Өзекті мәселелер

  • 19.12.19

    Кешегі даласында абақ­тысы жоқ, бес қаруы белінде жүрсе де жауынан өзгеге қару жұмсамаған заманда елдің бір-біріне өкпесі, кеткен есесі болмады дейсің бе? Болды ғой. Бірақ, сол заманның өзінде қойнындағы қаруға тұра ұмтылмай, әділдікті, ақ пен қараны шешетін әулеттің үлкені не ауылдың ажасы, оған көнбей жатса, елдің қожасына жүгінді емес пе? Дау бұған да бөгет бермеген кезде биге барып соңғы ше...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Ақыл  жетпес

    Адамның ақылы өлшеусіз мол. Алайда сол ұлан-ғайыр, шексіз ақылыңның кейде кішкентай, уақ-түйек мәсе­лелерді шеше алмай, тұйыққа тіреліп, жол таба алмай, адасып­  жүретініміз  қалай?!

    ...
    Толығырақ...
  • 19.12.19

    «Кувад синдромы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Мүлдем естімеген болуыңыз да мүмкін. Бұл – ер адамның жүкті әйел секілді күй кешуі. Мұндай да болады. «Кувад» сөзі француздың «couver» деген етістігінен шыққан, яғни қазақшалағанда «жұмыртқа басу» дегенді білдіреді. Бұл синдром екіқабат әйелдің күйеуінде жүктіліктің үшінші айында басталып, сәби дүниеге келгенге дейін жалғасуы ықтимал....

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір күнә­сіз­дің жетім қалғанын сезді. Сәбиді түннің бір уағында тауып­ алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бас­тады. Әбден жылай-жылай көзінен жасы сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек...

    Толығырақ...
  • 19.12.19

    Поэзия

     

    Ботадай боздап аспан жылайды,

    Алдайды бәрін түлкі үміт.

    Жапырақтардан жас тамшылайды,

    Жапырақ жүрек бұлқынып. ...

    Толығырақ...
Жұма, 20 Желтоқсан 2019

ШИЕЛІДЕ ШИЕЛЕНІСТІ ЖАҒДАЙ ЖОҚ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.12.2019 17:30

Брифинг

Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы өндірісті өңірдің ахуалы жайында БАҚ өкілдеріне баспасөз брифингін берді. Біткен іске де, әлі де бір қайнауы кем іске де сыншы табылады. Ауданда ауқымды істер атқарылыпты, алдағы күндердің еншісіндегі жұмыстар да шаш етектен екен. Бастысы даму бар, алға жылжу тенденциялары қалыпты. Шиеліде әзірге шиеленісті жағдай жоқ, бірақ ара-тұра нүктесі қойылмай тұрған  мәселелер бар. Жуантөбе мен Жөлек ауылдық елді мекендерінің арасындағы қалқымалы көпірдің сапасы сын көтермей тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Бұған аудан әкімінің айтқан уәжі де бар.

- Біз 2017 жылы 265 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттарын дайындап, республикалық бюджетке өткіздік. Келесі жылы оның мерзімі аяқталады. Біз осы бағытта облыстық мәслихат депутаттарымен ақылдастық. 2020-2021 жылдары осы көпірдің мәселесі шешілетін болады. Егер бұған мойын бұрылмайтын болса, көпірге қаржыны өзіміз бөліп, қарастыратын боламыз, - деді Әшім Оразбекұлы.

Жуырда Шиелі ауданындағы өнер мектебі туралы шу шықты. Мектептің қазіргі жай-күйінің нашарлығы соншалық, тіпті жөндеуге де келмейді. Аудан басшысы Әшім Оразбекұлы бұл мәселемен де етене таныс екенін айтып, келер жылы бұл да толықтай шешімін табады дегенді алға тартты.

- Ол – өте ескі мектеп. Онда 550-дей бала оқиды. Мектептің екі филиалы бар, біреуі – Төңкерісте, екіншісі – Балабиде. Содан кейін ол жерде 10 үйірме бар. Біраз уақыт жаңа ғимарат іздестірдік, ыңғайлысын таба алмадық. Енді бүгінде оның жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, 2020 жылы жаңа құрылыс ретінде саламыз, - деді ол.

Ауданның жылдық бюджеті 19 млрд 456 млн теңгені құрап, жыл соңына дейін 18 млрд 435 млн теңгені игеріп үлгеріпті. Шиелі жұртшылығы өзге аудандармен салыстырғанда кәсіпке біртабан жақын келеді. Сол себептен болар мұнда шағын және орта кәсіпкерліктің деңгейі жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе жастар арасында бір шаруаны іліп әкетсем деген ниеттегілер өте көп. Соның нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерліктің есебінен аудан тайқазанына 1 млрд 536 млн теңге түсім келген. «Бастау бизнес» жобасы, «Еңбек», «Сыбаға», «Бизнестің жол картасы - 2020» секілді кәсіпке бастайтын  мемлекеттік бағдарламалар арқылы халық та қарманып қалуда. Мәселен, «Микро Бизнес Қызылорда» бағдарламасы бойынша жобалық құны 76 млн теңге болатын 20-дан аса жоба қаржыландырылған. Оның ішінде наубайхана, жүк көлігін алу, кондитер цехы, жылыжай және тағы да басқа ашылған көптеген кәсіпкерлік нысандар бар.

Егінді бітік шығару қайсыбір ауданның да жылдық жоспарының басында тұрады. Биыл Шиеліде ауыл шаруашылығы саласы бойынша 24 млрд 889,6 млн теңгенің өнімі өндірілген. Аудан бойынша тұқым шаруашылығы  мәртебесіне ие «Ақмая» шаруа қожалығы биыл 332 гектар жерге бидайдың супер элиталық «Стекловидный» сортын орналастырып, әр гектарынан 30 центнерден өнім алды. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуеті артып келеді. Мысалы, биылдың өзінде 280 тонна көкөніс, 335 тонна бақша өнімдері Ресей Федерациясына экспортталды. Төрт түлік малдың қарасы да көбейген. Мұны аудандағы ет-сүт бағытындағы атқарылып жатқан шаруалардан байқауға болады.

Жол мәселесі қай ауданнан да қалып келе жатқан жоқ. Бірақ, Шиелі ауданында орталық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдары асфальтталған. Жол жөндеуге 119 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Қазір күннен қуат алатын жарық энергиясы дегеннің игілігін көрген жұрт риза. Шиеліде баламалы негізде сағатына 50 МВт-қа дейін Күн энергиясынан қуат алатын «Байқоңыр Солар» электр станциясы іске қосылды. Оның жобалық құны – 26 млрд теңге. Мұның пайдасы сол, көршілес аудандар мен Қызылорда қаласын электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етеді. Бүгінде 132 шаруа қожалығы күн электр энергиясын пайдаланып отыр.

Естеріңізде болса, Шиеліде жуырда ғана жобалық құны 5,5 млрд теңгені құрайтын жаңа аурухана пайдалануға берілді. Емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында ауданаралық аурухананың жаңа ғимаратына 2 млрд теңге болатын құрал-жабдықтар берілді. Оның ішінде жаңа туған нәрестеден бастап ересектерге пайдалануға болатын жасанды желдендіру аппараттарынан бастап, шала туылған нәрестелерді бірқалыпты жағдайда ұстап тұратын кювездер,  ауыр жағдайдағы науқастарды тоқпен көтеріп-түсіретін кереуеттер және өзге де көптеген соңғы үлгідегі медициналық жабдықтар бар.  Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында келесі жылы 6 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілмек.

Салалардың бәрінде серпіліс бар. «Ауданға қатысты мәселенің барлығы менің назарымда» деді Әшім Орзабекұлы.  80 мыңнан аса халқы бар ауданның шешілмеген шаруалары қырағы басшысы тұрғанда қыр астында қалып қоймасы анық. Тек бәріне уақыт – таразы.

 

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

 


ЖАСӨСПІРІММЕН ҚАЛАЙ ТЕЗ ТІЛ ТАБЫСУҒА БОЛАДЫ? PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.12.2019 17:27

Психология энциклопедиясына (Encyclopedia of Psychology) сүйенсек, жасөспірім шақта адамның бойында физиологиялық өзгерістермен бірге когнитивті жетілу процесі жүреді. Психологиялық өзгерістер әсерінен жасөспірімдер ата-анасынан тәуелсіз болуға, ересектер секілді өз алдына еркін шешім қабылдауға ұмтылады. Осы кезеңде мінез-құлқында радикалды өзгерістер байқалмаған әрі ересектермен қарым-қатынасы дұрыс болған жасөспірімдер балалық шақтан ересек өмірге айтарлықтай кедергісіз өтеді.

Ал кейбір тұлғалар жасөспірім кезеңде ата-анасымен немесе айналасындағы ересектермен конфликтілерге жиі ұшырасады. Өмірдегі ең жақын адамдарымен коммуникациясы дұрыс болмаған жасөспірім кей жағдайларда, өкінішке қарай, рухани қолдауды құндылықтары теріс достарының арасынан немесе көшеден іздейді. Одан қалса наркотикалық заттар мен ішімдікке әуестенеді. Нәтижесінде ересек өмірге бейімделуі қиындай түседі. Кейде жасөспірім кезеңдегі шалыс қадамдардың соңы қайғылы жағдайларға апарып соғуы мүмкін.

Сондықтан да бала мен жасөспірімдердің психикалық саулығын арттыруға мүдделі мемлекеттік ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар өздерінің күнделікті жұмысы барысында осы мәселеге ерекше мән береді. Мәселен, Қызылорда облысының білім және денсаулық сақтау басқармалары Bilim Foundation қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Жасөспірімдердің денсаулық пен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу» бағдарламасы шеңберінде жасөспірім кезеңде ата-ана мен баланың арасындағы ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатудың маңызына ерекше тоқталады. Бағдарлама негізінде жыл сайын арнайы сауалнама арқылы жас жеткіншектердің төңірегіндегі адамдармен қарым-қатынас деңгейі сарапталып, психологиялық қолдауды қажетсінетін балалар мен олардың отбасы мүшелеріне тиісті көмек ұсынылады. Сонымен қатар, семинарлар мен уоркшоптарда мектеп психологтарына бала мен ата-ана арасындағы коммуникацияны дамыту мәселесі бойынша арнайы дәрістер оқылады.

Бағдарламаның осы мәселе бойынша маңызды бағыты – ата-аналармен тікелей жұмыс. Яғни, ата-аналармен бетпе-бет кездесулерде, баспасөз беттерінде, телевизиялық бағдарламаларда және әлеуметтік желілерде мамандар өз ақыл-кеңестерін ортаға салады. Сол дәстүрді жалғастыра отырып, ата-аналарға пайдалы болар деген оймен жасөспірім балалармен тез тіл табысудың негіздері жайлы халықаралық мамандардың кәсіби кеңестерін осы мақалада ұсынып отырмыз. Сонымен, жасөспіріммен тиімді қарым-қатынас орнату үшін Америкалық психологиялық қауымдастық (APA) мамандары үш топқа жүйелеген ата-аналарға араналған ақыл-кеңестері келесідей:

  1. 1. Бала мен ата-ана ашық әңгімелесе алу үшін ешқандай кедергі болмауы тиіс. Әр баланың мінезі әртүрлі. Сондықтан ата-ана өз баласымен қай сәтте сөйлесу ыңғайлы әрі жеңіл екенін анықтап алғаны дұрыс. Кей бала ұйқыға жатар алдында әке-шешесімен сөйлесуді жөн көрсе, басқа балалар мектепке барарда немесе мектептен үйге қайтарда ағынан жарылып әңгімелесуді қалауы мүмкін. Ал балалардың кейбірі шай үстінде немесе үйден тыс жерде ата-анасымен ашық сөз қозғауды ұнатады. Егер көпбалалы ата-ана болсаңыз, әр балаңыздың қызығушылығы мен мінез-құлқындағы ерекшелікке мән беріңіз. Әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесуді әдетке айналдырыңыз. Балаңызбен әңгімені сұрақтарды жаудырудан бастамай, оның хоббиі, сабақ үлгерімі мен тәрбиесі жайлы не ойлайтыныңызды ақырын түсіндіруден бастаңыз. Басқаша айтқанда, балаңызға оның өмірі жайлы уайымдайтыныңызды, оған тек жақсылық тілейтініңізді, оның пікірін құрметтейтініңізді көрсетіңіз.
  2. 2. Ата-ана балаға тыңдап ғана қоймай, ести де алатынын көрсетуі керек. Егер балаңыз өзін толғандырып жүрген мәселелер жайлы айта бастаса, жасап отырған шаруаңызды тоқтатып, оның әңгімесіне құлақ түріңіз. Сөзін бөлмей, аяғына дейін мұқият тыңдауға тырысыңыз. Балаңыздың пікірін қабылдау қаншалықты қиын болса да оның ойын толық тыңдаңыз. Ақыл-кеңесіңізді айтпас бұрын балаңызға өз уайымы мен мәселесі жайлы еш қысылмай айтуға мүмкіндік беріңіз. Балаңыздың ойын дұрыс түсінгеніңізге көз жеткізу үшін оның айтқанын әңгіме барысында бірнеше рет қайталап айтыңыз.
  3. Ата-ана балаға түсінікті тілде жауап беруді үйренуі қажет. Көбінесе балалар қиын жағдайға ұшырағанда ата-анасымен сөйлесуден қорқады, қысылады немесе үнсіз қалуды жөн көреді. Балаңыз қандай қиын жағдайға тап болғанына қарамастан, сабыр сақтап, дауыс көтермей сөйлесуге тырысыңыз. Балаңыздың пікірімен келіспейтін болсаңыз, оның ойын бірден жоққа шығарудан аулақ болыңыз. Адамдардың арасында келіспеушіліктің болуы заңды құбылыс екенін түсіндіріңіз. Кімнің ойы дұрыс, кімнің ойы қате екенін анықтауға кіріспеңіз. Оның орнына “Сенің менімен келіспейтініңді білемін, бірақ бұл мәселе бойынша менің ойым осындай...” деген тіркесті қолданып, әңгімеңізді бастаңыз. Әңгіме барысында балаңыздың жай-күйіне ерекше назар аударыңыз.

Сондай-ақ Америкалық психологиялық қауымдастық (APA) мамандарының пікірінше, баламен әңгімелесу кезінде әрбір ата-ана келесі жайттарды есте сақтауы керек. Олар:

●      Балаңыз сізбен не үшін ашық сөйлескісі келетінін түсінуге ұмтылыңыз. Яғни, бала ата-анасымен бекерден бекер сөз қозғамайды. Әңгіменің соңында ол сізден ақыл-кеңес немесе мәселенің шешімін күтеді. Кейде бала ата-анасының оның уайымына құлақ асып, жай ғана тыңдағанын қалайды;

●      Бала өмірге имитация арқылы бейімделеді. Ата-анасының ашу-ызаны қалай басқаратынын, қиын мәселелерді қалай шешетінін қарап өседі;

●      Баламен әңгімелесіңіз. Үнемі ақыл айтып, қатты сынап немесе көңіліне тиетін ауыр сөздер айтудан, қорқытудан аулақ болыңыз;

●      Бала өмірде өз таңдауын жасап, сол таңдаудың нәтижесінен сабақ шығару арқылы өмірге бейімделеді. Егер балаңыздың таңдауы оның өміріне үлкен қауіп-қатер туғызбайтынына көзіңіз жетіп тұрса, балаңыздың өміріне араласып, ол үшін шешім қабылдауға асықпаңыз;

●      Балаңыз кейде өзін мазалайтын дүниелердің тек оннан бір бөлігі жайлы сыр шертуі мүмкін. Яғни, сіздің реакцияңызды тексеріп көруі мүмкін. Сондықтан балаңызбен әңгіме барысында оны өте мұқият тыңдаңыз, өз ойын еркін жеткізуіне жағдай жасаңыз. Қандай күрделі мәселе болмасын, сіз оны шешуге міндетті түрде көмектесетініңізді айтыңыз.

Қорыта айтқанда, ата-ана болу – оңай шаруа емес. Баламен тиімді қарым-қатынас орнату үшін тыңдау, ести білу және шынайы әңгімелесудің маңызы өте зор. Десе де ата-ананың барлығы дерлік өз бала-шағасымен үнемі тіл табыса алады деп айту қиын. Өкінішке қарай, кей жағдайларда ата-ана мен баланың арасындағы түсініспеушілік кикілжіңге, психологиялық травмаларға, кейде тіпті, қайғылы жағдайларға себеп болуы мүмкін. Сондықтан жасөспірім шақта баламен дұрыс коммуникация орната білуді әрбір ата-ана басты назарда ұстауы тиіс. Қажет болса, психологтың көмегіне жүгіну мәселенің оң шешілуіне септігін тигізетінін есте ұстаған абзал.

Нұржан Жұманов,

Қызылорда облысы білім басқармасының бас маманы

 

 


ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ ӨМІРЛІК ДАҒДЫЛАРДЫ ҮЙРЕТУ АРҚЫЛЫ СУИЦИДТІҢ АЛДЫН АЛУҒА БОЛАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.12.2019 16:40

Өкінішке қарай, Қазақстан әлі күнге дейін әлемде жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткіші жоғары елдердің қатарында. Десе де соңғы 5-10 жылдың көлемінде аталған мәселені шешуге айтарлықтай талпыныстар жасалған-ды. Мамандардың айтуынша, суицидтің бір ғана себебі болмайды. Адам қоғамның айнымас бөлшегі болғандықтан, оның физикалық және психикалық саулығына түрлі факторлар қатар әсер етеді. Сондықтан балалар мен жасөспірімдердің психикалық саулық жайлы хабарын арттырып қана қоймай, оларды ересек өмірге дайындауға ерекше көңіл бөлу қажет.

Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу туралы сөз болғанда, 2015 жылы республикада алғаш рет Қызылорда облысында UNICEF ұсынысымен пилоттық жоба ретінде енгізіліп, кейін “Bilim Foundation” қоғамдық қорының жетекшілігімен жүзеге асырылып келе жатқан “Жасөспірімдердің денсаулығы мен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және суицидтің алдын алу” бағдарламасы жиі тілге тиек етіледі. Өйткені аталған бағдарлама халықаралық ұйымдардың озық тәжірибесіне сүйене отырып, мемлекет және үкіметтік емес ұйымдармен, білім және денсаулық сақтау мекемелерімен, ата-аналармен тығыз жұмыс істеуді көздейді.

Қор суицидтің алдын алу мақсатында мектеп және колледж оқушылары арасында арнайы сауалнама жүргізіп, балалар мен ата-аналарға психологиялық көмек береді, алты облыста білім басқармаларына методологиялық қолдау көрсетеді, қоғамдағы психикалық саулық туралы білімді арттырумен айналысады. “Bilim Foundation” қоғамдық қорының атқарушы директоры Ерлан Айтмұхамбетовтың айтуынша, жасөспірімдерге өмірлік дағдыларды үйрету арқылы суицидтің алдын алуға болады және ол – әлемде жиі тараған әрі жемісті тәжірибелердің бірі.

“Ағылшын тілінде адамның өмірдің түрлі қиыншылықтарын еңсере білу қабілетін resilience деп атайды. Қазақша қиыншылыққа төзімділік деп аударсақ болады. 2015 жылы канадалық Монреал университетінің профессоры Роберт Луи Гарвардтағы зерттеу орталығымен бірлесе 1985-2015 жылдары жастарды өмір қиыншылықтарын жеңуге үйреткен бағдарламалардың тиімділігін зерттеген 60 жұмысқа анализ жасаған. Зерттеу нәтижесі қиыншылықпен бетпе-бет келгенде не істеу керектігін білетін, айналасындағы адамдардың махаббатын сезінген жасөспірімдердің суицид жасамайтынын көрсеткен”, - дейді Е.Айтмұхамбетов.

“Қызылорда облыстық оқу орталығының” әлеуметтік-педагогикалық қызмет бөлімінің әдіскері, ұлттық мастер-тренер Нұржамал Раханованың айтуынша, “Денсаулық және өмірлік дағдылар” тренинг курсы орта мектептің 9-сынып оқушыларына арналған 34 сабақтан тұрады. “Бұл курс 6 бағыттан тұрады. Атап айтқанда, физикалық және психикалық саулықты қалыптастыруға, эмоционалды интеллектті түсінуге, отбасы құруды жоспарлауға, қоршаған ортада қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және кәсіпті дұрыс таңдауға қажетті білім мен дағдыларды қалыптастыру арқылы жасөспірімдерді үлкен өмірге дайындауды көздейді”, - дейді Н.Раханова. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасы қызметкерінің мәліметі бойынша тренингті тамамдаған оқушылар мектеп психологтарымен өз мәселесі жайлы қысылмай сөйлесуге жиі ниет танытатын болған.

Дәрігер-психотерапевт Жанат Досжанова қазіргі жасөсспірімдер үшін өз бетімен проблемаларды шешуге дағдылану өте маңызды екенін айтады. Сондықтан курс барысында балалар мен жасөсірімдер өзін және өзгелерді құрметтеу, саламатты өмір салтын ұстаудың дағдыларымен, репродуктивті саулық, дұрыс отбасылық құндылықтарды қалыптастыру негіздерімен танысады. Сонымен қатар, кәсіби жетістікке жету үшін қателеспей мамандық таңдауға дағдыланады.

“Бұл оқу курсының кәсіптік бағыт-бағдар беру бағыты – өте маңызды бөлім. Өйткені әлі күнге дейін баласы үшін мамандық таңдайтын ата-ана көп. Ата-ананың міндеті – мамандық таңдау емес, балаға дұрыс бағыт беру, кәсіпті таңдауына құрметпен қарау. Сондықтан осы тренингтік курс оқушылар үшін ғана емес, ата-аналарға да пайдалы деп есептеймін”, - дейді Жанат Досжанова.

 

Халық-хабар

 


ҚАЛДАРБЕКОВ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.12.2019 14:20

Кездесу басталмас бұрын Қармақшы ауданы әкімі М.Қалдарбеков Жосалы кентінде орналасқан Қайрат Мұсабековтың тігін цехында және жас кәсіпкер Қазақбай Махмудтың наубайханасында болып, нан өнімдерін шығаратын цехының жұмыс барысымен танысты.

Сонымен бірге шарада аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі ұйымдастырған ауданымыздағы тауар өндіруші кәсіпкерлердің көрмесі қойылды.

Аудан кәсіпкерлерімен кездесу барысында аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысы Е.Абдикеровтың хабарламасы тыңдалып, атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

Кездесуді жүргізген аудан әкімі Мұса Оспанұлы «Қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында кәсіпкерге біршама қолдау бар. Бүгінгі кездесулер жалпы кәсіпкерлердің бір-бірімен тәжірибе алмасып, өнімдерін өткізуге үлкен қолдау болмақ. Ауданымызда қолайлы іскерлік климатты құру үшін кәсіпкерлік қызметті қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары жүзеге асыру қолға алынуда», - деп айтып өтті.

Кездесуде қаржылық даму институттары әртүрлі салада қызмет көрсететін банк өкілдері қатысып, кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптарын берді.

Жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға арналған шара соңы аудан әкімі алғыс хаттар табыстап, аудан дамуына үлес қосып жүрген іскер кәсіпкерлердің марапатына ұласты.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


ПАРАСАТТЫЛЫҚ – ЗАМАН ТАЛАБЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
20.12.2019 12:30

Парасаттылық ұғымы ақылдылық пен білімпаздық, мәдениеттілік, көрегенділік, зерделілік мағынасында қолданылады. Парасатты адамға адамгершілік, инабаттылық, салиқалылық, мейірімділік, ізгілік, әдептілік, ұстамдылық, талғампаздық қасиеттері тән. Ол жеке тұлғаның интелектуалдық және мінез-құлық жағынан толысып, жетілгендігін, жоғары мәдениеттілігін көрсетеді. Көпті көрген, көп білетін мұндай адам сөйлейтін әр сөзін ойланып, ақыл таразысына салып айтады.

Француз философы Г.Мабли «Біздің бойымызға біткен қасиеттердің ішіндегі ең маңыздысы және ең ізгісі – парасат» дейді. Қазақ қоғамында парасатты адам бойында кездесетін асыл қасиеттердің біріне айналып, адамгершілік пен өнегелілік тұрғысынан жоғары бағаланған.

Қазіргі қоғамда адам бойындағы парасаттылық арқылы жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың үлгісін қалыптастыруға, адамгершілік нормаларын сіңіру бағытында біршама жұмыстар атқарудамыз. Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық сөзінен гөрі парасаттылық ұғымы туралы көбірек айтыла бастады. Сонда парасат ұғымы жеке адамның толысқан кемелдігінің белгісі ретінде үлкен сана мен келісті әдет инабаттылығының, кең, бай мінезінің жарасты тұтастығын білдіреді. Парасатты адам істейтін ісін, сөйлейтін сөзін, қабылдайтын шешімін алдымен ақыл таразысынан өткізіп шешім қабылдайды.

Осыны ескерсек парасаттылық сана сезімі қазіргі таңдағы өскелең ұрпақпен бірге барлық адамзаттың бойында міндетті қолданылатын қасиеттердің бірі болуы керек екенін айтқым келеді. Дамыған елдердің тәжірбиесін қолданатын болсақ, сыбайлас жемқорлықпен күресуде бірінші адам бойында кездесетін парасаттылық, әділдік, адалдық секілді қасиеттерін дамытумен бірге тұрмыстық ортада қолдана отырып, адамның жүріс-тұрыс қасиетінің басты әрекетіне айналу қағидатын ұстанады.

Сонымен қоса, өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік, адалдық, әділдік, парасаттылық және отансүйгіштік сияқты құндылықтарды қалыптастыру мақсатында облысымыздағы жоғарғы және орта білім беру ұйымдарында «Парасаттылық мектептері», «Саналы ұрпақ» және «Адал ұрпақ» клубтары ашылып тұрақты түрде жұмыс істеуде. Сонымен бірге жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыру және адалдық қағидатын енгізу мақсатында студенттер мен оқушылардың қатысуымен дебаттық сайыстар, челлендждер, «Мейірім акселераторы» волонтерлік қозғалысы және тәрбиелік сабақтар ұйымдастырылып тұрады.

Ақыл мен ой ми қызметінің ең жоғарғы сатысы болса, парасат – рух танымының алғашқы баспалдағы. Еліміздің болашағын, яғни жастарын парасаттылыққа тәрбиелей отырып, еліміздің рухының асқақтауына үлес қосуға біріге жұмыс істеуіміз қажет.

Қоғамда жастар ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың үлгісін қалыптастыру және жаңа формациядағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстың жас өкілдерін дайындау басты міндеттердің бір екендігін айтқым келеді.

Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында «Біз жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша күресеміз. Мемлекет пен азаматтардың күшін біріктіреміз. Тек қана жазалау шаралары жеткіліксіз. Жемқорлықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік таныту маңызды» деп атап өткен болатын.

Ағымдағы жылы президентіміздің бастамасыменен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңдерінің бірі болып заңнамада бірқатар өзгерістер енуде.

Бүгінгі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жетекшісі – бұл мемлекеттік қызметшілер. Мемлекеттік қызметшілер қоғамда моральдық құндылықтарды жан-жақты қалыптастырып, басқа адамдарға адалдық пен парасаттылық үлгісін көрсетулері керек. Бұл қоғамдағы сыбайлас жемқорлықпен күресу мен мүлдем төзбеушілікті қалыптастырудағы басты бастамалардың бірі және қарқында дамып келе жатқан мемлекетіміздің бәсекеге қабілеттілігін жоғарлата түсетіндігіне кәміл сенімдімін.

Сонымен бірге бүгінгі күні халыққа кеңінен насихатталып жатқан Әділдік, Парасаттылық, Сенім елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағатталған мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық басымдығы болып саналады.

Қоғамда заңды қатаң сақтауға, сондай-ақ моральдық-этикалық құндылықтарды насихаттауға айрықша көңіл бөлінеді, яғни адам құқықтарын сақтау мәдениетін дәріптеу және бақылау мәселесі өзекті болып отыр.

Сөз соңын қорытындылай келе «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген халқымыздың даналық ойын атап өткім келеді.Өнеге - ұлағатты адамдардың ұрпаққа көрсететін үлгісі және адамдардың тәлім-тәрбиелілігі, үлгілілігі, саналылығы ережелерінің жиынтығы ретінде көрінеді. Ұрпаққа өнеге көрсететін иманды, зерделі, инабатты кісілерден адамдар жақсылық пен қайырымдылықты, адамгершілік пен ізеттілікті үйреніп, оны өздеріне үлгі тұтады. Қазақ қоғамындағы ұлттық өнеге көріністері адамның бойында кісілік, инабаттылық, парасаттылық секілді асыл қасиеттердің қалыптасуына игі әсер ететін ұлттық тәлім-тәрбиенің қайнар көзі болып саналады. Бүгінгі күні еліміздің жарқын болашағы үшін сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік таныта алатын парасатты жастарды тәрбиелеу ұлы міндет деп түсінейік.

Бақытжан  НИЯЗОВ,

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің

Қызылорда облысы бойынша департаменті

басшысының бірінші орынбасары

 


Күнтізбе

< Желтоқсан 2019 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары