Өзекті мәселелер

  • 23.05.19

    Ерсіннің жұмыссыз жүргеніне  біраз уақыт болды. Қырықтың қыр­қасына шыққан жігіттің  қызметінен кеткеніне үш жыл. Сонан бері үш балан­ың тамағы, киім-кешегі, жұмыссыз күйеудің бабын табу Алуаға оңай емес. Мектепте жұмыс ауыр. Күні бойы тыным көрмейді. Ерінің үйде бос жатысы мұғалім келіншектің жүйкесіне  тиеді.

    - Тым болмаса есік алдынағы бау-бақшаға қара. Малға жем-шөп беріп, өріске шы...

    Толығырақ...
  • 23.05.19

    Ағылшын әдебиеті тарихында роман жанрының негізін қалаушылардың бірі, тұңғыш романист жазушы, публицист, көрнекті прозаик Даниэль Дефоның «Робинзон Крузо» атты атақты шығармасын бес жастағы баладан бастап, белі бүгілген қартқа дейін білетіні анық. Тіпті, автордың атынан гөрі Робинзон Крузоның есімі әлемге әйгілі болған көркем образ екендігі де даусыз. Бұл – әрине, автордың ...

    Толығырақ...
  • 23.05.19

    Қазақ елі діни татулықт­ың үлгісі екені жаһанға мәлім. Бірлігінің бекемдігі де көп ұлттың басын біріктіріп тұрған шаңыр­ағының тыныштығынан көрі­ніп тұр. Елбасының сарабдал саясаты мен мемлекет үшін құндылығы  жоғары, саяси маңызы зор стратегияларының нәтижесінде біз осындай мәртебеге иеміз.

    ...
    Толығырақ...
  • 23.05.19

    Несібелі   МУСЛИМОВА:

    Тағдыр – жазмыш. Жазмышты жолынан жаңылдырып, пешенесін­  өзі  жазған пенде жоқ. Бір сәт күліп отырып көңіл босату,­ жылап отырып  жігерлі  кейіпке ену, шарасыздықтан  шаршап  немесе­ амалдың   жоқтығынан  жанар­ын  солдыру – бір  тағдыр иесіне­  ауырлық­. Сынақ  өзінің жеңім­пазын  таңдайды. Және сол жолда­ күресу үшін  кейіпкеріне  күш-жігер ...

    Толығырақ...
  • 23.05.19

    (Соңы. Басы газеттің 14 наурыздағы  №10, 18 сәуірдегі №15 сандарында)

    Менде тек ғана жұмыс тауып, жан бағатын тіршілік жасаудан басқа жол қалмады. Ал бала ше? Уақытша балалар үйіне өткізсем бе деген ой келді. Бірақ мен қайтып аламын дегенше, біреу асырап алса қайтемін деген күдік тағы бар. Осындай ой шырмауында жүргенімде ұялы телефон...

    Толығырақ...
ҚАСАҢ ТАРТҚАН САНАНЫ ӨЗГЕРТІП, РУХАНИ ТАЗАРАТЫН КЕЗ ЖЕТТІ!
18.04.2019 12:45

Бүкілхалықтық талқылауға!

(Елім, саған айтам, Ерім, сен тыңда!)

Академиктің қазақ елін тығырықтан шығару туралы­ Қазақстан халқына, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевқа ДАТЫ!

Тағдырлы мәселенің бір шегі болады. Егемендік алғалы­ бері Елбасына, Үкіметке 40-қа жуық елімізді дағдарыстан қалай шығарамыз, дамытамыз деп ұсыныс­хаттар жазған екенмін. Олардың біразы іске асса, көбісі өз кезегін күтуде, себептері белгілі. Жағдай­ кейінгі кезде  өте күрделеніп кеткен  соң 2018-2019 жылдары хатпен бірге біраз жобаларды да ұсындым. Олар «Жас Алаш» газетінің №84, 85/2018, №1/2019, №21/2019, «Халық» газетінің №33 (23.08.18) сандарына шықты. Өкінішке қарай, әдеттегідей Үкіметтен бұл жобаларды ескерерміз деген сияқты мардымсыз жауап алдым. Көңілдің қалғаны­ соншалықты бұл хатта халқыма, мемлекет басшысына деген «датымды» жазып отырмын.

Кеше ғана Елбасы еліміздегі мүшкіл жағдайды айтып­, өтпелі кезеңге дұрыс шешім қабылдады.

 

1. Әлемдегі  жағдай.

Қазір әлем астан-кестен, ертең не боларын білу қиын. Ең өзектісі – дағдарыстан қалай шығу, ғаламдық теріс өзгерістерден адамзатты қалай құтқару? Олар: әлемдік климаттың жылынуы, су, азық-түліктің жетіспеуі, әлеуметтік-экономикалық және саяси қақтығыстар, қару-жарақтың есепсіз көбеюі, жасанды интеллектің қару-жарақты пайдалануға деген мүмкіндіктерінің артуы, т.б. теріс үдерістер. Оның үлкен себебінің бірі – әлемнің экономи­касын трансұлттық компаниялардың (кейбір мемлекеттердің билік басшыларын пайдалану арқылы) басқаруында, шексіз тұтыну қоғамына айналдыруында. Бізді осылардан құтқаратын бір-ақ нәрсе, ол – адамның адамгершілігі, сезімталдығы, ғылымның бар жетістігін тек ізгілікке, өркениеттілікке пайдаланып азаматтық қоғам құру. Егер дер кезінде кіріспесек, онда біз «бифуркация» нүктесінен өтіп кетіп, бүкіл әлем келмеске кетуіміз мүмкін. Осы туралы ойларымды мен уақытысында G7, G20, БҰҰ, ЕО басшыларына жіберген болатынмын. Сырт бұзылды, ал енді өтпелі кезеңде іштегі ынтымақты қалай сақтап дамимыз? Жоқ, әлде, кейбір ТМД елдері сияқт­ы қырғиқабақ болмауға өреміз жете ме?

2. Біздегі  жағдай.

Қазақстан егеменді ел болғалы 28-ші жыл. «Ә» дегенде үміт күшті еді. Өкініштісі, шаш етектен байлығы­мыз­ды ел ырысына пайдалана алмай, реформ­аны дұрыс жүргізбей, біз бюрократиялық-олигархиялық, спекулятивті капитализм құрсауында қалдық. Эко­номикамызды әртараптандырмай, мәнді тек мұнай, газ, қазба байлыққа бергендіктен, қазір жағдайымыз қиын, шикізат елі болдық. Мысалы, Норве­гияны алсақ, бар болғаны 40 жылда балық­шы елден ең дамыған ел қатарына  көтерілді. Себебі мұнайды тек алып, сатып қоймай, қайта терең өңдеуден өткізіп, зауыттарын салып, жаңа технология мен кадр дайындап, қосымша құн өндірістерін жасап, Норвегия мемлекеті бүкіл экономикасын күрт өзгертті. Осыларға қажетті заңдар шығарып, оларды  қатаң  орындады.

Осы жылдары жіберген биліктің әлеуметтік-саяси қателіктері жеткі­лікті. Сөз, ақпарат бостандығы, жерге иелік ету мен тіл бостандығы, адам құқығын сақтау жолында ат төбеліндей халық талай боздақтарынан айырылды, талайы түрмеде жатыр, шетелде де жүр, т.б. Халық оны ұмытпайды! Менің КСРО спорт шебері ретінде айтарым, спортта жетістіктерімізбен қатар әттеген­-айымыз да жетеді. Мысалы, әлемдік деңгейдегі спортшыларымыздың «допинг»-ке түсуін неге мойын­да­маймыз? Бұқаралық спорттың нашар­лығы, әлемдік деңгейдегі күрес мекте­бінің төмендеп кетуі, т.б. соңы қазақтың туын әлемдік деңгейде көтерген Д.Теннің  өлімімен  жалғасты.

Бұларға бір-ақ мысал келтірсек жет­кілікті. Елімізде сыбайлас жемқор­лықтың шарықтап тұрғаны соншалықты, оның ішінде бұрынғы премьер-минис­тр, министрлер, депутаттар, әкімдер, банк, бизнес өкілдері, т.б. жеткілікті. Тіпті бұл жоғарыдан төменге дейін тамырын жайған бір дертке, жүйеге  айналды. Зардабын қарапайым халық тартып отыр. Осының бәрі мемлекетімізді басқарудағы биліктің көп жылдар бойы жіберген күрделі қате­ліктерін көрсетеді. Зиялы қауым мен көзі ашық азаматтардың да дер кезінде осыған тоқтау жасай алмағандығында десе де болады. Бар шындықты қорықпай басып айтатын баяғы Бұхар жырау, Махамбет сияқты батыр, билеріміздің, Алаш ұлдарының көрінбегені өкінішті-ақ. Екінші жағынан шындық үшін бас көтергенді қағып тастайтын биліктің таяғы тағы бар. Бұл да біздің 70 жыл бойы Кеңес дәуірінің қылышының астында бол­ғандығымыздан арыла алмай жатқандығымызды көрсетеді. Өз мінін көре алмаған халықтың өркениетке ұмтыла алмайтынын  түсінген  жөн.

Қоғамда билікке деген сенім кетіп барады, елді бір дәрменсіздік билеп тұр. Мұның қайда апарары бел­гісіз. Егер біз ел ішін кернеген­ теріс күштерге даяр болмасақ, онда қоғам ыдырайды. Қазір біздің қоғамда моральді тозу (износ) дерті қатерлі ісіктей белең алып тұр. Өнегесіз жүрі­сімізді бір тәртіпке салатын уақыт келді. Кемел ойлы, алдағ­ыны ақылмен болжай білетін басшы, болатын өзге­рісті сезе отырып, егер «қазаннан қайнаған буды» дер кезінде­ шығара алмаса, оның атылатынын білсе керек еді. Алысқа бармай-ақ, оны көр­шілерден де көрдік емес пе?!

Біздің тағы бір үлкен кедергіміз ол – жаһандық ин­тернет, цифрлы жүйе, ақпараттық топтар, квантты компьютерлік технологиялар, т.б. Келешекте мұнай мен газдың орнын осылар басатын болады. Оған қарсы тұра алатын озық ойлы, осыларды игере­ алатын білімді жастар билікке келуі керек­. Қазіргі жағдайда жастар шетелге кетуде. «Болашақтан», т.б. іс жасап жатқа­н жастардың отанына келмеу себебі­н несіне жасырамыз. Халқымыздың келешегін кімнің қолына береміз? Баяғыда талантты жастар ауылдан келуш­і еді, мектептің, үлкендердің тәрбиесі күшті болатын. Қазір ауыл тозды, ал жоғарғы білімді тауарға айналдырып жібердік, бәрі ақылы. Біздің мектеп жасындағы балаларымызды Ресей­ талай жыл бойы жеңілдіктермен алуда. Біз жастардан айырыла бастадық. Осыны кім ойлап жатыр? Елдегі қордаланып қалған келеңсіздіктердің қайсы бірін айтасың? Осылай кете берсек, біз ХХІ ғасырдағы өркениет пойызының соңғы вагонына білімсіз міне алмай, мәңгілік шикізат елі болып қалуымыз немесе сол алпауыт елдерге жұтылып кетуіміз мүмкін. Мұндай жар жағалай жүріс өте қауіпті. Осылардың бәрін кім шешеді? «Әрине Құдай емес, хан емес, не батыр емес!». Ол үшін әр адамның, жалпы қоғамның білім мен біліктілігі елдегі мәселені эволюциялық жолмен шешуге даярлығы керек.

 

3.      Өтпелі кезеңде тығырықтан шығудың  жолы.

Түпкі саяси мәселе, енді қалай мемлекетті жаңаша басқаруда. Әлемде болып­ жатқан теріс өзгерістермен қатар дағдарыстың үдеуі, Ресейге салынған санкция, т.б. экономикалық толқулар, мұнай мен газ, қазба байлықтар бағасының құбылмалылығы, т.б. келеңсіздіктерден, келе жатқан нәубеттен елімізді қалай аман-есен алып шығамыз?

Ардақты ағайын, қара орман хал­қым! Біз халықтың басым көпшілігі 28 жыл бойы тек «шықпа жаным, шықпа» деп күнкөріс үшін өмір сүріп келдік. Ал енді болса «ештен кеш жақсы демекші» қыруар байлығымызды халқымыздың игілігі үшін жаратып, жақсы өмір сүру үшін  риясыз қызмет етуіміз қажет. Ол үшін  қазіргі жүйені өзгертіп, түбегейлі реформаға баруымыз керек. Осындай ойлар халық арасында айтылуда. Мемлек­етті 5-тік спиралмен жаңаша басқару жобасы халыққа және Елбасына жазған ұсыныстарымда кеңінен көрсетілген («Жас Алаш», №1, 9 қаңтар 2019). Платон да өз короліне диктатураның қауіпті екенін айтып, жаңа жол көрсетпекші болып соңғы бар күшін салды. Әрине мен Платон емеспін, туған­ елімнен басқа баратын жерім де жоқ. Еліміздің бір азаматы ретінде неден­ бастау керек деген сұраққа бүгін шешуге болатын қысқаша екі маңызды ұсынысқа тоқталайын:

Бірінші, ҚР Президенті Қ.Тоқаев өз пәрменімен Мемлекеттік Ұлттық келісім Кеңесін (Ұлттық Кеңес) құрып, транзитті билікті беру механизмін көрсетіп, тығырықтан шығу жолын жасап­, халықпен ақылдасуы, санасуы керек.

Ұлттық келісім кеңесі тығырықтан шығу іс-шарасын қабылдап, оны Конституциялық реформадан бастап, Мемлекетті  жаңаша басқару жүйесін халық­қа жария етуі керек. Елді жаңа өркениетке бастау мақсатында барлық аймақ­тардан аса білімді, зиялы азаматтарды, бизнес және өндіріс өкілдері мен ынталы жастарды Ұлттық Кеңесте басын­ біріктіре алсақ, Қазақстан жаңа даму деңгейіне шығады. Мемлекеттік Ұлттық Кеңес халық арасынан «Жаңа рухтағы халық өкілдері тобын» кұруы керек.

Бұл жерде «Ұлттық кеңесті қалай жасаймыз, әдеттегідей оларды билік жасақтай ма?» деген сұрақ тууы мүмкін. Мен, Парламенттің 4 рет депутаты ретінде­ еске салатыным, Жоғарғы Кеңест­ің бірінші (12 шақырылым) сайлау­ында (1990 ж.) өте демокра­тиялық ашық, шын сайлау болды. Міне, сол тетікті пайдалану керек. Халық­тың сенімін қайтару керек. Мысал­ы әр 100 мың сайлаушы халықтан ұлттық кеңеске 1 мүше сайланса, оған қосымша ассамблеядан 10 адам. Осы 100 халық қалаулыларына елді бұзып-жармай транзитті билікті беру мақсатын Қазақстан халқы аманат етуі керек. Ол үшін Ұлттық Кеңес мемлекетіміздің саяси және қоғамдық дамуын­ың Ұлттық басымдықтарын жасау­ керек, ынтымақ пен бірлікті күшейту  қажет.

Ұлттық келісім кеңесі өз функциясын, регламентін қабылдауы керек және оның негізгі шешетін мәселелері:

- Мемлекетті басқару билігін транзитті жолмен беру тетігін жасау;

- Үш биліктің (заң шығарушы, атқаруш­ы, сот жүйесі) функциясының тепе-теңдігін сақтау;

- Конституцияда шегеленген адам құқығы, сөз, ақпарат, жиналыс, т.б. бостанд­ығын  сақтау.

Мына жаңа идеяға мән берген жөн. Егер біз рухани-тарихи құндылықтарды жаңа технологиямен біріктіріп және оны жаһандық желімен (желілік коммуникациямен) қосып жүргізетін болсақ, онда түбегейлі мәселелер шешімін табар еді. Дамыған елдер осы идеяны іздеуде, әлі шешімін тапқан жоқ. Ал халық өкілдері тобы дегеніміз – Қазақстанда 18 миллион адамның арасынан «елім» деген ұстанымы, патриоттық сезімі, «табанының бүрі бар», білімді, кәсіби, зиялы азаматтарды, бизнес, өндіріс өкілдері, өсіп келе жатқан ынталы­ жастарды (елімізде де, сыртта жүргені бар) – осылардың басын бір мақсатпен қоса білсек, көтермейтін жүк болмайды.

Мақсатымыз біреу – коррупциясыз өркениетті ел болу, халқымыздың өмір сүру деңгейін шұғыл көтеру, жұмыссыз адамды қалдырмау, оқусыз жасты болдырмау, көпбалалы аналардан бастап әркімнің сұранысына барлық жағдай жасау,­ иммунитетін көтеру! Әр адам бұрынғыдай тек күнкөріс үшін емес, енді жақсы өмір сүру үшін тырысып, отанына­ риясыз қызмет еткені абзал!

Екінші, түбегейлі саяси реформаның бірінші қадамы ретінде Қазақстан Парла­менттік Республикаға ауысуы қажет. Ары қарай жаңа сайлау жүйесі, тағы басқа заңдар қабылданып, Қазақстанда жергілікті жерде өзін-өзі бас­қару  арқылы азаматтық қоғам орнату.­ Ал «бізде қалай?» деген сұраққа шындық мынадай. Бізде бір қарағанда биліктің үш тармағы Парламент, Үкімет, Сот жүйесі де бәрі бар сияқты. Бірақ бізде бүкіл басқару және бақылау функциясы тек қана Президент әкімшілігіне берілген. Онсыз оңға да, солға да қимыл жасай алмаймыз. Мұны баяғы Советтер одағының, КПСС-тің кіші моделі, тіпті оның жаман көшір­месі дер едім. Ол 70 жыл жасады, себебі күшпен кіргізген идеологиясы да, бақыл­ауы да мықты болды. Бүгінгідей шексіз билік, шарықтаған сыбайлас жемқор­лық болған емес. Ал біз болсақ 28-ақ жылда тығырыққа тірелдік, халықтың сенімі де, шыдамы да таусылуда.

Кеше ғана Елбасы барып келген Финляндия елінде 5 млн халыққа 130 мыңнан аса үкіметтік емес ұйымдар тиімді жұмыс істеуде. Ал бізде болса­ 18 млн халыққа жүздеген-ақ үкіметтік емес ұйым жұмыс істеуде, оның өзі әкімшілік бақылауында. Қалғанының саны бар, сапасы жоқ. Қазақстан Халқы Ассамблеясының да аты бар да, қауқарлы жұмысы жоқ: әр диаспора өкілінің мәдениетін, әдебиетін сақтауға, т.б. көзбояу шаралары көп те, ал елді ұйыстыратын – қазақ еліне, жеріне, тіліне, халқына деген құрметті қалыптастыру бойынша іліп аларлық ештеңесі жоқ... Мысалы Д.Теннің өліміне, Қарағандыдағы оқиға сияқты бір тағдырлы мәселе көтерілсе жоғарыға жалтақтап, бұғып қалады. Осыған орай, азаматтық қоғамның негізгі белгісі, жергілікті өзін-өзі басқаруды­ң  көзі – биліктің халықпен санасуында және халықтың, азаматтық қоғамның шешім шығаруға белсенді түрде  араласуында.

Біздің ой-санамызды 4-ші өндіріс революциясының жаңа талабына сай өзгертетін уақыт келді. Егер біз елімізді ХХІ ғасырда жаңа өркениетті өмірге дайындағымыз келсе, онда алдымызда бір-ақ жол бар. Ол қазіргі КПСС-тен қалған басқару моделінен арылып, Қазақстан халқы, жергілікті жерден бастап өзін-өзі басқару моделіне, Парламенттік Республикаға өтуі тиіс. Бұған тек Конституциялық саяси шешім қажет.

Құрметті халқым! Мүмкін бізді тектілігіміз, ата-бабаларымыздың рухы, болжампаздығымыз, әлемдік тез өзгерістерді түсінгендігіміз алдағы күтпеген нәубеттен сақтап қалар! Цифрлы әлем, цифрлы экономика заманында уақыт өте тапшы, бәріміз ойланып шешім қабылдайтын сәт туды. Қасаң тартқан сананы өзгертіп, рухани тазаратын кез жетті! Бұл біздің соңғы мүмкіндігіміз болуы мүмкін. Сондықтан мен Сіздерді революциялық емес, эволюциялық жолға,­ дана халқымыздың көрегенді­лігін ұстанып, бірлігі мен тірлігін жал­ғаст­ыруда қапы қалмауға шақырамын!

О.СӘБДЕН,

Қазақстан  Ғалымдар

Одағының  Президенті,

Академик, ҚР Мемлекеттік

сыйлығының  иегері,

ҚР  Парламентінің  4  дүркін  депутаты

 

Пікір қалдыру


Қорғаныш коды
Жаңарту

Күнтізбе

< Сәуір 2019 >
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары