Өзекті мәселелер

  • 13.12.19

    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұны терең, мағынасы зор мақаласын жуырда тағы бір мәрте шолып шықтым. Сол сәтте ойыма­ Арал ауданының Тоқабай елді мекенінде тұратын ардагер ұстаз, сол өңірге танымал өлкетанушы Үргенішбай Қуатов оралды.

    ...
    Толығырақ...
  • 13.12.19

    Менде арман көп. Қиялдай кетсем, ойымда шек жоқ. Туған жерімде лайықты білім алып, ата- анам, туған қарындасыма қамқор болғым келеді. Қарындасымды шексіз жақсы көремін. Ол – менің бауыр етім. Ата-анамыз бізге күн сайын бір-бірімізге қамқор, мейірімді, адал болуды үйретіп отырады. Өйткені мейірімділік әлемді құтқарады. Егер біз мейірімді болсақ, біздің өміріміз қуанышқа, бақытқа тол...

    Толығырақ...
  • 05.12.19

    «Құмкөл-Қызылорда» авто­жолы­ның 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт­ алған «Neoplan» маркалы автобус­ аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қа­йысты­рғаны  анық.

    ...
    Толығырақ...
  • 05.12.19

    Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетіс­тік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабар­ға сенетіні анық. Ол – ақиқат. Толығырақ...

  • 05.12.19

     

    Ерғали  АБДУЛЛА


    Қу  ақша

    Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін деге...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 27 Қараша 2019

«ҚОС ҚАНАТТЫ» ҚАЛА PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
28.11.2019 11:50

ҚАМЫСҚАЛАДАН  –  ҚЫЗЫЛОРДАҒА

ТІЗГІНҚАҒАР. Қоқан хандығының шапқыншылығынан қорғану үшін Сырдария өзенінің бойында Қамысқала атты бекініс салынды. 1817 жылы. Жергілікті жұрт жаңа бекіністі алыстан көрінетін мешітке байланыстырып, оның үстіне қа­бырғасы ақ кесектен өрілген соң Ақмешіт деп атап кеткен көрінеді. Тарих  солай  дейді.

1853 жылғы 28 шілдеде Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский Сыр қазақтарын қорғауды сылтау­ратып орыс әскерлерімен қамалға басып­  кіріп,  қоқандықтарды қаладан қуып шығады. Бұдан ары қала Перовс­к аталып, 1867 жылы ол Сырдар­ия уезінің орталығына айналады. Қалада 4 сыныптық мектеп, кірпіш зауыты, жел диірмен, ұста дүкендері жұмыс істей бастайды. Одан кейінгі Ақмешітіңіздің арғы-бергі тарихы ел есінде деп білеміз. 1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасы болғаны баршаға мәлім. 1925 жылы қалаға Қызылорда аты беріліп, онда С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров сияқты белгілі қаламгерлердің туындылары сахна­ланып, М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» спектаклі қойылды. Ал 1938 жылы Қызылорда  облысы  құрылды. 1960-70 жылдары қалада қатырма қағаз, аяқкиім, механикалық және күріш зауыттарымен қатар бірнеше фабрикалар іске қосылып, жаңадан салынған Гагарин, Титов елді мекендері арқылы қала көлемі ұлғая түсті.

1997 жылдың 17 маусымында  ҚР Президентінің өкімімен қаланың аты Кзыл-Ордадан Қызылорда, ал Кзыл-Орда облысынан Қызылорда облысы  болып  өзгертілді.

Ал былтыр Қызылорда қаласының 200 жылдық  мерейтойын өзіндік сән-салтанатпен атап өтті. Мұның барлығы  тарих  тақтасына  қашалып  жазылары  анық.

СЫРДАРИЯНЫҢ   СОЛ   ЖАҒАСЫ  НЕГЕ   САЛЫНДЫ?

Бас шаһардың бір бүйірін сыл­қым Сырдария өзені тіліп өтеді. Есте­ріңізде болса, осыдан 10-15 жыл бұрын қызылордалық тұрғындар көктемде буынып-түйініп, көшуге ыңғайланып отыратын. Тасқыннан зәрезап болған жұрт жан сауғалауға дайын ғой. Кейіннен бұл мәселе назарғ­а алынып, дарияның демі басылд­ы. Қазір баяғы сес көрсетіп, мінез танытатын Сырдария емес. Байсалды. Арқыраған ағыс та жоқ. Дегенмен, табиғаттың тосын мінезіне  қарсы тұрар күш қайда? Бәрі де бір Аллаға ғана аян екені ақиқат.

Ел «Өзен жағалағанның өзегі талмас­» дейтін. Рас-ау! Осы өзенді жағалай орныққан Қызылорданың аумағы бұрынғыға қарағанда ана­ғұрлым ұлғайды. Қаланың шығыс шеті Жезқазғанға, солтүстігі Сырдарияға, Оңтүстігі Шиеліге қарай бет алды. Қоныстанушылардың қарасы қалың. Ел жарқын болашаққа сенеді. Бас шаһарда тұрмысты түзетуге мүмкіндік барын біледі. Әйтпесе, екі-үш жылдың көлемінде «Қызыл­ордадан қоныс аудардық» деген қазақты көргеніміз жоқ. Болған күн­нің өзінде некен-саяқ шығар.

Қайбір жылы интернеттен бір ақпарат жылт етті. Кейіннен іздеп едік, таппадық. Сонда мынадай дерект­ер сөз болған. Қателеспесем, онда «Қызылорда қаласында көп­қабатты тұрғын үйлер салуға жер телімі жоқ» делінген. Далиып жат­қан даладан көпқабатты үйлер салуға жер табылмады дегенге сену қиын. Десе де, жағдай соған тіреліп тұр. «Егер бізде 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бүгінде бұл көрсеткіш 600 мың шаршы­ метрден асып түсті. Яғни, екі есе көп берілуде! Нәтижесінде, облыс орталығының өзінде ғана соңғы жылдар­ы 14 жаңа шағын аудан пайда болды. Облыста 5 жыл ішінде 2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді» деген еді Қызылорда облы­сыны­ң бұрынғы әкімі Қырымбек Көшербаев өз есебінде. Міне, мәселенің мәнісі осында жатыр.

 

ҚАЛА   САЛУ  –  ЕРТЕГІ   ЕМЕС

Былай қарасаң, бұ заманда қала тұрғызу – өңің тұрмақ, түсіңе де енбей­тін тірлік. Елестетсең, ертегі тәрізді. Ең қызығы, Сырдарияның сол жаға­лауын игеру туралы идея айтылған­да күмән-күдікпен қара­ғандар болды. 2016 жылы ұзындығы 368 метр, 9 тіректен және 8 аралықтан, 4 қозғалыс жолағ­ы бар көпір пайдал­ануға берілді. Құжат жүзінде бекітілген жұмыстың алғашқы легі бастал­ғанда  көкейдегі күдік біртін­деп сейілді ғой деймін. Сөйтіп, жаңа көпір жаңа қалаға бастайтын, жаңа өмірге жол ашатын нысан ретінде тарих­  қойнауына  енді  де  кетті.

Бағанадан бері айтып отырған жаңа қалашықтың аумағы 1532 гек­тарды құрайды. Нақтырақ айтқанда, 367 га жер телімі – рекреациялық аймақт­арға, 537 га – тұрғын үй құрылысына, 190 га – сауда орындары мен офистік  ғимараттарға, 270 га әлеумет­тік инфрақұрылымға арналған. Барлығы да тайға  таңба басқандай  құ­жатта­ бекітілген. Қазір сол құжаттың сызбасы бойынша нысандар құры­лысы  рет-ретімен  жүргізіліп  жатыр.­

«Өткенсіз  бүгін  жоқ». Сөз басында Ақмешітіңізде  ат  төбеліндей  қазақтың  марқасқалары тер төккенін, табаны осы топыраққа тигендігін айттық. Бұл да – тарих. Өткен жылы бұрынғы «Қазақ Орталық Атқарушы Комитеті­нің»  ескі  сызбалары бойынша мұражай ғимаратының құрылысы пайда­лануға берілді. Қазіргі таңда мұнда «Рухани­ жаңғыру» орталығы орналас­қан. Бұл қызылордалықтардың тарих алдына жасаған тағзымы десек, қате­леспейміз. Мұражай құрылысы Елба­сының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру­»  бағдарламалық  мақаласы  жарық­қа шыққан жылмен қабыса кеткенін­  қайтерсіз?!

Биыл «Жастар  жылы» екені  белгілі. Осыған орай 2019 жылдың бірінші жартыж­ылдығында  «Жастар  орталығы» пайдалануға берілді. Ғимаратта «Қызылор­да облысының жастар сая­саты мәселелері жөніндегі басқармасы» мемлеке­ттік мекемесі, «Жастар ресурс­тық орталығы» және IT-парк орна­лас­қан. «Жастар жылы» іске қосылған нысан­ қызылордалық өрендердің кәдесін­е жарап тұр. Жаныңа қажетті дүниенің бәрі бар. Толықтай заманауи құрылғылармен жабдықталған. Қыс­қасы, «болам» деген балаға қажетті құрал-жабдықтың  бәрі  қарастырыл­ған. Ол аз десеңіз, 24 сағат жұмыс істейді. Әу баста мұндай жұмыс кестені түсін­бегендер болды. Дегенмен, түні бойы сенделіп, бос жүргеннен гөрі, орталық­қа келіп, жастар замандастарымен уақыт  өткізсе, оның  несі  айып?!

Айта кетейік, мемлекеттік-жеке әріптестік  жобасын  іске  асыру  аясында­  жеке инвестордың есебінен 320 орындық балабақша, «Болашақ» универ­ситетінің  12  қабатты оқу кампу­сы пайдалан­уға  берілді.

Бүгінгі таңда Сырдария өзенінің сол жағалауында жүргізіліп жатқан жұмыс жетерлік. Таң қылаң бере басталған құрылыс қас қарайғанша жалғасады. Тұмсығын көкке шаншыған сансыз кранда  тыным  жоқ. Иә-иә, бұл – бояма­сыз­  әңгіме.

Осы мақаланы әзірлеу барысында тиісті мекемелерге сұрау салдық. Жауапты­лар бүй дейді. Жаңа қала­шықта 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысы салынатын көрі­неді.

– Сырдария өзенінің сол жағалауында 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысы, оның ішінде 1 млн шаршы метр тұрғын үйді 2025 жылға дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Нәтижесінде 50 мыңға жуық адам жаңа пәтерлермен қамтамасыз етіледі. Жоба толық іске асырылған жағдайда 155 мыңнан астам адам үй-жаймен қам­тылмақ. Бұдан бөлек, жоба бойынша 16 жаңа мектеп, 12 балабақша, 4 денсаулық сақтау мекемесі­, сондай-ақ спорттық және әлеуметтік-мәдени ғимараттар бой көтереді, - дейді облысты­қ құрылыс­, сәулет және қала құрылысы басқар­масының  басшысы  М.Әлсеріков.

Бүгінгі таңда сол жағалауда тұрғын үйдің кілті табысталып жатыр. Сондай-ақ,  37  тұрғын  үй (1776 пәтер) бойынша жалпы құрылыс  жұмыстары  жүргі­зілуде, оның ішінде 34 үйді (1666 пәтер) жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Бұдан басқа, 2020 жылы әлеуметтік және коммерциялық сипаттағ­ы қосымша 14 тұрғын үйдің (680 пәтер) құрылысын бастау көз­делген.­

Инфрақұрылым деген дүние бар ғой. Тұрғын үй салынғанымен ел инфрақұрылымның игілігін көрмесе, оның несі бақыт? Дегенмен, бұл мәселе әлдеқаша­н шешіліп қойған. Алаңдауға негіз жоқ. Сәті келгенде айта кетейік, 2017 жылы сол жағалау аумағын инже­нер­лік инфрақұрылыммен (газ, электр, жылу, сумен жабдықтау және кәріз) және көше-жол желісімен қамтамасыз етудің бірінші кезеңіндегі жұмыстар қолға алынып, оның құрылысы был­тырғы жылдың екінші жартыжыл­дығында  толықтай  тамамдалды.

– Сол жағалауды «Батыс Еуропа-Батыс­ Қытай» халықаралық трасса­сымен байланыстыратын, ені 60 метр, ұзындығы 4 шақырым болатын жол құрылыс­ының 1-кезеңі іске асырылды, оның толық аяқталуы (0,9 шақырым жол) 2020 жылдың соңына белгіленеді. Сонымен қатар, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы қорғаныс бөгетінің жанындағы ұзындығы 8,4 шақырым қозғалысы реттелетін (II катергориялы) жалпы қалалық маңызы бар магистралды көшенің жол құрылысы 2018 жылы басталды. Бүгінгі күнге 4,45 шақырым жол салынды. Жоба бойынша қалған жол құрылысын 2020 жылға аяқтау жос­парлануда, - дейді басқарма басшысы.

Облыс  басшылығы  2020  жылы  жаңа қалашықта «Неке қию сарайын», «100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпсалалы аурухананың», «Жылумен жабдықтау жүйесінің», «Сол жағалау бойынша салынатын 7,6 шақырымдық дамба-жолдың», «Отбасылық медициналық орталықтың», «300 орын­ға арналған жатақханасы бар 400 орындық физика-математикалық мектеп­тің», «Жанар-жағармай құю станция­сының», әкімшілік ғимараттар, «Сауда-жәрмеңкелік ке­шен»­ мен басқа нысан­дардың  құрылысын  бастауды межелеп отыр. Олар да сәтімен жүзеге  асады  деп  сенеміз.

ТІЗГІНТАРТАР.  Екі ғасырлық тарихы бар Қызылордада осындай тірліктің білтесі тұтанды. Оны өшіріп алмау маңызды. Сырдария өзенінің сол жағасында басталған ауқымды жоба жарқын болашақ­қа жол ашады деген үміттеміз.

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

 


ӨҢІРІМІЗДІҢ ӨРКЕНДЕУ ӨЛШЕМІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
28.11.2019 11:35

Топырағына тұнған талай дүние Сыр өңірінің тұнба тарихын қойнына бүгіп жатқандай. Дарқан даладағы еңбек адамдарының тынымсыз тірлігі, өркендеу жолындағы айқын мақсат, бағдарлы бағыт, ортақ мүдде аймақ тынысының ашылуына себепкер. Ауасын жұтып, суын ішіп, топырағына табан тіремегендер үшін ен даладағы құм суырған өңір көрінетіні рас. Шындап келгенде, ауыл  шаруашылығы саласымен қатар индустрия-инновацияның игілігін иіріп тұрған аймақ ретінде абыройы асқақ. Екі ғасыр тезіндегі үндестік, тарих қатпарындағы сабақтастық жалғасып, жаһандану дәуіріне бет алудамыз.

Сол жағалаудағы соны серпіліс, бағдарлама бағытымен жүзеге асып жатқан тың жоба, қала экономикасының қарқынды дамуы мен инфралогистикалық құрылым жолындағы бағдарымыз – бір төбе. Жуық арада құрылатын «Байқоңыр» экономикалық аймағына да артар үміт мол. Сыр елінің осы және өзге де жаңалығы турасында аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы өткізген брифингінде мәлімдеді.

 

ӘКІМ   РЕТІНДЕГІ  АЛҒАШҚЫ   ЕСЕП

- Бұл – менің әкім ретінде сіздермен алғашқы кездесуім. Біздің өңіріміз жайында хабардар екендеріңізге сенімдімін. Бұл, әрине, тиімді болар еді, өйткені, бізге берілген азғантай уақыт ішінде аймақтың бүкіл тыныс-тіршілігін айтып шығу мүмкін емес. Сондықтан, облыс дамуының ең маңызды аспектілеріне тоқталайын. Өздеріңіз білетіндей, облыс әкімі болып тағайындалғанға дейінгі соңғы 3,5 жыл бойы Қызылорда облысы әкімінің экономика және қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Сондықтан, жыл соңына дейінгі облыс дамуының жоспарлары түбегейлі өзгере қойған жоқ. Дегенмен, мемлекет басшысы қой­ған міндеттер мен ағымдағы экономикалық жағдайды ескере отырып, жыл соңына  дейінгі іс-қимылдарымызға түзету енгіз­дік, - деп сөзін бастады облыс әкімі Қ.Досмайыл­ұлы.

Айта кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен жылғы құнды жетістіктеріміздің бірі – Қорқыт ата мұраларының жаһандық материалдық емес мұралар тізіміне енгені. Биыл игі істің сабақ­тастығы ретінде түркітілдес елде­р өнерпаздарының қатысуымен «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық өнер фестивалін бесінші рет өткіз­дік. Оған Түркия, Иран, Сербия, Саха, Татарстан, Әзір­байжан және басқа да  елдерден белгілі ғалымдар қатысып, 200-ге жуық өнер шеберлері мен шығармашылық ұжымдар келді. Ал биыл­ғы құндылықты толтыр­ған жаңалық – Сығанақ қалашығындағы қазба жұмыстары кезінде «ежелгі қорымнан» табыл­ған ХІІІ-ХІV ғасырлардағы алтын бұйымдар. Бүгінде сырға, алқа, қапсырмалар, моншақтар, керамикалық қаптамалар ғылыми зерттеуге жіберілді. Ежелгі және ортағасырлық Сығанақ, Жанкент, Сортөбе, Шірік-Рабат, Жент, Бәбіш-мола, Қышқала қалашықтарына археологиялық қазба  жұмыстары  жалғасуда.

 

ТҰЗ    ӨНДІРУ   АРТАДЫ

Өңір экономикасын әр­тараптандырудың негізі – индустрияландыру саласы. Жыл басынан бері өнеркәсіптің шикіз­аттық емес секторындағы өндіріс өсімі 4,4%-ды құраған. Бүгінгі таңда мемлекеттік бағдар­лама аясында іске асырылған 24 жобаның 18-і жоспарлы қуаттың 100 пайызына жеткен. Жыл соңына дейін индус­трияландырудың  екінші бесжылдығы аясында тағы 3  жоба  іске  қосылмақшы.

- Индустрияландыру бағдарламасы аясында «Арал тұз» АҚ 2 испандық цехты іске қосты. Бүгінгі таңда бұл кәсіп­орын өз өнімінің 79%-ын Украи­на, Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан, сондай-ақ Ресей Федерациясының 82 қаласына экспорттауда. Шетелде өнім қажеттілігінің артуына байланысты биыл тұз өндіру көлемін жылына 400-ден 500 мың тоннағ­а дейін жеткізген, ал 2022 жылы өндіру көлемін жылын­а 700 000 тоннаға дейін арттыру жоспарда бар, - деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, соңғы жыл­дары  Сыр өңірінде ауыл шаруа­шылығы  саласына аса мән берілуде. Агроөнеркәсіп өнімдерін экспорттауға қа­тысты жұмыстар күшейтілуде. 2016 жылы бақша дақыл­дарының экспорты ұлғайып, 2017 жылы көкөністер мен малды­  экспорттау  жұмыстары басталды. 2018 жылы  Қытайға алғаш рет мақсары майы жіберілді. Ал, биыл осы елге жүн экспорттау жолға қойылды. Жыл басталғалы ауыл шаруаш­ылығы жалпы өнімінің көлемі 3,5 пайызға артқан.

 

КЕН   ОРЫНДАРЫН   БАРЛАУ   ЖАЛҒАСАДЫ

Жер астынан игерілген мұнайдың 95 пайызының су­лануы түйткілді түйін болып тұрғаны рас. Тәуелсіздік алған алғашқы онжылдықта үдей игерілген мұнайдың облыс экономикасына тигізер әсері мол екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан кен көздерінің рөлі өңір халқы үшін әлі де ұзақ уақыт бойы маңызды болып қала береді. Жаңа мұнай кен орындарын іздестіру, осы сала­ға жаңа технологияларды ен­гізу, газ өндіру мен өңдеу – өте өзекті мәселе. Он айлық қо­рытынды есепте бұл мәселе де қамтылды.

- Қазір осы мәселені шешуге жұмыс істеп жатырмыз. Оның үстіне, мұнай-газ саласын дамытуда бізде резервтер бар. Биылғы ақпан айында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қызылорда облысының даму мәселелері қаралған кезде­ біз осы саланы дамыту мәселелерін үлкен блокпен көрсеттік, әсіресе, көмірсутек шикізатының жаңа кен орындарын барлау және газ өндіру мен өңдеу мәселесі тұрақта назарда. Айта кету керек, Қызылорда облысының кешенді дамуына қатыс­ты бірқатар мәселелер Қазақстан Республикасы Үкі­метінің қаулысымен бекітілген 2019-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілген. Нәтижесінде, 2020 жылы Шу-Сарысу шөгінді бассейні бойынша мұнай-газ перспективалы құрылымдарын анықтау мақ­сатында жер қойнауын зерттеу жұмыстарын жүргізуді бас­таймыз, - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, өңірдегі аз зерттелген «Арал» және «Сырдария» бассейндерін барлау жоспарланған. Бұл – мұнай-газ саласын дамыту мәселесінде айтарлықтай алға жылжу бар деген  сөз.

 

КҮРІШШІЛЕР   РЕКОРД   ЖАСАДЫ

Облыстың ауылшаруашылық секторында серпінді даму динамикасы қалыптасып келеді­. Кейінгі жылдары аграрлық секторда өндірілген өнім көлемі 1,5 есеге өскен. Ауыл шаруашылығына салынған инвест­иция көлемі 46 есеге, тамақ өнімдерін өндіруге са­лынған инвестиция 10 пайызға ұлғайды.  Биыл облыс бойын­ша­  барлығы 183,1 мың гектар­ға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, жалпы егіс көлемі 2014 жылмен салыс­тырғанда 25 мың гектарға артты.­ Әртараптандыру бағытында малазықтық дақылдар 8 мың гектарға, майлы дақылдар 7 мың гектарға, ал күріш­тен басқа дәнді дақылдар көле­мі 3,7 мың гектарға ұлғайды. Сондай-ақ, биылдан бастап облыс­та алғаш рет 3 шаруашылықта 50 гектарға соя егіліп, жақсы нәтиже көрсетті. Ағымдағы жиын-терін науқанында қызылордалық күрішшілер әр гектардан 60,3 центнерден өнім жинап, 530,5 мың тонна Сыр маржанын қамбаға құйып, жаңа  рекордқа  қол жеткізді. Әр гектардан 108 центнерден өнім алған күрішшілер де бар. Бұл – облыс тарихындағы ең үздік нәтиже. Аяқ судың тапшылығын да еңсердік. Сонымен қатар, күріш тұқымын сауық­тыру және вегетациясы қысқа, бәсекеге қабілетті отандық сұрыптардың үлесін арттыр­у  бойынша да бірқатар жобалар  іске  асырылуда. Биыл «Сыр сұлуы», «Ай-Керім» және басқа да отандық сұрыптар бірнеше шаруашылықтарда егілді. Айта кетейік, Қызыл­ордада күріш таяу шетелден басқа­, қазір Монғолия, Түр­кия, Ауғанстан елдеріне экспортталуда.

 

ХАЛЫҚТЫҢ    ӨМІР   СҮРУ САПАСЫ   АРТАДЫ

2018-2020 жылдар Қызыл­орда облысында жаппай кәсіп­керлікті дамыту жылы деп жарияланды. Жүйелі шаралардың нәтижесінде облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны соңғы жылдарда 9%-ға өсті. Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа қалашықта тұрғын үйлердің сап түзегеніне тәнті болмайтын адам кемде-кем. Тұрғын үйдің айтарлықтай үлесі халықтың өз қаражаты есебінен де жүргізілуде. Соңғы 3,5 жылда облыс аумағында 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй  пайдалануға  беріл­ді. Биылдың  өзінде  облыста 48 көппәтерлі тұрғын үй бой көтеруде. Бұл – 2000-нан астам пәтер. Сол жағалаудағы жаңа қалада 320 орындық балабақша, облыстық жастар ресурс­тық орталығының ғимараты, «Рухани жаңғыру» орталығы, «Болашақ» университетінің кампусы  салынды.

- Аймақта сумен қамтамасыз ету және газбен жабдықтау мәселелері қатар шешілуде. Бұл да – халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттырудың маңызды факторлары. Бүгінгі күні облыс халқының 97%-ы орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізіп отыр, ал халықтың 63%-ы табиғи газды тұтынуға мүмкіндік алды. 2018 жылы 3 аудан орталығына – Жосалы, Тереңөзек және Жала­ғашқа «көгілдір отынды» жеткізіп, биылғы жылы кент­ішіл­ік  газ  желісінің  құрылысы  басталды.  Осылайша,  2020 жылы осы кенттердің тұр­ғындары көгілдір отынды тұтыну мүмкіндігіне ие болады, - деді аймақ басшысы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.

Тілге тиек етерлік жайт, Үкіметпен бірлесіп Байқоңыр қаласын және оған іргелес Төретам және Ақай елді мекендерін дамытуға республикалық бюджеттен қаржыландыруды ұлғайту бойынша шаралар қарастырылуда. Биыл Байқоңыр қаласындағы Қазақстан Республикасының азаматтары үшін 50 пәтерлі бес үйдің құрылы­сы аяқталды. Сонымен қатар, тағы 5 көппәтерлі үйдің құрылысын бастау туралы шешім қабылданды. «Байқоңыр» арнайы экономикалық аймағы құрылады. Бүгінгі күні Байқоңыр қаласында табиғи газды тұтыну тарифі Қызыл­орда облысы бойынша бірың­ғай тарифпен, яғни текше метрі 20,7 теңгемен теңестіріл­ді. Қазақстандық газға қосыл­ғанға дейінгі тариф құны текше­ метрі 850 теңгені құраған еді.

 

ЖЕКЕ   МЕКТЕПТЕР  ДАМИДЫ

Аймақ бойынша  денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, қоғамдық тәртіп, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тағы басқа салаларда 116 жоба бар. Олардың 40-ы бойынша инвесторлармен жүзеге асыру туралы келі­сімшартқа қол қойылған. Қазіргі  таңда облыста 574 мектепке дейінгі тәрбие мекемелері жұмыс істеуде. Оның ішін­де  мемлекеттік балабақша саны 161 болса, жеке балабақша­ саны – 413. Сондай-ақ, Қызыл­орда облысында 3-6 жас ара­лығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен толығымен қамтылған. Апаттық жағдайдағы және үш ауысымдық мектеп­тер мәселесі толығымен шешімін тапқаны және бар. Мұның өзі білім беру деңгейі­нің біршама сатыға көтерілгенінен хабар береді.

- Соңғы үш жыл ішінде мектеп түлектерінің 98 пайызы жоғарғы оқу орындарына және колледждерге түскен. 500-ден аса мектеп түлектері Ресей Федер­ациясы Үкіметінің гранты есебінен Ресейдің жетекші техникалық жоғарғы оқу орындарында білім алуда. Облыстағы білім беру жүйесіне жеке секторды жаппай тарту міндеті қойылуда. Жеке мектептерді дамыту, жатақханалар мәселелері инвесторлар қаражаты арқыл­ы шешіледі. Ал, кол­ледж­дер сенімді басқаруға бері­леді. Жемқорлық тәуекелдерін тө­мендету мақсатында білім беру саласындағы барлық мемлекет­тік қызметтер кезең-кезеңім­ен электрондық форматқа көші­рілмек, - деді облыс әкімі.

Спорт саласы бойынша Сыр өңірі чемпиондарға кенде емес. Жаһандық және республикалық додаларда үздік үштіктер қатарынан көрініп келе жатқан спортшылар да – аймақ мақтанышы. Биыл Қызылорда облысының спорт саласындағы басты жаңалығы – «Қайсар» футбол команда­сының Қазақстан Кубогы ойын­дарында жеңімпаз атануы. Осылайша қайсарлықтар 20 жыл уақыттан кейін екінші рет финалға жолдама алды. «Қасқырлардың»  ендігі мін­деті – Европа Лигасында ла­йық­ты  ойнау.

 

«ШЫНЫ   ЗАУЫТЫ»:  ШЕШІЛМЕГЕН   СҰРАҚ   БАР

Облыс әкімі қызметіне кіріскелі еліміздің бас қаласында алғаш рет есепті жиын өткізіп тұрған Қуанышбек Досмайылұлына БАҚ өкілдері тара­пынан бірқатар сұрақтар қойылды. Сұрақтың әлқиссасы ауыл шаруашылығы саласы аяқтанған аймақтағы нан бағасынан  басталды.

- Солтүстік өңірлерде қуаң­шылық, ауа райының ыстық болу­ына байланысты және экспо­ртқа шығаратын өнімнің көлемі көбеюіне орай нан бағас­ы көп өңірлерде қымбаттады. Өзге өңірлер секілді Қызылорда облысында да нан бағасы қымбаттады. Қыркүйек айында нан бағасы 60-65 теңге болатын болса, қазір 75-78 теңгеге жетті. Дегенмен, облыста тұрақтандыру қоры арқылы халық­тың  көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасын өсірмеу мақсатында жұмыс істелуде. Жалпы, нан бағасының қымбаттауына бай­ланысты Қызылорда облысы республика бойынша 5-орында, - деп жауап берді аталмыш сұраққа  аймақ  басшысы.

Ал аймақтағы балық шаруа­шы­лығы және «САРАТС­-2» жобасы туралы сауалд­ар да жауап­сыз қалған жоқ. Облыс әкімінің айтуынша, «СА­РАТС­-1» жобасы аяқталып, қазір «САРАТС-2» жобасының 4-бағдарламасы іске қосылуда. Оның 3-еуі – республикалық бюджет есебінен. Сондай-ақ, Арал ауданында балық шаруашылығымен айналысатын 9 кәсіпорынның 4-еуінде Еуропаға балық өнімін жөнелтуге лицензиялары бар. Одан бө­лек, Қызылордадағы шыны зауы­тының қашан ашылатыны да қаузалған мәселе, түйткілді түйін күйінде қалып келеді. Облыс әкімі бұл сұраққа да нүкте  қойды.

- Шыны зауыты бүгінгі таңда­ жұмыс істеп тұр. Мердігер компаниялар келесі­ жылдың нау­ры­зында алғашқы пешті іске қосып, арада тағы үш ай өткеннен кейін ал­ғашқы сынақ ретіндегі қа­зақстандық әйнекті дайындайды. Әзірге шешілмеген бір­қатар сұрақ бар. Шыны зауыты бо­йынша жергілікті атқарушы органның өз міндеттемесі бар. Ол – инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізіп, теміржол желісін жеткізіп беру, - деді.

Ертеде бір қора қой мен бір топ қасқырды қатар айдап келе жатқан қойшы­ға бір әкім сұрақ қо­йыпты-мыс. «Қас­қырларды неге қойларыңа қосып қой­ғансың? Жеп қоймайды ма?» деп. Сөйтсе қойшы: «Әкім елді жемесе, қасқыр қойды жемейді» деген екен. Жаһандық экономикадағы кедергілерге қарамастан Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық  даму динамикасы өз деңгейінен төмен түс­кен жоқ. Мұның барлығы – атқа мін­се де, аяғының жерге­ жақын екенін естен шығармайтын, аймақтың ахуалына алаңдап, халықтың өмір сапасы мен болашағына бейжай қарамайтын басшыға да тікелей байланысты екенін естен шығармаған ләзім.

Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ

 


ҚОЛҚАНЫ ҚАПҚАН ИІСТЕН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
28.11.2019 11:33

Ауаның ластануы салда­рынан  жылына әлем бойынша 7 миллион адам көз жұ­ма­ды екен. Оның 600 мыңға жуығы – бала. Зиянды ауа қалдығ­ымен демалатындар көрсеткіші де қуантарлық емес, 10 адамның 9-ы тыныс алғанда зардап шегеді. Бұл – ресми дерек. Осындай зияндылық салдарынан жүрек талмасы, инсульт, өкпенің қатерлі ісігі секілді дертке шалдығатын адамдардың  да  саны  күрт  өскен.

Аймақтағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жасалып жатқан инвестициялық жобалар қатарында жаңа қоқыс полигонының жобасы да бар. «Техос­настка-Ремсервис» ЖШС және «Қызылорда тазалығы» мекемесі мен әкімдік үшжақты әріптестік аясында қала маңынан 1 млрд 300 млн теңгенің көле­мінде жаңа қоқыс полигоны жобасын жүргізуді қолға алуда. Құрылыс ағымдағы жылдың қарашасына дейін аяқталады деп жоспарланған. Алайда әлі «толғағы» келмей­  тұр.

Айта кетейік, аймақ бойынша тек  3 елді мекенде ғана қоқыс полигоны бар екен. Ал тұрмыстық қал­дықтарды қайта өңдеу өткен жылы 3% болса, биыл ол 12%-дан асқан. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда 5-6 млн тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар жинақталады. Елдегі жұмыс істеп тұрған 130-дан астам кәсіпорын қайталама шикізатты өңдеп, 20-дан астам­ өнім түрлерін, пластик, металл, ағаш, шыны, қағаз, резина ұнтағының және резеңке-тех­никалық бұйымдар, биогаз, тыңайтқыш және отын пиролиз өнімдерін шығарып отыр. Соның өзінде тұрмыстық қатты қалдықтар үйінділері мен полигондарының  3521-і (!) бар, олардың 17,6 пайызы ғана эколог­иялық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес. Мұндай лас орындардың көптігі инфекция тарату көзі бола отырып, қоршаған ортаға, топырақ жамылғысына, атмос­фералық ауаға келеңсіз әсер етеді. Осы ретте аймақтағы қоқыс полигонының қазіргі жай-күйі еске түседі. Қалаға қарасты Белкөл кентінің жолын­да орналасқан арнайы ұйымдастырылған қоқыс алаңын­ың «жыры» жиі айтылып келеді. Дегенмен, ондағы өртелген қоқыстың қою түтіні аспанды бүркеп, тұрғындарды тұншықтырып тұр. Арагідік жақын маңдағы­  автомобиль трассасындағы көліктердің жол жүруіне қиындық туғызып, қара түтін қалың тұман секілді басып қалады. Ашық аспан астындағы бықсыған қоқыс иісі қаланың ауасын ластап, қолқаны қап­қан жағымсыз иістен­ аллергияға ұшырап жатқандар қатары да сирек емес. Айта-айта жақ талып,­ жаза-жаза жауыр болған бұл қоқыс полигоны туралы арнайы қо­ғамдық кеңес те өтті. Түйткілді түйіні тарқамаған мәселені жаңа полигон шеше ала ма, жоқ па, ол да үміт пен күдіктің  арасындағы  қалқулы  күйде.

«Қазгидромет» РМК-нің мәліметін­ше, Қызыл­орда облысы бойынша ауаның ластану деңгейі жыл басына қарағанда өзгерген. 2019 жылдың қаңтар айында­ ауаның төмен (SI – 0-1, NP – 0%) ластануы деңгейін көрсетсе, тамызда ластану деңгейі жоғары (SI – 2-4, NP – 1-19%) аймақтың қатарына енген. Бұл көрсеткішке  шала жанған, түтіні бықсып, ауаны лас­тап­ тұрған қоқыс орындарының да үлесі болуы әбден мүмкін. Ал тұрмыстық қатты қалдықтарды залалсыздандыру жұмыс­тарын жүргізуге 2019 жылы жергілікті бюджеттен 14 млн 664 мың теңге қаржы бөлінген. Бірақ ол қаржы жеткіліксіз көрінеді. Барлығы өз мақсатына сай жұм­салады. Сонда біз тұрмыстық қатты қалдықтарды залалсыз өңдеуді қашан, қалай қолға аламыз? Ресейде жаңартылатын энергия көзінің бірі ретінде қоқысты жағу зауыт­тары салына бастады. «Hitachi» корпорация­сы­ның  технологиясын сатып алған «РТ-Ин­вест­»  компаниясы 5 зауыт салуда, тағы 2-еуі жоспарда тұр. Әлемде дәл осындай сапал­ы сүзгілері бар 500 зауыт қаланың дәл ортасында іске қосылған. Қолжетімді озық технологияларды енгізуді жаңа Экологиялық Кодекстің қабыл­дануын күтпей-ақ, жедел­ түрде шешпесек, «таз таранғанша, той тарқайдының»  кері  болмасына  кепіл  жоқ.

 

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


ЖАЗА КҮШЕЙЕДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Құқық құрығы
28.11.2019 11:30

Мәжілістің пленарлық отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдарды жетіл­діру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау  кезінде  бірқатар қылмыс жаса­ға­ны­ үшін жазаның қалай өзгеретінін айтты. Бұл  жөнінде  Zakon.kz  сайты  жариялады.

Ол бұл түзетулердің президенттің тапсырмасы бойынша қасақана кісі өлтіру, педофили­я, браконьерлік, зорлау, есірткі саудасы­мен айналысқандар, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамындағы қылмыстар үшін жазаны қатайту мақсатында әзірленгенін айтты. Заң жобасын бірнеше блокқа бөлуге болады. Бірінші заң топтамасында мал ұрлығы үшін жауапкершілікті күшейту ережесі  қарастырылған.

Тәжірибе мал ұрлығы ұйымдасқан қылмысқа айналғанын көрсетіп отыр. Бұл ұйымдасқан қылмыстық топты қолдайтын шенеу­ніктер, тіпті құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар. Сондықтан жаза күшей­тілді. Егер, бұрын ұрлық жасаған адам кел­тірілген зиянды өтейтін болса, онда қыл­мыстық іс тоқтатылатын, сөйтіп тергеу соңын­а жеткізілмей, оның артында тұрған адамдар жауапсыз қалатын. Статистикаға сүйенсек, ұрлықтың 60%-ы тараптардың татулас­уына  алып  келеді.

– Негізгі себеп – ұрланған малды қайтару­. Сондықтан қылмыстың бұл түріне қарсы күресті, жауапкершілікті күшейту қажет. Заң жобасындағы жазаға келетін болсақ, қылмыстың  қарапайым  құрамы үшін – 5 жыл, алдын  ала  сөз  байласу  арқылы  ұрлағаны  үшін – 7 жыл, ұрлықты қайталанғаны үшін – 10 жыл. Ал, егер бұл әрекетті қылмыст­ық топ жасаған болса, онда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарас­тырылған, - деді  Марат  Ахметжанов.

Тағы бір заң жобасы топтамасы зорлық-зомбылық қылмыстарды қамтиды.

– Енді зорлау, сексуальдық зорлық-зомбылық үшін жаза қатайтылады. Зорлық-зомбылық орташа категориядан ауыр қылмысқа ауыс­тырылады. Сондай-ақ бұл арада тараптардың ымыраласуына жол берілмейді. Балаларға қарсы жа­сал­ған осындай қыл­мыстар үшін бұл ерекше ауыр қылмыстарға жатқызы­лады. 14 жасқа дейінгі балала­рды зорлағаны­ үшін 20 жылға дейін немес­е өмір бойына бас бостан­дығынан  айыру  жазасы  қарастырылған, - деп атап өтті Бас прокурордың  орынбасары.

Сондай-ақ педофилия туралы жалған фактілер жасағаны үшін жаза күшейтілуде.

– Мысалы, интернатта тәрбиеленетін балаларға, егер тәрбиеші оларға қарсы қылмыс жасаса, тиісті жауапкершілік қарастырылған, - деп қосты ол.

Заң жобасында үлкен резонанс тудыратын қоршаған ортаға қарсы қылмыстар туралы ережелер бар.

– Қазір заңсыз аң аулау, балық аулау, жануарлар әлеміне қарсы әрекеттер қылмыстық құқықбұзушылық болып табылады. Енді олар орташа қылмыстар санатына жатқызылатын болады. Жазасы да артып келеді. Егер осыған дейін айыппұл 500 мың теңгені құраса, ол енді 10 миллионға дейін артып отыр. Болмаса, 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырыл­ған. Егер бұл қылмыстар қорықта жасалса немесе жалпы­ қайықтармен ұсталса, жаза 6 жыл, егер банда­лар болса, онда 10 жылға дейін. Қылмыс құралы: көлік, қайық, мылтық – барлығы тәркіленеді, - деді құзырлы орган  өкілі.

Сонымен  қатар, мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапкершілік  күшейтіледі.

– Енді мас күйінде рөлге отырған адам өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылады. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте қамауға алу мерзімі 30 күнге дейін, көлік құралын жүргізу құқығынан айыру 8 жылға дейін ұзартылады, - деп сөзін түйіндеді ол.

Құқық-ақпарат

 


Келіңіз, кете беріңіз! PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
28.11.2019 11:25

Біреу сізге: «Келіңіз!» деп алып, артынша: «Кете беріңіз!» десе, жақсы көресіз бе? Біртүрлі болып қаласыз, тіпті, ұнжырғаңыз ұн болып, солып­ қаласыз! Бір депутат кабинетінде қоғамдық  қабылдау жүргізіп  жатыр  дейді.

– Келіңіз!

Кабинетіне ешкім кірмесе де:

– Мұнда отыра беріңіз! - деді. Сосын, бос орындыққ­а қарап, желкесін қасыды да:

– Иә, не мәселемен келдіңіз? - деп сұрады. Жоқ адам «үндемеді».

– Неге сөйлемей отырсыз?

– ?

– Бірдеңе десеңізші?

– ?

– Сөзден салат жесеңізші?

– ?

– Әншейін келдіңіз бе?

– ?

– Менің бір­деңе айтатыныма сендіңіз бе? Қандай адамсыз? Сөйлесе­ңізші? Ішім пысып кетті, тілім қышып кетті? Сөйлемейсіз бе? Онда шығып тұрыңыз, Қысқасы, бұл жерден құрыңыз! Келесі?

Кабинетіне сайтан да, шайтан да кірмесе де, орнынан тұрып:

– Келіңіз! - деді. Сосын есікті нұсқап:

– Кете беріңіз! - деп салды. Креслосына шалқа­я түсіп, ары-бері айналды да, есік жаққа қарады. Шашын  тарады.

– Келесі?

Ішке ешкім кірмесе де:

– Сәлеметсіз бе? - деді, – мұнда отырыңыз, иә, не мәселемен келдіңіз? Шешеміз мәселені. Депутат болып, «Нұр Отан» партиясының мүшесі болып, босқа отырған жоқпыз ғой? Не дедіңіз? А? Міңгірлемей, анық айтыңызшы? Ішім ауырып отыр? Қызық екенсіз, мен дәрігер емеспін ғой? Депутатпын! Мың теңге қарыз бере тұрыңызшы деймісіз? Сіз, не, ойнап отырсыз ба? Мен қоғамдық қабылдауды жүргізіп отырмын! Халықтың мәселелерін шешуім керек! Ал, сіз қарыз сұрайсыз? А? Есінеуге бола ма деймісіз? Біздің елде тыйым салынған! Шығыңыз кабинеттен!

Ол жоқ адамды кабинетінен «қуып» шықты. Жүйкесі тозып, қолын сигаретіне созып, бір талын­  алды да, тұтата бастады:

– Кіріңіз!

Ешкім кірмесе де:

– Көпбалалы анасыз ба? - деп сұрады. Сосын өзіне-өзі:

– Иә, - деп жауап берді.

– Туа бергенсіз, туа бергенсіз. Как будто, үкімет үшін туып жатқандай.

Өзіне-өзі:

– Қиналып кеттім... - деді.

– Енді бала туу оңай дейсіз бе? «Пық!» етіп шыға салатын шампанскийдің тығыны емес қой?

Өзіне-өзі:

– Жоға, өмірден қиналып кеттім, балаларыма жәрдемақы... - деп жауап берді.

– Е, баяғылы бері солай демейсіз бе? Үкіметте ақша жоқ, енді тумаңыз, күйеуіңізге мораторий жариялаңыз! - деген депутат жоқ «әйелді» де кабинетіне­н шығарып салды.

Беу дүние-ай, осындай­  өтірік ақпар бере салатын, халықпен кездессе­ кене шағып алатындай көретін депутаттардың бар екеніне сенесіз бе?

 

Мұхтар   ШЕРІМ

 


Астарлы жұмбақтар әлемінен PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
28.11.2019 11:20

Астарлы  жұмбақтар  әлемінен

Жазда «кері» қарай ағады,

Қыста «бері» қарай ағады.

(Сырдария суы)

 

Айдай сұлу АРУдың,

Бар еді екі бұрымы.

Маңына қазір бару мұң,

Қысқарып бірі «құрыды».

(Әмудария, Сырдария)

 

Осындаймын!

Құлқыныма қойым жоқ...

Тәбетіме тойым жоқ...

Орасан зор озбырмын,

Қоятұғын ойым жоқ...

 

Түлкі  мен  күлкі

Шетелдің қымбат мүлкі көп...

Түстері қызғылт «түлкі» көп...

Сезімнен таза шынайы,

Шықпайтын арзан күлкі көп...

Иә, қайсы бірін айта берейік.

 

Қазыбек


 


Көңілашар

 

Таңертең әйелі күйеуін оятып әлек:

- Сағат тоғыз болды, тұрсаңшы енді.

- Кішкене жата тұрайыншы.

- Тұр деген соң тұр енді, ұйқыңды жұмысыңа­  барып­  жалғастырасың бәрібір...

***

Мен бұрын белсенді өмір сүретінмін: теннис,­ футбол­, бильярд ойнайтынмын. Тіпті автожарыс­тарға да қатысатынмын. Компьюте­р сынды да, бәрі бітті...

 


Арызқойдың амалы PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
28.11.2019 11:00

Бір совхоздың білдей екі азаматы­ – бас агроном мен бас зоотехнигі құпия түрде, аса сақтықпен бас қосып, өздерінен басқа­  тірі  жан атаулыны аластап, есік, терезені саңылаусыз етіп тұмшалап, шұғыл іске кірісті. Кіріскендері – совхоз дирек­торының үстінен домалар домалақ арыз. Айтып үйренгендікі болмаса, бұл жазғандары домалақ арыз деуге ауыз бар­майды. Бәрі шындық. Бәрі айқын­. Бәрі нақты. Керек десеңіз, әр оқиғаның болған жері, болған күні, сағат, минутына дейін дәлме-дәл. Бұл былығынан қалай бұлқынса да құтыла қоймас.

Директорды дірдектетер шым-шытырық «хикаяларының» басын біріктіріп, бір жүйеге­ түсіріп болған шикіл сары мен сіріңке  қара  әрекеттерінің келесі бөліміне  ауызша  кірісті.

- Да, Мәке, «бір бас біледі, екі бас еселейді» деген осы. Не керек­, бақайшағына дейін балтала­п шықтық-ау деймін.

- Молодессің! Жүрген-тұр­ған, ішкен-жегенін теріп тізім­дейтін бір мен бе десем, тым­пиып жүріп өзің де көп іс тындырыпсың ғой. Құтыла алмас. Қызмет түгіл бас қайғы боп қаңғырып  кетеді.

- Да, Мәке, бұл дайын. Ендігі мәселе – осыны көшірту... кім біледі, қазір сенім жоқ... Оның үстіне бұның тіреуі – тамыры тереңд­е жатқан дөйдің біреуі деп естуім бар. Алда-жалда, қатаң сөгіс арқалап орнында отырып қалса, ісі осы домалақ арызбен болары сөзсіз. Сондықтан, ізін білдірмей, иісін сездірмейтіндей ету қажет.

- Жөн! Сонда...

- Көшіретін адам табу керек.

- Жеңгейдің жазуы қандай еді?

- Ой, не айтып тұрсың-ей! Жеңгейі несі, жеңгеңнің по­чер­кіс­і ауыл түгіл ауданға белгілі емес пе... Жо-жоқ, қанша сенімді болғанмен  олардан аулақ.

- Балалардың біріне...

- Ей, сен де айтасың-ау! Не, мектептен диктант дәптерлерді алдыра салу қиын ба екен оған... және «балалы үйде ұрлық жатпайды» деген бар.

- Солай еді-ау. Ағайындардан?

- Е, ағайын атаулы екеумізге де ортақ. Кім бар дейсің сенімді. Бүгін бүк, ертең шік. Күні үшін құрбан етуге бар.

- Мәшінкеге бастырсақ ше?

- О пәлеңнің де шриф-приф дегенінен оп-оңай-ақ тауып алады­  дейді  ғой.

- Құда-жекжат  жағынан...

- Е, олар да бүгін бар, ертең жоқ заман. Бар болған күнде де бүгін бетін, ертең сыртын беріп сытылып шыға келері сөзсіз.

- Таптым! Оқудағы бала...

- Не дейді?!

- Оқудағы бала болғанда, оның әр қиырдан, әр шалғайдан әрқилы жолдас-жорасы бар емес пе...

- Е, солай де!.. Мұның ақыл. Тездетелік онда...

...Ертесінде шикіл сары мен сіріңке қара оқудағы оңды баласына жеделдетіп хабар беріп, почеркісі жөнді бір досымен тездетіп жетуін бұйырды.

Келіп жеткен оңды бала мен досына деген сый-сияпат сыпыра болды. Жандарынан кетпеді. Күн көзін көрсетпеді. Көп өткізбей ортаңғы бөлмеде төртеуі қалып, есік-терезені тұмшалап, электр жарығының астында іске кірісті... Кірісіп болып, балалармен бала боп, солармен бір түн, бір күн ауладан әріге аттамай аунап-қунап, ертесінде ел тұрмай екеуін­ апарып тастады да, сов­хоздың білдей бір бас маман­дары әрекеттерінің келесі бөлігін сәл-пәл ақылдасқан болды.

- Өзімізге күдік тудырмау қажет.

- Кенжемді беске толмаса да сүндетке отырғызып, іле-шала той жасап дүрілдетіп, дирек­торды жеке бір күнге шақырып шалқытса­қ?

- Жөн. Аянбайық. Иіліп төсек, жайылып жастық болайық. Үйіндегісін үлде мен бүлдеге орап, өзіне көпшік аямайық, «ағымыздан» жарыла­йық, қылдай қиянатымыз жоқ – судан таза, сүттен аппақ «екені­мізді» дәлелдеп бағайық...

- Басқа күндері де бас изеп, қол қусырып, айтқанына ауыз ашпай, дегенін екі дегізбей құлдық ұрайық. Қаншаға созылар дейсің, көп өтсе бес ай: арыз барады, тексеру келеді, кетеді, тез-ақ қорытындысы қорыты­лады... Бес ай тұрмақ бес жылға шыдар қауқарымыз бар, тек артыны­ң «қайырын» берсін делік, әумин! Мынау өзіңе арнап сойылған бағлан,­ осыны жейік те жөн-жөні­міз­ге кете­лік. Айт­пақ­шы, ертеңнен бастап екеуміз бір-бірімізге салқын қабақ, суық сәлем танытайық. Бұртиып  жүрейік,  сөзбен қақтығысайық, реті келсе бір-бірімізді пыш-пыштайық... бір керегі  болар, септігі  тиер.

Бас зоотехник пен бас агроном бас мүжіп, тіс шұқып, бұдан соң директордың сөзсіз құри­тынына  көздерін  жеткізіп келелі әңгімелерін әріден қайырып, түн ортасы ауған шақта бір-бірін қимай-қимай әрең қош­тасты...

...Қоштасты да, үйді-үйіне келген бойда, әрқайсысы дереу суық сумен сүртініп, күрең шайдың­ екі-үш кесесін босатып, алдыларына қағаз-қалам алып, есік-терезені тұмшалап, электр жарығының астында бір-бірінің үстінен жазар домалақ арыздың жөн-жобасын жасап, үйреншікті әрекетіне көшті...

 

Берік  САДЫР,

Нұр-Сұлтан  қаласы

 


ТӨТЕНШЕЛІКТЕРДІҢ ТОЛЫМДЫ ТІРЛІКТЕРІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
28.11.2019 10:45

Айтып келмейтін апаттан сақ отыруға барынша тырыспақ керек. Қашан, қай уақытта келіп сарт ете қаларын Алладан басқа ешкім білмейді. Өрт, су тасқыны сынды тілсіз жау табан астында бола қалса, тіресу оңай болмайтыны анық. Дегенмен Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаменті оқыс  оқиғалар  бола қалған  жағдайда сақадай сай тұратындығын атқарған ауқымды істерімен дәлелдеп келеді. Естеріңізде болса, жуырда ғана Қызыл­орда қаласындағы Қорқыт ата көшесі №70 үйден өрт шығып, 6 баласы бар ағайынымыз қас пен көздің арасында баспанасыз қалды. Шаһарда бұдан да бөлек, күн құрғамай болып жатқан жайсыз оқиғалар көп. Осындайда төтеншеліктер бірінші болып тындырымды тірліктердің бел ортасынан табылады.

 

ОҚЫС  ОҚИҒАЛАРҒА  САҚАДАЙ   САЙ

Жуырда Қызыл­орда қаласы «Бәйтерек-36» мөлтек ауданы нөмірсіз үйден өрт шыққандығы жөнінде хабарлама түсіп, оқиға орнына жедел жеткен №4 өрт сөндіру бөлімінің жауынгерлік есебі барлау жұмыс­тарын  жүргізген. Бақса, жалпы ауданы 72 шаршы метр болатын тұрғын үйде газ балонды дұрыс пайдаланбауы сал­дарынан үй ішінде газдың жары­лғаны анықталған. Өртті сөндіру барысында үй ішінен 27 және 50 литрлік  газ балондары шығарылды. Сондай-ақ баспанада болған 2 адамды қатты күйік шалып, көршілері жеңіл көлікпен дер кезінде ауруханаға жеткізген. Оқиға орнын­да өрт сөндіру қызметі­нің жылдам және нақ­ты іс-қимылының нәтижесінде көр­шілес орналасқан үйге өрттің таралу қаупі уақытылы тоқтатылған. Өртті сөндіруге барлығы 10 қызметкер, 2 бірлік техника, апаттар медицина ор­тал­ығынан 4 қызметкер, 1 бір­лік техника жұмылдырылды. Қуаныштысы, өрт салдарынан қаза болғ­андар жоқ. Қазіргі уақытта­ өрттің шығу себебі мен шығыны  анықталуда.

Бұдан бөлек тағы бір оқыс жайт қаладағы О.Исаев көше­сінде болған. Нақтырақ айт­қанда, аталған көшедегі №18 тұрғын үйдің ағаштан салын­ған сарайы жанып, соның салда­рынан көршілес орналасқан  №22 үйді жалын шарпыған. Тілсіз жау тұрақтамай, көрші­лес үйге де жетіп, ақыры өрте­ніп тынған. Осындай оқиға­ның салдарынан 30 шаршы метр болатын асхана мен бу қазандық бөлмесінің төбе жабы­ндысы жанып кеткендігі белгілі  болды. Мұнда да қөңіл қуантарлығы, адам шығыны жоқ, тұрғындар  дін  аман.

Алдағы уақытта су тасқынының болмасына да ешкім кепілдік бермейді. Құпиясы көп табиғаттың тосын мінезі күтпеген жерден көтерілуі мүмкін. Осыған байланысты Қазалы ауданында ықтимал су тасқынының алдын алу мақ­сатында әзірленген материалдық-техникалық қорлардың дайындығы және аудан аумағындағы бірқатар гидротехникалық құрылғылар мен қорғаныс бөгеттерінің жай-күйі тексерілді. Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың тапсырмасына сәйкес құрылған жұмысшы топтың құрамында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шаменов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыханов, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы дирек­торының  орынбасары Жорабек  Ерназаров  бар.

 

ТҮСІНДІРМЕ  ЖҰМЫСТАРЫ   ЖҮРГІЗІЛДІ

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаменті өрттің алдын алу, судағы қауіп­сіздік мәселесі туралы түсін­дірме жұмыстарын жыл сайын жүргізіп келеді. Мәселен, суға түсу маусымында шомылуға қауіпті  64 учаске анықталып, 150-ге тарта ескерту тақтайшасы орнатылса, судағы қауіпсіз­дік бойынша елді мекендерге 60-тан аса билборд орнатылды. Сондай-ақ, тұрғындар ара­сында судағы қауіпсіздік турасын­да  жергілікті және республика­лық телеарна­лар­мен бірлесе рейд жұмыс­тары  ұйымдас­тырылды.  Баспа­сөз басы­лым­дарында да тұрақты түрде мақа­лалар жарияланып,  БАҚ өкіл­дерінің қатысуымен  дөң­гелек үстел, брифингтер өткі­зілді.

«Судағы (мұздағы) қауіпсіз­дік ережелері» мен «Судағы зардап шеккен адамдарды құт­қару және оларға дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсету» тақырыбында оқу орындарында және тұр­ғындарға онлайн интерактивті сабақ өткізіліп, түрлі лекциялар мен нұсқаулықтар таратылды. Төтеншеліктердің толымды істері мұнымен толастамақ емес. Биыл облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық ортал­ығы» мен Қызылорда облы­сының Төтенше жағ­дайлар департаменті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында ерікті жас­тарды   жоспарға  сәйкес арнайы оқыту жүргізіліп, жылу беру маусы­мы, суға түсу маусымы сынды ірі көлемдегі акциялар­ға қатысып, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүр­гізуге өз септіктерін тигізуде.

Сондай-ақ осы жылдың тамыз­ айында жалғасын тап­қан «Қауіпсіз жаз» акциясы аясында судағы төтенше жағдайдың алдын алу тақырыбында алғаш рет  республика көлемінде велома­рафон өткізілді. Марафонда белсенділік танытқан Қызылорда облысы ТЖД және оған бағынысты бөлімшеле­рінен 50-ге жуық қызметкерлері қатысты. Саламатты өмір салтын насихаттаған ауқымды шарада 500-ден астам үнпарақ таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Өңір халқының қауіпсіз­дігіне баса назар аударған Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Қы­зыл­орда облыстық мәслихат отырысына «Қызылорда об­лысында ортақ су пайдаланудың  қағидасын  бекіту  туралы»  жобасын  ұсынды. Кезекті сессия­да  қолдау тапқан жоба биыл  жоспарлы түрде бекі­тілді.

 

ТІЛСІЗ   ЖАУДЫҢ  ТАУҚЫМЕТІ   КӨП

Су да жас талғамай, талайды жұтып жатыр. Мұндағы баст­ы себеп – суда жүзу ережелерін сақтамаудан туындап отыр. Осылайша биыл 30-ға тарта азамат суға кетіп қайтыс болды. Сондай-ақ, өрттің алдын­ алу бойынша да  жыл басына­н бері  тұрақты түрде түсіндірме жұмыстары  тұр­ғындар арасында жүргізіліп келеді­.  Алайда барлық профилактикалық жұмыстарға қа­рамастан жыл басталғалы бері облыс бойынша 452 өрт оқиғасы болып, салдарынан  15 адам жарақат алған. Бұл өз кезегінде 42 млн 331 мың теңге­ материалдық  шығынға  тіреліп отыр. Осы орайда,  ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің 2019 жылғы  9 тамыздағы  тапсырмасына сәй­кес 2019 жылғы 15 тамыз бен  15 қыркүйек  аралығында  жылу беру  маусымы  кезеңінде  өрт­ қауіпсіздігінің алдын­ алу мақсаты­нда «Өрт қауіп­сіздігі айлығы» өткі­зілді. Іс-шараға «Абылай хан» атындағы жо­ғарғы  колледжінің  студенттері және «Қызыл­орда еріктілері» қоғамдық қорының еріктіле­рімен  халық арасында тұр­мыстағы электр және жылыту қондырғы­ларын, жылыту пештері­н қолдану, мұржаларын тазарту тақыр­ыптарында  үнпарақтар  таратып,  жұмыстар жүр­гі­зілді.

Сонымен қатар Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бұйрығына сәйкес, жылу беру маусымы аяқталғанға дейін әр аптаның сенбі күні «Өрт қауіпсіздік сенбілігі» болып белгіленіп, қызметкерлер тұрғын үйлерге түсіндірме жұмысын жүргізуде. Орайы келгенде айта кетейік, жылу беру маусымында облыс хал­қының қауіпсіздігіне назар аударған Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті бюджеттен аз қамтылған, көп­балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға көмірқышқыл газын­ анықтайтын 1000 дана датчикті сатып алды. Қазіргі таңда  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталы­ғы ұсынған тізіміне сәйкес  тегін  орнатылуда.

 


 

Төтенше  жағдайлар  департаменті   ескертеді!

Тұншықтырғыш газбен улануды тануға мүмкіндік берет­ін шешуші сәт бір ғимаратт­а бір мезгілде адамдардың көп мөлшерде улану бел­гілерінің бірдей байқал­уы немес­е адам сол жерден кеткеннен кейін жағдайының жақсаруына байланысты болады­. Тұн­шықтырғыш  газбен  уланудың алғашқ­ы белгілері – көрудің нашарлауы, есту­дің төмендеуі, маңдай аймағын­дағы жеңіл ауыр­сыну, бас айналу­, жүрек соғы­сының баяулауы, үйлестіру мен ойлаудың төмендеуі. Осы сезімдер кезін­де дереу бөл­меден шығып, таза ауада тыныстау керек. Алғашқы­ көмек тез  берілуі  және оны білікті маман­  көрсетуі  керек.

Тұншықтырғыш газбен уланудың  алдын  алу:

1. Тек жарамды құрал-жабдықты пайдаланыңыз. Пеш қоймасындағы жарықтар, ластанған түтін және сол сияқты «ұсақ-түйектер» ауыр зардаптарға әкеп соқ­тыру­ы  мүмкін.

2. Бөлмені дұрыс желдетіңіз, бөл­меде  таза  ауа болуы­  маңызды. Егер газ плитасын  жылыту  үшін пай­далан­саңыз, улы газбен уланып қалуыңыз  мүмкін,  сақ  болыңыз.

3. Көмір жанып кеткенше пеш қақпағын  жаппаңыз.

4. Автоәуесқойлар, қоз­ғалтқыш жұмыс істеп тұр­ған кезде гаражда жұмыс істемеңіз. Бұл жерде жел­дету­ жиі  дұрыс жүрмеуі мүмкін, сондықтан күрделі жағдай туындағанда тағ­дырдан  көрудің  қажеті  жоқ.

Есіңізде болсын! Улы газ аяусыз, ол тез әрекет етеді, сондықтан өміріңіз бен ден­саулығыңыз сіздің жылдам қабылдаған шешіміңізге байлан­ысты  болады. Өзіңізді және  жақында­ры­ңызды  қор­ғаңы­з!



 

ТҮЙІН. Төтеншеліктер таратқан ақпараттық түсіндірме жұмыстары­на қарамастан өрт пен судан келетін қауіп сейілмей тұр. Оның себебін жоғарыда атап өттік. Дегенмен, тұрмыстық қауіпсіздікке бейжай қарамай, үйден шығарда газ, су, электр құрыл­ғыларын екі қарап, бір шұқығанның артықтығы болмас еді. Былтыр 3 баласы бірдей өртенген отбасының аяқ астынан қайғы құшып қалуы да осы қауіпсіздікті сақтамағандықтың кесіріне­н болған­ы белгілі. Жаз шыға салқындамаққа өзен-көлге жүгіре жөнелетіндерге де суда жүзудің ережелері таныстырылып-ақ жатыр­. Сонда да қаншама адам ажал құрығына ілігіп қалды. Құдайдың  сөзімен  аяқтасақ, «сақтансаң,  сақтайды». Ақиқаты – сол.

Әйгерім   НАЖМАДИНҚЫЗЫ

 


ИНДУСТРИЯ, ИННОВАЦИЯ, ИНВЕСТИЦИЯ – ЭКОНОМИКА КҮРЕТАМЫРЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Саясат
28.11.2019 10:20

Индустрия десе, көз алдымызға заманауи бағытта жұмыс істеп тұрған зауыттар елестейді. Солай болуы да тиіс. Өйткені индустрия, инновация, инвестиция – экономика саласының бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын күретамыр. Қабілеттілігі жоғары экономика құру, шикізаттық емес секторды дамыту, инновациялық процестерге бет бұру және инвестициялық ахуал мәселесі турасында облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысы Ринат Сұлтангереев өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді.

 

ІСКЕ  ҚОСЫЛАТЫН 3 ЖОБА  БАР

Қызылорда облысында ҚР индустрияландырудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында құны 568 млрд теңгені құрайтын 28 жобаның 7-еуі іске қосылды. Ал Шиелі ауданындағы тампонажды цемент зауыт­ы тығыздығына, сапасына және қолданылу аясына байлан­ысты 6 түрлі өнім шығарып, шілде айынан бастап 320 мың тоннадан астам цемент өндірді. Ол өнімдер бүгін­де Түркістан, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласына өткізілуде. Одан өзге 26,4 мың тонна өнім экспортталған. Жыл соңына дейін кәсіпорын 350 мың тонна цемент өндіреді деген жоспар бар. Жаңақорған ауданындағы әк зауыты да жыл аяғына дейін 5 мың тонна өнім шығаруды жоспарлауда. Зауыттың өнімі еліміздің басқа өңірлері­не де жеткізілуде. Аталған бағдарлама аясында жыл соңына дейін жалпы құны 587,8 млн теңгені құ­райтын 3 жоба іске қосылады. Оның бірі – «Қазақстан-Аквакультура» ЖШС-нің балық өңдеу цехы. Бүгінде құны 160 млн теңгені құрайтын цехтың құрылысы толығ­ымен аяқтал­ған. Іске қосылса, жылына 4 мың тонна балық өңдеуге қау­­қары жетеді және 50-ден астам адамды жұмыспен  қамтымақ. Екіншісі – «Ақ­тал» жеке кәсіпкерлі­гінің кірпіш зауыты. Құны 30,8 млн теңге­ні құрайтын өндіріс ошағы жылына 4 млн дана кірпіш өндіреді деп күтілуде. Үшін­шісі – «Таң ЛТД» ЖШС-нің жылдық қуаты 3 мың тоннаны еңсеретін құрама жем өндірісі. Қазіргі күні өнеркәсіптік ба­засы мен техникасы дайын. ҚХР-ден қажетті жабдықтарды алу жұмыстары жүргізілуде. Одан өзге экономика саласындағы ірі жобаларды жүзеге асыру­ жал­ғасып келеді. Олар – кальцийлендірілген сода зауыты­ мен «Шалқия» кен орны­н байыту комбинаты құрылысы.

Жалпы, өнеркәсіп саласында жыл басынан бері 722,7 млрд теңгенің өнімі шығарылып, өңдеу өнеркәсібі саласындағы өнім көлемі 5,4 пайызға жо­ғарылап, 106 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Есепті кезең ішінде 646 млн теңгені құрайтын  5 кәсіпорын іске қосылды.­ Олардың қатарында 3 күріш өңдеу цехы, балық және әк өндіріс  орындары  бар.

 

2020  ЖЫЛЫ  ТҰЗ  ҚЫТАЙҒА  ЭКСПОРТТАЛАДЫ

«Арал тұз» акционерлік қоғамы екі бірдей испан цехын іске қосып, нәтижесінде 79% өнімін экспортқа шыға­руда. Кәсіпорын жыл басынан бері Ресейдегі ас тұзы нары­ғы­ның үлесін 18 пайызға жет­кіз­ді. Сонымен­ қатар, Украинаға шығарылатын тұз көлемін 3 есе арттыру жоспарда бар. Өнім өндіру көлемін арттыру мақ­сатында компания үшінші тұз өндіру цехын салу мәселе­сін пысықтауда. Ең бастысы, кә­сіпорын өз өнімін 2020 жылы Қытай еліне экспорттау­ды жоспарлауда­.

- Британдық инвесторлармен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Баласауысқандық» ванади­й кен орнынан жыл басына­н бері 203 тонна өнім экспортталды. Атап өту қажет, индустриялық жобалар өнім­дері Ресей, Кырғызстан, Украина­, Дания, Тәжікстан, Қытай, Ауғанстан, Әзірбайжан, Ұлыбритания, Польша, АҚШ, Тайвань, Өзбекстан елдерін­е жөнелтілуде. Ағымдағы жылдың 8 айында шикізаттық емес экспорт көлемі 82,7 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың ұқсас кезеңі­мен салыстырғанда 52,2%-ға, тоқыма 3,7 есе (жүн экспорты есебінен), құрылыс материалдары  2 есе,  азық-түлік пен химиялық  өнімдер 5,9%-ға өскен.

Аймақ экономикасын әр­тараптандыру бағытында ат­қарылып жатқан шаралар легі де тоқтап тұрған жоқ. Бұл ретте­ алдымен тілге тиек ететін жобал­арымыз – «Шалқия» кен орнын игеру, кальцийлен­дірілген сода жобалары. Оған қоса, биылғы мамыр айында ет комбинатының құрылысы басталд­ы. Қуаттылығы жылына 5 мың тонна ет өңдейтін комбинат өнімдері вакуумды қаптамада экспортқа бағыт­талған. Қармақшы ауданындағы құс фабрикасының құрылысы да жалғасуда, қазіргі таңда су жүйесін тарту мәселесі тиісті министрлікпен пысықталуда. Жалпы алғанда, есепті кезеңде іске асырылған 24 жобаның 18-і өнім шығарып, жоспарлық қуаттылықты 50 мен 100 пайыз аралығында игерді. Карта жобаларымен өндірілген өнім көлемі ағымдағы жылдың 10 айында 26,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың ұқсас кезең­імен салыстырғанда 20,7%-ға артық, - деді аталмыш басқарма  басшысы.

 

10   АЙДА   288  МЛРД  ТЕҢГЕ   ИНВЕСТИЦИЯ  ТАРТЫЛҒАН

Президент 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 па­йызға және одан да жоғары деңгей­ге  жеткізуге  болатынын, сондай-ақ Елбасы ұсын­ған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруды тапсырды. Айта кетейік, аймақта шикізаттық емес экспорт көлемі соңғы 3 жылда 3 есеге өсті. Шетелден тікелей инвестиция тарту да – маңызды қадамдардың бірі. Аймақ бойынша инвестиция тартуды жетілдіру жөнінде іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. 2016 жылдан бастап инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес те жұмысын жүйелі үйлестіріп отыр. Инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, бір жерге шоғырланған 12 мекеменің 68 қызмет түрлері «Бір терезе» қағидасы бойынша көрсетілуде. Кәсіп­керлерге қызмет көрсету орталығының жұмысын автоматтандыру арқылы техникалық шарт беру уақыты 1 айдан 3 жұ­мыс күніне дейін қысқартылды. Нәтижесінде өңірімізде соңғы 2 жылда жалпы инвес­тиция  көлемі орта есеппен 17,7 пайызға өсті. Ал өңдеу өнеркәсібіне  тартылған  инвес­тиция көлемі соңғы 3 жылда 32,6 пайызға артқан. 2019 жылдың 10 айында барлығы 8863, оның ішінде 2677 кеңес бері­ліп, 6186 көмек көрсетілген.

Сондай-ақ, аймаққа ин­вестиция тарту мақсатында «Байқоң­ыр» еркін экономикалық аймағын құру бойынша жұмыс­тар атқарылуда. Бүгінде оның тұжырымдамасы және келі­сімнің жобалары әзірле­ніп, орта­лық атқарушы органдармен келісілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл басталғалы өңірге тар­тыл­ған жалпы инвестиция көлемі 288 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 1,4 есеге көп. Оған қоса, 23 роуд-шоу мен IV Халықаралық Интернет-форум ұйымдастырылып, ынтымақтастық туралы екі­жақты меморандумдарға қол қойылды. Жыл басынан бері облысқа Ресей, Қытай, Корея, Тәжікстан, Өзбекстан секілді экономикалық мүдделес елдерден делегациялар келді. Шетелдік тараптармен бірле­сіп атқарылған жұмыстардың нәтижесінде есепті кезеңде 67,9 млрд теңге сыртқы инвестиция тартылды. Ең басты айтаты­н жаңалық, 30 қараша – 1 желтоқсанда аймаққа инвестиция тарту мақсатында XI «Байқоныр инвест» инвестициялық форумы ұйымдас­тырылуда.

 

ИНДУСТРИЯЛЫҚ   АЙМАҚТА   ҚАНДАЙ   ЖОБАЛАР   БАР?

Аграрлы тіршілікті қоса «арқалап» жүрген Қызылорда облысында бүгінде 6 индус­триялық аймақ жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда 214 гектар жер игерілген. Жалпы құны 193,7 млрд теңгені құрайтын 47 жобаның 21-і іске қосулы. Жыл соңына дейін аймақтарға 11 жоба орналастыру жоспары тағы бар.

- Есепті кезеңде құны 166 млн теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылды. Толық қуаттылыққа шыққанда 26 адам жұмыс орындарымен қамтылады. Барлық индус­триялық аймақтардың инфрақұрылымына 6,7 млрд теңге бюджет қаражаты жұмсалып, 78,7 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Нәтижесінде инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен қайтарымды жеке инвестиция қаралып отыр. Бұл көрсеткіш орталық органдар тарапынан тиімді деп бағалануда. Жалпы алғанда, аймақтарда іске қосылған жобалар­ жыл басынан бастап 4,9 млрд теңгенің өнімін өндірді, - деді облыстық индуст­риалдық-инновациялық даму басқармасы басшысы Р.Қалдыбекұлы.

Сонымен бірге, аймақта шетелдік капиталдың қаты­суымен  жаңартылатын энергия көздері жобалары бойынша жалпы құны 47,1 млрд теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асы­рылуда. Атап айтқанда, Жалаға­ш ауданында француздық инвестормен бірлесіп, «Nomad Solar» ЖШС-нің қуаттылығы жылына 30 МВт-ты құрайтын күн электр станциясының құрылысы, Шиелі ауданында британдық инвестормен бірлесіп, «Baikonur Solar» ЖШС-нің 2020 жылы іске асырылатын, қуаттылығы жылына 50 МВт-тық күн электр станциясының құрылысы және Жаңақо­рған ауданында бол­гарлық инвестормен бірлесіп, «Хек-КТ» ЖШС-нің 10 МВт-тық күн электр станциясы. Бұл жобалар іске қосылған соң 60  жаңа  жұмыс  орны  ашылып, аймақ экономикасының дамуына­ үлесін қосады деген үміт бар.

 

«ҚАРАПАЙЫМ   ЗАТТАР ЭКОНОМИКАСЫ» ДАМУДА

Өздеріңізге белгілі, 2025 жылға дейін республика бо­йынша қарапайым заттар импор­тын 37%-ға азайтуды көздейтін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаны нәтижелі жүзеге асыру мақсатында ҚР Үкіметінің қау­лысы қабылданып, өнеркәсіп өнімін шығаратын кәсіпорындарға жеңілдетілген шарттармен 600 млрд теңге бөлініп, қаржыландыру басталды. «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту – бұл ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру, өңдеу өнеркәсі­бі­нің бәсекеге қабілеттілігін ынтал­андыру және халық тұтынатын тауарлардың кең номенклатурасын шығару. Оны дамытудағы басты мақсат – халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастыру үшін бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліме­тінше, бүгінде өнеркәсіп тауар­ларының шамамен 82%-ы, азық-түлік өнімдерінің 35%-ы, ауыл шаруашылығы өнімдері­нің 23%-ы – импорттық тауарлар. Ал Қызылорда облысы бойынша бүгінде жалпы құны 8,7 млрд теңгені құрайтын 104 жобамен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде құны 2,3 млрд теңгені құрайтын  32 жоба мақұлданды. Құны 5,9 млрд теңгені құрайтын 25 жобаның өтінімі банк­термен қаралуда, ал 47 жоба бойынша құжаттар жинақталу үстінде.

Ағымдағы жылдың 15 қарашасындағы мәліметке сәйкес, өңірде жергілікті қамту үлесі жеңіл өнеркәсіп саласы бо­йынша – 64%, тамақ өнер­кә­сібі – 79%, жиһаз өнеркәсібі – 78% және құрылыс индустрия­сы бойынша 72%-ды жинақтап тұр. Облыстағы жергілікті қамту үлесін анықтау мақсатында апта сайын сатып алынатын тауарлардың ақпараты жинақталып, жобалық кеңсеге ұсынылуда. Ал аймақтағы ауқымды инвестициялық жобан­ың бірі саналатын шыны зауыты жыл соңына дейін пайда­лануға беріледі деген болат­ын. Алайда басқарма басшысы аталмыш зауыт төңіре­гінде мәселе әлі де зерделеуді қажет ететіндігін атап өтті. Дегенм­ен аймақтың өңдеу өнеркәсібіндегі көлемін арттыру, индустриялық бағ­дар­лама  аясындағы жобаларды іске қосу, инвестиция көлемін 5,5 пайызға жеткізу тыңғы­лықты міндеттер қатарында тұрғандығын  жеткізді.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

 


ӘБЕ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
28.11.2019 10:00

Қазаққа «Курляндия», «Қан мен тер», «Соңғы парыз» тәрізді сүйекті романдарды тарту етіп, дәуір шындығын суреттеген көзі тірі классикті­ң бірі – Әбдіжәміл Нұр­пейісов. Арал теңізінің жағасынан түлеп ұшып, әлем әдебиетінде түрен салған жазушы – биыл 95 жаста. Адам мен табиғат арасындағы берік те нәзік байланысты шебер әңгі­мелеп­, бүгінгі ұрпаққа түйінді мәселені түсіндіре алған жазушының қашанда абыройы асқақ, мәртебесі жоғары.­

Қаламгердің өмір тарихына үңілсек, Әбдіжәміл бірінші сыныпты он шақты күнде аяқтап, екі-ақ әріпті біліп шығады. «Үш сыныпқа­ шейін 50-60 күн оқып бастауышты бітірдім» деп жазады­ естеліктерінде. Кейін мектеп бітірер уақытта жас бозбала­ повесть жазуға талпынады, бірақ соғыс сұрапылымен бірге майданға аттанған екен. Әскерден қайта оралған соң Әбдіжәміл ауылға соқпай, Алматыға барып Мұхтар Әуезов, Ғабиден  Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сынды аты әйгілі әдебиет алыптарының батасын алуға барады. Ақ қағаз бен қаламды серік еткен 23-25 жастағы жазушы алдымен «Курлянд­ия» романын дүниеге әкеледі. Бұл жөнінде мемлекет­ қайраткері Мырзатай Жолдасбеков келесідей естелік қал­дырып­ты: «Ұлы жазушылар өмір бойына өзін-өзі жазып өтеді. Суық майдан суреті «Курляндия» романында көз алдымызда қалқып тұрып алады. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде тұтана  жаздап  өшіп  тынған  тұңғыш  махаббаты – Зағипа бейнесінде, соңынан көкелеп хат жазып тұратын қарындасы Зейне, бозбала шағы тағдырдың қатал соққысына – Есей есімді солдатына арналғ­ан жазушы бейнесі роман беттерінен қалқып  шыға  келеді. Жазушы көзіндегі соғыс­ – Есей көзіндегі соғыс. Бір-бірінен мүлдем айырғысыз мінез, болмыс дегеніңіз осы. Романның беломыртқа – фабула­сы  жазушының санасында солдат окобы мен блиндажында-ақ пісіп жетіліпті. Көзбен көріп, көңілге сіңген жайт жылдам жазылды. Қыруар кейіпкердің басын құраған, төрт бөлімнен тұратын романның көлемі жиырма баспатабақтан асып жығылады», - дейді ол.

Ал, Арал тұрғындары үшін ғана емес, бүкіл қазақ елі үшін боямасыз суреттелген «Қан мен тердің» жөні бөлек. Еламан мен Ақбала, Тәңірберген, Сүйеу қарттың бейнесі кітап бетінде киноға бергісіз картинаға айналды. «Соңғы парыз» да солай. Шығарма әлемде қулығын ішіне бүгіп, өзінікін алдыға тартып ел қамын ойлайтын Әзімдердің бейне­сін еш қиындықыз суреттейді. Адамзаттың бәрін жақсы жолға­ бағыттауға Бәкизат ұшырған бозторғайдың шамасы жетпей жатқанын да жазушы осы туындыда анық көрсетеді.

Жазушының қай туындысын алып қарасақ та, елге деген сүйіспеншілікті, ұлт пен ұрпақ алдындағы парызды жан дүниең­мен түсінесің. Ал оны бүгінгі буынға дәріптеу – біздің бұлжымас міндетіміз.

 

Бекмырза  ҚОЖАСОВ,

№74 орта мектептің қазақ тілі

мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

Арал ауданы,

Жаңақұрылыс ауылы

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қараша 2019 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 28 29 30  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары