Өзекті мәселелер

  • 13.12.19

    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұны терең, мағынасы зор мақаласын жуырда тағы бір мәрте шолып шықтым. Сол сәтте ойыма­ Арал ауданының Тоқабай елді мекенінде тұратын ардагер ұстаз, сол өңірге танымал өлкетанушы Үргенішбай Қуатов оралды.

    ...
    Толығырақ...
  • 13.12.19

    Менде арман көп. Қиялдай кетсем, ойымда шек жоқ. Туған жерімде лайықты білім алып, ата- анам, туған қарындасыма қамқор болғым келеді. Қарындасымды шексіз жақсы көремін. Ол – менің бауыр етім. Ата-анамыз бізге күн сайын бір-бірімізге қамқор, мейірімді, адал болуды үйретіп отырады. Өйткені мейірімділік әлемді құтқарады. Егер біз мейірімді болсақ, біздің өміріміз қуанышқа, бақытқа тол...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
Дүйсенбі, 25 Қараша 2019

ҚАУЗАЛҒАН МӘСЕЛЕ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.11.2019 10:57

Өткен бейсенбіде «Бірыңғай (Ұлттық) азаматтарды қабылдау күні» жалпы республикалық іс-шарасы аясында облыс әкімдігінде қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Оған аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов, облыс әкімінің орынбасарлары, қала әкімінің міндетін атқарушы Бектас Нұридинов және басқарма басшылары қатысып, жеке және заңды тұлғаларды мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдау таңертеңгі уақытта басталса да, облыс әкімімен кездесуге келген қауымның қарасы қалың. Әрқайсысы әрқилы мәселені алға тартады. Дегенмен, олардың басым бөлігі тұрғын үй, жер кезегі, әлеуметтік сала, қайырымдылық көмек пен жұмыспен қамтуға қатысты мәселелерді көтерді. Тіпті, алаяқтардың арбауына түсіп қалған азаматтар да бар. Солардың бірі – Гүлсая Махамбетова. Ол осыдан біршама уақыт бұрын кәсіп ашуға ниеттенген. Десе де, оны бір азамат «бизнес жүргізуге қолдау көрсетеміз» деп қаржысын алып, тақырға отырғызып кеткен көрінеді. Гүлсая «құқық қорғау органдарынан тиісті тергеп-тексеру амалдары жөнді жүргізілмеді» деп налиды. Өңір басшысы қала тұрғынының базынасын мұқият тыңдап, сала басшыларына аталған мәселені назарға алып, құқықтық тұрғыдан көмек көрсетуді тапсырды. Ал Қармақшы ауданынан келген Еркін Атабаев облыс әкімімен руханият төңірегінде өз ұсынысын айтты. Ол аудан орталығынан белгілі жырау Шәмшат Төлепованың құрметіне ескерткіш орнату керектігін жеткізді. Мұны облыс әкімі назарға алып, сала басшыларына зерттеп-зерделеуді тапсырды.

– Сағат 9-да басталған қабылдау кешке дейін жалғасты. Оған аймақ басшысынан бастап барлық сала басшылары қатысып, тұрғындар тілегін тыңдады. Келушілер тарапынан тұрғын үй, оның кезектілігі, әлеуметтік мәселе мен қайырымдылық көмектер тұрғысынан жиі сауалдар қойылды. Тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл шара аудандарда да өтіп, онлайн режимде көрсетілді. Бүгін шешімін таппаған мәселе алдағы уақытта шешіледі. Өйткені, бюджетке қатыстылары бар. Қабылдаудағы өтініштер бақылауда болады, - деді облыс әкімі аппаратының басшысы Ғалым Әміреев.

Айта кетейік, қабылдауға облыс бойынша 689 адам келді. Қозғалған мәселердің барлығы заң аясында шешілмек. Жауаптылар қоғамдық қабылдауда көтерілген жайттардың барлығы назардан тыс қалмайтынын айтты.

Халық-хабар

 


ТЕЛЕВИЗИЯДА САРАПТАМАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.11.2019 10:50

Дөңгелек дүниеде тозбайтын уақыт ғана. Қалғаны ағынмен артта қалады, ескіреді, жаңасы орын басады. Журналистикадағы ақпарат ағыны да солай. Жаңашылдық болады, небәрі секундта ақпарат ескіріп қалады. Тілшінің міндеті – сол дүние ағымындағы сан мыңдаған ақпараттарды дер кезінде сараптап, қалың оқырманға жолдау. Осы салада, оның ішінде қазақ телевизиясында лайықты бағасын алып үлгерген, сан мың көрерменнің көзайымына айналған Жайна Сламбек Сыр журналистерімен жүздесіп, көрген-білген тәжірибесімен бөлісті.

Жайнаны ақпаратты сараптауда алдына жан салмайтын, қара сөздің қаймағын қалқитын кәнігі жауынгер журналист ретінде ел таниды.  Оның кәсіби шеберлігі, факті мен объектіні экран алдында бір-бірімен селбестіре отырып баяндауы бұқараны баурап алады. Өзінен журналистика саласы бойынша сабақ алғысы келетіндерге: «Қазақстанда сараптамалық бағдарламалар жоқтың қасы» деп бастады дәрісін.

- Ұлттық арнадағы «Апта» бағдарламасы тақырыпты ашық айтатын болған соң, мен осы арнаға ауысуда көп ойланған жоқпын. Өйткені өздеріңіз білесіздер, мен көп жылдар бойы «Хабар» арнасында қызмет істеп жүрдім. Одан соң өзімді шеңбердің ішінде жүргендей сезіндім, маған еркін кеңістік керек болды. Осылайша «Астана» телеарнасына ауыстым. Онда «Біздің уақытта» мен көптеген тақырыптарға сараптама жасадым. Қазіргі «Апта» бағдарламасында Президентке ода айтып ешкім материал беріп жатқан жоқ. Осыдан-ақ біраз нәрсені байқауға болады,- деді Жайна Сламбек.

Қоғамның қалтарыс тұсын ғана көрсетуге машықтанған Жайна Сламбек қазіргі журналистикада кездесетін кедергілерді айтты. Мәселен, ақпарат жинау кезінде оқиғаға қатысты құзырлы орган басшыларының сұхбат беруден ат-тонын ала қашатындығы журналистік өнімге көп кедергісін тигізеді. Мұндайда ол басшылардың бой көрсетуден бас тартқандығын сюжетке қыстыра қоятындығын жеткізді. Осындай экран элементтері немесе сарказмды эмоция арқылы биліктің айтуға болмайтын (тыйым салынған) дүниелерін бере салуға да болады екен.

Шеберлік сыныбына қатысуға келген тілшілер тарапынан түрлі сауалдар жолданды. Жайна Сламбек білгенімен барынша бөлісті.

Әйгерім  НАЖМАДИН

 

P.S. Жуырда Балтабек Нұрғалиев деген ақын жігіттің: «Менен асқан ақын жоқ» деп көгілдір экранның арғы жағында отырып кеуде қаққаны әлі ел арасында қызу талқыға түсіп жүр. Тілшілер қауымында да бірін-бірі мойындай қоймайтын тым жаман әдет деуге келер ме екен, қадірсіз бір үрдіс тараған. Жайна Сламбектің «Қазақстанда менің сараптамалық бағдарламамдай туынды, маған бәсекелес бағдарлама жоқ» деген бірауыз сөзі біздің төбеге көтеріп отырған туымызды бір мезгілде жыға салғандай әсер қалдырды. Қолпаштаған сайын қарапайымдылықтан қалып бара жатқан жоқпыз ба, әлде асқақтық шығармашыл адамдарға тән қалыпты дүние ме, түсінбей қайттық.

 


ТЕГІН ЕМДЕЛУ ҮШІН ТІРКЕЛУ КЕРЕК PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.11.2019 10:46

Есіктен енгелі тұрған жылдың қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолданылатыны бәрімізге мәлім. Сонда да болса ел арасында осы жүйенің ақ-қарасын анықтай алмай, мәнісін түбегейлі түсінбей жүргендер көп. Осыған байланысты «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Руслан Бектібаев аймақ көлемінде түсіндіру жұмыстары сәтті жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

Қазір арнайы топ жұмысының нәтижесінде облыс халқының 80 пайыздан астамы МӘМС жайында мәліметтер алды.

- Медициналық көмек алғысы келетін адамның барлығы негізінен тіркеуде, яғни оның статусы белгілі болуы керек. Ол мейлі жалдамалы жұмысшы, кәсіпкер немесе өзге де маман иесі болсын тіркеуде тұруға міндеттеледі. МӘМС жүйесінің тиімділігі сол, медициналық көмекті тегін ала аласың, - деді Р.Бектібаев.

Оның айтуынша, МӘМС жүйесі көлеңкелі бизнесті анықтауға да көмегін тигізіп жатыр. Өйткені қарапайым құрылысшы еңбек шартынсыз жұмысқа орналасады. Алайда ол ақшасын қолма-қол алғандықтан, оған ешқандай МӘМС жарнасы заңды түрде аударылмайды. Денсаулығына зақым келіп, емделуге келгенде оның жұмыс орны, айлық жалақысы бар жұмыс істесе де, МӘМС жарнасы аударылмайтындығы анықталады. Осылайша қай кәсіпорын, қай кәсіпкердің заңсыз жұмыс істеп отырғандығы өзінен-өзі анықтала түседі.

Медициналық сақтандыру жүйесі жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыздығынан туындайтын өндірістік шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 2,6 миллионнан астам адам жұмысқа уақытша қабілетсіздігіне байланысты еңбекке жарамсыздық парақтарын алады. Әр жұмыскердің күн сайын 12,6 мың теңгенің өнімін өндіретінін (немесе қызметін көрсететінін) ескерсек, жұмыс берушілердің жыл сайынғы шығыны 370 млрд теңгеге жуықтайды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде сапалы алғашқы көмек алу, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, еліміздегі үздік клиникаларда тиімді емделу және қымбат бағалы операциялар жасату мүмкіндігі жұмыс істейтін әр азаматтың денсаулығын сақтауға, еңбекке жарамсыздық қағаздарының мерзімін қысқартуға және жұмыс берушілердің шығындарын азайтуға ықпал етпек.

Қазіргі таңда экономикалық жағдай едәуір жақсарды. Отандық кәсіпорындарда 6,5 миллионнан астам адам жұмыс істейді. Жұмыс берушілер «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» өз қызметкерлері үшін 23 млрд теңге аударады. Осы жерде халықтың экономикалық белсенділігі төмен тобын сақтандыруды мемлекет өз мойнына алып отырғанын атап өту қажет. Сол арқылы үкімет енгізіліп отырған медициналық сақтандыру жүйесінің тұрақты қызмет етуіне жағдай жасамақ.

Айта кетейік, МӘМС-тің қолданысқа енгізілуіне орай журналистер, фотографтар, блогерлер оқырмандар мен көрермендерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тақырыбын жариялау үшін «Баршаға қолжетімді медицина» шығармашылық байқауының аясында өз материалдарын ұсынады. Конкурстың негізгі мақсаты – денсаулық сақтау саласында қоғамның, мемлекеттің және бизнестің ортақ жауапкершілігі идеясын ілгерілетуге ықпал ету, медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, халықты тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы хабардар ету. Ниет білдіруші БАҚ өкілі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалына хабарласа алады.

Ә.НАЖМАДИНҚЫЗЫ

 


ЖИТС-тің 80 ПАЙЫЗЫ ЖЫНЫСТЫҚ ЖОЛМЕН ЖҰҒАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
26.11.2019 10:45

Республика бойынша қазір 40 мыңға жуық ЖИТС жұқтырғандар бар. Ал Қызылорда облысында 158 адам тіркеліп отыр. Биылдың өзінде аймақта 15 адамнан АИТВ инфекциясы анықталған. Оның 7-еуі – ер адам, 8-і – әйел. Жұғу жолдары бойынша 11-і – жыныстық қатынастан, 1-еуі – инъекциялық есірткі тұтыну арқылы, 1-еуі – анадан балаға, 1-еуі ерлермен жыныстық қатынас жасайтын ерлер арасында тіркелген. Ал 1-еуінің жұғу жолы белгісіз.

- Вирус спермадан, қынап кілегейінен, емшек сүтінен және көп мөлшері қанмен келеді. Яғни, жыныстық қатынас, есірткі тұтыну арқылы, анасынан нәрестеге жұғады. Қазір көпшілігі денсаулығына жауапкершілікпен қарамайды. Анықталған деректерге сәйкес, аурудың 80 пайызы жыныстық жолмен таралатындығы белгілі болып отыр. Мүмкіндігінше тек бір ғана адаммен жақындықта болған жөн, - деді облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушісі С.Шамиқызы.

Оның айтуынша, ЖИТС инфекциясы анықталғандармен құпия түрде әңгімелесіп, ары қарай ем-домын алуға ықпал жасалады. Сол себепті олардың аты-жөндері жарияланбайды. Сондай-ақ қазіргі жастардың дені сырт қалаларға барып, уақытша жұмыс істеп келеді. «Осындайдағы кездейсоқ жақындасудың соңы жаман аурудың туындауына алып келеді» дейді.

- Ауру адам өзінің бойында вирус бар екенін көп уақыт бойы білмеуі мүмкін. Ол айлап, жылдап жүре береді. Аурудың таралу жолын анықтаған кезде адамнан кімдермен жыныстық қатынаста болғанын анықтап, мүмкіндік болса сол адамды да тауып алуға тырысамыз. Өкінішке қарай, көпшілігі жақындасқан адамдарының кім екенін, қайда тұратындығын да білмей жатады. Сонысы қиындық туғызады, - деді С.Шамиқызы.

ЖИТС-тің алдын алу шараларын халық арасында пәрменді жүргізу мақсатында 5 қараша мен 5 желтоқсан аралығы «Қоғамдастықтың маңызы» ұранымен Бүкіләлемдік ЖИТС-ке қарсы күрес күні ретінде жарияланды. Бұл күні жастардың, мінез-құлқы қиын топ өкілдерінің арасында АИТВ инфекциясының таралуын тежеу, ол жайында таным-түсініктерін молайту мақсатында ақпараттар таратылады.

- Қазір диспансерлік есепте 100 науқас бар. Олардың 30 пайызы – әйелдер. Оларға қажетті дәрі-дәрмек уақытылы егіліп жатыр. Жүкті әйелдерде ЖИТС инфекциясы байқалса, ол туғанға дейін және туғаннан кейін 18 айға дейін біздің толықтай бақылауымызда болады, - деді облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы емдік-көмек бөлімінің дәрігері А.Балмаханова.

Жылына ауруларға бюджеттен 28 млн теңге көлемінде қаржы бөлінеді екен. Әр науқасқа кететін қаржы 250-300 мың теңге шамасында. «Аурудың жақсысы жоқ». Медициналық мәселелер қатарындағы қатерлі кеселден ада болмаққа саламатты өмір салтын сақтау керек-ақ.

Әйгерім  НАЖМАДИН

 


ХАЛЫҚҚА КӨРСЕТКЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ ҮШІН 38,5 МЛРД ТЕҢГЕ ТӨЛЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
25.11.2019 17:55

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілген қызметтер үшін Қызылорда облысы бойынша медицина ұйымдарына 38,5 млрд. теңге төледі. Бұл – кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасының 86,1%-і. Қаржы тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) шеңберінде бөлінді», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Руслан Бектібаев.

2019 жылы МСҚ кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген аймақтың медицина ұйымдарымен 44,7 млрд теңгенің келісімшартын бекіткен болатын. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 14%-ке артық.

«Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті», - деді Руслан Бектібаев.

Биыл мемлекеттік тапсырысты орындауға 73 медицина ұйымы атсалысып жатыр. Оның ішінде 43 жекеменшік клиника да бар. Биыл олардың саны 2018 жылмен салыстырғанда 7-еуге артқан, яғни 14%-ті құрайды.

Мемлекеттен тапсырыс алған жекеменшік клиникалар саны жағынан Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда және Жамбыл облыстары көш бастап тұр.

Естеріңізге сала кетсек, МСҚ 2018 жылдан бастап ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы болып табылады және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша сатып алады.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалдың халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау жөніндегі бөлімі

 


Күнтізбе

< Қараша 2019 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
26 27 28 29 30  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары