Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
Бейсенбі, 05 Желтоқсан 2019

МОНШАҚТАЙ ӘҢГІМЕЛЕР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
05.12.2019 14:00

 

Ерғали  АБДУЛЛА


Қу  ақша

Бермеймін дегенді – бергізеді. Көрмеймін дегенді – көргізеді. Ермеймін дегенді – ергізеді. Келмеймін дегенді – келгізеді.  «Үрмеймін» дегенді – үргізеді...

 

Бір  өзі

Бір өзі ақылды. Бір өзі эрудит. Бір өзі су шешен. Бір өзі іскер... Қара терін сылып, бір өзі сөйлеп, бір өзі қояды. Жұмыс істеп жүрген бір өзі... Болсаң осындай әкім бол... Қарап  отырып  риза  боласың...

 

Ақырғы  бәйге

Өмір – таусылмас жарыс екен. Ең аяғы, жасың келгенде, қатар-құрдастарыңнан бұрын өліп қалмасам деп, іштей тырысып, тыртаңдап жүресің...

 

Шошыныс

Ақылды кісілер осылай азая берсе, енді біраз жыл­дардан кейін күніміз иіс алмас, таза нақұрыстарға қарап қала ма деп қатты шошисың...

 

Сын   сұрақ

Туған  жердің  тұғырлы иесі – әкімдер ме, ақындар ма? Әкімдердің туған жерге махаббаты құйрығы креслодан сырғығанша, ақындардың махаббаты – жүрегін жұлқынтқан  жырларында.

 

«Мүмкіндік»

Әр адамның ғұмырында тағдыр оның өз менін көр­сететін шақтарды береді. Мәселе – сол «мүмкіндік­тер­ді» орайын тауып пайдалана алуыңа мұршаңның жетуінде.

 

Қауіп

«Қарттар – қазынамыз» деп науқандатып бастап, елтек­-селтек жүрген он шақты шал-шауқанға барлық жағдайды жасап­ қойдық. Енді «Жастарды қор­ғайық» деп ұрандатып, барабандатып бастап, он шақты ғана жасқа жағдай жасап  қойып  жүрмейік...

 

Күрестің  бір  түрі

Жемқорлықпен күресте ол пәтшағарлармен шаршы алаңда бетпе-бет жаға ұстасып, белбеу тартысып құмардан шыға күресе алмайсың...

 

Қанаттан  естігенім

Аспанда той болады десе, әйелдер баспалдақ іздей бастайды.

 

Абайлаңыз:  әйел!

Бай шыдатпайтын бейбақ...

 

Соңғы   сұрақ

Біреу бір қабатты үйде тұрады. Ал енді біреу бірнеше қабатты зәңкиген ғимаратта тұрады... Біреулер бір-екі бөлмелі құжыраны қанағат етіп жүр. Енді біреулер он бөлмелі үйге симай жүр... Ал ақырында бәрінің де соңғы тұрағы – төрт қабырғалы, белуардан келет­ін бейіттер...

 

Толып  жүр

Қартайған ақындар... Қартайған жазушылар... Қартайған белсенділер... Қартайған көшбасшылар... Қартайған қайраткерлер... Қартайған әкімдер... Қартайған жағымпаздар...

 

Енді  қайтесің?

Өз ақылың жетпесе, әйеліңнің ақылын місе тұт.

 

Машиналы  қыз

Шытырлап, шытынап, төбе шашы үрпиіп тұрған, көкбет қыздан гөрі оның моп-момақан боп томпиып тұрған машинасы әдемі екен.

 

Бүгінгі  демократия

Не айтсаң да айт, бірақ айқайлап айтпа, ақ плакатқа жазып айтпа...

 

Бас  ішінде

Біреудің басында баға жетпес ми бар, біреудің басында қапқа симас қи бар.

 

Желідегі  желікпе

Әлеуметтік желілер кейбір жарымес, жарты миларға жел бітіріп жер-көкке сыйдырмай  жүр.

 

Міне,  арман

Қазақтың бір арманы – асып, төгіліп, симай, сықсып, майы ағып тұрған мол дастарқан.

 

Өсу  бар

Бір жиналыстан шығып, шұбырып тағы бір жиналысқа баратын едік. Енді бір форумнан дабылдатып шығып, екінші бір форумға тақылдатып баратын болдық. Алда бір құрылтайдан сүмпиіп шығып, бір құрылтайға сүмірейіп кіретін уақыт келе жатқан сияқты...

 

Қампық

Қызметім өссе, қарным да өсу керек деп білетін далбалақ...

 

Жуан  мойын

Оның соңғы кезде мойнының күрт жуандап, тұтасып кеткені сондай – ақ пен қарасын қалт жібермей жазып отыраты­н екі иығындағы періштелерге қарауға қатқан желкесі иліктірмей қалды.

 

Мәселенің  мәні

Айызыңды қандырып айтушылар бар да, аяғына жеткізіп дәлелдеушілер жоқ.

 

Оқылмайтын  жазу

Туғанда-ақ маңдайына жазылып қойылатын тағдыр жазуын ешқашан да оқи алмайтының қиын-ақ...

 

Тұсау

Үлкен-үлкен жобаларды, ауқымды-ауқымды жұмыстарды аударып тастап істегің келеді. Алайда бұрыннан іске аспай майда-шүйде шаруаларың шалғайың­а  жабысып, ұзаққа  жібермей тұсаулайды  да  отырады.

 

Көп пен  аз

Кейде көптің ізіне ерсең де, жол таба алмай адасасың. Кейде азшылықтың айтқанына көнсең де, алдыңғы топтан орын  алатының  бар.

 

Өз  ортасы

Олардың ортақ өз «құндылықтары» бар: алыс-беріс, сатым-сауда, жымқыру-қымқыру, алдау-арбау... Алайда олар бір-біріне жымия күліп, бірін-бірі ар­қадан қағып, бірін-бірі қонақ етіп төрі­не шығарып, біртоға өмір сүріп жатыр...

 

Ризашылық

Жоғарыдағыларға деген зор құрме­тіміз бен бек ризашылығымызды бір шашау шығармай, күн сайын ып-ыстық күйінде, суытпай, желпілдете жеткізіп тұратын құрметті бес-алты шалымызға дән ризамын. Артық жұмыс, артық шаруа­дан біздің мойнымызды босатып отырғандары қандай жақсы-ақ! Әйт­песе, айтарымызды айтқымыз келгенімен, үлкен есіктерге кіре алмай жетім баланың күйін кешіп итшілеп жүр едік...

 

Қырық  түрлі  әдемілік

Күлген кезінде әдемі боп кететіндер бар, қосыла күлгеніңді білмей қаласың. Жылаған кезде әдемі боп кететіндер бар, сен де еріксіз еңкілдеп кеткің келед­і. Ұйықтаған кезде әдемі боп кетет­індер бар, дүние қапылса да, ұйқысын бұзғың келмейді. Сөйлеген кезде әдемі боп кететіндер бар, оған қосыла өзіңнің де сөйлеп кеткеніңді білмей қаласың. Бірдеңе сұраған кезде әдемі боп кететіндер бар, қолыңдағыны қалай беріп қалғаныңды аңғармай қаласың...

 

Сыңайы  мықты

Табан жалап тұрған бойы ажал жетсе­ еш алаңдамастан, тілін де жумастан өліп кетуге бар сыңайлы...

 

Ұлы  ұқсастық

Әке мен ананың Құдайға ұқсайтын бір ғана жері болса, ол оның баласына деген шексіз кешірімпаздығы...

 

Ұсыныс

Ана жерде жамырап, мына жерде жамырап жақтары ауырып жүрген одақтарды таратып, атына заты сай бір ғана Жағымпаздар одағын құруды ұсынамын.

 

Ебін  тапқан

Халықшыл  қайраткердің  маскасын мезгіл-мезгіл кие білетін шенеуніктер де бар...

Бас  пайда

Көп адам оны өзіне ағалық, жанындағыларға жанашырлық ақыл айтып жүр деп, сырттай сүйсініп, риясыз ризашылық танытып жүреді. Ал ол болса барлық жерде өз «саясатын» жүзеге асырып жүр...

 

Жау

Ойсыз қоғам – ойға жау.

 

Қымбат

Біреуге елден алған жақсы аты қымбат­, біреуге сатып алған мансабы қымбат. Біреуге ебін тауып алғаны қымбат. Біреуге сәтін салып бергені қымбат. Біреуге еңбегінің жемісін көргені қымбат... Ал енді біреуге мықтылардың соңына бұйдаланған түйедей сүмең-сүмең ергені қымбат...

 

Поэзия  құдіреті

Кез келген адам беріліп өлең оқыған кезде айрықша ажарланып, бет-жүзі байсал тартып, жаны жарқырап кетеді.

 

Бұқпа  отырыс

Халық алдында қасқайып тұрып сөйлеп, ақиқатты айтып ақтарыла алмаға­н «қаһармандар» кабинеттерінде бұғып отыр.

 

Білсе  ғой

Бақытсыз әйелдер ғана еркектерді күстаналайды. Өйткені олар әйелдің шынайы бақыты еркектің жуан мойнында, ыстық қойнында, қапсырған құшағында екенін білмейді...

 

Тепе-теңдік   жоқ

Ақылды адамдардың бәрі-бәрі талант­ты, ал талантты адамдардың бір бөлігі ғана ақылдан кенделік көрмей жүр...

 

Осылай

Көп жұрттың жыл өткен сайын жазатын­дарының ауқымы көбейіп, көлемі ұлғайып, сөздері молайып барады. Ал менің ақылым толып, жасым өскен сайын жазғандарымның қорамы қысқарып, сөйлемі азайып, бітімі моншақтай-моншақтай боп барады.

 

Логогриф  (жемқор)

Төкпелеп салсаң астауға, мал біткен жеп тояды-ай, соңына қоссаң бір сөзді, замана сұмы – қомағай.

 

Гендік  кодтың  дәлдігі

«Біздің бабаларымыз надан болған» деп жағы талмайтындарға жүйкеңді жұқартпа. Өйткені ол қасқа гендік код арқылы тек өз ата-бабалары туралы қақсап  отырғанын  білгейсің...

 

Өмір мен  өлім

Өмір – жақыңды  алыстатады. Өлім – алысты жақындатады.

 

Мешіт – кәрім   алдында

Жастарды мұрнынан тізіп тізімдеп, біртіндеп санап түгендеп, залды толтырыңдар деп көк желкелеп, топырлатып айдап келмей-ақ өздігінен жүректері нұрлана, алабұрта қуана келетін бір-ақ жерді көріп тұрмын, міне...

 

Пиә-пиә

Арқадан қағып қолдағысы келеді, бірге жүріп қоштағысы келеді, дауды­ра­тып мақтағысы келеді, ернін сыл­пылдатып сүйсінісін білдіргісі келеді. Бірақ, «жем» дәметкендей қолыңа, қалтаңа  жалтақ-жалтақ қарай беретіні несі?!

 

Бір  пәтерлік  ғұмыр

Бір бөлмелі пәтер алу үшін бар ғұмырын­ сарп еткен қасқа маңдай заманд­асым-ай!

 

Шыңырауға  құлаған

«Шындықтан қашқандар шыңырауға құлайды» деп шындықты айт­қандардың өздері шыңырауға құлап жатыр.­..

 

Өсу мен  көшу

Қызметте болар-болмас өсіп кетіп еді, басқа планетаға көшіп кеткендей болды: ыдыс-аяқ араласқан көршілері, стақан соғыстырған құрдастары, әзіл қағысқан  әріптестері таба алмай орнын сипап  қалды...

 

Кеше мен  бүгін

Кеше. Көрім-көрім биіктерге көте­ріліп ғажап болдың...

Бүгін. Ішкеніңді, жегеніңді «құсып» мазақ  болдың...

 

«Әңгімешіл»

Оны бәрі әңгімешіл көреді. Бастықтар оңаша шақырып әңгімелерін мез­гіл-мезгіл тыңдайды. Шындығында, оның тұздықтап айтып жүрген әңгімелері – өз айналасы туралы жоғарыға жеткізіп жүрген өсектері ғана...

 

Айырма

Бақытты адамға көп нәрсенің керегі жоқ. Ал бақытсыздардың құлқыны мен ниетінде шектеу жоқ.

 

Таңданыс

Өзіңді білімдімін деп есептемей­сің. Алайда көш бастадым деп кеудесін ұрып жүрген біреулердің өресіздігін көргенде, оны іштей түзетіп отырып, осы жұртты түзететін білім маған қайдан­ бітіп жүр деп өзіңе-өзің таңғаласың...

 

(Жалғасы бар.)

 


МЕДИЦИНАДА 170 ЖЫЛ ЕҢБЕК ӨТІЛІМІЗ БАР PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
05.12.2019 12:50

Арнайы  бетіміздің  тұрақты айдарындағы кезекті қонағымызбен  сұхбаттасудың  сәті түсті. Бұған дейін есепшілер мен ұстаздар әулеті туралы жазған болатынбыз. Жасыратын түгі жоқ, бұл жолы кейіпкер таңдау оңайға соқпады. Нәти­жесі­нде таңдау арманы – бір, мақсаты – ортақ, бол­мысы – егіз, бірге оқып, медицина саласында бірге қызмет етіп, бір шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған дәрігерлер отбасын­а  түсті. Ерлі-зайыпты стоматологтар Сұлтан Асанов­ пен Әсел Ералықызын көпшілік қауым жақсы біледі. Олар – дәрігерлер династиясын  170 жыл  еңбек  өтілімен  жал­ғап­  келе  жатқан  қарашаңырақтың   иелері.

- Әңгімеміздің басын таныстықтан бастас­ақ...

Сұлтан:

- Менің аты-жөнім – Сұлтан Мейрамбекұлы, 1985 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Қаладағы №12 орта мектепті аяқтап, 2003 жылы С.Асфен­дияров атындағы Қазақ ұлттық медицина­ университетінің стоматология факуль­тетіне  оқуға  түстім.

Әсел:

- Мен негізі Шығыс Қазақстан об­лысы, Үржар ауданының тумасымын. Кейіннен Алматы қаласына көшіп келіп, сонда тұрақтадық. Тарихы терең, шежі­реге­  бай Сыр елінің келінімін. Аты-жөнім – Әсел Әділбекова. Жолдасым екеуміз құрдаспыз. 2003 жылы мектеп қабырғасын  бітірген соң бала күнгі арма­ныма қол жеткізіп, С.Асфендияров атындағ­ы Қазақ ҰМУ-ға стоматология факуль­тетіне  құжат  тапсырып, сол мамандықты­  игеріп  шықтым.

- Қалай таныстыңыздар? Алғаш  таныс­қ­ан  сәтте ортақ болашақ күтіп тұр деген ой  болды  ма?

Әсел:

- Біздің таныстығымыз арнайы ұйымдастырылмаған. Екеуміз де бір факультетте, бір топта оқыған соң араласып-құраласып, дос болдық. Арада екі жылдан­ астам уақыт өткен соң ғана бір-бірімізге жақын екенімізді сезіндік. Сөйтіп жоғары­ оқу орнын 2008 жылы аяқтап, отбасын құрдық, бірге жұмыс істедік. Қазір Алланың берген перзентін тәр­бие­леп отырмыз. Жолдасым Алматы қаласында «Халық» тіс емханасында, Алматы облысы Ішкі істер департаменті емханасында қызмет етті. Өзім де осы салада еңбек етумен қатар бала тәрбиесімен айналы­стым.

- Екеуіңіз де – халыққа танымал стомато­лог-дәрігерсіздер.  Өзде­ріңізді дәрігерлер отбасы ретінде таниды. Сіздерден бөлек, медицина саласында жұмыс істеген, істеп жүрген жақындарыңыз туралы­  бірер  сөз...

Сұлтан:

- Иә, мұныңыз рас. Әкем Мейрамбек Асанов – Қызылорда облысына еңбегі сіңген бет-жақ хирургі. Облыстық медициналық орталықта жұмыс істеді, қазір облыстық көпбейінді балалар ауруханасында білікті дәрігер. Анам (марқұм) Күләш Ахметова да өмір бойы педиатр болды. Әпкем Ботагөз хирург, жолдасы кардиолог, кіші әпкем Қаракөз кардиолог, ал оның жолдасы терапевт болып қызмет етеді. Олар Алматы қаласында тұрады. Бір қызығы, ата-анам да, әпкелерім де, біз де – Алматыдағы ҚазҰМУ-дың түлектеріміз.

- Сіздерді  «дәрігерлер династиясы» десек­ те  жаңылыспайды  екенбіз. Отбасы мүшелерінің  жалпы  медицина саласындағы  еңбек  өтілі  қанша  жыл?

Сұлтан:

- Негізі мамандық игеруді адамның ең басты құндылығы, болашақ бағдары деп білемін. Сол құндылықты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтай алудың өзі – абырой. Бұл ретте біздің отбасы мүшеле­ріміздің дәрігерлер екенін аймақтағы медицина ұйымдарының қызметіне жүгінушілер жақсы біледі. Ал отбасы мүшелерінің медицина саласындағы жалпы еңбек өтілі 170 жылды құрап отыр.

- Тіс емдеу саласында жүргендеріңізге қанша  жыл  болды? Халықтың тіс емдетуге  құлқы  қандай?

Әсел:

- Бала кезден дәрігер болуды армандағаным, бертін келе мақсат етіп қойғаным бар, өз мамандығыма қызығушы­лығым зор. Медицина университетіне түскендегі қуанышым – өз алдына бөлек әңгіме. Әлгінде айтып кеткендей, жолдасым Сұлтан екеуміз ірі мегаполис санала­тын қалада да халыққа қызмет көрсеттік.  2013 жылы отбасылық жағдайға байланысты Қызылордаға толықтай  көшіп  келдік. Содан бері отбасылық кәсібіміз «АС-МЕД» тіс емдеу орталығының жұмысын жандандырудамыз. 11 жылдық тәжірибесі бар стоматолог ретін­де тістің кез келген күрделі асқы­нуын емдейміз. Негізі халықтың сұра­нысы бар, бірақ өте асығыс, тез емдеткісі келеді. Біз өз жұмысымыздың сапалы әрі сенімді шығуы үшін асығыстыққа жол бере  алмаймыз.

Отбасында бала тәрбиесіне қалай мән бересіздер? Балаларға жеткілікті уақыт бөліп  жүрсіздер  ме?

Әсел:

- Қазақтың мақалы бар «Атың жаман болса, қырың кетер, Балаң жаман болса, арың кетер» деген. Жұмысбасты болғанмен, бала тәрбиесін ақсатып алмауға тырыс­амыз.  Ананың алақанын айдындай көретін балаға әкенің мейірімі де ауадай қажет. Сол себепті тәрбиені бірге жүргіземіз, бос уақытта серуенге шығамыз, бассейнге, мұз айдынына, кино­театрға  апарамыз. Баланы тәрбиелеу үшін ата-ана алдымен өзін тәрбиелеуі керек. Өйткені бала әке мен шешенің айтқан­ын емес, олардан көргенін істейді. Украинн­ің әйгілі балалар жазушысы Василий­ Сухомлинскийдің «Адамға өзінің аналық немесе әкелік міндетін сезінуді жөргекте  жатқан  кезде-ақ үйрете беру керек»­ дегені  бекер  болмаса  керек.

- Балаларыңыз өскенде өздеріңіз секілді дәрігер болуды армандай ма? Мамандық таңдау­да  ата-ананың  балаға  ықпал жасағаны дұрыс  деп  ойлайсыздар  ма?

Сұлтан:

- Мәселен, мен ата-анамның дәрігерлік жұмыстарына қызығатынмын. Мамандық таңдауыма мүмкін осы жайт ықпал етті ме, бір жағынан балалық арманның жетелеуі де бар. Әйтпесе, мені «дәрігер бол» деп күштеген ешкім жоқ. Осы күні қыздарымыз өзіміз секілді стоматолог мамандығын оқимыз деп жүр. Әлі мектепте оқиды, сонда да мамандық таңдауларына кірісіп жүр. Баланың болашағы олар өмірдің үлкен даңғылына жет­кенше ата-ананың мойнында деп ойлаймын. Кей жағдайда ықпалдың жетегіне ерген жастар­ алған білімі негізінде емес, мүлде басқ­а салада еңбек етіп жүреді. Яғни, бұл ретте­ мәселенің екі ұшы бар. Біріншісі – балан­ың болашағына бейжай қарамай, маман­дық таңдауына ықпал ету, екіншісі – ата-ана өз мақсатына бала арқылы емес, балан­ың мақсатына жетуі үшін таңдауды өзіне  қалдыру.

- Соңғысы – біздің дәстүрлі сұрақ. Бала санын­а келгенде есепке әлде қазақы мента­литетке  жүгінесіздер  ме?

Әсел:

- «Бала – өрісің» дейді. Отбасындағы бар қызық – балалардың қуанышы. Сол қуанышымызды еселеуде ешқандай есепке жүгініп көрген жоқпыз. Алланың берген аманатына адал қараймыз.

- Уақыт бөлгендеріңіз  үшін алғыс  айтамыз!

Әңгімелескен  Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ

 


ЖАС МҰНАЙШЫЛАР ЖАРЫСЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
05.12.2019 12:30

Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялады. Жыл аяғы жақын. Күні бүгінге дейін елімізде жастар мәселесі бойынша озық істер орындалып, межелі мақсаттарға қол жеткізілді. Елбасы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында: «Менің ойымш­а, біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаламда Қазақстаннан тыс жерде жұмақ жоқ екенін, еш жерде, әлемнің ешбір елінде бәріне бірден ие болу мүмкін еместігін, туған елінде еңбек етіп, өз әлеуеттерін жүзеге асырулары қажет екенін атап көрсеттім. Мен жас ұрпақ үшін тиімді әлеуметтік лифтілер құру және өз бетінше өмір сүруге, ынталы еңбекке дағдылану жүйесін қалыптастыру қажеттілігіне  ерекше  тоқталдым»  деп  көрсеткен  болатын.

Жастар жылындағы жасампаз істерді еліміздегі іргелі мұнай компаниясы «Петро­Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ жалғастырды. «Жастар жылы» және Қазақстан мұ­найының 120 жылдығы аясында жастар арасында Құмкөл мұнай кенішінің мәдениет үйінде «ПетроҚазақстан жастарының арасында «Мұнай және газ өндіру жөніндегі үздік оператор» атағын иелену үшін байқау ұйымдастырылды. Шара операторлардың кәсіби шеберлігін, техникалық даярлық деңгейін арттыру, еңбекке деген шығармашылық көзқа­расты дамыту және оларды қолдау мақсатында өткізілді. Оған бас-аяғы 29 жасқа дейінгі 12 жас маман қатысты. Қатысушыларға компания директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Брюс Андерсон, өндіріс жөніндегі дирек­тордың орынбасары Хун Яньчунь, өндірістік  қызметтер жөніндегі директордың орынбасары Бақыткүл Есіркепова, кеніштегі өндіру технология бөлімінің бастығы Нурудулла Жолдыбаев,  ЕҚжЕҚ (БиОТ) тобының жетек­шісі Ербол Бекжанов қазылық етті. Сонымен қатар үміткерлердің жұ­мыстарын бағалайтын  сарапшылық топ та болды. Олардың құрамында ең­бекті нормалау жө­ніндегі топ жетек­ші­сі Нұрлан Әліпбаев, техникалық қызмет көрсету тобының жетекші­сі Әділбек Нұрқышев, техно­логиялық бөлімінің жетекші инженер-технологы Нұрлан Асанов, материалдарды және шығындарды бақылау жө­ніндегі тобының жетекші инженер-механигі Бақытбек Тұр­башев, еңбек қауіп­сіздігі және еңбекті қорғау  жө­ніндегі  инженер  Құрманбек Ахметов  бар.

Жарыс басталмас бұрын мұнайшы мамандарға компания директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Брюс Андерсон лебізін жеткізіп, сәттілік  тіледі.

- Құрметті қатысушылар, сайысқа қош келдіңіздер! Мұн­дай  жарыстар  әрқайсысыңыз­ға пайдалы болады деп есептеймін. Өйткені осы арқылы сіздер кәсіби біліктіліктеріңізді жетілдіресіздер. Өзім де мұнайшылық жолындағы карьерамды оператор болудан бастадым. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, - деді ол.

Байқау екі бөлімнен тұрды. Алғашқы сында қатысушылар теориялық сауалдарға жауап берді. Тест сынағы 20 бақылау сұрағынан және әр сұраққа берілет­ін жауаптардың 4 нұс­қасынан тұрды. Әрбір дұрыс жауап 0,5 балға бағаланады. Тест сынағы үшін берілетін балдардың ең көп саны – 10 балл. Ал екінші бөлімде мұнайшылар сағалық тығыз­даманың жоғарғы камералары мен жұмыс істеу камераларының манжетін ауыстыру бо­йынша өзара бақ сынасты. Практикалық  бөлімді орындау кезінде жұмыстың орындалу сапасы, тапсырманы нормативтік уақыт бойынша орындауы (15 минуттан аспау керек), қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау қағидаларын сақтауы, жұмыс орнының  және киімнің көрнекілік мәдениеті­ ескерілді. Екі турда да қатысушылар өздерінің кәсіби біліктіліктері мен шеберліктерін барынша көр­сетуге ты­рысты.

- Бұл іс-шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сонда да өте жоғары деңгейде өтті. Осының басы-қасында жүрген ұйымдастырушылардың үлкен еңбегі бар бұл жерде. Жас мамандар, сіздер болашақта талай сынға түсетін боласыздар, бұл әлі басы ғана. Кәсіби шыңдалу осындайдан басталады. Алдағы уақытта тек сәттілік серіктеріңіз болсын, - деді сарапшылық комиссия төрағасы Нұрлан  Әліпбаев.

Сонымен сайыстың екі бөлімі  бойынша 12,5 ұпаймен Серікбол Шынбергенов, 15 ұпаймен Мақсат  Қыдыр­баев, 15,5 ұпаймен Жандос Ташкенбаев, 16 ұпаймен Нұр­бол Қалмаханов, 17 ұпаймен Ержан Кенжебеков, 17 ұпаймен Жеңісбек Аққоянов, 17 ұпаймен Алтынбек Ағым­баев, 17,5 ұпаймен Нұрсұлтан Әбдімүталіп және 17,5 ұпаймен Жеңіс Кеулімжаев ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Ал жүлделі ІІІ орынды 18 ұпаймен Ерлан Тұрлы­баев (қысқа толқынды пеш), ІІ орынды 18 ұпай жинаған Нұрболат Балманов (үй кинотеатры) жеңіп алды. І орынға 19,5 ұпаймен Досхан Құлмашев (теледидар) ие болды.  Сондай-ақ жеңімпаздарға бас­қар­ма басшылығы атынан қатысушылардың ата-анала­рына алғыс­ хат пен сыйлықтар табысталды.­

- «Құмкөл» мұнай кенішінде 4-разрядты оператор болып жұмыс  істеймін. Осы сайыста  жүлделі І орынға ие болып жатырм­ын. Бұл шара біздің кәсіби шеберлігімізді одан ары арттырып, жемісті еңбек етуімізге­ мотивация болды деп есептей­мін. Теория да, прак­тикалық та тапсырмалар қиынға соққан жоқ. Күн­делікті жұмысымыздың  тапсырмалары  болды. Осында жұмыс істеп жатқаны­мызға 5 жылдай болды.­ Ұйымдас­тырушыларға үлкен алғысымды айтамын, - деді «Үздік оператор­» атанған Досхан  Құлмашев.

Сайыста ІІ орынға ие бол­ған Нұрболат Балманов қар­сыластарының да осал болмағандығын  жеткізді.

- Мен осы жарыстың ұйымдастырылғанына қуаныш­тымын. Менің қарсыластарым да – өз ісін жақсы меңгерген білікті мамандар. Оңайға соққан жоқ. Мұндай шаралар әріп­тестерімнің  мамандықтарына деген  сүйіспеншілігін оятады деп  ойлаймын, - деді  ол.

Айта кетейік, байқауға тек «Құмкөлден» ғана емес, бір­неше кен орындарынан қатысушылар  келген.

- Бұған дейін біздің компа­нияда өрт қауіпсіздігіне байланысты жарыстар өтетін еді. Биыл «Жастар жылына» орай осы іс-шара ұйымдастырылып отыр. Қатысушы 12 үміткер әртүрлі кен орнынан келді. Атап айтқанда, «Құмкөл», «КАМ», «Майбұлақ» және «Арысқұм» кен орындарынан үміткерлер қатысты. Жарыс өз деңгейінде ұйымдастырылды. Жұмысшы мамандарға өте үлкен мотивация болды деп ойлаймын,- деді Мұнай және газ өндіру жөнін­дегі бастығы Бағдатбек Тобашев.

Қоғамның қозғаушы күші саналатын жастарға тың сер­пін, үлкен құлшыныс беретін мұн­дай байқаулардың маңызы зор. Петроқазақстандықтар  мұндай іс-шара алдағы уақытта да жалғасы­н табады  деп отыр.

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ,

Андрей  Тайгунов (суреттер)

 


АЛАША ХАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
05.12.2019 12:15

«Өткеннің парқын танымай тұрып,

бүгін мен болашақты дұрыс  бажайлауға болмайды».

Ақселеу  Сейдімбек

Қарт Ұлытауға жолың түсіп бара қалсаң, бірінші кезекте бабаларымыздан қалған, көненің көзіндей ескер­ткіштерді көруге асығасың. Олар: Шыңғыс ханның бел баласы Жошы ханның мазары (XIII ғ.), Домбауыл (XII ғ.), Аяқ қамыр сағанасы (XI ғ.), Болған ана (XIII ғ.) мен Жұбан ана (XIII ғ.) мазарлары, Едіге Таудағы Едіге бидің бейіті, Ақмешіт әулие (XVI ғ), Алтыншоқы (1391 ж), Қаракеңгір өзенінің бо­­йында­ғы Алаша хан мазары (ХI ғ.), Дүзен мазары (XIX ғ.), т.б. Күні бүгінге дейін «Таңбалы тас», «Хан Ордасы», «Хан көтерген», «Хан қыстағы», «Хан Аралы», «Хан Басы», «Ордабазар», т.б. деп аталатын жер-су атаулары және олармен қосақтасып жеткен аңыз-әңгімелер – хандарымызға қатысты небір сырға толы шежіре әңгімелер.

Міне, мұның бәрі де қазақ халқ­ының ғұмырнамасында елеусіз қалдыруға болмайтын айғақ-деректер. Ал, осы ескерткіштер Ұлытау аспанының астында жатқан ашық музей дерсің. Сол ескерткіш­тердің арасында Алаша хан мазары – өзінің салыну мерзімімен де, бітім тұлғасымен де, сырлы атауымен де Қа­зақстандағы ең алдымен көңіл аударатын тарихи ескерткіштердің бірі. Оның үстіне, Алаша хан ескерткі­шінің бітім тұлғасы да, көр­кемделу тәсілі де әлгі құрылыстардан мүл­дем бөлек, басқ­а  талғаммен  салынған.

 

Ақселеу Сейдімбек: «Осынау­ ғажайып күмбезді иеленіп жатқан Алаша кім? XI-XII ғасырда Ұлытау топырағына мейлі тізесі батсын, мейлі қадірі артсын, әйтеуір осынша көңіл білдіріп, құрмет көрсететіндей Алаша деген кім еді? Мына сияқты хас өнер осыдан мың жылдай бұрын мына құла түзде қалай ғана бой көтерді екен? Мұның бастау алған көзі қайда жатыр? Кез келген тарихи, архитектуралық мұраның мән-маңызын талғам безбеніне салып баға беру үшін сол мұраның дүниеге келген уақытын, дүниеге әкелген қоғамын, қандай себепте­рмен, кім үшін са­лын­ғанын анықтау керек. Сонда ғана оның көркемдік құдіреті жарқырай көрінеді. Сонда ғана асыл мұра шын мәнінде халықтың рухани игілігіне айналады», - деп ой толғапты (Қазақ әлемі. Ал­ма­ты, 1997, 346-б).

Халық арасынан Алаша хан туралы жазып алған аңыз-әңгімелер сан алуан, түрлі нұсқасы XVIII-XIX ғасырларда қырға шыққан белгілі орыс ғалымдары мен саяхатшыларының еңбек­терінде кездеседі. Мысалы А.Диваевтың, К.М.Федо­ровтың, Г.Н.Потаниннің, А.И.Левшиннің, Ш.Уәлихановтың, А.Янушкевичтің, Абай Құнанбаевтың, берідегі Ә.Марғұланның, Қ.Сәтбаевтың, А.Сейдімбектің, Қ.Сал­ғараұлының, Ә.Қайдардың, т.б еңбектерінде бар. Осы аңыз-әңгімелердің ішінде көңіл  тоқтататын  жеті  дерек­ті  айтып  кетеміз.

Біріншісі, Нестеровтың Қазалы уезінің Мақпал бо­лысындағы 78 жастағы Тәңір­берген Жайлаубаевтан 1900 жылдары жазып алғаны: «...қазақтардың пайда болуы, Алаштың хан, Алашаның би болуы Сыр бойына ноғайлардың келуімен орайлас», - деп Алашаны хан демей, би деп Ноғайлы дәуіріне алып барады (Қазақ әлемі. Сонда, 350-б).

Екінші, Шоқан жазып алған аңызда: «Туранның ханы Абдулланың немесе Абдул­-азиз ханның алапес ұлы Алаша болған. Көне дәс­түр бойынша алапестігі үшін Алаша қуғын көріп, Сырдың солтүстік өңіріндегі далаға қуылған. Бұл жақта Алаша күш жинап, жігіттерін үш жүзге жеткізеді. Бірақ төңі­регіндегі елдің шабуылы, аштық пен суық қаңғып жүрген үш жүз жігітті әбден титықтатады. Осындай қиын шақта Алаш есімді дана қарт ұшырасады да, ақыл береді. Қаңғып жүрген жігіттер мұнан кейін бас құрап, әл жинап, Алашты батагөй ру басы етеді, ал Алашаны хан сайлайды. Бірақ көршілер бұрынғыша қаңғыбас деген мағына беретін «қазақ» атауы­мен атап кетеді. Кейін, 1392 (1391) жылы Ақсақ Темір Тоқтамысты шабуға бара жатқан жолында Алашаның ұрпағы Амет пен Самет есімді екі ұлын өлтіреді. Демек­, Алаша XIV ғасырдың орта түсында өмір сүрген болуы­ керек»,- дейді (Ч.Ч.Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах. А-А, 1961. I-том, 206-212-бб). (Қазақ әлемі. Сонда, 348-349-бб).

Шоқан Уәлиханов: «Қа­зақтардың шыққан тегі туралы­ аңыздың ендігі жал­ғасы нақтырақ болып келеді: Темір (Темірлан) Тоқтамыс­қа қарсы бірінші жорығында, кезбе қазақтардың мекені Қарақұм арқылы өтіп бара жатып, олардың ұлыстарын тас-талқан етіп, Амет, Сәмет деген екі ханын дарға асып, өздеріне нағыз дінді уағыз­датуға және шамандық (бақсылық) ұғым сенімнің тамырын кесуге арнайы ұстаз машай­ықтарды жібереді», - деп жазады (Таңдамалы, Алматы­, 1985, 117-б).

Үшінші, «Киргизская степная газетада» жарық көрген «Алаша хан, оның ұлы Жошы хан туралы аңыз» атты материалда Жошы хан Алашаның ұлы ретінде баян­далады. Егер Жошының Алаша­дан туғаны рас болса, онда әрине, Алаша деп отыр­ға­ны Шыңғыс хан болып шығады­», - деп Ақселеу Сейдімбеков жазады (Күңгір-күңгір күмбездер. Алматы, 1981,197-б).

Төртінші, Қойшығара Салға­раұлы «Қазақтың қилы тарихы» атты роман-эссесінде «Қазақтың Алаша ханы кім?» деген зерттеуінде: «Аңыздағы Алаша хан мен тарихи нақты тұлға Қасым ұлы Хақназарды шендестіреді. Алаша хан мен Хақназар­ хан арасындағы бірлікті ал­ғаш аңғарған адам – Мұхаммеджан Тынышпаев. Сол кезең оқиғаларын көне тарихи­ деректер мәліметіне сүйене отырып талдау жасаған ол қазақтың Алаша ханы басқа емес, осы Хақназар (Ақназар) деген байламға келед­і...», - деп топшылайды (Алматы, 1992, 128-б). Оқырман Алаша хан туралы болжамдар мен пікірлерді толық білгісі келсе, осы кітаптан оқып алар дейміз.

Бесінші, Абай Құнанбаевтың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» мақала­сында: «Әмір Темір нәсілінен Құмар Шаих ба­ласы, белгілі Бабыр патшаның  шешесімен  бір  туысқан­ екі бауыры болған. Үлкені Ташкентке хан болып, кішісі қазақты билеген. Бұлар Шаға­тай нәсілінен Юніс ханны­ң балалары болған. Сол қазақты билегеннің аты Ахмет екен. ...Ахмет хан қалмақты көп шауыпты, көп қырыпты. Қалмақ рақымсыздығына қарай «мынау бір алаша­ болды ғой» депті, жан алушы болды дегеннің ор­нына. Сондықтан ол кісі Алаша хан атаныпты. ... «алаш-алаш» болғанда, Ала­ша­ хан болғанда, қалмаққа не қылмап едік» деп ұранды қазақ атанған себебі сол екен»,  - деп жазыпты (Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Екінші том. Алматы, 1977, 233-234-бб).

Алтыншы, Әбдуәли Қайдардың «Қазақ қандай халық?» атты зерттеуінің «Қазақ этносының «Алашқа» қатысты қандай?» атты тарауында осы күнге дейін баспа бетінде жарық көрген көп­теген «Алаш», «Алаша» туралы айтылған ойларды жазыпты, тек Сыпыра жыраудың «Алаш», «Алаша хан» туралы жырын жазбапты (Алматы, 2008, 403-416-бб).

Жетінші, Радик Темиргалиев: «Существуют и другие данные, которые также свиде­тельствуют о том, что реаль­ный хан Урус и мифический хан Алаша могли являть­ся одним и тем же чело­веком. Первым из исследователей эту мысль еще в XIX в. высказал Л.Майер, котор­ый, комментируя све­ден­ия А.И.Левшина об Урусе­ и Алаше, отмечал, что «едва ли это не одно и то же лицо». Достаточно подробно это версия проработана Ж.Сабитовым в статье «Алаша-хан». Как в ней справедливо отмечено, тождество Урус-хана и Алаша-хана подтверждается и сведениями, собранными Ч.Валихановым, в которых прямо говорится о том, что сыновья мифического Алаша-хана, так же как и сыновья реального Урус-хана, были убиты эмиром Темуром. Примерная дата строительства мавзолея Алаша-хана также совпадает по времени с годами правления Урус-хана. Может быть со временем будут найдены и новые сведения, подтверждающие эту версию», - деп Алаша ханды Ақ Орда ханы Орыс ханмен шендестіреді (Ақ Орда. Алматы, 2012, стр.84, 85).

Қадырғали Жалайыр «Ұрыс хан туралы дастанында»: «Одан соң Ұрыс хан Алатау­ төңірегіне қоныс тепті. Ол жер өте үлкен және биік тау еді және онда жақсы жа­йылым­дар, сулар мен бұлақтар да көп еді. ...Ұрыс хан неше жылдар бойы осы елде патшалық қылды. Ақыр ая­ғында солтүстік жақта Қаштам деген жерде дүние салды», - деп жазады (Шежірелер  жинағы. Алматы, 1997, 114-б).

Радик Темиргалиев: «Хан Урус умер, по всей вероят­ности, своей смертью в на­чале­ 1377 г. местечке Каштим», - деп көрсетеді (Ак Орда. Алматы, 2012, стр.88).

Жоғарыдағы Алаша хан туралы жеті болжам мен пікірлер қысқартылып беріл­ді, тарихшылардың болжамдарына түсініктеме мен ескерту берілген жоқ, тек зерттеушілердің кітаптарының атын жаздық. Қызыққан оқырман өздері оқып алып, қорытынды жасар дейміз.

Алаша ханға қатысты қазақ совет ғалымдары, әдебиетші, зерттеушілерінің де айтқан әр алуан пікірлері мен болжамдары жетерлік. Олардың бәрін тізе беру міндеті­міз емес. Алайда осы келтірген деректердің өзі­нен-ақ бір мәнді арқау назар аударғандай. Ол – «қазақ» этнонимі­нің дүниеге келуі және үш жүздің пайда болуы ұдайы Алаша хан оқиғаларымен қосақтаса айтылуы.

Шоқан бірінші Қазақ хандығының құрылуы кезін: «Сонау аласапыран замандарда (авт. - Алтын Ордада аласапыран Бердібек хан 1359 жылы өлгеннен кейін басталды) Қазан, Қырым, Астрахан хандықтары құрылар алдында, Алтын Орда мен Шағатай ұлыстары құрамындағы рулар өздерін сақтап қалу мақсатында, әртүрлі елдерге, әртүрлі жерлерге қоныс аударды. Бір-бірімен одақтасып, барған жерлерінде Шыңғыс тұқымдарын ша­қыры­п, хан көтерді. Осындай шиеленіскен жағдайлардың нәтижесінде саяси қауымдар (одақтар) құрылып, қайтадан мемлекеттік сипат ала бастады. Сарайшық қаласы төңі­регінде – Ноғайлы елі, Ташкентте – Моғолстан, Сейхун (Сырдарияның) солтүстік дала­сында – Қазақ хандығы  құрылды», - деп жазуы, 1465 жылы Шу өзенінің бойында Қозыбаста, Керей мен Жәні­бектің Қазақ хандығының ірге көтеруінен 100 жыл бұ­рын болғанын байқауға болады­ (Таңдамалы, Алматы, 1985, 110-б).

Осы уақытқа дейін жинақталған материалдардың ішін­де тек қана Алаша хан мазары­ емес, жалпы Орталық Қазақстандағы сәулет өнері туралы, оның тарихи тамыры турал­ы аса құнды деректер мен ғылыми бағдарламаларды Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ә.Х.Марғұлан бастаған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы жинақтады. Экспедиция жетекшісі: «...өзінің құрылыс бітімі болсын, ою-өрнегі болсын Алаша хан мазары караханидтер дәуірінің (X-XI ғғ.) алғашқы кезеңімен көп жағдай­да сәйкес келіп жатады», - деп жазған.

Күні бүгінге дейін қазақ арасында Алаша хан, Алаш есіміне қатысты айтылатын аңыз-әңгіме сан алуан. Ғалымдардың арасында Алаша­ хан мазарының аталу, салыну себебі болжамнан, топшылаудан әрі аспай жүр.

Мардымсыз тарихи деректер мен өте бай аңыз-әңгімелердің басын біріктір­генде, Алаша хандығының ірге көтергеніне сендірмей қоймайды. Кезінде Әлкей Марғұлан қазба жұмыстарын жүргізіп, бекініс қалашықты егжей-тегжей зерттеген. «Ұлытау қалашықтарының ішіндегі ең ежелгісі – Қаракеңгір өзенінің оң жақ қабағында еңселі жонның үстін­де, Ұлытау кентінен солтүс­тікке қарай 30 шақырым жерде­ орналасқан Алаша хан қалашығы­. Бұл ірі сабан кірпіштен қаланып және қиыршық тастар мен өзеннің ұсақ тастарын балшықпен араластырып салынған бекініс. ...ұзындығы – 200 м, ені – 115-120 м, қалыңдығы – 8-12 м, биіктігі  2 м-ден 4 м-ге дейін. Бұрыштарда биіктігі 8 м-ге жете­тін, диаметрі 20 м-дей мұнараның орны бар. Қабыр­ғалары ормен қоршалған», -деп баяндай­ды (Байпақ­ов К. Қазақстанның ежелгі қалалары. Алматы, 2005, 244-б).

Алаша хан бекінісі мен Алаша хан күмбезі уақыт жағынан бір-бірімен қарайлас, XIV ғасырдың жәдігерлері дейміз.

Хош, Алаша хан туралы азды-көпті білгендерімізді осы арадан үзейік те, Алтын Орда дәуіріне иек артайық. Мүмкін Алаша хан ұрпағының Алтын Орда хандарымен байланысы бар ма екен?

Тохта (1291-1312 жж.) ханның Елбасар есімді сүйікті ұлы бар-ды. Тағына мұрагерлікке соны қолай көріп, оның бағына таласады деп өзге ұлдары мен інілерін түгел қырғызып тастайды. Солардың қатарында інісі Тоғырылшы да кетті. Оның әйелі грек қызы Байалын келін еді. Ол қанды қасаптан аман қалған ұлын Черкес тауларына сенімді адамдармен қашырып жібереді. Байалынға үйленген Тохта әлі де біраз ғұмыр кешеді...

Ол тақты тапсырар ұрпақ таппай, істеген ісіне азабын тартып, төсекте күңіреніп жатқанда, Байа­лын келін шындықтың бетін ашады­. Тохта сенімді бектері қият Исатай­ мен сидтжиут Алатайды ­баланы алып келуге шаптырады, олар келсе Тохта өліп, хан тағын ұйғыр Бажыр Тоқ-Бұға деген бек­лербек басып алып үлгерген екен. Исатай тақта отырған оның басын қағып, қазыққа шаншып қаланы аралатып жібереді де, Өзбекті хан (1312-1342 жж.) қояды.

Осы, Өзбек Орда-Еженнің ұрпақтарынан басқа Жошының он жеті ұлынан өрбіген төрелердің иелікте­рін тартып алып, қият Исатай бекке қоңсы ғып қосып береді. Жошы  ұрпақтарының  құлдығы 1359 жылға дейін созылды. Өзбек өзі билік құрған 1312-1342 жылдар аралығында төрелерді маңына жолатп­ай, қараларды – жергілікті тайпа өкілдерін көтерді. Ибн-Баттута 1334 жылы Сарай қаласында болға­нда Алтын Орданың ұлы беклер­бегі алшын Иса бек (Айса), әмірлері қоңырат Нағадай (Хорезм әмірі), қоңырат Әлибек, Иса маңғыт­ еді (История Казахстана в арабских источниках. Том. I. 2005, 217-222-бб Аударған Әнес Сарай. Ноғайлы). «Осы  жайлар  Өзбектің  Бату  ұрпа­ғы екеніне күмән туғызады. Оның Жошы әулетінен болмауы әбден мүмкін. Византия патшасының қызы Байалын әуелі Тоғырылшының, сосын Тохтаның, кейін ұйғыр Бажыр Тоқ-Бұғаның, ақырында Өзбектің әйелі болды. Моңғолда тоқал шешеге үйленгенмен, өзінің туған шешесіне үйлену болмаған. Демек, Өзбек хан Байалыннан ту­маған­», - деп Әнес Сарай осындай тұжырым жасайды (Ноғайлы, 395-б).

Р.Ю.Почекаев: «Вторая реформа оказалась еще более радикальной: Узбек постарался если не уничтожить, то по крайней мере, свести к минимуму власть удельных Чингизидов, постепенно заменяя их своими наместниками. ...Первым «полем для экспериментов» стали Синяя Орда. После смерти ее правителя Эрзена*, хан отстранил от власти ее наследственных прави­телей, потомков Орду б. Джучи, и назна­чил своим наместником в восточ­ном крыле эмира Исатая (Астая)­ из рода кият. ...До 1361 г. Синяя Орда находилась под властью Исы Кията и его потомков – ханских наместников», - деп Өзбек ханның­  Көк Орданы басқаруға Иса­тай­ды  тағайындағанын  жа­зады (Цари  Ордынские. Санкт-Петербург, 2012, стр.111).

Бұл арадан байқайтынымыз, Көк Орда ханы Орда Ежен ұрпағы Эрзен* өлгеннен кейін тақ мұрагері баласын Мубарак-Ходжаны отырғызбай, Өзбек ханның бұйрығымен Исатай (Иса) беклербек шамамен 1320 жылдардан бастап­ Көк Орданы (Ақ Орда) басқара­ды, сол уақыттарда Көк Орданың астанасы Сығанақ қалас­ы  болатын.

Р.Ю.Почекаев: «... ему удалось лишь на седьмой год своего правления – к 1320 г., когда он почувствовал себе достаточно уверенным для столь радикальных преобр­азований. ... В 1328 г. Мубарак-Ходжа, сын Эрзена, поднял восстание против наместника (авт. - Исатай) и провозгласил себе даже не правителем, а независимым ханом синей Орды, начав чекани­ть монету с собственным именем. Узбек отправил против него своего старшего сына Тимура­ с войсками, которые разгромили Мубарак-Ходжу. До 1361 г  Синяя Орда находилась под властью Исы Кията и его потомков – ханских наместников», - деп жазуынан Исатайды осы шамада Көк Орда билеушісі есебінде тағайында­ғаны және мұрагерлері 1361 жыл­ға дейін басқарғаны байқалады (Сонда,­ 111-б). Соңғы уақытта осы Көк Орданы Ақ Орда деп айту­шылар  көбейді.

Автордың түсініктемесі: Джучи­–Орда-Ежен*–Саргахтай–Баян–Сазы-Буга–Эрзен*Мубарак­-ходжа* (сонда, кесте №1, 402-б).

Михаил Каратеевтың «Русь и Орда» кітабында Ақ Орда хандарының тізімін береді: «Орда-Ежен (1252*)– Саргахтай– Коничен (Кончи, Кцчю) – Олсы-Буга (1310*)– Эрзен (1321*)– Мубарак-ходжа (1345*)– Чимтай (1360*)– Урус (1378*)– Токтакия (1378*)– Темур-Малик (1379*)– Тохтамыш (1405*) 12-й Великий хан Белой Орды и первый хан объединенной Орды (Москва, 1991, стр.498).

(1252*, ....1405*) – Ақ Орда хандарының өлген жылдары көрсетілген.

Р.Ю.Почекаев пен М.Кара­теев Ақ Орда хандарының тізімінде 1320-1361 жылдары Ақ Орданы басқарған Исатайды және оның ұрпақтарын көрсетпейді. Яғни, Алшындар (төрт­қара) 40 жыл Ақ Орданы билегені туралы тарихшылар мен зерттеушілердің еңбектерінде кездеспейді.

Алтын Орданың аумағын В.В.Трепавлов: «Размеры Золотой Орды поражали воображение современников. Мусульманские авторы утверждали, будто она простиралась с запада на восток на шесть или восемь месяцев пути, а с севера на юг – четыре или шесть.

По традиционным тюрко-монгольским канонам государство делилось на две половины – крылья правое и левое с границей по реке Яик (Урал). Это были автоном­ные ханства с собственными правителями. Столицей ханства правого крыла был город Сарай­ на нижней Волге, столицей левого – Сыганак на Сырдарье», - деп көрсетеді (Орда самовольная. Москва, 2015, стр.12). Сығанақ қаласы Ақ Орда хандығының орталығы­  болды.

Радик Темиргалиев: «Если судить­ по казахской легенде, записанной в 1741 г. геодезистом И.Муравиным, ставка Чиркатлу  (в тексте именуемого Чингыру) находила­сь в Янгикенте (Жанакенте)», - деп Исатай беклербектің ұлы Чиркатлу (Қыдырғали Жала­йырды­ң жазуы бойынша Шарқат­лы- Чиракутлы) деп жа­зады­ (Ак Орда, Алматы, 2012, стр.83).

Әлібек  САБЫРБАЕВ

(Жалғасы бар.)

 


ШӘКІРТІН ШЫҢҒА ШЫҒАРҒАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
05.12.2019 12:09

«Ақынға қара сөзден өлең оңай» деп, осы бір қара өлеңнің төңірегінде ғана қалам тербеп жүрген адамның расымен де мақала жазуға зауқы соға бермейді екен. Әлеуметтік желіде бірер нәрсе сүйкей салып жүргеніміз болмаса, газетк­е материал беруге орашолақпын. Әйтсе де, бүгін көңіл қалауы осы бір шағын мақаланы жазуға итермелеп отыр. Оған себеп – әріптесім Ботакөз Рахманқызы  Таңқыбаева.

Несібеміздің бұйырысы ма, мәде­ниет­  саласындағы үшінші жылымда күтпеген жерден сол баяғы мұғалімдік жұмысыма қайта оралып, Текей батыр Қарпықұлы атындағы колледжге орналасқан болатынмын. Жүрегіме де, болмысыма да жақын қазақ тілі мен әде­биетінен сабақ беремін. Мұндағы ұжым өте жылы қабылдап, құдды бұрыннан істеп келе жатқандай тез етене боп кеттім. Жұмыстастарымның әрқай­сысы бір-бір мақалаға лайық, әйтсе де осы бір аяулы оқытушының ерен еңбегі мен жетістігіне риза болдым ба, қолға қалам алдым.

Жаңадан орналасып, 1-курстың бір тобына кураторлық етіп, жұмыстың қызығы мен шыжығына қойып кеткен оқу жылының басында күллі ұжымды қуаныштан мәре-сәре қылған бір жағдай болды. Мен сөз еткелі отырған әріптесіміз республика бойынша «Жылдың­ үздік мұғалімі» атанып, үш миллион теңге сыйақы ұтып алыпты. Нақтылай айтқанда, «Үздік педагог – 2019» деген республикалық жарыс өтіп, бас жүлдесі әріптесімнің еншісін тиді. Еліміз бойынша 4 мыңға жуық ұстаз қатысқан дүбірлі додада оза шабу – Титовты­ң түкпіріндегі техникалық колледж­  үшін  ғана емес, күллі қаламыз, қала берді бүкіл Сыр елі үшін толағай­ табыс  емес пе?! Облысымыздан­ шыққан екі «Үздік педагогтің» бірі – менің  әріптесім!

Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы марапатт­аудан  қайтып, ұшақтан түсетін күні  таңертең  жұмысқа барсам, бәрі оны  күтіп  алуға қамданып, қарбаласып­ жатыр екен. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл апайымыз  маған «Ботаны күтіп алғанда алды­нан шығып бірер шумақ өлең оқысаң қайтеді?» деді. Мен үшін күтпеген жағдай­  емес. Солай болуы тиіс еді. Жаздым.­  Оқыдым.

Колледжім-ау, бүгінгі

Дабысыңнан айналдым!

Даңғырайтқан даңқыңды

Елорда төрінде өткен

Жарысыңнан айналдым.

Сол жарыста қол жеткен

Табысыңнан айналдым.

Сол табысқа кенелткен

Ботакөз Рахманқызы,

Намысыңнан айналдым!

Биікке шықпай қоймайтын

Табандылығыңнан айналдым!

Мұғалім дейтін мерейлі

Мамандығыңнан айналдым!

Ботадай ғана сүйкімді

Пошымыңнан айналдым!

Жұмысқа неткен адалсыз?

Осыныңнан айналдым!

Ақ жұпар гүлді толтырған

Құшағыңнан айналдым!

Уақытында қондырған

Ұшағыңнан айналдым.

Ашық болған бүгінгі

Аспанымнан айналдым.

Құшақ жая қарсы алған

Достарыңнан айналдым.

Арқа-жарқа осындай

Қызығымнан айналдым.

Бір әулеттің баласындай

Ұжымымнан айналдым!

Табыстары толағай

Берекеңнен айналдым!

Осы сәтке дөп келген

Мерекемнен айналдым!

Қадірлі әріптестерім

Бар бағыңнан айналдым.

Текей бабам, жар болған

Аруағыңнан айналдым!

Айналамның бәрі қызу қошеметтей жөнелді. Тоқтаусыз қол шапалақ, риясы­з ризашылықтың бәрін бір сәт өзіме қабылдап қалғанымды қалай жасы­райын?! Негізі, мұның бәрі Ботакөз­ге еді ғой. Бабы келісіп, бағы жаныпты.

Оның бұған дейінгі жетістіктерін тізбелеп, бітірген оқуын, алған білімін сала құлаш жазып отыруды артық көремін. Мерзімді басылымдарда бір­неше рет жарияланып та үлгерді. Шыңға жетелеген шәкірттерінің қарасы қалың. Өзі бірнеше рет әдістемелік құралдар да шығарып үлгерген  екен.

Жас шамамыз қарайлас болғанымен, одан үйренеті­нім көп екенін түйсінем. Ұжымның әлеуметтік желідегі ортақ тобында барлық оқушыларымыздың жетіс­тіктерін, алған алғыстарын, сонымен қатар барлық мұғалімдердің қатысып жатқан жарыстарын, көрсеткен нә­тижелерін қуана хабарлап, құттықтап  отырады.

Осы жазбамды жай ғана баспасөз  бетінде  әріптесімді құттықтау  ретінде  жариялап отырмын.  Алда  бұдан да биік белестер күтіп тұр. Оның бәрін бағындыру Ботакөздің қолынан келеді деп сенемін. Білім беру саласында ғана емес, отбасы мен айнала, дос-жарандарының  ортасында  да абыройлы болып, көшбасшылық қасиетінің оң нәтижелерін  ғана  көрсін  деп тілек  білдіремін.

Ғабит КӘДІРБАЙ,

Текей батыр Қарпықұлы

атындағы колледждің

қазақ тілі мен әдебиеті

пәнінің мұғалімі

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Желтоқсан 2019 >
            1
2 3 4 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары