Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
Сәрсенбі, 18 Желтоқсан 2019

ЖАЛҒЫЗДЫҚТЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ – ҰЛЫ СӨЗ... PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
19.12.2019 11:40

Поэзия

 

Ботадай боздап аспан жылайды,

Алдайды бәрін түлкі үміт.

Жапырақтардан жас тамшылайды,

Жапырақ жүрек бұлқынып.

Созады қолын жетім көңілім,

Құдайын аңсап барады ол.

Дұшпанкөз біреу секілді өмірім,

Өтірік күле салады ол.

 

Қандай адамбыз, неткен дүлейміз?

Қарлығаштарым, қоныңдар.

Жерден таппасақ, көктен тілейміз,

Ол жақта қандай өмір бар?

 

Жалғызсыратып жұтар әр күйді,

Қағидат бәлки шариғат.

Сезесіңдер ме жұпар аңқиды,

Жаңбырдан кейін табиғат.

 

Жауады жаңбыр, кейде өкініп,

Ойнайды өмір күйсандық.

Жауған жаңбырды үйде отырып,

Тәңірдің нұры дей салдық.

 

Бәлкім ол – менің анамның жасы,

Ғаламның жасы, наласы.

Жарық дүниені қараң қылмашы,

Ей, Адамзаттың баласы!

 

Жылап тұр аспан, жұбата алармыз,

Күліп тұр оған көп күнә.

Пенделер біздер күнәһарлармыз,

Періштелерде жоқ кінә.

 

Ғаламды былғап ғасыр өткенде,

Тәңірден рақым сұрамай.

Жұмыр жер толса қасіреттерге,

Көк аспан қайтсін жыламай...

29.10.2019ж.

***

«Барлық ақын – баласы бір ананың».

Мұқағали Мақатаев.

 

Жазмыштан, жалғыздықтан, жалқыдан

Көше кезіп, бордай тозып бәлен жыл.

Жүрегінен Құдай иісі аңқыған,

Ақындары ішіп кеткен әлем бұл.

 

Шұрқыраған құлындары өлеңнің,

Бұрқыраған шылымдары шоқтанып.

Ей, қара өлең, сен қай жылы көнердің...

Қара басып, қайда кетті Ботпанов?

 

Жалғыз өлең, жалғыз ауыз жылы сөз,

Жүрегіңді жарып шықса қайырлы.

Жалғыздықтың жанайқайы – ұлы сөз,

Тәңіріңді танып шықса қайырлы.

 

Ақын кеуде жанартауы өмірдің,

Жанып сөніп талай өлең көз ілді.

Жынды су да ала арқаны өлімнің,

Өлмейтіндей сезінгенмен өзіңді.

 

Сол жалғыздық бар ақынның наласы,

Тұл тірлікті құлдай болып кешкім жоқ.

«Барлық ақын – бір ананың баласы»,

Әкемізді танытатын ешкім жоқ...

***

Қара басып қажытып жүр қандай зіл?

Қараңғының көзін ашса шамдай жыр.

Қара суға қанған шөлім неліктен,

Мейірімге қанбай жүр...?

 

Мына жарық кімге жалған, кімге шын?

Жүректесің, жүрегіммен біргесің...

Махаббатқа көп адамдар сенбейді,

Жолы болмай жүргесін...

 

Намысым-ай бар мен жоққа жыртылған,

Мен бүрледім сол адами ғұрпымнан.

Не істер екем көпес достар бір күні,

Сатып кетсе сыртымнан...

 

Ай да жалғыз, күн де жалғыз көктегі,

Құдай жалғыз, мұңсыз қылған жоқ мені.

Жалғыз жарым адамдар бар тағдырлы,

Тағдырына өкпелі...

 

Адам біткен айналмай ма молаға,

Ақ пен қара, бақ пен нала обал ә!

Өз Құдайың жүрегіңде өзіңнің,

Жүрегіңді қаралауға бола ма?!

 

Қызыл-жасыл түрленеді дүние,

Тәңір бар ғой тағдырыңа кім ие?

Бәрі жақсы болатынын білсем де,

Бәрі бір кем дүние...

 

ДҰҒА  ЖЫР!!!

(Рүстем  Жанайға  арнау)

Ей, құбыласы түзу құтпан шал,

Қабылан жатыр қатынның,

құрсағына ұл бітсе,

Құдайдан сені тіледім.

Құдайын аңсап жұп-жұмыр,

құжыра болған жүрегің.

Кеудесін кекке толтырып,

Мен көзін ашқан бөлтірік,

Жапанда жырмен түледім.

Сен Құдайға ғана құл едің,

Қазаққа асыл ұл едің.

 

Адам боп тудың шешеден,

Көгерді сөзден көсегең.

Ескерткішіңе бара жататын күн туса,

Сенің атыңдағы көшемен.

Алла жар сонда Ақұдай қазақ қуанса,

Атамның құнын кешер ем.

Құлпытасыңда жазулы тұр ма қашалып,

Маңдайыңдағы пешенең.

 

Ақын тірілген Ар ма күн!

Сеземін сенде ақиқат барын, ар барын.

Ажалға өксіп лағнет айтқан шығарсың,

Адамға өршіп рақмет айтқан шығарсың.

Өлеңнен іздеп ғаламның ғайып бар мәнін,

Дұға жырымды дүние ғапыл қалса да.

Тал бесіктегі адам кейіпіңе,

Жер бесіктегі ақын рухыңа арнадым.

 

Тыңдашы көке!

Көкірегімді ғасыр күйігі кернейді,

Жетіскеннің Желмаясы желмейді.

Абдулланың жоқтығына ел сенбейді.

Қазалыда ақындарға Кеңсай жоқ,

Қара орман жұрт жүрегіне жерлейді.

Құдайақы ондай ақын өлмейді...

 

Ей, құбыласы түзу құтпан шал,

Қабылан жатыр қатынның,

Құрсағына ұл бітсе,

Құдайдан сені тіледім.

Сен бірақ әлі тірі едің....

***

Жабырқаған көңілімнің толқуын,

Жақсы көрдім күйреп мен.

Адамдардың қоштасудан қорқуын,

Жалғыздық қой үйреткен.

 

Торыққанда өлең кешу, сөз кешу,

Адамдардың жай мұңы.

Кездейсоқтық болмаса екен кездесу,

Қоштасулар қайғылы.

 

Жақындар да қылған мені керексіз,

Жалғыз жарым жортамын.

Жақсы көрем сені ешбір себепсіз,

Жоғалтудан қорқамын.

 

Құдайдың да құзырында жоқ ісі,

Қатын жолда маған да.

Жолда тұрған қатындардың көбісі,

Бұзылғаннан аман ба?

 

Хош көңілдің саған ауған аңсарын,

Ескі өмірім қаппай ма?

Мен өмірде өтіріктен шаршадым,

Бақыт қайда, бақ қайда?

 

Ақталу ол адалдыққа сендіру,

Жүрегіңді тыңда Ботам ұятты.

Жүрегіңді ақылыңа жеңдіру,

Бақытсыздық сияқты...

 

Ақмешітте есі кетіп ұнатып,

Жүрген ақын бақсы ғой.

Астанада Есіл сені жұбатып,

Еркелетсе жақсы ғой.

20.08.2019ж.

***

Кешір мені жүрегім, жұмыр етім,

Кезің көп қой өмірден түңілетін.

Сезім жоқ қой қайтесің бордай тозып,

Ол білмеді сезімнің құдіретін.

Кешір мені жүрегім, жұмыр етім.

 

Сені әуреге салдым ғой батпан мұңмен,

Бақытымды сұрадым батқан күннен.

Мен былғандым ғаламның былығына,

Сен кірлеме соға тұр пәк қалпыңмен.

Құдай үшін алдыңда ақталдым мен.

 

Жылатады жұлмалап неге сені?

Менің жаным жылауық емес еді.

Іште кеткен баланың тағдырындай,

Аянышты адамның келешегі.

Аямайды адамдар неге сені...

 

Жалғызсың ғой не сонша қараң қалдың,

Тәңір жасын көл қылып жанарлардың.

Жалғыздығын сездіріп шаншисың ғой,

Жалғыздықтан шаршаған адамдардың...

 

ТОҚАШ  ДОСЫМА!

Тілдеме досым тіршілігіңді,

Күндеме мәнін ғұмырдың.

Сезеді Құдай құлшылығыңды,

Сезбесе неге жығылдың?

 

Жұттың ба жұпар тылсым деміңді,

Барсың ғой барсың тірісің.

Естиді Құдай күрсінгеніңді,

Айқайлай берме құрысын.

 

Шыр еткен шақтан шапағат берді,

Жөнің жоқ еді алаңдар.

Мөп-мөлдір таза махаббат берді,

Былғады оны адамдар.

 

Ар, намыс берді, арпалыс берді,

Талауда талай қалғанмын.

Жеңдіріп мұңға арқа күштерді,

Жағасын алдық жалғанның.

 

Жүзі мақтаса, мыңы тілдейді,

Тағдырдан кінә көрме сен.

Күдік сейілер, үміт өлмейді,

Өлімнен бұрын өлме сен.

 

Қара басымды қаңтарып кетті,

Махаббатыма сеніп ем.

Көп достар менен жалтарып кетті,

Жалғыздық қалды менімен.

 

Шуақ түспейді көңілге кектен,

Ит қана туған үруге.

Ақың жоқ сенің өмірде кеткен,

Хақың бар бірақ сүруге.

 

Жаныңмен сүйші жұмыр ғаламды,

Кім үшін бірақ кім үшін...?

Естиді Құдай сыбырлағанды,

Айқайлай берме құрысын...

Ақжол  ТҮМЕНБАЙ

 


АЛАША ХАН PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
19.12.2019 11:35

Өлең жолдарында Саназар* батырдың жаудан жаралы боп келгені ауызға алынады. Кетіктен 35 шақырым жерде Саназар әулиенің моласы жатыр. Ыбырай ахун Құлбайұлы да білімімен Сырымды тоқтатқан атақты бай Саназарды еске алады (142-б). Өлкетанушылар бұл есім иелерін XVIII ғ. тумалары деп біледі. Ал Сыпыраның Саназары болса, XIV ғасырдың ел қорғаны болған атақты батыр. Ол басқа емес, төртқара Айтұлы Саназар батыр болса керек», -деп көрсетеді (Ноғайл­ы, Алматы, 2009,  47-49-бб).

Ауызша  шежіре  бойынша алты  Әлімнің  Қарамашақ (төртқара) руын таратқанда: Қарамашақтан–Жаншүгір–Сабылтай–Майлық–Торым, Рыскелді, Айт, Қожас, Кенжес болып бес аталыққа бөлінеді.

Айттан: –Беген, Орақ, Қалқабай, Сарназар. Сыпыраның жырындағы Саназар мен шежіредегі Сарназар – бір адам. (XIII-том, 4-кітап. Қаракесек бірлестігі (Әлім, Кете, Шөмекей), Алматы, 2010, 230-б). Алты Әлімнің Қарамашақ (төртқара) руының  Жаншүгір аталығындағы Айтұлы Сарназар – (Саназар­) дейміз.

Едіге батыр жырында Саназа­р батыр туралы, Ш.Уәлиханов жазып алған нұсқада – Саназар – ноғайлы батыры; Қаныш Сәтбаев жарияланған нұсқада – Саназар – бұрынғы өткен батырлардың бірі деп көрсетеді (Алматы,1996, 362, 363-бб). Айтұлы Саназар XIV ғасырдың кейіпкері, тарихта бол­ған. Қиялдан туған әдеби кейіпкерлер емес, өмірде болға­н, тарихта із қалдырған тұлғалар екенін дәлелдеу.

Алтын Орда хандары Өзбек, Жәнібек хандардың заманында өмір сүрген Сыпы­ра – Алтын Орда жырауы­. Қазақ әдебиетінде Сыпыраны  Ноғайлы  жырауы деп, ноғайлыға телиді. Но­ғай­лы ұлысы тарихи есігін ашардан бұрын дүниеден озған­. Сыпыра Өзбек хан, Жәнібек және Алтын Ордаға кейін хан болғандардың, сол заманның мемлекеттік тұл­ғаларын, аталмаш батыр­ларын етене жақсы білген, жырына арқау еткен. Тоқтамыс, Едіге қандай тарихи тұлға болса, Сыпыра да – сондай тарихи тұлға. 1334 жылы Ибн Баттута Сарайшықта болғанда: «Осы қалада түрік нәсілінен шыққан егдерген, сыйлы адамның ғибадат­ханасы бар. Оны Ата деп атайды. Ол бізге дастарқан жайып, батасын  берді» деуін­де мән бар (История Казахстана в арабских источниках. Том. I. Алматы, 2005, 232-б). Әлкей Марғұлан Баттута кездест­ірген діндар Атаны – Сыпыра деп біледі (Ежелгі жыр, аңыздар. Алматы, 1985, 147-б). Ол: «Тоқтамыс пен Едіге айтысып жүргенде жүзге келген Сыпыра жы­рауды Тоқтамыс күйме арба жіберіп, Маңғыстаудан сарайға  алдырып, оның кеңе­сін  тыңдайды», - деп  жазады (Сонда, 147-б).

Ш.Уәлиханов Сыпыра жырау шығармаларына  бірін­ші  назар  аударған.

Шоқаның жазып алған жырын Мелиоранский «Тоқта­мыс  жыры»  жина­ғына енгізеді. Сыпыра жыраудың «Тоқтамыс  жыры»:

«Мен  қартыңмын, қартыңмын,

Не көрмеген қартыңмын.

.....................................

Он екі тұтам оқ атқан,

Одан соңғы ер Шыңғыс,

Оны көрген кәріңмін.

Мұнарасы қырық құлаш

Өзден сұлтан Жәнібек,

Оны көрген кәріңмін.

Ұлы бабам Домбауыл,

Соны көрген кәріңмін.

Жүз сексенге келгенде,

Сонша хандар өткенде,

Жас та болсаң Тоқым хан*

Сені көрген кәріңмін» (Сон­да,­ 218-б) (Ноғайлы, 47-б).

Сыпыра жыраудың айтып отырғаны – Жақайым шежіресіндегі Шыңғыс. Әлімнен: Жаманақтан (шекті)–Шың­ғыс, Өріс, Баубек тарайды.

Шыңғыстан: Жақайым, Қалу (Мәку – шын аты, тауып­ алған  ұлы).

Жақайымнан: Ақбура, Шалбура (Тоқбура), Ақыс, Көгіс болып төрт аталыққа бөлінеді. Едіге батыр жырында, Ш.Уәлиханов жа­риялаған нұсқада: Ер  Шың­ғыс – бұрынғы өткен, Сыпыра жырау көрген хан деп көр­сетеді (Едіге батыр. Алматы, 1996, 362-б).

Шыңғыс – XIV ғасырдың бірінші ширегінен кейін өмір сүрген Өзбек хан,  Жәні­бек хан, Тоқтамыс ханның тұстасы. Сыпыраның айтып отырған Тоқым ханы* – Тоқтамы­с   хан.

Адай руынан шыққан Сыпыра­ Алтын Орда зама­нының жырауы десек, одан кейінгі шекті Жамбай Ноғайлының атақты ақылман, сөз зергері, әйгілі жырауларының бірі болған. «Қырымның қырық батыры» топтамасында солардың бірі – «Ақжонас ұлы Ер Кеңес». Мұрын жырау жатқа білетін жырлардың тізімін айтып жаздырғанда: «Ақжонас батыр. Оның ұлы Кеңес батыр, Оның ұлы Жамбай  батыр» деп  көрсеткен. Жамбай – но­ғайлы  заманының  жырауы.

Эпостың басты кейіп­керлері Едіге, Тоқтамыс, Сәте­мір, (Ақсақ Темір), Сыпыр­а, қосалқы кейіп­кер­лері  Тоған, Айса ұлы Ахмет – бәрі-бәрі ізі бар тарихи тұл­ғалар десек, Жамбай да өмірде  болған адам. Ауызша шежіреде:

Әлім–Жаманақ (шекті) –Өріс–Айдарбек, Есеналы;

Айдарбектен–Татран*, Алтынбай, Күлік*; Күліктен*– Берше, Құлым, Жанбай, Тоқас­; (Үсенбаев Т. Алшын шежіресі. Қызылорда, 2003, 271-б).

Едіге батыр жырында: Шоқан жариялаған нұсқада – Кеңестің ұлы Кеңжанбай – Тоқтамыс ханның қол астындағы батыр; Қ.Сәтбаев жа­риялаған  нұсқада – Кеңестің ұлы Кеңжанбай – Тоқтамыс ханның  қоластындағы  батыр; Ә.Диваев жариялаған нұсқада – Кеңестің ұлы Кеңжанбай – Едігенің серігі; М.Жүсіп-Көпеевтың нұсқасында – Кеңестің ұлы Кеңжанбай – Тоқтамыстың батыры;­ Мұрын жырау нұс­қасында Кеңестің ұлы Кеңжанбай немесе Жанбай би; Нұртуған жырлаған нұсқада –Кеңес ұлы Кеңжанбай – Құбылдың жолдасы деп көрсетеді (Алматы, 1996, 362-365-бб).

Шекті тайпасының Татран мен Күлік аталықтары орыс жылнамаларының бе­тіне­  түскен.

Әлкей Марғұлан, Алтын Ордадан ірге айырып алғаш «қазақ шыққан» Айса ұлы Ахмет­ деп біледі. Ол: «XIV ғасырда қазақ халқын жеке біріктіруге зор күш салған атақты Ер Айсаның ұлы Ахмет.­ Ол Алтын Орда ханы Жәнібектің (1343-1357 жж.) қызын ертіп жүріп, Ордадан қырға келіп қазақ хандығын құрды. Ахмет Жәнібектің қызын алған күйеуі. Аңыз ­бойынша Жәнібек оны іздеу­ге Ордадан Алаушын (алшын) бастаған үш жүз жігіт жіберді. Олар Ахметтің қа­сында қалып қояды. ...Ақсақ Темір Тоқтамысқа қарсы аттаны­п бара жатып (1391ж.) жол-жөнекей қазақ ұлысын қатты қиратып, оның хан­дары Ахмет пен Сәметті өлтірді» («Жұлдыз», №1, 1984, 132-146-бб). Едіге батыр жырын­да, Мұрын жырау жырлаған  нұсқада – Айсаұлы Ахмет – Едігенің  серігі, батыр­ дейді (Алматы, 1996, 364-б).

Ш.Уәлиханов тағы да баян етеді: «Ақсақ Темір Тоқтамы­сқа бірінші жо­рығында (1391 ж) Қарақұм өңірімен өткенде ағайынды Ахмет пен Сәметтің  ұлысын талқандап, екеуін асып өлтірді. Ол шамандықты түп тамырымен жойып, шын дінді орнықтыру үшін ма­шайы­қтарын жіберді», - деп көрсетеді (Валиханов Ч. Том I, 212-б).

Автордың ескертпесі: Ш.Уәлихановтың: «Ол шамандықты түп тамырымен жойып, шын дінді орнық­тыру үшін машайықтарын жіберді», - деп жазғаны жаңсақ­ пікір дейміз. Ахмет Өзбек ханның туған жиені, Жәнібек ханның күйеу баласы­, ал Сәмет Жәнібек ханның күйеу баласы болса, Алтын Орда ханы Өзбек мұсылмандықты қабыл­дамағаны үшін 70-ке жуық Шыңғыс ұрпағын өлтіріп жіберген. Ал оның ұлы Жәні­бек хан Ордада мұсылмандықты уағыздаған, мұсылман болған. Өзбек пен Жәні­бектің күйеулері мұсылман болмай шамандықты қол­дады деген болжамы дұрыс емес  дейміз.

Л.Гумилев  Өзбек  ханның Исламды мемлекеттік дін ретін­де  қабылдағаны  туралы: «...и объявил ислам  государственной религией Золото­й Орды. Царевичи и нойоны, отказавшиеся предать­ веру отцов были казнены»,­ - деп көрсетеді (Древняя Русь и Великая степь. Москва, 2004, 566-б).

Бұл арада Ақсақ Темір Ахмет­ пен Сәметті басқа себепте­рмен өлтірген болуы мүмкін. Батыс пен шығыс тарихш­ыларының шығар­маларында  бұл  оқиға  туралы  жазылмаған.

Айса ұлы Ахмет баяғы Алаш хандығының күлдігі Алаша хан бекінісіне жақын жердегі Ордабазарды астана етіп, Қара Кеңгір, Сары Кең­гір бойында жаңа хандықтың уығын шаншып, Алаш атын қайта тірілткен сияқты.

Ауызша шежіре бойынша Қарамашақтан (төртқара) –Оразгелді–Беген–Добал –Тәлтекем–Олжай, Сапай, Құлтаба  болып  тарайды.

Олжайдан – Айтқұл, Ахмет,­ Сахмет болып бөлі­неді (XIII-том, 4-кітап. Қаракесек бірлестігі (Әлім, Кете, Шөмекей), Алматы, 2010, 222-б).

Сәмет кейін ауызша шежіре­ні түзегенде Сахмет болып айтылып кеткен болуы мүмкін. Сәмет пен Сахмет бір адамның  аты  дейміз.

Жоғарыда айтылған Ахмет­ пен Сахмет (Сәмет) төртқара руынан болса, Өзбек ханның Алтын Орданың ұлы беклербегі алшын Иса бек (Айса) төртқара тайпасы­нан, Батыс түрік қағандығының соңғы қағаны Ашина Хэлу-Қалу (Ышпара) ұрпақтары немесе берідегі Қарахан әулетінің нәсілінен болуы да ықтимал. Бұл туралы  «Шекті руының құпия тарихы­ның» бірінші кіта­бының (2017 ж.) «Төртқара (Қарамашақ) руы» туралы жазылған  XI  тарауынан оқуға  болады.

«Алшын жырларының баст­ы  кейіпкері Айсаның өзге тілді әдебиеттерде Иса боп хатталатыны даусыз. Біз іздеп отырған Айса-Иса туралы­ 1334 жылы араб саяхатшы­сы Ибн-Баттута егжей­-тегжей жазып кетіпті. «Ұлы сұлтан  Өзбектің қызы туралы»  бөлімінде: «Әке­сінің ордасынан алты миль жердегі  бұл қатынның, патша­ қызының ордасына бардық. Оның күйеуі әмір Иса да келді. Оның қызы сұлтанның әйелі еді, жұ­байы­мен бір кілемнің үстіне жайғасты. ...Жиһанкез (Ибн-Баттута) Иса бектің қызы Өзбек ханның төртінші әйелі Урдуджа туралы жылы сөзді аямаған. ...Ол аға әмір Иса бектің қызы, ұлыс басшысы, әмір­лердің әмірі деген ма­ғынада. Онымен көзі тірі кезінд­е жолық­тым, ол – сұлтанның қызы Иткудуджуктің күйеуі. Бұл қатын сұлтан әйелдері арасындағы жақсысы, өзгеге жанашырлығы мен мейірім­ділігінде  шек  жоқ» (История Казахстана в  арабских  ис­точни­ках. Том I Алматы, 2005,  221-222-бб. Аударған  Әнес  Сарай. Ноғайл­ы, 396-б).

Сөйтіп, Исаның (Айсаның) әмірлердің әмірі, Алтын­ Орда империясының екінші басшысы – беклербек (бас қолбасшы) екеніне көз жеткіземіз. Иса (Айса) өз қызы Ордашаны (Урдуджаны) Өзбек ханға әйелдікке беріп, өзі Өзбектің қызы Иткүш­ікке (Иткудуджукке) үйленген. Иса (Айса) Өзбекке әрі күйеу, әрі қайын атасы. Оның ұлы эпостық Ахмет батыр – Өзбек ордасының гүлі, барлық «көрініс» сал­танаттарының сәні, Алтын Орда империясында аса ықпалды Иткүшік бәйбі­шеден туған ұл, Өзбек ханның  туған  жиені.

1375 жылы Новогород үшкуйниктері (өзен қарақшылары) Еділмен төмен сырғып­, Астраханға келіп, құл сатады. Осыған орай орыс жылнамаларына тө­менгіде­й дерек түскен: «Осы кездегі Астрахан князі Салчей­ (әлде Салчен) деген еді. Ол Жәнібектің жиені, Өзбектің күйеу баласы Әмет­тің ұлы еді» (Зайцев И.В. Астраханское ханство М., 2006, 18-б).

Жылнамада: «Салчей (или Салчен) – внук Жанибека и сын Амата, зять Узбека» делінген.

Р.Ю.Почекаев «Цари Ордынс­кие» атты зерттеуінде: «...к власти в Хаджи – Тархан (Астрахан) пришел эмир Салчи, который был сыном­ эмира Амата Исы – гурген­а* и дочери хана Джаниб­ека», -деп көрсетеді (Санкт-Петербург, 2012, 167-б). Аматты Өзбектің күйеу баласының ұлы деген. Шамасы, Иса (Айса) өліп, аты көмескіленгендіктен, орыс жылнамасына енбеген­. Ал Аматтың эпостық Әмет батыр екенінде дау жоқ. «Гурген*» деп хан қызына үйленгенді атайды.­ Мысалы Ақсақ Темірді гурген деп атаған.

Ә.Марғұлан Ахмет Жәнібек ханның қызына үйленген деп жазады, ал Р.Ю.Почекаев Аматың (Әмет) ұлы Сәмет (Салчи) Жәнібек ханның қызына үйленген дейді. Яғни, Ахмет пен Сәмет (Салчей) Жәнібек ханның қыздарына үйленген болады.

«Алшын жырларын» ширата келіп, бұрын ауызға алына бермеген ғажап тарихтың үстінен түсеміз. Өзбек, Жәнібек хандар тұсында алшындар (авт. - шекті мен төртқара рулары) Алтын Орда тағының төңірегінде болып, ханнан кейінгі ең жоғарғы лауазы­м беклербектікке қол жеткізіп, Орданың ішкі-сыртқы саясатына шешуші әсер еткен.

Өзбек пен Жәнібектің Хажытарханды Сәметке билеуге бергені байқалады. Әмет ұлының мұрагерлік жолмен онда билеуші болып отырғаны жоғарыдағы (орыс жылнамасында) деректе айтылған. Осында орыстар қате хаттаған Салчей (Салчен) Шоқан Уәлиханов пен Әлкей Марғұлан атап көрсеткен Ақсақ Темірдің қолынан өлетін Сәмет (Сахмет) болса­  керек.

Ә.Марғұланның айтуынша, Иса (Айса) бектің ұлы Ахмет қазақ даласына, дәлірек айтсақ, Орда­базарға өзгелерден бұрын «қазақ шығып» кетіп, дербес­ Қазақ хандығының іргетасын қалаушы. Шамасы­, Алтын Орда төңірегіне қайтып оралмай, Ұлытауда қалып қойған Ахметке Тоқтамыспен сыйыса­ алмаған інісі Сәмет (Сахмет) ел-жұртымен көшіп келген. Себебі: «Хажытарханды Өзбек, Жәнібек заманында алшындар билесе, 1396 жылдан бастап Тоқтамыс Қараталды өлтіріп, тағын тартып­  алатын  Темір-Мәліктің ұлы Темір-Құтылық биледі.

«1391  жылы  Тоқтамысқа  Ұлытау  арқылы  жорық жасаған  Ақсақ Темір оларды дінсіз, пұтқа табынушы  деп  дарға  асып  өлтірген.

Сөйтіп Алтын Ордадан жырақ Ұлытауда, Ордабаза­рда алшындардың жаңа қонысы пайда болды»­, - деп Әнес Сарай ойын қорытады (Ноғайлы, Алматы, 2009,  215-222-бб).

Жоғарыда жазғандарымызды бір тұжырымдап алсақ, білетініміз Алтын Орда ханы Өзбектің бас беклербегі (бас қолбасшысы) – Иса - Исатай (Айса). Иса – (Айса) Өзбек ханың күйеу баласы әрі қайын атасы. Исаның (Айса) ұлы Ахмет – Өзбек ханның жиені. Исаның (Айсаның) бірге туған інісі Әметтің ұлы Сәмет (Сахмет). Ахмет пен Сәмет (Сахмет) Жәнібек ханның  қыздарына үйленген, Жәнібек ханның күйеулері. Өзбек хан кезінде, Исаға (Айсаға) бағынышты алшындар (алты ата Әлім ішіндегі төртқара, шекті, қаракесек, қарасақал, шөмекей мен кете рулары) Сарай қаласының, Жәнібек пен Бердібек­ хан кезінде Сарайшықтың төңірегінде болды.­

Тарихи сараптаулар Алтын Орданың беклербегі Исатайдың (Иса) ұлы Жыр-Құтлу, оның ұлы Теңіз Бұға болғанын растайды. Қадырғали Жалайыр жазып­  отырған Шарқатлы – осы Жыр-Құтлу.

Сонымен жылнамаларда жазылып жүрген қият Иса (Айса), оның ұлы Айсаұлы Ахмет пен Әметұлы Сәмет (Сахмет) алшын алты ата Әлім ішіндегі төртқара руынан деп айта аламыз. Не себепті жылнамал­арда Исаны (Айсаны) қият руынан деп жазғаны арнайы зерттеуді қажет етеді.

Әнес Сарай: «Жаңа ханнан жаңа лауазым дәметке­н Жошы тұқымына: «Киелі тақты қарадан қорғай алмасаңдар, қараға құл болғандарың лайық» деп көздеріне жіпке тізгендей ғып, түгел Исатай бекке қоңсылыққа қосып берді», - деп түйіндейді (Ноғайлы. 421-422-бб). Иса - Исатай бекке (Айсаға) қарамағына берілген Жошы тұқымының жайсаң­дарының саны 17 болды.

Алтын Орда хандары: Өзбек, Жәнібек, Бердібектің (авт. - Мамай Бердібек ханның қызы Тұлынбек ханымға үйленген. Автордың 2014 жылы жарық көрген «Мамай: аңыз бен ақиқат» атты зерттеуінен оқуға болады) кездерінде Алшын Әлім тайпасы төртқара, шекті рулары, демек Алтын Ордадағы билік түгелдей­ Алшын  (төртқара мен шекті) тайпасының қолына көшкенін  байқауға  болады.

К.Серикбаев «Тайны тысячелетий тюркского мира» еңбегінде: «Бердибек правил всего три года до 1360 г. Власть в 1361 г. в свои руки взял энергичный Мамай, который правил до 1380 г.», - деп көр­сетуі Алтын Орданы алшындар 1380 жылға дейін билеге­н (Алматы, 2011, 298-300-б).

Ең бастысы, Алтын Орданың (авт. - астанасы Сарайшық немес Жанкент) сол қанатының Теңіз-Бұға бастаған алшындар (шекті, төртқара рулары) Сыр бойына қоныс аударады.

 

Әлібек  Сабырбаев

(Басы өткен сандарда. Жалғасы бар.)

 


СЕКСЕН ТӨРТТЕГІ ТӨРТ ЧЕМПИОН PDF Print Email
Жаңалықтар - Сергек
19.12.2019 11:20

1984 жылы ақпанның соңы, наурыздың  басында Ташкентте бокстан Кеңес­ одағының кезекті чемпионаты өтті. Советке қараған 15 одақтас республика мен Мәскеу, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) боксшылары 12 салмақтың жүлдесін  сарапқа  салды.

Осы чемпионатта қазақ батырлары 12 бас жүлденің 4-еуін қанжығаға байлады. Ресей – 3, Украина 2 алтынды олжаласа, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан командалары бір-бір алтын медальға ие болды.

КСРО чемпионатындағы ең бірінші медаль 1947 жылы Махмұт Омаровқа (қола) бұйырса, содан табандатқан 33 жыл бойы одақтың алтын жүлдесі қазақ былғары қолғап шеберлеріне жеткіз­бей келді. ХХ ғасырдың бел ортасы­нан бері жалғасқан құрсауды бірінші болып 1980 жылы Серік Қонақбаев бұзса, іле-шала, 1982 жылы Серік Нұрқазов Алаш ұландарынан екінші болып­ КСРО чемпионы атағына қол жеткізді. Яғни, сексен төрттегі дүрмекке дейін бар-жоғы екі чемпион! Бұл қазақ спортшыларының әлсіздігінен емес. Мәскеудің отар ұлттардың ұл-қыздарын шідерлеп ұстаған саясатының салдары еді. Әйтпесе, Мақсұт Омаров пен Әбдісалан Нұрмаханов бастаған қаншама оғландарымыз жеңіске лайық бола тұра, Кеңес одағының чемпионы атағына жете алған жоқ.

Енді, міне, сол тұста әлемдегі ең мықты бокс державасының бірінен санала­тын Кеңес одағының чемпио­натында күтпеген жерден төрт бірдей қазақ – Кәрімжан Әбдірахманов (48 кг), Серік Нұрқазов (57) Серік Қонақбаев (67) және Асылбек Қилымов (75) жеке-дара шықты. Бұл жеңіс барша­ алаш жұртын дүр сілкіндірді. Елдің еңсесі көтеріліп, арқа-жарқа боп қал­дық. Ол кезде біздің ұлттың жастарынан­ қазіргідей әлем, Азия чемпиондары жылда шығып жатқан жоқ еді. Бокстан бар болғаны екі Еуропа чемпионымыз бар еді: Қонақбаев пен Нұрқазов. Олимпиа­да мен әлем чемпионатында Қонақбаев ұтып алған екі күміс жүлде біз үшін алтыннан кем емес. Не нәрсе­нің де аз кезде қадірі артық болады ғой. Қазір бағамдай қарасақ, осы төртеудің тарихи жеңісімен империяның спорттағы сірескен сеңі сөгіле бастаған тәрізді. Ең бастысы, қазақ жігіттері өздерінің ешкімнен кем еместігін жан жүрегімен сезінді әрі нағыз жеңістің қандай болатынын ұқты. Сонымен бірге алдыңғы толқын ағаларына жасал­ған сан жылғы қиянаттың қарымтасын қайтарды. Осыдан кейін Алаш ұлдарының спорттың әр түрінен КСРО чемпионаттарында олжа салуы жиілей баста­ды. Өзіңіз ойлап қараңыз, чем­пио­натты өз төрінде өткізген өзбектер бір алтынды зорға алды, халқының саны сол кездің өзінде 43 миллионнан асқан украин­дар  екі  алтынмен  шектелді.  140 миллион орыс орманның өзі алты жарым миллион қазақтың жаужүрек ұлдарына тосқауыл қоюға жарамады. Қазақ құрамасы бұрын-соңды мұндай белеске табан тіреген емес.

Дәл осы 1984 жылы кезекті жазғы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтті. Біздің жоғарыдағы төрт батырымыз Олимпиада жолдамасын жамбасқа басып қойған. Бірақ капитализм мен социализмнің текетіресі шегіне жетіп, соның салқыны­ спортшыларға да тиді. Сол жылы капиталистік лагерьдегі мемлекеттер спортшылары Олимпиада жүлдесіне таласып жатқанда, социализм туын көтерген елдер «Достық-84» жарысының көрігін қыздыруға кірісті. Жер түбіндегі Кубаның төрінде айқасқа түскен төрт батырдың екеуі күміс (Әбдірахманов, Нұрқазов), біреуі қола (Қонақбаев) жүлдегер атанды. Қилымов кубалық Гоместі ұрып жықса да, төрешілер ұзақ кеңесе келе жеңісті 3:2 есебімен қарсыласына  алып берді. Бір қызығы, осы сында Кубаны­ң 11 боксшысы жеңіс тұғырына көтерілді. Алты спортшысы финалда шайқасқан совет былғары қолғап шебер­лері Гаванада­н «алтынсыз» оралды­. Осы деректі­ң өзінен-ақ бұл жарыст­а спорттық принциптен гөрі саяси­ принциптерге баса мән берілгенін  анық  аңғаруға  болады.

Ташкенттегі жеңістен кейін Әбді­рахманов пен Нұрқазов тағы бір мәрте КСРО чемпиондары атанды. Қилымов сексен төртте КСРО кубогын ұтып, сексен алтыншы жылы Одақ біріншілі­гінің финалында күтпеген жерден жеңіліс тапты. 1987 жылы 23 жасында бокс қолғабын босағаға ілді. Қонақбаев Ташкенттегі сыннан кейін көп ұзамай боксты біржола доғарды. Сексен төрттегі тарихи жеңіс төрт бағыланның ғана бағын көтеріп қойған жоқ, Отанымыздың әр қиырындағы бокс бапкерлерінің жігерін одан сайын жани түсті. Ұлттық құрамадағы, жастар сапындағы жігіттеріміз осы жеңіспен арқаланып, бұрынғыдан бетер ширықты. Қазақтың қиырдағы ауылдарында құм толы қапты құлаштай ұрған қарадомалақтар қатары еселеп өсті. Ең бастысы, Алаш ұлан­дарының әлем көз тіккен дүрмекті додала­рда олжа салуы жиіледі. Екі ғасыр отарлық езгіде болған ұлттың кеудес­і қайта көтерілді. Ұлттық рух күн­нен-күнге  жарқырай  түсті.

Содан бері 35 жыл артта қалыпты. Осы бауырлармен қатар жүрген күндер, бір дастарқан басында иық қағыстырып, әзіліміз жарасқан сәттер күні кешегідей көз алдымда. Дариға-ай, сол бір дәурен ақырындап жылыстаған күйі көз ұшында­ қылаңытады. Батырлардың қамал бұзған ерліктері көкіректі әркез шуаққа бөлейді. Төртеуінің сонау шырқау­ көкте желбіреткен намыс туы қаншама жүректің отын маздатты десеңізші.­

 

Қыдырбек  РЫСБЕК

 


ОН ҮШ ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ ТОЙ PDF Print Email
Жаңалықтар - Арнайы беттер
19.12.2019 10:30

Біз қалтасы қалың болмаса да, бір-бірімізден қалыспай­тын халықпыз. Расы сол, әсіресе той жасауда табанымыз жерге­ тимей кетеді. Бай-бағландарға ереміз деп жарлы-жақыбайлар да шашылуға бейім. Мұндайда «аттыға еремін деп жаяуды­ң таңы айырылыпты» деген сөз еріксіз тіліңе оралады.  Тойға келгенде жастар арасында да өзара бітіспес бәсеке бар. О жағын айтпаса да белгілі. Бірақ, біздің қоғамда барлығы демесек те, ішінара шаруаны ақылға салып шеше алатын жұптар да бар екен. Олар отау құрып, алты баланың ата-анасы­ атанғаннан кейін ұлан-асыр той жасаған.

Қызылорда қаласының тұрғындары Талғат пен Махаббат осыдан он үш жыл бұрын тойда танысқан. Таныстықтарының соңы үлкен махаббатқа ұласып, екеуі үйленбекке шешім қабылдапты. Үйленген соң Талғат ағайын-туыс арасын­да кішігірім той жасамақ ниетте болады, алайда оған тұрмыс мәселесі кедергі келтіреді. Анасының жағдайына қарап, салмақ салғысы келмеген Талғат неке қидыру рәсімі кезінде мәһр сыйлығына келіншегіне үлкен той жасап беруг­е  уәде  етеді.

Арада он үш жыл өтеді. Жарасымды жұптардың алтын асықтай үш ұл, үш қызы дүниеге келеді. Осы уақыт аралығында отағасы жарғақ­ құлағы жастыққа тимей жұмыс істейді. Семейде вахталық әдісте жұмыс істеп көреді. Ара-тұра жұмыстан да қол үзіп, сәтсіз­діктерге ұшырап қалады. Алайда Алла қосқан адал жарының алдын­да берген уәдесін орындау үшін барын салады. Ақша жинайды.­ Нәтижесінде Махаббаттың туған күніне (5 желтоқсан) сыйлық жасап, қаладағы «Меруерт» тойханасында ұлан-асыр той жасайды.

- Отбасында бес ағайындымыз.  Әкем осыдан жиырма жылдай­  бұрын дүниеден  өткен. Содан бері бізді анамыз жалғыз­ өзі тәрбиелеп, өсірді. Үйленгенімізде анамның жағдайына қарағаным да сол. Алла маған мені түсінетін, жағдайыма қарап, жаныма жалау болатын жар жолықтырғанына ризамын,­ - деді  Талғат Аманжолов.

«Тойыңа бармаймыз, ұят жағдай» деп келмей қалғандар да, қызық көріп тойға келіп, бірақ орын жетпей қалғандар да болды»­ дейді ол. Ең бастысы, балалары дән риза. Ата-аналарының үйлену­ тойына қатысқан балаларда расында арман болсын ба?

 

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

P.S. «Тойымда ақ көйлек киіп, ағайындардың арасында шалқып­ жүрсем» деп армандайтын кәнігі арулардың арасында арманына араға он үш жыл салып барып жеткен Махаббаттай түсінігі мол қыздар көп болса екен деген ой орала берді. Әйтпесе «Той істемесек­ болмайды» деп тастабандап тұрып алатындар көп қазір.

 


Күнтізбе

< Желтоқсан 2019 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары