Оқырманнан хат
Келіп кету есептегіші








![]() | Бүгін | 2183 |
![]() | Кеше | 2476 |
![]() | Осы аптада | 9995 |
![]() | Өткен аптада | 19014 |
![]() | Осы айда | 70808 |
![]() | Өткен айда | 78079 |
![]() | Бәрі | 5163345 |
«БОЛАШАҚ» УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІМЕН АШЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
19.12.2019 16:40 |
Кездесудің негізгі мақсаты – ел ертеңін құрайтын жастарды жемқорлықтан азат адал қоғам қалыптастыруға дәріптеу және білім беру жүйесінде сыбайластық әрекеттердің белең алуына жол бермеу. Өз кезегінде Превенция басқармасының басшысы Ғалия Әлімқұлова жастардың әділдік, парасаттылық құндылықтарына қанық болып өсуі – Қазақстанды қуатты мемлекеттер қатарына қосуға және адал еңбек пен таза білімге иек артқан жастар - жарқын болашақтың берік іргетасын қалайтынын жеткізді. Сонымен қатар, превенция басқармасының бас маманы Мұрат Ысқақов өңірдегі білім ошақтарында бастау алған «Таза сессия» акциясының қоғам алдындағы маңыздылығын түсіндіріп, білім алушыларды алдағы қысқы сессия кезінде құқықбұзушылыққа жол бермеуге шақырды. Шара соңында адам болмысындағы ең ізгі қасиеттер «Адалдық. Парасаттылық. Әділдік. Сенім» тақырыбында студенттер тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға жауаптар берілді. |
АРДАГЕР АЯҚДОПШЫЛАР АЛҒАН АСУ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Халық-хабар |
19.12.2019 16:25 |
Қазалылық ардагер аяқдоп шеберлері де осындай күйді бастан кешірді. Нұр-Сұлтандағы жеңіс тағы да сәттілікке жол ашты. Іле-шала Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматыда ұйымдастырылған Халықаралық турнирге Қырғыз, Ресей елінен, алаң иелерінің командаларынан басым түсіп, турнирдің алтын медалін еншілеп, жеңімпаз атанды. Ірі жетістік. Небір марғасқалардың алдында Қазалының перзенттерінің де ала допты ұршықтай үйіретінін дәлелдеген жерлестеріміздің алаңдағы өнерлері көрермендерін қуанышқа бөледі. «Жақсының жақсылығын айт...». Бұл жетістікке команда капитаны Әкімжан Әбішев, Бауыржан Ахантай, Толыбай Жүсіпов, Серік Тоқтаболатов, Нұрлан Қозыбаев, Байтақ Тұрсынбаев тағы басқа да атпал азаматтар зор үлестірін қосты. Шеберлігімен дүйім қауымды тамсандырған ойыншылардың тізімін жалғастырсақ, нар көтере алмас жүк болар еді. Орайы түскенде Қазалының түлектерінен жасақталған ардагер футболшылардың есімдері мен команда жайлы аз-кем дерек келтіре кетсем. 2008 жыл. Қазыналы Қазалының перзенті Бауыржан Ахантай саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Достар» қорын құрған болатын. Игілікті істі өзге өңірлерде тұратын басқа да жерлестер қызу құптады. Осылайша Қазалы түлектерінен арнайы спорт командасы жасақталып, бәсі биік бәсекелерде бақтарын сынаған. Сонан бері қас қағымда біршама уақыт өтті. Осы аралықта Қазалы түлектері Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Тараз, Қостанай, Көкшетау, Қызылордада спартакиада ұйымдастырып, көрермендер ілтипатына бөленді. Атағы көпке мәлім «Қайрат» футбол командасымен, Ресей, Қырғыз елінің аяқдопшылармен жолдастық кездесу өткізді. Ағымдағы жылдың өзінде ардагер футболшылар Байқоңыр, Тараз, Нұр-Сұлтан, Алматыдағы ірі жарыстарға қатысты. Ардагер аяқдопшылардың алған асуы спорт деген тылсым әлемнің жасқа қарамайтынын аңғартқандай.
Жұмабек Табынбаев, Қазалы ауданы |
АҚОРДАДА ТАҒЫ ДА АУЫС-ТҮЙІС |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
19.12.2019 16:20 |
Тәуелсіздік күніне орай төрт күн демалыстан кейінгі жұмыс аптасы Ақордадағы ауыс-түйіспен басталды. Ақорданың ресми сайты таратқан ақпарат біреуге жайлы, енді біреуге жайсыз тиер, жоғарғы билік көшінде жүрген ұлтшыл тұлғалардың бірі саналатын Иманғали Тасмағамбетов зейнеткерлік жасқа толуына байланысты мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды. Бұдан он күндей бұрын әлеуметтік желілерде Иманғали Нұрғалиұлының пайғамбар жасына толып, кіші қажылықта жүргенін жазып, оның алдағы күні биліктен де кететінін меңзегендер көп болды. Алдағы уақытта Тасмағамбетовке көрсетілген саяси сенім түгесіле ме, әлде тағы бір қызметтің құлағын ұстатады ма, ол жағын жоғарыдағылар біледі. Ал, оның орнына кім баруы мүмкін? Саяси жауырыншылар Ресейге елшілікке Дархан Кәлетаевтың баратынын айтады. Өйткені, кеше мемлекет басшысы Дархан Аманұлын ҚР Президентінің әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатты. Бір қызығы, биылғы 1 наурызда ол премьер-министрдің кеңсесін басқаруға тағайындалып, Асқар Мамин бөлімнің жаңа басшысын таныстырған еді. Алайда ол бұл лауазымды ұзақ уақыт атқармай, 25 наурызда Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне келген болатын. Оның орнына Мәулен Әшімбаев қайтып келді. Қайтып келді дегенде, бұл қызмет Мәулен Сағатханұлына таңсық емес. Кеше Президент көмекшісі қызметінен босатылған оның «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болғанға дейін аталмыш лауазымды (Президент әкімшілігі басшысының орынбасары. – авт.) атқарғаны бар. Қызығы сол, Қанат Бозымбаев ҚР Президентінің көмекшісі болып тағайындалып, Энергетика министрі қызметінен босатылды. Бірақ, бұл қызмет ауыстырудан саяси астар іздеудің қажеті жоқ екен. Белгілі болғандай, Қанат Алдабергенұлы алдын ала мемлекет басшысына денсаулығына байланысты баяндапты. Мойын омыртқамен ойнауға болмайды, әрине. Отадан кейін дәрігерлер шенеунікке көлікпен жүруді және ұшақпен ұшуды азайтуға кеңес берген. Ал министрдің қызметінде бұл қиындық тудыратын жағдай. Себебі, ведомство басшысы үнемі түрлі нысандарды аралап, кездесулер мен келіссөздер өткізу үшін ел аумағында ғана емес, шетелге де баруы қажет. Сондай-ақ, оған ұзақ мерзімді физиотерапиялық қалпына келтіру шаралары белгіленген. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы Н.Жеңісбек жеткізді. Қ.Бозымбаевтың өзі де елдегі сайттардың біріне «Бәрі жақсы, мен үшін алаңдағандарға рақмет. Олар ауырмасын. Менің жағдайым олардың бастарына келмесін. Біртіндеп-біртіндеп, бәрі аман-есен болады. Бір, бір жарым ай реабилитация жасау керек», - деп денсаулығы туралы айтыпты. Енді көпшілікті бұл министрлікті кімнің басқаратыны ойландырып отыр. Бұл орынға Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев келеді деген де сыбыс бар. Айтпақшы, Мәдина Әбілқасымоваға да жаңа қызмет бұйырды. Өткен қыста Елордада тірілей отқа оранған бүлдіршіндердің қасіретінен кейін министр қызметінен кеткен М.Ерасылқызының Ұлттық банк төрағасының орынбасары болғаны белгілі. Енді ол ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл тағайындаулар ауыс-түйістің басы да, соңы да емес. Алда әлі де бірқатар тағайындаулар болатыны айтылып жатыр. Әйтсе де, «қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосынды өзгермейді» демекші, мұның өзі «қосалқы құрамда» тың «ойыншылардың» жоқтығын байқататын тәрізді... |
МИЛЛИАРДТАРҒА «ШАШАЛЫП» ҚАЛДЫҚ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
19.12.2019 16:05 |
- Біраз бар (Ду күлкі). - Өзіңізді қандай топқа жатқызасыз? Жарайды, бірінші топта болсын. - Жоқ, орташадамыз ғой (Ду күлкі). Жаңа ғана жұмысқа кірістім. - Сіздерді жұмысқа алған кезде түйіндемелеріңізді көргенде таңғаламыз! Бірнеше дипломдарыңыз, бірнеше жыл жұмыс өтіліңіз бар. Ал жауап бергенде «орташамыз» дейсіздер! Бұл – жуырда ғана Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин мен ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазановтың арасында болған диалог. Мәселенің басталғаны да қызық. Аталмыш саланың вице-министрі Қазақстанның мәдени-тарихи мұраларының бірыңғай кешенді базасын жасауға бюджеттен қосымша 100 млн теңге сұраған. «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар талқыланған Мәжілістің жалпы отырысында бюджет қаражатын игеру мәселесі қаралғанда осындай «даулы диалогтар» көп болды. Мәселе мұнымен бітіп қалған жоқ. Өйткені жыл аяғы тақағанда сұрап ішкен суын жұта алмай қалатындар осылайша «шашалып» жатады. Бір министрлік сарқып ішеді, біреуі тартып ішеді, біреуі шелектің бетіндегі қаймақты қалайды, келесісі түбіндегі қаспақты жалайды. Әйтеуір, артысып-тартысып, тырысып-тырмысып жүріп жергілікті қаржы қазандығына ақшаны аудартып алып, ақыр соңы қайда жұмсарын білмей аңтарылып тұратындардың жылдағы «әнін» жаттап та алдық. Бұл жолы да солай. ҚР Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, республикалық бюджет шығыстары 9 трлн 565 млрд теңгені құраған. Оның 11 млрд теңгесін үнемдеу мақсатында көзге ілмегеннің өзінде 79 млрд теңге мүлде орындалмаған, 68 млрд теңге мүлде игерілмеген. Экономикада тұрақты өсім болғанмен, қаржыны тиімді игеру әдістері әлі де жетілдірілмеген. Қуанарлығы сол, әлеуметтік салаға басымдық берілуде. Десек те есепсіз және сапасыз бюджеттік шешімдер салдары мәселені толықтай шешуге мүмкіндік бермей отыр. Алғашқы жартыжылдықтың өзінде мемлекеттен бөлінген 138 млрд теңге тиімсіз игерілген еді. Қанша уақыт өтсе де, бюджеттің бүйірін «кемірушілер» ақшаны тиімді жұмсау тенденциясын қалыптастыра алмай отыр. Осыдан кейін Мәжіліс спикері секілді «түйіндемелеріне қарап таңғалудан» басқа амал жоқ... Рас, қазір халықтың екі көзі мен құлағы Үкімет үйінен алыстаған жоқ. Жылт еткен жаңалыққа елеңдеп, «қарғаның саңғытуын» күтетіні де шындық. Ал ол жақта аққу ұшып, қаз қонып жатыр дейтін тіршіліктің нышаны ақшаға ауысып кеткен. Мемлекет тиісті салалық ведомстволарға қаражат қарастырады, оның кейде жұрнағы да қалмайды, кейде мұрты да бұзылмайды. Осыдан келіп халық күткен үміт те, Үкімет артқан сенім де адыра қалады. Бюджеттік бағдарламалардың бағытына мойын бұра алмай отырғандардың қатарында бес бірдей министрлік бар. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 10,1 млрд теңгені жұсаудың икемін келтіре алмай әлек, Білім және ғылым министрлігі 9,3 млрд теңгені игерудің жолын әлі қарастыруда, Индустрия және инновациялық даму министрлігі 7,8 млрд теңгені мақсатты игере алмағанына жауап іздеп жүр, Мәдениет және спорт министрлігі 6,1 млрд теңгенің «мүйізіне» қарап отырса, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 5,1 млрд теңгені қолдан «ұшырып» алуы әбден мүмкін. Ал өңірлер бойынша «қазандағы» 17,3 млрд теңгенің «қаймағы» сол қалпында тұр. Басым көпшілігі Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі. Өкініштісі сол, бюджеттің үш нақтылануына, екі рет түзетілуіне қарамастан, орталық мемлекеттік органдарда және жергілікті жерлерде 10 айдың қорытындысы бойынша қомақты сомаға бюджет қаражаты игерілмеген. Сол себепті өз қызметтерінде жіберген кемшіліктерінің нәтижесінде бюджет қаражатының жөнді және толықтай игерілмеген орталық басшыларын алдағы уақытта жүгі ауыр жауапкершілік күтіп тұр. Айта кетейік, жақында ғана Парламент бюджеттік заңнамаға тиісті түзетулерді қабылдады. Ол түзетулер бюджеттік қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалануда жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Осы бұзушылықтарға енді әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бұл ретте әкімшілік жауапкершілікке бюджеттік бағдарламалардың жетекшілері ғана емес, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары да тартылады. Бюджетті игермей, бүйірі томпайған күйінде сақтап отырған ведомстволар үшін 2020 жылдың алғашқы жұмыс күнінен бастап енетін өзгеріс – осы. Триллион, миллиард деген қомақты қаржыға жыл сайын «шашалып» қаламыз, аздап жұту керек-ау, сірә?! Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН |
УӘДЕ мен УАҚЫТ: ШЫНЫ ЗАУЫТЫ ШІЛДЕГЕ ШЕГЕРІЛДІ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
19.12.2019 15:45 |
– Ағымдағы жылы күзде, бәлкім, қазанда немесе қараша айында шыны зауытын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұқаралық ақпарат құралдарынан оқыған шығарсыздар, бас мердігерге қатысты қылмыстық іс қозғалса да, аталған кәсіпорында негізгі құрал-жабдықтардың бәрі бар. Меніңше, «Бәйтерек» ұлттық xолдингі, инвестициялық қор, Қазақстанның даму банкі және инвестормен бірлесіп, ол зауытты қазанда, ары кетсе қараша айында іске қосамыз. Себебі ондай өндіріс облысқа ғана емес, ел экономикасына да ауадай қажет, - деп хабарлағаны да есімізде. Кейіннен 2017 жылдың қазанында Қырымбек Елеуұлы: – Қызылордадағы шыны зауыты алғашқы өнімін Астананың 20 жылдық тойы қарсаңында шығарады. Шыны зауытының құрылысы көктемде аяқталып, үш ай бойы пештерді қыздыру жұмысы жүреді. Алғашқы өнім Астана күні қарсаңында дайын болады, - дегені бар. Айта кетейік, алты жылдай аймақта әкім болған кезінде Қ.Елеуұлының еселі еңбегін, аталмыш зауыт құрылысын жандандыруға барынша күш салғанын жоққа шығара алмаймыз. Әрине, бұл ауқымды жобаның жылдарға созылуына инвесторлардың арасындағы даулы мәселелер, жоғарғы жақтағы лауазымды тұлғалардың жемқорлыққа шатылуы себеп болды. Ел елең етеді. Ашығын айтқанда, «шыны зауыты шынымен болатын дүние ме?» деген сұрақ көптің көкейінде жүргені рас. Өйткені, сол зауыттың жарнамасы жер жарып, өнімінен бұрын атауы алты құрлыққа түгел таралды. Тіпті, «Орта Азияда баламасы мүлде жоқ» делінді. Ал қызылордалықтар сол зауыттың маңынан өткен сайын «әне қосылады, міне қосылады» деп жүр. Өткенде өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев пен «Orda Glass» ЖШС басқарма төрағасы Ержан Сағымбаев шыны зауытының құрылысына қатысты баспасөз брифингін өткізді. Шым-шытырыққа толы шыны зауытына қатысты жауаптылар жоба 2020 жылдың шілдесінде іске қосылады деп сендірді. Қазіргі күні тиісті құрылыс жұмыстарын қытайлық «China Triumph International» компаниясы жүргізуде. Жобаның құны 42,1 млрд теңгені құрайды. – Зауыттың монтаждық жұмысы қараша айында басталды. Жұмыс қарқынды жүруде. Барлық қондырғылар мен жабдықтар Еуропа елдерінен әкелінуде. Ең бастысы, шыны өндірісіне қажетті шикізат өнімінің 97 проценті өзімізден табылуда. Зауытты пайдалануға беру мерзімінің кешіктірілуі алдыңғы бас мердігердің ақаулы жұмыстарының жойылуына, сондай-ақ, жоба серіктестері арасында туындаған даулы жағдайларға байланысты болды. Бүгінде бұл мәселе шешімін тапты, - деді «Orda Glass» ЖШС басқарма төрағасы Ержан Сағымбаев. Бүгінгі күні зауытқа бюджет қаражаты есебінен тиісті инфрақұрылым желілері толық тартылған. Брифинг өткен күннің ертеңіне БАҚ өкілдерінің көзін жеткізу үшін мүдделі тарап зауыттың құрылыс жұмыстарымен таныстырды. Кешен еліміздегі ең ірі индустриялық жобалардың бірі саналады. Бүгінде 50 гектар аумақты алып жатқан құрылыс алаңында 12 қосалқы мердігер жұмыс істеп жатыр, оның 2-еуі – қытайлық. Жоба бастамашысы «Orda Glass LTD» серіктестігінің жоба директоры Талғат Ауғанов: – Шыны зауыты төрт кешенді қамтиды. Олар – дайын өнім қоймасы, ішкі теміржол, негізгі цехтар және ішкі инженерлік желілер. Қазір мамандар шыныны суытып қатайту желілерін монтаждап жатыр. Ал пештің жұмысына қаңтар айынан бастап кіріседі. Мамырда зауытты суық күйінде іске қосып, көп ұзамай алғашқы өнім ала бастаймыз, - деді ол. Ал «China Triumph International» компаниясының жоба директоры Щан Сю: – Біз әлемнің көптеген мемлекетінде осы секілді өндіріс орындарының құрылысына атсалыстық. Қызылордадағы зауыттың төрт кешенінде де жұмыс шарықтау шегіне жетіп отыр. Бас мердігер ретінде бастаманың уақытылы аяқталатынына сендіргім келеді, - деп атап өтті. Айта кетейік, зауыт толық іске қосылғанда жылына 197 мың тонна табақша шыны шығармақ. Онда жергілікті жастар жұмыспен қамтылмақ. Қазіргі таңда оларды оқыту жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Айтпақшы, шыны зауытының алғашқы өнімін құрылыс саласында қолдануға болады. Әу баста сөз болған гаджеттерге арналған ультра-әйнектер өндіру кейіннен іске қосылатын көрінеді. Халық-хабар |
ӨНДІРІСТІ ӨҢІРДІҢ ӨРКЕНДІ ӨРІСІ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Саясат |
19.12.2019 15:20 |
«ПАРЫЗ» СЫЙЛЫҒЫ – «АБЗАЛ және К»-ДА
Ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы саналатын еңбек ерінбесең, ерініңді асқа тигізеді, ерінсең, иегіңді тасқа тигізеді. Жанның азығы мен ырыстың қазығын жақсы сөз бен жақсы еңбектен іздеген адамды ғана Жер-Ана несібесіз қалдырмайды. Қазақтың «Еңбек ет те, егін ек, жарымасаң маған кел, Белді бу да, бейнет қыл, байымасаң маған кел» деген мақалының түп-төркіні де салмақсыз емес. Пейіліңді кеңейтіп, мейіріңді қандыратын жұмыстың қай түрі болса да, түбінде бір берекеттің жататыны сөзсіз. Бүгінде еңбегінің еленгені елінің ескергенінен-ақ көрініп тұратын азаматтар жеткілікті.
1994 жылы айқын мақсат, ортақ мүдде аясында құрылған «Абзал және К» толық серіктестігі алғашқыда күріш сатумен айналысты. Содан кейін Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылында күріш егіп, оны өңдеп, жемісін көре бастады. Бүгінде компанияның Оңтүстік Корея және Германиядан алған екі зауыты бар. Қуаттылығы 5 тоннаны құрайтын әр зауыттың жылына 25 мың тонна күріш өндіруге қауқары жетеді. Өндірілген өнімнің тең жартысынан астамы Ресей, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия елдеріне жөнелтіледі. Озық сапалы технологиялық қондырғыларды қолдану мен білікті мамандардың тынымсыз ізденімпаздығы нәтижесінде үздік күріш өндірушілердің алғашқы үштігінен түскен емес. Жыл өткен сайын салалық кәсіптің тынысы ашылып, өрісі кеңейгеніне халық та куә. Тек ғана куә емес, айқын дәлелдер де жеткілікті. Мынау – мынадай, анау – анадай деп тізімдемей-ақ, Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылын бағыттай салғанның өзі көп жайттан хабар береді. Он шақты жылдан бері тал бесігі тербетілген туған ауылын түлетуді қолға алған компания басшылығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында соңғы жылдардың өзінде 1 млрд теңгеден астам қаржы құйған. Мәселен, ауылдарға көпшілік серуендейтін орындар мен спорт кешендерінің салынуы, ондағы субұрқақ, көгалдандыру жұмыстары, жарықшамдар, уақыттың қадірін ұғындырып тұрған алып сағаттың өзі жастардың ойын өзгертіп, олардың психологиялық дамуына үлкен септігін тигізері анық. Көптеген спорттық үйірмелерге тартылған жастар да уақыт құндылығымен санасады деген сөз. Одан өзге бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында компания биылдың өзінде 54 жаңа жұмыс орнын ашып, жалпы 400-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз еткен. Сондай-ақ, Қызылорда қаласында жаңа күріш зауытын, «Мүсірәлі» мешіті мен мешіт жанынан медресесін, Нағи Ілиясов ауылында стадион, ауылдық округ әкімдігі ғимаратын, «Айтбай» мешітін салып, ауылдағы мұражайды күрделі жөндеуден өткізді. Ауылдағы тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардың үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді. Компания жұмысшыларын қызмет барысында тегін тамақпен, қызметтік көлікпен, медициналық тексерумен қамтамасыз етіп отыр. Бес қызметкерінің үйін күрделі жөндеуден өткізіп, бір қызметкеріне жаңадан пәтер алып берді. Қызметкерлерін компания есебінен Корея мен Германияда тәжірибе алмасуға жиі жібереді. Ел ішіндегі тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қаржылай көмектер көрсетті. «Елге қылған жақсылық еленбей қалмайды» дегеннің тағы бір айқын көрінісі, ол – Абзал Жұмашұлының 2012 жылы ҚР білім беру саласына қосқан айрықша үлесі үшін «Меценат» алтын медалімен, 2013 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен және өзі бастаған ұжымның Президенттің өзі тапсыратын «Парыз» сыйлығын бірнеше мәрте иеленуі. Биыл да осы тарихи сәттің кезекті көрінісі қайталанды. Нұр-Сұлтан қаласында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр өңірінің маңдайалды компаниясы саналатын «Абзал және К» толық серіктестігіне «Парыз» сыйлығының «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясының Алтын жүлдесін табыстады. Қазақта «Ай жарығы – әлемге, шам жарығы – түбіне» деген сөз бар. Бүгінде бұл игі іс, оң бастаманы ізбасары Мағжан Абзалұлының жалғап келе жатқанына тәнті болмайтын қазақ жоқ. Яғни, компания еңбекпен тапқанын өзіне ғана жұмсап отырған жоқ, Ай секілді қараңғыда жарық болып, ел ықыласының арқасында жеткен жетістіктерінің белгілі бір бөлігін халықтың пайдасына жаратып отыруды өзіне парыз тұтты. Демек, бұл серіктестік күріш егіп, оны жинап алып, сатумен ғана айналысып отырған жоқ. Ауылды абаттандыру, ел игілігіне әлеуметтік нысандар салу, қоғамдық орындарға күрделі жөндеу жүргізу, қайырымдылық жасау, жастардың мәдени-көпшілік жұмыстарына араласып, спортпен айналысуына да демеушілік көрсетуде еңбегі зор.
«МАҒЖАН және К» – «АЛТЫН САПА» ИЕГЕРІ
Рим философы Сенека Луций «Жақсылыққа құр сөз арқылы шақырып, ынтықтыру мүмкін емес. Адамның табиғаты сол – кез келген нәрседе үлгіні қажет етеді» депті. Сыр елінің құнарлы топырағы ауыл шаруашылығы саласын жандандыруға қолайлы болғандықтан атакәсіппен қатар егін шаруашылығын қоса атқарып отырғандар жеткілікті. Таң алагеуімнен күн ұясына батқанша еңбектенетін шаруалардың несібесін Жер-Ана әзірге молайтып тұр. Соның арқасында егін де берекелі, егінші де риза, ел де тоқ. «Егінші – мәрт, Жер – жомарт» деген осыдан қалса керек. Айтпағымыз, «Абзал және К» серіктестігіне қарасты 2005 жылы құрылған «Мағжан және К» кәсіпорны тағы бар. Бүгінге дейін күріш шаруашылығын дамыту үшін жаңа технологияларды енгізіп, күріш өндіріп, тұқым шығарумен айналысады. Германиядан тұқым өндіретін арнайы құрал-жабдық алдырып, зауыт салдырды. Қажетті құрал-жабдықтар немістің «Petkus» компаниясынан тікелей алынған. Соңғы жылдары «Янтарь», «Лидер», «Фишт», «Анаит» секілді күріш сұрыптарын жерсіндірумен қатар, «Айсәуле», «Сыр сұлуы» күріштерін сынақ ретінде еккен де – осы шаруашылық диқандары. Яғни, негізгі қызметі – күріш өсіру мен элиталық тұқым шаруашылығын өндіру. Бүгінде 350-ге тарта адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын жоғары стандартты сапа менеджменті жүйесінің СТ РК ИСО 9001-2016 ұлттық сертификатымен, ISO22000: 2005 халықаралық стандарт талаптарына сәйкестігі үшін сертификатымен, сондай-ақ «Тағам өнімдері қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының ТР ТС 021/2011 Техникалық регламентімен расталған. Әрбір өндірілген өнімнің сапасын үнемі жақсартуды мақсат етіп отырған компания жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі екенін жақсы білеміз. Күріш және жоңышқа тұқымы Германиядан шыққан сағатына 8 тонна тұқым тазалайтын жоғары технологиялық зауытта өңделеді. Компания облысқа қарасты Нағи Ілиясов атындағы ауылдағы еңбекке жарамды тұрғындардың 55-60 пайызын жұмыспен қамтыған. Бұл көрсеткіш ауылдағы ғана емес, аудандағы жұмыссыздар қатарын азайтып, экономикалық белсенді халық қатарын арттыруда зор үлес қосып отыр. Өндірген өнімдері ел аумағынан бөлек, Ресей, Украина, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстанға экспортталады. Айта кетерлігі, еліміз бойынша сандық жүйеге көшкен тұңғыш күріш өңдеуші зауыты бар бірден-бір компания. Сағатына 5 тонна жоғары технологиялық күріш өңдейтін зауыт қондырғысын Корей Республикасынан әкелген. Компанияның техникалық паркінің 90 пайызы жаңартылып, «JOHNDEER», «CLAAS», «MacDon», «Case IH» секілді дүниежүзіне танымал өндірушілердің комбайндарымен, жаткасымен (дестелегіш), тракторларымен, агрегаттарымен жабдықталған. Компания тұқым өндіру саласындағы жетістігі, үздік шаруашылық, техникалық паркін жаңартудағы жоғары көрсеткіші үшін жергілікті атқарушы органдардың алғыс хаттарымен марапатталған. Бұл серіктестік те жыл соңында үздіктер қатарынан көрінді. Сыр елінің адуынды кәсіпорнының бірі саналатын «Мағжан және К» кәсіпорны «Алтын сапа» сыйлығының «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылық өнімін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша еліміздің ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында жеңімпаз атанды. Аталмыш сыйлықты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов компания директоры Дархан Ералиевке Елордадағы салтанатты шара барысында табыс етті.
«СКЗ-U» – ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБА ҮЗДІГІ
Қызылорда облысында өңдеу саласының қадамы өрісті екенін индустриалды-инновациялық бағдарламаның жүзеге асу барысынан-ақ аңғаруға болады. Бұл ретте Жаңақорған ауданындағы «СКЗ-U» ЖШС күкірт қышқылы зауыты – аймақтың инновациялық серпінділігі жоғары жобаларының бірі. Зауыттың жобалық қуаты жылына 500 мың тоннаны немесе тәулігіне 1500 тоннаны құрайды. Кәсіпорын қызметі «Қазатомөнеркәсіп»ҰАК» АҚ Уран өндіруші кәсіпорындарының күкірт қышқылына қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған. Химиялық қоспаны өндіру технологиясының елімізде өзге баламасы жоқ. Өндіріс технологиясы қалдығы аз болып және шикізаттың мақсатты өнімге көшуін 99,9% деңгейінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сыр жұртының қуанышы екі компанияның жетістігімен қоса, тағы да еселенді. Елорда төрінде мемлекет басшысының қатысуымен өткен «Алтын сапа» сыйлығы иегерлерін марапаттау рәсімінде қызылордалық «СКЗ-U» ЖШС «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпазы атанды. Кәсіпорынның бас директоры Мәдихан Бекжановқа «Алтын сапа» сыйлығының «Үздік инновациялық жоба» номинациясының жүлдесін президент Қ.Тоқаев өз қолымен табыстады. Елбасының «Өндірісті дамыту – елді дамыту, өндірісті нығайту – Тәуелсіздікті нығайту. Сондықтан бұл салаға жұмсалған әрбір тиын, бұл бағытта істелген әрбір шаруа мәнді. Осыны көкейге түйіп жүрейік» деген сөзі Сыр жұртшылығы үшін мотивациялық мәнге, шаруашылық шабытқа ие.
Н.ҚАЗИ |
БІРЛІГІ БЕКЕМ ҰЖЫМҒА БЕРЕКЕ ДЕ БЕЙІМ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы |
19.12.2019 12:40 |
Мұрат СӘРСЕНБАЕВ, «Абай Дәулет» ЖШС директоры:
- Мұрат Абайұлы, мемлекеттік марапатыңыз, толайым жетістіктеріңіз құтты болсын! Бұл, сөз жоқ, ұжымға берілген баға. Өзіңізді туған жерді түлетіп жүрген арда азаматтардың бірі деп білеміз. Бесарықтағы ағайындарға деген жанашырлығыңызды көріп-біліп жүрміз. Өзге де ауылдық елді мекендерде атқарылған істерге аз-кем тоқтала кетсеңіз? - Рақмет! Біз ауылдарды қолдауға, мәдени және әлеуметтік жобаларға, іс-шараларға демеушілік жасау жұмыстарына өте көп көңіл бөлеміз. Бұл біздің компанияның негізгі бағыттарының бірі десек те болады. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» дейді ғой. Сұраған соң, атап өту керек. Былтыр түрлі салалардағы жобаларды іске асыруға жалпы сомасы 47 млн 285 мың 400 теңге көлемінде қаржы бөлінді. Қызылорда қаласындағы тұрмысы төмен отбасыларға көмек ретінде 1 млн 575 мың теңге, А.Тоқмағамбетов және С.Сейфуллин ауылдарындағы балаларға арналған ағылшын тілін ұйымдастыру жұмыстарына 1 млн 440 мың теңге, Корея Республикасында студенттерді оқытуға 3 млн теңге және Бесарық елді мекеніндегі әлеуметтік жұмыстарға қаржы қарастырылды. Спортты дамытуға да жіті көңіл бөлеміз. Мәселен, Қызылорда қаласындағы Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясы мен №253 орта мектептегі спорт секцияларына 670000 теңгеден қаржы аударылды. Бұдан бөлек, ІІІ Интернационал ауылын абаттандыру, жарықтандыруға және ондағы аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілді. Осылай бұйырғанды бөлісеміз. Одан біздің ырысымыз артпаса, кеміп жатқан жоқ. - Әлеуметтік жобаларыңыздың ішінде білім беру, спорт саласына көп көңіл бөледі екенсіздер. Сіздер қаржыландырған салада қандай да бір жетістік немесе нәтижелер көрсеткіші бар ма? Еңбек ақталып жатыр ма? - Дұрыс айтасыз. Бөлінген қаржы болашаққа салған инвестиция болып саналады ғой. Қолдау көрсеткеннен кейін әйтеуір халыққа бір пайдасы тисе, ел разы болса деген ниет болады. Келешек білімді жастардың қолында екендігін жақсы білесіз. Осыған орай біз Қызылорда қаласынан «Зияткер» атты мектеп ашып, онда ағылшын, физика, математика пәндерінен аптасына үш күн тұрақты сабақ берілуде. Асқар Тоқмағамбетов пен Сәкен Сейфуллин ауылдарында 40 оқушы ағылшын тілінен, 40 оқушы логикалық математикадан дәріс алып жүр. Енді соның нәтижесі деп білемін, бітірген оқушылар қаладағы «Білім-инновация» лицей интернаты, №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектептерге оқуға түсіп жатыр. Жаңа спорт туралы да сұрап қалдыңыз. Сырдария ауданының Бесарық ауылында таэквондо секциясын ашқанымызға 15 жылдай уақыт болып қалды. Одан бірнеше дүркін Қазақстанның және Халықаралық турнирлердің жеңімпаздары шықты. Дзюдо күресін де қолға алғанбыз. Бүгінде 60-тан аса жасөспірім осы күреске қатысуда. Бұл спорт түрінен ауылдан Азия чемпионы және 30-ға тарта спорт шеберлігіне үміткерлер бар. Салынған инвестицияның нәтижесі деген – осы. - Өңірде күріш өсіру, өңдеу саласы бойынша өзіңіз басқаратын серіктестікке бәсекелес компаниялар бар. Сіздердің өзге өндірушілерден басты айырмашылықтарыңыз неде? - Өте орынды сұрақ. Өздеріңізге белгілі, біздің компания шаруашылықтардың күріштерін өңдеп, сатумен айналысады. Күріш өсіру саласымен «Бесарық» ЖШС мен «Достық Жер МК» ЖШС айналысады. 5000 гектардай күріш алқабы ІІІ Интернационал, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин, Бұқарбай батыр және Бесарық ауылдарында орналасқан. Күріш өсіру кезінде алғашқы репродукцияның тұқымдары және ГОСТ-қа сәйкес жоғары сапалы тыңайтқыштар қолданылады. Бұл халықты сапалы және пайдалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жуырда ғана жаңа зауытты іске қостық. Онда 80 адам жұмыс істейді. Қуаттылығы сағатына 7 тоннадан астам күріш шығарады. Зауытта күріш жармасы қалдықсыз өндіріледі. Артықшылығы – осында. Жұмыс сапалы істеледі. Соның нәтижесінде салмағы 5, 10, 25 кг болатын «Syr dani» брендімен күріш жармасы ішкі нарықта және экспортқа да сатылады. Дәл осы бренд Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан және тағы да басқа ТМД мемлекеттеріне шығарылады. Биыл өндіріс үш есе, экспорт 28 пайызға артты. Бұл біздің ең үлкен жетістігіміз деп білемін. - Күріш жармасы деп қалдыңыз ғой, оның қандай түрлері өңделеді? - Бірнеше түрін атап айтуға болады. Мәселен, «Янтарь» күріш жармасы. Оны Қызылорда облысының кристалды мұзы деп те атауға болады. Онымен пудинг, палау, суши тағамдарын пісіруге болады және өте тез пісіріледі. «Абай Дәулет» ЖШС күріш өңдеудің жоғары технологияларын пайдалана отырып, дәнді дақылдарды өңдейді және олармен сіз сүйікті тағамыңызды 20 минут ішінде алдын ала суға тұндырмай-ақ дайындай аласыз. «Лидер» деген түрі бар күріштің. Одан бөлек «Камолино» күріш жармасын да астын сызып айтуға болады. Бұл күріш маймен өңделетіндіктен, тағам дайындағанда өсімдік майын үнемдесе де болады. Компания дайын өнімдерді экспортқа шығарудан бөлек, Алматы, Астана, Шымкент қалаларында ресми филиалдарын ашуды жоспарлап отыр. - «Күріш сабанынан гранула өндіруді қолға аламыз» дегеніңізді естідік. Бұл шаруа шешілді ме? - Негізі егіс алқабында күріш қалдықтарын өртеу арқылы ғана жояды. Ал бұл өз кезегінде топырақтың құнарлылығын жояды, жыл өткен сайын әлсіретеді. Көп жылдар бойы зерттеу жасай келе, күріш қалдығынан гранула түріндегі отын жасауға шешім қабылдадық. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Егер бұл іске асырылса, жаңадан жұмыс орындары ашылады, отынның құны арзандайды, сексеуіл, жыңғыл сынды табиғи отын түрлерін бейберекет пайдаланудың алдын алуға болады және топырақтың құнарлылығын сақтап қалу мүмкіндігі бар. Бұл тұрғыда жұмыстар жүргізіліп жатыр. - Төрт түлік мал өсіруде қандай нәтижелер бар? Мал шаруашылығының даму деңгейіне тоқталсаңыз. - Қазақтың атакәсібі саналатын қой шаруашылығы туралы айта кетейін. Кеңестік кезеңде Бесарық ауылында 48000 бас қой өсірілген. 2016 жылы Қазығұрттан 700 бас аналық, 700 бас тұсақ, 700 бас ұрғашы қозы және 20 бас қошқар әкелген едік. Сол қойды өсіріп, міне, биыл 5500 басқа жеткіздік. 2017 жылы 750 бас, былтыр 1100 бас еркек қозы сатылды. Қой шаруашылығында ауыл шопандары ауысымдық әдіспен жұмыс істейді. Осы үлкен жұмысты қолға алардың алдында біз Австралия, Германия және Польша фермерлерінің жұмыс тәжірибесін оқып, үйрендік. Бұдан бөлек, түйе шаруашылығы да қарқынмен жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда шаруашылықта 59 бас аруана бар, оның 40-ы сауында тұр. - Бақша шаруашылығы жайлы айтыңызшы. Облыс жұртшылығы жеміс-жидектің қандай түрлерімен қамтамасыз етілуде? - Қызылорда облысының ауылшаруашылық картасында 2014 жылдан бастап 2016 жылға дейін жеміс дақылдары егілетін алқап 500 гектарға ұлғайып, нәтижесінде 2040 тонна жеміс-жидек өндірілді. Бұл көрсеткіш жергілікті халық сұранысының тек 13 пайызын ғана құрайтыны белгілі. «Абай Дәулет» ЖШС Сырдария ауданында барлығы 5 гектар жерге 10000 түп алма көшеттерін отырғызды. Элиталық көшет «Р.С «Агро-Групп Холдинг» ЖШС-нен алынды. Барлық отырғызылған алма ағаштары облыс халқының сұранысын қанағаттандыруға бағытталған. - «Абай Дәулет» ЖШС – шаруашылықтың бірнеше түрін жандандырып отырған көпсалалы кәсіпорын. Соның ішінде картоптың ерекше сорттары өсіріліп жатыр дегенді естіп едік... - Еліміздегі халық ең көп тұтынатын көкөністің бірі – картоп. Қазақстанда адам басына шаққанда 120-130 келі картоп қолданылады екен. «Екінші нан» саналатын картоптың қазір «Артемис», «Наташа» және «Родриго» деп аталатын сорттары бар. Оларды өндіруде жоғары сапалы тыңайтқыштар мен технологиялар қолданылады. Картоптың ерте пісетін сорттарын жаздың орта шенінде жинап алуға болады. Солардың бірі – «Артемис». Оның өнімдерін еккеннен кейін 45 күн өткен соң жинап алуға болады. Биыл аталмыш сорттан гектарына 3480 келі өнім жиналды. «Наташа» сорты – жоғары өнімді және болашағы зор картоп өнімі. Оның пісу уақыты 70-80 күн аралығында 0,8 гектардан 3800 келі өнім жиналады. Ал «Родриго» сорты өзінің көлемінің үлкендігімен ерекше. Биыл бұл сорттан 12,6 гектардан 28 800 келі өнім алынды. Картоп өндіруде халықтың сұранысына орай оңтайлы жұмыстар атқарылып жатыр. - Бал өнімдерінің пайдасын айтпаса да түсінікті. Сіздер омарта шаруашылығын қашаннан бастап қолға алдыңыздар? - Ара балы – табиғаттың ең пайдалы өнімі. Оның құрамында өзге тамақ өнімдерінде кездеспейтін пайдалы дәрумендер бар. Осындай құндылықтарын ескере отырып, біз бал арасы шаруашылығын 2003 жылдан бері жүргізіп келеміз. Оның үстіне балға деген халықтың да сұранысы жоғары. Біздің елімізде де бұл сала өте жақсы дамыған. Қазіргі күні шаруашылықта 35 ара тұқымы бар. Бірнеше сорты дайындалады, атап айтқанда, май, жантақ, мия тамырының балы және тағы басқалары бар. Балдың ең жақсы, жоғары сорты ГОСТ 19792-2001 стандартымен дайындалады. Олар 0,5 келі салмақта ыдыстарға құйылып, оралады. «Шипа» деген брендтік атаумен шығарып жатырмыз. Бал түрлерінің ішіндегі мия тамырының балын ең ерекшесі деп атап өтер едім, өйткені оның өзіне тән нәзік хош иісі мен дәмі бар. Оны әсіресе, жөтелгенде, тұмауратқанда пайдаланса, денсаулыққа өте пайдалы. - Компаниядағы осынша игілікті істердің барлығы бір ғана адамның емес, ұжымдағы жұмысшы-қызметкерлердің жымдасып жұмыс істеп, бірлесіп білек сыбанып жүргенінің нәтижесі екені белгілі. Еңбек адамдарына қандай колдау бар? - Адам – басты капитал. Осы себепті жыл сайын компания қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында, оның ішінде жас мамандарды шетелге тәжірибе жинақтауға жіберіп отырамыз. Мысалға алатын болсақ, былтыр мамандар Германиядағы «Ф.Х.Шуле Мюленбау ГМБХ» компаниясында сәтті тағылымдамадан өтті. Соның нәтижесінде мамандар өндірістегі мәселелерді оңай шеше бастады. Сондай-ақ компания жұмысшылар үшін тұрақты түрде семинар-тренинг, біліктілік арттыру курстарын ұйымдастырып тұрады. Бұл олардың кәсіби дамуларына септігін тигізеді деп ойлаймын. Жыл қорытындысымен үздік еңбеккерлерді қаржылай, заттай ынталандырып келеміз. Ынтымағы нық, бірлігі бекем ұжымға береке де бейім болатынына өзіміз куә болып жүрміз. Мен осыған қуанамын. - Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ
Жылдық жетістік
Мұрат Сәрсенбаев – «Абай Дәулет» ЖШС директоры. 2019 жылы – Үздік ауылшаруашылық компаниясы номинациясы бойынша «Халық қалаулысы» Ұлттық сыйлығының лауреаты; 2019 жылы – «Сапа көшбасшысы - 2019» конкурсының жеңімпазы; 2019 жылы – Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» ордені мемлекеттік наградасы иегері; 2019 жылы – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасын іске асыру мақсатында ұйымдастырған «Жомарт жүрек» сыйлығының «Жыл меценаты» номинациясы иегері. 2019 жылы – Нұр-Сұлтан қаласында өткен дәстүрлі «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтары мен «Қазақстанның үздік тауары - 2019» республикалық көрме-байқауында отандық өнімді экспорттаушылар арасында еліміз бойынша үздік деп танылып, «Ұлы дала елі» ортақ брендінің жеңімпазы атанды. |
БИЛЕР ШЕШІМ ЕТКЕН ІЗБЕН СОТТАР КЕСІМ ЕТЕДІ |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Құқық құрығы |
19.12.2019 12:35 |
Кешегі даласында абақтысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы шешімді сұрады. Ал, би болса, әділ әрі таза шешім шығарып, кесім кесіп, қара қылды қақ жарған. Бұл біздің дала мәдениетіміз, өркениетіміз бен болмысымыз еді. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, біз мақтанатын бабалардың асыл жолы еді. Міне, азаттықтың самалымен тыныстаған 28 жылдың ішінде экономикасы дамыған тәуелсіз, рухы мықты елге айналдық. Бүгінде көкірегімізді кең керіп, жүректен шыққан жалынды қуаныш сезіммен бүкіл әлемге біздің Тұңғыш Президентіміз, Көшбасшымыз бар деп ауыз толтырып айта аламыз. Егемендігіміз қайта оралып, қаз-қаз тұрдық. Бірақ, көптеген құндылықтардан айырылып қала жаздадық. Ұмыт болған ұстанымның іздері осы бүгінгі сот саласында да сайрап жатты. Қайта құрылған жүйе қолда барды қару етіп, аяққа қойды. Міне, содан бері даму үстіндеміз. Бұрынғы болмысымызға жайлап оралып келеміз. Мысалы, кезіндегі әулеттің үлкенінің орнын ауылдың ақсақалдар алқасы басты. Елімізде сотсыз татуласу орталықтары ашылып, жұмыс істеуде. Нақты кезеңде қанша адам осы медиаторлардың алдынан татуласып шығып жатыр. Бұл да біздің рухани жаңғырғанымыз емес пе? Яғни, Елбасы айтқандай, көнені заманауи тұрғыдан жаңаладық. Бұл – ел саясатының дұрыс бағытта бара жатқанының дәлелі. Тектілікті бойына жиған тарихымызға назар салып қарап отырсаңыз, қандай да бір дау туындай салысымен бидің алдына бармаған. Әуелі төменгі сатыдан басталып, әулеттің үлкені, ақсақалының алдында айтылған. Осы бір болмыстың жұқаншағы әлі де бар ғой. Бала бір бұзақылық жасап қойса, ата-анаңа айтамын деп жатпай ма? Болмаса «Үлкендеріңнің алдынан өтейік» деген түсінік осының айғағы. Бұл бұғалық бола алмаған адамды ауылдың ажасының алдына апарған. Ажа деген – қазіргі ауыл әкімі секілді сөзі өтімді, айтқаны жүретін басшылық етуші жан. Бұл жерде де даудың басы бұғалыққа сыймай жатса, ел қожасының алдына барып жүгінеді. Содан кейін барып «Ажаны ақтап, қожаны түгендеп, биеке сізге келдік» деп бидің алдына барған. Ал, би болса, әділ әрі таза шешім шешіп, кесім кесіп, қара қылды қақ жарған. Сан ғасырлардан бері жалғасқан билер жүйесін Қасым ханның қасқа жолымен Әз Тәуке «жеті жарғысымен» жаңалады емес пе? Міне, сол секілді бүгінгі сот жүйесі де уақыт өткен сайын ашықтығымен, ыңғайлылығымен, тиімділігі және жетілгендігімен сол жүйені қайталап келе жатқандай. Мәселен, «Түнгі соттың» тиімділігі, «Виртуалды соттың» жеделділігі және заманауи технологиялармен жабдықталуы осыны көрсететіндей. Сонымен қатар сот төрелігін әділ атқаруға «Жеті түйін», яғни жеті бағдар көрсетіліп, жарғыдай жарияланып, жүрер жолды анықтағаны нағыз руханиятпен ұштасқаны емес пе? Бұл бағыттың басты тұғыры – «Мінсіз судья» мен «Үлгілі сот». Себебі судья – сот жүйесінің жүрегі. Сот жұмысының айнасы да, басты қорғаушысы да – судья. «Мінсіз судья» деп заңды жетік білетін мамандарды айтатыны түсінікті. Алайда судьяның мінсіздігі заңды жатқа білумен ғана өлшенбейді. «Мінсіз судья», біріншіден, жан-жақты білімді, мәдениетті, парасатты болуы керек; Екіншіден, тәкаппар, менмен, дөрекі болмауы керек. Үшіншіден, өмірлік те, кәсіби де мол тәжірибесі болу керек. Өйткені, судьялық қызмет – құқықтық-демократиялық елді құру және дамыту барысында, әділ, қатаң заң негізінде дұрыс билік айтуды талап ететін, әрі ол жөнінде соңғы болып нүкте қоятын, заң саласының ішіндегі ең шоқтығы биік, жауапкершілігі өте зор, мәртебесі бөлек мемлекеттік лауазым. Үлгілі соттың ұжымында моральдық-психологиялық климат, сот қызметкерлерінің өзара қарым-қатынасы, адами сыйластығы жоғары деңгейде болатыны белгілі. Ал, кешегі өткен билердің бойынан осы қасиет табылуы керек болды. Солай да еді. Сондықтан қара қылды қақ жарған деп ат қойып, «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп сенім мен жазғыруды қоса қояды. Осы сөздің үдесінен шығу үшін таразыны тең ұстап өткен қанша билер бар. Міне, сол сара жолға жетелеген «Жеті түйіннің» алғашқысы әділеттік, содан кейінгілері судьяның жауапкершілігі мен тәуелсіздігі деп аталды. Міне, кеше мен бүгіннің сабақтастығы, Рухани жаңғырудың бүгінде орындалып жатқан көрінісі – осы. Талант ТІЛЕП, Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы |
МОНШАҚТАЙ ӘҢГІМЕЛЕР |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Арнайы беттер |
19.12.2019 12:25 |
Ақыл жетпес Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәселелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып жүретініміз қалай?!
Жалғыз тілекті адам Күллі дүние күл болып, жарты әлем жанып кетсе де, құйрығына жабысқан құйттай креслосын күйік шалмаса, жаһандағы жалғыз тілегі – сол...
Кері құбылыс Өзіңді қиындықтан қаншалықты алып қашып аяншықтансаң, өмір сені соншалықты көк төмпештің астына алумен болады.
Қызмет түрлері Халыққа қызмет ету – керемет, өзіңе қызмет ету – едәуір жақсы-ақ, біреуге қызмет ету – бір түрлі...
«Әдеби» өмір Қияли ертегі ойлап тауып, соның жетегінде өмір сүретіндер бар. Аңызға ауаланып, шектен тыс қаһарманданып өмір сүретіндер бар. Ғашықтық жырларын ұйып, көрінген сұлуға есі кетіп, мәжнүнденіп өтетіндер бар. Қаймақ сөзді қатырып, өміріндегі әр қадамын мақалдап, мәтелдеп қорытындылап отыратындар бар. Сыртқа сырын алдырмай, өткенін де, жеткенін де жасырып, өзгелер шешуін өзі тапсын дегендей жұмбақ өмір сүретіндер де бар...
Жағымпаздың бары мен жоғы Тәуір тәрбие, терең білім, парасатты пайым, салиқалы сөз, оралымды ой, қарымды қиял, мызғымас махаббат... Бәрі-бәрі бар. Жоғы – алақандай ар мен ынсап қана...
Жеңімпаздар Өмірде мәртебесі асып, тұғырға көтерілген жеңімпаздардан гөрі, тұғырсыз қалған жеңімпаздардың саны көптеу сияқты...
Жиналысқа жиналған екен Бәрінің де беті нарттай екен. Бәрі де мәйегі айналып семірген екен. Бәрі де жарылардай боп отыр екен. Бәрінің де қабағы қатқыл, көздері шатынаулы, жүздері сазарыңқы екен. Соған қарағанда, бұл жиналысқа тегін адамдар келмегені көрінеді...
Ескі дегенше, құсқы десейші Ескі үлгідегі жиналыстар... Ескі үлгідегі баяндамалар... Ескі үлгідегі марапаттар... Ескі үлгідегі атақтар... Ескі үлгідегі қолпаштаулар... Ескі үлгідегі мерейтойлар... Ескі үлгідегі кісімсулер... Осылардың арасында жүріп өзіңді ескіріп, ескерусіз қалғандай сезінесің...
Мақтаған соң Әкеңді мақтамасаң да, әкімді мақтай бер. Әкең шығара алмаған биіктерге әкім шығара алады...
«Ару» Сұлулана-сұлулана, әдемілене-әдемілене, көріктене-көріктене, бояна-бояна, баяғы бір табиғи таза жаратылысынан айырылып, қан-сөлсіз құр мүсінге айналып қалған ару...
Дейміз-ау... Тіліміз бай дейміз – бір бөлегіміз басқа тілде шүлдірлеп жүрміз. Музыкамыз ғажайып дейміз – әншілеріміз көршілердің әнін шырқап, бәрімізді селкілдетіп билетіп жүр. Жеріміз кең-байтақ дейміз – екінің бірі үй салатын жер таппай жылдар бойы жәутең көз боп сандалып жүр...
Теңесер шақ Кешегі ызбарлы, ызғарлы кабинеттің креслосын сықырлатып отыратын нән бастық пен өмір бойы белі бүгіліп, бейнеттен көз ашпаған қитабан шаруаның енді міне қол ұстасып, әжік-гүжік әңгіме сапырып, бір-біріне сүйенісіп, қалтылдап-құлтылдап бара жатқанын көрдім. Кәрілік адамдарды ана дүниеге барар алдында теңестіре бастайды екен-ау...
Бүгінгі мықтылық Бүгінде мықты мұғалім балалармен арпалысып, сабақ беріп, басын ауыртып жатпайды. Бүгін мына жерде, ертең ана жерде өтіп жатқан семинарларда, тренингтерде, научниктерде «көрнекіліктерін» жарқыратып, жаңашылдық көрсетіп іссапарда жүреді...
Күтудеміз Әне жаңалық болады, міне жаңалық болады деп сарылып күтеміз де жүреміз, күтеміз де жүреміз. Ал бұл күтулеріміз жылдарға ұласып бара жатыр.
Өзі үшін Сенің елден асқан жақсы қасиеттерің үшін емес, өзінің әрбір айтқан сөзін мақұлдату үшін ғана сені бауырына тартып, маңдайыңнан сипайтындар бар.
Тиын мен теңге Сыңғырлаған тиыны талай-талай тәтпіштеуден өтіп әлеуметке жетті-ау, ал шытырлаған теңгесі қозғалмастан, бумасы ашылмастан әу бастағы қалтада қалып қалды.
Бүлдіргі Бүлінгеннің бәрін өзі бүлдіріп алады да, басқа біреуге неге бүлдіресің дегендей көзі бақырая қадалып қарап отырады.
Бұл да атақты Ақылы шолақ ақтай белсенді. Ал атағы осындағы дуалы ауыз абыздардан кем емес.
Айналасын тыныш қылды Кер ауыз кеудемсоқтауына қызмет берді. Пыш-пышы көп пысықайына қолтығына қыстырар портфель берді. Майда-шүйделеріне жаудырып «Алғыс хаттар» берді... Енді құлағы тыныш, жан-жағы жайлы боп жүріп жатыр...
Кері жаңғырық Кейбіреуді бет-жүзіне қарамай жұмысқа сал, құлша жұмса. Құлша жұмсай алмасаң, кейін өзіңді құлша жұмсаудан тайынбайды.
Жылдамдық Біліммен білеулеп, қайратпен қарымдап, ақылмен амалдап, қара теріңді сығып жиырма жылда әзер шешетін мәселеңді бүгінде бір қалталы қалақбас екі-үш күнде қалпақпен ұрғандай лезде-ақ шешіп тастап жүр.
Құбылма Күліп тұрып жылай салады, жылап тұрып күле салады.
Заманның түсі Кеңес заманында айналаңнан қан сорғалап тұрғандай болатын, қызыл әскер, қызыл ту, қызыл галстук, қызыл алаң, қызыл партбилет, қызыл сенбілік, қызыл бұрыш, қызыл отау...
Жоқ іздеген Жоғалған Рухын іздеп жүрген соқыр халық...
Бос жүрістің адамы Салпақтап анаған ереді. Салпақтап мынаған ереді. Бұл қасқаның тыныш жатар күні жоқ. Жұртқа айтар үні жоқ...
Кішкентай қызметкер Жоғарыдан келгендерге жол ашады. Төменнен келгендердің төбесінен ұрады.
Бюрократия Үлкен-кіші кабинеттерде шіренген, шырт түкірген, өзі шамшыл, өзі «аршыл», тұяғы мұздаған, қабағы сызданған білгіштер толып, иін тіресіп отыр. Аңдығаны – қазынаның қара қазанының қақпағы.
Аз бен көп Мал табарлық ақылы жоқ адамдар аз... Сонда да малы жоқ, сіңірі шыққандар жетерлік...
Шығарады... Дүлейлі жылдар өзінің дүлдүлдерін шығарады. Ереулі жылдар өздерінің ерлерін шығарады. Сұрапыл жылдар өзінің сайыпқырандарын шығарады. Қаһарлы жылдар өзінің қаһармандарын шығарады. Жылымық жылдар өзінің жылармандарын шығарады. Жемісті жылдар өзінің жасампаздарын шығарады. Сұрқия жылдар өзінің сұрқылтайларын шығарады...
Өмір мазмұны Бәріміз де азды-көпті күнәліміз. Әрқайсысымыздың «қоржынымызда» сол күнәнің аз не көп болуы – жеке өміріміздің мазмұны.
Кемел шақ Өз ойыңнан өзің түшіркеніп, селт етіп шошына бастаған кезің – ақылыңның толысқан шағы.
Фәни Жер бетінде жоқ едің – жылап туып, бар болдың. Бұл жаһанда зор едің – жып-жылмағай жоқ болдың...
Шектеліп қалдық Балаларға текті тәрбие, басы бүтін білім беруіміз керек емес пе?! Ал біз болсақ, балаларға науқандық тапсырмалар ғана берумен шектеліп жүрміз...
Демейді Мешкей қарын тойса тойдым демес, жемқор жемсауы толса да қойдым демес.
Құрбандық Адамдар көбіне-көп өздерінің озбыр, опасыз ойларының құрбаны боп кетеді.
Жетек Жетекшілеріміз құр жетектеуден әрі аспай отыр...
Қашқан ой Бір ойым қаламымды қайымдаймын дегенше, әп-сәтте санамнан шығып қашып кетті. Олай әуреленіп, былай әуреленіп таба алмадым...
Әлі жүр Ақсүйек аристократтар өз уақытында тамаша өмір сүріп, заманы жылжып кеткенде, тарих сахнасынан ығысты. Қызу қанды демократтар уақытында улап-шулап, толықсып-тулап, кезеңі өткенде олардың да қарасы көрінбей кетті... Ал парқы жоқ партократтар заманында үрлеп ішіп, шайқап төгіп, асып-тасып өмір сүрді. Заманы кетті. Уақыт өзгерді. Бірақ олар сол орнында, жылы-жұмсақтың айналасында әлі жүр... Тұмсықтан таяқпен ұрсаң да, кететін сиқы жоқ...
Жаңа әдістеме Бастықтар бағыныштыларға әкіреңдеуін, қодыраңдауын, айбат шегіп шақылдауын сап қойыпты. Тек қана әдемі сөзбен сылап-сипап, алдап-сулап, арқадан қағып, арсалаңдап жаңа қалыпқа көшіпті.
Табысқан орын Әлеуметтік желіден әркім өз орнын тауыпты. Қу қуды тауыпты. Сұм сұмды тауыпты. Әкім әкімді тауыпты. Ақын ақынды тауыпты. Алаяқ ашық ауызды тауыпты... Бәрі де өздеріне-өздері риза... гу-гу... ду-ду...
Орын жоқ Қай сала тоқырап, дамымай қалса, сол салада кез келген адам жұмыс істей алады, әжік-гүжік істер тындыра алады. Ал дамыған озық салада тек кәсіби мамандар ғана талқанын тауып жей алады, дәлдүріштерге ол арада орын жоқ.
Жайыз сөз емес «Мәңгілік» деп кез келген жерде көкіп, оңды-солды сабынымызды езіп жүреміз. Шындығында «мәңгілік» деген сөз бұл фәни, өтпелі жалғанның өлмелі пенделері – адамдарға жайыз сөз емес.
Көштен қалған Ана алмағайып заманды да көрген. Мына адуынды заманды да көрген. Оқыған. Тоқыған. Білімді. Ілімді. Қатарға қосылып, қызмет еткен. Бүгінде де соқталдай қызметі бар. Бірақ жүрісі-тұрысы, сөйлеуі-күлісі, айғайы-ұрысы – кеңестік-кеңкелестік деңгейде қалып қойған...
Қайшылық Өзгерген қоғам. Өзгермеген адам.
Атақ пен шатақ Әрқилы деңгейдегі түрлі салаларда дүрлі-дүрлі атақ көп. Сол атаққа қарай әукесі салбырағандардың арасында гүрлі-гүрлі шатақ көп.
Арман, арман, арман-ай Жанындағыларға, жалпақ жұртқа жатпай-тұрмай, жанын салып жақсылық ғана жасайтын жасампаз, жақсы, жылы жүректі, жайдары жүзді ұлықтарды көргім келеді...
Науқан мен «сойқан» Науқан тумасын. Науқан туса, мүләйімсіген мұғалімдердің тыныш тірлігінде сорпақтаған «сойқан» туады. Ерғали Абдулла |
«КУВАД СИНДРОМЫ»: СЕБЕП пен САЛДАР |
![]() |
![]() |
![]() |
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі |
19.12.2019 12:20 |
«Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал. Оның белгілері жүктілік белгілеріне қатты ұқсас. Кувад синдромы кезінде адамның тәбеті төмендеп, кейде мүлде жоғалып немесе қатты ашылуы мүмкін.
Қысқасы былай. Әйелі бала көтерген уақытта күйеуі де дәл сол әйелінің күйін кешеді. Егер әйелдің тәбеті төмендеп, тамаққа зауқы соқпаса, күйеуі де сол жайтты бастан өткереді. Тіпті құсу, еңсесі басылу күйлері де еркекке қарай ауытқиды екен. Белгілі ғалымдар H.Тресуман мен M.A.Конлон ұсынған деректер бойынша бұл симптомдар жиынтығын еркектердің 11%-ы бастан өткереді екен. Десе де, ғалымдар әлі күнге дейін «еркектердің жүктілігінің» пайда болуының нақты себептерін анықтай алмай келе жатқанға ұқсайды. Канадалық ғалымдар жүктіліктің әртүрлі кезеңдеріндегі әйелдердің күйеулеріне зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сонда әйелдерімен қоса еркектердің де гормондарында өзгерістер болатындығын байқаған. Мәселен, тестостеронның үлес салмағы керісінше әйелдерінде көбейіп, еркектерінде азая бастаған. - «Кувад синдромы» жүкті әйелдері бар ерлердегі психогендік және психосоматикалық бұзылыстардың жиынтығын білдіреді. Бұл жағдайда күйеуінің патологиялық жай-күйі бала күткен әйелінің жағдайына сәйкес келеді. Сондай-ақ ол әйелінің басындағы ауырсынуды, мысалы, жамбас сүйектеріндегі айырмашылықты сезінеді, - дейді РУДН университетінің психиатрия және медициналық психология кафедрасының профессоры Валерий Марилов. Әлемдегі кейбір этникалық топтарда «кувад синдромын» қара магияшылар әдейі қолданады екен. Яғни, әйелі бала көтеру кезіндегі қиындықтар мен ауыртпалықтарды күйеулеріне сездірту үшін сиқыршыларға арнайы жүгінетін көрінеді. Бұл патологияның жекелеген белгілері одан да көп кездеседі. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында жүкті әйелі бар тексерілген ерлердің 40%-ында «кувад синдромының» белгілері анықталған. Ғалымдар «егер мұндай белгілер ерлерде кездесетін болса, дереу психотерапиялық ем алуы қажет» дегенді айтады. Тәжірибелер барысында дәрігерлер тобы «кувад синдромы» бар еркектер әйеліне терең жанашырлық танытқан кезде пролактиннің (гормон түрі) көбірек шығаратынын, яғни балаға көбірек қамқорлық жасайтындықтан пайда болатындығын анықтады. Мұндай синдроммен ауыратындар біздің елімізде әлі кездескен жоқ. Дегенмен, қазақстандық кинорежиссерлардың идеясына дәл осы «кувад синдромы» іліккен. Себебін білмейміз, бірақ өздеріңізге етене таныс «Брат или брак» комедиясындағы бас кейіпкер Айдар аяғы ауыр әйелінің күйін кешіп, әбден азап шегеді. Осы турасында Қызылорда облыстық кеңес беру диагностикалық орталығының уролог-андролог маманы Досбол Әбеновпен сөйлескен едік. - Біздің елімізде және біздің облысымызда әзірге мұндай фактор кездескен жоқ. Бұл – еркектердің әйелдердегі жүктілік сезімін сезіну құбылысы. Әзірге елімізде, біздің өңірімізде мұндай психологиялық жай-күйге шағымданып ешкім келген жоқ. Есесіне облысымызда бедеу еркектердің саны артып келеді. Орталыққа кеңес сұрай келген пациенттеріме «егер үйленгеннен кейін бір жыл ішінде әйеліңіз жүкті болмаса, уролог-андрологқа көрініңіз» деп кеңес беремін. Өйткені «бала көтеремін» деген үмітпен жылдарын жоғалтатын жұптар өте көп, - деді ол. Хош, еркектің жүкті әйелдің күйін кешкені мына бір оқиғаның қасында түкке тұрғысыз болып қалатынын білмедік. Бұл жігіт жүктіліктің күйін кешкендей әсерде болмаған, одан да сорақысы аяғы ауыр болған. (!) Есімі – Томас Бити. Ол 2008 жылы алғашқы перзенті – қыз баланы дүниеге әкелген. Алайда Томас онымен тоқтамай, үлкен қызын туғаннан кейін екі рет жүкті болып, тағы екі ұл тапқан. Сөйтіп Томас Бити үш перзенттің ата-анасы атанған. Айта кетейік, ол өзінің жүкті екендігін ең алғаш 2007 жылы жариялаған болатын. Осыдан кейін әлемде екінші болып британдық 20 жастағы Хайден Кросс та өзінің аяғы ауыр екенін шетелдік БАҚ-қа жариялайды. Жынысын әйелден еркекке ауыстырса да, бала көтеру мүмкіндігіне ие болған. Ол ұрық донорын Фейсбук желісі арқылы тапқан. Сол себепті, болашақ нәрестенің әкесі де, анасы да жалғыз өзі болып қалмақ. Хайден Кросс жынысын ауыстыру туралы шешімді 17 жасында қабылдаған. Осы мақсатқа жету үшін ол дәрігерлердің көмегімен түрлі гормондық препараттар қабылдауға және өзінің жеке басын куәландыруды заңдастыру үшін төлқұжат жасауға 3 жылын сарп еткен. Алайда Кросс жынысын ауыстыруды кейінге қалдырған. Себебі ол бала сүйіп, ана атанғысы келген. Жер-жаһанды шарлаған осындай жаға ұстатар жайттар көп. Көресің – күйінесің, естисің – таңданасың. Күнара өзгеріп тұратын әлемде көзкөргеннің барлығына көз үйретпей-ақ, өзге бір жаратылысқа жат дүниелер құлағыңа жетіп жатады. Расында Құдай жаратқан денеге «дақ» түсіріп, өзгеруге құлық танытудың жазасы Тәңірден өзгеге беймәлім әзірге. Ал жүктіліктің әсерін сезінуге бейім ер адамдардың жай-күйін әлі ғалымдар да түйсіне алмай отыр. |
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 Келесі > Соңы >>