ҚЫЗЫ БОЛЫП ШЫҚТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
22.11.2019 11:30

Қызылордада болған апатқа кінәлі азамат ұсталды. 21 қараша күні таңертең шетелдік көлік аялдамаға соғылып, қоғамдық көлікте күтіп тұрған адамдарды қағып кеткені осы уақытқа дейін хабарланған болатын.

Соқтығысу салдарынан үш адам алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Тағы екеуі жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізілген еді.

Зардап шеккендер – ағасы мен әпкесі, қаладағы №12 мектептің бесінші және үшінші сынып оқушылары екені белгілі болды. Олармен қатар 42 жастағы ер адам да қайтыс болған.

Оқиғадан зардап шеккен тағы екеуі – 1988 жылы туған қыз бен 2009 жылы туған жасөспірім Қызылорда медициналық орталығына жеткізілген. Қазір дәрігерлер олардың өмірлері үшін күресуде.

Полиция департаментінің хабарлауынша, апатқа кінәлі анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 20 жастағы қала тұрғыны екені белгілі болды. Қазір оқыс оқиға бойынша іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу басталды, қажетті сараптамалар жүргізілуде.

 


ЖОЛ АПАТЫНАН АУРУХАНАҒА ЖЕТКІЗІЛГЕН БАЛА ДА КӨЗ ЖҰМДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
22.11.2019 11:25

Кеше таңертең Қызылорда қаласындағы аялдаманың бірінде болған жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шегіп, ауруханаға жатқызылған бала да қайтыс болды,  деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.

Оқиға орнынан 2 адам жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілген болатын. Олардың бірі - 10 жас шамасындағы бала.

«Бала көп жарақат алған. Бас сүйек-миы зақымданған, оң жақ саны сынған, сол жақ жіліншігі сынған. Бала ауруханаға түскенде комада болды. Оны тыныс алу аппаратына қосқан болатынбыз», – деді денсаулық сақтау басқармасының өкілі Айбек Мырзағұлов.

Ал екіншісі 31 жастағы әйел қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған. Ол – қаза болған баланың анасы. Қазір реанимация бөлімінде жатыр.

«Баланың анасының жағдайы тұрақты ауыр. Қазір реанимация бөлімінде ем қабылдап жатыр. Онда саны, ортан жілігінің сүйегі сынған. Келесі аптада ота жасауды жоспарлап отырмыз. Ауруханадан шығару жөнінде айту әлі ерте, – деді Қызылорда қалалық ауруханасының бас дәрігері Бауыржан Төлеген.

Естеріңізге сала кетелік, жол апаты кеше сағат 09.15 шамасында Назарбаев даңғылы бойында болған. «Тойота Камри» маркалы автокөлігі «Mercedes-Benz» көлігін сол қапталынан келіп соққан. Салдарынан «Тойота Камри» жүргізушісі көлікті басқара алмай, автобус аялдамасында тұрған адамдарды басып кеткен.

 

«Халық» газеті редакциясы жол-көлік апатынан қаза тапқан балалардың отбасы мен туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.

 


СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ – МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
22.11.2019 10:15

Қараша айының 19-20-ы күндері Қазалы ауданына алдағы уақытта болуы ықтимал су тасқынының алдын алуға байланысты құрылған жұмысшы топ келді.

Облыстық басқарма басшыларынан құрылған жұмысшы топқа аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай болуы ықтимал су тасқынының алдын алу мақсатында әзірленген материалдық-техникалық қорлардың дайындығы және аудан аумағындағы бірқатар гидротехникалық құрылғылар мен қорғаныс бөгеттерінің жай-күйін таныстырып өтті.

Сондай-ақ, жұмысшы топ мүшелері Ардана жарма, Қалғандария, Сартоғай учаскелеріндегі жүргізілген жұмыстарды көрді.

Айта кетейік, Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың тапсырмасына сәйкес құрылған жұмысшы топтың құрамында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шаменов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыханов, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров бар.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


ҚАЗАЛЫДА ҚЫЗЫЛША АУРУЫНЫҢ АЛДЫН АЛУҒА БАЙЛАНЫСТЫ МӘЖІЛІС ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
22.11.2019 10:00

Кеше Қазалыда аудан көлемінде қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалы мен оның алдын алу шараларын күшейтуге байланысты арнайы мәжіліс өтті. Мәжіліске Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы әкімінің орынбасарлары, аудандық және теміржол ауруханаларының басшылары мен мамандары, аудандық білім, ішкі істер бөлімі, жедел жәрдем бөлімшесі, кешкі мектеп пен колледждердің директорлары қатысты.

Басқосуға төрағалық жасаған аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Жарылқап бүгінгі таңда ауданымыздағы қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалы күрделене бастағанын жеткізді.

Бұл мәліметті мәжіліске арнайы қатысқан Қызылорда облысы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Абдикаимова растап, қазіргі таңдағы ахуалға тоқталды.

– Қазалы ауданы бойынша биылғы жылдың 10 айына қызылша ауруымен 4 науқас есепке алынған. Ал қараша айының 7-20-жұлдызы аралығында 12 науқас тіркеліп, эпидемиологиялық ахуал күрделене бастаған.

Науқастар Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласынан тіркелуде. Олардың 62,5%-ы 14 жасқа дейінгі балалар болса, оның ішінде 12,5%-ы 1 жасқа дейінгі, 31,3%-ы қызылшаға қарсы екпе жүргізуге ата-аналары қарсылық білдірген балалар болып отыр. Мұнан бөлек 18,8 пайызы қызылшаға қарсы екпесі белгісіз ересектерді құрап тұр. Тіркелген науқастардың ішінен 3 жүкті әйел ауруханаға жатқызылған. Әйтеке би кентіндегі №234 мектеп пен Қазалы қаласындағы №16 мектеп-лицейден қызылша ауруы тіркелуіне орай екі мектептің балалары мен қызметкерлері медициналық бақылауға алынған, – деді Әлия Муталипқызы.

Сонымен қатар ол аудан көлеміндегі емдеу мекемелері бойынша 20-29 жас аралығындағы ересектер, 9-10 айлық балалар, 40 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері мен 30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы иммундық статусы белгісіз адамдардың қызылшаға қарсы егумен қамту көрсеткіштеріне тоқталып, тиісті контингенттерді толық егумен қамтып, коллективті иммунитет қалыптастырып, аурудың сырттан енуіне тосқауыл қою керек екендігін түсіндірді.

Мәжіліс барысында Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Гүлжихан Нысанова мен Қазалы теміржол ауруханасының бас педиатры Шара Байбазарова қызылша ауруының алдын алуға байланысты атқарылған шаралар жайында айтып берді.

Ал, Қазалы аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Сақып Ақбаева Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласында қызылша ауруының өрістеп кетуіне жол бермеу мақсатында тұрғындардың қызылшаға қарсы екпемен, оның ішінде шалғай елді мекендерде орналасқан тұрғындардың қамтылуының қадағалануына, әсіресе егуден бас тартқан ата-аналар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуге қатты мән беруді сұрады.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


Қызылордада Кәсіпкерлер палатасы кеңесшілері 10 айда 398 бизнес-жоспар әзірледі PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
21.11.2019 16:00

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасы Қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Гаухар Елеусінова айтты.

Осы жылдың 10 айында Палата кеңесшілерімен 1810 кәсіпкерлік субъектісіне 2136 қызмет көрсетілген. Оның ішінде 398 қызмет – кәсіпкерлерге әзірленген бизнес жоспар. Нәтижесінде қазірдің өзінде жалпы құны 906 млн 327 мың теңгені құрайтын 136 жоба әртүрлі қаржы көздерінен қаржыландырылған.

«Аталмыш 136 жобаның 3-еуі 347 млн теңгеге - екінші деңгейлі банктер арқылы, 69 жоба 385,7 млн теңгеге – «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы мен шағын қаржыландыру ұйымдары арқылы, 60 жоба 19,5 млн теңгеге «Еңбек» жəне «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында қайтарымсыз қаржы арқылы қаржыландырылды. Ал құны 154 млн теңге болатын 3 жобаға жасалған бизнес-жоспар негізінде ауыл шаруашылығы жер учаскесіне қол жеткізілді. 136 жобаның 37-сі ауыл шаруашылығы, 38-і өңдеу өнеркəсібі, 33-і қызмет көрсету саласы бойынша кəсіпкерлік жобалары болып табылады. Ал 28 жоба тасымал, қойма, демалыс орны, білім жəне денсаулық саласы жəне т.б.салаларды қамтиды», - дейді Палата маманы.

Мұнан өзге, Кәсіпкерлер палатасының аудандардағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарындағы кеңесшілер 10 айда 4462 тұлғаға 8069 кеңес берген.

Сонымен бірге «Бизнес-мектеп» компоненті аясында «Бизнес-кеңесші» оқу курсын 1741 адам оқып шығып, 265 қатысушының жобасы 372 млн теңгеге қаржыландырылған. «Бизнес-Өсу» жобасы аясында 133-і оқып, 12-сінің жобасы, «Тәлімгерлер тарту арқылы жобалық оқыту» жобасы  бойынша 114 адам оқытылып, 7-еуінің жобасы қаржыландырылған.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


БАСПАСӨЗГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРМЕЙ, ҚОҒАМ СЕНІМІ КҮШЕЙМЕЙДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
21.11.2019 15:20

Расул  ЖҰМАЛЫ,

саясаттанушы

Қазақстанда жаңа президент сайланғаннан бері саяси реформалардың қажеттілігі негізгі басымдық ретінде айтылып келеді. Бұл – толықтай орынды ұсыныс.

«Алдымен экономика, содан кейін барып саясат»­  деген көп жылдардан бергі ұстаным өзін ақтамады. Қайта керісінше «саясатқа араласпаңдар, өзіміз білеміз» деген тұжырым айналып келгенде саясатты, онымен бірге экономиканы, әлеуметтік ахуалды, гуманитарлық саланы тығырық­қа әкелді. Бұл да заңдылық. Саяси алаңдағы ойын ережелері айқын әрі әділ болмай­, нағыз бәсекелестік орнамай, басқа бағытт­арда өрлеу түгіл, ең болмаса қолда барды сақтап қалудың өзі оңай шаруа емес.

Саяси жаңғыру мәселесі, әсіресе, дәл осы мақсатпен дүниеге келген Ұлттық қоғамдық сенім  кеңесінде қазір қызу талқыланып жатыр. Әрине, шенділердің құрғақ уәделері мен басы бар, аяғы жоқ бағдарламаларынан көңілі қалған­ жұрт жаңадан жасақталған құрылымға секеммен қарайтыны түсінікті. Ендеше сенімді қайтарудың бірден-бір жолы – сөз бен істің арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету.

 


Халық   жоғарыда  қабылданып жатқан­  шешімдер  арзан  ұпайды қуалау  емес,  шынайы реформаларды  көздейтінін  сезіну  керек.


 

Әзірше Ұлттық кеңестің аяқ алысы жаман емес. Атап айтқанда, саясатты демократияландыру жолында­ жүйе құраушы заңдарды қайта қарау бойынша­ жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Сайлау, саяси­ партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары, жергілікті өзін-өзі басқару, шерулер туралы заңдар кең талқыға түсті. Рас, осы заңнамалар жетілдірілгеннің ертеңіне әділ де гүлденген қоғам орнай салмайды. Десе де, бұл елдің тура жолды таңдағандағы алғашқы әрі шешуші қадамы болмақ. Алғашқы қадам ойдағыдай жасалса,­ соңынан екінші, үшінші, одан кейінгілерін жасауға мықты негіз пайда болады.

Бұл ретте мәселенің түйіні қоғамның өзіне, оны жасақтаушы азаматтарға келіп тіреледі. Өйткені, заң дегеніміз – қағаз бетіндегі жазбалардың жиынтығы ғана. Ал оның толыққанды реттеуші сипатында іске асуын қамтамасыз етуші бірден-бір күш – халық. Сол азаматтарымыздың бүгінгі арман-ниеттері, өмірлік және саяси ұстанымдары қандай? Жалпы, қоғамды тұрғындардан, ұлтты тобырдан ерекшелейтін ортақ құндылық не? Саяси сауат мен жауапкершілік, белсенді­ азаматтық қоғам, өркениетті дәстүр қалай орнамақ?

Кез келген қиындықты еңсеру оны мойындаудан басталатыны белгілі. Өкінішке қарай, біз Қазақ қоғамының басты дерттері – жікшілдік пен өзара сенімсіздіктің алдын алуды былай қойғанда оларды мойындауға да жете қойған жоқпыз. Тіпті тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда халықтың қазіргі ауызбіршілігі әлдеқайда әлсіреп, бір-бірін жақтырмау, күдік пен төзімсіздік кеңінен етек жайған. Бұл сөзге дәлел жетіп артылады. Ауыл мен қала жұрты, қазақтілді және орыстілді әлем, бай мен кедей, шенді мен қатардағы азамат. Бұған сырт әлемнің ақпараттық, идеологиялық, мәдени ықпалын қосыңыз.

 

АҚПАРАТТЫҢ   ӘРАЛУАНДЫҒЫ   мен  РУХ   БІРЛІГІ

 


Осы  тығырықтан шығудың талай  жолын­ ұсынуға болар. Алайда ең осал тұсымыз – ақпарат пен идеология саласы болған­ соң, бұл салаларды ең бірінші кезекте жөнге келтіру керек.


 

Анығы сол – цензура мен билікке тәуелділік жағдайын­да көпшілік үшін интернет желісі балама ақпарат пен сараптама көзіне айналған. Әсіресе, Facebook, Twitter сынды әлеуметтік желілердің саяси-қоғамдық мәні артты. Бастапқыда үнін өшіруге тырысы­п баққан шенділер де уақыт өте келе заманауи үрдістермен санаса бастағаны бұл сөзімізге дәлел. Әйтсе де, интернет еркін ақпарат алмасуға мүмкіндік бергенімен ұзақ мерзімде ортақ ұлттық тұғырдың қалыптасуына кепілдік бермейді. Ойын ережелері бекітілмегендіктен осы алаңдағы ақиқат пен жалғанның, демокра­тия  мен  анархияның аражігін  анықтау қиынға соғып жатыр. Оның үстіне түрлі анонимдер, боттар әу  бастағы  жағымды алаңды арандату, айдап салу, өзара  өшпенділікті  қоздыру құралына айнал­дыра   бастады.

Олай болса, қандай көмегіне жүгінген абзал? Ойға алдымен дәстүрлі баспасөз келеді. Қазіргі қазақ баспасөзіндегі дағдарыс, оған деген сенімсіздік баспасөздің жаман болғанынан не бәсекелестік қабілетінен айрылғанында емес, оның біріктіруші де жасампаз құдіретін пайдалана алмаудан туды. Бұлай дейтініміз, әлеуметтік желілері бізден әлдеқайда дамыған Америка, Ұлыбритания, Жапония сынды елдерде бұқаралық ақпарат құралдары басты позицияны беріп қойған жоқ.

Тәуелсіздігін, ұлттық мүддесін ойлаған кез келген мемлекет бірінші кезекте ақпараттық кеңістігін қор­ғайды. Мейлі ол АҚШ, Ресей не Еуропа елдері болсын, өзіндегі баспасөзді мұқият қадағалайды және шетелд­ік арналарды не мүлде жолатпайды (мәселен, Ресей, Қытай, Сауд Арабиясы), не қатал сүзгіден өткізіп барып, шектеп береді (мәселен, Түркия, Канада, Өзбекстан). Екі ортада көрінгенге есігін айқара ашып қойған Қазақстан сияқты­ басқа ел әлемде жоқ шығар.

Демек, Қазақ елінің тұтастығын сақтаймыз десек, оны ақпараттық кеңістікті тазартудан бастаған жөн. Ең алдымен кабельдік арналарда тәртіп орнату керек. Әзірше бұл сала мемлекеттік те, ұлттық та бақылау мен реттеуден, сәйкесінше ұстанымға ие емес. Басқаша айтқанда, қоғамның сана-сезімін жасақтаушы маңызды­ құрал кім көрінгеннің жетегінде кеткен. Әсіресе, қауіпті жағдай еліміздің Ресеймен шекаралас  аймақтары­нда  қалыптасқан.

 

СЫРТ   ӘЛЕМ   РЕСЕЙМЕН  ШЕКТЕЛМЕЙДІ

 


Жекеменшік кабельдік арналардың операторларын былай қойғанда, ұлттық саналатын «Қазақтелеком» компаниясының ұсынатын өнімдерінде ара салмақ еш сын көтермейді. Мәселен, компания тарататын арналардың шамамен 5-10 пайызы ғана қазақ тілінде, 1-2 пайызы ағылшынша, ал 90-95 пайызы орысша сөйлейді. Сонда Қазақстаннан қаржы алып отырған компаниялар түптеп келгенде кімнің саясатын жүргізіп отыр?


 

Қазақстан әлем елдерінің ақпаратын таратуын жөн санағанымызбен, неге сырт әлем жалғыз Ресеймен тұйықталу керек? Тіпті, батыстың түрлі ағартушылық, ғылыми, мәдени бағыттағы арналарының ақпараты неліктен тек орыс тіліне аударылып беріледі? Өкінішке қарай, қазақ тіліне дубляждау қолға алынбаған. Ресейлі­к ондаған телеарнаны қысқартып, орнын­а Қырғыз, Өзбек, Украина, Грузия, Әзербайжан, Түркия, Ұлыбритания, Шыңжаңдағы қазақ теле­арналарының хабарларын таратса, шын мәнінде әлем ақпараты болар еді. Түптеп келгенде, көрермендерде де таңдау болуы керек қой.

Отандық баспасөзге оралсақ, бірінші кезекте оның бәсекелестікке қабілетті болуы басты шарт. Бірақ ол сөз бостандығын баянды етпей, қол жетімсіз болып қала бермек. Екіншіден, БАҚ, әсіресе, теледидар басымды­қты көңіл аулаушы контентке иә әзіл-сықаққа бермей, қоғамдық пікір қалыптастыратын өнімдерге бергені­ дұрыс. Сөз салиқалы ток-шоулар, терең танымдық, сараптамалық бағдарламалар, ұмыт қалған  журнали­стік зерттеулер жайында  болып  отыр.

Ал ең бастысы, жабық тақырыптар болмауы қажет. Бұл талаптарға жоғары лауазым иелері жол беруі тиіс. Өркениетті әлемде «жариялы қызмет» деген түсінік бар. Оған қоғам атынан сөйлеп жүрген, халықтың салығы­нан күнелткен саясаткерлер мен шенділер жатады­. Мұндай тұлғалардың жеке өмірінің қоғам назарынан таса қалуына жол берілмейді. Өйткені елдің тағдырын шешуге тікелей жауапты лауазым иелерінің өзі адал болмаса, жемқорлыққа белшесінен батса, заңнан жоғары тұрса, ондай адамдарға сенім қалай ұяламақ? Қатардағы шенділер өз алдына, батыстың­ азат баспасөзі Трампты, Макронды шалт басса, жерден алып, жерге салады. Осындай ашықтық пен демократиялық құндылықтардың салтанат құруының­ нәтижесі де баршаға аян: әлемдегі ең әділ, экономикасы өрлеген, халқы бақуатты, адам құқық­тарына басымдық берілген елдер – Америка Құрама Штаттары, Франция, Финляндия.

Дайын тұрған осындай игі тәжірибені игеру – заман­ талабы. Онсыз саяси жаңару, қоғамның тұрақтылығы, ұлттың ортақ арман-тілектердің аясында бірігуі құр сөз болып қала бермек.

Автордың  пікірі   редакцияның  ұстанымына

сай  келмеуі  мүмкін.

 


«АПТАП» МЕНІҢ АЙТҚЫМ КЕЛГЕНДІ АЙТҚЫЗБАҒАНДЫҚТАН ЖАБЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
21.11.2019 12:40

 

Серік  ЖАНБОЛАТ,

Қазақстан журналистері академиясының академигі:

 

«Мың  естігеннен  бір көрген  артық».  Белгілі журналист Серік  Жанболат  Сыр  өңірі  журналистеріне  семинар-тренинг өткізді.  «Мен  мұнда  ақыл айтуға келгенім жоқ, кімнің озық, кімнің  тозық  екенін уақыт көрсетеді» деп бастады ол сөзін. Осыдан  кейін  қолына  қалам  ұстаған тілшілер қауымы ә дегеннен-ақ сілтідей тынып, бұдан ары қарай айтарына құлақ салды.  Тренингте  тыңдағанымызды  түртіп  отырдық, сіз де оқып  көріңіз.

 

ҚАЗІР МУЗЫКАНЫ КОМПОЗИТОР ЕМЕС, ДИДЖЕЙ ШЫҒАРАДЫ...

Кезінде бізге журналистиканың жанрларын үйретті. Корреспонденция, сұхбат, ақпарат және тағысын тағы. Қазір ондай жоқ, жанрлардың араласуы пайда болды. Газет, теледидардағы жанрлардың барлығы өзгеріп кеткен. Бұрынғы біз оқыған классикалық журналистика: очерк, публицистиканың барлығы бұзылды. Бұның барлығы –  айналып келгенде технологияның дамуынан. Осыдан 2 ғасыр бұрын дизель дүниеге келгенде адамзаттың ойын, санасын, философиясын 500 жылға лақтырды. Ал компьютер дүниеге келгенде адамның ойы тіпті шексіздікке кетіп қалды. Қазір музыканың өзін композиторлар емес, диджейлер жазады. Сол секілді ақпараттық технологияның даму әсерінен жанрлардан жаңылып қалдық. Бірақ «бұл журналистика жойылады» деген сөз емес. Журналистика қай уақытта да жасайды. Адамға қазір ең бірінші керегі – ақпарат. Сондықтан журналист аудиторияға шынайы ақпарат таратуы керек.

 

«АЙҚЫНДЫ» ШЫҒАРАРДА МЫҢ ОЙЛАНЫП, ЖҮЗ ТОЛҒАНДЫҚ...

«Айқын» газетін шығару үшін алдымен республикаға белгілі, белді басылымдардан тілшілер жинадық. Одан соң барлығымыз жұмыла «Осы басылымды біз не үшін шығарайын деп жатырмыз?», «Мақсатымыз не?», «Ақша үшін бе әлде ұлттың сөзін сөйлеу үшін  бе?» деп мақсатын анықтап алайық дедік. Сөйтіп, газеттің бағытын ақпараттық етіп, нақты, анық ақпарат тарататын болғандықтан атауын «Айқын» дедік.  Алғашқы «Айқынның» дизайны көрген көзге түрпідей тиетін, суреті мен шрифті шимайласқан  форматта болды. Өйткені сол кезде қоғамның өзі бір-бірімен қырықпышақ, «бірде бүйе, бірде түйе» кезеңде еді. Ал бертін келе басылым дизайнын жинақтап, газетті оңтайлы фотолармен шығаратын болдық. Ең қызығы, газет қалай жарыққа шықты, бірден ел іздеп жүріп оқитын газетке айналып шыға келді. Мақсат орындалды. Өздеріңіз білесіздер, «Айқынға» қосымша «Құн» газетін шығарып отырдым. Бірақ оны өз қаржыма шығардым. 3,5 жылдан кейін мен «Айқыннан» кеттім де, ол да шығарусыз қалды. Содан бері қазақ тілінде шығатын экономикалық басылымды көрмей жүрмін. «Экономика» деген газет бар, бірақ олар баспасөз парағынан әрі аса алмайды.

 

БІЗ АТТЫҢ ҮСТІНДЕ ЖҮРІП, МӘШИНЕНІҢ РӨЛІНЕ ОТЫРА ҚАЛҒАН ХАЛЫҚПЫЗ...

Әрі қарай күрескім, әрі қарай жанталасқым келмеді. Өйткені ол газетті мен өз ақшама шығардым. Оған ақша іздеу керек болды, журналистерді экономикаға бейімдеу керек болды, оларға қаламақы тауып беруім керек болды. Қазір жұмыста жоқпын, бос жүрмін, дегенмен ол газетті қайтадан бастау үшін жігер керек. Қолымды бір-ақ сілтедім. Неге десеңіз, біз технологиялық капитализмнен өткен жоқпыз. Біз бірден мал шаруашылығынан мәшиненің рөліне отыра қалған халықпыз. Біз ғылымға бейім емеспіз, біз дайын дүниеге үйренген ұлтпыз.  Газетті шығарған күнде де мен оның пайда әкелетініне сенімді болған жоқпын. Егер бүгін маған «Құнды» шығар десе, мен шығарар едім, бірақ міндетті түрде қасына орыс тіліндегі нұсқасымен. Өйткені, орыс тілді басылымнан жарнама арқылы табыс тауып, сол арқылы қазақ тілді басылымын қаржымен қамтамасыз етемін. Тілдің капитал екендігін осыдан-ақ әркім бағамдай берер.

 

ЖУРНАЛИСТИКАҒА ЖЕТПЕЙ ЖҮРГЕН ДҮНИЕНІҢ БІРІ – МАМАНДАНУ

Экономика, қаржы саласы, ауыл шаруашылығына мамандану деген болады. Бірақ, ондай журналистер кемде-кем. Кеше мен фейсбуктан субсидия туралы мақала оқыдым. Керемет жазған. Экономикаға маманданған журналист болу – өзі қызық. Ол үшін сіз «Елімізде жылына қанша тонна бидай өндіріледі?», «Одан қанша тонна ұн шығады?», «1 кг ұннан қанша нан шығады?» дегенді жаттап аласыз. Болды.  Сосын «пәлен деген шаруашылық пәлен тонна бидай өндіріпті» дегенде сіз сарт-сұрт еткізіп есептейсіз. Сонда әлгі шаруашылықтың табысы туралы бірден біліп аласыз. Басшысы жалған ақпарат беріп жатса, алдына сарт-сұрт еткізіп әлгі цифрларды қоясыз да, сөзіңді дәлелдей қоясың. Бұдан бөлек мұнай да, бензин де осылай есептеледі. Жыл бойғы цифрды жаттап алсаң болды. Өйткені еліміздің экономикасы бірден көтеріліп жатқан жоқ қой, цифр деген ақырындап өседі. Міне, осыған мән беру керек.

 

5 БЕТ МАҚАЛАДАН 5-АҚ АБЗАЦ ҚАЛДЫРАМЫН...

«Айқында» жүргенде «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінен журналистер келіп жұмыс істеді. Кешке қарай алдыма мақалалар үйіледі. Мен қолыма қызыл қаламсапты аламын да тексеремін. Әрқайсысының материалы – 5-6 беттен. Түнгі сағат 3-ке дейін тексеріп, қажет деген жерлерін қалдырып, қызыл сиямен шимайлап, таңертең өздеріне әкеліп беремін. Сонда 5 бет мақаладан 5-ақ абзац қалдырамын.  Олар соған ренжиді: «Біз неге Серік Жанболаттың стиліне көшуіміз керек, біздің өзіміздің стиліміз бар» дейтін болды. Сонда мен оларға бір ғана нәрсе айтатынмын: «Журналистикада Серіктің стилі, Берік немесе Болаттың стилі деген сөз жоқ. Журналистикада ақпараттық, публицистикалық стиль дегендер болады, мен сендерден осыны талап етіп отырмын» деймін. Кейін қысқалыққа үйренген журналистеріме көлемді мақалалар жаздыра алмай қалдым.

ШЫНДЫҚТЫ ҚАЛАЙ АЙТҚАНЫН БАЙҚАМАЙ ҚАЛАДЫ...

Кезінде телеарнада жүргенімде «Қазақтың қара баласы» деген бағдарлама шығардым. Сонда келген қонаққа сөз бастардың алдында «мен қазақтың қара баласымын» деп бастаңызшы дейтінмін. Сонда олар сөйдеп бастағанда «айтамын» деп дайындалғанының барлығын ұмытып кетеді де, мүлдем басқаша әңгімеге қалай ойысып, өз шындығын өзі айтып қойғанын білмей қалады. Сөздің құдіреті деген иә?!

 

ЖУРНАЛИСТИКАДА АҚИҚАТ ЖОҚ!

Неге десеңіз, бүгінгі айтқан дүниеңіз ертең өзгеріп кетеді. Ертең айтатын дүние, арғы күні жоқ болып кетеді. Сондықтан не керек? Болып жатқан дүниенің болмысын ғана жаза салу керек, басқа түк керек жоқ. Өйткені сен сол тақырыпқа қайтадан келесің. Сонда сен «кеше былай, алдыңғы күні солай болып еді» деп отырмайсың ғой. Ақпаратқа керегі – сол.

 

ЖАЗБАЙТЫНДАР ЖАЗЫП КЕТЕДІ...

Мен журналистерге сабақ беремін. Сонда олардың арасында журналистикаға адасып келіп, жазу білмейтіндер де болады. Мен соларға жаздырып жіберемін. Мысалы, мақаланы бастай алмай отырғанда алдымен ойыңызға қандай сөз келеді, соны жазыңыз. Көз делік. Мақаланың басына «көз» деп жазыңыз. «Көзім неге көрмеді? Көрсем дәл осыны көрер едім. Өйткені бұл – қылмыс». Енді мен осының басындағы сөйлемдерді алып тастаймын да, ең соңғы сөйлемімді қалдырамын. Осылайша «өйткені бұл – қылмыс» деп материалымды бастап кетемін. Болды. Мұнымен қоса мен студенттеріме 5 экономикалық термин беремін де, махаббат туралы мақала жаз деймін. Немесе 5 махаббат туралы термин беремін де, экономикалық мақала жаз деймін. Сол кезде олар сөздің мәнін түсіне бастайды.

 

ТАҚЫРЫП ШАҚЫРЫП ТҰРСА ИГІ...

«Айқында» жүргенде қызық оқиға болды. О кезде Оңтүстік Кореяның Премьер-Министрі У деген болатын. Сол Астанаға келіп, содан ақпараттың тақырыбын «Астанаға У келді» деп қойған едік. Артынша Президент әкімшілігі шығып, біраз шу болған. Сонда «У бас әріппен тұр ғой» деп құтылғанбыз. Сол секілді тақырыпқа қатысты айтар дүние көп. Ең бастысы, тақырып оқырманды тартып, оқуға ынталы болып тұруы керек.

 

АЙТА АЛМАҒАНЫМ КӨП...

«Аптап» бағдарламасын шығару барысында экранда ақпаратты жанды етіп көрсету үшін студияға қой-қозы, бүркіт, ит барлығын алып келдік. Тіпті мотоцикл, танк кіргізгім келді студияға. Бірақ студия өте тар болды және ондай заттарды алу да оңайға соқпады. Бағдарламаны жүргізу барысында заттардың қасиеті арқылы сөзді жеткізудің өте ұтымды болатынына өзім көз жеткіздім. Бағдарлама алғаш шыққан сәттен бастап аудиторияны баурады. «Неге жабылды?» дейтін болсақ, мен айтайын дегенімді айта алмағандықтан, айтқызбағандықтан жабылды.

 

МАҚСАТЫМ – ҚАЗАҚ  ФИЛОСОФИЯСЫН  ҚҰРУ

Бізде рушылдық деген бар. Ол әлі қалмай келе жатыр бізден. Содан арылуымыз қажет. Көшеде орыс немес неміс көрсек, «ой сен орыссың немесе ой сен неміссің» деп оларды шеттетуге құмармыз. Қазақ оларды сіңдірмейді, сыртқа теуіп жібереді. Кезінде орыстар 300 пайызға көбейді. Ол мүмкін емес жағдай! Себебі оларда империялық саясат болды. Сол секілді бізге, қазаққа да көбею керек, халықтың санын арттыру керек. Сонда ғана біз барлық жағынан қуатты ел бола аламыз. Біз қай уақытта көбейеміз, егер қырғызға «сен қазақ емессің, руға кірмейсің» деп сыртқа теуіп отырса? Сан қай уақытта да сапаға айналады.  Мен осыны тәптіштеп түсіндіретін қазақ философиясын жасағым келеді.

 

Түйін. Бір айтары бар, саясат пен экономикалық тақырыптардың жілігін шағып, майын ішкен журналистен тренинг барысында түйгенім – ақ сөйлеу, анық ақпарат тарату. Тілшінің абыройы, беделі осыдан басталмақ.

Жазып  алған

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

 


ӘЙЕЛ һәм ӘМИЯН PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
21.11.2019 12:25

Қолына бір бума ақша ұстап отырып, «ешқайда шықпай-ақ, үйде отырып табыс тапқыңыз келе ме?» деп жарнамасымен әлеумет­тік желілерді жандырып жүргендердің қазір қарасы қалың. Көрген көз қызыға қарайды, міндетті  түрде  әлгінің  парақ­шасына кіреді. Парақшада осыған дейін және алдағы табыстары және жетістіктері міндетті түрде көрсетіледі. Тауып жатқан ірі көлемдегі сомасы­на сілекей шұбырып отырғанда, «мына нөмірге хабарласыңыз, мен сізге қалай ақша табу керек екендігін көрсетемін» деген сөзден кейін көрсетілген WhatsApp нөміріне қалай хабарласқаныңды білмей қаласың. «Ақшаның арбауына түстің» деген осы ма әлде  бұл  тұрмыстық  қажеттіліктің  қарекеті  ме?

«Бақсам бақа екен» демекші, әлгіндегідей хабарландырулардың дені – желілік маркетингтің өкілдері. Қандай да бір компанияның өнімдерін сатып, оның тұтынушыларының санын көбейтуге ықпал ету арқылы табыс табуға болады. Желілік маркетингтің жүйесі көпке мәлім: адамдар «қауымын» қалыптастырып, командада «көшбасшы» атануың қажет.

Бүгін халықтың санасы жаңарып, психологиялық таным-түсінігі өзгере бастаған. Әсіресе жаңа буынның «бай болсам, бақуатты болсам» деген талап-тілегі зор. Олар алдымен сананы тазартып, ынта-жігерді бизнеске бұрғысы келіп тұрады. Мұны бүгінгі жастардың түрлі психологиялық  семинар-тренингтерге  қатысып, индивидтік дамудың даңғыл жолына  түскендерінен ап-анық байқауға  болады.

Үйде отырып табыс табу қыз-келіншектерге тым қолайлы. Неге дейсіз ғой? Біріншісі, күні бойы кеңседе отырып келуі оған шарт емес. Екіншіден, әйел тұрмыстық тіршілікке үлгереді. Үшіншіден, ана ретінде үйдегі бала тәрбиесі де сырт қалмайды.

- Тұрмысқа шыққаннан кейін араға уақыт салып, бала күтімі бойынша демалысқа шықтым. Бірнеше жылдан соң қарап отырмай тиын табудың жолдарын іздестіре бастадым. Күйеуім кеңселік жұмыс істеуіме қарсы болды. Ақыры желілік маркетингпен айналысуға бел будым. Алғашында «командама адам жиналмай қала ма?» деп қорқасоқтағаным рас. Бірақ, өзімді қамшылағанымның арқасында жетістікке жеттім. Компания маған еңбегіме қарай ақша төлейді және мен сапалы өнімдерін пайдаланып отырамын. Қазір командам кеңейіп, табысым да еселеніп жатыр. Мен осы табысыма ризамын және отбасыма да осы жұмысым тиімді. Көпшілігі желілік маркетингті алдамшы деп қабылдайды. Негізінен олай емес, жұмыс істесең, зейнетін көресің, - дейді желілік маркетинг арқылы үйде отырып табыс табушы Анар Қабдеш.

Нәзік жандылардың берекелі ұясындағы табысты жұмысы мұнымен бітпейді. Instagram әлеуметтік желілердің ішіндегі ең танымалдысы  болып тұр бүгін. Жас та, жасамыс та осы арқылы кәсіптерін иіріп әкетіп отыр. Бір ғана шарты бар, ол – аудиторияңның керегесі кең болу керек. Яғни, сізге жазылушылардың саны он мыңдаған болса, сіздің де жұмысыңыз жүретін болады.

Сонымен, қазір қыз-келіншектер аудиториясына кімдер ықпалды? Отбасылы әйелдерге көбіне тұрмыстық тақырыпта жазатын блогер әлдеқайда қызығырақ. Мысалға алайық. Үй шаруасында отырған келіншекке ата-енемен қарым-қатынас, күйеудің көңілін табу, қонақ шақыру, бала тәрбиесіндегі еске ұстайтын қасаң қағидалар және тағы да осы секілді тақырыптар жақын. Осындай сұранысты аудиторияны пайдаланып блогерлер арнайы посттар жазу арқылы оқырмандарының қарасын көбейтеді. Сол арқылы үйде отырып, жарнама жасап-ақ тиын-тебенін таба алады. Қысқасы, қазір блогы барлардың бағы жанып-ақ тұр. Қолыңда ұялың мен жылдамдығы жоғары интернетіңіз болса болғаны.

- Блогер болу басында ойымда болған жоқ. Үйде отырып телефонымды ермек қылатынмын. Инстаграмда парақша ашып, өз ойымды, керек кеңестерді жазып, салып отырдым. Оқырмандар саны біртіндеп көбейе түсті. Бертін келе парақшамды бизнес-аккаунтқа айналдырып, оны ары қарай табысты жүргізудің жолдарын қарастыра бастадым. Курстарға қатысып, өзім секілді блогер ханымдармен кездестім. Ісім оңға бастады.        Олай дейтін себебім, маған «жарнама жасап беріңізші!» дейтіндер көбейіп, ұсыныстар келіп түсе бастады. Мен оларды ақшаға жасап беріп отырдым.  Нәтижесі жаман болған жоқ. Қазір шүкір, үйде отырып-ақ балаларымның нәпақасын тауып отырмын,- дейді Айжан есімді  блогер.

Түйін. «Еңбегің болмаса, елге өкпелеме» дейді. Бүгін тасада­ отырып біреуді «бай» деп күндейтін,  «кедей» деп күлетін заман емес. Қымбатшылық қыспаққа алған заманда жүгіре жүріп, нан табудың қамына кірісетін уақыттың нақ өзі. Нарық  «нан тап» дейді, «жай жат» демейді. Белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева да «Түпсананы өзгертіңіз!» деген тақырыппен жарты Қазақстанн­ың  санасына  сең жүргізіп жатыр. Әрбір жазбасындағы пікірлерде сан жоқ. Көпшілігі айтыскердің мотивациялық семинарларының нәтижесіне сансыз алғыстарын жаудыра, жарыса­ жазған. Демек, сана өзгерген қоғамда үйде отырған әйелге­ де табысты болуға ешқандай кедергі жоқ.

Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ

 


ТӘРТІПТІК ЖАЗАҒА ТАРТЫЛАТЫН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР КӨП PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
21.11.2019 12:15

Жыл басынан бері өңірде әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін - 8,  мемлекеттік қызметке кір келтіргені үшін 6 адамға тәртіптік жаза қолданылған.   Бұл туралы  ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрман Талқанбаев жыл көлеміндегі атқарылған істердің төңірегінде тілшілерге берген баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Облыста 4000-ға жуық мемлекеттік қызметші бар. Олардың 14-і – саяси мемлекеттік қызметші. Оның ішін­де 1-еуі «А» корпусының адамы­  болса, 3000-нан ас­тамы – «Б» корпусына кіре­тіндер.

Мемлекеттік қызметтен кеткендер көп. Атап айтар болсақ, күні бүгінге дейін 90-ға жуық мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметтен кеткен. Оның ішінде жергілікті атқарушы органда қызмет атқаратын басшы лауаз­ымындағы 21 адам өз өтініштерімен жұмыстан боса­ған. Айта кетейік, қызметтен кеткен мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлық және өзге де теріс әрекеттер бойынша «көзге түскендері» де бар.

Бүгінге дейін мемлекеттік органдардағы бос лауазымға орналасу үшін 586 бос орын конкурсына 760 адам қа­тысқан.  Ішкі  конкурстармен жұмысқа қабылданған 200-ден аса үміткердің 149-ы жоғары лауазымға тағай­ындалған. Жұмысына адал қызметкерлер қатары азайып, керісінше қызметіне қырын қарайтындар қатары артқан. Оған дәлел, осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметтер көрсетілетін са­лаларда бас-аяғы 30000-нан аса заңбұзушылық анық­талыпты. Сөйтіп, 30-ға жуық қызметкер тәртіптік жазаға тартылған.

- Қазір мемлекеттік қызметтерді жұрт электронды түрде алады. Бұл біріншіден, тез әрі тиімді болса, екіншіден, уақытыңызды үнемдейсіз. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалауға мүмкіндік беретін «DIGITAL agent» мобильді қосымшасын 800-ден аса азамат пайдаланып, қызмет көрсету сапа­сына тиісті бағасын жол­даған. Шағымның басым бөлігі қызмет көрсетуші маман­ның орнында болмауы, кезекте ұзақ күту және мамандардың дөрекілігі болып­ отыр, - дейді депар­тамент басшысы Нұрман Талқа­нбаев.

Облыстағы мемлекеттік органдарда  әдеп нормаларын сақтамау, жеке және заңды тұлғалардың өтініш­терін мерзімінде және тиі­сінше қарамау, табыс және мүлік туралы салық дек­ла­рациясын мерзімінде ұсынбау мәселелері жиі болады. Бірақ, бір қуа­нар­лығы өткен жылдың көрсеткішімен са­лыс­тыр­ғанда биыл мұн­дай  жағдайлар 3,3 есеге азай­ған.

Мемлекеттік қызметшілердің әрбір қадамы бақы­лауда болады. Мәселен, олар жұмыс істейтін қарапайым компьютерді алайық. Жұмыс артық болып жатса, компьютер өздігінен өшіп қалады. 40-қа жуық мемлекеттік органда СКУД жүйесі осы қызметті атқарып отыр. Автома­тты түрде компьютер сөндірілген соң, жұмысты жалғастыру мүмкіндігі болмайды. Жұмысқа кіріп-шыққаны да компьютермен ба­қы­ла­нады. Мәселен, об­лыстық ауыл шаруашылығы, жердің пайдаланылуы мен қор­ғалуын бақылау, мемлекет­тік құрылыс-сәулет бақы­лауы басқарма­ларында «Bio Time» жүйелері орнатылып, қызметкерлердің жұмысқа кіріп-шығуы қызметкердің биометрикалық көрсеткіштері арқылы бақылануда.

Артық жұмыс істеу фактісі осыған дейін біраз дау-дамайға араласып келгенін білесіздер. Мұның да нүктесі қойылыпты. Аймақтағы мемлекеттік қызметшілердің артық сағатта жұмыс істеу көлемі былтыр айына 791 сағат болса, биыл қыркүйек айын­да 36 сағатқа тең бол­ған. Демек, артық жұмыс істеу фактісі 21 есеге төмендеген.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызыл­орда облысы бойынша де­партаментіне өз құқықтарын қорғау үшін шағымданғандардың арыздары бойынша 20 шақты азаматтың құқық­тары қорғалды.

Брифинг барысында мемлекеттік қызметшілер арасында қызметке адалдықтан бөлек, сыбайластық, қызметтерін асыра пайдаланушылық фактілерінің жиі кезде­сіп жүргендігі айтылды. Елдің игілігіне еңбек ететіндер бас болып, басқаларға үлгі болмаса, қара халықтың да билікке деген көзқарасы өзгерері сөзсіз.

 

Ә.НАЖМАДИНҚЫЗЫ

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қараша 2019 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары