Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 653 |
![]() | Кеше | 2390 |
![]() | Осы аптада | 653 |
![]() | Өткен аптада | 17774 |
![]() | Осы айда | 39984 |
![]() | Өткен айда | 78079 |
![]() | Бәрі | 5132521 |
АРАЛДА «СОҢҒЫ ПАРЫЗ» РОМАНЫ ЖЕЛІСІНЕН СПЕКТАКЛЬ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТКІЗІЛДІ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
06.12.2019 11:50 |
Кеше солардың бірі де бірегейі болған, аудандық мәдениет үйінде сахналанған Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы желісінен «Сондай да бір түн болған» атты спектакльдің тұсаукесері өткізілді. Жерлес қаламгеріміз Ә.Нұрпейісовтің 95 жасқа толу құрметіне орай аудандық «Халық» театрының дайындаған екі бөлімді трагедиясын аудан әкімі бастаған зиялы қауым өкілдері мен көзі қарақты көрермен қауым ерекше ықыласпен тамашалады. Жалпы, жазушы үшін адам тағдыры – шығарманың кілті іспетті. Осы орайда, «Соңғы парыз» романының кілті – Жәдігер, Бәкизат, Әзім атты үш адамның тағдыры арқылы ашылғандай. Осы орайда, жазушының кеуіп, құр қаңқасы қалып, қу тақыр шөлге айналған Аралдың ауыр ахуалы мен жан дүниесі жалаңаштанып, ой орманы өртеніп, күйзеліске ұшыраған адам тағдырын көркем шеберлікпен суреттеп жеткізген еңбегін спектакльдің қоюшы режиссері Бахыткүл Бахрамова жоғарғы дәрежеде көрсете білді. Шығарманы арқау ете отырып, роман кейіпкерлерін үздік сомдай білген театр әртістері де спектакль барысында Арал теңізінің тартылуымен, адамдардың мейірімінің де тартылуы, өмірлерінің мәнінің жойылуын ерекше суреттеп, жүрекке жеткізе білді. Әсерлі қойылым кезінде өмір мен өлім, мейірімділік пен зұлымдық, махаббат пен ғадауат, әділет пен қиянат жайында бір-бірін алмастырып жатқан ұғымдардың өліарасына тап келген тағдырларға куә болған көрермен қауым жанарына жас алды. Спектакль соңында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сөз алып, «Бүкіл қазақ халқы құрметтеп, төбесіне көтерген, ұлт әдебиетінің аңызына айналған айбоз тұлғамен жерлес атану – біздер үшін үлкен мақтаныш. Жуырда ғана ұлттық әдебиетті дамытудағы айрықша еңбегі үшін жазушы Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовке жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, мақтанышымыз екі еселеніп жатқаны рас. Кеңес Одағы тұсында Аралдан 16 Социалистік Еңбек ері шыққан болса, Ә.Нұрпейісов бүгінгі бейбіт күннің, егемен елдің Еңбек Ері атағын иелініп отыр»,- дей келе, көрермен қауымға, жас ұрпаққа бабалардың аманатын жеткізуді мұрат тұтқан спектакльдің қоюшы режиссері мен рөлдерді сомдаушы өнер иелеріне алғысын білдіріп, бастамаларына сәттілік тіледі. Туындының қоюшы режиссері, қазақ драматургиясына жаңа леп берген «ҚР Мәдениет үздігі» төсбелгісінің иегері Бахыт Айтанқызы да спектакль премерасына көптеп жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, күллі қазақ елінің мақтанышына айналған Ә.Нұрпейісовтың шығармасын көпшілікке ұсына алғанына ерекше қуанышты екендігін жеткізді. Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі |
АГРАРЛЫ АУДАННЫҢ АЙШЫҒЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
06.12.2019 10:00 |
Әлеуметтік-экономикалық даму сатысының алдыңғы баспалдағы саналатын өнеркәсіп саласы өрлеп тұр. Жаңа бастамаларды жүзеге асыруда да табан тартып отырған жоқ. Кешегі аптада өткен «XI Baikonyr invest» халықаралық форумында бірді-екілі жарқын жобаларға қол қойылды. Бұйыртса, келешегі келісті, қуаттылығы қарқынды жобалар аудан экономикасының қазанын қайнатады деп күтілуде. - Форум аясында «Ақжарма 2» шаруа қожалығымен құны 370 млн теңгені құрайтын «Күріш ақтап, тазалайтын және кіші пастерленген сүт зауыттарын іске қосу, жылыжай мен бау-бақша сақтайтын қойма салу» жобасын жүзеге асыру үшін меморандум жасадық. Сондай-ақ, «Шаған» шаруа қожалығының «Қуаттылығы жылына 630 тонна күріш ақтау цехының құрылысын салу» жобасы индустрияландыру картасына енгізілді. 150 млн теңгені еңсеретін жоба жүзеге асса, айына 70 мың тонна күріш ақтау мүмкіндігіне ие болады. Құрылыс жұмыстары кәсіпкердің өз қаржысымен іске асырылады, - деді аудан әкімі брифинг барысында. Аграрлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа белестерге көтеріліп келе жатқанына күмән жоқ. Ілгері басуға бағытталған бастамалар тұрғындардың әлеуетін көтеру мен ауданды өркендетуге бағытталуда. Мәселен, ағымдағы жылы Сырдария ауданы бойынша 21 050 гектар жерге күріш дақылы егіліп, орташа есеппен гектарынан 63,5 центнерден өнім алынды. Барлық салаларда өркендеу өсім алған ауданға қарасты барлық ауылдық елді мекендердің бюджеті келесі жылы дербес түрге енгізіледі. - Бүгінгі таңда көшелерді жөндеуге байланысты 3 млрд 700 млн теңге көлемінде дайындалған 30 жоба бар. Жол жөндеу жұмыстары – бюджет шығыстарының ең ауқымды бөлігі. Сондықтан күрделі учаскелердің барлығын бірден қамтуға бюджеттің мүмкіндігі бола бермейді. Десек те, алдағы 2020-2022 жылдар аралығында осы жобаларды іске асыру үшін тиісті жұмыстарды атқаратын боламыз. Сондай-ақ, ауданды «көгілдір отынмен» қамту жұмыстары басталды. Жалпы құны 2 млрд 400 млн теңгені құрайтын Тереңөзек кентін газдандыру жұмыстары 2 жылға жоспарланған. Газ құбырлары желісінің құрылысын «Әлия-Сервис» серіктестігі жүргізуде. Серіктестік биыл бірқатар кент көшелері мен 9 әлеуметтік нысанды газға қосуды жоспарлап отыр. Алдағы жылы 11 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газға лайықтандыру үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Ауданда барлығы 6 автоматтандырылған газ тарату қондырғысы орнатылады, бүгінде соның 2-еуі іске қосылды. Асқар Тоқмағанбетов, Қалжан ахун, Сәкен Сейфуллин елді мекендерін «көгілдір отынмен» қамту мақсатында жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге тиісті облыстық басқармаға бюджеттік өтінімдер ұсынылды, - деді аудан әкімі Р.Рүстемұлы. Аудан орталығындағы жаңа шағын ауданды электрмен жабдықтауға республикалық және облыстық бюджет есебінен 465 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Осы шағын ауданға ауызсу жүйелерінің және автомобиль жолының құрылысын жүргізу үшін қажетті 1 млрд 716 млн теңге қаржыға тиісті министрлікке ұсыныс берілді. Ұсыныс қолдау тапса, 692 жер учаскесі пайдалануға беріліп, кент бойынша жер кезегінде тұрған 982 адамның 692-сінің жер мәселесі шешімін таппақ. Айта кетерлігі, құны 916 млн теңге 4 тұрғын үйдің құрылысы республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Осы жоба іске асырылған жағдайда тұрғын үй кезегінде тұрған 455 отбасының 78-і баспаналы болады деген жоспар бар. Жалпы, «Сырдария ауданының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы» аясында кент және ауылдық округтер бойынша құны 3 млрд 282,2 млн теңгені құрайтын 141 жоба бекітілген. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалау нақты сектордың дамуымен, өнеркәсіп орындарының ашылуымен, агроөнеркәсіп кешенінің дамуымен, денсаулық сақтау, білім беру және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы жүйелі жұмыстың оңтайлы динамикасымен сипатталады. Н.ҚАЗИ |
МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
05.12.2019 16:30 |
Бұл шара оқушыларға болашақта таңдайтын кәсібіне бағдар беру мақсатында ұйымдастырылды. Қ.Күлетов атындағы №92 мектеп оқушылары алдымен «Нұр Әлем» сауда орталығындағы жас кәсіпкерлер Г.Билсариеваның сән үйі және Т.Дәрібаеваның сұлулық салонының жұмыстарымен танысты. Жас кәсіпкерлердің кәсіпкерлік саласын қалай бастағандарын, жеткен жетістіктерін және қыз-келіншектерге арналған сәнді көйлектерді тігудегі қыр-сыры мен сұлулық салонда көрсетілетін қызмет түрлерін іс жүзінде көрсетті. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер М.Бигеристановтың темір бұйымдарын жасайтын цехы мен жеке кәсіпкер Е.Алданазаровтың өндірістік аймақта орналасқан «Тамшы Су» ауыз су өндіретін цехының жұмыстарымен танысып, оқушылар өз ойларында жүрген сұрақтарына жауап алды. Кәсіпкерлердің жұмысымен танысқан оқушылар экскурсияны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын жеткізді. «Экскурсияға келгеніме қуаныштымын, бастысы – уақытым зая кеткен жоқ. Бұл кәсіпкерлерді сырттай білуші едім, бүгін олардың жұмысын өз көзіммен көрудің сәті түсті. Біздерге осындай тамаша экскурсия сыйлаған мектеп директоры Ниязова Баян апайға рақмет айтамын», – деп №92 мектептің 9-сынып оқушысы Камшат Нұралиева алғысын білдірді. Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі |
ӘЛЕУМЕТТІК АХУАЛДЫ ТҮЗЕУГЕ БИЛІК «ӘСКЕРІ» НЕГЕ ӘЛСІЗ? |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
05.12.2019 16:00 |
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы
Бұл әлеуетті реттейтін билік өкілдерінде де тапшылық жоқ. Бірақ күнкөрісіміз мәз емес. Неліктен? 1983 жылы Кеңес Одағының басшысы Юрий Андроповтың «Біз өзіміз тұрып жатқан елді білмейміз» деген сөзі бар. Әккі чекист, тәжірибелі коммунистің бұл сөзді айтуына елдегі басқару жүйесінің терең дағдарысқа енгені, партияның шынайы өмірден алшақтағаны себеп болған еді. Андропов осыны түсініп, былыққа батқан, «өзім білемін» дегенге тұйықталған менменшіл жүйені өзгертуге тырысты. Бірақ реформалар үстірт, жүйесіз болғандықтан, Андропов та, оның ізбасарлары да сәтсіздікке ұшырады. Әлгі мәлімдемеден кейін арада сегіз жыл өткенде КСРО күйреп тынды. Өкінішті-ақ жағдай, Қазақстанда орнаған билік жүйесі елдегі ахуалды толықтай сезініп-түсініп отыр деп айта алмаймыз. Олай болған жағдайда «Азаматтардың 97 пайызы өзінің өмір деңгейіне қанағаттанады», «2020 жылға қарай халықтың 95 пайызы қазақша сөйлейді», «500 теңгеге тойып тамақтануға болады» сынды күлкі үйіретін мәлімдемелер жасалмас еді. «Бұлардың аяғы салбырап аспаннан түсті ме?» деп оған қоғам да кейімес еді. Талайдан бері Отанымызда бір-бірімен онша қабыса бермейтін бөлек екі әлем қалыптасқаны ешкімге құпия емес. Бірі – күнде ойын, күнде той, төрткүл дүниені қияли табыстарымен тамсандырған Қазақстан да, екіншісі – шенділері жемқорлыққа батқан, экономикасы дағдарыстан көз ашпайтын, зейнеткерлері арып-ашыған, орта буыны жан сақтаумен әлек, ал жастары шетелге кетуді аңсаған Қазақстан. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары билік кінәнің бәрін Мәскеуге жабушы еді. «Өзіміздің қолымызда еш қауқар болмады, бізбен ешкім санаспады, айтқанымызға құлақ аспады, ал енді сәл шыдай тұрыңыз, елдің еңсесін көтереміз» деген сыңайдағы ақталу сөздері айтылатын. Алайда арада бес емес, он емес, жиырма сегіз жыл өтті. Институтты енді аяқтаған қылшылдаған жастар бүгін немере тербеткен ата мен әжеге айналды. Қазақтың топты жарып, «екінші Кувейтке» айналғанын көрмей кеткен жандар қаншама. Тек баяғы өзі тұрып жатқан елін білмес данышпансымақтар көбеймесе, кеміген жоқ.
Енді, міне, кеш те болса, сең қозғалғандай сезім бар. Жоғарыда өзгерістердің қажеттігі жайлы жиі айтылуда. «Қоғам дайын емес, әлі де кідіре тұру керек» деген ұрандар тыйылғандай. Есесіне реформаларды саясаттан бастау керек екені мойындалып жатыр. Қалай болғанда да тұрақтылықты сақтап, алға жылжудың жалғыз жолы – демократияға жетуге деген ерік-жігер анық байқалады. Бірақ мардымды нәтиже болу үшін құр ерік-жігер жеткіліксіз. Реформалар кезекті көзбояушылық емес, ойдағыдай жүзеге асу үшін сауатты, ақылға сүйенген, жан-жақты таразыланған шешімдер керек.
Қарап отырсақ, Қазақстанда төменнен жоғарыға шейін маңызды мемлекеттік шешімдерді зерттеуші, ұсынушы, сұрыптаушы, тексеруші, мақұлдаушы, бекітуші, орындаушы, қадағалаушы, қадағалаушыны қадағалаушы, мүлт кетсе, жауапқа тартушы мекемелер жетіп артылады. Үкімет пен парламенттен бастап, аудандық мәслихат пен ұсақ статистикалық бөлімшелерге дейін. Бұл тұрғыдан алғанда біздегі мемлекеттік басқару жүйесі басқалардан еш кем емес. Тіпті сан жағынан алғанда әлемнің көш басында келеміз. Мәселен, 128 миллион халқы бар Жапонияда 9 мың шенеунік болса, 18 миллион халық тұратын Қазақстанда олардың саны 120 мыңнан асады. Сондағысы біздің елде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім жылына ресми 9,4 мың долларды құраса, Күншығыс елінде аталған көрсеткіш 38,4 мың доллар немесе төрт есе көп. Көріп отырғанымыздай, гәп санда емес, сапада. Бұнымен «біздегі мемлекеттік қызметкерлер шетінен әлсіз, олардың кәсіби деңгейі төмен» деген баға беруден аулақпын. Кадр жасақтау ісінде тамыр-таныстық, бастыққа жағыну секілді олқылықтар көзге ұрып тұрса да, тиісті мекемелерде өз саласының білгір де адал мамандары аз емес. Олардың, әсіресе, орта және төмен деңгейде жұмыс атқаратындарының жалақысы да мәз емес. Еңбек уақыты ұзақ – қызметкерлер кейде заңмен белгіленген 8 сағаттық жұмыс күні жайына қалып, түнгі тоғыз-он бірге дейін кеңседе отырады. Ол аздай, кейде сенбі күндері де жұмысқа келуге мәжбүр. Сонда «орасан армияның күні-түні тынбай жасайтын жұмысы неліктен көңіл көншітпейді?» деген сауал пайда болуы заңды. Бұл парадокстың көптеген себебін келтіруге болар. Бірақ солардың ішіндегі бастылары келесілер: 1. Басшылықтың еңбек ұжымдары алдында ортақ стратегияға бағынған нақты міндеттерді қоя алмай, науқаншылдыққа бой алдыруы. 2. Қызметкерлер мотивациясының төмендеп, адал еңбектің орнына жеке бастың қамы, жағымпаздық, ойын ашық айтудан тартыну сияқты келеңсіз сипаттардың алға шығуы. 3. Қағазбастылыққа салынып, елдің қамы мен түпкілікті нәтижеге емес, әйтеуір жұмыс үшін жұмыс істеуге дағдылану. Әр шендінің қызмет бабында жауапсыздыққа жол беруі басқару жүйесінің түгелдей іріп-шіруіне алып келеді. Шамалас жағдай бүгінде көршілес Ресейде орныққан. РФ президенті Владимир Путиннің тікелей эфирде отырып, Сібірдегі шалғай ауылдың мектебіне жөндеу жұмыстарын жүргізуі, Самарадағы қоқыс алаңын тазарту, басқа да ұсақ мәселелер бойынша Кремльден бұйрықтар үлестіруі қалыпты жағдай. Бұл – орта және төменгі деңгейлерде түйткілдер тарқатылмайды деген сөз. Әбігерге түскен жұрттың президенттен араша не көмек сұраудан басқа лажы қалмаған.
Олай болса, «тышқан ауламайтын арамтамақ мысықтан» не пайда?
Анығы сол – мемлекеттік басқару жүйесіне, онымен қатарласып жүретін кадрларды жасақтау мен іріктеу саласына түбегейлі реформа қажет. Алайда мәселе реттелгеннің өзінде бастапқыда сөз болған өз елін танып-білу тұрғысынан ақпарат пен сараптама, статистика мен әлеуметтік зерттеуді мықтап қолға алған жөн. Онсыз кез келген шешімнің оңтайлы да қолжетімді болуы екіталай. Аталған бағыттарда да «әттеген-айлар» бастан асады. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстан бойынша орташа жалақы – 176 мың теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі 32 мың теңге шамасында. Рас, жаманды жақсы, ақты қара қылып көрсетуді көздеген айла-тәсілдер билік басындағылардың құлағына жағымды естілетін де шығар. Бірақ бұл маңызды шешімдер осындай қисық деректерге сүйеніп қабылданатынын ескерсек, олардың өзі де қисық болатыны, ал әлеуметтік-экономикалық саясаттың ылғи ақсап жататыны әу бастан-ақ белгілі ғой. Әділ сараптама күйі де сол сияқты. Халықтың тыныс-тіршілігі, толғандырған ойлары туралы мәліметтерді билікке бүкпесіз жеткізуге арналған әлеуметтік зерттеулерге келсек, ондай орталар Қазақстанда мүлде жоқтың қасы. Неліктен? Көзбояушылыққа еті үйреніп қалған ресми мекемелер тәуелсіз пікірді тыңдағысы жоқ, ондайларды назарға алып, елеуге құлық танытпайды. Тиісінше тек «жақсы хабар» әкелуші саясаттанушылар мен әлеуметтанушыларға жағдай жасайды. Демек, жағдай оңалу үшін бірден-бір алғышарт – әділ де сауатты сараптама жасаушы тәуелсіз орталарға жағдай жасау. Түйін. Баспасөз ақиқатты айтудың орнына оны бүркемелеумен әлек, ал сот әділдіктен гөрі жоғарыдағы бастыққа кіріптар болса, статистика шынайы деректерді жариялаудың орнына, оларды сылап-сипайтын болса, күштік мекемелер қарапайым азаматты қорғау орнына билікті халықтан арашалайтын болса, бұндай қоғамның ертеңі не болмақ? Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін. |
ҚЫЗЫЛОРДА: ТҰРАҚТЫ ӨРЛЕУ, ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
05.12.2019 15:40 |
10 АЙДА 288 МЛРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ Бүгінде инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, бір жерге шоғырланған 12 мекеменің 68 қызмет түрі «Бір терезе» қағидасы бойынша көрсетілуде. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысын автоматтандыру арқылы техникалық шарт беру уақыты 1 айдан 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Нәтижесінде өңірімізде соңғы 2 жылда жалпы инвестиция көлемі орта есеппен 17,7 пайызға өсті. Ал өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі соңғы 3 жылда 32,6 пайызға артқан. Аймақтың инвестициялық тартымдылық потенциалының жылдан-жылға артып келе жатқанын осыдан-ақ аңғару қиын емес. Түрлі индустриалды жобаларды жүзеге асыру үшін соңғы бес жылдықта тартылған 1,7 трлн теңгеге жуық тікелей инвестицияның 25,5 пайызы 2018 жылдың еншісіне тиесілі. Жыл басталғалы өңірге тартылған жалпы инвестиция көлемі 288 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 1,4 есеге көп. Келесі жылы бұл цифрлар жаңаша сипат алады, оған «XI Baikonyr invest» халықаралық форумы барысында қол қойылған келісімшарттар негіз болады. - «Baikonyr Invest» – жыл сайын 300-ден астам шетелдік және отандық бизнес-көшбасшылары, инвестициялық компания басшыларының, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері мен экономика салаларындағы сарапшылардың басын қосатын ауқымды пікірталас алаңы. Алғаш рет 2013 жылы тұсауын кескен үлкен шара бүгін 11-ші мәрте өткізілуде. Алдыңғы 10 форумның нәтижесінде 130-дан астам меморандумға қол қойылып, облыс экономикасына 1 триллионнан астам инвестиция тартылған еді. Қызылорда облысында атқарылып жатқан жұмыстардың ең маңызды артықшылығының бірі – тиімді логистикалық жағдай. Бүкіл облыс арқылы су артериясы (Сырдария өзені), оның бойымен теміржол және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралінің 800 шақырымнан астамы біздің өңір арқылы өтеді, - деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов форум басталар тұста.
ИРАН ИГІ БАҒЫТТАРДЫ ИІРУГЕ ӘЗІР Жалпы экономиканың тұрақты және жоғары қарқынды тиімділігін қалыптастыруда инвестицияның маңызы зор. Ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін енгізуде, инфрақұрылымды дамыту бағытына бөлінген қаржыны игеру және ақтау әлдеқайда тиімді. Әлемдік тәжірибеде, оның ішінде Азия-Тынық мұхиты аймағындағы кеңістік өзінің терең нарықтық өзгерістері сатысына енуде жоғары инвестициялық белсенділікті танытуда. Ішкі жалпы өнім құрылымында негізгі капиталға инвестиция салудың үлесі 30-40%-дан асуы экономикалық саясаттың тиімді ұйымдастырылуының нәтижесі екен. Шара барысында дипломатиялық байланысы бар елдерден келген өкілетті елшілер де сөз алды. - Қазақстан мен Иранның өркениеттік, экономикалық және саяси-мәдени байланыстарының тамыры тереңде және дами береді. Бүгінге дейін 110 екіжақты құжатқа қол қойылған. Ағымдағы жылдың 16 қыркүйегінде екі елдің сауда-экономикалық серіктестерінің жүздесуі өтті. Келісімнің мұндай түрінде мақсат та, мүдде де ортақ болады. Осы күннің өзінде Иран Ислам Республикасына қарасты Мазандаран, Гүлістан провинцияларының Шымкент, Маңғыстау, Қызылорда облыстарымен экономикалық байланыстары бар. Серіктестік қарым-қатынас деңгейін стратегиялық-инновациялық, сауда және туризм бағытында дамыту жоспарда бар. Сондықтан Иран мемлекеті Қазақстан тарапынан келетін сауда-экономикалық делегацияны күтуге қашанда әзір, - деді Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Маджид Самадзаде. Қазірде Қазақстан – Орталық Азиядан тартылатын тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша көш басында тұрған мемлекет. Тәуелсіздік жылдары ел экономикасына 320 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылған. 2018 жылы инвестициялардың жалпы ағымы 24,3 миллиард доллар болды.
ІРІ ИНВЕСТОРМЕН ЫМЫРАЛАСТЫҚ Өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі инвесторлар Нидерланды – 7,3 миллиард доллар, АҚШ – 5,3 миллиард, Швейцария – 2,5 миллиард, Ресей – 1,5 миллиард, Қытай – 1,5 миллиард, Бельгия – 1 миллиард, Франция – 0,9 миллиард, Ұлыбритания – 0,6 миллиард, Корея 0,5 миллиард доллар инвестиция құйған. Президент Жолдауында да негізгі өзекке айналған шетелден тікелей инвестиция тарту – еліміздің одан әрі дамуы бойынша өршіл міндеттерге қол жеткізуінің бірден-бір кепілі. - Бүгінгі инвестициялық форумға қатысушыларға сәттілік тілей отырып, баршаңызға Нидерланды елінің сәлемін жеткіземін. Нидерланды – Қазақстанның Еуропадағы саяси және экономикалық маңызды әріптесі. 1990 жылдан бері қарай сауда-экономикалық екіжақты қарым-қатынасы нығайды. Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі ретінде алдағы уақытта мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық жалғаса беретінін айтқым келеді. Бүгінде біздің елдің қазақ еліне құйып отырған инвестиция көлемі 8 млрд доллардан асты. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласында Нидерланды көшбасшы елдердің қатарынан түскен емес, - деді Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенс. Бүгінде бұл мемлекет заманауи-техникалық құрылғылар мен қондырғыларды қолдану арқылы сауда-өнеркәсіп саласының серіктестігі ретінде Ақтөбеде жоғары сұрыпты қызанақ өндіруде. Болашақта Сыр елінде көптеген инвестициялық жобаларды қолға аламыз деген ойлары бар.
СЫРДЫҢ ЖЕЛІ «САМАЛ ЖЕЛГЕ» СЕРПІН БЕРІП ТҰР Қазіргі уақытта 7,2 млрд АҚШ долларын құрайтын Қазақстан-Корей индустриалды-инновациялық 40 жоба бар. Оның ішінде жалпы сомасы 1,9 млрд АҚШ долларын құрайтын 19 жоба іске қосылды, 2,1 млрд долларды құрайтын 6 жобаның жұмысы күтілуде және 3,2 млрд долларды құрайтын 15 перспективалық жобаны іске асыру «Самал жел» бағдарламасы аясында қарастырылған. Бұл – Қазақстан мен Корея елдерінің қол қойған ортақ жобалары. - Ағымдағы жылдың 22 сәуірінде Корея президенті Мун Чжэ Инның Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан-Корей сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық кездесуі өтті. Онда Үкіметаралық комиссиясының қолдауымен жүзеге асырылатын 2019-2022 жылдарға арналған «Самал жел» жаңа экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды. Құжатқа ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мен Корея Республикасының Сауда, индустрия және энергетика министрі Сон Юн Мо қол қойды. Бағдарлама көлік және логистика, құрылыс, өнеркәсіп, инфрақұрылымды дамыту, тау-кен металлургия және жер қойнауын пайдалану, сауда-экономикалық ынтымақтастық, энергетика, инновация, ауыл шаруашылығы, қаржы, денсаулық сақтау мен мәдениет, туризм және білім беру салаларындағы нақты 58 жобаны іске асырудың және 10 бағыттағы кешенді өзара іс-қимылды қамтиды. Бүгінде Корея тарапынан Қызылордада өзге де бастамалар қолға алынуда. Қызылордада жел бар, оны көптеген мақсатқа пайдалануға болады, - деп баяндады Корея Республикасының ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэсик форум барысында. Тілге тиек етерлігі, Корея елі белсенді бизнес-ынтымақтастық орнатуда үздік ондық қатарында. Қазірдің өзінде бұл елдің капиталының қатысуымен 500-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫН КӨТЕРЕТІН ЖОБАЛАР БАР Инвестиция тарту – жаңа жұмыс орындарын құру, қазақстандық кадрлардың біліктілігін арттыру, инновациялық технологиялар трансферті, сонымен қатар мемлекет бюджетіне салық түсімдерін ұлғайту. Яғни қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешуге оң әсерін тигізеді. Осы міндеттерді орындау мақсатында шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жаңа жүйе жетілдірілуде. Шетелдік мекемелермен өзара іс-қимылды күшейту және бұл инфрақұрылымды инвестициялар тартудың негізгі құралдарының бірі ретінде пайдалану қарастырылған. Қазақстанның жаңа инвестициялар тарту бойынша жұмысына бағдарланған арнайы институттары қатарында «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы да бар. - Қазіргі уақытта компанияның Қытай, АҚШ, Германия, Франция, Түркия елдерінде өкілдері бар. Компания «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторлардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының өкілдерімен өзара іс-қимылын болдырмайтын немесе барынша азайтатын функцияларды жүзеге асырады. 2019 жылы жалпы құны 454,1 млрд долларды құрайтын 8 жоба жүзеге асырылды, 60 жоба қолға алынуда. Ең көбі Алматы қаласында, ал Қызылордада өңір экономикасын көтеретін 10 жоба жүзеге асады деген жоспар бар. Алдағы уақытта 683 млрд теңгені құрайтын 280 жобаның 31-і Қызылорда облысында жүзеге аспақшы, - деді «Kazakh Invest» АҚ ұлттық компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі Марат Есенов.
ФОРУМ ТАБЫСЫ – ҚОЛ ҚОЙЫЛҒАН МЕМОРАНДУМ Келелі жиын төрінде пленарлық отырыс пен кездесулер, әр салаға қатысты секциялық жиындар, инвесторлар мен жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, пленарлық отырыста «Байқоңыр» арнайы экономикалық аймағындағы жобаларды іске асыруға арналған перспективалы алаңға, ауыл шаруашылығында фермерлікті және мал шаруашылығы кластерін дамыту мүмкіндіктері, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту перспективалары туралы баяндамалар оқылды. Шетелдік және отандық бизнес-қауымдастық өкілдері, инвестициялық компаниялардың басшылары, ғылыми-зерттеу институттары өкілдері және Иран, Франция, Германия, Македония, Нидерланды Корольдігі, Корея, Канада, Словения, ҚХР, Ресей Федерациясынан шақырылған инвесторлар қатысқан форум табысты аяқталды. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес, жалпы құны 100 млрд теңгеге жуық жобаларды жүзеге асыру үшін 25 меморандум, 1 келісімшартқа қол қойылды. Олардың қатарында өнеркәсіп саласы, агроөнеркәсіптік сектор, мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағыты шеңберіндегі инвестициялық жобалар бар. Сонымен қатар, форум қатысушылары үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағына және «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне экскурсиялық тур ұйымдастырылды.
Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН |
СӨМКЕ САЛМАҒЫНЫҢ АҚЫРЫ – СКОЛИОЗ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
05.12.2019 15:25 |
Өйткені иығындағы жүктері тым ауыр. Осыдан 8-9 жыл бұрын бұл мәселе жиі көтеріліп, министрліктің назарына ұсынылғанда: «Кітаптар бірнеше бөлімге бөлініп шығып, әр кітаптың саны 200-300 грамнан ғана болады» деген еді министрлік өкілдері. Кітап бөлінгенмен, салмақ азайған жоқ. Өткен жолы Алматы қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мектеп сөмкесінің салмағы қалыптан тыс болса сколиоз, остеохондроз сияқты ауруларға әкеп соғатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір Алматы қаласындағы 254 мектепте 266769 оқушы оқиды. Сонымен қатар, 28 арнайы интернатта 7593 оқушы білім алып жатыр. Мемлекеттік мектептерде бала саны тым көп болғандықтан, орын жетіспеушілігі 30 пайызға жетті. «Бірінші сынып оқушыларының сөмкесі нормадан 2-3 есе ауыр. Ал 5-6 сынып оқушыларының сөмкесі қалыпты көрсеткіштен 3-4 есе ауыр. Жалпы 5-сынып оқушылары үшін сөмкенің салмағы 2,5 келіден аспауы тиіс. Ал қазір оқушылар 6-9 келі сөмке арқалауға мәжбүр. Бірінші сынып оқушыларының сөмкесі 1,5-2 келіден аспауы тиіс. Ал шын мәнінде балалар 4-4,5 келі сөмке көтеріп жүр», - деді департамент басшысы. Нұр-Сұлтандағы жағдай да дәл осындай. Білім және ғылым министрлігі оқу кестесіне бекіткен 10 кітап «Назарбаев зияткерлік мектебінің» бағдарламасы негізінде жарық көрген. Бір күнде 5 сабақ болса, әр кітаптың салмағымен бірдей дәптерлері де болады. Оған мектептің ішінде жүретін аяқкиім мен қосымша оқу құралдарын, дене шынықтыруға арналған киімдерін қосқанда 8-9 килограмға дейін жетеді. «Назарбаев зияткерлік мектептерінде» балалар таңертең келіп, кешке бір-ақ қайтып, үй тапсырмасын да мектепте орындайтын жүйе негізінде білім алады. Ол мектептің жүйесін қарапайым білім ошақтарымен салыстырып, қабылдаудың қателігі орта мектептің оқушыларына салқынын тигізуде. Дәл қазір осы мәселеге бастауыш сыныпта баласы бар кез келген ата-ана алаңдайды. Ресейлік мамандар бұл мәселені әлдеқашан қолға алған. Яғни, онда сөмкедегі заттың салмағы оқушы салмағының оннан бір бөлігі болуы шарт. Балаңыз 25 келі тартса, сөмкесінің салмағы да 2,5 келіден аспауы керек. Ал төменгі сынып оқушыларының сөмкелері 1200 грамның шамасы болады екен. Ал бізде арнайы бекітілген стандарт жоқ. Тек министрлік өкілдерінің ара-тұра «Бастауыш сынып балалары сөмкесінің салмағы 1,5-2,5 килограмнан аспауы керек» деген уәждерін ғана есітіп келеміз. Америкадағы Педиатрлар академиясының зерттеу жұмыстарына сәйкес, мектеп сөмкесі салмағының көрсеткіштері 1-сынып – 1,2 келіге дейін, 2-сынып – 1,6 келіге дейін, 3-сынып – 2,3 келіге дейін, 4-сынып 2,6 келіге дейін болып, 9-11-сынып оқушыларының өзі 4 келіге дейін ғана салмақты көтеруге болады екен. Ал бізде 1-сыныптың баласының өзі америкалық жоғары сынып оқушыларынан екі есе салмақты арқалап, арқа омыртқасын қисайтып, жасына жетпей ауруға шалдығып жатыр. Бүкірейген ұрпақтың болашағы білім саласына жауаптылардың басын ауыртпай ма? Гүлжан РАХМАН, журналист |
ЭМИГРАЦИЯ – САЯСАТ АЙНАСЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
05.12.2019 15:20 |
Марат БӘЙДІЛДӘҰЛЫ, қоғам қайраткері: Иә, 2014 жылдан бері елімізден көшіп кетушілер саны көбейіп барады. Статистика жөніндегі комитеттің деректеріне қарағанда 2012 жылдан бері 230 мыңдай адам тұрақты тұру үшін Қазақстаннан басқа елдерге көшіп кеткен. Бақытын сырттан іздегендер саны жылдан-жылға ұлғаюда. 2014 жылы – 28946 адам, 2015 жылы –30047 адам, 2016 жылы –34900 адам, 2017 жылы –37704 адам, 2018 жылы 41894 адам шетелге қоныс аударған. Тек өткен жылы ғана 42 мыңдай адам эмиграцияға кетіпті. Қазақстан миграция бойынша Еуразиялық одақта көш бастап тұр. Екінші орында – Армения, үшінші орында – Қырғызстан. Еліміздегі эмиграция тасқынында Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының үлесі басым. Ұлттық жағынан қарасақ, көшіп кетушілер – негізінен орыстар, украиндар және немістер. Эмиграцияның Қазақстан үшін әрі теріс, әрі пайдалы жағы бар. Теріс жағы – көшіп кетушілердің тең жартысы жоғары және орта білімді мамандар. Мұны демография тілінде ақыл-ойдың жылыстауы деп атайды. Тиімді жағы – Қазақстанда қазақтардың үлес салмағы арта түседі. Анықталмаған деректерге қарағанда еліміздегі қазақтардың үлес салмағы қазір 72-73 пайызға жеткен. Миграциялық сальдо (көшіп кетушілер мен көшіп келушілер санының айырмашылығы) минус 29 мың адам болса, ол халықтың табиғи өсімінен (238 230) сегіз есе кем. Яғни бұл еліміз үшін бәлендей қауіпті емес. Келімсек диаспоралар өкілдерінің өздерінің тарихи отандарына көшуі болса, ол – табиғи үдеріс. Қауіптісі – алдағы кезең. «Стратегия» қоғамдық қорының 2019 жылдың қаңтар айында жүргізген зерттеулеріне қарағанда Қазақстан халқының төрттен үш бөлігі елден көшіп кеткісі келеді екен. Оның ішінде орыстардың 52 пайызы, қазақтардың 31 пайызы сондай пиғылда. Әсіресе, 25 пен 34 жастың арасындағылар. Мені алаңдататыны да сол жастар. Зиялы қауым ортасында жүрген соң кездескенде бала-шағаның жайын сұраймыз. Сонда еститініміз: «Балам Канадада», «қызым Англияда», «немереміз Германияда», «оқуын бітіріп сонда қалды» деген тәрізді жаңалықтар. «Не себепті?» десең, шетінен Қазақстанда жоғары жалақысы бар лайықты жұмысқа тұру, мансаптық өсу мүмкіндігінің шектеулі екендігін алға тартады. Шетелдегі қазақ жастарымен кездескенде олар «режим өзгермей елге қайту жоспары» жоқ екендігін жайып салады. Яғни бұдан эмиграциялық үдеріс еліміздегі режим мен режим саясатына тікелей байланысты екені байқалады. Әрине, біз қазақ жастарының Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік дамуына үлес қосқанын қалаймыз. Алайда ол саяси өзгерістерге ғана тәуелді болып тұрғаны өкінішті. Facebook-тегі парақшасынан алынды. |
ЗЕЙНЕТАҚЫ мен ЖӘРДЕМАҚЫ ТӨЛЕМДЕРІ АРТАДЫ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
05.12.2019 15:10 |
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты көбейтіледі. Мысалы, зейнеткердің еңбек өтілі 33 жыл және одан жоғары болған жағдайда зейнетақысының мөлшері 2019 жылғы желтоқсан айында базалық зейнетақы төлемімен қосқанда (71024+29698) = 100722 теңгені құраған болса, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7 пайызға көбейткенде 71024х7%=75996 теңге, оған 31183 теңге базалық зейнетақы төлемін қосқанда 75996+31183=107179 теңге алатын болады, яғни 6457 теңгеге көбейеді. Егер еңбек өтілі 20 жылды құраса, орташа зейнетақы мен базалық зейнетақы төлемін қосқанда 50995+21977=72972 теңге мөлшерінде зейнетақы алушы келесі жылдан бастап 7 пайызға арттырылғанда 50995х7%=54565 теңге, оған 23076 теңге базалық зейнетақы төлемімен қоса, барлығы 54565+23076=77641 теңгені құрап, 4669 теңгеге ұлғаяды. 2019 жылдың желтоқсан айында ең төменгі зейнетақы мөлшері еңбек өтілдері 20 жыл болса, базалық зейнетақы төлемімен қоса, 36108+ 21977=58085 теңге мөлшерінде зейнетақы алатын зейнеткердің зейнетақысы 7 пайыз есебімен 36108х7%=38636 теңге, оған базалық зейнетақы төлемін қосқанда (38636+23076)= 61712 теңге болады немесе 3627 теңгеге арттырылады. 2020 жылдан бастап тағайындалатын зейнетақы төлемін есептеу кезінде алынатын табыстың ең жоғарғы мөлшері 121946 теңгемен шектеледі (2651 теңге АЕКх46 еселенген). Осы табыстан есептелетін зейнетақының ең жоғарғы мөлшері базалық зейнетақыны қоспағанда 121946х75%=91460 теңгені құрайды, яғни ең жоғарғы табыстың 75 пайызынан аспауы тиіс. Ал тиісінше, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және тағы да басқа жәрдемақы алушылардың төлемдері 5 пайызға арттырылады. №1, №2 тізім бойынша (Ерекше ауыр және зиянды жұмыс істеген адамдар үшін) мемлекеттік арнайы жәрдемақылар, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балалар жәрдемақыларының мөлшері айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне сәйкес көбейеді. Атап айтқанда, бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері бірінші, екінші, үшінші бала туғанда 2019 жылы – 95950 теңге болса, 2020 жылы – 100738 теңге, яғни 4788 теңгеге, ал төрт және одан да көп бала туғанда 2019 жылы – 159075 теңгеден 167013 теңге немесе 7938 теңгеге артатын болады. Бала бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақының мөлшері туу кезектілігіне байланысты: бірінші балаға – 15270 теңге, екінші балаға – 18054 теңге, үшінші балаға – 20811 теңге, төртінші және одан да көп бала туғанда 23594 теңгені құрайтын болады. Айгүл МАХАНОВА, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы |
ТАҢ СӘРІДЕГІ ТРАГЕДИЯ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Құқық құрығы |
05.12.2019 14:40 |
«Құмкөл-Қызылорда» автожолының 70-інші шақырымында «Кеңлік» кен орнынан Шымкент қаласына бағыт алған «Neoplan» маркалы автобус аударылып, 8 адам қаза тапты. 21 адам жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, автобус ішінде барлығы 36 адам болған. Олардың барлығы – «Саутс Ойл» мұнай компаниясының қызметкерлері» деген ақпарат барша қазақстандықтың қабырғасын қайыстырғаны анық.
– Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары шығып, 05 сағат 50 минутта жетіп, авариялық құтқару жұмыстарын жүргізді. Апат орнында анықталған 36 жолаушының 7-еуі сол жерде, 1 адам жедел жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізу кезінде қайтыс болды. Қызылорда қаласына жедел медициналық автокөліктермен барлығы 21 адам жеткізілді. Оқиға орнына 69 қызметкер, 22 бірлік техника жұмылдырылды, - деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов. Бүгінде ауруханаға жеткізілген науқастар бақылауға алынып, тиісті ем-дом шаралары жүргізілуде. – Облыстық көпбейінді ауруханаға әкелінген 17 науқастың 6-ауы жансақтау, 2-еуі травматология, 4-еуі нейрохирургия бөлімінде жатыр. Ал 5-еуі қайтарылған. Сондай-ақ, қалалық ауруханаға жеткізілгендерің 2-еуі жансақтау бөлімінде, 2-еуі травматология бөлімінде жатыр, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Искаков. Құзырлы орган өкілі аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. – Қазіргі таңда автобус ішінде болған 36 адамның барлығы Шымкент және Түркістан облысының азаматтары екендігі анықталды. Алдын ала болжам бойынша оқиғаның орын алуына асфальттың жоғары қабатының тайғақ болуы және күн райының күрт өзгеруі себеп болған. Соның салдарынан автобус жүргізушісі рульге ие бола алмаған. Бүгінде ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабына сәйкес тергеп-тексеру жұмыстары басталды,- деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Әмитов. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жол апатынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты. Ол өзінің Тwitter-дегі парақшасында: «Қызылорда облысында автобус апатынан қаза тапқан адамдардың туыстарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендердің отбасыларына қажетті көмек көрсетіледі. Жол қауіпсіздігі тиісті ведомстволар мен әкімдіктердің ерекше назарында болуы тиіс» деп хабарлама қалдырған. Облыс әкімі Қ.Ысқақов та аталған жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен азаматтардың жағдайын білу үшін облыстық көпбейінді аурухана мен қалалық ауруханаға барды. - Біздің тарапымыздан қажетті көмек көрсетілетін болады. Емдеу шаралары толықтай жасалады. Күш-жігерлеріңізді айығуға жұмсаңыздар. Тез сауығып, отбасыларыңызға аман-есен оралуларыңызға тілектеспіз, - деді аймақ басшысы. Айта кетейік, Қызылорда облысы аумағында жалпы ұзындығы 1 мың 16 шақырымды құрайтын республикалық маңыздағы жолдар бар. Оның 246 шақырымы бірінші санатқа, 566 шақырымы екінші санатқа, қалған бөлігі үшінші санатқа жатады. Ал қайғылы жағдай орын алған жол ««Қазавтожол» ҰК» АҚ теңгеріміне кірмейді екен. Апта басында Арал ауданының аумағында да автобус аударылды. Оқиға «Шымкент – Самара» тасжолында болған. – Арал ауданының Сазды аумағында Ресейден Тәжікстанға бағыт алып бара жатқан Тәжікстан азаматтары бар жолаушылар автобусы басып озып, алдыңғы бөлігімен «DAF» жүк көлігінің артына соққан. Автобуста 74 адам (2 жүргізуші, 1 механик, 71 жолаушы) болған. Қайтыс болғандар жоқ. Жүргізуші мен механикке медициналық көмек көрсетілуде. Жол-көлік оқиғасы орнында 13 полиция қызметкері, ТЖД 6 қызметкері, «Жедел жәрдем» бригадасының 6 қызметкері, барлығы 7 бірлік автотехника жұмылдырылды. Полиция қызметкерлерінің, құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің жедел және жұмылдырылған әрекеттерінің нәтижесінде жол-көлік оқиғасына түскен Тәжікстан азаматтарына қажетті жедел көмек көрсетілді. Аталға факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Тиісті сала басшылары күн райының қолайсыздығына байланысты облыс тұрғындарына ұялы телефонға хабарламалар жіберіліп жатқанын айтты. Олар «112» желісінен түскен хабарламаға баса назар аударуға шақырды. Құқық-ақпарат |
АТА БАСЫЛЫМДАР – 90-ның ТӨРІНДЕ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
05.12.2019 14:14 |
Алты құрлықты ақпарат билеген уақытта оған ілесіп отырудың өзі жетістік. Соңғы жылдары «жаңа медианың келешегі кемел, ал дәстүрлі БАҚ-тың болашағы бұлыңғыр» деген пікір бірен-саран айтылып жүр. Қай медианың алға озып, қайсысы артта қалатыны уақыт еншісіндегі дүние деп білеміз. Бірақ ел алдымен интернетте жылт еткен жаңалыққа емес, газет бетінде қатталған хабарға сенетіні анық. Ол – ақиқат.
1929 жылдың 1 шілдесінде «Сыр бойы» газетінің алғашқы саны оқырманға жол тартты. Әу баста Қызылорда округтік партия, кеңес комитеттері мен кәсіпшілер одағы бюросының басылымы делініп, аптасына екі рет жарық көрді. Басылымның тұңғыш редакторы қабырғалы қаламгер Жиенғали Тілепбергенов болды. Басылымның алғашқы нөмірі жөнінде Асқар Тоқмағамбетов «Сыр бойының шежіресі» атты мақаласында (1972 жылы 28 шілдедегі санында) былайша толғанған екен. «Шежіренің әртүрлі сыры бар. Біреуі шешендігімен, біреуі көсемдігімен, кейбіреулер көп жасаған қарттығымен артына шежіре қалдырып отырады. Бірақ бұлар белгілі бір уақыттың, болмаса бір заманның шежіресін айтып артына қалдыра алмайды. Ал біздің айтқалы отырғанымыз аты «Сыр бойының», бірақ Сырдарияда болған ұлы оқиғалардың шежіресі десек, қателеспеген болар едік. Елдің өсіп, саяси жағы мен экономикасының жылдан-жылға өрлеп, өсіп отырғанының шежіресі, осы өркеннің қалай жайылғанын өз бетіне жазып келе жатқан газет жайында болғалы отыр. Бұл шежіре – осыдан 45 жылдай бұрын ғана дүниеге келген «Сыр бойы» газеті туралы. Бұл – астана 1929 жылы Қызылордадан Алматыға көшкеннен кейін туған шежіре. Өзіміз ат қойып, «Сыр бойы» газеті атап, Қызылорда аудандық партия, кеңес комитеттерінің және кәсіпшілер бюросының органы болып, оны ресми түрде жарыққа шығарғанынан басталады. Бұл өте ауыр, өте қиын кезең еді. Бұл кез ауылды жаппай коллективтендіру жұмысының жаңа қанат жайып, етек алған шағы еді. ...«Сыр бойы» газеті Сыр өңірі еңбекшілеріне талмастан насихат-үгіт жұмысын айбынды түрде жүргізіп отырды» делінген мақалада. 1930 жылғы 101-санынан бастап газет Қызылорда, Шиелі, Тереңөзек, Аламесек, Қармақшы, Қарсақбай, Қазалы, Арал аудандық партия, кеңес комитеттері мен одақтарының органы саналды. Ал 1932 жылдың қаңтарынан бастап басылым атауы «Ленин туы» деп өзгертілді. 1938 жылы облыс құрылғаннан кейін 22 наурыздан бастап облыстық «Ленин жолы» болып өзгертілді. Араға 60 жылдай уақытты артқа тастап ата басылым 1991 жылдың 24 қыркүйегінде тарихи атауын қайта алды. Газетке әр жылдары Ұзақ Бағаев, Әскербек Рахымбекұлы, Жақсылық Рахматулла сынды қаламгерлер редакторлық етсе, кейінгі жылдары Серік Пірназар, Жолдасбек Ақсақалов, Нұрболат Аманжол, Жұматәли Әбдіраманов басшылық жасады. Бертінде өңірдің белді басылымдарының басын біріктірген «Сыр медиа» ЖШС құрылды. Бүгінде аталмыш серіктестікті танымал журналист, белгілі медиа-менеджер, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Оңғарбаев басқарып отыр. 500-ден астам адам еңбек ететін аталмыш серіктестік ел игілігіне жарайтын бастамаларымен қалың бұқараға жақсылықтың жаршысы, ұлағатты істердің ұйытқысы ретінде белгілі. Тоқсан жылдық белесті бағындырған қос басылымның құрметіне орай өткен аптада тағылымды кеш ұйымдастырылды. Алдымен ардагер-фототілші Болат Омарәлив пен Нұрболат Нұржаубайдың фотокөрмесі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, ҚР Президенті баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі Е.Байтілес, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы С.Матаев және елімізге танымал қаламгерлер қатысты. Алдымен аймақ басшысы Қ.Досмайылұлы қос басылым қызметкерлерін құттықтап, облыстың Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады. «Сыр медиа» ЖШС-не автокөліктің кілтін табыстады. – Газеттердің өткені мен бүгіні қатар жүріп, болашаққа бағдар жасалып, ел еркіндігі мен ынтымағының, әрбір жарқын жаңалықтың жаршысына айналып келеді. Қос басылымның талай талантты түлеткен ұстахана екенін ұмытпауымыз керек. Осы газеттердің шығармашылық мектебінен өткен қаншама журналист республикаға танымал қаламгерлер атанды. Бүгінде олардың әрісі Нұр-Сұлтан, Алматыда, берісі өз өлкемізде абыройлы қызмет етіп жүр, - деді ол. Бұдан әрі ҚР Президенті баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі Ержан Айтөреұлы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлиұлы мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Әскербекұлының құттықтау жеделхатын табыстады. Сондай-ақ, ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев ақжарма тілегін білдірді. Шара барысында «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің аймақтық ақпарат кеңістігіндегі тарихи орны мен маңызы», «Аймақтық баспасөз дамуының алғашқы сатылары», «Сыр бойы» – шығармашылық шеберханасы» және «На страницах газеты – летопись региона», сонымен қатар «Аймақтық басылымдардың тарихы және бүгінгі медиадағы дәстүр сабақтастығы» тақырыптарында баяндамалар оқылды. Шара соңы «Атыңнан айналайын, Атамекен!» атты облыстық жыр мүшәйрасымен жалғасты. Аталған байқауға барлығы 30-ға жуық өлең түсіп, соның ішінен 8 үміткер іріктеліп, қорытынды шарада бақ сынады. Нәтижесінде 1-орынды ҚМУ студенті Айдар Сайлауов, 2-орынды айтыскер ақын Ержеңіс Әбді, 3-орынды Текей батыр атындағы колледж оқытушысы Ғабит Кәдірбай иеленді. Жеңімпаздар мен ынталандыру сыйлығына ие болғандар дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Айта кетейік, мүшәйраға «Қызылорда қаламгерлерінің қауымдастығы» ҚБ демеушілік жасады. Келесі күні 22 жыл бұрын 27 жасында жоғалып кеткен қызылордалық ақын, журналист Әділ Ботпановтың құрметіне орай «Мені өледі деген сөздер – ертегі…» атты поэтикалық жыр кеші өтті. Кешке ақынның достары Бауыржан Бабажанұлы, Кенже Байназаров, актер Әділжан Шомбалов және сырбойылық журналистер қауымы қатысты. Жыр мүшәйрасына қатысуға 30-ға жуық ақынның өлеңдері келіп түскен. Құрылған арнайы комиссия тек соның 8-ін ғана іріктеп алған. Жас ақындарға «Ақтөбе» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы, ақын, режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов, айтыскер ақын, 2 мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов қазылық етті. Мүшәйра қорытындысымен қызылордалық Ақтілек Бітімбай, Айдана Ерболат, Алматы қаласынан келген Ақдидар Әлібекқызы, Көкбөрі Мүбәрак ынталандыру сыйлығына ие болса, ІІІ орынды түркістандық Тілеубек Батысұлы мен қазалылық Әлихан Махашев, ІІ орынды павлодарлық Алтынбек Елемесұлы еншіледі. Ал бас бәйгені аралдық Биболат Сәтжан қанжығасына байлады. Жүлдегерлердің барлығына қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Аймақ халқын ақпаратпен сусындатып отырған қос басылымның 90 жылдық торқалы тойы осылайша жоғары деңгейде аталып өтті. Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ |
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>