Өзекті мәселелер

  • 10.10.19

    Мұны бәріміз де көп күттік. Жиырма жыл. Аз уақыт емес. Сөз жоқ, бұл жеңістің өзі оңайлықпен келген жоқ. Жасыл алаңда жан беріп, жан алысқан сәтті теледидардан телміре тамашалап, күйініш пен сүйінішті көрудің өзі бір ғанибет­  екен. Бұл күнге дейін не айтыл­мады, мақтау да, даттау да айтылды, бірақ біздің жігіттер жарады. Біздің айтып­ отырғанымыз – жексенбі күні елорда төріндегі «Астана Арена» ...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезінд­е ұсынған «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік саясаты қоғамның барлық саласын қамтиды. Әсіресе, президент көпбалалы отбасыларға қол­дауды арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды. Өйткені, елімі­здегі баспанаға мұқтаж азаматтар саны азаймай тұр. Сандарды сөйлетсек, елдегі үй кезегінде тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың жалпы­  саны 28 мыңнан...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Қызылорда облысында экономика саласын дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетік­тері тиімді пайдаланылып келеді­. 2017 жылдан бастап мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, жалпы өндірістік өнім көрсеткіші бойынша оң өзгеріс байқалады. Бүгінде өңір экономикасының барлық салас­ында тұрақты өсім қамтамасыз етілуде. Тек өнеркәсіп өндірі­сінде мұнай ұңғымаларының сулану­ы ...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Облыстың оңтүстігінде, қарт Қаратаудың іргесінде,  Сырдария өзенін жағалай қоныстанған, халқы – жайсаң, жері – жомарт Жаңақорған дейтін аудан бар. Батпағының өзі – бренд. Шөбі – шүйгін. Табиғи қазба байлығы талайды тамсандырған өңір. Жайылмалық жұрт жерсіндірген қарбызын алыс-жақын шетеліңіз таласып әкететіні тағы бар. Қысқасы, қазір Қаратаудың етегінде орныққан елдің бірлі...

    Толығырақ...
  • 10.10.19

    Байқоңырлық бұқараның әлеуметтік мәселелері оң шешімін тауы­п келеді­. Бұрын «Ресейдің иелігінде» деп онша иек артпайтын аумақ еді, соңғы жылдары­ екі елдің Үкіметаралық келісімдерінің арқасында «жұлдызды қалашықта» да біраз істің беті бері қарап қалды.  Түсінікті болу үшін тақырыпты тарқатайық.

    ...
    Толығырақ...
Маусым 2019

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ TWITTER-ДЕ ӨЗ АККАУНТЫН АШТЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.07.2019 10:30

Жаңа аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов Твиттер әлеуметтік желісінде жеке парақшасын ашты, бұл жайлы ақпарат Қызылорда облысы әкімдігінің Facebook парақшасында жарияланды.

"Қадірлі жерлестер! Өздеріңізбен үнемі тікелей байланыста болу мақсатында Twitter әлеуметтік желісінде жеке парақшамды ашуды жөн санадым (@IskakovKD / Ysqaqov Qýanyshbek). Мен әрқашан Cіздермен конструктивті диалогқа дайынмын, - деді Қ.Ысқақов Твиттер парақшасында.

 


«ҰШҚЫР ҚАЛАМ» ИЕЛЕРІ АЛҒЫСҚА БӨЛЕНДІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
01.07.2019 09:50

Жылдағы қалыптасқан игі дәстүрге сәйкес, қала әкімдігі тарапынан 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай мерекелік шаралар ұйымдастырылды.

Айтулы шараның бастауы, БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан қала әкімінің кубогі үшін облыстық турнир ұйымдастырылып, 6 команда бақ сынасты. Бұл жылы жергілікті БАҚ өкілдерінен бөлек аудандық газет редакциясынан жасақталған командалар да қатысты.

Тартысты бәсекеде «Qyzylorda» телеарнасының командасы бас жүлдені жеңіп алса, ІІ орын «Жас тілшілер» командасына, ІІІ орын «Сыр Медиа» ЖШС командасына бұйырды. Үздік ойын көрсеткен БАҚ өкілдері «Үздік қорғаушы», «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы» номинацияларымен марапатталды. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлық және арнайы кубок табысталды.

Сөз, Қоғам және Ар жауапкершілігін арқалаған журналистер қауымына арнап «Сыр самалы» мейрамханасында «Ашық аспан» форматында мерекелік кеш ұйымдастырылып, қала әкімінің арнайы сыйлықтары табысталды.

Мерекелік кешке жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен республикалық басылымдар мен телеарналардың меншікті тілшілері қатысты.

Мерекелік кештің тартуы ретінде еңбегімен ерекшеленіп жүрген бірқатар журналистер қауымы арнайы КӘСІБИ БІЛІКТІЛІГІ ҮШІН «ҰШҚЫР ҚАЛАМ» номинациясымен және бұқаралық ақпарат құралдары саласының дамуына және өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін ақпараттандыруда қосқан сүбелі үлесі және абыройлы еңбегі үшін «Әлімсақ» журналының редакторы Нұрмаханов Нұрлан Көбегенұлы, республикалық «Айқын» газетінің меншікті тілшісі Байназарова Миуа Қожасқызы, «Хабар» телеарнасының телеоператоры Тұрлыханов Әлхайдар Бегайдарұлы Қызылорда қаласының «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Мерекелік кеште ұшқыр қаламымен қатар бойына сан өнерді серік еткен «Қызылорда ньюс» интернет газетінің тілшісі Фариза Омарова ән шырқаса, авторлық шығарма иелері "Халық" газетінің жауапты хатшысы Нұрбике Құдайбергенова мен "Ұстаз мәртебесі" газетінің тілшісі Айдар Сайлауов екеуі жырдан шашу шашты.

Кеш барысында қала әкімінің орынбасары Мира Қазбекова: «Расында, бұл мереке – халықтың көзі әрі тілі саналатын бұқаралық ақпарат құралдарына, оның өкілдеріне замана сырын, уақыт шежіресін көркем сөзбен кестелеп, кәсіби шеберлікпен жеткізудегі ұшан-теңіз еңбекке берілген баға деп білеміз.

Сондықтан, Сөз, Қоғам және Ар жауапкершілігін арқалаған журналистер қауымы - Сіздердің бұл еңбектеріңіз әркез жоғары құрметке лайық.

Әрбір еңбектеріңіз адамдарды жақсылық жасауға, жарық әлемді нұрландыруға жетелесін!

Қалам қуатымен Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту жолында жемісті қызмет ете беріңіздер!» - деген ыстық ықыласпен, ақ тілегін жеткізді.

Шара соңы Сыр елінің белгілі өнерпаздарының мерекелік концертіне және мерекелік сезімге толы керемет кешке ұласты.

 

Қызылорда қаласы ішкі саясат бөлімі

 


СОТ ТӨРАҒАСЫ ЖУРНАЛИСТЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.06.2019 18:00

Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев БАҚ өкілдерін төл мерекесімен құттықтап, олардың сот жүйесі жұмысын жариялаудағы орасан зор еңбектерін атап өтті.

«Сот жүйесі мен БАҚ арасында қалыптасқан қарым-қатынастың сындарлы сипат алғанын атап өткім келеді. Сіздердің салмақты сөздеріңіз бен салиқалы пікірлеріңіздің нәтижесінде Қызылорда облысының тұрғындарына жедел және дәлелді ақпараттар жеткізіліп, сот өмірінің соңғы жаңалықтары жайында хабардар болып келеді», - деді Қамбар Нұрышев.

Жиын барысында соттарда өтетін іс-шараларға белсенді қатысып, сот жүйесімен бірлесе жұмыс атқарып жүрген БАҚ өкілдеріне алғыс хаттар табысталды.

Сонымен бірге, журналистер арасында өткізілген «Сот репортері» шығармашылық байқауының қорытындысы жарияланып, байқау жеңімпаздары марапатталды.

«Сот репортері» байқауының қорытындысы бойынша бас жүлдеге «Qyzylorda» телеарнасының тілшісі, «Zan soileidi» бағдарламасының авторы әр жүргізушісі Мөлдір Құлмырзаева лайық деп табылды. І орынды Қызылорда қоғамдық телеарнасының тілшісі Мереке Серікболқызы, ІІ орынды облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Мөлдір Кенжеғұлова, ІІІ орынды қоғамдық – саяси «Халық» газетінің тілшісі Құттыбике Нұрғабыл иеленді.

«Сот репортері» байқауына белсенді қатысқан облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Шынар Бекбан мен аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісі Назерке Мұхамедиярова және Қызылорда облысы соттарының жұмысы мен «Сот төрелігінің жеті түйіні» пилоттық жобаларын насихаттайтын «Zan soileidi» бағдарламасының мазмұнды шығуына өз үлесін қосқан «Qyzylorda» телеарнасының режиссері, әрі монтажері Дәуір Берікбол алғыс хатпен марапатталды.

Байқау жеңімпаздары мен БАҚ өкілдеріне арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.

Іс-шара соңында Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев журналистерге алғысын білдірді.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

 


ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР ЖУРНАЛИСТЕРДІ КӘСІБИ МЕРЕКЕЛЕРІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.06.2019 17:27

Бүгін 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай полиция полковнигі Заппаров Арыстанғани Расылханұлы өңіріміздің журналистер қауымымен кездесіп, оларды төл мерекелерімен құттықтады.

«Қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтау, қылмыс пен құқықбұзушылықпен күрес тақырыбында қалам тербеп, ақпарат айдынында еліміздің дамуы мен гүлденуіне елеулі үлес қосып жүрген қызметтеріңіз үшін алғыс білдіремін.

Осынау мерейлі мерекеде Сіздерге мықты денсаулық, кәсіби шарықтау, шығармашылық идеялар тілеймін!» ,- деді өз құттықтау сөзінде департамент бастығы, полиция полковнигі Арыстанғани Расылханұлы.

Сонымен бірге, Арыстанғани Расылханұлы өмірі шежіреге толы ішкі істер органдарының ардагері, Қазақстан Республикасы  Журналистер одағының мүшесі Қазыбек Әшірбекұлына  ерекше алғысын білдірді.

Бүгінгі мерекелік шара барысында полицияның имиджін көтеріп, беделін арттыру, қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу тақырыбындағы іс-шараларды көрсетуге, насихаттауға қосқан үлесі үшін бір топ журналистер департамент басшылығы тарапынан «Алғыс хаттармен» марапатталып, оларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

 

Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз  қызметі

 


КӘСІБИ МЕРЕКЕДЕ БАҚ ӨКІЛДЕРІ МАРАПАТ БИІГІНДЕ БОЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
28.06.2019 14:57

Бүгін А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай дәстүрлі "Қанатты қалам - 2019" атты салтанатты шара өтті.

Онда облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін төл мерекесімен құттықтады. Атаулы мейрам тек журналистер үшін ғана емес, сонымен бірге кадрдың көркем шығуы мен газет беттерінің әсем болуы жолында жұмыс істейтін мамандар үшін де маңызды күн. БАҚ өкілдерінің елдің егемендігі мен тәуелсіздігінің тірегі беки түсу үшін төккен терлері ұшан-теңіз.

Сондай-ақ мемлекеттік идеологияны қоғамда қалыптастыру мен ұлтаралық татулық, бірлік бағытында жасаған жұмыстары да жетерлік. Мұнан бөлек жаһандану дәуірінде елдегі халыққа нақты әрі сенімді ақпаратты дер кезінде дәйектемемен жеткізе білетін мамандық иелеріне деген артылар сенім мен жауапкершілік те жоғары. Осы орайда аймақтағы ақпарат саласында өзіндік орны бар, еңбегі сіңген қарымды қалам иегерлер марапаттың төрінде болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Алғыс хатымен, Облыс әкімінің «Құрмет Грамотасымен», Облыс әкімінің алғыс хатымен бірнеше азамат марапатталды. Халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған 20 журналист облыс әкімінің арнайы номинацияларымен марапатталды. Сағитжан Бермағанбетов атындағы жас журналистер байқауының 3 жеңімпазына бағалы сыйлықтар үлестіріліп, алғысқа бөленді.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР КЕҢЕСІНІҢ КӨШПЕЛІ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.06.2019 16:02

Бүгін адандық мәдениет үйінде облыстық жастар кеңесінің көшпелі мәжілісі өтті.

Мәжіліске облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов, аудан әкімдері мен орынбасарлары, облыс әкімінің кеңесшісі, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, шаруашылық төрағалары, "Нұр Отан" партиясы "Жас Отан" жастар қанатының мүшелері, ардагерлер, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Көшпелі мәжілісте облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қ.Жанұзақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Б.Бурамбаева, Қармақшы ауданының әкімі С.Мақашов және Сырдария ауданының әкімі Ғ.Қазантаев баяндама жасады.

Күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланғаннан кейін облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов "Жастар жылын" өткізудің кешенді іс-шаралар жоспарының орындалу қатаң бақылдау екенін айтып, басқарма басшылары мен қала және аудан әкмдіктеріне бірқатар тапсырмалар берді.

Сонымен бірге, жастарды жұмыспен қамту, кәсіби бағыт-ағдар беру бағытында жемісті жұмыс жасап келе жатқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің "Алғыс хатымен" марапатталды.

Көшпелі мәжіліс аясында облыс әкімінің орынбасары Айдарлы және Шіркейлі ауылында құрылған "Жастар бригадасының" мүшелерімен пікірлесіп, атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Бригада мүшелеріне даңқты күрішші А.Құлбаев батасын беріп, сәттілік тіледі.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


СЫРДАРИЯ АУДАНДЫҚ "ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ" ЖАҢА ҒИМАРАТҚА КӨШТІ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.06.2019 15:55

"Жастар жылы" аясында Сырдария ауданында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, нақты жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімінің тікелей бастамасымен аудан жастарының ұсынысы негізінде аудандық "Жастар ресурстық орталығы" жаңа ғимаратқа көшті. Бұл аудан жастары үшін зор қуаныш және қолдау болды.

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов бастаған аудан әкімдері мен басқарма басшылары Сырдария аудандық "Жастар ресурстық орталығының" жаңа ғимаратымен танысып, жастармен пікірлесті.

Жаңа ғимараттың мәжіліс залында "Тереңөзек жастары" қорының мүшелерімен кездесу өткізіліп, кәсіпкерлікке ынталы жастарға 300 000 мың теңгенің сертификаттары берілді. Аудан жастары өз ұсыныс-пікірлерін айтып, атқарушы билік өкілдеріне ризашылықтарын білдірді.

Айта кету керек, аудандық "Жастар ресурстық орталығында" жұмыс кабинеттері, ұлттық және спорттық ойындар ойнауға арналған бөлме және 20-25 адамға арналған мәжіліс залы бар. Ғимарат жаңа заман талабына сай техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Жаңа ғимарат аудан орталығындағы А.Әлиакбаров көшесінде орналасқан.

 

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР АЛАҢЫ АШЫЛДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Халық-хабар
27.06.2019 15:45

Рәміздер алаңының ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов құттықтау сөз сөйледі.

– Кез келген елдің елдігін, мемлекеттің мәртебесін айқындайтын басты құндылықтары болады. Ол – елдің шекарасы, Астанасы және Мемлекеттік Рәміздері. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Тәуелсіздік – Алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгі рәміздеріміз бар, оның біріншісі – Елтаңба, екіншісі – Әнұран, үшіншісі – Көк Байрақ, төртіншісі – Қазақ тілі» деген халық жүрегінен орын алған дана сөзі бар. Рәміздер халықтың рухы мен айбатын білдіріп қана қоймай, сол мемлекеттің әлемдік өркениет көшіндегі орны мен деңгейін де белгілейді. Бүгін, міне, аудан орталығынан Көк Байрағымызды биікке көтеріп, Мемлекеттік Рәміздер алаңы ашылуда. Алаңның ашылу салтанатымен баршаңызды құттықтаймын,- деген облыс әкімінің орынбасары Рәміздер алаңы бюджеттен тыс қаржы көздерінен, яғни демеушілік есебінен салынғанын атап өтті.

Құттықтау сөзден кейін Мемлекеттік Гимн орындалып, татулық пен бейбіт өмірдің бейнесі болған Мемлекеттік Ту көкке көтерілді.

Салтанатты шара соңы патриоттық ән мен жырға ұласып, Тәуелсіздігіміздің айбары саналатын Мемлекеттік Рәміздердің қадір-қасиеті туралы ұран сөздер айтылды.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


АРЫС АПАТЫ АЭС-ке тоқтау сала ма? PDF Print Email
Жаңалықтар - Мәселенің мәнісі
27.06.2019 12:50

Қаймана қазақ күнделікті күйбің тірлігіне көшіп жатқан уақытта Түркістан облысынан жеткен жайсыз хабар жай таптырмады. Бейбіт күннің берекесін бұзып, бүтіндей бір қаланы тұншықтырған оқиға – аспан көкті қою қара түтінмен ластаған жарылыс. Жаңа аптаның таңын Арыс қаласының тұрғындары төтенше жағдаймен қарсы алды. Шаһардағы «Юг» аймақтық басқармасына қарасты қару-жарақ қоймасынан бастау алған жалын алапат өрт пен жойқын жарылысқа ұласқан. Жер дүмпуі сезіліп, есік-терезелер сынып, соғыс даласында естілетін снарядтар даусы­ мен жарылғыш заттардың әр тұсқа түсіп жатқанынан зәресі ұшқан жергілікті тұрғындар бас сауғалай жан-жаққа қашты. Тіпті маңызды деп саналатын құжат­тарын да алмағандар бар. Жасы бар, жасамысы бар, құндақтағы сәбилерін құшақтап, аяғын басқан періш­телерін қолынан сүйреп, қарттарын қасынан тастамай­ үдере көшкен жұрт жол талғамады. Бас амандығы үшін қауіпсіз деген мекенге қарай табан бастаған жұрт қырмен де, қыратпен де жолға шықты.

Қолында «болашағым» деп санаған ұрпағынан өзге тырнақтай зат алмағ­ан қазақ өз келешегі үшін жан алысты. Жаяу­ла­тып, ен далаға ізін ғана тастап бара жатқан әр қазақтың­ арқа жағында қызыл жалын мен будақтаған қара қою түтін, қара жердегі қылтиып ғана шығып тұрған шөптесі­ндер, етегін жасқа толтырған ана мен баласын­ бауыры­на баса қашқан әке көрінісі халық жүрегіне ауыр тиді. Бала күнімізде «Сурет» пәні сабағында сұр мен қара қарандашты қоса бояп, Семей полигонының  қою түтінін бейнелеуші едік. Одан қалды Сирия аспанының ажал қараңғылығы секілді бүркемеленіп тұрғанын көріп, азат еліміздің тыныштығына ешкімнің азуы батпаса екен деп тілеп жүрген жұрттың қатарынанбыз. Мұндай «картинаға» арыстықтар осымен төртінші мәрте куә болды. Қазақ тарихының бетіне түспесе де, халық жүрегіне жара салған бұл датаға не өкпемізді артамыз?

Осыдан тура он жыл бұрын «Қазарсенал» компаниясының аймағында орын алған жары­лыс 3 адамның өмірін қиып, 20-ға тарта­ адамның түрлі дене жарақатын алуымен аяқталған. Ол кезде оқ-дәрілерді залалсыздандыру кезінде кәсіпорын қауіпсіздікті сақтамағаны анықталып, бірнеше адам жауапқ­а тартылды. Араға бес жыл салып қайталанған оқиғадан зардап шеккендер де, мерт болғандар да бар. Соңғы рет 2015 жылдың күзінде полигон аймағында қалдықтарды жою барысында орын алған жарылыс та бір адамның ажалына себеп болған-ды. Ашқұрсақ, жалаңаяқ далаға қашқан арыстықтардың өміріне қатер төндірген қойма көненің көзі, іргесі 89 жыл бұрын қаланған. Тіпті Кеңес заманындағы Ұлы Отан және Ауған соғысы жылдарында әскерді қарумен қамтамасыз еткен бірден-бір орын – осы қойма. Он жылда төрт төтенше жағдайға тап болған Арыс қаласы мен жанындағы елді мекендерде 75 мыңнан астам халық бар. Олардың дені өз халдерінше қауіпсіз жерге көшсе, қалғаны әкімдіктен бөлінген техниканың көмегіне жүгінген. Қазір онда үдере көшкен халықтың үйлері, тұтас қала қаңырап тұр. Баспана иелері де жақын арада­ қоныстарына орала алмайды.

- Арыстағы әскери қалашықтар мен арсенал әскерилердің жіті бақылауында. Олардың бір бөлігі арнайы­ қорғалған бункерде сақтаулы, бір бөлігі тиісті қорғаныспен қамтылған. Сондықтан, олардың қауіпсіздігіне кепілдік беріледі. (...) Бұл арсенал барлық күзет құралдарымен, дабыл қаққышпен жабдықтал­ған. Қоймалардың айналасы топырақпен көмілген. Сондықтан, аталған оқиға себептерін арнайы құрылған  тергеу тобы анықтайды. Мұнда ешқандай радиак­тивті оқ-дәрі мен снарядтар сақталған жоқ. Ешқандай радиация қаупі жоқ, - деп мәлімдеді ҚР Қорғаныс  министрі Н.Ермекбаев.

Оқиғаның жай-жапсарын анықтап, салдарымен күресіп,  себебін  анықтауды  тапсырған ҚР президенті – ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қ.Тоқаевтың өзі оқиға орнына жетті. Әдетте ел басқарып отырған тұлғалардың қауіпсіздігі төмен, қауіптілігі жоғары орындарға бара бермейтінін ескерсек, жаңа президенттің халқының жанынан табылуы – жанашырлықтың ұшқыны. Апатты аймаққа 6 сағат аралығында барып­, эвакуацияланған халықпен жүздесіп, жағдайларымен танысып, мән-жайды түсіндірді. Төтенше жағдай салдарынан қираған азаматтық ғимараттар мен әлеуметтік нысандардың барлығы мемлекет тарапынан қайта қалпына келтірілетінін айтты.

ҚР Қарулы күштерінің ең жылдам әрекет ететін территориялық ұйымы саналатын «Юг» аймақтық басқар­масына тиесілі қойманың жарылу салдары мен себептері әзірге белгісіз. Ал баспаналарын тастай қашқан халық қазір әр жерлерде орналасқан арнайы пункттерде бас сауғалап отыр. «Қазағым» дегенде қасық қанын төгуге әзір халық хал-қадірінше гуманитарлық көмек көрсетуде. Бақтың ынтымаққа құмар екенін дәлелдеген қызылордалықтар да қайырым­дылық акцияларынан аянып қалған жоқ. Арыстағы ағайын үшін жанын шүберекке түйіп отырған Сыр жұртшылығы 15 тонна күріш, 10 тонна ұн, 5 тонна қарақұмық, 1,5 тонна сүт түрінде көмектерін көлікке тиеп, жолға шықты. Заттай, ақшалай көмек беру әлі де жалғасып жатыр. Бұл оқиға тек Түркістан облысының басына берілген апат емес, бүкіл қазақ даласына ортақ. Республикалық маңызы бар жол-көлік қатынастары да бір сәтке жұмысын тоқтатып, жолаушылар әрі-сәрі күйге түсті. Олар да назардан тыс қалған жоқ. Жолаушылар пойызы арқылы діттеген аялдамасына жете алмаған азаматтар үшін арнайы көлік ұйымдастырылды. Ал зардап шеккендер саны сағат сайын өзгеріп отырғандықтан нақты емес, белгілісі, 3 адам қаза тауып, 160-тан астам адам медициналық көмекке­ жүгінген, хабар-ошарсыз кеткендер бар.

Апат болған күннің ертеңінен бастап әлеуметтік желі беттерінде азаматтық журналистиканың қар­қыны күшейді. Кімнің қолында қандай ақпарат бар, халыққа жеткізіп отырды. Оған себеп те жоқ емес, ресми ор­гандар ресми мәлімдемені өте кеш әрі мардымсыз қалыпқ­а сыйғызғандығының куәсіміз. Шын мәнінде, оқиға куәгерлері зардап шеккендер мен хабарсыз кеткен­дер, жарылыс салдарынан өртенген тұрғын үйлердің көптігін алға тартады. Ақпараттың бұрма­лануы – ескерілмейтін, бірақ өте күрделі қате. Екінші­ден, жойқын жарылыс туған кәсіпорын қоймасында оқ-дәрі мен қару-жарақ түрлерінің қандай және қанша түрі сақталғанын ешкім дөп басып айтпай отыр. Есесіне­, ресейліктердің миллиардтаған көздері мен құлақтары  Қазақстанға  бұрылып  тұр.

- Бұл – Кеңес заманынан бері жиналып қалған өте көп оқ-дәрі. Ресей қаруларды Кавказ, Сириядағы соғыстар­да  қолданды. Ал Қазақстан ешкіммен соғыс­қан  жоқ.  Сондықтан  миллиондаған тонна  қару-жарақ  сақталды. Ескі  қаруларға  утилизация  жасалды.  Бірақ әлі бар. Себебі Кеңес одағы миллион әскері бар Қытаймен соғыс бола қалса деген қауіппен көп қару жинаған. Ал қазір Қазақстан бұл қаруларды утилиза­ция жасауы керек. Себебі оның мүлде керегі жоқ. Жойылмаса, жарылыстар бола береді. Бұл көп қаруды тез жойып жіберу мүмкін емес. Сондықтан сұрыптап, дұрыстап сақтау керек. Дұрыс сақталмаса, жарылады. Себебі, қару ескірген сайын қауіпті, - дейді әскери шолушы Павел Фельгенгауэр.

Қауіпті қойманың қалаға тым жақын орналасуының өзі қауіпсіздік нормаларын өрескел бұзу болып табылады. Сол себепті де ысқырған снарядтар тұр­ғындардың көз алдынан көлбеңдеп ұшып, иектің астында­ жарылған. Әлемнің әлпетін бері қаратқан жойқын жарылыс қоғамда күрделі ахуал туындап, ресейліктер­дің қазақ жеріне атом электр станциясын салуына қарсылық білдіріп тұрған тұсында орын алды. Мұндайда «Құланның қасуына – мылтықтың басуы» дейтін бе еді?!

 

Нұрбике  ҚҰДАЙБЕРГЕН

 


ТАРИХТЫ ТОБЫР ЕМЕС, ТҰЛҒА ЖАСАЙДЫ PDF Print Email
Жаңалықтар - Бүгінгінің болмысы
27.06.2019 12:30

ҚР еңбек сіңірген қайраткері,

ҚР Президенті сыйлығының лауреаты,

«Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері,

белгілі  қаламгер  Қали  СӘРСЕНБАЙ:

Журналистік алғашқы еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен (қазіргі «Жас Алаш») бастап, «Өркен-Горизонт», «Жетісу», «Егемен Қазақстан», «Парасат» сияқты еліміздің беделді басылымдарында айшықты қолтаңбасын қалдырған, бүгінде өзі «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» деген үкі таққан «Алматы ақшамы» газетінің директор-бас редакторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының БАҚ саласындағы үздік бас редактор сыйлығының, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Алматы қаласы Мәслихатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Сендердi сағынғанда», «Өнер-өмiр», «Тұлға-тағдыр» және «Шал мен шындық» атты кітаптардың авторы, жуырда ғана алпыс жылдық мерейтойын атап өткен белгілі қаламгер Қали Қошқарұлы Сәрсенбаймен болған сұхбатымыз қазақ баспасөзінің кешегісі мен бүгіні туралы, жалпы өнер, мәдениет, руханият саласы төңірегінде өрбіді.

 

«БҮГІНГІ  БАСПАСӨЗ  НЕГЕ  БӨСПЕСӨЗГЕ  АЙНАЛДЫ»?..

– Қали аға, сұхбатымызды төл мерек­еге орай, қазіргі  журналис­тиканың  келбеті деген тақырып төңі­регінде бастасақ. Өзіңіз  айтпақшы, «бүгінгі баспасөз неге бөспесөзге айналды»?­

– Қазір журналистика күнкөріс құралына, оңай кәсіпке айналып кетті деген пікірлер бар. Бұл пікір­ден мен де қалыс қалмаймын. Шындығын айтқанда, журналистика қолбала сияқты. Иісі мұрнына бармайтын, өмірі қолына қалам ұстап, он жол хабар жазбаған адам да бүгінде журналистика жөнінде пікір айтатын болған. Ал Шерхан, Камал, Қалтай, Оралхандардың тұсындағы журналистика қандай еді?! Сұрапыл еді ғой. Олар журналистиканы өнер деңгейіне көтеріп кетті. Оның өз мектебі, дәстүрі бар еді. Ал қазіргі журналистикада сес жоқ. Кім көрін­геннің журналист болатыны содан. Сауатсыздық, жауапсыздық басым. Ғаламтор деген шықты. Сол жақсы болды, ешкімнің жаны қиналмайды, керегінің бәрін содан қарап, тауып ала қояды. Ерінбегені әлгі алғанына бір-екі сөз қосып, ал ерінгені сол күйі төпей береді. Журналистиканы күн­көріс көзі дейтіні содан шыққан.

– Менің байқап жүргенім, қазір аға буын болмаса, кейінгі толқынның басым­ көпшілігі газет оқымайды, кере­гін сайттан қарай салады. Және де олар ұзын-сонар мәтінді де оқып отырмайды. Мен осыған кәдімгідей «ренжіп» қаламын. Сіз ше? Жалпы, газет заман ағымына қалай бейімделуі керек?

– Иә, журналистиканың аса үлкен шапшаңдықпен дамуы – заңдылық. Қазір айтылған ақпаратыңның көзді ашып-жұмғанша сол мезетт­е-ақ ғаламтор, түрлі сайттар арқы­лы жаһанға тарап кетуі – үлкен қажеттілік. Ол керек. Мен бұл саладағы жаңалықтардың барлығын құшақ  жая қарсы аламын. Себебі, ол – бүгінгі уақыттың қойып отыр­ған талабы. Иә, ақпарат тасқыны, жаңалық өте көп. Бірақ соның бәрін талғаусыз жұта беруіміз керек пе? Талғам, талап қайда? Ұлттық журналистика өзінің әу бастағы болмысын сақтап қалуы тиіс. Мысалы, «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Жас Алаш» сияқты ұлттың дәстүрлі басылым­дары ділі, тіні, бағыты бөтен жат пиғыл­ды жаһандық журналистикаға жұтылып кетпесе деймін. Баспасөздегі дәстүр сабақтастығы, мінез сақталуы керек. Өкінішке қарай, қазіргі журналистика осындай айбынынан, айбарынан алыстап бара жатыр.

Қазіргі буын «заман басқа ғой» деген сөзді жиі алға тартады. Мен бір-ақ нәрсені білемін: қазақ деген ұлт бар, сол ұлтқа тән тәрбие, сол ұлттың мұңын мұңдайтын, жоғын жоқтайтын рух, сезім, қала берді мұң болуы тиіс. Ал бұл құндылықтардың заманға қандай қатысы бар? Сонда заман осындай екен деп, ұлттың сөзін сөйлемеуіңіз керек пе? Журналистика деген – ұлттың өзін-өзі жоғалтпауы жолында күресетін маман­дық.

– Бізге, редакцияға тәжірибеден өтуге келіп жүрген студенттерден байқаймын, олар газетке бірлі-жарым мақал­асын шығартып алса болды, «біз телевидениеде істейміз болашақта» деген  ойларын  жасырмай  еркін айта­ды­ әуелі. Ал қазір телеарналар шоу-бизнес өкілдеріне қатысты бағдарламалардан көрінбейді. «Неге осындай бағдарлама­лар көбейіп кетті?» дегенге, «көрерменнің сұранысы – осы» дейді. Бұл  тұрғыда  не  айтасыз?

– Телевидение – мыңның, миллионның аудиториясы. Бұрын оған кім-көрінген шықпайтын, киім киісің­нен бастап, сөз мәнерің, кес­кін-келбетің – бәрі ескерілетін. Өйткені, сен халықтың алдына шығасы­ң. Қазір кімнің қалай шығып жүргенін көріп жүрсіз. Оның бәрі ілім-білімнің таяздығынан. Адамдардың жандүниесі қазақы болмыстан алыстап бара жатыр. «Халықтың сұранысы – осы» деп айта береді. Бұл пікірді қоғамда зерттеу жүргізіп, соның нәтижесінде айтып отыр деп ойламаймын. Ресей актеры Олег Табако­в «Мен рейтинг деген пәледен қорқамын» деп еді бір сұхбатында. Сол рас сөз. Иә, өнер кейде эксперименттен тұрады. Оны халыққа ұсынады да, халық қалай қабылдайтынын, пікірін ескереді. Сондай бағытт­а болса, жарайды дейміз. Мені­ңше, ұрыс-керіске құрылған, жылауық қоғамның ғана болмысын беретін хабарлар емес, танымдық дүниелерге арналған бағдарлама жасауғ­а тырысу керек. Қазір бір Мәскеудің өзінде 380 театр бар. Рухани­ жаңғыру дегеніміз – осы. Демек,­ бізге тойхана емес, кітапхана,­ театрлар ашу керек. Атаңның күші­мен, ана сүтімен ауызданған, рухтан­ған сұлу өнер керек бізге.

ҚАЗІР  КӨРІНГЕН  ЖЕРДЕ  ЖУРФАК  БАР...

 

– Бұрын журналистика факультеті КазГУ-де және Қарағанды университетінде болған еді. Қазіргі таңда жекеменшік жоғары оқу орындарында да көптеп ашылуда. Журналистика деңгейінің төмендеп бара жатқанының бір себебі осында жатқан жоқ па, қалай ойлайсыз? Сан бар, ал сапа қандай дегенім ғой?

– Сосын жоғары партия мекте­бінде болды журналистика факультеті. Иә, қазір көшедегі дүңгіршектер тәрізді көрінген жерде журфак бар. Елдің бәрі журналист болғысы келеді. Журналистика теледидарға шығып, танымал болу үшін ғана керек­ сияқты болып көрінеді. Шындығында, шешен сөйлеу де – адамға Құдайдан берілетін өнер.

Қытайда бір облыс губернаторының қызы оқуға түсе алмай, құлап қалған көрінеді. Бізде облыс әкімі­нің қызы тұрмақ, аудан әкімінің қызы оқудан құласа да, масқара деп қабылданатыны өтірік емес. Ал әлгі губернатор үндемепті. Сөйтсе, Қытайда кез келген университетте оқудан құлап қалған балалардың көңілі түсіп, жасып қалмауы үшін дереу солардың басын қосып, олардың не нәрсеге қабілетті екенін анықтайтын арнайы мамандар бар екен. Бізде оқуға түсе алмай қалған кей балалардың өзіне қол салатыны рас қой. Ал қытайлар сондай келе­ңіздіктің алдын алу үшін әрекет етеді екен. Сөйтіп, әлгі мамандар губернатордың қызының кондитер саласында кәмпит орауға қабілетті екенін анықтаған. Әкесі мұны естігенде қатты қуаныпты. Мұны айтып отырғаным, адам мамандықты «қайтсе­м жұлдыз боламын, танымал боламын» деп емес, өз қабілетіне қарай таңдағаны абзал. Мысалы, мектепте жүргенде өлең, мақала жазуың­ыз мүмкін. Сөйтіп, қабіле­тіңіз біртіндеп шыңдалып, оқуға келе­сіз. Ал қазір ше? Оқу-тоқусыз, бір демде журналист болып шыққысы келеді. Өйткені, бұл мамандықтың қадірі кетіп қалған.

Біздің кезімізде журфак – университеттің ішіндегі университет болып саналатын. Мүйізі қарағайдай мықты-мықты редакторлар келіп дәріс оқитын. Ақын-жазушылар жатақханада жүретін, жиі-жиі рухани кештер өткізіліп тұратын. Біз 3-4-ші курстарда оқып жүргенде «Журналистік шеберлік» деген курс болатын. Сол курс сіздің журналист болатыныңызды, болмайтыныңызды айқындайтын. Ол кезде газет редак­циясындағы бөлім меңгеруші­сінің есігін ашып кіре алмайтынбыз. Бұл – сол кездегі журналистика деңгей­інің қандай болғандығының белгісі. Қазір осы саланың өзінде адам танымайтын ұрпақ өсіп келеді.

Бұрын журналистика факульте­тіндегі мұғалімдердің ең осалының өзі студентке бағыт-бағдар беруге жарайтын, кімді, нені оқу керектігін айта алатын. Ал қазіргі мұғалімдер­дің деңгейі қандай екенін білмей­мін. Бірақ бізге тәжірибеден өтуге келетін студенттердің деңгейіне қараймын да, басымды шайқаймын. Біздің «Алматы ақшамында» «Тұлғатану», «Тұлға-тағдыр», «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар», «Бұрынғының адамдары-ай!» және тағы басқа да тұрақты айдарлар бар. Ал оларды не үшін аштық дегенге келетін болсам, тұлға – бағыт-бағдар беруші, биік адам. Қазір қоғамда сондай тұлға бар ма, жоқ па? Тұлға бар, бірақ ол елге қызмет ететін тұлға ма, жоқ әлде қолдан жасалған тұлға ма? Міне, осы мәселелерді көтеріп, тұлғаға айналған адамдардың тағдырын, өмірін жазу арқылы жастарды тәрбиелеп келеміз. Қаншама тұлғалардың өмірін ақ қағазға қаттап, тағдырлары­ туралы жазылып жатыр. Меніңше, журналистика факультеттерінде студенттің келешектегі тұлғалық қасие­тін қалыптастыруды жолға қою керек. Журналист биік тұлға болуы тиіс.

– Бекзат журналистиканы қалыптастыруда не істемек керек?

– Әрине, газеттің көп болғаны, кітаптың жиі-жиі жарық көргені жақсы. Бірақ оларды таразыға тартып, електен өткізу деген бар. Менің ойымша, арнайы бір мекеме осымен айналысып, рейтинг жүргізіп отырса. Мемлекет ұлттың дәстүрлі басылымдарын сақтап қалу керек. Қалай десек те, ұлтқа, мемлекетке жаны ашитын, жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын ұлттық басылымдар ғой. Қоғамға сол басылымдарды үлгі етуіміз қажет.

 

ТОЙ  МЕН  ОЙДЫҢ  ӘНШІСІН  АЙЫРА  АЛМАЙМЫЗ...

 

– Осы тұлға тақырыбын жиі көтеріп жүрсіз. «Өскен-өнген, өрке­ниетті елдерде есік көзінде отырған вахтеріне дейін тұлғасын тап басып таниды­», - депсіз бір сұхбатыңызда. Бұл тақырыптың жаныңызға жақын болу себебімен бөліссеңіз?

– Тарихты тобыр емес, тұлға жасайд­ы. Шүкір, қазақ тұлғасыз емес. Мен қай басылымда қызмет атқарсам­ да, ең алдымен тұлғаға арнал­ған айдар ашумен айналысатынымды жасырмаймын. Бұл тақы­рыпқа деген қызығушылығым, бәлкім, даңқты­ адамдардың өміріне арналған ғұмырбаяндық кітаптарды көбірек оқитын әуесқойлық себеп болған шығар. Айтпағым, Ақселеу Сейдімбек ұстазымыз тарихты тұлға арқылы зерттеу қағидасын алғашқы болып енгізгендердің бірі және бірегейі­. Тұлғалардың өмірін  оқы­ған адам тарихты өз-өзінен біледі. Әлем тарихының өзі тұлғалардың өмірі­нен тұрады. Мысалы, Напо­леонсыз Францияны, Черчилльсіз Ұлыбританияны елестету мүмкін емес. Сол сияқты өзіміздің Алаш ардақтылары­ да том-том тарихымыздың ең маңыз­ды бөлігін жасап кетті. Бір кереме­ті, солардың бәрі оқулық жазған.­

Бәрі де салыстыру арқылы сарала­нады ғой. Қазіргі лауазымды басшылардың кейбірі анекдотпен күн көріп жүр. Өйткені, деңгей сол. Біз­дің қазіргі деңгейіміз қандай? Миллиондар көретін аудиторияға тойдың әндері шығып кетті. Теледидар тойхана іспетті. Той мен ойдың әншісін айыра алмайтын жағдайға жеттік. Мысалы, Ермек Серкебаев өмірден өтті, ал ол шырқап өткен «Япурайды» енді кім айтады? Парижг­е қашып, ақыры сонда көз жұмған ұлы композитор Сергей Рахман­инов алғаш «Япурайды» тыңдаға­нда, «Мына әнді шығарған халықты мен қайтсем де көруім керек!­» депті. Көрді ме, көрмеді ме, білмеймін, бірақ сол «Япурай» қайда қазір? Ал бүгінде кішкентай ғана даусы­ бар, керісінше кеудесі аяққаптай, шоу-бизнесті шебер меңгерген, отыздан енді асып тұрып «халқым» деп сөйлейтін той-томалақтың әншілерін әспеттейтініміз сонша, теледидар мен сайттарды ашып қалсаң, «бәленше халыққа келіншегін көрсетті!» дейді. Әлі отызға да жетпеген бір жұлдыз «өткен өмірім туралы кино түсіріп жатырмын» дейді. Өмірі енді басталған адам қандай­ өмір туралы айтып отыр?!. Міне, біздің деңгей?..

Осыдан бес-алты жыл бұрын қызық үшін бір мектептің бас­тауыш сыныбына «Шәмші Қалдаяқов кім?» деген тақырыпта әлеуметтік зерттеу жүргіздім. Қызықтың соңы «қасіретке» айналғандай болды. Біреуі «бизнесмен», біреуі «крутой», тағы бірі «шенеунік» дейді. Осы зерттеу біздің мектептерде ұлттық тәрбие, ұлттық негіз жоқ екендігін дәлелдеп берді. Ал ұлттық тәрбие көрмеген адамның ешқашан өз халқына жаны ашымайтыны айдан анық нәрсе.

Иә, қазіргі жастар өте сауатты, көп біледі, тілді меңгерген. Оған таласым жоқ. Бірақ сол білімін өз тілінде жеткізе алмайды. Орыс, ағылшын тілінде айтады да, көпке қазақша жеткізіп айта алмайды. Баяғыда шешендік өнер деген болды. Қазір сол жоғары оқу орындарында жоқ. Егер «Тұлға­тану» пәнін, шешендік өнерді қайта енгізсек, оқуға құштар жастар ойын анық жеткізе алған болар еді деп ойлаймын. Бұл пәнді барлық факультетте оқыту керек. Сосын тұлғалармен кездесу дәстүрін жандандыру қажет. Мысалы, қазірдің өзінде мықты деген тұлғаларды оқу орындарына ақы-пұл­сыз-ақ дәріс оқуға шақырсыншы, олар қуана-қуана баратынына сенімдімін.

 

ТҰЛҒА   БОЛАТЫН   ҰРПАҚ  ТӘРБИЕЛЕУІМІЗ   КЕРЕК

 

– Қазіргі жастардың көп тіл білетіндігі туралы айтып қалдыңыз, осы орайда үштұғырлы тіл мәселесіне деген көзқарасыңызды да біле кетсек?

– Үнемі шығыстағы үш ел – Жапония, Қытай, Корея туралы оқып, танысып отыруға тырысамын. Осы үш мемлекет өз дәстүрі арқылы дамуда. Тіпті, бұрынғы дәстүрін жаңғыртып, жаңаша көзқараста дамытуға кіріскен. 1995 жылдары Жапонияның 14 қаласын араладым. Бізде компью­тер деген атымен жоқ заман. Бір күні Токиода келе жатыр едік, пошымы өзгеше үйге көзім түсті. Бастаушыдан «бұл не үй?» деп сұрап едім, «кіріп-шығайық, сосын түсінесіз» деді. Әр тұста жамыр­ап жастар отыр. Қызу пікір­талас. «Бұлар соншама не деп қызыл кеңірдек болып жатыр?» - деп сұрасам, дискуссиясының төркіні «Жапонияны қайтсек алға сүйрейміз, мына дәстүр тозды, мына жаңалық ескірді, жаңасын ойлап табу керек» дегенге саяды екен. Көрдіңіз бе, өрімдей жастар елдің келешегін ойлап шырылдап жатыр. Ал біздің осы жастағы адамдар «халқым» деп сөйлеп, құр кеуде керіп жүр. Жапония – дәс­түрін берік ұстанатын ел. Бала­сына 13 жасқа дейін басқа тілді оқытпайды. Қазақ «Он үште – отау иесі» дегенді не үшін айтқан?­ Біздің қазақ мүшелге көп мән берген­. Біреулер бұл үйленіп, әмеңгерлікті ұстап қалу деп қылжақтайды. Мүлдем олай емес. Он үште тай мініп, елге сөз айтатындай жағдайға жетесің деген мағына. Он үшке дейін бала қалып­тасып бітеді. Кеше Қаз дауысты Қазыбек би 13 жасында билік айтқа­н жоқ па? Қалмақпен арада қандай сөз айтты? 13-ке дейін өз дәстүрін игеріп, бойына сіңіріп, тілін жақсы білген бала әрі қарай қанша тіл білсе де, негізін сақтап қалады. Елжандылық деген нәрсе сол 13 жасқа дейін қалыптасады. Кәдімгі даланың оқымаған қарттарының өзі қандай қазына еді?! Баяғы Демосфен, Цицерон, Талейр­андармен біздің Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би пара-пар емес пе? Солардың орнын басатын, тұлға болатын ұрпақ тәр­биелеуіміз керек.

Неге екені белгісіз, бізде тұлға туралы мерейтойы кезінде ғана айтылады, жазылады. Әсіресе, басыл­ымдар тұлғатану туралы ұдайы жазуы керек. Тұлғаны жазу арқылы ұрпақтың танымдық деңгейін тәрбиелейміз. Біз «Алматы ақшамы» газетіндегі жұмысты тұлғаларға бет бұрудан бастадық. Марқұм Әшірбек Сығай Қапан Бадыровтың күнделіктерін табыс­тады, Асанәлі Әшімовтің күнде­ліктері  жарық көрді. Бұл бетбұрыс Сәбит  Оразбаевтың  естелік-әңгі­мелеріне ұласты. Кешегі күннің әңгімесін бүгінгі тірі шежі­ре Асекең­дер, Сәбеңдер айтпаса, ертең ол әңгімені біреулер бұрмалап айтуы мүмкін ғой. Бұл кісілер Қаллеки, Шәкен, Елубай, Серкелерден бастап бәрінің көзін көрді, әңгімесінің де өзін асқақ, өзгені аласартып көрсететін пендәуи пиғылмен емес, биік пайыммен парасатты айта біледі. Сөйтіп жүріп осы «Ақшамның» ішінен-ақ «Алматы ақшамының» кітапханасы» сериясымен Асекеңнің көп­томдықтары, Сәбеңнің «Өмірдің өзі – театр», «Тазарғың келсе, театр­ға бар» деген екі кітабы жарық көрді. «Ақшамның» ел аузында жүрген айдарлары кітаптың атауына айналып шыға келді.

Әлгі айтқан Жапонияда мектепті бітірген балалары өзінің тұлғаларын біліп шығады. Былайша айтқанда, жоғары оқу орнына дайын боп барады. Олардың қыр-сырын, құпиясын, өмірін жетік білмесе де, жалпы мағлұмат алып шығады. Меніңше, бұл пәнді біз­де мектептерге енгізу қажет. Сол Жапонияға барған сапарымда мектеп оқушыларына арналған кішкентай кітапшаларды көзім шалды. Өз елінің тұлғалары туралы, Жапонияның тарихы туралы өте түсінікті тілмен жазылған. Неге осы үрдісті бізге енгізбеске?! Бұл бүгін айтылған мәселе емес. Қазір «Тұлғатану» бойынша кей­бір жоғары оқу орындарында кафед­ралар ашылды, арнайы орталықтар бар. Бірақ әлі де болса, кемшін.

– Сіздің «Тұлғатану» сериясымен жеке-жеке кітаптар шығара бас­тағандығыңыздан хабардармыз. Жуырда журналистикадағы ұста­зыңыз Шерхан Мұртаза туралы «Шер-шындық» деген, рухани ағаңыз болы­п  кеткен Асанәлі Әшімов жайын­дағы «Абыз-аңыз» кітабыңыз оқырмандар қолына тиді. Тағы қандай­ ірі тұлғалар туралы жазбақ ойыңыз  бар?

– Алдағы уақытта Өзбекәлі Жәнібеков, Амангелді Сембин, Қадыр Мырзалиев сияқты, қазақ тарихында үлкен орны бар басқа да ірі тұлғалар туралы жазсам деймін.

– Білуімізше, сіздің немерелеріңіз де тұлғалардың есімдерін иеленген. Димаш, Шерхан, Асан­әлі, Ақселеу, Имаш, Зере, Әмина деп өзіңіз қойдыңыз ба? Немере­леріңізден тұлға болу қасиеттерді байқайсыз  ба?

– Ырымшыл халықпыз ғой. Бұл да тәрбиенің бір түріне жатады деп ойлаймын. Балаға тұлғаның атын беру ол алдымен – құр­мет, ілтипат. Ал бұл атты алып жүру өз алдына, соған лайық болып­ өссе жетіп жатыр.

 

АРМАНЫМ  АКТЕР  БОЛУ  ЕДІ

 

– Бала күніңізде жазушы, не журналист болсам деп арман­да­дыңыз ба?

– Балаң арманым актер болу еді. Дегенмен, айналып келіп рухан­ияттың төңірегінен табыл­ғандықтан, еш өкініш жоқ. Өнердің адамы болмасам да, өнер адамдарының өмірін жазып келемін­. Менің әу бастағы негізгі стихиям – өнер, мәдениет. О бастан осы салаларда қалам тербедім. Президент сыйлығын да сол үшін берді. Сондықтан, руханият – жаным­ның бір бөлшегі.

– Қай кезде өнімді жазасыз, түнде, әлде күндіз бе? Жалпы, бап талғайсыз ба?

– Біреулер күн шығып, таң атып келе жатқанда немесе түнде жазамын дейді. Ал маған көңіл күйім қай сәтке сәйкес келеді, сол кезде отыра қалып жаза беремін.

– Қазір көкейіңізде жазсам деген­ қандай тақырыптар жүр?

– Жаныма эссе, эссе-элегия жанрындағы дүниелер аса жақын. Бұрынырақта жарық көрген, мықты­ тенор Амангелді Сембин­нің өміріне негізделген «Павороттидің сәлемі» деген әңгімем бар. Ол сахнада сегіз-ақ жыл өмір сүр­ген, қиын тағдырлы әнші болған. Ла-Скалада оқып жүрген кезінде Павороттимен бірнеше мәрте жолық­қан екен. Қайсыбір жыл­дары Италияға Қазақстаннан бір топ делегация барады. Сонда «Қазақстан» дегенді естіп елең ете қалған Паворотти Амангелді Сембинді сұрап, оған өз атынан сәлем айтуды өтінген екен. Ал жаңағы делегацияның ішінде Сембин тура­лы бір адам білмепті. Тіпті, елге қайтып келгеннен кейін де «Әйгілі Паворотти сұрайтындай ол кім еді сонша» деп сұрастыр­ған да бір жан болмаған. Өкінішті! Көкейімде осындай бағыттағы бірлі-жарым дүниелер жүр.

Қазір архивіммен жұмыс істеп жатырмын. Архивімде Әзілхан Нұршайықов, Зейнолла Қабдолов, Төрегелді Шарманов, Сейіт Кенжеахметов, Ақселеу Сейдімбеков, Ілия Жақанов, Рахымжан Отарбаев, Құлбек Ергөбеков сынды­ танымал тұлғалардың маған жазған рухани мазмұндағы хаттары көп. Маған онда жазылған көңіліңді елжіретер сөздер жылдар өткен сайын құндырақ бола түскендей. Бір өкінетінім, кезінде­ пәтерден-пәтерге көшіп жүргенде­ анамның хаттарын жоғалтып алдым­. Ол кісінің жазуы маржандай еді. Маған ай сайын 60 сом салатын және сонымен бірге хат келетін. Әрбір хаты көркем туындының жүгін көтеріп тұрушы еді. Таяуда мен туралы «Эстет» деген кітап жарық көрді. Сол кітапта шешемнің сол хаттарының жарық көрмегені өзегімді өртейді...

– Жабыққан сәттеріңізде не нәрсеге  жүгінесіз?

– Мұндай кездерде домбыра тартамын. Домбыраның үні ғажап қой! Шертіп отырғанда адамның бір шерін басады. Домбыраның қоңыр үні бәрін алып кетеді.

– Салиқалы да салмақты сұхбатыңыз үшін рақмет. Мерекеңізбен!

Сұхбаттасқан

Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

журналист,

арнайы  «Халық»  газеті  үшін,

Алматы  қаласы.

 



<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Маусым 2019 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары